Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Ақсу жер жаннаты І

Ақсу жер жаннаты ІІ

БІРІНШІ БӨЛІМ

БІРІНШІ ТАРАУ

1

Наурыз туысымен белгі беретін Алтай жылымығы томар қалпағын қисайтып, қысқы жолдың күнқағар езуін науалап тастағанымен, қар әлі семіздің сүбесіндей: жел қаққан жазықтың кірі, қысы-жазы қылау жатпайтын Үшқоңырдың найзасы болмаса ұлы таудың теріс қапталы шаңқайып-ақ тұр.

Мұз астында тып-тыныш қыстап шыққан Күлмес өзені әр жерінен үзік-үзік тесіле бастаған екен, жар жағасындағы жалғыз көшенің біркелкі ағаш үйлері бір түннің ішінде шатыры мыжырайып ескіріп қалыпты. Қыштан соққан екі қабат қос орда қоймен бірге жайылған бозқасқа есектей одырайып көрінген, олардың ауданның ақсүйек мекемелері екенін Бекет штукатурлы кәрі келіншектей сәнқой сырт пошымынан-ақ танып отыр. Ел-жұрттан екі-үш шақырым қашып шығып, ұлтарақтай жазықтың дін ортасына жалпая кеп қонған аэропорттың қортық тамы да жым-жырт жусап түр. Енді қайтып ешкімді шығарып салмайтындай, енді қайтып ешкімді қарсы алмайтындай екі арадағы суыртпақжол уәһәм дүниеден күдерін үзіп бос жатыр. Өзек талдырып, өмір өксіткен уайымшыл бір тыныштық, бар қуатыңды құмарлығымен қоса қақтай сауып тауысқан нәумез шақ. Сен жұртқа, жұрт саған жексұрын көрінетін сияқты.

Қортық тамның іргесінде шуақтаған он адамның да бір-бірін жақтырып отырғаны шамалы, әлгінде ғана бірін-бірі жағасынан алып билетке таласып еді, енді бірін-бірі көруге ұялғандай тиын бөрік, суыр бөрік, көртышқан, борсық бөріктер маңдайдағы он сегіз көзді милықтата бүркеп алыпты. Бекеттің тоқыма телпегі көзіне жетпей қалды да манадан бері жел үп еткен сайын бір делдиіп, бір солған діңгек басындағы ала дамбалдың сыңар балағын ермек қылып отыр. Түк таппасаң түкірік жарыстыр деген... Ыр-дыр, ыр -дыр, ыр-дыр!... "Тьфу! Мынауда бір мазасыз неме екен ғой!.."

Ыр-дыр қасынған шоқпыт еді. Еденді ыр-дыр қасыған аэропорт начальнигі болса керек. Дермантині жұлым-жұлым қора мүңкіген қоңсық бөлмеден осындағы он адамды қоныс бермей түріп шығып еді.

— О, әке-ең!..

Аэропорт начальнигі баспалдақ үстінде ежірейіп түр екен. Оны бірдей қоғаша жапырылып соның аузына қарағанда, он бөрік түгел ұшып кете жаздады.

— Әй, тегін ұйықтағанша анау бұзау-торпақты қуалап таста! — деп начальник шоқпыттың таяғын Бекетке ұстата салды.

— Әкең!.. Бірінің жамбасын үгітіп қайтшы!..

— Немене, келетін болды ма? — деді борсықбөрік.

— Келмегенде мәрғау асып кетер деймісің!..

Жиырма көз начальникті тастай беріп көкжиектің кемеріне шаншылды. Осы өңірге "пташка" атанып кеткен қос қанатты "кукурузниктің" сағындырғанына бір апта болып еді. Ірбіт базарынан әкесін күткендей емешегі құрып отырған борсық бөрік бұтына басқан брезент қапшығын жалма-жан иығына асынып алды. Дәуде болса маусымдық кәсіп қуған калымщик. Жөні түзу адам жол бұзылған соң, ішкі жаққа аяқ баспайды. Қалғандары да қайын жұртына бара жатпаған болар. "Тағы тайганың" саяқтарын сиқынан танитын Бекет пропискаларын сұрамай-ақ иісінен сезіп еді.

Сұлбасы бірер шақырым самолет қонатын таспадай жыртық бульдозермен аршып тастаған соң, жазға салымғы арық-тұрақтың өрісіне айналыпты. Күрең сенің көк шашағына кенедей қадалған өңшең бір көтерем тулақ балталасаң тырп етер емес. Құйрығынан бұрап, тепкілеп жүріп біразын омбыға апарып қамағанда "пташка" да жалғыз тамның қасына ұмар-жұмар бұрқ ете қалып еді, қайтып оралғанда күншуақта аэропорт начальнигі жалғыз қалыпты.

— Қалғаны қайда? — деп ол Бекет қолындағы таяқтың тұқылына қарады.

— Қалғаны қасқа сиырдың сауырында кетті.

— Әй, мен саған таяқ сындыр дедім бе? Жамбасын сындырып қайт демеп пе едім! — Чемоданның бел омыртқасын ырсита қонжиып алған начальник қағаздағы он шақты адамның тізімін оңынан да санады, солынан да санады. — Әкри, оныншы адамды жоғалтып отырғаным!..

— Оныншы мен шығармын.

— А?!. Есің дұрыс па ей?!. Қайда жүрсің?!.

— Бұзау қайырдым...

— Әй, ләухи, бұзауда нең бар ей?!. Самолет кетіп қалды ғой!..

Бекет начальникті таяқ тұқылымен күситіп бір жібергісі кеп тұрды. "Мынауың шынында ит екен ғой!.."

Начальник қыңқ еткен жоқ. Қолағаштай танауын бір бұрап тастап, киіздей бурыл шашына саусағын тығып жіберді де рақаттана қасыды. Оның аттың басындай кәлләсін Бекет енді ғана апарған, сол ат басыңдай мол дүниеде бір-біріне үйлеспейгін бөтен нәрсе көп-ақ екен: қап-қара қалың қас жар қабақтан жабағыдай салбырап келіп кішігірім кеседей ала көздің жармысын жауып қалыпты, етегінен күзелген көмірдей жап-жалпақ мұрт көптен қырылмаған бурыл иекке көмкере жапсырған қара жамау сияқты. Құдекең оны жүн жағынан да өкпелетпеген көрінді, шодырайған екі беттің ұшар биігінде, пілден қарызға алған тебінгідей құлақтың шеміршек қатпарында да жалбырап тұр. Тоқпақтай қолдың ту сырты мен саусақтың буын-буынындағы сояудай қылшықтар ширатса да болғандай. Тек сызат түспеген мап-майда бет терісі, шырағым, мен әлі қырық деген қыртынды тауысқаным жоқ дейді. Бой жағынан бір кісіге есесін жібермейін Бекет аэропорт начальнигі орнынан тұрғанда иығына жете алмай ұятты болып қалды.

— Ал, енді не тұрыс?

— Тұрамын!

— Тұр, тұр!.. Бір жұмасыз енді самолет болмайды!..

— Неге болмайды?

— Оны синоптиктерден сұра!

— Жоқ, мен сізден сұрағым келіп тұр!

Начальник кеседей көзін төбеден төңкере қарап, "есің дұрыс па ей" дегенді бұл жолы іштей айтып еді, "мынауың ит екен ғой" дегенді Бекет те іштей айтып тынды.

Үй жапсарындағы қиық-шиық ысқырған радистің мазасыз будкасынан дүңкиген төртбұрышты тұп-тұтас біреу шықты да дүңкиіп тұрып ұзақ есінеп, ауылдың түтініне телміріп ұзақ керілді. Ұртына бір уыс тұзды нығарлап алып, соны не жұта алмай, не түкіріп тастауға қимай лоқсып тұрған адамдай көз шарасы боталап, Бекеттен әлдебір қайыр күткендей:

— Шорту, қарын ашты! — деді.

— Бастығыңның танауында бір асым ет жүр ғой! — деп Бекет те оны жарылқап тастаған.

— Етсіреп жүрсең сені тойғызатын менде басқа да артық мүше бар! — дегенді начальник Бекетке арнап айтты.

Бекет осымен біржола шоңқиған.

Күн де қайтыпты. Таспадай жыртықты тістелеген көтерем тулақтар да қайтып барады. Хайуандық бар міндетін аэропорт басында тауысатындай көк құнажын әудем жерде жалпайып жатқан мес карын вертолетке әдейі барып қасынып, бойындағы артық дүниесін жапалап тастап кетті.

Бекетте қайта қоятын мекен-тұрақ түгілі, бет-мордасын дұрыс шырамытар тамыр-таныс та жоқ еді.

Сүмпиген су жаңа көк "Москвичтің" өзінен даусы зор екен, есік көзіне божылдатып айдап келген начальник кабинада төрт бүктетіліп отырып Бекетке:

— Әй, енді нағып тұрсың? — деп айқай салды.

2

Сүмпиген су жаңа "Москвич" жалғыз көшені қуалай тау бөктерінен бір-ақ шықты. Қылаңханның үйі қыр басында, көң-қоқырға тұншыққан былайы жұрттан бөлектеу отыр екен. Сырғауыл қашаның іші-сырты жал-жал отын; текшелеп үйген сап-сары ірімшіктей қарағай саржаннан шайыр иісі лап еткенде Бекет өзінің үйреншікті тайгасын сағынып қалғанын сезді. Маялап үйген шөп, қора-қопсы мансардалы қоңыр үйден оқшаулау қоңсы тұр: тоқыма шарбақта жиырма шақты қой-ешкі жусап жатыр, сауыры бусанған екі-үш сиыр аяқ астындағы сағдарды менсінбей танау шүйіріп, көк құраққа белуарынан кіріп кеткен тайлы биенің ақырына көз сатып өліп барады. Іште үндемей жататын қызғаныш па, әлде қазақтың қанына сіңген пендешілігі ме, мал біткен адамды көрсе бір ауыз сөзге келместен оны сүйкімсіздердің спескесіне қоса салып, барлықтың түп төркінінен күдік іздейтін әдеті; кішігірім фермадан Бекет Қылаңханның тоқтығын таныды да, ат шаптырым ауладан көзіне көлденең шырпы түспеген соң, түтін иесінің кінәздігін қазаққа қонбаған пысықтыққа жорыды.

Кіре берістегі шошалада қазандық сақылдап түр екен. Қылаңхан жабықтан орта қапты шешіп алып, жарты шелектей тоң пельменді қотара салды да сары самауырдың қасында қылжиып жатқан мәсіні оттыққа кигізіп, күмпілдетіп соғып-соғып жіберді. Мәсіге бір тушаның еті бітеу сыйып кеткендей екен, япырай, мынаның иесі кім болды екен деп ойлады. Тағы бір байқағаны, Қылаңхан ұсақ күйбеңге еру болып айналмай, көзіне түскен шаруасын жөнекей жүре тындырып, несиеге қалдырмайтын көрінді; ауызғы бөлмеде башпағын киіп жатып пимасын шұлығымен қоса орыс пешінің булық қалтасына қыстыра кетті.

Таңдай қаққан қабырға сағаты болмаса, қоңыр салқын бөлменің тыныштығынан құлақ тұнғандай. Қос бүйірдегі ашық жатқан торт есіктен кіріп-шыққан тірі пендені көре алмай отыр. Астанадан Алтайға алты-ақ сағатта жетіп, аудан басында бір апта қамалған Бекет, әттең, құлай кететін тақыр еден болса деп еді, енді ұйқы да жоқ, тәбет те жоқ, осында мен неменеге келдімге қалды. "Көрінгеннің босағасында жүріп семірген дүрегей неме-ай!..

— Әй, кім де болсаң моншаға түсіп кел!..

Түпкі бөлменің бірінен шыққан созалаң дауыс Алтайдың арғы бетінен естілгендей болып еді, тас-талқан бұрқылдап, екі иінінен түкірік атқан тентек сары самауырды екі құлағынан басып кіргізген Қылаңхан:

— Ол жақта екі асым ет жатыр! — деп жалтақтап отырған Бекетке жүре жауап берді де тағы да тысқа шығып кетті.

Осы үйдің үлкені барын сезді. Рәсімнен аса алмаса да танымайтын адамға сәлем беруді де жарамсақтық деп түсінетін Бекет тырп еткен жоқ.

— Әй, анау жейде-дамбалды маған кім әпереді?!.

Көлдей сеңсең тұлыптың астындағы аппақ қудай шалдың серейіп жатысынан Бекет шоланда көрген мәсінің иесін жазбай таныды. Бұл танауда да екі асым еттің бары рас екен. Естірге құлақ, сөйлерге тіл жоқ сияқты еді, серейген қалпы көзін ашпастан:

— Бұл қаңғырған жұрт жатып өлуге де мұрсат бермейді! — деп сәлем қайтарудың орнына тілдеп тастады. Әйтеуір боқтамағанына шүкір. — Бір иті келеді-ау деп жатыр едім!.. Құдай алмаған соң өле алмай жатқан тірі аруақтың көңілін сұрауға да құмар болар ма!..

Кімсің деп сұраған да жоқ, жүзіне тіктеп қараған да жоқ, сеңсең тұлыптың астына жалаңаш кіріп кеткен екен, атан түйенің жілігіндей сойдиған аяқ-қолын бөтен көзден жасырмай ақ кенептен әйтеуір ойып тіге салған көйлек-дамбалды кергілеп жатып:

— Қара жерді күте-күте төсектен де жерідім, — деп тірі жүргеніне де кейіп, тірі жүргенін де жұртқа салық қылды. — Киімшең жатсам қышынып ит болам!.. Жалаңаш жатсам өстіп жамбасқа тыныштық бермейді!.. Әй, моншаға баратын ба едің?! — деп шал Бекетті мүлдем бейтарап тастай беріп көрші бөлмеге құлақ түрді.

— Қонақ астанадан екен, биттей қоймаған шығар!

— Ту, зәнталақ!.. Тастың қызуы текке қалатын болды. Мұныңды білгенде ғой өзім сарқып шығатын едім!..

Сәлемін өткізе алмай, өкпесін жеткізе алмай Бекет шалдың түнемесінен қорланып шықты.

3

Опаға тығып алған келідей бастың қас-кірпігіне дейін аппақ. Қылаңхан сеңсең тұлыпты сүйреп әкеліп, тайганың ақ жапалағындай шақырайып тас керең отырған кесір шалдың иығына жапты да, дастарқан шаруасына кіріскен. Малдас құрғанда да бауырына батпай иегін қаққан екі тізесі шалды жозыға жақындатпай дөй-далада қалып еді, оның есесіне көш-құлаш екі қол қарақұстың қанатындай қайда созса да қалаған жеріне жеткізетін көрінді; пысымылда деп дәмнен ырым жасаған соң, еркек қостың ыдыс-аяғы жүгіре бастады. Ошақтың әйел жұрағаты түгелдей қабырғаға шығып алыпты: екі баланың ортасындағы ернін бояған орыс келіншек пен кимешегі қарқарадай қызыл кемпір үш еркекке төбеден телміріп отыр.

— Ым-ым, — деді шал, — қай тұқым боласың?

— Тұқымың болмаса қуып шығайын деп пе едің? — ұртында домалатып отырған ыстық пелменін Қылаңхан қасығына қайта түсірді де аузының күйіп қалғанын әкесінен көргендей көзі жасаурап кіржие қарады.

— Тұқым болмаса қаңғырып мұнда нағып жүр?

— Астанадан дедім ғой!

— Е, астанада қазақ құрып қалып па?

— Қазақтың бәрі саған туыс па еді?..

— Болса болат та!..

— Есімхан тұқымы боламын, — деп Бекет күлді.

— Неменеге күлесің?

— Күлмегенде жыласын ба?!. Жетім пелменді де адамның желкесінен шығарып!..

— Тамақ жеп отырып адам тегін күлмейді! — деді шал.

Бекеттің тегін күлмегені де рас еді. Ақ сақал мен көк сақалды ерегістірмейін деп әлдебір естіген анекдотын айтты.

— Мен сияқты бір қаңғырған қазақ өзбек досының үйінде отырыпты да ыстық тұшпараны жұта алмай түкіріп жіберсе жабыққа барып жабыса қалыпты. Қаңтарда қайтып барса сол тұшпара жабысып әлі тұрған көрінеді. Аузы күйіп қалған байғұс жабыққа қарап отырып: атаңа нәлет, сыртың қырау-қырау болғанмен, ішің әлі өртеніп тұрған шығар депті.

Қылаңхан күлкіге қарық болып қалды. Шал тағы да міз баққан жоқ. Міз бақпаған қалпы:

— Түсіндім, — деді, — мал соймасаң қонағың бүгіндік ұйықтамай шығатын болды, — деп алдындағы бәтер сынығын жозының ортасына қарай ысырып тастады. — Ым-мм, сөйтіп қай Есімханның тұқымы болдың?

— Жиеннің Есімханы.

— Ым-мм...білем, білем... Әкең тұрмақ әкеңнің әкесін де білемін!.. Әкеңді қойшы, әкең бір кезеп еді, әйтеуір, совет өкіметінің арқасында күн шалған таудың басын жайлап жүр де!..

Атанды мақтап, әкеңді даттаса бір жөн, мына шал екеуін де жетістіріп отырғаны шамалы. Тегіме тиісетін қай әулие едің дегісі келді. Тек шаңыраққа қарады да:

— Жасыңыз қаншада еді? — деген момақан сұраумен тынды.

— Қазақтың қай жасы шын, қай жасы өтірік, оны ит біліп пе, селсебет жүздің жетісіне жеткізіп сап отыр ғой... Әйтеуір, мен апасына ұрын түскенде сенің атаңның бұғында тәйтерісі де жоқ болатын.

Бәтердің! шетінен шымшып қана ауыз тиген шал жамбас мүжіп тастағандай омырауынан аршаның тұқылын алып тіс шұқи бастады. Тістері маржандай екен, сақал жапқан өңдіршектің салақтап бос қалған құр терісі заманында бұғының мойнындай тұп-тұтас едім деп тұрғандай. Әлі де көлдей тұлыпты толтырып отырған сырт тұлғасы жүздің жетісін менсінетін түрі жоқ. Оған Бекет те сеніп отырған жоқ. Шал соны сезгендей қонағына оқшырайып бір қарады да:

— Ойынды қайдам, бойың тұқымыңнан бөлек екен, — деп тағы да кішірейтіп тастады.

— Бұл кісі жұрттың бәріне жезде! — деп Қылаңхан шалдың қыжыртпасына мән берме деген сыңай танытты, — Қара жамылғанына жиырма бес жыл болыпты, тоқал ал десем көнбей отыр. Алматыда кемпірлер кешке жақын қойша өріп шығады деуші еді...

— Қатынға сен жарыпсың да мен қалыппын ба?! — деп отағасы кесіп тастады.

Шал не айтса да құлаққа майдалап сіңіреді екен, зілі жоқ қоңыр үнінен не жантартудың, не жақтырмаудың нышанын аңғару қиын, кезінде қызыл шырайлы өрт жүзінде ырымға қалған қоңыр барқыт әлпетінен күлкі мен ызғардың қашқанына көп болса керек. Тек тышқан аулаған кәрі бүркіттей қалт еткен құбылысыңды қағып түсетін сақтығы қозғалмайтын суық жанар мен бұлқ етпейтін бет пішінінде қатып қалғандай. Келгеннен бері Бекет оның жүзіне тік қараудан шіміріккен. Шалдың сөз аңғарынан қарқарадай қызыл кемпір мен ернін бояған ерке келіншектің бұл үйден ұзап кеткенін сезді.

— Иә, ат басын қайда тіремексің?

— Лесхозға, — деп Бекет те дөй-далаға селсоқ үн қатты.

— Бұл өңірде лесхоз біреу емес қой.

— Ақсуға.

— Ым-мм... Сиғатқа тартып барамын де... — Шал қонағының тұрпатын көзімен өлшеп алды да: — Өлмейді екенсің! — дегенді есікке айтып еді...

Ұры иттей сып етіп кірген топ-томалақ қара жігіт Бекетке иек қақты да жозы қасына томпиып отыра қалды. Мүңк еткен иісінен, тырнағының көбесіне дейін сынысқан қара майдан тракторист екенін таныды. Әлі де есіктен көз алмай отырған шал:

— Япырай, жұт жылы болса жарып қалғандай екенбіз-ау! — деп бір қойды. — Бір шөмеле шөп ерте келген екенсің, рақмет! — деп етігіңмен еденді қорладың дегенді де айтып салды. — Мына батырға майлық берші, ептеп байлығын жеңілдетіп алсын.

Жігіт абдырап алақанына бір, аяғына бір қарады. Байғұстың бас терісі де келісіп тұр екен: тақтайдай теп-тегіс төрт бұрыш төбесіндегі ежіктеп қырыққан есіріктеу қалың шаштың әр қылшығы тебендей, шапсаң шалғы батпайтын; жиырылған қатпар-қатпар маңдайдың шалғайындағы жымырық құлақ, үңірейген кеңсіріксіз бөкен танау еліге толмайтын иек пен жиексіз езуді тұншықтырып тастапты. Ертегіден елес болып тірілген Кейқуатты келмей жатып кежір шалдың домалатып-домалатып алғанына Бекет еріксіз күліп еді, ер қапталына өлшеп соққандай талтиып қалған қотанаяқ тракторист есікке қарай тұра жөнелді.

Қолжуғыштың кіндігі бір-ақ дүркін салдыр еткен. Сыбағасынан құр қалып бара жатқандай шала-шарпы жуынып қайтқан ежикбастың отыра бергені сол еді, есіктен еңгезердей сары қатын үн-түнсіз кіріп келді де елжірейіп қатты да қалды. Бекеттен басқа оны ешкім байқамаған болды, соған ерегесті ме, сары қатын аяқ астынан кісінеп:

— Ойбай, қотиыным-ау, әлі отырсың ба?! — деп баж ете қалды. — Нағашы-ау, мына қотиынның сұрағанын бере салып мана қайтармадың ба!

— Сабыр, келін, сабыр! — деп шал сары қатынмен еріп осы үйге қаңтардың сары аязы кіріп кеткендей сеңсең тұлыбын қаусыратып алды. — Отыр... жер иіскет... Жол-жөнекей қайын жұртында ат шалдырып жүрмесе бұл мықтының да құйрық басқаны осы.

— Шалдырып жүр ғой бұл, шалдырып жүр! — деп еңгезердей сары қатын ежикбастың бір жамбасын жапыра келіп отырды да самауырдың шүмегін өзіне бұрып, сүттің қасығын Қылаңханның қолынан тартып алды. — Үйде жалғыз бұрау отын жоқ. Жалғыз сиырдың қылтанақ татпай аш тұрғаны анау!.. Бұл болса шалды – ре-еп жүр! Мұрнағы күні буаз қайнағаның отынына барды. Алдыңғы күні шораяқ қайнағаның шөбін әкелді. Кеше қисықбас қайнағаның кірпішіне кетіп еді, түн ортасында төрт аяқтап үйді зорға тапты!.. Мынау трәктір дегенің бір пәле болды! Сапхоздан тиын алмағанына үш ай. Нағашы-ау, ана алты бірдей жиеніңді дәп қазір үйіңе әкеліп тастаймын!..

— Е, өйтіп жарылқайтын болсаң отырмыз ғой, — деді шал.

Ыстық шайды қауып алып селк еткені болмаса сары қатынның бір жері бұлқ еткен жоқ. Ашуы да жорта, айғайы да ежикбасқа емес, осы үйге жасаған сесі болса керек, сары майға бөккен семіз пелменді мәймиген ауызға бүктемей тығып, толғамай қылғытты. Тұқырайып отырған трактористің төрт бұрышты тақтайдай төбесіне тесіле қараған шал:

— Иә, бұл не сұрап, мен не бермеппін?

— Ойбай-ау, сыртта сиыр мөңірегенде іште отырып мен толғатқандай боламын!.. Нағашымнан бір қолшана шөп әкеле ғой деп жүгіртіп едім де!..

— Е-е, — деп иығынан ауыр жүк түскендей шалдың арқабасы кеңіп қалды. — Бермейді деп бір қолшана шөптің соңында екеуміз бірдей жүрміз де... Ала жаздай шырпы басын сындырған жоқсыңдар. Балалардың алды да шалғы ұстауға жарап қалды. Келін, сен де тепсең түйе өлтіретін адамсың... Бүгінде бір еркектің табысына қараған күн күн бе!..

— Ой, нағашы-ай, өзің тоқ болған соң айта бересің де!.. Осының баласын табудан қолым босады ма?! Әлгі отпысына екі жылға айдатып жіберіп отпөске алмасам балақ та тозып бітті! — деп жиен келін жарма халатының өңірін тартқылап, құрсағының қазір де бос еместігін аңғартып тастады.

Жалпақ жұрттың бәріне жезде болса, бұл шалдың жиені мен жиеншарының қанша екенін бір Құдайдың өзі білсін, әйтеуір, қарға тамырлы қазақтың қалжыңға келгенде жезде мен балдызды, аларманға келгенде ағайын мен нағашыны аяқ астынан тауып ала қоятыны әлімсақтан бері ешкімді тандандырған емес, бір көрген Бекеттің өзін ата-бабасынан бермен қақпайлап әкеліп осы шаңыраққа жегжат қылып тынған кәрі шөңге ерлі-зайыпты мына екеуін тіпті жиендігі жоқ болса да жатсынбайтын сияқты, оның үстіне нағашылап отырып тоқ құрсағын салық қылған әйелдің зорлығына да жүзі жылып сала берді.

— Ақыры жиендерді әкеліп тастайды екенсің, олардың сүтін де қораға қамап кет, — деді шал әлдебір сауданың басын ашқандай. — Балаларды жіберіп, уақытында жамбасын тазалатып тұрсаң болды. Әйтпесе, қолшанаңды сүйретіп ертең тағы келесің де. Келуін келесің-ау, бірақ, бір айыр шөппен қыстан шығасың ба?!. Айтпақшы, бір қазан ыстық су мен моншаның қызыл тасы демі шықпай сол күйінде қалды, алдымен мына мықтының бір қабат күсін аршып қайтсаң менің сауабымды алар едің-ау!

— Алда, нағашым-ай, сен болмасаң асыл жиенің терден жидіп өлгендей еді!.. Мен онда моншаны демдей қояйын! — деп жиен келін табан астында атып тұрды. — Әй, сен ғой, енді бөкседі малып қойып отырасың ө?! — деді бөксесімен есіктің қос кәсегін керіп тұрып. — Әт – те-тең, буаз қайнаға екеуіңді жаратқан Құдай да бөлек қой!..

Жиен келіннің уайымы Қотиынның күсі емес, каска сиырдың қамы болса керек, нағашысынан бір бау шөп дәметіп кепіл бір қысқа пана тапқан соң, сары самауырдың суалуын күте алмады, көрші-қолаңның сұраншақтығына еті өліп кеткен отағасы да, Қылаңхан да "осы үйге біреу келді-ау, осы үйден біреу кетті-ау", — деп қаперіне де алған жоқ. Тек әлден уақытта Қотиынның төрт бұрышты төбесі есіне түскендей шал еңкейе беріп:

— Әй, мықты, анау бір жер су болып қалған сияқты ғой, — деп жиен келіннің тұрып кеткен орнына үңіле қарады.

Қотиын ғана емес, Бекет те өңешін созып еді, бөстек құрғақ екен, "қатының қағына тызылдап кетті ғой, енді нағып отырсың?" деген шалдың түртпегі екенін Қотиын көтеріле жөнелгенде бірақ түсінді.

4

Күн бұзылайын деп түр екен. Ылайлана бастаған батыс белдеуді, кілегей тартқан аспан реңін айналып бір шолған болды да желдің өті мен ызғарын иегімен өлшеген Жанжігіт шал құлынды биесін, сиырларын жабық қораға қамады. Қара жал құла жорғаны тапыраңдатып шыға келген әлдекім "белорусътің" балонындай шеңберек атқан құрсағымен ердің екі қасын да көміп отыр екен.

— Әй!.. Әне, ілулі тұр! — деп шал оған көшенің екінші басын сілтеді.

Бекет ол жақтан ілулі тұрған ештеңені көре алмады да қырсық шалдың "амандаспай атаңның басына шауып барасың ба?!" деген қыжыртпасы екенін кейін барып түсінген. Күбі қарын кілт тоқтап, аттан қарғып түсті де елпеңдеп келіп алдымен шалға, сонан соң Бекетке сәлем беріп, қасақана бір ауыз тіл қатпастан атына қайта мінді. Жиен келіннің буаз қайнағасы боларсың деп ойлаған Бекет ауыл қатындарының ат қойғыштарына таң қалып еді. Ауыздығын күрт-күрт шайнап, қарадай теңселіп тұрған құла жорғаны шал тағы да тоқтатып алды. Асықпай, көкірегін сырғауыл қашаға тіреп қойып, "сен әлгі" деп бастады да күресіннен асыра бір түкіріп, сонан соң барып "сен әлгісін" кайта бастаған. Шалдың шырт түкірісінде, сол түкірігінің ізіне қарап ерініп тұрып, есінеп тұрып сөйлесінде күбі қарынға деген өтірік-шыны аралас өкпесі барын аңғартқан.

— Сен әлгі Қотиынның жайын неге ойламайсың?.. Дардай азаматты қатынның қаспағына телміртіп!..

— Ой, қойшы сол Қотиынды!.. Не адамның, не хайуанның санатында жоқ қанғыбастан не қайыр?! Жол түскен соң кетет-тағы ішкі жаққа қаңғырып!..

— Кетсе қайда барар дейсің, қайтып келер ағайыны сен емессің бе?!. Құла жорғаға мінгенге Құдайды құлағынан ұстағандай болып!..

— Әй, Дәу-аға, ол итің де тура нағашысына тартқан! Қара тырнағының көбесіне дейін тұнып тұрған қырсық қой!

— Ы-ы, әжептәуір адамбыз ба деп едім, ит болып қалған екенбіз ғой!.. Білмей жүр едім, ұрық-шарқыңа рақмет, сен болмағанда кім айтатын еді!..

— Оу, Дәу-аға!.. Қарап тұрған кісіні айыпқа жығатының не осы?! Мен анау итінді айтып тұрған жоқпын ба!..

Буаз қайнаға атынан кайта домалап түсті де, тізгінді қазықтың басына іле салып, Жанжігітті табан астында көшіріп жіберетіндей домалап жетіп келді. Шал оған ту сыртын бере теріс айналып еді, қуалап жүріп құлағын тауып алды да, таңқайып тұрып етектен аспанға қарап айқай салды.

— Әй, Дәу-аға!.. Ол итінді лесопилкаға жібердім бе? Жібердім! Басқа жұртта қатын жоқтай, қатыным туғалы жүр деп қия баспай қойды!.. Пермеге жібердім бе? Жібердім! Боқ тасыттың деп өзімді бір тәулік жатып боқтады! Артына қарамай, қортиған неме, қара майға мелдектеп жүріп ол да әрістәкрәт!.. Шеттеріңнен әрістәкрәтсіңдер! Сонда боқ таситын да, боқталған да жалғыз мен болғаным ба?!.

— Жә, жә!.. Сен де оны жетістіріп тұрған жоқсың! — деп Жанжігіт шал құлағын алып қашты. — Мен білетін Қотиын қайбір жарытты дейсің, коп болса жеті атаңа жеткен шығар.

— Ол аз ба екен?! Одан асып түссе өзіне тиетінін біледі ол итің!..

— Япыр-ау, ит атаулының бәрі неге менікі болуы керек! Осы сен де бөтен емес сияқты едің ғой?

"Мен де соның бірі емеспін бе" деуге буаз қайнағаның иә намысы жібермеді, иә мойындағысы келмеді, әйтеуір, ағайыннан қашпағанмен "иттікті" бөліп-жаруға жоқ екен, айналып келіп Қотиынға қайта тиісті.

— Трәктірден айырылса тағынан түскендей болады! Бүгіннен соң оның майы мен пензенін де мойнына жазам!

— О ненің ақысы?

— Көрінгеннің отын-суын тасуға өкіметтің бөлген майы жоқ! Ол ит ақтап жатса бір жөн-ау, күніге тапқан бір жартының құнын ләпкенің босағасынан оздырмайды! Алты баланың ашөзек, жалғыз қатынның жалаңбұт отырғаны пәруөйінде жоқ!..

— Әй, қыпша бел қайнаға!.. Менің етегімді түріп пе едің? Жалаңбұт жүргенімді қашан көрдің?..

— Әннәні!..

Құлыңды биенің ақырына имиген қызыл қасқа сиырды қамап жатқан жиен келінді еркектер байқамаған еді, бас салып талап тастайтындай буаз қайнағасы үзеңгіге қайта жармасты.

— Мені енді қатындарға сабатуың қалып еді! — Құла жорғаға мініп алған соң, буаз қайнаға да шіреніңкіреп, Дәу ағасына биіктеп сөйледі. — Осы екі көшенің бойында екі жүз қатын бар. Соның бәрі мені қақтап отырғандай Шоңмұрынға біткен ұрғашы жабылып мені сабайды!..

Қылаңхан қазыққа ілген нән қызыл сектің терісін сыпырып тастап қабырғасын қақыратып жатқан. Жиен келін тегенесін сүйретіп келіп ішек-қарынды күресінге ала жөнелді де қауіптің беті әрмен қарап кеткен соң ба, әлде қызыл көрген соң ба буаз қайнағаның екпіні қырық градусқа төмендеп:

— Ойпыр-ау, соғымдарың таусылып қалды ма? — деп таңданған болды. — Опырып жейтін ауыз да жоқ еді ғой...

— Е, соғым ескірмей ме екен? — деді Жанжігіт шал. — Қонақтың аузын ескермей, менің аузымды менсінбей тұрсың да!.. Сотым сойыпты дегенді былтыр естіп едім, сынық белдемеге де беделіміз жүрмей қалған жоқ па!

— Ту-у, жоқтан дәметіп әбден еріккен екенсің!.. Көкбақа бір торпақ сойды деп!.. Ту биенің қартасын қара етінен аршып жеп отырған адам көк жасықты нағылсын деп едім...

— Жә, жә, менсінбесең менсінбе!.. Өле қалсам жаназамды да сен шығармай-ақ қой! Тек, мына жұртыңды тентіретпей жұмыс тауып бер. Сені атқа мінгізген де солар емес пе!

— Әй, шал, сенің жаназаңның сапқоздың шаруасына қайбір туыстығы бар, есің дұрыс па?! — деп буаз қайнаға сыпайылықты сыпырып тастап турасына көшті. — Машина мен трәктір қарап тұрғанда қатындар мен қотиындарға қызметті қайдан іздеймін?! Жаз шыққанша қойша қозылап жата берсін, жаз шыққан соң лесхозы ма, питомнигі ме, құбыласын тауып желдеп кетеді де!.. Бастықтан түскеніңе қырық жыл болса да биліктен түсіре алмай шаршадық қой! — дегенді буаз қайнаға құла жорғаны бұрып тұрып айтты да: — ел менікі деп, әншейін, езулей береді екен-ау! — дегенді тебініп қалып айтқан.

— Бір туысыңның түрі осы. Баяғының бастығындай болмаған соң, прабләйушиге қараған күн күн бе! — деп Жанжігіт қария құла жорғаның үстінде кеткен інісін қорашсынып қала берді.

— Қап, кете қалғанын қарашы, кептеп жіберетін едім! — деді тегенедегі шек-қарынды мелдектетіп шоланға өте берген жиен келін.

— Иісін алған соң Шоңмұрын екені рас болса түтіннен ұзап қайда барар дейсің, сыбағасын ұмытпасаң бопты да, — деді қарт.

— Әй, лөтшік, қазанға саларыңды әкелмейсің бе?! — деген жиен келіннің шоланнан шыққан даусы көңілді еді. — Тағы да түн ортасына дейін бұл үйден бала-шағаның базары тарқамайтын болды деші!

Қылаңханның жиен келін қойған есімі Летчик болса керек, қызыл сектің он екі жілігін терісіне орап шоланға түгел кіргізді де паяльник ұстап қайта шықты. Қазан оттан түскенде қанша ағайын, неше жегжат жиналарын кім білсін, әйтеуір, сүйек-саяқ, қан-жын тімтіген ит пен қиқым іздеген ашқарақ сиыр да қызыл іңірде осы үйдің күресінін табатын көрінді. Жәкең шашпа қораға кіріп мал тұяғынан қалған сағдыр мен кәшекті айырлап күресінге лақтырды да дірдектеп бүрсең қаққан арық-тұраққа кейісті қабақпен түңіле қарады.

— Иесі төрт аяқтап кеткен соң, төрт аяқты хайуаннан не қайыр?!

Шал айырға сүйеніп ұзақ тұрды. Жыбыр-жыбыр бұлдырап келе жатқан кешқұрымның алакеуімі түтіні де мұржадан озбайтын еріншек ауылдың бүкіл тірлігін жабық астына қуып тыққандай еді. Сол жабық астынан өзіне өңшең бір торт аяқты құбыжық сығалап тұрғандай шал жүзінде тітіркеніс, әлдебір шошыну баратұғын. Жүзден астым дегенде Бекет әуелде сенбеген, айыр сабына қос қолдай сүйеніп, кешкі ымыртқа үңірейе де түңіле тесілген бітімі бөтен, арса-арса арыстай көне скелетті қай ғасырдың мұрасына жат қызарын білмеді.

— Елдің түрі осы, еркегінің түрі әлгі, малының түрі мынау! — деп Жәкең тағы да күресінге иек қақты. — Қатын арақ ішетін болды, бала сүндеттен қалды, сиыр пұл болады деп еді, оның бұтына жүгінетін ұрғашы қалмаған соң, бүгінгінің сиыры да өгіз боп кеткен!..

Әкеңнің әкесін жалаң бұт кезінен білемін деген шалдың сөзінен-ақ Бекет секем алып еді. Осыдан мың бес жүз шақырым түстіктің жылы аймағында туып өскен жігіт соңғы жеті жылды Алтайдың тайгасында өткізсе де, дәл осы өлкенің менің зәу-затыма бір қатысы бар-ау деп ойламаған. Отыз жасына дейін ел қайсы, жер қайда деп ешкімнен сұрамапты, атаның мекенін, әкенің жұртын іздемепті. Астанада бір мекеменің екінші креслосын нығыздап отырған әке байғұс та жеті жыл бойы тұрақ-мекенсіз түзде қаңғырған баласына тіс жарып ештеме демеген.

Күлместің кемерінен ызғырық айдаған тұман орталықтағы қос боз қасқаның қызыл шатырын кесіп түскен екен, кинотеатр ма, дүкен бе, қызылды-жасылды электр жарығы жыртың-жыртың кірпік қаққан әлдебір маңдайшаның маңынан Марк Бернес: "я люблю тебя жизнь..." деп бастап еді, оған қиқыл-шиқыл оркестр килікті де әншіні қаңғытып жіберді. Бірде Киіз қала, бірде Сарымсақты атанған тау бөктеріндегі жалғыз көшенің орталықпен ошағы бір болғанмен түтіні бөлек сияқты. Қолтығына қыстырған томпайған тор, қол басындай дорбасына қарамастан сол жақтан қиялап шыққан қос қатынның жүрістері Меккеден қайтқандай тым паң екен.

— Қайтсын-ай! Райком, ысполкомның бар кызметі осылардың мойнында! — деп Жәкең кәдімгідей жаны ауыра күрсінді. — Кімді өсіріп, кімді өшіріп, қаншасын төркініне апарып тастап кайтты екен ә?!. Жыраудың жыры, ақынның айдары тозғандай өкіметтің жарлығы ләпкенің бөтелкесіне ілесіп жалпақ елге алдымен аузымен тарайтын әдет болды. Жаратқан-ау, ел билігінде осылардың не шаруасы бар екен?!.

Эмансипацияның құдіреті осыдан жарты ғасыр бұрын әйел жұрағатын еркектердің жүген-құрығынан құтқарып жібергені Жанжігіт шалдың қаперінде қалмаса керек. Қопақардай аэропорт начальнигін қазан-ошаққа байлап қойып, күресін басынан көршідегі келін-кепшіктің жүріс-тұрысына жіп тағуы алжиын деген шалдың қисынсыз қиқарлығы шығар. Әйтсе де, қашанда би болып, ауыл үйдің тірлігіне биіктен қарағысы келетін көненің көзінен де, сөзінен де ел ішіндегі рухани кедейлікке, ошақ басының тексіз де кіршеңдігіне деген қарсылықтың, бітіспес жаулықтың Бекет те сезіп тұр. Ауылдың таңы мен түсін, бесіні мен ымыртын Бекет те шет жағалап көрген... Қайын атасының алдынан қайқайып өтіп бара жатқан екі келіннің екеуі болмаса да біреуі отағасын қақтап сауғаны болмаса желін ұстап, қаймақ қалқып көрді ме екен?.. Есіктен кіре етігін лақтырып, ертеңгісін дамбалын ерінен сұрайтындар да аз емес. Қолтықтағы томпайған тор мен қол басындай дорбада қырып кеткенде дүкеннің көкаяз бөлкесі мен жендібілектей макароны бар шығар. Жендібілектей макаронды қара суға шала қайнатып, көкаяз бөлкені кеспей сындырып байының алдына былш еткізіп қоя салады да "жесең же, жемесең онан әрмен" дейтіндер ше?.. Торғаймен таласа тұрып, бір-бірінен от алуға жүгіретін келіндер қайда? Әлде, байы кеткен соң шаңқай түсте тұрып, төсегін түстен кейін жиып, түс ауған соң абысынның түтінін аңдитын болды ма?.. Табылса бөтелке, табылмаса балсырадан кейінгі балжыр әңгіменің қызуымен кешқұрым мал саумаса да өрістен қайтқан малмен бірге бала-шатас тауып баратындарға да шөп сындыратын болдық па? Бөксесін жаба алмай отырып бөтелкемен бақ сынасу, берсең де, бер десең де берекеңе сеп болмайтын бос дырду дерт болып бара жатқан соң соның тосқауылын таба алмаған кәрі жүректің бір бұлқынысы шығар, ошақтың қасиеті емес, қасіреті болып отырған келіндеріне өкпесі болар, әйтпесе, бір көрген Бекетке "еліңнің түрі осы" деп, көшеден көлденең өткен "буаз қайнағаның" шаужайынан алып, "жұртыңа жұмыс тауып бер" дейтіндей Жанжігіт шалдың әзірге есі ауыса қоймаған сияқты. Есім дұрыс деген Бекеттің өзі де ел бар екен-ау, елдің де жамаулы тірлігі, жамау астында сірке тығылар жауыры бар екен-ау дегенді енді ойлап тұр.

"Бір асым ет" дастарқан басында "екі асым етпен" бірер тарпысқан соң қайтып пыс таластырмай, қабырғасын тұяққа алдырып қайқаңдап шыға келіп еді, қызыл сектің құлағы делдиген қаракер басын жиен келінге ұстатты да, енді төрт сираққа кіріскен екен, паяльниктің күркіреген жап-жасыл өңешімен жарыса күркіреп бір нәрсені айтып жатты, оған жиен келін жарқырап мәз болып жатты. Сірә, күлкінің объектісі шал мен Бекет болса керек. Қонақтың жауырыны шымырласа да шал осы аулада менен басқа кісі бар-ау деп тұрған жоқ, тірлік бар-ау деп тұрған жоқ, әйтеуір, деп тұрған жоқ.

— Мен ұрын түскенде апаларың он екіде еді, — деді, Бекетте құлақ бар-ау деп тұрған жоқ, әйтеуір, дей салды. — Әкеміз қойдан жеті тұсақ, бір қошқар, ешкіден жеті шыбыш, бір теке, жылқыдан жеті байтал, бір суірік берді де жеті сырмақ пен жеті көрпені қатыныңа қаусыртып аласың деді. Неге жеті деп мен сұрағаным жоқ, жетімге беретін қайыр-садақаның түрі осы деп ол айтқан жоқ. Бар айтқаны — үйіңе күніне жеті қонақ түссе де біреуін құрауыз жіберсең, менің ұрық-шарқымның есебінде жоқсың деді. Жеті көрпе, жеті сырмақ қонақтың жамбасында тозды, қонақтың саусағынан артылған жеті тұсақ, жеті шыбыштың қалғанын өкіметке тапсырдым. Жеті байтал жеті үйір жылқы болып еді, біріне тісім тиген жоқ, жиырма сегізінші жылы сенің әкең маңқа келді деп пүлөметпен қырып салды, осы елге жал-құйрықты тұяқ қалдырған жоқ. Әйтеуір, ағайынның арқасында қара басым маңқаға шықпай аман қалдым... Арғы беттегі ырсиған сонау жарды көрдің бе? Соның етегінен терең орды көрдің бе? — деп шал келсаптай қолын көкжиекке сұғып-сұғып алды. — Менің көзім жетпесе де сол беттен құлағыма күні бүгінге дейін жылқының шұрқыраған дауысы келеді. Мен жетпіс жасыма дейін жылқының шыңғырған дауысынан шошып оянатын болдым!..

Жалаңаш жарқабақ тұманның астында қалған екен. Жар басындағы қаздай тізіжен ағаш үйлердің шақырайған шамдары ғана жылтырайды. Шақырайған көп шамдар оққа байлап тастаған көп жылқының шатынаған көзіндей болып елестеді де дәл қазір желіні үзе, шыңғырысып шаба-шаба жөнелетіндей Бекеттің тұла бойы түршігіп, қашадан кейін шегінді...

Қылаңхан қолын шайып сүртініп түр екен:

— Ертеңнен бастап жұмыстан қуамын! — деді шоландағы қазандықтың жалпылдаған отына бұрылып.

— Ойбай, нем жақрай қалды?

— Бірің үшін еден жуып, бірің үшін кассир болғаным да жетер!

— Омай шіркін!.. Он билет сатып, оймақтай еденді сипай салғанға да бұлданып тұрмысың? — деп жиен келін әр шаланың құйрығынан бір-бір ұрып қазандықтың қызара бөрткен өңешіне тығып жіберді де түк естімегендей қазанды жайбарақат сапыра берді.

— Түгел қуамын! — деді Қылаңхан, — Сендер үшін мына Бекетті де жолынан қалдырдым.

— Қуып көр! — деп жиен келін таңқ ете қалды. — Буаз қатындарды қызметке ал деп сені біреу қыстады ма?!.

— Ит біліп пе!.. Сыптықтай боп сып-сыпайы кіреді де бес күннен соң, сабан тыққан қанардай қампиып шыға келеді!..

— Құдай-ау, құр өртке жіберіп жатқан жоқсыңдар, әу дейтін ойын сауықтан да тас кереңбіз, енді өз нанымызды өзіміз тауып жеп, тыныш жатып бала тапсақ та кінәліміз бе?! Жетіскеннен жүрген жоқ, бәрі де өзіңнің ағайының. Сандалма, көктүйнек!..

— Немене, ағайынға алименттің борышына жығылыппын ба?!

— Алла сақтасын! Табысымен қарық қылмаса да тағысынан өкпелетпейтін жаман байымыз бар! Бір қатынға ие бола алмай отырып әлементшілін!..

Әзіл екені де белгісіз, ұрысқа да бергісіз екеуінің егесі начальниктің шоңқиуымен шорт үзіліп еді, оттың табы мен сорпаның буына алабұртып, шорымыққа бөксесін орнықтырып алған еңгезердей сары келіншек:

— Ойбай, мен кетейін! — деп тағы төңірегін опыра тұрды. — Біздің әлгі түгімді қоймай, ендігі уыстап отырған шығар, барып киіндіріп алайын!..

— Маған десе жалаңаш қуып келсең де өзің біл! — деді Қылаңхан, — тек одан да жуан бірдемені қоқсытпай тұрғанында қонақ көзінен жоғала тұршы!..

Бекет екеуінің күңкіліне құлақ түрген жоқ-ты. Бекеттің құлағында: "тігерге тұяқ қалдырмай қырып салды" деген жалғыз сөз ғана. Қадап айтқан жалғыз сөз миына мірдің оғындай қадалып, жар басындағы көгендеулі көп шамнан түршікті де, Жанжігіттен көзін жасырар кең дүниеден алданыш таппады. Он тоғызыншы ғасырдың мұрасынан қалған тірі экспонаттың жалғыз нұсқасының жүзіне қарауға тіксініп еді...

5

Ырсиған жар қабақтың басы екен. "Қырып саламын!" деп айқайлап түр екен. Айқайлап тұрған әкесі екен. Әкесі ақ "Волганың" төбесіне шығып алыпты, қолында винтовка, үстінде темір-терсектен тоқыған баяғының сауыт-сайманы. Тағы да жоңғар басқыншылары ма-ау... Әйтеуір әкесі солардың мықтысы екен. Жар қабақтың ұшар жиегінде бір-бір атын жайдақ жетелеген қалың жұрт. Жанжігіт шал жағасына галстук байлап, басына қызыләскердің құлағы салпайған шошақ бөркін киіп алған екен, еңгезердей сары келіншек ойбайын салып төбесі тақтайдай төртбұрышты ежикбастың қолынан қызыл каска сиырдың бас жібін жұлқылап жатты. "Қырып саламын!" деп айқайлады. Сол кезде пулемет күтір-күтір қақсап берді де жар басы азан-қазан болып жөңкіле жөнелді...Жөңкіле жөнелген жылқы да емес, сиыр да емес, қаптаған машина, мотоцикл, трактор ма-ау... Бәрінің де клаксоны жылқыша кісінеп, жылқыдай шыңғырып, жылқыша осқырады екен. Таптап кетеді-ау деп жан ұшырған Бекет қаншама талпынғанмен орнынан тырп ете алмай тырбындап жатқан...

...Ысқырып-шыңғырып, қиқылдап-шиқылдаған ту сыртындағы радистің төрт доңғалақты будкасы екен. Күркіреп тұрған мес қарын вертолет болып шықты. Төбесінен үңірейе тесілген радистің басындағы шлемі қалмақтың дулығасындай болып көрінген.

— Бауыздаған лақша бақырады екенсің! — деді ырсия күлген бітеу радист. — Бол, кебежеңді көтер де анау вертолетке мін!..

Көзінің ілінгеніне үш-ақ минут өткен екен. Үш минутта үш ғасырды шарлап шыққанына таң қалды. Самолет қонатын тілдей жыртыққа қызыл қасқа сиырды отқа қойып қайтқан жиен келіннің қолындағы бас жіпке де тандана қарады.

— О не, қайным, танымай отырсың ба? — деді келіншек.

Бекет жауаптың орнына бежірейіп қарай берген.

— Шырағым-ай, жарылып кетпей неғып жүрсің? — деп жиен келін өтіп бара жатып басын шайқап-шайқап тастады. — Мына түріңмен он ай орманға жіберсе аюдың үңгірінен табылатын шығарсың!..

Бекетті мылқау қылған орман екенін жиен келін білер ме.

Шекараға жататын шеткі ауданға облыс орталығынан тура қатынас жоқ еді. Көктастан ұшқан самолет көрші ауданға жеткізіп тастайды да Өр Елдің одан арғы көлігі "кукурузник", бірақ, жазға салым мен күзді қойып, жаздың жайма-шуағында күніне қырық құбылатын Алтайдың кірпияз аспаны көктегі аэроплан түгілі, жердегі арбакешті де көңілі түспей өткізе бермейді. Қыс бойы өзеннің мұзын, жылға-жылғаның табанын жол қылатын ел қар көшкіні мен атқы жүріп берсе қашан көк шыққанша тау-таудың қуысында құлақ кесті жатқаны. Бұл мезгілдің өсегі де телефонға жүк, жүргіншінің бар үміті аэропорттың мес қарын инелігі.

Вертолетчик Қылаңханның өзі екен. Бекетті қасына отырғызып, белдік біткенмен шандып тастады да әлдене деп ернін жыбырлатқан сияқты еді, төбедегі винттің ысқырығы мен мотор гүрілінен Бекеттің құлағы тұнып, дым ести алмай бежірейіп қарай берді. Қылаңхан жердегі Қылаңхан емес, Бекет оны қазан-ошақтың басынан да, бұзау-торпақтың соңынан да көрмеген сияқты. Кішігірім кеседей ала көзінде селт жоқ, шлем астынан сорайған бір асым етті теңдеп алып өкпе тұсында сұп-суық бөтен бір бет отырды. Әлден уақытта түкті қолын тарбайта созып, күнқағардан екінші шлемді алды да Бекеттің басына кептей салды. Манадан бері оның ымдап отырғанын енді түсінген Бекет наушниктің шнурын радиоаппаратураға апарып жалғады.

Төменде жер көшкені болмаса дүние құлаққа ұрғандай тыныштала қалып еді. Бекет ырсиған жар қабақты тағы көрді. Жар қабақты жағалай қуған жалғыз көшенің ағаш үйлері жар жағасына көгендеп тастаған тас мақұлықтар сияқты екен. Қабақ астындағы сан шақырымға шұбатылған траншеяның нобайы Жанжігіт шал айтқан есіл малдың моласы болса керек. Жар басына шығып алған әлде бір шолақ: "қырып саламын!" — деп тағы да айқайлап тұрғандай көрінді де вертолет теріске қарай кілт бұрылғанда, көгендеп тастаған тас мақұлықтар жар жағасынан дүркірей қашып бара жатты. Ауыл төбесінен соңғы рет айналғанда Бекет Жанжігіттің: "ағайынның арқасында қара басым маңқаға шықпай аман қалды" дегенін тағы бір есіне алып еді...

...Алтай төбесін тірі пендеге көрсетпеген. Бірақ Алтайдың тәкаппарлығы адамына қонбапты. Мүмкін, адамының мешелдігі тауының биіктігінен шығар?.. Биіктің қашанда аласаның пысын басып, меселін мес қылып тастайтын құдіреті бар емес пе!.. Жеті жыл бойы Алтайдың балағындағы жықпыл-жықпылдан шыға алмай, иегінен озып жеті қадам жерді көрмегенін Бекет екі шақырым биікке көтерілгенде сезді.

Ұшы-қиырсыз ұлы таудың зеңгір жалдары көзге де жеткізбей, көкжиектен де биіктеп аспан астына сіңіп жатыр. Ұлы мәслихатқа отырғандай шың біткеннің бәрі де сәлдесін оранып шарт жүгініп алыпты. Ұлы орманның шеті жоқ. Биіктеген сайын аяғыңның асты бір уыс болып, биіктей берсең Алтай да биіктей беретін сияқты, ұлы орманның жиегі көз ұшынан қаша беретін сияқты. Ұлы дүниеде ноқаттай жоқ адам өзінің бейшаралығын сезінсе керек.

Бір жұма бойы мұң болған Қарағайлы мен Ақсудың арасы биіктен қозы көш қана жер екен, бір жалды асқан соң, Бекет Жындысайдың төбесін көргендей болып еді, Қылаңхан тағы да теріске кілт бұрылып Бұқтырманы кесіп өтті де Қатынға қарай тартты. Бұл өңірдің өзенінен бастап жер аты, мекен аты түгелімен "қатын": Қарағайлы Қатын, Өрдегі Қатын, Ойдағы Қатын — бүкіл дүниені жиып-теріп қатынға беріпті де, әке сорлыны өлі-тірісін қосақтап сыпыра сыбап жатса да обал болды-ау дейтұғын пәтуәлі ауызды Бекет көрмеген шығар, оның есесіне анаға тіл тигізген тірі пендені ел естіген емес.

Ежелден бұғы өсіретін бойы Алтай терісіндегі Ойман жұртымен қоңсы еді. Өзеннің арғы жағы, бергі жағы алтайы мен қазағы, қалмағы мен кержағы аралас отырған дүрегейлеу елдің былайғы жұртпен қыс түгілі, жаздың өзінде араласы кем де кем. Момын деуге келмейтін, ынжық деуге көнбейтін малшы қауым қырық күн шілдеде төр жайлауда ерулікпен табысып, қарашада Қатын өткелінде қоныс майымен тарасатын. Онан кейінгі амандығын әуенің қабағы мен желдің өтінен ғана білесің. Бекет вертолеттің кілт бұрылуын оқыс бір шаруаға жорыған. Кішігірім кеседей ала көзден ондай қауіпті оқи алмады, қақ маңдайдағы терезені тесіп жіберетіндей қадалған бір асым ет бір ноқаттан аумай отыр. Қылаңханға бұл үй арасындағы үйреншікті сапар болса керек.

Әлдебір журналдан қиып бортқа жапсырған бір орыс, бір қазақтың суретінен Бекет майор шеніндегі әскери ұшқыштарды танып еді. Киімі мен жең-жағасындағы ен-таңбасына қарағанда, елуінші жылдардың басы болса керек, айналасы он, он бес жылдың ішінде Қылаңхан едәуір егде тартып қалғанға ұқсайды: ұртын тепкен шықшыттың еті қашып, жақ суалған, шырайынан жаңыла бастаған қас – қабақ жайдарлығын ертерек жоғалтып алса керек.

Тірлікте пенде шіркін не жоғалтпас. Қырық тоғыз жасында Қылаңханның тапқанынан жоғалтқаны көп шығар. Іздегені ұшан-теңіз еді. Ұстап қалғаны — штурвал. Біреулерге арман, біреуге қазан-ошақтың күйбеңі сияқты көңілге қамсаулығы жоқ есік көзіндегі шаруа. Саналы ғұмырының жиырма бес жылын аспанда кешкен Қылаңхан, әйтеуір, өз тірлігіне не өкініп көрген емес, не тамсанып көрген жоқ. Соғыс басталғанда жиырма жастағы жә деген жігіт еді. Төрт ұлын бірдей жорыққа аттандырған Жанжігіт: "төртеуіңнің түгел кайтып келеріңе көзім жетпейді, тек сенің оққағарың самолет болады, — деп еді, — құрығанда біреуің жердің жанжалынан биік бол!" — деп батасын берген, айтқанындай үшеуі майданнан қайтпай қалды да, Қылаңхан үшеуінің бодауын бір өзі өтеді.

Ұшқыштар училищесінің курсанты майданға екі жыл кешігіп кірді. Оның есесіне соңғы айқасын Берлиннің төбесінде бітіріп, онан соң да ВВС-тың Ас деп аталатын ақсүйектер тобында жиырма жыл бойы боз аспанның тұнығын жыртты, дыбыс барьерінен озды, жаңа машинаның сан түрін сынақтан өткізді. Ең соңғы тоқтағаны — астындағы мес қарын "инелік", жеткен биігі — Қарағайлының аэропорты, онда да Жанжігіт шалдың тауқыметі болмаса ендігі қай түкпірдің шиырында жүрері белгісіз еді. Уақ-түйек тірлікке тәкаппарлық көрсетсе, ол да аспаннан жұққан мінез емес, биіктен бүкіл дүниенің қалтарысы мен жамау-жыртығын түгел керіп алғандықтан шығар, әйтпесе, аспандағы жұрт есек мінген сарттан да кішіпейіл, кемпіс те момын. Бірақ, оның бәрін сырт кез қайдан оқи берсін. Бірнеше күн еріксіз жетегіне ерген Бекет оның бір мінезінің үстінен түскен жоқ, жалғыз ғана аңғарғаны — зиялы қауымның ішек-қарнын түгел ақтарып тауысқан зеректігіне қоса әзілі ащылау, кекесіні кенезеңе насыбай сепкендей керінді. Дәл осы қалпында да еш нәрсеге назар салған кейпі жоқ, толқын үстіндегі жаңқадай дірдек қаққан "инеліктің" тұмсығында отырып та тер алдында мүлгіген молдадай бейғам.

Тайга төңкеріліп түсетіндей бірде жамбастан, біресе қиадан шалынды. Шамасы жел тұрса керек, қарағай басы қара арғымақтың жалындай шалқып жатыр. Сеңгір таулардыңі сілемін шаңыт бүркей бастапты. Вертолет бірте-бірте төмендеп, орманды шоқышардың жылға-жылғасымен қапталдай жортқан, бөктер-бөктерден сүңгіп шығып, дірдектей қашып бара жатқан "инеліктің" көлеңкесін кергенде Бекеттің ойына: "аспанда ұшып жүрген көк көбелек, жортайын аш бөрідей тау жебелеп" дейтұғын он оралған. Қуыс -қуыста тығылып отырған заимкелер, лесопилкалар, бұты совхозының сатылары зымырап кейінде қалды да таудың қолаттарынан жылқы мен бұғы табыны қарауытты... "түскенде сен есіме, беу қарағым, жортайып аш бөрідей..."

— Қатын!..

"Беу қарағымды" енді ғана есіне алған Бекет Қылаңханның даусынан шошып оянғандай селк етті де "аш бөрідей жорта" алмай қалды.

— Қатын!.. Қатын!..

— Мен Қатынмын! — деген наушниктен әлдекімнің қарлық қан даусы естілді. — Бауырым-ау, жоғалып кеттің ғой!.. Сай-саладан көшкін жүріп тебін тарылып қалды! Аспаннан брикет тастамасаң аштан қырылатын түріміз бар!..

— Түсіндім!..

— Ақсу мен Бұқтырманың құйғанын сең бітеп тастап, Көрбикені қызыл су басып барады! Динамитпен ұрмаса болатын емес!..

— Ұқтым!..

— Кеңестің қаншығы сегіз күшік тапты!..

— Қаншығы дейді?..

— Енді қатыны деп пе едің!..

— Сәлем де!.. Қалжасына борыштымын деп айтты де!..

— Сенің борышың көбейіп тұр-ау!.. Жәкем қалай?..

— Қалайын сұрайсың?..

— Соғымнан жарты жамбас, бітеу белдемесі қалып еді, қона кетсең қайтеді!..

— Ерікпе!.. Сенің оразаң таусылып па еді?..

— Бізге он екі ай түгел ораза ғой!..

— Ит біледі, азаннан ауыз шайып алған адамша сөйлейсің!..

— Ойпырай, біздің қатын екеуіңе дауа жоқ екен!.. Бірің телефонның трубкасынан, бірің аспанда жүріп ауыздағы иісті қайдан сезе қоясыңдар осы!..

— Біз де пендеміз ғой!.. Жә, басқа айтарың жоқ па?..

— Басқа айтар бізде не арман қалды дейсің!.. Бір жыл қой баққаннан жүз жыл ақыл сұрама депті, аспанда жүрген сен болмасаң, тағының мүйізін, тарпаң қатынның тамағын аңдыған бейбақтан не сұрайсың?!.

— Тү-у, байғұс-ай, сорлап қапсың-ау!.. Бұр тұтам ала жіп таппай жүргеннен саумысың?!. Асықпа, жер жібігенше аялдай тұр!.. Жаманның жаназасы да жұртқа міндет!..

Кім деп сұраған жоқ. Кім де болса замандас шығар. Замандас жиып көрмеген, заманы бір дос-жаранның әзілі түгілі, жаттың әзәзілінен де жетім қалған Бекеттің бітеу көңіліне Қылаңхан мен беймағұлым жігіттің бейкүнә назы сіңе қойған жоқ. Тек, "жаманның жаназасы да жұртқа міндет" дегені жанға бататын үрейлі де аяусыз кесім екен. Жаманның бірі өзім бе деуші еді, өзіңді өзің танысаң оған да шүкір!..

Көкиірім атанған Ақсу мен Бұқтырманың құйғаны ежелден есіріп жататын әдеті еді, торос бөгет божыған айрандай кілкіп тұр екен. Кемердің екі езуінен лықсыған қызыл су қысқы сүрлеудің науасын қуалап барып Көрбикенің іргесінен арнаға қайта құлапты. Шатқал ішін бу кернеп, Бұқтырма бұрқ-сарқ қайнап жатқан сияқты. Қайнаған буға тұншығып, шатқалдың қолтығына тығылған Көрбикенің жүз қаралы үйі үрейден қалтырап отыр екен.

— Түрі жаман ғой мынаның!..

— Қатқаны!.. — Қылаңхан төменге үңіліп Көрбикенің түгініне түкіргендей болды. — Қоясы тастауға да кісі жалдайтын кер жалқау жұрт та! Әйтпесе түзге шыққан қатын да көсеумен-ақ түртіп қап көзін аша салатын нәрсе ғой. Кісі жалдаудың қандай екенін бұлар қалтасына түскенде ғана сезеді. Вертолеттің бір вьшеті қанша тұратынын білемісің?..

Әркім өз қотырын өзі қасиды да. Бекет вертолеттің майын жалдап көрді деймісің. Бір текше метр ағаштың құны қанша десе, бәлкім, айтар. Сібірден Қазақстанға жектенше қарағай дөңбектің әр қадағы дүкендегі нанның бір қадағынан екі есе асып түсетінін вертолетчик білер ме екен?..

Қылаңхан көш жерден орағытып Құйғанға қайта бұрылды. Текше метр мен қадақтың есебіне сүрініп қалғып отырған Бекеттің тоқ жүзіне жақтырмай қарады.

— Қатының бар ма еді?

Бекет басын шайқады.

— Оған да шүкір! Ішін кептіріп өлтіргендей екенсің-ау!..

Бекеттің беті де бұлқ еткен жоқ.

— Дәп мынау Көкиірімнің төбесінен тастап жібергім келіп отырғаны.

Неге деп сұраған жоқ.

— Жарылып кете ме деп қорқып отырғаным. Босқа шығын болғанша анау мұз бөгетті ала кеткенің жақсы еді...

Шеңберек атып кілкіп тұрған Көкиірім төбесінен Бекет емес, құмалақтай кесек түссе де лақ еткендей. Вертолет қаңбақтай қалтырап жеңілдеп кеткендей көрінді де, өзінің зымырап барып жылымға былш ете қалғанын ойша елестеткен Бекеттің ішек-қарны аузына тығылып лоқсып жібере жаздады. "Мынауың ит екен ғой!" дегенді тағы да іштей айтып еді.

— Оң қанатыңа қарай отыр, — деді Қылаңхан, расында тастап жіберетіндей түсі суық еді. — Бірлі-жарым мал болса садақа, адам кетсе екеуміз де темір тордың ішінде табысамыз!..

Адам тұрмақ аң көрінсе не қылсын. Көршісінің амандығын көктемде ғана сұрайтын тайганың жатақтары бұл мезгілде ауласынан озушы ма еді. Төсегі де, төсеніші де нар, жайлауы пештің төбесі кержақтарды былай қойғанда, елгезек атанған шайшыл қазекемнің өзі ауыл шетінен дәм татып қайту үшін таң атпай көлігін жегіп, күн қайта күресінінен шыға алмай атын қайта доғартатын шет жағалап Бекет те біліп қалған. Тал түске дейін ұйықтайтын мұржасы да дым сызбай мелшиіп тұр екен. Орман желегі бу мен боз қыраудың ұлпасынан майысып, төгілейін деп түр екен. Мамықтай көпсіген боз дүниеден Бұқтырманың сұлбасынан басқа көз тоқтатар бөтен қараны аңғара алмады. Сөзіне қарағанда сең алқымын динамитпен қопаратын шығар деп еді.

— Динамит?!. Өрт шықса динамит, қатыны туа алмай жатса динамит. Кез келген орманшының қойнын тінтсең динамит шығады дегені тегі рас шығар! — Түріңнен танып отырмын дегендей Қылаңхан кекете күлді.

Онысы да рас. Бүгінде динамитсіз орманшының күні жоқ. Елсізде жатқан объездчик үш күн толғатқан әйелін дәрігерге жеткізе алмай ақыры динамит жарып туғызып алғаны да рас. Оның несі күлкі болыпты?..

— Астананың сарделкі деген жерік асын жеп көргенің бар ма?..

Отыз жасына дейін не жеп, не қойғаны кімнің есінде қалыпты. Тіпті у жесе де оның динамитке не қатысы бола қойды екен?.. Бәдіксің-ау деуге қимады.

— Динамит емес, бүйен жарылса да мынау құздан атқыған көшкі Бұқтырмаңды сарделкідей түйіп-түйіп тастайды. Қуырдақтың әкесін түйе соймай-ақ сонда көресің!..

Ол кімнің есіне келіпті. Бекет серігінің естиярлығына ере алмағанына өзін-өзі кінәлап еді. Қылаңхан оның бар-жоғын пәруейіне де алған жоқ. Өлексеге шүйліккен құмайдай шыр айналып шатқал табанына тік түскен вертолет салған бойда көкжылымға қойып кететін шығар деп еді... Көзін ашқанда көк жылым иек астында заулап келеді екен. Күркіреген жаңғырық қарсы шапқан қалың жынысты қақырата тіліп, арт жақта құйындай есіліп ақтүтек боран қалды. Ағаш басынан саулаған боз қыраудың ұлпасы, қиядан ағып түскен қар тозаңы ұйқы-тұйқы туласып, азан-қазан жаңғырыққа шатқалдың ұлыған үні қосылды...

...Көкиірімнің арнасы үңірейіп жатыр екен. Бұқтырманың кемері пышақпен жонып әкеткендей ырсиып қалыпты. Төбеден аққан көшкі тозаңы мен төменнен көтерілген қар қылауы Көрбикеге кемпірқосақ кигізіпті. Әлгінде ғана ақ жаулығын бүркеніп, ұяла майысқан қалың ну тыр-жалаңаш. Қылға байлаған батпарақтай шырқау биікке көтеріліп алған "инелік" тағы да дірдектеп жөнелді. Тағы да Көрбикеге көз тастаған Қылаңхан мырс-мырс күлді.

— Масқара болып, өмірінде қатты бір ұялғаның бар ма?.. Күні бүгінге дейін бетің күйіп, қорланатын сәтіңді есіңе алшы...

Тағы да не деп отыр дегендей Бекет Қылаңханның жүзіне күдіктене қарады: күлкісі — мұртында, ала көзінің шарасында мұң бар сияқты. Жасаған берген жалғыз бетке сан түрлі сезімнің бір сәтте жабыла қонғанын Бекеттің аңғарғаны осы шығар. Ұяттың не екенін бесіктен болмаса да бала бақшасынан бермен құлағымен сіңірген қаланың сыпайысы өзгенің емес, өз ұятын жұлынымен сезініп көрді ме екен?..

— Жә деген жігітпін деп жүріп, қыз алдында жер болып масқараға ұшырасаң қайтер едің?..

— Махаббат болады да...

— Махаббат?.. — Махаббатқа жығыла қоятын Қылаңхан жоқ сияқты. Кеседей ала көз жар қабақтан салбыраған қалың қастың астына тығылып кірпік қақпастан жатып алып еді, әлден уақытта жақтырмай жалт етіп бір қарады да: — Махаббат сорлыны бүгінде кез келген пысық күресіннің шаруасына да ерттеп мініп, көң аршитын күрекке де теліп жіберді! — деп немкетті күңк етті. — "Отанға, елге деген жүрегімнің, еңбекке арта түссін махаббаты!" деп қақсайтын әншілердің темірге, мақтаға, сиырға деген махаббаты да болатын шығар... Абайға сенсек ол шіркін ой, сана, сендерше философиялық ұғым секілді еді. Әйтпесе Қара Шал: "ғашықтық жолы бір басқа" деп неге айтты екен? Ғашық болу — пенде шіркінге екі қайтып келмейтін ұлы сезім еді. Оны да шалаптай шайқап бітірдік!..

Абай дегеннен-ақ Бекеттің бас терісі аузына түсіп кетіп еді.

Енді Абайдың аузымен жынды қылайын деді ме?.. Жеті жыл бойы Бескемпір жыраудың өзі-ақ Абаймен желкелеп, жетесін үзіп еді. Осы жұрт қымс етсе кісі аузын жалдайтыны несі екен?!. Ғашықтық дертінің пенде шіркінге екі қайтып келмейтіні рас та шығар. Мейлі, келмесе келмей – ақ қойсын!.. Ғашық болып көрмегендер аспанды жайламаса да шөпшек теріп жер басып жүрген жоқ па!

Бекеттің есіл-дерті мынау аспанның абақтысынан тезірек құтылып, Ақсуға жетіп жығылу еді. Қылаңхан Құйғанда қалған өткен бір күндердің елесін үзе алмай отырған...

...Бөгелегі бүйідей қақ шілденің қайнаған шағы еді. Колхозда есепші болып істейтін Қылаңхан арғы беттегі пішеншілерге күніге бір қатынап, айран-шалабын, ішім-жемін апарып, шабылған шөптің гектары мен тоннасын өлшеп қайтатын. Ат дейтұғын көлік төрелердің тақымынан да артылмайды. Екі саба айран, екі пұт ақталмаған арпа мен ораштың ұнын өгізден басқа хайуан көтере де алмайды. Бесінмен таласа мүйізі шаңырақтай ала өгіздің өкпесін қабындырып құйғанға түсе қалған. Паром арғы бетте, таз шекесі күннің көзін ұялтып тапжылмастан қармақ салып отыратын бақырауық паромшы да жоқ екен. Жетпіс жеті атасын түгел санап, жетпіс жеті рет құлағының түбінен айқайласаң да "аузыңды" демейтін керең шал өңешің жыртылса да естір ме. Әншейінде балтыры жарқылдап балықтай бойжеткен қызы жүруші еді, бүгін ол да көрінбейді. Берейін десе бәрі де аяқ астында, пошымынан піл үріккендей бақырауық паромшының қызы әдемі еді. Әлде он алтыдағы бойжеткен көз тартар сымбатты болмаса да алпыстағы керең таздың қасында бұладай көрінді ме, әйтеуір, паром басында күніге екі дүркін көрсе де жігіттің ашқарақ көңілі қыздың тоқ балтырына тоймай қалушы еді. Езуіндегі ымды теріс қарап тұрып та оқи беретін тас кереңнің Қылаңхан десе бас терісі аузына түсіп, қарадай тұлан тұтатын жыны бар, өзіне дәті жетпесе де жағаға іліне бере өгізін сойылдап қалатын әдеті. Әкесінің оған деген өштігін қызы құрғыр сезеді. Сезсе де не әке сұсынан, не жұрттың сыпсыңынан именген емес, бірақ, жігітті маңайына жуытып, бір ауыз сөзге жіберген де емес. Тек көзінің қиығында ғана қалатын күлкісі әдемі еді, оның жігітке деген жауабы көзінің қиығында қап кеткендей болатын да тұратын.

Жағаның бөгелегі мен масасы буып тұр екен. Жарып өлтірсе де паромшының жаны ашымайтынын білді. Қызын да әдейі жібермей отырған шығар. Амалсыз шешінді.

Шолақ дамбал есепші түгілі, Қарағайлының қара таяғына да жете қоймаған кез, дәл осы сен суға кете қоймассың-ау деп екі сабаны күмпитіп үрлеп, көйлек-дамбалды қоса тас қылып танды да, ала өгізді Бұқтармаға итеріп түсірді. Су десе сиыр малы өлермен, ала егіз салған жерден тура шықты да Қылаңханды едәуір жер айдап алып кетіп еді. Ойында дәнеңе жоқ, әлдебір әннің әләуләйіне ілесіп жайбарақат келе жатқан, жағаның малтасын шалдыр-шұлдыр сапсыған тұяқ тықырына жалт қараса, ала өгізі шабына пышақ қадалғандай екі көзі аларып тепкіленіп жүр екен. Шыбынның ызыңын естісе шыбын жанын қоярға жер таппайтын сасық неме аю қамаса тоқтар ма. Жүрегі зырқ етті: "бейбақ, құрыған жерің осы шығар!.."

Жан ұшырып жеткені сол еді, бір тұтам құйрығын қазықтай қақшитып алып ала өгіз атқақтай жөнелді де, күмпитіп үрген қос саба құранды ердің үстінде делең-делең секіріп кете барды. Көйлек-дамбал қоса кетті. Алла, атаңа нәлет-ай деуге ауыз да келген жоқ, иен жағада тыр-жалаңаш сымпиып бүл қалды. Ал кеп қу!.. Ал кеп қусын!..

...Адам тұрмақ хайуанға да жан керек екен, артыңнан тыр-жалаңаш албасты қуып келе жатса, айналаң елсіз-күнсіз орман болса, ала өгіз түгілі, ақыл-есі бар дейтін Қылаңханның өзі де зәре құтын башпайынан таппас!.. Екі-үш дүркін қуып та жетіп еді. Бір тұтам құйрыққа қолы енді-енді іліге бергенде ала өгіз артына аларып бір қарап алды да қасқыр көргендей өкіріп Қылаңханды қара жолдың шаңына бұрқ еткізіп тастап кетті. Үсті -басынды саталап тастайды деп өгіз біткеннің құйрығын құнанында шауып тастайтын бүл елдің әдеті. Желкеңнен шыққыр-ай, қалғаны қайсыңа ас болды екен деп ала өгіздің келтесін қарғап-сілеп тағы да қала берді. Қою шаңға аунап тұрған соң Қылаңханның кеспірі енді албастының өзін қорқытқандай болған. Оны ала өгіздің анда-санда бір аялдап, артына күншіліктен үрке қарауынан байқап келеді. Әншейінде мың салсаң мыңқ етпейтін көмпіс шіркіннің жаны мұндай тәтті болар ма, артына қарайды да қос сабаны делең -делең секіртіп безе жөнеледі.

Ауыл Құйғаннан он шақырым. Оған жеткенше жол бойы толған елді мекен. Бұқтырманың аңғарында өлдім десең қашып шығар бұлтарыс жоқ, бір жағың құзар шатқал, бір жағың өзен, діңкелетіп жетелейді де отырады. қарсы біреу жолықса қашып тығылар қалтарыс және жоқ, Жолықса екен деп еді. Ең болмаса ала өгізді ұстап бере ме деген үміт қой. Бұқтырманың бір қалыпты сарыны, жақпар-жақпар тастардың бір қалыпты жаңғырығынан басқа құлағына тықыр шалынса не қылсын. Біраздан соң барып екі сауысқан ілесті. Бірі жетелеп, бірі өкшелеп, жолдың қос қапталындағы ағаш біткенді түгел санап келеді: "Сақтаныңдар! Сақтаныңдар!.." — дегендей шықылық атып, тайганың тыныш тірлігін күншіліктен үркітіп келеді. Онсыз да жүйкесі тозған Қылаңхан екі-үш дүркін кесек атып еді, "албасты келеді, албасты келе жатыр!" деп тағы да үш-төртеуін шақырып алды. Әттең екі қолы бос емес, бос болғанда да ала өгізді атып алуға мылтығы жоқ, қанатты сауысқанға не қылсын!.. Кенедей қадалған сары маса денесін киіздей тұтып зыр қақтырды. Кенедей қадалған сары масаны денесінен үгітіп келеді. Қан жоса болған денесі көрден шыққан тірі аруақтың елесіңдей еді. Ала өгізді боқтады. Өзін боқтады. Әкесін... боқтай алмады. Оның есесіне есепшінің жеті атасын сыбап-сыбап алды. Нем бар еді деді. Мектепті бітіре салысымен үлетшіктің ушелишесіне кетемін деп жүрген. Бәріне кінәлі қалқоз бастық!..

Қалқоз бастық өзінің әкесі. Күзге дейін жүре түр деген. Кетіп қалу керек еді!..

Енді бір қараса сауысқандар зым-зия жоқ болыпты. Ала өгіз адырайып төрт тағандап тұр екен. Сөйтсе Көрбикенің төбесі көрініп қалған екен. Ілгеріден әлдебір тықыр естігендей болған.

— Әй!.. Әй! — деді. — Анау өгізді ұстаңдар, өгізді! — деді.

Сол-ақ екен, ала өгіз артына бір қарап алды да қалың бытқылды қақ жара қойып кетті. Жол шынтағынан қыздың төбесі көрінгенде бүл да қойып кетті...

Паромшының қызы екен... Өлді!.. "Мұнан да суға кеткенің жақсы еді ғой!.." Өле алмауда қорлық екен-ау. Таяқ тастам жердегі өзенге жете алмады. Қалың бытқылдың ішінде отырып та кірерге жыртық таппады. Әншейінгі қызға деген тәтті қиялын, қыз дегендегі бар арманын өзінің бейшара күйі таптап тастады да жаны жаншылып, жоқ болып, дәл осы сәтте мынау жарық дүниенің түкке керегі жоқ сияқты болып көрінді. Қара жер қақ айырыл деп еді. Қара жер айырыла қоймады. Қара жер де бетпақ екен! Қара жер сені ғана емес, сенің ұятынды да көтере береді екен!..

Албасты келіп бас салатындай қыз да айналасына үрке қарады. Күннің көзі қарсы беттің қапталында ғана қалған. Көлеңке тарта бастаған терістің көрдей бытқылы қыз емес, албастының өзіне де қорқынышты еді. Күншіліктен көріп келгендей-ақ бір түп шырғанақтың түбіне жеткенде қыз қалт тоқтады да Қылаңхан екенін танып келгендей ақ тағы да айналасына үрке қарап:

— Әй! — деді. — Әй, қайда жүрсің? — деді.

— Мұндамын...

— Неғып отырсың? — деді.

— Отырмын...

— Отырғаны несі? — деді.

— Жалаңаш отырмын...

— Жалаңаш отырғаны несі? — деді.

— Сол отырмын...

— Жын қақты ма? — деді.

— Киімімді ала өгіз алып қашып кетті... сосын отырған...

Қыз жол бойына бір қарады. Шырғанаққа бұрылып бір қарады. Жол бойына қарап күлді. Шырғанаққа қарап сескенді. Сонан соң дағдарып тұрып:

— Енді кәйтесің? — деді.

— Енді кәйтемін?..

Енді қайтерін білсе Қылаңхан отырар ма еді. Енді қайтерін білсе қыз одан сұрар ма еді. Қылаңхан шырғанақтың далдасынан шыға алмай, қыз байғұс та шырғанақтан оза алмай бие сауым уақытты тым-тырыс өткізді. Бие сауым уақытта Қылаңхан денесін киіздей тұрған сары масаны сан рет үгіп тастады. Тұла бойы үрген бүйендей күп болып барады екен. Жарып өлтірсе де қыңқ етер жайы жоқ еді.

— Отырсың ба? — деді.

— Отырмын...

— Теріс қарап отыр! — деді.

Айтқанына көнді. Әлден уақытта желкесіне әлдебір нәрсе дүңк ете қалған, қолына алып қарағанда тасқа орап лақтырған ішкиім екен. Қыздың ішкиімі...

— Мұны кәйтем?..

— Кәйтуші едің, басыңа ки деп беріп тұрған жоқпын ғой! — деді.

Айтқанына көнді. Қыз пышақ лақтырып, өзіңді-өзің бауыздап таста десе де көнгендей еді... Бар айтқаны: "сен енді артыңа бұрылма, мен соңыңнан ере берейін" дегені.

Соңынан ере берді. Оның екі көзі қызда емес, Көрбикенің төбесінде, қалың орманды қақ жарған бұралаң жолдың шынтағы мен бұрылысында еді. Көрбикенің төбесіне көз сатқаны — біреу-міреуге қақтығысып қалам ба деп сасқаны еді, бұралаң жолдың бұрылысы мен шынтағына телміргені — ала өгіз әлдебір қуыста оттап тур ма деген үміті еді ғой. Ала өгіз арам қатқыр жоқ болды да, Көрбикенің төбесі жақындап қалды. Қызы құрғыр мың жыл отасқан бір ошақтың адамындай қымсынатын емес, бірақ, артына бұрылған жоқ. Жігіт шіркін бұғына ылпа жапсырған соң ба, бойын бүрістірген әлгі бір үрей мен ұятты сейіліп, дәл қазір өзіне арыстан атылса да алдында келе жатқан нәзік жаннан араша күткендей ізінен адаспауға тырысып томпылдай берді.

Қарсы беттің қапталында жүрген күн сәулесі тау төбесін де тастап кеткен екен. Өзенді қуалай соққан салқын желемік сары масаны етектен көтеріп, Қылаңханның төбесіне көгендеп тастапты. Қалың орманды қақ жарған бұралаң жолдың төбесінде боз аспанның жыртығы қалыпты. Ол қарсы алдындағы қыз төбесін боз аспанның жыртығынан көрді. Қалың орманды қақ жарып келе жатқан қыз денесін өзінің оққағар қалқанындай көріп еді...

— Келе жатырмысың? — деді.

— Жатырмын...

— Неге үндемейсің? — деді.

— Үндегенде не дейін?...

— Келе жатқаныңды сездірсең бопты да...

Сездіргенде не десін!.. Айналайын дер еді. Бірақ, бұрын да алды-артынан айналып бір өте алмаған пышана байғұсқа қыз шіркін дәл қазір қол жетер жерде емес еді, оған дәрмен де жоқ еді. Бұралаң жолдың бұрқыраған шаңын есіп келе жатқан қыздың күміс қасықтай аяғына, аяғының үріп ауызға салғандай башпайларына қарай берген. Сонан соң айналайын деді, құлың болайын-ай деді, башпайыңнан сүйейін деді. Бірақ, ол еріннен шықпаған. Қылаңханның қызға деп елжіреген жүрегінде қалған қимас көңілі еді. Көңіл бейбақ қашанда ұятсыз, көңіл бейбақ қашанда тойымсыз, көрге түссе де көні жібімейтін ындынсыз неме болса керек...

Қазағы мен кержағы аралас дүрегей ауылдың алдымен түтіні жетті. Түтініне ілесе қоңсы жүретін қиы мен борышының иісі танау қапты. Әлгінде ғана қашып тығыларға қара жерден жыртық таппаған жігіт қыздан айрылатынын сезген соң, тағы да далада қалатындай көңілі кұлазып сала берген. Құлазыған жігіт көңілін жауырынымен ұққандай қыз да қалт тоқтап:

— Келе жатырмысың? — деді.

— Жатырмын...

Албасты көрген ала өгіздей ата жөнелетін шығар деп еді. Жалт бұрылғанда да қыз жанары жасқанған жоқ. Күлген де жоқ. Күлкісі баяғыдай көзінің қиығында тұр екен.

— Мына түріңмен әкем көрсе өлтіреді? — деді.

"Сені емес, мені өлтіреді" дегенді айтқан жоқ.

— Енді қайтемін?..

— Кәйтуші едің, қасқыр жей қоймас, қараңғы түскенше жағада жата тұр! — деді.

Қыз сол қалпы кете берді де бұл сең соққандай жол үстінде серейіп қала берді. Былай шыққанда барып:

— Мен келгенше бет-аузыңды жуып ал! — деді.

Бет-аузынан орманның көлеңкесі де үріккендей еді. "Мен келгенше" дегенде жүрегі жарылатындай болған. "Айналайын-ай!" деді. Қыз оны естіген жоқ. Әлдебіреу естіп қалды ма деп жан-жағына алақтай қарап еді, өзінің бет-аузынан үрікен орманның көлеңкесінен басқа дым жоқ екен. Қия жартастан шыққан Бұқтырманың жаңғырығы боз аспанның күмбезінен қайтқандай шаршап-шалдығып, талмаурап қана естілген. Шаршап-шалдығып, жағаға талықсып келіп жығылғанда құлағында талмаураған Бұқтырманың сарыны ғана қалып еді...

"Әй, қайдасың?" дегенде атып тұрды. Қалғып отырды ма, қажып отырды ма, әйтеуір отырған сияқты еді. Өңі ме, түсі ме, әйтеуір бір дауыс естілген сияқты еді. Қорыққаны белгісіз, қуанғаны белгісіз, тісі-тісіне тимей сақылдап жөнелсін. Иек астындағы Көрбикенің шамы селкілдеп бірде аспаннан, бірде жер түбінен көрінді. Сонан соң көргені — түнгі шықты тал шыбықтың сабағынан үзіп өзіне қарай ентелей басқан әлдекімнің қарасы.

— Өлдің-ау! — деді.

— Өлдім ғой! — деді.

"Өлейін-ай!" дегісі келіп еді. Жаншылып қалған, жасып қалған кеудесі құрғыр айтуға жарамады. Қыз майдай қолымен мамықтай жұмсақ бір затты кеудесіне әкеліп жапқан. Түбіт шәлі екен. Қыздың шәлісі болар.

— Енді адаспай тұрғанда ауылыңды тап! — деді.

— Анауыңды қайтем? — деді.

— Қайтушы едің?! — деп күлді. — Көйлектің ішінде не бар деп көзбен тімтініп қоймаушы едіңдер, сен де ұрғашының лыпасын киіп көр. Көп болса бір ішкиімге қарыздар боп кетерсің!..

Бұралаң жолдың көз талар тұйығында, боз аспанның кемерінде қылт-қылт еткен қыз төбесімен қоштасып тұрып: айналайын-ай деді, қарағым-ай, өлмесем қарызымды өтермін-ау деп еді...

...Қылаңхан қарызын өтей алмады. Жылға толмай соғыс басталды. Қылаңхан одан да өлген жоқ. Бірақ, паромшының қызына өмір бақи қарыздар болып қала берді. Құйғанның көк иірімін төбеден көрсе де, Көрбикенің төбесін көрсе де өтелмес қарызы есіне түсіп, жүрегінің түкпірінде беріш болып жатқан арманының құсасын тырнатып алатыны бар. Орманның гектары мен отынның кубометрін есептеуден артыла алмай, біреудің өміріне, біреудің көңіліне үңіліп көрмеген мынау бас орманшы оны қайдан білсін – ау!..

Қылаңхан Жындысайдың жалаңаш қойнауын бір айналып шықты да, қалғып отырған Бекетті Ақсудың ауласына тастап кетті.

ЕКІНШІ ТАРАУ

I

Бұғы совхозының бір бөлімшесіне кірме болып отырған "Ақсу" лесхозының қырық жылда жинаған дәулеті бір кеңсе, бір гараж, пилорама мен пимокат, жергілікті шикізат дайындайтын алты цех, жүз қаралы үйді есептемегенде бір шақырымдық жолы бар бір туалетке емініп отырған үш коттедж, бір жатақ. Қоразы сақау, итіне дейін мезгілсіз үрмейтін тыныш ел болса керек, кіре берістен ұстахананың ертеңнен шаңқылдаған төс -балғасы ауылдың аспанын жыртып, құлақтың қақасына дейін қағып түсірердей болды. Кірменің оқшау отыратын жасқаншақ әдетінен бе, әлде кірпияздығы ма кеңсеге үйездеген қарашасы өзеннің бер жағында дара қалыпты. Жазы жайлау, қысы жұмсақ ішкі жақтың мезгілі қыр көктемінен озып жүретіні бар, құрттаған кар пұшпақтап таусылып, қалың самырсынның көлеңкесіне қашып тығылған екен. Жер түбі дейтұғын Ақсуға жетер -жетпесте жығылатын жалғыз күре жол лайсаң. Буы бықсыған қоймалжың балшық пен жазға салымғы шіріген шөптің иісі әуені қамап түр. Қыр астынан өкіріп-бақырып әлдебір машина жар салып еді, әлден уақытта алқам-салқам кәрі лесовоз бүкіл ауылды бензин сасытып ұстахананың алдына шалдығып келіп тоқтады. Бекет терезені қымтап-ақ жапқан бірақ, кеужірінің қатпарында қалып кеткен көк түтіннің құсығы кеңсірігін ашытып, түшкіріп-түшкіріп салғанда танауы үзіліп түскендей болды.

Бухгалтерияның қыз-келіншектері де артық сөзі жоқ тымпима жандар екен, бас бухгалтер шай алып кірді де: "таңқурай қатып ішіңіз" деп артымен шығып кетіп еді, соңында қысырдың қымызындай паң иісін тастап кетті. Сірә, емшекте баласы бар-ау деп ойлаған. Өзі де өңірінен сүт аңқыған бұладай келіншек екен. Қолының бабын қара күрең шайынан таныды.

Тайганың тірлігі осы да. Алты күн аудан басында қамалғанда жарылып кете жаздап еді, шіркін, ол да өмір екен-ау деп асыққанына өкінді. Шаңырақ бөтен, жұрт бөтен, орнықпаған бөксеге орындықта бөтен. Көңілдің орнығар орнықпасы тағы белгісіз. Екі көзі терезеде, елегзіп отырып кабинетке әлдебір етіктің кіріп кеткенін де байқамапты, дүрп -дүрп еден сүрген дыбысқа жалт қараса, пұшпақ бөркін миқиға киіп, қисық мұрын бір шал көзін қиқита төбесінен тесіліп тұр екен. Мұрнын қисайтып тұрып:

— Әлгі аспаннан түскен дөкей сенбісің? — деді.

Мыжырайған бет-ауыздың қай қатпарында мысқыл, қай жапсарында күлкі жатқанын албастының өзі болмаса адам баласының аңғара қоюы қиын еді, "сіркелі жеңге битті білек" дегендей қитығып отырған Бекет те бежірейе телміріп:

— Шоқынды ма едіңіз? — деді.

— Кімге шоқынарымды білмей жүрген пақырмын! — деді.

— Ендеше адасып келіпсіз. Христостан басқа аспаннан түскен әулие-әнби жоқ сияқты еді. Мен де жер басып жүрген пақырдың бірімін.

— Ы-ы... анау болдың ғой! — деп қисық мұрын иекті бір көтерді де осы бөлмеден түк көрмегендей, түк таппағандай қиқиып есікке беттеді. — Бұл жұрт баяғыдан шалабын да жасырып ішетін еді, енді іңір емес, сәске емес, беймезгілде-ақ бетіңді теріс қаратып жіберетін болғаны ма?.

— Сізге кім керек еді?

— Керегімді айтқам жоқ па!

— Дәлірек айтқанда?..

— Бас орманшы, дәлірек айтқанда главный лесничий дейтұғын зәнталак?..

— Ә-ә, оныңыз мен болып қалатын шығармын!..

— Әуелде-ақ солай демейсің бе!..

Қойнына бөтелке тыққан алқаштай бір иығы аспанда, бір иығы салбырап қисық мұрын қайтып келді де, Бекеттің қарсы алдына орындықты нықтап қойып, енді қайтып тұрмайтындай нығызданып отырды.

— Бәсе, бәсірелі тағы бар бетпақтау бастықтар болмаса, бертәлөт жалдай қоятын бұл ауылда бейбастақ жоқ еді-ау!..

Қаншырдай қатқан қысыр тазыдан аумайтын бөкен танаулы сықырлауық шал бүкіл дүниені менсінбей отыр. Сықырлап отырған өзі ме, орындығы ма, әйтеуір Бекетке салдырап шашылып қалатындай көрінген. Енді бір қараса, қисық мұрыннан басқасы жып-жылмағай, самайдан ауыз омыртқаға дейінгі тұтасқан киіздей сақалда бөтен бір қылау жоқ, шалдыққа жете қоймаған, ұзасаң қырыққа енді жақындаған шығарсың деп ойлады. Бақсы ма, бәдеуи ме?.. Қарлыққан қоңыр дауысында қыстың ызғары мен жаздың аптабынан жамаған кінәрат бар. Не орманшы, не объездчик?..

— Байқаймын, мұрын байғұсты ұнатпай қалдың білем? — деп қисық мұрын жыланның көзіндей суық жанарын қиқита тағы да шаншып алды, тегі ауыз жыбырлағанда әнге қосылған күйсандықтың сүйемелі сияқты бет-пұшпағының жортағы да әңгіменің нәшіне байланысты болса керек.

— Шошыма, бұл шіркіннің дімкәстігі жоқ! — дегенде Бекеттің алдында тағы да басқа адам отырды. — Бала кезімде асау үйретемін деп ептеп шеміршекке ақау түскені рас. Мордамыздың ой-шұқырын жасырып тұрған мұрнымыз ғана еді, пұшық болсам қайтер едің?..

— Иә, не шаруамен келіп едіңіз?

— Шаруаны қоя тұр, шаруа мұндай жерде айтылмайды, — деп саусағының ұшын ғана ұсынды. — Асхат!.. Фамилиямды айтып шіренбей – ақ қояйын, оның саған қажеті де жоқ. Егерь деген, жұртқа жексұрын, бастықтарға беймаза жұрағатың боламын. Сүйенішіміз жалғыз мылтық, ол да құр дәрі. Өлсең сүйегіңді іздейтін ешкім жоқ, тіріде өзіңнен басқаға қажетің тағы шамалы...Қалай, жетті ме?...

— Характеристикаңыз сүбелі екен.

— Бірінші адамнан естіп отырмын. Шүкір!.. Аузыммен от тістейтін албастым бар еді, оған ренжімессің! — деп шылымын шығарды.

— Сонымен, Асеке дейтін болдық қой?..

— Дей сал... дегің келсе, демесең тағымнан түсіп қалмаспын!..

Сигареті "Шипка" екен. Азған түрі емес, бүгінде көзден бұлбұл ұшып бара жатқан қатырмалы қақдақты "Шипка". Ыс шалған ортан қол мен сұқ саусақтың жықпылына ине қыстырғандай сәнмен ғана қайшылап отырып, ыздиып отырып тұтатты да, түтінін шеңберлеп қана сәнмен жіберді. Иіс алған текедей ернін шүйіріп, иегімен аспан тіреуіне қарағанда сол шеңберді қисық мұрнымен қайтадан сорып алатындай еді, сіріңкесін шертіп жіберіп стол үстіне тәйкесінен түсірді де, дәл осы жерге шылым шегуге келгендей екі аяғын мінгестіріп міз бақпастан жатып алды. Ағаш безіндей шодырайған тізесінің ұршығынан, кең қонышты резеңке етіктің ішіндегі оймаққа батырған тебендей қыр жіліншігінен қырарға қызылың жоқ қақпышсың-ау деп түйді де қисайған оң иығына көзі түскенде:

— Қабырғаңыз түгел ме еді? — деп түрте кетті.

— Қабырға емес, топшы! — деді. — Оның да ептеп ақауы бары рас. Aт қой. ...ат дегенде өлеміз енді! ...Алла тағалам еркектің қабырғасынан да қатын жасаған дейді, бізге содан қалғаны да жетеді!..

Он екі мүшеңді жұртқа үлестіріп беретіндей қай түрің бар еді дегісі келді де еріккеннің айғай-сүреңіне еліріп шаба берсе ер-түрманымен қоса сыпырылып түсетінін сезіп ерегес алаңын тастап шықты. Пысымылда деп кіргеннен-ақ жақтырмаған. Етігінің танауымен -ақ жақтырмай, тебуге ыңғайланып кірген. Явно! Мұндайлардан пас болып құтылғаннан басқа шара жоқ. Ералаш білеме екен өзі?.. Мұндайлардың білмейтіні екі дүниеде кем де кем шығар...

— Бұл елдің қазаны бес ай емес, он айда да піспейді. Ал, отыра беруге дүм деген жарықтық жаттығып алған.

Елдің кімдікі екенін айтады. Жақтырмауына қарағанда сен де коп келімсектің бірісің-ау деп жорып еді. Суын ішіп жүріп, сыртынан сатып жүретін мұндайлардың әдеті ғой.

— Онда шаруаңызды осы жерде-ақ айтып тынғаныңыз жөн шығар.

— Мұндай жерде шаруа айтылмайды дедім ғой. Болса — үйіңе апар, болмаса — үйіме жүр.

— Үй жағына ұяттымыз, Асеке. Тақа бір зорлап қоймасаңыз, сәлем беріп шығуға болады. Ауыл арасы алыс па еді?

— Ат аяғы жетпейтін жер бар ма. Жиырма-ақ шақырым... көп болса отыз.

Мынау ит қылды-ау! Бір қайнатым шай үшін самолет жалдайтынның өзі болды ғой... Шелегі мен шоқпытын сүйретіп үй сыпырушы кірген. Кабинетті босат дегендей су кенепті былш еткізіп еденге бір ұрды да, шелегінің бауын шарқ еткізіп тастай берді. Былшыл мен шарқыл қисық мұрынның қиямпұрыстығынан да ащылау еді. Қай мінез, қай мүшесінің ұнамағанын, әйтеуір кірген-шыққанның бәрі де бірі бөксесімен, бірі өкшесімен Бекетке деген өшпендігін аңғарып кетіп жатты.

— Біздің там мынау болады, — деді терезеден қарсыдағы коттеджге иек қағып, — Бөксе сізден, қазанға ұяттымыз.

Бұл елдің аузына түсе бермейтін "там" деген сөзді естігенде қисық мұрынның құлағы елең ете қалған, жақынын жаңа танып отырғандай Бекеттің жүзіне тандана қарады да:

— Мен де сол тамдардың біріне тоқтаған сияқтымын, — деді.

Шылымын сағағына дейін сорып, саусағын емуге ғана қалған егерьге Бекет те өшіге қарады.

Ақсу жұрты балшықты басып емес, жүзіп жүреді. Қылтаға жетпесе де қызыласығыңды жасыратын қоймалжыңға қызыл шоқаймасы сүңгіп шыққан сайын аяғының басына жалтақтай берген бас орманшының қисайып бара жатқан езуін аяғандай қисық мұрын:

— Мінесің бе? — деп алдына келіп тізесін бүге қойды. — Тастап кетеді деп қорықпа, біз мінуге жаралған момын жанбыз...

"Тепсең үзілмейтін темір бақ" дегенің осы болғаны да. Қолтұрмаштай құбыжықтың алпамсадай азаматты бөксесін тосып тұрып-ақ қорлағаны қиын екен. Енді бірдеме десе май құйрықтан көздеп тұрып қызыл шоқаймамен ми батпаққа бір сүңгітіп алатын еді.

— Әй, сенің сәлемің қанша тұрады, сатып алайын! — деп Асекең көлшікті шарқ-шұрқ сапырып бара жатқан әлдебіреуді тоқтатып алды.

— Ассалаумағаләйкүм, Асеке! Бір сом тұрады.

Асекең әмиянын ақтарып майда-шүйде таппады ма, бес сом шығарып еді, анау да нағашысына тартқан нахал болса керек, мың қолдан өткен мыж-мыж торт теңгені шымшып беріп бесеуді ышқырына жытырып жіберді.

Күні бойы қаңсылаған ұстахананың көмейі де өшкен екен. Ен-таңбасы аумайтын кіл қара жал құланы тағалтып қайтқан бұғышылар көше-көшені сағалап бара жатыр еді.

— Ассалаумағаләйкүм, Асеке! — деп елірген біреуі екеуінің алдынан өте беріп үзіле қалды.

— Атаңның басы! Сәлемің тасып бара жатқан шығар!.. —

Бір сомын қимады ма, суқаны сүймеді ме, емешегі үзіле қалған жігітгті онша жетістіре қойған жоқ.

— Асеке-ау, сәлем берсек те жақпадық па?!. Қай жағыңыздан шығарды білмей қаңғырып қалдық қой!..

— Ой, арам-ай!.. Сен қаңғырып қалсаң, басқамыз ендігі ұлып кетпейміз бе!

Тілі тұздай егерьдің бұл жолғы бет-пошымы да мұздай екен, тегі оның сәлем алу, сәлем қайыру салтанаты кішіліктен көрі кісілікті таңдайтын сияқты. Тұла бойынан сол екі қасиеттің ырымын да таппаған Бекетке сақалды қойып анау қисық мұрынның желбезегінде де қырық сайтан отырғандай көрінген. Тақыр шапқа қадалған тас кенедей жігіт те жұлынсыз безер екен, мойыны үзілмей тап осы жерден тырп етер емес.

— Бөрінің бөтегесінен шыққан қу жіліктей имиіп отырысын! Түс аттан!

— Е, бәсе! — деді, өзің де жетісіп тұрсың дегенді айтқан жоқ. Асекеңнің дат сөзі де, мат сөзі де тәуіптің ұшығындай болса керек, сыбағасына сырбаз асағандай жырғап қалған жігіт ләм-мим деместен атын көлденең тартты.

Қолтығынан демеуге қорашсынып, шоқаймадан ұстауға жеркенді ме, егерь Бекетті құла бестіге сауырынан көтеріп мінгізіп еді, сұқ саусағы құйысқан батар қуысқа қаттырақ тигенде артына бажырайып бір қарады. Қисық мұрын бәз қалпы: түк сезбегендей, түк көрмегендей, қолды бір сілтеді де:

— Тарта бер! Бізге осы да жетеді! — деп құла бестігінің құйрығын білегіне бір орап алды.

Еру болып атқа мінгендегі екеуінің түсер жері көшенің арғы беті еді, құла бесті коттедждің алдына танау тірегенде құйрығынан тартып тоқтатқан қисық мұрын:

— Жә, бұл да бір оңынан тұрған жел болды! — деп тағы да Бекеттің қолтығына жүгірген.

Егерьдің жалбағы жорта, жанашырлығы мазақ екенін әуелде аңғармаған аңқылдақ байғұс, ауылға әпенде келгендей әр қақпаның саңылауына таласқан қатын-қалашты байқағанда барып аттың теріс жағынан секіріп кетті де, қисық мұрынды енді қайтып көрмейтіндей коттедждің сырт есігін сындыра жауып еді.

