- 22 мам. 2023 00:00
- 233
Түймебай Әшімбаевтың Қазақстанның экономикасының дамуына қосқан үлесі
Биыл экономика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Түймебай Әшімбайұлы Әшімбаевтың туғанына 105 жыл толып отыр!
Түймейбай Әшімбайұлы 1918 жылдың 20 мамырында Жамбыл облысы, Шу ауданының Жаңақоғам ауылында дүниеге келген. Ленинград қаржы-экономика институтында тәлім алып жүрген жас экономист өз еркімен майдан шебіне аттанады. Майдан шебінде жүрген 23 жасар Түймебайға әскери газет шығару тапсырылған болатын. Т. Әшімбаев негізін қалаған «Отанды қорғауда» газетінің алғашқы саны 1942 жылы 6 қарашада жарық көреді. Қатардағы тілші Әшімбаев қолына қару ұстаған беті газет беттеріне жаңа деректер жинап, редакцияның тапсырмасын орындап жүрді. Тіпті, өзінің тірі қалуы да екіталай болғанына қарамастан ол өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Түймебай Әшімбаевтың мақалаларының арасында Кеңес одағының батыры Сұлтан Баймағамбетов туралы деректер де кездеседі. Өзіне берілген тапсырмаларды мүлтіксіз орындағаны үшін Түймебай Әшімбайұлы «Қызыл жұлдыз» орденімен, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен марапатталды. Дегенмен, 1945 жылдың қараша айында Т. Әшімбаев пен оның екі қызметтесіне «қазақ ұлтшылдығы», «контрреволюциялық қызметі» үшін қамауға алып, 1951 жылға дейін ол лагерьде жазасын өтеді. Тек 1957 жылы ғана Түймебай Әшімбайұлының есім ақталған болатын.
1958 жылы жас Түймебай Алматыдағы С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсіп, өзінің сүйікті экономика саласына қайта оралады. Осы жылдан бастап өмірінің соңына дейін ҚазКСР, кейін ҚР ҰҒА-ның Экономика институтында кіші ғылыми қызметкер, ғалым хатшы, аға ғылыми қызметкер, сектор меңгерушісі, директордың орынбасары, директоры міндетін атқарушы, директоры, дирекция маңындағы кеңесші, құрметті директор қызметтерін атқарады.
Түймебай Әшімбайұлы экономика саласын арнаған ғұмырында 350-ден астам ғылыми еңбек, оның ішінде 17 монография жазды.
Ғалымның негізгі зерттеу тақырыптары да сан түрлі еді: өндіріс қорларының әсерін жоғарылату мәселелері; ғылыми-техникалық прогрессті жылдамдату; еңбек өнімділігін арттыру; шаруашылық есебін жетілдіру және Қазақстан өндірісіндегі материалды ынталандыру; республиканың өндірістік, еңбек және ғылыми-техникалық потенциалының өзара байланысы.
Түймебай Әшімбаев өзінің еңбектерінде Әлихан Бөкейханов, Смағұл Садуақовтардың еңбектерінде қарастырылған экономикалық мәселелерді де зерттеумен айналысты. Қазіргі Қазақстан экономикасының қалыптасуына да ғалымның тигізген үлесі зор.
Экономист ғалым 1995 жылы 15 наурызда өмірден өтті. Дегенмен, академиктің соңынан оның өшпес мұрасы қалды. Бүгінгі күні Түймебай Әшімбаев шығарған «Оданды қорғауда» газеті қазақ тілінде жеке кітап ретінде басылып шығарылды. Сонымен қатар, ғалымның 100 жылдық мерейтойына орай С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінде студенттерге арналған жиын залы ашылды. Ал Таразда оның есімімен көше және мектеп аталған.
Пайдаланылған әдебиеттер:
- С любовью и уважением. – Алматы, 1998. – 265 с.
- Туймебай Ашимбаевич Ашимбаев. Биобиблиографический указатель посвящен академику АН КазССР, доктору экономических наук, профессору Т.А. Ашимбаеву – Алма-Ата, 1988. – 82 с.
- Отанды қорғау мен қастерлеу: тарих және тағылым. – Астана, 2008. – 171 с.
«Ғылым Ордасы» РМК Қазақстан ғылымының тарихы музейінің ғылыми қызметкері: Смагулова Жанар