- 21 қар. 2017 00:00
- 267
Адам саусақ ұшының регенерациясы
Адам ағзасы табиғи регенерация мүмкіндіктеріне ие екендігі балалардың саусақ ұштарының қайта қалпына келу деректерімен айғақталған. Жабайы табиғатта тритондар мен кесірткелер зақымдалған аяқ-қолдарын регенерациялаумен кең танымал. Тритондар көздерінің қарашығын, аяқ-қолдарының ұштары мен құйрықтарын, сондай-ақ, астыңғы иектері мен тістерін қалпына келтіре алу мүмкіндіктеріне ие болуларымен белгілі. Кесірткелер болса, тек құйрықтарын ғана қалпына келтіре алады. Ал сүтқоректілер арасында белгілі бір органын толықтай қалпына келтіре алу қабілетіне ие жануарлар ретінде жыл сайын мүйіз ауыстыратын бұғы тектес тұяқтыларды атауға болады. Регенерацияның тағы бір қызық мысалы ретінде жарқанаттардың қанат терілеріндегі тесіктерді, үй қояндары мен үй мысықтарының құлақ қалқандарындағы тесіктерді, ал тышқандардың саусақ ұштарын қалпына келтірулерін атауға болады.
70-жылдардың басында Англияда қолындағы бір саусағының ұшы кесіліп қалған кішкентай бір балаға дәрігердің қатесімен ота жасалмай қалады. Нәтижесінде мұны байқаған хирург Синтия Иллингворс қатты таң қалады. Себебі баланың саусақ ұшы өздігінен қайта қалпына келе бастайды. Кейін осы тектес жағдайларда терінің бір бөлігін тігумен байланысты ота жасаудан бас тартқан Синтия Иллингворс 1974 жылы 11 жасқа дейінгі жүздеген баланың саусақ ұштарының қалпына келгені туралы жазады. Басқа дәрігерлердің де клиникалық зерттеулері нәтижесінде саусақ ұштарының бірінші фалангасының белгілі бір жеріне дейінгі бөлігінен айрылған адамдардың саусақ ұштарының үш ай көлемінде қайта қалпына келетіндігі дәлелденді. Осы ретте айта кететін жайт, толықтай қайта қалпына келу мен келмеуі арасындағы арақатынас нақты болып табылады. Осы себепті бүгінгі күні хирургтар саусағының бірінші фалангасының ұшынан айрылған пациенттің саусағының ұшын ампутациялайды. Ашық қалған жара біртіндеп қалпына келіп қана қоймай, қайта тігілген кезде ұсқынсыз болатын көрініске қарағанда, жаңа саусақ ұшының және жаңа тырнақ пен тіпті саусақ іздерінің толыққанды регенерациялануына алып келеді. Бастапқы мәліметтер негізінде мұның тек балаларға ғана тән екендігі айтылса, Р.Б. Боргенс есімді дәрігер өз зерттеулерінде мұндай жағдайды балалармен қоса ересектерде де кездестіргенін алға тартады.
Illingworth, C.M. Fingertip regeneration, trapped fingers and amputated fingertips in children. Journal of Pediatric Surgery, 9, pp.853-857, 1974
Borgens, R.B. Mice regrow the tips of their foretoes. Science, 217: 747, 1982