2

Жауыннан соңғы асфальтта өліп қалған шылаушынның үзігіндей боп-боз біреу тілшіктей кілемнің үстінде созылып жатыр екен: қай заманғы бабасының жүгінен қағып кигені белгісіз, түлей-түлей тулағы шыққан суыр құлақшынды жағына жастанып, қақтан қаңылтыр боп кеткен жамаулы күпөйкенің жарты өңірін жамбасына төсепті; жарықтықтың қасиетті мүшесі басы мен бөксесі болса керек, басқасын қасқыр бөксеріп кетсе де былқ етер түрі жоқ, қасындағы жиюлы төсек пен диванның шып-шырғасына тиіспей тақыр еденде өліп жатыр. Бір тең шұлғауды қонышына бүркеніп ақжемтір көн етік аяқ жағында телміріп түр еді, Асекең босағаны да көпсінгендей дәлізге теуіп шығарды. Танауы бітіп қалған ба, ұртымен тыныстаған шылаушынның түк басқан шырыш-шырыш бетіне осқарына қарады да:

— Мәдениеттісін мұның! — деп езуіндегі жартылай сорылған "шипкасының" тұқылын тырнағы сояудай сатал башпайының жықпылына қыстыра салды. — Күл төгетін бипылнисә жоқ еді, жақсы болды ғой! — деп тағы да жаны кіріп жадырап қалды. — Жынысыңа нәлет! Жындысайдан шығып, Жаманай арқылы Қотанағаштағы Пәтләнің үйіне барсам Мәтпұса отыр екен, қасында Әпен соқыр мен мына Ситан нәкәсі бар. Жынысыңды!.. Ал келіп содан!.. Ал келіп содан!.. Әйтеуір кісі өлімі болған жоқ, бірақ Бах пен Вагнерді теріс төңкеріп шықтық-ау деймін. Жол-жөнекей атып та тастайтын едім, әттең, сведетіл болатын ең құрығанда мен сияқты қисық мұрын біреу кездессеші!..

Құлақ естімеген көп есімнің кім екенін, кімдікі екенін Асекеңнің бір өзі білмесе, Бекет біреуін де жадында ұстап қалған жоқ, тек мынау сұлап жатқан жылбысқа сарының Ситан екенін егерьдің иегінен ұқты да атып тастайтындай бүл шіркіннің не күнәһарлығы болды екен деп ойлағаны сол еді, аяғын сілкілеп өкіріп оянған Сиған:

— Жылан!.. Ойбай, жылан шақты! — деп бөлмені басына көшіре жұлым жақтаулы жауыр креслоға секіріп мінді.

— Япырай, мырза, шалықтап тұрсың ғой! Қыстың қырауы кетпей жатып қайдағы жылан, тілінді кәлимаға келтірші! — деп Асекең майыса қалды да терезенің алдындағы шартық графиннен ұртын толтыра бір ұрттап Ситанның бетіне бұрқ еткізді.

Жылан көрген бақадай жанары шатынап отырған жылбысқа сары Асекеңнің үшкірігінен соң барып есін жиды да жан-жағына жатсына қарады: Бекетке — мына біреу қайдан жүр дегендей болды, Асекеңе — сені қайдан көрдім дегендей болды, бақайынан тістеген жыланның еденде бықсып жатқан сигареттің тұқымы екенін сезген де жоқ.

— Тұрқы қораш, тұрпаты стандартқа жатпайды демесең, бүл енді осы өңірге бітпеген мырза жігіт, — деп Ситанды таныстыра жүріп Асекең есікті ашып айғай салды. — Ау, бұл үйдің бойжеткендері қайда кеткен?!

Бір көзі қитарлау, қасы қара, кірпігі жирен, секпіл бет Ситанның стандартқа жатпайтын елде жоқ бет-моншағы бұл үйге бөтенмін деп отырған жоқ, малдасты құрып, жақтауға шынтақтай қисаюына қарағанда жауыр диваннан бүгін түсетін емес. Көзінің астындағы ісік пен сүйекке жабысып қалған бет терісіндегі сап-сары өттің табынан асқазан, бүйрек -бауыр, ішек-қарын сияқты іштегі жылы-жұмсақты қожыратып алған сияқты. Япырай, бүл өңірде де адам ауырып, кісі өледі дегенге кім сенер, тағымен таласып оттап, күреңсесін емсе де мәйек жалғайтын жұмақтай дейтұғын ну тайганың жынысында отырып та бойға дерт жамаған қай мырзалық болды екен?

Есіктен таласа кірген екі кемпір Бекетті көріп босағадан озбай қалды.

— Ойбу, сылқым қайным кеп қапты-ау! — деп Ситанды көріп сынықсыған болды. — Әлгі біздің келін қалай, ауру-сырқаудан аман ба?..

Бетінде бұршақтай меңі бар сырықтай ақ құба кемпірдің сылқым қайнысы мынау болса, серісі қайда жүр екен дегендей Бекет Ситанның секпіл бетін тағы бір тексеріп шығып еді, бір түгі селт еткен жоқ, сөлем қайырудың орнына қайыстай күсті қолды қолтығына тығып жіберіп осып-осып тастады да шыбын санағандай терезеге қарап қатты да қалды. Қос кемпірді кемпір десе де, келіншек десе де болғандай екен: жүздеріндегі қыз кезінен ұйып қалған жасқаншақтық пен жылы нұр, тоза қоймаған әйелдің бұла бітімі бойда кеткен жастықтың жұрнағымын деп тур да самайдың ағы, алқымның торы, ерінді жиектей кертіп-кертіп түскен кейісті әжім сол жастыққа зорлап кигізген кәріліктің маскасы секілді. Екеуінің ажарынан да кешегі өткен соғыстың жеңгелер жүзінде қалып кеткен мұңлық портретін Бекет жазбай танып еді. Сірә, Асекеңнің бойжеткендері осылар болды-ау...

— Иә, ауылда неше үй бар екен, есебіне жете алмай жүр едік, — деп Асекең қос кемпірге қадалды. — Шал-шауқандар аман ба?..

— Баяғыда соғысқа жарамай қалған екі ақсақ пен үш соқыр енді Құдайға керек болып қалды деп пе едің? — Ақ құба кемпір пештің шойын қақпағын ашты да әлденеге назалы адамдай күйгелектеніп, еденге құмалақтап тұрған шаланың күйе бөксесін көсеумен түйгіштеп-түйгіштеп оттың көмейіне тығып жіберді.

— Е, аман болсын да! — дей салды Асекең де. — Әйтеуір ажалынан бұрын өлтірмесеңдер бопты да!

— Әдірем қал! — деді бұғағы жас баланың білегіндей түрілген ет-жеңді сары кемпір. — Отыз жыл бойы қыңсылатып қамап ұстап едіңдер, жиырма жасымда ноқта үзбегенде енді байсырап жүр деп пе едің?!.

— Жиырма жасында байларын жалмап алып, енді соның бар жаласын бізге жаппақ!

— Сөзін қарашы!.. Жалмаса пәшес жалмады да! Біз байғұс әлі күнге етегімізге намаз оқумен отырмыз. Әкелерің содан иманды болса, ендігі қара жер бір хабарын берсе керек еді ғой! Әдіре қалғыр, сендер болмағанда соқыр демей-ақ, ақсақ-тоқсақ болса да бір сүмелектің шаужайынан ұстар едік-ау! — деп сары кемпір өзін де, Асекеңді де біраз жерге жеткізіп салды. — Танауыңды теріс бағындырмай айтарыңды айтсай, неге шақырдың?!.

— Япырай, менің танауым-ақ жалпақ елге жүк болды-ау! — деп Асекең аяқ-астынан монтаныси қалды да сары кемпірдің резеңке кебісін шажамайынан езіп, тепкілеп киіп сыртқа беттеген, табалдырықты керген сыз есікті бөксесімен түйіп ашып: Ақсақ пен соқырға жете алмай жүріп біреудің танауында несі бар екен?! — деп құңқ етті де шыға қашты.

Қырсық егерьдің мұрнының дәнекүстігіне ғана емес, сөзінің қисықтығына да қос кемпір көндігіп алса керек, қаперіне де алмастан еденнің қоқырын сыпырып, көкірегі сағал-сағал алюминий шайнекті суға толтырып плитаға қойды. Лесхоздың бас инженері Сан Саныч ертеңгісін Бекетті жетелеп келіп, осы екі кемпірдің қолына өткізіп кеткен, содан бергі жарғы күннің ішінде бұл да жарты ғасырдан бері таныс адамдай екеуіне көзі қанығын қалды. Мына екі этажды ұш коттедждің биі де, күңі де осылар сияқты; келімді-кетімді жұртты қарсы алып, шығарып салатын екеуінен басқа көшелі жан жоқ, отымен кіріп, күлімен шығып, шкафтағы төрт-бес кесе, пұшық қумаңды баптауына қарағанда қара суды да осылардың қолынан тататынын сезіп отыр. Соңғы он шақты жылын түзде өткізген Бекет өмірі шешесін есіне алып көрмеген екен. Бір ұқсастық тапса неғылсын. Тоқ отырып тозып, тойып отырып азып, тандап отырып таусылған, барлықтан ғана қажыған анасы көз алдына келгенде, еш пендеге міндеті жоқ, жұртты жүзімен де жылытатын мынау екі мұңлықтың алдында қарадай қысылып, еш болмаса бір мұңын бөліп-жарғысы келіп еді, бірақ өз пейілінен бір жақсылықтың өнетініне сенімі жетпеді. "Әлгі қисық мұрын неменеге шақырды?.. Осы менің көрінген итке еріп кете беретінім не?!".

Ситан қалғып кеткен екен. Талғақ қатындардай бұл да тамағын жалмап отырып ұйықтайын мықты екен. Тершіген қарағай есік тепкіден курс етіп ашылғанда селк етіп оянды. Не сиқыры барын кім білсін әйтеуір қисық мұрыннан әзірейілдей қорқатынын аңғарды.

Асекең бүйірінен қан тепкен кенеп қапты сүйреп кірген. Енді ғана мүйіз жарған тайынша бұланның үйтілген басын суырып алғанда:

— Көтек, мынасы несі?! — деп сары кемпір от басынан ыршып кетті.

— Шошымай-ақ қой, әйтеуір сен сотталмайсың. Анау сылқым қайның екеуіңе сыбаға деп арқалап келді. Тура отыз шақырым...

— Әкет, ойбай! Пәлесінен аулақ! — дегенді сары кемпір Ситанға арнап айтып еді. — Сол Мәтпұсаңның өзіне апарып бер!..

Мәтпұсаның кім екенін сары кемпір де, ақ құба кемпір де түсінген жоқ, әйтеуір екеуі де кенет қаптың ішінде ап жылан жатқандай ат-тонын ала қашып, азарда-безер болып атып -атып тұрды. Асекең әдейілеп осы үйге соғым басын өңгеріп келгендей былқ етпестен сары кездікті бұланның бозарған көзіне кірш еткізіп тығып алды да екеуінің аяғына итеріп тастады.

Асатпай жатып құлдық жоқ, таныспай жатып талақша жабысып еді, осының арты арандату болмасын деп Бекет күдіктене бастаған, бірақ жылбысқа сарының желіндей бетінен де, қисық мұрыннан да дым оқи алмады. Жанторсықтай салақтап егерь мен объездчиктің қанжығасынан қалмайтын, ел ішінде "бәле боқша" атанып кеткен, ішінде акт мен штраф квитанциясынан басқа қор жатпайтын полевая сумканы аша бастағанда-ақ қос кемпір қисық мұрынның қолына оралып жылан шыға келетіндей бақырайып еді, Асекең де ернін шүйіріп, әлдебір әуенді ысқыра отырып, жаны кіріп, жасап қалды.

— Анау басты көрдіңдер ғой? — деді. — Көрдіңдер! Енді иесін тапсаңдар да, итке тастасаңдар да обалы сендерде. Бірақ мынау қағазға куәгер болып қол қоймай біреуің тырп етпейсіңдер!

Самауырдың шогын сылтауратып алдымен сары кемпір сытылып кетпек еді, Асекең шошайған сұқ саусағының ұшымен тоқтатып алды.

— Самауыр бізден қашпайды! — деді. — Кеш батып, таң атқанша әлі талай самауырды тоңқарамыз! — деді.

— Әкетайым-ау, іңкібідіңе апарсаң да қол қоймаймын! — деп сары кемпір шыр қақты. — Баяғыда мына қыздың селсебет болып өкіріп тұрған кезі, бір келе бидай ұрлады деп абысынның үстінен әктіге қол қоямын деп бір жесірдің обалына қалғам. Есіме түссе күні бүгінге дейін бетім күйеді.

— Мынау масақ емес қой, бас!.. Сосын бетің күйетіндей мен ешкімді сотқа берейін деп отырған жоқпын! — деп Асекең көзінен сорасы аққан бұланның басын тағы бір аунатып қойды. — Айтса да жарықтықтың жағын айырып, қазанға сала кел. Кепиеті атып жүрер, ит жегенше қонақ мұжысын.

— Әдіре қалғыр-ай, қашанға дейін бізді актымен қорқытасың?! Байымыздан қара қағаз келгенде де жанымыз қалған, бері әкелші! — деп ақ құба кемпір егерьдің қолындағы абысынның үрейін ұшырған бір жапырақ қағазды жұлып алды.

Әуелгі екпеніне қарағанда жыртып тастайтындай еді, екі жағын кезек төңкеріп тінтіп шыққан соң, сабасына түскен сияқты, қорапты көзілдірігін бешпентінің қалтасына сынып кететіндей үлбіретіп салып, алдымен жауыр креслода өліп жатқан сылқым қайнысына таңдана қарады да, қисық мұрын қайнысына қадала тоқтады.

— Осының бәрі рас па?

— Өтірікке бола ит өлген жердей сабылып жын ұрып па?!

— Әй, қожа қайным, мына қу бастан басқа қызарғаның жоқ па? — деп есікке барып қалған сары кемпір қайта бұрылды.

— Бір бұланның басын місе тұтпай тұрсаң, анау қапты да ала кет, соның ішінен де қазанға қақ болар бірдеме табылып қалар.

— Мына байғұсты сабаған жоқсыңдар ма? — деп ақ құба кемпір егерь мен Бекетке сенімсіздеу көз тастап қойды. — Бүйтіп ұйықтамайтын еді ғой... Түртіп жіберші өзін.

— Мұны сабап өле алмай жүр деймісің?! Түнімен ішкен заһардың кәйфі де манауратқан... Мырза!.. Ситеке!.. Айыпқа бұйырмасаңыз, бас көтеріп, мына жұртыңызға шырайлы жүзіңізді бере отырсаңыз!.. Күтіп қалдық қой!.. — Бүйірінен тиген қисық мұрынның біздей саусағынан Ситекең ұшып кете жаздады. Божыған езуінің суағар жықпылын қолының сыртымен сүйкей салып, жаңа көргендей ақ құба кемпірдің бұршақтай меңіне ұзақ қадалды, шаршап-шалдығып, ұзақ күрсінді. Мөлиген сарғыш жанары шыныдай жылтырап сынып кетейін деп түр еді, заһардың уыты көзінен шықты ма, әлде бір жұтым бірдеңкенің зары ма, әйтеуір дәл осы кейпінде қапы бір шөліркеу бар. Залымдығы ма, зарын ұққаны ма, қисық мұрын бәле боқшасынан флягасын суырып, темір оймақпен бір елуді ұсына қойды.

— Байқа, мырза, іспірт қой...

Ащы сусынға таңсық пақырдың тамырын тәуіптей басуың жаман, кезінде ақтың да, қызылдың да қабырғасын қақыратқан қусың-ау деп Бекет отыр. Темір оймақты төңкеріп тастарда жыланқұрттай жиырылып, артынан желіндей созылған сылқым қайнысының жылбысқа жүзіне телміріп ақ құба кемпір отыр; іш-бауырының езілуі соншама, қайнысы кемсеңдей бастаса қосыла жылап, күлсе қосыла жыртыңдайтын түрі бар. Қисық мұрын флягасы мен оймағын "бәле боқшасына" қайта тығып әлдебір әуенді ысқырып отырған. Жауыз екенсің-ау деп Бекет бұл жолы өшігіп тынды.

Қарағай есік тағы да дүңк ете қалған, бұғағын бөктеріп сары кемпірдің басы көрінді.

— Әй, қыз! Басты бөлек асайын ба?

— Немене, бүкіл лесхозда бір-ақ қазан бар ма еді?! — деп Асекең жауапқа бұрын үлгерді.

Сары кемпір есікті сарт жауып еді, Құдай сақтап басы бер жағында қалмапты. Асекең ысқырып отырып ақ құба кемпірдің қолындағы бір жапырақ қағазды Бекетке алтын ұстатқандай баппен жеткізді; "Почтовый перевод на тысяча руб. Директору Кртанағашской начальной школы. От Ситана Қотырбасова. Для письма: прошу Вас мое скромное сбережение использовать на нужды моей родной школы. С уважением, ученик сороковых годов Сиған".

— Мұның лесхозға не қатысы бар?

— Оның бәрін тергей берсек, пәндә шіркін дүниеге неге келеді деп те қиғылық салуға болады. Бізге керегі — куәдір!

— Оның қажеті қанша?

— Ситекеңнің мырзалығына поштаның үйірден шықпаған өңшең бір қысыр келіншектері сеніңкіремей отырғаны. Ал менің беделімнің жармысын мынау қисық мұрынның жеп қойғанына көзің жеткен шығар, — деп Асекең сұқ саусағымен қырсық боп жабысқан танаудың қыр шеміршегін майыстырыңқырап қойды. — Қарғанып айтсақ, бізге жергілікті советтің бір депутаты, бір шаруаның басшысы, сосын Алланың бір күнәкәр пәндәсі керек. Сілейіп айтсақ, депутатың мынау бойжеткен, басшы өзіңсің, пәндәң менмін!

— Басшы керек болса директорға бармадыңыз ба?

— Директорыңыз бошалап кетіпті. Кетпесе де тезегін қайырылып бір иіскегенге мәз болатын кербез сылаң күр азбан өлсе қол қоймас еді. — Елуден соң бөтекесіне ел қонғандай ақ тер, көктер болып қалжалы отырған "мырзасына" Асекең бас салып сүйіп алатындай емірене келіп итінсін-ай. — Алты арысқа бітпеген қайран Ситекем-ай, ақ малыңды өткізе алмай қор болдың-ау! Қор болдық!

— Әй, сен зауал сұңқылдамай қоя тұршы! Төбемде тауықтың миындай ғана көже -көпсегім бар еді, теріс айналдырып жібердің ғой! — деп ақ құба кемпір Асекеңнің аузын зорға қақпақтап "мырза" қайнысына шүйілді. — Әй, көпегім, ит жұлған терідей дал – дұлың шығып нағып отырсың?! Тіл бар ма сенде өзі?! Әкең Қотырбасқа бітпеген осынша байлық саған қайдан келді?!

— Енді... бар ғой... болады да...

Тұла бойы балқыған жылбысқа сарының жанары да түтіндеп кеткен екен, самайындағы бес тал түбіт пен бусанған жылтыр еңбегін бір сипады да қасындағы қисық мұрынды күншіліктен іздегендей иегін оқшырайта көтерді. Тілемсек кейпінде "бірдеме десей" деген жалыныш бар еді.

— Е, бар ғой... бас аман болса болады да, — деп қисық мұрын "мырзасының" сөзін қайталап тынды.

Поштаның қысыр келіншектері түгілі, Бекеттің өзі де осы бір түсініксіз "шаруаның" ар жағында шырғалаңы бар ма деп күдіктеніп, қисық мұрынның аударған шектей жылпылдауынан шошиын деді. Сол шырғалаңнан сытылып шығудың амалын іздей бастағанда, өзіне тел еңгезердей сары самауырды көтеріп кірген сары кемпір тапал жозыны үшеуінің алдына дөңгелетіп қойды да, қашар жолды біржола бекітіп тастады. Ақ құба кемпірдің әлі де иланатын түрі жоқ екен, енді Ситанды екінші жағынан келіп қамады:

— Ондай ас та ток дүниең болса, анау сегіз баланың үстіне, құтыныңның бұтына жапсырмайсың ба?! Мен білетін Қотан ағаштың мектебі сені жарытқаны шамалы еді ғой, нағып оған өзегің үзіле қалды?..

— Қайран жеңешем-ай, селсебеттің секретары болғаның рас екен-ау, жұрттың бала-шағасына дейін түгендеп алыпсың! — деп Асекең жеңгесін әңгімеден адастырып жіберуге кіріскен. — Мұнда бала-шағадан басқа да есеп-шотқа түспеген талай мүккәмәл бар ғой!..

— Әдірем қал! Сен мені өйтіп қорлама! — деді ақ құба кемпір, — Мен секретары емес, председателінің өзі болғам! Уборщитсаның шоқпытына еремін деп жетекшіл болып, тозған кезіме тап келдің де, әйтпесе, қылша мойның талша деп отырған жеріңе қазық қып қағып жіберетін едім ғой!

— Қалпы айтсам кечирип қойғун, жееше! — деп қисық мұрын жалт беріп шыға келді. — Ал, жолдастар, шайға жүгінелік. Мырзам, қамау терің әлі де шықпай отыр білем, бас шайға, бас! — деді. — Бұйыртса құйқасы дірілдеп бұланның кәлләсі де келер! Зекетіңе болайын Ситекем-ай, сол шіркінді сен атпағанда бүл жерден құрауыз аттанғандай екеміз-ау!..

Мың сомның төркіні — бір бұланның айып құны екенін Бекет енді түсінді. Жылбысқа сарының сіргелі тайлақтай қисық мұрынның қақпайына қамшысыз сүмеңдеуін ұққан соң барып оған деген іштей жанашырлығы да қолп етіп түсіп қалды. Картадан ұтылғандай сары кемпірдің қаймақты шайын да қобалжып отырып, дәмін алмай, қоңылтақ ішіп еді.

— Осының өзі айналдырып келгенде аң шаруашылығының дауы болды ғой, — деп манадан бергі мылжың-сонар кеңестің кесімін қисық мұрынның өзіне итеріп тастай салды.

Асекең де оның ішек қатпарын тұтамдап оқып, алдын күні бұрын орағытып отыр екен, алыстағы бір ағайынға көлденең аттыдан аванспен сәлем жолдағандай күңк етіп:

— Ауданға жеткенше ит түгілі Ситекеңнің өліп қалмасына кім кепіл, — деп немкетті ғана сөзінің аяғын қылғынбай жұтып қойды.

Егерьдің күңкілі де қасақана екен, қос кемпірдің құлағына инедей қадалған немкетті сөз екеуінің де кесесін дастарқанға еріксіз қайтарды.

— Тағы неменені бықсытып отырсың? — деді ақ құба кемпір.

— Бықсытып отырмыз, — деді Асекең былқ етпей. — Бықсытамыз ғой... Өрт шықпай тұрғанда бықсытып өшірмесек... Әйтпесе, бір бастың ар жағында млисә жүр, млисәнің ар жағында бркорол көрініп тұр, бркоролдың ар жағында сот отыр. Оның ар жағында біраз жылды арқалап та кетуіміз мүмкін. Ситекеңнің тайгадан тартып жеген соғымы жалғыз осы болса бір жөн ғой...

— Тек отыршы әрі төндірмей! — деп сары кемпір Асекеңнің кесесін көзінің қиғашымен ұсынды, — Анау сегіз баланың обалы жібермес!..

— Тек отырмыз ғой, — деді Асекең. — Сегіз баланың обалы деп тек отырған жоқпыз ба... Сегіз баланы азсынсаң, тана-торпағымен бес сиыр, он бес жылқы, жыл сайын етке өткізетін он өгіз тағы бар. Ситекең келгенше есіл малға кім ие?.. Солай, бикештер! Ситекеңнің жоқшысы сендер ме, жоқ әлде мен бе, сол арасын біле алмай, түбі ақ танау қара есектің өзі мен боп шығам ба дегенде шырт ұйқымнан шошып оянам!..

Есек атты хайуанды кещелер категориясына жатқызса, ақ танау қарасы соның классикалық варианты болса керек. Есек көрмеген елге оның психологиялық тегінің қалай жетіп жүргенін кім білсін, әйтеуір қисық мұрын өзін-өзі қаншама босағаға апарып тастағанымен кещелерді былай қойып, орта бойлы, қоңыр төбелдің қатарына да сыймайтынын Бекет іштей сезіп қалды. Біреуді мүжіп-жегенде жілік майына дейін қақтап, қан тастататын кеспей-бауызданың мақтағаны да даттауға бергісіз, тиіп кетсе ойып түсетін нағыз усойқының өзі ғой. Нағыз усойқы! Ғұмыры біреудің құйрығына қалжуыр байлап көрмеген Бекет қарап отырып қисық мұрынға ат тауып қойғанына қатты қуанды.

Усойқьшың алдында бес қаруынан түгел айрылған ақ құба кемпір "почтовый переводтың" етегіне қол қойып құтылдым ба деп еді, кілтипанын түгендеп шыққан егерь тағы да кері итерді.

— Әншейінде ғой, селсебет болдым деп шіренгенде жалғыз қамзолдың сауырын жыртасың! Лауазымыңды түгендеп қой! Дүниеде сарқыт коп. Қай Сарқыт, кімнің сарқыты екеніңді жұрт қайдан біледі?!

— Аш қолтыққа жабысқан таскенедей сен де бір танау тыққан жерден мойның үзілмей түспейтін пәле екенсің! Қай Сарқыт екенімді ел біледі, кімнің сарқыты екенімді зираты белгісіз ағаңды көрден тұрғызып сұрарсың!.. Ал, ендеше, осыдан мұрның орнына келетін болса!..

— Ойпыр-ай, мына қолыңды оянкомат көргенде кешегі соғыста полковой писарьлікке алып кеткендей екен-ау! — деп Усойқы арбайған жазуды шұқшиып тағы бір оқып шықты да Сарқыттан құдды қарызын қайтарып алғандай қағазын қырық бүктеп Ситанның қалтасына салды.

Сары кемпірдің еңгезердей сары самауыры еңкейіп барып шүр еткенде осындағы төрт көздің жемсауы да шағанақтап қалған. Іш кептірген шай емес, Усойқының саудасы еді. Жалынғандай болып келген қисық мұрын ақыры жалындырып жүріп қол қойдырып алды да "бәле боқшасының" аузын ашты. Төрт мың сомды санап, шып-шырғасына тиіспей жалбысқа сарының қолына ұстатты.

— Мынау бес өгізіңнің пулы! Анау мың сомды бүгін салмасаң ертең прокурордың алдынан табысамыз!.. Тәсбидәние!.. Жоғал!..

"Жоғал" дегенді Усойқы сары кездікті тапал жозыға қадап отырып айтып еді. "Жоғал" дегенде оның жыланның көзіндей шүңірейген суық жанары жылбысқа сарыны жұтып жібере жаздаған. Жылбысқа сарының жауыр креслодан қалай тұрып, қалай киініп, қалай кеткенін былайғы жұрт білмей де қалған. Қос кемпір тіл-ауыздан айрылып отыр еді. Бекет бүгінгі спектакльді сіңіре алмай отырды. Қисық мұрын түк көрмегендей, түк болмағандай әлдебір әуенді қаннан-қаперсіз ысқырып отырды.

3

Қызыл қарағайдан соққан қос қабат коттедждің түнемелі үстінде еді. Іргеден ескен сары тап жылудың лебі, жалаңаш қабырғадан танауға ұрған шайырдың қош иісі ши ішінде демігіп жататын қымыз сабасын еске салған. Жеңіл бол сын деп балқарағайдан жасаған жұпыны мебель, жұпыны болса да тепкілесең сынбайтын берекелі зат. Лесхоздың өз цехында жасаған құстар. Дегенмен осылардың бірі де астанада жоқ мүккамал. Аш көзге не түспейді, ашқарақ көңілге не келмейді, жоқ жерден дүниеқоңыздығы ұстаған Бекет: "Әттең, көшіріп әкетер ме еді!" — деп қызықты. Усойқыңа үн жоқ. "Беке, кечирип қойғун, көз жұмарсыз ұйықтай алмайтын ауруымыз бар! — деп қисайғанына бір сағат, содан бері тырс еткен жоқ еді, көршісі дөңбекши берген соң ба, кітабын жастық астына кепіл қып тығып, желкесіндегі жетім лампаны кіндігінен басып өшіріп тастады. Арықтығы скелеттен озғандай екен, тізесінің ұршығы көрпе астынан ырсиып жатыр. Аспанға қарап қатып қалған сияқты еді, сол қалпында бетінің бір түгін жыбырлатпай:

— Қаншаға келдің? — деді.

— Жасымды айтасыз ба?

— Жасынды қайтем, жасың маңдайында жазулы тұрған жоқ па, дәл осы жерге дегенім де.

— Біржола қалам ба деймін.

— Қал... Қалыш керек.

— Осы сіз қырғызша сапыратыныңыз қалай?

— Ә, ол да қырттықтың бір түрі ғой... Бір шама қырғыз достарым бар еді, көрмегеніме он бес жыл... Ағайынның тілінде сөйлесең ашуың басылғандай болатыны да бар...

— Он бес жыл бойы осында істейсіз бе?

— Пәшти... Екі жыл Меккеге барып кайтқанымды есептемегенде...

— Шәриғат жолымен бе?

— Пәшти... Браконьер деген жегжатымның өкшесін жақанмен жамап беремін деп екі жыл лагерьде отырып қайтқаным.

— Жегжатыңыз әлгі Ситан емес пе?

— Үстінен түстің.

— Не істейтін адам өзі?

— Аңдитыны мен, ататыны — көзіне тышқан түссе де тірі жібермейді. Бір кезде бастауыш мектептің дырдай мұғалімі еді, сол тышқанның терісіне бола Семейдегі сырттай оқуын он жылға созып, ақыры екеуін де тастап кетті.

— Япырай, тірлікті тышқан терісіне айырбастайтындар да бар екен-ау.

— Бар ғой, бар... Бұл тайгада не сұмырай, не сұңғыла жоқ дейсің. Бәрі бар!.. Тек адамынан хайуаны, түлкісінен тышқаны озып тур да. Кей тышқанның пулы Ситанның құнынан да қымбат. Бір дорбасын арқалап қала базарына бір барып кайтсаң ошарлы жанға он жыл талшық...

Асекең көлдей орамалмен көзін тас қылып таңып алды да сілейіп тұрып жатты. Сырт көзге төсекке таңып тастаған жылды сүрей сияқты еді. Бекетке жілік-жілік қылып боршалап, дәкемен бүркей салған мәрттің аш қаңқасындай көрінді де әуелде іргесінде өлік жатқандай тұла бойы түршіккен: не дыбыс жоқ, не тыныс жоқ, дағарадай орамалдың астындағы қисық мұрынның үңірейген қос мұржасы өкпе тұсыңнан дым сызбай андып кеп жатқаны.

Асекеңнің әдеті осы еді. Түннің бір әлетіне дейін кітап оқып, таң ата барып көзді сүлгімен таңын алып жата береді. Ұйықтап та жатпайды әйтеуір жатады. Әйтеуір жамбасы талғанша тал түске дейін аунап тұрады. Бұл мезгілде Алланың да сәлемін алмауға бар. Қайда барса да "бәле боқшасын" кітапқа нығарлап шығады. Солардың біреуі де жалпақ жұрттың сауатына сия бермейтін, жалпақ жұртқа қажеті жоқ қайдағы жоқ нәрселер.

Бүгінгі жатыс бөлек еді. Бүгінгі жорық та ересен болатын. Жолға шыққанда кешегі іңірден бері жүз шақырымды жаяу өлшепті. Аты бар болғырдың паясын қасат қарға қажатып алып... "Қап, шөп түбіне бос қоя бермегенімді қарашы!.. Көршідегі бетпақ көрсе жақсы-ау!.." Қол-аяғын жия алмай жатып жалғыз атын ойлады. Денесі дел-сал, жүз шақырымды жүріп емес, әлдекім сүйретіп әкеліп тастап кеткендей.

Бәленің басы Ситан сыболыш!.. Қасында жүріп-ақ қан қан қақсатып кетеді. Сөйтіп жүріп жанынан қорқады еще!.. Он өгіздің бесеуін өкіметген жасырып, Асекеңнің атынан өткізіп еді, былтыр күзде тапсырған еттің ақшасын биылдың наурызына дейін созған заготскот онсыз да тышқаннан тиын сауған Ситанның өмешегін үзердей болған. Күнде келіп қиқиып отырып алған соң, соның ақшасына бола аудан басына барып қайтып еді. Аюлының жалғыз заимкесіндегі жалғыз көршісі орманшы Тынымкүл бұланның тана бұқасының талыстай терісін жайып салып отыр екен. Сумен ағып келді деді, талға оралып жатқан жерінен тауып алдым деді. Теріде не оқ тескен, не пышақ кескен жыртық жоқ. Құдды түрегелтіп қойып шешіндіріп әкеткен сияқты. Қыс та қатты болған жоқ, пұшпағының шелі майлы екен, өлмелі арық-тұрақ болмаса орманның тағысы оқ тимей жығыла ма?..

— Арғы беттен ажал қуып келген бейбақ болды ғой.

— Арғы бет пен бергі беттің ен-таңбасы бөлек деймісің, қайдан келсе де әйтеуір мал сенікі, жауабы да сенің мойнында, — деп Тынымкүл мырс-мырс күлді. — Кім де болса ит екен, ырымға болса да мал иесіне ішек-қарнын орап жіберсеші!..

— Көптен қызыл көрмеген орманшы бұқаның терісін шикідей жұтып қоятындай көзі қарауытып, кәдімгідей кейіп тұр еді.

— Мүмкін, арғы беттен терісі ғана келген шығар?..

— Бұл тұста бізге қарай ағатын Бұқтырмада қолтық жоқ. Қарашы, терінің шелін де су сорып үлгермепті, қанталап тұрған жоқ па. Ендеше, қасапшы да бұқаны осы жағада жәукемдеп, қанжыны мен терісін сәлем – сақпыт қылып сізге әдейі жіберген... Ішпей-жемей күпті болған деген осы, Тынеке!..

— Әй, сен осы менен көріп тұрғаннан саумысың?!

— Мен көрмей – ақ қоярмын-ау, бірақ, арғы бетте де аңдушы бар емес пе?..

Арғы бет пен бергі беттің ен-таңбасы бір болғанмен иесі бөлек. Мұрны бүтін демесең, ол жақта да бір Асекең отыр. Екеуі Бұқтырманың суына дейін қақ жарып, ұшқан құс, жүгірген анды да қақ бөліп қорып, қорығына кіріп кетпесе хайуан түгілі, кісі өліп жатса да бір-бірінің ісіне қол сұққан емес, әрқайсысы өз алдына дара хан болып отырып, талай -талай дау шарды бір-біріне итеріп тастаған кездері де болған. Бірақ тұзы жеңіл ме, түбі Асекең жалғыз қалады да жұрттың бәрі қашанда Асекеңнен арамдау болып шығады. Қанша бір жау дегенмен бұл жолы да оқыс шығынды көршісінің есебіне жыққысы келмей – ақ тұр.

— Бұл байғұс арғы беттен жүзіп өткен, — деп Асекең теріні тірілтіп алатындай нұқып тілдесті. — Жағаға іліге бергенде бергі бетте тосып отырған Ситан сыболыш қасқа маңдайдан картечьпен қағып түсірген.

— Ситан?!. Ол итің кеше ғана үйіңнен аттанып еді ғой?!

— Ол ит кімнің дәмін татпай жүр дейсің! Бірақ ондай итті дом атушы ма еді!.. Менің бетімді теріс қаратып жіберіп, қайтып кеп қотаныма түскені де!..

Ситан ойында да жоқ еді. Аузына қалай түскенін өзі де білмей қалды. Сол жылбысқа сарыға теліп қойған қай Құдай екен?.. Боқжемесе иттің басы ауырады демекші, әйтеуір бір сасыққа былғанбаса жүре алмайтын өзіне де обал жоқ. Маңдайына тиетіндей-ақ болып еді...

Шолып қана қайтамын деп талма түсте жаяу шыққан Асекең қайтып үйге оралған жоқ. Жағадан екі аттың ізін кесіп еді, тура Жындысайға тартыпты. Бірінің артқы тағасы сынық, тұяғының жарығы бар екен, Ситанның астындағы шағыр көз шабдардың артқы сол аяғының шырқылы бары есіне сарт ете қалды. Жарты таға алғашында Жындысайға жетелеп келіп, жалт бұрылып Жаманайға салып еді, артынша оны да көктей өтіп Қотанағашқа беттегенде ұрының Ситан екеніне күмәні қалған жоқ. Қасындағы Мәтпұса, әйтпесе Пәтләсі болар. Иттің адастырғандағы түрін!.. Бұл тайгада бүгінде ұры тұрмақ бит жоғалар ма екен!..

Жаз айында болмаса қыс баласында ат тұрмақ адам ізі түспейтін Қотанағашта бар болғаны жиырма түтін, бес-алты кәрі-құртаңын қосқанда бауырынан дәретке отыратын жиырма еркек, жиырма жаулық, төрт кластық бір мектебі, бала-шағаның нанын айырып отырған су диірмені ауыл советтің есебінде де жайлы жылдары саусақ жалатып, жайсызда шелегі қаңсып қалатын омартасы совхоздың есебінде. Бір кезде алтын руднигінің қыстағы еді, алтыны таусылды ма, әлде алтыннан азабы көп болды ма, әйтеуір соғыс кезінде жабылып қалған прииска қайтып ашылған жоқ та жиырма түтінді ел қылып отырған азаматының түрі Ситандар еді. Ол сабаздың да заимкеге көшіп кеткеніне он жыл, артында қалған Мәтпұса, Пәтләләр жылына екі-ақ дүркін "зряплата" деп аталатын жалақыға бола ойға түсіп, соның өзіне Парижге барып қайтқандай кейкигенде сіңбіре алмай қалатын, дорстройдың макарон көжесіне бір тойса шала байып, үйіне жеткенде бала-шағасын танымай қалатын жуандар. Сөйтіп отырып, ел шетінен тышқақ лақ жоғалса, құйқаның иісі Қотанағаштан шығатыны және бар. Ұрлық істедім деп жасыған бір пәндәсі, ұрлық істеді деп жазғырған бір пәнде болса нағылсын. Асекеңнің танауы қисықта болса сол иісті бірден алып еді...

Ситан мен Мәтпуса қызыл ала қан болып жайрап отыр екен, тура үстерінен түсті. Бұқаның етін қадағын бір сомнан осындағы жиырма түтінге салық қылып бөліп, бірер жілік пен үйтілген бас енді кешіккенде қазаннан табылғандай екен.

— Қолың ұятыңа жетпегір сұмырай Ситан, артыңнан бәле боқшаның ере келетінін ішім сезіп еді-ау! — деп Мәтпұсаның қамыт аяқ жорға қатыны байы бүгін өлгендей сұңқылдап шыға келді. Бір жартыны тоңқайтып, екіншісінің топысын жаңа шешіп жатқан Мәтпұса қотан аяқ жортасын қамшының астына алмағанда Асекең қашуға қалып еді.

— Е, бәсе, қашанғы жеңгемізден таяқ жей бересің, сен де өстіп анда-санда ең болмағанда кісі келгенде көсеуіңді көрсетіп қойсаңшы!..

Асекеңнің жылы сөзіне алдымен жадырап салған жорға Бикенің өзі еді, майпаңдап жүріп көрпесін сілкіп салды да төрге шақырды. Демде қуырдақ та келген, іннен шыққан тышқанның қызылшақа балапандарындай тұс-тұстан кимелеген жалаңбұттарды көргенде табаққа қасық ала жүгіруге Асекеңнің дәті жетпеді, немерені қосқанда Мәтпұсаның ұрпағы отыздан асыпты, жорға Бикесі егіз-егізден тауып, күні бүгінге дейін келіндерімен жарысып отыр дегенді естіген. "Ала қой, айналайын!", "келе ғой, жаным!" деп әрқайсысының алдына шөкім-шөкім қуырдақ тастаған Асекеңнің Ситан сыболышы шынымен-ақ көп боқташақтың жанашыры секілді еді, біреудің асына жорта жасаған жомарттығын, Мәтпұсаның тасасына тығылып алып, тағының бір танасын енді де қимаймысың деп қисық мұрынға көрсеткен носын бұл да сезбей қалған жоқ. Бір үйлі жанның қорыққаны "бәле боқша" еді, Асекең де барынша бұлданып, жорға Бикенің қотан аяғына құда түскендей-ақ ширатылып бақты. Содан ал келіп сілте! Ал келіп сілте!.. Түн ортасына дейін сілтесті. Бүл сілтеспен қисық мұрынды сілейте алмайтынын сезген Ситан сыболыш түн ортасында Мәтпұсаның құлағына сыбырлап: арақ таусылды, аяғын төбелеске айналдырып жібер деді. Мәтпұса кімді сабасын, айналдырғаны үш көз екен, Ситанды сабаса — асырап отыр, қисық мұрынды сабаса — ертең келіп діңкілдеп айдап кетеді-ау деп бәлелі жыртыққа бармағын қимады. Жорға Бикесіне бірден бас салуға бата алмай, ақыры жозы астындағы сұлап-сұлап жатқан бос бөтелкелерді, қылқындырып алып лақтырды. От басын жай түскендей жайратып: "иттің ғана қатыны-ай қалғанын қайда тықтың?!" — деп жорға Бикені жондауға кіріскен, арашаға түсер ме екен деп Ситан сыболыш Асекеңді андып еді, бүл да кесіп алсаң қан шықпайтын жауыз екен, Мәтпұсаның қол батырмай қодыраңдаған қоқан-лоқысын, Ситанның көз қысты мәнерін байқап қалыпты. Провокация өнбей жатқан соң арашаға айғай-сүрендеп Ситанның өзі шықты да бала-шағаны түгел оятып, түн ортасында тыныш үйді ұлардай шулатып бір – ақ тынды.

— Бабаңнан бақ қонбаған Мәтпұса! Жарымаған Мәтпұса!..Әжептәуір тектінің қызы едім, жетістірем деп алып едің, тепкіден көз ашпадым! Ойбай да ғана қожа қайным-ау, өлтірмесең ауданына ала кет, бұл неменің ұзыны мен қысқасын әлиментпен таңдатайын!..

Ағыл-тегіл, ебіл-себіл болып жорға Бике дағдылы репертуарына басып-ақ еді, арам қатқырдың жанарында дым жоқ екен. Көрер танды көзімен атқызған Асекең алғашқы тауық шақырғанда Ситанның шырқылдақ шабдарына мінді де, бұқаның үйтілген басын жағын айырмастан өзіне арқалатып жаяу айдап шықты. Жорға Бике қақпа сыртында қуып жеткен, қолындағы бір жілік етті қанжығаңа байлап кет деп жата жабысты. Мұның артында қандай пәле, қанша міндеті болды екен деп бет-жүзін пысықтап еді, жиырма құрсақтың толғағы мен Мәтпұсаның тозағынан басқа бөтен азапты аңғара алмады.

— Сөйт, қайным, қу бас арқалаған ырымға жаман, — деді.

Екі туып бір қалғанындай үзіліп тұрған соң "арамқатқырын" қайтып алды, бірақ "айналайын-ай" деген жоқ, ұрғашыдан көңілі қысырап кеткен жетім байғұстың ішіндегі балалайканың бір ішегі дың етті де, шырқылдақ шабдардың қолқасын қорқылдатып Ситан сыболышын қуып жетті.

"Осы итке теліп қойған қай Құдай екен?!. Өзіңе де обал жоқ! Бір сасыққа былғанбасаң басың ауыратын сайтаның бар ма?! Бұл ит қашып та кетпейді, бұл иттен қашып та құтыла алмайсың!" Ситанның соры қисық мұрын, қисық мұрынның соры Ситан. "Осындай ит те қатын алып, осындай итке де Құдай бала береді-ау!.. Біреу емес, сегізін!.."

Жер де тұман, көк те тұман, орманның боз шымылдығын қанжармен оссаң да жыртылатын түрі жоқ. Науаттай сіресіп қалған сүр қарды күрп-күрп сипаған Ситанның резеңке етігі мен шырқылдақ шабдардың шыны таптағандай күрт-күрт тықырынан басқа ес болар үн жоқ. Тоқты-торым емес, пілдей бұланның басы жә деген жігітті де мықшитады. Бөксесі шөмейіл, толарсақтап әрең келе жатқан Ситанның қан сіңген сары ала қаптан ербейіп суыр құлақшыны ғана көрінеді. "Міз бақпауын қарашы сыболыштың!.. Қаншаға шығар екенсің?!.".

— Өз басын өзі көтеріп жүрген аң еді, азапты өзің тілеп алдың!

— Ат көтеретін еді ғой...

— Сенің иттігіңді көтеріп жүрген шабдарға да обал-ақ!

— Сенің де бір нәрсеңді көтеріп келе жатқан шығар-ау!

"Ән – нә-ні!.. Астында жатып та бет тырнайды!.. Осындай итке жақсы қатын қайдан жолығады десеңші?! Сәмиға болмағанда баяғыда-ақ сүйегің тайгада қалатын сыболыш едің-ау!.."

— Сыболыш!

— Ay!

— Шыныңды айтшы.

— Шынымды айтсам сенбейсің, өтірік айтсам оңдырмайсың.

— Сенде де өтірік бар ма еді?

— Ептеп... Оным Сәмиғаны алдауға да жарамайды. Ал сені алдайтын адам әлі туған жоқ. Өзіңді өзің алдамасаң...

" Иттің көшелі бола қалғанын! Біліп те айтып келе жатқан жоқ!" Жанашырлық жасап қапты қанжығасына байлап алды.

— Енді өлмейсің, бас аяғынды!

Өлмесе де өлейін деп тур екен. Бет-ауызда форма жоқ, көлкілдеп тұрған көк балшық. Әкең Қотырбастың құны кеткен дей ішіп нең бар еді?!. Дағарадай суыр құлақшынның астындағы желкесі қылдырықтай боп үзілуге шақ қалыпты.

— Сыболыш!

— Ay!

— Мә, ұста! Бірақ рет жұт!

"Бәле боқшасынан" флягасын шығарып ұсынды. Бірақ рет жұтқан. Ойсыратып жұтты. Спирт екенін білмесе керек, үзіліп бара жатқандай сазарып, көк мұзға отыра кетті.

— Әй, зауал, өлтірейін деп пе едің?!.

— Неден мас болдың, неден өлдің — саған бәрібір емес пе? Бірақ сен ит өлуші ме едің! Енді тіптен өлмейсің, бас аяғыңды!

Жүрісі әжептәуір ширап қалды. Біраздан соң суыр құлақшынды шешіп, самайын сүртті. Желкесіндегі бір уыс түбіт өртеніп жатқандай бықсып, шыңылтыр төбесі түтіндеп келеді.

— Сыболыш!

— Ay!

— Сайра!

— Құдай бар, қыс бойы тыныш жүр едім.

— Енді жаз шыққанда аштан өлетін бе едің?!.

— Анауың ғой арандатқан. Арғы жақтағы қас дұшпаның. Бергі беттегі ата жауың да қот-қоттап қоймады!..

— Немене, сенің күнің соларға өтіп пе?!

— Бергі бетке айдап саламын деді. Бергі беттегі итің Қотанағаштағы жездеммен келісіп қойдым, жарты құны мен бір сирағы сенікі деген соң...

— Жарып қалған шығарсың!

— Былшылбай боп шықты!.. Екі – ақ жүз сом!

— Арам қат!

— Құдай бар, шыным!.. Анауыңның екеуін де мен де қатырдым! Бар түсімін Мәтпұсаға тастап кеттім... Қурап отыр екен, байғұс!

— Енді оларға не бетіңді айтасың?

— Оттамасын! Енді менен бірдеме дәметпек түгілі, ит-тонын ала қашпаса мен де ит болып кетейін!.. Алдымен бастарын сауғалап көрсін!..

"Анауың" да, "қас дұшпаны" да арғы беттің егері Әжібек кәззәп болып шықты ғой. Бергі беттегі "ата жау" Құдайы көрші Тынымқұлдың өзі! Қолды-аяққа тұрмай жылмаңдауы жақсы еді, оның да мысық көмбесі белгілі болды. Сорлайтын мына бейбақ!

— Бұланның айып құны мың сом екенін білесің ғой?!.

— Кет, әй!.. Сенде иман бар ма?!. Былтырғысын су тегін-ақ жеген сияқты едік қой!

— Осы жолы қаматпасам қисық мұрнымды кесіп әкет! Есе қайтты. Башма баш!..

"Нервісі ұлтаннан сірі болар ма сыболыштың! Былш етпеуін қарашы!" "Қатқаны қаматарсың" деген әйтеуір бір сенімі бар.

"Тағы да май өкшеден тартып жіберсем бе екен?.. Бәрібір екі жылдан артық бермейді...

...Маңайыңда құм шағылдан басқа қашып тығылар далдасы жоқ еңбек түзеу лагері кей түндері түсіне кіреді. Ол да бір ғұмыр екен-ау!.. Кейбіреулер отырып келгенін де әжептәуір даража қылады. Даража болар онда дым да жоқ. Кінәлімін деп қылмысыңды мойындап, сол кінәңді ақтап шыққанның несі даража екен? Ондайларды ел болып мүсіркейтінін қайтерсің! Ондайлардың міндетсінетінін қайтерсің! Жарты жыл ел үстінде қан майданнан қайтқандай шәниіп қонақ болады! Жарты жыл ел болып оған қызмет іздейді! Ел болып алдына мал салып береді! Не үшін?!. Асекеңді ел болып жабылып екі жылға жіберіп еді. Бар қылмысы — осы Ситан сыболыштың май өкшесі. Бар шатақ — бір иттің дауы. Иті ит-ақ еді! Елде жоқ, батыс-сібірдің лайкасы болатын. Әйтеуір Ситан иттен құны қымбат еді. Құны өзінен қымбат иттің сырттанын ізіне түсіп қалмаған соң бір күні атып кетіпті. Артынан қуып жеткен Асекең ет қызуымен май өкшесіне аю картечьтің біреуін сүңгітіп еді. Түгі де кеткен жоқ, жарты-ақ жыл ақсапты. Әттең, май құйрықтан дуплетті жапыстырып жіберу керек еді!.. Екі жылда Ситаннан басқа соңынан тірі пенде іздеп келген жоқ.

Ол жақтың да төресі мен қарасы бар екен: мұжықтар, ұрылар, сукалар. Мұжығы — мерзімді кінәсін өтеуге келген шопырлар, есепшілер, қыз алып қашқан жігіттер, арасында Асекең сияқтылар да жүр; ұрының аты — ұры; сукасы — кісі өлтіруге дейін ауыр қылмыстың айыпкері. Әрқайсысының өрісі бөлек. Сукасы — жабық цехтарда еңбек етеді, ұрылар — ашық аулада соларға шикізат дайындайды, мұжықтардың басы бос, иен далада жүр. Шаруасы шаш-етектен өзінше бір ел екен: жиырма мың қой, бір ферма сиыр, бір құс фабрикасы. Шөп шапты, жем тасыды, қора салды, үй тұрғызды; екі жылда соңынан бір күзет ерген емес. Қыз ұрлаған Ситан сияқты бір сыболыш қашамын деп тағы бір жылды жалғап алған. "Сорлы-ау, қашқанда қайда баратын едің?!" — десе, "ауылдың төбесін бір көріп қайтсам деп едім" — деп оттағаны бар... Содан соң бүл да елді сатынған. Бір қызығы, Қаратаудың бойын емес, тайганы сағынып еді, осы Ситандарды сағынған...

...Аспан айналып жерге түскендей. Құм шағылдың төбесі темір пештің бүйіріндей жалындап түр. Көлеңкенің өзінде қара шыбынның қанаты бырысқандай талма түстің кезінде қабын сүйретіп біреу келген. Қап-қара болып түтігіп, қабарып кеткен май беттен Ситан сыболышын зорға таныды. Әйтеуір екі көзі қалыпты.

Тілі аузына сыймай қылғынып тұрып:

— Енді өлсем де болады! — деді.

Елден топырақ салатын адам таппағандай қиямет-қайымға өлуге келгенін қайтерсің!.. Қабының майы, бетінің лайы пара-пар екен, жер түбінен жеткізгені бір серкештің ыстаған сұрпы еті. "Сыболыш-ау, мынаны тиеберсініңе сүйреп келдің бе?!" — десе, "е, бұл жақта ет жейтін ауыз жоқ па еді?" — деп қарап отыр. Екеуі бір тәулік жүздесу бөлмесінде түнеп шықты. Бар айтқаны: ел аман, жұрт тыныш деді. Сен кеткен соң тынышталдық деді. Кәзәптің Меккеге жібергендей болуын қарашы! Сені кетірген соң деп те айтпайды. Тамақ — байдан, өлім — Құдайдан, мен сияқты тентіреп жүрген жоқсың, жағдайың жақсы екен дейді. Екі жылға емес, елу жылдық курортқа айдатқандай жұбатуын көрмеймісің!

— Сорлы-ау, саған не болып қалды?

— Сен кеткелі қатын қағынды. Обалына қалдың, осыдан тірі қайтпаса, басынды шабамын деп жаңғырығын сайлап отыр. Әйтеуір балаларды сылтауратып, үйге имиіп кіріп, ит боп шығып жүрген жоқпын ба! Сол қатынды желіндеп тұрғанда алып тынсаң қайтеді?.. Әйтпесе бір жапырақ хат жазып бер, кешірдім деймісің, өшірдім деймісің әйтеуір, бірдеме десей!..

— Е, сыболыш-ай, күнім үшін келдім деші!..

— Жоға, келдім, көрдім, өлмепсің, тірі екенсің. Сол да жетеді. Мені ит өлген жерге сандалтпай бір жапырақ хатты амандығыңды айтып поштамен жібере салсаң да болатын еді ғой! Мені бір тарттырып жіберетіндей хабар-ошарсыз шіреніп жаттың да алдың! Ал, шауып ал! Келдік! Жетісіп те келгеніміз жоқ. Май өкшенің жуырда жазылмайтынын ит білген бе, жырқылдап әлі күнгі өзегі ағып жүр. Әлгі қағынған қатын соған да қаратпай құтан жоқ па! Жалғанда үйіңнен жау шыққан жаман екен!.. Сен болсаң жаның тыныш жатырсың, тозақта мен жүрмін. Шойнақ атанып бір қор болдым, ел бетіме түкіріп екі қор болдым, бала-шағаның бетіне қараудан қалдым. Әділет деген қайда?!

Монтаны десе, расында азып кеткен екен. Шыны десе, Ситан сыболышынан мұндай қылық шығады деп ойлаған жоқ еді. Медпунктке апарып, өкшесін тілдіріп, тазалатып, пәшти шағын операция жасатты да үй жалдап бір жұма ұстады.

— Келгенім мұндай жақсы болар ма, құр атқа мінгендей бойым бір елі өсті! — деп байып қалды. — Сен болмағанда аяқтан айырылғандай екенмін-ау!..

Аяқтан айыра жаздадың деп айтқан жоқ. Бір иттің құны бір аяққа тұратын шығар. Сәмиғата бір жапырақ хат жазды да, конверттің аузын тас қылып желімдеп қолына ұстатты. Жол-жөнекей сөксең қаңғып кетесің деді.

— Елге аман-есен жетсем, шығарып аламын деді.

— Кет әй, ит!.. Ол қағындының түрі жаман, шықса шыға салады.

— Мен барғанша асырай тұрсаңшы, арғы жағын көре жатармыз.

...Асырап жүр. Асырап жүрген түрі осы. Істейтіні ұрлық. Жиғаны ақша. Сарандық па, құмарлық па, ол жағына Асекеңнің көзі әлі жеткен жоқ. Адам баспайтын заимкеде жалғыз үй жатып алып, ала жаздай шөп шабады да жазға салым жұрт қысылғанда маялап сатады. Жазға салым жұрттың көтерем бүзауын сатып алып, жыл жемдеп өгіз қылып етке өткізеді. Теретін жемісі, соғатын балқарағайы және бар. Ауданның ұсақ мекемелерінің шөбін қорып, колхоз, совхоздың қыстауын күзетіп, түскен тиын-тебенді ышқырына тығады. Сегіз баланың оқу жасындағы бірде-бірі сегіз кластан артық білім алған емес. Ситан сыболышының әзіргі тірлік-болмысы осы. Түбі қайдан шығарын Асекеңнің өзі де білмейді.

— Әй, сен осы мені қайда апара жатырсың?

— Білмей қалғаның!..

— Қатқаны қаматарсың!.. Қара басынды асырай алмай жүріп сегіз бала, бір қатынның өңешін бітеу оңай деген!..

— Сен келгенше мынау да жетеді! — деп Асекең "бәле боқшасынан" бір бума ақшаны көрсете қойып еді, қуанғаны да, сасқаны да белгісіз, Ситекең төбеге ұрғандай сілейді де қалды.

— Ой, ит-ой, кешеден бері қалтаңа қалай сыйып жүрген?!. Алаяқ Ауғанбай агент жеп кетті ме де қорқып едім... Сен де бір іске жарадың-ау! Құдайға шүкір! Қатының болғанда ұл тапсын деп бата беретін едім...

— Сен таптырып жатырсың ғой, соны бөліп-жарсақ та жетер.

— Мойындағаныңа да рақмет!

Соқыр тұман сида бойы көтерілген. Мұнарттың арғы түкпірінен жыртиып күн де көрінді. Күнгейден тоқылдақ пен шау-қарғаның дауысына құлақ түріп келе жатқан Сиған:

— Әттеген-ай, нағыз кезі екен-ау! — деді.

Расында күнгейдің ашылып қалған шағы. Күзде түскен балқарағайдың жаңғағын барша тышқан мен шауқарғадан қызғанып келе жатқан Сиған Асекеңнің қалтасын ұмытып та кеткен сияқты еді.

— Асеке! — деді. — Сен осы тірлігіңнен не күтіп, немді мыжып жүрсің, соны айтшы? — "Асекеңнің" аузына түскені де бірінші еді. Осы неме сөзінен жаңылып келе ме дегендей соған Асекеңнің өзі емес, алдымен қисық мұрыны таңданып, терісінен тұрған желге қарап мырс етті.

— Тірліктен үнемі бірдемені күте беру міндет пе? Ептеп шығын да болуы керек емес пе.

— Пах-пах! Қара басынды құрбандыққа шалмасаң сенде шығынға шашатын не дәулет бар еді?! Елге сен тұтқа болмайсың, Алтайды сен байытпайсың! Бүгінгі заман әпендіге зар емес, жұртқа жыр, қотиынға қор болғанды қойсайшы!..

— Сонда не істеуім керек?

— Кет! Сені тұлпардың басы, мені Толыбай сыншының баласы деп кім таныр дегенді айтқан кім? Сені де институтқа сабақ берді дегенге бүгінде кім сенеді?..

— Сен де бала оқытқан жоқ па едің.

— Қуалаған шошқа кірмейтін Қотанағаштың төрт класына әліппе үйреткенім рас. Одан артық оқығандар не бітіріп жүр?

— Сауатыңды ашып, осы тірлігіңе жеткізіп берген де сол мектеп емес пе.

— Жә, мен не деймін, домбырам не дейді?.. Көп оттамай, қалтаңдағыдан мың сомды ал. Мейлі, екі мыңын ал. Тіпті түгел ал!.. Одан ешкім байымайды. Ал, сен завтрак чабана, завтрак охотника, завтрак туриста деп консервінің қаңылтырын кеміріп жүріп, бір күні қаңылтырдай қаңсып өлесің! Тақа бір ит болып кетпесең осыны істе!..

Екеуі талма түске дейін ырғасты. Қайсысының иланып, қайсысының қиналғаны белгісіз: бірі ақымақтан қарызға ақыл сұрағандай, бірі — ақылына ақымақтың арсыздығын айырбастап алғандай итжығыспен алысып жолдың біразын жеп қойды; ұтқаны да, ұтылғаны да жоқ, әйтеуір ат ауыстырып мінгендей бірінің бет-аузын бірі ұнатпай, бірін-бірі мақтарға мысқалдай жақсылық таппай шаршап-шалдығып Ақсудың түтініне зорға ілігіп еді, Асекең Ситан сыболышын жетелеп, салған бойда поштаға кірді...

...Екеуі де ұйықтаған жоқ еді. Асекеңнің таң бозына дейін көз ілмейтін күндегі әдеті. Оның үстіне төсекте де Ситан сыболышымен қайта алысып миын тоздырып алды да, ұйқы шіркін мүлдем қашты. Бір түнеп шыққанша бөтен қонысты жамбасы жатырқайтын Бекеттің де жылы бар. Екеуі де өтірік ұйықтағансын, екеуі де күннің күркірегенінен өтірік оянғансыды.

— Мына жарықтық кімді алдап тұр?..

Мезгілсіз күн күркіресе, жаздың жайсыздығы: не қырық күн құрғақ, не қырық күн сырғақ. Шарқылдаған аспанның шатағы жердің шаңын қақпаса жақсы-ау. Шатыр шалғайы түнімен сылп-сылп. Тер жапқан терезені алақанымен сыпырып тастап, орман жұрты "гнилой угол" дейтұғын терістегі шіріген қуысқа қарады. Шіріген қуыста іңірде шөкімдей ғана бұлт қалып еді, сол шөкімдей шіркіннің өзі-ақ таң атқанша сыбағаны беріпті. Іргедегі қалың шыршаның басы жоқ, балағы ғана қарауытады. Төрт құбылаңды бұлт басса, отырған орның ой болып көрінетін әдеті, ауып опырылып шыңырауға түсіп кеткен сияқты. Аспан жер бауырлап, дүние дірдектеп жылап тұр.. Булықтан түтіндеп кірген лебізде жаңбырдың емес, қардың иісі бар. Тау басына қар түскен-ау, сірә... Өлараға жауған соң қармен аяқтайтын болды. Биылғы соңғы қар болар...

Күресінде түнеп шыққан боз туманның астынан қаздаң-қаздаң басқан екі аяқ көрінді. Сарқыт кемпір болды ғой... "Тәңір жарылқасын! Осыдан басқа жетім жұртты мүсіркейтін иманы түзу кісі жоқ! Күрең шайыңнан садаға кетейін, қайран жеңеше-ай!.."

Төменнен кептеліп қалған қарағай есік курс етті. Пеш көмейі дүңгірлеп, көсеу сартылдады. Бөксесін біреу түрткендей Бекет те амалсыз тұрған. Ол да терезеге қарап тұрды да керіліп-созылып:

— Надоело! — деді.

— Жеті жыл суын ішсең, отықсаң керек еді ғой.

— Жүйкеңді жейтін мынау лайсаңын айтам да, әйтпесе бізге бәрібір емес пе, Асеке? Егін сеппейміз, мал бақпаймыз, орман деген дүлейге қары не, нөсері не!?.

— Алтайдың ағашы мен аңынан басқа да уайымы бар емес пе! Оның бер жағында Аюлының жиырма мың гектар орманын күл басып барады. Іргеден озып тайгаға танау сұққан біреуің жоқ. Грибок деген зауалдың не екенін білетін шығарсың?..

— Япырай, сіз...

— Иә, мен Алтайдың елігі мен бұғысын ғана андып жүр деймісің?.. Адамының да талайының арт жағын байқап қалғанбыз!

— Мен сізге бір жұмадай ерсем қайтеді?

— Жолыма жуа шыққан адам едім, сен маған ергенде не бітіресің, мен сені қайбір жарылқағандаймын?.. Сен мықты болсаң, сері деуші ме едіңдер, серый деуші ме едіңдер, әлгі сылаң азбаныңды көндіріп, алдымен аң шаруашылығын лесхозға қосып алыңдар. Түбі бүл өңірге бір билік, бір таяқ болмай дым да өнбейді.

Қисық мұрынның Ситан сыболышынан басқа да мұңы барын Бекет енді аңғарып еді. Көкейінде жүрген бір арманын егерьдің аузынан естігеніне разы болды да, оған бұрынғыдай өшігіп емес, өтіне қарады.

— Кешіріңіз, кеше ішімнен сізге Усойқы деген ат қойып едім, түстіктің күресініңде өсетін шоғайнасындай тұла бойыңыз толған тікен бе деп қалғаным рас. Ұнамаса қайтып аламын...

Асекең міз баққан жоқ. Міз бақпаған күйі төсегін жинап, жастығының астына кепілге тыққан Достоевскийдің бір томдығын "бәле боқшасына" нығырлап салды да сол бұлқ етпеген қалпы Бекетті суық жанарымен бір түйреп өтті.

— Усойқың емге табылмайтын шипалы шөп қой, тым қымбат болып жүрмесе, — деді. — Түкке керегі жоқ шоғайнаның жабыспайтын жері жоқ, мүмкін, қонса сол қонар...

Қисық мұрын түк көрмегендей, түк білмегендей әлдебір әуенді ысқырып, сүлгісін иығына салды да ыздиып баспалдақпен төмен түсті. Жүгі ауған түйедей қисайып, сыңар иығын үнемі алдына салып жүретін сексеуіл қараның тегін адам еместігін Бекет тағы да бір ішіне түйіп қалып еді.

4

Ій жаққан терідей көше көпіршіп жатыр. Пұшпақ-пұшпақты қыдырып жүрген боз тұманнан басқа қыбыр жоқ еді. Сыбырлап басылған жаңбыр сылпылдағын келер түнге қалдырған сияқты, терістегі шіріген қуыста саңылау жоқ екен. Ұстахананың тұсынан өте беріп ат тағалайтын станокты көргенде тағы да құла жорғасы есіне түсті. Екі жылқының құнын беріп алған жануар еді... "Құдай ұрып осында несіне қондым?!." Өмірің ат үстінде өтсе, түсінде де атты көреді екенсің, кейде жаяу келе жатып та қамшыланатыны бар...

Бір топ жігіт қасынан ағызып өте шықты. Бұғышылардан өткен есірік жоқ! "Таяқ тастам жерге танаурап!.. Ұзасаң пантоваркаға тоқтарсың!.. Әр үйдің қақпасына бөксесін тығып алып, өнді ең бір тұрқы бір тұтам, сирағы бауырынан озбайтын канден иттер шәуілдеп қалып жатты. Совхоздың жүзден астам түтінінің қорасынан ертеңгісін мал емес, ит өріп шығатын болған. Жайылым іргеден, шабындық иек астынан озбаса да мал бағуды ұмытып кеткен құнтсыз елсің-ау, қала жұрты сияқты айына бір алатын еңбек ақының бетіне қарап, қырып тастадым дегенде жалғыз сиырдың желінінен басқа дым ұстап көрмеген, тырнақ көбесі көн-шарық байғұстар тандыр жағып, бәтер жабудың орнына құлқын сәріден дүкеннің көк аяз нанына жүгіретінін қайтерсің!.. Онысы да бірде келіп тұрады, бірде кеуіп тұрады. Бір кезде қарын мен қаптың аузын шымшып буатын ақшыл жұртта қазір қымызға қор, айранға ұйтқы жоқ дегенге кім сенеді! Совхоздың жүзден астам суын биесі қысы-жазы ноқта көрмей тайганың тағысы болып кеткені анау. Бұрын қауғадан асау үркетін еді, енді адам үркетін болған соң не жорық!.. "Жә, өзің жаяу жүріп, жұртты жөнге салатын сен бе?! Құдай ұрып осында несіне қондым?!."

Күре жолдың жиегіне итініп, жападан-жалғыз қаңырап тұрған кеңсе алдына Асекең де жападан-жалғыз келіп отырды. Дүкен маңы да жым-жырт: бүкіл ауылдың бары да, базары да осы еді, бүгін қатындардың да қара-құрасы көрінбейді, әлгі көк аязы да келмеген-ау, сірә. Ауылды қақ жарып өтетін шолақ бұлақтың басында балшыққа бөккен қабандай өңкиіп семіз цистерна жатыр. Пұшырайған кәп-кәрі "Белорусь" әлдеқайдан таңқылдап келіп семіз цистернадан солярка ішіп кетті. Ішкенін ішті, ішпегені бұлақ бетін жап-жасыл іркітке бояп өзенге сызып барады. "Шіркін, молшылық-ай десеңші!.." Қайда қарасаң да көк темірдің кемігі, жұттан кейінгі жұртта қалған ірі-қараның қаңқасындай ырсиып -ырсиып жатқан техниканың өлексесінен көз сүрінгендей. Сыланып-сипанып коттеджден енді тана шыққан бас орманшы осының біріне айланып қараған жоқ, мейлі, өзіне қатысы шамалы, совхоздың мүлкі болса да ұқыпты бастық шаруасын күресінен бастаушы еді, лесхоздың дөңбек таситын келте құйрық торысындай дүңкиген мес неме болмасаң неғылсын!..

Ертеңнен Бекетті андып отырғандай көксаудай күркілдеп гараждан бас инженер Сан Санычтың көк "ГАЗ"-игі жетті. Не тындырып қажитынын кім білсін, әйтеуір қарап жүріп шаршап, қарап жүріп қартайған адам... "Ошағынан адаспай жүргеніне Құдайға шүкір!.."

— Асеке, жол болсын!

— Жолым болса өстіп отырам ба?!. Қалай, шашылып қалмай жүріп жатырсың ба, әйтеуір?

— Е, шашыламыз да, бір күні шашылып қалатын шығармыз! — деп Сан Саныч тері-терсекпен бөлеп тастаған кабинадан ауыр денесін зорға алып шықты.

Бас инженердің күйінде "шашылып қалатындай" кінәрат жоқ еді, Асекеңнің қыжыртпасын ол да астындағы көлігіне жорыды.

— Сенің осының неше қар басты? — деп қадірсіз иттің жасын сұрағандай қыңыр шаптырып, дындай басшының дырдай көлігін тағы да қорлап тастады.

— Ит біледі! — Сан Саныч қаңсып қалған есікті таңқ еткізіп бір періп еді, ол немесі қаңқ етіп қайта серпілді. — Кеудесін Пешүйден, ішек-қарнын Жындысайдан, көттігін Қорбикеден жинап едім, мен мұны ашынамнан асырап алғандай есепте жоқ деп енді бұған запас бөлшек те бермей жүр.

Есігі құрғырды жаппаса да осы маңда көк шолақ ГАЗ-икті ала қашатын ешкім жоқ еді, шалдуар атқа қамшы үйіргендей Сан Саныч та тыпырлап жүріп, шолтаңдап жүріп әйтеуір тарс бекітіп тынды.

— Япырай, мынаның ішінде қалай тірі жүргенсің?! — деп Асекең танауын тыжырды. — Өшірсеңші, ұғарлап өлетін болдық қой!

— Язви, бұл зәнталақ жөтеліп тұрмаса жүрмей қоят та. Іңірден бері осыны оталдырамын деп ұйқыға қарыздар болдым!

Қырсыққанда өзі де өшейін деп тұрған дімкәс неме иесінің көңіліне қараған жоқ, Сан Саныч бас орманшыға сәлем беріп үлгергенше екі-үш дүркін көк түтінді лоқсып-лоқсып жіберді де, Асекеңнің тілегін орындап бірақ тыным тапты. Әуелде тұра жүгірген бас инженер әлгінде ғана тепкілеп жапқан есігін қайтып аша алмай қапы қалды.

— Тіфу!.. Тағы да сандалып трәктір іздейтін болдым-ау!..

Кеңсенің есігінде қазандай қара құлып асылып тур екен, үшеуі бірдей күн қатарлы сәкіге барып отырды. Ақсуды жан-жағынан көмкерген көк белдердің етегі енді-енді түріле бастапты. Арты жағы беймағлұм. Беймағлұм ымырттың астынан ажылдаған, бажылдаған гүжіл естілді. Асекең тағы да шіріген қуысқа қараған, бұл дуние шіріп кетсе де шіріген куыстың қабағы ашылатын емес.

— Жарықтық, үш жыл қатарынан нәр тамбай таңдайымызды кептіріп еді, соның есесін биыл толтыратын шығар, — деп Сан Саныч әжептәуір сәуегейсіген болып еді, Асекеңде қарап отырмай "жарықтық" пен "жалған дүниенің" арасындағы делдалды көргендей тарпа бас салды.

— Бәсе, наурызда күн күркіреуші ме еді, сенің заказың екен ғой! Қулық биедей бірде иіл, бірде сиуі жаман, үш жылғы несібемізді қайтарып бер деп айта салмадың ба!..

— Жаратқанның несібесі менің қас-қабағыма қарап тур ма екен? — деп Сан Саныч кінәлі адамдай күмілжіп қалды. — Осы егерь тұқымының бәрі қыршаңқы керіктей көрінгенге қасынып тұратыны несі?!

— Қыршаңқыдан басқа маңдайымызға біткен не бар? Астындағы жалғыз көлігіңнің өзі көксау!.. Айтпақшы, әлгі Мәсківіш қайда? Әлде өкіметтің шаруасына ақсап қалады деп қамап отырсың ба?

— Әй, соны да көлік деп!.. — Сан Саныч қолды бірақ сілтеді. — Үйелеген торпақтай бауырын балшықтан көтере алмайтын шірік неме болып шықты ғой оның! Қалаға болмаса, қырды тосырқайды екен. Қыз мініп жүр.

— Қыз?.. Осы біздің ел не боп барады?!

— Не болушы еді, елің сол баяғы ел!..

— Жетісіп отырсың!.. Тойы деп шала бүлінгенімізбен қоймай, үстімізге бір сабақ жіп ілмесек те киімі деп, жасауы деп, әйтеуір, жат жұртқа апарып тыға береміз, тыға береміз!.. Немене, қызың өтпей қалады деп қорықтың ба?!.

— Қожаның салты бір басқа, кержақтың салты бір басқа, — деп Сан Саныч жуаси отырып дау айтты. — Ер адам есек мінсе де жараса береді. Жүрміз ғой, міне, қырық жамаудан қыршаңқы жасап алып. Қыз байғұсқа мұны да кім береді?..

— Бер, беріп құтыл!.. Менің есебім бойынша, сатан әлі де бес-алты машина керек-ау. Ертең немереңе неменеңді қосып, шөберең мен шөпшегіңді де әкеліп тастайды. Оларға да бірдеме керек шығар?..

— Осы сен жалғыз үй отырып бір күні жынданатын шығарсың! Қырыққа кеп қалдың, ең болмаса бір маржаның етегінен ұстамайсың ба!..

— Орталарында отырғанда да жетістіргенің шамалы болатын!

Асекеңнің сұқтана қалған суық жанарынан Сан Саныч жарасын аңдамай тырнап алғанын сезді де, кеңсенің кілтін алып келген сырықтай бөкен желісті сары қыздың соңынан қорбаңдай жөнелді. Біреуді біреу аяса, біреуге біреу жақсылық жасаса кембағал санап, мүсіркей қалатыны несі екен?! Ал жалғыз үй екен! Ал қатыны жоқ екен! Сондағы қадыр тұтқаны жалғызсың деп қорлағаны ма?! О тоба, көңіл мен ниет те жырық саптыаяқпен сусын бергенмен бірдей болғаны да!.. Тіфу!..

Асекең қарап отырып түкірініп, қысылғаннан қасындағы Бекетке бұрылып еді, танауы аспанда екен, құдды қорадан шыққан қашардың есебін мұрынымен санайтын ферманың шынжырлы гүжбаны секілді езуін шықшытынан жиырып отыр. "Отырысыңа болайын! Отырысың әдемі-ақ!"

Өкіріп-бақырып, ауылды сүзе келіп кірген "Көкқасқа" қоймалжың көшені қақырата жыртып, бүл да кеңсені жанай тоқтады. Абысын-ажынның жайы мен шайын андып таң атпай қыдыратын қатын-қал аштан басқа жайдақ кузовта шаруаның адамы жоқ екен.

— Дядя, Асхат! Аптабоз жоқ, аптабоз келмейт! — деді үріп бутан бір тұтам бүйендей шалбарлы келіншек кузовтан тоңқайып түсіп жатып. Бүкіл дүниені бөксесімен теуіп тұр екен, осы ауылдың дүрегей торы шолақ келіндерінің бірі болып шықты. Шүкір, дүрегей де болса ақжаулық, жоқтан Құдай сақтасын! Өзегіңді жарып шыққан оз балаң дүрегей болып бара жатқанда кеше түскен келінде не кінә. Тек бір өкініштісі, бұл ел киіктің асығындай әдемі қыздарын жатқа беріп, жігіттері жат жұрттан өңшең бір торы шолақ келін жетектеп келетіні бар.

Дүрегей келіннің уайымы аптабоз да емес, дядя Асхат та емес, қасында отырған бөгде жітіттің бет-мұрнын бір көріп қалу болса керек, ұзын баулы дермантин боқшасын иығынан салаңдатып өте беріп:

— Дядя Асхат, мен сахан айтхан, аптабоз келмейт айтхан, — деп қайырылып тағы бір қайталады да бежірейіп тұрып қарап алды. Танауымен иіс алып, өз бетімен маңып отырған шынжырлы гүжбан оны аңғарған да жоқ, оның есесіне Асекең: "е, келмесе келмей-ақ қойсын, о несі-ай, қайта-қайта таңқылдап!" — деп іштей ренжіп қалды.

Ауыл арасында аптасында бір дүркін боздап келіп, құлдырап қайтатын "аптабоз" дейтұғын төрт доңғалақты көк белдеу қораптың бар екені де рас. Жауын-шашынды күндері ол да кергіп, мынау тұрған иек астындағы Пеш үйден аса алмай кері кайтатын әдеті еді, сірә, бүгін Ақсуға жолы түспеген той. "Қырсыққанда қымыран түгілі, ій де іриді", Асекең аптабоздың келмей қалғанына өкінген жоқ, қатын-қалашпен жағаласып, балық үлестен күр қалғандай құлқын сәріден дәл осы жерге келе қалғанына өкінді. "Құдай атып мен осында несіне қондым?!"

Бекет жеті жылда тайганың келімсегіне де, кержағына да үйір болған еді. Бірақ дәл осы Ақсудай тілі тартыл, діні шұбар ала шала қазақтың ауылын көрген емес. Айдалаға маңып отырса да таңқылдаған торы шолақты көзінен таса жібермеген екен:

— Асеке, келін біткенді де Алтайдың терісінен заказбен алдырасыздар ма? — деп аспанға телмірген күйі күңк етті.

— Тоқсан байдан шыққан тойымсыз қатындай бұл совхоздың да көрмеген есігі жоқ. Елуінші жылдарға дейін Алтай өлкесіне қарады. Қазақстанға қайтарып бергеніне де он бес жыл. Стөлбай дейтұғын даяр ас, дайын қазан құрыған соң ба, орыс жұртының көбі тұрақтамай ойман ауып кетті де, қалған он шақты үй әлдекімдердің омартасын жағалап, қалғаны аңшылық қуып жүр. Олар да өзіміздің кержақ ағайындар. Соның бірі әлгі Сан Саныч деген дүрегей... Қатын-балаң бар ма еді?

— Ол жағына ұяттымыз.

— Онда бір уайымың кем екен.

Асекең "шипкасын" қораптан шымшып суырып, шымшып тұтатты да шүйіріп сорып отырып алды. Саусақтары әдейі майыстырғандай сыртына қарай қайқы екен, салалы болғанмен, балта ұстауға жарамаған, иә домбыра, иә оймақ киюге лайық сүйріктей.

— Айта беріңіз.

— Айтқанмен не пайда? Айтқанға ауыз ауырмайды, қақалы құлаққа дарымайды!..

— Мен де пайда қуып жүрген қаңғыбастың бірі емес едім.

— Ендеше, сонау тұрған қызыл қарағай үйді көрдің. Әдемі-ақ, Сол үйге осындағы екі ауылдың өрен-жараны сыйып отыр. Сегіз класс. Тоғыз мұғалімнің тоғызы да КазПИ мен ЖенПИ-дің қазақ факультеттерін бітірген. Сабақты орысша жүргізіп жүр. Әлгі өзіңді көзімен ішіп-жеп кеткен дүрегей келіншек ұнады ма?.. Құдай біледі, солардың продуктасы! Үйде ана тілінде, мектепте шала тілде, түзде дүрегей тілде қойыртпақ сапырған ұрық-шарқыңның болашақ сауаты не болмақ? Өсекке келгенде қазақтың жеті септігін місе тұтпай, ақылға келгенде орыстың алты септігіне жете алмай ақсап жүрген шәкіртінің тіл өнері де менің Ситан сыболышымның ар жақ, бер жағы. Олардан не барқадір?! Бүкіл ауылда қазақтың қазит-жорналын жаздырып алатын сенің сылаң серіңнен басқа пенде жоқ. Анау тұрған кітап дүкені, қасындағы жарбайғанын қожекеңнің бейітіне де қимаймын, ол немесі кітапхана. Қазақтың бір жазушысы жоқ. Адасып кірген алқаштар болмаса, екеуіне де дені дұрыс адам бас сұқпайды. Қалай, құлағың ауырды ма?

— Құлақ қана емес, басқа да жерге бататын әңгіме екен. Минпросқа жазу керек қой.

— Жазудан кенде емес. Жазылды ғой...

— Сіз бе?

— Кім екенінде шаруаң қанша!.. Әйтеуір минпросың облонога, облоно районо мен райисполкомға қайырған екен, ондағылар мектебіміз малоукомплектованный деген сылтау тауып, жазғышқа: жан керек болса нетіп жүр деп арт жағын көсеумен тығындап берді... күйелі көсеумен!..

— Арыз иесі де шалағай екен. Тайганың бір торпағы өлсе танаурап депутат пен шаруа басшысын іздейсіздер, адам тағдырына келгенде жеке шабатындарыңыз қалай?

— Айғайға — ұран, оққа — түгін қосса жүр ғой анау сылаң серің!.. Депутат та сол, басшы да сол!.. Тағы не қосайын?..

— Кеңсеге жүріңіз, ең болмаса қосылып жылайық.

Бекет сәкіден көңілсіз тұрды. Жаңғырық үшін жұртқа тастап кеткен жалғыз томардай шөкелеп қалған Асекең әлден уақытта барып ту сыртынан шыққан тықырға мойын бұрған. Жан жоқ екен. Кеңсенің жел шайқаған қызыл есігі топсасынан ырқылдап шыбыңдап тұр екен. Ырқ-ырқ етіп бұлдағы

Асекенді қажап тұрғандай көрінді. "Құдай ұрып мен осында несіне қондым?!".

Асекең бет-аузын бет қып тұрған қисық мұрнын теңдеп алып "жалғыз" үйіне жаяу тартты. Күре жолдың қоймалжыңын шарқ-шұрқ сапырған екі етік жетім көңілді зорға сүйреп бара жатқандай еді.

5

Біреуді жоғалтып алғандай қоңылтақсыды да отырды. Кім еді? Сан Саныч осында бос келіп, бос отырып, бос кетті. Директорды әлі көрген де жоқ, оның облыс басынан қашан қайтары да белгісіз. Лесничийлер мен лесниктерді, объездчиктерді, өрт сақшыларын шақыртып алайын десе, креслоң мынау, жұртың анау деп зәуімен ешкім таныстырған жоқ. Дос-жаран дейтұғын тайганың кешегі калымщиктерін есіне алды: Жақып, Бескемпір, Мешел... бәрінің жүзі көмескі екен. Таты кім қалды?.. Таба алмаған соң Сан Саныч әкеліп берген папкаларды қолына алды.

"Ақсу орман шаруашылығы 1932 жылы ұйымдасқан. Оған дейін бұл өңір Қазақ ССР Наркомлестің Қарағайлы леспромхозының қарамағында еді. 1947 жылы түпкілікті орман шаруашылығының билігіне өткенше елді мекендердің маңы мен тау беткейлерінің аяқ жетер жердегі орманы тып-типыл кесіліп, өзен арқылы салмен тасылған..." Оттапты! Қазір арқалап тасып жүргендей!.. Он бес жылда отағаныңды он бес ғасырда орнын толтыра алар ма екенсің?!. "Жер жағдайы теңіз бетінен 600- 3200 метр биіктікте. Аумағы 289669 гектар, оның 80796 гектары колхоз, совхоздарға ұзақ мерзімді пайдалануға берілген. Лесничестволармен, облыстық орман шаруашылығы басқармасымен байланыс телефон, рация арқылы. Лесхоз алты лесничествоға бөлінеді, ара қашықтығы 30-70 шақырым. Ең жақын станция 280 шақырым. Транспорт: автомобиль 31, негізінен ағаш тасуға жабдықталған; әртүрлі техника — 30, жер қазатын, көшет отырғызатын, тұқым себетін техника жоқтың қасы. Шаруашылықтың негізгі саласынан алты ширпотреб цехы, химиялық шикізат дайындайтын кәсіпшілік бар; қосалқы шаруашылықтан бес омарта, екі отар қой, бес жүз жылқы, бір сиыр фермасы, осыған орай шабындық, жайылым, егіндік жер пайдаланылып отыр, оның 98 проценті табиғи, суармалысы 1,5 процент қана. Пайданың негізгі көзі питомник, оның жыл сайынғы өнімі бүкіл одақ көлеміне таратынын жылына бір жарым миллион сом кіріс кіргізеді. Жүмысшы, қызметкер, мамандар саны 135, оның 54-ті механизатор, кадрмен 78 процент жабдықталған... Лесхоз территориясында 135 түрлі хайуанат бар, оның 49-ы сүтқоректілер, 86-сы құс; сүтқоректілер жеті семья, бір отрялка бөлінеді...". Асекең... Асекең жетпей отыр екен ғой!..

Есік сықырлағанда елегізіп қалып еді. Асекеңнің қисық танауы... подноспен шай көтеріп кірген бас бухгалтер Меруерт екен.

— Таңқурай қатып ішіңіз, — деп шынаяғы мен аққұманын тастап артымен шығып кетті.

Айту міндет пе екен? Әкеліп қойған соң ішетін ауыз өзі білмей ме!..

Шай ішіп рақаттанып отыра алмады. Тысқа шығып еді, терістен соққан өкпек жел өкпеңді тескендей ызғырық екен, кеңсенің кіре беріс қызыл есігі ыңырсып, құлағының құлығын тырнағандай миын жеп қойды. "Осы есіктің жабылмайтыны несі?.. Бүгіндікке үш дүркін қымтап кетіп еді, әлде, "мұнда да кісі бар" дегізіп бухгалтерияның қыз-келіншектері әдейі ашып тастай ма?.. "Кадрмен 78 процент жабдықталған"... Қалған жиырма екі проценті қайда?.. Жалақысы мардымсыз жер түбіне мал асырап жан баққан жұрт болмаса кім келе қойсын да... 761 шақырым жолдың 81-ақшақырымына қиыршық төгілген екен, алты ай қыс пен жаздың жауын-шашынында ауыл мен ауылдың адамы түгілі, ылыққан иті де бір -біріне жете алмай қор болады екен-ау!.. Орман қорын бір жағынан көшпенді леспромхоз кеміріп жеп, бір жағынан жыл сайын өрт жалмап жатқаны да жол қатынасының нашарлығынан ғой...

Ертеңнен бері өгіз арадай ызындап зар қақсаған пилорамада үш-төрт адам жүр екен, бас орманшы келген соң рубильникті үзіп әредік жасаған болды. Бір-екі қатын үн қаптағандай өліп-талып ағаш үгінгісін мөшектеріне тепкілеп нығарлап, арбаларына сүйрелеп тиеп жатқан, жеңіл көйлектің таңқиған шалғайынан жарқ-жұрқ еткен қызыл күрең тоқ сандарға көзі түсіп кетті де:

— Мына кісілердің спецовкалары неге жоқ? — деді.

Пилораманың старшойы брезент бітеу қолғабын шешіп, алақанын қағып, баптанып жауап беремін дегенше қызыл күрең келіншек жалт етіп тана көздің қиығымен бір қарады да:

— Қайным-ау, ағаларың күйгелек еді, спецовканы шешкенше сауыны өтіп кетет те! — деп сүйкене жауап қатты, ибалымын деген қасындағы ту құнажындай тұтас сауырлысы теріс қарап тұрып сылқ-сылқ күлді де шатқаяқтаған тапал торыны тізгінінен жетелеп жолға салды. Жалпы бұл ауылдағы ұрғашы атаулының арық-тұрағы жоқ сияқты.

— Үгінгіні не істейсіздер?

— Әпелкені ме?.. Әпелкенің қаны жерге тимейді! — деп старшой алтын үлестіріп тұрғандай шіренді. — Отқа жағуға да болады, ет ыстауға да болады, көктемнің осындай қара қатқатыңда пысық қатындар өгретке үйіп, ортасынан лунка қазады да топырақ толтырып, әгүршік егеді.

— Әгүршік деген немене?

Әгүршіктің не екенін шынында білмей түр ма дегендей старшой Бекетке бажырая қараған, көз еті шелденіп, қызара бөртіп кеткен екен, қарағай қабығының шаңы мен ағаш қиқымынан тапқан кәсіптік көз ауруын бірден таныды.

— Әгүршік дегеніміз огурец! — деді қызылкөз.

— Бадран мен қиярдың туысқаны болды ғой.

— Болса болат та, — деді. — Біз өзі туысқанды тани бермейтін кісікиіктеу жұрт едік, бәдрән мен қиярдың қай ру екенін кім біліпті...

"Көзің бекерге қызармаған екен!" Ауыздарына албасты түкіріп кеткендей бүл ауылда астарлап сөйлемейтін адам болсашы! Түбі осылардың бәрі де қисық мұрынның туысқаны болып жүрмесе!..

— Жоспарларың қанша текше метр?

— Әр қилы... заказға байланысты ғой.

— Күніне қанша тонна әпелке түседі?

— Дөңбекті өлшеп көргеміз жоқ, әпелкені кім қадақтады дейсің! — бас орманшы кекетті деп ұққан қызылкөздің жауабы да қасықтау болды.

Жігіттер түгелдей отыра қалып темекі тұтатқан екен, Асекеңше айтқанда "езуіне от жақпайтын албасты" кемде-кем көрінді. Бәрі де жылғасы былшықтанған қып-қызыл көздерін алақанның сыртымен сипап тастап отыр.

— Ертеңнен бастап дөңбекті ғана емес, әпелкені де қадақтап, қасығын қалдырмай питомникке жөнелтетін болыңыз. Судың да сұрауы бар, древесина должна быть безотходной, грамм на грамм!

Старшой үн қатқан жоқ. Түсіндім дегені ме, әлде кетсең қайтеді дегені ме, үндемей барып рубильникті қосып жіберген, салт айналған араның жүзі ұлып қоя берді.

— Медпунктке жылына неше рет барып тұрасыздар?

Жігіттер тағы да үн қатпастан қолқаптарын киіп, багор, балталарын ұстап жұмысқа кірісе бастады.

— Бір аптаның ішінде түгелдей көз дәрігерінен өтіңіздер. Бұдан былай арнаулы көзілдіріксіз бір де бір адам пилорамаға кірмейтін болсын. Әйтпесе трахомотозный диспансер ашып масқара болып жүрерміз!

Жыланның басынан тістеп сүйреткен мысықтай жуан дөңбекті қылғындыра тартқан лебедканың айыр тісті құрсауы дедектей жөнелді де араның жүзі баж етіп сарнап қоя берді. Жігіттер бас орманшыдан араның ызың-шуымен құтылмақ еді, жеті жыл бойы бензопиланың зіркіліне құлағын төсеп ұйықтаған қақпас калымщик оған селт еткен де жоқ, тас кереңдей мелшиіп тұрып шылымын шығарды да былшиып тұрып тұтатып, тек бұл жерде от шығаруға болмайтыны есіне түскенде тана тысқа беттеді.

Балташылардан бастап, цехтарды түгел аралап, автопаркке соққан, онда да тіл-ауызға жоқ мотылау екі жігіт МАЗ — 509-дың өңешіне кіріп алып, тоңқайып жатыр екен, ауыл үйдің арасындағы алғашқы "визиті" онша болмаған соң, екі шақырым қашықтағы питомникке жаяу тартты.

Жазға салымның қара суығында жалаңаш қолмен жер тырнап жатқан елу шақты әйелдің жүздері жүдеу екен; жастары да әр шамалы, киімдері де қырық құрақ, жүдеулігін жасы мен киімінен емес, қас қабақтың кейістігінен аңғарып еді. Жалғыз жүрген бейсауатты ешкім елемеді ме, айтайшы атаулыдан есепшінің санатында жүрген қылтанақ мұрт жас жігітті кеңсенің контромаркасын құшақтап отырған жерінен зорға тапты. От құшып отырып танауының сорасына ие бола алмаған бозөкпелеу неме екен, далаға шыққан соң жалаңаяқ мұз басқандай дірдектеп бір орында тұрмай билеп кетті.

— Спецовка неге жоқ?

— Бергенбіз, бірақ, ылғи жеп қояды.

— Жеп қойғаны қалай?

— Бізде пәшибішни цех жоқ, өздерің тітіп киіңдер деп ақша берсек ылғи жеп қояды. Киім кигеннен кәрі тиын жиғанды жақсы көретін маусымдық жүмысшылар той. Ұрсайын десең ылғи жесір қатындар.

— Сен де сол ылғи маусымның бірісің бе?

— Мен бе?., мен... Құдай қаласа биыл әскерге кететін шығармын...

— Питомниктің директоры қайда?

— Директоры жоқ қой. Сигат ата директордың жалақысына үш жұмысшы жалдап отыр ғой.

— Оның қызметін кім атқарады?

— Ылғи өзі атқарады.

— Агроном да жоқ па?

— Жоқ қой. Оны да сөйтіп жүр ғой.

— Оның қызметін де ылғи өзі атқаратын шығар?

— Ылғи сөйтіп жүр ғой.

— Сен де ылғи өстіп билеп жүресің бе?

— Ылғи ос... жоқ, мына қатындар кеткен соң мен де ауылға қайтам ғой.

"Қайтпай қал!" дегісі келіп тұрды да бадырақкөзді аяп кетті. Контромаркасына қайта қуып еді, шамға жүгірген көбелек сияқты бір жабысса қалмайтын бұл да бір зәнталақ екен, секектеп карға адым жіберсеші.

— Сіз де кәмәсиясыз ба? — деп жармаса кетті.

— Немене, комиссия жиі келіп тұра ма?

— Ылш кәмәсия ғой. Ауданнан келсе де кәмәсия, астанадан келсе де кәмәсия.

— Кәмәсияң сонда не іздейді?

— Ит біледі!.. Ылғи сұрайтыны Сигат ағай ғой.

— Оның несін сұрайды?

— Қанша ақша алады дейді, қанша қатыны бар дейді, мына қатындардан да ылғи бірдемені сұрап жатады.

— Қанша ақша алады екен?

— Түк те алмайды ғой.

— Қанша қатыны бар екен?

— Қатыны ма?.. қа.. қатын жоқ қой...

— Әй, қақылдап қалтыр, біреудің қатынын санағанша мына шаруаңды қабылдап ал! — деп шеткі бір әйел дүрсе қоя берді. — Желініміз керіп тұрмаса да жейтін аузымыз бар, өзегіміз кеуіп тур, кеш болды, кетеміз!

Ағаштың үгінгісімен бүркеп тастаған балқарағайдың бір тұтам көшетін жалаңаш қолмен аршып, савогын керзі етігінің танауына қатып-қатып лақтырып жіберген келіншек Бекетті көзінің қиығымен еріксіз тоқтатты. Ыз тепкен илеу топырақтың салқыны ма, бетінің шаңытып тұрғаны болмаса, аппақ сазандай әдемі-ақ кісі екен, миына бірден сарт еткені: "япырай, бүл да жесір ма екен?" деген бір ой.

— Айына қанша табасыздар?

— Ай сайын саңғып тастап отырсақ жер-көкке адам сия ма?!.

— Мен табысыңызды айтам.

— Е, сөйдемеймісің!.. Бұйырғаны біздікі той! — деп келіншек табан астында Бекетті жақтырмай қалды. — Немене, қатындардың табысын тексеруге келіп пе едің?

— Қызмет бабымен...

— Е, бабымен де!.. Мұнда бап тілейтін ұрғашы жоқ, бұдан кейін кешқұрым жалғыз жүрме!..

— О неге?

— Шетінен қағынған қысыр қатындар, ермекке жарамасаң басынды суатқа тығып кетеді!..

Қалжың араластырса да келіншектің қазымырлығын Бекет түсінді. Қалжың екен деп ешкім езу тартпай қойған соң онан сайын қысылған, әйелдер бір сәтте көгеннен ағытқандай сыпырыла жөнелгенде Бекет сопайып жалғыз қалып еді, "көктүйнек, жәрп -жәрп етіп аузыңа ие болмайсың!" — деп қазымыр келіншек бадырақ көзді желкеден түйгіштеп барады екен. Бадырақ көздің "ыңғайына" қоса "кәмәсия" деген бір ызың көпке дейін Бекеттің құлағынан кетпей қойған. Әйтеуір күнін баққан жұрттың ішіне кім кіріп шығыпты. Бұлардың да уайымы бар-ау, сол уайымға мен де ортақпын-ау деп ойлап көрмеген көңілі тоқ, жүгі салт парықсыз жігіт алғаш рет шаруаның қомытынан қорқайын деді.

Қара құрық жел аспанды аршып тастаған екен, тек шіріген қуыста ғана бір бау бұлт жасырынып қалыпты. Ақсуға жетіп шорт үзілетін қасқа жолдың тұйығында тіршілік те тұйықталатын сияқты. Ақсудан әрмен қарай зеңгір-зеңгір таулар, көк аспан; дырау қамшының түйін шашатындай жон мен қырға шашылып жатқан трактордың сүрлеуі мен тайганың бытқыл-жынысына тентіреп кеткен тағының жымы болмаса, Ақсудан әрмен қарай барар жер, басар тау жоқ. Бәрінің жолын бекітіп шырқау төрде Көкжота отыр. Аспан аласа ма, жоқ Алтай биік пе, Көкжота көк тіреп түр екен. Қазақ айтса не өсіріп, не өшіріп айтуға құмар. Көкжота көк тіреп тұрса да, аты жота. Көкжота алыстаған сайын биіктеп кетеді де көзден тайып болса да көңілде сол көк тіреген қалпы қала береді. Тайганы жеті жыл кезгенде ата мекенім осы деген бір сағыныш көңіліне келмеп еді, ата мекен Көкжотадай көк тіреп тұрса, туған жердің шаңырағындай Көкжотасын көңілмен болса да кім іздемес!..

Тұйықтағы ауылдың тынысы түгіл, түтіні де жықпыл-жықпылдан аса алмай, төбеден түндікпен тұншықтырып тастағандай мұржа кепешінде ұйып қалыпты. Бір көшеге телмірген жүз қаралы түтін бір тұтам көгенге теліген қозы бұршағындай-ақ болып көрінді. Сол бір тұтам көшенің бойында түймедей қоңызды сілкілеп бармақтай бүйі дедектеп жүр екен, сірә, Сан Санычтың көксау ГАЗ-игін сүйреткен гараждың "Көкқасқасы" болды-ау... "Япыр-ау, бас инженердің содан басқа шаруасы құрып қалған ба?!. Әйтеуір қыбыр бар да, дыбыс жоқ. Айғайласаң даусыңды көк аспаннан басқа қағып алар құлақ та жоқ. Ал көк аспанда даусыңды ести қояр құлақ бар ма, жоқ па, оны да қай пенде көріп келіпті?!. Баяғылар: жер ортасы көктөбе дейді екен, жер тұйығы Ақсу екенін Бекет бүгін сезген. "Япыр-ау, мына жұрт қалай сыйып жүрген, қалай сыйып жүргенбіз?!."

Қақтың беті қабыршақ тартып, жер тоңази бастапты. Шіріген қуысқа жасырынған бір бау қара бұлт қанат жайып, қарағай басын шалып қалыпты. Асекеңнің сәуегейлігі рас болса бүл жұма қармен аяқталатын шығар. Алакеуімде мал ымырттаған жылқышыдай қыр басынан сорайып жалғыз түскен бас орманшы кеңсенің шақырайған қос терезесіне тартты.

Кеш қалған әлдекімдер аяқтарының ұшымен басып тарап жатыр екен. "Кеп қалды!" дегенді де әлдекім айтты. Келіп қалған директор екен. Қолын қатты қысып жымиғаны болмаса аман-сүгір де жоқ, салқын қабылдады. Жылы креслоны қимағандай Сан Саныч созылып тұрып, сылбырап шығып кеткен соң тана:

— Қалай, әке-шешең аман ба? — деді. Оны да амандығын білу үшін емес, әншейін, сұрай салу салтымен айтқан сияқты.

— Аман-есен...

— Әкең әлі күнгі әтір мүңкіп жүрген шытар?..

Көбесіне ине тығып алғандай селк етті. Ситат бұған да мән бермеген қалпы селсоқ отыра берді.

— Сіз менің әкемді білетін бе едіңіз?..

— Ептеп... Әрине, сәлем айтқан жоқ шығар, — деп артынша жымиған болды. Өзін-өзі зорлап жымиған секілді еді, соның өзінен де кекесін аңғарды. Әкесін емес, әкесін сылтауратып Бекеттің өзін қажап отырғандай көрінген.

— Е, ол кісілердің сәлемі қымбат қой! — деп тағы да бір нығарлап тастады да барын киініп, буынып-түйініп алып есіктен сығалаған секретарь қызға "кете бер" дегендей иек қақты.

Бекет директордың арзан соз, арзымайтын кулығынан бір нәрсені іркіп қалғанын да сезді. Осыным бекер болды-ау деген өкінішін де аңғарды. Енді қайтып бұл жайында ауыз ашпайтынын және біліп отыр. Сиғаттың алдында кінәлі адамдай сезіктеніп, есіктен еңсесі сыймай кірген жігіт аяқ астында кішірейіп, қипақтап қайта-қайта қалтасын сипай берген, бірақ стол басынан бипылнисә таба алмады да кабинеттен түгін иісін сезбеген соң бүл да тымпима ойнауға кірісті. Алғашқы жүздесудің аңдыспен басталғаны бас орманшыға онша ұнаған жоқ. Телефон тыз етпегенде әлі де қанша отыратыны белгісіз еді.

— Тыңдап тұрмын... шүкір... түскенім осы... жұрттың аманшылығына борыштымын, сұрап үлгергенім жоқ... Мені ырғап қайтесіз, турасын айтсаңызшы!..

Сиғат трубканы қолының қарымен қысып, календарьдың бетіне әлдене жазды да, Бекеттің бар-жоғын ұмытып кеткендей ұзақ отырды.

— Мен де документке сенетін адаммын. Екі бірдей комиссияның қорытындысына жүгінсек, біздің территорияда құрылысқа лайық орман қоры жоқ. Өткен жылы дейсіз бе?.. Өткен жылы жоспар жиырма бес процент артық орындалды. Демек, бүл біз үшін мақтанарлық іс емес, қылмыс!.. Есектің күші адал да еті арам ғой. Алыстан бізге қарап айдаһар ысқырса, іргеден сіздер келіп қоса талайсыздар. Сіздер жіберген бір сигалдың соңында бір жарым айым сарып болды. Жиырма жылда Сиғаттың жеп қойғаны бір сом қырық жеті тиын екен. Артымнан жіберген тыңшыларыңыз Алматыға менен бұрын жетіпті, оны да білемін!.. Мәслихат болмай жатып бюроның қаулысын дайындап қойғандарыңызды да білемін!.. Министрлік мәселені менің пайдама шешпегенде ендігі маған қайың сауғызып жіберейін едіңіздер! Әрине, мұны да білемін... Құдай өзі кешірсін, мен тыңшы ұстамаймын, ондай штат бізде жоқ! Басқа дейсіз бе?.. Басқа не айтам?.. Бізге бір анкета керек, соны екінші хатшының құлағына катыс қылсаңыз... Жұмысшы қауымынан дейсіз бе? Ол дұрыс қой, бірақ ол шаруашылық маманы емес, кез келген жүмысшы бас орманшының орнын толтыра беретін болса бұл жігітті сонау астанадан алдырып нем бар?.. Таныс жігіт, жеті жыл Зеренді леспромхозының қомытын киген, орман шаруашылығы министрлігіндегі дардай қызметін тастап келіп отыр. Сау болыңыз!..

Сиғат телефон трубкасын тастаған соң да талай кідірді. Иегіне қол жүгіртпейтін әдеті еді, бұл жолы түйме мұртын қайқайта етегінен түріп ойланып қалды.

— Бір шаруасын айтқанша елу рет ыңыранып, жүз рет қақырынатын әдеттері!.. Райисполкомның мықтысы ғой ырғап жатқан. Екі жерден пионер лагерін салуымыз керек, соған құрылыс материалын тап дейді. Ал жолдас бас орманшы, шаруа көбейді, ойлан...

Нені ойлансын?.. Ауатком председателі тап деген екен, онда ойланатын не тур?.. Әлде арба сынбайтын, өгіз өлмейтін жол тап дегені ме?.. Райкомнан анкета сұрап отыр. Сөз сыңайына қарағанда Бекетке сұрап отыр. Келмей жатып бүл қай құрмет?.. Әкесінің зар қақсағаны да осы еді. Ең болмағанда астанада жүріп партия қатарына өтіп ал деп Құдайдың зарын қылып еді. Енді, міне, әке сөзі тура алдынан шығып отыр. Кісі боламын деген адамға, кісілік жарыстырамын деген жігітке алғашқы талпыныс осыдан басталады деген. Ал жолдас бас орманшы, шатырыңды шайқап көр!..

Көп сауалды ой елегінен өткізіп болғанша директор орнынан тұрып та кеткен екен.

— Байқаймын, жағдайың онша келіспеген сияқты. Шахматқа қалай едің?

— Ептеп қана.

— Бильярдқа ше?

— Ептеп қана.

— Ептімін дегенің бе?.. Әйтпесе, жас жігіттің осы бастан епке көшкені өзінен басқа ешкімді жарылқамаса керек еді. Жә, көрелік...

"Еп" деген сөзді лексиконыңнан алып таста деп тұр ғой. Тіл астында ұстайтын талай құпияның бар екені рас, бірақ оның бәрін қысқарта берсек бастық қана шешен, басқаның бәрі моты болғаны да. Құлға күрек, төреге қамшы дегені ме?..

Директор келте қоңыр тонын киіп те үлгерген, елтірлі жата, қалтасы мен өңір жиегін де елтірлеп, етегін де елтірмен көмкеріп тастаған екен, тек басындағы құйрығы делдиген тиын құлақшынның реңі бөлек. Бір кезде жартақпен замшқа оранған кәрі бойдақ моданы өзгертіп үлгерген екен-ау! Бүл өңір тұрмақ, астанада да киім жатынан Сиғаттан озған сылқым жоқ шытар. Соның бәрі де өткен тасырдың бүгінге ықшаммен жеткен үлгісі. Көне деп айтып көрші! Асекең не деп еді?.. Тезегін айналып бір иіскегенге мәз болатын ақсүйек кәрі азбан!.." Ақсүйектігі болмаса кәрілікке мойынсұнайын деп тұрғаны шамалы. Сұңғақ бойлы, кең жауырынды, палуан тұлғалы бітіміне қарағанда әлі де тұғырдан түсе қоятын кісі емес, қызыл шырайлы жұмсақ жүзіне, жазық маңдайына күмістей ақшашы қатты жарасады екен, түйме мұртқа түйіле кеп шұқшиған жоталы қыр мұрын әлі де талай сіңбірерім бар деп тұрғандай. Сырттай салқын көрінгенмен тұп-тұнық жанарынан жұртқа бітпеген ерекше бір нұр, мейірім байқалады. Әйелінің қайтыс болып, Сиғаттың жер ортасында қалғанына біраз жыл. Заманында тірліктің думанын сан сапырып, талай сұлудың көз жасы мен ыстық құшағын жалынымен құртатқан керім-ай сал бүгінде тек шаштың атынан сескенетін болуға керек, өлі төсек жаңартпай жүр...

— Он бес бұрышқа!.. Бұйыртса!.. Он торт қайда жасырынып жатыр?..

Астананың паркінде ойнауға да өнері жетеді екен. Расында өнер деп ойнайды екен. Әр салған шарының мәнері бөлек, позасының өзі сөн, ұтылғаныңның өзіне разы боласың, ұтылсаң да ләззат алады екенсің. Біркелкі қызыл ала кийлерді де бұрын көрген сияқты. Әкесі жылына екі дүркін, көктем мен күзде де дем алып қайтатын қала шетіндегі үлкен бір мекеменің санаторийіндегі сыңар қол маркердің қолтаңбасы. Тау бөктеріне бет алса бөктеріп жүретін әкесінің қорапты кийі есіне түсті, каска сиыры дауға кететіндей күшеніп ойнап, ұтылса бет тамыры білектей болып, күні бойы мүлт кеткен бір шардың уайымымен қажитын тыраш әкесі есіне түсті... "Әкең әлі күнге әтір мүңкіп жүрген шығар?.." Әтір мүңкігені де рас. Әтір иісінің ешқандай әбестігі де жоқ еді, тек соның Сиғаттың аузымен сүйкімсіз етіліп айтылып, әкесінің әтір мүңкіген кеспірін елестеткенде шілденің шіліңгіріндегі күйек байлаған ата қошқарды көргеңдей болып еді. Бір ойды бір ой түртіп, Сиғаттың жұғып қойған жарым сөзі Жанжігіт шалдың: "тігерге тұяқ қалдырмай сенің әкең қырып салды!" деген өкінішін қайта жаңғыртқан. Кий ұстаса бейкүнә шарларды қыс дұшпанындай құшырланып қуалайтын адамның қолына қару ұстатса...

— Ойландың ба?

Директор кеңседегі сауалын әлі ұмытпапты, бірақ бейғам жігітті састырғаны болмаса, қолма-қол жауапты күтпеген де сияқты, назары столда, борды саусағының ұшымен шымшып қана ұстап, мысқалдап қана жақты.

— Тұзды дуплет бұрышқа!

Тұзды да салған жоқ, сақаны әдейі апарып бұрышқа жасырды да Бекетке бес ұпай айып төлетіп партияны бітіріп кетті. Сынай қараған жүзінде "ойландың ба?" деген сауал әлі түр екен.

— Сізді қалай паркке апарып салсам деп тұрмын.

— Ә, біздің паркіміз де, парқымыз да Ақсудан ұзамайтын шығар... Осында Асекең деген егерь бар. Өмірі итжығыс келеміз...

— Ол кісі келіп кетті.

— Солай ма?! Осы өңірге бейтаныс біреу келді десе итпен іздеп табатын әдеті еді... Жассың той, тігіп жібер... Сырын білмеген жұртты алдымен Асекеңе сынатып алатынымыз бар. Артық кетсе кешірімді біз сұраймыз.

— Әзірге менің қорама тас лақтырған жоқ сияқты. Бірақ сыртынан жүргізбейтін шәлкестеу жігіт сияқты көрінді.

— Бұл тайгада кім жоқ дейсің!.. Түскені менікі!.. Музыкавед те бар. Асекеңдер бір кездегі консерваторияның доценті. Көп доценттің де бірі емес.

Бекет сенерін де, сенбесін де білмеді. "Мұнда сенен де басқа кісі бар" дегендегісі ме, шар салмай сақаны ғана жасырып ермекке көшкен директор қарсыласының қолтығы жазылардай бір де бір атыс бермей қойды. Сарқыт кемпірдің кішкентай ғана көк тегешті көтеріп кіргені сол еді, лап еткен қымыз иісі алып кетті.

— Шерағаң келген бе?

— Шерағаң тоқалын тастап шығат деген! Сәннен беріп жіберіпті. Албасты қыз ағадан басқа ешкім татпасын дегесін өзіңе сақтап отырмыз.

— Япырай, сол бала не оқуға бармады, не теңін тауып кетпеді-ау.

— Отырған қыз орнын табады, оған несіне қиналдың! — деп Сарқыт оймақтай сырлы ожау мен екі тостағанды дем алатын бөлмедегі жозыға қойып қайта шықты.

— Орныңды тапсаң осы уақытқа дейін неғып жүрсің?

— Немене?! Менің айым қисық мұрын екеуіңе өтті ме?! Алпысқа таянғанда алатын Құдай өзі білет те! Әлде бір кемпірдің көрін қазып көме салу да шығын ба?! Кетейін, бір уыс топырағыңды көпсінсең!

— Қойдық, ойбай! Қойдық, жолдас селсебет!..

Кірпігінен домалап түскен көз жасы бұршақтай меңнің үстінде мөлдіреп тұр екен, бұршақтай мең бір тамшы шықпен қоса үзіліп түсетіндей көрініп еді.

— Құрыс жазылған соң күр бекер қуалау ләзаттың дәмін кетіреді, — деп Сиғат кийін ұяға апарып ілді де Бекетті тыныс бөлмесіне шақырды. — Көзінен жас, көңілінен шері тарқамаған қайран менің замандастарым-ай!.. Еркелетейін десең де, ерсілігін айтсаң да бір жарасын түртіп аласың. — "Жүрегім менің қырық жамау" деп ақын да осыны айтқан екен-ау!..

Сиғат тілімен айтқанда "аяқсуытар" атанған демалыс орыны коттедждың төменгі қабатында еді: шатын кітапхана, бильярд, зал, ас бөлме, қонақбөлме, тыныс бөлме, екі кісіліктүнемел; телевизор мен радиоприемниктен басқа аташ аталуы лесхоз цехтарында жасалған, жаман деп айта алмайсың, жақсы деуге обал, әйтеуір, көзге қораш емес. Кресло, дивандар былғарымен қапталған екен, бұл да тері өңдейтін шеберхананың өнімі, қай зат болмасын, жоқтан бар жасаудың үлгісі.

Сиғат қымызды бір-ақ рет сапырды да дәмін алды.

— Өліп тұр екен!

Бекетке тым қышқыл сияқты көрінді. Директор мұны да сезе қойыпты:

— Күреңсе мен жоңышқаның көк жапыратын қосып турап, ақ сұлы мен ерменді араластырып жемдеген қысырдың қымызы дәрі болады, — деді. — Бірақ, жақпаған жұрт үстімізден арыз айтып кететіні де бар...

— Зерезеп боп қапсың той, — деді қымызға шай бауырсақ пен сықпа әкелген Сарқыт. — Тамақты қайда жасайын?

— Тамақ табылса қуалап жүріп-ақ ішеміз той, отан асықпа. Айтпақшы, райсобеске бардың ба?

— Көрмегенім райсәбез болсын! — деп Сарқыт таты да талқан болды. — Өңшең бір түсі суық жандар екен, қалтасынан суырып қарыз беретіндей қиналатындарын кәйтерсің! Тым құрыса жөндерін айтса екен-ау! Жаудан қайтпаған жүрегің жаманнан шайлығады екен! — дегенді ас үйден айқайлап жеткізіп еді.

Сарқыт осындағы жалғызіліктің күнін кешкен әскер семьясының бірі. Күйеуі майданға аттанғанда жиырма бес жасында қалыпты да ептеп сауаты болған соң ауылсовет председателінің қызметін атқарып, кейін колхоздың қара жұмысына ауысқан.

Колхоз — совхозға, совхоз бірде бері, бірде Алтай өлкесіне ұзатылып, аумалы-төкпелі болған заманда еңбек кітапшасы жүргізілмей, жұрт алып жатқан пенсияға да жете алмай қалыпты. Артында ұрпақ та жоқ, ендігі сағалағаны лесхоз, онан кейін кешегі көз көрген ел атасы Сиғат. Бір Сарқыт емес, не байдың, не баланың қызығын көре алмаған көп жесірлердің біразы осында жиналғанға ұқсайды. Оны шет жағалап кешелі бері Бекет те байқаған.

— Жесірлерге тамақ тауып берсек те кінәліміз. Ал бұл байғұстарға тек тамақ қана керек пе?.. Қам көңілді немен жамамақ? Келе жатқан кәрілікті немен жасырмақ?..

Сиғаттың бұл сауалы тауқыметсіз жас жігіттің ойына әлі кірмеген уайым еді, аузына апара берген қымызын дастарқанға қайтарып қойғаны болмаса директордың күрсінісін бөліп-жара алмады.

— Тайгада қонақжайдың, ресторанның жоқ екенін әркім біледі. Мәскеу мен Ленинградтан келген аптариқалы комиссияны осында жатқызып, осы жерден ас-суын ұйымдастырып едім, лесхоз директоры бүкіл шаруаны өзінің вотчинасына айналдырып сорып жатыр, ас-судың арқасында келген-кеткенге өзінің сөзін сөйлетеді деп әлдекім жоғарғы жаққа арызды айдап жіберіпті. Әркім болса бір жөн-ау, алдымен іргеде отырған ағайын, онан қалғаны әжептәуір басшы адамдар... Осы бір үш коттедж көзге күйік боп бітті, шынымды айтсам, кейде өртеп жібергім келеді. Тек қимайсың, бүл шіркіннің елді асырағаны болмаса азабы да, міндеті де жоқ, — деп Сиғат ас бөлмеге назарын бір тастап өтті. — Содан бері бұл күркеге бөтен адамды жолатпайтын болғанбыз. Ендігі келімді-кетімдіні итпен қосып күресінге тастайын деп отырмын!.. Жә, оны қойшы, мұның бәрі ұсақ-түйек қой, әлдекімдердің арызына сенсек, лесхозды жабу керек сияқты... Тарта бер темекіңді. Темекінің угәрі өсектің угәрінен ұлы емес. Отыз жыл тарттым. Жастар най тартудың да ретін білмейді. Сіріңкенің күкіртін жіберіп, шылымды жалынның ұшынан емес, үлкен оттың етегінен тұтату керек. Ерінге сілекей үйрілгенде – ақ құмарым қанды деп тастай сал, кеңірдегіне дейін қылғындырудың қажеті қанша?.. Дал ада бір сигаретті бітіргенше үйде отырып екеуін тауыс. Кислородқа қосылған никотин мен күкірт өкпенің жауы, дүние жүзінің ғалымдары шырпының ұшындағы сіркедей күкіртті немен алмастыруды таба алмай отырған жоқ па!..

Шымбайға батқан кесірлі арыздың қыжылы нақақ көңілден әлі де арылмаған екен, директор тым қазымыр сөйлеген соң, Бекетте енді ғана тұтатқан шылымын қасақана сораптай беруді жөн көрмей бипылнисаға тұншықтырып өшірді де тосылып қалды. Оны да іле түсінген отағасы қонағын бежірейтіп отырғызып қоймай ас үйге бастады. Бұл да шаруаның жайын, жұмыс-бұйымтайды еру болып әдейі уақыт бөлмей әңгіме арасында жүре тындыратын ескі әдеті. Диплом жұмысынан кейінгі жарты жылда жатсынып қалған жетекшісімен қайта танысқан Бекет ішіне кіріп кете алмай сөз тосып, тыңдаумен ғана болды.

— Бүгінше қонақсың, ертеңнен бастап, жеңгең бола ма, әлде анаңмен жасты ма, мына кісінің қолына қарайсың.

— Бұл кісінің қолына қарасақ жайымыз жаман болмайды екен.

Қыстың көзі қырауда қияр мен түйе көтен, көк пияз бен укроп кез келген дастарқаннан табыла бермейді. Мужуір сүйегін бөлек қойып, ыстық салманы тегенесімен әкелген Сарқыт дастарқанын мақтаныш еткендей:

— Жаман неге болсын, бұдан сорақымызда да тойға барғанбыз! — деп әркімнің сыбағасын табағына бөліп бермей, қалауыңша іш дегендей осы елдің әдеті бойынша тегенесіне ожау салды. — Әлгі тергеушілерің не депті? Кейбіреулер сені орнынан алып тастайтын бопты, сол жақтан күзеліп қайтатын шығар деп айдарынан жел ескенде береке құтымыз қалмады ғой.

— Е, алса алып тастар, атадан қалған жалғыз мұра Ақсудың лесхозы ма екен!..

— Осы сенің төбеден ұрғандай таңқ еткізіп сөйлер күнің бар ма?!.

— Факты подтвердились, но доходы приходываются в казну лесхоза депті. Таңқ еткізіп төбеден ұрған деген осы емес пе!

— Патыберділісі несі, приқодыбілісі несі?

— Енді, лесхоздың шынашақтай директорының алдына ауданның алпамсадай басшысын жығып бермейтін шығар... Әттең, кейбіреулер қан-жыныңмен жұғып қояр еді, лесхоздың қожасы бөлек боп қор болып жүр де.

Бекет енді түсінді. Осы ауылдың баласынан бақырауық шалына дейін Бекетті амбарына кіріп кеткен бұралқы иттей қырыс қабағымен қуалап, тырс етсе түтіп жейтіндей түтігіп еді. Расында, Сиғаттың орнын тартып алса, ай-шайға қарамастан тарттырып жібергендей екен-ау!..

Албасты қуғандай әлдекім есіктен арсы-күрсі домалап түскен, жыртық ботысын балшығымен сүйретіп еңгезердей сары кемпір айғайлап кірді.

— Әй, Меңдіқыз, бүгін түскендей сызылып нағып отырсың? Шайды жасап қойып әлі отырмыз, бері отырмыз!..

— Иә, қойғаның суып бара жатыр деген! Онан да тамақ андып келдім десеңші! Отыр! — деп Сарқыт орын нұсқаған болып еді, сары кемпір балшық ботысын бір көтеріп орнына кайта қойды.

— Әдіре қал! Мырзажігіттің базарлығын жалғыз өзің басып қалдың да! Содан мүйізіңнің шыққанын көрейін! Жүремісің, жоқ па?! Енем үйінің қасқа сиырыңдай боп әлгі керейдегі қыз келген. Үй толы қатын!..

Сары кемпірге сенсең бұл ауылда қыздан басқа ешкім жоқ сияқты. Сарқыт жеңгесін аспен де, түкті орамалдың астында бұғып тұрған ақ құманмен де тоқтата алмаған соң өзі де ырғалып отыра алмады, керейдегі қыз келді дегесін онан сайын елегзіп дастарқанның аяғына қарамастан жинала бастаған. Сиғат сары кемпірдің неге келіп, нені даулап тұрғанын аңғармағандай:

— Ғазиза, сен осы Сарқыттан қанша жас үлкенсің? — деп бейғам сұрақ тастады.

— Қайдан білейін, әйтеуір бүл қыз менен кәрі ғой, — деді сары кемпір. — Байға тимей отырды демесең мен түскенде керіскедей бойжеткен болатын. Қаратаяқ боламын деп жүріп алды қайқаңдап!

— Барболғыр, мына қатын неменің аузын қалай жапсам екен? — деп киініп жатқан Сарқыт кәдімгідей күйбеңдеп қалды.

Өзіне қайта-қайта жалтақтай берген Сарқыттың бірдеме дәметкенін сезді ме, Сиғат екі кемпірді есік көзінен тоқтатып алды да, екеуінің де қолына ұясына сағат құйған күміс білезік тақты. Сарқыт не дерін білмей қалды, Ғазизаның білегінде білезіктен бос орын жоқ екен, сағатқа сығырайып тұрып қарап, сынап тұрып тексеріп:

— Мырзажігіт-ау, мынауың бір қысырақтың құны ғой! — деді, — Қысырақ түгілі, қызында қыршаңқы байтал қалың төленбеген жаман кемпірлерің мұныңды көтеріп жүре алса-ау!.. Құдай сенің уақытыңды ұзартсын!

— Өз құныңды жақсы біледі екенсің ғой, — деді Сарқыт, — көтере алмасаң анау көк темірлердің бір-екеуін шешіп таста!

— Оны мен өлгенде таратарсың! — деп Ғазиза қайын сіңлісіне жақтырмай қарады: — Мына біреуі әкемнің соғым бергені, екіншісі білегіме салғаны, қалған бесеуі соғыста шейіт болған бес бауырымның көзі!.. Сен албастыға иттің қарғыбауын таққан ешкім жоқ еді, енді келіп маған көк темірді де көпсініп тұрсың!..

— Қалдық қой мына сары пәлекеттен! Әлгі қатындарың тарап кетпей тұрғанда бармаймыз ба енді?!

Қос кемпір шығып кеткен соң үңірейген зал мелшиді де қалды. Орындық сықыр етсе төбе жаңғырып, тер шалған терезе де үрей шақырып үңірейіп тұр еді. Екеуі де мелшиіп отырған.

Сиғат шымылдықты жауып, люстраны өшірді де бұрыштағы торшерді қосып еді, штепсельдің даусы оқ атқандай төбеден шаңқ етті. Көк абажурлы торшерден көлбей түскен көгілдір сағым төбені көтеріп, биіктеп кеткен шаңырақ күмбездей шырқап көрінген. Іргеден орман шулады. Шіріген куыстың тоқымдай бұлты қыстың соңғы ызғарын қуалап келсе керек. Көгілдір сатым көк мұздың ызғарын шақырғандай салқын екен, жылы үйде отырып Бекет тұла бойының мұздағанын сезді. Сиғат бұрыштағы креслоға барып еді, көгілдір сатымда ақ селеу шашы ақыреттей, ашаң жүзі аруақтай суық көрінді.

— Тарта бер!

Столдағы тағамның шеті кетілмеген. Ыстық асқа жете алмай қалған сұп-сұр пышақ, сұр қасықтар, айыры ырсиған эмаль шанышқылар сұлап-сұлап жатыр. Байғұс кемпірді өтірік әбігерлеп, өтірік ренжітіп, өтірік жұбатқаны ма?.. Түкке қажеті жоқ от басының әңғімесі, ауыл үйдің әзілі кемпірлерсіз-ақ қоздап, кемпірлерсіз-ақ қара еу қайнап, кемпірлерсіз -ақ ішілетін еді той.. Кемпірлердің тірлікке қажеті болмаса да тірліктің кемпірлерге қажет екенін Бекет мынау мелшиген залдан ұқты. Сол тірлікті жорта жасайтын да бұрышта отырған ақбоз екенін және білді. Әйтпесе шөп-шаламға семіріп, аядай қуыста арыстай шіренетін шала бай Сиғаттан бөтен болса керек еді-ау.

— Тарта бер!

Шырпысы баж еткенде шымылдықтың жыртығынан аузына от жатып отырған албастыны көріп қалды. Қызыл күрең сағым жалп еткенде де сол сұмырай терезенің ар жатында жалпайып әлі отырған сияқты еді. Иен үйде жалғыз адамды албасты иектемесе де өзіңе-өзің албастыдай көрінбесең бұл жұрт жалғыздықтан неге қашады? Елбесіп-селбесіп шыта жөнелген қос кемпір көз алдына елестеді. Үй тола қатын деп еді-ау... Солардың бәрі жалғыздықтан қашқан мұңлықтар болмасына кім кепіл?!.

Директор шахматқа шақырмағанда Бекет қайда сиярын білмей отыр еді. Алғашқы жүрістен сыңайын байқатысы келді ме, ақ тасты ұсынған соң, бұл да қырсығып корольдың флангасынан бастады, бірақ онша сәтті еместігін екеуі де бірден аңғарып Сиғат та бейтарап сайысқа шақырды.

— Фигураларыңыз Сан Саныч секілді жуан бақай, әрі тоқ екен.

— Оның рас. Жуан бақай жұмысқа мойымайды, тоқ адам елге жайлы.

Осындағы азғантай шаруаға да ие керек. Бес қоныс омарта, екі отар қой, бес жүздей жылқы, теплицадағы шөп-шалам, толып жатқан қолөнер цехы қажымаған пендеге аз жұмыс емес. Жел соқпаса шөп басы қимылдамайды, арызқойлар да көмештің қай көмбеде жатқанын білмейді деймісің?.. Тамақ үшін өмір сүрмесек те жұрттың тоқ болғанын жақсы көреміз. Қала сияқты дүкенде тіреліп тұрған да ештеңе жоқ. Еттен бастап бар-жоқ азық -түлікті өзіндік бағасымен жұмысшылар қоймадан алып отыр. Артығы кооператив саудасына түседі. Одан келген пайда лесхоздың қазынасында. Бір ғана питомниктің өзі жылына бір жарым миллион сом табыс құйса мынауың теріс деп бізге кім айтар. Бірақ бүгінгі жеген қонақасың да тиын-тебен болып лесхоздың кассасында қалады. Өйтпесек, өкіметтің датациясы тайга тұрмақ тайыншаның құнына татыр ма екен?.. Жүз отыз адамды қай шаруаңа тартасың. Маусымдық жұмысшы керек. Оған еңбек ақы керек... шах!.. Маңайдағы колхоз, совхоздың артық жұрты түгел ағылып бізге келгендей. Әттең штат жоқ... атынды маған соғымға тастап кеттің бе... жөн, кайтып алмайтын жігітпін де... мен өзі жегіш адаммын, кеңірдегім кең, берсең жей берем!.. Солай, жолдас бас орманшы, маған адам керек, мен өзі басқа зар кісімін. Әлдебір шолақ қамшысын көтерді екен деп күні бұрын басымызды көрге тыға алмаспыз! Шымбайыма тие берсе, дәл осы Ақсудан солдат жесірлерінің қоғамын ашамын. Майдангерлер қоғамы болғанда жесірлер коғамы неге болмасқа?.. Шах деп тұрсың-ау... онда қашамыз. Қашудан да қорықпаймыз... Солай, жолдас бас орманшы, жесірлерге жұмыс емес, қарекет керек... қарап отырмас үшін... торт қабырғаға телміріп қалмас үшін... Көзіміздің тірісінде оларды ұмытуға қақымыз жоқ. Өле қалса, әрқайсысының басына бір-бір ескерткіш қойса да артық емес. Өйткені, олар кешегі соғыстың тірі портреті. Ол портрет тірі пенденің көз алдынан кетпек емес. Шах!.. Қашасың ба?.. Қаша алмай қалдың-ау, жігітім. Уәзіріңнің басы алынды, екі шабуылдан соң королің тақтан құлайды... Жорта жасаған жоқпысың?.. Осындағы маусымдық жүмысшының жүз проценті әйелдер. Ол байғұстардың да еңбек кітапшасы жоқ, алты ай жаз тірнектеп бізден бірдеме тапқан болады да, алты ай қыс үңірейген пеш көмейіне үңіліп отырғаны. Олар ертең қартаймай ма? Ертеңді қойып, бүгін қажып қалған жоқ па? Сонда оларға пенсияны кім тағайындамақ? Қартайғаның үшін беретін бес-он сом ба?.. Онымен кәрілікті асырай алмайтын шығармыз. Кәрілік ақшаға алданбайтын да шығар. Солай, жолдас бас орманшы!.. Қызылтанау болып Алтайдың ағашын қоримыз, адамын кім қорғайды?.. Елді асырамаса кез келген шаруашылықтың кімге қажеті бар? Біздің кімге қажетіміз бар?.. Демек, оларды да тұрақтандыру керек. Ол үшін қосалқы шаруашылықты мықтап қолға аласың. Питомник жазда ғана емес, қыста да жұмыс істесін. Ет пен сүтті де тапсыратын болайық. Ішім-жемнен аспаған шөп-шалам кімді жарытады?.. Былғары цехы мен пимакат өзіміздің ғана бас-аяғымызды бүтіндеп қоймасын, саудаға шықсын. Басқа цехтарды да кеңейткен жөн шығар. Солай, жолдас бас орманшы!.. Неге томсарып қалдың?

— Асекең есіме түсіп...

— Асекең деген кісі ғой. Бір қарасаң әпенде, бір қарасаң өзін-өзі қорлап жүрген сияқты. Бірақ тайгаға кісі керек емес деп кім айтты? Тайганың жұрты неге шетінен дүңгәнә болуға керек?!.

— Сол Асекең нашар хабар әкелді.

— Не дейді?

— Аюлыға күл түсіпті дейді.

— Оның қисық мұрыны иісшіл еді, өтірік болмады ғой. Аюлыға күл түссе — жиырма мың гектар. Қырды десеңші! Тас төбеден ұрды десеңші!.. — Директор шахмат тахтасын сарт жауып отырып қалды. — Тарт темекіңді! Кейде темекі де таспиық санағанмен бірдей, ойға қосатыны бар.

Сіріңкенің шырпысы баж еткенде тағы да терезеге қарап еді, аузына от жаққан албасты шымылдықтың жыртығында әлі отыр екен. Терезені тырс-тырс шертіп тұрған. Терезені шертіп тұрған сырғақ екен. Шаңырақты тіреген көгілдір сағымда қабырға сағаттың жалақ-жұлақ еткен кәкпірдей тілі тақ-тұқ таңдай қағып құйқаны тесіп барады. Бірақ ойға ой қосқан темекі жоқ, ойда да дым жоқ.

— Солай де, жолдас бас орманшы!.. Ендеше, жағдай өзгереді. Жиырма мың гектардың орманы алты арысты алдауға жетеді. Демек, аудан заказын қабылдауға мәжбүрміз. Бірақ пионер лагері осы маңнан салынуға тиіс. Бұған не дейсің?

— Бүгін пионер лагерін, ертең тағы бірдемесін тықпаласа, оның ар жағында облыстық мекемелер де қарап қалмас, түбі тайганы ластап жүрмейміз бе?

— Алатын аурудан қашып құтыла алмайсың. Осы жағдайды пайдаланып, трассаға дейінгі алпыс шақырым жолды жөндетіп алуымыз керек. Аудан құрылыс материалын тасуға кететін, подрядчиктерге жұмсайтын қаржысын жолға төсесін. Сонда құда да тыныш, құдағи да тыныш. Бүл бір. Қандай құрылыс болмасын ол түбегейлі біздің территориямызда, біздің игілігімізге қалады. Бұл екі. Онан соң, аудан басынан салынған пионер лагерінің жалпақ елге қаншалық пайдасы бар?.. Бұл жақтың балалары тоқалдан туып па?.. Бала деген таптырмайтын қолқанат, жыбырлап жүріп талай тірлігіңді бітіреді. Табиғат қорғау қотамын, юнаттар паркін ұйымдастырсаң — тегін қол, тегін лаборатория. Бұл үш де. Салт жүрген қыз-қырқын, әйел жұрағатына, шал-шауқанға жұмыс табылады. Бұл өз алдына. Қалай, авантюрам ұнай ма?

— Мұныңыз авантюра емес, арман сияқты екен.

- Таты бір жаңалық, бес жүз мың гектар орманды заказник деп жарияламақ, бес жүз жылдық орманды отап алған соң, одан келіп-кетер пайда шамалы, дегенмен леспромхозды жауып тынсақ, соның өзі қайда жатыр.

Бұл жаңалығыңыз ұнайды.

Бәрімізге де ұнап отыр-ау, бірақ леспромхоз жабылса, отыз жыл бойы таптаған сары жұртында біз қаламыз. Таз төбе, тақыр жонды кім қалпына келтірмек, оған қаражатты кім бермек? Ресми документі келгенше жыл өтер, оған дейін Әбдіжапар алаяқты пайдаланып қалу керек еді. Транспорт та, ақша далеспромхозда. Әбдіжапардың қалтасына қалай түсеміз?..

— Табанын жалаған қу еді, қалтасына қол жеткізе қойса деңіз. Ойланып көретін қиын шаруа екен.

— Ойлан... Қамалып отырып қауашаққа да ештеңе кірмейді. Жүріп қайталық. Жер-көк түгел аппақ. Сырғақтың аяғы қарға айналған екен, жастықтың жүніндей собаландаған ақ ұлпада салмақ та жоқ, сыбдыр да жоқ, ызғар сынып, дүние бей-жай мүлгіп тұр. Кеше күн күркіреп еді, бүгін — қар. Ертең қандай боларын кім білсін... Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз дейтұғын жазға салымның құбылмасы өз алдына, байырғы сәуегейлерді қойып, соңғы он шақты жылдағы табиғаттың мінезінен синоптиктердің өзі де адасып қалды.

— Әуре болма, бұл ауылда ұрлық жоқ, — деді Сиғат есіктің құлпын іздеп кейіндеп қалған Бекетке. — Совхоз жұртына бос тіге алмаймын, әйтеуір лесхоздың қоймасына да құлып салынбайды. Сондай бұйрық бергенбіз. Елге де, күзетшіге де сын. Соңғы бір жылда бір-ақ рет инцидент болды. Әлдебіреулер қоймадағы бактың қақпағын ашып, балдың бетіне қоқым түсіріп кеткен екен, шұқып жеген саусақтың ізінен сәбилердің қолын таныдық.

— Сиған деген баукеспе емес пе? — деп Бекет күлді.

— Ә, Сиған ба?!. Сиғанды аңыз қылып жүрген Асекең ғой. Бұрын Сиғанның бар-жоғын ешкім білмейтін еді.

Қамыр бетіне сепкен үн сияқты қардың асты былқ-былқ. Қарайып қалып жатқан екі ізден басқа жалғыз көшенің бойында жан жоқ еді. Тап-тұйнақтай қора-қопсы, горбыльді күзеп қаққан қоршауы жалғыз көшенің де кейін түскенін, ор үйдің тұсындағы ақ қанат шыбын үймелеген шырақты діңгектердің тәртібі ұқыпты қолдың билігін аңғартқан. Лесхоз бен бұты совхозының шекарасын қақ жарып аққан Ақсудың бетон көпірінің цементі де әлі кеппеген сияқты. Өзен жағасындағы парниктердің шақырайған ақ сұр сәулесі екі ортаның аспанын да қақ бөліп тур. Жақсыдан жаман ауызға бұрынырақ ілінеді, көктемнің тоңы жібісімен отырғызылатын көшеттің мөлшері, бос жатқан жер, жер тоздырған ор мен жыра, техниканың жоқтығы, адам қолының тапшылығы сөз болды. Орман шаруашылығының ведомстволық журналдары мен телевизордың рекламасынан түспейтін сан түрлі техниканың Алтайға жете алмай қайда жүргенін кім білсін?..

— Олардың бізге тегін берсе де қажеті жоқ! — деп Сиғат кесіп тастады. — Оның бәрі жазық жердің құралы. Шынжырлы табан тау бөктерінен бір жүріп өтсе, жүз жылдық топырағын сылып түседі. Онан соңғысын жаңбыр мен жазға салымның көшкісі-ақ реттейді. Ал табиғи өсім мардымсыз, гектарынан жүз жиырма ғана балапан ағаш есептедік. Өзің білесің, жер тусырап, шым қалыңдап кеткен соң, дән топыраққа жетпейді. Оның үстіне, тайганың дән шашатын аңы мен құсы да азайып барады, жөні түзу тұқым беретін орман да қалған жоқ. Ендігі бар үміт тек қана көшет. Әттең, шұңқыр қазатын он шақты машина болса ғой!..

— Маған бір ой келді, — деп Бекет сәл кідірді. — Мені біраз уақытқа босатсаңыз. Кәдімгі калымщик болып леспромхозға, Әбдіжапардың өзіне барсам...

— Міне, нағыз авантюра енді шықты!..

Сиғаттың жұмсақ жымиысынан Бекет разылықтың да, наразылықтың да ыңғайын таппады.

Ескі ауылға өтіп кеткенін екеуі де иттердің үрісінен байқаған: біріне-бірі тығылып, ығы-жығы отырған тақтай шатырлы қына-қотыр кәртәміш үйлер мен тал шарбақтың ана жыртығынан да, мына жыртығынан да шәуілдеген қандендер ауыздағысын біреу жырып әкетіп бара жатқандай қақалысады. Мықырайған сеновал, бусанған күресіннен қидың иісі қолқаны қауып, мүк басқан қарағай қабырға мен алабота, қалақайлы сыз іргеден ескі жұрттың бықсығы ұлып тұр. Не терезеде, не аулада шам жоқ, Боран соқпай Бекеттің жауырыны сыздады. Кері қайтқысы келіп еді, қайда бара жатқаны белгісіз, ыңғайын тауып Сиғатты тоқтата алмады. Қақалып-шашалып үруге таласқан дарақы иттердің шәуілінен жаңылдырып әлдебір ән естілді. Моншаның мурейкасы секілді ілгерідегі сықсиған терезенің тұсынан өте беріп Сиғат артына бұрылды.

...Қайда жүрсің қан кешкен қарағым-ау?

Қарысып қайтар жолға қарадым-ау.

Қар талып, қайран жүрек сенсіз тозып,

Қартайып жиырма бес жыл санадым-ау!..

"Әй қыз, сұңқылдамай басқа бірдеме айтсаңшы!" —

деген сары кемпірдің даусынан "үй тола қатындардың" үстінен шыққандарын бірақ білді.

— Үнемшіл байғұстар-ай! — деп Сиғат үнсіз тұрып қалды.

Қақпағы темір белдікпен айқастырып тастаған терезелер тас қараңғы екен, кемпірлер шоландағы темір пештің көзіне отырса керек. Ызғар сына үйге от та жақпай, түнімен көрпенің қызуынан отын үнемдейтін жалғызілік жандардың әдеті. Қыша шалған қараша үй, жыртиған терезе мен жалпылдаған қазандықтың оты қырқыншы жылдардың үскірігін еске салған. Сырты қоңыр болғанмен, ішінде қаншама мұң жатқанын келіншек -кемпірлерден басқа кім білсін?.. "Қарағым-ай!" ...Сағыныш па, жоқтау ма, оны да кім білсін?..

— Фашистерді жеңгенімізге де жиырма бес жыл болыпты, ал соғысты жеңдік пе? — деп Сиғат сауалын Бекетке тастады да өзі ілгері кете берді. Оның дем шығармай күрсінгенін Бекет жауырынынан сезіп еді.

Ескі ауылды айналып екеуі тағы да өзен жағасынан шықты. Мұнда да ескінің көзіндей болып өткел үстінде қос дөңбек көлденең сұлап жатыр екен, қол артатын жақтауы қалшылдап тур: арғы бет пен бергі бетке қайшыласып өткен қанша алақанның тері, қанша алақанның соры сіңгенін кім білсін? Сиғаттың сөзіне қарағанда қырық бірінші жылдан кейін қос дөңбекті алмастырып ешкім салмапты. Төбеден қар, төменнен су жалаған қос дөңбек көкпеңбек мұз екен, тайып кетсең күмп беріп Ақсуға бір шомылып шығасың. Келіп қалған соң екеуі де кері кайтқысы келмеді. Кері қайтқысы келгенін екеуі де бір -біріне сездірмеді. Бергі жағаға өткен соң да "бармысың" деп Сиғат артына бұрылған жоқ. Ескі мен жаңаны жалғастырған қос дөңбектің жалп-жалп су жалаған көк жалқақ бауырына үңіліп Бекет едәуір кідіріп қалды. Ақсудың жалы ақжал болғанмен, тереңі тұңғиық екен, Ақсу деп неге атағанын кім білсін?...

Сиғат жалғыз көшеге түсіп алып ұзап кетіпті. Төбеде ойнаған тайганың қара-құрым масасындай шиыршық атқан ақ қанат шыбындар тиын бөркінің қос құйрығын делеңдетіп ширатып барады екен. Көне киімнің фасонын жаңартып киетін саркідір серінің жаны жаңа ауылда, шері ескі ауылда, көне мен жаңаны жалғастырған Ақсудың қос дөңбегіндей сонау бір жылдардан бері өзінің азаматтық борышын алмастырып ешкімнің арқасына салмаған көне мен бүгіннің дәнекері екенін Бекет ұққысы келіп еді...

Сиғат аялдаған жоқ. Бекет қумады. Сиғат аспанға шырт түкіріп тұрған өзінің тәкаппар особнягына кірді. Бекет көптің коттеджіне тартты...

ҮШІНШІ ТАРАУ

1

Таяқтан жасқанып қалған жалшыдай қашанда мойнын ішіне алып бұғып отыратын Әбдіжапар киімі кіршең, шаруадан шаршаған жабылау жігіт. Көзілдірігін — шешіп, көзінің суағарына кептелген томардай былшықты сұқ саусағымен іліп тастады да, қарақұсындағы бір уыс бурыл шаштың жұрынтығын жинап әкеліп, төбесінің жалтырын жабулаған болды.

— Желкемнің жықпылын жасырып жүрген жеті тал шашым бар еді, оны да мынау ит тірлік жеп қойды, — деп көптен қырылмаған иегіндегі бес тал қылшықты шымшылады.

Бекет бастықтың шағымына нәумез тана жымиып, таты да аузын бақты. Езуінде жиек болмаған соң, Әбдіжапар ел ішінде лақа ауыз атанып кетіп еді, қазір де астыңғы ерні жер сызып, сыңар аятын көсіле, сықырлауық креслоға сыңар жамбастап барып қисайды да күшене бір ыңыранып қойды. Бет-аузының уайымшіл бырыс-тырысынан, күресінге қатқан иттің қоясындай қақиып жатысынан, Бекет, осы байғұстың тоқ ішегінің тұйығында бір ақау бар ма деп ойлады.

— Сонымен, институтты бітіріп қайттым де. Дұр – ре-ес!.. Бірақ көңіліңнен садаға, сені отырғыза қоятын кресло менде жоқ... шылымыңды әрі тартшы! Осында аузына от жағатын албасты аздай!..

Кеңсенің іші онсыз да көкала түтін еді, қаңылтыры бой-бой болып сөгіліп кеткен босағадағы контромарканың көмейі күмп-күмп атқылап бықсып жатыр.

— Есенқұл!.. Ай, Есенқұл!.. Карта соғып жатыр-ау, иттің баласы!.. Анау оттың көзін... атаңа нәлет, қайбір менің түтінім түзу шыққан!..

Бекет қозғала қоймаған соң, Әбдіжапар пеш көмейін көсеумен түрткілеп-түрткілеп, жол-жөнекей темір бақтың құлағына шынжырлап тастаған алюминий крөшкені толтыра су ішті де қайта келіп жантайды.

— Балта ұстауға қалайсың?

— Балта ұстатсаңыз креслоңызға құда түсіп қайтем.

Жалақтап Есенқұл кірді. Бетінің шелі былбырап еріп тұр екен. Бітеу жарадай дүңкіп кеткен шықшытынан шұнақ кулагы қылтиып зорға көрінді.

— Ойпырай, Есеке-ай! — деп Әбдіжапар бухгалтермен жыл көріспегендей тамсанып біраз отырды. — Бұғағың бұқаның әукесіндей салбырап барады ғой! Жеу жағын былай... ептеп тежей тұруға болмас па екен?!.

— Әбеке-ау, енді... жұтқан жұтамайды деген соң...

— Жұт, жұт!.. Тек жұмырың азып жүрмесе болды!.. Әлгі Тасқабақ қайда?

— Қай тасқабақ?

— Осында өзіңнен басқа қанша Тасқабақ бар еді?..

— Ә, Жақып па?! О сайтан мана сал айдаушылармен трынка соғып жатыр еді. Ит біледі қай жыртыққа сіңіп кеткенін!

— Өзің қаншасын қақтың?

— Әбеке-ау, карта менің маңдайыма жазбаған кәсіп қой!..

— Арам қат!

— Әбеке-ау, бізге арамнан басқа жақпайды да!

— Арам жесең тоя же! Бәрібір адалымыздан жағып жатқан біз жоқ!.. Жә, енді жақауратпа! Мына Бекетті танисың ғой?

— Танымағанда!.. Каждый год келіп тұратын калымщик те.

— Ендеше осыны Жақыптың дружбасына бесінші балташы етіп апормит қыл. Кассирің қайда?

— Баласын емізем деп...

— Япырай, сол келіншектің сауыны мұнша жиі болар ма! Шақыр да Бекетке абанс бер.

— Қажеті жоқ, — деді Бекет. — Әзірге күн көрісім бар.

— Ойпырай, Алматыдан да ақша үнемдеп қайттың ба ей?!. Мықынсыз Есенқұл митың жорғалап есікке таяп қалып еді, қапылыс қайтып оралды.

— Айтпақшы, Әбеке-ау, сізді сотқа шақырып жатыр.

— Не дейт?!.

— Тағы да лесхоздың лаңы да баяғы.

— Оған да шүкір! Мен қатын ба деп...

Есенқұл шалбарының сауырын қапсыра бір қасып шығып кетті.

— Әй, осы бухгалтерлердің бүйрегі бітеу болатыны несі екен? — деді Әбдіжапар екі көзімен есікті ішіп-жеп. — Өзімізге қырарға қызыл жұқпайды!..

— Тоқтықтан шығар...

Әбдіжапар сағатына қарады да терезеге үңілді.

— Атаңа нәлет, қатынсыз күн де күн емес! — деді. — Тұлыпқа мөңірген тұмсадай үш мезгіл жұрттың түгініне исініп отырғаның!

— Жеңгей қайда?

— Қайсысын айтасың?

— Көргенімді айтам да.

— Бұл Көрбикеге жын қаққан біреу болмаса жібі түзу ұрғашы тура ма. Жарты жыл болды, жесір қалғанбыз... Жә, төсек уайымы түстік уайымнан қиын емес шығар!..

2

Шыбын шықпаған, шыбық күшіктемеген шақ еді. Қара қатқақ тоң. Бұқтырманың сеңі енді ғана сөгіле бастапты. Бір кезде "Зереңді" деп аталатын леспромхоздың бір кезде Көрбике деп аталған бөлімшесінің жұғап қалған азғантай түтіні үйездеген малдай жар жағасына тығылып отыр. Леспромхоз жабылады екен деген дақпырттан аласапыраны таусылып, шаруаның дел-сал әредік тапқан бір сәті. Өзен бойындағы салға әзірлеген сүтіңкелердің төбесінде төрт-бестен тізе қосып трынка соғып жатқан қауға сақалдар етектен қарағанда жемтік үстіндегі күшігеннің үйірі сияқты; көпшілігінің мекен-тұрағы қала ырзық -нәпахасы далада, сыпайылағанда — саяқтар, балташылардың тілімен айтқанда — калымщиктер.

Бекет екі саусағын езуіне қыстырып ысқырып-ысырып жіберді. Төбе-төбенің басындағы картаға емінген сақалдар бастарын көтергенмен Әбдіжапар жүзі таныс ешкімді таппады. Мыж-мыж кепкен шал күн салып қарады да екеуін саусағының ұшымен ымдап шақырды.

— Қарағым қай баласың?

— Қай келімсекті танитын едің? — деді жақтырмаған Әбдіжапар бас терісі бырысып.

— Келімсек кебенектен көп, зәузатыңды кәйтем, бір атым насыбай берсең болды! — деді кепкен шал алақанын жайып.

— Құдайдың жоғын сұрайды!.. Көже-көпсікке шақырды ма десем.

— Қарағым, көже табылса ішетін ауыз өзімде де бар! — деп шал қалтасынан мүйіз шақшасын суырып өкшесіне қақты.

— Ойпырай, бүгінгі шалдардың тезегіне де тебен батпайтын болған! — деді Әбдіжапар. — Бір атым насыбайын өзіне қимай отырғанын қарашы!..

— Ә, қарағым, жақынырақ кел, — деп кепкен шал кетіп қала ма дегендей Әбдіжапарға жабыса түсті. — Әңгіме тезекке кеп тірелді-ау деймін ә?.. Ендеше тыңда... Бүгінде ит екеш ит те тезегін айналып бір иіскеп, тексеріп алмай далаға тастамайды. Сен өзің қай атаңнан бері жомарт атанып едің?

— Зәузатыңды тексермеймін дегенің қайда?

— Тексергенде маған теңге түсер деймісің! — шал ерніңдегі насыбайын толғап қойып екеуінің бас-аяғын тінтіп шықты. — Маған керегі айғыр.

— Айғыры несі?!.

— Ұмытпасам, сен осы тоқ жаратып шанаға айғыр жегіп жүрдің ә?

— Жектім.

— Ендеше сол айғырыңды маған бірер тәулікке бере тұр.

— Құр айғыр мініп қайын жұртыңа барайын деп пе едің?!.

— Қайын жұрағатқа кәдірімнің кеткені қа – ша-ан!.. Қысыр сауып отырған бием бар еді, бір жұмадан бері нәр салмай тұр.

— Оның жарасы жеңіл ғой, тек күйек майын берсең болды.

— Бәтшағар, сәуіріктің зәрін де сатайын дедің бе? Ел тоқ, жұрт тынышта тақылдаған аузының жаманын!..

— Аузың жақсы екен деп тегін ас салған ағайынды көргем жоқ! О несі әй тіпті! Пайғамбар жасына да жеткен жоқсың, бар жиған-тергеніңді бозбалаңда сарқып алып, тоқал алатын шатында өзің де жер соғып отырған жоқпысың!..

— Әй, бәтшәғар, ит көтенінен ине суырған бәле екенсің!.. Бар, бара бер! — деп енді шал азарда-безер болды. — Бодауын кейін ала жатарсың, сәуірігіңді бұлданбай балалардың бірінен жетектетіп жібер.

— Мылжың шалдың өсиетін тыңдаймын деп-ақ миғұла боп барам, — деп Әбдіжапар былай шыға бере жатып кейіді. — Жағаңа жармасып тұрып жарапазан оқығанда жарғақ құлағыңды жарып жібере жаздайды!.. Ойбай, бері жүр, әне біреуі тағы да жол торып отыр!..

Әбдіжапар мен Бекет келесі кепкен шалды айналып өтті. Дорстройдың асханасына келгенде ат байлайтын ақырға мініп бір топ сақал отыр екен.

— Бұл Тасқабақ ит қоссаң шықпайды енді бұл маңнан!..

Айылын жиған ешкім жоқ. Орта бойлы, жауырыны қақпақтай төртбақ қара үш тиындық бақырды шайынды тола бадейкаға тастап жіберді де:

— Көне, ізде! — деп бұйырды үрпиген секпіл сарыға.

Әбдіжапардың жар салып іздеген Жақыбы да, Тасқабақты да осы төртбақ қара еді. Жақыбы — анадан туғанда азан шақырып қойған аты да Тасқабағы — нойыстығы мен дүлейлігіне бола жалпақ жұртқа жария болып кеткен лақап есімі. Мойын омыртқа мүлдем жоқ, түксиген жар қабақтың астындағы ұры көз секемшіл де қызғаншақ. Тумысында қылшық бітпеген қасқа маңдайының терісі қаңылтырдай, қақ төбеден басталатын бұйра жабағы желкесінен қарағанда қуыршаққа кигізген париктей едірейіп оғаш тұр. Іздеп келген екеуіне ізет қылып сәлем де қайырған жоқ.

Секпіл сары өңезі бес елі асхананың ағаш бадейкасына жиіркене қарады: божыған шайындының беті кеспенің қалдығы, кеміктің қордасы мен көгерген нанның қоқымына, айранның өңезіне кілкіп қапты.

— Жігіттер, мынау итаяқтарың сасық қой!

— Тоңқай! — деп Жақып оны май құйрықтан бір тепті. — Келесі жолы тексермей картаға отырмайтын боласың!

Секпіл сары амалсыз бадейкаға басын тықты. Көбігі шаңырақтаған ій шайындыны лайлап біраз жатып еді, қақалып-шашалып атып тұрды да қас-кірпігіне сүзілген айран-шалапты алақанымен айғыздап-айғыздап, тілінің ұшындағы үш тиындық бақырды Жақыптың алдына түкіріп тастады. Секпіл сарыға жаны ашыды ма, аяқ астынан ілік іздеген Бекет төртбақ қараның жолын бөгеді де үш тиындық бақырға саусағын шошайтты.

— Көтер!

— Байлық бақырдан жиналады, байладым сатан!

— Байлығың тасыса қаңғырып қайдан жүрсің осында?!

— Сен әкеңді сатынып келген шытарсың?!.

— Сені сатынып қалыппын!

— Онда қабақ астына түсіп қауышып қайталық!

— Мейлі!..

Ерегескен екеуі өзеннің жар қабатына түсіп кетті де, сақалдар түк көрмегендей асханаға жөңкілді.

3

Асхана лықа. Әбдіжапар ырым жасап қол шайды да бұрышта қалғып отырған көде сақалдың қасындағы бос орынға жайғасты.

— Бескемпірмісің ей?!.

Имиген ұзынтұраның кірпігі тана қимылдады.

— Қайран жырауым-ай, бүйтіп қалтаңды күнде ақтарсаң, қайтып бүл Көрбикеден шыға алмайтын шығарсың!

— Шабаш!.. — Бескемпір столды жұдырығымен салып қалды. — Көр... Көрбикеңді енді же... желкемнің шұқыры көрсін!..

Бекет пен Жақып кірді.

— Әй, қауышып болсаңдар төрге шығыңдар! — деп екеуіне орын нұсқады да, Әбдіжапар көрші столдың екі орындығын барымталап алып келді.

Жақыптың үлпершек майы аузына тығылып ентігіп қалыпты. Сыңар құлағынан қан жылтырады. Бекет жырта қарыс селебе кездікті қалтасынан суырып Жақыптың алдына тастады да саусақтарын сатырлатып оң қолының буынын уқалады.

— Ой имансыз!.. Сотталып кете жаздаппыз той! — деп Әбдіжапар Жақыптың күмілжіген жүзіне бежірейе қарады.

— Төт Маш! — деді Жақып.

Әрі даяшы, әрі буфетші, әрі аспаз, сауыры тұп-тұтас сары қарын әйел ұрты тола шайнаманы толғап тұрып:

— Не әкелейін? — деді.

— Бәрін әкел! — деді Жақып. — Сосын коньяк!

— Беш жұйдыж, — деді әйел.

— Он бес жұлдыз болса да! — деді Жақып. Кел-қайт, кел-қайт боп отырған Бескемпір коньякты естігенде басын көтеріп алды. Жалғыз шөлмекке жалақтап тағы бір ауыз қосылды-ау дегендей Әбдіжапар күні бұрын Бескемпірдің бетін әрі қаратып жібергісі келген.

— Бескемпірдің тақымынан өткізсе де бесіктегі баладай есің жоқ-ау! — деді. — Қатындарға барып рассол ішіп қайтшы.

Ұзынтұра түс тоқтатып қасындағы жігіттерді көзімен санап шыққан соң, горчица жаққан қара нанды көмейлете күйсеп отырған Әбдіжапардың басындағы суыр құлақшынын сыпырып алды да графинге кигізе салды.

— Жа... жалпайта киіп тәйтері

Жарбайған мынау қай пері?

Жы...жырта қарыс езуің,

Жыртылып кетсе қайтеді?..

вот так вот! — деді. Коньяк ертіп бір табақ өкпе-бауырдың қуырдағы келді. — — Жарапазаныңды қоя тұр! — деп Жақып Бескемпірдің алдына қасық тастады да коньякты үш-ақ стақанға бөліп құйды.

— Татымайтын қайтемін тамағыңды

Тарта тұршы алдымнан табағыңды!

Тақуа едің бір дәнді бөліп жеген

Тартынбай қүй андағы арағыңды!..

вот так вот! — деді Бескемпір.

— Қайран жырауым-ай! — деді Әбдіжапар. — Асырауың келіссе алты алашты аузыңа қарататын жансың ғой!

Бескемпір Әбдіжапардың коньягын тартып ішіп, ыдысын өзіне төңкеріп қайтарды:

— Басеке, шайпау сөзге ісімерсің,

Бәліштей майға бөккен ісінесің.

Бес қатынды қаңғыртқан жырынды едің,

Байқаймын, түбі сен де кісі жерсің...

вот так вот! — деді де асхананың сары бәйбішесін шайқалтып шақырып алып, жиырма бес сомдықты қолына ұстата салды:

— Шыбынның сирағына да шырын қоймай жалаған Шығайбайды да шырылдатып талаған.

Шыр жиған шайлықтан жан едің,

Шырағым, мынау сенің сыбағаң!..

вот так вот! — деді де орнынан тік тұрып тайып тұрды.

— Әлгі иттің баласы өтірік мас болды, байқадыңдар ма? — деді Әбдіжапар Бескемпір есіктен шығып кеткенше ізін бағып отырып, — құтырғаннан құтылған, соны тастап кетсеңдер қайтеді.

— Жындысайға жеткен соң жынынан айрылған бақсыдай болады! — деді Жақып. — Отан шаршамай-ақ қой!

— Байқа, ши шығарып жүрмесін. Ал бесінші қол болып сатан Бекет ереді.

Жақып үндеген жоқ. Жауаптан жалтарғанда ұры көздері жар қабақтың астына тығыла беретін әдеті еді, төмен қарап отырып Әбдіжапардың төңкеріліп қалған стаканын тік қойып сыбағасынан ауысты. Бекет еншілеспей жеке-дара шапқан, күстана боп қалған екеуін елемегендей аузын аппақ орамалмен бипаз сүртініп, табақтың өзі жақ ернеуіндегі кепкен бауыр мен кеберсіп кеткен өкпені начальник пен бригадирдің алдыңа төңкеріп тастады. Әбдіжапар қорланса керек:

— Осы көбейсек қайтеді, — деді, сосын қобыратып Жақыпқа бір уыс наряд ұсынды. — Тек кубометрден алдама, аузыңды еш нәрседен қақпаймын. Ал гектарын өзім жабамын.

Шаңқай түс болса да таудың теріскейі алакеуім. Оның үстіне ала шарбы бұлт күн көзін кіреукелеп, боз аспанның реңі кірлеген бөздей сынық, Сай-сала суық, жазға салым күңгірт те меңіреу орман көңілді құлазытып, тірлік біткенді жаныштап тастаған. Сеңгір таулардың сілемше жалдана жармасқан қалың шырша бозалаң бұлттың етегін түрткілей қыр асырып қуалап барады. Ызғырық сынбаған, жер тоңының ызғары да бет шалады; ертеңгі сырғақ әлі ерімей, баданадай болып бөртіп жатыр. Ұры қонысындай қойнау, қолатқа тығылып отырған лесопилкалардан марғау түтін ширатылады, күйе жалағандай орманды пұшпақтап жеп, сұғынып барады екен. Бұғы совхозының сатысынан салт атты жігіттер одыраңдап шықты да омарташының ауылына тартты, көліктері кіл қара жал құла, бұты қайырып қатынап жүрген жануарлар мынау сұрғылт күннің сызында ширықпағанда кайтсын. "Бал сыра тіміскіп барасыңдар-ау!" — деді Бекет. Таңдайы желім татыды. Өз торсығы мелдектеп тұрса да біреудің шалабын көріп шөліркейтін қанағатсыз ындын-ай десеңші!.. Бөктерден жылқы қарауытты. Жылқылы ауылдың түтінін көргенде Бескемпір:

— Шалға сота кетелік, — деді.

— Сен үшін қазан көтеріп жатқан! — деді Жақып.

— Қысырдың қымызынан кім дәметпейді.

— Аузыңды шайып па едің?!:

— Шіріген ауыз болмаса, дуалы ауызға індет жоламайды!

Екі қыршаңқы бір-бірін қасыды да қойды: Бескемпірді қара тышқақтан басқа ешкімнің жеңе алмайтынын Жақып жақсы біледі,терісінің қалыңдығына Бескемпір де үйренген, атқан оғы көбіне зая кететін болған соң, бригадирді албаты қыжыртып қана тынады. Бекет мұндай қысыр егеске араласып көрген емес, арқасындағы бір канистр спирт пен серейме қап макаронды бір толғап, иығына батқан қайыс белдікке қолқабын кепіл қып қыстырды да қайта-қайта тықылдап жөтеле берген Бескемпірге бұрылды; көзінің асты күлкілдеп, бет-аузы домбығып кеткен екен, сарғайып қуқыл тартқан жүзінде бейдауа дерттің салқыны бар сияқты.

— Осы сенің өкпең сау ма?

— Ит біледі... бір ғұмырға жететін шығар...

Сақал-мұртының қылауы қып-қызыл да түбіті көк ала, өруге кеп қалған көмірдей қара шашына өгей екен.

— Жасың нешеде?

— Ит біледі... тентіреп жүріп жарты ғұмырды жеп қойдық қой.

Жындысайдың жалына жете бере үшеуі аяқ суытты. Жақыптың екі беті алабұртып, жағасынан бу шалқып жатыр екен, аркасындағы рюкзакты жастана шалқасынан түскен күйі жан-жағына көз салып қарамастан Бекет пен Бескемпірдің алақанына екі уыс балқарағайдың жаңғағын салды.

— Иманды болғыр! — деді Бескемпір.

— Жағыңа жылан жұмыртқаласын! — деді Жақып.

Жуанды жіңішкертіп, жіңішкенің жұлынын үзген мынау жыл мезгілінің өларасы ма, Бекеттің қара саны салдырап, жіліншігі сыздады. Қара жұмысқа қажымаушы еді, емтихан, диплом деп күні-түні қағазға үңілу жілік майын қылдырықтай қылса керек. Кірлеп кеткен сұр кар дәп қазір мамықтай: аяғын биіктеу томарға артты да рақаттана керіліп алып темекі тұтатты. Шылымға құмарлығы жоқ болатын, бутан да ермегі аз саяқ тірлік үйретті. Тегі тентек болып тізгін үзген жоқ сияқты еді; есерлік қылып, саудайылық қуып тең -тұстасынан жұлынып шыққан да емес, аздап спортқа болмаса, ойын-сауыққа да енжар -тұтын, сонан соң ба, балалық шағы өзіне бұлың, өзгенің де көзіне түспепті... Естияр жасының үш жылын әскерге берді. Одан соңғы жеті жылын ағашпен алысып, сал айдап, қыс — Жындысайдың елсіз-күнсіз заимкесінде, жаз — сал үстінде өткізді. Оқу оқимын деп алты жыл бойы Алтай мен Алматының арасында сандалған, әйтеуір отыз жастың басын қайырғанда ауыл шаруашылық институтының орман шаруашылық факультетін сырттай бітіріп, дипломға қолы жеткені де осы ғана. Ақша қуған жоқ еді, бір жалқы басты жан қинамай-ақ асырауға шама жететін уақыт қой. Қамсыз адамға салт тірліктен артық не қызық бар, әуелде бір өңештен басқа уайымы жоқ тайганың кеңшілік өмірі жетелеп келген, енді, міне, қолында баяғы сол балта, тағы да тапқаны Тасқабақ, тағы да Әбдіжапардың құрығына әдейі келіп тығылды. Қырдың сағынышы өзгеше екен, азып-тозып кеткен Жындысайдың өзі де көзге ыстық; тумысында қалада өссе де жеті жыл бойы татқан Алтайдың ащылы-тұщылы дәм-тұзы бәрінен де қадір сияқты.

Осы бір шатқалдың неліктен Жыңдысай атанғанын жыл да білмейді. Оның ар жағында Пешүй, Сүндетсай деген атағы таты бар. Баяғы переселен заманында Ресейден ауып келген мұжықтар осы араға түсіп, басына шаңырақ көтермес бұрын алдымен пеш соққан екен; түтіні шыққан соң қоңсыны іргеден түріп тастау қазақ салтында жоқ, орыстар қоныс құнына емшектегі елу баласын беріпті де жер дауы сол елу баланың сүндетімен тыныпты деседі. Кержақтардың қан-жыны қазақтармен араласып, ел ішіне сіңіп кеткен. Бүгінде әр хутордың орныңда сан түрлі шаруашылықтар отыр да Сүндетсай аты шулы Жындысай атанып шыға келді. Өңшең бір адас есімді Жолдыбек, Қолдыбек, Құттыбек, Майлыбектердің ұрпақтары елу бекет болмаса да осы өңірді жайлаған әрбір елді мекенде екі-үш семьядан баршылық. Орыс, қазақтың ошағынан өріп шығып жататын ала-құла, бірі аспан көз жирен, бірі кертпеш мұрын торышолақ боқмұрындарға келді-кетті Құдайы қонақ болмаса, ежелгі тұрғыннан еш пенде таңданған емес. Тілі бір, тірлігі бір жұртқа сәлем бергенде де әйтеуір "ассалаумағаләйкум" десең қателеспейсің. Бір жиында Бекет аудан басшысы Заднюков деген кісіден: "осы сіздің төбеңіз тесік емес пе?" — деп сұрағанда, "осы елді бір керей, тоғыз найман бас қарып отырмыз ғой" — деп ұялтып тастағаны бар...

5

Аяқ астынан заимкенің төбесі шошаң ете қалды. Ұшпа қияға жапсыра салған тоқал тамның мұржасы мен тершең есігінен бу атып жатыр екен, көзге қораш болғанмен, талай жыл бауыр басып қалған жапан түздегі жалғыз мекен Бекетке жылы ұшырады. Шөп түбіндегі үш-төрт жегін ат үдірейе қарасты да, мая төбесінен керауыз овчарка секіріп түсті.

— Жақып иттен үйір салып па еді?

— Бұл Тасқабақтың иттен де басқа тірі қазынасы бар.

Темір бөшкеден жасалған дәу қазандықтың бүйірі қып-қызыл болып шатынап тұр. От басында балқарағай шағып отырған отыздың ішіндегі келіншек күбірлеп қана сәлем қайтарды да, етегін қағып орнынан тұрды. Екі бетінен қан тамған көк көз әдемі ғана жан екен. "Сәлем, жеңеше!" — деп Бескемпір ар жағын тақпақтай жөнелді:

— Қара қостың дәмінен кете алмадық,

Қалаға діңкелеп жете алмадық.

Қайырын берсе, қайтып кеп тұрмын,

Қалғанын көре жатармын деп тұрмын!..

вот так вот!..

Аспан көз әдемі келіншектің күлкісі де әдемі екен. Әсіресе көзінен мөлт етіп төгілген әсем нұрда ерекше бір жылы шырай бар. Бірақ бөтен адамнан бойын тежеді ме, жанарын тез жасытып алды. Бекет жатырқаған жоқ, келе сала шешініп, терезе алдындағы білте шамды жақты да қызара балқыған пеш бүйірінен темекі тұтатты.

Бір қараған адамға заимке аң шаруашылығының факториясы секілді: қоян, тиін, бұлтын терісі, үкінің сабан көптетен тұлыбы, әйтеуір төрт қабырғада ине шаншар орын жоқ. Солқылдақ сыртауыл нардың екінші қабатында әлдекім тыр жалаңаш ұйықтап жатқан, қыл-қыбырсыз қызылшақа қарнынан Мешелді жазбай таныды. Келіншек қазанның қақпағын ашып, сорпаның дәмін алды, от көсеп, пеш көмейіне жаңқа тастады. Жас еттің иісі танауын қытықтады ма, әлде абыр-сабырдан оянды ма, Мешел басын көтеріп, көзін уқалады, қызылшақа қарынын қасып-қасып, танауын шүйірді.

— Пах-пах!.. Жарықтық, құрма татитын құрдың етіне не жетсін! — деп есінеді, сонан соң ғана Бекетті көріп еденге қарғып түсті.

— Ой бауырем!.. Тірімісің ей, бауырем!.. Бар екенсің-ау, бауырем!..

Бойы бір тұтам үрген тұлыптай бәкене жігіт безектеп Бекетті шыр айналды; мойнына асылайын деп еді, қолы жетпеді, құшақтайын деп еді, қарыны тіреп жібермеді, ақыры шаршап-шалдығып от басына барып итінді. Бекеттің жақтырмағанын қаперіне де алған жоқ, бет-аузындағы сүйкімсіз бір дарақы күлкі сол қалпында сөнбей қалды.

Жақып тыста бөгеліңкіреп кірді. Сызданып, заимкенің иесімін дегендей сумкасын, сырт киімін жұрттан бөлектеп бұғы мүйізше ілді. Аю тулаққа баппен отырып, аяғын көтерді де:

— Мать! — деді.

Келіншек оның етігін шешіп, шұлғауын тартқанша жалғанды жарылқап тастағандай тырп етпей шіреніп жатты. Нәумез тұрды. Нардың екінші қабатына нәумез көтерілді. Екінші қабат ерлі-зайыптылардың меншігі болса керек, Жақып әуелі Мешелдің көйлек-көншегін еденге атып ұрды.

— Ay, көкесі, күл шашқан бұқадай мынауың не?!

— Есінде бол сын, түйсігі бар еркек түнеген жеріне тәйтересін тастамайды!..

— Жақып! — деп аспан көз әдемі келіншек шар ете қалды.

Жақып резеңке етікті қоңылтаяқ суға салды да, жабықтан жіңішке қайыс белдікті жұлып алды. Аслан көз келіншекті жатып сабайтындай көрінген. Екпіндеген бойы есікті теуіп ашып, қайта серіппей тастап кетті. Білте шам шалқып барып өшіп қалды да, бөлмені көңілсіз тыныштық басты.

— Қой, барып көмектесейін, — деді Бескемпір.

— Қой, аттарды суарып қайтайын, — деді Мешел.

Бекет те аспан көз әдемі келіншектің қасында қала алмады.

"Дружба" дейтұғын бензопиланың кішкентай движогы бырқылдап көпке дейін оталмай ыза кернеген бригадир қайыс белдікті сілкілей-сілкілей көк терге түсті.

Балта ұстап Бескемпір келді.

— Орманда отырып отыннан жұтаған өңшең ит! — деді Жақып.

Жүген сүйретіп Мешел жөнелді.

— Буаз борсық секілді бауырымен жер сызған сасық неме! — деді Жақып.

Қолын қусырып Бекет шыққанда безер движок жөтеліп-жөтеліп алып дарылдай жөнеліп еді, бригадир бар өшін бөренеден алатындай сақылдаған араны ұңғылата салып жіберіп қызыл қарағайды боршалай бастады.

Құлақтанып батқан күн көкжиекке кемпірқосақ тастап кетіпті. Шатқал түбіндегі жылқылы ауылдың жетім түтіні де қызыл күрең. Қара жел жығылған. Кешқұрымғы қара суық шытқыл. Қарағайлы қырқалардың жалында сағым жыбырлайды. Терістің ала шабдар ескі кары шатырға керіп тастаған ала қойдың терісі сияқты, ескі-құсқысын жамылып алып тау қойнауы қызыл іңірден қалғи бастапты. Суаттақ кайтқан аттардың тұяқ тықыры тыныштық бұзып, құлаққа инедей қадалды. Балтаның даусы да әлгі бір аспан көз әдемі келіншектің шаңқылынан ащы екен, келмей жатып жанжалға киліккен Бекет шаң-шұңнан қаншама қашқақтағанмен кірлі аяқтан ас ішкендей көңіліне байланған түйткілді шайып тастай алмады. Ат қора мен үйді айналып, мәңгіріп біраз сандалған, қабақ астындағы кар басқан жертөленің алдынан бірақ шықты; тұтқасынан тартып еді, мұз құрсаған қарағай есік қозғалар емес, маңдайдағы бізбен күйдіріп жазған: "передвижная художественная мастерская калымщиков" деген жазудың бетін алақанымен сүртті де ойып салған өз суретіне: "ассалаумағаләйкум!" — деп сәлем берді.

— Ой, бауырем!.. Кеп қалдың ба ей тағы да?!.

Бет-аузындағы дарақы күлкі әлі сөнбепті. Ербеңдеген қып-қысқа қолдары, кебеже қарынға үлеспейтін бір тұтам аяқтары, бүлкілдеген митың жүрісі мұз үстінде жорғалаған пингвинді елестетті. Бүрсеңдеп барып бес-алты жаңқаны қолтығына қыстырды да үйге қойып кетті. Есіктен бұрқ ете қалған ақ бу шайыр аңқыған қызыл қарағайдың табына қақтанып отырып, тайганың ұзақ түнін қысқартып, мылқау дүниенің мұңы мен сазына шомдыратын от басының үнсіз рақатына шақырып еді.

6

Леся қайың безінен жасалған бес тостаған, бес аташ қасық үлестірді де ортаға буын бұрқыратып аташ тегеш әкеліп қойды. Бес аташ рюмка таратып, шүмекті ағаш құмыраны Жақыптың қолына ұстатты. Иттің итаяғынан бастап бұл заимкедегі ыдыс атаулының бәрі аташ еді; әр саптыаяқтың түбіне осы "семьяның" әр мүшесінің аты-жөні бізбен қарып жазылған, әр табақтың түбінде осы "семьяның" әр мүшесінің кейіп-кеспірі бар. Бекет әуелде осының бәрін ермек үшін, әзіл үшін жасап еді, кейін "тағы тайганың" заңына айналып кетті: тірлігіңе не қажет — өзің жасап ал; табиғаттан алатын алиментті дүкеннен тасыма; өзінде бар болса — біреуге табынба; артық дүниеңе сараңдық жасама — есесі қайтады.

Спиртке алдымен ұмтылған Мешел еді.

— Жарықтық, бұл шіркінді іштің не, оптирайт қылдың не, әйтеуір қу жанға керек нәрсе той, ас болсын! — деп аузын сипады.

Кеспенің әр талшығы бақа жұтқан жыландай екен, Бекет сорпасын тана сүзіп ішті.

— Бүгіннен соң қамырды Бекетке жайғызарсың! — деді Жақып әйеліне.

Бекет құйрығы қайқиған құрдың құймышағын да легенге лақтырып тастады.

— Алматыда биік астаудан жем жеп жаман үйреніп қалғансың той! — деді Жақып.

— Сенің итіңе де сыбаға қалдыру керек шытар.

— Менің итім сорпа ішеді! — деді Жақып.

Тегененің түбін сарыққан да Мешел, атыл-тегіл боп қалжасы енді тана жақты. Көжесінің дәмсіздігіне қысылды ма, аспан көз әдемі келіншектің тамағы өңешінен өтпей қалды. Еркектер аршаның істігімен тіс шұқуға кіріскенде Жақып шай демдеп жүрген әйеліне:

— Мать! — деп қолын созды. — Сөмкемді әперші.

Жақып бір бума ақшаны столға үйіп қойды.

— Екі мың. Төртке тең бөлінсін!

Алдымен ұмтылған Мешел еді, бес жүз сомдық буманың белдігін жыртып санай бастады. Бескемпір санаған жоқ. Қалған екі буманы Жақып қатынына ұстатты.

— Қазан жағалаған саусағын жалайды боп жүрмесін, — деді Мешел.

— Сен де есеп білетін бе едің? — деді Жақып, содан соң столға тағы да бір бума ақша тастады. — Мың сом. Гонорар. Төртке тең бөлінсін.

Алдымен ұмтылған Мешел еді, Жақып оның қолын қағып тастады да екі жүз елу сомды Бескемпірге беріп, бес жүзін қатынына ұстатты да қалғанын Бекетке ұсынды.

— Екі жүз елу. Аванс. Қолхатыңды әкел.

Бекет қызыл құлақ он сомдыққа қолхат жазып берді.

— Бұл қай бөліс? — деді құр қалған Мешел. — Әркімнің мұқтажына қарай ма, әлде қажетіне қарай ма?!.

— Асырай алмай жатқан қатын-балаң жоқ, қай мұқтажыңды айтып отырсың?

— Қатынсыз адам бітеу деп саған кім айтты?!.

Жақыптың үнінде зіл жоқ еді, бүлініп бара жатқан Мешелдің бет-аузынан жасқанғандай таты да қатынына қол созды:

— Рюкзакты әперші, мына бітеу бірімізді майып қып жүрер!..

Қаптың ішінен қара костюм, ақ нейлон көйлек, етектей қара шұбар галстук, өкшесі мен ұлтаны бір сүйем платформа және алпысыншы размер әйелдің шолақ дамбалы шықты.

— Жетпіс жеті тиын қарыздарсың! — деді Жақып.

Мешел әр заттың құнын этикеткадан тексеріп алып, ышқырын ақтарып отырып жеті тиын тауып берді де:

— Жетпіс тиынды Құдайы қылып маған қалдырарсың! — деді.

Матаның сапасын уқалап, ұлтанның беріктігін шерткілеп көз қанықтырған соң, Мешел үстіндегі ескі-құсқысын шешуге ыңғайланды.

— Түйсігі бар жұрт алдымен іш киімнен бастаушы еді, — деді Бескемпір.

— Ши жүгіртпесең ішің кебе ме? — деді Жақып. — Тегі ұрық-шарқыңда әзәзілден туған біреу бар-ау?!.

— Ит біледі!.. әйтеуір әз жандардың ұрпағына деген жаннат тың бүйтепкесіне таласым жоқ!..

Қалған торт көз сусындап болғанша Мешел шыт жаңа киініп нар астынан қайта шықты. Ақтөс қара аюдай домаланып қалған дүңкиме қортыққа тандана қараған Жақып:

— Ойпырай, нағыз индюк бопсың да қапсың! — деп шалқасынан түсті. Пингвин мен индюкті шатастырып айтса да осы екі жарықтықтың ортасынан шыққан жаңа хайуанаттың буданы Мешелден озбайтын шығар, Бескемпір қолма-қол тақпақтай жөнелді:

— Жан едің жалғыз шыққан алты арыстан

Жарбайып бойың аспас жал қамыстан

Жарым сарт, жарым шүршіт, жарым ойрат

Жақындығың қазаққа жарты мысқал!

Қотиын Мешелім, қортиған кеселім!

Қара костюм кигіздік,

Қалмасын деп меселің!..

вот так вот!..

Әлде, кім есікті теуіп-теуіп жіберді. Керауыз төбет те кешкі сыбағасын күтіп тұр еді. Екі мезгіл мал жайлау Мешелдің міндеті болғандықтан, ыздиып киінген қалпы итаяқ көтеріп тысқа жөнелді...

7

Бүйірі балқыған темір бөшке босата күзеткен қызыл бегемот сияқты. Қазған темірдің қасығы мен есіктің жықпылынан үрген ылғал аласа тамның тынысын тарылтып жіберді. Ерлі-зайыптылар қабатында сыбыр-күбір басталды. Аспан көз әдемі келіншек әлденеге наразы сияқты, тұншығып пырс-пырс жылағаны естіліп жатты. Екінші қабат тұрғындарының күні күн емес екен. Төменгі қабаттың да жетіскені шамалы. Түнемел қапты жатырқап қалған ба, Бекеттің ұйқысы іңірден қашқан. Күбір-сыбырды әдейі аңдығандай ыңғайсызданып, жамбасы талса да тырс етпеуге тырысып бағып еді, әрбірден соң семьялы қабаттың сырғауылы сықырлады да жықпыл-жықпылдан жамбасқа төсеген самырсын бүрінің кепкен қоқымы саулай жөнелді. Әдейі істеді ме, әлде танауы жыбырлады ма, сойған қасқырдай қорқырап жатқан Мешел арсы-күрсі түшкіріп атып тұрды.

— Құрғырды, бұл шіркіндер енді арадай талайды! — деп Леся түннің тынышсыздығын қандалаға жапты.

— Ол байлық ас та төк қой! — деп Жақып та ақталған болды.

— Өлара емес пе, ауа райы бұзылатын шығар, — деді Бескемпір.

— Өлараның ұйқыға не қатысы бар?! — деп Мешел торсылдасын кеп.

— Біреудің балтыры, біреудің белі сыздайды дегендей...

Оның үстіне, төсектен енді қайтып тұрмайтындай тамақты өлгенше кеп ішесің!..

Күйі кеткен соң Бекет түнемел қабын арқалап тысқа шықты. Бескемпірдің өлара дегені өтірік болса керек, мүжілген айдың сүлдері тозған орақтың жүзіндей ілмиіп қырқа басынан көтеріліп келеді екен. Аспан шаңыт. Ауа ылғалдау ма, ағаш басын қылау шалыпты, бірақ кәусардай таза. Бекет мая төбесін үңгіп, шөп қуысына белуарынан сүңгіп кетті. Қалампырдай аңқыған кепкен құрақтың иісінен рақаттана түшкіріп салды.

Балқарағайдың шашақ бүрі сыңсыды. Құлағының түбінен қияқ мұң шақты. Тайганы тітірентіп қасқыр ұлыды. Әлдекім шөп үстіне секіріп шығып еді.

— Марш отсюда!..

Керауыз төбет мұңайып біраз отырды да, Бекеттен жылы шырай болмаған соң жайына кетті. Жылқылы ауылдың күзеті ме, әлдеқайдан қосауыз қатарынан дүңк етті. Шөп үстіне таты біреу секіріп шытып еді.

— Марш отсюда!..

— Бір өзің бір маяға сыймай жатырсың ба?

Түн баласында түзге шыққан жұрттың иығынан түспейтін жалғыз тұлыпты сүйретіп Бескемпір келді. Қосауыз мылтығын көтеріп айдың сынық татасын көздеген.

— Жынданба! — деді Бекет.

— Сопы боп кайтыпсың той!.. Шүкір, шүкір!..

Бекет үндеген жоқ. Бескемпір де үнсіз қалды. Шөп жеген аттардың күртілін, қияқ пен балқарағайдың зарын тыңдады. Бір аттың ұры тісі бар екен, зырқ-зырқ еткен шиқылы төбе құйқадан түк қойған жоқ.

— Қатып неге тастамағансыңдар?

— Құнанында қақпаған соң енді жағы кетеді.

— Сол тіс саған неғып шықпаған?!.

— Бас жаққа барыспасақ қайтеді!.. — Бескемпір сигареттің екі сабағын суырып, біреуін Бекеттің езуіне тыға салды. Сіріңке жақты. Отты танауына тақап:

— Жетісіп жатырсың! — деді. — Баяғы сол таз қалпың!

— Сен сарнамағаныңа ақы аламысың?!.

— Басыңның сақинасы қозғалатын болса үндемей-ақ қойдық.

Осыларды аңсап келмесе де біраз жыл дәмдес болған дос-жаранның орны бөлек сияқты еді. Енді бір ауыз қалжыңын көтере алмай, боталы түйесін ұттырғандай болмасқа томсырайып жатқан түрі мынау. Көңіл деген шіркін көріскенше ғана болу керек, жүздескен соң дос-жаран түгілі, жақынға деген тәтті сезімнің өзі де кермектеп, көңіл ортайып, көкіректі күпті қылатын көп сыр арзандап кететін тәрізді. Алматыда, жыртылып айырылатын жұрттың ортасында жалғызсырап жүріп Бескемпірдің оңайдан қиыстыра беретін бір шумақ әзіл-оспағын сағынған, енді ауылдағының аузы сасық болып қалды.

Түнгі тайганы тітірентіп тағы да қасқыр ұлыды. Қаншыры ма, оған қыр астынан жауап қатқан екінші дауыс жалынышты екен... Қасқыр екеш қасқырға да серік керек болғаны да... Ақселеу аспанды, мұнартқан мылқау орманды мұң шарлап жүргендей еді. Айран көз лақса төбеттей жылқы тебінінен көне бердеңке мыңқ еткенде Бескемпір де қосауызын аспанға кезеп басып салды. Ай жүзін қызыл сарғыш сағыммен жуып қарағай басынан қылау саулады. Тербеліп кежен аспан, сапырылысқан жұлдыздар түтін сейілгенде барып қайтадан қалпына түскен. Бір шумақ бәйтке мың оралған мәнсіз мақамдай түнгі тайганы кезіп кеткен жаңғырық ызыңы өксіп-өксіп тау басынан таусылды.

— Үркітіп жібергеніңді қарашы!

— Ұйқыңды қимай жатырсың ба? Кейісең таңға жуық таты оятамын.

— Заимкеге қасқыр шабады деп пе едің?!.

— Аң-құсқа толы орманда қотанға қасқыр шабатын ба еді?!.

— Ендеше жын ұрды ма?

— Шал бар емес пе! Ымыртта, таң мезгілінде екеуіміз өстіп тіл қатысып тұрамыз, — деп Бескемпір мылтығының патронын суырып, стволын үрледі. — Жалғыз жатқанды жақсы көресің, ал, жалғыздық кешіп көрдің бе?.. Көрген жоқсың! Жалғыздықтың не екенін білмейсің!.. вот так вот!..

Бескемпір тағы да мая төбесіне секіріп шыққан керауыз төбеттің басынан сипап, жонынан қақты.

— Сатан да ес керек болды ма? Кел, кел! Отыр!

Керауыз бөксесін күпінің етегіне тыға шоңқиды.

Бекет ит жанарындағы айдың сынық күлшесіне ұзақ қадалды. Дүние қаншама кең дегенмен түймедей нәрсеге сыйып кете береді екен-ау... Ай астында екі жігіт, бір ит түн күзеткендей тым-тырыс үнсіз қалып еді.

— Кең жайлау жалғыз бесік жас балаға, Алла асыраған пендесі аш бола ма. Ер жеткен соң сыймайсың кең дүниеге Тыныштық пен зар боларсың баспанаға... вот так вот!., деді Бескемпір.

— Мұның тағы қай жырау?

— Абай-дағы.

— Осы сенің Абайдан басқа білер ақының бар ма?

— Ақын көп қой, бірақ Абайдан басқа ақылың бар ма?

— Өзің бар емеспісің!..

— Мен бе?...

— Ы-ы...

— Соры қалың соққы жеген нышанамыз,

Қайтып суып жалғаннан күсе аламыз.

Құр дәрімен атқанға өлмейді екен

Өмірі мақтаншаққа нысанамыз..

вот так вот! — деді Бескемпір. — Ал таңға дейін Тәңірге тапсырдым!...

Бескемпір алшысынан жатқан күйі мая төбесінен атып түсті. Аяқ тықыры тоқал тамның дүрс еткен есік дыбысымен үзілген. Керауыз да кетіп қалыпты. Сарыауыз балапанның ақүрпік қауырсындай ұлпа қылау жамылған сабалақ қарағай да түн ызғарынан қалтырап тұрғандай көрінді. Ай нұры сарғыш, сарғыш сілбімен торлап тастағандай аспан реңі де сары жалқақтанып, әлгібір сәтте әр тұстан сықсиған сирек жұлдыздар көз жұмыпты. Ағаш басын суыра қара орманның әр бытқылынан оқыс көтерілген құйын сарылы күн райының бұзылатынын аңғартқандай. Қапырық деп тоқал тамға сыймап еді, жалғыз қалған соң арқасын аяз қысқандай елегізіп, енді мая төбесінен де құты қаша бастады. "Парықсызға бақ неме керек, барақ итке бап неме керек" дейтұғын Сиғат сөзі есіне түсті...

...Көрпе астында көсіліп жатып, жамбасы талмай төсектен тұрмайтын балалық шаты елестеді. Күн сайын бір мезгілде тұрып, бір мезгілде қызметке кететін әкесінің соңында жиналмаған дастарқан, тыныс бітейтін әтірдің иісі қалушы еді. Кейде ұйқылы-ояу Бекеттің танауына тоқпақтай қызыл апорт тығып кететіні бар. Әтірден көрі алманың иісі бөлек, сахара мен саумалды еске салатын. Қазір мынау қалампыр аңқыған құрақты да сол алмаға балатысы келді.

Осы шұнақтан бірдеме шығады деп әкесі байғұс бөлек мәпелеп, Бекеттен көп үміт күткен. Бескемпір сияқты қазақтың бүкіл ақын, жырауын жатқа соқпаса да бала кезінде мұның да білмейтіні жоқ сияқты еді: "Москвичтен" "Победаның", "Победадан" "ЗИМ"-нің, "ЗИМ"-нен "Волганың" айырмашылығы — бұл әке мінген көліктің түр-түрі; қай теңіздің суы тәнге шипа, қай курорттың ауасы жанға сая — бұл әке қыдыртып қайтқан жерлердің координаты; қыз қашан бой жетеді, бозбала қашан бой түзейді, — бүл көргендімін деген шешенің, көшелімін деген әкенің құлағына құйғаны. Ал өзінің біліп істегені — оқуда қамшы салдырған жоқ, бірақ құлқымен бір пәнді сүйген де жоқ, әйтеуір білім алуды міндеп деп санаған; күні кешеге дейін спортпен әуестенді, жас өспірімдер арасында классикалық күрестен мастер атанды, тек оны да дені cay адамның әредікте төгетін арам тері деп түсінген; бала кезінен сурет салуға, ағаштан мүсін жонуға әуес еді, пионерлер үйіндегі үйірмеден, қалалық бәсекеден талай бәйге алған, осы бір машығын күні бүгінге дейін тастамаса да оны өнер деп тұрмай, әншейін ермек қылып келеді. Құлқы болмаса таяқтап құдды да жүгіндіре алмайсың. Он жылдықты алтын медальмен бітірсе де институт біткеннің бірінің есігін ашпай қойған; тағы да міндет үшін, диплом үшін бес жыл бойы "тәртіпті" шәкірт болудан қашып, ата-ананың ырқына көнбестен ақыры өзі тіленіп әскер міндетін атқаруға кетті. Әуе-десант тобында жүріп әр нәрсенің жыртық -тесігін аңғара бастаған сияқты еді, әттең, құмардан шықпай қалды: үйренген басқа әскердің үш жыл дәм-тұзы тым аз екен, қайтып келіп таты да әтір иісіне қамалғанда түсінгені осы. Құданың құдіреті, адам неден жерісе, ғұмыр бақи соңыңнан өкшелеп сол бір сезім қалмайды; бір дүркін шаштаразға кіріп шықса, күні бойы сабын шайнағандай аузы-басы жылымшы татып жүретіні бар. Ал жылымшы тірліктен көңіл татыса ше?.. "Қалай, әкең әлі әтір мүңкіп жүр ме?!." ... Сиғаттың осы бір сауалы құлағынан кетпей-ақ қойды. Одан да сұмдығы — Жанжітіт шалдың "тігерге тұяқ қалдырмай қырып салды!" дейтін өкініші мен қыжылы аралас кек қысқан барқыт үні. Шалдың күректей жақ -шықшығынан желке шайнаған азудың қышырын естігендей болып еді. Әкенің жең -жатасынан әтір тана емес, басқа да бір нәрсенің мүңкімесіне кім кепіл?.. Сол бір көңірсік татыған жылымшы тірліктен өзі де қашып шыққандай болып еді. Қашқандағы жеткен жері Алтайдың бір қуысы. Оған да, міне, жеті жыл. Жеті жылда жетпеген кетігінің біразын толтырған сияқты: институт иен дипломды атамағанда, көңілге медет — басы байлы меншігі жоқ кең өмір, қақпайсыз тірлік пен қамшысыз сүйрейтін азды-көпті жүгің. Кеше ғана әке беделімен табылған орман шаруашылығы министрлігіндегі жылы орынға тоқтамай іздеп келгені әлгіндегі Бескемпірлер...

Қиял қуған жоқ еді. Қиял деген әншейін қыр асып кайтуға қиналатын қырсыздың, санасымен тана байитын ездің көңілмен шалқыған құр бопсасы деп ойлайтын. Бекет аспанға адам ұшқанда да таңданған жоқ. Күн сөнеді, жер құлазиды, мақұлық атаулы басқа планетаға босып жатыр десе тағы да таңданбайды, бұл да күнделікті тіршілік. Дүниеге келген соң тағдырдың тірі пендеге үлестірмейтін сыбағасы жоқ. Тек жалғыз ғана ерсілік — есе-теңдігі бірдей болса да осы жұрттың тірлігі, тілегі неге бірдей емес? Жапан түздегі жарты лашық туған шаңырақтың орнын басқанмен көңілге қоныс емес, өгей.

Қайтып көрместей болып кетіп, жалағын аңсаған тағыдай жыл сайын оралып келіп тұратын Жақып, Мешел, Бескемпірлерге де таңы бар. Енді оған тағы бір жан қосылыпты. Кіршіксіз аспан көзінен кезінде тұтанбай қалған, енді мезгілсіз сөніп бара жатқан болымсыз нұрды ғана байқаған; бір ғасыр отасқандай ыстық-суығы сарқылып, ынтығы тозып, бүгінде Жақыпқа деген төсек міндетін де бұлдайтындай көрінді. Барды құспайтын, қалтаны дәулет деп санайтын Мешелдердің жөні басқа, етегін бағып, еркектің емеурініне бағынған ұрғашыны не зор қысты? Байғұс, Жақыптың-ақ жолы ауыр; ешкімнің ақысын жемей, күні түскен бейбақтарға кәсіп тауып беріп, асырап жүрсе де жұрттың бұған деген қарымтасында есеп жатады. Зұлымдығын көрген жоқ, бірақ табиғатында тұнып қалған қатыгездіктің барын байқаған. Бригадирдің өзіне пышақ ала ұмтылғанын осыған жорығы. Кісі өлтіру кірлі қақты басып кеткенмен бірдей, тітіренерсің де қоярсың, бірақ бір әлімнен кімнің ерісі кеңиді?.. Күндердің күнінде өлемін-ау деп Бекет уайымдаған емес, өмірге керексіз болған күні-ақ өзімді-өзім атып тастаймын деп бала кезінде өзімен-өзі серттескені де бар. Сөйтсе тағдыры, ынсабы мен борышы бөлек болған соң, пенде біткен бұның пішкен қалыбына сыймайды екен. Тышқан екеш тышқан да өлмеген соң, қар үстінде де шоқырақтап жүре береді. Бүл тірліктің ғарышы мен тышқан шоқырағының безбен тасы тең бе деп қалды...

Курс еткен мылтық даусынан оянды. Керауыз төбет де шөп іргесінен керіліп шытып келеді екен. Себелеп өткен сыртақ ақтаған тарыдай жайрап жатыр. Таңғы тұманды тесіп тоқал тамның терезесінен от сығырайды.

— Былайырақ барсаң шатыңнан тіреп тұр ма?!.

Бұл, әрине, бригадирдің даусы. Қоңылтаяқ пиманы тырпылдатып үй іргесінен желе жөнелген Мешелдің төбесін көрді. Бескемпірдің мылтығы таңғы тауықтың да міндетін атқарады екен.

Леся дастарқанын жасап қойыпты. Бескемпір мен Бекет шайға жүгінгенде Мешел іңірден қалған суық кеспені соғып та үлгерді. Бригадирдің таңғы асы қашан да бал қосқан бір саптаяқ қара су еді, бүгін де рәсімін бұзған жоқ; жұрт оразасын ашқанша темекісін бұрқыратып отырып әркімнің күндік міндетін бөліп береді;

— Мешел мен Бескемпір екі көлікпен бірінші делянкаға барады. Мать, сен маған ересің. Бекет кеспе жазып, қазанның қасында қалатын шығар. Артылсаң қақпандарды қарап шық. Ұзаңқырап кете қалсаң, есік көзіне ит байла.

— Шер – ке-ен! — деді әлі де есеңгіреп отырған Мешел. — Моншаға түсіп, көсіліп бір жатар күн болар ма екен? Айтпақшы, бүгін осы жексембі емес пе?

— Басқан жетісіп, моншаң ғана қалды ма?! — деп бригадир оқшырая қарады. — Құдай алдында күнәкар болсаң бес намазбен – ақ құтылуға болады!

— Құдайды алдау қиын емес қой, — деді Бескемпір. — Тек лесхоз бес намазға көне қояр ма екен?..

Жақып мұны да жақтырмай қалды.

— Сенің шаруаң — тер төгу, түртініп теңге табу! Маған ақыл үйретпе! Екі елі езуге бес елі қақпақ дегенді білемісің? Ұнамайды екен, боқшаңды жина да тай! Бізге боталы түйеңді өткізіп қойған жоқсың!

Керауыз төбет есікті тарпып-тарпып жіберді. Ол да таңғы сыбағасын сұрап тұр еді. Мешелден қазанның қаспағы да артылмаған екен, Леся овчаркаға ұятты болып қалды.

— Қой, қашпақ болсаң зымыра! — деп Мешел алдымен көтерілді.

— Әй, атдорбаңды ұмытпа! — деді Бескемпір. — Желіні сыздаған сиырдай мөңіреп бәле қыларсың!..

Есік көзінен қайтқан Мешел тамақ салған дорбаны, ас құйған алюминий термосты теңдеп алып шығып кетті.

— Лесхоздың көзіне түсуі мүмкін, ескі делянканы тезірек тазарту керек, — деп бригадир Бескемпірге ескерте тұрды. Аузыңның қимылдайтынын білсең, арт жағынды да тазалай жүрген жақсы!..

Шартиған келте құйрық төрт мес торыға төрт шана жегіп, төрт адам таңмен тал аса тайгаға кіргенде, Бекет те лом алып жертөленің алдына барды. Босағасын аттамағанына жарты жылдан асып еді, иесін жатырқап тұрғандай жымырайған шадыр есік езуін қисайтып, сіресіп жатып алған соң, темір сүйменді көсектің жықпылына салып жіберіп, бөксеріп ашты. Шіріген самырсып бүрінің көңірсік иісі, горбыльмен қапталған төрт қабырғаның көк жалқақ сызы дене түршіктірді. Бар жиһазы орнында екен: мосы сирақты стол үстінде ыңғуыр, түрпі, біз, пышақтың неше түрі жатыр. Тақтай сөрелердегі Алдар көсе, Мефистофель, жын-сайтан, беймағлұм құбыжықтар дәл қазір тырым-тырақай безе жөнелетіндей Бекетке үрке қарасты. Жабықты тұтқан шаң-тозаң, сілбі астынан Жақып, Бескемпір, Мешел, қайдағы бір кепкен шалдар телміріп отыр. Конненковтың "Менің ғасырым" мемуарын тышқан кеміріп тастапты. Бұрыштағы буржуйкадан атжалман шиқылдап қоймаған соң теуіп жіберіп еді, темір мұржа салдыр-күлдір құсап түсті де осы салдырдан өзі де тіксініп тысқа атып шықты.

Таңғы астан әлі де күдер үзбеген керауыз төбет аяғына оралып қалмаған соң, обалың Мешелге деп атқораға апарып қамап тастады да үйге кірді. Жиылмаған дастарқан, жуылмаған ыдыс-аяқтың ішінен әуелі көзіне түскені Мешелдің қара саптаяғы болды. Қалтан үш қасық, үш тостағанды стол үстіне төңкерді де балтамен Жақыптың, Бескемпірдің, Мешелдің быт-шытын шығарып, пеш көмейіне атып ұрды. Басқа артық -ауыс еш нәрсе қолына ілікпеді. Қазан-аяқ жуудың азабынан оңай құтылғанына қуанған Бекет жүре киініп далаға шықты да есікті қымтап жауып, каска маңдайына күйемен Жақыптың суретін, оның етегіне қуарған екі жілікті айқастырып салды да: "Осторожно! Опасно для жизни!" — деп жазды.

ТӨРТІНШІ ТАРАУ

1

Күрс-күрс екі дүркін мылтық атылды да, тас қараңғыны жыртқан қос жалын жалпылдап қатар сөнді. Керауыз төбет арсылдап әудем жер ұзап кеткен сияқты еді, сүмелектей су болып жалғыз оралды. Толассыз ұрған қар аралас жаңбырдан қарыс жер көрінбейді. Бескемпір тағы да екі дүркін мылтық атты. Керауыз төбет бүл жолы жүгіре қойған жоқ. Ауық-ауық ішін тартқан шөп түбіндегі аттар мен сел жаңбырдың сыбдырынан басқа дыбыс болмаған соң, Бескемпір де сүмеңдей желіп үйге қойып кетті.

Аласа тамның іші де бу. Пешті айналдыра қақтаған су киім мен қамыт-сайманның арасынан Лесяның аспан көзі шақырайды. Мешел қатқан нанның қоқымын арпадай асап, қара шайды қалжадай сілтеп жатыр екен, бора-бора тер жапқан бет-аузын саусағымен сыпырып тастап отырды. Нардың екінші қабатынан Тасқабақтың қара табаны ғана көрінеді. Қаперінде қаяу жоқ жайбарақат жұрттың мына сабыры Бескемпірге ұнамады да қабырғадағы қайыс белдікті жұлып алып Мешелге бұрылды.

— Лампаны алып бер!

Мешелдің аузы босағанша нарды сықырлатып бригадир басын көтерді.

— Әй жырау, жыбыршымай жатсаң қайтеді!

— Жата алмаспыз! — деді Бескемпір — Жаратқан, жатқанды жарылқайтын болса, алшыңнан түс те жата бер!

— Бензин жоқ! Қаңғырған неме адасты деп қағынып өлеміз бе?!

— Қайтып өлетініңе сенің көзің жетіп пе еді?! — Бескемпір Мешелдің шай ішіп отырған тостағын қолынан жұлып алып табалдырыққа бір перді. — Әкең астан өлсе де тұршы!.. Әпер лампаны!

— Мынау жынданған шығар! — деп Мешел жаутаңдап нардың екінші қабатына мойнын созып еді, бригадир тағы да теңкиіп жатып қалған екен. — Мынау жынданған шығар! — деп тоңқаңдап барып іргеден изоляторлы ұзын шнурға қосқан электр лампасын әперді, сонан соң есікке беттеген Бескемпірмен жағаласып барып кетік тостақты көтерді.

— Бұлар жынданған шығар! — деді. — Бүкіл ыдысты қиратып, жұғатын кеткенін қарашы, жындылардың!

Қар аралас қоймалжың сілтеп тур. Әлгінде ғана құбыладан тартқан оспа жел енді ұйтқыма құйын болып таудан кайтыпты. Мынау селдеткен ақ түтек әрі-бері сенделіп, ой мен жонның ортасында тәулік бойы әткеншек ойнайтын болғаны да. Бескемпір движокты тамның су ағар кепешіне сүйреп келді де тепкілеп жүріп зорға оталдырды. Қалтыраған жалғыз лампаның сәулесі қора-қопсыдан да ұзаған жоқ, аспан мен жер тұтасып, ақ шымылдық жыртылмай-ақ қойғаны. Бескемпір үйге кайта кірді. Кесте бізге қадалған Лесяның баяғы сол аспан көзі, нар үстіндегі Тасқабақтың төңірейген бөксесі... нанның кепкен қоқымын қытыр-қытыр кемірген Мешел күйісінен жаңылғандай қылғынып отырып қалды. Бескемпірдің кіргенін, таң атқанша движокты өшірмеңдер дегенін, салдырлатып ер-түрман мен қосауызды көтеріп шығып кеткенін ешқайсысы естімеген де, көрмеген де сияқты. Сілкінген жаңбыр, ырылдаған движок, терезе қаққан құйын... тоқал там дүркіреп көше жөнелсе де тырп ететін тірі пенде жоқ.

Ыдыс-аяқты келе сала ақтарғанда да ештеңе таппап еді., өзіне-өзі сенбегендей Мешел тағы да бір тіміскіп шықты. Иығы салбырап, ұнжырғасы түсіп от басында біраз тұрды, көзімен жабықты тінтті, конистрдегі спиртті көргенде ғана:

— Кісі өлген жоқ еді ғой, бүл не қылған тоң-торс? — деді.

Жақып та, Леся да үн қатқан жоқ.

— Шонданайымнан жел ұстаған ба... оптирайт қылу керек еді, — деді.

Жақып та Леся да үн қатқан жоқ.

— Сол сұм бізді сипан таза сыпырып кетпесін!

Жақып та, Леся да үн қатқан жоқ.

Мешел нар астына қойып кетті де төсеніші көтеріп, самырсын бүрімен қымтап тастаған сандығын суырып алып ақтара бастады. Киім-кешегі орнында. Түйіншектегі ақшасын санап шыққанша жан терге түсіп, көзі шарасына сыймай кетіп еді, жиған-тергені түгел болса керек, көңілі жай тапқандай күрсініп салды. Тіске басар шайнама, қылт еткізер бір ұрттам мөлдір судан күдер үзген соң, ұйқыдан ғана қайыр деп бүл да теріс тоңқайды.

Тыстан тықыр естілгендей болған, естияр екі бірдей еркек тас бүркеніп жатып алған соң, Леся елегзіді де терезеге барып үңілді. Жел тербеген жетім лампаның жарығы әлі де түн шымылдығын жырта алмай күресін маңынан көлеңдеп қайтып түр екен. Ақ жаңбыр сүт көбіктеніп сіркелеп кетіпті. Кәдімгі алақаншық боран.

— Үй маңында біреу жүрген сияқты.

Жақып та, Мешел де тырс еткен жоқ.

— Керауыз неге үндемеді?

Жақып та, Мешел де тырс еткен жоқ.

— Байғұс, майып болмаса жарар еді...

— Әй, жағың неге қарыспайды сенің?!. Жағың!.. — Аласа тамды жаңғырта атып тұрған Жақып жарылып кететіндей шатынап біраз отырды. Әйелінің мұқалған жүзін, нар астынан қылтиған Мешелдің бір тұтам мықыр аяғын ала көзімен ішіп-жеп, жауынның сытыры мен движоктың бырқылына жеркене құлақ түрді, әлден уақытта барып еденге секіріп түсті де сулығып жүре жамылып, жын қаққандай шықарға атып шықты.

Леся пешке отын үстемелеп, киімдерді аударып қайта жайды. Тер жапқан терезеден тағы да біреу сығалағандай болып еді. Келіншек тіксініп қалды. Жабықтан карта алып бал ашты.

— Жееше! — деді Мешел. — А, жееше!..

— Иә...

— Таяқсыз соқыр адаспайтын Жындысайда Ғұлама жоғалар деймісің, онан да маған бал ашып берші, қатын алар ма екем?

— Сол да уайым боп па, — деді келіншек, — не көп, қыз көп.

— Қыздың шығыны шаш етектен емес пе. Маған үй-күйі бар жесір әйел жетіп жатыр. Бойдақтар салығынан босататын баласы болса тіпті жақсы!

Қалжыңы екен деп ойлап еді. Мешелдің бәдіктеу бет-аузынан қалжың таппады. Пұшпақ шеліндей базданған майлы бұтағы, қос шеміршек жапсырған әңгелектей доп-домалақ жұдырықтай басы, жырта қарыс езуі келіншекке жексұрындай болып көрінді. Картаны жайып жіберді де:

— Аш болмайсың, аузың астан босамайды! — деді.

— Маған керегі де осы!

— Ғұмыр-бақи қойының күр өтеді! — деді.

— Оған да ризамын, бүл күнде артық ауыз да азап!

— Басында панаң, бауырында балаң болмайды! — деді.

— Уақасы жоқ, бала белде, баспана деген тук емес, өкімет аман болса босаға табылады!

— Ләухи! — деді.

Мешел қарық болып күлді.

— Әй, жеешай, әулиесің-ау!.. Қатын-балаға бола мал жиған еркекті көргем жоқ. Солардың бәрі ләухи ма?.. Ертең Жақып қаңғыртып тастап кеткенде бірақ білесің! Айтпады деме, кассаңды бөлек ұста.

Желбегей кеткен Жақып кешікті. Будильниктің быртық тілі екіге қарай салбырап барады екен. Терезеден тағы біреу қараңдап өткендей көрінді. Іргеден ырсылдаған, күрсілдеген дыбыс естілгендей болды. Леся далаға жүгіре шыққанда, Мешелдің дарақы күлісісі сарт жабылған есіктің ар жағында тұншығып қалды... Аузы-мұрынды бітеген ақ буға өзі де тұншығып қалды. Ат қора мен шоп маясын айналып шыққанша батпаққа екі-үш аунап тұрды. Қайта-қайта дыбыс бергенімен ешкім үн қатпады. Қылаяғы керауыз төбет те жоқ. Терезеден көлбеңдеген адам емес, жел шайқаған жесір лампаның ала бұлдыр сәулесі екен. Дүние бір уыс болып қусырылып, осы жесір сәуленің аясында ғана қалғандай. Денесі тітіреніп, сүйегінен өткен сыздан тұла бойы шымырлады.

