- 07 ақп. 2022 00:00
- 203
Министр мектеп директорларына үстемеақы төлеу тәсілін түсіндірді
Мектеп директорлары 3 жыл сайын аттестациядан өтіп тұруға міндеттеліп отыр. Бұл сыннан жақсы нәтиже көрсеткен басшылар ай сайын айлығының 100 пайызы көлемінде үстемеақы алуы мүмкін. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында осы өзгерістердің қалай енгізіліп жатқанын түсіндірді.
Әуелі ол бір мектепке ұзақ уақыт бойы директор болу үрдісіне ресми түрде шектеу қойылғанын еске салды.
«Бір ұйымда ұзақ уақыт жұмыс істейтін мектеп директорлары үшін алғаш рет ротация жүйесі енгізілді. Енді олар бір ұйымда 7 жылдан артық басшы бола алмайды. Ротация басталды және жыл бойы жүргізілетін болады.
Сондай-ақ 2021 жылы білім беру ұйымдары директорлары құрамының сапасын жақсарту үшін нақты мерзімдер, критерийлер, тестілеуді енгізе отырып, лауазымға тағайындаудың жаңа жүйесі енгізілді», - деп жазады Асхат Аймағамбетов.
Сонымен бірге, ол директорларға арналған біліктілік санаттары қалай іске асатынын түсіндірді.
«Олар өз жалақысынан 30%-дан 100%-ға дейін ай сайынғы үстемақы ала бастады. Бұл қалай жұмыс істейді? Әр 3 жыл сайын директор аттестациядан өтуге міндетті. Аттестаттау нәтижесі бойынша басшы санаттардың бірін алады, онымен бірге 3 жылға және ай сайынғы қомақты үстеме ақы (жалақының 30%-дан 100%-ға дейін) тағайындалады. Жұмыс тиімділігі өте төмен болған жағдайда басшы жұмыстан шығарылады», - деді Білім және ғылым министрі.