Абылай хан түсі және өлімі (ІІ нұсқа)
Бұрынғы замандарда қалмақ қазаққа таң атырып, күн шығармаған. Абылай хан ат арқасына мінген соң, қалмақтың бетін қайтарған. Алатаудың бергі жағында, Алтай тауының бергі жағында қалмақ түтін түтетіп, күн көріп отыра алмаған. Қалмақты Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай болатұғын. Қалмақты су сепкендей қылды. Орыспен жауласпады, ел болды, шүршітпен жауласпады, ел болды, екеуіне тел болды. Өзіне-өзі әбден келді, кемеліне толды:
— Енді Үргеніш, Бұхара, Қоқан, Тәшкен жағындағы қазақты сартқа билетіп қоймаймын, — деп үш жүздің баласына жар шақыртып, қосын жинап аттанып, Түркістанға барып түсіп, оған өзінің бел баласы Сыдық сұлтанды отырғызды. рүстем сұлтан, Шеген сұлтан, Сыдық сұлтан, Әубәкір сұлтан, Әбділда сұлтан — бұл бесеуі сарт қызы — қатынынан туған балалары.
Шымкент, Сайрам барып, оған Әбдірахман деген сартты ие қылды. Тәшкен барып, оған Мырзахмет деген сартты ие қылды. Онан Жызақ үстіне барып, бір қоңыраттың байы қонақ қылып, сол түні оның бір келіні ер ұл тауып (табып), ол баланың атын Абылай қойған. Ол Абылай да өсіп-өніп бір тайпа (тайпы) ел болған. Жер ауып жүрген бір Қайып деген ұрпағына сөйлестік. Онан аттанып барып, Самарқанды қамап тосты (түсті).
Сол түні қасындағы қариясы Бұқар жырауға:
— Бүгін сәуе (сәуле) көріп бер! — депті.
— Мен де қарап жатпан, хан сен ғой, өзің де болжай жатқайсың, — депті. Ертең таң атқан соң, қария ханына көрініске келгенде:
— Не көрдің? — депті.
— Дәнеме көрмегенсіп, маған «не көрдің» дегенше, өз көргеніңді айт, — депті.
Сонда хан айтыпты:
— Түсімде бір жолбарыс келіп, шатырымның алдына келіп шөгіп, мойнын салып жатып алды. «Бұ не қылғаны?» деп қарап едім, әлгі жолбарыс дегенім аю болды. «Жап-жаңа жолбарыс еді ғой, аю болғаны несі?» деп қарап едім, ит-құс болды. Анан (онан) суретін (соратын) түлкі болды, онан суретін қарсақ па, қоян ба, әлде немене болды. оянып кеттім, көргенім — осы, — депті.
— Олай болса, шатырыңның алдына келіп шөккен жолбарыс — өзіңнің бақ-талайың. Сен өзің бір жолбарыс едің. Оның шөгіп, басын көтере алмай, жатып алғаны — жетіп жығылған жерің осы болғаны. Енді бақ-талайың көтерілмейді. «Баяғыдан бері жүріп-жүріп есіл Абылай сарттан өліпті» дегізбей, осы жерден аман-есеніңде қайта ғой!
Енді қарасаң, аю болғаны — өзіңнен соңғы заман, аюша алысып өтетұғын заман болады. Онан ит-құс болғаны — ит-құсша жұлысып өтетұғын заман болады. Онан түлкі болғаны — түлкіше бұлаңдап жүріп күнелтетұғын заман болады. Онан қоян болғаны — қоянша кеспектен-кеспекке қорғалап, жан сақтайтұғын заман болады. Мен көрген-білгенімді айтсам, күннің көзі, жердің жүзіндегі әулиелер: «Абылай өледі, соның жаназасына Түркістанға бара жатырмыз» десіп, «жындай жиылып, құмдай құйылып» жүр. Қайтқаннан басқа жабдық жоқ, — деді.
Абылай хан Самарқанға елші жіберді:
— Ұрысым, соғысым жоқ. Әулиелерді зиярат қыла кел- дім. Басты-басты ақсақалдары қонаққа келсін! — деп.
Қоянның көзінен қорқып, жебедей жерге кіріп кететұғын сарт сорлы жаман қорқып отыр екен. Қосыны қазақ болған он үш патша жебір-жесір қылып жаман [т] алағаны өздерінің тарихтарында жазулы тұр екен. Қатын-қыздарын, тауық пен бөденелерін тауларға бостырып жіберген екен. Бірін-бірі сыйласып, қонақ болысып, Абылай хан сонда бір көк қасқа айтып, сойдырып, басына қойдыратұғын тас қаздырды дейді.
