Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Абылай хан заманында қазақтан шыққан батырлар (ІІІ нұсқа)

Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгембай, Көкжарлы көкжал Барақ жауды көп қашырады. Жақсы атты Бараққа қалады делінген Барақ батыр — осы. Шанышқылы Бердіқожа тауының арқар деген аты — Құлжа,  жігіттер — атқа тиер тегін олжа. Хан Абылай аттанады деп естіп келіпті Шанышқылыдан — Бердіқожа, Сырым Малайсары батыр.

Абылайдың мінгені айқай сары, Айқайласып келгенде жердің тары. Абылайды сан қалмақ қамап жатыр, Туыңды ала шаба гөр, Малайсары.

Балтакерей Тұрсынбай батыр, Тарақты Байғозы батыр, он сан орта жүзге ұран болған олжабай батыр, малай жәдігерден шыққан Жауқаш би, Қашбөрте атты Бөрібас батыр, орманшы ақсары су тана Қозған Бекше мерген, қарауылшысы: Әлтеке, Сарым Жидебай батыр, бұған атты үйсіннен алдырып мінгізеді екен. Шалдырмас қарауылда сақа еді деп, үйсіннен алдырыпты Ақшабдарды.

Уақ Сары, Баян — ағайынды екеуі де бірінен-бірі қалыспайтын батырлар.

Ақыл тұрмас қашқанда,
Дегбір қалмас сасқанда,
Баяндай ерді көрмессің,
Бұрылып жауды шанышқанда.
Үйде «батырмын» деген көп еді,
Баяндай көзге түсетіні жоқ еді, —

деп Абылай айтқан екен деседі.

Байжігіт Тасболат батыр, қанжығалы жас Жанатай, бағаналы-балталының балтасынан шыққан оразымбет батыр, Бәсентин Сырымбет батыр, Сырғалы Елшібек батыр, Жәпек аталған қай елден шыққаны айтылмған.

Қазақта Қаракерей Қабанбайдан асқан батыр жоқ, үйсін Төле биден асқан би жоқ. Абылай заманында батыр атанбаған қазақ жоқ.

Бұрынғы замандарда қалмақ қазақтарға таң атырып күн шығарған емес. Абылай хан ат арқасына мінгеннен соң қалмақтың бетін қайтарған. Алатаудың бергі жағында, Алтай тауының бергі жағында қалмақ түтін түтетіп күн көріп отыра алмаған. Қалмақты Сарыарқадан аудырған, басына қара қан жаудырған Абылай болатын. Қалмақты су сепкендей қылады. Шүршітпен жауласпады, Ақауілге Әділді беріп елдесіп, шүршіт ханы Абылайға «ежен» атын байлады. Орыспен жауласпады, елдесті. Өзіне-өзі әбден келді, кемеліне толды. Енді Бұқар, Қоқан, Тәшкент жақтағы қазақты сартқа билетіп қоймайын деп, үш жүздің баласы қазаққа жар шақыртып, қосын жинап аттанып, Түркістанға барып түсіп, оған өзінің бел баласы Сыздық сұлтанды отырғызды. Рүстем сұлтан, Шекен сұлтан, Сыздық сұлтан, Әубәкір сұлтан, Әбділда сұлтан — бұл бесеуі сарт қызы қатыннан туған балалары еді. Шымкент барып оған Мырзахмет деген сартты ие қылды. Онан Созақ үстіне барып, қоңыраттың байы қонақ қылып, сол түні ол байдың бір келіні бірер ұл тауып, баланың атын «Абылай» қойып, ол Абылай да өсіп-өніп бір тайпа ел болған. (Жер ауып жүрген бір Қайып деген ұрпағына сөйлестік) онан аттанып барып Самарқанды қамап түсті.

Сол түні қасындағы қариясы Бұқар жырауға:

— Бүгін сәуе көріп бер! — дейді.

— Жұрт билеген хансың ғой, өзің де қарап жатпа, алды-артыңды болжай жат! — дейді.

Ертеңінде қария ханына көріске келгенде:

— Не көрдің? — депті. Дәнеме көрмегенсіп:

— Маған не көрдің дегенше, өзің көргеніңді айт! — депті. Сонда хан айтыпты:

— Бір жолбарыс келіп шатырымның алдында мойнын салып жатып алды. «Бұл не қылғаны?» деп қарап едім, әлгі жолбарысым аю болды. «Жап-жаңа жолбарыс еді ғой, аю болғаны несі?» деп қарап едім, ит-құс болды. онан соң түлкі болды. Онан соң қарсақ па, қоян ба, әлде немене мыж-тыж бірдеме болды. Оянып кеттім. Көргенім — осы, — деді.

— Олай болса, шатырыңның алдына келіп шөккен жолбарыс — өзіңнің бақ-талайың. Сен өзің бір жолбарыс едің, оның шөгіп басын көтере алмай жатып алғаны — жетіп жығылған жерің осы болғаны. Енді бақ-талайың көтерілмейді. Баяғыдан бері жүріп-жүріп, «есіл Абылай сарттан өліпті» дегізбей, осы жерде аман-есеніңде қайта ғой! Енді қарасаң, аю болғаны — өзіңнен соңғы заман, аюша алысып өтетін заман болады. Онан қарасаң, ит-құс болғаны — ит- құсша жұлысып өтетін заман болады. Онан қарасаң, қоян болғаны — қоянша кебектен кебекке қорғалап жүретін жан сақтайтын заман болады.

Менің көрген-білгенімді айтсам, күннің көзіндегі, жер- дің жүзіндегі әулиелер: «Абылай өлді, соның жаназасына бара жатырмыз» деп жындай жиылып, құмдай құйылып Түркістанға бара жатыр. Қайтқаннан басқа жабдық жоқ, — деді.

Абылай хан Самарқанға елші жібереді: «Ұрысым, соғысым жоқ, әулиелелерді зиярат қыла келдім. Басты-басты ақсақалдары қонаққа келсін!» — деді. Қоянның көзінен қорқып, жебедей жерге кіріп кететін сарт сорлы жаман қорқып тұр екен. Қосыны қазақ болған он үш патша жыбыр- жыбыр қылып жаман талағаны өздерінің тарихтарында жазулы тұр екен. Қатын-қыздарын, тауық пен бөденелерін тауға бостырып жіберген екен. Бірін-бірі сыйласып, қонақ болысып, Абылай хан сонда бір көк қасқа айтып сойып, басына қойдыратын тас қаздырды. Абылайдың бағына шыққан тасты Самарқан жұрты: «баяғы Әмір Темірден басқа ешкімге шықпаған тас» десіпті.

Абылай хан батырларына рұқсат беріпті:

— Енді ұрыс-соғыс жоқ. «Ер игісі қос табар» деген, амандарыңда ел табыңдар! — деп, өзі Тәшкенге келіп Мырзахмет деген сарттың қызын алып, үш ай жатып қалыпты. Үш айдан соң Арқаға қарай бет алып шығып Арыс бойына келген жерде, баяғы «Шымкент, Сайрамға ие бол!» деп қолынан қойып кеткен Абдырахманы Тұрбат сұлтан, рабат қарабұлақ, Маңкенттегі жалпақ табан, жалаңаяқ сарттарды жинап алып қосын қылып, «Арыстан өткізбеймін!» деп алдын тосып тұр екен. Абылай ханның қасында тамақ үшін еріп жүрген дулаттар қашып кетіп, жалпы етек дулаттығын білдіріпті. Арыстың бойында төбенің басында қосты қолаңшы төлеңгіттерінен басқа ешкім жоқ. Абылай қалшиып тұрды да қалды. Сонда қасындағы қариясы Бұқарекең айтқан екен:

— Бірі етек, бірі жең болған,
Ежелден саған ел болған
Орта жүзден кісің жоқ.
Найзасының ұшы алтын
Кіші жүзден кісің жоқ.
Енді бұған қарап тұрғаннан басқа
Қылар қайрат-күшің жоқ, —

депті. Хан сонда батырларын тарқатып жібергеніне пұшайман болып, бармағын шайнап, құса болып жарылып кетіпті. Бір қорғанға түсіріп, сол қорған күні бүгінгеше «Хан қорғаны» атанып қалды дейді.

Абылай хан ажал жастығына басын қойғанда, Бұқарекең айтыпты:

— Қайғысыз ұйқы ұйықтатқан, ханым-ай,
Қалыңсыз қатын құштырған, ханым-ай,
Қарусыз жылқы бақтырған ханым-ай!
Үш жүзден үш кісі құрбан қылсам,
Қалар ма екен қайран жаның-ай! —

дегенде, Хан:

— Тоқта! Бұлай десең, мен дінімнен шығамын, сен жалғаншы боласың. Жиырма жасымда таққа міндім, қырық сегіз жыл қазаққа хан болып тұрдым. Қанша жыл өмір сүріп, жас жасағаннан не пайда, қазақтың арқасын тамға, ауызын нанға сүйегенім жоқ. Мұны мен екі етікші мен ұстаның құнын, қатын құнымен бір бас қылып жарты құн дегізіп кесім кестіргенім жоқ, мұнымен — үш. Осы үш арман сүйегіммен бірге көріме түсті, — деген екен.

Құдай рахмет қылсын, Арыс бойында дәл жұма күні 68 жасында дүниеден қайтып, сүйегін теңге салып, Әзіреті сұлтанға алып келіп, ақ күмбездің ішіне бір бөлме қойып, тас үстіне орнатып, Абылай ханның өлімі Сарыарқаға қырық күн бұрын естіліпті. Ордаға қатын-қалаш, бала-шағасына естірмепті. «Өлгеніне қуанып, сүйінші сұраған кісідей болмайық. Өліктің қырқы деген күн бір мал сойылатын күн ғой, қырқында естіртіп қырқын бергізейік» деп. Сарқазақ Сейтен, итқара, Сұлтан деген кісілер: «Міне, бүгін табан қырық күн болды естігенімізге» деп, ордасына естіртіп, қырқын бергізген екен. Артынан қасында бірге жүрген, қолдарынан көмген жолдастары келген соң анығын білісіпті. Бұлар мұнда өлгеніне қырық күн болды деп қырқын бергізген күні, өлген күні сол күн болып шығыпты. Біздің естуімізше Абылай тарихы — осы.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама