"Ұран" газеті
Қазақ баспасөзі тарихын зерттеуде ақтаңдақтар әлі де бар. «Орал өңірі» газетінің 95 жылдық тарихына орай басылымның бастауында тұрған тұлғалар мен оқиғаларды зерттей жүріп тағы бір тың тақырыпқа тап болдық.
Туған күннің тарихы
Бүгінде «Орал өңірі» газетінің алғашқы саны Орда қаласынан 1918 жылдың 17 қарашасынан «Известия»«Хабар» деген атаумен шықты деп жүрміз. Мәскеу мемлекеттік мұрағатының сирек қорынан алып келген сол газет тігінділерін оқып отырып, мынадай хабарға көзіміз түсті:
«Протокол №112. Баспасөз тарату ісінің ілгерілеп, жемісті һәм пайдалы болуы үшін облыстық кіндік комитет қаулы жасады: Астраханнан келген жаңа баспахана мен Хан ордасындағы «Ұран» баспаханасын бірге қосып, қызмет еттіруге һәм ол баспахананы басқару ісін жолдас Выгдорщикке тапсыруға.
Областной кіндік комитет».
«Известия»,«Хабар»-дың алғашқы санында, бірінші бетте басылған бұл құжат жаңа басылымның Хан ордасында бұрыннан қызмет еткен «Ұран» газетінің негізінде ашылғанын мәлімдеп тұр ғой.
Жалпы, осы кезге дейін «Орал өңірі» газетінің «туған күні» бірнеше мәрте өзгерген. «1920 жылы Орал қаласында «Қызыл ту» деген атаумен шыға бастағандығы» туралы мәлімет 1950 жылдарға дейін ресми хабарланып келді. Бұл датаның әріге жылжуы басылымды Бисен Жұмағалиев ағамыздың басқаруымен (1952-1955, «Екпінді құрылыс») тұспа-тұс келеді.
«Біздің облыстық газеттер 1920 жылдан шығып келеді деп жазылып жүрген. Бірде оңтүстіктегі шипа мекендердің бірінде демалып қайтқан қарт журналист Ғұбаш Жөндібаев Мәскеудегі бос уақытын пайдаланып, революция музейіне барып, Бөкей губерниясында екі тілде 1918 жылдың 17 қарашасынан шыға бастаған газеттерді тауып алады да, екеуінің фотокөшірмесін әкелмесі бар ма?! Бұл оқиға бізді бір сілкіндіріп тастады» деп еске алады қарт журналист.
Осы деректің негізінде газеттің жаңа «туған күні» бекітіліп, облыстық «Орал өңірі», «Приуралье» газеттері елу жылдық алтын тойына байланысты «Құрмет белгісі» орденімен наградталған.
Осы жерде бір ой келеді: «Известия»,«Хабар» газетінің алғашқы сандарын тауып, әкелген азаматтар оның бірінші бетіндегі «хаттаманы»,«Ұран» газеті туралы деректі де көргені анық. Неге ендеше басылым тарихын бұдан да әрі жылжытып, 1917 жылдан шыққан «Ұран» газетінен бастамады екен?
Алашорданың ұраны
«Ұран» газеті туралы деректерді іздестіре жүріп, КСРО-ның күркіреп тұрған 1950 жылдары «Ұран» газетінің неге «ұмыт қалғанын» түсіндік. Бар мәселе «Ұранды» ұйымдастырған азаматтардың 1917-1918 жылдары большевиктік идеяға емес, қазақтың қанына жақын Алаш қозғалысына бүйрек бұрғанында екен.
Әйгілі «қызыл сұңқар» Сәкен Сейфуллин өзінің «Тар жол, тайғақ кешу» атты кітабында сол кезеңдегі қазақ баспасөзінің тартысы туралы мынадай құнды дерек келтіреді:
«1917-18 жылдарда қазақ большевиктері саяси күресті «Алашпен» айқасып бастаған еді. Семейде шыққан «Сарыарқа» мен «Абай» «Алаштың» ордасы болды. Торғайдың, Қостанайдың, Оралдың «алдыңғы қатардағы» оқығандары Орынбор қаласындағы «Қазақ» газетінің шылауында болды. Бұлар көп жерге барлық Қазақстанға жөн-жобасын беріп тұрды. «Қазақ» газеті «Алаштың» ұйым ордасы болып тұрды.
Бөкей ордасының біраз оқығандары, ақын, молда Қарашұлы бас болып, «Ұран» деген газет шығарып, «Алашорданы» ұран қылып тұрды. Тырбанып бұларға қарсы болған Жақыпұлы Серіктер ғана жүрді.
Қарашұлы Омар «Алаш» ұранын жыр қылып, кітапша жазып шығарды. Ұмытпасам, кітапшасының аты «Терме» еді. Кітапшасында Әлекеңді мақтайды... «Ту ұстаған топтың Әлекең жүр басында. Сұр кепкісі басында; Гимназистер, студенттер қасында...» дейді. Қазақтың барлық газеттерін мақтайды. Жалғыз «Үш жүз» газетін боқтайды. «Тіршілік» туралы ептеп, жұмбақтап, ноқат қойып жазады».
Көріп отырғанымыздай, «Ұранның» ұмытылуы оны ұйымдастырушылардың саяси көзқарасына, ұстанған бағытына байланысты болды.
«Зерттеушіге қатерлі...»
