- 19 мау. 2021 00:00
- 205
Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін...
«Аузы қисық болса да, бай баласы сөйлесін...».
Шіркін, тіліміз мақал-мәтелге, фразеологизмдер мен идиомаларға бай ғой! Халқымыз да рухани кемелдігі жоғары, әлемдегі данагөй ұлттың бірегейі. Әр мақал-мәтел, салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптың өзіндік ұғымы мен мәні бар. Алайда, кей мақалдар көз алдымызға байырғы заманда қазақ қоғамында бой көтерген әлеуметтік теңсіздікті елестетеді. Көбіміз осылайша тура мағынасында түсінеміз. Ал, негізі аталмыш мақалдың мағынасының төркіні әлдеқайда тереңде жатыр екен. Бұл ешқандай әділетсіздік, теңсіздік жайында емес, білім мен оқу-ғылымның құндылығы жайында айтылған дана сөз екен! Қазақ даласында білім жоғары бағаланған. Елдің көргені көп көсемдерін, оқығаны көп адамдарын жұрт өздеріне пір тұтып, жаңа ақпарат алуға, білім нәрімен сусындауға әрдайым ынтық болған десек, артық болмас.
Ал, кімнің шаңырағында бірінші кезекте осындай халыққа қалаулы, білері көп ақын-жыршылар, сал-серілер, сұлтандар бас қосқан? Әрине, абыройы мол байдың үйінде. Демек, байдың балалары елге сыйлы, зиялы қауыммен бір үйде болып, солардың астарлы әңгімесіне қанық болып, жыр-дастандарды, эпостар мен күйлерді тыңдап, бойларына дарытады.
Осылайша, ақылды да, саналы болып өсіп, елдің алдында сөз сөйлеп, көш бастауға үйренеді. Сондықтан да, қанша «аузы қисық болса да, байдың баласы сөйлесін» деген екен.
Үйреншікті мақал-мәтелге осындай, жаңа қырынан қарасақ қалай?
Бақберген Аружан