Абылайдың бағына шыққан тасты Самарқан жұрты:
— Бұл баяғы Әмір Темірден соң ешкімге шықпаған тас, — десіпті. Абылай хан батырларына рұқсат беріпті:
— Енді ұрыс-соғыс жоқ. «Ер игісі қос табар» деген, амандарыңда ел табыңдар! — деп, өзі Тәшкенге келіп, Мырзахметтің қызын алып, үш ай жатып қалыпты. Үш айдан соң Арқаға қарай бет алып шығып, Арыс бойына келген жерде баяғы «Шымкент, Сайрамға ие бол!» деп қолынан қойып кеткен Әбдірахманы Тұрбат сұлтан, рабат, Қарабұлақ, Маңкенттегі жалпақ табан, жалаң аяқ сарттарды жинап алып, қосын қылып:
— Арыстан өткізбеймін, — деп алдын тосып тұр екен.
Абылай ханның жанында тамақ үшін еріп жүрген үйсін, дулаттар қашып кетіп, «жалпы етек дулат» атан- ғандығы сол екен. Арыстың бойында бір төбенің басында қосшы, қолаңшы төлеңгіттері, Абылай қалшиып тұрды да қалды. Сонда қасындағы қариясы Бұқарекең айтқан екен:
— Бірі — етек, бірі — жең болған,
Ежелден саған ел болған
Орта жүзден кісің жоқ.
Найзасының ұшы алтын
Кіші жүзден кісің жоқ.
Енді бұған қарап тұрғаннан
Басқа қылар ісің жоқ, —
депті. Хан сонда батырларын тарқатып жібергеніне пұшайман болып, бармағын шайнап тастапты, құса болып жарылып кетіпті. Сол жерде бір қорғанға түсіріпті. Сол қорған күні бұл күнгеше «Хан қорғаны» аталып қалды деседі.
Абылай хан ажал жастығына басын қойғанда, Бұқарекең айтқан екен:
— Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Қайырусыз жылқы бақтырған, ханым-ай,
Үш жүзден үш кісіні құрбан қылсам,
Сонда да қалар ма екен жаның-ай! —
дегенде, Абылай хан:
— Тоқта, тоқта, бұлай десең, мен діннен шығамын, сен жалғаншы боласың. Жиырма жасымда таққа міндім, қырық сегіз жыл қазаққа хан болып тұрдым. Қанша жыл өмір сүріп, жас жасағанымнан не пайда?! Қазақтың арқасын тамға, аузын нанға сүйегенім жоқ — бір. Ақбоз аттың құнын ер құнына теңегенім жоқ — екі. Мылтығының оғын құралайдың көзінен өткізетұғын мергеннің құнын екі ердің құны дегізгенім жоқ. ұста менен етікшінің құнын қатын құнымен бір бас қылып, «жарты құн» дегізіп, кесім кестіргенім жоқ. онымен — үш. осы үш арман бойымда кетті, — деген екен.
Ұлы жұма күні қайтыс болып, сүйегін теңге салып, Хазіреті сұлтанға алып келіп, ақ күмбездің ішіне, бір бөлмесіне қойып, тасын үстіне орнатыпты.
Абылай ханның өлгенін естігенде, Жалаңаяқ Әудер үш күн, үш түн жылаған екен.
— Тақсыр, мұнша неге жылайсыз? — деушілерге:
— Есіл Абылай баяғыдан бері жүріп-жүріп Сарарқада өлмей, сарттың қорғанында өлді. Енді хандық сартта қалды, қазақтан бақ кетті, құт қашты, — деген екен.
Абылай ханның өлімі Арқаға естілді. ордаға қатын-қалаш, бала-шағаға есіттірмеді. «өлгеніне қуанып, сүйінші сұраған кісідей [қалай] [есітт]іреміз? «өліктің қырқы» деген бір мал сойылатұғын күн ғой. Сол қырқында есіттіріп, қырқын бергізейік!» — деп. Сарқазақ, Сейтен, итқара, Сұлтан деген кісілер:
— Міне, бүгін ... қырық күн болды естігенімізге, — деп ордасына есіттіріп, қырқын бергізген екен.
Артынан қолдарынан көмген, жанында бірге жүрген жолдастары келген соң білісті. Бұлар мұнда «өлгеніне қырық күн болды» деп бергізген күн өлген күні екен. Сарыар- қаға өлмесінен қырық [күн] [бұ]рын естілген екен. Біздің естуімізше, Абылай тарихы — осы.
Оқуға кеңес береміз:
Жәнібек батырдың түсін Абылайдың жоруы (І нұсқа)