«Ұран» газеті туралы кеңірек білгіміз келген үмітіміз әзірге көп нәтиже бермей тұр. Қазақ баспасөзінің қалыптасу тарихына арналған еңбектерде «Ұран» туралы жалпы тізімде айтып кеткенімен, жеке тоқталмайды. Ғалымдар Сағымбай Қозыбаев, Айгүл Рамазанова, Қырықбай Аллаберген шығарған «Әлем баспасөзі тарихынан» атты оқу құралында (Алматы, «Санат», 1998) ХІХ ғасыр-дың екінші жартысы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ баспасөзінің тарихы туралы арнайы бөлім берілген. Алайда 1917-1918 жылдары жарық көрген «Сарыарқа», «Бірлік туы», «Жас азамат», «Алаш» газеттері мен «Абай» журналы толығырақ тоқталған авторлар «Ұран» туралы ештеңе жазбаған.
«Қазақ мерзімді баспасөзі: шығу тарихы мен деректік маңызы (ХХ ғ. 20-30 жж) атты зерттеу еңбегінде (Алматы, «Елтаным», 2011) ғалым Светлана Смағұлова да «Ұран» туралы мүлдем жазбайды.
«Ұран» газетіне қатысты деректер жанама болса да, Ғұмар Қараш пен Ғабдолғазиз Мұсағалиевтің өміріне қатысты құжаттарда қамтылған. «Алаш» қозғалысы» атты (Алматы, 2008) жинақта берілген Ғ.Мұсағалиевтің «1917 жылы Ордада «Ұран» аталатын жартылай ресми газет шығарғанын» айтады. «XX ғасырдың басындағы ұлттық демократиялық ағымдағы қазақ зиялыларының бірі Ғабдулғазиз Мұсағалиевтің қызметі» атты мақаласында («ҚазҰУ хабаршысы», Заң сериясы, N2 (54). 2010) ғалым Т.Муттайрова былай деп жазады:
«1917 жылдың ақпан айында патша тақтан түсіп, Уақытша үкімет құрылғанда, Ғабдулғазиз Мұсағалиев шілде айынан бастап, Орал қаласында өзінің əріптестерімен қосыла отырып, «Ұран» деп аталатын жартылай ресми газетті шығарады. Ұлт істері комиссариатының қазақ бөлімшесінің Бөкей облысына көшуіне байланысты «Ұран» газеті Қазан революциясының мұраттарын насихаттайды».
Белгілі тарихшы Исатай Кенжәлиевтің «Ғұмар Қараш» кітабында (Исатай Нәсекенұлы, Орал қаласы, 2004) «Ұран» газетінің маңында болған тұлғалар туралы мәлімет бар:
«Ғ.Қараш баспа жұмысына да араласады. Әуелі Ғ.Мұсағалиевпен Ордада шығып тұрған «Ұран» газетінің ісіне қатысады. 1918 жылы күзде РСФСР Ұлт істері халық комиссариаты (ҰІХК) Қазақ бөлімінің басшылығымен қазақша-орысша газет-журнал шығару ісі қолға алынады. Мұғалімдер үшін «Мұғалім» журналын дайындауға кіріседі. Әр жерден араб әріптерін, баспахана станогін т.б. жабдығын тауып әкелу, полиграфия маманын табуда Ғ.Қараш тәжірибе-сі пайдаланылды. ҰІХК-нің қазақ бөлімі үгіт-насихат жұмысын жүргізу үшін көрнекі қайраткерлердің еңбектерін қазақ тілінде шығаруға аудармашылар комиссиясын құрады. Оған С.Меңдешев, Ғ.Қараш, Х.Есенбаев, Т.Сафиев, Ғ.Мұсағалиев т.б. кіреді. Қазақта болмаған аударма жұмысы басталады. Бұл кезде Ғұмар жұмысбасты халде болады. «Алашқа» деген өлеңі Семейдегі «Сарыарқа» газетінде 1918 жылғы 22 қаңтарда жарияланады. «Алаш азаматтарына» деген өлеңі Ордадағы «Ұран» газетіне шығады. Бұны зерттеген Қазақ ССР Ғылым академиясының ғылыми қызметкері Мұстафа Исмағұловтың ең болмаса бір тарихи мақала жазбағаны өкінішті. Әрине, кезең тарихы ауыр, зерттеушіге қатерлі де еді...»
Исатай Кенжәлиев ағамыздың «зерттеушіге қатерлі» деген диагнозы сол заманның көп шындығы дер кезінде не себепті айтылмағандығын дәл түсіндіреді. Әрине, ол үшін ешкімді сынап, кінәлаудың қажеті де жоқ. «Жайық Пресс» ЖШС Мәскеу мен Санкт Петербург мұрағаттарына сұрау салып, «Ұран» газетін іздестірді. Ақыры, Алматы қаласындағы Кітап музейінен осы газеттің бірнеше данасын тауып отырмыз. Бұл сүйінші сұрауға лайық жаңалық! Замана дөңгелегі шыр айналған аласапыран кезеңде Алаш арыстары шығарған газетті оқып, аударып, ол жаңалықты да өздеріңізбен бөлісетін боламыз, құрметті оқырман.
Пайдаланған әдебиеттер және деректер тізімі:
1. Қазақ баспасөзі тарихының очеркі (1860-1958) Х Бекхожин.
2. Қазақ журналистикасының тарихы (1870-2008) Қ.Аллаберген,Ж Нұсқаубайұлы,Ф Оразаев.
Құттыбай Інжу Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
Журналистика факультеті