Жақып жертөленің жалғыз көзін бітеп қойып, балауыз шырақтың жарығымен отыр еді. Бекеттің бүкіл дүниесін ақтарып стол үстіне жайратып тастапты, Леся кіріп келгенде жылан көргендей жирыла қалды да, әртүрлі заттарды жинап сандыққа қайта ұрды.

— Неғып отырсың? — деді әйелі.

— Көріп тұрған жоқпысың!

— Көріп тұрмаған соң сұраймын да!

— Көріп тұрмасаң несіне сұрайсың?

Шырақтың сұрғылт сағымынан ба, сақал-мұрты қылтанақтап, тоза бастаған жүзінде қан-сөл жоқ екен. Сандықты іргеге атып жіберді де кетуге ыңғайланды.

— Отыр! — деді әйелі.

Бригадир әйелінің аспан көзі арбап тастағандай тырп ете алмай қалды. Сөредегі мүсіндер мен сан түрлі суреттер де бірін-бірі андысқан екі адамға күдіктене қарайтын тәрізді. Тыртиған салынды сайтан құйрығын бұлғаңдатып, қайың безінен жасалған арыстан жалды, есек құлақ маска аузын ырсиған айбат шекті.

— Онда несіне отырмыз?!

— Жылы төсекте жарылқап тастағандай!.. Байғұс!..

Жақыптың басына қан тепті. Әйелін жұлып тастайтындай түтігіп, босағадан қайтып оралды, бірақ тағы да Лесяның шыныдай шақырайған аспан көзімен тіктесіп қалды да, амалсыз орындыққа тізе бүккен болды.

— Отырдық!..

— Бекет қайда? — деді әйелі.

— Ит біледі!

— Ит емес, сен білесің! — деді әйелі. — Күндіз делянкадан кеткенде қайда бардың?

— Атамның басына бардым!

— Аруақты қозғап қайтесің, Бекетпен жолғастың ғой?..

— Көріп тұрып па едің?

— Көрмесем де сезгем.

— Иә, содан соң?!.

— Одан соңғысын сенен сұрап тұрғам жоқ па.

— Оған бола қимаң қышымасын! Екі туып бір қалғаның емес! Көргеніңе екі – ақ жұма болып еді той. Кім екенін қайдан білесің. Кіндігінен үзілгендей болуын!..

— Оны білмесем де сені білем!.. Бекет келгелі қабырғаңа ыңыршақ батқандай қайқаңдап жүрсің!

— Тайгада табыс қуған тіміскілер шілдің боғынан көп! Жасқанбасаң жан сақтау қиын!

— Күнің құрсын! — деді әйелі. — Еркек деп етегіңнен ұстап жүрсем!..

— Қанша еркектің есебін алып едің?!.

— Онда сенің шаруаң қанша!

— Не көкіп тұрсың?!.

— Мен де тірі жанмын! Еркек боп жарылқап тастамасаң да қойныңдағы жарың едім, селпеңдеп соңыңнан ергенім болмаса жазығым не?.. Барған жерімнен бәсірелі меншігіндей жетектеп кеттің! Тым құрыса ішінде не жатқанын білейін де!..

— Ендеше, бар-дағы қазаныңды қайнат, одан артық білген ұрғашыға ауыр жүк!.. Тағы бір айтарым: аюға намаз үйреткен таяқ дегенді естігенің бар ма?!.

— Ескерткенің жақсы болды!..

— Онда есінде болсын, бұл тайгада талай пысықтың сүйегі қалған!..

Жақып есікті сарт жауып шығып кетті. Жабықтан аңдыған көп құбыжықтың ортасында Лесяның жасаураған жанары қалды...

2

...Жақыптың өңменінен қадалған сол жанар қу жанына бір сәт тағат бермеді. Сілеусіннің көзіндей қос шырақ аунап түссе — іргеден, алшысынан жатса — төбеден төнді де тұрды; не ұйқы емес, не өңі емес, мең-зең болып, ақыры ес кетіп жан шыққанда басын көтерді.

Бензині таусылған движок көксаудай күркілдеп барып біржола өшті де терезеден жылтыраған соқыр сәулені тас керең тұңғиық жұтып қойды. Іргені тепкілеген жауын мен Мешелдің үй селкілдеткен қорылы ми шайқайды. Май құйрықтан ыңқитып бір тепкісі келді. "Ындыны жаман ит! Қарын кептеуден басқа қайсысы бар ма екен осының?!".

Леся қайтып үйге кірмеді. Кірмейтінін тағы сезіп отыр. Әйелін есіне алуы мұң екен, сілеусін көз қараңғы бұрыштан тағы да шақырайып шыға келді... "Бекет қайда?!."

Бұл сұраудың боларын білгенде бәлелі немеге жұғыспайтын еді. Тағы да жастыққа қисайды. Тағы да көзі ілінер емес, ағыл-тегіл боп жылап тұрған терезе де: "Бекет қайда?" дегендей бежірейе қалыпты.

Балшықты былш-былш кешіп үй іргесінде әлдекім жүрген секілді. Сүйретіліп есікке барған секілді. Дәл қазір мылтық кезеніп кіріп келсе де, кеудесінен батпан жүк түскендей еді. Бірақ мықырайған мылқау есік мыңқ етпей қойды. Іргені шұрық-шұрық тесіп алып, суағардан сылп-сылп құлаған тамшы екен. Өзегін өкініш тырнағандай, қарадай жүрегі қағып, тұла бойы сұп-суық қара терге малшынды. Там төбесіне қадалып, тастай қатқан жанарында үрей де, шарасыздықта бар... "Япыр-ау, дүние не болып барады?.."

Апта бойы Леся мен жігіттерді заимкеге ертерек қайтарып, Жындысайдың қиясы мен етектегі тас қорымның ұңғыл-шұңғылын, қар көшкесінің жолын тиін тінтігендей түгел сүзіп шықты. Бұқтырманы жағалап біраз жерге де барып қайтқан, не өзін, не өлігін таппады. Ақыры, суға кетті деп жорып еді, бірақ, жорамалын батып ешкімге айта алған жоқ. бұрын да ұйып отырғаны шамалы еді, енді Бекет жоғалғалы ырысын ит жалап кеткендей құты қашқан "Дружбаға" шапағат салу да қиын. Қол көтерген жоқ, қолымен өлтірген жоқ. Көктемде көшкіге кеткен кісі аз ба!.. Бар кінәні Бекеттің қанжығасына байлап жіберіп, өз басына қаншама араша түскенмен, көңілі құрғыр ұясына қонақтай қоятын емес; қойнындағы қосағы нос көрсеткен соң, жайшылықта қатар отырып дәрет сындыруға жарамайтын Бескемпірдің басқа шықпасына кім кепіл?.. Өзім деген адамға өңешінен өтіп бара жатқанын жырып беретін мәрттігін кісілікке санап, тайгада өткізген он шақты жылдың ішінде сан жырындымен дәм-тұз бөліскен екен, тек солардың біреуінен пейіл күтіп, біреуінен сен кімсің деп сұрамапты да. Жақып осыны ойлағанда жалғыздығы енді ғана есіне түскендей жәбірленіп қалды да, "өлмесең өмірем қап!" — деді.

— Оттапсың! — деді Мешел.

"Монтаны иттің түсінде де есесін жібермеуін қарашы..." Жақып нардан секіріп түсті. "Осы ит өтірік нақұрыстынады..." Күбі қарнынан қайыс тіліп алсаң да қыңқ етер Мешел жоқ, өлген қорқаудай домаланып бұлқ етпей жатыр. Тысқа шытып Лесяны тепкілеп отырып үйте қуып тыққысы келіп бір тұрды. Қақлағы шала жабылған темір бөшке тақымнан ала түсетіндей босағадан қып-қызыл өңешін көрсетті; төбесіндегі су киімдердің етегі көңірсін барады екен, бытырлата жұлып нар үстіне атып жіберді. "Қи сасыған өңшең нағылет!.."

— Оттапсың! — деді Мешел.

Аласұрған Жақып ақыры Мешелді май құйрықтан ыңқита бір теуіп аптығын басты. Сорасы аққан соқыр терезені кеудесімен тұншықтырып біраз тұрып еді, шошып оянған Мешелге бригадирдің түк басқан жалаңаш денесі албастыдай болып көрінді.

— Бұлар шетінен жынданған шығар! — деді.

— Оттапсың! — деп Жақып манадан бергі есесін қайтарды.

Мең-зең есеңгіреп отырған Мешел созылып тұрып, сипалап сіріңке іздей бастады.

— Немене, сенің жаялықтай аузыңа да жарық керек пе?! — Жақып жабықтағы канистрге иек қағуы мұң екен, Мешел бәдік жүзі быт-шыт боп ыржалақтап қоя берді.

Мешел Жақыптың қыжыртпасынан ырбалаңдап құтылдым деді. Табиғатына жазбаған шын күлкі қылғынса шығар ма, айыпқа жығылса да, арын төгіп, жарамсақтанғысы келсе де ырбалаңдап, жәдігөйлене қалатын ежелгі ауруы. Сыңар көзі сайқалданып, сыңар беті қоламта қарыған көн терідей бырысып: құлдық, құйрығыңды жалайын деп тұрады да, қалған мұп-мұздай сыңар көз, бұлқ етпейтін бездей сыңар бет: жеті атаңның қақ басы деп балағаттап тұрғаны. Сырты жалқақ, іші мұз, жақынның қайғысын, жаттың қуанышын бөліп-жарып көрмеген безбүйрек, тексіз де бейшара адамның бәтуәсіз арзан қылығы осы. Оның міне қашатын аты да, айласы мен айбаты да осы өтірік күлкісі. Әйтеуір қасқа маңдайдан қақ жарылып, кегі мен жампоздығын қоса теңдеп жүретін бет-ауызда жарым-жарты пейілге ғана сиятын жарымжан пенденің ғана суреті бар еді. Жақып сылқ-сылқ жұтынған өңештің қылқылын, ыдысты сылп-сылп емген жемір еріннің былшылын естігенде, қарсы алдындағы Мешелдің бар пошымы базданып бара жатқандай тұла бойы жеркенді. "Кепиетсіз иттің кенезесі кеуіп қалған екен-ау!.."

Қара жұмыстың азабын қабырғасы қатпай жатып-ақ тартқан, бірақ аш болып ыдыс-аяққа көз сатып, жалаңаш болып қорланып көрген жоқ еді, тек жылан екеш жыланның да тоқ заманында құлқын үшін жылап жүріп күн кешкен ынсапсызбен қос боламын деп ойлап па?!. "Тайга!.. Бәріне тайга кінәлі!.." "Ендеше бұл тайгада әкеңнің басы қалды ма?! Ақша?!. Ақша жиған кісі Мешелдей – ақ жинасын!.. Иттің баласына айыр сатып әперіл, анда-санда аударыстырып тұр демесе шіріп кететін шығар онысы!.. Өзің ше?.. Болғаны бес кісіге ысқырдым демесең сол Мешелден нең артық?.. Айына кіретін төрт-бес жүз сомды қайдан да болса табасың. Аңда-санда түсетін көлденең табыс — гонорар деп аталатын арам тиын-тебенге бола несіне өмір өксітесің? Өзегі талмасын, өзгеден кем болмасын дейтін бала-шаға да жоқ. Жылы үй, жұмсақ төсектен безбей, санаулы сағатпен жұмысыңды істеп, алшыңнан түсіп жатсаң ше?!. Бұған да тайга кінәлі ме?!. Бұл да бір жұлынға түскен құрттай шыбын жанды күнде қинайтын көп сауалдың бірі. Жыл сайын: "енді қайтып бұл тайганы көрсем бе!" — деп зерезеп болып, жыл сайын кайтып келетінін қайтерсің. Қалаға барса — сыймайды, далаға келсе — бар ермегі балта, мұнда да жалғыздық. "Әттең, өлмеймін-ау, өлсем қайтып келмеймін-ау, көрер едім менсіз тірлігіңді!" — деуші еді шұнақ қара шал. Әулие екен!.. Сілтеген балтасы, көздеген оғы мүлт кетсе де әкесін есіне алатын әдеті...

...Жалғыз көз шұнақ қара шалды қаталдығы мен қайтпайтын бірбеткейлігіне бола жұрт Қарадию деп атайтын. Мойын жоқ, көріктей кеудеге қарбыздай домалантып қондыра салған қасқа бас, жүн-жүн қалың қабықтың астындағы оқырайған жалғыз көзі шынында ертегінің диюын еске түсіретін. Жұдырығы тоқпақтай ерепейсіз ұзын қолды, қотан аяқ, тоңқаң жүрісті қара шал қарсы жолыққанды тарпа бас салатындай шүйлігіп тұрушы еді. Түріне қарамай өзінен басқа тірі пендені менсінбейтін, біреуге ишарат қылып дұрыс сәлем қайтарып көрген жоқ. Қала шетіндегі жатақтар қонысына тегі бөтеннен қоңсы жібермейтін, ұрғашы атаулыны ауладан оздырмай, еркек кіндіктіні аямай, мойнына бұршақ салып Құдайдан тілеп алған жалғыз ұлы осы Жақыпқа дейін табанын тіліп отырып жұмысқа салған; сілейгенше кептеп ішкізіп, сілікпесі шыққанша жұмсап, жан терін сығып алатын; бір пендені шашау шығармай, бір пенденің қолына телміртпей екі заманда да бүкіл бір атаның үрім-бұтағын бір өзі асырап өтіп еді. Қарадию өз әулетін бірін артық, бірін кем ұстаған жоқ, бәріне бір қамыт кигізіп, бір қамшымен айдап: етің менікі, сүйегің жаратқандікі, өжет болмасаң — кезеп бол, өркөкірек болмасаң — өлермен бол деп баулыған. Жақыпқа әке лұғатынан онша көп қасиет қонбапты...

— Іш! — деді.

Жанары мөлиіп өшіп барады екен.

— Өкінесің! — деді.

Мешелдің стол кемерінен иегін көтеруге дәрмені жетпеді. Жақып оның қолындағы спиртті тартып алып серпіп тастады да туесоктағы суды бетіне шашып жіберді. Селт еткен жоқ. Иегінен төгілген су тамшысы үзіліп түскен көз жасындай көрінді.

— Ит екеш ит те сүйекті көтіне өлшеп жұтушы еді, арам қатып жүрме!..

Өзінің де жетісіп отырғаны шамалы; өңездей ащы спирт өзегін талдырып, аузына лықсып сара су толды. Бұл құрғырды аңсап ішпейтін. Алдына келгенін қайтармайтын. Онда да етекке, "одтулге" түскенде тана. Дүкен біткеннің шөлмегін түгел тоңқарып, "тағы тайганың" анда-санда арманнан бір шытатыны бар. Ішейін деп те ішпейді, сыйлау үшін ішеді. Сыйламасаң — ала қарғадай көпке оталасың. Сыйлаған екенсің-бәсекелесіңнен тым болмаса түкірігің озсын, жалтақтап қалтаңның түбіне қарама. Жұрт мысыңды танып табынбаса да қалғанды көріп батынады. Калымщиктердің дәстүрі осы. Дәстүрге сыймаған соң бұл қауымға бөтенсің... Қарадию араққа үйір болған "шіріген жұмыртқасын" Құран көтертіп, Құдайдан қорқытып тыюшы еді. Сөйтсе сол құдіретің Қудай да емес, Құран да емес Қарадиюдың өзі екен. Әйтпесе, Құдайдың қарғысынан аузы-басы қисайған әлі ешкім жоқ, тек аруақтан тана сескенеді.

Атып тұрды. Қарақұсы ашып, басына қан шапшыды. Столдан озған соң сенделіп босағаны зорға тапты да, етігін іздеуге мұршасы келмей қолына іліккен брезент сулығын сүйрей есікті барып сүзді...

Ақ тозаң ұйтқып тұр. Қараңғы да емес, карта адым жер де көрінбейді. Әйтеуір башпайының жықпылынан пышыр-пышыр сықпаланған мұздай балшықтан жер басып келе жатқанын сезді. Жүзін көкке созды. Бүрікпе тозаң демшінің үшкірігіндей дәтке қуат берді де тынысы кеңіп шықшыты мен алқымынан қысқан қан лыпылы сабасына түскендей болды. Манағы бір үй торыған аяқ тықырын андып еді, іргені шұрық-шұрық тесіп алып, суағардан сылп-сылп құлаған баяғы сол тамшы екен. Жақып аттар үңгіп тастаған шөп қуысына сүріне келіп құлады. Құлағының түбінен күрт-күрт дыбыс естілді. Әлдекім: "қырт, қырт!" — деп қыр желкесінен табалап тұрды.

Жан сауғаласа жапанға безетін әдеті. Сондағы жасқанатыны — жұрттың көзі, қадалатын басқа тиянақ таусылғандай жапа-тармағай бәрінің Жақыпқа сұқтанатыны бар: тілемсегі де, жарамсағы да, қиқары да буған қиянатшыл көрінетін, мүләйімнің жүзінен мүттәйім қулық іздейтін. Айналдырған бес адамның төбесі жалықтырып бітті ме, соңғы кезде бәрінен де жерініп қылаяғы қойнындағы жары да жексұрын болып барады, көңілінен де көбіне күдік тауып жүр. "Адам күні адаммен дегені де тегі өтірік, тағдыр бірді бірге тілесе — бірін-бірі жеп отырсын, әйтпесе неге отырсын?.." Сілеусін көз қос шырақ тағы да қуып жетті.

— Сука! — деді.

Тұңғыш рет тіл тигізгені осы еді. Кірпік қақпай телміріп түр екен. Телміріп тұрған мес торының бірі екен. Жанары мөп-мөлдір, қасын қақса ағып түсетіндей. Танауымен Жақыптың тізесін түртіп, тұрсаңшы деп жылы орнынан қуғандай болды. Тілазардан меселі қалған соң ішін тартып күрсінді де, езуіне қыстырған бір шоқ кәдесін қаужай бастады.

— Күйсе! — деді. — Екеумізге оттағаннан басқа не қалды?!.

Бір кезде жылқының шөп жегенін де қызық көретін.

Парықсыз бала көңілге бәрі қызық: шұнақ қара шалдың маңдайына біткен жалғыз қара кер биесімен талай таң асып, ат үстінде отырып қалғып, ат үстінде жүріп қиялға шомған күндер-ай!..

...Ымырт үйіріле Қарадию қара кер биеге тоқым салып: "арқасын кетіресің, артына ешкімді міңгестірме, жалғыздың жары Құдай, серік іздеуші болма!" — деп малмен бірге өріске қоя беретін де, қашан қарасы үзілгенше қыр соңынан күржиіп қарап кеп тұратын еді. Желкесінен қадалған оқырайма жалғыз көзден, жалғыз көзден де зәрлі, ымырттың қарақұрық сағымына буланған өзектегі қалың нудан қорқып қара кер бие тозаққа алып бара жатқандай жаны қысылып жылап-жылап алатын. Баланың дәрменсіз қарсылығын жауырын қиқаңынан сезетін қырсық шал қуат берудің орнына:

— Ай, Қарашелек!.. Бөркемік неме! Жыныңды қағып алайын ба осы! — деп шамырқана айғайды кеп салады...

...Қалғып барып көзін ашқан, жанарын доғала кептегендей ақ шел тозаң дым көрсетпеді, айғайлайтын да маңайда ешкім жоқ сияқты; мезгілсіз шарылдай беретін орманның ұйқысыз үкісі ме, әйтеуір, Жақыптың құлағында жағымсыз бір үн қалды. Жапырайып, жападай шөгіп кеткен там төбесі мен есік күзеткен сабалақ иттей сүмірейіп движоктың сүлдері қарауытты. Мес торының келте құйрығы да сабаудай, сан жылдан бергі қаққпыш болып қалған сауыр қайызғағы көпсіп, тұла бойынан күлімсі тер мүңкиді. Төбесінен сорғыған су тамшысына аузын тосып еді, кермек те болса қымыздықтың дәмі бар екен. Термен қоса көктей орылған пішеннің иісі шалқыды...

...Өзен бойының сарғалдағы мен сары жоңышқасы киіздей болушы еді. Кешке салымның қоңыр самалымен толқыған сары жон көкжиектің сағымына сары атластай құлпыратын. Жалғыз көздің отынан құтылысымен сары жонды cap желіп бір шарлап шытады да, шіңгір-шіңгір кісінеп, шалғын арасында адасып жүрген жирен каска құлынды күтеді. Жалғыз адамға биенің оқыс оқыранғаны да үрей. Айыр, шалғысын иығына салып пішеннен қайтқан бірен-сараң шал-шауқандардың қарасы үзілген соң, мұның төркіндейтіні — қусақтағы ақсақ егерьдің заимкесі. Қарашелек ақсақ егерьдің аты-жөнін де білмейтін. Әйтеуір осы заимке атам заманнан бар, бір аяғының орнына келсап байлаған ақсақ егерь сол заимкеден де көне. Көне де болса көңіл серік. Кешкі ымыртта, таң қараңғысында орманды қағып кайтатын әдеті. Ағаш аяғын қанжығасына байлап алып, Жеті Қарақшының сүңгуір тұмсығы төбені түрткенше Қарашелекке ес болады. Бет-аузын шуда басқан шал қалжыңбас:

— Әй пұшық, сен осы біздің Лесяға қырындап жүрген жоқпысың? — дейтұғын. — Әкеңе айта бар, қызымның қалыңына қара кер биені бермесе құда болмай қоямын!..

Егерьдің әйелі жас, әрі керемет сұлу. Балалары өңшең қыз және ала-құла, бірде-бірі шалдың өзіне тартпаған соң ба, жұрт соның бәрін "шата" дейтін. Леся солардың ең әдемісі, Жақыптан бес-алты жас кіші.

"Миғұла боп кетеді" деп Қарадию Қарашелекті оқуға тым кеш берген. Қысы-жазғы шаруасына қолқанат керек болды ма, кім білсін, енді соның қырсығынан боғымен жасты балалармен бір партада отырып жүр. Дегенмен қызы жаман емес, әкесі де бір кезде алыс-беріс тамыр еді, ағаш ұрладың деп акт жасап, Қарадию бір жыл түрмеде отырып шыққаннан бері екі үйдің арасы суып кетті. Штрабын төлеп құтыла салғанда тук те жоқ еді, Құдайдың ағашында өкіметтің не шаруасы бар деп Қарадию түсінбейді, өкіметтің Құдайдан да зор екенін ақсақ егерь де оның миына құйып бере алмай-ақ қойды...

...Жақып орманшыны коп күтті. Шығыс белдеу қарауытып, ұйқысыраған адамның жіпсік көзіндей жыртиып батыс көкжиекте сызат қалыпты. Кешікпей қысқа да болса қорқынышты түн келеді, таң атқанша тақым талады. Жерге түсіп бой жазуға жете қоятын жүрек Жақыпта және жоқ. Сосын жатып келіп қара кер биені тілдеді. Жау алғыр деді.

Қара кер биені жау алмайды. Бар пәле — баласын ыстық пен суыққа бірдей салып, жалғыздыққа да, жансебілдікке де үйретем деген Қарадиюда. Әйтеуір қара шалдың оқыту-тоқытуы бөлек: күндіз не көрсең, түнде соны көзіңді жұмып жүріп тап дейді. Бір жаққа қия шықса, Жақыпты қасынан тастамайтын әдеті тағы бар, ходок арбаның көттік оқтауына байлаған салидол салатын қара шелекпен күні бір, — солаңдап ол да қалмайды, салақтап бұл да қалмайды. Ел-жұртқа Қарашелек атанып кеткені де содан. Басың не ойласа, қолың содан жазбасын деуші еді. Шаруаның парқын еш уақытта тәптіштеп түсіндірмейді, ісің қате кетсе, оны еру болып түзетіп жатпайды; өзің біл де өзің тап, өзің қиыстыр; ең жақсы көретін нақылы: "сүйреп қосқан тазы түлкі алмайды", "шайнегі берген ас емес". Алда-жалда Қарашелек істің нәшін сұрай қалса: "атаңның басы!" — деп қарап отырғаны да өзінің теріс қылығын есіне салсаң: "әй, соның аузын ұрамысың!" — деп тәуекелге басып тарта беретін. Кім азапты көп шексе, соған іші жылығыш, адалдығынан тарихы ма, арамдығынан тартты ма, онда жұмысы жоқ. Жарты жыл түрмеде "демалып" қайтқандағы бар олжасы — өзінің портретін арқалап келді. Ғұмыры суретке түскен адам еместі, діндарлығы да емес, суретке түсетін жөні түзу пошымының жоқтығынан, бірақ бір қызығы, көрінген жерге тастамаңдар деп газет бетіңдегі түсін танитын адамдардың бейнесін тергіштеп жинап жүретін. Бұл жолы Қарадиюға өзінің кейіп-кеспірі де ұнап қалса керек, өзіне-өзі күлгені ме, әлде шыны ма, мұны кім салды деген жұртқа: "қолынан өнер келетін пенденің бәрі түрмеде екен", — дегені Қарашелектің есінде. Жарты жыл ішінде бірде-бір жұрағаттан сәлем-сақпыт қабылдамай, ешкімнен кішіреймей, ешкімді кінәламай баяғы сол Қарадию қалпында тып-тың қайтып оралған. Тек алғашқы күні қойнында жатқанда Қарашелекке иісі бөтен сияқты көрінді. Қарадию өзгермесе де Қарашелек өзінің өсіп қалғанын ол кезде сезбеген. Бірақ шынында да Қарадиюдың басқа жұрттан иісі бөлек еді. Бәйбішесі жалғыз ұлдан кейін тоқтап қалған соң ағайын жиылып, тоқал ал деп жігі-жапар болғанда: "бір ұлды Құдайдан мойныма бұршақ салып сұрап едім — берді, енді қу жанымды қашан аласың деп күтіп едім — алмады, жазған құлға осы да қанағат!" — деп көнбей, өле өлгенше әйелінің бетіне шәй деп қарамай кетті.

Ac жаңғыртпаса араны келіспейтін, түн асқан тамақты жегізбейтін Қарадию сияқты қара кер бие де кірпияз, шөпті шалулап, тандап қана жұлады да арқандап, иә тұсап тастасаң отқа бас қоймай мелшиіп кеп тұрғаны. Сонан соң пәлеге қалғаның: қара кер биенің қарнын оқырайған көзімен бір сүзіп, қораш қайтқанын сезеді де, Қарадию Қарашелектің қолына ат дорбаны ұстатады. Ұрыспағанмен, ұрып-соқпағанмен Қарашелекке осы да жетіп жатыр. Шал ас-суды еселеп құйғызып, баласына:

Іш! — дейтін.

Қарашелек қасық батырмай жатып-ақ іші қылп ете қалады да күмілжіп, тартына беретін.

Әкесінің қайта-қайта дастарқан жасатпайтынын, ал қазан көтерілсе, жатақтардың жеуге жарайтын аузын түгел жинап алып, кергітпей, кепиетсіндірмей ыдыс түбін тықырлатып бірақ шығарғанын біле тұра, Қарашелек те сыр берместен қоңторғай болып кете баратын...

...Шалғынға шық түседі. Шық түскен соң қоңыр самал сыз тартады да қара кер бие Қарашелекті қырдың көдесіне қарай сүйрейді. Бұл құсақтағы заимкеге қарай шаужайлап әлек. Осы бір іри-тіри ерегесті пайдаланып жирен қасқа құлып қара кер биенің шабына кіріп алып, шалбар боп қалған желінді қақтап жатқаны. Ақсақ егерьдің қыздары сияқты қара кер биенің де бірде-бір құлыны өзіне тартқан емес. Бәрі де жабағысында мәстек болып азып шыға келеді. Шұнақ шал тұқымы жараспаған соң тайынан асырмай соғымға сойып алады да, қаншама шіреніп, шырт түкіргенімен жыл сайын өтелсерие жинайтын соқыр Жалбағайдың мәстек айғырына жалынып жүргені. Ел іші айғыр ұстамақ түгілі жалғыз-жарым сауынға жарымай отырған шақ. Жалбағай: "күйек майы елу сом!" — деп шалқаятын да, Қарадию; "қара кер биенің жатыры кеуіп қалса да жаман мәстегіңді ұрғаным бар! — деп биесін сан рет жетелеп қайтатын. Ақыры екеуі қырық сомға келісіп, қара кер бие айғырдан шыққан соң бірін-бірі "қу соқыр!" — деп табаласып тарасады. Екеуінің де жетіскені шамалы: бірінде оң көз, бірінде сол көз жоқ. Айырмашылығы — Жалбағайдың көзі жас кезінде-ақ доғаладан кеткен де Қарадиюдың көзін көкпарда қамшы осқан, соңғысына дәтке қуат осы ғана. Қарадию: "сенің көзіңді Құдай құрсақта жатқанда -ақ алған" — деп кемітеді. Құрсақ соқырдың қарымтасы да қашанда әзір, жығылып жатып: "сенің көзіңді жауыздығың үшін Құдайдың зауалы құртқан!" — деп итжығыс түседі. Қара кер бие де қасқа құлынды тексіздігі үшін жек көретін болуға керек, қылтасынан қаршып бір тістеп қуып жіберетін; мінезінде иесінен жұққан қыңырлық та жоқ емес, арпаны сұлыдан аршып, көдені күреңседен тарпып жейді де, пейілі түспесе тайдың жүгін де тартпай қоятыны бар.

Ақсақ егерь іңір асын қаужап жатыр ма, заимке жым-жырт. Алабүйрек спаниель арқандаулы шыбжың торыны айнала-айнала жалыққан соң үйге қайтты. Соған қарағанда шудабас шал бүгін бейғам тәрізді. Қарашелек кермедегі екінші аттан лесхоз бастығының құла жорғасын таныды. Тал Шарбақты жағалай, батысқа тәжім ете телмірген күнбағардың сары шілтерлі қалпақтары, құлпы мак пен картоптың көк ала гүлдері есекке жапқан кілемдей мыжырайған ескі там мен көң басқан қора-қопсыға ерсі – ақ сияқты. Қарашелек заимкенің торайы мен торпағына дейін түгел санап, орманшының өзін таба алмай тұрғанда көңге шыққан қалың кендір мен алаботаның төбесі толқыды.

Бәлиғатқа толмаса да үрген торсықтай аспан көз әдемі қызды көргенде жүрегі құрғыр лүп ете қалушы еді. Қарашелек аттан түсіп Лесяны кәдімгідей қиылып қарсы алған; бір партаға мінгесіп, қағаз-қаламы, қарындаш-сиясы араласып кеткендіктен қашан да оны жатсынбайтын, бірер ай ұшыраспағанға ма, әжептәуір өсіп қалғандай көрінді: қобырап жүретін үкідей сары шашынан шайырдың иісі шытатын еді, қазір маңдайынан қақ жарып, бұрымдап тастапты, кертпеш танауының жотасы қырланып, қос иек сопақша беттен жарасымды орын тауыпты да танадай аспан көзінде бұрынғыдай емес жылтылдаған бір нұр бар. Қарашелек қыздың келгеніне іштей қуанғанмен бес-алты жас үлкендігін міндет қылып, ірілік жасап тік сөйледі.

— Неменеге келдің?

— Әншейін, — деді қыз.

— Әкең қайда?

— Шоланда жатыр, — деді қыз.

— Неғып жатыр?

— Удай мас, — деді қыз. — Аяғын жоғалтып алыпты. Лесхозбастық атқа өңгеріп зорға әкелді.

— Ол неге келіпті?

— Қайдан білейін, — деді қыз. — Папама тағы да балсыраны беріп-беріп ұйықтатып тастады. Өзі кететін емес, мамама монша жақтырып, арқамды сылап бер деп жатқан.

— Қонатын шытар?

— Қайдан білейін, — деді қыз, — маған ойнап кел деген соң... сені көріп...

Лесхоз бастықты Қарашелек те жақсы білетін. Түйенің танығаны жапырақ деп әншейін ақсақ егерьге жармасқаны болмаса, әкесін соттатқан да сол. Көркем – ақ кісі. Палуан Сиғат, сері Сиғат, әнші Сиғат, жомарт Сиғат болып, жігіттің төресі атанған. Қыста кашовка, жазда тарантас жегіп, мереке сайын күншілік жерден қалата қоңыраулатып түсіп, базар торыған жұртты арақ-шараппен қырып салатын да бәйге мен бәсекеден жатақтарға дым қалдырмай бар шашқанының есесін карта мен бәстен жиып алып тайып отыратын. Еркек кіндіктіден онымен ерегескен жалғыз тана Қарадию еді, оның ақыры да түрменің дәмімен бітті. Бәске ойналған қартаның бір сайысында Сиғат пұлы таусылған Қарадиюдың шалбарын шештіріпті дескен, намыстанған шұнақ шал лесхоз директорына тіл тигізсе керек. Елдің өсегіне қарағанда, Сиғат сұлу десе қырғындай тиетін, менмін деген талай-талай кербез келіншектердің жүретін жұлынымен қоса жібіткен айхай керімнің өзі.

— Шешең іздеп жүрмей ме?

— Қайдан білейін, — деді қыз. — Іздемесе қойсын... Тек сен қорықпасаң болды.

— Мен неменеден қорқам?

— Қайдан білейін. — деді қыз. — Жалғызсың той дегенім де.

Леся үйге қайтамын десе, Қарашелек дәл қазір жатып жабысуға бар, бірақ өзінше естияр болғансып, кісімсіп бақты.

— Мен мұнда таңға дейін боламын.

— Болсаң қайтейін, — деді қыз. — Мен де боламын.

— Болсаң бола бер, түнді қызғанып тұр деймісің!

— Қызғанатын түн сенің меншігің шығар! — деді қыз.

Сұңғыла қызбен Қарашелек мұнан әрі тіресе алмайды.

Біраздан соң заимкенің күйбеңі саябырлап, қара моншаның деміккен қара түтіні сейілген кезде:

— Ле-сә-әә! — деген әйелдің нәумез де кербез үні естіледі. Екі қайталап жатпайды: келсең кел, келмесең қой дегендей. Қарашелектің есіне Қарадиюдың: кедейдің кербездігінен сақта дейтін нақылы түседі, лесхозбастықтың алдында тыраштанып, құрдай жорғалап, құдай таранған сұлу әйел елестейді. Шешесінің зәуімен шақырмағанын сезген Леся да тырп етпей Қарашелекке тығылып отырып алушы еді. Сонан, өзекті жаңғырықтырған шілделік шырылы басылады, бытпылдық пен тарғақ үні қарлыққанша бір-біріне үнсіз телміріп біраз уақытты өлтіреді. Қара кер бие де жусайды. Қара кер бие ғана емес, бүкіл дүние жусайды. Өзен жақтан ауық-ауық пароход өкіреді, пароход тоқтайтын пирстен орман саңылауын осқылап шам жамырайды. Самалдай көп шамның бірі Қарашелекке Қарадиюдың көзіндей боп көрінетін де қара кер биенің шылбырын жинай бастайды.

Бутан да жан керек, Қарадиюдың көзінен емес, мынау үнсіз қалған мылқау түннің сесінен қорқады. Мылқау түннен Қарашелек қана емес, бір сәтте демін ішіне тартып, тым-тырыс бола қалған бүкіл өңір қорқатын сияқты: жер сауырып сұп-суық тер көміп, шалғынды мұп-мұздай шық басады, көк күмбезінен сығалаған жұлдыздар да үзіліп түсейін деп тұрған суық тамшыдай жон-арқанды тітіркентуші еді.

Әуелде кіріптар болып келгенімен, атқа алдымен мінетін Леся. Жабағы тоқымның пұшпағы мен Қарадиюдың көне шолақ күпісі де соныкі, жарбиып міңгесіп алады да Қарашелектің белінен тас қып құшақтап, қайтып қолын жазбайды. Қарашелекке қыздың жып-жылы көкірегі мен жауырынынан қайта-қайта түрте беретін қос ноқаты да сеп, сол бір қос ноқат арқасын ғана емес, жан дүниесін жылытқандай дір етпе қытықшыл сезім қалдырушы еді; әрбірден соң қымсынуды қойып, артындағы құртақандай тіршіліктің болар-болмас томпайған тоқ құрсағына ту сыртын тыға беретін. Әйтеуір табиғаттың тірі жаны!.. Тірі жан болған соң табиғат берген сезімнің үлкен-кішіге де жаттығы жоқ қой. Қыз құрсағынан шарпыған нағайып сезім бала қиялын қол жетпестей арманға сүйрейтін... Лесяның пысылдаған танауы желкесін түртіп қашып, түртіп қашып, онан бетер мазасын үркітеді; түрткілеп емес, иіскеп отырғандай болатын. Қыз қылығына балқыған Қарашелек қайырылып барып сүйіп алғысы келеді. Бірақ сүюдің орнына:

— Сен ұйықтап қалдың ба? — дейді.

— Ұйықтағам жоқ, — дейді.

— Ұйықтамасаң неге түзу отырмайсың?

— Отырмаймын! — дейді.

— Онда қазір түсіріп кетемін!

— Түсіріп кетпейсің! — дейді.

— Түсіріп кетсем қайтесің?

— Онда сені қайтып көрмеймін! — дейді.

— Көрмесең көрмей – ақ қой!.. Керек едің!

— Иә саған!.. Өзің-ақ қайтып келесің! — дейді.

"Қойсаңдаршы!" дегендей қара кер бие мөңкіп-мөңкіп алады. Қара кер биені мөңкітетін Лесяның дүниеге сыймайтын көсеудей аяғы; башпайлары мүздап, құты қаша бастаған соң пана іздеп биенің жып-жылы шабына апарып тығатын. Шоқтықтан асып кеткен Қарашелек сонда да ашуланып көрген емес, жабағы тоқымның екінші пұшпағын созғылап, әлгі бір ту сыртындағы жұп-жұмсақ жылы құрсақты тауып алғанша асығатын. Сонан соң Лесяның мұп-мұздай башпайларын сипалап отырып алақанымен жылытатын еді. Қыз әуелі тықыршиды, түн тыныштығын үркітіп сықылықтап күледі де әрбірден соң Қарашелектің желкесіне танауын тығып, тағы да қалғып кеткендей болатын... Маңдай тірер тұйығы жоқ мақпал түн — шексіз мұхиттай, қақпайсыз оттап, еркімнен жайылған қара кер бие мұхитта жүзген ескексіз қайықтай тербейтін. "Жә деген жігіт болсам, желдей ескен жүйрік атым, жеңіл трәшпеңкем болса, Лесяны қасыма отырғызып...".

— Сенің бәтеңкең қайда осы?

— Танауы тесіліп қалған, — дейді қыз.

— Саған-ақ киім шақ келмейді екен! Жап-жаңа секілді еді ғой!..

— Тесіп тастамасам жаңасын әпермей қояды, — дейді қыз.

— Оған әкеңнің ақшасы шақ келе ме?

— Лесхозбастық әкеліп-береді, — дейді қыз.

— Лесхозбастық жаңасын әпергенше жаның шығады да.

— Сен жылытып жүресің ғой, — дейді қыз.

Қарашелек қыздың башпайын қоя береді, бірақ жылы алақанға дәнігіп қалқан сумақай аяқ тінткілеп жүріп тауып ала беретін болған соң амал жоқ, әйтпесе, қара керді тағы да мөңкітемін деп әлек салатынын біледі. Қара кер бие елге қарап жайылып, әрбірден соң төбеге ұрғандай тоқтайды; бұл оның таңғы жусауы, енді кешікпей жер шетінен келер таңның қиығы да көрінсе керек. Қарашелекті тас қып құшақтаған ұйқылы-ояу қыз:

— Сен өскен соң маған келіп тұрасың ба? — дейді.

— Неменеге келемін?

— Жәй, әншейін, өстіп келіп тұрамысың дегенім ғой...

— Лесхозбастыққа ұқсап па?

— Жоға, — деп қыз күмілжіп қалады. — Өскен соң мен саған тием ғой... үй боламыз... біздің де балаларымыз көп болады... одан соң...

Одан соңғысын білмейтін. Одан соңғы дүниенің не боларын ол кезде кім ойлапты. Танауына тіршілік уайымының иісі де бармайтын Қарашелек бозала таңның шаншылып келе жатқан салқын кірпігінен бұйығып отырып, әйтеуір жылы ошақты, жылы төсекті аңсайтын, желкесіне танауын тығып ұйықтап кеткен үкідей сары қыздың шашынан сипап: "қасымда тек Леся болса арманым жоқ!" — деуші еді...

... Бригадир шошып оянды. Сілеусіннің көзіндей Лесяның аспан түстес қос жанары қадалып түр екен. Бір уыс көдені езуіне қыстырып келте құйрық мес торы да жусап қалыпты. Бозала таң екен. Бозала таңның ызғары сүйек-сүйегін қақсатты.

— Өлдің ғой! — деді әйелі.

Жападай жәпірейген заимкенің сүлдері қарауытты, бірақ жылы ошақ, жылы көрпеден, жар құшағынан күдер үзген Жақып әйеліне бежірейіп тұрып:

— Сука! — деді.

БЕСІНШІ ТАРАУ

1

Бір күнде Аюлыдан шығып Жындысай, одан өтіп Жаманай арқылы Қотанағашқа жаяу түсіп жүрген Асекеңнің желаяқтығына таң қалды. Әлде тағының жымын, ұрының ізін қуып үйренген егерь жұрты жансебіл ме, әйтеуір, төбесі көрініп тұрған Аюлыға жеткенше Бекеттің шала жаны қалды. Жеті жыл ғұмырымды тайгаға бердім дегенімен тайга бұған бар сырын бере қоймапты; қайдағы бір бытқылды шарлап, адасып біраз сандалып еді, қыр басынан да жол тауып жарытқан жоқ, жағаңа жармасқан бұға-қараған, аяқтан шалған ескі жылың шалғыны әбден діңкелеткенде барып жалғыз аяқ сүрлеуге түскен, қос қапталдағы ырғай мен бүргеннің боз қырауын жаңа ғана қағып өткен жолаушының ізін көргенде қуанып қалды. Бірақ сүрлеу табанына қарамапты, аяғы аюдың жас тезегіне былқ еткенде кері қашты. Жан тәтті екен. Бүл өңірдің аюы адам түгілі малға тиісті дегенді естіген емес, әйтсе де жазға салымның аш жыртқышы жемесе де талап тас тауы мүмкін. Қысылғанда жүріс те өнеді екен, иықтың ауырғанын да ұмытты. Өң-түс қалмаса керек:

— Немене, аю қуып келе ме? — деп Асекең баспалдақ үстінде ежірейіп біраз отырды.

Бүгін тана ажырасқандай аман-сүгір де жоқ, ернін шүршитіп әлдебір әуенді ысқырып отырды. Танымайтындай, табақтас болмағандай тарс отырып алғанына тағы да таң қалды.

— Осыншама ақ тер, көк тер болып! — деп тағы ысқырды. — Шалбарыңды тастап кеткенде өзі-ақ қалатын еді той! — деп тағы ысқырды.

Шалбары тастап кететіндей емес, крахмалы сынбаған су жаңа әмірқан джинсы еді. Асекеңнің айтпағы да бұл емес, "шалбарыңа отырып қойған жоқпысың?" деген кекетпесін де түсінді. Өзі айдалаға қарап отыр. Айдалаға да емес, кермеде байлаулы тұрған қара жал құлаға, қара жал құланың шоқпытпен таңып тастаған шоқпардай артқы аяғына қарап отырды.

— Неғып тұрсың, иіскет! — деді әлден уақытта қыстан жарылмай қалған қызыл қарағайдың күж-күж шорымығын нұсқап.

Буын-буыны қалтырап зорға тұрған Бекет шоңқиып отыра кетті.

— Ойбу, бүліндің-ау! — деп Асекең Бекеттің борбайына үңіле қалды.

Шорымықтың шайыры ағып тұр екен, жабысып қалған шор томар Бекет қайтадан атып тұрғанда құйрығынан зорға түсті. Асекең түк болмағандай, түк көрмегендей ерні шүршиіп әлдебір әуенді ысқырып отыра берді. Осы бір әуен үйден де естілген сияқты еді. Көмескі болса да таныс сияқты еді. Аюдың қырсығы, иықтың сырқыры, жылбырап қалған шалбардың құйрығы қанықтап жатуға мұрсат бермеді.

Қитығып отырған Асекеңнің өзі емес, қисық мұрны сияқты еді. Қисық мұрын теріс бағынып, тырс етпей қойған соң, Бекет те шорымықты жантайта жытып былшия қонды. Бұл елдің қазаны бір жылда да піспейтін болса көрелік! Бөксе жаты бізде де бар дегені. Қисық мұрынға желді бөксе!..

Көртышқанның ініндей бірін-бірі қуалап кеткен көп қора: қой қора, ат қора, тауық қора, қаз-үйректің қорасы, ең соңы қоянда барақ, итте особняк бар екен. Тек қоршау бұйырмай қалған метеролотиялық құрал-жабдықтар мал қасынған ба, жел қисайтқан ба, төрт құбылаға түгел сәлем беріп майысып жатыр. Осылардың ортасында шошайған екі қабат ағаш үй. Аюлы деп аталатын лесхоз бөлімшесінің бар тұрған кейпі осы болып шықты. Өрт сөндіретін әбзел-саймандар су тасып, огород қазып, қи тасып тентіреп кеткен екен, бояуы көшкен қызыл щитте ұры тісі ырсиған екі багор, сыңар сүймен тана қалыпты. Баспана жаңынан лесхозға кіріптар Асекең етектегі жалғыз бөлменің есігін бүйірден тесіп алып, көршісіне бөксесін беріп отыр екен.

— Бұйыртса осы жұмада ауа райы ашылады... окончательно! — деп Асекең түртіп отырған жуан дәптерін қымтап жапты.

— Он бес күн әредік... арада нөсер ме, бұршақ па, бірдеме бар... температура он бес, жиырма... ал, енді не отырыс?..

— Маған көршіңіз керек.

— Кечирип қойғұн, алдымен «із-ді алып таста. Сосын, саған қайсысы керек?.. Завферма ма, лесничий ме?.. Лесничий өзендегі малын жайғап жүрсе керек, тойыс қармақ салып... Завферманы іздесең, орынбасары анау жүрген кісі.

Тайгада жалғыз үй отырып шашына бигуди салған қатынды көргені осы шығар. Жырық етек іш киім буферін зорға жасырып тур екен, алдына бір жапырақ фартукті байлай салған жалаңаяқ жирен шабдар келіншек төбесіне бір тонна темір-терсекті буып алып сыпылдатып бара жатты. Қолындағы "пожар" деген қызыл шелекті лақ еткізіп әлдебір үйшіктің алдына төңкере салды да бұрыла беріп бір қарады. Ұрты тоқ, бір нәрсені жеп жүрсе керек, ара шаққандай күмпиіп кеткен бүйен бет жақ-шықшыты жыбыр еткен сайын көздің орнындағы жықпыл сызатты көміп қайтып, өшіріп қайтты. Амал қанша, Бекет жирен шабдар келіншектің көз жанарын ақыры көре алмай қалды. Оның есесіне, мұнда шошқа қора да бар екен, сол да қанағат. Төбесі жермен жексен жаппаның астында жатып алып, торт танау астаудағы қоймалжыңды тұрмастан сықылдатып соқты-ай келіп.

— Көршіңіз... тойыс, көршің шошқа да асырай ма?

"Өзің не деп тұрсың?!" — дегендей Асекең алдымен

Бекеттің бет-қатпарын түгел тінтіп шықты да асықпай "шипкасын" тұтатты, сонан соң қисық мұрнының ұшына қадалып отырып түтінін шүйірді.

— Сенің безотходное производство дегеннен хабарың жоқ па деп қалдым ғой. Мұның үлкен кемшілік болған, жолдас бас орманшы... үлкен кемшілік. Бүгінде білімді жұрт ит орнына доңыз асырауға көшкен. Итке қимаған жуындыны доңыз жарықтық жактырмайды екен. Анау үйшікті көрдің бе? Неге аласа? Әрине білмейсің. Төбең аласа болса сен де аяғыңнан тік тұра алмайсың. Ал жатып ішкен қоймалжың жұмырға тез сіңеді. Анау адамнан азған төртеудің сол жатқаны жатқан. Қар жауа завферма кран әкеліп скотовозға көтеріп салады да Ауғанбай агентке тартады. Әр доңыз бір сиырдың салмағынан жарым есе асып түспесе мен мына қисық мұрынымды жертваға бердім!.. Одан соң жаңағы жирен шабдар жеңгең, тойыс, орынбасары ала жаздайғы қиын тәшкімен тасып келер жылдың әгүршігі мен түйекөтенін жемдейді. Ғалымдар болып бас қатырып жүрген безотходное производство дегенің осы!.. Әлгі біздің Сиған сыболыш өгіз асырап әлек. Оның шөбі мен жемінің өзі қаншама ит қылады. Үйрену керек, жолдас бас орманшы, үйрену!..

— Кечирип қойғұн, Асеке, лесничий кім, завферма кім?

— Ол да бір беті ашылмаған жан еді, Құдай қаласа кеп қалар, көресің ғой, — деп Асекең әлдебір әуенді ысқыра беріп, бас орманшының иығын ауырсынып отырғанын сезді де тез тыйылды. — Мынау не өнер?

— Жығылып... еті жаншылды ма?

— Ойпыр-ау, қазақтың тәуір деген азаматтары үшінші сирақтан сүрінуші еді... біздің құла керік сияқты сенің қолдан қалғаның ұят болды ғой!... Кәне, шеш.

Бекетті белуарына дейін шешіндіріп, Асекең кәдімгі ат сынағандай үш дүркін айналып шықты да ауырған қолын қайта-қайта көтеріп, домбығып кеткен қоң етіне біздей саусағын сұғып-сұғып алды.

— Мынауың жығылған емес, шамдансаң да айтайын, таяқ жеген адамның сұқпұты ғой!.. ү – үш-ш! — деп бір ысқырып қойды. — Кәдімгі таспен ұрған сияқты, ү-үш-ш!.. Бірақ аю соқпаса, саған тиісе қоятын да кім бар?.. Надкостник езілмесе бір-ақ жұма жатып тұрасың. Бүлінсе, ойнауға болмайды... осгьемелит деген бәлені білемісің?.. Әрине, білмейсің. Өне бойың шұрық-тесік болып, қор болып өлесің. На всякий случай кварц қабылдау керек, ү-үш-ш!..

Сиғат қисық мұрынның сезбейтін иісі жоқ деп еді, тегі рас болды. Жығылғаннан сүрінгенді, таяқтан қамшыны ажырату арысы тәуіп, берісі сынықшының ғана қолынан келсе керек еді, бұл да cay сиырдың тезегі болмай шықпаса кетті.

— Сен завтрак ішетін бе едің, әлде ужин ба?..

— Бұл үйде қазан біреу-ақ па еді?

— Қонатын болсаң қазан табылмаса да бақыраш бар.

— Әлі тал түс қой, көрерміз.

— Менің үш мезгіл қонақ күтетін зауқым жоқ, біреуін-ақ таңда.

— Мейлі, ужин-ақ болсын.

— Бәсе, бас білетін өгіз өк дегізбесе керек еді... — Асекең қисықмұрнын жүре босатып үйге беттеген, кермеге кейките байлаған құла бесті артына шатынай қарап оқыранып жіберді, көз қарасы қиқар, оқыранысы зілді екен, сом денесінен бұты совхозының буданысың-ау деп ойлады, бірақ түсін танығанмен үйір тілеп тұрған бесті айғырды жылқы баптамаған қаланың май тақымы қайдан білсін.

— Шыда, жануар, бір түнге, шыда! Бүгінше атдорбаңды бас орманшы киетін шытар! — деп Асекең үйге кірді.

"Шыдамаймын!" — дегендей құла бесті тоңдау жерді курс-курс тарпыды: керме түбінің топырағы ойылып, қарағай діңгектің ақ жаңқасы шығып қалыпты, тегі құла бесті бір түн емес, бірнеше түнді кейкиіп тұрып суыған сияқты, бірақ аяғына ораған шоқпардай шоқпыттың мәнісін түсіне алмады. Түсінгенмен малсақтығы жоқ Бекетке оның бес тиын қажеті шамалы да еді. Асекең үйден қайта шыққанда алдымен атын ақырға апарып байлады да, бір – ақ уыс үккен жоңышқа берді. Жетекке ергенде де құла бесті сылтыған жоқ, көкжоңышқаның ұнтағын екі-үш дүркін қауып-қауып, су сұрағандай иесіне тағы бұрылып еді. Асекең басын шайқаған соң салмағын сау аятына ауыстырып күрсініп салды.

— Жынысыңды!.. Шошқадан басқа мал көрмеген төрт аяқты! — деп Асекең әлдекімді оңдырмай сыбады да, үйден бұрқылдап тұрған көк шәугімді алып шығып, құла бестінің шор аяғындағы шоқпытқа ыстық суды сыздықтатып құя бастады.

Құла бесті ақырдың тас-талқанын шығарып аспанға тік шаншитын болар деп еді, қайырылып иесінің иығынан бір иіскеді де, мүлгіген қалпы мелшиді де қалды. Күрең барқыт еріні жыбырлап, Асекеңнің тілімен айтқанда кәттә бір сүйсініп тұрған сияқты. "Жылқының да естісі болады екен-ау!.."

Ащы болмағанмен апрельдің маңдайдан шақшиған ақ шағырмақ күні жердің жетпіс тамырын балқытып, қопсыған мүк пен борсыған шептің буы тайганы тершең аттың сауырындай түтіндетіп тұр. Өзен бойының талы мен қотыр қайындары күшіктеп, жасыл рең күнгейдегі қарағай басын да шала бастаған екен. Етектен үрген озонның қош иісін желкеден соққан төрт шошқаның күлімсі әтірі қамап-ақ тұрғаны. Оған қора-қопсының сызы мен қаз-тауықтың саңғырығы ілескен соң, кепкен насыбай сепкендей Бекеттің кеңсірігі жарылып-ақ кете жаздап отырған. Көрші үйдің жирен Шабдары борс-борс желіп жүріп тура жел жағына екі-үш дүркін кірдің суын тағы ақтарып кетті. Дүмдесіп отырған екі қоңсының екі есігі батыс пен шығысқа тегіннен-тегін теріс бағынбаған сияқты. Көнсең — осы, көнбесең көшіп кет дегендей көң-қоқырының азабын қанағат тұтпай, жирен шабдар кірген-шыққан сайын көршісін жарқылдақ сан, жалаңаш бөксесімен тықсырып тастап жүр. Бабы жоқ былапыт тірліктен жаны зерезеп болатын Асекеңді Бекет аяп-ақ отыр. Манадан бергі шүршиген еріндегі әлдебір әуеннің ысқырығы терезеден қалқығанда барып Моцарт екенін таныды. Әпенде байғұсым-ай, уыздай көңіліңді былшылдатып жалаңаш аяғымен таптап жүрген әумесерді Моцартпен ұрып жықпақсың-ау!.. Ескеретін жай екен деп ішінен бір түйді. Түйді де ертеңнен бері күткен лесничий мен завферманың бір-ақ персона екенін енді ұқты.

Жұлыспағанымен ит пен мысықтай ырылдасқан қоңсылардың дипломатиялық қарым-қатынасы үзіліп, қырғи-қабақ соғысқа көшкендеріне жарты айдың жүзі болған. Асекең Сиған сыбольшының әуресімен Ақсуға бір түнеп кайтып оралса, қула бестінің арқасы ақ таңдақ, қасат қар жеген артқы аяғының паясы домбығып қалыпты. Жаны шығып кете жаздады. Жаңғырықта қадаулы тұрған қара балтаны жалақтатып көршісіне жетіп барған, жарып тастайтын еді, әйтеуір лесничий үйінде жоқ болып жанжал шығынсыз аяқталды да, ертеңгі езу шайнасқа дейін Асекеңнің ашуы бір шкала төмендеп кетті. Өзімдікі тұра тұрсын, біреудікі жүре тұрсын деп өзінің күбідегісін шірітіп алып отырып, біреудің мысқалынан көздің дәрісін қымқыратын қайран қазақтың ептілігіне дауа бар ма, иесіз қалған құла жорғаға ер салып Тынымкүл аудан басына шайқақтап барып, ат бауырына түспесе де бурыл төбел болып қайтқан. Әрі сызға тиген соң, әрі қара қатқақ қажаған құланың дімкәс паясы ертеңінде дүңкиіп шыға келді. Асекең жарты ай бойы шикі тарыны сары балшыққа бөлеп тартып бақайында көктетіп отыр. Сарысуы тартылып, сылтуы басылғанда көңілі орнына түсіп еді, артық су бермей, артық жем тоспай, "бір түнге шыда" деп құла айғырға жалынып отырғаны да содан. Бірақ іштегі қыжыл шөпшеңкімен кетсін бе, ол кете салатын қыжыл болса, әжептәуір қыр мұрын бекерге қисайып, қайран топшы бекерге сынды деймісің...

..."Ерлікпен қаза тапты..." деп әкесінен қаралы қағаз келген соң Асекең анасына еріп нағашысының қолына барды. Қазанның түп күйесіндей көзі бақырайған бақалтақ қара шал атқұмар, көкпар десе балқан тауын да іздеп баратын додашыл адам еді. Соғыстың сұрапыл кезінде жұрт есекке жете алмай отырғанда қара шал аузындағы соңғысын жырып беріп, жалғыз сауынның жемін де қара айғырдың алдына тосатын. Қара айғырдың жалынан жалғыз жиеннен басқа тірі пендеге ұстатқан де емес. Атқа бір мініп түсу үшін ішер асын айырбастайтын жалғыз жиенді қара шал да тұқымға тартқан деп мақтаныш тұтатын еді. Мұрынды қисайтып, топшыны қиратқан да сол мақтаныш. "Жаның тірі болса, жаратқанның ырзығынан құр қалмайсың", — дейтұғын қара шалдың түгі де кеткен жоқ.

Кімнің тойы, кімнің асы екені есінде жоқ, қара айғырды көкпарға тоқ жаратып отырған қара шал бір күні ащы терін алып қайт деп жалғыз жиенге мінгізіп қоя берді. Ауылдың итін қуалап жүріп шулатып, көк есекке мінген көп достарын соңынан шұбатып қырға шыққан жиен қара айғырдың басын еркіне бір жіберді. Мұрын мен топшының сабағы санасына қонбаған, ат үстінде өлемін-ау деп ойламайтын өлермен шіркіннің жетім көңілі бір жасап қалып еді. Әрбірден соң еті қызған құр айғыр өрістегі жылқының иісін сезіп жапан түзге салсын. Үстіндегі сегіз жасар баланы шопақ құрлы көрген жоқ. Әйтеуір, жан -дәрменде сыңар езулеп, күздікке жыртып тастаған судірге омбылатып жүріп зорға тоқтатып алған. Ойында дәнеңе жоқ, айғырдың ащы терін бір сыпырғанына мәз болып, киізбен жабулап кермеге байлай салған. Үйге кіріп, сусын ішіп қайта шыққанда қара серкенің кеудесіне мініп жатқам қара шал:

— Жалғызыңнан жайратайын ба! — деп қолындағы қара пышақты жіберіп ұрды.

Қалт тұрып қалған жиен қас пен көздің арасында қан бола жаздағанын сезген де жоқ, самайын жалай зу еткен сары мойын қара пышақ есіктің босағасында қалшылдап тур екен. Не жаздым деп сұраған жоқ. Жазығың сол деп қара шал айтқан жоқ. Не жазғанын қара айғыр алдыңғы бір аяғын қайта-қайта көтеріп, ауырсынып тұрғанын көргенде бірақ білді. Судігірге салғанда паясын шаптырып алған екен. Қара айғырдың паясы үшін қара шал жалғыз жиенін де шалып жіберуге шақ қалған. Коллективтің кезінде қара айғырды бермеймін деп қара шалдың қыз беріп отырған туған күйеу баласынан бір жыл қашып жүргенін жалғыз жиен ол кезде білмеуші еді. Құла бестінің паясы үшін көршісіне балта ала жүгіргенде де Асекеңнің есінде қара шал жоқ еді. Жақтырмаған адамын жәбірлеп көрмеген, ұзында кегі, қысқада өші жоқ Асекең өзінен өзі сескеніп, содан бері балта, пышақты көз алдынан жасырып қоятын болып жүр. Моцартты қызғаныштан у беріп Сольери өлтірді деген өсек бар. Моцарттың удан емес, ажалынан, созылмалы науқастың кесірінен көтеріліп өлгені расталса да, ғасыр бойы құлақты улап тастаған өсек обывательдің қауашақтай мишығын босатар емес. Жә, ол —Моцарт, ол — Сольери. Бұл мал ашуы ғой. Малдан басқа түк көрмегендей "мал ашуы — жан ашуы" — деп қазақтың ақтала қалатыны бар. Асекең жәбірлеген көршісін емес, жәбірленген өзін ақтағысы келмей отыр...

...Жалғыз жиен қара пышақ лақтырған қара шалды да даттағысы келмеген. Жалғыз қызды жарып шыққан, біреудің артындағы жалғыз тұяғын жайратып тастай жаздадым-ау деп қарашал өзін-өзі жерледі ме, жоқ па, бірақ кешіре көр деп ол да мүсіркеп жатпады. Тұқымға тартса, жиенде нағашы бар ма, наташыда жиен бар ма, әйтеуір қара шал екеуінің қанындағы бір бұзықтық ортақ екені рас та шығар. Қас қағым сәтте болған ерегес тірі пенденің көзіне түскен жоқ, тірі пенденің кулагына жеткен жоқ. Ертеңінде қағаз-дәптерін құлып жарғақ сөмкесіне салып алды да туған ауыл қайдасың деп тайып отырды. Анам қалды демесе қимайтын да ештеме жоқ екен, жәбірледі деп кінә тағатын да ешкім жоқ екен. "Жетім бала — кекшіл" деп қазақ тегі өтірік айтады, жетім бала көпшіл болса керек. Бала көңіл қара шалды аяп кетіп еді. Күн сайын көзіне түсіп, күн сайын жерге қаратып, бір ататтығын есіне салғысы келмеп еді. Бала көңіл қайда бармады, қайда қалмады дейсің...

Асекеңнің балалығы Шолақтамдағы тоқал тамның төбесінде қалған сияқты. Тай тулақпен күнсіп кеткен түйе жүн көрпенің астында қалған.

Жаматайынға тастап кеткен әкенің қараорманы өңшең бір қиқы-жиқы қарадомалақ балалармен қарсы алды. Түбі жезде болып келетін Иранбақ бір киерден басқа артық дүние бітпеген, баладан басқа байлық қонбаған тұр жатым кісі аудан басы деп аталатын Шолақтамдағы жүн-жұрқа қоймасының меңгерушісі еді. Ашуы көзінің қиығында тұратын имиген қатпа қараның иранда не шаруасы, бақта не жұмысы барын кім білсін, әйтеуір, балаларының бәрін де өзінің қалыбына соғып таптырғандай біркелкі көтендепті, солардан айырмасы — Шолақтамда жоқ шаш қоятын, онысы қалың қабақты қиғаш көзінің жармысын жарық дүниеден жасырып тұрады; Шолақтамда жоқ шынжырлы сағат тағатын, онысын күніне үш мезгіл күнге қарап түзетеді; Шолақтамда жоқ лесепет мінетін, онысын көбіне өзі арқалап жүреді. Бүл үйдегі өңі түзу тек aпa сорлы. Бірақ имиген қараның билігі басымдау ма, бала біткеннің пөгөнайы анасынан адасып қалған. Апасы өтірік те болса "жалғызым-ау" деп жылап қарсы алды. Жездесі қиғаштанып отырып сәлемді санап алды да:

— Әй, бұл жаман да әскерде ме еді?!. Қай майданнан қайттың? Қол-аяқ, бас-сирақ түгел ме? — деді, сонан соң тана кекілінің астынан қадалып отырып,-ептеп танау жаты дәнекүстеу болып қалған екен, оқасы жоқ, орнында болса оңалып кетеді, — деді.

Тошпысына тиіспегеніне Құдайға шүкір. Жылап қарсы алған апасынан көрі жездесінің қыжыртпасы ұнап еді. Қабаған көз, қазымыр қабақ қайсарлықтың бетке шыққан белгісі екен де, жанашырлық болмаса, жанарынан кісіге деген зілді кейін де таппаған. Әйтеуір еркек тана болған соң бүл да жездесінің иісіне тартты ма, төрге шық деп алғаш нұсқаған орны өзінің өр жағы еді, қашан Шолақтамнан ұзын сапарға аттанғанша балдыз шіркін де сол орыннан танған жоқ. Тек, бір үйді жеке қақтап жаман үйренген қайран бас қаптаған боқташаққа сыймады, алғашқы күні-ақ мен там төбесіне жатамын деп енші сұрағанда апа сорлы қысылды: өгейсітті деген елдің өсегі мен төсек-орынның тапшылығынан қаймықса керек; жезде шіркін қитығып, тай тулақ пен түйе жүн көрпені там төбесіне лақтырып тастады да: "қырғанда апанды қайтып аларсың" деді. Тай тулақтың жамбасқа сеп, түйе жүн көрпені жездесі өзінің үстінен сыпырып бергенін кейін білді.

Артынан іздеп келген анасы жалғыз ұлды нағашы жұртына қайтып апара алмады: жалғыз ұл Шолақтамның мектебін сылтауратты да, ана байғұс мұны қара шаңырақты қаңыратпалық деген баласының естиярлығы деп түсінді. Кешікпей қара шал үйдегі барды сыпырып, елу көрпе, он бес сырмақ, бес текемет, бір бұзаулы сиырмен жалғыз қызды қайта ұзатып салған. Бірақ Асекең сонан кайтып қыстың көзі қырауда болмаса там төбесінен түскен жоқ, ана құшағын біржола ұмытып, қасына ерген көлеңкедей Иранбақтан қалмады, анасының "айналып кетейін" көп жылы сөзінен көрі жездесінің қиғаш кесетін орақ мінезі көбірек сіңіп еді. "Асеке!" — деп ертеңгісін сирағынан тартып оятады, бұл оның жұмсағысы келгені; "біздің бүл жаман" деп бастаса, жорта болса да мақтағысы келгені; ренжісе — тас керең, татулық үшін өзі келіп және сүйкенбейді, ашуланса көзінің қиығын бір тастап өткені жетіп жатыр.

... — Асеке, сіздің ужиныңыз... тойыс сенің ужиның кәрі қойдың құйқасынан да коп қайнайтын ба еді?..

— Кечирип қойғұн, бір тойда екі жарлық жоқ. Қарынның шұрылдайтынын білген соң завтракты таңдау керек еді. Күн тас төбеде тұрып кешкі асын ішкен қазақты көргем жоқ... ү- үш-ш!.. Көптен бері күрек тісімнің қозғалып жүргені... бір күні ысқыра алмай қаламыз ба деп қорқамын... Концерттің қандайын қалар едің?..

Ужин таңдаймын деп таңқайып қалған бас орманшы бұл жолы пас деді. Ораза намаз тоқтықта, ашқұрсақ отырып концерт тыңдауға онша зауық жоқ еді. Асекең шала бөктірілген бұршақ, сабақты ине, жарты банке салвдол алып шықты да сабақты инені бұршақтан өткізіп көз көрім жерге тастап қойды. Шаңқай түстің әлеті өтіп, күн бесінге ауған кез еді. Бірі қызыл, бірі тартыл қос қораз бастаған көршінің бір қора тауығы аттың жемі, шөптің қоқымын бұрқыратып мемлекеттік шекараны бұзып кірді. "Ужиннің" кешігу сырын енді ұққан бас орманшы сасқанынан атып тұрды. Ендігі қалғаны біреудің тауығын ұрлап жеу еді.

— Асеке, қойыңыз!

— Қапа болма, қарындаш!.. «ыз-ды алып таста деп айттым той. Сосын Тошкәннің Алай базарында болғаның бар ма?..

— Алай базарына барып тауық ұрлап көргем жоқ.

— Ендеше, сол Алай базарында тауық тұрмақ есек те ақыра алмайды. Heгe дейсің той?.. Қақпа алдында бір бөшке сәлидол, шоқпыт байлаған тоқпақтай оқтау ұстап еңгезердей екі жігіт тұрады да көлденең өткен көк есекті саудагерді тоқтатып, бес тиын бақыр алады. Мұның атын айланшық пүлі дейді. Heгe дейсің той? Қақпашының бірі есектің құйрығын көтеріп, екіншісі оқтаумен тоқ ішегін сәлидолмен тығындап береді. Ышқығаңда тоқ ішекке жел тоқтамаса мәшін түгілі есектің әңгісі де ақыра алмайды. Солай, жолдас бас орманшы!.. Әйтпесе әр сағат сайын сан есек тұрып алып аңыратса Алай базары тұрмақ Тошкән көшіп кетпей ме.

Есек неге ақыруы керек, ол ақырса Алай базары мен Тошкент неге көшуі керек? Оның ұрлыққа не қатысы болды екен? Біріне түсінсе бұйырмасын!.. Желкесінен жирен шабдар келіншек желпініп жетіп келе ме деп зәре-құт та қалмады. Асекеңде жылт жоқ екен, әлдебір әуенді ысқырып отыр. Ысқырып отырып:

— Ол концертті енді бесін бола көресің, — деді.

Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, қызыл қораз қанатымен жер сызып Асекеңе қарай дедектеп бара жатыр екен, ысқырып отырып сабақты инені бұршағымен аузынан суырып алды да тоқ ішегіне бір кесек сәлидолды толтырып беріп босатып жіберді. Қызыл қораз бір сілкініп, әжептәуір шаруа бітіргендей шұбар мекиенмен күңкілдесіп жатыр еді, тарғыл әтеш тарпаңдау екен, тарбайып жатып алып шатақ шығарды. Оның ноқтаға түсіп қалғанын пайдаланып қызыл қораз жүгіріп барып бір теуіп қайтты.

— Жә, жә! Түгіңде кетпейді! Сәл-пәл ұятқа қаласын, бірақ, зәуімен келген қонақты консертсіз жіберуге бола ма! — деп Асекең тарғыл әтешті айдарынан бір шертіп үйіріне қосты. — Ал, енді ужин қамына кіріссек те болады.

Асекең асықпай жүріп жерошаққа от тамызып, көк шәугімді мосыға ілді де "завтрак чабана", "ужин туриста" дейтұғын екі консервіні қара табаға тоңқарды.

— Бауырым, ералаш дегенің осы болады!..

Не шаруа болмасын Асекеңнің күні бұрын картасын ашпайтын әдеті екен. Осындағы бипылнисәдан бастап қол шаятын бақырашқа дейін санап отырып үй иесінің бір тоннадай шопанның оразасы мен туристің түнемел асын босатып тастағанын байқады. Күресінде жатқан бос банкіден үй тұрғызса да болғандай.

— Ужинді аспанға қарап отырып ішетін бе едің, әлде баспанада отырып ішесің бе?

— Маған бәрібір.

— Онда ұят та болса жұмсайын деп тұрмын.

Алдында қуықтай тана дәлізі бар жалғыз бөлменің жалғыз тахта, жалғыз стол, жалғыз орындықтан басқа бар жиһазы кітап пен күйтабақ екен, күшейткіш қос дүңгіршекке жалғаған радиола Моцартты тістеп алып сөре астында мелшиіп тур. Тайгада жатып дүние жүзінің классиктерімен ғана тілдесетін доценттің әйтеуір табаны тақтайға тимейтін көрінді; төбеден еденге, төрден табалдырыққа дейін төсеп тастаған аюдың тулағы. Тентек шоқпар жияды деуші еді, Асекең домбыра баптайды екен, қабырғадан бір емес, жетеуін санады, қай заманның қаруы екенін кім білсін, солардың ортасындағы күміс қынапты қылыштан үлкен бір кісінің есімін оқыды, тегі сыйлаған адамның қолтаңбасы болса керек.

— Күтіп қалдық қой.

Жас қарағайдан құраған жозының сүйегі зілдей, екеулеп тысқа зорға шығарды. Жағалата аю тулақ тастады да:

— Жалаңаш отырсаң да дүміңнен жалын ұрады! — деп мақтады.

Қызыл қораз қашаға шығып, канатын сілкіп-сілкіп қылғына берді де арт жағынан әлде не жарылып кеткендей парс еткенде жанып қоярға жер таппай, жын қаққандай безіп ала жөнелді. Тауық біткеннің тас-талқанын шығарып, қырғын тигендей шулатқан. Ойран -топырға жүгіріп жеткен жирен шабдар келіншек әуелде тоқ соққандай серейіп тұрып қалды да, албасты басқандай бақырып қора жыртығында бұғып жатқан қызыл қораздың құйрығын көргенде ежірейіп Асекеңе төнді.

— Ыспакөйстбие!.. Толке ыспакөйстбие!.. Қораз қояншығы деген осы болады! — деді Асекең жирен шабдар келіншектің бет-аузын алақанымен күншіліктен жасқап. — Кечирип қойғұн, айқайлап есті кетірген соң қоразыңызды ептеп оқып жіберіп едім...

Асекең алақанын жайып қаша басында тұрған тарғыл әтешке қарап әлденені күбірлей бастаған, осындағы ала-құла азғантай жұрағатқа бесін намаздың болғанын хабарлаймын деп қылғынған тарғыл әтеш те қызыл қораздың кейпін құшып зым-зия жоқ болды. Тіл-ауыздан айрылған мал иесі өзіне оқталған Асекеңнің алақанын көрді де көзі шарасынан атып, үйіне қарай ұрып берді. Ішегі түйіліп ұшып түскен Бекет есін жиғанда дүние тым-тырыс еді. Асекең әлдебір әуенді ысқырып қойып, түк көрмегендей, түк білмегендей табадағы "Ералашты" қара самарға тоңқарып жатты.

— Тілеуінді бергір!.. Енді кайтып бұл маңнан жүрмейтіндей болған шығарсың! — деп көк шәйнекті мосынан түсірді.

Күннің шар табағы жирен шабдар келіншектің бет-аузындай жайылып барып құлады. Айырмасы — бүкіл дүниеге күліп кеткен сияқты. "Аңқит! Аңқит!" — деп күні бойы қақсаған күнгей суырының жаты қарысты-ау дегенде тарғақ шықты да "тарт, тарт!" — деп жылымға батып бара жатқандай саз біткеннің тырнасы мен қазын үркітті. Ымыртпен таласа өзен бойынан жайлап көтерілген боз тұман ұйқы әкеле жатыр. Қоңыраулы қара ала бұқа бастаған бір қора қара ала сиырды іргеден айдап тастаған жирен шабдар келіншек Асекеңнің жартысын айналып өтіп, жапсардан бір сығалап кетіп еді, тегі қызыл қораз бен тарғыл әтешті әлі таппай жүрсе керек, тауық қораға да сүңгіп шықты. Жалбыз қайнатып тартып, Асекең иығына тон жапқан соң Бекет те қолының қақсағанын ұмытып маужырап отырған, қос қораздың концерті есіне түскенде ұйқысы шайдай ашылды. Асекеңнің "ералаштан" кейінгі ермегі қара домбыра болды. Баптауына қарағанда құй тарта ма деп еді, босқа емегзітіп, кезекті Вагнерге берді де жас шекпен шанақтың жарығын желімдеуге кіріскенде еңкеңдеген қауынбас біреу апақ-сапақта жетіп келді де, ай-шай жоқ бір жартыны жозыға тарс еткізді.

— Аман-есен бармысың?

— Бармыз ғой, — деді Асекең. — Көше алмай отырмыз... тойыс, келмей отыр!.. Явно!..

— Уәх-уәх-уәх!.. Маладес!.. Біздің мықтыны бір састырыпсың! Бірдемесі болғанда түсік тастайтын жерге жете алмай қалғандай екен!.. Өх-өх!..

Көзілдірігі атыздай, көз шарасын суырып тұр екен, жан-жағына шүңірендеп, итаяқ іздеген иттің көзіндей ішіп-жеп бара жатқан соң Асекең "ералаштың" қалғанын табасымен алдына қоя салды.

— Айналайын Асеке, осы сенің зряплатаң қанша?

— Жетеді ғой...

— Таңғы асың шабандыкі, түскі асың аңшынікі, кешкі асың төрістікі!.. Қалай шақ келеді дегенім де.

— Келеді ғой...

— Мына жігітті кім дейміз?

— Tөpic.

— Япырай, аттылы, жаяулы төріс деген қаптап кетті. Иен тайгада осылар не жейді.

— Төрістің завтрагын жейді де...

— Бұғында бүтін шалбары жоқ, жер кезген не теңі деймін-ау. Айтпақшы, мынау тұп-тура сенің жерік асың екен, кел інішек, жақын отыр. Бөтелкені де жатырқамайтын шығарсың. Мына Асекең екеуміз ептеп... ағайын болған соң араға ептеп сөз жүгірмей тұрмайды. Маладес! Мықтап қорқытыпсың! Түнімен селкілдеп шығатын болды!..

Асекеңнің жалғыз жанашырындай киіп-жарып кірген қауынбаспен ере дастарқанды ашқарақ көз, сұғанақ қол жайлап жүргендей болып еді, оған қоса, өңірінен мүңкіген балық пен борсыған қоғаның иісі тұншықтырып барады. Күні бойы ау сүзген шырыш қолдың жықпылы мен сояудай тырнақтың көбесінен шылаушын сорғалап тұрғандай Бекеттің тұла бойы түршікті. Бұл өңірдің бектері мен хандарының да айды ұстап, күнді қорғап тұрғандары шамалы еді, енді Асекеңді құлдар қамай бастаған ба?.. Лесничий де, завферма да осы Тынымқұлдың өзі болып шықты ғой.

Тынымқұл түбінде қалған шайдың самасын сарықпастан үш кесеге арақты лықытып құйды да бөтелкені сарқытымен адалбақандағы қоржынға сүңгітіп жіберді. Соның өзін де жарылқап тастағандай:

— Ат аунаған жерде түк қалады! — деп жомартыққа санады да кесені қолына алып: — Ал кетір әлі тігінен жыраққа! — деп Асекеңе, сонан соң әлі де аты-жөнін сұрамаған інішегіне қарады. — Тартып жібер! Бүл да сенің бөтен асың емес, әлгінде ғана қаңғырған төрістен бір сазанға айырбастап алдым. Сазаным қандай еді десеңші! Тура тайыншадай! Сәл шыдағанда екеуін бергендей еді. Бұл төріс пен аңшыдан ақымақ халық жоқ, тесік бақырмен-ақтыр жалаңаш шешіндіріп алуға болады!..

Тынекеңе ешкім ере қоймаған соң жалғыз аттанды. Табадағы "ералаштан" бір қауып, жан-жағын тағы да тінте бастаған.

— Нанға ұяттымыз, — деп Асекең дорба түбінде қалған екі-үш прәндікті жозыға төгіп тастады.

— Япырай, біздің Асекеңдер әрісдомкрат қой, жеген жемін көрмеймісің! — деп прәндіктің бірін бітеу омырып жіберді.

Кекеткені ме, әлде бары сол ма, аристократты әрісдомкрат қылып отырған Тынекең "ералашты" тақырлап, қос кеседегі мөлтеңдеп қалған араққа көзінің құртын қайта салды.

— Ау, Асеке, мынаны жылатпай жаһаннамға жібер!

Ерні шүршигенмен ысқырығы жоқ, иыққа мінген төрткөз тажалдың әбітерінен, жан -алқымнан алған жанашырлығынан әуенінен жаңылып қалған Асекең, мына пәлені қайтсем екен дегендей кесеге үңіліп отырып қалды.

— Осы домбыраңның бірін қаласам ба деп жүрмін.

— Мұның енді диапазоны бөлек, шошқа батуға жарамайды ғой.

— Шошқа бағуға да жарамаған қу аташпен не мал табамын деп жүрсің? — деп Тынекең егерьдің қолынан домбырасын жайлап қана тартып алып, жайлап қана адалбақанға іле салды да қопандай берген Асекеңді құшақтаған болып желкесінен басып отырғызды.

Шоңқайып қалған отағасы, бас салып сүйеді-ау деді ме, жарты кез қауын бастан қисық мұрнын алып қашып еді, бірақ Тынекең де жүрегі езіліп, көңілі қол болып отыр екен, ақыры үй иесі беттің бір қапталын дүрдік ерінге беріп тынды.

— Әй, Асекай! — деп Тынекең қапсыра құшақтап, сығып-сығып жіберді. — Әй, Асеке -ай, о бастан әулие боп туған адамсың ғой! Тәулігіне жиырма төрт сағат анау көмейің күйгір күйсандықпен қосыла ұлығанша жиырма торт тиын тапсаң қайтер еді?!. Жарайды, құндыз қолға түспейді, сусар мен бұлғын кепиетіңе сыймайды, анау арғы беттегі Әжібек әріптесің сияқты тиін мен барша тышқаннан-ақ жылына екі-үш мыңды бөктеріп алуға болады ғой. Тіпті, бәрін қой да аюдың өті, бұғының шыбығын іздеген жұрт қаншама?! Шөптің тамырымен байын жатқандар да бар. Тайганың шыбын-шіркейі де қолында емес пе!..

— Солайын солай ғой, Тынеке. Бірақ, тайганың тағысын алдымен ұстау керек, сосын терісін шешу керек, илеу керек деген сияқты. Оның алатын адамын қайдан табасың?

— Сөз екен-ау!.. Мынау жатқан төрісің осында тезек теруге келіп пе?! Құдай біледі, қойны толған ақша. Солай ме, інішек?..

— Бар ғой..

— Әне!.. Көрдің бе!.. Әй, Асеке-ай, зәлімсің-ау! Оңай олжаны маған жеткізбей жол ортадан бұрып алып қалған екенсің-ау! Бәсе, бұлдануың жаман!

— Солайын солай ғой, бірақ өкіметті қай қалтаңа тығасың?

— Тіфу!.. Асеке-ау, аң мен құстың өкіметі өзің емеспісің?!

— Сонда мен өзімнің үстімнен өзім акт жасауым керек пе?

— Ойбу, өз құйрығыңа өзі бұрын тыққан қайран Қожекем-ай! Саған не дейін!..

— Сол бұрышы құрғыр табылмай отыр-ау! Әйтпесе сәлидолда неміз бар!.. Солай, Тынеке, тайганың татысы тиеп сататын аташ емес. Сіздің клиентіңіз де басқа той. Өздері келеді, өздері кеседі, өздері тиеп әкетеді. Сіздің міндетіңіз тек тиын-тебен санау!..

— Андып жүр екенсің той!..

— Енді ай қарап жүр деймісің!

— Абайла, Асеке, баяғыда, дін-мұсылман аманда қаңғырып бір қожа келген екен, осы елдің ағызүбилләдан хабары жоқ надандары қол-аяғын байлап Бұқтырманың қамысына тыр жалаңаш лақтырып жіберіпті де маса талап өлтіріпті. Уәх – уәх-уәх!. .Өх – өх-өх!..

— Топырағың торқа болғыр, қайран туысым-ай, арам қаннан құтылып, жұмақтан бірақ шыққан екенсің-ау!..

— Сен екеуміз жұмақты қайтеміз. Тыныштыққа не жетсін. Әйтпесе жұмақ түгілі, Түркістаныңды таба алмай қаларсың!..

Тынымкүл қоржындағы бөтелкені сүмең еткізіп суырып алды да тығынын қағып жіберіп, Бекеттің алдындағы кесеге қолын соза беріп кілт тоқтады.

— Жаралы қабан секілді мынауыңның жатысы жаман екен! Өлгенін де білмейсің, ұйықтағаны да белгісіз!..

Тынекең арақ құйды, Бекеттің аузы-басының амандығын тексеріп шыққанша Асекең жозының астындағы ыдыс жуған соданың бір түйірін саусағына қыстырды да алақанын жайып, көзді тарс жұмып отыра қалды. Тынекең оған төрт көзінің шамасын түгел салған.

— Зәһәр бол!.. Зәһәр болғыр, зәһәр бол! — деп Асекең алақанын кесенің үстінен үш айналдырғанда арақта бұрқылдап қайнап шыға келді.

Тынекеңнің көзі көзілдірігінен шығып айланып кетіп еді.. Асекең шай қасықпен кесені сапырып-сапырып қалғанда ақ көбік атып кетті.

— Тартып жіберіңіз, Тынеке!

— Әй, мынаған сен не істедің?

— Түк те істеген жоқпын... ептеп қана оқыдым... тартып жіберсеңіз жаныңыз не жаннаттан шығады, не қызыл қораз бен тарғыл әтешіңізді жатқан жерінен тура тауып аласыз!..

— Әй, сен өзің!.. Сен өзің шынында да жауыз екенсің той!

— Жауыз болмасақ та ептеп аузы дуалы тұқымның ұрпағы едім.

Тынекең кеседен жылан көргендей ежірейіп атып тұрған, баспаның шатырын төбесімен таңқ еткізіп бір перді де, ту сыртынан осқырынып жер тарпыған құла бестінің дүңкілінен мосыны қата-сота ыршып түсті. Қауын басы қалшылдап, албасты қаумалап келе жатқандай артына үрке қарады. Асекең әлдебір әуенді ысқырып, түк көрмегендей, түк білмегендей домбырасына қол созды. Тынекең баспадан шығып алып, артына тағы бұрылды. Бүл жолы жанашыр іздегендей Бекеттен қайыр күтіп еді, шыныңда өлген қабандай бөксеріліп жатыр екен, оның жастыққа танауын тығып алып күлкіден өліп жатқанын қауынбас сезген жоқ.

— Әй, жауыз!.. Сен мына оқығаныңды қоймадың бар ғой!.. қоймадың бар ғой!.. Осыдан бір тауығым өлді бар ғой!.. Тура баратын жеріңді тауып беремін! Оқығандарға да заң бар, білдің бе!.. Еще кәк бар!.. Білдің бе!..

— Тынеке, қорықпаңыз, мен ішімнен де ешкімді қарғамаймын!

— Падумайыш!.. Қисықмұрын жұртта жоқтай!.. Жалғыз ат, жалғыз домбыралы жындылардың күні өткен! Ондайларды бүгінде өкімет түгілі, ел де көтермейді! Білдің бе!.. Падумайыш! Қисайып алып!..

Қиратарсың деп Асекең қалды. Қисайттым деп қауынбас кетті. Қораның әлдебір жапсарынан ит талап жатқандай тұншығып қораз бақырды. Терезеден ұрлана сығалаған жирен шабдар келіншек шымылдықпен жүзін жасыра қойып еді. Күйеуінің аман-есен қолына тигеніне қуанған болар...

Қара ала бұқа да жусауды білмейтін жануар екен, түн ортасына дейін өкіріп қоңырау қақты. Азынағанда Аюлының аспанын жыртқандай еді, бүл аз болғандай өзен бойынан тағы біреуі өкіріп берді де күншіліктен егеске түскен екеуі ал келіп жарыссын. Әрбірден соң жылқы кісінеді, делебесі қозған бесті айғыр ақырды күрс-күрс ұрғылап іргені солқылдатты. Тайгада түнде де тыныштық жоқ екен, Асекеңнің тағылары қайда жүргенің кім білсін, күндіз көзге түспегенмен, әйтеуір орман тола төрт түлік сияқты.

— Қаптап кеткен бұл неткен мал?

— Мал деген мал да. Малдың бары жақсы да, — дей салды Асекең мән бермегендей.

— Кімнің малы?

— Иесі жоқ.

— Иесі жоғы қалай?

— Солай... Мынау кімдікі деп түстеп келгенде бәрі қашады. Ал біреуін ұстап көрші, бүкіл аудан бөрідей шуласын!..

— Қызық екен!

— Несі қызық?.. Тынекең таңнан қара кешке дейін балық аулады деймісің? Қатқаны!.. Тынекеңе балықтың пұты беш тиын! Аралға барып қайтты, Аралға тыққан сиыр мен жылқысын түгендеп қайтты. Бұзауы қанша, құлыны қанша?.. Жалаққа туз төгу керек, жем төгу керек деген сияқты.

Бекет түнемел қаптың күләпарасын серпіп тастап түрегеліп отырды. Асекең көзді сүлгімен таңып тастап серейіп түсіп жатыр екен, мынау өкірген бұқа, азынаған азбанның орман тітіренткен даусы қаперінде жоқ сияқты, бірақ бір жаққа қашып кететіндей "шипкасының" қорабынан қолын алмапты. Түнемел қапқа кіргенде карта көтеріп кеткендей бір-ақ уыс екен, шопан мен туристің консервілі алданышынан басқа бөтегесінде бір түйір тамақ, не бір тамшы шарап жоқ қағылез адамның бойына біткен осыншама энергия қара бақайынан өре ме деп ойлады да бір үйлі жанды алақанның сиқырымен қорқытқан мазағы есіне түсіп күтіп жіберді. Тегі Асекендер өлейін деп жатқан адамның ажалын да күлкісімен үркітетін болар. Сол үшін есігінен сығалауға беті жоқ борсып кеткен тексіздерден сөз естіп...

— Асеке, көршіңіздің ес-ақылы дұрыс па?

— Бүгінгі есі дұрыс адамның сорты осы болса қайтесің. Болсын болмасын лесхозыңның бір бөлімін билеп отырған жоқ па.

— Есі дұрыс адам алды-артына бір қараса керек еді той. Асырай алмай жатқан боқташағы және жоқ сияқты...

— Жаратқан ием төрт құбылаңды қашан тең қылған. Мал берген соң бас жағынан ептеп қысқан да... Сонан соң мал иесі жалғыз Тынекең болса жөн ғой. Оған ауданның кішкентай мекемесінің шолағынан бастап өкіметінің төре ағасына дейін еншілес десем мен өсекші боламын. Тынекең соны бағады да бармағын жалайды. Аралдың аузында отырып айғайшы болуға кім көнбес дейсің... Әйтпесе табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқының жем-шөбіне бір адамның биті шақ келе ме?! Әйтпесе Тынекеңдер жуан-жуан сөйлей ме?!. Тынекеңді аралдың аузына тығын қып тығып отырған қол жуан ғой.

— Жылына бір мал жесін, мейлі, үш-төрт мал жесін, сонда қалғанын қайда апарып сыйғызам дейді екен?

— Совхоз бен колхоз ше?.. Солардың бәрі жыл сайын ет жоспарын орындап жатыр деймісің? Ақшаның иесі бөлек болғанмен ет салмағы солардың есебінен кетеді. Солай, жолдас бас орманшы, оның бәрі тек жеу үшін емес.

— Өкімет қайда? Заң орындары қайда?

— Қайда деймісің?.. Мал иесі сельсоветтен жасырған болады, сельсовет прокурордан жасырған болады. "Боладымен" жүргенде бояуы сіңіп те кетеді. Жерімді босат деп сенің кәрі боз серің мөңкіп көріп еді, өзін ырғай бастады. Көз алартқанды кім жақсы көреді дейсің. Өкімет өзім бол сам, бір-ақ күнде санап алып, ақтысын жасап, спецхозға тып -тыйпыл қып айдап тастайтын – ақ шаруа. Солай... Ағашыңды ағайынның малындай кертіп жеп жатқан Тынекендерге, анау Әбдіжапарларға өзің не істегендейсің?.. Маған Түркістаныңды таппай қаласың деді. Сен Алматыңның қай тұста екенін ұмытқан жоқпысың?!.

— Иә, шаруасы да, шатағы да коп екен, — деді өмірі шаруаның басын ұстап көрмеген бас орманшы.

Шаруаның басы қайсы, аяты қайда, онша түсініп те отырған жоқ, әйтеуір, осы уақытқа дейін Бекет көрген тіршілік нормасына егерь де, лесничий де үйлеспейтін сияқты, екеуіне де бір нәрсе жетпейтін сияқты; бірі жалғыз көрпе, жалғыз атпен қатын баладан безіп, дүниені төрік қылған диуана да, екіншісі жалғыз қатын, жалқы басы үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, дүниені жұлып жеп бара жатқан тойымсыз жалмауыз; әншейінде қосақтап байласа бірін-бірі сүзіп өлтіретін екі типтің керең тайгада, бір босағада келіп табысқанына таңы бар; бірі өзіне-өзі сенген өлермен де, екіншісі біреуге сенген күнгейдің бітеу борсығы.

— Бұрын сан мың қаз-үйрек ұя салатын аралда қазір малдың жапасынан басқа дым жоқ. Қойнау-қойнаудың шөбінен түк қоймай тағының өрісін тарылттық. Пайдалана бер деп жердің бәрін колхоз, совхозға кесіп беріп танауды таңқитып қойған лесхоз сенсің. Ал олар түбі өзінікі болмаған соң ағашын да, аңын да жаудың малындай тонап жатыр. Түбі заказник болмай малдан да, малдан жаман орманшы мен омарташыдан құтылу қиын шығар... Қалай, жолдас бас орманшы, қараорманның иесі сенсің той, қашанғы күтеміз?..

Асекең жауаптың болмайтынын біліп отырып қадалды. Бекет білгенін айтып құтылар еді, бірақ оны қисық мұрын қанағат тұтсын ба, он бес жылдан бері Алтайдың сауырын ұлтанымен жауыр қылған мүскененің ішінде Бекет білмейтін де не пәле жатқан шығар -ау... Жүз гектар да емес, пәленбей жүз мың гектарды қол күшімен игеру былай тұрсын, оны өрт пен апаттан қорғаудың өзі қиын болған соң, жүз мың гектарға жуығы әртүрлі шаруашылықтарға ұзақмерзімді пайдалануға берілгені де рас. Сан жылдан бері сол жерге шыбық та шаншылмай, барының өзі тып-типыл болғаны және рас. Асекеңнің арманы аң шаруашылығы орман шаруашылығының еншісіне берілсе дейді. Бұл да екі жарты бір бүтін болып күн кешудің амалы. Ту сонау Ленинград пен Архангельскіден сан дүркін комиссия шақыртып, жарты ғұмырын Алтай үшін сарп еткендегі Сиғаттың да қол жетпей жүрген арманы көп-ақ. Орман қоры сарқылып кеткен Алтайдың осы уақытқа дейін өндірістік үшінші категорияда жүргенін ел білмесе де жоғарғы жақ жиырма жылдан бері қанық. Сөйтіп отырып, республика орман қорының сексен проценті Алтайда деп шіренісетіні бар. Ал шіренетіндей шәпкесінде айдар тұрмақ сынық қауырсын да жоқ. Асекең мұны да білмей отыр деймісің?.. Тек өнер доценттің тайгада қай композиторды жоғалтқанын Бекеттің білмей отырғаны рас.

Асекең құла бестінің алдына құрақ салып, жалынан сипап, сауырынан қағып тыныштап қайтты. Атдорбаны көтере келген еді, жем бе десе балқарағайдың жаңғағы екен, ақыры ұйықтамайтын болсаң аузы-басынды ырбаңдата жат дегені шығар...

Бекеттің көңілі әр жақта еді. Екі-ақ дүркін кездесіп, әлі де "сізін" ұмыта алмай, "сенге" көше алмай жүрген Асекеңді жатсынбаса да жақын тұта алмай, заимкені, пәтуәсіз болса да Бескемпірдің оспақ әзілін, шала піскен макаронның көкаяз көжесін аңсады. Әбдіжапардан бастап, жеті жыл дәм-тұз татысқан жолдастарын алдап, ақымақ қылып кеткені тағы бар.

Он мың кубометр ағаш — бөлімшенің бір жылдық өнімі. Бұл өңірдегі орман алқабының екінші категорияға ауысуына байланысты Жындысайда кесуге жарарлық мұншалық қор жоқ сияқты еді. Әбдіжапардың бармақ басты, көз қысты сасық құлығын жақсы білетін Бекет жасырын түрде Жақыптың бригадасына балташы болып кіріп, екі жұманың ішінде бүкіл Жындысайдың жықпыл-қалтарысын қағып жүріп Әбдіжапардың қоймасын ақтарып қайтты. Бірақ өзі де өлім аузынан қайтқан...

Бекет балташыларға бесінші қол болып кіргелі шырпы басын сындырған жоқ-ты. Ертенді-кеш ұзақ жоғалып, жалғыз өзі тайганы тінте бергенінен күдіктенді ме, Жақып та мұны бірде "қақпанды қарауға", бірде "қамыр жаюға" тастап кетіп жүрді. Айналып келіп ізімді аңдиды деп Бекет те ойламаған. Әбдіжапар мен Жақыптың леспромхозды алдайтын жоспарлы дүниесін, "гонорар" деп аталатын көлденең ақшаның қоймасын жатқа білетін тісқақты калымщик жарты айда бригаданың жарты жылдық ізін індетіп шықты. Жұтқыншақтың кең заманында бөрене де құлқыннан құйрық майдай жылмай өтеді. Ал құрылыс материалына сусап отырған мекеме, шаруашылықтардың көмейіне не тықсаң да күйедей жалайды. Кезінде мол "гонорарға" Бекет те танауын тыққан: техника жетпейтін түкпір-түкпірдегі жыныстан мыңдаған кубометр ағашты жең ұшынан жытырып жіберіп, Әбдіжапарлар кесілген орманның көлемін леспромхоздың жоспарлы делянкасының гектарына жыға салатынын да жақсы біледі. Лесхоздың құрығына ілініп қалса, леспромхоздың қалтасынан штрабын төлеп, түк сезбегендей тымпиып отырғанын да сан көрген. Жұтайтын табиғат, ұтылатын лесхоз шаруасы, ал "гонорар"-дың иесі ақша қуған жырындылар...

...Жындысайдың ұшар биігі сұр қарға әлі кептеліп тұр екен, күнгейден жылы жел тұрып, бірде жаңбыр, бірде қар собалаңынан мүше-мүше болып етегі бөксеріле бастапты, тек тырс еткен оқыс дыбыс шықса дүниені жапырып сай табанын бір – ақ табатын. Құз түбінде Бұқтырма қайнап жатыр. Қияның қызыл қорымы көк тайғақ, жердің тоңы мен божи бастаған ертеңгі сырғақ жалпақтай жылпылдап табанға тиянақ берер емес, тайып кетсең — жұлдыздай ағып өзеннің ақ көбік жылымынан бірақ шығасың, онан соң иманды бол. Бекет сырғауыл сүйменді таяныш қылып кемерге көтерілді.

Ұшпаға дестелеп жиған аташ стандартқа толмаған балапан қарағай екен. Бекет кубометрін есептеп, блакнотына жазды, кесілген орманның гектары мен ауданын мөлшерлеп қартаға түсірді де, Жындысайға крест салды. Енді орман қоры ретінде бүл өңірден Жындысайдың да аты өшті деген сөз: адам аяғы, ат тұяғы болмаса ит арқасы қиянға техника дәрменсіз, ағаш егіп, егін себе алмайсың, шаруаға септігі жоқ таз төбенің бірі болып қала береді.

Өкпе тұстағы шоқырғайды шыр айналып сауысқан безектеді: "сақтан, үй артында кісі бар", — дегендей. Осы бір сауысқан таңнан бері таңдай қағып қыр соңынан қалған жоқ. Ту сыртынан мылтық қадалғандай жауырыны шымырлаған соң төңіректі шолып еді, андып тұрған ешкімді таба алмады. Тек сонау шатқалдың шығар аузында екі-үш лесовоз ғана ағаш тиеп жатты да шанамен дөңбек тасыған қара-құрадан Бекет келте құйрық торарды, Бескемпір мен Мешелді, Лесяны таныды. Жақып көрінбеді.

Қырқаға қиқиып шығып алған биіктің жаламыр күні шекені тесіп барады. Бекет планшетінен картон алып маңдайына күнқағар байлады да жел қақтырып қойған кедасын қайта киді. Сүйменін таянып тұра бергені сол еді, сауысқан тағы шықылықтады. Орманның қыбырлаған құртына дейін қалт жібермейтін сақ неменің үнінде үрей бар. Жемтік қызғанса жолдан адастырып, бұл маңнан аулағырақ қонар еді, безектеуіне қарағанда не жыртқыш, не мылтық көрген тәрізді. Аңшылық құрмаса да тайга тірлігін аң мен құстың мінезінен ұғатын.

Бекет бұл жолы шыңдап сескенейін деді. Сүйменді қорымның жықпыл-жықпылына нығыздай қадап етекке жылжыған, келесі бір кемерге жете бергенде қыр желкесінен ысқырық естілді, соңынан әлдене күтір-күтір ете қалды. Сол-ақ екен, қас пен көздің арасында дүние дүрілдеп көше жөнелген; тажалдай төніп келе жатқан ақ шаңдақ қар құйынын көрді, төбесінен оқ жыландай атқыған дөңбектерді көрді... Көшкі қия беттің таскесек шіріген томар, құлаған молақтарын аспанға атып, бүкіл Жындысайды жын қаққандай қылған. Тасаға тығылып үлгерген Бекет сол қолынан жан кетіп, ұйып бара жатқанын сезді...

...Тайганың жарты сағат ұйқысы жарты жылға азық. Жарты сағат ләззаттың тең жартысын жаңа бүрлей бастаған қарағай мен шыршаның иісі ұрласа Асекеңдердің құс ұйқы болмасқа шарасы қайсы. Тек Бекет сияқты балта ұстап, ағашпен алысқан адамдардың ғана түні тыныш; жастыққа басы тисе аяғының қайда қалғанын білмейді. Ұйқы екеш ұйқы да мидың азабын емес, дене салдығын тілейді. Үрген елік, ұлыған ит-құсқа дейін сәкі астында жатып даусынан санайтын егерьге түн баласы өзінше бір дүние. Түн баласына Алтайдың суреті аспанның айнасына көшетін болуға керек, он бес жылдың ішінде Асекең Алтайдың қарақұрық тұңғиығын Шолақтамның боз шағырмақ шаңытымен шатастырған емес, сәкі астында жатып көз іліп, тоқал тамның үстінде оянатыны бар...

...Ояна келсе аяғынан біреу тартып тур екен. Кемерден қылқиған жездесі Иранбақтың басын көрді де аспанға қарады: әлі тас қараңғы, Шолпан тумаған, Жетіқарақшы жамбаста жатыр. Атқа баратын уақыт әлі болмағанына қуанып қалды.

— Асеке, тұр, қонақтар күтіп қалды! — деді жездесі аяқ жағындағы шалбары мен көйлегін ұсынып.

Бір шаруаға жұмсарда өстіп сыпайси қалушы еді, ұзақты күн қоймада жүн қаптап сілейіп кеп құлаған балдыз түн ішінде де тыныштық бермеген жездесін жек көріп қалды. Көрпе тысындағы қалың шықтан денесі тітіреніп барып ұйқысы шайдай ашылды. Ошақтың әлі сөнбегені сары самауырдың селтиіп әлі тұрғанын төбеден түскенде көрді. Қара қазан тана орнында жоқ екен, тегі қонақтардың алдына енді барған болар. Ымыртта келген аппақ құдай бір шал мен аяғын бұралаңдап басатын жастау жігітті шешесі әкеңнің жама ағайындары деп таныстырған. Бұрын түсінде де көрмеген ағайынға бүйрегі онша бұра қойған жоқ. Әдетте қонақ келсе қажақ-құжықтың тәуірін күтетін бала көңіл, Иранбақ маңдайына біткен қызыл сиырдан кейінгі жалғыз ешкінің жалқы лағын сойып тастағанда да қонақтардың қадірін салмақтап жатпады. Жеккен аттары жүдеу, қарыз сұрай келгендей екеуі де жасқана сөйлеп, үй ішіне жасырына қарағанынан күдіктеніп еді. Жас еттің иісі танауын алып бара жатса да біреу желкесінен итергендей тартыншақтап үйге зорға кірді. Қабырғасы қамалдай саманнан соққан қоржын үйдің ортасы ат шаптырым ас бөлме еді, қонақтар осы нейтральная полосада отыр екен, анасы дастарқанның шетінде, апасы ши жақта тамақ түсіріп жатты.

— Өзің шеш, — деді шал. — Ойланып шеш. Болса да біреудің босағасында отыр екенсің, бала болса — жас, — деп анасына шапағат сала қарады да пышағын жалақтатып бүйірдегі бөлмеден шыққан Иранбақтан сөзінің аяғын жасырып, тосылып қалды. — Е, Жақсылықтың жалғызы да жігіт болыпты-ау! — деп әңгімені Асхатқа бұрып, сақалын тарамдаған қалпы алдына келген табақтан аса қарады. — Ат тұяғын тай басар деген осы. Әкең де алты алашқа пана болғандай асыл азамат еді, жазымышқа амал бар ма!..

Бір сөзіне сенген жоқ. Әлгінде ғана "бала болса жас" деп жаны ашығаннан жылайын деп отыр еді, енді "ерлікпен қаза тапқан" Жақсылықты екінші рет "жазмышқа" беріп қайғыра қалғаны Иранбаққа да ұнамаса керек, мылжа-мылжасы шыққан лақтың жұдырықтай басына шай қасықтай жамбасты қосып, "ішің кепсін" дегендей алдына тастай салды да:

— Ақсақал, бұл үйдің босағасында отырған мына менмін! — деп қолындағы кездікті көкірегіне қадап айтты. — Осы шаңырақта екі еркек бармыз, бірақ бүкіл шаруаны шешетін мына Асекең.

Бұл нағып менің билігіме жүгіне қалды деп осы үйдің төрт көзін түгел түгендеп шықса да біреуінен емеурін тарта алмады, тек дастарқанның шашағын сауып, тұқырайып отырған анасының жүдеп қалған жүзінен сескеніп еді. Барын киіп қылтиып отырған ақ сары жігіт терлеп-тепшіп табаққа да қарай алған жоқ, көшелімін деген шал байғұс жоқтан барды сылтауратып бірер ауыз сөзге шақырып еді, күнге тимеген сары қауынның жамбасындай шіп-шикі беті онан сайын болбырап жерге кіріп кете жаздады. Бір лақтың сүйек-саяғына қалған ауыз да жетеді дегендей Иранбақ шүйебөрідей шулаған бөлтіріктерін қазан оттан түспей жатып-ақ төр үйге қамап тастаған, шеше байғұс есікке жалтақ-жалтақ қарап қойып, күйеуінің анда-санда пышақ ұшынан лақтырған шеміршек, сіңір-піңірінен аузына апармастан теріс қарап отырып қазан түбіне қайтарып жатыр. Көзі көрген Асекеңнің де тамағынан түйір өтпеді. Енді бір қарағанда қара самар дастарқаннан қайтып бара жатыр екен. Біреудің әлімсақтан барып қосылатын жамағатына бола жалғыз ешкіні сұлатқан жездесін аяды.

— Өздерің білесіңдер, ел іші қиналып отыр, — деді ақ бас шал сорпа-суан, шай-пайды түгел сарқып болған соң. — Мынау Сайлаубек Тәшкен базарына барып қайтып еді... айтпақшы, бауырыма деп қоржыныңа бірдеме салған сияқты еді ғой...

Сайлаубектің бауырыма деп әкелгені бір киілген жаздық костюм екен, бір киілсе де бір лақтың құны бар екен, Асхаттың алдына дәстерлеп тастаған ақ бас шал мұны да:

— Ұмытып бара жатқан ағайынға орамал болсын деген ғой, — деп түсіндірген. — Бар бұйымтай осы, шырағым... Тектілі жердің қызы едің, жерге қарап қайтпаспыз деп отырмын... Әйтпесе басы бос жаулық бүгінде баршылық қой...

Ақбас шалдың қайда қарап қайтқанында Асхаттың шаруасы қанша, әншейінде жүк артында тығылып жатып, жұрт көзінше жүгіре бермейтін шығырықты жез леген мен қара құман қасына келіп тұра қалған екен, қонақтардың қолына су құямын деп ақбас шалдың алақанын шала пісіріп тастаған. Иранбақ ертеңгісін үй төбесінен сирағынан суырып түсіргенде ақбас шал да, қауын бет ақ сары жігіт те ізім-қайым жоқ болыпты.

Аттарды ұстап әкелді. Арбаға жекті. Жездесі жүн тапсыруға қалаға барамыз деген соң, "көріспей кеткен ағайынның" "орамалға" тастап кеткен костюмін кигісі келді. "Орамалдың" орнына анасы шапалақпен тартып жіберіп:

— Сен болмағанда!.. — деді.

Көзінде жас түр екен. Ана көзіндегі жастан көрі Асхатқа кісі көзінше жеген алғашқы шапалақ батып еді. Иранбақ байқамаған болды. "Сен болмағанда!.." Жазығым не деп сұраған жоқ. Жазығың сол деп анасы айтқан жоқ. Қара пышақтан кейінгі жетім көңілге дік салған шапалақ емес, сөз еді: "сен болмағанда!.."

...Он арба қосылып жылағанда бүкіл дала ыңырсығандай. Қырық доңғалақ қосылып шиқылдағанда қара жер жон арқасынан таспа тіліп жатқандай сарнайды. Ала жаздай қақпыш болып қалған сары тап шұбар дала таусылып беретін емес, әрбірден соң бас айналып, дүние ұршықтай шырқырап жөнеледі. Шұбар дала қып-қызыл, көз ұшындағы мың жылқы көк мұнарттың астына тығылып жатыр. Көз сүрінетін жалғыз ноқат сол ғана. Қарай берсең көз талады. Қарай берсең Мың жылқы аласарып, көк түтіннің астында көкжиектен қашып бара жатқандай болады. Дой-даладағы жалғыз ағаш діңгегінен үзіліп аспанда тұрған сияқты. Кейде көз ұшынан қалың орман көрінеді. Жақындап келгенде шоқайнаның қуарып қалған тікені болып шығады. Жата берсең жүн үстінде де жамбас талады екен. Жаяу жүрсең жер өнетін сияқты. Бірақ жаяу жүрсең ыстық қоламта маңдайыңнан шығады, аятыңның астына қарай-қарай қайда бара жатқаныңнан адасып қаласын. Енді қайтып Шолақтамнан қадам басып ешқайда шықпаспын – ау деп еді...

Күнді біреу оң жамбасқа байлап кеткендей. Шолақтамнан шыққанда Мыңқылқының төбесінде тұр еді, сол орнынан тапжылатын емес. Шолақтамнан шыға сарнаған доңғалақ: "Сен болмағанда! Сен болмағанда! Сен болмағанда!.." — деп шайқалаңдап, соңынан ерген Асхаттың құлағын жеп қойды. Қисалаңдаған қос доңғалақтың күпшек көмейіне май керек, Асекеңнің көмейіне бір жұтым су керек. Бір жұтым шалап алдынғы арбада, Иранбақтың жамбасында жатыр Иранбақтың ұйықтағанына қай заман, іштен сыбап алуға сыйлады, оятуға батпады. Шылғауын жайып, етігін кептіріп, киіздей кекілін көзіне жамылып алған жездесі он арбаны ұры тонап кетсе де қыңқ ететін емес. Асекең ат сауырынан дөңбектей сонаны ұстап әкеліп танауына жіберіп еді, шелектей дүниеге бармақтай сона шақ келсін бе, оған да беті қисая қойған жоқ. Ақыры торы биенің құйрығын собалаңдаған ұшынан бір түйді де сорайған жүнді бақайына қыстырып, оныншы арбаға кайтып келді. Оныншы арба тағы да: "сен болмағанда!.."

Қара шал қатты ұрысқанда "мисыз" деуші еді. Болса болар. Анасының жасқа толы жанарын, ащы шапалағын, шапалақтан да ащы зекіме сөзін Шолақтамнан шыға бере түсінгендей. Аяғын бұралаңдай басатын қауын бет ақ сары жігіт есіне түсті... "Дені дұрыс адам табылмағандай!..". Жиырма бестегі жесірдің мұңын сегіздегі пәруейсіз баласы қайдан білсін. Ол кезде кісі таңдаған Асекең бүгін қасымда Сиған мен Мотпұса, Пәтлә мен Тынымқұлдар жүреді деп ойлап па...

Оң жамбасқа арқандап тастаған күн сол тұрған орнынан Мың жылқының төбесіне құлай салды. Құласымен Мың жылқы иек астына жетіп келді. Ымырт та сол жақтан келді, сол жақтан жел тұрды. Аттарды доғармастан белдігін босатып бір-бір уыс жем берген Иранбақ Асекеңді алдыңғы арбата отырғызып, тоңып қаласың деп жан-жағын қанармен қымтады да бір күлшені торт бөліп бір бөлігін Асекеңе ұстатты, қалғанын ала қоржынға қайта тықты да өзі торсықтағы көжеден жалғыз-ақ ұрттады.

— Ыстықта ішкен сусыннан қанағат болмайды, құр таңдай кептіреді, салқында қара суда қуат, — деді, сонан соң ырдуанға тыққан жуан сойылды суырып алды. — Ал, Асеке, ендігі кезек сенікі, жат да ұйықта, мен соңғы арбата кеттім.

Күні бойы ала қоржынды жамбасына басып ұйықтап еді. Оның күні бойы ұйықтағанына да енді күмәнданды. Ұйықтағанға не жетсін!.. Сілейіп тұрып ұйықтаса! Сілейіп жатып түс көрсе!.. Қоңылтақ құрсаққа жөні түзу түс кіре ме... Қолы ала қоржынның аузына үш барып, үш қайтты. Иранбақ кетісімен көңілін жалғыздық жайлап еді, жалғыздыққа еріп үрей келді. Үрей Мың жылқыдан үріп тұрғандай еді.

Қаратаудың қойнауы қаптап жүрген қашқын көрінеді, күндіз шатқалды паналап, түнде жол торып жолаушыларды тонайды екен дегенді ел ішінде үрей қылып айтатын. Қашқынның түр-түсін кім көріпті, әйтеуір Шолақтамнан жоғалған мал да, тоналған жан да жоқ, жиылып алып жүн сабаған қатындардың аузы шығар... Өзін-өзі жұбатқанмен өзегі құрғыр қалтырап отыр. Күндізгі жеткізбейтін шоқайнаның қалың нуы түнде жыбырлап көшіп келе жатқандай, қалың нуды паналап қашқанмен қарақшы қаптап келе жатқандай. Қалың нуды шайқаған Қаратаудың желі екен. Мылқау түннің шырқын жыртып ілгеріден өзен тулаған. Мылқау түнді тулатқан өзен де емес, өзектен жаңғырық боп қайтқан он арбаның салдыры мен қырық доңғалақтың зары екен. Он арба ұлы көш болып көрінген. Ұлы көштен Иранбақтың төбесін де таба алмады. Жүн қанардың астына үңгіп кіріп кетіп еді, "адам әрбірден соң көрге де үйренеді" дейтін қара шалдың сөзі өтірік пе, көр түгіл шуаш сасыған жүнге де үйрене алмайды екен, қайтадан атып шықты.

Қас маңдайдан қадалып шақшиып түр екен. Қадалып тұрған Темірқазық еді. Мұның Ақ боз аты қайда. Көк боз аты қайда?.. Шолақтамнан шыққан соң жұлдыздан да адасып қалыпты. Қара шалдың: "босағаңнан қырық қадам ұзаған соң мүсәпірсің", — дегені осы екен той!.. Қос өкпеден боздаған төрт доңғалақпен таласып шоқайнаның жынысынан шүйебөрі шулады. Ертеңгісін қалаға барамыз дегенде Тәшкен базарына жүретіндей жүрегі алып ұшып еді. Жүн артқан арбаның үсті мамықтай болғанмен тоқал тамның төбесіндей емес екен. Төбеде жатып дүниені жалпағынан басып, айдың бетін қарыстап өлшеп, жұлдыз бен жұлдызды жіпке байлауға болатын. Далада ырдуанның арты жаты тұңғиық, айы суық, жұлдызы бөтен, ту деген түкірігің жерге жетпейтін сияқты, жүрегіңнің дүрсілі келі түйген келсаптың күрсіліндей. Әттең, сілейіп тұрып ұйықтаса! Сілейіп жатып түс көрсе!..

...Сирағынан біреу сілкіп оятқан. Сілейіп тұрып ұйықтапты. Аяқ жағынан шалбарын іздеген, төбеде емес, арбаның үстінде жатыр екен.

— Асеке, тұр!

Құла шаң. Қидың түтіні. Соның ар жағынан балшық шатырлы, балшық қабырғалы итарқалы кең сарай көрінді. Маңайы толған ат-арба, ығы-жығы адам. Азынаған есек дауысынан құлақ тұнады. Шолақтамның есектеріндей емес, ежеігі көп, жылауық көрінді. Арықтың борсыған суы танау жарып барады.

— Кәму бада!.. Кәму бада!..

— Айналып кетейін, өзіміз де судан шыққандай болып тұрмыз, маза берші!..

Екі бұты таяқтай, үкідей сары көк көз бала бір шелек суды майысып зорға көтеріп тұр екен. Иранбақтың қолындағы күлшенің сынығына сүзіле қарап жұтынды.

— Ты чей будешь?

— Эвакуированные.

— А, как величать будем?

— Лешка.

— А по батюшке?

— Лексеич.

— Не, не слыхал... — Иранбақ жарты күлшені екіге қақ бөлді де, көк көз сарының ырғайдай мойнына тесіле қарап ұзақ отырды. Екі қолын кезек салмақтап, екі қолын көзімен кезек өлшеп Асекеңнің сыбағасын өзіне ұстатты да қалғанын тағы да қақ бөлді.

— Че стоишь?.. Подходи!

Көк көз сары күрешкесін шелектің бауына ілді де арбаға жақындап келді. Жасқанбай келді. Иранбақ ұсынған күлшенің сынығына төменнен қол созбай доңғалақтың шабатымен өрмелеп тең үстіне шыққан соң тана қолын көйлегінің ететіне сүртіп ізетпен рақметін айтты.

— Ты, Лексей Лексевич, оказывается, мужик степенный. Садись, поделимся... Откуда?

— Из Смоленска.

— Не бывал... нет, не бывал. Батька на фронте?

— Да, где-то воюет.

— Почему где-то?

— Уж третий год, без вестей пропал.

— Нет уж, это вы без вестей пропали. А он, бедный, не знает кому писать, куда писать.

— Наверняка.

— Не наверняка, а точно!.. Ты почему не кушаешь?

— Дяденька, можно в карман?

— Ты что, беспризорный?

— У нас еще младшой есть. Мама здесь, в сортировочном работает. На двух сменах... Днем здесь, а по вечерам недоучкам по русскому преподает... тем, которых на фронт отправляют...

— Да, время!.. Потерпи, мужик! Скоро и фашистам конец!.. Ты кружку доставай, коже будем пить.

"Без бес пропал", "фронт" дегеннен басқа Асекең дымды да түсінген жоқ. Орысша тұрмақ, орысты көргені осы еді, жездесінің судай сапырғанына таң қалды да өзі білмесе де секпіл бет сарының алдында беделі әжептәуір өсіп қалды. Иранбақтың бұрын қорғасын руднигінде десятник болып істеп, денсаулығына байланысты елге көшіп келгенін білетін, бірақ, орыс тіліне бапандай деп ойламаған. Лексей Лексевич айран қатқан тары көжені мақтап отырып ішті.

— Қазақ тіліне қалайсың?

— Ептеп нан табарым бар. Қазақ мектебінде оқып жүрмін ғой.

— Солай ма?!. Жігіт екенсің! Нан тапсаң, қалғанын көре жатасың. Ал мынау отырған Асекең деген мықты болады.

Лексей Лексевич қол алысып танысты. Саусақтары сексеуілдің қу бұтағындай кеуіп қалған екен, әттең, бір жұма сиыр саудырса қатпар-қатпар шырышы үгіліп түсер еді-ау деп ойлады. Содан соңғы таң қалғаны көк көз сарының қазақша тақылдап тұрғаны, қазақ мектебінде оқығаны.

Құла шаң басқан қаланың сұпытты Шолақтамнан да жүдеу еді. Қала дегенің осы болса, байлаған ит тоқтамайтын қуарған медлен екен ғой. Өңшең бір балшық дуал, не дарбаза, не есік-терезесі жоқ томсырайып теріс қарап тұрған саман үйлер, шанжау-шанжау мырза теректердің арасынан мықырайған өрік пен жиденің төбесі жалбырайды. Сіңбіруге мұрсаты жоқ, топылы, топысыз, аузы-басын түк басқан жүдеу жандардың ішінен Лексей Лексеичтен басқа жүзі жылы ешкімді таппаған еді. Асекең Лексеичпен бес жыл институтта бірге оқып, екі жыл аспирантурада катар жүріп, екі жыл бір бөлмеде катар жатып, қатқан нан мен сылдыр көжені бөліп-жарып ішемін деп ойлаған жоқ еді. Кейін, екі бұғы таяқтай, көк көз сары баланың қазақтың фольклорлық музыка өнерінің үлкен маманы, жанашыры болады деп кім ойлаған...

— Лексей Лексеич, уақыт қанша болды деп ойлайсың?

— Шамасы тоғызға жақын қалған шығар.

Екеу де күнге қарап топшылады. Шынжырлы сағатын түзетті де Лексей Лексеич шелегіне қарап күрсінді.

— Дяденька, тут полно грузчиков. Скажут: по найму у приемщика. Не верьте. Все они воры!..

— У меня воровать-то нечего!

— Мало что... тюки крадут. За ними глаз спускать нельзя.

— Спасибо, Лексеич! Скажи пожалуйста, сколько у тебя дневной заработок?

— Какой там заработок!.. Кот наплакал!.. На базаре кой- какие копеечки стряхнуть можно. А здесь покупателей нет. Здесь рабочий люд... кто добрый, кто злой...

— Солай де...

Иранбақтардың ауыздығын салып, белдігін көтеріп қайтқанша Лексей Лексеич күрешкесінің түбіндегі көженің қоюын шайып ішіп, кетуге ыңғайланған. Қипақтап қайта-қайта Иранбаққа қарай берді. Тарының ашымалы мен күлшенің сынығы, Лексей Лексеич деп дардай қылған риясыз көңіл бір ғана рақметке тым тегін деп түсінген бала көзінде қайтсем қызметімді өткізем деген дағдарыс та жоқ емес. Иранбақ соны сезсе де байқамаған болды.

— Слушай, паря, где можно раздобыть костюм на пацана? — деп Асекең түсінбесін дегендей әдейі орысшалай иек қақты.

— На пацана? — Лексей Лексеичтің өзіне қадалған көкшіл жанарынан Асекең тіл түсінбесе де бір норсені сезген. — За деньги вряд ли, — деді Лексей Лексеич. — На обмен можно, и то на базаре.

Баланың нені мегзегенін Иранбақ та білмей тұрған жоқ, теңін түгендегендей он арбаны түгел шолып шықты да күрсініп жерге түкірді.

— Это же воровство!.. Ни как иначе... Слушай, Лексей Лексеич, ты поможешь мне? Присмотреть надо за обозом, пока я сдам шерсти. Обижать не буду. Считай, дневной заработок в кармане... Пойдет?..

— Да я и так могу... Какой там заработок!..

Айна тазын ала тақиямен жасырған қамыт аяқ приемщик көпке дейін кергіп безбен басына жоламай қойды. Басына түстеп жапсырғандай ала мұртының шалғайын езуіне тістеп жүретін неме екен, бетінің майы бес елі тапал қара ары өтіп, бері өткен сайын итті қонақ қабылдағандай кір шапанын бұлдап Иранбаққа кіржие қарады. Табанына тас төсеген сабан шатырлы балшық сарайда торғай мен тапал қарадан басқа тірі жан жоқ сияқты еді. Әп-сәтте ана жыртықтан да, мына жыртықтан да сумаңдап өңшең бір түсі суық адамдар қаптап кетті. Асекеңе сіңбіруге мұрсаты жоқ көшедегі сүмеңдеген көп жандар сияқты көрінген. Тапал қара зарықтырып барып келді де:

— Пүлің ба мы? — деп Иранбаққа қадалды.

Иранбақта жарылып кетейін деп тұр екен, төніп келген тапал қараның төбесінен айқайлап:

— Қайдағы пул, не оттап тұрсың? — деді.

Тапал қара айна тазы шытынап кеткендей шар ете қалды:

— Грузшикләргә түлош кирок та. Пүлің бөлмосә натурпләта!

Иранбақ бас бармағын сұқ саусағының саласын жырып көрсетті де тапал қараға сөз тауысып жатпастан арбадағы теңді безбенге лақтыра бастады. Кіре иесінің ожарлығынан сескенді ме, әлде кикілжіңнің артын бақты ма, сүмеңдеген түсі суық жүкшілер қайтып безбен басына жоламай, бір бұрышта отырып алып көк шай ішуге кірісті. Он арбаның теңін өлшеп тауысқанша Иранбақтың ақ тер, көк тері шықты. Асекең босаған көліктерді тысқа апарып иіріп, Лексей Лексеич өлшенген, өлшенбеген жүктің екі арасында қарауыл болып жүр еді, кайтып оралса тапал қара мен Иранбақтағы да қиқылдасып қалыпты. Таластың төркіні бір қапар жүн: тапал қара өлшенді деп, Лексей Лексеич өлшенбеді деп, Иранбақ пен тыртық танау жүкші бір теңді ары тарт, бері тарт қылып созғылап жүр. Көмекке тапал қара шығып еді, жолын кескестей берген Лексей Лексеичті: "Анаңды!" — деп қағып жібергенде жаңқадай ұшып арбаның астынан бірақ шықты. Иранбақтың кекіл астындағы қиық көзі жұмылып, жақ-шықшыты білем-білем шодырайып кеткен екен, жырық танау жүкшіні тізеден екі теуіп шөке түсірді де қолтурмаш қылып тең тасып жүрген қыл шылбырды тапал қараның мойнына салып жіберді. Енді бір сәтте езуі көпірген приемщик сала құлаш тілін жия алмай тыпыршып еденде жатыр еді, көк шайға жырғап отырған бұрыштағы жүкшілер едірейіп-едірейіп тұра бастады. Иранбақ беліндегі сары кездікті суырып алып тапал қараның кеңірдегіне қадай қойды.

— Тырп етсеңдер мына доңызды бауыздап салам!.. Шеттеріңнен бауыздаймын, сволочи!..

Шар-шар еткен тарғыл дауыстан балшық сарайдың базар болып отырған мың торғайы пар-пар ұшып жоқ болды. Иранбақтың орысша боқтығы өтіп кетті ме, жүкшілер тұрған орнында сілейіп-сілейіп қатып қалыпты. Асекеңде жан жоқ еді. Асекең бөтеннен емес, Иранбақтан шошыған: көз жоқ, құлақ жымырылып, кекілі жалбыраған қара албасты аяғының астындағы тапал қараны поршалап тастайтындай көрінген. Сарай әп-сәтте жым-жырт болды. Тек торы мәстек қана шыбын кептеген қос бүйірін оқтаудай құйрығымен дүңк-дүңк сабап: "дұрыс болды, дұрыс болды!" — деп изендеп қойды. Иранбақ шылбырды босатып, тапал қараны май құйрықтан бір тепті.

— Встань сволочь! Оформляй документы! Живо!.. — Жан керек екен, тоңқандап тұрып жатқан приемщикті ыңқитып тағы бір тепті. — Всех поведу в НКВД!.. Всех к расстрелу, сволочи!..

Құйрықтан тиген тепкінің дүмпуінен топысы ұшып кеткен тапал қара өлейін деп жатып айна тазын жасыруды ұмытқан жоқ. НКВД-ны естіген соң қозы қарын теңдеген өңшең кір шапан, жүн көкіректер де табан астында зым-зия болды. Иранбақтың орысша сауаты қиын-қыстауда екінші рет пайдасын тигізіп еді...

...Үшінші рет базарда қолдан қолға тимеді: қазағы бар, орысы бар, өзбегі бар, алыпсатары бар, момыны бар базаршылар жездесі мен Лексей Лексеичті делдалдыққа, тілмаштыққа шақырып, баға сындыру, табыстырып, тарқатып беруде екеуінен епті ешкімді таппады. Товардың көзін табуда Лексей Лексеичтен өткен иісшіл, тегін тануда Иранбақтан асқан міншіл делдал болған жоқ. Безбенге түспеген бір тең жүн ақыры қырық қадаққа бөлініп жәрмеңкенің қуыс-қуысында түтіліп еді, оның аяты әжептәуір костюм болып Асекеңнің иығынан бірақ шықты. Бір киілген демесең бір лақтың құнына турарлық екен, жама ағайынның Тәшкеннен әкелдім деген "орамалына" төркіндес, бір ине, бір жіптен шыққандай. Шешенің шапалағын ұмыттыру үшін жездесінің қолқалап отырып осында алып келгенін енді түсінген Асекең базарлыққа онша қуана қойған жоқ. Әлдебір күдікті фанер күркелерге қайта-қайта қайырылып сота берген Иранбақ әлден уақытта боза бұрқырап келді де онсыз да ығы-жығы, ыбыр-жыбыр даңғаза базардан Асекеңнің басы айналып, ытыр болды. Иранбақ соңғы рет жылмаңдаған мап-майда тымпың келіншекті ертіп келіп еді, қанар түбінде қалған жалғыз шүйкені соған сыйлап, көз қысып шығарып салды. Келіншек қиыла күліп, әлдебір адресті қайта-қайта ежіктеп жездесінің құлағына құйып жатты. Арбаның көлеңкесінде тары көженің соңғы сарқыны ішілді, күлшенің соңғы сынығы желінді. Қасынан екі елі тастамайтын қара шелектегі қара суды Лексей Лексеич жанторсыққа санап құйғанша Иранбақ делдалдықтан түскен тиын-тебенді есептеп, түгелімен Лексей Лексеичтің ышқырына тығып берді.

— Лексей Лексеич, сен өзің базардың нарқын, шаруаның парқын түсінетін тәуір жігіт екенсің! — деп көк көз сарының ырсиған жауырынан қағып-қағып қойды. —Біздің мына Асекеңдер мұғалімнің жоқтығынан орысша аты-жөнін де жаза алмай қор болып жүр. Мүмкін, шешеңді азғырып, Шолақтамға көшіп келерсіңдер?..

Жарты күн қос болған күлшелі досына Лексей Лексеич әуелде үміттене, жадырай жығылған сияқты еді, қара шелекке көзі түскенде ырғайдай мойны салбырап, жасып қалды.

— Ол болмайтын арман той, ағатай, — деп базардың балшық дуалына мінген қара сирақтардың ішінен өзінің орнын іздегендей жалтақтай берді.

— Она ведь преподаватель по химии... У нее тут работа, карточка на хлеб...

— Какая разница, лишь бы русскому языку научила эту шантрапу! — деп Иранбақ Асекеңді менсінбегендей танауын көтерді: қиық көзі қанталап, киіздей кекілін тесіп тұр екен. —Конечно, задарма нынче никто вкалывать не будет. Зарплата государственная, и в деревне жить легче...

— Говорят, в деревнях женщин крадут... заставляют замуж выходить, — деп күмілжіді Лексей Лексеич. — А у вас сколько их, дяденька?..

Иранбақ кісінеп тұрып күлді. Кісінеп отырып Лексей Лексеичтің ырсиған жон арқасын күректей алақанымен дүңк-дүңк салып-салып қалды. Иранбақ Асекеңе бөтен адам сияқты, кісінеуінен кісі шошырлық дүңгене болып көрінген.

— Қатын деген менде бір қора! — деді кісінеп отырып. — Ауылда көзіңе түсер қатыннан басқа қара жоқ!.. Солай ма, Асеке?..

Асекеңнің күлуге де, жылауға да зауқы жоқ еді. Өзінен-өзі іштей қорланып, алқымнан сыққан бір өксік жанарына жас болып келіп қайтып, келіп қайтып отырған. Кенезені кептірген құла шаң кеңірдегіне кептеліп қалғандай сілекейі желім татып, тілі аузына сыймай бара жатқан соң қара шелектен су ішіп еді, темірдің кермек дәмі жып-жылымшы екен. Ширатылған құла шаң, балшықтан соққан құла дуал, құла там, бірінің-бірі жағасын жұлардай борс-борс желген құла жұрт; бүкіл дүние барымен де, базарымен де жылымшы татып кеткендей.

Арба астындағы көлеңке қоян тұлағындай қусырылып, шаңқай түс бола Иранбақ кіресін жолға салды. Жоқтан барды жырдай қып, Лексей Лексеичті жібермеп еді, қаладан шыта бере тағы тоқтады. Жол жиегіндегі жоңышқаның маясынан екі-үш қанарды нығарлап Асекеңнің жамбасына төсеп берген соң, бір атты доғарды да арбаны дәртесінен соңғы көлікке байлап:

— Ал, Асеке, аяңдап тарта бер, мен артыңнан қуып жетемін, — деді де Лексей Лексеичті міңгестіріп алып кері қайтты.

Құла шаңға қақалған жатаған қала қиға тұншығып артта қалған. Енді қайтып көрместей болып еді. Енді қайтып келместей көңілінен біржола сызып тастағысы келіп еді. Қозы қарын теңденген кір шапан, жүнді көкіректер ірің теңденгендей жеркеніш шақырып көз алдынан елестеп өтті. Милығы жарқылдаған тапал қара, жыртық танау, жылмыңдаған сырғалы келіншек, сіңбіруге мұрсаты жоқ борс-борс желген сұлығы суық өлермен жұрт; Адам санатындағы дүниенің өтелсериесі түгелдей құла шаңның астында қалғандай үһ деп демін бір алды. Дүнияда кетік бар, кемістік бар деп ойламаған бала көңіл алғаш рет қала деген тірліктен тауы шағылып, енді-енді талпына бастаған көкіректегі арман атаулыны тып-типыл өшіріп кетті де құла даланың таспадай қара жолы құла төбел ел өміріне қайта жетелеген. Берісі тоқал тамның төбесінде, арысы Шолақтамның аспанында жүрген Асекең базардың жөлігінен, көне шаһардың құла шандақ күресінінен көңілі қайтқаны ол кезде білген жоқ, қаланың қазынасы көзге түсер көркінде емес, көңілге тоқыр көмбесінде екенін де кейін барып білді. Бірақ адам баласы бойына шақ, ойына пар тірліктен асып төгіледі дегенге қайтып сенген жоқ. Адам баласы жасаған не бір кереметті күні бүгінге дейін құла төбел тірліктің күнделікті есебіне жатқызып, көзбен сүйсінгені болмаса көңілмен тамсанбай-ақ келеді, өтірікпен емес, өмірдің өзімен-ақ өзін-өзі алдап көрген емес, бәріне де құла төбел баға беріп, бәрін де құла төбел құнымен сатып алып жүр...

Артыңнан қуып жетемін деген жездесі әлі жоқ. Алғашында алданғанына ренжіп еді, енді қасында болмағанына қуанды. Жартастай деген жақыныңның көз алдында жарбайып түсіп қалғанынан жаман нәрсе бар ма екен?.. Жүзіңе қарауға ол ұялмаса да жүзіне қарап сен ұяласың. Әуелде Лексей Лексеичтің естиярлығын да қызғанған сияқты еді. Іштей жақсы көріп қалса, ол да әншейін жетімге деген жанашырлығы екен. Екі бұты таяқтай, үкідей сары көк көз бала көз алдында тұрды да қойды. Көшедегі көптің бірі. Басыңа түссе сен де сондай боласың дегенге көңіл шіркін көне салды. Дүнияда біреудің қоймасын ашқаннан жаман нәрсе бар ма екен?.. Ең қиыны өкініші кетпейді. Біреудің өтірігімен қосыла өзің де жермен жексен болып, өзің де қосыла кішірейесің, ескі киіміңді қайта кигендей жасып, жабыланып шыға келесің. Пенде шіркіннің өз бойын біреумен салыстыратыны несі екен, өзімен-өзі емес, біреуге қарап өскісі келетіні несі екен?..

Мың жылқының төбесіне тоңқайып барып құлаған қызыл таба от шашып барады. Қаңсып кеткен сары дала лапылдап тұр. Сары даланы жалай соққан ыстық желдің қара кер жалы лапылдаған өрттің қызыл жалыны сияқты бірде өршіп, бірде өшіп, көкжиекте шалқып жатыр, кемерге сыймаған толқындай көкжиектен асып түсіп, үзіліп түсіп жатыр. Апшыны қуырған қызыл таба да ұясына кетер. Лапылдаған сары даланың қызыл жалыны қарақұрық өкпек боп қайта оралар. Қаратаудың тастай қараңғы түні де келер. Қаратаудың түні келгенше Шолақтамның төбесі көрінер ме екен?..

Шолақтамның төбесі алыс еді. Тоқал тамның төбесі есіне түскенде Асекеңнің басына жалғыздық келді. Жалғыздыққа Қаратаудың қашқындары ере келді. Бірақ кешегідей үрей де жоқ, қорқыныш та жоқ. Қаратауда өріп жүрген қайдағы қашқын дейсің, қатындардың өсегі де. Шолақтам қайда қашар дейсің, қара жол өшпесе мәстек торы мимыртымен-ақ бір апарар. Қара жолдың өшпейтініне, мәстек торының мимырты өспейтініне сенді. Ендеше, Асекеңе де өлім жоқ. Бір қанарды басына жастап, бір қанармен аяғын қымтап, шалқасынан түсіп жатты да алды. Енді — өліп қалса да қара жол сүйегін апарады...

Аспан жүзі ашымаған шалашын бет қабыршағындай сіркелеп тұр екен: шақар күннің ашуынан қажып, тозып, оңып кетіпті, күнсіген матаның шаңдақ иісін танауы шалды. Әлде көне шаһардың құла шаңы ма екен қуалап келе жатқан?.. Иранбақ қайда жүр екен? Сырғалы келіншектің сылқым жорғасы, жылмаңдаған бет-жүзі сиқырлы еді-ау!.. Әлде зәһәр соққырына лықиып алып құла тамның бірінде сұлап жатыр ма?.. Несі бар, шошқаға да бір мейрам дейтұғын, құла төбел тірліктен ол да қажымады деймісің. Таңнан қара кешке дейін тарсылдаған сабаумен, таңқылдаған өсегімен, онан қалды жылау -сықтауымен құлақтың құрт етін жейтін қойманың қатындарын былай қойғанда, үйдегі бес баланың қыңқылы, жеке меншік жарының сұңқылы қажытпай қойсын ба! Оның үстіне азамат басымен біреудің босағасында отырса... Рақымды білмейтін қайырымсыз ит екенсің-ау, қан бола жаздап, қаршадай балаға табынып жүріп әперген костюмін әкең кигізіп кеткендей шіреніп жатысың мынау!.. Иранбақты ірің теңденген қозы қарынның бірі өлтіріп кетсе, Шолақтамға не бетіңмен бармақсың?!

Арбадан қалай секіріп түскенін білмейді. Жүрегінің зірк еткенін біледі. Топырақ әлі жып-жылы екен. Қара табаны былп-былп етіп, бақайының арасы жылы су кешкендей рақаттанып қалды. Жер басқан соң өзін-өзі тежеді. Жер басып тұрып тәубесіне келетін пенде байғұстың әдеті шытар. Сонда да пендешілік жасап жездесін іштей келістіріп тұрып сыбап алды. Өлесің-ау деп емес, бастықтардан, қала берді қатыныңнан сөз естіп қор боласың-ау деп іші жылады.

Шалғын арасынан сумаңдаған қара жыланның құйрығындай кіре соңы бұралаңдап, бұлдырап барады екен. Қара жолмен жарысып келе жатқан шоқайнаның қалың орманы таты да жыбырлап, қарақшы кезіп жүргендей қозғала бастапты. Жер бетіне, жел өтіне сүзіліп келіп қарасаң — қаптаған құбыжық, аспан жүзіне сүзіліп көп қарасаң — жер айналады, бірақ адаспайсың, көңіл де жай, жер көшпей сен де көшпейсің. Арбата қайта секіріп мінгісі келді де көңіл тоқтатып кіренің соңын күтіп алды. Ырдуанға тіркеп байлаған ұйқылы мәстектер митың-митың қалғып келеді екен, жол жиегінде ербейіп тұрған бұған біреуі селт еткен жоқ. Тоғыз мәстек, он арбаны санап шықты. Оныншы арба кірені қуалап кеп қолын арта құлаған атам заманның қу қаңқасындай сүйретіліп келеді екен. Құлақ үйренді ме, кешегі қырық доңғалақтың зырқылы бүгін қырық сыбызғының сұңқылындай боп естілді. Иранбақтан басқаның бәрі орнында. Иранбақты бір Аллаға тапсырды да торы мәстекті қуып жетіп қанар үстіне құлай кетті.

Қырық қобызбен таласып әлдеқайдан байғыз сұңқылдады. Байғызды жексұрын құс деуші еді. Кім біледі, қыбырлаған ор тіршіліктің бір жексұрыны бар шығар. Оған байғыз шіркін кінәлі ма? Солай қылып жаратқан соң. Жазығы молада жүретіні ме? Жексұрын болса әулие-әнбиелердің аруағы төбесінде сұңқылдатпай қуалап неге жібермейді?.. Қырық доңғалақтың қырық саққа жамыраған сұңқылынан байғыздың қаңқылы жаман емес сияқты. Үндемей тым-тырыс жатқан моладағы өліктен зілді емес шығар... Бәрінен де тым-тырыс жатып жұлдыз санағанға не жетсін! Тым-тырыс жатып жұлдыздардың күміс қоңыраулы сылдырын естіген кім бар?..

Анасы екеуі әкесін әскерге шығарып салғаны әлі есінде. Анасының тілімен айтқанда, әкесі кәмәндір еді. Жарты жыл әскер ойнатып, Шолақтамнан оянный порма, алты атарымен соғысқа тура аттанған. Іңюбідіде нәшәндік боп жүріп өзі тіленіп кетіпті. Күмпілдете жер тепкілеген көп етікті алдына салып, "айт-два!" деп айдап кетіп еді. Бар болғаны екі – ақ хат келіпті: бірі жолдан, екіншісі Сталинградтан, үшіншісі... "ерлікпен қаза тапты" деген бір жапырақ қағаз. Ең соңғы қоштасар сәт болмаса, әке жүзі де бұлдырап көз алдынан өшіп барады екен-ау... Қоштасар сәттегі ақырғы сөзі кулагында қалыпты. Оны да анасына айтқан: "оралғанша күн жақсы" деген. "Оралмасам, басың жас, бағынды байлама!" деген. Онан басқа ештеме демеген. Жақсылық деген аты да бүгінде алыстан естілген жаңғырық сияқты. Әкенің әкелігі де Асекеңе аспанда жүрген бір елес, жақсылығы да, жақындығы да шамалы, жамандығы және жоқ. Әйтеуір аспанға қараса есіне түсетіні рас...

Дәл осы аспан ба еді?.. Онда қыс еді. Шақырайып тұрған к,ыс болатын. Жұлдыздары қалтырап, айдың шар табағы да суықтан сынайын деп шатынап тұрған. Кашовканың алқымында тонға оранып жатып алып, қалтыраған жұлдыздардың мұңын тыңдаған. Мұздай суық алқара көк аспанның сыңғыры ма, кашовканың сыңсуы ма, әйтеуір сол бір ызың оттығы өшіп бара жатқан сарнауық самауырдың кернейіндей күні бүгін де жер түбінен сұңқылдайды да тұрады. Шақырайған қыстағы шешесінің көз шарасынан төгілген жас та мұз болып сылдырап түскендей көрініп еді. Сыдырап түскен шешесінің көз жасынан-ақ әкесінің кайтып оралмайтын ұзақ сапарға кеткенін іші сезген. Сонан соң оянкамат бастығы: "Отан үшін шейіт болды!" — деп суық хабар әкелгенде таңданған да жоқ, жылаған да жоқ. Ол баста-ақ солай болуға тиісті сияқты еді.

Енді, міне, таты сол аспанның астында жатыр. Айырмасы, кашовканың ызыңы, жұлдыздардың сылдыры жоқ, күндізгі құла шаңға тұншыққан базардың парықсыз былдырап жаттап алғандай қырық доңғалақ қырық саққа жамырап, салдыр-күлдір, шиқ-шиқ, балдыр-былжыр қиқ-қиқ от – та-ап келеді. Арасында бейшара байғыз таяқ тиген қаңғырма қаншықтай қаңқ етіп ойбайын сап қояды. Оған селт еткен аспан да жоқ, Асекең де жоқ. Бедірейген аспанға бежірейіп жатып тағы да әкесінің соңғы сөзін есіне алды: "басы жас, бағынды байлама!" — деп еді той. Қыздың байға тиюі керектігін, байға тисе бала табу керектігін мал баққан қазақ каршадайынан біледі. Ешкім ешкімнің аузынан түспеген, ешкімді бүгінгідей толтақ станогынан сатып әкелмеген. Түсініксізі — бақ қана. Байға тию бақпа екен, сор ма екен?.. Асырайтын байым бар демесе, бес баланың кір-қоңы, жалғанды жапырып тастағандай боп келетін Иранбақтың ас-суы мен колхоздың сиыр қорасының көң-қоқырына, ошақтың күліне көміліп жатқан неткен бақ? Жалғыз-жалғыз баланы жетекке алып, сол жалғыздың уайымы мен азабы көрінгенге жалтақ қылып қойған жесірлердің қай жеріне бақ қоныпты? Тегі байға тию бақ та емес, сор да емес, солай болу керек сияқты. Ендеше, зәуімен іздеп келген жамағайынды несіне жек көре қалды? Аппақ құдай шал мен қауын бет сарының не кінәсі бар еді?.. Анасының бағын байлаған Асекеңнің өзі болғаны да. "Сен болмағанда!" — деп шарт еткен шапалақ соның жауабы мен есесі, күйігі екенін "мисыз" бас енді түсініп жатыр. Асеке дейді-ау!.. Дейтұғындай "мисыз" басқа не қасиет қонышты?! Ac ішіп, аяқ босатқанның бәрі "еке" мен "секе" болса құла төбел тірліктің қамытын киетін мәңкөсе қалмайды да... Ырыдуанға сылп-сылп сүйкенген алдыңғы бір доңғалақ сылқ-сылқ күлгендей еді. Былқ-былқ шайқаған семіз қанар мазасыз ойдан адастырып, ұйқы деген уайымсыз дүнияға алып қашты...

2

Безектеген бозторғайдың шырылынан оянып еді, сиратынан байлап қойған батпарақтай тас төбеде дірілдеп тұр екен. Борсықтай дүңкиген тартыл мысық аузыма келіп түсе ме дегендей аспанға телміріп, қатыпты да қалыпты. Күл салған "чабанский завтракпен" жіберіп ұрғанда қаңғыр-құңғырдан атып тұрған Бекет бажырайып Асекеңе қарады. Асекең түк көрмегендей, түк білмегендей. Мүйізін тастаған ұлудай түнемел қаптан созылып шықты да күресін аспас бұрын құла бестінің аяғын барып көрді, жалынан сипап, шоқтығынан қақты да табанына шөгір қадалатындай жайлап қана жетелеп суатқа жөнелді.

Жағасынан божыған капустаның иісі бұрқырады. Бөшкеге түсіп шыққан жоқ еді, иығы ауырсынғанда ғана іңірде тартқан жалбызды ұмытып кеткені есіне түсті. Шипалық қасиетін кім білсін әйтеуір қисық мұрын иіс жағынан шәк жібермейтін көрінді: басың айналса шешіп таста деп еді, басың айналмақ түгілі, тайганың иен аспанында меңдуана жесең де бойға сіңетін шығар. Қатты сергіп қалыпты, бір жерім ауырды деудің өзі айтар ауызға ұят шығар.

Етекте тұман, биікте бу жатыр. Қоңқайдың шоқтығынан енді сығалаған шар табақ шашырап кететіндей; жиегі күнбағардың қалпағындай жырым-жырым, кірпігі өзектің қабат-қабат кемпір-қосағы мен орманның шығында жамырып жүр. Таң атпай қаз-үйректің астауын сүйреп, жапаның астындағы төрт доңыздың танауын есептеп қайтқан Тынекең таудан қашқан текедей одырайып кеп қарады, тегі түкіргенім бар деп тұрса керек, Бекеттің де бас салып құшақтауға зауқы жоқ еді. Екеуі де екі есіктің алдында едірейісіп тұрып заочно сүзіскеніне разы болысты.

— Мына сайтан иімей қойды! — деді қара ала сиырдың желінін қақтап отырған бәйбішесі. — Екеуін шашпа қораға қамай сал, әйтпесе, бүл сайқал бұлданып, бұқаны бір жұма бойы әуреге салады!

— Саспа, қатын, бірдемесі болар, — деді Тынекең, — маған біткен тірі тұяқтың бәрі бедеу деп пе едің!..

"Арам қат!" — деп күңк етті жирен шабдар келіншек қара ала сиырдың шабына басын тығып отырып. Тынекең оны пәруейіне де алған жоқ, қалған шаруаны қара ала бұқаның танауына тапсырғандай шорымыққа отырып алып шылым шегуге кірісті. Қара ала гүжбан қара-ала сиырға қарызын өткізіп қойғандай танауын шүйіріп қойып күресін басында көң тарпып түр еді, қышқырып-ышқырып: "мен бармын, мен бармын ө-ө-өһ!", — деді. Аузынан да, сауырынан да бу ширатқан қара ала дүлейдің темекі ширатқан қауынбасқа шаққан бар мұңы осы еді. Қара ала дүлей бүгіндік қос қораздың міндетін де өзі атқарып тынды.

— Қалай, Асеке, құла бестіні ерттейсіз... тойыс, сің бе? — деді. "Сіңбені" ұмытпайын-ақ десе де арадағы бір бес жастың айырмасы "сіз-ді" аузына бұрынырақ сала береді.

— Құла бесті шаруаға жарап қалған сияқты, бірақ қинамайын деп тұрмын. — Жанын аямаса да жалғыз атына шыбын қондырмайтын Асекең іргедегі сусектен бір қалбыр ақ сұлыны көсіп алып ат дорбаға желпіп салды. — Шешесі қазан аттың тұқымы, әкесі орловтың рысағы, түсі шешесіне тартқанмен тұрқы әкесінікі, — деп таныстырды. — Жүріске алымды, қара күшке де мойымайды. Бұл шіркінге өрі-қырың бірдей, еті қызғанда желіс екенін де, жорта екенін де білмейсің, тек тау-тасқа ептеп аңғалдығы бар.

Көкірегі қазандай, көттігі шөмейген, шоқтығы қол созым, постромка болмаса омырауына қомыт шақ келмейтін сияқты. Шешесінен қалған жұрнақ па, жалы бұйра. Балшық бөлеген шоқпытты алып тастапты, пая тұрмақ ат пен түйені өркешінен зорға танып жүрген Бекет алып бара жатқан еш нәрсе көре алмады. Құла айғыр оразасын ашпай "чабан завтрак" та, "туристің түнемесі" де болмайтынын сезген бас орманшы қиқиып Тынекеңе тартты.

Мансарданың есігінде астаудай қара құлып түр екен, шамасы көптен бері тірі пенде бас сұқпаған сияқты. Объездчик, лесничествоның кордоны қашанда стандартты бір тип: төмені — тұрғын, мансардасы — кеңсе, өрт алмаса, жер сілкінсе де шайқалмайтын жұмыр қарағай. Завферма шаруасына ұқыпты болғанмен, лесничийдің баспанаға құнты жоқ екен, шатырда номер, бұрыш-бұрышта белгі, төбеде жалау да жоқ, жықпылда жасырынып отырған беймағлым бекет тәрізді.

Қара ала гүжбен мен қара ала сиырды ашық қораға қамап тастап қалған табынның соңынан кеткен "завферманы" күтуге тура келді. Адам танымаса да мал танитын зеректігі бар екен, ел түгіл совхоздарда жоқ асыл тұқымды сонау Латвиядан заказбен алдырған ба? Бір сағат бойы безілдеген сепаратордың жаты әлі қарысатын емес, бұлар сүтпен бақша суаратын шығар...

Төбенің дүңкілі шошытты ма, жирен шабдар жеңгесі үйден жүгіріп шықты.

— Жеңеше, кеңсенің кілті керек боп тұрғаны.

Жықпылда отырып кісікиік болып кеткен бе, әлде кешеден бері зерезеп болып қалды ма, жирен шабдар жеңгесі ләм-мим тіл қатпастан желіп ала жөнелді. Көздің орнындағы бітиген сызаттан көкшіл шыны жылт ете қалып еді, Тынекеңнің қайын жұрты, сірә, осы маңның кержақ ағайындары болды-ау деп ойлаған, желе жортып жетіп кеп, бір бума кілтті етектен лақтырып жіберді де: "бағрим, еш нәрсені пуртит итмәгін, хозяин дурной бит" — дегенде жеңгесінің төркінінен тағы да адасып қалды.

Іргедеті төбесі көрініп тұрған көршіңмен телефон арқылы сөйлескенше жаяу барып қайтқанның өзі жеңіл. Алдымен ауданға, ауданнан-ауылға орағытып жеткенше дүние өртеніп кетуі де мүмкін. Зарықтырмай, жатынды қарыстырмай қоса қойса бір жөн, өлердегі сөзіңді тауысып, ар жақтағы бикештердің бет-аузын заочно жалап-жұқтап, ақыры иттен сүйкімсіз боп қала беретініңді қайтерсің! Ол жақтағы шам көстің бикеш пе, кемпір ме, кім екенін бір Құдайдың өзі білсін. Бекет танымайтын біреудің бет-аузын арендаға алмай-ақ қойдым деп телефонға жоламай рацияға отырған. Сәтін салғанда директор кабинетінде болып шықты.

— Ассалаумағалейкум, Сәке!.. Бұл жиен той!..

Жиені несі? Қайдағы жиен?.. Аузына қалай түскенін өзі де білмейді. Әйтеуір жетінші атасының есімі Жиен екенін құлағы шалған. Есімі ме, есіркеп қойған аты ма, оны да кім білсін...

— Тыңдап тұрмын! — деді ар жақтан. — Жоғалтып алдық қой. Сен кеткенде қыс еді, одан бері жер де жібіді.

— Сәке, аздаған шаруа болып қалды. Мен Аюлыда отырмын. Лаж болса маған машина жіберсеңіз. Тіліңізді алса, ауылсоветтің председателі қасына бір депутатын ертіп қоса шықса. Совхоздан екі-үш адам керек. Мал санап алатын, билігі бар, актіге қол қоятын, болашақ дау-дамайда құзыры жүретін болса тіпті жақсы. Біз Асекең екеуіміз Аршаты көлінің аралынан күтеміз.

— Асекең екеуің ауыз жаласып қалған екенсіңдер, түбі от алып қамысқа түсіп кетіп жүрмесеңдер болды, әйтеуір. Менің қажетім жоқ қой?..

— Бұл енді сіз араласатын шаруа емес.

— Түсінем. Жалпы біз араласатын іс пе?.. Соны ойладың ба? Заң орындарының, өкімет шаруа емес пе!..

— Заң орындары дейсіз бе?.. Сөзін біз сөйлеп берсек, аузы қышып бара ма!.. Әрбірден соң жер менікі, су менікі, жайылым да менікі. Артынан қуа шығар жоқшыны да біліп отырмын. Мал иесі менмін деуге жүрегі дауалар ма екен?.. Қысқасы, подхозға қосып алсақ та бізге сот жоқ!

— Оның бекер шығар. Тек қана спецхозға өткізесің. Подхоз — лесхоздың жеке меншігі, спецхоз — өкімет қазынасы. Арасында жер мен көктей айырма бар, жолдас жиен! Біреудің дауын сатып алып қайтесің!..

— Мынауыңыз да ақыл екен, Сәке. Тағы бір өтініш, Аюлының лесничий жүре алмай қалыпты, майқанынан жарылайын деп түр. Соны босатып, ауылына қайтарсаңыз тіпті жақсы болар еді. Қай жолмен қайтады, оны да ойластырған жөн сияқты.

— Оның қайтар жолы біреу-ақ, тек прокурор арқылы! Әзірге үркітіп алып жүрме. Түбі Әбдіжапар екеуін бір соката жегемін бе деген үмітім бар еді... Бүлдіре көрме! Машина қазір шығады.

Бекет кеңсенің астаудай құлыбын қайта бекітіп төмен түскені сол еді, қолында ырғайдың кептірген көк сойылы, танаурап қауынбас та келіп қалған екен, көзілдірігі көк тесіп, шауып алатындай Бекеттің жолын кес-кестей берді.

— Тынеке, кечирип қойғұн, — деді Асекеңнің даусына салып, сынықтан басқаның бәрі жұғады екен, жәй сөйлегенінің өзі кекесін болып шықты. — Мына кілт менде қалатын болды. Кеңсеге кірмей-ақ қойыңыз, мина тастап кеттім.

— О ненің ақысы?! — деп Тынекең ожырая қалды.

— Қандаласы бар екен... Сіз осы Түркістаннан емессіз бе?..

— Қайдағы Түркістан?! Не сандалып тұрсың?!

— Тынеке, онша қатты қасынбай-ақ қоялық, қан шығарып алып жүрерміз, — деп мәмлеге шақырған болып еді, мұнысы да Асекеңнің даусы, Асекеңнің сөзі болып шықты. — Жеңгейге айта барыңыз, иш нәрсені пуртит итмәдім, хозяин дурной дигошті.

Көзілдіріктің шарасынан шытып, айналып бара жатқан Тынекеңнің көзі Бекет пен қоса бүкіл дүниені жұтып қоятындай еді, бас орманшыға оның бет-аузы тұп-тұтас көз болып көрінген. Сол көз өкшелей қуып, Асекеңнің сәкісіне ере келді.

— Әй, шырағым, сен өзің төріспісің, төремісің? — деп тақымдап келіп ол да отырды. Үні сесті, сөзі де шіреп түр: туриспін десе — өлтіремін деп тұр, төремін десе — қолында өлемін деп тұр; Бекет соның қайсысын мойындарын білмей Асекеңе жалтақтап еді, табадағы ералашын жозыға қойып алақанын көтере бергенде:

— Әй, кушынаш! Тарт алақаныңды! — деп Тынекең атып тұрды. — Осының бәрін бүлдіріп отырған сен!.. Іргеден ін қазған көртышқандай бүкіл қоймамды арамдап!.. Атаңа ғана нәғылетай, саған қай күні, қай Құдай тап қылды екен!..

— Иә, не бүлінді? — деп Асекеңнің де ерні шүршие қалды.

Расында ненің бүлінгенін, кімнің бүлдіргенін Тынекеңнің де қанықтап тұрғаны шамалы, әйтеуір ойбайға бассам оңдырмаспын деп:

— Әй, мынауың дүлей ме, дүңгене ме, кім өзі? — деді. — Ай-шай жоқ біреудің үйін бұзып кіріп!..

— Е, бұл сөйтеді, — деді Асекең де қиналып жатпай. — Бұл сөйтеді ғой.

— Атасының басы сөйтеді!.. Мен сөйттірем бұған! — деп Тынекең кеңірдегіне кесек тығылғандай қылғынып тұрып қалды.

— Тынеке, өз басымызға ие бола алмай жүріп, біреудің атасының басын қатырып қайтеміз. Онан да отыр, аптығыңды бас, ералашқа кел. Түннен қалған заһарың да тұр, — деп Асекең ала қоржынды иегімен түртті.

Тынекең жынданып кете жаздады. Есігінің алдына үш барып, үш қайтты. Үш отырып, үш тұрды. Енді болмағанда Бекет жөнін айтып құтылатын еді, қайтадан атып тұрған қауынбас аяғына оралған "чабанский завтрактың" қалбырын тепкілеп қуалай жөнелді, аяғының астындағы қалбыр емес, Асекеңнің басындай екіленіп, еліріп тепкілеген; жыланның басын езгендей қалбырды өкшесімен қабыстыра мыжып, аузы-басы қисаңдап, қауын бастың әлемтапырағы шыққан кезде жирен шабдар келіншек ойбайын салып келіп күйеуіне жармасты; екі иінін жұлып жеп, екі көзі маңдайынан шатынап, екі есіктің арасында аласұрған күйеуін тарғыл әтеш пен қызыл қораздың кебін киді деп шошыды ма, ойбайлағанда даусы Құдайға жеткен, ойбайға айғай қосқан отағасымен алысамын деп жүріп төбесіндегі шөмелесі ұшып кетті де, жирен шабдар келіншек кәдімгі кекілін күзеген торышолақ боп шыға келді. Бекет ойбайдан да, айғайдан да дым ұққан жоқ, әйтеуір он екі взвод қарғыстың жетпіс жеті атасы екенін ғана сезген. Ойбай мен айғай бірін-бірі сүйрелей үйге кіргенде есік көзінде қап кеткен жирен шабдар шөмеледен көз айырмай Асекең бұлқ-бұлқ күлсін кеп. Ғұмырында бірінші күлгені болар, соның өзінде де езуі күліп, көзі күлмеді, ұрты күлгенмен қисық мұрны қырсығып орнынан тапжылмай қойды. Бекеттің күлуге зауқы жоқ еді:

— Обал болды той, — деді.

— Обалды білсең малына да тиіспе.

— Оны қайдан білдіңіз?

— Бұл үйдің қабырғасы да хабар беріп тұрады, — деп Асекеңнің қисық мұрны мансарданы нұсқады.

— Онда не отырыс?..

Ералаш таусылғанша, қара шайнек сарқылғанша, екеуі құла бестіге мінгесіп-ұшқасып аттанып кеткенше есік көзіндегі құла шабдар шөмелеге ешкім қол созған жоқ еді...

Тұяғының бүрі кеткен тырақы керіктей кезеңге кирелеңдеп зорға іліккен Сан Санычтың "көкшолағы" капотын арандай ашып демігіп әлі түр. Бел сауырын сипай көшкен селдір тұман шіріндіге шық байлап кеткен екен, тұман астынан күмпиіп-күмпиіп шыға келген боз төбелер көрпесі ашылып қалған тұмса арудың көкірегіндей; күреңсе тұлымын желпи қоятын да жел жоқ сияқты еді, сірә, тұманды тепкен тұмса арудың көкірегі болса керек. Иықтан басқан өзектің сызынан соң, боз белдің кәусар тынысы Бекеттің де сарайын ашып, көкірегін кере күрсініп салды.

Кезең басын желемік шалды. Желемікте кеңсірік жаратын жеті мың түрлі иіс бар. Жеті мың ба, жетпіс мың ба, кім біліпті. Мүмкін, елдің иісі шығар. Теңкиіп жатқан, дүңкиіп жатқан бүкір жондардың күнқағар беткейі түбіттеніп, ескі жылдың жабағысын жасыл құрақ түрте бастапты. Мүмкін, көктің иісі шығар. Батар күннің астында шалқайып -шалқайып, бүкіл әлеммен иегімен ғана тілдесіп нағыз Алтайдың өзі жатыр; арқасын күнге қақтап, аспанға қарап созылған қожыр-қожыр қыраттары тып-тыныш ұйықтап қалған өркеш жалды динозаврлар сияқты еді. Бір емес, сан көріп жүрсе де Бекеттің жүрегі дір ете қалды. Дәл сол кезеңнен елдің төбесі көрінеді. Елдің төбесі көрінсе-ақ көңіл шіркіннің алып ұшатыны бар. Жеті жыл жүргенде елім бар деп ойламап еді. Енді сол жеті жылы текке кеткендей өкінді. Әтір мүңкіген әке сорлы соны айтуға да жарамапты-ау!..

Жол қамына кіріскен Сан Саныч "көкшолақтың" қолқасына қол жүгіртіп еді, қызуы басылмай, өкпесі қабынып тұрса да капотты таңқ еткізіп тастай салып рульге отырды. Қажыды ма, қалғыды ма, қашан, қай жерде тоқтап қалар екен деп "көкшолаққа" сенбей келе жатқан Бекет Асекеңе мінгесіп кетпегенімді қарашы деп өкінді. "Астындағы атыңа сенбе..." дегенді қазақ "көкшолақтың" заманына айтқан болар. Сан Саныч жылдамдықты біріншіге сылқ еткізіп тастай салды да үңірейіп ілгері қарады.

— Неден үріктіңіз?

— Бұқтырма ғой...

Терең шатқалға бұралаңдап түсетін ирек жолдың бір тұтамы машинаның танауында ғана қалыпты. Терең шатқалды керіп салған Бұқтырманың жалтыры аяқ астынан жарқ етті. Бұқтырма биыл ересен екен. Төмендегі теңізді мұзы кетпей жатып-ақ он метр көтерді деп еді, мына түрімен Алтайды да көтеріп кететін шығар. Айрандай аппақ сұлбасы осы жатысында көз қарықтырады. Жаулығының жапсарынан сығалаған қылымсы келіндей бұлт астынан бір көрінген күн кірпігі де ақ айдыннан тиянақ таппай тайғанап кетіп жатыр... "Ақ Жайық" дейді, "Ақ Еділ" дейді. Бәрін де көрген. Бірақ күншіліктен тасы мен таймені, еңкейсең жүзің көрінетін Ертіс пен Бұқтырмадай ақ су бар ма екен?.. Еліңнен көр! Өзіне тентектік қонбаған соң біріңді "қара", біріңді "бұқтыр" деп асаулығыңды ғана ескеріп, атынды адастырып қойған елің қоңыр ғой!.. Ел?..

"Есің барда еліңді тап" деп неге айтты екен?.. Елді тапты-ау, бірақ, сол елде ат байлап түсер кімің бар? Отыз жыл бойы ат ізін салмай қашып жүрген әкеңнің түрі анау ма?.. "Әкеңді көрген өлмесін" дейтіні тағы бар. Әкесін көргендер әлі бар екен. "Ә, білеміз.." дейді де қояды. Ар жағында емеурін де, құлық та жоқ, көбісі білгеніне өкінетін сияқты. Отыз жасында ел танығанда бүл да әкенің отыз жасын қайталап келіп тұр. Қайталау ма? Бастау ма?.. Әйтеуір бір нәрседен бастау керек еді той...

"Япырай, қиын жігіт екенсің!" — деген Сан Саныч. Бұрын мұндай қиын да қиянат шаруаны көрмесе керек, актіге қол қоюдан бас тартып, "мен тек көлік айдап келген арбакешпін" деп құтылды. Ауыл советтің председателі де бүкіл іс соның міндеті бола тұра біреу жон терісін жеп жатқандай қайқаңдады. Қайтсын, бірі бастыққа, бірі басының бетіне қарап күн кешкен, отырған орнының өзінікі екеніне көзі жетпеген, жетсе — өзінікі еместігін сезген пұшайман жандар да. Бұларды Тынымқұл да қорқытады екен. Ту сыртынан тіреп тұрған "жуан" қолымен қорқытады екен. Мал ба көрмеген Бекет мал ашуын қайдан білсін. Бұзау торпағын, жабағы-құлынын есепке алмағанда елудей сиыр, сол шама жылқы... Елу тұяқ мал жанды қоя ма?.. Еме-жемге келгенде Тынекең бәрін айтып тынды. Атап, атап айтты. Қорқыту үшін айтса өзі білсін. Қорықпаған Сарқыт кемпір мен арамға қолын былғамаған Асекең ғана.

— Япырай, біздің қол да бір әжетке жарап қалды-ау! — деп Асекең мәз боп күлді; осы жолғы күлкісі езуінде емес, көзінде тұр еді, сүйсінгені де белгісіз, кекеткені де белгісіз. Қазір ойлап отырса, "жарап қалды – ау-дың" астарында жасырынып жатқан жара, сенімсіз тірлікке деген сенімі қалаған көңілдің немкетті салқындығы бар сияқты. Адал бол мейлі, адам бол мейлі, қатардағы жұрттың қолы түгіл өзін де әжетке жаратпай тастаған қай мезгіл бүл?!. Ақсақалдың ақылын, азаматтың айбарын, биліктің беделін ұрлап әкеткен кім бүл? Сен өзің кімсің? Сен кімге сенесің? Өзіңе-өзің сенгендейсің бе?.. Қарапайым деп, еңбеккер деп отырып, кішкентайдың елге деген, елдің кішкентайға деген сенімін жұрдай қылып, жуанның көлденеңін, ұзынның артығын отап тастап, баланы да, дананы да бір қалыпқа қуып тыққан соң Тынекеңдер арымен емес, барымен, малымен қорқытпағанда қайтсін. Ауданның пілдей-пілдей басшылары елден, өкіметтен жасырып мал жиса, олардың да біреуді қорқытпасына, біреуден қорықпасына кім кепіл?.. Мешелдің мешел болып қалғанына, Бескемпірдің тақпақшыл болып қалғанына, Жақыптың тасқабақ болып қалғанына кім кінәлі?.. Асекеңдер тайгадан қай музыкантты, қай театрды іздеп келді екен?..Тайганың тыныш жатқан музыканты мен театры Тынекендер мен Сиғандары еді, оларды да сымпитып келе жатқан жоқ! Тайгада отырып шашымен алысып, шошқаның танауын, сиырдың емшегін ермек қылған жирен шабдар келіншектің "бағрим" дегеннен басқа не жазығы бар еді? Малмен оянып, малмен жусаған Тынекендер егініңе түсті ме?.. "Бағрим-ді" естіген құлақ қарғысты да естіп тынды. "Бағримына" да сенген жоқ, бақырып жылағанына да сенген жоқ. Бұл жұртқа бүгінде сенім жоқ. Өйткені, сенімнің өзі жоқ! Дағды ғана қалған. Дағды... Қашаннан бері? Кімнен қалған мирас? Күдіктің атасы, авторы кім еді?..

Қашан тоқтап қалады деп "көкшолаққа" да сенбей келеді. Баранкамен алысқан Сан Санычка да сенбей келеді. Жүрмейтін көлікті білмейтін қол өтірік айдап келе жатқандай.

Әлде не дүңгірлегендей болды. Дүңгірлеген бетон көпір екен. Бетон көпір қалшылдап тур екен. Қалшылдатқан Бұқтырма екен. Ат шаптырым көпірді "көкшолақ" тауыса алмай-ақ қойды. Аңғарды жырта сарнай соққан жел "көкшолақты" ұшырғандай, сарнаған жел ме, желді айдап кеп тұрған су ма, суды қақырата жыртып қарсы заулаған көпір ме, әйтеуір дүние дүркіреп көшкендей Бекеттің басы шыр айналды. "Қара" десең де, "бұқтыр" десең де қарақұрық ымырттағы Бұқтырманың түсі адам жұтқандай суық екен. Қарақошқыл күркіреген ағынға көзі түсіп еді, тула бойы түршігіп кетті...

...ЬІрсиған жар қабақтың басы дүркіреп шыр айналып тур екен. "Қырып саламын!" — деп айқайлап, тепсініп тур екен. Тепсініп тұрған әкесі екен. Әкесі ақ "Волганың" төбесіне тәлтиіп шығып алыпты, қолында маузер, есіріп тур екен. Жар қабақтың ұшар биігінде бір-бір атты жайдақ жетелеген қалың жұрт. Тынымқұл жағасына галстук байлап, басына қызыл әскердің кулагы салпайған шлемін киіп алған екен, қара шабдар келіншек ойбайын салып Тынымқұлдың қолынан қара ала бұқаның шынжырын жұлқылап жатты. "Қырып саламын!" — деп айқайлады әкесі. Сол – ақ екен, пулемет күтір-күтір қақсап жөнелді де жар басы азан-қазан дүркірей қашты... Жөңкіле қашқан жылқы да емес, сиыр да емес, қаптаған "көкшолақ", трактор, "көкқасқа" ма-ау... бірақ, бәрінің де клаксоны жылқыша кісінеп, жылқыша шыңғырып, жылқыша осқырынады екен. Таптап кетеді-ау деп жан ұшырған Бекет қаншама тырбанғанмен орнынан тырп ете алмай...

...Үйелеп қалыпты. "Көкшолақ" коттедждың алдында ырқылдап тұр екен, көк есектен құлағандай қол-аяғы шымырлап зорға түсті...

АЛТЫНШЫ ТАРАУ

1

Тау басына кар түсіпті. Тау басынан аса алмаған жырым-жырым ақша бұлттың бауырын өрт шалғандай, аспандағы жалынның алауы нарттай қызыл перде боп әр үйдің әйнегінде жүр. Қарағайлы қолаттың жықпыл-жықпылында қара киімге жапсырған ақ жамаудай іркіліп тұман жатыр. Апта бойы толастамаған нөсер тайганы да есеңгіретіп тастапты; тым бұйғы, самалы таусылып сызы ғана қалғандай, тек шомылып алған Алтай шындары ғана шыт жаңа, бұрынғысынан да аспандап, керме иық мінез көрсетеді. Көк жүзіне сіңбей, кемер-кемерге іркіліп қалған ақша бұлттардың сүт реңі мұздай суық, шытынаған көк шағыр аспан алда әлі де ызғарым бар дегендей. Еркімен өріп, өз аяғымен қайтатын мал да бақайының сықырып байқатпай бүрісіп, ауылға ұрланып кіріп жатыр.

Бекет өзін елейтін ешкім таппай кешқұрымның беймезгіл уақытында жетімсіреп жалғыз тұр еді. Кеңседен жүре қақырынып Сан Саныч шықты. Ой-күйі, санасы бөлек, тірлігі жұрттан бөтен, шау тарта бастаған бас инженерді Бекет өткен бір заманның аралында қап кеткен көне көздің жұрнағы деп санайтын. Көңілі қоңсы таппайтынын біле тұра, берместің асынан дәметкендей жанасалап қасына барды. Көлік сұрайды деді ме, Сан Саныч өзімен бірге қартайған "көкшолағын" екі-үш айналып шықты да:

— Сайтан алғырдың майы ағып жатыр! — деп әкесінің құны кеткендей доңғалақты теуіп -теуіп жіберді.

— Гаражға апарып қамап тастаңыз! — деді Бекет. — Онсыз да бес машина тоқтап тұр. Подшипнигі еріп кетсе жаяу қаласыз.

Бас орманшының бұйыра сөйлегенін ұнатпады ма, әлде өтірігінің үстінен шыққан соң жалтара алмады ма, мейлі деп көмпіс күңк етті, бірақ багы бір кезде кептіріп тастаған тулақтай өзгермейтін өң-түсі бөтен шырай берген жоқ, күл шашқан бұқадай өкірген "көкшолағын" бұрып алды да Бекетті қасақана түтінге қақалдырып гаражға тайып отырды.

Қиястығы ұстаған Бекет те қуып жетіп доңғалағын тепкісі келіп еді, амалсыз ішінен тілдеп қала берді.

Келіншегі бар, кетпей отырғаны бар, кеңсе тола қыз-қырқын. Күні бойы бірімен бір ауыз сөзге келе алмай іші пысқан. Оның үстіне бас бухгалтер Меңсұлудан басқасы бір енеден туғандай көзге қораш өңшең бір кер пұшық еді, қызметте салақ, көшеге шықса үстіне барын жапсыратын шетінен тыраш па, қазір үйге қайтқан қыздардың бірінен-бірі өтеді; қақпадан ыздиып шығып, кекірейіп кетіп жатыр, әмбе, Бекеттің жең-жағасынан оғаш бірдеме көргендей бәрі де езулерін жымыра күлісіп жөнеледі. Жұрттың соңын ала есік жапқан Меңсұлу:

— Кімді күтіп тұрсыз? — деді.

— Сізді. Су ішкен суаттан адаспайтын ауруым бар еді...

— Қап, қартайып қалғанымды!.. Ілесетін адамды білмейді екенсіз...

Жесірлігінен қорына ма, әлде көңілінде басқа бір сынық бар ма, қағаздай аппақ сұлу келіншектің жүріс-тұрысынан жасқаншақтық байқады. Түс кезінде үйіне ертіп барып, бірер кесе салт шайын беріп отырып та етек-жеңін қайта-қайта тұйықтап, тыстан сықыр естілсе де жалтақтай берген. Емшекте баласы барын, оның әкесіз екенін білген жоқ, бойдақ жітіттің бар аңғарғаны жесір де болса өңірінен тусырай қоймаған тершең төсектің буы.

Әуелде келіншектің аялдатысы келгендей сыңайы бар еді, ат тұяғының тықырын естіп, ту сыртынан әлдебір ызғар сезгендей жалт бұрылып Бекеттің қасынан ұзай берді.

Директор екен. Алпысқа келсе де таза киініп, денін таза ұстайтын сері кісі мынау ми батпақта астындағы шаңқандай ақбозының балағына да қылау жұққызбапты. Сырт көзге керіліп сөйлеп, термелеп тіл қататын шалқыма көрінгенмен, Бекет Сиғаттың жүріс -тұрысына, кісі танытып текті мінезіне қатты қызығатын. Ақ бозды аркасынан бір қағып атшы шалға жетектетіп жіберді де сонан кейін барып Бекеттің сәлемін алды.

— Иә, қал қалай? Бармысың әйтеуір?!.

— Бармыз той.

— Біздің қыздар жұлып жеп қойды ма деп едім... Бап тілеуіңе қарағанда балташы емес, байбатшаға лайық жігіт екенсің! — деп жамбасқа алды.

— Адам бабы ат бабынан қиын боп па. Мініс бермесек боқшамызды арқалап кете саламыз да! — деп бұл да бар-жоқ ағаш отын сарыққан болды.

— Қоңырлығыңды көріп қойдан жуас па деп жүрсем, жатып атарың мол екен-ау! — Сиғат жігіттің бас-аяғын барлай, жымиып езу тартты да аяғын нәшімен тандап басып жолға түсті. — Құданың құдіреті, жасымда қыз-қырқынға қырындағаным болмаса, қартайғанда осылармен қос қыла көр деп сұраған жоқ едім... Жалғанда ұрғашы жұрағатының қолына қаратпасын!..

Меңсұлудың әйнегін ақ шолақ перде жасырып қалыпты. Мезгіл ерте болса да шам бар. Бекет күндізгі дом татқан дастарқанын, иненің үстінде отырғандай именіп, өз столына өзі сыймаған үй иесін есіне алды. Терезе түбінен өте беріп Сиғат:

— Маған жаның ашыса, осылардың біріне тездетіп құда түсіп, лесхоздың жүгін жеңілдетпейсің бе! — дей салды, дей салса да: "осы үйге көз алартып жүрген жоқпысың?" — дегендей әзілінде қағытпа бар сияқты.

Директордың екі қабатты особнягы мұнтаздай: маңайында не қора-қопсы, не жапсырма жәй жоқ, мал ұстамайтын, ұсақ-түйек шаруаға құнт қылмайтын паң тірлік байқатады. Бекеттің бүл үйге тоқтағанына да бір тәулік. Қорым соққан иығы қағынып, сол қолынан жан кетіп қалған сияқты еді, еті жаншылған ба, әйтеуір, сынықтан аман екен, келгелі жалбыз тартып, сылап-сипаған соң ісігі қайтып қалды.

Сиғат үйге кірместен бұрын сырт киімін шешіп қадаға ілді де жуына бастады. Орамал алып шыққан қызы Меруерт әкесінің самайынан бір иіскеп қадаға ілген киімді ала кеткен. Әлгібір әзірде әйел жұрағатын жазғыра сөйлеуіңде ұл көрмеген Сиғаттың жазмышқа деген өкпесі де жоқ, емес. Қызы жұтынып тұрған тым-ақ әдемі. Бұрын да киіп-жарып кететін сұғанақтығы жоқ Бекет бетіне тіктеп қарауға жасқанады. Үстірік тимеген тайганың қотыраш тірлігіне қалыптасып қалғандықтан ба, жүріс-тұрысы майда, қашанда пысы басып тұратын еркін жандарға жанаса алмай – ақ қойды. Екеуінде де бір мінез, Бекет сияқты Құдайы қонақ түгілі Құдайдың өзі келсе де жасайтындары бір ықылас, бір ниет.

— Жүгенімізді ұстап қайттық, — деді Сиғат, қағынып-сілкініп болған соң, Бекетті үйге қарай демеп. — Берсең қолыңнан, бермесең жолыңнан деп мен кеттім. Ертең сирақ орнына сырғауыл қажет болса да бәрі бір маған келіп жүгінеді. Сарт есептен біз де жаңыла қоймаспыз!..

Аюлыға күл түсе бастағаннан бері Сиғаттан ұйқы да қашқан. Анау-мынау ұлтарақтай жер болса бір сәрі, тұтас бір алқапты құрт жейді деген сөз. Індет жайлаған ауданды отап, өртеп, тазарту үшін лесхоздың ез күші қаулаған өртті шыбықпен сабағанмен бірдей. Көрші шаруашылықтардан көмек бола ма деген ниетпен директор аудан басшыларына "жиендік" жасауға аттанып еді, сөзіне қарағанда міндетін өткізе алмаса керек. Ал сарт есебі түгел болса, колхоз, совхоздардың игі-жақсыларымен жең ұшынан жалғасып қайтқаны да.

Бұл шаңырақта адам саны аз болғанмен, келімді-кетімді қонақ бас сайын бір бөлме, сөйте тұра Сиғат семьясына артық та емес, әp куыстың өз орны бар. Артық зат та, ұсталмай сәнге тұратын дүние де жоқ; үлкен залдағы дәу күміс сандықтың үстінен түспейтін алтын ер-түрманнан басқа баталы деген бұлғын ішік, құндыз жағалы шапандар әркімнің үстінде елеусіз жүре береді де елеусіз жерде жататын алтын-күміс жиһаздардың буына мастанған үй иесін көре алмады. Бір қарағанда жұпыны ғана ошақта таусылмайтын қор, сарқымайтын дәулет бар; еш нәрсеге таңдай қағып тамсанбайтын, еш нәрсеге көрсеқызарлық жасап қызықпайтын Сиғаттың ындынында да, көңілінде де өзек талдырмайтын мәйек бар. Ата-бабасынан қалған ескінің көзіндей мүккәмәл — тұз тірлігінің үйлесімі сияқты, байлық үшін емес, барлық үшін, тіршіліктің қажетіне бола жиналған бүгінгінің ағашы мен темірі аралас бұйымдардан үрікпей, қыбын тауып жарасып түр. Тер сіңген тәйтері, сыз бен суға сеп сулықтан басқаны құнттамаған Бекет дастарқанға отырар алдында үй иесі ұсынған сырмалы халатқа сыймай, қымсынып отырған жайы бар.

— Жәкесінің қызы, қонағымыз қоңқылдап отырғанға ұқсайды, тамағың қоңылтақ болып жүрмесін, — деп Сиғат шашын топымен жасырып столға отырды да күміс сапты пышақ пен сары ала жиекті шыны табақтың бірін Бекеттің алдына жылжытты.

"Жәкесінің қызына" Бекет түсінбей-ақ қойды. "Жәкесінің қызы" деген әкесінің даусы естілген сайын қабырғадағы Жамбылдың портретіне қарайды. Портрет те емес, рамаға салып шынымен қаптаған фото-плакат: кей тұстары су тиіп сарғайған, қара елтірі бөрік киген Жәкеңнің де өңі жүдеу, етегіндегі "Ленинградцы, дети мои!" деген өлеңіне қарағанда қырқыншы жылдардан қалған көне сурет сияқты. Өз түйсігің болмаса, түртпектеп сұрағанмен жарытып жауап қатпайтын үй-ішінен қабырғадан қадалып кеп отыратын Жәкеңнің жайын Бекет сұраған емес.

Қай мезгіл болмасын, жыланның басын қайтару үшін дастарқаннан ұзап кетпейтін сүр қазы мен суық карта бүркеулі қалпы етекке сырғыйды да жас кепенің сірнесіне орын берді. Сыпайлықтың реті осы шығар деп Бекет кепенің ортан жілігін шұқылап сызылып отырған, "іш, же" деп Сиғат та қонағын қыстаған жоқ, орамал-сулық әперіп, тамақтың тұздығын, табақтың сәнін аңдыған қызы да елпектік жасамады.

Бір баласының сыбағасы суып қалса тәбеті бұзылып, күні бойы күңкілдейтін анасын, семьяның бір мүшесі түгел болмаса тас-талқаны шығатын әкесін есіне алды. Үрім -бұтағының төрт көзін түгендеймін деп қылаяғы ас-судың үстінде де қыжылдай беретін тыраш әкенің бар еңбегі зая кеткен секілді: бес ұлдың тұңғышы Бекет еді, мектептегі кенжесінен басқаның бәрі де қырым-қытайда, ішіп-жеп кететін қарын бөле туыстар қолы аузына жеткен соң қазір сейілген. Әлі де әжептәуір мекеменің екінші креслосын босатпаса да өз ошағына шамасы жетпепті, бір ұлы массовканың артисі, бірі — Шаумян артеліндегі фанер күркенің етікшісі, үшіншісі еңбек түзеу лагерінде отыр. Бәрінің берекесі шамалы, әрі суық өскен, кісілікті айтпағанда кішілікті білмейтін өзімшіл жандар. Әке-шешенің арқасында жұрт кимегенді киіп, ішпегеннен құр қалмай, жарымасқа ұқсап таласып -тармасып бақас боп өскен жоқ еді, білікті өмір кешу үшін емес, күн көріс үшін бақал тірлік қуып кеткендеріне Бекеттің өзі де таң. Мынау дастарқаннан, мынау екі бірдей сібер жаннан именсе, жігіт қазір осыны сезініп отыр.

Тәрелкесі қайта-қайта шықырлап, пышағы құрғыр былбыраған сірнеден де тайғанай берген соң, бәрін тастап жілікті қолына алған, қышырлатып жұлып жеуге қымсынды да ақыры кейін сырып, екі қолы столға сыймай, абратқа телмірген байлаулы торпақтай мөлиіп отырып қалды. Етпен жарыстырып сорпа жүгіртпейтін бүл елдің әдеті шығар деп еді, сірнеде сорпа облмасынан бейхабар байғұс сұрап отырып, бір кәрлен ашымалға қолы зорға жетті, бірақ Меруерт оны да қорлағандай мөлтеңдетіп ұсынды. Амал жоқ, сарқып берді. Бұнысы да оған тепкілеп ішкізгендей көрінді. Сиғат тамақты құнығып жемейтін, табақты сұғынып қопармайтын кісі екен, еттің жылы-жұмсағынан тандап қана шұқыды да:

— Қонақ тойса біз де тойдық, — деп қызына қарады.

— Қонақ тоймаса қайтадан қазан көтереміз, оған дейін аздап дем ала тұрыңыздар, — деп Меруерт езу тартты.

Күлкісі әсем. Еңсесі еркекпен таласатын сұңғақ. Жұп-жұмсақ бет-пішінінен Сиғаттың нақ көшірмесін таба алмады да, сірә, шешесінде орыс жұрағатының қаны бар-ау деп жорыды. Жүріс-тұрысы әкеден аумайды, тек қайталау жоқ, жаттанды емес.

Бірін-бірі андығандай екі адам отырып тіл қатыспағаннан қиын нәрсе жоқ екен. Манаты етектен кеткен сүр қазы мен суық қарта бүркенішін сыпырып, ақ самауыр, сырлы шыны аяқтар столға жайғасқанша Сиғат лям-мим деп Бекетті әңгімеге шақырмады, бұл да оның көңіліне кіріп кете алмады. Жеті жылдан бері лесхоз бен леспромхоздың кикілжіңіне орай бірде араз, бірде тату болып талай рет алдынан өткен кездері болып еді. Бекеттің тағы бір түйгені, жұрт бірде алшы, бірде тәйкі түсіп жатса да Сиғат төрт аяғынан аумайды, ішін алдырмайтын, қыры мен қалтарысы мол адам ба деп қалды. Соған тәнті болып, ұқсап баққысы да жоқ емес, бірақ қаншама жаттағанмен жоқ жерден жабылығын көрсетіп ала берді. Бір тәулік еру болып жатса да тізе түйістіріп отырып көңіліндегі сырын ақтарған емес, кейде шаруаның қамы киіп кете береді де, кейде үндемей отырып-ақ ауыздан қағып, керек сөзіңді кәдеге асырмай тастайтыны бар. Ширатылуы көбейіп кеткен соң тағы да талай бабы бар шығар деп ойлаған, бұл жолы Сиғат кесесін тез төңкерді.

— Ал, Жәкесінің қызы, ораза-намаз тоқтықта, ішке ел қонса, Бекет екеуміз мұндасып жаталық, енді бізге орын сайла.

Ыдыс-аяғын жалап-жұқтап, таңнан қалған, таңға қалған шаруасын тындырып алмай қонақжайын ойламайтын күйбеңшіл "пысық" әйелдер болушы еді, жоқ, Меруерт дастарқанға байланбай бірден екінші қабатқа көтерілді. Залдан тура шығатын баспалдақтың әр сатысын нығыздап, санап басқан тақымы тоқ, ақ балтыры мүсінді екен, жоталы бөксесі қылдырықтай беліне таңып қойған бөлек қоң сияқты, бірақ олпы-солпы арам ет емес, кәдімгі құлын сауыр. Оқтаудай жұп-жұмыр ұзын мойнын қазмойын аттай кергітіп, тым кербез ұстайтын көрінді. Ту сыртынан қадалған Бекеттің аш көзін сезсе де қысылған жоқ, қызықсын деп бар-жоғын әдейі тоспады да.

2

Желемік. Ауаның сызынан ба, теңселген ағаш басының сыбдыры жоқ. Шырша мен балқарағай аралас бүйрек-бүйрек белдер көкжиектен Алтайдың биігіне тармаса шұбырған кірпілердің жон арқасындай болып көрінді. Түн ылғал, денеге сүйкімсіз, демге ауыр екен. Жер де жеркенішті, ұлтаннан өткен ызғар миыңды тебеді. Бекет шылымын тұтатып алғанша Сиғат едәуір ұзаңқырап кеткен, әдейі бөлектенді ме, артына бұрылмаған соң, бұл да соңынан қуа қойған жоқ. Темекісін түгесіп бір байқағанда сорайған қарасы маң басын көз көрімдегі ат қораға еніп барады екен. Ақ боздың ақырын жатар алдында бір қарап қайту әдеті болса керек, жуырда оралмайтынын білген соң, бойымды суыққа босқа алдырмайын деп, ай жүзіне шырт түкіріп тұрған тәкаппар особнякқа кайта бұрылды.

Бекет қонақкәдесін жасап үйте кіргенде үлкен зал бос еді. Ат шаптырым стол да бос. Найқалып жатып бап тілейтін адамды қоналқы иесі жақтыра бермейтінін жақсы білетін Бекет аяғының ұшымен басып жоғарыдағы таныс бөлмеге өтті. Ақ жапқан сүттей тахтаның қасында Меруерт тұр екен.

— Шешініңіз! — деді.

Жігіт күдіктенді.

— Шешініңіз! — деді.

Манаты бір биязы үн емес, даусы қатқыл, қонаққа емес, күндегі көзтанысқа жасайтын өзімсіну бар. Бекет қысылса да қарсылық еткен жоқ. Жындысайдан жаны қысылып арсы -күрсі боп келгенде де Меруерттің езі шешіндіріп, иығын былаулап берген. Содан кейін де қыз алдынан екі-үш дүркін өтсе де именіп-ақ бітті.

Меруерт Бекеттің жауырыны мен топшысын дым мақтамен ұзақ сүртіп, ұзақ сылады. Алақаны жұмсақ екен, ауық-ауық сырқырап, сыздап кеміретін иығы ыстық бумен сабағандай шымырлап, тұла бойы балқыды. Маужырап отырып:

— Алақаныңыз майда екен, — деді.

— Жұрттың бәрі балташы емес қой, — дей салды.

— Жағынайын деп отырғам жоқ.

— Сырқат адамға артық сөз де жүк. Сіз маған қазір қонақ емес, клиентсіз.

Меруерттің осындағы емханада дәрігер екенін білетін, бірақ ғұмыры балтыры сыздап көрмеген Бекет дәрігер мінезін білмейтін. Сыйы бір басқа, міндетке келгенде ибасы бөлек, қасаңсып кеткен суық жан ба деп еді, спирттен компресс жасап, иығын қайта танды да Меруерт комодтан пижама алып ұсынды.

— Ұйқыңыз тәтті болсын!..

Үні тағы да басқа, кулагына жағымды естілді. Үндемей жүріп-ақ үлкен-кішіге билігін өткізетін, жиырманың етегін шалса да өтпей отырған қыз емес, көңілдегісіне кезікпей, кетпей отырған қыз тәрізді. Бекет әрі-сәрі. Қолындағы шыт жаңа пижама мен ақ мамық төсектен денесі үркіп отыр. "Көтеріп атқа салғаныңды қайтейін, сауырлап мытып алған соң" дегендей, бұлардың сый-сияпаты да міндет пен менсінбеудің арасындағы салқын емеурін бе деп қалды. Едендегі түкті борпылдақ кілемге жантая кеткісі кеп бір тұрды да, ақыры ақ жібек пижаманы түршіге киіп, ақ мамық төсекке тітірене қисайды. Крахмалдап тастаған ақ дәкеден қардың иісі шығады. Жан рақатын да кептен ұмытып кеткен екен-ау.

Тахтаның сыңары бос. Айдың қағаздай боз сағымында қаздиып отырған құс жастықтың сорайып түскен көлеңкесі серейіп жатқан адамның сүлдері секілді еді. Тымпиып тіл қатпағаны болмаса, алды-артыңның тынысына дейін баққандай. Бүйірінен шошыта түртіп қалғысы келді...

Ақылгөй ауызға зар еместі. Әкесі байғұс та өсиетке жорға болатын, бірақ соның бәрі де данадан диуанаға дейін жатқа білетін дайын уағыз, кодекстің сүресіндей әлдеқашан жазылып қойған таныс ереже. Ата-анасын қанжығасына байлап, өсиет-тәлімін тұмар қып тағып жүрген ешкім жоқ, парыз-қарыздың міндетін өкімет өз мойнына көтеріп алған соң, ол уайымнан бүгінде еркек, ұрғашының бәрі құтылған. Енді мынау дүние жалған тірліктен Бекет те тай тескен тебін құрлы қарайған өз орнын табуы керек сияқты. Әлде өрісін таппай жүр ме, әлде дайын сүрлеудің тақтағы тасырқатып тастады ма, әйтеуір, өзіне-өзі разы емес. Көрінгеннің бутына жармасқан жетім қозыдай осы уақытқа дейін түртініп келіпті. Бүл да әуел баста даяр дастарқаннан адаспай, өз дәнін өзі тауып машықтанбаған дәрменсіз де масыл тірлігінің сүйекте қалған бір сарысуы шығар. Атлас көрпенің астында ерігіп жатып асылық жасағаны емес, табиғаты бөтен, іші-сырты жұмбақтау Сиғат серімен жалғасқан алғашқы жылы-ақ түсінген сезімі осы еді...

...Ішкенге мәз, жегенге тоқ жүрген. Бүл тоқтықтың да баяны болады деп ойлаған жоқ, тайга жалықтырған күні тайып отыратын шығармын дейтұғын. Босағасынан төріне дейін тайғанақ баракта калымщиктермен карта соғып, онан қалса Бескемпірдің қашанда бес намазға бергісіз, бес шумақтан аспайтын әләуләйін ермек қып уайымсыз жатқан. Сүзектей созылған күздің боз жаңбырында қос ат жеккен тарантаспен ауылдың батпақты тар көшесін қақырата жыртып осы Сиғат келе қалды. Басынан бақайшағына дейін былғары киіп, өңірінен былғары иісі аңқыған, кексе де болса көркем, жігіт атасының соңынан калымщиктердің тайлы тұяғы қалмай өре жүгірді. Бірі "сері" кеп қалды десті, бірі "серый" кеп қалды десті. Бекет Сиғаттың серілігін де, қасқырлығын да кейін түсінді. Ал, ол жолы леспромхоздың бракқа шыққан бір ту биесі пышаққа ілініп, ала жаздай ұрғы майланбаған "тағы тайга" тегін асқа бір жарып қалып еді. Жәшік-жәшік желікпенің сусыны да Сиғаттың қалтасы. Өзі ауылдың шал-шауқанын жинап алып бөлек кәмпән болып жатты да, қалған бар дырдуы Әбдіжапардың қолымен істеді. Бір кештен бір айлық мәйек жинайтын Әбдіжапар да разы, бір кештік құрсаққа мас болған жетім саяқтар да қарқ. Сиғат ертеңінде жігіттерді тасқабақтай қатыстырып, маңдайынан шертіп жүріп таңдады. Иегі ұстарадан тозған кекселер назарға ілінбей қалды да бетінің безеуін түбітпен жасырған кәде сақал бозбалалар бөлек сапқа тұрды. Спескеге іліккендер де мәз, ілікпегендер де ренжіген жоқ. Бекет тұңғыш рет мәкүрік жұтқандай ішкен-жегенінен жеркеніп, лесхоз директорын ит етінен жек көріп қалып еді. Бақалшының пұлындай барықсыз саудаға түсем деп ойлап па. Былғары сықырлаған сері онымен таяқ тастам жерден саусағын тіреп сөйлесті.

— Сауатың бар ма еді?

— Ептеп қара танимын.

— Кешке жолығарсың.

Келесі таң Әбдіжапардың үйінде атты. Сауаттың не екенін трынкаға отырғанда түсінген. Сиғат сауаты барын да, жоғын да тұттай қылып шешіндірді. Бір картамен екі рет ойнаған жоқ. Бір ойыннан қалыс қалған жоқ. Тұт бойы бір күлмеді, іңірде құйылған коньяктан түні бойы бір татып алмады. Таң атқанша қолы шықты. Таң ата бокалын босатып, балқарағайдың жалғыз түйір жаңғағын таңдайына салды. Қасымда жұрт бар-ау демеді, жұрттың да оның жүзіне тіктеп қарауға шамасы келмеді. Көбі қалтасы қағылған соң, ас үйдегі ыдыс-аяқты тіміскіп қаңғып кетті де, ол түзге шыққанда да орнында пішен болып қалған ақшаға бір пенденің қол созуға дәті жетпеді. Жұтынып қойып бір-бірін аңдысқан өңшең нышана байғұстар ол қайтып кіргенде де бір-бірінен күдіктеніп, айыбы болмаса да мешке отырған мысықтай мықындарынан майысты. Сабыны мен сүлгісін ала жүгірген Әбдіжапар легені мен шәугімін тор алдына сүйреп келіп қолына су құйды. Сулықтан жеркенді ме, Сиғат саусағын сілкіп кептіріп, пішен болып жатқан ұтысын да жұрт алдына қолының сыртымен жеркене сырғытты. Тиын сіңірген жоқ, шашылып қалған майдаға қараған жоқ. Іңірдегі жылы жүзі таң атқанда бездей боп қатып алыпты, өзін-өзі іштей жеп, өзінен-өзі жеркеніп, қонаққа келіп қораға түнеп шыққандай көңіліңде астан-кестең қапалық бар сияқты еді. Жігіттерді лесхоздың құрығына картаның әмірімен байлап тастап:

— Теперь вкалывать будете! — деді. — Вкалывать, мои кроты!

Бәйек болып былғары пальтосын ала жүгірген Әбдіжапардың қолынан киінбей арбакешін күтті. Екі бұты таяқтай, майын сытып алған аш бүйендей бырысқан қара қатынның кешірім өтінгеніне құлақ түрместен үй иесіне бар айтқаны: "бұл қораға сексеуіл жиғанша мегежін ұстаған жон ғой!" — деді. Одан соң пар ат жеккен трошпеңке тар көшені қақырата жыртып тайып бара жатты. Одан соң қасқырдан қалған жемтікке таласқан көпек иттердей бір қауым жұрт стол басында ырылдасып жатты. Одан соң әу баста қатынға жарымаған Әбдіжапар байғұс тағы да жесір қалды; Сиғат тілімен айтқанда ол қорада мегежін де, баспақта, торышолақта болған, бірақ, жарымағанның аты жарымаған екен!.. Біреу әйел алса Сиғаттың көзі мен сөзінен жасырады деуші еді, Әбдіжапардың ұзақ мерзімге жесір қалғанын Бекет Сиғаттан көріп жүр.

Содан бері де қақпа құлдың тасындай бір қолдан бір қолға көшіл, леспромхоз бен лесхоздың арасында талай жыл өтіп кетті. Ала жаз бен алты ай қыста ағаш кесіп, сал айдап Әбдіжапарға есек болады да, қара күзден қаңтардың аязына дейін Сиғаттың құрығынан құтылған жоқ: тоң айырып ағаш тұқымын себеді, көшет отырғызады, кеңсірік қаңсытып қайың қабағынан қара май сығады. Қыс пен жазда талай қырқаның орманын ит жұтқан терідей боршалап шықса, көктем мен күзде келіп соның бодауына шыбық шанышады. Өртеймісің, өсіремісің — мал тапқысы келген өлерменге бәрібір. Бірақ содан жарып жатқан саяқтар жоқ, содан атақ-даңқың шығарған игі-жақсы да жоқ. Жылы ошақ, жайлы күйдің қадірін сыйламаған жамбасы сыз, жауырыны мұз берекесіз жұрт тіршіліктің қасиетін білмейтін болуға керек те, бірді алып, бірді салып, ит мініп ирек қамшылаған берекесіз шаруа, басалқа болғысы келген басшыға не атақ, не бақ болып қонбайтын сияқты.

Өзін-өзі қажағаны болмаса, Бекеттің өмірге өкпесі жоқ. Біреудің барын, біреудің бағын қызғанып көрген емес. Кішкентай болса да көңілінің түкпірінде жатқан арманы өз бойына жетерлік жүк. Сол арманын түртіп оятқан Сиғат еді. Әуелі сырттай институтқа түсуге итермеледі; балта, күрек ұстаған қалың шобырға қоспай, төрт-бес қызметкеріне қосақтап, орманның аумағын, қорын өлшеттірді. Ленинград, Архангельскіден келген комиссия, экспедициялардың құрамына таксотар етіп ілестіріп жіберіп жүрді. Диплом жұмысына жетекшілік жасаған да өзі болатын. Директордың дардай ғылым докторы екенін де жеті жыл өткен соң білді. Лесхозға бас орманшы етіп бекіттіріп қайтқан да Сиғат еді, жетегінде желе бергені болмаса, қарсылық жасаған жоқ. Тек жолының тым жеңіл болғанынан күдіктенеді, өзінің бас жібіне өзі ие бола алмай әлі күнгі біреудің қолына қарағанына қысылады. Сол жанашырлықтың жақыннан да емес, дүниянуи жанасымы да жоқ адамнан, тек бір-ақ адамның қолынан шыққанына таңы бар, мойнына жүз батпан жүк артқандай, түбі осы бір борыштан құтыла алам ба, жоқ па дегенде өзіне-өзі сенбей жасып қала береді. Институттың зиялы қауымы диплом жұмысын орман шаруашылығына байланысты экономикалық үлкен мәні бар ғылыми еңбек деп бөстіргенде бірдемені тындырып тастағандай төбесі көк тіреп еді. Сөйтсе мұның аяғы да Сиғаттың мүсіркеуі болып шықты: қолына балтадан басқа дым ұстамаған саяқтың тоң боп кеткен миынан не шықсын деп ойлады ма, әлде студенттің шатпағынан шаруаға келер-кетер пайда не деп түйдім де, кейін министрлікте жүріп Сиғаттың соңғы еңбегімен танысып шыққанда диплом жұмысының сол еңкеюің шағын бір тарауының жайдақ көшірмесі екенін сезді. Ептеп намыстанып та көрді, ептеп онысын айтып та көрді. Ұстазы оған пәлендей мән беріп жатқан жоқ: "студенттің алты жыл оқуы — информация, дипломы — болашақ ісінің бағдары ғой" — дей салған. Өзіне кіріптар қылғаны ма, әлде сол болашақ іске сүйреп салған бағдары ма, сол арасына көзі жетпей, жігітің Сиғат алдында кішірейіп қала беретіні де осыдан еді. Сөйтіп жүргенде астанаға тағы да Сиғат келді, Ақсу лесхозының орман қорының категориясын анықтауға байланысты Мәскеуден қайтқан сапары екен...

3

Сыртқы есік сықырлады. Сиғат екен. Жоғарыға баппен көтеріліп, баппен шешініп, баптанып отырып пижама киді де жамылғыны көтерместен жеңілтек жатып қалды. Демі ауыр, тынысы тым жиі. Ат қораны ымырттап қайтқаны әншейін сылтау ма деп ойлады. Кешіккеніне қарағанда өңірінен еш болмаса салқын дым тепсе керек еді, тұла бойынан желемік түннің сызы емес, жылы көрпе мен әйел көкірегінің жұп-жұмсақ лебі шалқыды. Көз алдынан тағы да Меңсұлу көлбеңдеп өтті, кептер тос келіншектің оқтаудан жаңа шыққан әжімсіз қамырдай аппақ алқымын елестетті. Тосапты да үрлеп ішін, шамасына лайықтап, өзіне жарасымды әз ғұмыр кешкен осы кісілердің де өкініші бар ма екен?.. Дүниеден шалқып өткен соң көмусіз қалсаң да бәрібір емес пе?!. Қарақшыдай басында ербейіп тұратын көк тастың кейінгіге көз алданыш медеті болмаса, сенің рухыңа, аруағыңа жебеу болып, қанша қарқ қылар дейсің?!.

Сиғат күрсінді.

— Ұйқының қашқаны — қауқарыңның қайтқаны да, — деді. — Кәрі-құртаң қора-қопсыдан ұзамаса малсақтығы емес, әрекетінің таусылғаны екен...

"Бүркіт қартайса тышқаншыл" дейтұғын бір әзілдің реті келіп еді. Тышқан ауласа да бүркіттің аты бүркіт қой. Зауал серінің көкейіндегі күдігіңе дейін күні бұрын оқып, ішіндегі итіңнің шәуілін де өзінен бұрын естіп, айтайын деген лебізіңді аузыңнан шықпай жатып ескіртіп тастайтынына таң қалды. Сірә, тек жатқан дұрыс болар...

Екі қолын басына жастанып алған екен, едірейген қос шынтағы мен мұрнының қоңқиған қабырғадағы көлеңкесі құйылып кеп аңға түскен бүркіттің канат жайысындай көрінді. Бекет оның көлеңкесінен де жыртқыштың келбетін таныды. Ай сатымын кір шала бастапты, тегі тыста тұман болар, ала кеуім бөлменің іші қоңырлап жұмсақ тартып, әрбір заттың сүлдері өлеусіреп, алыстап барады.

— Солай де!..

Сиғаттың үні жер түбінен естілгендей болды. Бекет қалғып барады екен.

— Жиырма шаршы шақырым десек жаңылмаймыз ғой?

— Мөлшерімен...

— Үшінші категорияға жатқызамыз ба?

— Үшінші категорияға жатқандай ол жерде орман да жоқ.

— Онда екінші дейміз ғой... дұрыс. Қолдан келіп тұрғанда Әбдіжапарды тақымнан шығармау керек. Жиырма шаршы шақырымға леспромхоз бәрібір ағаш егіп, тазалап бермейді. Оның есесін штрафпен, жұмыс қолымен, транспортпен өндіреміз. Бізге Аюлыны аршу үшін қаражат қажет. Түсіндің бе?

— Онша кірмей жатыр.

— Ендеше, кезінде көрерсің. Тек ертеңнен бастап облыстық басқармаға қатынас қағаз әзірле, — деп ұйқы меңдеді ме, Сиғат есінеп алып біраз үнсіз жатты. —Иық қалай!

— Өлетін емеспіз.

— Өзің жасып қалғаннан саумысың?!. Тұздаған қиярдай сөлің сорғалап, солбырайып кетіпсің?.. Қайын жұртыңа да барарсың, пұшық күйеу де атанарсың деген екен, пұшық атанған бір сен емессің, оған бола жүйкеңді тоздырма! — деді. Бітеу неменің саңылауын таппадым ба дегендей артынан тағы да ежіктеді. —Астанаға тұяғы іліккен жұрттың бәрі айды аспанға шығарған жоқ. Ол әншейін анекдот. Абырой деген шіркінді аяқ астынан алақандай қатырма қағазбен қатып ала берсек, мансапқорлар ендігі Құдайды да тағынан төңкеріп тастаған болар еді... Есі бар азамат санасымен байитын сарт сияқты кішкентай тірлігінен ұлан-ғайыр береке күтпейді.

Бекеттің жүрегіне ине қадалғандай шым етті. Мүсіркегені ме, қайрағаны ма?.. Ит арқасы қиянда жатып жалпақ жұртқа жуандық жасаған сақа серінің кесірлігі ме?.. Кішкентаймын деп бақыра берсем аузыма еміздікті сен саламысың деген бір тік соз көмейіне келіп қалып еді, шаңырақтың бөтен екені есіне түсіп тілін тарта қойды. Әлдебір бөтен үйде әлдебір міндетін сатқандай еру болып жатқаны өрескел екенін сезді; сызылып ішіп, сыпайылықпен тойған бір тамақтың, сыбырлап сөйлеп, сызданып тыңдаған сұхбаттың жалқы көңілге шипалығы қанша?!.

Күн райы бұзылайын деді ме, топшысы сыздап, сол қолы қағынды тигендей қайта-қайта селкілдеп, шошына берді. Ұйқы қашқан. Тұрып далаға шыққысы келді. Түн ішінде киініп, жұрттың шырқын бұзғаны да ерсі екен. Қыбыр етсең крахмал сіңген простыня қаңылтырдай қаудырлап, екі этаждың бұрыш-бұрышына түгел хабар береді. Бәрінен де қасындағы Сиғаттан сескенді. Былқ етпей жатысына қарағанда Бекетті аңдитын секілді. Қызын қорыған бір шал түн жарымда есік сипалаған бір қонаққа: "шырағым, төсегіңнен адасып жүрсің бе?" — десе, сасқан жігіт: "қайдан білдіңіз, мүмкін мен су ішкелі жүрген шығармын!" — депті. Бекет мырс етті де артынша бесікке бөлеп тастаған баладай бұлқына алмай сіресті де қалды. "Әдептен азбайтын, жазмыштан озбайтын жабы байғұс -ай!" — деп сөкті өзін. — Барға мәз, жоққа дәрменсіз кешіл неме!

— ...Кешегі күнін көңілмен кешіп шығып, өз бойынан не бір қасиет, не бір мінез таппай қайран қалды... Бұған қарағанда қайта етікші болса да інісі Қапардың тірлігі көл-көсір екен. Күніне жартыны керпұшық қатынынан жасырып, фанер күркенің іргесіне тығып ішсе де қолы ұзын, көңілі дарқан. Астында танауы мен құйысқаны бір тұтам боз шолақ "мәсквіш", жүрген жері думан. Ешкімге міндет артпайтын етікшілер әулеті өзі қарайласпаса өзіңнен дәметпейді. Жұрағаттың күңкілі мен келімді-кетімдінің көзі түрткі болып үйге сыймаған соң, мұз айдынындағы "Медеу" қонақүйінен інісі орын алып беріп еді, үш ай бойы қыз-қырқын, бозбаланың қызығынан қалдырмай, қалтасына тиын-тебенге дейін салып, күн сайын дастарқанын да құрғатқан жоқ...

...Қала түстігінде шіреніп отыратын Алатау сол жолы аласарып кеткендей көрінді: баяғы ақ шаңқан сәлдесі жоқ, күңнің кір жаулығындай шың басында сауыс-сауыс шоқпыт жатыр; демі қапырық, самалы түтін, кезінде өткел бермейтін Кім-Асар да малта тастардан секіре алмай шыжың боп қапты, қой кешкен лай судай қызыл күрең сарық, Үш ай қонақ болғанда сағасынан бір елік үрген жоқ, қолаты — қаптаған тауық күркелер, табаны — қора-қопсы, Көкбазар есек арба, көң-қоқыр, сырахана, шәшілігімен осында көшіп келіпті; жан сауғалаған жұрттың қашып тығылар саясы тау қуысы болғандықтан аздаған кафе, ресторанды таңнан кешке дейін керіп жатқаны. Бұған сауықтырма санаторий, демалыс үйлерін, пионер лагерлерін қосса, әр тасқа бір адам, бүкіл республика осында өріп жүр.

Қапар Бекетті бойдақ деп таныстырған соң ба, әлдебір ежелгі танысымен шатастырды ма, люкс тауып берген қонақ үйдің кезекші администратор келіншегі Тәшкеннің алыпсатарын күткендей бұлаң қақты... Екі сөзінің бірі — "ой, жаным-ай!" Күлсе де, кейісе де, отырса да, тұрса да — "ой, жаным-ай!" Жанын жеп, көкейін тесіп бара жатқан ненің күйігі, ненің қызуы екенін Бекет біле алмай-ақ қойды. Өңі жұқа, таң бозындағы нұры семе бастаған балауыз шырақтың боз сағымы сияқты ажары оңа бастаған, тозыңқырап қалған жүзінен Бекет таныс бір адамды шырамытқандай еді, бірақ, қанша ойланса да қысыр жыландай сумаңдаған сылаң желістің иесін таппады. Шолақ "мәсквішін" салтанатқа қомсынды ма, қарар мұны әкесінің сүттей ақ "Волгасымен" әкелген, шофер жігіт Ойжанымайды көрген сәтте-ақ, "нағыз тұсақ бөксе, құс таңдайдың өзі екен!" — деп тамсанды. Әйел табиғатынан шала тана сауаты бар Бекет "нағыз тұсақбөксе, құс таңдайдың" не екенін сұраған да жоқ. Бір-біріне ұласқан талай дырду, талай нәрсені ұмыттырған еді. Алғашқы емтиханның салтанаты, келесі емтиханның қуанышы, диплом қорғаған күнгі ұлы-жіңтір банкет... Қапар да, Бекет те шашылды. Мықтап шашылды. Қызықтан аяғанды ит жесін деген. Шынында ит жегендей болды. Кафе мен ресторанның столында, даяшының шөнтегінде қалған қайран сомалар бір кісінің көзіне көрінсе ғой!.. Ішіп-жеп кеткендердің бәрі де бейтаныс; ұйғыр, армяны аралас еркектерді етікшілердің санатына қосқан, қыз-қырқынның есебін алып, түрін түстеген жоқ, көзінің астына көк сүрме жағып, жасанды кірпік жапсырған таңқы құйрық шолақ бикештердің маңайына жолап, аты-жөнін сұрауға да ниет қоймапты, олар да мұны көзге іліп, менсініп жатпады. Әйтеуір жыртаң жұрттың ортасында жалғызсырайтын да отыратын; биге шықса да, дастарқан басында да мұның қасында әйел жұрағатынан ылғи шетке шыққан қырсығы мен штукатуры қалыңдау кекселері тана қалатын еді. Бекетті жақтырқамайтын Ойжанымай. "Япырай, осыны қайдан көрдім?" — дейтұғын да қоятын. Бір қызығы, жалаңаш көрген сияқты болады да тұрады. Әлде түсі ме екен?.. Жалт-жұлт еткен танадай көзі, наз күлкісі, сосын мынау өкшесін серпіп басатын сылаң желіс... Қапардың қаладан теңдеп келген бір қап пластинкасы таусылғанша Бекеттің құлағы тұнып, басы айналады. Осы қабатта администратор болып істейтін Ойжанымай да бір қап пластинка таусылғанша сан дүркін айналып соғып, Бекетті шырқ үйіре билеп кететін. Биі басқалардан бөлек, еден тепкілемейді, төс салақтатып секірмейді, бөксе бұлтыңдатып мекерсімейді, қаңбақтай үйірілген келіншектің нәзік те тастай денесі жұқа көйлектің ішінде бөлек-бөлек боп ойнап тұратын еді. Әдейі болар, ылғи да жұқа жібек киеді. Жұрт көзін ала беріп, Бекетті терістегі балконға шығарып әкетеді.

— Ой, жаным-ай!.. Белдігіңнің айыл темірі батып кетті той! Шешіп тастаса болмас па мұнысын! — деп аш құрсағын сыйпайды да сақылдап күледі. Сонан соң сүйріктей саусақтарын буынынан сындырып, оқтаудай жұл-жұмыр әдемі білегін бишідей майыстырып Бекеттің иығына тастай салады. Бекет солдат белдігін онан сайын қынап:

— Біз балта ұстаған адамбыз той, — деп ақталады. — Ашықсаң — белге тоқ, шаршасаң — бойға қуат, ерегіссең — қару.

— Мейлі, шешіп таста! Аш емессің, шаршайтындай шау тартқан жоқсың, екеуіміз төбелеспейтін де шығармыз.

Люкстан Қапардың үндеткен ысқырығы естіледі. Бұл оның "бөлмең бос, біз кеттік" дегендегісі. Бекет те кетсе кетсе екен деп отырады. Бөтен жұртқа иісі қосылмай-ақ қойды. Саяқ тірлігін аңсайды да отырады. Аула түкпіріндегі бульдозер кеміріп тастаған балшық жардың айғыз-айғыз сорасына қадалады да отырады.

— Қалтырап кеттім... құшақташы...

Бекет оның кешкі тау самалынан күсеттеніп кеткен аш білегін сипайды. Балта сабынан тайғанақ болып қалған алақаннан тітіркене ме, Ойжанымайдың денесі түршігіп, тағы да сақылдап күледі.. Бекет қысылады да қолын тартып ала қояды. Екеуі тысқа шықса, ту сыртынан үшінші көз қадалып тұратындай болатын. Жауырынын шымырлайды. Бірақ сол үшінші көздің қай қалтарыста екенін таба алмай-ақ қойды.

— Жұрт көзінен ұят шығар...

— Онда номерге кірелік.

— Қапырық қой.

— Онда кресло алып келейін.

— Қызметің бар емес пе?

— Қыздарға табыстап кеткем.

Ойжанымай шатқаяқтаған терең креслоның қашанда сыңарын тана әкеледі де Бекетті шұңқырына отырғызып, өзі секиіп жақтауына қонақтап алады. Сонан соң тағы да білетін...

— Орын ауыстырсақ қайтеді?..

— Біз отыра отыра болдық қой. Онсыз да отырып тозған адамбыз.

— Тоздым дегенің бекер болар.

— Пенсияға шыққан адамның тозбағанда несі қалады...

— Пенсия дейді?.. Әрі кеткенде отызға жеткен шығарсың?..

— Біз байғұстарды жиырманың ішінде де пенсияға шығара береді...

Жиырманың ішінде?.. Қалжыңы шығар дей салады. Сонан соң екеуі отырады. Ойжанымай оның шашын ұйпалақтайды. Әуелі тітіркенеді, артынан енесі жалаған бұзаудай маужырап кететіні бар. Анда-санда танауы Ойжанымайдың тырсиған ұршықтай омырауын тауып алады. Ойжанымай қымсынбайды, тұншықтырып қыса түседі. Қысқан сайын, тастай көкірек танауын тепкен сайын жан шығады. Бұл да: "ой, жанымай!" — дейді. Дейді де күледі.

— Осылай бір-бірімізді андып отыра береміз бе? — дейді келіншек.

— Аңдығаны қалай?

— Екеуміз бір-бірімізді андып жүретін сияқтымыз.

— Оны қайдан білдің?

— Сен жұмысың болмаса да менің столыма күніне сан рет соғасың...

Онысы рас. Кейде қажеті болмаса да жоқтан басқаны сұрайды. Кейде бөлмесінде телефон бола тұрып сонда барып телефон шалады. Кейде қаймақ қатқан құрымдай қою шайын сылтауратады. Стол астындағы мәрмәрдай аппақ... "Япыр-ау, осыны қайдан көрдім?" — дейтұғын да қоятын. Бір қызығы, жалаңаш көрген сияқты болады да тұрады. Әлде түсі ме екен?..

— Мен сенің есігіңнің күніне неше рет ашылғанын санап отырамын, — дейді келіншек.

Мұнысы да рас. Кезегін тапсырған сайын люкстегі көрпе-жастықтан бастап шөткенің қылына дейін санап өткізеді, қабылдаған сайын санап алады. Басқаның қолы арам деп буфеттегі хрусталь сервизді күн сайын өзі сүртіп кетеді. Қыз-қырқын, жітіт-желең келсе жоқты желеу етіп сан дүркін кіріп шығатыны тағы бар. Күн сайын түнгі сағат он бірді есіне салуды ұмытқан емес.

— Сағат он бір болыпты...

Найзақараның шекесіне ай қонақтапты. Хрустальдың сынығындай шатынап тур екен. Ала-құла тау сілеміне қолмен әкеліп қондырған Мысырдың пирамидасындай көк шытар Найзақарадан көгілдір сатым ұшқындайды. Кезінде альпинист те болғансып, тауға талай шыққанмен қара тастың сағым шашқанын байқамапты. Татарлар көгілдір түсті "заңғар" дейді. Қазақтар көз жетпес биікті "заңғар" дейді. Екеуі де көк аспанның түпсіз тұңғиығынан қарызға алған теңеу болар. Таты да Найзақараның төбесіне көз тікті. Заңғар тау көк күмбезін тіреп тур екен. Өз биігін таппаса да заңғар таулардың биігіне талай шыққан көңілі: "әттең, шаңырағыңа бір шығып түсер ме еді!" — деді.

— Қайта-қайта қарай бересің, тауда бірдемең қалып па еді?

— Қалған.

— Ол не екен?

— Балалығым.

— Кімнің балалығы қайда қалмады дейсің!..

— Қайдан білейін, маған жұрттың бәрі бүгінгі тірлігіне баяғы балалығын азық қылатын сияқты.

— Сонда бүгінгі күннің қызығы кем болғаны ма?

— Мен бала кезімде аспанды шарлап жүруші едім. Қазір ол қиял болмай қалды.

— Қиялыңды тауысып алып отырғаннан саумысың?

— Ер жеткен соң адам қиял қумайды. Жоқты бардай, барды баяғыдай көреді... Көңілдегінің бәрі көнеріп қалатын сияқты ғой.

— Тозады де. Адамның өзі тозады. Басқаның бәрі баяғыдай.

— Баяғыдай қайдан бол сын... Айталық, осы жерде бір кезде туристік база болған.

— Болған.

— Дәл осы қонақ үйінің орнында дардай мекеменің демалыс жайханасы болған.

— Болған.

— Анау бульдозермен тегістеп, роза етіп тастаған жайдақта коттедж тұратын.

— Тұратын.

— Біздің есігіміз тауға, оның есігі етекке қараушы еді.

— Кімнің?

— Қыздың.

— Е, қыз ба еді?..

— Қыз еді.

— Сен соған ғашық болғансың...

— Мен соған ғашық болғанмын.

— Нешеде едің?

— Он үште.

— Қыз ше?

Он бесте.

— Ха-ха-ха!.. Ой, жаным-ай!..

Келіншектің сақылдаған күлкісі жаңа қоздап келе жатқан тәтті қиялын шорт кесіп түсті. Білегі түннің салқын желемігінен де суық екен. Қыр желкесінен үшінші көз қадалғандай болды. Ойжанымай креслоның жақтауынан түсіп, қыстырыла кеп қасына отырды. Алакеуім ымыртты мұңға толтыра әлдеқайдағы репродуктордан жесір скрипка боздады. Мұқанның скрипка мен оркестрге жазған поэмасы екен. Ұмытпаса, осының фрагменттері "Біржан-Сарада" да бар еді-ау... Жесір скрипканың мұңы желеу болды ма, Бекет әлгі бір үзіліп қалған балалығын қайта тауып алды...

...Рас, бірі он үште, бір он бесте еді. Әсел ме еді, Әсия ма еді?.. Әлде Әсем бе еді?.. Әкесі мосқал, шешесі жас еді. Әкесі қазақ, шешесі будан, өгей еді. Өгей қызынан бес – ақ жас үлкен дейтұғын. Қызғаныштан ба, ажарына, жастығына бола жайхананың кемпірінен келешегіне дейін оны жек көретін. Жұрт жек көрген соң ба, Өтей шеше коттеджге сирек келетін.

Шешесі келмесе, әкесі келетін. Әкесі келмесе, шешесі келетін. Екеуін кезек таситын сүр "Победа" ерлі-зайыпты екі адамның басын қоса алмай қала мен таудың ортасында шаршап-шалдығып, ылғи адасып жүретіндей көрінуші еді. Әкесінің бет-жүзі шорымықтан ойған аташ мүсін секілді, түксиген қабақтың астындағы дүнияға ренішпен қарайтын шүңірек көз жан біжеңді үнемі кінәлап тұратын. Реңінде нұр да жоқ, мұң да жоқ. Шешесі келсе, рақат, ол күннің есе-теңдігі екеуіне тиетін: таудың тастай суына барып бірге шомылады, Бекеттің шешесі жасаған күлді-көмеш тамақты бірте отырып ішеді, түнге қарай түнемел қапқа кіріп алып, шатырлы сәкінің астыңда бірге ұйықтайтын. "Қызы құрғыр сұңғыла ғой, Бекетім ер жеткенше байға тиіп кетеді-ау!" — деп мамасы уайымдаушы еді.

Кейде сұр "Победа" адасып жүріп бір-екі аптаға жоғалып кетеді. Мұндай кезде өгей шешенің қонағы да бөтен және ылғи да кештетіп келетін. Мұндай кезде оның өгей қызбен жұмысы жоқ. Анау бульдозер тегістеп тастаған жайдақта, анау роза гүлі өскен сырмақтай ойықтың орнында екеуі айдың шар табағын қара ағаштың жапырағына жүздіріп қойып жататын еді... Жүгірмек, осы Қапар көрінген қабырғаға... айтпақшы, аты Әсем еді-ау! Әсем!.. көрінген қабырғаға "Әсем + Бекет Махаббат" деп шимайлап кеп жүретін де Бекет соны өшірем деп шаршайтын. Көзді ала беріп, түнемел қапты қиыршық тасқа толтырып қоятыны таты бар... Айдың шар табатын қарағаштың жапыратына жүздіріп қойып жататын еді. Сонда не айтатын еді?.. Не айтқаны есінде қалмапты. Көрген, сезгенін күні бүгінге дейін ұмытқан жоқ.

Әсем бір күні шар етіп түнемел қаптан атып шықты. Жылан шақты ма деп еді, сөйтсе, Қапар жүгермек су төгіп қойыпты. Ай астында бүрісіп біраз отырды. Старт басындағы жүгіре жөнелетін жүйріктей жүгініп отырған. Үстіндегі етімен ет боп жабысқан гимнастиканың көгілдір костюмі Найзақарадан үзіліп түскен көгілдір сағымның үзігіндей көрінген. Көгілдір сағымда күміс қылау ойнағандай болып еді. Сол күміс қылауды айға телмірген көз жанарынан да көріп еді. Ақ білек, ашық көкірек, қара санына дейін жалаңаш ақ мәрмәрдей екі аяғы ай жүзін ұялатқан...

— Мен енді кәйтем? — деді.

— Үйіңе бар.

— Сен қалай жалғыз жатасың?

— Жатамын.

— Жатпайсың?

— Жатамын!

— Снежный человек ұрлап кетеді.

— Снежный человек мұнда жоқ. Памир мен Гималайда.

— Мейлі, бәрібір үйге бармаймын!

— Неге?

— Қорқамын.

— Кімнен?

— Үйдегі қонақтан.

— Қонақта кісі емес пе. Жемейді.

— Ол қонақ кісі емес.

— Онда біздің үйге бар.

— Бармаймын.

— Қорқамысың?

— Мамаң келін деп мазақтайды.

— Онда менің қасыма жат.

— Немене?!. Ах, ты, чертенок! — деп Бекеттің танауынан шертіп қалды. — Ах, ты чертенок!.. Ах, ты...

— Снежный человек кеп қалды!

Әсем түнемел қаптың түймелерін жұлқып ағытып қойып кеткен, денесі мәрмәрдей суық екен. Қыздың башпайы іліп кетті де сыпырылып қалған сәтен турсигін Бекет қап тұйығынан таба алсашы. Екеуі кептеліп біраз жатқан соң қыз:

— Бері қара! — деп зекіді.

— Қарамаймын!

— Бері қара!

— Қарамаймын!

— Онда қытықтаймын!

Қорыққанынан аунап түсіп еді, қапқа дене сыйғанмен, екі басқа күләпара тар келді.

— Шашынды әрі әкетші!

— Қайда әкетем?

— Қайда әкетсең сонда әкет!

Кекілін үрлеп жіберіп еді, жалт еткен тана көзі оймаққа құйған сынаптай екен.

— Бақырайма!

— Бақыраямын!

— Бақырайып қал ендеше!

Кімнің көзі бұрын талады деп екеуі бақырайысып біраз жатты. Кімнің көзі бұрын талса, түнемел қаптың түймесін сол салмақ. Тағы да қыз жеңіп кетті.

— Түймеле! — деп бұйырды.

— Түймелемеймін!

— Неге?

— Қолым шықпай қалды.

— Неге шықпайды?

— Сол, шықпай қалды!

— Мейлі! Түнде бет-аузыңды ит жалап кетеді.

— Неге жалайды?

— Өйткені, бетіңнің кірі бес елі. Тура бес ит тойғандай!

Қыз ақыры айтқанын істетті. Түймелегені бар болсын, шынтағы қайтып бүгілмей қаптың ішінде сіресіп, қолы Әсемнің көкірегінде қалды. Жүрегі аттай тулап жатыр екен. Тулаған сайын түймедей бір ноқат алақанын түрте берді. Қысылып қара терге түскенде Тұйықсудың басынан елік бақырды. Оған Жалбыртөбе, Суықсайдан екеуі бірдей жауап қатты.

— Әуелгісі теке, одан соңғысы ешкі, үшіншісі лағы.

— Оны қайдан білдің? Мүмкін үшеуі де теке шығар.

— Бұл уақытта текеге теке жауап қатпайды. Мыналар бір семья.

— Бір семья болса бірге неге жүрмейді?

— Кім біледі, бір нәрседен үркіп, бір-бірінен адасып қалған шығар. Адам да үнемі бірге жүре бермейді. Сен де, міне, далада жатырсың... мамаң үйде, папаң қалада.

— Папам қалада емес, командировкада. Ал мен далада емес, сенің мөшегінде жатырмын.

— Ал мамаң ше?..

Қыз күмілжіп қалды.

— Менің мамам өліп қалған, — деді біраздан соң. —Мені табамын деп өліп қалыпты...

Ай қара ағаштың жапырағынан қашып барып Найзақараның терісіне қорғалапты. Жалбыртөбенің сеңсең тымағы зорайып, тау іші қара барқыт тартқан. Әсем жанарында манаты күміс қылаудың жалтылы жоқ, тұп-тұнық екен. Заңғар таудың көгілдір сағымын көк аспан көшіріп алса керек, боз түндіктің күмбезінде күміс қылаудай құс жолының қалың шоғыры қайнап жатыр. Құлағына сан мың күміс қоңыраудың үні келді. Бір-біріне қақтығысқан сансыз жұлдыздардың сыңғырындай болып естілген. Басын күләпардан шығарып, танауын қаптың өңіріне тықты. Әсем Бекеттен биік, денесі сұңғақ еді, бетін қолаң шаштың иісі, жылы көкіректің лебі қапты, алақанын омыраудан алмастан, мендей ғана ноқатты саусағының ұшымен шымшып ұстап, маужырап жата берді...

...Қолы Ойжанымайдың омырауында жатыр екен. Шатқаяқ кресло түбі түскендей мықшиып кетіпті. Мейірлене құшақтап, самайынан сипап отырған келіншектің жып-жылы өңірінен басын алып қашты да үйелеп, креслодан зорға тұрды.

Люкске кіріп, шамды жағып еді, соңынан іле кірген Ойжанымай өшіріп тастады. қараңғыда сипалап жүріп минерал су ішті, түнемелге өтті де шешініп жатып қалды. Қараңғыға үйренген соң терезеге тұтқан көгілдір шымылдық тағы да көгілдір нұр шашты. Заңғар таудың көгілдір сағымының адасып қалған үзігіндей еді.

— Транспорт тоқтап қалды, қалата жете алмайтын шығармын...

Кетіп қалған шығар деп еді.

— Қона салсам бола ма?..

— Бір түнге ме?

— Біржола өзің де қал демейтін шығарсың...

Ауызғы бөлмеден жібек көйлектің сусылын, тарқатқан шаштың тысырын естіді. Құдды бір албасты келіп басатындай тіксініп жатыр еді...

Ортадағы шымылдық жарылды. Аппақ елес көгілдір сағымда жүзіп келе жатыр екен. Ақ мәрмәр мүсінге қынап кигізген мықындама көк тартпаның тұтамында күміс қылау ойнады. Жақындаған сайын сол күміс қылау қарып түсетіндей көрінген. Тізесіне төгілген қара шашын иығынан асыра шайқап тастағанда тана көзі жалт етті. "Япыр-ау, осы жанды қайдан көріп едім?!." Бір қызығы, дәл осы қалпында көрген сияқты. Әлде түсі ме екен?..

— Ары таман жат! — деді.

Бекет түкпірге аунап түсті.

— Бері қарап жат!

— Жатпаймын!

— Онда қытықтаймын!

Бекет бері аунап түсті. Бежірейіп бет-жүзіне қадалды.

— Ал қарап жаттық!.. Сосын?..

— Сосын... сен он үште, мен он бесте емеспін той!..

— Жаным-ау, осы сенің шын атың кім?!.

— Әр кезде әртүрлі атаған... Енді Ася десең де болады... Ася!..

Денесі мәрмәрдей сұп-суық екен...

Аспанды тіліп, алыстап бара жатқан ұшқыр самолеттің ажылы ма деп еді, іргедегі Кімасардың ышқынысы екен. Құйынды желемік көгілдір шымылдықты шалқытып тұр екен. Белуарына дейін ашық қалған келіншектің балғын денесі де ымырттағы қасат қардың реңіндей көгілдір боп көрінді. Бұладай шашын аппақ жастыққа шашып тастапты.

— Шашынды әрі әкетші!..

Тырс еткен жоқ. Жұқалап бояу жүргізген қайқы кірпігі дірілдеп жатты. "Япыр-ау, қайдан көріп едім?.. Әлде түсім бе?!. Жүзі таныстарды түгел санап шығып, тағы да Әсемді есіне алды...

...Әсем балет мектебінде оқушы еді... "и раз, и два... и раз, и два!..поворот!., поворот! Не слышите!?." Қыздар кегжиіп тұра қалады. "...начали!., и раз, и два!., и раз, и два!. Мықшима! Саған тұз артып қойған жоқ қой!" Мыстан сияқты танауы имиген, мойны сырықтай тарғыл дауысты кемпірлеу келіншек алақанын сарт-сарт еткізеді. "Әсем, кого ты оставила в коридоре?!." Әсемнің мойны да әсем еді. Иегімен аспанды сүзіп қалшиып тұра қалғанда осы мектептің алдындағы гипс бишіден аумай қалатын. Қыздар түгелдей қара киінгенде, ол өзін жұрттан бөлектеп көгілдір костюм киюші еді. Қашанда көптің алдында, кемпірлеу келіншекпен бетпе бет тұратын. Қашанда кемпірлеу келіншек соған ұрсып, соны мақтап жатады. Бекет, бүкіл кластың оққағары да, оңдысы да Әсем бе деп ойлайтын.

Әсемнің тұратын ауданы да бөлек, мектебі де шалғай. Кейде сабақтан шыға салып жер түбінен іздеп келеді. Қарындаш ұштайтын бәкімен залдың қапсырма есігін түртіп ашып, саңылаудан сығалап кеп тұрғаны. Әсем мұны үнемі байқай да бермейді, алда-жалда көзі шалып, есік жаққа жалтақтай қалса, кемпірлеу келіншек еденді дүрсілдете желіп кеп есікті тарс жауып алады, немесе Бекетті аулаға дейін айдап тастайды. Одан кейінгі ермегі кіндігінен ғана делдиме киген гипс биші: тіл қатпағанымен бұл да күніне қырық құбылады; жүгермектер оған бірде сақал-мұрт жасап, бірде көзіне маска байлап, кейде балшықтан қара плавка кигізіп кететін. Бекет өңшең бір періштедей әдемі қыздардан өзін қор санап, қоңырау тыз етісімен таса-тасаны сағалап қашады. Әсем оңаша болмаса соңынан да жүгірмей сыртынан семіріп қала беруші еді. Кездескенде де екеуінің әңгімесі шамалы, неге келдің деп ол да сұрамайды, неге келгенін мұның өзі де білмейді. Қақпаның алдынан тауып алған бір тасты тепкілеп отырып үш-төрт шақырым жердегі Әсемнің ауласына тастап қайтатын. Кейде әке-шешесі жоқ болса үйге кіргізіп алады. Кіргізіп алады да шатқаяқтаған шұңғыл креслоға отырғызып қойып қолына альбом ұстатады. Өмірі көрмеген, аты-жөні белгісіз бишілерді санап шыққанша Әсем оймақтай екі шыны аяқпен кофе алып келеді де, шынтағын Бекеттің иығына артып қойып креслоның жақтауына жамбастап отырып алады: көз алдында қалғаны — Әсемнің сүйріктей аппақ саусағы, сүйріктей саусақтың ұшындағы шымшып ұстаған бір шоколадты екеуі екі жағынан тістеп тауысатын. Кейде шешесі кіріп келеді. Кірген бойда кіржиіп кеп қарайды да: "Опять!" — дейтіні бар. Даусы кемпірлеу келіншектікі сияқты тарғыл, әрі жуан еді. "Да! Опять!" — деп жауап қататын Әсем. Бекеттің бір байқағаны, екеуі бірінің әдемілігін бірі қызғанатын секілді еді. Содан ба, бірін-бірі жек көретін, бірін-бірі менсінбейтін. Әсем оған бұрылып та қарамайды, отырған қалпы Бекетті құшақтай түсіп, сүйріктей саусақтың ұшындағы шымшып ұстаған шоколадты тауыстырмай орнынан тұрмайтын. Бекет қысылғаннан жерге кіріп кете жаздайды: пошырап терлеп, болжырап ұнжырғасы шығады, қызға өмірі қой деп айта алмай, өмірі бір айтқанын орындата алмай – ақ кетіп еді, бірақ, қой дейтіндей сөкет қылығы, сөйтпедің дейтіндей кісі өкпелейтіндей мінезі жоқ еді.

Бірде балалар театрында мектептің творчестволық концерті болды. Әсем сахнаға үш-ақ дүркін шыққан. Ұмытпаса, "Щелкунчик", "Аққу көлінен", сонан соң Мұқан шығармаларынан шатын фрагменттер орындалған сияқты еді... Жетім скрипканың үні де құлағында сол бір кештен қалған екен-ау... Бекеттің есіл-дерті биде емес, көгілдір сағымда қауырсындай қалқыған Әсемнің қуыршақтай бейнесі: мықынына бірде делдиме, бірде етегі жырым-жырым көк жібек жапсырып, қаздаңдап кеп көптің алдына тағзым еткенде ғана көзі жалтылдап шарасынан шытып кете жаздаған...

Бүгін елес боп жаңғырған сол бір бейне он бес жыл бойы Бекеттің түсінен де қашып кетіп еді. Өңінде ақырғы рет осыдан он бес жыл бұрын қабір басында көрген. "...Көкем-ау, мен енді кәйтем?!", — деп өксіп-өксіп жылағаны есінде. Онан соң тау қуысындағы коттеджте қайтып келген жоқ. Әкесі қайтыс болған соң өгей шешесі үйін айырбастап, басқа бір қалаға көшіп кетіпті дегенді естіген. Бөтен үйдің ауласына талай тасты тепкілеп алып барып, жетімсіреп жалғыз қайтушы еді. Кейін ол үй де сноска кетіп, біраз уақыт үңірейіп жатты да, Әсеммен бірге көшіп кеткен көгілдір сағымдай тып-типыл жоқ болды...

...Күнге қаңсыған боз шыттай бөлме іші тоза бастапты. Көгілдір шымылдықтың реңі де бозалаң. Тірліктің махаббаты оңып, ғадауаты басталғандай. Бекетті түнімен тас қып құшақтап, көгілдір сағымда елестей боп көрінген келіншек қайтадан кәдімгі Ойжанымай боп қасынан тұрып жатты. Бекеттің жүзін көрпемен көлегейлей тұрған еді, жігіт ұйып қалған қолын соза беріп қасындағы екінші жастықтың су екенін байқады...

Таудың бытқыл-бытқылын шарлап көп жүрді. Ылғалдың кемдігі ме, күз келмей жатып ағаш жапырақтары сарғайып түсе бастапты. Бұрын биікке жоламайтын шегіртке, құрт -құмырсқа быжынап жүр; аяқ бассаң бет-аузыңды өрмекшінің сілбісі тұтып, желкеңнен жұлдызқұрт жауады. Алатау кір бөкебайын кайта киіп алған, Найзақараның көкшағыр сағымы сарқылып, ошақтың орнындағы үйілген бір төбе күлдей сөніп қалыпты. Етектен көтерілгенде абажадай болып тұратын стадион да биіктен көз салғанда тостағандай-ақ. Таң сәріден өретін спортшылар мен туристер түтіні шалқыған шашлық пен кафелерді қамай бастапты, түрлеріне қарап, қонақүйінің келімді-кетімді тұрғындары негізінен жайнаған жастар мен жалындаған кемпірлер екен деп ойлайсың. Көзге де, көңілге де тиянақ таппай номеріне қайтып оралды.

Мұнтаздай. Аяқ астындағы кілемге дейін қағып-сілкіп кайта төсеген. Көрпе, жастықтың тысын да жаңартып қойған екен. Ойжанымайдьщ кірпияз қолын таныды. Үш ай жатқан бөлмесі үш сағаттың ішінде бөтен тартты да, бүгінгі үш сағат кешегінің үш айын жым-жылас өшіріп, өткен түндердің сағынышты сәттерінен із қалдырмай жалмап кетті. Бір нәрсесін жоғалтқандай қоңылтақсын балконға шытып еді, ырсиған жар тура танаудан ұрғандай болды... "Япыр-ау, үш ай бойы мынау қуыста қалай жатқам?.. Ел көзінен ықтатып, бульдозердің тісінен әжім-әжім болған мылқау жарға теріс бағындырып қойған кім?.. Қой, кеткен керек!.."

Бөлмеге кайта кіргенде шатқаяқ креслода қауырсыны түлеген таз күшігендей сауыс-сауыс әлдекім үйелеп жатты. Бет-аузы көк жал қақ, болғардың қызыл бұрышындай қанталаған танауы, ұстара тимеген жақ-шықшыты мен бұғаты қызыл ала қотыр, қолы-басы да қыршаңқы екен. Бұрын көрмесе де Бекет жөн сұрамай-ақ көптен бері бірде ту сырғынан, бірде қыр желкесінен қадалатын үшінші көзді таныды.

— Мен Асяның байымын! — деп Бекетке тік қарамай тұқырайып, тер жапқан төбесінің жалтырын көрсетті.

— Болсаң қайтейін?!.

— Мен Әсемнің байымын!

— Болсаң қайтейін?!

— Мен Әсемнің байымын деп отырмын ғой!

Бекет төбеге ұрғандай есеңгіреп қалды. Таз күшіген қалтасынан "прима" алып тартты: темекісі мыж-мыж, сіріңкесі күлді- көмеш, көбесі күс болып кеткен саусақтары қалш -қалш етті.

— Жөн-жосығымды неге сұрамайсың?

—Жөн-жосығыңды жүзіңнен де танып тұрмын!

— Танысаң тіпті жақсы!.. Ал тегімді сұрасаң — алқаш деген ауылданмын. Кәсібімді сұрасаң — бір кезде ән жазғам, қазір бас жазып жүрмін... Енді бірдемең болса әкел!..

Бекет серванттан коньяк, бір рюмка әкеліп қойды. Таз күшіген коньякты шыр айналдырып ұзақ тексерді. Желкесі де суалған сиырдың желініндей шалбар-шалбар.

— Хы!.. арарат... выдержка свыше пятнадцати лет... мұны да біреулер ішеді-ау, ә?!. Ішеді... портвейн он екі жоқ па?

— Жоқ!

— Мейлі... неден мас болсақ та бізге бәрібір емес пе! — Таз күшіген рюмканы да шерткілеп біраз отырды. —Хы!.. Мынауың қулық биенің құлынындай тым қораш екен... дегенмен қалтаға салып жүруге ыңғайлы...

Бірінші рюмканы дірілдеп-қалшылдап, лоқсып отырып зорға ішті. Екіншісін тастап жібергенде жаңбырға тосқандай қаңылтыр төбесі манадан бетер шыпылдап шыға келді. Таты да бөтелкеге қарады.

— Сен той, енді мұны ішпейсің... жеркенесің...

Таз күшіген бөтелкенің аузын тығындап, костюмінің ішкі қалтасына салып алды.

— Рюмканы да тастама!

— Ә, мұның да білгендік... Темекің тәуірлеу шытар?..

Бекет оның алдына "Қазақстан" тастады.

— Рақмет! Күнде көріп жүрген асым емес, бекерге ауыз былғап қайтем... Дегенмен, дұшпаннан түк тартсаң да пайда!..

— Тағы не керек?!.

— Асықпа, бауырым, таты айтарым тағы бар.

Асықпай отырып шылым тұтатты. Қалтасынан қи боп кеткен орамалын шығарып төбесінің тазын сүртті.

— Енді ақша бересің. Он бес сом... Пойызға. Елге барып қайтпасам... бой жазып, сергіп дегендей... Әйтпесе, кірлеп кеттік...

Ұсағы болмаған соң Бекет жиырма бес сом берді.

— Бізден сдача кайтпайды... оқасы жоқ, коп болса қатынымның коп түнгі майы шығар... правда, бывший қатын...

— Паскуда!

— Дұрыс!.. Мұның да маған майдай жағады. Естімей жүрген сөз емес.

— Шық бөлмеден!

— Ашуланба. Ашу — дұшпан, ақыл — дос дейді.

— Шық дедім ғой мен саған!

— Не?!. Ұрамысың?.. Ұр, ұра ғой! Мені ұрып та абырой таппайсың... Қатын жоқ, қаңғырған бақсыға бәрібір! Көп болса бір таяқ жермін. Ол да біздің жұрт үстінен жеп жүрген сыбағамыз. Бірақ өзің сорлап қаласың ғой. Әсемді де қызметтен қуып шығарады. Егер оған жаның ашыса, шұрқ етпей тыныш отыр! Е, бәсе, сөйт!.. Сөйткенің дұрыс қой!..

Ұясы үңірейіп түсіп кеткен күлкілдеген шүңірек көз бөлмені түгел тінтіп шықты.

— Бәтеңкең екеу екен...

Орнынан сүйретіле тұрып барып біреуін киіп көрді.

— Дұр – ре-ес!.. Сәл үлкендеу екен, кепіл тықса тук те етпейді. Қатын табылады, бірақ бәтеңке табылмайды... балаға... айтпақшы, бала жоқ дегенге мені белсіз екен деп қалып жүрме. Бала белде! Бір басыма екі алқаштың керегі жоқ деп құрсақ көтермей қойған Әсемнің өзі болатын... тәк, тағы не?., көйлек бар, кәстем бар, шалбар... үтіктеп алсам, уақыт тығыз-ау... тәк, ақша бар!.. Ал енді қош-сау бол, бауырым! Келді-кетті деп сөге жамандамассың!..

Әлдекім ыдысына қақырып кеткендей жеркенді. Көң сасыған таз күшігеннің иісі тұншықтырып, ұзақ отыра алмады. Қой, кеткен керек деді. Жиналды. Администраторға барды. Танымайтын келіншек екен. Танымаса да жымиып күлді. Күлгені ата қаздың ысқырығындай екен, ырсиған аузындағы алтын тісін түгел көрсетті. Қой, қашқан керек деді. Әр қабатта босып жүрген жұрт та көп. Бәрі де қашып жүрген сияқты. Бір-бірінің жүзіне тіктеп қарамайды. Әсіресе қастарында әйел жұрағаты болса...

Доңғалағы жырқ-жырқ еткен жеңіл машиналар қаңсыған асфальтты жырта жарып жөңкіліп жатыр. Біріне қол көтерген жоқ. Жарты көңілі тауда қалған сияқты. Тауда қалған жарты көңілін қимаса да қашып барады. Қайырылып қараса қайтып барағындай. Қыр желкесінде қалған жарты көңілі кайта шақырып алатындай. Қайта шақырса қайрылмай кететініне күмәні бар.

Құп-құла Кімасардың жағасына бір топ палатка қонақтапты. Бір топ жігіт құла жартастың қиясына арқанмен өрмелеп жаттығу жасап жатты. Бір кезде тау десе өзінің де делебесі қозатын. Алатаудың тас-шағылына талай ұлтан тоздырған. Қазір соның бәрі де желіккеннің ермегіндей көрінді. Сары ала етек орманның да реңі жоқ. Шаң тұтып қалғандай. Өзінің аяқ астынан кірлетіп алған көңіліндей. Шылым шегейін деп қалтасын қаққанда сигаретін таз күшігеннің алып кеткені есіне түсті. Қайдан келгені белгісіз, қағазға ораған екі шақпақ қант жүр екен. Танауына шақпақ жапсырған сұр "Волга" сүзетіндей бөксесінен түртіп кеп тоқтады.

— Немене, еле алмай жүрсің бе?!.

Ес-мүс жоқ, есігін ашып отырып алды. Ыс мүңкіген жез мұрт таксист бір шылымды саусағын кесіп бергендей зорға қиды. Жырқ-жырқ еткен доңғалақ жұла жөнелген, есік алдына жеткенде тура төрт теңге соққан екен, Бекет төрт теңгеге қосып екі шақпақ қант берді. Теңгелерді кассаға лақтырып жіберген таксист қантқа қарап:

— Мынауың не? — деді.

— На чай!

— Есуас! — деді.

"Мұның да маған майдай жағады!.. Ендігі естімегенің осы еді!.."

Қырсық қылғандай дәл бүл келгенде иіс майы бұрқырап әкесі қырынып жатыр екен. Байыз тауып отыра алмаған соң Қапарға телефон соғып еді, керпұшық қатыны торсылдап жөнді жауап бермеді. Бүгінде күйеуінің артық ішкен арағын да атайын мен қасындағы жора-жолдасынан көретін әйелдердің әдеті емес пе, еліртіп алып кете ме деп күні бұрын Бекетке нос көрсеткендегісі шығар.

— Анкетаңды толтыр! — деді әкесі. — Сан төбенің басын былғағанша қи қопарсаң да бір күрекке ие болған жақсы!.. — деп орындықтан костюмін сыпырып алып кетті, Бекет арқалыққа сүйенемін деп жағасын ептеп майыстырып қойған екен, құдды жағасынан алғандай ұлына кектене қарап, айнаға барып галстугын байлады. Енді қылау түспеген қап-қара шашына пульверизатормен иіс май шашып, жылмитып тарайды.

— Әлгі Жұпар қайда?

— Боқшасын арқалап құлқын сәріде тауға кеткен. Бүл үйде менің тілімді алатын пенде бар ма?! — деп өмірі ошақ басынан озбайтын шешесі шаршап-шалдығып кухнядан зорға тіл қатты.

— Бұлардың тауға қарап ұлитын ауруы емес пе, оған несіне таусыласың!..

Теңселе басып шешесі келді де, үһілеп орындыққа жалп етті. Бұрын жарасып тұратын маңдайындағы бір шөкім ақ нысана молайып, көзінің жиегі шырыштанып кеткен екен, қиналып отырып Бекетке поштамен келген ақшаның квитанциясын ұсынды.

— Балам-ау, мынау не?.. Асатпай жатып құлдық жоқ, айдаладағы адамға осынша ақшаны ай сайын кім салады?..

— Жігіттер.

— Ол нағылған жігіттер?

— Бригаданың жігіттері.

— О нағылған бригат?.. Әлде жөліктердің шайқасында жүрмісің?!.

— Бұлардан оны да күтуге болады! — деп әкесі залдың есігін тарс жауып шығып кетті.

Шешесінің аңдығаны да осы екен, сыртқы есік жабылар-жабылмастан көзінің жасын парлатты.

— Құлыным-ау, Қапарың етікші, Сапарың әртіс, Жапарың ләгірде отыр, сенің түрің мынау!.. Жұпарың қаршадайынан кісікиік боп тау кезіп жүр! Тым болмаса анау сорлы әкеңді аясаңшы!..

— Мама, мен азабыма әкемді ортақ қылмаймын. Ал ақша болса, ол менің еңбегім... гонорар...

— Немене, газетке бірдемең басылып па еді?

— Газет емес, ағаш кеміріп те гонорар табуға болады екен. Қыстайғы маңдай терімнің сыбағасы ғой.

— Сонда тағы да кетпексің бе?

— Кетпегенде не бітірем?

— Бәсе!.. Бәрінің айтатыны осы! Әкең байғұс әркімді салып анау Жапарды қаладағы құрылысқа ауыстырып алам деп еді, қырсығып ол да көнбей қойды. Бүйтіп күйігін тарттырғанша баяғыда холодильникте өліп қалғаны жақсы еді!..

Бес баланың ішіндегі маңдайының соры көп, әке-шешеге азап болып келгені де Жапар еді. Әуелі шала туып, бір жылдай ауруханадан шықпады. Онан төрт-бес жасқа дейін қолдан түспей Жұпармен емшекке таласты. Уф еткен самалдан мұрттай ұшатын әлжуәз еді, алты жасында жасырынбақ ойнап жүріп, кептіріп қойған холодильникке тығыламын деп қайтып шыға алмай өлім аузынан қалғаны бар. Тоғызыншы класта мұғаліміне ғашық болып хат жазып, мұның да ақыры шатақпен бітіп еді, әйтеуір үзіп-жұлып оныншы класты кешкі мектептен бітіп еді, ақыры заводқа жұмыс істеп жүріп, төбелестің кесірінен лагерден бірақ шықты. Енді, міне, шеше байғұсты қартайтып отырған да сол.

— Мама, екеуміз ептеп коньяк ішсек қайтеді?

— Не?!.

— Коньяк ішелікші...

— Құлыным-ау, сен бүйтпейтін едің ғой!.. Ішпеуші едің ғой!

— Ішелік. Сосын екеуміз билейміз...

— Әдірем қал!.. Билейтін адамды тапқанын!..

Бекет әке-шешесіне еркелеп көрген емес. Бала болып шолжыңдап, жақсы ойыншық, жаңа киімге де қызыққан жоқ. Коньяк құйып берген шешесі тұңғыш рет ұлының қызығын таңсықтағандай телміріп отыр еді.

— Құлыным-ау, отызға келдің ғой, енді қашан үйленесің? — деді іші елжіреп. — Сұлудың келіскенін, судың періштесін күтіп жүремісің?

— Үйленуге болады.

— Енді қашан?

— Римнің Лукреций Кар деген философы болған. Сол отызға келмей үйленбе, қырыққа келмей ел билігіне араласпа депті.

— Бәрің пилосопсың!.. Әкең екеуміз қосылғанда мен он алтыға, ол жиырма бесте еді. Сонда әкең сенің ақымақ па?

— Жоқ, ол кісі асыл туған адам ғой!..

— Әне, қит етсе булар кекетеді!.. Менің жыным ұстамай тұрғанда тай! Бар, билейтін адамыңды тауып қайт!.. Түрлерін қарашы, бір-бірінен аумай қалғанын!..

...Басына бұлт жалғап алса Алатау тіпті аспандап кетеді екен.

Алатау биіктігін міндетсіп, күннің шуағы мен бұлттың жаңбырына да жуандық жасап, барымталап қалады екен. Барымтаға түскен барақ бұлттар Алатаудың басында от шайнап атой салып жатыр...

Мен қайтейін Алатау биігіңді,

Мерген болып атпадым киігіңді.

Жұртың шалғай қалғанда қалқатайым,

Жалғыз қайтып тартамын күйігіңді!..

Ахау, еркем-ай!..

— Жігітті жұртқа тастап кеткен ол қандай ерке болды екен? — деп егіз бала сүйреп келген екі келіншек балмұздақ жалап отырып майысып күлген болды.

— Әркімнің көңілінде бір еркесі болады ғой, жеңеше.

— Е, болады, қайным, болады ғой!.. Біз де біреудің еркесі едік, есеміз кеткендей егізден табамыз деп нәңке болып отырған гүріміз мынау!.. Айта бер, қайным, өнің әйбәт екен!..

"Әйбәт екен" деп отырып екі келіншек орындықтан түрткілеп тұрғызып жіберді. Оның үстіне, көкбас сонадай қыртиған шал іші өртеніп бара жатқандай торт тостақ мұз қаймақты қатарынан тізіп қойып, Бекет қасығына жармасатындай жалтақтап қарай берді. Қайда барсаң отырсаң опақ, тұрсаң сопақ. Үлкен кісінің ескерткішіне келіп еді, пысы басқандай өзін бейшара сезінді. Аядай аланды монополиясына айналдырып алған бытпылдақ фотограф жеңінен тартқылап қоймаған соң бұл тұстан да тайқып шықты. Ұлтарақтай скверді он айналып, қала ермегін тосырқап қалған байғұс вольерге қамаған қасқырдай тағы да Алатаудың биігіне алақтады. Төбесіне сөлде ораған Найзақара атом бомбасының саңырауқұлағына ұқсады. "Тауға қарап ұлиды" — деген әкесінің қыжыртпасы есіне түсіп, ішінің ұлып тұрғанын сезді. Тауда қалған жарты көңілі жетелеп қоймаған соң, екі-үш дүркін такси тоқтатқысы да келген, көңіл шіркін қопақтағанмен қолы құрғыр көтерілмеді. Қой, кеткен керек деді. Қайтадан почтаға кіріп, әлгінде ғана алған топ-тоқал мың сомды Әсемнің атына салды да хатқа бір – ақ ауыз сөз жазды: "Кешір, ол кезде сен он бесте, мен он үште едім!.."

"Кеткен керек" деп жүріп астананың күзін тауысып, қысын орталады. Тоғызда барып, алтыда кайтатын қызмет те қоңылтақ көңілге жұбаныш әкелген жоқ. Ауызбен орақ органмен қолы қыбырламайтын, "табиғат құрыды, дүние тозды!" — деп отырып, сол өсектен нан тауып жеп жүрген әріптестерінің қысыр әңгімесі жалықтырды. Ақыры Сиғаттың соңы жолғасуы себеп болды да шу қарақұйрық деп тайып отырған, самолет кіндік кескен қаладан көтеріп әкеткенде екінші рет кіндігі үзілгендей болып еді, бірақ Алтайға деген сағынышы аласұрған көңілін Алатауға қайтып қонақтатпады.

ЖЕТІНШІ ТАРАУ

1

— Жолдастар! Сонымен, лесхоз, леспромхоз және калымщиктердің үш жақты келіссөзін онан әрі жалғастырамыз!

— Немене, бәріңнің аузыңа Бескемпір түкіріп кеткен бе?!. Қымс етсе қылжақтап!.. Бас қатып отырғанда!..

Әбдіжапар әжептәуір ренжіп қалды.

— Сынықтан басқаның бәрі жұғады! — деп Бекет мойындап құтылды.

Осы бір көзге қораш мырық адамның ілініп-салынып санаттан қалмайтынына таң. "Иттің иесі болса, бөрінің тәңірісі бар" деуші еді, тәңірісі болмаса да, сірә, мұның да мойнына қарғыбау татып, жетекке алған бір қолы бар – ау деп жорамалдап отыр. Баяғыдан соны нағып андамаған?..

— Сан Саныч, ваше слово!

— Бұл кержақтың төбесі тесік! — деп Әбдіжапар тағы да киліге кетті. — Қазақша тіл қатсаң, қалмақша жауап береді.

— Қарақшыға қай тілде сөйлесең де бәрібір емес пе! — Сан Саныч жүн басқан құла сақалды астаудай бет-аузын жымия бір сипап қойды. — Ұрының кәсібі тілге зар емес, ассалауы не, атаңның басы не!..

— Сен сығырдан көрге түссем қашып құтылмайтын шығармын! Салатын штрафыңның мөлшерін айт та тыншы!

— Сені көр де түзетпейді. Әттең, түрмеге апарып тықса!

— Аузыңның жаманын! Сонда менің орныма егін егерсің!

— Етін екпесек те аташ егерміз.

Сиғат аршаның шырпысын тістеп ұйықтап кеткен сияқты еді, ұртын сорып іргедегі урнаға ыршытып тастады да көзін ашты.

— Осы біз кешеден бері не сапырып отырмыз?

— Сәке-ау, оның бәрі дау той. Дауды біз емес, көлденең сот шешет те.

— Көлденең шешсе күнің онша емес, — деп Сиғат алдында жатқан лесхоздың картасын Әбдіжапарға сырғытып тастады. — Бұл жолы тек штрафпен құтылам деме. Алдымен Жындысайды томар-түтіршіктен, оталған ағаштың өрім-бұтағынан тазартасың. Жиырма шаршы шақырымды тазалауға қанша уақыт, қанша күш кететінін білемісің? Сонан соң ол жерге өз күшіңмен, өз қаражатыңмен көшет отырғызасың.

— Оған заңсыз кесілген он мың текшеметр стандартқа толмаған жас қарағайдың айып пұлын қосыңыз! — деп Сан Саныч та Әбдіжапарды екінші бүйірден мешенге алды.

Қалай салса да жүгі аумайтынын сезген Сиғат Әбдіжапардың іргедегі күпшегіне шырт түкіріп отырып шіреніп сөйлесті:

— Бұл өңірдің орманын жуырда бірінші категорияға түсіргенін білдің. Демек, ішінара да өнеркәсіптік мұқтажға аташ дайындауға тыйым салынғанын да білдің! Сөйте тұра, қордың таусылғанына қарамастан, жұқа шаптан жүн қырыққандай әлі күнгі тіс шұқырлық селтиген шырпы көрсең қатып тастап келесің. Етер соңына шындап түссем, мына бізге емес, заң орнына қай жеріңді тосасың?!.

— Сәке-ау, онан да мені сол жылы орынға апарып қаматтырып, қолыңнан келсе леспромхозды біржола жаптырмайсыз ба?!.

— Бөксеңнен бастасақ тіліңе де жетерміз. Леспромхозды қашан жабады, оны жоғарғы жақ шеше жатар. Бірақ оған дейін сен трест пен Казлес бірлестігінің биылғы маусымдық жоспарын орындай тұрасың.

— Түсінсем бұйырмасын. Делянка жоқ деп бір қорқықасыз. Сіздерге не керек өзі, соны айтыңызшы? — Тартылған сектің ұмасындай бырс-бырс болған Әбдіжапардың бір уыс бет-аузы жиырылып, Сиғатқа жіпсік көзін қадай, өшіге де, өтіне де қарады.

Өстіп күні бұрын домалатып-домалатып алса, әрбірден соң футболдың добындай қай қақпаға тепсең де Әбдіжапардың топылдап түсе беретінін білетін Сиғат оны әңгіменің төркініне бірден тіремей әріден қақпалауға тырысты.

— Сенде той, көшіп жүрген калымщиктерді қосқанда бес лесопункт бар?

— Саяқты санға қосқанмен мал бола ма! Отыр ғой біреуі міне! — деп Әбдіжапар қитығып иегімен Бекетті нұсқады. — Жеті жыл дәм-тұзымды татып еді, ақыры бүл да сіздің шпионыңыз болып шықты!..

— Мал иесі — деп түзеді. Бекетті панасыз тастағысы келмеген Сиғат. — Сол саяқтарыңмен қоса, барлық балташылар бригадасын Аюлыға апарып саласың. Сонда мен күл шалған ауданды тазартқан болам, сенің көмейің де аташпен бітеледі.

Жығылатынын білсе де, әйтеуір шаптан тіреу үшін Әбдіжапар да енді иілсең өзің иіл дегендей Сиғатқа міндетін арта қисайды.

— Аюлыңыз маған азық болмайды, — деді. — Біріншіден, қарағай салға ақпайды. Ал оны тасу үшін транспорт керек, адам керек, оған қаражат керек. Оны маған әкем Мыржық бере ме?..

— Ол үшін өлген әкеңнің басын қатырма! — деді Сиғат. Жындысайдың шаруасын лесхоз өз мойнына алады. Ал ол үшін жұмсалатын қаржыны леспромхоз көтеруге міндетті және орынсыз оталған орманға төлейтін айып сомаң тағы бар. Бұл қаражат емес пе? Осының бәрін Аюлыға ток. Маусымдық, тұрақты еңбек ақының қорын да содан табасың.

— Сіз екі жеп биге шытасыз. Ал мен үшін бұл бас кететін қылмысты іс. Бұл күнде шыныңды айтсаң — шырғалаң, өтірік айтсаң — өлесің!..

— Қорқамын деші?.. Дегенмен ойлан. Ертең күнің бізге қарап қалғандай болса, атқа теріс мініп кетігі жүрме. Түбі, тұттай болған сорлы тайгаға ендігі жерде екі қошқардың басы жасырына алмайтын шытар. Не сен, не мен!..

— Не есек өледі, не хан өледі деңізші.

— Мүмкін... не леспромхоз жабылар, не мен өлермін.

— Астапыралла! Бас қатып кетті ғой! Тым болмаса құрсақ кептеп тынытып алмасақ... Есенқұл, ай Есенқұл!..

Оның зілсіз айқайына елпеңдеп ешкім келе қоймады. Сықырлауық креслода сыңар жамбастап жатқан Әбдіжапар Сан Санычтың қолақпандай қайың трубкасынан будақтаған ащы түтінді жасқаған болып, орнынан тұрды да есікті ашты. Сигаттың ақ бурыл шашы томарта қатқан кепеш мұздай боп көрінді. Арзанға бола оның тар жықпылға сына боп кірмейтінін, ал оз басын бір іске шалған екен, өзгені де аямайтын қатыгездігіне қанық Әбдіжапар қырсық серінің қозғала бастағанын байқап, зіл ала кете ме деп қипақтады да не де болса тоқтата тұрудың амалына көшті.

— Есенқұл!.. Ай, Есенқұл! Қап, иттің баласы-ай!..

Лып етіп Есенқұл кіріп келді. Ұрты майланып қалған екен, жалақтап жұртқа қолын ала жүгіргенде Әбдіжапар жол ортадан тоқтатты.

— Мен сатан мана не айттым?

— Әбеке, оныңыз даяр! Бас үйтетін бала, шек-қарынға ие болатын қатын да бір өзім... жайғап біткенше осы болды.

— Бар, тездет!.. Жаман қатын ас берсе, қазанның қаспағына дейін көрсетеді деп!.. Ал жүріңіздер, ауыз ашатын уақыт болып қапты.

Талай жылдан бері қысырап тұрған Әбдіжапардың баспанасы кеңсенің іргесінде еді. Үрерге иті жоқ демесең, қаңсып қалған қақпасы топсысынан қыңсылап, беймезгіл келген бес-алты адамды көпсінгендей ойбайын салып қарсы алды. Бастық атаулы бірі қызыл, бірі көк екі қарындаш ұстайды деуші еді, Әбдіжапардың қызыл қарындашы да, көк қарындашы да Есенқұл сияқты: бастығының даусы зілсіз шықса — керең де, ащырақ естілсе — өкшесі жерге тимей зыр қағып тұр. Киіктің асығындай қара торы лыпылдақ келіншек екеуі лезде есік-терезені желдетіп, лезде дастарқан жасап жіберді. Әбдіжапар елде жоқ қымбат сервизді әдейі шығарды ма, әлде күні бұрын жинап әкелген айран ішер жылтырақ па, әйтеуір хрустальдың неше сорты, күміс пен мельхиор да осыдан табылды. Сиғаттың назары Әбдіжапардың жиһазында емес, киіктің асығындай сүйкімді келіншекті қайда барса көзінің қиығымен андып отырған, соны сезген Әбдіжапар күні бұрын қорасының есігін қымтаған болып:

— Біздің секретарь келін той, — деп бір ескертті. — Жұрағат болған соң қызметсіз отырмасын деп... Ініміз сал айдаушы еді, бүгіндер кеп қалар, — деп бір қойды. — Келін шырақ, не хабарың бар?

— Қайдан білейін, — деді келіншек, — қаңғып кеткен адамның бар-жоғын менен несіне сұрайсыз.

Сиғат мырс етті. Алдай білмейтін, өтірікке жоқ ақ көңіл келіншек шынын айтып, қызарып құтылды да Әбдіжапар бөтелкенің әбігеріне көшті.

Есікті қамшысымен түртіп ашып кепкен шал кіріп келді. Пұшықтанауымен маңдайшаны тірейтіндей аспандап тұрып, жұрт ішінен алдымен тапқаны Әбдіжапар еді:

— Әй, мына қырсық дүние бүлінді той тағы да! — деп "қ" мен "ғ"-ны мүкіс айтатын шал танаурады.-Тыңдап тұрмысың ой?!. Бүлінді деп тұрмын той!

— Иә, не боп қалды? Тоқалың қашып кетті ме?

— Зәнталак, дүние бүлінді деп тұрсам, тоқалы несі?

— Енді не, жау шапты ма?

— Жаудан да жаман, зәнтәлак! Қызым қашты! Қыз қашып кетті!

— Өй, тәйірі-ай, Барақтың туын көтергендей ұрандап!.. Құтыла алмай отырған қызды қуып жүргенің! Онан да қалың сұрай алмай қалдым, ішім өртеніп бара жатыр демеймісің!

— Не көкіп отыр ой мына сығыр?! Сенің әлгі қаңғырған сақалдарыңның бірімен кетті! Тыңдап тұрмысың?!.

Кепкен шал кекірейіп келіп Әбдіжапардың алдыңдағы орындыққа жалп етті. Түріне қарағанда тайпа елдің дауын құтан жаушыдай, жалбағай тымағын стол үстіне бұрқ еткізіп, өңірін ағыта бастады. Осы дастарқанға бір шыж-быж келетінін білген сияқты, ыдыс -аяқты келмей жатып көзімен жалап-жұқтап қойды.

— Әй, шал, басымды қатырмай әйде марш! — деп Әбдіжапар сасқанынан турасына көшті.-Өз қотырымызды қасуға қолымыз жетпей отырғанда о несі ей, қыстырылып!..

— Ay, мен адам жоғалтып отырған жоқпын ба!..

— Адам жоғалтсаң мал емес, табылады да! Отқа қақтанып жан тыныш жатудың орнына қүлқын сәріден бүлкілдеп, жұрттың сәресісін де өзіне бұйыртпайсыңдар!

— Қақтанып отыратын отынға жарытып тастап едің!.. Он кубәметр төс тақтай сұрағаныма он жыл болды, сымбыл да жоқ!

— Әй, шал, басымды қатырма дедім ғой!.. Арғымақ айғырымның күйек майын да бермей кеттің, қайдағы саған тақтай!..

— Әй, сенің сасай болған есегіңді екі жұма сұлыға байлап, құлағынан тартып зорға тұрғызғам. Рақмет айт маған!..

Көргеннен көз ақы алмай кетпейтін кепкен шалдан құтылудың қиын екенін білген Әбдіжапар оның бар бұйымтайын Есенқұлға аудара салды.

— Есеке, осы кісі дәу де болса машина сұрай келіп отыр, бер де құтыл! — деп көз қысты. —Еру боп жататын уақыт жоқ, апарып тастайды да кайтады.

Амалы таусылған кепкен шал Есенқұлдың соңына ерді.

— Қашып кеткен қызды аты-жөнсіз доп қазір қайдан іздемек? — деп Сан Саныч таң болды. —Соған бола көлік сабылтқан сенде де ми жоқ!..

— Біздің шопыр аман болса, ауылдан бірер шақырым ұзайды да капотын қаңтарып қойып, онықы-мұнықысын шұқылап кайтып келеді. Кенеусіз қақпастың өзіне де сол керек!.. Соның қыз қайтты дегеніне сеніп отырмысың? Ол әншейін қыржағым шалдың жұртқа көз қылған құлығы да. Қашты десе — той-томалақтың шығынынан құтылады. Оның үстіне, құдасының қолына қыстырған тиын-тебеніне риза болмай қалған шығар, енді қуып барып, қиқиып жатып тым болмаса киіт киіп қайтудың амалы да... Ай, Есеке!.. Япырай!..

Шыдамы таусылған Әбдіжапар қазан қамына өзі кетті. Қашқан қыздың уайымын жинап қойып, Сан Саныч ту бастағы әңгімеге қайта көшкен:

— Жаңағы Лақауыз көнді ме, көнбеді ме? — деп Сиғатқа үміттене қарады. — Сәуірікті шабымен танып, сауырып төсеген байталдай шыбжыңдауы жаман!

— Көн құрысса қалыбына барады, басқа қайда барады! — Ыдысын көрсетіп, ындын басарына сарылтып қойған Әбдіжапардың жорта қылығына жарылып кете жаздап отырған Сиғат ашық терезенің ар жағынан оның бырс-тырс бет-аузын көргендей тысқа түкірік атты. Шыныдай көк шағыр құйрығы дірілдеп алдына үйме табақ ет келгенде де жүзінен ызғарлы кекесін арылған жоқ еді. Құдайды құлағынан бастым деп ойлады ма, сыйлы деген қонағы деп бүгін Әбдіжапарға табынышты сияқты көрінген; онсыз да зыр жүгірген Есенқұл мен қара торы келіншекті қолды-аяққа тұрғызбай қуалап, өз бойына сыймайтын кірпияздық жасап, дастарқанның сәніне де сын таға берді. Сиғат отан да қынбады.

— Шырағым, атың кім? — деп келіншекке ғана жүзін сындырды.

— Асыл.

— Айналайын, Асыл десе асылдың сынығындай жан екенсің, бері келші, мына менің қасыма келіп отыр, — деді. — Сенсіз де бұл үйдің қазан-аяғына жүгіретін қатыны, шөмішін аңдитын қазымыр кемпірі бар көрінеді ғой, — деп Әбекесі мен Есекесін қоса қабаттап бір тұқыртып тастады.

Қылымсуынан ұяңдығы басым сынық келіншек жалтақтап Әбдіжапарға қарады да, бастығының пұшайман кейпінен "амалың бар ма" деген шырай таныған соң қысылып келіп Сиғаттың қасына отырды. Әбдіжапар мұны байқамағандай, әлгі бір күре тамырына қандауырдай қадалған ащы зілді естімегендей болды.

— Асылмын де...жөн, жөн. Бұрын неғып сені көрмей жүргенбіз?

— Бұл ауылға түскеніне жарты – ақ жыл болып еді, — жауапты Әбдіжапар кайтарды.

— Солай ма?! — деп Сиғат келін болып түскен құдды Әбдіжапардай-ақ, өңі жұмсақ, өңезі ащы аяр мысқылмен езу тартты да: — Бұл жұрт бүгінде тойға шақырудан да қалған! — деп келіншекке бар ынтасын бере, құлай бұрылып, екі қолын қайда сыйғызарын білмей абыржыған Асылдың кіп-кішкентай саусақтарын алақанымен көме салды. Қызаруын келіншек қызарса да қыл бұрау Әбдіжапардың қолына түскендей шырқырап:

— Сәке!.. Сәке!.. Мынаны!.. — деп құлақ шеміршегі жырым-жырым болған кепенің басын тарта қойды. Сиғат оған бола келіншектің ып-ыстық білегінен қолын тартып алмады, оның шабұртқан жүзіне жанарын қадап отырып, жұп-жұмсақ қарынан сипап отырып:

— Жеуге болмаса, бұл шіркініңді жәукемдеуге жоқпын, — деді. — Сан Саныч, менен кейінгі боз бала сен болуың керек, жеңсік асты жетімсіретпе.

— Япырай, ақсарбас деп шалған кепемнің басын кержақ мұжитын болды-ау! — деп Әбдіжапар өкінсе де әзілге жығып пыс болды.

Сиғат жеуге келгенде де орып тастаған жоқ. Жамбастың мырза басын ептеп шымшылады да самарқау отырып қалды.

— Бізге ежелгі дос экстрадан басқа жақпайды, — деп Әбдіжапар қонақтарына коньяк құйғанын да міндет қылып еді, Сан Саныч пен Бекет "тағы тайганың" мінезіне басып, айғыр стақанмен бір-бірден тастап-тастап жіберді де Сиғат дәм татып, рюмкасын бөтелкенің қасына апарып теліген соң, бұлар да ыдыстарын теріс төңкерісті. Сақа сері өзі ішпегенмен келіншекті қалыс қалдырған жоқ, серіктері қарығын басты-ау дегенде пышағы мен шанышқысын ыдысына айқастыра жинап, Әбдіжапарға көз қиығын тастады.

— Осы сенің той, гипертонияң бар ә?..

— Е, Құдай оны беріп тұр ғой!..

— Өтірік айтасың! — деді Сиғат. — Не болмаса өзіңді-өзің аямайтын жансебіл адамсың!

Тағы не жаздым дегендей Әбдіжапар қуыстанып, аузына апара берген қасығын кайта қойды.

— Манадан бері қойдың етін арпадай асап, арақты көнекке құйғандай төңкеріп жатырсың. Асқазан деген шіркін де шәйіңді төгетін итаяқ емес, аяу керек шығар!.. Ауру астан дегенді білемісің?.. Кепертониямын дейді!..

— Сәке-ау, енді барымен базар дегендей...

— Бүйткен барың курсын!.. Мынау ауыл аралас отырған кержақ ағайындар жылқы етін жемейтін жұрт. Тайдың басы торпақтан, құлынның құны қозыдан арзан. Өзің де тақыр кедей емессің. Жаңағы киіт қуалап жүрген кепкен шалдарға бір тұяқты байлата салсаң ғой... Жылқышының жылы-жұмсағын кертіп жеп, мынау коньяктан ас алдында оймақпен тамақ жібіту күнәқарлық емес!.. Кепертониямын дейді!..

Әкесіне ас бергендей шертіп отырған Әбдіжапардың дастарқанын Сиғат тағы да ит -ырғылжыңын шығарды. Өз тамағымен өңешіне оқтау жүгірткендей осыншама тұқыртып, осыншама мес қылып тепкілеудің астарын Сан Саныч түгілі, Бекет те түсінген жоқ. Асыл булығып пырс-пырс күлді. Дәу тегенені мықшия көтеріп кірген Есенқұл тым-тырыс жұрттың жүзіне тандана қарап еді.

— Әкет! Әкет! — деп қылқынып отырған Әбдіжапар тарпа бас салды. — Осында шылапшыннан басқа ыдыс-аяқ құрып қалды ма?!.

Есенқұлдың былбыраған майлы шықшыты былқ етпестен бедірейіп біраз турды да: "ішерсің атау кереңді!" — дегендей керсен бөксесімен торс бұрылып бүлкілдей жөнелді. Шырқы бұзылған дастарқанын қалай жинатудың қыбын таппаған Әбдіжапар Асылдың Сиғатқа жабыса қалғанын жаңа көргендей ала көзінің қанығымен ата бір түйреп өтіп еді, бірақ қызара бөртіп, балқыл отырған келіншекке айбат-ызғары дарымады, ақыры желі шыққан бүйендей өзінен-өзі бырысын, бір уыс болып қалпына түсті де:

— Өзі тура төртеу екенбіз-ау, — деп жоқты жақауратты. — Қалай, Сәке, қол керіп жіберсек қайтеді?

— Әр нәрсенің өз бабы бар, — деді Сиғат. — Мына Асыл шырақ үйіне шақырып әдемі қою шай берсе... алдымен соны сұрамадың ба.

— Шай табылады ғой, — деді Асыл.

— Сізге бәрі табылады! — деді Әбдіжапар.

Елпек айтса да тісінің шықырлағанын Сиғат сезбей қалған жоқ...

Түнде жүріп кетпек еді, Сиғат алғашында қара торы келіншектің әдемі шайын қимады, кейін шофер жігіттің аузынан сыраның иісін сезіп қап шалқасынан түсті. Машинаны мен -ақ айдаймын деген Бекеше де, Сан Санычқа да көнген жоқ, "Әркім өз жолын ойлаған жөн, білгеннің бәрін кәсіп қылсаң, бұл ғұмырдан дым да бітірмей өтесің", — деп екеуінің де меселін қайтарып тастады. Директордың қай сылтауы болса да әзірге қотқа жүріп тұр, ар жағында жасырғаны болса өзі ғана біледі де. Қалаған үйде қонақтап үйренбеген Сан Санычты жалғыз жібере алмай Бекет леспромхоздың барагында таң асып шықты да Асылдың қою шайын қимаған Сиғат, жайым келіспес деп түскен жерінде жалғыз түнеп қалып еді, жұрт төбесі көрінбей тұрғанда жігіттерді таңғы тауық деп таласа тұрғызып, бет шаюға да мүмкіндік бермеді.

Көк шағыр аспанның шығыс шалғайы түріліп келеді. Жер түгінде боз қылау бар. Жел тұрмаса да іргедегі Бұқтырманың ысқырығы үскіріктей азынап дене түршіктірді. Тентек ГАЗ-ик ауылдың қатқақ көшесінен шыққанша тоңқаңдап-тоңқаңдап алды да, кіре жолға іліккен соң зарлады-ай келіп.

— Асықпа! — деді Сиғат. —Адамның онсыз да қысқа ғұмырын қуалап қайтесің.

Кешеден кінәлі шофер директордың жайбарақат сөзін де бұйрық деп түсініп, машинасының жүрісін кілт түсірді. Жүрерде жақтау есіктің сыңарын алдырып тастап еді, орманның бұрқыраған таңғы самалы танау жарып, есінеп-құсынап отырған Бекеттің ұйқысын шайдай ашты. Жол мылқау. Төртеуі де мылқау. Мылқау орманның жік-жігі әлі бөлінбей жатыр; елпек ГАЗ-ик шыршалы қолаттың тұйығына танауын соғып алатындай ағып келеді де, әйтеуір саңдау тауып, жалт беріп шығып кетеді. Темекі тартқысы келген Сан Саныч трубкасын суырып, қалтасына қайта тықты. Сөзге алдарқатып, ұмыттырып жібермесе Сиғат шылым түтініне кірді. Сан Саныч Бекетке үміттене қаралы. Бекет Сиғатты бақты. Сиғат бас киімін шешіп машинаның жабығына қыстырды да өңірін агьггьш, желпініп отырды. Оның сүлесоқ, жүдең қалпын байқағаны бүгін ғана. Бір түңде бір мүшелге қартайып кеткендей қапсағай денесі шүмиіп, сынып қалыпты. Бекет Сиғатты аяп кетті. Тым болмаса сарқылып сыр шертетін үзеңгілесі жоқ жалғыз серінің шаруасы да шамасынан кем, тірлігі тайганың тұйық өміріне сыймайтындай көрінді. Кеңге сілтер құлашы болғанмен, қарамайтын лайықты жүк таппаған соң, салт өтіл бара жатқан қоңылтақ ғұмырына өзі де разы емес сияқты, күн-кешті арзан күйбеңді жақтырмай, маңайындағы күйкі жандарды шайнап тастайтын қазымырлығы да осыдан ба деп ойлады. Осыны түсіне тұра, үнемі үлкен адамдардың қасына еріп, бүкпесі мен іш қатпарына кіріп көрмеген Бекет, қай қырынан шығамын деп тарғыншақтап, Сиғатқа көңіл қас болуға да жарамай отыр. Әсіресе жол үстінде бүп да бір тозақ Әкең болса да сырып алмағанның қасында сыпайы серік болғанша, ит те болса таласып жығылатын ұялысқа не жетсін! Бірақ Бекетте сол ұялас бар ма?

— Сәке, айғырлық жасап жүрген айналасындағы екі-үш адамның көзінше Әбекеңді тірідей жерлеп кеткеніңіз қалай?..

Сиғат жауабын күттірген жоқ.

— Егер осында күнің үшін жүрмесең, алдымен ортаңды сайла.

Азаматтың әр ауылда ат байлап түсер бір босағасы болуға керек, — деді, маңдай шыныға сүзілген қалпы, құдды манадан бергі әлдебір әңгіменің аяғын тұйықтағандай. — Қара басының қамына бола мал жиған, төрінде береке тұрмайтын, түзде жұртқа сыймайтын тексізге жаның ашымасын!..

Сиғаттың кесіп сөйлегені, ішімдегі итімнің құйрығын баспай тек отыр дегені. Бекет тосылып қалды.

Жердің боз қылауы ұшқан. Бусанған белдердің күнгейі тұсау бойы көтерілген күн кірпігінен жасаурап, шық төге бастады. Қарағай бүрі түйіндеп, терістің де қайың мен талы күшік тастаған. Орманды алқал тоңып жеп, күл астындағы қоламтадай лап етіп кете алмай дел-сал жатқан бір сәті. Көлеңкеде құрысып, шуаққа маужырайтын адамның да бой алдырғыш буынсыз мезгілі.

— Қантөбенің басына шыққан соң Әулие бұлақтың басынан ат шалдырып алайық, — деді Сиғат.

Ирекке ілінген соң домалақ "тазик" тасбақадай тырмысып жүрісі өнбей қалды. Қарыспа жол Қантөбенің кепешіне шыққанша дүнияның төрт бұрышын түгел алақанға әкелетін, биікке үйренген Бекеттің өзі де төмендегі құзға қарап көзі қарауытты; жер көшіп бара ма, жоқ әлде машина бір орнында шырқ иіріліп тұр ма, белгісіз. Әйтеуір қай қанатқа бет бұрса да жақтау терезеден қызыл иек кемпірдің бет-аузындай жырым-жырым Жындысайдың қапталы кетпей қойды; қиядан қысы-жазы жосылған дөңбек сүргіні беткейдің сауырынан таспа тіліп алғандай сойып тастапты, табандағы тас қорым, томар, түгіршіктерде қисап жоқ, кезінде едірейіп тұратын шоқылар орманынан айрылған соң, арық түйенің өркешіңдей мыжырайып қалыпты. Айналасы қырық-елу шақырымдай тұтас бір тауды жұтып қойғандарына Бекет алғаш рет таңданып отыр. Осы тауды тонауға кеткен техника күшігің, жұмыс қолының нарқы қаншама?.. Сол үшін өкімет қаржысымен қаншама аппарат, әкімшілік штат ұсталып отыр? Мұның есеп-қисабын Бекет жақсы біледі. Тек миының жетпегені, пайдасынан зияны ғасырға мирас боп кететін мезгілдік шаруаға әулекі қаржы жұмсалып, жердің нәрі мен сәнін, табиғаттың болашағын, ұлттық байлықты қорғайтын лесхоз сияқты мекемелерге мүжуірден қалған иттің сыбағасын лақтыратыны...

— Жындысайдан екінші питомник ашу керек, — деді Сиғат. — Бұл жер енді бізге көшеттен басқа мал тауып бермейді.

— Оған қаражат, онан соң мұрсат болса деңіз. Жұмыс қолын қайдан табамыз? — деп бос трубкасын еміп, құлап кететіндей орындық арқалығына жабысып алған Сан Саныч Сиғаттың желкесіне еміне үңілді. — Оның үстіне Аюлының әуресі де жүйкені жейін деп тұр ғой.

— Аюлыға енді қам жеме. Аташ керек болса Әбдіжапар қомытқа өзі жегіледі. Сенікі күзет қана.

— Күзетіміз де жоқтың күні, — деді бас инженер күрсініп. —Мың гектарға бір өрт сөндіруші, үш мың гектарға бір патруль ғана. Оның өзі де жалақының табелінде тана, адамның жоқтығынан бәрін де басқа шаруаға пайдаланып отырмыз.

— Керегі қанша еді?

— Біз сияқты таулы аймаққа әр жүз гектарға бір өрт сөндіруші, әрбір екі жүз елу гектарға бір патруль қажет. Бұл вертолетті қоспағанда.

— Кісідегінің кілті аспанда, күнде мінетін өз көлігің болмаған соң, вертолетіңнің пилотына дейін кергіп бітті.

Жарға өрмелеген қара қоңыздай домалақ "газик" ышқынын келіп төбедегі жазыққа ілінгенде бөксесі қылмыңдап, үрейі ұшып отырған Сан Саныч есікті ашып жіберіп үһ деді.

— Есек те болса екі аяғың үзеңгіде отырғанға не жетсін! — деп қиналған себебін машинаға жапты.

Өкпек қара жел қалпақ жұлады. Бытқылдың бүк тымырсығынан көтерілген адамның тынысын бітеп, тұншықтырып тастайды екен, биік жонның төбесін тақтайдай қылып жонып кеткен де осы қара жел сияқты. Тас түбінен атқылаған Әулие бұлақ кішігірім өзендей, иек артпаға дейін күңгірлеп барып құзға құлаған соң, шатқалды дар айырып жыртып жатыр. Желі тентек, желінен бұлағы тентек, тауынан жазығы биік ғажап өңір. Айнала төрт құбылаңда көзге ілінбейтін бір қалтарыс жоқ. Теңіздің толқынындай өркеш -өркеш болып көз ұшына қаша беретін сеңгір таулардың шығыс жақ төрінде Мұзтаудың шошақ шатыры жалтырайды. Шығысы Монгол мен Шығыс Түркістанға, терісі жұрағат ел Ойманға шектесетін ортасы ойпаң, төрт құбыласы тау дөңгелек өңір кең сахарадан бөлініп, тұйықта қалған қазан шұңқыр секілді. Бекет жеті жыл жүріп Алтайдың биігіне бүгін шыққандай болды.

Сиғат машинадан түсе салысымен Әулие бұлаққа бетін шайып білегін сыбанын су ішті де бір қыдыру жерді жеңілтек айналып қайтқан еді.

— Сәке, мынау жерде де адам қартайып, кісі өледі-ау, ә?!

Сиғат Бекетке жылыұшырай қарады; жұп-жұмсақ қызыл шырайлы жүзінде күреңіте құлпырған нұр бар, кең маңдайынан түре қайырған ақ шашында Әулие бұлақтың күміс тамшылары ойнады.

— Әттең, еркіме салса о дүниенің жұмағына асықпай-ақ қояр едім, — деді Сан Саныч.

— Таңдамақ шарға екі адам барған екен, — деп Сиғат сөзін ауыл арасының анекдотынан бастады. — Бірі — жердің жаннатында, екіншісі — шөлде өмір кешкен екен. Әуелгісіне жұмаққа жолдама беріп, кейінгісін тамұққа қуыпты. Әлгі байғұс: япырай ғұмырымның өзі тамұқта өтіп еді, өлгенде де маған жұмақтың бұйырмағаны қалай десе, жолдама үлестіріп отырған қу: оқасы жоқ, үйренген тірлігің ғой, ол тозақтан бүл тозақтың айырмашылығы шамалы депті. Соған қарағанда о дүниеде де адамды жеріне, мекен-тұрағына қарай сұрыптайтын көрінеді.

Сұрыптағанда да тірлікте кешкен тозағы есепке алынбаса керек.

— Соның соңғысы кержақ емес пе екен? — деп Сан Саныч мәз болды.

— Кержақтар Алланың әміріне, Христостың ақылына да көнбеген табиғаттың еркесі ғой! — деді Сиғат. — Заманында рақатқа батсаң, о дүниенің уайымын жеп қайтесің!

— Ит біледі, екі ғасыр бұрын жалпақ Ресейден қоныс тимей қазақ ағайындардың іргесін паналап едік, енді о дүниеден орын сайлай алмай қалам ба деп қорыққаным да...

Шофер жігіт шылғауын шуаққа кептіріп, шуашын иіскей қулаған екен, бөксесінің бұлқ етпеуіне қарағанда қорылға басып та кеткенге ұқсайды. Сиғат басын шайқады да арбакеш сенікі ғой дегендей Бекетке иек қақты:

— Май сасытпай мынау машинаны бұлақ басынан әкетіңдерші! — деді. — Дастарқан жайындар, жүрек сазып барады, ораза ашатын мезгіл болған шығар.

Бекет машинаны екі-үш дүркін ышқындырып, бұлақ басынан айдай жөнелгенде шошып оянған шофер жігіт атып тұрды да қуалап барып капот үстіндегі шұлғауына жармасты.

— Япырай, мына шіркінге көліктен шұлғау қымбат болды-ау! Шаршысын қаншадан сатып алды екен? — деп Сан Саныч мырс-мырс күлді.

Түзде кухнясын тасып жүретін Сиғаттың әдеті. Картон жәшік ресторанның дастарқанынан кем түскен жоқ. Кілегей қатқан қызыл күрең шай термостың тығынын ашқанда иісі танау жарды. Сан Саныч сары ала қазы мен жаяның бір май бір етін жапырақтап жатып ара-тұра танауының астынан ырғытып жіберіп отыр. Сиғат құтыларға салқын сусын құйып таратты.

— Әлгі арбакештерің қайда?

Төрт есігі түгел аңқиған пұшық танау ГАЗ-иктен шофердің көстиген сирағы ғана көрінді.

— Ұйқышының тамағы тоқ, — деді Сан Саныч, — Арбакешке жарымай жүр екенсің, шылбырыңды ұстауға жарармын, атқосшыға мені алсаңшы.

— Қыз кезінде бәрі жақсы, жаман қатын қайдан шығады, — дегендей, көкшолақтың шылбырына ие бола алмай қалған соң маған қарай ұзатып жіберіп едіңіз, түбі төркінін қайта тауып бара ма деп қорқамын, — деп Бекет Сан Санычтың өзіне жармасты.

Манағы қоңыр жел ызғырықтатып, бағытын өзгертіп терістен суырды. Екпіні бұрынғыдан қатаймаса да сеңгір таулардың қатпарына ілесіп жал-жал боп жатқан қалың орманның төбесін теңселте бастапты. Ағаш басы шулап, Алтайды күңіренте алыстан жеткен бір сарынның күрсінісі үрейлі естілді. Көз қарыған ашық күнде мұнысы несі дегендей Бекет аспанға қараған.

— Не көрдің? — деді Сиғат.

— Түк те көріп отырған жоқпын.

— Аспан көк шығар мұздай. Қар бүркеп бір жаумай күн сынбайтын шығар, — деп Сиғат орнынан тұрды. — Алда құралайдың амалы бар, мынау жел соның хабаршысы. Орманшы боламын десең осыны да білуің керек.

Бекет пен Сан Саныч дастарқанды жинап, багажникке салғанша Сиғат та жаяу соқпаққа қиыстап шығып күтіп тұрған.

— Біраз жаяу жүрелік, иректің екінші басына түскенше қуып жетер, — деп қолындағы қу таяқпен Қантөбенің күнгей тұмсығын түртті.

Жабағыдай ұйысқан ескі жылдың бидайығы аяқтан шалады. Текшенің шым құйқасы қалыңдап, тусырап кеткен екен, тумысында не шалғының, не соқаның тісі тимегенге ұқсайды. Әр жерде теңкиіп-теңкиіп отырған кәрі молақтардан басқа мардымды ағаш та жоқ.

— Трактормен айналасын жыртып, өртеп жіберу керек, — деп Сиғат таяғымен тақтайдай жазықты шеңберлеп бір сызып шықты. — Екі отар қой, бес жүз жылқыңның жабағысына қысқы жемді осы төбеден-ақ алуға болады екен. Артығын қысылған жұрағатқа сат.

— Нағыз питомник болатын жер той, — деді Бекет. — Техникаға қолайлы, шуағы да мол.

— Сен аташ басына қарадың ба? — деп Сиғат тағы да таяғын шошайтты. — Анау бір топ қара шырша үйездеген малдай бір-біріне бұйығып өсіпті, бірақ түбі мал болмайды, өйткені тым тығыз, қорегі аз. Ал мына бір қарағайлардың батыс бөктері мәстек әрі жалды, ық жақтағысының бойы сұңғақ та өрімі сирек. Демек, құрылыс материалына жатпайды. Одан бергі қайың мен көк теректердің ұшар басы, теріске қараған бұтақтары қурап қалған.

Бекет суфлер бола ма деген үмітпен Сан Санычқа қарап еді, ол да жауаптан қашып, добалдай саусақтарын езуіне сыйғыза алмай тісінің жықдылында қап кеткен ет қиқымдарымен алысып келеді екен. Шашы жирен, сақалы жез, түксиген қап-қара қалың қасы күзге салымғы сарғайған тоғай ішіндегі қара самырсындай бөтен, ала-құла жыныстың ортасындағы түпсіз көлшіктей қос жанарында сыртқа шыға бермейтін тұнып жатқан бір жылылық бар. Аласа ғана мытым денесіне қазандай басы үйлеспейді екен. Өз жұртының қыс шана, жаз арбаға жегіп, кіре тартсаң да, қиға салсаң да көне беретін көмпіс жуан керігіне ұқсаған.

— Что, живописно? — деді Сан Саныч Бекеттің өзіне қайта-қайта қадала бергенінен тіксініп.

— Е, бұл ағаңда жүн жағы бар, — деп Сиғат жымиып қойды. — Егер сақал-мұртқа жоспар түсетін болса, молда Нұрқасым екеуі үйде жатып-ақ байитын адамдар ғой.

...— Бекет шынында молда Нұрқасым мен бас инженердің пошымынан ортақ бір нәрсе тапқандай болды. Сиғат жігіттің таңырқаған жүзін бағып, қалжың соңын тағы да Сан Санычқа тастады:

— Өкірген молда Нұрекеңнің Құдайдан безген немере інісі осы, — деді. —Атасы мойнына тәспиық салғанда, бұл шіркін о баста сүндетке отырғызылмай қальш, не сәждеге жүгіне алмай, не шоқына алмай шөре-шөре боп жүрген түрі мынау. Құдайға шүкір, шала десең де, әйтеуір өсімтал, өрімдей он қызы бар. Амандық болса, дүниеге әлі де талай-талай тарғыл дүрегейлер келетін шығар!..

Сан Саныч әзілге қосыла күлгенмен бұл да жатып атарын аяп қалған жоқ.

— Әй, Сәке-ай, бәріміз де қыз асырап отырмыз, менің де күнім күн емес деп ақын айтқандай, алдыңнан жарылқасын дегеніміз болмаса, ол шіркіндер екеуімізді қалың малмен қайбір жарылқап тастар дейсің! — Сан Саныч Сиғаттың да ұлының жоқтығын мегзей, тырнағын батырыңқырап алды да артынан жуып-шайғысы келді ме, күлкіге тағы да өзін-өзі шалып жіберді. — Тәспиығы құрғыр қолға түспей жүр де. Бәрінен де ораза мен бітірдің кезінде имансызсың деп, қызыл жұмыртқаның кезінде антихрист деп бұл жұрттың санатқа қоспайтыны жанға батады да!..

Желі болмаса Қантөбе жан-жануардан тыныш екен. Не тұяқ пен тырнақтың ізі, не құмалақ түспеген. Құс атаулыдан жалғыз сауысқан таңдай қағып біраз жерге дейін шығарып салды. Бекеттің таңдағаны, бір ауыл сыйып кететін осыншама ат шаптырым жазықтың елсіз-күнсіз йен жатқаны; тым болмаса заимке, қора-қопсының қарайған ескі жұрты да жоқ. Ит түгілі, битке қоныс болмайтын тайғанақ таз төбеге ұқсатып келеді.

— Қантөбе бүкіл Алтайдың барометрі, — деді Сиғат бетін желдің өтіне тосып. — Сонау батыс көкжиектегі Маямер тауының екі жақтан түйісіп кеп жығылатын аңғарын көрдіңдер ме? Тұрғын ел оны Көтенсай, келін-кепшіктер Шат деп атайды. Арты жаты Арқаға жалғасатын адырлы кең алқап, бергі жаты шатқалмен сыздықгап келіп Алтайдьщ қойнауына кіретін ожау сияқты қазан шұңқыр. Мынау жел сол Көтенсайдың жықпылынан соққан леп. Жазда — аңызақ, қарашада — дауыл, қыста — үскірік, бірақ бәрінің бір-ақ аты бар, ол — зауал қара. Қантөбе зауал қараның жолында. Мал өсірем, жан есірем десең, тіпті тал өсірем десең де зауал қараның өтінен сақтан. Баяғыда Сан Санычтың бабалары Қантөбеге соқа салып, егін сеуіпті деген сөз бар. Қуаңшылықта күн, жауынды жылы құл жеп, ақыры егін тұрмақ, мініп келген жалғыз керігінен айрылып, ақсирақ болып қалған соң, ішкі жаққа кері қашыпты деседі. Көрдіңдер ғой, жалғыз бұлақтан басқа суы да жоқ, оның өзі де теріске қарай теріс бағынып ағады.

Бұлақ басындағы пұшық ГАЗ-ик тырп етпестен қанатын жайып әлі тұр екен. Сан Саныч жерге бір түкірді де балағаттың үш этажын түгел жіберді.

— Мынау артын майласаң да адам болмайтын мал екен! — деді. — Мылтықтың жоғын қарашы, иттің баласын өкшесінен атып оятатын!..

— Мылтығын болмаған соң бүгінгі жастар айғайына айылын да жимайды, — деді Сиғат. — Онан да ілгері жылжи берелік, жыл келмесе қанша ұйықтар дейсің.

3

Күннің қас маңдайға көтерілген шар табағы кішірейіп, жалыны жалқын тарта бастаған. Сеңгір таулардың қойнауына мұнарт шөгіп, тайганың төбесі түтіндеп жатыр. Көз ұшындағы сағым өркеш-өркеш шындардың боз шатырлы сілемі сияқты. Көкжиек манағыдан алыстап кеткен. Сиғаттың ожаудай-ақ деген қазан шұңқырында қазір ұшы-қиыр жоқ, күн көзінің құбылуына қарай жер шіркін де бірде көсіліп, бірде құрыса қалама?..

— Жер тарылып барады, — деді Сиғат.

— Қоныс болар қойнау қалмады.

Бекет бұған сенген жоқ, Әр ауылдың арасы бес-он шақырымнан екені рас, бірақ олар кіре жолдың кіндік бойында ғана. Ал бүкіл ауданның бұдан басқа үштен екісі иен жатқан жоқ па? Алтайдың күнгей сыртын тек жаз айларында тана мал таптап қайтқаны болмаса, теріскейдің қалың жынысын тағыдан басқа тірі мақұлық жайлап көрген емес.

— Қай тасырда да бұл өлкеге жат жұрттың көз алартпағаны жоқ, — деп Сиғат әріден қалған бір әңгімеден бастады. — Шығыстағы көрші елдің тізесінен ішкі жаққа босқан қалың Найман Барақ батырдың тұсында бел алып, ата мекеніне қайтадан көшіп қонса керек. Сол кезде Шоңмұрынның аузы дуалы Мая деген ақсақалы айтыпты-мыс: әттең, өрісі тар, мал өспейтін, бірақ жанға сая жер екен депті. Сонан қалың елді ілгері өткізіп жіберіп, ендігі зауал батыстан келер болса оны да көріп алайын деп дәл осы шаттың аузына, ту сыртын Көтенсайға бере қоныс теуіпті. Бір елдің Өр ел, Бері ел болып екіге бөлінуі де содан қалған деседі.

— Бәсе, Берель деген атаулардың тегін таппап едім-ау, — деп күлді Бекет.

— Сәке, Көтенсайыңыз түсінікті болды-ау, ал мынау текше неге Қантөбе аталды екен?

— Кім біліпті, — деп Сиғат Сан Санычтың сұрағына біраз ойланып қалды. —Ханнан шықты десең, бұл төбенің басында ақ киізге көтеріп хан сайлапты деген ешкімді естігем жоқ. Онан соңғы отарлау кезінде патша өкіметі екі халықты бір-біріне айдап салып, осы төбенің басында талай егес болып, талай тарасса керек. Кейін Бұқтырма бекінесінен келген жазалаушы отрядтар бұратана елдің қанын судай ағызыпты. Соған қарағанда төбенің аты қаннан да қалуы мүмкін. Жер үшін қырқыс екі халықтың өзара бітімімен аяқталса керек. Ошақ көтеріп, түтін түтеткен келімсекті қумайтын қазақ салтын білетін кержақтар алдымен пеш соққан екен де, әр түтін жергілікті жұртқа емшектегі баласын берген. Қазақтар оны сүндетке отырғызып, бауырына салған. Бұл аңғардың бұрынғы аты Сүндетсай, Пешүй деген селоның аты да содан қалған. Жер үшін бала берген соң, ата қонысы үшін бауырына бала салған соң екі халық қантөгісті тоқтатқан деседі. Жұрт не десе ол десін, бұл өңірге мал өспейтіні рас. Сол Мая тұқымы, атақты деген менің бабам Сартқожаға да бір-ақ мың жылқы бітіпті.

— Аз екен! — деп Бекет ысқырып жіберді.

— Сәкең баяғыдан кедей сорлының артында қалған тұяғы ғой! — деп Сан Саныч та іліп кетті.

— Иә, тағы не айтасыңдар, қажап қалыңдар.

— Жай, сөздің реті той, — деп ақталды Сан Саныч. — Бүкіл ауданда он шаруашылық бар, соның әрқайсысында жылқы саны мыңға жетпейді. Сонда бір кісінің дәулетін есептеп көріңізші... Бұл өңірде Сартқожа секілді он бай болмады дейсіз бе?..

— Мүмкін, болса болған да шығар.

— Ендеше, мал өспейді дегенге кім сенеді.

Үшеуі қабырғалап ирек жолмен етекке түсті. Зауал қаран ың екпіні төбеде қалған соң дүние құлаққа ұрған танадай мелшиіп, дыбыс біткенді сыз сорып алғандай тұнып қалды. Ағаш сидам, аяқ аттасаң тұма, мүк басқан топырақта шым да жоқ, жапырақтың өткен жылғы сояуынан басқа тебен деген көк те көрінбейді. Сары тепсеңге жеткенше Бекет тұншығып кете жаздады. Сиғат озыңқырап барып екеуін күтіп алды.

— Қалай, Сан Саныч, шау тартып қалғаннан саумысың? — деді аяғының балшығын томарға тепкілеп қағып. — Түзге шықсаң аттан, үйге келсең ақырдан түспей жаман үйренгенсің-ау тегі?..

— Мен әлгі итті ойлап келе жатқаным, — деп Сан Саныч артына тағы бір бұрылып қарап қойды. — Талтақ қатындай басы тиген жерге ұйықтай салатын да адам болады екен-ау!.. Бұ сытырға қой бақтырса күніміз не болмақ?.. Құдайым сақтасын!

Киімі ауыр Сан Саныч малақайын шешіп, брезент тысты шолақ тонының жеңіне тықты да маңдайының терін сүртті. Қаңтардың аязы, шілденің шіліңгірінде де бір киімге үйренген жабылығы дәл бүгін бірер шақырым жаяулықты көтере алмай қалса керек, ашуын бет -аузына сыйғыза алмай, түксиген қасы қосылып, түк басқан езуі жыбырлай берді.

— Бақтырар едің-ау, бірақотан бағатын қойды қайдан тауып бересің? — деп Сиғат іштей шофердің иттігін кешіріп келе жатқан Сан Санычтың көңілін баса тіл қатты. —Бұл өңірдің шөбі жасық, жері сыз. Жаз ақсақ боп қотаннан озбаса, қыс үш-төрт метрлік қасат қарды теуіп жеуге де шамасы жетпей түрегеп тұрып қырылатын қой өссін бе?.. Альпаның жайылымы бұғы мен жылқының отаны той. Қияның қынасы мен қорыстың мүгі бұғыға, ал терістің нуы теуіп жесе де, тепкілеп жесе де жылқыға таптырмайтын өріс. Сонда бес мың емес, бес жүз мың жылқы да сыйып кетер еді.

— Жер тарылып барады дегеніңіз қайда?

— Әңгіме сол жерді қалай пайдалануда емес пе. Әлгі айтқан он шаруашылықта қой да, сиыр да, жылқы да, шошқа мен егін де бар. Бұған бір кезде бұғыны да араластырып былықтырды. Соның бәрі тек ырымға, есепке тана. Әйтпесе, жыл сайын үштен бірі қырылатын, жүзден елу қозы беріп, жүні бұғының басында қалатын қойдың кімге пайдасы бар? Не ет болып, не сүт болып жарытпаған сиырды баққанмен кімді ақмұрт қылады? Аздаған шабындық пен жайылымды бұзау байлайтын жер қалдырмай айдап тастадық, Ал оның өнімі, түсімі ше?.. Біздің бүкіл ауданның астығы тың өлкесінің бір совхозымен салыстырғанда ешкінің тебініндей-ақ. Сол үшін қыруар техника жинаудың қанша қажеті бар? Көктемде бірер күн, күзде бірер күн жұмыс істеп, жаз жаңбыр, қыс қардың астында босқа шіриді. Бұл ел шаруаны жердің ыңғайына қарай аудандыстыруды білмейтін, дақпыршен, айғаймен семіртен жүрт.

— Сәке, сол жұрттың ішінде өзіңіз де бар емессіз бе?

— Оның рас, — деп Сиғат біразға дейін үнсіз қалды. Бусанған аңызды, аңыздың әр тұсында шошайып-шошайып отырған қу молақтарды сүзіле шолып шықты да: — Бармыз!-деді. — Бармыз!.. Екі жүз шаршы шақырымның орманын отап тастап, енді шыбық шанши алмай отырмыз. Жердің рельефі, топырақтың нәрі өзгерді, өзен суалды, орманның орнын арам бұта басты да ылғал кеткен соң, кешегі жайылым мен шабындық қу тақырға айналды. Осы ма естігің келгені?..

Жын қаққандай шарқылдап сатал-сатал техничка қуып жетті де тоңқалаң асатындай лықсып барып кілт тоқтады. Қол көтерген Сан Санычка дударбас шофер:

— Мерзавчик бола ма? — деп бежірейе қалды.

— Сам ты мерзавчик! — деп Сан Саныч та шырт етіп, шорт сынды. —Мерзавец!.. Жылу жинайтын жерді тапқан екенсің!

— Ә, онда тырпылдай тұрыңдар, денсаулыққа жақсы болады! — деп дударбас салдыр-гүлдір атқа жөнелген, доңғалақ астынан ұшқан сұйық балшыққа бөксесін бояп алып Сан Саныч құнжыңдап қала берді.

— Мерзавчик! — деді Сан Саныч. —Давить надо таких мерзавчиков! — деді.

Сиғат мәз болып күлді.

— Таптап кетпегенше Құдайға шүкір! — деп бас терісі бырысып, пұшайман боп қалған Сан Санычтың кейпіне кекете қарағандай болды. — Дегенмен, замандас сенікі, — деп Бекетке сонан соң бұрылды. — Сен мана Әбдіжапарды аядың. Әбдіжапар бір есептен тозған адам. Күні тозған. Сонан соң да қайырымынан қаскөйлігі бұрын жүреді.

Айтқаныңды орындайды. Қажетті шаруадан көрі керексіз істі тындыруға бейім. Сөйтіп жүріп түйені түгіменен жұтады. Сөйтіп жүріп кісі болғысы келеді. Кісілікке еншілес болуға әуес. Ал әлгі мерзавчик туралы не дер едің?.. Бір есті адамның айтқаны есімде қалыпты: сотворение человека еще не закончено дейді. Дұрыс сөз. Бірақ сөз ғана. Өнерде айтыла береді. Ал өмірде ше?..

Бекет үндеген жоқ. Бұл жауапқа өзінің даяр емес екенін сезіп те, мойындап та келеді. Жылы да болса Сиғаттың сыз тартқан жүзінен жасқанын, бұқпалап құтылғысы келген. Осы бір пәлсәпасы көп пәлелі әңгіменің қажеті қанша еді? Дой-далада ұйықтап қалған бір шофердің, қаңғалақтап қуып жеткен бір "мерзавчиктің" Сиғат қадалатындай Бекетке не қатысы бар? Мезі қылған директордың тығырығынан құтқаратын тағы бір "мерзавчик" көрінбес пе екен деп кейінге көз тігіп еді, ирелендеген батпақ жол бос жатыр екен.

— Ел басына күн туғанда адамның бет-жүзіне қанықтап қарауға да мұрсат болған жоқ, — деп директор әңгімесін қайта бастады. — Идеал үшін, заман үшін бәрін салдық, бәрін тіктік. Уақыт соны талап етті. Кешегі сұрапыл соғыстың біткеніне де жиырма бес жыл болыпты, одан бері де бір ұрпақ жаңғырыпты. Тоқ тірлік, тыныш өмір басталды дейміз. Ал, оның ар жағында ше?.. Ертеңгі күн қандай болады? Сен еліңді дүниенің жүзінен оқшаулап, қалпақ астына бүркеп қойған жоқсың ғой. Ел тағдыры жайлы не ойлайсыңдар? Бүгінгі уайымың, ертеңгі арманың қандай?.. Әйтпесе, кешегімнен бүгінгім артық деп көмпіс тірлік кешіп, әйтеуір өмір сүре беруге бола ма?..

— Сүріп жүрміз ғой? — деп Бекет күңк ете салды.

— Солай ма? — деп Сиғат оның нәумез жауабына реніш білдіре күрсініп алды. — Менің бір өкпем, бүгінгі жастардың көбінде өзін-өзі күреске дайындау жоқ, күрескер боламын деген ниет жоқ. Бұл ұрпақтың, қала берді елдің нәсілін түсіретін дерт.

— Сәке, сіздердің уақыттарыңыз басқа болған жоқ па.

Романтикасы, қиыншылығы болды, революция кезіне, жаугершілік кезіне тап болдыңыздар. Жау болған соң тандап жатқан жоқсыздар, ататын мешеніңіз де даяр еді. Ал біздің мешеніміз... біз балта ұстап жүрміз, қой бағып жүрміз, баранка ұстап, мерзавчик сұрап жүрміз.

Жұрттың бәрі бірдей космонавт, бәрі бірдей ғалым бола берсе... Ол әлдебіреудің маңдайына жазған бақыт емес пе?..

— Қорамсағың бос болмаса алатын қамал табылады. Әр уақыттың өз қайшылығы бар. Соған орай әр ұрпақтың атқарар міндеті де бар. Айталық, соңғы жиырма жылдың ішінде осы ауданның еңбекке жарайтын естияр халқы қырқыншы жылмен салыстырғанда екі есеге жуық өсіпті. Ал ор адамның қоғамдық жұмысқа жіберген еңбек күні қырқыншы жылдың деңгейінде қалған. Сонда халықтың екіден бірі ғана қарекет етіп, қалғаны бос жүргені ме? Жарайды, техника араласты дерсің, бірақ жейтін ауыз, тоздыратын иық көбейген сайын тұтынатын қажет те көбірек керек емес пе.

— Сәке, алушысы болса, алтыннан бастап ақтоқашқа дейін табуға болады той, — деді Сан Саныч. — Тек мал тапқысы келетін жұртта ниет пен көңіл, ерінбейтін көмпіс қол болсын де.

— Мінеки, әңгіме сонда. Алтынды да, ақтоқашты да алушы табылар-ау, бірақ соған алушының қабілеті жетсе де. Қазір әрбір екі семьяға бір ат, әрбір жиырма семьяға бір мотоцикл, әрбір жүз семьяға бір жеңіл машинадан келеді. Ал біздің аудан ең кедей аудан. Бұл байлық па?

— Байлық болмаса да барлықтың белгісі де.

— Өтірік айтасың. Өтірік! — деп Сиғат кесіп тастады. — Байлық, барлық деген сақтық қор. Ал казіргі семьядағы бір көлік тек тұрмыс қажетін өтеу үшін керекті уақытша мүлік. Сен сол семьяның ошағына үңіліп қарадың ба?.. Қараған жоқсың. Бұрын той, бір ауылға, яғни бір бригадаға бір-екі механизатор еді. Қазір әр үйде бір механизатор деуге болады. Солардың ай сайынғы табысы қандай? Сен семьяның орта табысын есепке алма, ор адамның қоғамдық еңбектен тапқан орта жалақысын айт.

— Экономист емеспін, оны кім есептепті, — деп Сан Саныч тура жауаптан жалт беріп шыға келді.

— Әңгіменің бүкіл түйіні осында, — деді Сиғат. — Әр үйдің отағасы көктемгі егіс, күзгі орақ кезінде ғана кісі боп жүреді де қыс бойы шөмиіп, айына әйелінің қолына қыстыратын он бес жиырма сомынан қорланады. Ал оның жоқ дегенде үш-төрт, әйтпесе жеті-сегіз, онға дейін баласы бар. Олардың сүті мен шаңырағының отын-суы осы күнге дейін қасқа сиыр, шолақ байталды пенсионер шалдардың мойнында. Сонан соң да колхоз, совхоздың жұмыс қолы науқаннан тыс уақытта лесхоз бен леспромхозды тімтініп, калымщик боп қаңғырып кетуге мәжбүр. Ал үй шаруасындағы әйелдер жалпы жұмыссыз отыр. Немесе ошақтың басалқасы совхозда, қалған мүшелері кез келген мекемеден кәсіп тауып жүр. Мал тапқанның жазығы жоқ дейді қазақ, бірақ, малды күнкөріс үшін емес, өмір сүру үшін, рақат үшін жинамас па еді?!.

— Күнкөрістің аты күнкөріс қой, Сәке, — деді Сан Саныч. — Әркімде бір кеңірдек бар. Сайып келгенде, Абай айтқан: есектің артын жусаң да мал таптың кері боп шығат та.

— Нені айтсаң да алдыңнан шыға келетін, әйтеуір бір Абай бар. Одан бері қанша заман өтті? Қай заманда өмір сүріп отырмыз?..

— Жә, қойшы, Сәке! Қайдағы бір "мерзавчикке" бола дүниені парылтай. Келді, кетті, көңілден ғайып! Дүние "мерзавчиктерге" қарап қалған жоқ қой.

— Әңгіме қарап қалғанда емес, қоғам сол мерзавчиктерден жеркенуі керек.

— Жеркеніп келе жатқан жоқпыз ба.

— Жеркенсең сен ғана жеркеніп келесің. Әр құбылыстың әлеуметтік себебі бар. Тек қылмыстың ғана емес, жабылықтың да әлеуметтік тамырын тауып, соған орта, қоғам боп балта шаппай біз кісілікке жарымаймыз. Жабылықты тек адамның жеке басының міні деп санауға болмайды... Әттең, өтіп кеткен алпыс бес жыл ғұмырымды ешкім қайтып бермейді!..

— Берсе не істер едіңіз?

— Берсе ме?.. Берсе баяғыдай көп нәрседен қаймықпаған, бұқпаған болар едім...

Өткен өміріне өкініші жоқ пенде бар ма екен? Бекет бопсалап арғы-бергі уақытты шолған боп еді, ешбір шырғалаңға апарып Сиғатты қоса алмады. Шашылмайтын адамның сөзінен де, жүзінен де кірбең ұстау жылымнан тебен сүзгенмен бірдей, оның күліп тұрып та толқымайтын ажарынан мұң таппаған соң, әйтеуір бір кезде маңдайға тиген таяқтың зардабы қалғанын Бекет көңіліне түйді де қойды.

Күн еңкейген соң қара жел тұрды. Қара жел көз ұшында қарақұрық сағым боп шалқыды. Алыстан көрінген ауыл төбесі қарақұрық сағымда толқын үстіндегі шоғыр-шоғыр желкендей теңселіп, көшіп бара жатқан секілді. Қантөбеден бергі он шақырым қашықтық ұзарып кетті. Әуелде ыссылап, Бекет пен Сан Саныч сырт киімін шешіп қолына алғанда Сиғат галстугін ғана босатқан, екеуі ызғырық қатайған соң кайта киінгенде ол желбегей костюмінің өңірін қаусырынды да қойды. Жолдың қыры мен қиыршығын тандап басса да, Бекет пен Сан Саныч етіктерін ауырлатып алған екен, ұртына қылау жұқпаған Сиғаттың бәтеңкесін көріп, Бекет жымиып күлді.

— Сәке, жиырма бес жасыңызда аяғыңызға не кидіңіз?..

Айтарын айтса да: "дос басқа, дұшпан аяққа қарайды" — деп бас сала ма деп қипақтап қалған. Жігіттің бәтуасыз сауалына Сиғат шамданған жоқ, бірақ бәтуасыз деп зая да жібермей:

— Жиырма бесімізде аяқтың басы тұрмақ, астына қарауға уақыт мұрсат бермеді ме, — деп жұмбақтап қана жауап қайырған болды. — Жиырма бес жұрттың бәріне бақ болып қона бермеген шытар. Есте қалғанмен еске алуға болмайтын сәттер де бастан кешеді.

Қырсықтырып алмайын десең қажай беріп қайтесің дегендей Сан Саныч Бекетке көзінің қиығымен ескерту жасады да, әңгімені әдейі теріс түрткілеп:

— Қырықтан асқан соң қылышыңды күнде суыра бермейсің, жиырманың бесінде жырғап бір қалғанға не жетсін! — деп уақыттың өтіп бара жатқанына сақалы кінәлідей-ақ добалдай саусақтарымен иегін қышыр-қышыр қасып алды.

- Алдында тұмыр болған соң жиырманың бесінде жырғап қалу міндет емес шығар. Ал мынау дүниені ырғап бір көру керек десең бір жөн, — деп Сиғат бұра шапқан Сан Санычты шаужайлап, тағы да сөз төркінше қайырып салғандай болды. — Бекет, осы сенің жасың нешеде?..

— Отыз деген зауалдың басын қайырдық қой. Оны неге сұрадыңыз?

— Демек, бүгінгі ел басқарған азаматтардың көбі сенің замандастарың. Заман да сенікі. Ғылыми – техникалық профестің адам жанынан басқаның бәріне билік жүргізген уақытында білімдіден шыққан өнегені де көруіміз керек қой. Сен менің жиырма бес жасымда не кигенімді сұрама. Сол жаста өздерің не киіп, не ішкілерің келеді.? Төтесінен айтсақ, әлгі алты ай қыс бойы ай сайын табатын он бес, жиырма сом жалақыға не ішіп, не киюге болады?.. Солай бауырым, ішетін ауыз үлкен, ал қасығың кішкентай.

— Жұрттың бәріне жұмысты қайдан тауып берерсің, — деп Сан Саныч шарасыздық білдірді. — Бұл ауданның шаруасы жыл мезгіліне байланысты ғой. Амал қанша...

— Ақылға салса, амал деген толып жатыр, — деді Сиғат. — Ол үшін кулактың қомағайлығыңдай нық та тұрақты шаруа керек, шаруаға басшы керек. Қой баққан екенсің, бір саулықтан жарты қозы емес, екі қозы ал. Әрине, қой деген жұмыртқадан шығысымен он сегіз күннен соң қазанға түсетін бройлердің тауығы емес. Әйтсе де жаз жайылымға ғана сенбей, артығын жыл он екі ай бордақылап, ет комбинатына ай сайын айда да түр. Оның санын бәленбай мыңға жеткізем деп Қарабайға ұқсап көз алдында жайып отырудың не қажеті бар? Міндет — асырау үшін бағатын аң емес, азық қылу үшін емес пе. Әйтпесе, бір қойдың орнына екі пюшка ұста да оны жер емген өзен бойындағы бау-бақшалы, картоп-шалқам өсірген жұрағаттарға бер. Өрістегі бір сиырдың орнына бір бұты немесе он жылқы сал. Қайыратын таяқ сенікі болғанмен оттайтын аяқ өзінікі. Омартаны кәсіп қып, шыбынға бап болмаса, шүйгін өрістің керегі жоқ. Жұмыс деген осы. Күрекке боқ қашанда табылады. Бірақ сол күректі тек боққа емес, боталы түйе табағын еңбекке жұмсау керек қой.

— Ол үшін күрек ұстайтын епті қолға ақылды бас та керек шығар-ау, — деп Сан Саныч өтіп бара жатқан әңгіменің қоламтасына қорда тастағандай болды. — Біз енді ол тірліктен қалған адамбыз ғой, мына білімді жастар бірдеме бітірмесе...

— Диплом он адамның бірінде, аттестат мерзавчиктердің де қалтасында жүр, — деді Сиғат. —Қазір орта, арнаулы орта білім жаппай міндет болған заманда қыздан тілерміз — бір азаматтың ошағындағы соры, бір жарыместің шешесі болмаса екен деп уайымдаймыз. Ал азаматтан ше?.. Маған салса, жұртқа аттестат үлестірмей тұрып, мектеп есігін ашарда баламды психиаторға апарған болар едім. Кісішкке деген емтихан осыдан басталса керек. Кім ел басқарады, кім күрек ұстайды, бәріне де әуел бастан баулығанға не жетсін. Мұнсыз біз әркімнің қабілетіне, әркімнің қажетіне қарай деген коммунизм принципіне жете алмаймыз. Жауыз бен қаскөй, карьерист пен күншіл—дарынсыздан, тоғыпшар — жабыдан, парықсыз дарақы — тексізден. Адамның санасы мен тегіне соцуравниловка принципі жүрмеуге тиіс!..

Таусылып сөйлеген Сиғат әлдекімге уәжін өткізе алмағандай ширығып, өзін-өзі іштей жеп, қажьш келе жатқан. Таласпаган, ыңғайын тауып көңіл жарыстырмаған қасындағы екі серігін де дәл қазір санатқа қосар сыңайы жоқ. Көгі түлемеген, көсеуге жарарлық аташтан да жұрдай өңшең бір жалаңаш таулардан көзге де тиянақ таппай айналып кеп тағы да Бекетті қажады.

— Темір бетон аяқтың астында жатқанда бұзау байлайтын қазық үшін қарағай жықпай, енді табиғатқа да бір мезгіл тыныс беретін уақыт жетті. Сен маған мынау жұтап қалған таулардың қиясына техника шығарып, соқа салып берші? Адыра қалған аңы мен құсын айтпай-ақ қояйын, кешегі ит тұмсығы өтпейтін есіл тайганы қалпына келтіріп көрші?.. Солай!.. Ойланбай істеген шаруаның соңында осындай шешілмейтін сауал қалады. Оған сен миыңды ашытпасаң, мерзавчиктер бас қатырып жатпайды.

Бұл өңірдің жұтап кеткені де рас. Бекеттің осыдан жеті жыл бұрын көрген Алтайы басқалау еді: аудан мекемелерінің қосалқы шаруашылығын былай қойғанда, ор сай, ор өзеннің сагасында отыратын мал фермалар, омарта, құрылыс материалдарын дайындайтын лесопилкалар мен құстарлар иін тіресетін; қай қуысқа кірмесең де бес-алты түтін, алдыңнан үрке қашатын мал, үріп шығатын ит те ен тайганың ішінде ел барын сездіріп, аңшы мен орманшының заимке-бекеті кез келген бытқылдан күтіп алатын. Күрішке ерген кермектей леспромхозға ілескен лесопилкалар болмаса, басқасы қазір құрыған. Аттыға өткел бермейтін өзендер тұяқ шыламайтын арық боп қалған соң, жағасынан жайлау да кеткен. Әуелде әлдекімдер тау шындарының мұзы таусылғандықтан деп сылтауратқысы келген, геодезиетер мұздан емес, жердің рельефшің өзгеруінен деп дәлелдеді. Қалай да бұлт шақыратын орманы, бу қоздататын шығы тұрмаған соң, ылғал да таз төбелерді менсінбейтін болуға керек. Мың ағаш кесілсе, оның бодауына он – ақ шырпы қадалады екен. Оның үстіне Алтайдың ағашы да кінәз, тұқымынан болмаса, көшеттен көбеймейді. Топырағы да кірпияз, қарағай мен кедрден басқа шырша, самырсындарды қабылдай бермейді. Биіктен жоғалтқан орманның гектарын ойдан толтырмақ боп леспромхоз аздаған шабындық пен жайылымды айдап тастап боз шырша егіп еді, құр жер тарылтқанымен қоймай ол да төрт-бес жылдан соң қурап қалып жатыр.

5

...Алдымен асхананың күйген шыжығы қасыды. Оған қоңсы шулығы мен шарабын, шаршысы мен арағын араластырып сататын унберсал дүкеннің алдында бір топ жігіт гүжілдесіп тұр екен, бүркіттен жасқанып жемтіктен қашқан қарғалардай директорды көрді де, таса-тасаны сағалап тарқай бастады. Ауылға кіре Сан Саныч тағы да артына жалтақтап, қипақтай берген.

— Немене, Марфаның қазаны оттан түсетін мезгіл болып па еді? — деді Сиғат. —Бізде бет жоқ, шақырсаң бара береміз.

— Ерулікке жүре қойса Марфаның көжесі қашпас-ау, — деді Сан Саныч. — Мен әлгі итті уайымдап тұрғаным. Оқыста бірдемеге ұшырап... ондай жетекке жүрмейтін жетесіздің жұртқа қырсығы көп болады.

— Қорықпа, қырғанда бір мерзавчик пайдасын тауып келер.

— Сол ит мерзавчик табуға да жоқ-ау...

Шатырын қызыл қышпен жапқан егіздің сыңарындай біркелкі ағаш үйлердің қора-қопсысы көш жерде: ауланың көркіне бола егілген жабайы алманың шешегі енді ғана күшіктей бастапты. Жазға салымның шуағымен ашылған терезелердің қаусырмалы қақпағы күн қайта жабылып жатты. Көше бойында күресін де жоқ. Әлдебір қаңғырған сиырдың әдепсіз тастап кеткен жапасын тоңқаңдаған қара шал сүт бетінен қаймақ қалқығандай күрекпен ептеп сыпырып алды да, бақшаға төгіп кайтты. Осының бәрі Бекетке ұқыптылықтан көрі "сері кеп қалды", "серый приехал" дейтұғын ауыл иесінен тіксінуден туған әбігер сияқты көрінді.

— Сірә, біздің үй монша жаққан-ау, — деді Сан Саныч Сиғат тағы бір шаруамен мезгілсіз ұстап қала ма дегендей кипақтап.

— Марфаның моншасы іздегенге табыла бермейтіні рас, — деді Сиғат. — Арқанды таптап берсе ол да бір ләззат.

— Қасқыр мен қазаққа сеніп ет сақтама депті ғой мен сияқты бір кержақ. Семья болған соң бір шаңыраққа бір қатын керек-ақ.

— Екі бірдей енені қақтап емген қу едің, сенен қусаң құмалақ түспес. Бар енді, бар!..

Бұрын сыралғы болып көрмеген бас инженерді Сиғат Бекетке "танып ал" дегендей біраз шешіндіріп бакты. Өзіндігі жоқ болса да өзгені тыңдай білетін елпектігі ұнады. Оққағары тіл мен жағында, жатты да, жақынды да жорға мінезімен жығатын жампоз ба деп қалып еді. Таяққа да, тараққа да сауырып төсеп үйренген, есектің жүгін артсаң ыңқ етпейтін көмпестігі күнкөріс үшін емес, күнкепітілігін аңғартқан сияқты. Мезгілімен үйге кайтуға да бастығынан путевка сұрап тұрғанына қарағанда Сиғат та оның осы мінезін пайдаланып тоқымын кептірместен жегетін көріңді.

Кеңсе берік екен. Сүйегі шашылуға жақын саудыраған шал кілт әкеліп берді. Сиғат рәсімге бола сәлем берді де иегінің астындағы кепкен салындыдай қурап қалған байғұсты жақтырмаған қалпы:

— Балаң қайда? — деп зірк етті.

— Бала ма? — деп шал Сиғатқа жыртиып біраз үңілді. —Бала емес, мен қыздың қолында тұрам ғой, — деді. — Ол шіркін әлгі... әлгі, әлгі... қап Құдай-ай, әлгі... әлгі бесінші тумасына беретін өкіметтің тиын-тебенін әкелуге сәбезге кетіп еді...

— Пенсия аламысың?

— Әләмін, шырағым, әләмін, — деді.

— Ендеше Алла разы болсын деп үйінде жатпаймысың. Әлде қойма мен дүкен арасындағы қысқа жолдан қызыңа орден тауып берейін деп пе едің?!

— Е, орден бар ғой, шырағым, бар, — деді шал. — Түркісіптен біреуін, трудәрмиеден біреуін таққам, — деді.

— Жә, анау локаторыңды тарта тұршы, кеңсеге кіріп алайық, — деп Сиғат шалдың бырысқан басындағы тебінгідей қалқан құлағыш да жақтырмай тілімен түйреп өтті. — Бұл қазақ лекерлеп күн өлтіруді қашан қояр екен?!. Қамшы орнына қурай қыстырып жүретін ежелден әдетіміз еді...

Екеуі кеңседе едәуір отырып қалды. Шаруаның жалпы ауқымы, жаңа смета, жаңадан ашылатын бөлімшелер мен қосалқы шаруашылықтың көлемін, жылдық жоспарын ақылдасып болғанша шам да жанып еді. Ел орынға отыра тысқа шыққан Бекет күлді-көмеш боп Сиғаттың үйіне күнде сүйретіліп баруға қысылды да жатақханаға бура тартқан, соны сезгендей:

— Жатақхана сатан енді қол емес, — деді Сиғат. — Көптің ортасында көсіліп жата алмайсың. Біреудің жүзі жылы, біреудің сөзі жылы, бәріне күліп қарап, бәріне бірдей жалпақ шеше атансаң қасиет қашады. Қысы-жазғы қара қос адамның санасын да қарайтып жібереді, сондықтан тағы тайга деген ұғымды да бір жола өшіріп тастау керек. Құдайға шүкір, осында баспана жетерлік. Анау төрт бөлмелі коттедждің біріне кір де ертең завхозды Зерендіге жіберіп қалаған мебеліңді алдыр.

Қатын алғанша күтуші ұстарсың. Ал бүгінше біздің мекен тарлық қылмас.

Бекет ауыл төріндегі ай жүзіне шырт түкіріп тұрған тәкаппар особняктің есігін амалсыз тағы да ашып еді.

СЕГІЗІНШІ ТАРАУ

1

Бөктердегі жалғыз үйден баран атты шал шықты. Самарқау дүниенің шырқын бұзбай, самарқау ғана аяндап келеді. Көңілі бей-жай, жүзі ұйқыда сияқты еді. Басында пұшпақ бөрік, үстінде шолақ шидем шекпен, аяғында саптама; бөктердегі жер кеппей тігілген жетім киіз үй сияқты шалдың сырт киімі де ескінің жұрнағын баяғыда жоғалтып алған бұл өңірге оғаштау, үші есімсіздеу көрінген. Жез таспамен шандыған тобылғы сапты сары ала қамшысын ердің қасына қыстырды да, күнгей-күнгейді бір шолып шықты. Тарғыл мысықтың жанарындай шақырайған шағыр көздерінде дүниеге деген секемшіл күдікпен қоса мынау меңсіз аспанның мөп-мөлдір нұрындай салқын сұс бар еді. Мұрны жоталы, одырайған бет сүйегінде, көстиген шықшыты мен сорайған астыңғы иегінде артық бір жапырақ ет жоқ, сақал-мұрты шымқай боз; ірі тұлғасы, тоза қоймаған қызыл күрең жүзі шалдың әл-аухатының да, қажыр-қайратының да қалпында екенін аңғартқан.

Шерубай тізгінді шамырқана жұлқып, орман шетінде үйір-үйір боп шоғырланып жатқан жылқы қарасына жалтақтай берген атын Жындысайдың шұп-шұбар томарлы жотасына салды. Қиядағы тас қорымнан жылқы пысқырып еді, қоңырау сылдырынан шал саяқтың үйірін таныды да аялдап жатпады. Жыланбауыр тягачтардың тісі жыртып, сүйретпе дөңбектердің діңінен жырым-жырым боп тозып кеткен томарлы құба жонның етегіне іліне бере ала қоржынның аузын ашып, "пысымылда" — деп қол салғаны сол еді. Қоңырау сылдырын үркітіп аспан гүрілдеді де тау-тас жөңкілген малдың дүбіріндей дүркіреп жөнелді. Шерубай қоржын аузындағы қатып қалған жұдырығын жылан мыжығандай сығымдап, қиястықтан бет-аузы қисая, жыбыр-жыбыр етті де, "мына зауал тағы да келді ме?!" дегендей көкшіл жанарын аспанға қадады.

Инеліктей дірдектеген талпақ мұрын вертолет Жындысайдың иығынан шыға келді де, жер-көкті азан-қазан көшіріп, Аюлының нуына асты. Онан қайта оралып, шалдың жетім үйінің төбесінен шаншылып біраз тұрды да, таз төмпешіктерді сан айналып, ақыры қоналқы таппағандай шырт ұйқыдағы Алтайдың шырқын бұза Жындысайдың желкесіндегі заимкеге шүйілді. Солаңдаған арқан басқышпен әлдекімдер түсе бастағанда: "әттең, біреуі мұрттай ұшса екен!" — деп тілеп еді, бірақ, ниеті қабыл болмады, талпақ мұрын инелік тезек тастағандай жүгін жеңілдетіл алды да, лесхоздың орталығына дірдектеп тайып отырды.

Күркіреген жаңғырықтан шалдың құлағы тұнып, есеңгіреп қалған сияқты еді. Сілейіп біраз тұрды да, қарысқан қолын қоржыннан суырып алып, алақанындағы кедр жаңғағын шашып жіберді. Сауыры ұршықтай құр ат тілім-тілім дөңбек ізіне түсіп сүмеңдей жөнелген. Иесінің күндегі тірлігіне қанығып алған хайуан қарайған топырақты қалдырмай, шұбар жонды шыр айнала қуалап шықты. Ала қоржынның түбіне жеткенше, Шерубайдың екі қолы да тыным тапқан жоқ, жаңғақты көсіп алып, әлдекімдерге күл шашқандай онды-соңды сілтеп еді, жүгі жеңілдегенде барып тізгін тежеп, маңдайының терін сүртті, ыдысын солаңдатпай шиыршықтап қанжығасына қайта буды да келген ізіне қарады. Қызыл дән топырақ бетінде баданадай боп жатыр екен, баран бестіні кері бұрып, біраз жерге дейін ат тұяғымен жаныштап жасырып кайтты. Сосын айдалаға, аспанға телміріп аз-кем аялдады да бөктерде жаурап отырған жетім үйге қарай шауып алатындай тасырлатып шаба жөнелді.

2

Сарғайып сызы шыға бастаған керме басы жым-жырт еді. Үй маңынан үш ит арсалаңдай жүгірді. Еркелеп аттың танауына секірген овчаркаға Шерубай зекіп тастаған соң иесінің қырыс кабагын таныған тайыншадай бөрібасар жақындамай, тайсақтап қала берді де бауыры арқасына жабысқан сұр тазы сүмеңдеп ере шалды есік алдына жеткізіп салды. Толған ұршықтай тырсылдаған аппақ келіншек түндік ашып жатыр еді, ту сыртынан ат дүбірі естілгенде, мықынына іркіліп қалған көйлегінің етегін созып, суыт келген күйеуіне қарай асықты. Жас шамасы қырыққа енді ілінген, әйел затының қайта бір жасап ажарына кірген, қойыны құр жатпас, омырауынан сүт кеппес бұрқыраған бұла шағы. Бетінің нарттай қызыл шырайынан қымыз иісі тепкендей.

— Аманшылық па? — деп тандана, талмаурап сүзіліп, қарақат көзін бір төңкеріп тастады. Үні назды, майда қоңыр.

— Амандықты сен түгендеймісің?!. Үйді жық! — деп Шерубай шылбырға ұмтылған әйелінің қолын кері итерді.

— Жыққаны несі?!.

— Неге жығушы еді?! Көшеміз-дағы! Сарыала етек боп саздың үстінде отыра бермексің бе?! Бие байлайтын уақыт та таяп қалды.

Қоныс жаңартуға себеп болған малдың күйі емес, басқа бір кәдік барын сезімтал әйел шалының қабағынан-ақ түсінген, бірақ шамына тимей майда тілімен наразылығын да білдіріп қалды:

— Балалардың көкесі-ау, сабылып күнде көшеміз бе? Ел-жұрттан үріккендей сонау етектен жылжып едік, енді Алтайдың шыңына барып қонақтамасаң, барар жер, басар тауың қусырылып қалған жоқ па?..

— Жә, маған арқан әпер! Балаң тұрды ма? Оят!..

Әйел тәжікелесіп жатпай есікті түріп ішке кірді. Шерубай аттан түсіп, айылын қайта тартты да, өренің аша қазығында ілулі тұрған жанторсықты шайқап-шайқап қанжығасына байлады.

— Сән!.. А, Сән!.. Түр айналайын! — деген әйелдің зілсіз даусы естілді. —Көкең тұрсын деп жатыр. Тұра той!..

— Әсем! — деп шал есікке көз қиығын тастады. —Жүген ала шықшы!..

Бұтында ылпа жоқ төрт-бес жасар қалқан құлақ сары бала Әсемнің етегіне орала шығып еді, әйелі қыл арқан мен жүгенді қанжығасына байлағанша, шал ұлын жерден көтеріп, аймалап иіскеді де, сақалымен бұтағынан қытықтап күлдіріп, қолы босаған соң шешесіне ұсынды.

— Жүгінді буып-түйіп жиналып отыр, — деді жылқышы. —Мен желкүреңді іздеймін. Шұқанаққа жығылып қалды ма, кешеден бері жылқы ішінде көрінбейді. Құр ат мініп Сән ізімнен тапсын.

— Өзіңнен кәрі лақсаны жетелеумен күнің өтті-ау! — деп Әсем күңк етті, күңкілінің өзі күлкідей еді. — Бауыздап таста деп баяғыда айттым... Ұршығы тарсылдаған тырақы енді сатан бәйге әпереді деп пе едің?!.

Әлде қалжың, әлде қитығы екені белгісіз, шал әйеліне қабатының астымен қарады да:

— Әлі де сені төркініңе апарып тастауға жарайды! — деп атын тебініп жүріп кетті...

Ерке ұлы әкесінің ала кетпегеніне қиғылықты салып ауылды басына көтере бақырып қалып еді, үйден қарнын қасып онан ересектеу екіншісі, көзін уқалап үшіншісі, айран сұрап төртіншісі шықты.

— Ой, айранда басың қалғыр! Былай тұр! — деп Әсем шарт сынды. — Айран дейді ғой құлқын сәріден! Қазір әкең кеп ойранымызды шығарады! Төс табанынан сыз өткен жынды бурадай жынын шашып кеткен жоқ па!..

3

...Займке буынып-түйініп отыр еді. Вертолет тез орала қоймады.

Мешел мап-майда күншуаққа мандайын төсеп, бедірейген мұңсыз аспанға қадалып мыңқ етпей тершіп жатқан. Қашып кететіндей қапшығын қылтасына басып, қара сандықты басына жастанған. Керзі етігінің қонышын түріп, шылғауымен қоса тура танауының астына делдитіп жайып қойған еді.

— Мүңкітпей әрі тартшы мынауыңды! — деп Бескемпір теуіп жібергенде жер ошақтағы қоздап жатқан шоққа барып бұрқ етті.

Сарандықтан ғана сүйреп жүрген ұлтаны ұстараның жүзіндей ескіге Мешел де онша қинала қойған жоқ, мыртық башпайларын қылт-қылт қайшылап, содан бір ләззат алғандай ысқырып жата берді. Сегізаяқ тәрізді тарбиған ағаш тамырын отқа бір тығып, бір суырып, пышақпен мінеп отырған Бекет те тырп етпеді. Резеңкенің бықсыған ащы түтіні қолқаны қапқанда барып шыдай алмаған Бескемпір атып тұрды да, етікті күресінен асыра шырқатып жіберіп, быршып жатқан Мешелге:

— Сенен құтылған күні бір бөтелке Құдайы берер едім! — деді.

— Менен құтылуың қиын шығар, онан да сол бір жартыңды қамдай бер.

— Дәретінді алып па едің?..

— Қол арам болғанмен қалта бар. Бір етіктің құны бір жартыға тұрмас деймісің? — деп Мешел саусағының ұшын сарт-сұрт шертіп қойды. —Төрт сом. Қалған тиыны ақыретте мойныңа қарыз болсын...

Айтып ауыз жиғанша болған жоқ, белінен буындырып байлаған бір бума ондық қызыл ошақбасына топ-топ ете қалды. Мешелдің көзі аларып, атып тұрды. Рюкзагін асынып тоқал тамнан Жақып шыққан екен, артынан топырақ шашқандай есік көзінде тұрып алып Леся ақшамен атып жатты.

— Мир, мир! — деді сасқанынан Мешел. — Жеңеше, кепиеті атады, кепиеті!..

Жақып артына айналған жоқ.

— Кетіп барасың о? — деп шұқынып отырған Бекет бәкісінің шаппасын жапты.

— Тірі адамға тататын дәм-тұз қайдан болса да табылады ғой, — дей салды Жақып.

— Бірер минутқа құйрықбас ... рәссім ғой...

Жақып рәсімді сыйламаса да ошақ басына тізе бүгіп темекісін шығарды. Бекет төс қалтасынан ақша суырып ұсынды.

— Екі жүз сом. Қайтқан мал қайырымен. Менің мойнымда да қарыз боп кетпесін, — деді. — Қолхатымды қайырмай-ақ қойсаң да болады.

Жақып жауап қатқан жоқ, ақшаны да итеріп тастамай, он сомдықтың бірін шиыршықтап отқа тигізді де шылым тұтатты, сосын жерошаққа тастап жіберіп, жанып біткенше өзіне қадалған Мешелдің бәдік жүзін батып отырды.

— Зауалың барда, амалың бар ма, есірме!

Заманың барда тас шайнасаң да кесір ме?!

Ақшаның буы — ақымақтың туы деуші еді,

Артынды бақсай, көрпеңе қарап көсіл де! — вот так, вот! — деді Бескемпір — тоның да, қоңың да осы еді, кімге өкпелеп отқа тастап отырсың?

Жақып жауап қатқан жоқ, Ақшаны жұмарлап отырып қалды. Біраздан бері ұстара тимеген бет-жүзі ескіріп, сақалының құйқасы ақжемтір боп түлеп кеткен екен, үясы омырылып қалған жанарында от та, уыт та жоқ.

— Жасың қырықтан асты, — деді Бекет. — Мекен тұратынды сайламапсың, осы уақытқа дейін түтінің де түзу шықпапты. Жалғыз жолдасың аңди екен, онымен енді араздасқаның тым кеш боп жүрмесін.

Жақып жауап қатқан жоқ. Темекісінің тұқымын көн боп кеткен Мешелдің қара табанына басып өшірді де отқа шырт түкірді. Мешел де түк сезбегендей мыртық башпайларын қылт-қылт қайшылап қойып ысқырып жата берген. Тоқал тамнан мырс-мырс жылаған Лесяның танау тартысы естілді.

— Қазақта пәлсәпа көп, — деді Бескемпір. — Соның бірі әйел қызғанатын еркекпен қос болма деуші еді. Қызғаныш шырық бұзғаннан басқа не әкеледі?. Қызған, қызғанба, қатын қағынса бақырайтып қойып та көзіңе шоп салады, вот так, вот! — деді Бескемпір.

Жақып жауап қатқан жоқ. Жұрт та оған назар салмады. Тыныштықты ат тұяғының тықыры бұзып еді, Шерубайды алдымен таныған Бескемпір:

— Ассалаумағалайкум! — деп атасы қажыдан келгендей қуана тұрды. — Әлей бол сын, ақсақал!

— Беу шіркін, Бескемпірмісің?! — деді шал. — Қуға қу намаз шамда жолығасады деп, тағы да тар жерде тоқайластық па?!.

— Ой, ақсақал-ай, құла түздің аңы мен ағашын қорып қыр соңымыздан қалмадыңыз -ау!. Бізден де құтыларсыз.

— Ол жағын Ит біледі. Құтылам ба деп талай ақсарбас шалып едім, әзірге тілегім қабыл болмай тұр-ау...

— Ендеше, бұл фәниге біздің де керек болғанымыз ғой, — деп Бескемпір шалдың тізгінше жармасты. — Ошақ деген аты бар, от басына жүгініңіз.

— Түспеймін, — деді шал. — Шаруам тығыз.

Қанжығадағы жанторсықты көргенде Бескемпірдің көзі шырадай жанды.

— Бұйырған дәм шығар, мынауыңызды шеше берейін, ә?..

Шерубай шешіп ала ғой деген жоқ. Бескемпір де оның ұлықсатын күткен жоқ. Манадан қаңсып жатқан Мешел торсық шалдырын ести сала емініп жетіп барған, Бескемпір қышқаш бауын ағытқанша тыпырлап аттың алдын-артын бір айналып шықты.

— Мынауыңыз айғыр ма, азбан ба?

— Ұмасын ұстап көрсеңші, — деді шал.

— Түу, қымызыңыз өлмепті-ау!- деп Бескемпір жорта тыжырынған болды, бірақ торсықты иесіне қайтарып бермей жігіттерге жағалатып жіберді.

Жасына қарай әуелгі кезек Жақыптікі еді, көңілі шаппағандай торсықты салмақтап біраз отырды да, жігіттерге күмпигенмен дәмнен қаша алмай амалсыз сусынға бас қойды. Бескемпірге керегі де осы еді, жылда көріп жүрген "дружбаның" мүшелерін Шерубайға тағы да таныстыра бастады.

— Ал, ақсақал, мынау торсықты басына кептеп жатқан Жақып деген ағамыз болады. Қозы қарнына құнан қойдың еті сияды. Осының көмейін бітейміз деп көшіңіздің соңынан қуа барғалы отырмыз. Анау дәудің аты Бекет, Ғұлама деуші едік. Тұқым-тұяғын, зәу-затын, ата-тегін сұраған емеспін. Леспромхоздың аяқ артар есегі де, жегін өгізі де өзі болатын. Қазір бастық, лесхоздың главный лесничиі. Ал мынау бүйен сарының аты Мешел. Азан шақырып қойған есімін бір Алладан басқа естіген пенде жоқ. Күндік жемі бес литр спирт, бір ішкенде анау лақа ауызға бес саптаяқ көже сияды.

— Жөн, жөн, — деді шал Бескемпірге разы болғандай мұртынан жымиып. — Мынауыңды да таныстыра кетпедің ғой, — деп араны нұсқаған.

—Ә, оны дружба деп айтамыз.

— Болса болар, — деді шал. — Мұның ішім-жемі қанша?

— Е, бұған тек бере бер. Бүкіл тайгаңызды түбі құртатын осы болады.

— Құртса құртар, — деді.

— Ал енді өз бұйымтайыңыз?

— Әуелі торсығымды қанжығама байла, — деді шал. — Сосын, анау сайда бір атым үйелеп жатыр, соны сонау қырдың басына жеткізіп бересіңдер.

— Қарап жатқанша бұл да жөн-ау! — деп Мешел ыржалаң қақты. — Ал оның ақы-пұлы қанша болмақ?

— Ақы-пұлы деймісің?.. Бескемпір жаңа ғана осы жігіттердің ұлтабарын саптыаяқпен өлшеп шыққан жоқ па?!.

4

...Бірақ желкүрең тұра қоймады. Қу сүйекте буын жоқ, көзі жасаурап, тырп етпей күрсініп жатты да алды. Кәдімгі күйіктен іші өртеніп бара жатқандай үһілейді.

— Мертіккеннен сау ма?.

— Аузында бір тіс жоқ! — деді Жақып аттың салпайып кеткен астыңғы ернін созып. — Мына шал алжыған шығар, көтерем тулақты көш жерге қалай жеткізгелі жүр?

Жігіттер желкүреңді жал-құйрығынан жұлқылап, дырылдатып жүріп басып ылдиға қаратып еді, сонда да ұмтылмай қойды. Шерубай келіп басына күміс жүгін кигізуі мұң екен, күлкі таба алмай тұрған еріккен жұртқа бұл да бір арзан дырду болды. Әсіресе шалдың шамына тиген Бескемпір: жігіттерді сапқа тұрғызып қойып, қолына шыбық алды да алдымен есекше ақырып, сосын қайдағы бір бәдік өлеңді бастап берді.

— Есегім-ай-дай, есегім-ай!

Неден де болды кеселің-ай!

Ыстық та суық тиді ме қайдан,

Аздап бір бар ет жөтелің-ай!

Есегім-ай, есегім-ай!..

Әңгілік буып, машина қуып,

Іліндің жұрттың өсегіне-ай!

Таң асса суып, тарақтап жуып,

Астыңа кілем төседім-ай!

Есегім-ай, есегім-ай!

Есегім өлді-ау жар басында

Жыртық желқом жамбасында!..

— Жоқ, жарты бөтелке жамбасында! — деп таласты Мешел.

Желкүреңді өстіп қорлады. Желкүреңді емес, шалдың өзін қорлағандай болып еді. Шеке тамыры білеуленіп, бет-аузы торлама қауындай быт-шыт боп жарылайын деп қалғанда құйысқаннан матастырып байлаған төрт-бес атты жетелеп он алты, он жеті жасар балаң жігіт келді. Ат үстінде отырғанға шіренгені ме, өзінен басқа жұрт бауырынан дәретке отырмайтындай кейкиіп, иегімен сәлемдеседі екен. Тек Бескемпірге ғана қол берді де басқаның ишаратын қабылдамай қойды. Тәкаппарлықтың да размері бар, боталы түйесін өткізіп қойғандай ернінің емеурінін бұлдап, танаураған немені Бекет көргеннен -ақтұмсықтан қонжитып жібергісі келіп тұрған.

— Кәні, атқа қоныңдар! — деп шал жігіттерді асықтыра бастады. — Қазір анау өзектен қиқулап шабасыңдар. Тек, тура ауылға тартыңдар! — деп әлденені түсіндіріп жатты.

Бекет оған құлақ салған жоқ. Жігітпен іштей егесіп тұр еді. Қырсыққандай ол да бұдан көз алмай бажырайды да қалды. Басында Бекет түгілі, пері ұстап көрмеген құндыз бөрік, үстінде барша тышқаннан құраған белдемше, таңдай барып сыптай шалбарды қысқа қонышты қызыл етікке қынай киіп алыпты. Жүзі кекшілдігіне қарамастан тым жұмсақ екен, қазақ жұртына бөтендеу мөп-мөлдір кекшіл жанарындағы бір ұшқын болмаса жігіт бойынан Шерубай нұсқасын таба алмады; ерні жұқа, қасы жіп-жіңішке де кірпігі ерепейсіз ұзып көрінді.

— Сен осында қаласың! — деген шалдың әмірін естігенде тана Бекет жұртқа бетін бұрды. Шерубай оның бас-аяғына сұқтана қарап тұр екен, "өгіздей қара күшің бар-ау" — дегендей: — демеуші боласың, — деп бұйырды.

Жылқышының не айтып, не қойғанын түсінбесе де дарақы топ дәурігіп өзекке қарай жорта жөнелген. Бір-біріне телміріп желкүрең мен Бекет қала берді.

Аттың басы кебежедей тым үлкен сияқты көрінді. Қылдырықтай мойын ерепейсіз жүкті көтере алмай, солпиған дорба танау қайта-кайта жер сүзеді. Жанар өшкен, кеңсірік кеуіп қалған, әншейін тықырды естігені болмаса еш нәрсе көріп те жатқан жоқ, кірпіксіз қасын анда-санда бір қағып, қабысып кеткен бүйіріне қарай береді. Жал-құйрықты демесең, көріп болған адамнан айырмашылығы жоқ сияқты. Ат мініп, ғұмыры саят құрмаған Бекеттің желкүреңге жаны ашыды; тұңғыш рет кәрілік деген зауал барын сезініп, жан қинап тірі өлік болғанша тіл тартпай мезгілінде кете қалғанға не жетсін деп ойлады.

Өзектен қиқу естілгенде, желкүрең екі-үш дүркін талпынған боп еді, бірақ серейген алдынғы екі аяғын бауырына жия алмады. Әйтеуір дәтке қуат бола ма деп Бекет бүктеп әкеліп сиырша тізерлетіп қойған. Ат дүбірі жақындап қалғанда танауы желпілдей бастады да "қабанбайлап" бақырған шалдың ащы айқайы естілгенде жануар оқыранып жіберді.

Тасырлатқан салт аттылар таптап кететіндей Бекетке тура шапты. Қолында тізгін де жоқ, ердің қасынан құшақтап жалпайып жатып алған Мешел де қорыққанның ойбайы ма, жоқ әлде есіріктің айғайы ма ол да бақырып барады. Далақтаған жұртты қызықтаймын деп Бекет желкүреңнің тұрып кеткенін де байқаған жоқ еді, төрт аяғы қалшылдап, сандала басқан лақсаны "қабанбайлап" жеткен Шерубай мен жас жігіт ортаға алып қақпайлап жөнелді.

Бекет жұрттан қара үзіп жырылып қалған. Астындағысы да бір аласұрған жынды екен, тізгін сәл босаса, ауыздықты сарт тістеп алып жұла жөнеледі. Әуелде үзеңгісін таба алмай біраз жер бөктерген мөшектей салақтап шауып еді, іші-бауыры солқылдап түйнеп бара жатқан соң, ауып қалам ба деп сырт көзден ұялғаннан аяңға көшті.

Ала-шұбар орманды кейкеңнен әлгі жігіт тағы күтіп алды. Ойқастап олай бір, бұлай бір шығып, Бекеттің қылтасында жүрген үзеңгі бауын ұзартып бергенде ғана астындағы ер -тұрманның жас баланыкі екенін бірақ біжен.

— Қай қаланың жатағы едің? — деді жігіт.

Даусы нәзік екен. Бекет тіксініп қалды. Әйтеуір тіл қату медет болған соң бүл да кезегін тек жібермей:

— Жатақтың шатағына жолықпай жүр екенсің!-деп тиісе сөйледі. — Әкеңе тартпағансың-ау, тегі?..

— Оны қайдан білдің?

— Әйел дауысты еркекте қуат болмайды, еркек дауысты әйелде ұят болмайды деуші еді... Баяғыдан бері неғып көрмей жүргем?..

— Баяғыдан бері көрмеде жүргем.

— Иә, көрмеге жарайтын көркің бар екен... Атың кім?

— Көркіме қанықсаң бопты да. Атымды сұрап қайтесің, бір көрген келімсекке артық боп жүрер...

— Артық дүниең көп екен, әттең ептеп қысқартса!..

— Қолыңнан келсе де... — Жігіт жанасалай беріп Бекетті қыр желіншіктен үзеңгімен қағып өтті.

Талма жерден тиген тепкіден башпайлары шымырлап ұйып сала берді де, бір аяты үзеңгіде солақтап бос қалған Бекет сілтерге қолында қамшы да жоқ күр бекер қарманып қор болды. Жігіт екінші орап өткенде де бойына қол дарытпады, бастырмалатып кеп еңкейе берді де екі бірдей айылын ағытып жіберген. Бекет елірген атына не бола алмай ер-түрманымен сыпырылып түсті де күрең төбел ойнақтап шыға келді. Жігіт қайта орағытып, бір айналды да:

— Атып кім еді? Ұмытып қалған жоқпысың?! — деп сақылдай күліп, күрең төбелді іле тасырлата жөнелді...

5

...Соныға көшіп қонған жылқылы ауылдың салтанаты жаман көрінбеді. Үй тігілген, қазан көтерілген, түтін тік. Көғалға төселген алаша, көрпенің шетіндегі теңкиіп-теңкиіп жатқан атлас, жібек тысты күс жастықтар кішігірім шөмеледей. Тай-топыр саяқ мойнындағы қоңырау сылдыры болмаса ауыл маңы жым-жырт. Желі басында төрт-бес марка құлын, мама биелер үйездеп тур. Ауылға жетер жетпесте қулаған желкүреңге кілем жауып тастапты. Жануар өлгенде де төрт аяғын бауырына алып, атып тұрып шаба жөнелегендей бүктетіле жығылған екен. Бекет ақ тер, көк терте түсіп ерін арқалап жеткенде жігіттер көр қазып жатқан. Шерубай құйрығы мен жалынан қыл жұлып сілекейін алған соң жабылып жүріп шұңқырға құлатысты да тепкілеп көміп тастады. Мал баласын адамша арулап қойғанын Бекеттің көргені осы. Құлағынан күн көрінген қызыл күрең шал шынтағынан су сорғытып тұма басында ұзақ жуынды. "Өле қалсаң. өзіңді өстіп терең қазып, тепкілеп көметін жанашыр табылса-ау?.." Бекеттің езуіне мысқыл жүгіріп еді, шал соны сезді ме, шатыр көзінің қиығы мен шақырая қарады да:

— Шырағым, мен әлі өлгем жоқ, ерімді шалқасынан тастамай оңтайынан қой! — деп зілденді.

Қырсық шал құлдыққа жалдағандай енді болмаса тепкілеп жұмсайтын түрі бар. Бекет терлікті тоқымнан ажыратып аудара салды да, ерді шарқ еткізіп ыңыршақ үстіне тастап жіберді. Орнынан сыздана тұрғанына қарағанда шал көңіліне бір нәрсе түйіп қалғандай еді. Көгалға жайған өз дастарқанының төріне қақшиып өзі отырып, былай шық деп өзге жұртқа орын да көрсеткен жоқ. Бекет бәрінен төмен, ыдыс-аяқтың түбіне жайғасқан. Мешелдің тізе бүккені сол еді, жағалатып төккен бауырсақтың сол жақ шеті омырылып барады екен.

Тас Құдайдай безерген кезеп шал оның жаялықтай аузын бағып, біраз мүлгіп отырды да дастарқанның шетін көтеріп, бауырсақты Мешелдің алдына еңсеріп тастады.

— Сән! — деді.

Үйден шашын иығынан күзеген қыз шықты да қайта кіріп, бір астау бауырсақ әкеліп Мешелдің алдына төкті. Бекет оз көзіне өзі сенбеді. Бойжеткеннің қызыл шырайлы жұмсақ жүзі, кісіге именбей тік қарайтын мөп-мөлдір көгілдір жанары, қымсынуды білмейтін, қиылып жатпайтын киіп-жарма менмендігі әлгі бір әйел бет, әйел дауысты жігіттен аумайды екен. Баса-көктеп келіп Бекеттің қасына жүрелеп отыра қалды да қымыз сапыра бастады. Сусынды әкесінен бастап үлестірген, соңғы кесені Бекетке ұсынып жатып сояудай кірпігін қадап, шаншыла қарады да мырс етіп күліп жіберді. Шерубай қызының бөтен жұрттың алдында ыржақтағанын жақтырмай ызғар танытып еді, Бекеттің сүмірейіп, күмілжіп отырғанын аңғарған соң, көңілі орнына түскендей кенже баласын тізесіне қондырып, рақаттана сақалын сауып қойды.

Бекет дастарқанға әрең отықты. Қысылып отырып та қыздан көз жазған жоқ. Шынында сән десе сән екен. Әлгінде тана ыдыс-аяқтың қасына сырғып қалғанына қорланып еді, енді тізе түйістіре бойжеткенмен қатар отырғанына іштей разы болды. Тұңғыш рет ұрғашының иісін алғандай беймаза сезім көңіліне тыным таптырмады. Мысқыл да болса мырс етіп күлгенінің өзі әйел затына тана байланысты ошақ басынан өретін жылы ниеті, қыз қолынан татқан дәм әйел затының еркекке деген әлдебір жұрағаттық ықыласын сездіргендей боп еді. Иығында жатқан сағыздай сап-сары шашы ыдыс ұсынып еңкейген сайын уыздай алқымын, ұлпадай бет-жүзін қайта-қайта жұрт көзінен көлегейлеп, шымылдықтай берді. Манаты еркекшора киімі талдырмаш дененің талай қызығын жасырып қалған екен, Тіпті шолақ етіктің қонышы да тоқ балтырға қасақана жетпей қалған секілді. Алжапқыш ұстаған тік жағалы тоқыма көйлек омырау мен жұп-жұмыр мойынның әдемілігін әдейі ашып тұрды.

Қалқан құлақ сары ұлдардың шешесіне тартқан бірі жоқ, шағыр көз қызыл күрең шалды сойып қаптағандай, нойыстау, шетінен нахал екен. Жатсыну жоқ, жігіттерді иықтап, басып-жаншып бәшәрасын шытарды. Бес-алты жасар біреуі май жаққан бауырсақты Сәннің аузына зорлап тықты да, оның есесіне бешпентінің қалтасынан шоколад ұрлап алған, жорта білмегенсіп отырған апасына еңкейе беріп Бекетке саусағын шошайтты да:

— Сен мынаған тиемісің? — деп сыбырлады.

Қыз жымиып күлді де, бауырын құйрықтан бір тартып еді, өзінің құлағы жетісіп тұрғандай шикі сары қайырылып келіп, "құлағыңды!.." — деп шапалақтың есесін Бекеттен қайырды. Баласына дейін басынған соң, Бекет шамырқанып қымызын қылғынып әзер жұтты да, кесесін дастарқан шетіне итере беріп ақтарып алды. Берекесі қашқан жігітті шал да жактырмай қалған сияқты.

— Әсем, сенің қазаныңа тас түсіп кетті ме?! — деп қатынын асықтыра бастады.

Таныс есімді тосыннан естіген Бекет елегізіп қалды. Жәудіреген көзі болмаса бұл Әсем ол Әсемге ұқсамайды екен, қазан мен ши арасындағы жортақтаған жүрісінен жорта болса да күйеуіне назы көп секілді көрінді. Келіншектің түр-тұлғасынан Сәнге ұқсас сипат таппады, шешесі деуге тым жас, шалдың тоқалы шығарсың деп жорыған, сонау астанада қалған Әсемді есіне алып еді, бірақ жаңада көрген қыз келбеті көне таныстың бейнесін көлбеңдеп өшіре берді.

— Ал, жігіттер, бұл да бір біткен шаруа болды, — деді жылқышы балташылардың әрқайсысын шақыр көзімен сынай шолып. —Шөп ескі, қымыз бесті болды. Тымпима ойнап тойған сияқтымыз, енді ет келгенше бұйымтайларыңды айта отырыңдар.

Азғантай ат үстінде лоқылдағанға ішек-қарыны қуығының басына кептелгендей мықшиып жатқан Мешел басын көтеріп, шалға үміттене қарады.

— Саудада достық жоқ, — деді отағасы. — Әлгі жемсауына құнан қойдың еті сиятын жемқор сен емеспісің? — деп Жақыпқа шүйлікті.

— Оттай береді бұлар! — деп Жақып қызарақтап қалды.

— О неге?! Жей білген де өнер. Анау көк қошқарды көрдің бе? — Шерубай қарағай түбінде жусап жатқан жиырма шақты қой-ешкіні нұсқады. — Құнан емес, бесті. Бар да ұстай бер. Ал сенің бес литрің, міне! — деп Мешелге қалтасынан суырып қызыл құлақтарды санамай тастай салды. — Өзің айғыр мен азбанды айыра алмайды екенсің, барып көріп ал, зәкөскең сол көк бестінің бойында.

Бескемпір енді нысананың әзі екенін сезіп тез жиналды да тамағын қырнай, қақырынып отырды.

— Сенің көз сатқаның бар-жоғы бір жанторсық қымыз болатын, — деді оған шал, — Әсем, анау тұлыптардың біріне болса айран, болмаса шалап құя салшы, сауырына байлап кетсін. Бірақ сен сытыр тым жұқа едің, бір тұлып түгілі бір тостақты да еңсере алмайсың -ау.

Реті келген соң Бескемпір де тартынып қалған жоқ, қалқан-құлақтардың ересегін жұмсап домбыра алды да қатып-қатып жіберді:

— Ақсақал, күнің түсіп қосқа келдің, Алдыңнан ақ пейілімді тосқан едім. Ала жаздай сарып боп көң сасыған Ақы-пұлға алжыған қошқар бердің! Ақсақал күнің түсіп қосқа келдің, Алдыңнан ақ пейілімді тосқан едім. Ашудастай ащы екен қолаңсасы Ақ мал емес, бүл шіркін шошқа ма еді?!

— Таздан тарақ қалталы қашан!.. Тыраштанып-ақ болдың-ау! — деп уәжден жығылып қалған шалын қағытқан болып келіншек ара түсті. Үлкен ұлына орамал мен шылапшын ұстатып жатып Бескемпірге менсінбей биіктен қарап еді. — Бүгінде жұрттың кепиетіне тиек бар ма?! Оның үстіне, Бескемпірдің бұтынан ауызданса...

— Осы шығыныңмен құтылғаныңа қуансай, — деді шал. — Желкүреңнің тайында алған талай бәйгесінің бірі шығар. Атау болсын!..

Бекет, сыбаға күткен жоқ еді, шал да жұртқа үлестірер әзілі таусылып қалғандай:

— Зәу-затсыз келімсек деп таныстырып еді Бескемпір, шырағым, саған атар бар ықыласым рақмет қана, — деді.

Бекеттің жылқылы ауылдан көрген тосын адамы да, тосын естіген әжуасы де жеткілікті болды. "Келімсек" дегенге шамданып, дәміне де қарағысы келмеп еді, шақшиып отырған шағыр көз тағы бір әбестігімді тауып ала ма деп шыдап бақты. Шалдың аузына сөз салып берген Бескемпір Бекеттің өкпесін бөліп-жарғандай қайтадан домбыраға жармасты:

— Әзіліңіз қамшыдай көзден осқан,

Деуші еді асқанға да бір тосқан.

Бес байталдың сабасын ұстадым деп,

Төріндегі қонаққа төбет қоспан.

Жұрт емес жолдастарым келген жұттан,

Май орнына жылбысқа мәкүрік жұтқан.

Бес байталдың сабасын ұстағанға,

Бес арыстың пандығы қайдан жұққан?!

Жеңеше-ау, бәрімізді кемпір тапқан.

Кемпір қойған атымды арзан сатпан,

Келімсек деп кемітпе бозбаланы,

Асыл тастан болғанда ақыл жастан.

Қыз өсіріп отырсыз құтқа балап,

Құда түсіп қалмайық жұрт сағалап.

Пайғамбар да күйеуін сыйлапты дейт,

Күні бұрын қайтесіз күл сабалап!..

Көзін тарс жұмып жусап қалған Шерубай дыбысын шығармай сылқ-сылқ күлген болды. Сездірмегенмен, бүлк-бүлк селкілінде қоңынан әлдекім шымшып алғандай қытықшыл тітіркеніс бар еді. Сол күлкі қамшы болды ма, танауы қусырылып, талағы жарылуға шақ қалған келіншек білем қазыны орай салған қара самарды ортаға тарс еткізіп қоя беріп Бескемпірге шұқпады.

— Қайным-ау, бет алдына қыңыр шаппа,

Құтылып қаш бүл жерден қыбын тап та.

Келсаптай қып бәрінді кемпір тапса,

Келіндері аулыңның қысыр қап па?!

Жатқан жылан екенсің ожар кірпік,

Абайламай басыппын ажал түртіп.

Шүленсімей отырсаң сол да жетер,

Шашылма біреу үшін намыс жыртып!..

— Жә, жетер! — деді Шерубай сары мойын кездігін табақтан көтеріп. — Келіншектің үні кездікпен кескендей кілт үзілді. — Кедейдің кер келетіні несі екен, тоқалдың өр келетіні несі екен демекші, біздің тоқалды бір ауыз сөзбен қоздатсаң, мың ауыз сөзбен өшіре алмайсың! — деді әйеліне іштей разы болған шал оның аруағын көтере, анау-мынау емес Абай сөзіне жүгіндіріп барып тоқтатқансыды.

Қашан да ала қашуға даяр тұратын жылқылы ауылдың желігі ме, әуелде әзілмен басталған оспақ әңгіме жұрт көңілін жетелеп талай жерге апарып тастаған еді. Әу деп ән салып, домбыра қағып көрмеген Бекет тым болмаса Бескемпірге ұқсап бат-бұт белінен басса да бір мысқал сөз өнерінің қонбағанына өкінді. Жолдастарындай киіп-жарып кете алмай ортадағы қара самардан да оқшаулау отырып, Шерубай ас қайырғанда алдымен тұрды; бүгінгі көрген-білгенін көңіліне бір түйіп, сен кешпеген өмір әлі де алда екен-ау деген ойға қалды. Сол өмірдің ырқына жарасқың келсе қазіргі тірлігіңнен бастап, болашақ мұратына дейін сан рет корректура жасаудың қажетін сезді.

ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ

1

Көк қошқар құлқын сәріден зарлаған. Бекет те таңмен таласа тұрып еді. Керауыз есік көзінде ұялып отыр екен, күнге қарап көз қысты да Бекетке қарап езуін жалады. Іңірде ымырттап қана кеткен өткінші ауаға дым байлапты, етекте тұман жатыр. Аюлының алжыған ақ бас шыңы бөксесін ақ мамық көрпеге тығып алып мүлгіп отыр екен, орманның әр тұсынан сүзіле қалқыған бозамық түгін мәңгірген кәрі шөңгенің шәйден соңғы бұлау теріндей көрінді: лесхоз шаруасын бодаусыз лаудай пейілсіз көтеретін жалдама жұрт қоқыс өртеңін кеше өшірмей тастаса керек. Жаңа басталған делянканың күнгейінен мал қарасын байқап, Бекет шақар шалмен іштей тағы бір шайқасып алды.

— Мешел!.. Ай, Мешел!..

Керауыз Бекетті суатқа жетелегендей өзен жаққа сүмеңдей жөнелді де, соңынан ешкім ере қоймаған соң, ирелең соқпақтың қылтасына барып шоңқайып отыра кетті. Бес итарқаның бесеуі де тым-тырыс, ең шеткі Лесяның күркесі йен қалған сияқты.

— Мешел!..

Бос науаға телмірген көк қошқар тағы қақсады. Тегі қыста туып, үйде отыққан арамза неме ме, жемірлігі сиырдан жаман да иісшілдігіне керауыз төбет ілесе алмай қалды. "Дружбаға" алтыншы ауыз болып қосылғалы қабырғасы тұтасып, құйрығы керсендей боп барады, бөксе жағынан да осындағы әйел жұрағатынан жалғыз ұрғашыны басып озатын түрі бар.

Мешелдің масаханасын көтерді. Түнемел мөшектің күләпарасынан жылтиған бет-аузы үйінен сығалаған ұлу секілді екен. Өтірік ұйықтап жатыр.

— Әй, сен осы өтек емессің бе?

— Немене, түс көріп пе едің?

— Әтектер еркек мал жияды деуші еді.

— Ит біледі. Оны ана мал иесі Жақыпқа барып айт, подводный флот қой. Менікі әншейін ұмасын аңдығаным болмаса мал ауруым жоқ.

— Өй, сен де бір көк бесті секілді тіл мен жағыңа сүйенген заржақекенсің!

— Көк бестіден нелерің артық? Бәрің де теке сасып барасыңдар!.. Боз ала таңнан сұңқылдап о несі ей?!

"Дружбаның" казіргі қонысы Шерубайдың ескі жұрты еді. Қар басының тынысы кең, масасы аз, әрі өзенге жақын, малшының ізін қумаса балташыларға да күн жоқ; тапталған сүрлеу, қазулы жерошақ, отынның қалдығына дейін етек көтеруге бұлданатын еріншек жұртқа пайда. Торғай екеш торғай да дәу қарағайдың бұтақтарына самсатып ілген жылқышының қу бастарының кеңсірігі мен көз ұясына жүн-жұрқа тасып ұя салып жатыр. Бұты мүйізіндей тарам-тарам мамағашты айнала-айнала көк бесіннің мойнындағы кендір арқанның бір-ақ тұтамы қалыпты. Бекет шешіп жіберуге оқталды да көк қошқардың отқа қашпай қос тінтетін мінезі есіне түсіп бөгелді. Шілде туса да әлі жүні қырқылмаған, тілін салақтатып, бүйірі солқылдап тұр екен.

— Әй, мынауыңды қақсатпай отқа байла. Жабанысын қырық. Әйтпесе бауыздап таста!..

Мешел дәп қазір тұра қоятындай, тұрса жүгіре қоятындай саусағымен нұқып санап айтып еді, ақыры сөзін босқа шығындап, құр жаманатты болды да, қолды бір сілтеп суатқа тайып отырды.

Бекеттің қитығына тиген көк қошқар да емес, көптен бері жинаған ашуының түрі осы. Соны иесін тауып айта алмай, әйтеуір орайына іліккені Мешел болған соң қоразданып жатқаны да. Әйтпесе, оз аузымен оттайтын хайуанның, өгіздей көмпіс Мешелдің не кінәсі болсын. Жеті жыл бойы жалғыз жертөле тарлық жасамаған "дружбаның" Аюлыға көшіп келгелі бері бес итарқаға сыймағанына таңы бар. Ерлі-зайыпты деген Жақып пен Леся да екі қос. Әуелде ошақ бұтынан озбайтын от басының кикілжіңі ме деп еді. Жігіттердің де әзілі таусылған сияқты, екеуін алдарқатып, созбен лекерлеген болады, бірақ көлгірсігенге үзіліп қалған көңіл шіркіннің дәнекері жалғансын ба. Жақып сасай болған бұғының бұқасындай көптен бері сүлесоқ та, Леся күйеуін кеше ғана жерлегендей бар дүниеге сұлық, тек Бекетпен бетпе-бет ұшырасқанда жанарында бір от жылт етіп жанады да сөнеді, бойыңдағы бір сезім ояна беріп өшеді. Бекеттің қысылатыны да осы. Өзіңді жек көретін әйелді алтынмен арбап жеңе алмайсың, жақсы көретін әйелді жалбарансаң ақылмен суыта алмайды екенсің. Осылардан аулағырақ болғысы келіп еді, орталықтағы төрт бөлмелі пәтерден көрі түздің салқын итарқасы төр жайлаудың шүйгініңдей тартады да тұрады, оның үстіне қоңын таяқ тірлікке көндігіп қалған басы жігіттердің күлді-көмеш көжесін аңсап, көрпесіне таласқанды айхай дәурен санады. Баяны білектің күшімен алатын ақшаңды, аузыңа түсетін асынды ғана білетін барықсыз құн мүлдем басқа екен. Кісі боламын, кісі көңілін табамын деп қаншама тыраштанғанмен, сол өнер қона кететін бак, кие салатын бешпент емес көрінді. Тегі "тасқабақтар", "мерзавчиктер" бітеуліктен тана емес, мұңсыздықтан да туатын болса керек.

Бұрынғыдай көшет өсіру, орман қорғау сияқты бірді-екілі борыш қана емес, лесхоз шаруасының қазіргі әуресінде шек жоқ. Алты бірдей бөлімшенің бас-аяғын шолып шығуға ат аяғы түгілі, машинаның доңғалағы да шыдай бермейді. Қожа біреу, мал ортақ болсын деп аң шаруашылығын да лесхозға кіріптар етіп телімек еді, одан ештеңе шықпады. Осынау бүкіл әбігерді лесхоздың өзі сұрап, тілеп алған. Тілеп алған аурудың емі табыла бере ме. Қазлестің көмейін аташпен бітеймін, лесхоздың көшеті мен ербейген бұтасының есебіне жетемін деп мысқалдай миын кубометр мен гектар жеп басы қатты.

Тұсаулы торы шолақ шоқтығын дірілдетіп, тітіркене теріс бұрылды. Керауыз күнде аттың танауына секіріп арсалаңдап қалушы еді. Бекеттің қолынан жүген көрмеген соң өзенге тура тартты. Иесіз шелекті иіскелеп отырғанын көргенде жігіт тіксініп қалған: "ендігі жетпегені осы еді!.. Бұл жұрт біреуге азабын жүктемей өз ажалынан өлсе болмай ма?!"

Жүзінде өлгісі келетін адамның реңі жоқ. Бұта отырып шыққандай екі беті нарт қызыл. Аспан көзі мұздай боп шарасында қатып қалған екен. Еріні дірілдеді. Иіс майдың бабына емес, балтаның сабына үйренген ірі саусақтары мен алақаны Бекеттің бетінен сипағанда сиырдың тіліндей осып түскен, тек көктеуінен қақ айрылайын деп тұрған тырсиған көкірегі омырауына кептелгенде барып жігіттің қара табанына дейін бір ысып, бір суыды. Сезімге болмаса сөзге сараң келіншек үн-түнсіз Бекеттің бұтағынан құшырланып тұрып бір иіскеді де, резеңке етіктің тар қонышын тоқ балтырмен жырта, жүрелеп отыра кетіп тізесінен құшақтады.

— Кетемін, — деді келіншек.

— Қайда?

— Білмеймін... маған енді балта көтеріп, ағашпен алысуға дәрмен жоқ... Екі ай боп қалды... бет те жоқ...

Бекет жалтақтап итарқаларға қарай берді. Қайтып жағынарын білмеген Керауыз да ортаға келіп қыстырылып еді, келіншек қолқасын түсіре қос өкпеден қойып қап қуып шықты. Төбет сонда да қыңқ етпей соқпаққа барып шоқиып отырды. Күзетке отырды. Мақұлықта болса айналдырған бес адамның қас-қабағын жаттап алған зымиян неме өз міндетін жақсы білетін еді...

2

...Белуардан шық кешіп делянкаға жеткенше, Бекет пен Бескемпір малмандай болды. Дымқыл ауаға кептелген өртеңнің кешегі түтіні әлі сейілмеген, шала күйген қылқан мен шайырдың иісі бықсып, іркілдеп түр, атам заманда иен қалған үйдің сыз жалқақты иісіндей жеркенішті. Түсіріп тастаған темекінің тұқылын сорғандай көкірегін сасық ыс тырнап Бекет ұғарлап қалды. Жеркенішті шалшыққа аунап шыққандай тітіреніп, көңілі де кірлеп түр. Отырып етігін шешті. Шалбарының балағын сықты. Дүниеде бір нәрсеге разы болып, бір нәрсеге құлқымен құлап көрмеген Бескемпір қазір де жегелі отырған асынан қылпық шыққандай тыжырынып:

— Немене, төсектен теріс аяғыңмен тұрып па едің? — деді. —Бас терің бүгін келіспей қалыпты ғой?!

Бекет оған аларып қарады да қойды. Соқадан бұрлыққан ала көз өгіздей бақырайып, сілейіп отырған жігіттің, жанарынан нұр да, ой да тапқан жоқ. Күнде басып жүретін сақал-мұртының бір қапталы көгала, бір қапталы жез, самайына шапқан ақты да Бескемпір бүгін көргендей.

— Аузыңа ала жүннен күйек байлағанда аруақ қонады дедің бе?!

Сақал-мұртының қауқиған бөрте түбіттен бе, әлде шелі қалыңдайын деген бе, құлағынан шықшылы озып, керсен бөксе асқабақтай етегі күмпие бастаған Бекеттің мәйекті ұртына Бескемпір сұқсиып қарады.

— Ит-ай, кәлләң аттың басындай екен-ау! — деді. — Құдай қаласа, қарын-сұрын жағынан да Әбдіжапардың бітеу бұғалтірін қуып жететін шығармыз!..

— Оттапсың! — деді.

— Енді не қалды? Көки жүріп көңіл жұбатпасақ аң боп барамыз. Қазан-аяқтың мес бордақысы Мешелге дейін теке сасып кеттік деп тұлан тұтып жатқан жоқ па?!

— Қатын ал! — деді. —Жазған неме, жаратқанда зәріңе дейін мысқылдап өлшеп берген жоқ шығар!..

— Сен осы, жұрттың күшін қанасаң да жанын тонамасаң қайтеді?..

Бекет тіксініп қалды.

Мешел мен Леся жығылған ағаштарды сыптап, бүр мен қабықты шөмелеп үйіп жүр екен, Жақып "дружбада" жалғыз қалыпты. Бескемпір қолына сүймен алып бригадирге беттеді де айналып қайта соқты.

— Жорта жұмсасаң да, Жақып пен Лесяны қалаға жіберіп ал, — деді. — Ұрғашы ғой, жолы жіңішке болған соң, жұртқа сырын айта алмайды... Миыңа бірдеме бата ма, маубасым?..

"Пәле ғой, мына ит!.." Тұнығына түкіріп жібергендей табан астында жек көріп қалды. Жұрттың пиғылын аңди ма?.. Тағы да қай ұрамды ашар екен дегендей қуыстанып теріс бұрылған...

...Қарағайлы бытқыл шалғы тигендей біраз ауқымы жапырылып қалыпты; бөктер -бөктерден дөңбек сүйреткен тягачтар, бульдозерлер мен тракторлар қиқым тасыған құмырсқалар сияқты, қатар-қатар үйілген бұтақ пен өрім шошақтары илеуге ұқсады. "Қауіпті зона" дейтұғын делянканың етегінен жылқы өріп келе жатыр екен. Бекет жылқышыны іздеді.

3

Молақ қопарған "С-100" азан-қазан болып жер тарпып жатқан, борпылдақ қара топырақ қамырдай езіліп, жылан бауырдың ырсиған тістеріне тиянақ болмады. Желе-жортып келген Шерубай трактористке әлдене деп айқайлап еді, естімеді ме, елегісі келмеді ме игендеп рычаг тепкілеген жігіт кісі деп қарамаған соң, құрықтың ұшымен тақыр қолтықтап пісіп алды.

— Әй, жауыз! Анау бетіндегі бедірейген без бе, әлде көз бе? — деп Шерубай оның тарбайған танауына тағы да құрық тіреді.

— Көз болса қайтейін деп едің?!

— Бездей қып ағартып жіберейін деп едім! — деді шал. — Артыңа айналып бір қарашы!..

Көпшіктің қалыбына соққандай талтиып қалған қотанаяқ тракторист жыланбауыр табанмен жорғалап трактордың көттігіне барды да адырайып аспанға қарады. Аспанға қарап тұрып белдігін босатты. Сосын желдің ығына бұрылып, бір шоқ бұтаны желпи суарып шықты. Күре тамыры көгеріп кеткен қызыл шал атын тебіне түсіп, тағы да құрығымен балқарағайдың мылжа-мылжа жас көшеттерін түрткіледі.

— Әй, ләухи! Әкеңнің көз құны қалмаса, мына балапан ағаштарды неге таптайсың?!

Жігіт міз баққан жоқ. Міз бақпаған қалпы қитығып шалға қарады.

Қарап тұрып:

— Әй, шал, сен осы алжыған шығарсың?! — деді. — Атаңның көрін таптадым ба?! Жоққа қыстырылмай жайыңа неге жүрмейсің?!

Жігіттің де жынына тиген қолтыққа батқан құрықтың уыты. Шелтиіп тұрып шырт түкірді. Шалдың бетіне түкіргендей кабинаға шіреніп Кipiп еді. Дойыр қамшы қақ жауырыннан сойып өткенде жон арқасына ыстық құрт құйғандай тырысып біраз тұрды да парлаған көз жасын білегімен бір сүйкеп, дөңбектей кілтті шалға оқтала секірген, бір – ақ сілтеп үлгермеді, омыраулата соққан аттың екпінінен мұрттай ұшып, етекке қарай кескен томардай ұмар-жұмар шырқап берді.

Бекет ойран-топырдың үстіне келген еді. Жылқышының да, атының да танауы тасырайып кеткен екен. Екі иіннен дем алған шалда тіл-ауыз жоқ. Тұздай шақырайған сілеусін көз сынайын деп тұр.

— Сотқа беремін! — деп жыламсырады қан жеген иттей аузы-басы сатал-сатал тракторист.

— Құдайыңа бар! — деді шал ежірейіп. — Құдайың мынау ма? — деп қамшысымен Бекетті нұсқады. — Қосақтап қойып қойдай бауыздаймын!..

Шыны ма дегендей тракторист мыштай болды. Бекет албастыдай төнген жылқышының кейпін көріп ығысайын деді.

— Ақсақал, мұныңыз текті адамның істейтін қылығы емес сияқты, — деді алыстан орағытып.

— Тексізге күнін салған соң тектіден не қасиет күтіп едің?! — деп шал шаңқ ете қалды. — Шүкір, тілің сынып қалыпты. Қара жаяу ма деп жүрсем...

— Ақсақал, тіл деген шіркін жақ түскенше қақсай береді. Онан да жылқыңызды тезірек қайырыңыз, қауіпті зонаға өтіп кетіпті.

— Малдың аты мал, хат танымайды, қағаз оқымайды! — деп жылқышы құрығын тақымына қыстырды да қара кердің бел ортасында қақшиып отырған қалпы онсыз да елеңдеп тұрған күр аттың езуін шамырқандыра жұлқып қалды. — Заманнам отыққан жайылымы, өтсе өрісін тапқаны да! — деді.

Желіге алаңдайтын сауын емес, саяқтың үйірі салқын ағаштың ішіне кірген соң, соңыны шалуалап взрывниктер жүрген қалың томарға таял қалған екен. Бульдозердің табаны да, шамасы да жетпеген соң қия беттегі алып молақтар мен томар тұқылын динамитпен қопарып өргенге жинайтын болған. Соны біле тұра, қауіпті зонаны шырық айналдыра қаққан трафареттерді көре тұра Шерубай да қырсықтай жабысып балташылардың қыр соңына қалмай-ақ қойған: лесопотология жөніндегі инженердің басым жарғаны үшін он бес сетке аудан басында қонақтап қайтса да беті қайтар емес. Ағашқа күл түсіп, құрт жеп жатқанында шаруасы жоқ, әйтеуір ит тұмсығы өтпейтін ну орманның көз алдында қарайып тұрғанын мәз тұтатып кәрі көңіл шыбық біткенді араның тісі мен балтаның жүзінен қорғап әлек. Қазірде қырып салатындай қара кердің қолқасын қорсылдатып желе жөнелді.

Бақырып-шақырып, дөй-далаға шуласқан берекесіз жұрт қыр басынан жылқының алдын етекке қайыра бастаған еді. Кенет құрс-құрс, күтір-күтір еткен қопарылыс жер сілкінтті де аспанға атқан топырақ пен ағаш жаңқасы бұршақ аралас қара бұлттай солаңдап тұрып алды. Есірген жылқы тоз-тоз болып шұрқырай жөңкілді де есеңгіреген шал оқ тигендей атынан ауып түсті. Бекет жүгіріп жеткенде құлағын басып қара кердің бауырында тырайып жатыр екен. Танымағандай бақырайып аспанға қарады. Қопарылыстың толқыны соқты ма деп Бекет құлағына айқайлап еді:

— Немене, шалықтап жатыр деп пе едің?! — деп әдетінше орнынан ысқыра тұрды.

— Шүкір, тіліңіз сынып қалыпты! — деді Бекет есе қайырып. — Бір-екі аятқа сауатыңыз бар ма еді? Мәді тура осы төбенің астынан шығады деген.

— Қарыз болмаспыз, бес намазды түгеңдемесек те мұсылман санатында бар сияқтымыз...

— Е, онда қорқыныш жоқ екен. Жердің жыртығына құлайтын кәпір мына біз болдық та...

— Оқыған итке дауа жоқ! — Шал уәжден ұтылса да жығылып жатып құлақтан тістегендей жігітті іштей болса да балағаттап тынды...

...Қыр басына біраз жұрт жиналып қалған екен. Қас-кірпігін шаң басқан жігіттердің бет-жүзі әлемтапырық. Ортада серейіп жатқан Жақыптың басында мырсылдап Леся отыр.

— Не болды?

— Не болғанын саған айтпаса, бізге әлі тіл қатқан жоқ, — деді Бескемпір Бекетті ала көзімен ата.

— Мозготресение, — деді Мешел.

— Не дейді?

— Мозготресение! — деді Мешел. — Қара құсына тас тиіпті. Көк қошқардың терісіне салып жазып аламыз ғой, — деді.

— Әй, шатпай жайыңа тұршы! — деп Бескемпір Мешелді кейінірек итеріп тастап, Жақыптың езуінен тамшылаған қанды сүртті де үрейлі топқа: — Бас-басыңа бақсы болмай вертолет шақырыңдар! — деп Бекетке бұйыра сөйледі.

Шерубай арша тұтатып аластап көріп еді, Жақып оған да бүлк етіп белгі бере қойған жоқ. Аяқ астынан келген апатқа өзі кінәлі екенін сезген шал қысыла қипақтай, ақыры:

— Ажалы жетпесе әлі-ақ тұрып кетеді. Соғыста мұнан да зорын көргенбіз, — деп жұртты жұбатқан болып, өз басын арашалап құтылды.

Бекет Мешелдің "мозготресениесінен" еш нәрсе түсінбесе де Бескемпірдің шөлмектей түсінен бригадирдің екі дүниенің ортасында жатқанын сезген...

4

Бозғылт шұбар шаңырақ жерге жақындап қалған. Қара орманның көкжиектегі тұтасқан сілемі қара жартастардың өркеш-өркеш жақпарыңдай ырсиып, боз шаңырақтың күмбезін түртіп тұр. Боз шаңырақтың керегесінен жамырап түскен жұлдыздар қара орманның көк тіреген найзаларына қонақтап алған. Тек, аспаннан биік Алтайдың ақбас шындары еді. Бүкір бел, жалы күдірейген жон атаулының бәрі де сол ақбас шындардың аяғына барып жығылған жағымпаз, жабы тіршілік сияқты еді. Тайганың түні тым-тырыс. Тайганың түні мақпал қара. Аюлының бөктерінен көз-көз боп жалтылдаған түнгі оттар төрт жиегіндегі қадау-қадау балауыз шырақтай көрінген. Жылқыны ымырттап қайтпақ болған Сән өртеңдегі көз-көз оттарға көп қадалды. Көңілі әлденеге жетелегендей.

Жылқы бырдай боп жусаған. Тек үйірін күзеткен сақа айғырлар ғана шеттеп қалған бірді -екіш тай-жабағыларды қалың топқа қуып тығып, Сәннің алдын кес-кестеді де иісін алып, иесін таныған соң, төпелеп тастаған тезектерін қайырылып бір иіскеп кете барысты. Кезек-кезек ысқырып безек қаққан жылқышы торғайдан басқа ұйқы торыған тірі мақұлық жоқ. Сән иығына батқан бірдеңкесін тақымына қыстырды да, ат басын Аюлының бөктеріне бұрды.

Ес білгелі еркекше киініп, ерден түспеген жылқышының жалғыз қызы қысы-жазы қиыр жайлап шет қонған жалғыз үйдің қызығын әлдеқашан тауысқан. Қайғырса қабағы бұзылмайтын, қуанса ағынан жарылмайтын, ошақ басының апшысын қуырып, өз тәкаппарлығын өзі қызықтаған өзімшіл әкеден басқа қарайлар ешкімі де жоқ. Онда да әкелік пейілін малданғаны болмаса, мейір күткен емес. Көпшілдігі жоқ, кекшілдігіне еріп жорға ата-анамын деп-ақ ығыр болды. Жұрт ыққа бұрылса, желге қарайтын қырсық шал өз кесірінен етегін былғағанынан басқа тапқан мұраты да шамалы. Әйтеуір ыздиып киігіп, ысқырып сөйлегенге мәз. Біреудің тырнақ көбесіндегі кірді аңдитын кірпияз байғұс тәкаппарлығын ат көтергенмен жұртқа сыймайтынын білмесе керек. Лесхоздың бес жүздей қыл құйрығын әкеден қалған мұрадай қызғыштай қорып, соның буына пісіп, соның желігінен жемсауы шағанақтап жуансып жүргені. Онан соңғы ермегі мынау қара орман. Өкіметтің дауын, ағайынның жауын сатып алып, қысқа ғұмырын қырықпышаққа салып түгесетін түрі бар. Ата мекенім демесе, топырағында жатқан арты-бергіден аруақты әулие де жоқ, бабасының қайда, бақыр басының қайда қалғанын бір Құдайдың өзі білсін, енді он екі ағайыннан шөмейіп кеп таусылған ошақтан болашақта бір төмпешік бұйырмаса...

Шешеден ерте айырылып, әке қолына қараған Сән өзінің қыз екенін он алты жасында бірақ білді. Туған босағасын жатсына бастағаны да биыл ғана. Сегізінші класты бітірген соң, мектепке барғысы келмеп еді. Оқу-тоқу мен кісілікті кітаптан емес, кісінің санасынан іздейтін шал да қарсы болған жоқ. "Жат жұрт" бір ауылдың төбесі қайдан көрінері қыз көңіліне беймәлім. Оның үстіне "ауылдағының аузы сасық" деп менменшіл көкірек көктегіні армандатысы келеді, бірақ көктегі пері жер басқан пенденің қолына қона бере ме. Өз бойын ешкіммен теңестіріп көрмеген, көргендердің көркіне жығылмаған тыраштығы да әке табиғатынан жұққан кедей кербездік, шатын тәрбие, сараң тәлімнің тортасы. Бірақ мінезінен тартып, қылығынан аты шытып көрген жоқ. Шалдан соңғы жалғыз үйдің кішігірім тентек Құдайының өз билігі бір басына жетерлік. Бетінен ешкім қақпайды, біреудің бетінен алған бейбастақта емес. Қайта, өз бойына шақинабат пен еркелігі, ошақ басынан озбайтын әйел затына тән сынық та наз қылығы жарасымды-ақ. Қолына қамшы ұстаса, еркекпен терезем тең түсті дегені емес, құрық алса, әкете деген қолғабысы да емес, аяқты санап баспайтын, санап табақ тартпайтын малшының кең қолтық тірлігі, қысқа жіп, қыспа күрмеуге қарысқан қысастығы еді.

Өрт шалғанда бір басқа, тайгадан бұрын-соңды қолдан жіберген мұндай отты көрген емес. Күзге салым балқарағай соққан орманшылар, мектептің оқушылары болмаса лесхоз сақшылары жер ошақ қазуға да рұқсат бермейтін. Жылда аташ отырғызып, дән себетін лесхоз, биыл сол аташты отаумен, өртеумен әлек. Ауылдың іргесі, егін-жайдың аңызы болса бір жөн, қиянның орманын, қиянның қорымын тазаланған өлермен жұртты да бұрын-сонды көргені осы.

Құйындай үйіріліп, сатыр-сұтыр гүрілдеген аташ үйіндісінің жалыны жақындаған сайын биіктеп, бет шарпыған ыстық леп пен шайыр иісі тамақты қырнап барады. Түн баласында алыстан көз тартып, мен мұндалайтын қалтырақ от қасына келгенде үрейлі екен. Жарық маңындағы қараңдаған адамдардың нобайы да көлеңкедей зорайып көрінді.

5

От басындағы адамның тыстағыны андамайтын әдеті, қараңғыдан суырылып шыққан ат танауына Бекет пен Бескемпір үдірейісіп біраз тұрысты. Сән кері бестінің шылбырын ердің қасына қаңтарып, қарта адымға дейін келгенше таныған жоқ. Бекет танығаннан кейін де шұрқырап үстіне түсе қоймады. Қолындағы сүйменін қадай салып, арсалаңдап алдымен әзілін ала жүгірген Бескемпір:

— Адастың ба, қарындас, айсыз түнде?

Ағат болса обалың айсыз түнге.

Айдай жүзден өпсем бір моншақ үзіп,

Апаңа аңғалдықпен айтып жүрме!..

вот так, вот! — деді.

Деді де аш кенедей жабысып қыздың бетінен сүйіп алды. Сүйдім дегені Бекетке көз қылып жорта жасаған қыры еді. Жорта болса да құлағының сыртынан құшырлана иіскегені рас. Әншейінде мұндайға толқи қоймайтын ерке қыз жігіттің сұғанақ танауы бұғағына бір сүңгіп шыққанда демі дірілдеп, денесі от қарып өткендей ду етіп барып сөнді.

— Ал қауышып болсаңдар бері келіндер, араз болмасақта арбаса отыралық, — деп Бекет жалмаңдаған қызыл жалынның көмейіне екі-үш айыр бүр лақтырды да оттан алыстап, қураған мүктің үстіне қыңырая кетті.

Қыз көңілінің іздегені Бескемпір емес, Бекет сияқты еді. Жітіттің өзіне деген салқын жүзін, немкетті сұлай кеткен сал-бөксе түрін көріп бірден тосырқап қалды. Тез суынып, әлгінде бір бу шарпыған денесін қырсық құрыстап, осында мен несіне келдім деп іштей өзін-өзі сөтіп тұрған. Сонда да, қас қаққанша қырық құбылатын қыз қылығына салып, іштегі бұлқынысын сыртқа тепкен жоқ. Қанжығасынан жанторсық шешіп ортаға лақтырды да кері бестінің ауыздығын алып, қыл арқанның ұшын от басына сүйрей келді. Кері бесті тұрған орнынан қалт кеткен жоқ. Бекет шырпы лақтырып жасқаған болып еді, құлағын жымырып айбат шекті де, өрбірден соң тебермендей бөксесін төсеп тұрып алды.

— Көліктің қырсығына дейін қайдан тауып мінесіңдер? — деп Бекет шымшып көріп еді:

— Лесхоздың жетін өгізінен көрі аяқ артуға жарайды той, — деп Сән одан асырыңқырап, кексінмен от көсеп жіберді. — Мал иесіне тартса майталман болады дейді қазақ...

— Қазақтың қай сөзіне сеніп болады!..

— Өзіне сенбеген адам бар кінәні қазаққа жабады да... әйтеуір, қазакемнің септелмеген кезі болсашы!..

Алдымен өрт шыққан мұржаның аузын бітейін деді ме, Бескемпір жанторсықтың қышқышын шешіп, Бекеттің қолына ұстата қойды. Қитығып жатса да қыз дәмін қайтарған жоқ, күні бойы түгін қауып, қаңсып қалған кенезесі қымыздың қолқа жарған қош иісіне төтеп бере алмады да, енді бір сәтте жігіттің күлді көмеш жүнді аузы сорайған танауымен қоса жанторсықтың қылдырықтай өңешіне сүңгіл бара жатты.

Жылқылы ауылдан күрс етіп мылтық атылды.

— Көкең сатан қайт деп жатыр, — деді Бескемпір, сосын Сәннің бердеңкесін алып бұл да күмп еткізді.

Қарағай дүр сілкініп қоқым шашты. Өсек тыңдағандай құлағын салып мүлгіп тұрған кері бесті көзін ашты.

— Белгілі болды, түсіндік, — деді Бекет. —Тәулігіне екі дүркін мылтық атылушы еді, сол кезде жол торуға болады екен той. Құр дәрімен қалай қорықпай жүрсің? Аю кездессе қайтесің? — деді Бескемпір. Бердеңкенің патронын суырып иесіне кайтарды.

— Адамның арамы болмаса, орманның аюы жол торымайды, — деді қыз.

"Арам" дегенді Бекет өз адресіне қабылдады. Сосын қажап қалғысы келді.

— Адамның арамы қандай болады екен?

— Ұрсаң тоқпақ, кессең пышақ батпайды. Жолы жеңіл. Тасы тауға домалайды. Аттың жемін жеп тұрып, есектің ақырынан да жеркенбейді. Қашан да жылы-жұмсақ, жылы орыннан үміткер. Оған кесір болатын соңғы мінезі... Дос-жаранның уайымы қабырғасына батпайды. Жар сүйіп те жарытпайды. Бұған да өзі кінәлі... Жетті ме?..

— Осының бәрін қайдан оқып жүрсің?..

— Құрық ұстаған — сыншыл, қайшы ұстаған — міншіл демей ме.

— Ал балта ұстаған ше?

— Ол бір бай болып жарымаған, бақсылық дарымаған диуана ғой...

— Сені кадр бөлімінің меңгерушісі етіп қою керек екен.

— Оған қолыңызға билік тигенде шақырарсыз, — деп Сән лып етіп орнынан атып тұрды.

Буыны қатпаған қыпша белді, қынап киген былғары шалбардың тырсылдаған сауырын, құлын жарғақтың көкірегін тепкен омырауын көзімен ішіп-жеп қала берген Бекет қыздың бұрынғыдан да бой түзеп, құлпырып кеткенін аңғарды.

Бескемпір бердеңкені ердің қасына іліп, жанторсық пен арқанды қанжығаға байлады.

— Құдайы қонақты шығарып салмаймыз ба?.. Жүрерде бұйымтайын сұрар болар еді...

Бекет қиқайған қалпы қылп еткен жоқ:

— Тасы тауға домалаған жігіттің Құдаймен жұмысы қанша!.. — деді.

Қыз жанарында "сені ме!" — деген кекшіл от кетіп еді.

6

Осы бір ит мінезі көңілін аузына, аузын көңіліне жеңдіре алмай-ақ қойды. Қызға қызыққаны рас, жек көргені өтірік. Енді қазір қызыққанына да күмәнданып жатыр. Көзінен тайып еді, әлгібір тұсақбөксе, ту сауырды қайтып елестете алмады. Отыздан асқан соң суи ма, баяғы бала кездегі іңкәрліктің бірі жоқ. Көгілдір аспанға қарап, балалықтың көгілдір сәтін іздеді. Сол бір көгілдір елес аспанның биігінде қалған секілді... Көгілдір аспан, Алатаудың көк тіреген көгілдір шыңы, көгілдір шыңнан үзіліп түскен көгілдір сәуледей қыз көкірегіндегі көк жібек костюм... Сөйткен Әсем де көптің бірі боп тірліктің қым-қуыты көп қатпарына сіңіп барады. Ол да бір, әншейін, көңілге тат тұнбаған балалық шақтағы көгілдір арман екен ғой. Әлгі қыздың айтқаны рас. Арман құтан — ауа қапқанмен бірдей, жеткізбеске құйрық салам деп жүргенде күйкі тірліктен құр қаласың. Сонан соң да төрт аяғыңды тең ырғап жер басып жүргеннің өзі артық. Ол үшін мәнсап та керек, билік те керек. Мансап пен билік сезімге қос болмайтын, сананың ғана еншісі емес пе екен?..

Белдеудегі көп оттардың жалақтаған тілі қысқарып, орман қарақұрық тарта бастапты. Тайганың аспаны да қарақұрық, төбеден милықтата басып, түтін мен шайыр аралас азон иісі тынысты таяздаға түскен тәрізді. Өрт кетпесін деп оттың жиек-жиегін қымтап, бықсыған сүйменнің қалдығын қызыл шоққа лақтырып жіберді де өзенге беттеді. Өртеңнің қасына күзетке қалдырған адамдардың қарасы да көрінбейді. Жанынан айғайшы кетсе жан сауғалап, көз алдаумен күн кешкен жұрт шаруаға да үнемшіл-ақ. Үлкен-кішісі де, төресі де, қарасы да қалай жұмыс істеудің тәсілін емес, қайткенде жұмыс істемеудің құлығына қылап болып алған. Шерубай шал айтпақшы, оқыған итке дауа жоқ...

Өзен бойының шығы қалың, шықшыт жүніңді үрпиткендей ауасы дымқыл екен. Арнадан гу етіп лап қойған салқын леп қақалтып тастады. Сәлден соң сарайы ашылып, рақаттанып қалды. Жиекке түсіп жуынды. Ертеңнен бері қысқан бір шөл әлі қайтпаған. Су ішейін деп еңкейе беріп, бежірейген өзінің бет-жүзін көрді де желкесінен әлдекім бас салып тұншықтыра қоятындай атып тұрып, жар басына жүгіріп шықты. Артына бұрылып қарап еді, қап-қара боп ысқырып жатқан өзен тұңғиық қорқынышты екен. Сол тұңғиықтан әлдене бәлекеттер былдыр-сылдыр, былдыр-сылдыр бұрқылдасып өкшелеп қуғандай болды да алды-артына қарамай зыта жөнелді. Ес білгелі қатты сескенгені осы шығар, артында қалған бұға-қарағанның сыбдырынан да жонарқасы шымырлады. Келген бойда шеткі итарқаға арсы-күрсі қойып кеткен.

— Өй, жын ұрды ма?! Ездің той!..

Шошып оянған Мешел тұра алмай мөшек ішінде мөңкіп жатыр екен.

— Аю қуып келеді! — деді қысылғаннан.

— Әй, қойшы! — деп Мешел кейіп қалды. — Көзіңе қос көрінген де. Біз сияқты арамдарға аю тиісуші ме еді, — деді?

"Арам" дегенді Бекет бір түнде екі рет естіді. Бұл жұрт бірінің аузына бірі түкіріп қойған ба, әлде бүгінгі тірлікке біреу түкіріп кетті ме?.. Көрші итарқадағы спальный мөшекке жете алмады, қара іздеген саяқтай тығылып, Мешелдің қасынан кете алмады. Бұл да жалғыздықтан жалыққанын сезді. Не болса, ол болсын, уһ деп таңғы тірлікті Тәңірден күтіп киімшең қыңырая кетіп еді.

— Немене, бұзауың жамырап, айраныңды ит ішіп кетті ме?! — деп күлпәрасын тас бүркеніп алған Мешел қайта тірілді.

Ит демекші Бекеттің есіне Керауыз түсті. Ымырт сайын бес итарқаның тұрғынын еркелеп келіп есіктен санап кетуші еді. Ертеңгісін қыр басында аспандағы вертолетті бағып ұлып отырғанын бір көрген. Жақып пен Леся кеткелі вертолеттің жердегі көлеңкесін қуалап дал болатынды шытарды. Тышқан аулап жүрген де" — дей салды Мешел Бекеттің сұрағына. Көк қошқардың қан-жыны таусылған соң қазанның қара қаспағы Мешелдің өзінен де артылмай жүр. "Итті де иесімен қина" деген осы екен-ау...Жақып сорлы...

— Жақыпты қаладағы бөлініске алып кетіпті, — деді Мешел бей-жай масаң есінеп. — Жағдайы крізснай, құлағы әлі тас керең деп Әбдіжапар айтты. Сатан сплавконторға соғып, осы жұмадағы дайындалған ағаштың сбодкесін берсін деді.

Әбдіжапар айтса өтірік болмағаны. Әбдіжапар жеткізген жамандықтың әзірге қалт кеткені жоқ. Бұл жұрт арамның кім екенін білмей қор болады-ау түбі. Заслуженный маладес!.. Леспромхоз жабылса да жағаға шығып қалған жоқ. Жылап жүрсе де бір пұшпаққа жармасып, өз нәпақасын жұлып жеп жүр. Жұрттікіне де көз салып қояды. Ағаш дайындау лесхоздың билігіне тигелі сплавконтораның шаруасы соның еншісінде қалған. Шағын да болса шала Құдай. Үш айда Казлес, облыстық басқарма мен госкомитеттен үш дүркін комиссия келіп, лесхозды үш дүркін аударып-төңкеріп кетті. Сиғат домалақ арыздың иесін жазбай таныса да Әбдіжапар қыңқ еткен жоқ. Бекет те дым істей алмады. Қызметтен шығарса, қудалады дейді. Сөксе, өзара сынға қысым жасады дейді. Түбі, арызқойдың тірегі мықты. Әбдіжапарлар тым-тырыс, тып-тыныш. Түк білмегендей. Түк көрмегендей. Шығыны жоқ. Шырқы бұзылмайды. Маладес!.. "Жауыңды" жер қаптырудың ең мықты құралы осы. Жұмыс істетпейсің. Жан тыныштық таптырмайсың. Көңілі ала, ұйқысы шала. Бар пәле, бар жалата жауап қайырып, жұртты, қала берді жұрағатты арашалаймын деп қан жұғып жүргенде әуелгі мақсат, адал мұрат адыра қалады да жүйкесі тозып, әбден қажыған соң өзі – ақ қайың сауып қаңғырып кетеді. "Жауынды" Әбдіжапардай өз қолымен өзін тонатып, өз кеңірдегін өзіне шайната білсең, майдандасып, қылыш суырып, сөз суарып қызыл шеке болудың не қажеті бар. Маладес!.. Ойпыр-ай, бұл да өнердің үлкені екен-ау!.. Әлдебір газетте әлдебір жазушы арыз айдаудың ақыл-кеңесінен консультация беріп еді. Арызқойлардың академигі болса да ол сытырың Әбдіжапардың қасында жіп есе алмас...

Бекеттің іші қазандай қайнады. Қарап жатып Әбдіжапардың тірлігін қызғанғандай. Жылқышының қызы тауып айтты. Аттың биік ақырына ұмтылғанша, есектің жеміне семіргеннен оңайы жоқ. Ат байғұс жүрісінен жаңылса да сын коп. Есек шіркіннің әңгілігі де, мәңгілігі де кешіріле береді, қосарыңды шайнап, қорадағыны күнде тепсең де елеп жатқан ешкім жоқ. Тек ол үшін оқта-текте тиетін таяққа төзімшіл, намыссыз болу керек -ау... Онда тұрған не бар? Жұрттың бәріне төренің мөрі, қаратаяқтың төрі жете бере ме. Бедел мен бақытты биліктің қамшысы әпереді деп жүрген кім, өзі?! Дардай лесхоздың дырдай бас орманшысы болсаң да жатқан түрің мынау, қымыз мүңкіген жылқышының қызына да бетіңнің қызылын өткізе алған жоқсың!..

Іргедегі қара мөшек аударған салындыдай от жаққа домалай түсті. Тұп-тұтас бітеу денесі тюленге ұқсаған. Күләпараның астындағы жылтыраған көзі іннен сығалаған жыланның басындай екен.

— Түс көріп жатырсың ба ей?! — деді.

— Ұйықтап жатырмын.

— Ұйықтаған адам жәйіне жатпай ма екен.

— Жәйіне жатпаса, аузына келгенін оттап жатады да.

— Оның рас ей! — деді. —Мен де өзіммен-өзім оттасе-еп жатырмын. Өңімде жағасына қолым жетпейтіндерді көрпенің астында мес қылып тепкілеп алдым.

— Дүниеден тепкілесіп өтетін жұртпыз ғой.

— Бәсеке де... Мықтыны жұрттың бәрі жыққысы келеді. Қапысын іздейді. Мықтыға бәрі өш.

Бәсеке ме?.. Әлдіні әлдебір әлжуаз итше тепкілеп жатса, әділет пе, жоқ па, көзі жетпесе де былайғы көп пенденің жаны кіріп, айызы қанатыны несі? Осының бәрі мықтының бағын, жақсының сағын сындырудан туған қызғаныш еместігіне кім кепіл? Кейде, "білімсіз бірді жығады, білімді мыңды жығады" деген пәлсапаның да ботасы теріс. Әйтпесе, "мыңмен жалғыз алыстым кінә қойма" — деп ақын неге жылаған?.. Одан бері де көп ит жабылып көк итті талағанын талай көріп жүрген жоқ па...

Сызылтып сары маса ән салды. Масахананы итарқаның аузына кере салуға екеуі де ерінген. Қорғалап туған ай жатағанның жүзіндей боп қалың самырсынның желкесінен жаңа сығалады. Ай астындағы Сұлу шоқының төбесі аңырап тур екен. Сүттей аппақ жонында ала құйын бар. Алыстағы құйынның сырмасын көріп, Бекет терлеп жатып тоңғандай денесі түршікті. Мешел әлі бақырайып жатыр.

— Слушай, — деді. — Менде ақша бар, — деді. — Көп ақша. Ғұмыр бойы жиғаным.

— Қанша?

— Елу бес мың, бес жүз елу бес сом, елу тиын.

— Атаңа ас беруге жинадың ба?

— Өзім де білмеймін. Әуелі мың болсын деп едім, одан он мың, оның ар жағында елудің төбесі көрінді. Енді жүзге жеткенше жұлыным үзілетін түрі бар. Біреулер қатынының жуан бақайына дейін алтын жүзік кигізеді дейді...

— Ал, маған не қыл дейсің?

— Алдымен ақшамды кассіге өткізіп бер.

— Өзің арқалап жеткізе алмай жүрмісің?

— Маған кім сенеді. Тым болмаса тұрдабай кнешкем де жоқ.

— Қорықпа, кассаға өткізген ақшаны қайдан алдың деп ешкім тексермейді. Заң солай.

— Солайын солай той...

Өз еңбегіне өзі сенбеген сорлы-ай! Өз малының өзінікі екеніне көзі жетпейді. Ақша... Адам орнына ақша, бала орнына ағаш жинайтын да мода болды-ау. Бұл Мешел бұдан жеті жыл бұрын Бекет Алтайға келгенде дүние терген тайганың қоңызы еді. Жұрт жылына бір дүркін қаңғып қайтып оралғанда бұл орманнан аттап шықпапты. Өлсе сүйегі орманда қалатын шығар.

— Осы сені іздейтін артында біреу бар ма?

— Екі іні, бір қарындас.

— Ойпырай, тас бауыр екенсің!

— Бұл күнде кімге кімнің бауыры езіліп жүр дейсің. Өзің кімді жарылқадың? Бар жоғымды қазбалағанша, ептеп мені аяқтандырып жібер.

— Бақайына алтыннан жүзік тағасың ба?

— Аяқ-басын алтындағаннан қатынның бәрі алтындай болса, бүл дүние жұмақ боп кететін еді ғой. Ол, әншейін, ақшаның нарқына сенбегендердің ойлап тапқан аяғынан жүретін долгосрочный кассасы да.

— Осыншама қулықты біле тұра жер басып қалай жүргенсің?

— Жер басып жүрсін десең мені бір обходқа обиезшік етіп тағайында. Тіпті пожарный постқа, түкпірге қусаң да разымын. Алтын менің не теңім, тек баспанам, ертенді-кеш қорасын тазалап, қоңына қарап семіріп отыратын бірер тұяғым болса жетеді. Қырықтан асқанда пенде боп мен де түтін түтетіп көрейінші.

— Ел ішінде отырсаң қайтеді? Қатынды да іргеден іздейсің.

— Ел іші алтын бесік дейсің ғой!.. Бекер. Ел емес, еңбегің асырайды. Ал еңбек деген шіркін біреудің көзіне түсу үшін емес, көңіл жұбату үшін қажетті кәсіп сияқты ғой. Әйтпесе, аштан өлетін мен жоқ.

Көңіл үшін?.. Мешелге де пәтуә қонайын депті-ау. Артынды бағып, тәубеңе келмеске шара жоқ. Жеті жыл отасқан итарқаның Мешелге де тар бола бастағаны. Жеті жыл бойы мал табар серіктесі болған адаммен ағынан жарылып сөйлескені осы екен. Әлгі қыз, дос-жаранның уайымы қабырғаңа батпайды деп пе еді?.. Дос-жаранды қиялдап іздегенде, қасындағы пенденің көңіліне бір үңілмепті.

Мешелдің көзінен өтірік таппады. Аядай итарқаға алакеуім мұң төккен ай сәулесінің сағымында мұңға толы қос жанар мұзға қатқан қара мендей тасырайып қапты.

Ысқырған өзен сарыны ызғар әкелді. Ызғарды лептен итарқаның төбесіне жапқан сағдар қалтырады. Жатағанның жүзіндей жыртиған айдың жарты күлшесі маңдайшадан қашып барады екен. Сұлушоқының әлгіндегі аппақ жоны да көгілдір тартып өшіп барады екен. Қара орманның сілемі таң қараңғысына ұласып жайылып кеткен. Самырсынның ыздиған ұшар бастары теңселген сайын көкжиектің етегін сыпырын қайтып, сыпырып қайтып, шығар күннің жолын аршып жатқан сияқты.

Тайганы тітірентіп ит ұлыды. Керауыздың үрей шақырған өксігі мен Мешелдің өңменнен қадалған мұңды жанары әлгібір тұңғиық судағы өз көлеңкесін Бекеттің есіне салды да бақайшағына дейін шымырлап, сасқанынан іргеге теріс тоңқая қалды.

7

Өріске келгенде түн ортасы еді. Қыз кетем демеді. Жігіт кеткісі келмеді. Келісіп қойғандай Бескемпір үн-түнсіз кері бестінің ерін сыпырып, аяғына арқан шалып отқа жіберді де, Сән үн-түнсіз екі тоқымды қарағай түбіне бөліп төседі. Сосын екеуі екі жерде томпиып үн-түнсіз ұзақ отырысты. Жел ме, барша тышқан ба, ағаш басынан томп-томп бүршік домалатты. Бескемпір қарағай діңін теуіп-теуіп қалған. Бір емес, екі тиін құйрықтары собалаңдап, қалықтап барып көрші самырсынның басына қонды.

— Бекер үркіттің, — деді қыз.

— Ендеше кісіге тиіспей жайына жүрсін!..

— Мен де кішкентай кезімде оңаша жолыққан қыз бен жігітке талай рет тас лақтырғам.

— Алдыңа келтіргені екен ғой...

— Солай болғаны да... Қыз болам, қызылға көзім түседі деп кім ойлаған. Үйге келген қонақтардың жамбасына су төгіп, түн ішінде көйлек-шалбарларына көр-жерді нығарлап -нығарлап қарағай басына іліп кетуші едім. Тіпті болмаса, қамшысын тығып, қанжығасын кесіп алып қалатынмын.

— Талайды зар илеткен жауыз екенсің-ау.

— Айтпа, мені көргеннен – ақ зәрезеп боп, аттанғанша асығатын. Талай қыздың бұрымын қиып, ит қосып едім.

— Осы сен әйел затын неге жек көресің?

— Ит біледі... Өзім де сол көп ұрғашының бір болғандығымнан шығар... Он үш жасымда өгей шешем үстіме к,ыз киімін жапқанда мен үшін дүниенің бар қызығы бір-ақ сәтте оңып кеткендей боп еді. Қуыршақ ойнап, кесте тігіп көргем жоқ. Енді, міне, түн күзетіп, біреудің тыныштығын бөліп отырған түрім мынау. Қалай?.. Бір жігітке жақсы қатын болуға жараймын ба?..

Бескемпір сасып қалды. "Әншейінде ауыз жаппас, той дегенде өлең таппас" байғұсың осымен екі дүркін ұзақтайды Сәнмен бірге атырса да қыз көңілін аулайтындай қызу көрсете алмапты. Жазға салым Бекет жоғалатын жаңбырлы түнде де өзінің шатпағынан, Абайдың тақпағынан озбап еді. Қысылғанда бар амалы дос-жарандарын жер-көкке сыйғызбай мақтау, әйтпесе, өзін-өзі әжуа қып, әбден сүмірейтіп, кебенек кигізіп жіберетін әдеті. Сан сапырылып, тозып біткен картасының көзірі де, тұзы да таусылған екен. Махаббат деген болады, сүю-күю деген бар деп көлгірсуге естияр қыздың ондай қысыр әңгімені кәперіне де қыстырмайтынын білді. Есерлікті еркелікпен жауып, сезімді емеурінге жеңдіретін еркін мінездің қатпарында көн жібітер наз қылық, қара төпеуге жеткізбейтін жүйрік көңіл мен найза бойламайтын қулықтың да жатқанын іші ұғып отыр. Сосын арам тер болып босқа шабудың қажеті қанша. Тоқымын сүйреп кеп Сәннің тізесіне басын қоя қисайды. Өтірік еркелеген бұралқы иттей қай жағымнан таяқ тиеді деп жасқанып, сақтанып барып жатқан, енді қыңсылауы, құйрығымен жер сабауы ғана қалып еді. Сорына ма, батына ма, әйтеуір қыз да бойын тартпады. Аташқа арқасын сүйеп, екі қолын қарақұсына жастай кербез керіліп отырған. Бескемпір күзетсіз қалған құлын жарғақтың өңірін ағытты да, қыздың аш құрсағына танауын тығып кірш-ақ кетіп еді. Қыпша белді құшағына орап алып, маужырап бір көз жұмғысы келді.

— Мына жатысыңызға жол болсын! — деді.

— Сатынып қалыппын! — деді.

— Кімді?..

— Мен жеті жасыма дейін омырауға таласып едім, — деді.

— Мүмкін, он торт жасыңа дейін көкжамбас болған шығарсың?

— Болдым, — деді.

— Онда он жылдықты бітіргенше жалаң бұт жүрдім деуден де тайынбассың.

— Жүрдім, — деді.

Не десе де көнейін деді. Бірақ жауабының өтірігі жоқ еді. Осындай бір жылы құшақта тұншығып бір жатқанды ғұмыр бойы аңсағаны рас. Жалаңаяқ, жалаң бұт кездердің ызғары күні бүгінге дейін бақайынан кіріп, миын шаққандай, күні бүгінге дейін өңі түгіл түсінен кетпей жанарына бұрыш, кірпігіне мұз боп қатқандай.

— Түу, демің ыстық екен! — деді қыз.

Бірақ керілген қалпы қолын қарақұсынан түсірген жоқ. Жігіттің ыстық деміне, қырсаудай құшағына елтіп күрсінген де жоқ.

— Сен шынында сәуегей екенсің, — деді жігіт. —Бекетті аямап едің, мені де бір сынап көрші.

— Мен жұрттың ішінің ылайын да, талайын да көзінен оқимын.

— Ендеше, оқып көр, — деп Бескемпір шалқалап жатты. Қыздың кекжиген иегін көрді, қараңғыда аппақ бұғағы қара суда жүзген аққудың алқым төсіндей көрінді.

— Түнде түс жорымайды дейді қазақ. Дегенмен, азабың көп болса да сен бақытты екенсің.

— Оны қайдан білдің?

— Өзің айттың ғой... Ананың ақ сүтіне жарыған бала бақытсыз болмайды.

— Ол, байғұс ананың содан басқа жұбатары болмаған соң баласына амалсыз иігені де.

— Ал мен шешем қайтыс болғанда бесікте жатыппын. Өгей шешем есікте жүрген қол бала екен.

— Бәсе, тым жас сияқты.

— Онда тұрған не бар?

— Не болушы еді... мына мен сенен он сегіз жас үлкенмін...

— Мен сенен жасынды сұрадым ба?..

Бескемпір үндемей құтылды. Үндемей жатып білгісі келген бір түйінді шешіп алғандай. Бұған дейінгі көп қалжыңды қыздың шалдуарлығына жорушы еді. Бірақ көңіл құлағанмен отыз деген итіңнің тең ортасы оты лапылдаған балғын жастың буынан қорқады. Әлі сірге көрмеген шу асаудың жалына қол салғанмен жүген-құрыққа тоқтата алса жөн-ау. Тек бір тояты, қысылып қымтырылуы жоқ, тең-тұстастай жараса кететін ашық-жарқындығы. Адамды тұсап тастайтын да осы мінезі. Дос-жарандай сыр бөлісіп, қош болып отырып, артынан қос болайық деп дүңк еткізуге дауасы жетпей-ақ қойды.

— Менің не ойлап жатқанымды білесің бе?

— Білгеніңнің бәрін айта берсең қызда сыр, жігітте қыр қала ма.

Бескемпір бұдан әрі қажамады. Оның үстіне жоқтан өзгеге жұрттың мазасын алып тақымдай беретін өзінің ығыр мінезіне ыза болды. Қыз тізесінде керіліп жатқанға дүниенің торт құбыласын түгендеп болдым деді ме екен?!.. Көпе-көрнеу құнын түсіріп алғанына өкініп қалып еді... Жүзінен дым сездірмеді. Бұрынғыдай аспанға кейкиіп жұлдыз санауын қойып, төмен қарап телміріп отыр екен. Шашын ұйпалақтаған жұп-жұмсақ алақанынан от өрілгендей төбе құйқасы шымырлады да, маужырап жатып қыздың ыстық ернін іздеген. Бірақ бұрынырақ ұмтылған пысық қол ерінді ерінге жеткізбей қолаң шашын жігіттің бет-аузына жаба қойды.

Күрс етіп жылқышының ауылынан мылтық атылды.

— Көкем мені іздеп жатыр, — деді қыз.

— Ұрсатын болды ғой?..

— Ұрсып көрген емес.

— Жақсы көреді ғой?..

— Жақсы көргендіктен емес, көкем сенген адамымен түс шайыспайды.

Жатағанның жүзіндей имиген сынық күлше тас төбеде тұр екен. Жұлдыз сиреп, боз аспанның өңі тоза бастаған.

Шығыс бөктердегі қарағай басында елканың төбесіне қадаған бес жұлдыздай жарқырап жалғыз Шолпан қалыпты. Бұлдыраған боз жонда бырдай боп жылқы жатыр. Бір-бірінің шоқтығына иегін артып үйездеген тай-жабағылардың, төрт тағандап мүлгіген шартық биелердің сүлдері қарауытады. "Қайтатын уақыттарың болды" дегендей жалы жер сызған жалбыр айғыр арқандағы кері бестіні қарағай түбіне қуып әкеп тастады.

— Қызық, — деді Бескемпір. —Жылқының түрегеп ұйықтайтыны несі екен, ә?..

— Және тәулігіне бір-ақ сағат, — деді Сән. —Жарты сағат ымыртта, жарты сағат таң мезгілінде.

— Айғырда неге ұйқы жоқ?

— Олар күндіз желі басында жусайды... Табиғаттың заңы... Ұры да, ит құс да жылқыға жусаған уақытында тиіседі. Айғыр емес, қораз екеш қораз да мекиенін қорғап қырғиға айбат шекпей ме?..

Бескемпір бердеңкені күмп еткізді де ер-тұрманды ала тұрды.

8

Кер бесті ізден танбай сүмеңдеді де отырды.

— Мынауың иісшіл ит сияқты ғой.

— Ит те жеті қазынаның бірі, — деді Сән. — Бірақ қазақ еш уақытта малға ит демейді. Әсіресе жылқыға.

— Ырыс кетеді деуші ме еді?..

— Ырысты да ит шайқамайды, адамның өзі шайқайды. Гәп жылқының бәрін түсінетіндігінде, өкпелеткеніңді де, еркелеткеніңді де сезе қояды.

Қыз қала ғой демеді. Бескемпір қалғысы келмеді. Ақыры екеуі бір атқа сыйыспады. Жайдақ мінгесуге қыз арланды. Жалпиып ерге өзі отырып алуға Бескемпір батпады. Таңғы шыққа Бескемпірдің керзі етігі қарындай созылып, шалғын қаққан жұқа шалбарының тізесі қара санына қағанақтай жабысып қалды. Былғары шалбар, құлын жарғақты сәнге кие ме деуші еді, қыз киімінің мәнісін енді түсінді.

Малмандай су болған жігіттің қалтырап келе жатқанын сезіп, Сән шалғынды жарып алға түсті. Күнгейдегі шағаладай қос киіз үйге жеткенше артына қайырылып қараған жоқ. Үш ит арсалаңдап келіп қамағанда ғана Бескемпірден жасқап ұрсып тастады да кер бестінің шылбырын өз қолына алды. Бір-біріне телміріп біраз аялдап қалған.

Үй жақтан шал қақырынды. Шелек салдырлап, бұзау мөңіреді. Шапанын желбегей жамылған шал құманын солаңдатып ойға түсіп барады екен. Дөңгелеген томалақ тоқал қазықтағы қасқа бұзауды ағытып, қызыл сиырды шағанақ қарыннан теуіп тұрғызды. Үлкен үйден қарнын қасып қалқан құлақ сарылардың кенжесі шықты. Сосын екіншісі, төртіншісінің төбесі көрінді. Төртеуі бірдей тұра қап шаптырғанда қыз күліп жіберді.

— Жуырда бесінші інім болады, — деді.

— Қыз болса ше?..

— Жоқ, ұл болады! — деп кесіп айтты.

— Сенің орныңды басатын да біреу керек шығар.

— Жоқ, менің орнымды ешкімге бастырмаймын! — деді.

Қара шаңырақтың оң жағындағы отау үйдің аузы-мұрны тас бүркеулі. Бау-шуына ыс тимеген аппақ.

— Әкең көмекші жалдаған ба? — деді.

— Көмекшіні қайтсын. Біз де отау иесі болуға жараған жоқпыз ба.

— Оң жақта отырған қызға отау тігуші ме еді?.. Келін түсірсе бір жөн.

— Күшік күйеуге де баспана керек шығар! — деп қыз кер бестіге қарғып мінді де, көзінің қиығымен жігітті сынай барлап тебініп қалды.

— Енді қашан жүздесеміз?

— Жүздескеннен жүз жаңара ма? — деп Сән жүре жауап берді. — Оны қоныстың жаңғыруы біледі... Жуырда төр жайлауға көшеміз...

Бескемпір көкейіндегісін айта алмай жұтынып қала берді.

9

Күн қырқадан бүгін де қадалып шықты. Әдетте сәскеге дейін жердің шығы мен қолат -қолаттың боз тұманы қалың бүкке қоңыр салқын тыныс беруші еді. Бүгінгі қапырық таңғы ошақтың түтіні сөнбей жатып-ақ тайганың сызын жұтып қойды да, қылқан сасыған жылымшы бу алқымнан сығып, тұншығып тұрды да алды. Көкжиекте иықтан басқан көгілдір түтін жатыр.

Бескемпір өзегі талғанын сезді. Жауырын қақпағының асты удай ашып, алақаны мен қара табаны күйді. Енді қызуы көтерілетіні хақ.

Өкпе де. Түберкүлез деген итіңнің анда-санда өстіп қыңсылап қоятыны бар. Бұл шіркінмен он жыл бойы ырылдасса да, құлан-таза құтылмай-ақ келеді. Ұрып жықпаса да ине жұтқандай имитіп, айдың өларасында әбілет басқандай екі иініңді алып жейді де тұрады. Ол кезде дүниенің құны да беш тиын, сүлесоқ тұрып, сүлесоқ жүріп, әйтеуір сілекейдей созылған ит ырғылжың бір тірлікті бастан кешетіні бар. Қазір де жон арқасын малшыған жылбысқа терден жеркеніп келеді. Мынау тымырсық күн тынысты ғана емес, дыбыс біткенді өшіріп тастағандай күндегі араның ызылы, балтаның тоңқылы да естілмейді. Иен жұрттың үстінен шыққанда ертеңгі күннің жексембі екені есіне бірақ түсті.

Жерошақ суға толы. Мосыда шажамайынан жыртылған суыр құлақшынды милықтата киіп алып Мешелдің қырық жыл сүйреткен құрақ күпәйкесі қонжиып отыр. Итаяқтағы шайындының шеті бұзылмапты, тегі Керауыз қара қосқа қайтып жоламаған болуға керек. Аузына томар кептеп алып, мелшиіп-мелшиіп бес итарқа тұр. Итарқаны көргенде көз алдына шағаладай ақ отау елестеді. Ақ отаудың есігін түріп, қиылып тағзым еткен келіншек елестеді.

Көрінгеннің есігінен сығалап, босағасынан телмірумен жарты ғұмырын тауысыпты. Тағы да біреудің ошағына табынышты болуды мұның маңдайына жазып қойып па?..

Бірақ қаңғыбас атанып, тайганың соқпағын тоздырғанда да қай жағаға барып тоқтамақсың?..

Жігіттерден жасырып темекі тартатыны бар еді, бригадирдің жабығын қопарып бір пашке "прима" тауып алды да, қалтасына салып жатып қайта суырды. Кеше ғана дәм-тұз татысып бірге жүрген азаматтың ғарып болғанда артында қалған қара қосын тонағаны көңіліне келді. Сосын екі-үш талын құлағына қыстырып, бірін тұтатты да қалғанын орнына апарып тықты.

"Тағы тайганың" екі айда он күндік одгулы бар. Он күнде ортан қолдай үй тұрғызуға болады. Он күнде сол ортан қолдай үйді ішіп құртуға да болады. Үй-күйі барлар тым болмаса кір-қоңын жуып қайтады. Ал саяқтар қоңын да, тонын да қабақтардың кассасына тастап қайтады. Бескемпірді жалықтыратын да, аздыратын да осы он күн.

Аш өзекке тартқан темекіден көзі қарауытып, басы айналды. Суыр құлақшынды милықтата киген Мешелдің қарақшысына жүгініп, мүлгіп отырған жігітті жүген сылдыры мен ат аяғының дүңкілі оятты. Бие жетелеген мыж-мыж кепкен шал екен.

— Әй, қарағым, жылқылы ауыл қай жақта? — деді.

Бедірейіп бетіне қараған Бескемпірден шошынды ма, анадайдан үдірейіп, атының тізгінін тежеді.

— Әй, қарағым, милау болғаннан саумысың? Мен Шерубайдың ауылын сұрап тұрған жоқпын ба?!.

— Шерубайдың қызын айттырайын деп пе едіңіз?..

— Ә?.. Торта майдан қылшық іздеген кірпияз неме қазаққа қыз беруші ме еді. Қызын кәйтем, айғыры керек! — деді шал. —Бәтшағар, әлгі Әбдіжапардың есегіне сенем деп мына жатырың кепкір жылда қысыр қап аузымды ақтан кепердей қылған жоқ па! — деп жетегіндегі ыңыршағы ырсиған лақса кәрі биесін кендір тұсаумен қабырғадан тарс еткізіп бір салып қалды. Байғұстың кірпігі де жоқ, көзі ірің, айналшығы құрттап тұр екен, әйтеуір тірімін дегендей кепкен шалдың бес тал сақалынан озбайтын сабау құйрығын шипың еткізді.

— Биеңіздің тісі нешеу?

— Ә?.. Тісеуі деймісің? Аяқты малдың қашан тісегенін кім аңдыды дейсің. Маған келгелі жиырма дүркін қар басты ғой.

— Онда келген ізіңізбен кейін жүре берсеңіз адаспайсыз.

— Ә?.. Не дейді Құдай?!. О сығыр шыбын-шіркейге қамалып осы уақытқа дейін ойда нағып отыр? Айтпақшы, насыбайың бар ма?

— Насыбайым бар-ау, бірақ тығыны бітеу.

— Мейлі, ендеше бопросыңнан әкел. Маған қоламта иіскесем де жетеді.

Кепкен шал кеуіп қалған мұқыр саусақтарына сигареттің бір сабағын қыстырып алды да, кендір тұсамысын шошаңдатып келген ізімен томпылдай жөнелді. Айғырдың иісін алмақ түгілі иесін танымайтын тулақтан кепкен шалдар өсім дәметіп жүргенде, қырыққа жетпеген сенің қызығың әлі мол екен деп Бескемпір өзін-өзі жұбатты.

Жиырма бес шақырым — тайгада ит өлген жер. Жалғыз тастап кеткені несі деп Мешелдің біраз ішін кептіріп, төркініне апарып тастады. Не болды, қайда жүр деп қайғырмайды-ау итің!.. Құдды, жұрт соңында қап көргені осыдай-ақ елегізіп, жетімсіреп қай-қайдағыны қопарды. Пысынатып, иығын қиған рюкзакты да шешіп алып итше тепкісі келген. Бұқтырманың сағасына түскен соң бұғылы ауылдың өгізі болса да бір көлік кездесе ме деп еді, қас қылғанда қарайып ешкім шықпады. Әйтеуір, орманның бүгіндей емес өзен табанында мизам көтеретіндей желемік бар екен... "Ақсу" қашсаң да бір жеткізерсің деп алдымен қатқан нанның қоқымы мен қара суға қанып бір тойып алды. Өзеннің шуы, араның ызыңы мен сайраған құстың сан түрлі үні адамның буынын алып, кәйіп қылатын шербеттей шипалы-ақ қой шіркін. Бескемпірдің жүргенінен жатқаны көп болды. Жол жиегіндегі телеграфтың он бағанын санап тастайды да он минут аяқ суытады. Жол қысқартуға да жақсы екен, боздаған қоңыр үні көңілдің мұңын шерткендей жалғыз жолаушыны жетелейді де отырады. Кейде балалығы есіне түсіп, бағандарға құлағын басып сарнаған сымдардың мұң-зарын ұзақ тыңдайды. Соғыстың сұрапыл жылдарында майданға кеткен әкелерінен бір жапырақ хат күткен өңкей жетімектер осы бағандарға жабыса қалып, тым болмаса бір ауыз бірдеме жеткізер ме екен дегендей "әлө, әлө" деп таспен қойғылап жататын. Көп жетімекке көп бағандардың не айтқанын кім білсін, әйтеуір өз құлағында қалғаны боздаған осы бір қоңыр үн. Ақ түтек боранда ащы зар, сырмалы сары аязда үскіріктің ызғырық ызыңындай болып та естілетін. Күні бүгінге дейін құлағына серік болған көп ызың, қаздиып-қаздиып келіп шағын ауылдың іргесінен таусылатын телеграфтың көп бағандарынан қалған сияқты. Қалайда осы сымда бір сиқыр бар. Әйтпесе, жер түбінің сан-сапалақ хабарын қас қағымда қалай жеткізеді? Әйтпесе, қос ішекті домбыра мен қобыздың шанағына қазақ деген халықтың бүкіл әуенін қалай сыйғызған?.. Тағы бір есінде қалғаны, ауыл советтің кеңсесіндегі қабырғаға жабысып алып сарнап кеп тұратын құлақты телефон; жұртты жетсе балдағымен, жетпесе телефонның құлағын бұрап-бұрап жіберіп, әлдекіммен өтірік сөйлесіп, әлдекімді айдат, әлдебіреуді байлат деп өтірік қорқытатын ақсақ селсовет. Соғыс бітті, ел тойынды деді. Бұл сонда да ат бақты, арбакеш болды. Қолы жеткен ең биік мансабы қойма мен кеңсенің күзеті еді. Сонда да үстінен тәйтері түскен жоқ. Баспанасы — кеңсенің босағасы, тыңдаған әні — қабырғадағы құлақты телефонның боздаған үні болды. Сонда он үш, он төрт жаста екен. Ауыл бетін көрмегеніне де жиырма жылдан асыпты-ау...

Жүз баған. Он шақырым артта қалыпты. Артыңнан алдың әлі алыс екен. Алдыңда бұралаңдаған жол жатыр. Бұл да бала кезден таныс. Көрген жол. Көрген өткел. Аяғын санап баспаса да арттағы қысқа ғұмырында санап жіберген уақыты көп екен. Әйтеуір өз басына сабағы жетер ұлан-ғайыр сияқты. Қайтпас сапарға аттанған әкесін де осы жолмен шығарып салған...

...Үш жастағы сәбидің көз алдында киноның үзік-үзік кадрындай сурет қалыпты. Тозбайтын, оңбайтын, қатып қалған суреттер... Сықырлаған аяз екенін біледі. Анасының мұңы арқасына таңып тастағанын біледі. Анасының арқасында таңулы жатып, шағыр аспанды көрген. Шағыр аспаннан шақырайып, қылаудай қадалған шадыр жұлдыздарды көрген. Содан соң... қыстың науа жолында ілбіген жалғыз шананы, шана соңынан ілбіген он шақты адамды көрді. Қолындағы түйіншегін әлдекімге ұсынып жатып, шешесінің кемсеңдеп жылағаны есінде. Содан соң.

— Әрі кет! Кет деймін! — деп әлдекім зіркілдеп келіп шешесін көкіректен итеріп жіберген. Омбы қарға құлап түскен анасының арқасында тұншығып жатып бақырғаны есінде. Одан соң...

...Одан соң тағы да ызыңдаған телеграф бағандары. Тағы да сол шағыр аспан. Шағыр аспаннан шақырайған мұп-мұздай жарты күлше. Тағы да таңулы жатыр еді. Қол шанада жатыр еді... Әлдебір аулаға келіп кірген. Шешесі шешіп алып, көтеріп тұрғызды. Аяғында жан жоқ сияқты, көлдей тұлыптың етегіне оралып ұшып түсті, жандәрмен қайта тұрып, қайта жығылды.

— Сүйретілген бейшара-ай! Бүйткенше жарық дүниені көрмей-ақ шуыңа тұншығып өлгенің жақсы еді-ау! — деп шешесінің налығаны есінде.

Әлдекімнің есігін ұзақ тарсылдатты. Болмаған соң терезені барып тықылдатты. Түн ішіндегі тарсылдан бүкіл ауылдың иті шошыған, бірақ тас қараңғы суық терезеге тірі жан келе қоймады. Тастан суық қаңтардың аязы қабырғаңды қақыратқандай еді. Не заманда зарықтырып барып есік ашылды да "бұл кім" деген әйел дауысы естілді. Дауыс үрейлі еді.

— Менмін ғой!.. Бықиямын ғой! — деген анасының даусы да үрейлі шықты. Қалтырап жүріп, қалтырап тұрған Бескемпірді есікке алдымен итеріп еді.

— Жоғал, ойбай!.. Жоғал!.. Бәле-жалаңыз жұғады, ойбай! — деген үрейлі дауыс есікті сарт жауып алды. Жылы буға енді ғана іліккен Бескемпірдің танауын сарт еткен есік қауып ала жаздаған. Қалтырап тұрып алғаш рет қамығып жылағаны есінде. "Доғар!" — деген анасының зіркілі тағы есінде.

"Нағашыңа барамыз" — деп анасы сүйреп келген. Қарағайлы мен Ақсудың арасы алпыс шақырым екенін кейін білді. Жүзін көрмек түгілі, есігінен де қаратпаған нағашының Сиғат екенін де кейін білген. Бәле-жаласы жұғатындай бармақтай баланың не зауалы барын ол кезде Бескемпір түгілі, анасы да түсінді ме екен?.. Әйтеуір, "жау" деген, "құйыршық" деген, "бай", "байлық" дегеннің зауалдан да жексұрын болып тұрған кезі еді. "Байдың қызы", "жаудың қатыны" деген атағы Бықияға жер-көктен пана таптырмай, барар жер, басар таудың бәрін бөгеп тастаған. Сөйткен "байдың қызы" есіктің саңылауынан әлдебір қолдың ұсынған жарты күлшесін қайыршыдай ұстап тұрып:

— Жеңеше, осыныңды ұмытпаспын! — деген. — Тек менің келіп-кеткенімді аға білмесін, — деп еді.

— Сорлы-ай, ағаң үйде жоқ қой! — деді ар жақтағы үрейлі дауыс, — Ағаңның бар-жоғын өзім де біле алмай отырмын! — деген.

"Нағашың сенің әкеңді іздеп кетіпті" — деп алдап еді. Анасы мұны алдады ма, әлде ағасының барар жерін іші сезді ме, кім білсін. Біреудің біреуді іздеп кеткеніне, біреудің барар жер, қайтар мезгіліне ол кезде ешкім сенбеген... Ағасының есігі ашылмаған соң, заты ағайынның есігіне тентіреп бармаған анасы түн ішінде келген ізімен кері қайтты...

...Тағы сол көк шағыр аспан. Көк шағыр аспаннан шақырайған мұп-мұздай жарты күлше. Қол шанада тағы да таңулы отырған. Дүние көкпеңбек, жердің бетін қар емес, тотияйын басып қалғандай. Көк тотияйынды кешіп бара жатқан анасы жіп ұшында жүзіп бара жатқандай көз ұшынан бұлдырап көрінеді. Тұлыптың жағасында қалған жалғыз тесік қарайғанның бәрін күншілікке қашықтатып, жер түбіне қуып тастағандай. Жер түбі жеткізер емес. Көз ұшында қараңдаған анасынан басқа ес болар жер түбінде ешкім жоқ. Кірпігіне қатқан қырау қалың орманның жиегіндей қусырылып, анасының қараңдаған нобайы кей сәт қалың орманға сіңіп жоқ болып кетеді де, айдалада жалғыз қалдым ба деп жүрегі аузына тығылады. Әйтеуір изең-изең шайқаған шана, ызың-ызың ысқырған жол көгілдір дүниені азабымен сызып, бір тірліктің жылжып келе жатқанын аңғартқандай. Кірпікке қатқан қырау қашан үзіліп түскенше қағып тастауға да шама жоқ, екі қолы тұлыптың жеңінде, жең ұшын жел кірмесін деп анасы жамбасына басып берген. Қарайғанның бәрі зор. Көлеңкесі онан да зор. Қар жамылған қарағайлар көк тіреген күмбездер сияқты. Қопа қардан бөрік киген томарлар жөн сұрауға жол бойына тізіліп кеп тұра қалған көп шалдардай бірін-бірі итеріп, бірін-бірі баса-көктеп қалар емес.

Адасып жүргендей арт жақтан әлдебіреу айқайлады. Тағы біреу зар қақсап жылады. Бара-бара дауыс қылған ауылдың қатындарындай орман ішін күңірентіп жіберіп еді. Ит үргендей, бала жылағандай; түн ішінде ұлардай шулап ауыл шетіне шығарып салған дарақы иттер тағы да қуып келе жатыр ма деп еді.

Анасы қол шананы жолдан бұрып, омбы қарды белуарынан кеше әлдебір қарайғанға тартты. Қарайған — аңызда қалған сабанның маясы екен...

...Анасы арқандаған аттай таң атқанша маяны шыр айналды да жүрді. Маяны шыр айналдыра жаққан отқа қол шанамен сабан тасып, таң ата мая төбесінде қарақшыдай қалшиып отырған баласының қасына шығып мұрттай ұшты. Таң ата мая торыған көп иттер кезек-кезек қасат қарды тепкілеп, мұң-зарын көкке шаққандай мойындарын аспанға бір-бір созып жоқ болды. Көп иттердің түнімен тартқан қобызы Бескемпірдің құлағында мәңгі қалды. Онан соңғы көз алдында мәңгі қалған — қолы-басы күйеден сауыс-сауыс, киімі шұрық-тесік, өңірінен ыс тепкен анасының ала кірпік кәріп жүзі. Самайы боз қырау екен. Аяздан шығар деп еді. Көп иттерден, көк иттерден жалғыз ұлды қорғаймын деп қоярға жер таппай алып қашқан ана байғұстың самайы бір түннің ішінде ағарып, бір жылдың ішінде, жиырма жасында айнадай аппақ жүзін әжімге берген...

Қатып қалған жарты күлшенің көк аяз сынығын шайнап-шайнап, тісінің қанымен қоса жалғыз ұлдың аузына тығып:

— Өл! Өлмейін десең жұт! — деген. — Сен болмасаң баяғыда асылып тынатын едім! — деген.

Онан соңғы есінде қалғаны — елде жоқ қаталдығы; жалғыз ұлға көңілінің наласын, көзінің жасын көрсеткен емес. Ақсу мен Қарағайлының арасында бір қатынды баласымен қасқыр жеп кетіпті деген өсек тарағанда: "жесе жеген шығар, бір қатын дүниенің кетігін толтырмас!" — дей салған...

Бескемпір осы жолмен өткен сайын сол бір қыстың сықырлаған аязы, қатып қалған жарты күлшенің көк аяз сынығын, анасының зіркілдеген даусы мен тастай қатқан суық жүзін еске алады. Зары Құдайдың құлағына жетті ме, сөйткен ана соғыстың екінші жылында леспромхоздың ағашын кесіп жүріп көшкіге кетіп мерт болды. Жалғыз аға топырақ та сала алған жоқ. Ел болып іздеп, сүйегін жаз шыққанда саусағындағы алтын сақинадан танып еді... Жұлым-жұлым бешпенттің көкірегінен жалғыз ұлдың бір жастағы суреті табылып еді. Қасындағы құшақтап түскен әкесін қиып тастапты. Жалғыз ұлды әкесіне де қимай көкірегіне басып ала кетіпті. Сөйткен ананың басына көктас та қоя алған жоқ. Көктас қоярлық ол кезде Бескемпір кісі санатында болған жоқ. Бұл да адам болады, бұл да кісі санатына қосылады деп ол кезде ешкім ойлаған жоқ. Өлетінін білді ме: "Мен өлгенде жыламайсың! Мен өлген соң бұл жерде бір күн де тұрмайсың! Аузымыз дуалы еді, ішіңнен болса да ешкімді қарғамайсың!" — деп қатал шарт қойып еді. Екі тілегін орындап келеді. Бірақ елден кете алмай айналсоқтап әлі жүр. Бойтұмардай тастамай жүрген жалғыз жүзікті институттың жатағында әлдебір ит ұрлап құртты.

...Неше баған артта қалды?.. Есебінен жаңылыпты. Қарағайлының төбесі де көрініп қалған екен. Қарағайлы көрінсе жолдың да қысқарғаны. Енді қашсаң құтыласың ба?.. Тағы бір бағаннан озып барып аяқ суытты. Басын рюкзакқа, аяғын биік тасқа сүйеп, ой рақатқа батты-ау!.. Тырпыңды тауысатын ұзақ жаттығудан соң кілем үстінде дел-сал боп керіліп түсіп жатқанда осындай бір рақатқа батушы еді. Таяқты көп жеп, көрінгенге есесі көп кеткендіктен бе, үшінші курсқа дейін спортпен қатты айналысты. Самбодан мастерлікке кандидат болайын деп тұрғанда, медкомиссия туберкулезсің дегенде шыбын жанын қоюға жер таппаған. Аруақ атқырдың аты неге тұрарлық. Қор болып изоляторға қамалып, аурухананың босағасында шірігенше елді табайын деп зытқан еді. Шіркін, денсаулық оңалса калымщик боп күн көруге де болады екен.

— Ей, есің дұрыс па?!.

Жымырдық құлақ, ежик бас, төбесі теп-тегіс өзі сияқты таңқы мұрын бір калымщик төніп тұр екен.

— Есім дұрыс болса қайтер едің?!.

— Е, мен эпилепсиясы ұстап жатқан біреу ме десем... Солықтап болсаң тұр, жол қысқартайық.

Қаздиып-қаздиып қатып қалған телеграф бағандары ирелеңдеген қара жолды адастырмай, бұлтартпай жетелеп апарып Ақсудың іргесіне байлаған екен. Бескемпір қалған шақырымның қашықтығын есептеп жатпады...

ОНЫНШЫ ТАРАУ

1

Ауыл таң атпай жатып азан-қазан болды. Азан-қазан қылған ақшелек еді. Жәрім қырғыз Ілияны, жарым татар Шәмшіні, жәрім қазақ Әсетімен қосып ұмар-жұмар ұрып тұр. Тыныш тайгада тырп етпей ұйықтайтын Бескемпір ақшелектің жағын айыратындай ашулы тұрып еді. Мешел қасқаң да стол басында түннен қалған етті ұмар-жұмар ұрып отыр екен. Қажыға жүретіндей бар-жоғын үстіне түгел жапсырып алыпты.

— Ой, ит-ой, сен қашан кіріп кеткенсің?!.

— Мана...

— Қуып шыққаннан сау ма?

— Жоқ... өзім, нетіп... ұйықтай алмай, жалғызсырап... ит болып...

Құмалағы теріс келгендей қыртиып түнемелден Бекет шықты. Сүзетіндей Мешелге қабағының астымен қараған. Диванның түкпірінен киіз бәшпақты түрткілеп жүріп қуып шықты да тепкілеп тұрып киді.

— Қуып шыққаннан сау ма?! — деп бұл да аң-таң болды.

— Жоқ.

— Әлде қашып кеттің бе?

— Жоқ.

— Ит-ау, сені кім шақырды мұнда?!.

— Шақырғаны қалай?! — деп енді Мешел аң-таң болды. — Өзім келдім...

— Тіфу-у!.

Бекет пижамасын жүре киіп, терезені ашты да есіктен айналып жатпай-ақ тысқа атып шықты.

Жесір саулыққа жармасқан жетім қозылардай бұлар енді бір-бірінен қалмайды. Бірінің күнін біріне салып, ішер асқа дейін еншісін бөліп бермей бір қазан, бір ошаққа теліп тастаған саяқ тірліктің кешегі қиыншылығы бүгін қимастыққа айналған сияқты. Қанша жамандаса да бұрын Жақыпқа үйір еді, енді қазір Бекетке мөңірейтін болды. Тамақ қайдан, табыс қайдан демейтін. Бастық атаулының алдын көрмесе де екі қолға бір жұмыс тауып беретін айғайшыға иек сүйеп үйренген мұндарлар ақшаның мөрінен басқаны уайымдаған емес. Маусым бітіп, ойға түскен соң емшектен айрылған күшіктей бауыры сыз, жауырыны мұз болып қаңғыды да қалды. Әуелде ақшаның буымен әлемді сатып алатындай шағын ауылға сыймап еді, ол еркелік леспромхоздың кезінде ғана екен. Кесілетін орманның есебі шотқа түскен соң, кертіп жейтін дүниенің шеті де шөмейетін көрінді. Калымщик десе қанын жерге тигізбейтін баяғы Әбдіжапар жоқ. Лесхозға кіріптар болған сплавконторға есіктен адасқан мастардан басқа жұрт сәлем беруді қойған. Ақыры қолына балта ұстаған "тағы тайганың" жармысы шаруа жайлап, "отырықшыға" көшті де басында пана, баурында қатын-бала жоқ Мешел сияқтылар басы артық жан боп шыға келді. Енді жуандықтан емес, жұмыссыздықтан ауылға сыймайтын күн туды. Іргедегі жатаққа жоламай Бекетке келіп тығылған Бескемпірдің түрі мынау. Ал Мешелдің кәперіне әлі ештеңе кірмеген сияқты. Бекет кеше керіскедей келіншектің қасына қамап кеттім деп еді...

Сүйек-саяқты кухнядағы шелекке апарып төңкеріп, төрт бөлмені түгел шарлап шыққан Мешел:

— Ойпырай, мына итің байып кетіпті ғой! — деп таңдай қақты. — Қаншаға түсті екен?

— Кедейге арзан, байға қымбат, — деді мұртын басып, бетін булап отырған Бескемпір, — Бес-ақ мың сом.

— Мә-ә-ә!.. Бұл менің әкем жимаған дәулет қой!..

— Ендеше бес мың сомыңды столға таста. Бекет қазір шығып жүре бермесе өз құлағымды өзім жеп қоям!..

— Құлағыңды кесіп итке тастасаң да еркің, — деді есіктен кірген Бекет. — Екеулерің де боқшаларыңды жи да тайыңдар. Бұл үй сендерге дорстройдың заезжий домы емес!..

— Түс көріп келгеннен саумысың?!. — Бескемпір Бекетке сенерін де, сенбесін де білмей бежірейді де қалды. Әншейінде жетпіс жеті атасын санап шықса да қыңқ етпейтін көзелің бас орманшының бет-жүзінің қылауы қыбырламаған соң, "осы не айтып тұр" дегендей Мешелге бұрылды. Ол байғұс столдың қоқымын сыпырып, қолды-аяққа тұрмай шай қойып, күлше турап, жампозданып жүр еді, Бекет қолынан ақ құманын тартып алып кухнядан қуып шықты.

— Сендерді маған әкелерің табыстап кетіп пе.еді? Ұят қайда осы?!. Түйсігі бар күл қара қостың аталасына да бөліп-жарып пұл төлеген!..

Бескемпір төбесіне мұз қойғандай түршігіп, жүрегі зырқ етті. Ғұламадан мұндай мінез шығады деп ойламаған еді. Әлде мынау төрт бөлме, жалтыраған жаңа мебель бастықтығын есіне салды ма? Мешке тышқандай боп Мешел отыр. Қайта-қайта жаңа ғана тазартып қойған табағына қарап, онан сайын бүрісе түсті. Сонда да қиналып, қимастықпен істегендей:

— Қаншама пұл керек өзіңе? — деді.

— Байсың ғой, уысыңа іліккенін тастай бер!

Мешел суырып ештеңе бермеді. Бермейтінін Бекет те білген. Бескемпірдің шықшыт еті қайнаған қою құрттың бетіндей бүлкілдеп отыр екен. Бекет шыттай киініп, білегіне алтын сағат, жеңіне алтын запонка тағып, галстугіне дейін нығарлап байлап айнаға барды. Айнаға емес, қабырғада қатар-қатар ілінген Бескемпірдің, Мешелдің, Жақыптың, өзінің бір кезде шампурмен ойып салған портреттеріне қарап тұрған. Қарап тұрып буфет пен кітап сөрелерінен сығалаған есек құлақ албасты, маймыл, арыстан бас әйел, әртүрлі құбыжықтармен тілдескендей милығынан күліп көз қысты. "Бұзылған екен" деп ойлады Бескемпір. Көңілі суып, бұл да қозғала бастаған. Осы кезде аптығып төбесі тақтайдай таңқы мұрын кіріп келді.

— Дайынбысың?.. Ендеше мына екеуін желкелеп апарып машинаға қама!

— Бопты! — деп таңқы мұрын таңқ ете қалды. Шынында есмұс жоқ дырылдата жөнелетін түрі бар.

Бескемпір мен Мешел үндемей жүріп рюкзактарын жинай бастаған. Ыбырсып екеуі де іш пысырды.

— Немене, қоржын арқалап қайыр сұрауға барасыңдар ма?! — деп бас орманшы тағы да әзірейілдей зірк ете қалды. — Дұрыстап киініңдер. Сен қалтаңа мың сом ақша сал! — деді Мешелге.

— О ненің ақысы?

— Көресің ғой.

— Көретін ештеңе жоқ.

— Не жоқ?

— Ақша жоқ.

— Тағы да трусиыңа тігіп тастадың ба? Сөк!..

Бекет пен төбесі тақтайдай төрт бұрыш таңқы мұрын екеуін қолды-аяққа тұрғызбай түріп шыққан.

2

Күздің дуадағындай торсиған семіз "Уазик" үш жерге сәлем беріп шықты; кассаға кіріп ақша алды, "азық-түліктің" қоймасынан бір жәшік арақ, бір литр "варциха" теңденді. Бір жәшік араққа қыңқ етпеген Мешел "варцихенің" бағасын естігенде аза бойы тік тұрды. Шырқырайтын жөні де бар еді. Бас бухгалтердің көмекшісіне құда түсеміз деп Бекет кеше ғана қырық сомға түсірген. Қырық сом бір күн тұрмақ Мешелдің қырық жасқа дейінгі шашып көрмеген шығыны. Ал бүгінгі мәрттігінде көз жоқ. Бескемпірдің жаны ашиын деді. Біреудің тегін асына битін салатын байғұс өз дүниесі қалып бара жатқан соң қырлы стаканның қыртысына дейін жалап-жұқтап, ақыры аузы-басы қисайып сол үйдің есік көзіндегі кушеткасына тоңқая салған. Қазір де қайда барамыз деп сұраған жоқ. Бескемпір Бекеттің сүйегіне бітпеген озбырлығына, Мешелдің тегінде жоқ жомарттығына аң-таң. Кешегідей қалжың шабыс болмаса деп отыр. Қотиын атанып кеткен басы төрт бұрыш таңқы мұрын машинасын сплавконтораның алдына әкеліп тірегенде барып көңілі орнығайын деді. Бекеттен кесіп алсаң қан шығатын түрі жоқ. Төсектен сол аяғымен тұрғандай үн-түнсіз бедірейіп, бадырайған ала көзі тас болып ұясында ұйыпты да қалыпты.

Әбдіжапар ырғалып зорға шықты. Майқанынан жарылуға шақ қалған Есенқұлын жетелеп кеп машинаға нығарлап зорға сыйғызды да қолындағы ораған түйіншегін;

— Ұста! — деп Мешелдің алдына тастай салды. — Ішіңді ұрайын, жеті атаңнан бергі зәу-затыңнан жетім тоқаш тістеп көрген жоқ едім, сасық байдан сабақты жіп деген, ырым болсын!..

Соншама шіреніп, келсаптай қылып ұстатқаны шибарқыт кездеменің үзігі екен. Шіреніп отырып:

— Өлі-тірілерің бар ма? — деді.

— Тіріміз түгел, өлгендерді қозғағамыз жоқ, — деді Бекет.

— Е, бәсе! — деп Әбдіжапар жәшікті көрген соң көңілі жәй тапты. — Қайтып келіп отыр демесең, қалыңдығың қолға түсе бермейтін қимас жан. Осы ауылдың маңдайға біткен тағалы жалғыз көлігіндей талайға мініс берген бала еді, тек ұзағынан сүйіндірсін де!..

Ащы мысқылдың ар жағында басынғандық жатқанын Бекет сезсе де, күні түсіп отырған соң елемеген боп өткізіп жіберді. Есенқұл күбі қарнын құшақтап отырып күліп алды. Әбдіжапар өмірі кісімісің, итпісің деп екі ауыз сізге тартып көрмеген Мешелге аяқ астынан екі туып, бір қалғанындай бауырмалсып кіріп барады.

— Мына Есенқұл екеумізге қарындастау еді, түбі киіт киюден де үмітіміз бар, — деп бір қойды.

Бескемпірдің іші қылп ете қалды. Қырық жылғы кеуіп қалған қарынның құрышынан да май сығатын қу енді ебін тауып Мешелді қақтамаса екен деп шошынған. Мешел байғұс шынында қайын жұртына ұрын келе жатқандай ырсың-ырсың. Әбдіжапар тұрмақ әбжылан арбаса да сезетін түрі жоқ. Қалжыңның да шегі бар, ойда жоқта әбігер шығарған Бекетке кейи бастап еді. Қотиын есік алдында шыбындап жатқан сабалақ итті ойбайлата баса-көктеп тоқтады. Әуелде көз салмапты, бәрі де жиналысқа келгендей галстукке дейін тағынып қылғынып алыпты. Қылғынып тұрып бір-біріне қарап күліседі.

— Өй, мынауың әлгі кепкен шалдың үйі ғой! — деп Бекет шоршып түсті.

— Болса ше?? Шалда жұмысың қанша, бізге қызы керек емес пе, — деп Әбдіжапар Бекетті басып қойды. — Қайтқан қыз қайырымен. Тек ши шығарып жүрмеңдер, қалғанын өзім қатырып жіберем! — деді. — Қотиын, сен құдалық саудасы қызған кезде осы ауылдың ішермен-жермен жыртың ауыздарын жинай қой. Кепкен шалды перед пактім қойып, неде болса, таңға дейін тындыру керек. Ал сен, күйеу қосшы, астаудың түбін таңқылдатсаң да балдыр-батпағыңды аяма, — деп Бескемпірдің міндетін де бөліп берді. — Аңқау жұртқа арамзалығыңды бір салып көрсеңші. Ақша кімде еді?

— Менде, — деді Бекет.

— Шал кімнен ақша көрсе, соның құлы. Оны ана Мешелдің өзіне бер. Сен бас құдасың. Бас орманшы екеніңді де сездіріп, тек шіреніп бақ. Берет, товарищи! На абордаж!..

3

Есік көзіне көлік тоқтаған соң тірі жан болса тысқа шықса керек еді. Бір-біріне іркес-тіркес салынған ұшы-қиыры жоқ қора-қопсының қай жыртығына бас сұғарын білмей "құдалар" біраз сандалды. Күбі қарны ақтарылып қалатындай құшақтап алып қабалақтап жүрген Есенқұл әлденеге сүрініп, ыңқ етіп ұшып түсті. Сауырын сипай орнынан тұра беріп:

— О, әкең-е! — деп өлердей қапа болғаны. Қырын сындырып киген боз шалбардың құйрығынан сиырдың сұйық жапасын уыстап сыпырып жатыр екен.

— Бәрекелді! — деді Әбдіжапар. — Құдай бұйыртса олжалы қайтады екенсіз, сүртпе!..

— Бұл кім әй? — деді біреу.

Өңі жас, басына кимешек салған дөнежін бұғыдай діңкиген қатын мен сабалақ төбет себеттің алдына көлденең тұрып алыпты. Бір самауыр шәйінің шығынын ауырсынды ма, "шал үйде жоқ!" — дегенде таңдайы тақ ете қалды. Әбдіжапар қиналған жоқ:

— Шалыңыз марғау аспаған шығар, күтеміз? — деп кимелей кірді.

Жігіттер сипалап жүріп тас қараңғы бұлың-бұлың қораның бірнешеуінен өткен сияқты еді. Ұрының ұясындай көп қуыстың біріне қамап, бұғыдай "құдағи" жер жұтқандай жоқ болды. Аяқ аттасаң адалбақан секілді ырсиған тіреу. Аяқ аттасаң шалшық. Тамшының қағы ма, басқа ма, бір Құдай білсін.

— Есеке, құйрық жағына сақ бол! — деген Әбдіжапардың даусы естілді.

— О, қойыңызшы! Қайдағы пәлеге сүйреп кеп!.. Тірідей көрге түскендей!..

Әйтеуір ес кетіп, жан шыққанда бір саңылауға топырлап келіп бас қойған, қоржын үйдің ортаңғы ас бөлмесі болса керек. Шілденің шіліңгірінде өртеп жаққан қазандықтың қызуы бет шарпиды. Ала көлеңкеде әлдекім қарауытып еді.

— Төрлетіңіздер, мына жаққа шығыңыздар! — деген әйел даусы бұғыдай "құдағидің" үніндей емес жұмсақ естілді.

— Е, бәсе, мұнда да иманжүзді жұрт бар екен ғой! — деп Әбдіжапар ес жиды.

Есігінен төріне дейін алаша төселген шағын бөлме екен. Балтыры бесіктей, жайқақтаған жап-жас келіншек көрпе жайып, бір-бірден құс жастық тастады да, терезеге тұтқан газетті сыпырып алып шығып кетті. Құс жастыққа қарнын теңдеп қисая берген Есенқұл:

— Іздегеніміз осы болса, бір қараға татитын жан екен, — деп келіншекті Мешелге қимағандай қызғанып сөйледі. — Жасы нешеде болды екен?

— Мен білсем, бұл үйде қайтып келген де, кетпей отырған да бір-ақ қыз, — деді Әбдіжапар. — Жасы керек болса оқып алмайсың ба, — деп болскей кереуеттің тұсында: "Жәмилә 1950 жыл" — деген өрнекті жазуы бар қолдан тоқылған кілемді нұсқады.

— Ойпырай, жиырма-ақ жаста екен-ау! —Есенқұл ұры көзімен үйдің ішін түгел тінтіп шықты да бұрыштағы жүкке қадалып біраз отырды. — Тұншығып өлсең де көрпе-жастығы жететін көрінді, — деді. — Қалыңдық емес, қазына ғой мынау!..

— Есеке, есеп-шотқа қаға бер, түбі қайтар малдың есебінен жаңылып қалмайық, — деді Әбдіжапар.

— Едендегісін есептемегенде, шамасы екі-үш мың сомға жетіп жығылар...

Мешелдің көзі шарасынан шығып бара жатыр екен. Екі жағында сирақтары сүтіңкедей болып серейіп жатқан Бекет пен Бескемпірге кезек-кезек еңкейіп:

— Бес жүз! — деп сыбырлады.

— Ит-ау, ырбыңдап бос қайтайын демесең, мыңды лақтыр да шалдың көмейін жап! — деді Бекет. — Бұл ақырғы шанс, әйтпесе дүниеден қатынсыз өтесің!..

— Нешауа! — деді де Мешел қайтып үн қатпай мелшиді де қалды. Ғұмыры мойнына қарғыбау тағып көрмеген неме қылғынып, шеке тамыры білеу-білеу боп көгеріп кетіпті. "Нешауаны" қалыңдықтың сымбатына айтқаны ма, жоқ әлде қалың малдың құнына тоқтағаны ма, оны Бекет те, Бескемпір де біле алмады. Бар байқағандары аяғындағы шұлығы бұзау жалмағандай жұлым-жұлым екен, тырнағы аюдың тұяғындай сойдиған башпайларына жеркене қарап:

— Өй, ләухи, жоғал! — деді Бескемпір. — Бар да бәтеңкеңді киіп қайт!

Мешел есіктен дөңгелек столды домалата кірген Жәмиләні кәсекке жабыстыра ас үйге атып шықты да дастарқан жайылып, екі иіннен дем алған атам заманғы рахит самауыр төрдегі жұртқа сәлем бергенде ғана бұғыдай "құдағимен" тағы да таласып кірді.

Манағы жап-жас көрінген "құдағидің" қабағы қырыс, бұғағы қыртыс. Құдайы қонақтарды жақтырмаған кейпін шәй сырмаққа былш етіп отыра кеткен салмағымен-ақ танытты. Танауы пісте, ерні қайқы екен. Еңгезердей денесінен төбесіндегі шылауышы томарға қонған қасат қардың қалпағындай бөлек тұр. Тісі ауырғандай ыңырсып, екі үш дүркін ырғалып алды да дастарқандағы сен қайда, мен қайда бауырсағын жазған болып, қалыңырақ шетін өзіне қарай қайырып тастады. Самауырдың қасына жүгіне қалған Жәмила ақ құманның қақпағын ашты да:

— Апа, деп шешесіне сырғытты.

"Құдағи" үңірейген ақ құманның түбіне үңіліп бір қарап алды да көйлегінің омырауына қол салып, әлден уақытта бір кез шуда жіпке байлаған келсаптай кілтті солаң еткізіп суырып шықты. Дастарқанға телміріп тырс етпей қалған жігіттер, жұтынып қойып қылғынып отырған Мешелге бұрылды. Бәрінің көзінде, енең осы болса — сорың сопақ астаудай екен деген күлкі бар еді. Сыңғыр етіп құрсаулап тастаған қоңыраулы сандық ашылды. "Құдағи" сандықты қолтығына тартып, дорбадағы кірпіш шайдан бір мытып ақ құманға тастаған, соңынан ойланып барып, өңешіне саусағын салып жіберді де артықтау кеткен бір түйірін ұзақ қуалап отырып алды. Ұялды ма, Жәмиланың бетіне қан жүгірді. Маңдайы мен ұртындағы қоңыр секпілі жоғалып, алабұртқан жүзі құлпырған сайын уыздай боп жасарып кетеді екен. Өзіне қадалған көп көзден онан бетер қысылып, төмен қарап тұқырайып қалды. Әйтеуір Жәмила да, тамсанған жігіттер де өлдім-талдым дегенде шай да келді. Қоңыраулы сандықтың иесі сонда да қасықтап құйылған сүт пен кесеге тамған шайдың мөлшерін бағып, қызының қолын қалт жібермей-ақ отыр. Қонақтардың алдын көзімен шолып шыққан қыз тағы да:

— Апа! — деді.

Тыныш отырмадың дегендей шешесі бұл жолы ала көзімен ата қарады. Сосын тырсиған бүйен саусақтар көйлектің өңіріне қайта сүңгіді, келсаптай кілт қайта шықты, қайтадан сандық сыңғырлады. Осыншама ұзақ әуренің аяғы әркімнің алдына түскен бір-бір шақпақ қант еді. Қонақтарын жарылқап тастаған "құдағи" самауырдың шүмегін подносымен қоса өзіне бұрып алуы мұң екен шайдың нілі бірден сұйылып кеткенін сезіп қыз байғұс танауының ұшына шып-шып қонған ұсақ терді орамалымен жасырып сүртті.

— Япырай, ақсақал кешікті-ау, — деп Есенқұл қипақтап кесесін төңкере бастағанда бүйірінен тиген Әбдіжапардың жұдырығынан селк етіп, ыдысын қайта қыдыртты.

— Ақсақал шаруаның адамы ғой, асықпай келер, — деп қойды Әбдіжапар, жігіттерге тырп етпеңдер дегендей белгі беріп.

Қызы шешесіне қарады. Шешесі бүлк етпестен:

— Шал ескім ұстады деп шойырылып жатқаны, — деп қызына қарап ысқырғандай болды.

Жүдеу дастарқаннан бір қысылып, самауырдың құлағынан және айрылып, екі қолын қайда апарып тығарын білмей отырған Жәмила шешенің бет ызғарынан бұл жолы ығыса қоймады.

— Шаруаларыңыз әкемде болса, ауылы алыс емес қой. Әйтпесе бұл жерде де бұйымтай бітіретін тірі жан бар! — деп қоржын үйдің тең жарымына өзінің де қожалығының жүретінін сездіріп қалды.

Арқаны кеңге салып, өтірік те болса құла шайды көсіле сілтеген Әбдіжапар қыздың тік сөзінен тосылып не істейміз дегендей Бекетті иығымен қағып еді, ол шіркін ымға да, дымға да түсінбей, аят оқыр молдадай бұйра сақалын саумалап мыңқ етпей отыра берді. Ақыры бар салмақ өзіне түсетін болған соң:

— Біздің бұйымтай аттың жалы, түйенің қомында біте қояр ма екен, — деп, не болса да шалды күтетінін аңғартқан. — Ақсақалдың бір малын жеп, еру боп дегендей....

— Соя білетін жігіт табылса бұл үйде мал да жетеді, — деді қыз.

"Құдағидің" аласы көп кірпіксіз көзі бағжаң ете қалды да:

— Мал бар ғой...бірақ қыстан көтерем шығып, әлі күнгі көтерілмей жатыр, — деп қолдан шығып бара жатқан бір тоқтының ажалына көлденеңдеп қалды.

Семіз көз "құдағидің" тоқты тұрмақ тышқан құйрығын бастырмайтынын сезген Әбдіжапар:

— Малдың қанын ішеміз бе, бұйырған дәмді татып жатырмыз ғой, — деп жүз сексен градус бұрыла қашты.

Ауызғы бөлмеден шал қақырынып, шәугім салдырлады. Ауыздан шыққан сөзін жерде қалдырғысы келмеді ме, әлде көптің көзінше келіндей сызылып отыра беруді ерсі көрді ме, Жәмила дастарқанның қалған-құтқан бар билігін шешесіне мүлдем тастап тысқа кетті. Іле-шала иінағаштай имиіп шал кірді. Абыр-дабыр атып тұрып, амандаса бастаған жігіттерге кіржиіп езуін қисайтты да, абажадай қып қолын ұсынған Әбдіжапарға саусағының ұшын ғана ұстатты. "Қап мына кеуіп қалған қыр жағымның қорлығы өтті-ау", — деп Әбдіжапардың қаны қарайып салды. Кергуіне қарағанда шалдың іші бір қалжаның иісін сезген секілді. "Кеуіп қалған кеужіріңді қаңсытып кетсем бе екен осы?!." Шал имиіп келіп бәйбішесінің көлдей бөксесін тізесімен баса отырды. Діңіне құшақ жетпейтін жуан молақтың қасындағы мүжілген шірік томардай шүмпиген үй иесі сонда да ырғалып-жырғалып, жөпшеңкімен жұрттың жөнін сұрай қоймады. Әбдіжапар байқап отыр, семіз көз "құдағи" шалына сүттің бар қаймағын көсіп салып, шәйдің де бар нілін тоңқайта сарқып құйды. Бұл енді бәйбішенің: сый-сияпаттарың осымен бітті, кел демек жоқ, кет демек бар дегендегі сыңайы. Осыны алдымен аңғарған кепкен шал ақ таңдақ боп қалған барқыт шалбарының таз тізесін сипалап отырып:

— Қарақтарым, қай бәлесіңдер? — деп танымағандай төрге қарап шұқшиды.

Манадан шытынап отырған Әбдіжапар шырт сынды.

— Немене, көзіңе шел бітейін деген бе?! Кеше ғана қырманның бір уыс құмығына бола шетімізден шолақ байталдың бауырына алып сабаған Масақбай едің! Көз алдыңда өскен жоқпыз ба?! Неғып танымай қалдың?!.

— Е, кеше қырманның құмығына зар болсаң, бүгін майын сынаптай ағызып сары қазыны кертіп жеп жатырсың ғой, — деді кепкен шал. — Езуден тамғанды ең болмаса елге жалатушы еді. Сенің де жырып бергеніңді көргеміз жоқ.

— Бәсе, сөйтіп жөніңе көшсеңші! — деп Әбдіжапар алдындағы қатқан бауырсақты кері ысырып, кесесін төңкеріп тастады.

— Жөнге көшсек, жөн айтысалық, — деді шал.

Әбдіжапар Масақбайдың өз бағасын өзі бұлдап отырғанын сезді.

Енді екі-үш дүркін айналдырып соқса топ етіп алдына түсетінін де біледі. Тек ол үшін қармақ керек. Шабақ болса да аузы үлкен неме шортанның жеміне ұмтылатын ашқарақтығына да қанық. Дүниенің төрі тұрмақ көріне жете алмай отырғанда мал жиып, көң тепкен тауықтай қоқырдан дән іздеген байғұс кигізген киітке разы болмай жалғыз қызын барған жерінен қайтарып алған да өзі. Ырысы кететіндей есігінің көзіндегі тезегін де тексеріп лақтырып, қараулықтан қара суды да қарызға қасықтап берген сараңның шіренуін қара!.. Әбдіжапар өзін іштей қайрап, әңгіменің төтесіне көшуге ыңғай танытты да Қотиынға көзді қысып қалды. Төрт бұрыш тақтай бастың желкесі босағадан оза бергенде тамағын қырнап алып шалға бұрылды.

— Масеке, — деп сөзін әдейі шалдың шабынан түрте кекетіп бастады. — Айран сұрасаң шелегіңді жасырма деген. Осы үйде қанаты жетіп отырған бір құстың барын білетін едік. Соған қыранымызды түсіре келдік! — деп суырылып барып бір тоқтады.

— Мынау отырған Бекет деген осы Ақсу лесхозының бас орманшысы, бас құдаңыз да осы. Ал онан кейінгі Бескемпір, бүкіл Алтай өңірінде бетіне жан қаратпаған суырып салма ақынымыз. Онан соңғысы — құда қаласа өзіңізге бір тұяқ болам да деп отырған Меш... Меш... — деп Әбдіжапар тұтығып-ақ қалғаны. Құдай төбеден ұрғанда шын атын да сұрамашы. Мешел деп таныстыруға қорсынып, ақыры Қобыланды деп қойып қалды. — Иә, осы Қобыланды деген жігітімізді бүгінгі сәрсенбінің сәтінде аяқтандырып жіберсек пе деген ойдамыз. Артынан сөз ермеген, соңынан сүйреткен әлгі элемент атты шуы да жоқ, арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, карта ойнамайтын алтындай бала еді... — Әбдіжапар теріс қарап тұншыға күлген Бескемпірді шалға байқатпай қыр жіліншіктен теуіп қалған. Бекет те тығылып, аузындағы жаңа ғана ұрттаған суық шәйін жібере жаздап отыр еді.

— Кәй елдің бәләсі екен? — деді Масақбай.

— Осы елдің баласы да.

— Мен сүйегін айтам да, — деді шал тақымдап. — Қыз бермесең де жігіттің жеті атасын біліп қал дейтұғын қазақтың салты емес пе.

— Жас бала сүйегін кімнен сұрапты, — деп Әбдіжапар да шаптан тіреп жатып алды. – Өзің қай ел едің?..

— Керейміз ғой, — деді шал.

— Е, керей болсаң кірме екенсің де, — деп Әбдіжапар табан астында бір ілмешек тауып алды.

— Кірме болған соң баса-көктеп кіріп отыр екенсің ғой,-деп шал да орағытып шалып берісетін емес.

Екеуі итжығыспен біраз отырды. Теке тірестің аяғында шал ептеп сынайын деді.

— Бір баланың бар екенін көріп отырсаңдар. Жат жұрттыққа жаратқан соң жолына тікен бола алмаймыз. Баланың өзі білет те. Бірақ бізде де ағайын бар, ақылдасып көрелік, — деп жығылып жатып та шал шалқайып шыға келді.

Ендігі шалқайыстың жуандығы бітіп, саудасы ғана қалғанын Әбдіжапар да сезе қойды. Бескемпірге ымдап, іргедегі қара сөмкені қолына алған, ішіндегі шибарқытты суырып шалдың алдына тастады да:

— Мынау жоралғыңның пысмылдасы. Құдалықтан тайып кетсең Құдай алдында қарыздарсың! — деп бір жола шегелеп тынды.

Кепкен шал Құдайдан да қорқатын емес, жоралғыны қорашсынып, осқырынып бақты.

— Құдайың да, жоралғың да маған бала бола ма! — деп шынымен-ақ шыбын жаны шырқырап баласының үстіне түскендей қиналды. — Туа жалғыз еді...

Ендігі көретін кезек Мешелдікі еді. Шайқор байғұс семіз көз бәйбішенің қой өткен құла суын тұқырайып тарта-тарта жоңышқаға кепкен сиырдай көк қарын болып домаланып қалыпты. Тырсылдап отырып ақшасын зорға суырды да не ары емес, не бері емес, шалдың қолы жетер-жетпес шекараға үміттендіріп тастады. Әбдіжапар Бекетпен құлақ сүзістіре беріп ақшаның мөлшерін пысықтап алды да:

— Құдағи! — деді. Отырысы мығым, даусы зілді. — Мынау мың сом Қобыландының сізге жапқан киітінің алды.

Сауданың нарқын бүлдіріп, арзанға құлап жүрер деп састы ма, әлде бес сомдықтан дүңкиіп жатқан екі бума қатынның қабына түсіп кетеді деп қорықты ма, "шақыр балаңды" — деп шал бәйбішесін тақымдап тұрғызып жіберді.

— Құдай-ау, жалғызымды жат жұртқа байлап беріп, тағы да қолым кесілетін болды ма?!.

Құдағи өтірік айқайласа да қимастықпен емес, шаруасының уайымына қиналып бара жатқанын сездіріп қойды.

— Қайтсын-ай, бұған да кінә жоқ. Бала деген шешенің бауыр еті ғой! — деп шалдың да көзі жіпсіген болды. Жіпсіген көзі "қиналып" бара жатқан "шеше байғұста" емес, жете алмай отырған ақшада еді.

Қотиынды алдына салып діңкілдетіп іле-шала Жәмила кірді. Жанарында іркілген жас бар екен. Келе сала тізе бүкпестен:

— Ағатайлар, мен де тірі жанмын ғой, тоқты-торымды бауыздағанда да жазығы жоқтығын айтып бата қылатыны қайда?!-деп қалш-қалш етті. —Маған құда түсіп келгендерің қайсыларың?!.

Жұрттың бәрі жабыла Мешелге шұқшиды. Жаңағы күбідей домаланып отырған күйеу жігіт желі шыққан бүйендей бүрісіп жерге кіріп барады екен.

— Ау, Қобыланды, қозғалсаңшы! — деді Әбдіжапар. — Ақ жүзіңді мына ел-жұртқа бір көрсетсей!..

Жаңа есіміне құлағы үйренбеген Мешел ағыл-тегіл боп әркімнің аузына алақтап қарай берді. Қызының кимелеп кіріп, киіп-жарып сөзге араласқанына Масақбай әуелде қопақардай өсіп, сырмақ астына шырт түкірді де, өмірі жұртқа көрсетпеген шақшасын қонышынан маңғаздана суырған. Бір атым насыбай бір шоқының биігіне шығаратындай баптанып-ақ бағып еді, бірақ сынаптай қастерлеген бір мысқал шаңытты танауына жеткізе алмады. Жәмила әкесінің алдындағы шибарқытты Мешелдің қолына ұмар-жұмар атып ұрып, ақшасын және ұстатты.

— Қобыланды болсаң да мал шашатын батыр сен емессің, көркімді бұлдайтын қыз Құртқа мен емеспін! — деді. —Шүйкедей басымның саудаға түскеніне сан жыл. Одан екеу болған мен жоқ, төртеу болған бұлар жоқ! Әйтеуір, мені іздеп келгенің рас қой?!.

Сасып қалған Мешелдің тілі тас байланып, тағы да Бекет пен Әбдіжапарға алақтаған. Ес жиып, ілтипатқа келгенше тепсінген қыз алды-артына қаратқан жоқ.

— Рас па?! — деді тағы да. — Ендеше, анау жүк үстіндегі жетім шамаданды көтер де, апаратын ауылыңды айт! Сатып алдым деп сен бұлданба, сатылып барамын деп мен жыламаймын!..

Аяқ астынан жау шапқандай кепкен шалдың таңнан бергі тәкаппарлығынан да түк қалған жоқ. Әбдіжапардың көсемсіп отырып айтқан көшелі сөзі де адыра қалды. Апалаң-топалаңда семіз көз бәйбішенің шар еткен ащы даусы ауылды басына көшіріп еді.

— Мына, қатын неме, не деп кетті, ойбай? Шыққыр көзім пе көріп тұр, ойбай! Барған жерге тастай батып, судай сіңгір, ойбай!..

Көп ойбайдан үріккен "құдалар" ту-талақай болды... Құлағын басып Әбдіжапар шықты. Қоржындарын сүйретіп Бекет пен Бескемпір шықты. Мешелді жетелеп Жәмила шықты. Бір қолы маңдайында, бір қолымен ақтарылып қалатындай күбі қарнын құшақтап Есенқұл шығып еді...

— О, әке-ең! — деді. — Осында мен неменеге келдім ей?!.

Маңдайы жосадай. Семіз көз құдағидің ойбайынан қашамын деп жүргенде бұлың-бұлың көп қораның көп тіреулерінің бірімен сүзісіп қалса керек.

— Осында мен неменеге келдім, ей?!.

— Жәшіктерді көрсетпегеніміз қандай көрім болған! — деп Қотиын стартерді баж еткізіп басып қалды.

ОН БІРІНШІ ТАРАУ

1

— Ей, Қобыланды! Саған кісі кеп тұр!..

Мешел сасқанынан арық түбіне жата кетті. Қайланың сабы шекесіне таңқ етіп қатты тиді. Жан қысылғанда оны да елеген жоқ, жер бауырлаған мысықтай шөкелеп, қайткенде төбесін көрсетпеуге тырысты. — Иттің атын бөрібасар қояды деп!..

Осы бір аты кесір болып тиді. Онан да Мешелі-ақ дұрыс еді. Алатын Құдай Қобыланды болсаң да қоя ма, милиционер әзірейілдей зіркілдеп жетіп келді.

— Әй, Қобыланды сен бе едің?!.

— Болсам ше?

— Кісі кеп тұр дедім ғой!

— Келсе қайтейін? Менің мұнда екі туып, бір қалғаным жоқ. Ешкімді білмеймін!..

— Тұр, ей! — деп милиционер май құйрықтан былш еткізді. — ұялады еще!.. Падумайыш!..

Мешел өлді. Сүмірейіп, арық, түбінен құр сүлдерін көтеріп тұрды. Маңайға қарауға да бет жоқ. Кинотеатр мен дүкеннің екі ортасындағы жұрттың жыртылып айырылатын жері еді. Кісі көрмегендей телефонный, кабеліне арық қазып жатқан сақал-мұрты кірпінің қылтанағындай Мешелдің он шақты серіктеріне қадалып кеп қарасады.

— Бар, әне, бақта тұр! — деді милиционер. —Жарты сағат уақыт беремін. Қашсаң — ақ жыныңа қосып көк жыныңды да қағып аламын!..

Он бес сөткеде Мешел он бес жылға қартайып кетті. Қажытқан қайын жұрттың жаласы да емес, мынау көшедегі елдің көзі. Қас қылғандай бақ тазалатады, базар сыпыртады, дүкендердің жүгін тасытады. Ол аз болғандай үш мезгіл томпылдатып айдап көпшіліктің асханасына апаратынын қайтерсің. Ішкені ірің, жегені желім. Бүйткенше алысырақ бір түпкірге кесіп жібергені жақсы еді.

Қалқайған құлағын, тоқырайтып қырып тастаған әңгелек қауындай доп-домалақ басын көріп Жәмила жылап жіберді. Мешел қипақтап:

— О несі, о несі?.. — деп міңгірледі.

Күйеуіне құдды кебін кигізіп жіберіп, кебенек киіп қайтқандай Жәмила Мешелді құшақтап алып жылады.

— О несі!.. Ұят болады... Жұрт көріп қояды ғой, — деп жалынды. Өмірі біреуді мүсіркеп, өмірі біреуді аяп, егіліп көрмеген, барықсыз, қасаң боп қалған жүрегі езіліп, өзінің де көзіне жас келді. — Несіне келдің? — деді. — Енді он күннен соң өзім де босайтын едім ғой, — деді. Сонан соң: — жігіттер аман-есен бе? — деп өмірі аузына түспеген сұрақ қойды. Сонан соң әйелінің самайынан сипап, алақанымен көзінің жасын сүртті. Бұл да өмірінде бірінші жасап тұрған кәсібі. — Айналайын! Қойшы енді! — деді. Бұл да өмірінде бірінші айтып тұрған сөзі.

Жәмила уақыттың жармысын жылап жеп қойды. Жылап болған соң да солығын баса алмай біраз өксіді. Мешел, "иә, қалың қалай" — дей бергенде:

— Әй, Алпамыс! — деген милиционердің дауысы естілді.

Жәмиланы таныды ма, жоқ әлде жылап отырғанын көріп аяды ма, — жарайды, кпзыға өзің келерсің. Тек, кешікпе, мен дежурствоны тапсырғанша жет! — деп кете берді. Жаңа ғана дауысынан жон арқасы тітіренген Мешел жүгіріп барып құшақтап алғысы келді.

— Сені сабаған ба? — деп Жәмила тағы кемсеңдей бастады.

— Жоқ-ә, неге сабайды?..

— Маңдайың неге ісіп кеткен?

— Әншейін... абайсызда қайланың сабы тиіп...

— Жасырып тұрсың ғой... Сабаған ғой...

Жәмила дәп өстеді деп ойлаған жоқ еді. Бір түрлі іш-бауыры елжіреп, әйелін құшақтап тұрып сүйіп алғысы келіп еді, бақтың ішінен ешкі айдап жүрген бір қақсал кемпір Мешелдің әп-әдемі көңілін үркітіп жіберді. Және жәйіне кеткен жоқ, бөтелке тастамаңдар, қағаз-қоқырларыңды ала кетіңдер деп зіркілдеп кетті.

— Кәстөмің кірлеп қапты ғой, — деді Жәмила.

Тергеуге шақырғанда қажыға баратындай Жақып әперген қара костюмін, ақ нейлон көйлекпен парлап киіп, сықырлап аттанып еді.

Алдында он бес сөтке деген ұжмақтың күтіп тұрғанын иті біліп пе.

— Бекет пен Бескемпір сәлем айтты, — деп Жәмила ауылдың жай-жапсарына енді көшті. — Бескемпір мемлекеттік емтиханын тапсыруға астанаға кетті. Бекеттің басы әрі шырғалаңда жүр.

— Шырғалаңы несі? — деп Мешел шошып кетті.

— Осының бәрін әлемге шаптырып жүрген Әбдіжапар көрінеді ғой. Пркоролға әкемнің атынан шағым жаздырған да сол екен. Есенқұл шартығы таяққа жығылдым деп тергеушіге куә болыпты.

— Не дейт?!.

— Шал бейшараның көкейін тескен ақша да. Аяғы бұлай боларын білді дейсің.

— Мен саған ақша беріп құтылайық дедім.

— И-ий, өлім-ай!.. Туған әкеме параны қалай берем?!.

— Ол сені туған қызым деп аяп отыр ма?..

Жәмила күмілжіп, қор болып қалды. Оған дәл қазір жиырма жыл баққан әкеден жиырма -ақ күн отасқан Мешел жақын еді. Жанары күйіп, бет-аузы жыбырлап, шағым айтайын десе жылап жіберем бе деп қорқып отыр. Тырнағын шұқылап, жаурағандай Мешелдің қолтығына тығыла берген. Қолы тозаңданып, тозып кеткен екен, көбесінде кір бар. Мешелдің қадала қалғанын сезіп:

— Бекет жұмысқа орналастырған. Питомникте көшет баптап жүрмін,-деді. — Өзі бір жақсы жігіт екен. Байын соттатып жіберді деп көрінген түрткілеп, жатақта тұра алмаған соң бір бөлмесіне кіргізіп алған.

— Бекетті айналдырып жүрген не шырғалаң?

— Анығын білмеймін, әйтеуір жұрттың өсегі де. Лесхозбастық пенсияға кетеді дей ме. Соның орнына Әбдіжапардың таласы бар дей ме. Ел бүлдірді, біреудің қызын алып қашып, кінәсіз адамды таяққа жықты деп Бекеттің үстінен ауданға арыз берген дей ме. Әйтеуір көп. Сиғаттың орнына деректер боп кетеді деп қорқатын көрінеді. Бекеттің партияға етем деп берген арызын да қараттырмай қойыпты.

— Ой, әттеген-ой! — деп Мешел жасып қалды. Қорғаны құлап қалғандай байғұстанып, мөлтеңдеп әйеліне де тіктеп қарай алмады.-Мен шыққанша дүние орнында тұрса болды! — деді сосын аяқ-астынан атып тұрып. — Әкеңді!.. Бәрін салам!..

"Бәрін салам" дегеннен-ақ Жәмила Мешелдің ақшаға сеніп тұрғанын сезді де, бір нәрсе айтайын деп екі-үш оқталып, ақыры күйеуін алдартқандай:

— Айтпақшы, мен саған кәстөм-шалбар, бір киер пәлте сатып алып қойдым, — деді, сосын күмілжіп отырып, — ақша да бітті, — деп тұқырайып төмен қарап кетті.

Мешел қайтқан жоқ:

— Әкеңді!.. Ақша жетеді! — деді. —Ақша көп! Әлі де қырық тоғыз мың бес жүз елу бес сом елу бес тиын бар! — деді.

Жәмила шошып кетті.

— Ақшасы құрысын! — деді. — Басың аман болса жетеді.

— Ми жоқ қой бұл бастың ішінде! Ми жоқ! — деп Мешел тоқырайған басын сипады. — Кеше болмаса өстіп дүниенің бәрін кеш ойлап, көштен қала ма?.. Ақымақ!.. Қырыққа дейін мал жиып!..

— Қайдағы мал!.

— Ақша мал емес пе? Сен сенбей отырмысың?

— Сенбеймін, — деді Жәмила. —Егер біреудікі болса бер де құтыл. Бәлесінен аулақ!

— Немене, адалдан тапқан тиын-тебенім үшін де кінәлі болам ба?!. Жетер!.. Аяғынан келген әйелің үшін кінәлі бол! Арқа етің арса, борбай етің борша боп жүріп жиған маңдай теріңнің ақы-пұлына да кінәлі бол!.. Сонда бұ ғұмырдың қызығы не өзі?!.

Қызығының не екенін қырықтағы Мешел білмегенде жиырмадағы Жәмила қайдан білсін. Әйтеуір, бұған дейін де біреудің есігін көріп қайттым демесе, не сезімге, не санасына одан еш нәрсе қонақтамапты. Шаруаға дегенде иненің жасуынан өткен пысықтығы бар еді, ол да көрші-қолаңның көзінен артылған жоқ, әке-шешенің малсақтығынан жүкқап қоңыз тірліктің өлермендігінен зорға қашып шыққан байғұс "өмірдің қызығы осы" — деп ненің басын ұстапты. Бой жеттің, босағаң бөлек деді. Барды. Қас-қабағы ұнамайды, қайт деді. Қайтты. Қайтадан қыз болып қартаю жоқ, байға тию керек екен. Әке-шешенің билігін баса-көктеп тиіп алды. Көркіне қызықпаса да көңілі кетіп, енді еті үйреніп, бір-біріне деген жанашырлықтың жылуы жаңа тұтанып келе жатқанда, "бай деген осы екен-ау, ошақ деген осы болады" дейтұғын түйсіктің төркініне жеткізбей мына бір шырғалаңы киді де кетті. Мұның да әншейін боқ басындағы болмас әбігер екенін қайдан білсін. Үш дүркін шақыру қағаз келгенде Мешелді жібермеген өзі еді, ел-жұрттың адамшылығына, көңілімнің қалауымен тидім деп арымен, адалымен жазған қолхатына сенген. Мешел тергеушіні ұрып түрмеге түсіп қалыпты деп естігенде шыбын жаны қалмады да алды-артына қарамастан сонау Ақсудан жаяу-жалпы ұшқан, алды-артына қаратпаған алып бара жатқан махаббат та емес, тағы да сол жанашырлық, нақақ адамға араша түсем деген тағы да сол адал көңілі еді. Енді бақса, бай деген, ошақ деген жанашырлықтан гөрі қымбатырақ екен. Мүмкін, ғұмырдың қызығы осы шығар?.

— Тергеушіні неге сабадың?

— Әкең!.. Қаным қайнап кеткені!.. Өтірік протоколға қол қой дейді.

— Келер-кетері жоқ болса қоя салмадың ба.

— Есің дұрыс па?!. Көрінеу көзге біреуді жығып беріп көрген күнім құрысын!.. Өзі де табанын жалаған қу екен, майлы ішектей айландырып әкетіп барады. Шынында, саған келер-кетері жоқ дейді. Өлмелі кемпір-шал дау қуалап жатпайды, қызын ал да қаш деп айтақтаған Бекет еді десең болды деп миымды жегені. Ойпырай, тіпті адамды сөзден жаңылдырады екен. Ұялмастан саған туыспын деді-ау!..

— Қайдағы туыс!.. Бұрынғы барған жерімнің жамағаты да. Әкемнен қайтара алмай жүрген шығын бар ма...

Жәмила тағы да сол тура мінезіне салып айтып қалып еді. Мешелдің қабағына кірбең ілінгенін сезді де ақ көңіліне кір тастап жібергендей өкініп, тілін тістей қойды. "Әй, енді есіне салсам ба!" — деп іштей кіжінген. Құрғырды, баяғыда бір басып кеткен ластан қайта-қайта тайғанай бергеннен жиіркенішті не бар...

Жәмила Мешелді "кпзның" қақпасына дейін шығарып салды. Қолында тастап кететін бір уыс дәмі де жоқ екен, күншілік жерден қара басын алып ұшқанына енді өкініп тұр. Жеме-жемге келгенде қия алмады. Күн болса кешкіріп барады. Жұрағат іздеп көрмеген басы қона кететін үйі де жоқ еді.

— Мен енді қайтайын, — деді, десе де Мешелдің жағасын түзеп, иығын қаққылап, қипақтап кетпей қойды. — Мені де сенімен бірге қамамас па екен?..

— Есің дұрыс па?! — деп Мешел ыршып түсті. — Бар, қайт енді? — деді, сосын қашып құтылғандай қақпаға сымп берді.

2

Белбеуден бәтеңкенің бауына дейін түгел сыпырып, темір торлы бараққа кіргізіп жіберген соң да, елеңдеп терезеге қарай берді. Жәмила әлі де төңіректеп осы маңда жүргендей көңілі орнықпады. Нардың екінші қабатына көтерілгенде төменде пырсылдап отырған жас жігітті көріп еді.

— Не жетті ей? — деген көршісіне.

— Апамды сағындым!.. — деп қорсылдады.

— Өй, шірік! Ертең әскерге шақырғанда да апаңды ала кетемісің?!.

Көрмеген соң екен, әйтпесе бес күннің ішінде Мешел де әлде кімдерді сағынып қалғанын сезді. Ыржақтап су ішіп, ырбаңдап күн өлтірген қайран уақыттың қадірін енді түсінгендей. Қайдағыны ойлап, "тағы тайганың" өтті-кетті талай сәттері көз алдына келді. Өткенімен есеп айырысқанда түйгені, әуелі балалығы болмапты, бозбалалықты басынан кешкен жоқ, Ендігі қызықтың құмарлығы кешегінің өкінішін өтей ала ма? Кешегіден беріш боп қатқан жетім көңілдің жыртығына жамау бола ма? Тым кешігіп келген ойға кешірім де көп қой, қалған ғұмырдың қайырын берсе оған бола қамығып, уайым жеп жатқан Мешел жоқ, Тек мынау ыс басқан қапас барақтың сілбі төбесіне телміріп, көңірсік дымқыл ауасына қадалғаннан кейін "тағы тайганың" кеңшілігін аңсағаны да. Ес білгелі еңбексіз бір күн өлтіріп көрмеген пендеге қайдағы-жайдағы қасиетсіз сотқарлармен, арақ сасыған жүнді ауыз алқаштармен бір үңгірге қамалғаны қасірет екен. Өзіне де обал жоқ. Өліп-талып, пәлен жерде бақыр бар десе пайданың көзін қуып, қу жанын қинағанда тым құрыса сол тыртыңдап жиғанына қорған болар бойына қасиет жинамапты. Соның аяғы, атып тастасаң обалы жоқ қасиетсіздермен бір ыдыстан дәм татқызды.

Шиқ етіп темір есік ашылды да сақ етіп қайта жабылды.

— Оу, сарбаздар, фельдмаршал кеп қалды, Кутузов! — деп жұрт шу ете қалысты. —Встать! Фельдмаршал идет! — деп бақырды әлдекім.

Фельдмаршалы — бір көзіне ірің кептелген кір соқыр екен. Көптен бері сағынып қалған таныс шаңырақтың иісін алғандай имиіп бөлменің ортасыңда біраз тұрды. Иттің атын бөрібасар...

Өзінің де аяқ астынан Қобыланды атанып кеткені есіне түсті де өзінен өзі қорланып, сабан жастығына қайтадан қыңырая кетті. У-шу, дырду старшой келіп есікті ашып, тәртіпке шақырған соң зорға басылып еді.

— Мынау кім? — деп әлдекім аяғынан жұлқып қалды.

— Ол Наполеонның өзі! — деді "сарбаздардың" бірі. — Генштабпен келісе алмай қап, он бес тәулік демалыста жатыр.

Мешел басын көтергенде "фельдмаршал" кілмие қарап тұр екен, жыны қысып көкірегінен бір тепкісі келді.

— Не керек?! — деді.

— Орның жәйлі екен, — деді "фельдмаршал" кәперіне ештеңе алмастан. — Бірақ біздің тұрақты прописка сол жер сияқты еді...

— Жағыңды үгітіп жіберемін! — деді Мешел.

— Ұрамысың?.. Кәне, ұр!.. Сорыңды қайнатып тағы он бес тәулікті қаматып жіберейін! — деді.

Бұл иттердің шетінен кісі қорқытатынын қайтерсің. Біреудің қолымен қорқытты! Мешел жігері құм болып "жылы орнына" қисая кетті.

— Е, сөйт, сөйткенің дұрыс қой! — деп мынау торлы барақтың Құдайы менмін дегендей кір соқыр қотиынсып қалды, бірақ жүрегі шайлықты ма, қайтып маңына жолаған жоқ.

Қап, иттің құлы байғұтан басынды-ау!.. Қашан да қыр соңынан бір соқырдың міндеті қалған емес. "Фельдмаршалға" есесін жіберіп алғанына қатты налыған. Жәдігөйдің түсі де көрден шыққандай екен. Жанардың орнынан жыртиған суағарды көргенде көз алдына баяғыда ұшты-күйлі тастап кеткен өгей әкесі келіп тұра қалды. Күнде кешке жыртиып келіп, жыртылып боқтап мес қып сабайтын соқыр дүлей есіне түскенде күні бүгінге дейін қабырғасы қақырағандай жаны түршігеді...

...Өз әкесі анық есінде жоқ. Әскерге елден бұрын кетіп, жапон соғысынан қайтпай қойыпты. Қызыл жұлдызды шлем бөрік киген мұртты қазақтың суретін әкем деп иемденуші еді. Бір күні мас боп келіп қу соқыр жыртып тастағаннан бері ол бейне де көз алдынан біржола өшкен. Шеше байғұс жұдырықтай баламен жиырма жасында жесір қалған екен. Күні үшін тиді ме, әлде жесірлік қажытты ма, кім білсін, үш бала тауып берсе де өле өлгенше үш күндік бай қызығын көрген жоқ. Жаз шықса сал айдап қаңғып кетіп, күз тапқан-таянғанын тауысқан соң, алты ай қыс пеш үстінен түспей жатып алатын асқа масыл, жанға септігі жоқ диуананы асыраймын деп-ақ өмірі өксіген. Сөйтіп жүріп үстіне бір жапырақ жіп ілмеген анасы екі метр көрге де ақыретсіз кіріп еді. Ақыры, белгісіз моласын да көп белгісіз төмпешіктермен бірге "Қызылжар" деп аталатын шағын пристаньмен қоса Бұқтырма дейтұғын теңіз жұтып қойды. Мешелде қазір ат байлап түсетін ауыл да жоқ. Қыл аяғы калымщиктерге дейін жыл он екі айда бір дүркін аунап-қунап ел төбесін көріп қайтқанда, мұның "тағы тайгада" тапжылмай жатып алатыны да осыдан. Бұқтырма бар балалық шағын, өмірбаян деп алатын артындағы шиырын да біржола өшіріп кеткен секілді еді. Сол теңіздің бетіне анда-санда қалқып шығатын табыт, көң-қоқыр сияқты Мешелдің де өткен-кеткен сұрықсыз бір дәурендері көңіліне кілкіп бір соғатын әдеті бар. Табиғаттың дүлей күші өшірдім дегенмен сана құрғырдан шауып тастау қиын...

Жар жағасында шатыры қырық жамау қаусаған ағаш үй соғыстың бар ауыртпашылығын елмен бірге көтеріп шыққандай қажып, сүйегі сырқырап, қол тиіп кетсе есік, қақпасы зар қақсап ойбай салатын. Үйге әлдекімдердің келіп-кеткенін айдалада ойнап жүріп-ақ Мешел осы ойбайдан білетін. (Балалардың ішіндегі бүйрегі бітеуі өзі еді. Туғанда-ақ сен толық едің дейтұғын шешесі. Оның үстіне бойы мықырайған аласа болды да, жұрт Мешел атандырып жіберді. Кейін метрке мен паспортқа да солай жазылып. Мешел боп кете барған). Ал келіп-кететін жұрт көп еді. Көпсің деп шешесі де ауыртпалық жасамайтын. Басы артық сыймай жатқан адамы жоқ, элеваторға астық тасыған кірекештер қысы-жазы осы үйге түсіп, қара су болса да үйден қайнатып ішіп аттанатын еді. Көжеге қара, тауыққа жем осы кірекештердің арбасының түбінен қалатын. Қиыншылық кезде өз аяғымен келетін мұндай нәсіпке көрінген ошақтың қолы жете берген жоқ. Оның үстіне анасы Мәрзия үстінен түйе жүріп өтсе үндемейтін, қап түбіне еш нәрсе сақтамайтын кең адам. Кең адамды кім сыйламасын, кең адамға қаңғырған ит те үйірсек.

Якорьге қырық бірінші жылдың күзінде байланған ескі баржы төрт жыл соғысты қолтықта тұрып өткізді. Үстіндегі құмына дейін көктеп, қаңсып қалған "көне астау" бүкіл ауылдың балаларына ойнақ болды. Пристань мен элеватор екі жақ болып "соғысқанда" алатын қамалдары осы баржы еді. Балалық бәсеке, төбелес те, татулық та соның үстінде. Құмына қыздырынып, қармақ салып, түссе шортан, түспесе бірер шабақты да соның түбінен ұстап әкететін қара сирақ күс табандарға мұхиттың кемесіндей көрінетін. Рубкаға қолы жеткендердің кейбірі қазір әскери флотта, нашар дегендері өзенде шкипер болып жүр. Ал Мешелге өгей әкенің таяғынан қашқанда талай түндер баспананың міндетін атқарған. "Палундра!", "абардаж!" деп бақыратын достарының бет-жүзін көрмей кеткеніне де қай заман. Соның бәрінен айырған...

— Әй, Мешел! Жүгір, сенің тәтең күйеу ертіп келіпті! — деді біреу.

Күйеуі несі деп ойлады. Соғыстан кейін бірен-саран болмаса "күйеу" деген ұғым көрінген ошаққа қона бермеген. Бірақ біздің үйге де күйеу бітеді деген Мешелдің кәперінде жоқ еді. Қармағын жиып, бес-алты алабұғасын салақтатып үйге қайтқан. Соңғы жаңалыққа үдірейісе қалған достарының жүзінен-ақ жақсылыққа жорымап еді.

Бір көзіне былғары байлаған еңгезердей жүнді бас оқырайып қарады да, қолындағы стақанын төңкеріп тастап, көк сарымсақты қарш-қарш шайнап, қылғына жұтқан соң:

— Осы үйдің азаматы ма? — деді, өмірі суда жүрген адамдай даусы жарқышақ, әрі күбінің түбінен шыққандай үрейлі екен. — Жігіт!.. жігіт!.. шаруаға жарап қапты, — деп жалғыз көзі шақырайып алдымен Мешелдің қолындағы балыққа қадалды.

Бұдан соң да сан шақырайған осы жалғыз көз өмір бақиға Мешелдің өңменінде кетті. Жалғыз көз Мәрзияның картоп қуырған қара табасының күйесіне дейін қазып тауысқан соң, Мешелді ошақтағы отқа жұмсады. Пристанға келіп-кеткендердің аузынан сигаретті көргені осы еді, кейін бұл құрғырдың жұртта қалған тұқылы үшін көң-қоқырды тінткізетінін қайдан білсін. Темекі тартып, жаны жадырағанда ғана барып:

— Иә, оқу қалай? — деп күрзідей қолын Мешелдің иығына салды.

— Жағдай болмай оқуынан кешеуілдеп жүр, — деп күмілжіді анасы.

— Ә, қонбаса сол оқуды қуалап қажеті жоқ. Шаруаға жарап қапты ғой...

Әуелде мүсіркеген болып иығынан қаққан жуан жұдырық кейін танауына талай боразда салған. Аузына дуа қонбаса да айтқаны келіп, Мешел бұдан соң оқуды да жарытқан жоқ. Ең қиыны, баладан ананың жылы құшағын айырып, жалғыз көздің екі араға суық сынадай қадалғаны. Күйеу болып түскен алғашқы күні-ақ қазан-ошаққа араласып, кешкі астың қамына отын әзірледі. Бірақ бөтеннен шырпы қосқан жоқ, қақпаға тіреу қып жүрген сырғауылды талқандап тастады да, тамыздыққа деп үйдің бұрышын жарды. Байғұс, сан жылдың ауыртпалығына төтеп беріп, сан адамға дәм татырып шығарған ағаш үй қашан сатылып кеткенше, жалғыз көздің балтасымен алысып еді.

— Ана кісіні қуып жібер! — деді Мешел анасына ел орынға отырған шақта.

— Неге, күнім-ау?!.

— Кетсін!.. Оңбаған адам! Үйдің бұрышын неге жарады?!.

— Қой, балам, үлкен кісіге олай деп айтпа, — деп шешесі жекіп тастады. — Ол саған әке орнына әке болайын деп отыр. Ұят болады! — деді.

Жалғыз көзді қумақ түгілі, Мешелдің төсек-орыны сол түні-ақ төргі бөлмеден шығып қалды. Жел тұрса сыңсып қоя беретін жамаулы сынық терезенің түбінде бүрісіп жатып ең алғаш рет өзінің жетімдігін сезінді. Киіз басқандай ырсылдап-қорсылдаған өгей әкенің демігінен жеркеніп шығып еді. Келе-келе шоланда да сирек түнейтін болды. Көбіне жалғыз көздің орнына құс мылтықты құшақтап астық қоймасының күзетіне кететін. Жартыкеш көңілге жетімдіктің мұңы болып кірген сынық терезенің боздаған үні қыс пен жаздың ұлыған ызғарына ұласып еді...

— Бей гада!..

— Старшой!.. Старшой!..

Мешел басын көтерді. Әлдекім түсінде төбелесіп жатыр екен. Зәр қысқан әлдекім темір есікті тепкілеп тұр екен. Темір есік әуелі салдыр-сұлдыр етіп жұртты түгел оятып алды да, сонан соң барып сықырлап зорға ашылды.

— Неге ұйықтамайсың?!

— Әскери кеңеске баруым керек! — деген жауаптан "Фельдмаршал" екенін білді.

— Тек, отырып алма!..

Темір есік тарс жабылды да, босағаны тістеген қалпы қарысты да қалды. Қандаланың иісі шықты. Еті өліп кеткен бе, әлде қаны тәтті болмаған соң тиіспей ме, Мешелге қандала, маса деген жолап көрген емес. Бірақ кәпірдің иісінен адам түгілі хайуан түршігеді-ау. Төменде әлдекім тас шайнағандай шақыр-шұқыр тісін қайрап жатыр екен. Мешел еті қышымаса да қарап жатып қасынды. Торлы терезенің желдеткіші тура желкесінде еді, мұндай жақсы болар ма. "Фельдмаршалдың" жыртиып келіп, қорқытып қолқа салғанын енді түсінді. Торлы терезеден самал соғады екен. Торлы терезеден кең дүниенің пұшпағын көруге болады екен... Кең дүниенің пұшпағы іргедегі бақтан басталып, бөктердегі қара шыршаның қаздиған ұштарымен жалғасып кете береді екен. Көз ұшындағы қалың нудың ортасынан қалтырап от көрінді. Біреу емес, бірнешеу екен. Бытқыл мен сай-сайдың шұңқырына дейін қоймай шабатын малсақ қазақтар пішенге шыққан болар. Бұл шақ шаруа адамның қона-түней тарбайып жататын кезі. Жаман да болса үй салып алсам, жапанда жатсам да тірі жан екенімді сездіріп, аяқ артар бір көлік, бірер қара ұстасам дейтін арманы есіне оралды. Қой болмаса да ешкі көрген ауылдың қызы ғой, Жәмиланың қолынан үй ұстау, бірер сауынның бабы келер-ау. Туасы, үй тірлігінде Мешелдің қолынан келмейтін кәсіп кем де кем еді. Сиыр сауудан бастап пішен шабуға дейін мынаған менің шамам жетпейді деп айтып көрген емес... Салт жүріс, сабау қамшы құлқы оны да ұмыттырғаны қашан...

Өзі масыл, оның үстіне ішер ауызды көбейткені болмаса өгей әке шырпы басын сындырған жоқ. Жаз шықса ішкі жаққа сал айдауға кететін, бірақ одан сабақты жіп кірген емес. Мұз қата азып-тозып бірде тоналып қалдым, бірде ұрлатып алдым деп мүләйімсіп қайтушы еді.

Кейін ақталуды да қойды. Қыс күндері элеваторға күзетке тұрғанмен пеш үстінен ұзаған жоқ; күндізгі кезегіне оқуын тастап Мешел барады, түнгі кезекке шыққанда күні бойы қоймада астық тазалап, өліп-талып келген шешесі сылдыр шаймен ауыз жылытып тағы кетеді. Сөйтіп жүріп жалғыз көз ұрпағының санын бір қыз, екі ұлға жеткізеді. Табу шеше міндеті болғанмен, оларды бағып-қағу Мешелдің мойнында. Жар жағасындағы бұрышы мүжілген ағаш үйге кірекеш тұрмақ көрші жоламайтын. Жамбас ақыға жалғыз көз арақ тілеп, мас болса төбелесіп ит ырғылжың қылған соң, жұрт маңайды баспай безіп кетті. "Үруге міндетсінетін бұралқы итті қуып неге жібермейсің — деген ауылдастардың ақысына, шешесі: балалардың әкесі ғой, Құдайдан қорқамын" — деуші еді. Оның есесіне жалғыз көз Құдайдан қорықпайтын. Тірнектеп жиған тиын-тебенді тартып алып арақ ішеді, өкіметпен қорқытса: "мен ешкімнің есебінде жоқпын" — деп құйрығын көтеріп тайып отырады. Мешелдің бойы таяқтан өспей қалды ма, борсықша ұрған сайын семіретін рухани мешелдік соның зардабы еді. Қаршадай басынан бір үйдің уайымы иығына түскен байғұс аядай ауладан озып шыға алмады да, түзгі дүниеге үңіліп қарауға мұрсаты болған жоқ.

Таяқтан да, азаптан да Мешелдің арқа-басы кеңитін кезі жаз, осы пішен уақыты. Жер қарая ағымен күнелтіп, қар түсе торпағын талшық қылатын жалғыз сиырдың жем-шөбіне бола көрші колхоздың пішеніне болысатын. Ақы-пұлы — қарашада қораның төбесіне кеп қонатын бір отау шөп. Мешел он жасында қолына балта ұстап, он үш жасында шалғы тартты. Алғашқы кәсібін күні бүгінге дейін тастамаса да соңғысының азабынан да бала көңілге алданышы көп еді. Алдымен, бірін уатсаң екіншісі ырылдайтын, бірін тоссаң екіншісі былғанатын үйдегі көп шуылдақтан құтылады. Өгіз де болса астына көлік тиеді, өзге де болса еркек кіндіктілермен қара қостың дәмін татып, терін сіңдіріп қайтты. Аяғының күсіне дейін ақжемтір қып алып түсетін таңғы шығы, таңдайыңды жауыр қылатын бүлдіргені мен қарақаты қандай еді. Танау жаратын пішеннің иісіне мас болып, мая төбесінде жұлдыз санап жатып, түс көріп ұйықтайтын қаннен-қаперсіз күндер-ай!.. "Әй, балалар! Ел көшіп кетті! Жұртта қалдыңдар!" — деп оятатын ұйқысыз шалдардың даусы, күннің кірпігімен таласа тұрып, аяқ-табақтың салдырымен от басына шақыратын әйелдердің мұңды жүзі әлі есінде. Біреудің айқайы, біреудің зекігені жалғыз көздің жұмырығының қасында айналайыннан артық еді ғой. Мешел қайда жұмсаса да қасарысып көрген емес. Жаңбырлы күн, боз қырауда бұйығып жатып та жалғыз сиыр есіне түсіп атып тұратын. Жұмысқа өлермен еді. Жұртқа да осынысымен жағатын. Оны өзімшілдікке жетелеген, дүниеқоңыз қылған күн көрістің өлермендігі де, шын жадырап қуанбайтын, шын күліп жарылмайтын мүттәйімдігі "ешкіні апа, текені жезде" деп үйренген монтанылықтан қалған. Осы мінезі бала кезінде жұрттың бәріне жақса, бүгін біріне ұнамайды. Уақыттан көрмесе бұған Мешел байғұс кінәлі ме?.. Өмірден тырмысып жүріп үзіп-жұлып алғаны бар екен, ал өзінің бермегені болса сол өмірдің қаға берісінен ғана еншілеген тірлігінің ұсақтығы, арманының тайыздығы шығар. Қарын тойғызудың қамы кімді алысқа апаратын еді. Бірақ қарын тойғызу Мешел үшін қала тұрғызудан кем түскен жоқ.

Шешесі қайтыс болғанда өзінен басқа үш баланың ең кішісі бір-ақ жаста екен. Бір қыс жатып, жаз шыға жалғыз сиырды сатып жоғалған жалғыз көзден қайтып қайыр болмады. Төртеуінің онан кейінгі сауыны заготзерноның құмығы мен өкімет беретін карточка, Мешелдің қоймадан табатын ешкінің тебініндей жалақысы еді. Күні бойы веелканың құлағын айналдырып, карточкаға тиетін екі бөлек наннан күні бойы бір тістемей үйге көзі қарауытып зорға жететін күндері әлі есіңде. Бірде көшеде құлап қалған жерінен көршілер көтеріп әкелгенде, қолтығына тас қып қысқан қара нанын көпке дейін ешкім босатып ала алмапты. Қара судан қаймақ үнемдеген басы, ертеңгісін кеткенде қолы жетпесін деп артық шайнаманы інілерінен жасырып сырық басындағы қараторғайдың ұясына тығатын еді. Қайда барса інілерінің ашқарақ көзі қыр соңынан қалмайтын. Ашқарақ көздерді тойдырам деп жарғақ құлағы жастыққа тимеді. Сол таршылық не нәрсенің құнын тамақпен өлшейтін аш құрсақтықты ниетіне мәңгі-бақи еншілеп байлап берді. "Таңғы тамақ Тәңірден" деудің орнына, ертеңгі күнім не болады деген уайым, қалтаға сынық бәтерді артық салдыратын сақтыққа үйреткен. Дегенмен, жалғыз көздің жалмауыздығына жете алған жоқ...

Жалғыз көз ұшты-күйлі жоғалғаннан бір жылдан соң қайтып келіп, балаларды леспромхозға көшіріп әкетемін деген сылтаумен қара шаңырақты да сатып тынды. Сөйтіп Мешелдің қара орманының жұрнағы "Қызылжар" пристаны су астына кетпестен көп бұрын-ақ балтаның жүзінде кетіп еді. Жалғыз көздің қан қақсатқаны бір ошақ емес, бірнешеу болып шықты. Ел үстінен, жетім-жесірдің несібесінен күн көрген қаңғыбастың жыл он екі айда бір қонақтап қайтатын бір-бір қатын, төрт-бестен бала-шағасы Алтайдың әр қуысынан табылды. Сотталғанда солардың бәріне айтқан бір-ақ сөзі: "өкімет өлтірмейді, жесірлердің қойнын құр жатқызбай, солдаттың санын өсіргеніме рақмет айтыңдар!" — деген.

Өкімет өлтірген жоқ. Өзегіндегісін жырып берді. Детдомға апарып тапсырған інілерінің алды қатын алып, әскерге де жарады. Бірақ Мешелдің жетім көңілі жетім боп қала берді. Жеткен соң, "аға, қалың қалай?" — деп бір де бірі іздеген емес. Қазақтың: "аға — бор, іні — тас" дейтіні осы жолы қалт кеткен жоқ. Мешелге салса, "қасқырдың бөлтірігі тауға қарап ұлиды" десе де қателеспейді...

...Ең алдымен бақ шетіндегі шалшықтан бақалар шулады. Онан соң құстар сайрады. Сарыалқа биігінің аппақ жоны аңырап тұр екен, оның ар жағындағы Үшқоңырдың көк тайғанақ шыңдары сұп-суық боп, ыздиып-ыздиып көкжиектің етегін түріп тастапты. Аудан басының әтештері тәуліктің төрт мезгілінен жаңылып қалған ба, иттерден де кеш оянды. Қайта кемпірлері пысық екен, салақтатып бір-бір немересін арқаларына мінгізіп алып, сатал бөксе бір-бір сиырды сүмеңдетіп табынға қуып барады. Тарысын ақтап, тауығына дейін баптап отыратын баяғы сол кемпірлер. Тағы сол кемпірлер. Соғыстан қалған бір-бір жетімектің аузын астауға жеткізген шығар-ау, енді немерелеріне еңкілдеп ат болғанда бұлар қай ұшпаққа апарар екен?..

Мешел көп жылдан бері түсіне де кірмеген анасын көз алдына елестетті. Фәни дүниені ертерек тастап кеткен бақытты жан екен деп ойлады. Сәлемді дұрыстап бермейтін ұлдардың қайсысының босағасына барып телмірер еді?.. Соның бірі өзі емес пе. Ынжықтығынан қырыққа дейін қатын ала алмай, енді қырт болғанда қырсыз жұрттың санатында темір тордан сығалап жатқаны. Анау кең дүниеге бір шықса, тағдыр деген қасқаны қақ маңдайдан бір ұрып, тірліктің көкесін де қырып тастайтындай... Мешелдің ұзақ таңды кірпік қақпай атырғаны осы шығар. Қара құсы сіресіп, бас мең-зең ауырлап қалыпты.

Сықырлап темір есік ашылды. Старшой екен.

— Әй, Қобыланды! Жинал! Саған кісі келіп тұр! — деді.

Мешелді де іздейтін кісілер табыла бастағаны да...


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама