Албырап піскен алхоры
(Роман)
І
Апрельдің орта кезі ғана еді, соған қарамастан Кишиневте ағаш біткен жапырақ жайды. Молдавияда дәл осындай ерте мезгілде жауып көрмеген нөсер жүріп өтті де, көктем екі-үш күнде-ақ дүр ете түсті. Жаңбыр апрельдің онынан он біріне қараған түнде басталды да, таң атқанша құйды, күн күркіреп, нажағай ойнады, ал таңертең көктем шыға келді.
Ұзын бойлы, сұлу әнді, жүзіне мұң ұялаған мұғалім жігіт Ленин проспектісін бойлап келе жатты, ол жапырақтардың жұпар иісін құшырлана жұтып: «Маған байыз таптырмаған осы беймезгіл нажағай ғой», — деген ойда еді.
Оның оң қолында портфелі, сол қолында — апельсин салынған торшасы бар еді. Ол Пушкин көшесіне жеткен соң светофорға қарап кідіріп тұрған жұртты сыналан өтіп тас жолға шыққанда ғана үстіне төне келіп қалған қара «Волганы» байқады. Ол сасқанынан езу тартты, ажалының төніп қалғанын өз көзімен көрген соң қайтсін?
«Дәл сол нажағай», — деп ойлап та үлгерген жоқ, басқа жағдайда өз бойынан табылар-табылмасы белгісіз ғаламат бір күш қуат бергендей алға қарай ытқып кетті. Бірақ қауіптен әлі құтылып болмаған еді, тағы бір жасыл «Волга» төніп қалыпты, бір машинаның астынан шығып үлгерместен екіншісіне тап болды.
«Нағыз түнгі нажағай оты осы ғой!..»
Оқыс тоқтаған машиналар шиқылы, соғылған темірлердің сартылы, қираған әйнектердің шынылы, милиционердің әмірлі ысқырығы көшені бойлай домалап бара жатқан ұсақ картоп — бәрі-бәрі сапырылысып кетті. Картоп шүйкедей ғана кемпірдің торшасынан төгілген еді. Ол жұртпен бірге көше қиылысында жолдың ашылуын күтіп тұрған, мұғалім көшені батыл қиып өте берген кезде оның жастығы мен ақылына сеніп соңынан ерген. Олардың бағына қарай машиналардың тежегіші мықты болып шықты. Бір жаманы, алдыңғы машиналарды артта келе жатқандар соғып, оларға соңындағылар соқтығысып жатты. Шоферлар мен көшедегі жұрт шуылдасып, кемпір шоқынып жатты, мұғалім болса көшенің арғы бетіне өтіп кетіпті. Зәре-құты қалмай, өңі аппақ шүберектей болған ол отыратын жер іздеп жүр. Анадай жерде орындықтар тұрған-ды, бірақ ол артына қарады да, көше қиылысында жағдайдың ушығып бара жатқанын аңғарды. Милиция қызметкерлері машиналардың ара қашықтығын өлшеп, жұрттан әлденелерді сұрап жатты. Ол Колодез кешесімен тайып тұруды жөн көрді. Болгар көшесіне жеткен соң тағы бұрылып Садовая көшесіне қарай — тыныштық иен таза ауаның қаймағы бұзылмаған бірден-бір жерді бетке алып жоғары өрледі.
Көктемнің жайма-шуақ көрікті күні еді. Көгілдір аспан мөп-мөлдір ашық. Күн жаздағыдай жып-жылы. Асфальттың қалың қабатын жарып ескен сүйекті кәрі боз қарағанның бұталарына қонған торғайлар шықылықтайды, Костюжен тас жолы жағынан түтін иісі шығады. Шамасы әлдебір бақшалардың бірінде өткен жылдан қалған жапырақтарды өртеп жатқан сияқты. Жыл сайынғы көктем дәл осындай түтіннен басталушы еді, көктемді үйінде қарсы алғанға не жетсін. Сондықтан болар, мына түтін иісі мұғалімнің жүрегіне сағыныш ұялатты. «Буковинадағы балалар мұндай мезгілде жалаң аяқ шауып жүруші еді-ау...»
Ол Садоваяны тегіс кезіп шықты, бірақ мүлгіген тыныштықты таппады да Пушкин бағына келді. Ерте жауғaн жаңбыр туралы ой оған маза бермеді, өз өміріндегі кей жағдайларды сарапқа салып ойлануы қажет еді.
Бақ ішінде оны өзінің сүйікті орны — Ұлы Штефан ескерткішін айнала амфитеатр етіп орналасқан тас орындықтар күтіп тұрған. Бұл ескерткіш осыдан бір жыл бұрын бақтың түкпіріне көшіріліп, тұғыры ауыстырылған, оған Карамзиннің «Майдан даласында ержүрек болғанымен бақытты боп жарымаған ол болымсыз дүниеден ұлылық туындатып, патшалар мен халықтарды қайран қалдырды» деген сөзі жаңадан ойып жазылған. Мұғалім заттарын қасына қойып, алаңдағы сағат қоңырауы соққанша тапжылмай ұзақ отырды. Кеше кешке өзінің ескі сағатының құлағын бұрауды ұмытып кетіпті, ал кездескен адамдардан уақытты сұрауға мұршасы болмады. Кездескен адамнан сағат қанша болғанын сұрау оп-оңай шаруа секілді, бірақ соның өзіне де әжептәуір қуат керек екен, ал ондай қуатты ол өз бойынан таба алмады.
Алаңдағы араның астындағы қоңырау бір рет, содан біраз мезгіл өткен соң екінші рет соқты, бірақ ол одан уақытты дәл болжай алған жоқ. Түске дейін әлі талай бар еді. Дегенмен, осылай ойға батып отырғанда уақыт тез өтер деп ойлады. Дәл сол сәтте қоңырау он бір рет соқты. Ол жымиып, еркін тыныс алды, уақыттың ертелігін сезініп, жеңілдеп қалды.
«Ал енді түнгі нөсер жаңбыр жайын ой елегінен өткізуге болады».
Ол жақсы мұғалім еді. Молдавияның солтүстігіндегі шәкірттері тұйыққа тіреле қалғанда бұл оларға: «Кәне, ақылға салып көрейік», — дейтін. Бірақ онысы «сен шәкіртсің, ойланып басыңды қатырып көр, одан не шыққанын байқайын» деген менмендік емес еді. Жоқ, ол жақсы мұғалім, актер, әрі суретші болатын. Сабақ тақырыбы көкірегінде сайрап тұрса да түк білмейтін жандай, оқушылармен бірге атам заманда құрып кеткен әлдебір мемлекетті іздестіретін, шәкірттерін табандылыққа баулитын. Рас, іске ессіз беріліп кеткенде ой-қиялын машина доңғалағының астында бітіретіндей қауіп төнетінін ол кезінде білмеген еді.
«Сөйтіп, сол жаңбыр, сондағы күннің күркіреуі, сондағы нажағай» деп өрби бастаған ойы үлкен өзенге тірелген үркек аттай болып, тағы үзіліп қалды.
«Жоқ, әуелі аптығымды басып алуым керек, — деп ойлады ол, — көңіл алақұйын болып тұрғанда байсалды ой да келмес».
Ол өзін әдетте жол үстінде, әсіресе поезға мінгенде жайлы сезінетін, бірақ оның солтүстікке бару үшін мініп кетпек болған поезы сағат бесте ғана жүреді. Рас ол кеше-ақ кете алар еді. Әдетте науқастан айыққан адамды поезға үлгеруі үшін ауруханадан түстен кейін шығаратын. Бірақ ол шығуып шыққанмен қонып қалған. Өйткені министрлікте, институтта және Мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамында шаруалары бар болатын. Өз сорына қарай таң атқалы қиялға беріліп, машинаның астына түсіп қала жаздады. Ол әлі қалшылдап отырған, сондықтан мұндай алабұртқан күйінде мемлекеттік мекемелерге баруды жөн көрмеді. Оның қанына сіңген қасиет сыртқы үйлесімдік пен ішкі жарастық еді, мынадай абдыраған күйде достарының да, дұшпандарының да алдында көріне алмайтын еді.
«Ал қазір Буковинада күн жайма-шуақ жылы шығар...»
Еркекке ыңғайсыздау болғанымен ол орайы келгенде күнге қыздырынуды жақсы көруші еді. Бір ғажабы күннің шуағында маужырап ұйқы басып жатқан шақта оның көңіліне аса бір қызықты ойлар мен ең дұрыс, дәл шешімдер оралатын. Кишиневте де күн ашық, жылы болып тұр, ол орындықта қыздырынып отыр, бірақ ұйқы басып маужыратпайды. Адамдары асығып-аптыққан, тарсыл-дүрсіл шу басқан қалаға ондай ләззатты сәт қайдан келсін. Ондай рақатқа туған жерінде, былайша айтқанда өзіңнің шағын отаныңда ғана бөленуге болады, бірақ оның шағын отаны қайсы екенін тап басып айту қиын.
Буковина әлі күнге дейін оның түсіне кіріп, құлпырған табиғатымен, жұпар ауасымен ынтызар етеді. Бірақ ол жерде оның тек аз ғана өмірі өтті ғой, өйткені Буковинадан кейін ол Молдавияның солтүстігін жерсініп кетті. Буковинада оның балалық шағы мен ата қонысы қалса, Молдавияның солтүстігінде шәкірттері, қатын-баласы, махаббаты қалды. Ол оның алғашқы махаббаты еді, ал алғашқы махаббат қуанышты болса да, мұңды болса да қайталанбас, қайта қонбас құсыңдай ғой.
Ол тас орындықта отырып, әр сәт өткен сайын тасқа айналып, топастанып бара жатқанын сезді, ондай күй оған өліммен тең еді. Сол күні ол өз өмірінде ең маңызды шешім қабылдауы тиіс, өйткені сағат бестегі поезға отыратыны анық, бірақ қай станциядан түспек, Петреныдан ба, әлде Вереженыдан ба, осы жөнінде нық байламға келуі керек. Ойласаң қызық: басқа бір колхозшылар бұл мәселеге бас қатырмайды да — немен бару, қайдан түсу керек екенін қас қаққанша шеше салады, ал мынау жоғары білімді азамат болса екі ай бойы бас қатырып, түк шығара алмай келеді.
Петрены — маңына қос терек өскен, үнемі ашық тұратын кассасы, жанға жайлы күту залы бар кішкентай станция. Ондағы кассадан әрқашан да барлық бағытқа баратын кез келген поезға билет алуға болады. Сол станцияның қызыл кірпіштен салынған кішкене үйі бар болатын. Осындай тас құрылысты ол өз өмірінде тұңғыш осы жерден көрген. Сол жерден ол ата-анасымен бірге жиі-жиі Черновцыға баратын, сол станциядан әкесі соғысқа аттанған, тап сол станциядан мұның өзі балаң жігіт кезінде Кишиневке оқуға кеткен. Деревня жақын, үш-ақ шақырым жерде болғандықтан ба, әйтеуір, шешесі әрдәйім сол станциядан шығарып салатын. Өз өмірімен біте қайнасқан шешесі мен вокзалдың сұлық та сұрғылт үйінен әлдебір ұқсастық тапқандай болатын. Кейін өзі үшінші курста оқып жүргенде шешесі қайтыс болды, ал көп ұзамай вокзал үйін де қайтадан салып, басқа бояумен сырлап тастады. Сондықтан да ол вокзалдан мұны өкініштің мұңды сезімінен өзге ештеңе де күтпейтін еді.
Вереженының мәнісі мүлдем басқа. Аппақ етіп әктелген таза вокзал Черновцы мен Кишиневтің арасындағы жолдың дәл ортасында орналасқан. Бір жағында орман, екінші жағында қыратты дала жатыр. Айналасы ұзыннан-ұзақ салынған астық қоймалары, консерві заводының ағаш жәшіктері сақталатын қоймалар, қатарласа салынған үйлер жып-жинақы. Оның бұл станциядан жиі өтетіні сонша, әр мекеменің атын, буфетте не сатылатынын, станциядағы үш кезекшінің түр-түсін жақсы танитын. Егер сол кезде бұған біреу осы станция Петренымен теңеседі, тіпті одан да жақсы болып кетеді және де оның өзі отыз екі жасында сол станция кесірінен кеселді болып, Кишиневтегі республикалық ауруханаға түседі десе бұл таңқалған болар еді. Сөйтсе де оның көңілі солай қарай алып ұшып тұрды, бірақ оның бүкіл рухани болмысы, ар-намысы албырт көңілді тұсаулап бақты.
«Әттең онынан он біріне қараған түндегі нажағай болмағанда ғой...»
Жаздағыдай шаңқиған күн көзді шағылыстырады, қоңыр салқын жел есіп тұр, күйік иісі әлі де басылған жоқ. Қасында, тас орындықтың түбінде апельсин толы торша мен ішінде жылы киім-кешек әзер сыйып тұрған портфель жатыр. Қазір ол өзіне-өзі риза болмай отырғанда мынау жүктері де көңілін құлазытты. Апельсин толы торша мен ішінде киім-кешек тыққыштағандықтан тігістері сөгіліп кеткелі тұрған портфельді арқалап жүру неғылған нақұрыстық. Портфельге ол жылы киімдерін салған, өйткені ол ауруханаға түскен кезде салқын март айы еді, ал апельсинді таңертең екі сағат бойы кезекте тұрып сатып алған-ды. Жеміс сатып аламын деген ойында да жоқ болатын, ауруханадан шыққан кезде машинадан апельсин салынған жәшіктерді түсіріп жатты, ондайда баласы барлардың жапа-тармағай кезекке тұратын әдеті ғой. Мұның да ұлы бар еді, кезекке тұрды.
«Сәлем, жолдас!»
Кенет өзі отырған тас орындықтың жігінен қаптап жүрген ұсақ қоңыздарды көрді. Жәндіктер күн сәулесі түскен тұстарға құжынап үймелесіп жатыр екен. Бірақ сыртқа шықпайды, өйткені көктемгі күннің шуағы жел тимейтін ықтасында ғана жайлы ғой. Олар да ақымақ емес секілді. Хория құдды бір солтүстік Буковинадан тараған туыстарын көргендей қуанып қалды. Қоңыздардың қара дақтары бар кірпіш секілді жондары қыбыр етпейді. Соны аңғарғанда ол: «Дүниедегі аласапыранның барлығы далбаса, олардың адамға қажеті де жоқ, тек көктемгі мезгілде төгілген күн нұры ғана керек-ау. Әр көктем сайын қоңызға ұқсау керек, тым сұғанақтанбай жылына білсе, содан соң тұманды ой да айқындалып шешімі өзінен-өзі келе береді», — деп ойлады.
«Несі бар, — деді ол өзіне-өзі, — ендеше күн шуағына жылынайық».
Кишиневті ол біршама жақсы білетін еді — қалай дегенмен бес жыл тұрды ғой. Оқып жүрген кезінде ол кедей әрі ұялшақтау болғанымен, жастықтың аты жастық емес пе — көңілдері жарасқан қыз-жігіттер оңашаланатын қала төңірегіндегі қалтарыстарды да жақсы білетін. Торшасы мен портфелін алады да, ілбіп Комсомол көліне қарай жүрді. Жол бойы сол түнгі жаңбырды енді қайтып еске алмауға, көшеден өтерде сақ болуға бекініп бақты. Ауруханадан шығарғанымен оның денсаулығы әлі мықты емес еді, ертеңгісін көп жүргендіктен бе, әлде басқа бір себеп болды ма, әйтеуір аздап басы айналайын деді. Сондықтан да ұзақ жүре алған жоқ. Көлге қарай түскен тас баспалдақтардан сәл әріректе жазғы ойын-сауыққа арналған эстрада сахнасы қарауытады. Салынып бітіп қалған кезде қала халқына тарлық ететіні анықталып, ар жағынан он мың адам сыятын жаңа алаң жасалды. Ал мынау сахна немерелерін тәрбиелеген кемпірлермен өз тағдырларына риза емес жалғызбасты жастардың еншісіне қалды.
Қазір бұл жер жылы әрі оңаша еді. Өткен күздің құрғақ жапырақтары аяқ астында қаудырласа, жаңа көктеген жас жапырақтары жоғарыдан сыбдырлайды. Көктем, әрине, сол түнгі жаңбырдың шарапатымен бұрқ ете қалды, сол бір нөсердің мұны сонша неге қинайтыны ақылға қонбай-ақ қойды. Ол құдды бір өзара араздасып қалғандай боп бір-бірінен алшақ тұрған көп орындықтардың біріне жайғасты. Ескі бір ағаш жәшік тауып алып, батыс мәнеріне сап соған аяғын созып жіберді де жүзін күнге тосып отырды. Сосын енді-енді келетін ләззаттың рақатына батып көзін жұма бергені сол еді, кенет әйелдің қарлыққан даусын естіді.
— Мына орын бос па екен?
«Біздің ләззатты өміріміз осы, — деп ойлады ол. — Лa дольчевита...»
Өз тағдырларына риза емес жастардың осы араға танысу, табысу үшін келетінін ол ұмытып та кетіп еді. Сөйлескісі де, танысқысы да келмей, тек басын изей салды. Отырған орындығы сықырлап, сәл теңселді де тына қалды.
— Өңіңнен өң жоқ қой, жап-жас сұлу жігіттің де өңі қаша ма екен?
Мына әйел өзін күлкі ғып отыр екен деп ойлады ол. Жәшіктен аяғын жиып, түзеліп отырды да әйелдің жүзіне қарады. Ернін қып-қызыл ғып бояған, көзінің астын да көк бояумен жүргізген, бірақ жүзі сүйкімді екен. «Мен сені ұнатып қалдым, өзімді-өзім тежеуге дәрменім жоқ», — деп тұрғандай.
— Сонда сұлу жас жігіт мен болғаным ба?
— Құдай-ау, бойыңды айтам! Өзіңдей сұңғақ жігіт кездесе бермейді.
Мұғалім езу тартты: солай екен-ау, өз бойының бір метр сексен бес сантиметр екені есінен шығып кете жаздапты. Осы бойы түскір оның соры болған жоқ па еді. Ағаларынан қалған киім бойына шақ келмей, бүкіл балалық шағы жалғыз ғана көйлек, шалбармен өтті. Мектепте, даладағы жұмыс басында, көше бұрылыстарында басы қосылған жұрт басқа әңгімесі таусылғанда мұның сорайған бойын сөз ететін, осы бір ерекше жаратылыстың пайдасы мен зиянын таразылайтын. Рас оның бойы село қыздарының ақыл-есін ала қойған жоқ. Тек өз шешесі ғана алғаш рет Кишиневке шығарып салып тұрып, вокзалда былай деп сыбырлаған еді:
— Қыздарға сенбе. Сұлуына да, сұрықсызына да, ешқайсысына сенуші болма.
— Мен қыз айттырғалы бара жатқам жоқ қой, оқуға барам.
Шешесі жеңіл күрсініп, езу тартқан.
— Сенің оқуға баратыныңды білем ғой, бірақ қыздар не іздеп барады...
Расында, ол университетке түскен соң біразға дейін қиындық көрді. Қала тірлігіне көндіге алмай, жасқаншақтанып, балалық шағын аңсаумен болды. Ал қыздар үйір-үйірімен артынан қалмай, көздерін сүзді, ынтық хаттар жазды, еш себебі болмаса да оған бекерден-бекер бұртиысатын, жоқ кінәсін кешіргенситін. Екінші курстағы жағдайы одан бетер еді. Қыздар оның қыр соңына түсіп алды, қайдағы жоқты айтып, өсек-аяң таратты, ебедейсіз қимылын, қорбаңдаған жүріс-тұрысын мазақ етті. Бұл асханада әлдеқалай олардың жанына отыра қалса, тұрып кететін еді. Кейде тіпті, мұның оқуды тастап, беті ауған жаққа кеткісі келген кездері де болды.
— Темекі тартасыз ба? — деп сұрады даусы қарлыққан әйел.
— Жоқ.
— Неге? Науқассыз ба?
— Жоқ, науқас емеспін. Және сізбен сұқбаттасар уақытым да жоқ. Поезға ілігуім керек, сондықтан, амал қанша, таныспай жатып қоштасуға тура келеді.
— Балаларыңызды сағынған екенсіз ғой,— деді әйел кекесін үнмен. Мұғалім орнынан тұрып, апельсин салынған торшасы мен портфелін қолына алып үн-түнсіз жөніне кетті.
Бұл да тағдырдың тәлкегі ғой, оған енді жетпегені ашына еді. Көлді айналып өтіп, тағы бір бос тұрған жасыл театрға барды, жел аңырап, жағдайсыз болса да бұл арада мазасын алатын ешкім жоқ. Ескі-құсқы нәрселер жатқан сахнаға шықты. Қаусаған қайыққа мініп, бетін күнге қаратып отырды да сәл де болса көңілі жайлансын деп тербетілді. Күн шуағына манаурап, тап бір Буковинадағыдай рақаттана бастаған, бірақ ол бұл жерден де тыныштық таба алмады. Әлгі қарлыққан әйел даусы еркектің жан дүниесін аласұртуға бейім-ді. Арсыздау дарақы дауыс мұның бойындағы алапат сезімді қайта оятты, ол сезім өртін дәрігерлер екі айда әрең өшірген. Енді мұның сыздаған жүрегі қалыпты лүпілден жаңылып, тоқтау бермей кетті. «Әттең, сол түнгі күннің күркіреуі болмағанда» деген бір өксікті дауыс оның жан жүрегін жарып шыққандай болды. Кенет ол ер мінез танытып бір сәт қатайып тұрды да: «Жоқ, жалған, сол түнгі күннің күркіреуіне дейін де талай жағдай болған», — деді өзіне-өз. Бүгін ғана шыққан аурухана төсегіне қайта түспес үшін өткен уақиғалардың барлығын көңіл елегінен өткізу керек-ті. Бұл ақылды Хорияға профессор Анастиада айтқан. Молдавандардың бар қасіреті олардың лап етпе сезімталдығы екендігін Николай Христофорович оның санасына құйып-ақ берген. Ол кісі: «Егер молдаван сезім тұтатуға еш себеп таба алмаса өзінің өткеніне ой жүгіртіп, есінде қалғандардың ішінен ең қайғылы жайларды қазып алады,— деген еді.
— Сонда қайтпекпіз? — деп сұраған Хория ауруларды аралап көріп жүрген профессордан. — Тарихымызды ұмытып, өткенімізден бас тартуымыз керек пе?
— Жоқ, неге? Тек естеліктерді екшей білу керек: өткен кездің кез келген бейнесі, кез келген көрінісі, әуелгі сәтте сізді қаншалықты толғандырғанмен, егер бірден сезімге беріліп кетпей, ақылға салып таразыласаң, өзінің шынайы сырын ашады. Ақыл — қолбасшы, ал сезім мен көңіл күй оның жасағы. Кез келген шабуылдың айқын мақсаты болуға тиіс, әйтпесе өзара ынтымағы жоқ қолбасшы мен жасақтан не қайыр. Тек көңіл күйдің жетегіне еріп, тағы да бір жеңістің ащы дәмін тату үшін ғана шайқасқаннан не табасыз?
«Олай болса, — деді Хория өзіне-өзі, — ақылға салып екшеп көрейік».
Әйел даусы оның жанын жай таптырмай қойды, бірақ бұл қарлыққан, құлаққа жағымсыз үн емес, жан жақынның лебізі еді.
II
Бұның тағдырының жазуы және қасіреті болатын қыз пайда болғанда Хория үшінші курста оқитын. Күздің күні, олар жүзім жинаудан қайтқан кезде француз тілі факультетіне Бельцы төңірегінен келген бір керемет цыган қызы түсіпті деген лақап бүкіл университет кезіп кетті. Ондай перизатты дүниеде ешкім әлі көрген жоқ деп жүрді жігіттер. Келбетті келген қоңырқай өңді, қыр мұрынды, жіңішке ұзын мойны мен тіп-тік сымбатты денесі жарасқан қызды тәңір махаббатқа ғана жаратқандай дейтін жігіттер.
Хорияға ол әуелде ұнаған жоқ. Мүмкін «сұлу қатынның азабы да мол болады» деген көне дәуір шаруаларының қарапайым даналығына ден қойып әдейі көзіне ілмеген шығар. Қалай болғанда да әйтеуір алғаш көрген кезде: «Бұл сұлудың мән-жайын білу үшін әуелі ата-анасын көру керек», — деп түйген. Университетке түскенге дейін далада қара жұмыс істеп салпы етек болып қалатын деревня қыздарының арасынан мұндай келісті бітім сирек кездеседі. «Осындай бұла қыз өсірген ата-ана да көресіні көрген шығар-ау», — деп ойлады ол. Сөйткенмен ол қыздың тіл біліміне деген ғажайып қабілеті жұртты таң қалдыратын. Алыстағы бір түкпірден келген, Кишиневтен өзге ештеңе көрмеген қыздың француз тіліне судай ағып тұрғанына профессорлар таң-тамаша болатын. Жұрт оны Женя дейтін еді. Бірақ француз тіліне еліткен жігіттер оны Жанет деп атап кетті.
Әдемі жігіттерді көргенде ол қыздың да есі кететін. Цыгандарға тән қарақат көзі университет сылқымдарына бір қадалмай өткен емес. Жігіттер оны күнде оңаша кездесуге шақыратын, ал ол болса ешқайсысының мәселін қайырмай, ашық аспан мен жұлдыз сәулесінен өзге еш жарық түспейтін ең қараңғы жерлерде жігіттермен серуен құрушы еді. Ол икемге оңай көнетін назды жан болатын, жігіттердің іші-бауырына кіріп, ең ұяң дегендерінің өзін батылдандырып жіберетін, бірақ жігіттерді әбден емірентіп, буын-буынын босатқаннан кейін бойын тез жинай қоятын, балықтай жылп етіп шығып, құмға сіңген судай жоқ болатын, одан кейін оны бастапқы назды қалпына келтіру мүмкін емес еді.
Студенттердің бірсыпырасы оны періште санады, енді бір тобы айтпағандарын айтып, өш алудың жолдарын да қарастырып жүрді, бірақ әйтеуір таразының екі басы тең еді — оған табынушылар мен кектенушілер бірдей болатын.
Қазір көктемгі күн нұрына балқып, қаусаған қайық үстінде жасыл театр сахнасында теңселе отырып, алғашқы кезде сол қызды айналсоқтап бос сенделген әумесерлердің қатарында өзінің болмағанын Хория рақаттана еске алды. Бірақ дәл қыс ортасында, қысқы сессия біте салысымен оның да көңіліне құйын түскен күн жетті. Оның жүрегіне махаббат оты түстен кейін сағат төрт кезінде үлкен залда отырған сәтте түсті. Сол құрғырдың қашан, қай жерде лап ете қалғанын адамның есте сақтауы да ақылсыздық-ау, бірақ әлі есіңнен кетпей жүрсе, қайда қашып құтылмақсың? Рас, ол ұмытыла қоятын жай емес еді, сол кезде бұл оқып жүрген тарих факультеті өзінің ең тұңғыш, ең ірі жеңісін мерекелеп жатқан.
Республикада Мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамын құру жөнінде шешім қабылданды. Университеттің тарих факультеті көп жылдан бері осы қоғамды құру мәселесін көтеріп келген еді, міне, ақыры қозғаусыз жатқан іс қолға алынды.
Үлкен залда жарқыраған үш люстра, сахнада буда-буда гүлдер жайнап, залда шаштарын бастырып, тап-таза киінген студенттер отырған. Көпке дейін тыныштық орнады, сосын сол тыныштықты бұзып, сахнаға ине-жіптен жаңа шыққан костюм киген Иларие Семенович Ротару шықты. Оның жұрттан бұрын сахнаға шығуы әділеттік еді, өйткені егер университетте бір адам сол қоғамның ашылуына ақырына дейін жанын салып жүгірген болса — ол студенттердің сүйікті ұстазы, доцент Ротару болатын. Оның соңынан ерген ректор мен басқа да профессорлардың сәл кейіндеп қалып, оны залда отырған дүйім жұртқа оқшау көрсетуінде де үлкен бір парасаттылық бар еді. Иларие Семенович өзінің тым еркінсіңкіреп кеткенінен ыңғайсызданып қалды, бірақ ол ыңғайсыздықты зор қуаныш басып кетті. Оның көз жанарынан бақыт оты ұшқындады, сол сәтте кенет студенттер де орындарынан дүр көтерілді, өйткені олардың да көздерінен нұр ұшқындап, залдың ішін шаттық кернеді.
«Құдай-ау, содан бері де талай жыл өтіпті-ау...»
Оңтүстіктіктерге тән қызу сезім шаттығы басылып жұрт орындарына отырған кезде Иларие Семенович мінбеге шығып сөйлеп кетті. Оның сөзі жатық, ойы жүйелі боп шығып жатты. Алда тұрған міндеттерді нақты түрде баяндай келіп, әрбір тарихи ескерткіштің маңызын анықтағанда нені ескеру керектігін және бұл ескерткіштердің республиканың жалпы мәдени өмірінде қандай орын алуға тиіс екенін қолмен қойғандай етіп айтып берді.
— Айтпақшы, — деді де ол жұртқа әлдебір күдікпен көз жүгіртіп өтті. Онысы Иларие Семеновичтің күн ілгері дайындап алған сөз арнасынан сәл-пәл ауытқығысы келіп, бірақ онысын көңілдегідей болып шығар-шықпасын білмей тұрғанын аңғартар еді. Студенттер бар ынталарымен құлақ түре қалды, өйткені Иларие Семеновичтің осындай төтеден қосып айтқандары қашан да негізгі сөзден тартымдырақ болушы еді. — Мен сіздермен Каприян тауындағы Даңғыра тағдыры жайлы пікірлескім келеді,— деді ол.— Ұлы Штефан түріктермен соғыста күйрей жеңіліп келе жатқанда Каприян тауындағы Даниилдің есігін қағып, түнеп шығуға рұқсат сұрағаны туралы аңызды кез келген молдаван біледі. Сонда Даниил қайырған жауапты қазір кез келген оқушы дәлме-дәл қайталап айтып бере алады: «Жеңілген қолбасшы өз әскері күйреген жерде демалуға тиіс», — депті ол. Содан кейін Штефан аман қалған әскерін жинап, қайта соғысып жеңіп шыққанын кім білмейді.
Сөйдеді де, Иларие Семенович графиннен жарты стакан су құйып алып, аз-аздан ұрттап ішті. Оны шөл алып бара жатқан жоқ еді, тек әншейін одан әрі айтар ойын жүйелеп алу үшін сәл үзіліс керек болған соң сөйтті.
— Сөйтсе де, — деді Иларие Семенович нығарлай сөйлеп,— әлгі сөз Даниил байғұстың түбіне жеткенін көп ешкім біле бермейді. Арада көп жыл өткенде Штефан аң аулап келе жатып сол аймаққа соғыпты. Сонда дұшпандары Даниилдің баспанасын өртеп, өзін дарға асқанын естіп, жүрегі тас төбесіне шығыпты. Сол өлкені түгелдей өлі бір тыныштық жайлап алған. Қатты тебіренген қолбасы Даниилдің баспанасының орнына Даңғыра орнатып, күн сайын таң атқанда, ымырт жабылар шақта Каприян тауындағы Даңғыра қоңырауларын соғып тұру үшін өз жасағынан қоңыраушылар тағайындауға әмір берген.
Әрине, Ротару жайдан-жай студенттердің сүйікті адамы болып жүрген жоқ. Ол көңілдегісін жеткізе білетін, тіпті кейіпкер күйіне түсіп, оқиғаның ортасында жүретін. Бұл жолы да мінбеден түспей, үстіндегі ине-жіптен жаңа шыққан костюмін шешпей тұрып-ақ ол түріктермен соғыста жеңілді, Даниилдің есігін қақты, қалған әскерін жинап жауын жеңіп шықты. Сосын маңдай терін аппақ орамалымен сүртіп тұрып, Даниилдің жұртына Даңғыра орнату жөнінде әмір берді, содан кейін сөзін сәл ғана доғарып елдің есін жиғызып алды да ақырын бір өкінішті үнмен сөйлеп кетті:
— Мұның бәрі жұртқа мәлім, бұл — тарихымыздың мақтанышы, бірақ сіздер Каприян тауына барып, сол Даңғырадан не қалғанын көріңіздерші. Төменгі қабатын улы химикаттар толтырылған қаптар басып жатыр. Шатырын жел ұшырып әкеткен. Айналасын бұта басып, қаңырап қалған, түс кезінде сол маңдағы деревнялардың балалары қасиетті Даңғыра діңгектеріне сиыр байлайды.
Ротару тына қалды да, залды өлі тыныштық басты. Бұл бір өкінішті, ұятты жай еді. Жұрт өздері үшін де, өз тарихына немқұрайлы қарағандықтары үшін де ұялғандай. Иларие Семенович тағы да жарты стакан су құйып алды да, оны ерніне тигізіп үлгерместен, қатулана сөйлеп кетті:
— Сол Даңғыра маңындағы қырат баурайында, — деді ол, — дәл сол ерте кезде іргесі қаланған үлкен Каприяна деревнясы шашырап жатыр. Оның негізін Даңғыра қоңыраушылары салған деген де сөз бар. Ақылға салып көрейікші: ата-бабалары жүздеген жылдар бойы таңның атысы мен күннің батысында қоңырау қаққан жерге балалар бұзауларын қалай ғана байлайтын болған? Ол жердің халқы кедей де емес, ақылсыз да емес. Ол жердің жап-жақсы орта мектебі, өз интеллигенциясы бар. Мен білсем тіпті осы өзіміздің университетімізде сол Каприянадан келіп оқып жүрген біреу болса керек.
Ол кім болды екен деп жұрт ойлана бастады. Студенттер жаңғалақ халық қой. Алып қашпа сөз көп, ақиқат — біреу ғана. Өкінішке қарай сол студенттің түр-түсі қандай екенін, қай курста оқитынын ешкім еске түсіре алмады. Иларие Семенович жаңа құрылған қоғам жұмысы мәселесіне қайта оралмақ болып еді, бірақ оның ежелден қалыптасқан қайсар мінезі бұл жолы да еркіне жіберген жоқ: ол өз есінде қалған жайларды ұмытпайтын. Ой санасын жанталастыра жұмыс істетіп пәлендей қажеті жоқ мағлұматтарды тауып алатын.
— Айтпақшы ол — студентка, қоңырқай өнді сұлу қыз, бірінші курста оқиды.
— Жанет?!
— Иә, ол әне, үшінші қатарда отыр.
Қыз орнынан атып тұрды, бір сәт көзін сығырайтты. Сірә, өзін осы арадан тауып ала қояр деп ойламаған болу керек. Ол доцентке сұраулы жүзбен ұзақ қарады. Бірақ Иларие Семенович оған аяушылық көрсеткен жоқ: тарих оған мынау әп-әдемі студент қыздан әлдеқайда маңызды еді. Жұп-жұқа танауы делбең қақты да Жанет французша сайрай жөнелді. Залдағы жұрт гу-гу етеді. Сылқымын қарай гөр! Ана тілін жатырқап, шетел тілінде сөйлейді... Жұрт ысқырып, залды бастарына көтерді, тек доцент Ротару ғана сабыр сақтап, француз сөздерінің өрнекті оралымына бойлағысы келгендей үнсіз тұрған. Жанет сөзін аяқтап, орнына отырған кезде ғана үн қатты.
— Сүйкімді бикеш! Тіпті мен сіздің сөзіңізді түгел түсінген күннің өзінде, ол бізге жеткіліксіз болар. Өйткені, біз екеуміз бақтың қараңғы бір түкпірінде оңаша отырған жоқпыз. Осы арада алты жүздей адам отыр, сондықтан да сіздің жауабыңызды, мүмкін болса, Штефан мен Даниил сөйлескен тілде естігіміз келеді.
«Бақтың қараңғы түкпірінде» деген тауып айтылған сөз еді. Залдағылар құптай гуілдесті. Жарайсың, Ротару, мұндай жеңілтектерді еркіне жібермеу керек, әйтпесе олар бүгін болмаса ертең өздерінің ата-аналарын да танымай кетеді. Бір ғажабы осынау абыр-дабыр Жанетке мүлдем әсер еткен жоқ. Ол кенет орнынан тұрды да, құдды бір «мен сізді аяймын, бірақ қайтейін, сатып алған аурудың емі жоқ» дегендей боп доцентке қарады. Сосын молдаванша сөйлеп кетті, бар мәнерімен қызулана сөйледі. Оның сөзінен кей-кейде орта ғасырлықтарға тән оғаш оралымдар да бой көрсетіп қалады, бірақ олар орынды естіліп жатты. Ол Даңғыраның шатыры жыл сайын жөнделетіндігін, биыл көктемде әр үйден отыз тиыннан жинап, оған цемент сатып алынғанын, үйдің іргетасы беріктелгенін айтты. «Төменгі қабатта ешқандай улы химикат жоқ, — деді ол, — онда тек чех сырасына арналған бірнеше қағаз жәшік жатыр, көктемде қыдырып шыққандардан қалған жәшіктер. Ал айналасындағы бұталар өз-өзінен өскен жақ — тау жалаңаштанып қалмас үшін оларды жұрт орманнан әкеп еккен, өйтпесе жердің құты қашады ғой. Ал енді балалар мен олардың бұзауларына келетін болсақ, менің білуімше, біздің елімізде балалар қай жерге сиыр байлауға болады, қай жерге болмайды деген арнаулы қаулы болған күннің өзінде де оны тыңдай қоймайды ғой деп қорқам...»
Сосын тыныштық орнады, тегінде бұл өзі Штефан аң аулап қайтқан кездегі тыныштықтай болар. «Енді қайтер екен» дегендей жұрт назары доцентке ауған. Біраз уақыт өткен соң Ротару езу тартып күлді де:
— Егер осы айтқандарыңыз рас болса, французша сөйлеп не қажеті бар еді? — деп сұрады.
— Әуелі французша жауап берген себебім — сіздің беделіңізді түсіргім келмеді. Әдетте университет оқытушылары бәрін білетін, ал студенттер ештеңе білмейтін болып саналады ғой.
Зал іші қозғалып кеткендей болды. Мынау бір Кишинев университетінде бұрын-соңды болмаған оқиға еді. Әп-сәтте Жанеттің мерейі үстем болып шыға келді, бірақ ол өзі ондай дәріптеуге құмар болып тұрған да жоқ сияқты кескін байқатып орнына тез отырды. Оның қарақат көздері бұрынғы әдетінше зал ішін шарлап, әлдебір толқын шаштарды іздегендей болды. Айтары жоқ, Штефан қарт Каприян тауындағы қоңырауды ертелі-кеш қағып тұру үшін кімдерді жұмсауды білген-ақ екен. Жаратылысы мұндай адамдар ешқашан жаңылмайды, олар оң мен солын, қасірет пен даңққа бастар жолдың ара жігін ажырата алады...
Хория жиналыстың соңына дейін отыра алмады, оған оның әл-дәрмені де жоқ еді. Жүрегіне махаббат шоғы түсті. Өмірінде тұңғыш рет болған мұндай сезім топан судай тасып, алаулы өрттей жанды. Екеуі кездейсоқ жақын отырып қалған. Жанеттің ту сыртында отырып, жиналыс басталғаннан-ақ жай таба алмаған, өйткені қыздың шашынан, бүкіл тұла бойынан алхорының жұпар иісі аңқып тұрды. Сол бір ғажайып иіс оның басын айналдырып, есінен айырды. Жанет пен доцент сөз таластырып жатқанда өзінің осыдан бір жыл бұрын Каприян тауындағы құдай жолын ұстанған сопы әйелдері көп деревняда болғаны есіне түсті. Онда да алхорының жұпар иісі аңқып тұрған. Әр үйдің ауласынан, әр бұрыштан, әр терезенің түбінен уылжыған алхоры көзге түсетін. Енді, міне, бір сәттің ішінде алхорының жұпар иісі өз тағдырына айналды. «Арманым осы болар» деп ойлады ол іштей.
ІІІ
Ал Комсомол көлінің айналасы қапырық болып кетті. Көл маңының ойпаңдығынан ба, түс әлетінде күн шақырайып, өртеп бара жатты, Хория қара терге түсті. Өн бойынан әл кетіп, өмірінде естіп көрмеген теңіз шуылы құлағын шыңылдатты. Ол қалтасынан дәрі тауып алды да тілінің астына салды, қайықтан тұрып, сахнаның түкпіріндегі көлеңкелеу жерге барып отырды. Сөйтсе де қапырық тынысын тарылтып бара жатты, тезірек кең жерге — таза ауаға шығу керек. Портфелін бір қолына, апельсин толы торшасын екінші қолына ұстап, төбешіктің ар жағынан шатыры ғана көрініп тұрған ауыл шаруашылық институтының сары үйіне төтелей тартты. Сол арада троллейбустардың ақырғы аялдамасы бар болатын, соның біріне отырып күш жиып алмаса, әлсіреген аяғы оны вокзалға жеткізе қоюы екіталай.
Сағат екі жарымда қаланың орталығындағы Молдаван театрының қасынан түсті. Поездың келуіне әлі біраз уақыт бар болғандықтан бір жерге кіріп өзек жалғап алғысы келді. Тамаққа тәбеті шаппағанмен «ас адамның арқауы» дегенді ұстанды. «Молдаван» рестораны жабық екен. Ал «Днестр» кафесінде жиырма шақты адам кезекте тұр. Онша көп емес, шыдауға болар еді. Бірақ есік алдында ілулі тұрған мәзірде көрсетілген тағамдардың жартысынан көбі сызылып қалыпты. «Молочная» кафесінің санитарлық күні болып шықты. Қысқасы Ленин, Болгар көшелерінің қиылысындағы «Алтын собық» кафесінен басқа барар жер қалған жоқ. Онда да бірталай адам кезекте тұр екен, әрі мәзірде көрсетілген тағам аттарының біразының тұсына қарындашпен түсініксіз белгілер қойылыпты. Бірақ жүгері ботқасының иісі тәбетін ашып жіберді. Ол кезекті күтер-күтпесін білмей екі ойлы боп тұрғанда, киім ілгіштегі кезекші әйел мойнын созып:
— Қасында ешкімі жоқ жалғыз адам бар ма? — деп сұрады. Жолы болғанда одан басқалардың бәрі екеу, үшеу болып келіпті, жалғыз адам өзі ғана. Сабақ айтуға тілек білдірген оқушыдай қол көтеріп, Хория кезексіз барып шешінді. Ол бұрыштағы столға отырды, онда жарық дүниені жаңа ғана көргендей қуаныштары қойындарына сыймаған екі күлегеш қыз отыр екен.
«Әттең, апрельдің онынан он біріне қараған түндегі сол бір нажағай болмаса, қандай тамаша болар еді!»
Қыздар ішек-сілелері қата күліп, бір-біріне құшақтай құлап отырғанда абайсыз бұған аяқтарын тигізіп ап, қызара кешірім сұрады. Олар балмұздақтарын әлдеқашан жеп, тәтті суларын ішіп, есептесіп қойған. Соған қарап Хория олардың кетпей отырғанына өзім себеп болған шығармын деген ойға да келіп қалып еді. Сосын өз ойынан өзі ұялды. Неткен ақылсыздық! Бұрын артынан қалмайтын қыздардың біріне құламаған көңілі енді мына екі еркетотайға құлап отыр. Жо-жоқ. Екі айдан бері профессор Анестиаде емдеп жүрген оның жарымжан жүрегі бұрын тек сол бір ер балаларша шаш қойған қараторы қызды ғана ойлап сыздайтын. Енді сәл айыққан жүрек сол қыз деп қайта соға бастады. Осы азаптың бәрі сол үлкен залда басталып еді-ау.
Сол оқиғадан біраз уақыт өткеннен кейін Жанет екеуінің арасында хикая басталды. Бірақ оны пәлендей хикая дей қою да қиын еді. Жанетті университеттің ұзын дәлізінде кенет кездестіргенде ол еріксіз күлімсірегендей болып өңі өзгеріп кетті. Ал қырағы қыз көзі ол өзгерісті тез аңғара қойды. Кейін кездескенде қыз өңі өзгеріп жайнап сала беретін. Бірақ онысы салған жерден ашық аңғарылмай, біраз жүріп ұғыса бастаған соң сезілген. Жігіт қыздың жүзін көре алмағанмен тіл қатқан кезде әлдебір құбылысын аңғаратын. Одан кейін кездескен сайын бұл иіліп ілтипат көрсететін, онысына Жанет көзін бадырайтып таңдана қарайтын. Сірә, бұл қылықты ол француз тілімен қоса Париж қыздарынан қабылдаса керек. Оған Хория ренжіп қап, келесі кездескенде онша қуаныш райын таныта қоймайтын. Онысын Жанет тіпті көзге ілмегендей боп жүре берді. Ал кездескенде көбіне екеуі екі жаққа қарап жүретін. Олары жай, табиғи қарас болса бір сәрі-ау, қасақана, әдейі сөйтсе қайтерсің.
Дәл осындай болымсыз өкпе-наз, бір-біріне астарлы оймен көз тастау, үнсіз бұртиысу әдетіне Кишинев жастары үйір келеді. Ондай сезім шарпысулары жауыннан кейін қаптай кететін саңырауқұлақтай жоқ жерден шыға келеді де, шытырман бір оқиғаны бастан кешкендей, адамдар әуре-сарсаңға түсіп, жан азабын шегіп жатқаны. Көбіне ол өкпе-наздың аяғы еш жақсылыққа апармайды, ондайда жастар тіпті табыспақ тұрмақ таныспай жатып-ақ өз жайларына кетеді. Бірақ сол жастар арасындағы шырғалаңның жалғасып барып, үлкен оқиғаларға апарып соқтыратын кездері де болады. Сондай жай бұлардың да бастарынан өтті. Біраз уақыттан соң араларының суынып кеткеніне екеуі де өкіне бастады. Бірақ жігіт өкіне жүріп, неге екені белгісіз, қайта табысуымыздың бір ыңғайын қыздың өзі табар деп дәмеленді. Екеуінің сезімін дәнекерлеп тұрған нәзік жіпті үзген қыздың өзі еді, соны қайта жалғаушы да өзі болуы керек болды. Қалай дегенмен мұндайды көп көрген белгілі Жанет қой, бұл оған сөз емес еді. Ал жігіт бұл іске жарты жылын сарп етсе де, түк шығара алмас еді ғой. Бекер обалы не, аралары суысқалы бері бұл қызға бірталай хат жазды, бірақ сиясы кеппей жатып, жыртып тастады. Ол хаттардың арасында мәнділері де кеткен шығар. Бір хаты әлі күнге дейін көңілінен кетпейді. Осындай бір жалғызсырап жаны жапа шеккенде, сол хатты неге сақтамағанына өкінеді. Онда айтылған мөлдір, жалынды сөздер енді қайтып мұның жан-жүрегін жарып шыға ма, жоқ па? Кім білсін...
Етжеңді даяшы әйел ыстық жүгері ботқасын әкелді. Ол асқа бірден ауыз салған жоқ. Табақты жақынырақ тартып қойды да, сәл еңкейіп, жүгері ұнының бұрқыраған иісін иіскеп, өзінің балалық шағын, туған жерін есіне алды. Таяуда бір жерден «бұршақ — болгарлардың түрік езгісіне төзуіне жәрдемдесіпті» дегенді оқығаны есіне түсті. Сосын: «Егер әр халықта бір ажырамас дос-жарындай дәм болатыны рас болса — молдаванның сондай асы жүгері ботқасы ғой, — деп ойлады. — Біз өзіміздің бау-бақшамызды, жүзімдігімізді мақтап жер-көкке сыймаймыз, жерімізді алманың астында қалдырып, шараппен суғаруды арман етеміз, бірақ халықтың басына қиын-қыстау күн туған замандарда біздің ата-бабамыздың жанын алып қалған бір сапты аяқ шарап немесе бір жәшік алма емес, жарықтық осы жүгері ботқасы ғой».
Қазір оны Молдавияда тамақ құрлы көрмейтін болды, жеуге қорланады. Адам тойынған соң құдайын ұмытып кетеді деген осы ғой. Хория балалық шағын еске түсіріп, Буковина көрінісін көз алдына келтіру үшін жүгері ботқасының иісін құшырлана иіскеді. Қырсыққанда болымсыз ғана ботқа тез суып қалды, Буковина көрінісі ғайып болды. Оның көз алдында енді тек Кишинев университеті қыздарының ғана елесі қалды, олардың арасында әсіресе өзгеге ұқсамайтын сұлу Жанет сезімін арбай беріп еді.
Олардың арасы суынғаннан кейін біраз өткен соң, оның ғашықтық оты алғаш тұтанған сол университет залында жергілікті киностудия шығарған бір нашар фильм көрсетілді. Оны ешкім көргісі келмеді. Қаладағы газеттер қанша мақтаса да, халық кинотеатрларға бармай жүрген. Сосын студенттерге әкеп көрсетті. Зал үлкен, бірақ адам аз жиналды. Сондықтан көрушілерге шашырап отырыңдар десті, ондағысы проректор келіп қарай "қалса, зал толып отыр екен деген ұғым тусын дегендік еді. Экранда ісі де, сөзі де жасанды адамдар туралы өмірге жанасымсыз бірдеңелер көрсетіліп жатты. Хория тыжырынып отырған, өйткені мынау фильм оның ұлттық ар-намысын аяққа басқандай болды. Ол әр фильм бүкіл дүние жүзіне тарайды деп ұғынатын, сондықтан ертең-бүрсігүні әлем халқы іс-әрекетінің бәрі жасанды бейшара молдавандарды көретін болды-ау деп күйінді. Ол осындай фильмдердің зияны туралы іштей әлдекіммен таласа бастап еді, дәл сол мезетте қасындағы бос орындыққа біреу келіп отырды. Оның кім екенін қарап көрмей жатып-ақ денесі дір ете қалды. Уылжыған алхорының жұпар иісі аңқып кетті, бұл қайта табысудың нышаны еді. Содан кейін-ақ жергілікті киностудияның нашар дүниесі оған ұнай да бастады.
Жанет өзінің әдемі басын мұның иығына қойды. Әлдебір қуаныш кернеп, жігіттің жан дүниесі алай-дүлей болды.
— Тыңдашы...
Құдды бір екеуі кішкентайынан бірге өсіп, бірге оқығандай-ақ Жанет мұны өзімсініп еркін сөйледі, ал шынында бұлар бір-бірін жастайынан білмейтін еді. Мүмкін қателесетін шығар. Бәлки ержүрек буковиналықтар ертеде Каприян тауында қоңыраушы болып қызмет еткен болар. Даңғыраны орнатқан да солар болмасын? Әлде Жанеттің ата-бабасы бағзы бір заманда емен бөшке алу үшін Буковинаға барып, Хория бабаларымен тамыр-таныс болған шығар. Ендеше ежелден бергі таныстар бір-бірін несіне жатырқайды. Қалай болғанда да ол қыздың сыбырлағаның ұйып тыңдай берді. Жігіт күн көзімен құлпырған алхоры бағының ішінде отырғандай халде еді, ал Жанет әлденелерді жайлап сыбырлап айтып жатты. Кенет залдағылар ду күлді. Күлетіндей не боп қалды екен деп қыз экранға назар аударды.
— Келесі жексенбіде қолың бос па?
— Жайша ма?
— Каприянға барып қайтайық.
— Қайда? Қайда?
Залдағылар тағы күлген соң, Жанет экранға қайта қарады.
— Келесі жексенбіде біздің елде мейрам болады. Барайық, жаңғақ пен жүзім шырынына тойып қайтамыз.
— Ашығаны табыла ма?
— Табамыз.
— Ойын-сауық бола ма?
— Ойын-сауықсыз мейрам болушы ма еді?
Молдавия деревняларында қоңыр күзде мұндай мейрамдарды өткізу дәстүрге айналған. Әр деревняның мейрамы әр жексенбіде өткізіледі. Өйткені әуелде бұл жергілікті шіркеулердің төл мейрамы болған, ал шіркеулер әр түрлі әулиелердің құзырына арналып шығарылған ғой. Уақыт өте келе мейрамның діни мәні жойылды. Енді мұндай мейрамдар жаңа дәстүр, жаңа мәнге ие бола бастады. Ең бастысы оның күзгі жиын-терін аяқталғаннан кейін және де әр жексенбіде өткізілетіндігі еді. Мұндайда көрші деревнялардың халқы бір-бірінің мейрамына барып қуаныш бөлісетін.
Күзде студенттердің қай-қайсысы да сондай мейрамдарды тамашалау үшін екі-үш күнге үйлеріне кетіп қалатын. Әдетте әлді-ауқаттылар достарын қонақ ететін. Бірақ жігіт жігітті, қыз қызды шақырушы еді. Тек үйлену мәселесі шешілген жағдайда ғана қыз бен жігіт бір-бірін қонаққа ертіп баратын. Ал мынау болса танысып үлгермей жатып-ақ... Тегінде бұл Жанеттен мұндай қылықтан басқа не күтерсің?
— Онда таяққа жығылып жүрмеймін бе?
Қыз сәл бөгеліп қалды, өйткені экрандағылар сүйісіп, сүйісіп емес-ау, мал құсап бірін-бірі емініп өліп қапты, тіпті қарауға көз ұяларлық. Шамасы фильмнің режиссері осылай сүйісуді өзінше тапқырлық деп есептесе керек. Бұл көрініс адамның діңкесін құртып, экраннан кетпей қойды. Жанет шыдай алмай көзін тайдырып әкетті. Сосын бір минуттай үнсіз отырды да:
— Қорықпай-ақ қой, біздің жігіттер сенен ірі емес, — деді.
Хорияның қуанышы қойнына сыймады, бірақ әдеп үшін ұстамдылықпен жауап беру керек еді. Соның ыңғайын таба алмай отырғанда, қыз тағы да бұрымымен мұның мойнын қытықтады да:
— Сенбі күні сағат бестегі поезға кел — билетті өзім алып қоям, — деді.
IV
Кафе іші тез күңгірт тартып кетті де, даяшылар үлкен люстраны жақты. Қаланың үстін тұтасқан қап-қара бұлт басты, жаңбыр құйып кеткелі тұрғандай еді. Бірақ аздап қар жауды. Осы апрельдің ауа райы-ай, аумалы-төкпелі бірдеңе. Таңертең жып-жылы шуақты көктем, тіпті жаз шығып кеткендей еді. Енді қайтадан март болды, март та емес-ау — октябрь сияқты, алда әлі қыраулы қыс бар деп ойлады ол.
Күлегеш қыздар әлдеқашан кетіп қалған. Ол не ішіп, не жегенін де білген жоқ, әйтеуір алдындағы табағы босап қапты. Тыртиған юбка киген орта жастағы етжеңді даяшы әйел зал ішінде баяу ғана қыбырлап жүр, әлдеқалай оқыс қимылдай қалса үстіндегі тырсиып тұрған киімі қақырап сөгіліп кететін сияқты. Өзінің көңілі көтеріңкі, әлдебір сүйікті әуенін ыңылдап айтып, еркек атаулыға жанарын қадап тұр. Хорияның есеп айырыңыз деген өтінішіне «сәл сабыр етіңіз» деп қылмыңдады. Бос тұрған екі орындықты «бұл орын бос емес» дегендей үстелдің үстіне төңкеріп қойды. Сосын орайын тауып мұғалімнің қасына келіп отырды да, оның иығына төсін тірей:
— Жора, мені сонша неге қинайсың? — деп сыбырлады.
Хория езу тартты. (Бұл неткен тәлкек еді, өзінің жүрегі ауырып, валидол ішіп отырса, бұл қағынған қатындар сүйкенуін қоймайды!)
— Менің атым Жора емес, Хория.
— Ой, құдай-ай, бәрібір емес пе. Хорасы не, Жорасы не, айырмасы бір-ақ әріп. — Ол күрсініп, жігітті көзімен арбады. — Мені неге қинайсың деймін. Шыдамым бітті ғой әбден.
Бірталай уақыттан бері кіре берісте кезекте тұрған өктемдеу бір еркек жұртты киіп-жара кіріп келді де, даяшының ойынын бөлді.
— Мына орын бос па? — деп сұрады.
— Бос емес, азамат. Орындықтың жиюлы тұрғанын көрмейсіз бе?
— Басымды қатырмаңызшы. Қарай гөр, қарт адам жарты сағат кезекте тұрады, ал бұл қылмың қағып отыр.
— Сіз мені айтып тұрсыз ба? Ұят бар ма өзіңізде? Екі жыл көрмеген туған бауырыммен сөйлесейін деп...
— Паһ, бауырды тапқан екенсің!
Хория езу тартты да, үстелге күміс бір сомдық тастады. Әйел оны қалтасына салып алды да жылы пейіл білдіре:
— Бүгін келесің бе? Кел, біз сағат онда жабамыз, — деді.
— Білмеймін.
— Еркің білсін. Дегенмен кел, бүгін мен боспын.
Соңғы сөзін ол Хория портфелі мен торшасын көтеpiп, кафеден шығып бара жатқанда артынан дауыстап айтты. Даусы сыңғырлап, көзімен ішіп-жеп қала берді. Осы бір көріністі кафенің іші-сыртындағы халықтың бәрі көргендей болды Хорияға. Ол құдды бір әдепсіз іс істегендей жер болып, ұялып, осы ала-топалаң дүниеден тез құтылғысы келгендей алғашқы кезіккен троллейбусқа отыра салды. Өкінішке орай, троллейбус вокзалға қарай төмен жүрмей, Ленин проспектісінен бұрылып, жоғары тартты. Хория енді қайттім деп ойланып, артқы есіктен шығам ба, әлде алдыңғы есіктен шығам ба деп екі ұдай боп тұрғанда, троллейбус Садовая көшесіне жетіп те үлгерді. Ол түскен соң жан-жағына қарады да езу тартты: дәл қарсы алдында зират қақпасы көрініп тұр еді.
Бір кезде ол осы араға келуді ұнататын. Ол жылдары университетте оқитын село жастары үшін Садовая көшесіндегі зират басқа жерлердегідей үрейлі емес еді. Қалада бақтардың аздығынан ба, әлде барлық жоғары оқу орындарындағылардың осы араға үйірсектігінен бе, немесе зираттың өз әсемдігі, өз романтикасы бар ма, әйтеуір, студенттер бұл жерді жақсы көретін. Осы жасыл желекке оранған тып-тыныш, орыс князьдарының мәрмәрдан соғылған ескерткіштерінің арасында бір-бірімен танысып, армандарын айтатын, сабаққа дайындалатын, сүйісетін. Жастық шағы есіне түсті ме, әлде бар тірлікті қайта бастау тілегі жетектеді ме, немесе бір кезде Жанет екеуі отырған орындық баурап тартты ма, ол көшені қиып өтіп, биік қақпа арқылы кешегі бозбала кезіндегі өмірге енді. Сонадайдан көрінген бір орындық көзіне оттай басылды. Олар бұл орындықты бір жағында Бессарабия губернаторының ескерткіш тасы, екінші жағында қалың қарақат ағашы өсіп тұрғандықтан таңдап алған. Қалың ағаш пен қара мәрмәр екеуіне де ұнайтын. Өзің көзге түспейсің, өзгелерді алақандағыдай көріп отырасың. Оның үстіне таяу жерде үлкен грек жаңғақ ағашы өсіп тұрған. Ол күйеу жігіт пен қалыңдықтың ортақ атасындай еді. Қазір ол ағаш жалғызсырап тұр. Әлі жапырақ жаймаған, жұпар иісі адамды рақатқа батыратын ғажайып жапырақтарының көктеуіне әлі талай уақыт бар. Сөйтсе де ата қуаты қайтпай, сол берік қалпында тірі тұр еді. Ол тірі тұрғанда Хория да, оның өмір жолында бақыт болып жолыққан қараторы қыз да тірі болмақ.
Сол сенбі күні ол бір айлық стипендиясына сатып алған лавсан шалбарын үтіктеп, жолдас-жораларының тәуір киімдерін сұрап киіп, жүгіре басып вокзалға жеткен. Перронды үш айналды, қалтарыс-бұрыштарды тінтіп шықты, сөйтсе де Жанетті таба алмады. Поезд келіп, жұрт оған отыра бастады, қыз әлі жоқ. Сосын «ол мені сайқымазақ етейін деген екен ғой» деп ойлай бастап еді. Сол сәтте топ арасынан шашын шаштараздан әсемдетіп шыққан сылқым қыз шыға келді.
— Ал, кеттік пе?
— Егер үлгерсек.
Вагонның іші сыртына шығады. Жолаушылардың көбі — таңертең таяу маңдағы селолардан базарға келгендер. Енді олар әкелген жемістерін сатып, оны-мұны, ұсақ-түйек алып қайтып барады. Соның өзі Хорияға ұнап тұр. Жүргіншілердің сөз саптауларына, көзқарастарына, әр қимылдарына қарап отырып бұл өз жерлестерін, өз туыстарын жазбай таныды. Осы көрініс оны бір тебіреністі күйге түсіріп, әлдебір қуаныш толқынына сүңгіткендей болды. Тек Жанет көңілсіздене қалды. Кишиневтен ұзаған сайын ол ұяң, жасқаншақ бола бастады.
Колхозшылар әдейі қайтар жолға алып қалған шараптарын ішіп, бір-біріне базардағы көрген-білгендерін айтып әзілдесіп, қарқ-қарқ күлісіп келеді. Жаратылысында көңілді жұрт бір-бірлерінен өнерлерін асыра түсіп, ақыры көркемөнер театрының артистеріне айналды. Соны көріп тұрып Хория: «Құдай-ау! Осы біздің кинорежиссерлер бүкіл елді аралап, тек көздерін ғана төңкеріп бұзауша еміп сүйісуді ғана білетін қатып-семіп қалған қылықсыздар үшін қырқысып таласып жатады. Көз алдында жүрген мына тума артистерді, табиғи сюжетті неге көрмейді екен солар!»—деп ойлады.
Осы көңілді топ түгелімен Унгеныдан түсіп, қаңыраған бос вагонда екеуі ғана қалды. Аяқ асты оңаша қалу екеуін де бір түрлі ыңғайсыз жағдайға түсіргендей болды. Шынтуайтында олар бір-бірін жете білмейтін. Сондықтан да өздерінен өздері ұялып қымсына берді. Оңашаға әлі ет үйрете қойған жоқ еді, екеуін әзер дәнекерлеп тұрған нәзік жіп кез келген сәтте үзіліп кетуі мүмкін, олай болғанда екі жартыны бүтіндеу бұл дүниеде еш пенденің қолынан келмес еді.
Жанет шаршап, қажып отырғандай болып көрінеді. Соны байқаған Хория:
— Шаршасаң көз іліндіріп тынығып ал, тек әйтеуір қай станциядан түсетінімізді айтсаң болғаны, — деді.
Қыз жымиып қойды. Буковиналықтар тоқу өнеріне жетік қой, жіптерін үзбейді.
— Адастырып әкетеді деп қорқасың ба?
— Мені адастырып әкету қиын шығар, өйткені мен бұл жақтың ой-шұқырын көз жұмып таба аламын.
— Оған қайдан жетік боп жүрсің?
— Студент шақтағы білмекке құштарлық. Бірінші, екінші курстардан кейін осы жақты аралағанбыз, фольклор жинап, ақша тапқанбыз. Далада, деревняларға кіре берісте тұрған ағаш ескерткіштерді суретке түсіргенбіз. Неше алуан дүние көрдік десеңші.
— Ал біздің Каприянадағы ескерткіштерді көрген жоқсың ба?
— Неге көрмейін. Мен оларды суретке де түсіріп алғам. Қайтып оралған соң көрсетемін.
Жанет кенет басын бұрып әкетті. Оның қарақат көздерінен балаға тән әлдебір өкініш ұшқыны реніш табы байқалып қалды. Оның ұғымында өз деревнясынан әсем дүние жоқ еді, соны көрсетіп Хорияны таңырқатпақ ойы болса керек. Ал ол болса бәрін көріп, білген болып шықты... Жанет әрең дегенде көңілін басып:
— О жолы да сені мен сияқты есуас қыз шақырып па еді? — деп сұрады.
— Жоқ, онда бізді Иларие Семенович ертіп барған. Ол қоңырау қағушылардың есімдері жазылған кітапты іздеп жүрген. Өгіз терісінен жасалған сол кітапта оның бабалары бастан кешкен ең үлкен оқиға жазылыпты. Оны іздеп табуға жалғыз өзінің шамасы жетпейтіндіктен бізді ерте барған.
Қыздың жүзі қайтадан нұрлана бастады.
— Сонымен қалай, таптыңдар ма?
— Қайдағы тапқан! Ион атай мен Фрэсына әжейдің арасында үш күн сабылдық. Түк таба алмай құр қол қайттық.
Көңілі орныққан соң қыз әлдебір жұмбақты кейіппен жымиып қойды. Уақа емес, Каприяна құпиясы әлі өзіне ғана аян, жасырын қазынасындай еді, сол сырды ашуға асыққан жоқ.
Қыздың ішке бірдеңе бүгіп отырғаны жігітке ұнамады.
Сырды ашуға үміттеніп, суыртпақтап сыр тартпақ болды:
— Тегі сол кітаптың бары рас па екен?
— Әрине бар.
— Өзің оны көрдің бе?
— Мен бе? Алтыншы класта оқып жүрген кезімде ол пештің артындағы қоқыстың ішінде жататын.
— Пештің арты ыстық қой, теріден жасалған кітап қурап кетпей ме?
— Жоқ, ол талай қолдан өткен кітап, оны еш жау алмайды.
— Сосын ол кітап қайда құрыды?
Жанет жабырқаңқы, дел-сал күйде отырып, жайбарақат қана:
— Кім біліпті, — дей салды.
Ол бұл сөздерді әлдебір өкінішті үнмен айтты. Онысы Хориялар осы көне дүние жылнамасын іздеп деревняларды кезіп жүргенде жұрттан естіген лебізге ұқсас еді. Қазір де осы бір «кім біліптінің» астарында кітаптың қай жерде екенін білетіндік жатқанын сезді. Кенет оны алып-ұшпа сезім билеп кетті, тағы бір бақ сынап көргісі келді: мүмкін сол кітап өз қолына түсіп қалар?
Онда мұның даңққа бөленгені, онда диссертацияның өз-өзінен қорғалғаны!
Ол Жанеттің қасына таяп отырды. Бірақ қыз әлдеқайда қарап отыр еді. Жанеттен еш қайыр болмайтынын сезді. Сол кітап соғыстан кейін де Даңғыраның астыңғы бөлмесіндегі арнаулы үстелде жатты ғой, кез келген жүргінші, тіпті бала-шаға оны қолына алып оқып, керекті жерін көшіріп ала алатын еді-ау!
Қасында шырағдан мен ішіне дән толтырылған тостаған тұрушы еді. Әлдебір кемпір келіп шырағданды жағатын, тостағанның қасына тиын тастап, осы дүниелерді киелі санап тағзым ететін. Содан кейін ұзақ уақыт екі-үш күнге дейін ешкім келмейді. Тек жел ғана кәрі ағаштарды сықырлатып, қоңырауды баяу зыңылдатып тұратын.
Кейін бір селолық советтің қызметкері сол «жүн-жұрқаны» парақтап көргісі келді. Бірақ өзі тауға шығуға ерініп, кітапты алып кел деп адам жіберді. Шамасы, ол кітапты жиһаз ретінде үйінде алып қалса керек. Сосын ауданнан келген әлдебір қызметкер алып кетті. Сол кітап үш жыл сапар шекті. Бірде сельсоветте, бірде ауданда, бірде Кишиневте болды.
Каприяна халқы толқыды. Олар делегация құрды, шаруалар астанаға келіп, кітапты қайтып алып бұрынғы орнына қойды. Тағы да бір бастықсымақ тауға шығуға ерініп, кітапты әкел деп кісі жіберді.
Осы әуре-сарсаң бес-алты жылға созылды. Шаруалар кітаптың артынан жүгіруден ығыр болды. Бүкіл деревня халқы Каприяналықтардың ежелден бері білімді екенін белгілі бір дәрежеде дәлелдейтін осы көнетоз жазбаны қасиет тұтушы еді. Сондықтан олар оны қасында тұрған шырағданмен, ішінде дән бар тостағанымен қоса тығып тастады. Сөйтіп көненің көзіндей болған шежіре кітап сапары осылай аяқталды. Бұл кітапты мүмкін ешкім есіне де алмас па еді, кім білсін? Бірақ дәл сол жылдары бір жас тарихшы диссертациясында сол кітапқа жүгінген екен. Содан кейін-ақ тарихшыларда дегбір қалмай, Каприянаға жылда келетін болды. Олар ол кітапты жасырын түрде де, ашық жүріп те, жалғыз да, топтанып жүріп те іздеді.
Колхозшылардың жалпы жиналысында академия президентінің өзі сөйлеп, ол кітаптың ғылыми маңызын түсіндіріп берді, оны тапқан адамға орасан мол сыйлық берілетіндігін хабарлады.
Жұрт оның сөзін ұйып тыңдады, қоштап бас шұлғысты, берілетін сыйлықтың молдығына қайран қалысып, оған не сатып алуға болатынына дейін сөз етісті. Ал сол кітап қайда деп жеме-жемге келгенде сол баяғы «кім біліпті» деген белгілі жауап берілді.
— Біздің деревня ұнады ма? — деп сұрады Жанет кенеттен.
Жігіт ие дерін білмей қалды: қыз аяқ асты оның дәл жанды жеріне тиіп еді.
— Иә, ұнады.
— Жаныңызға жаққан не құдірет екенін білуге болар ма екен?
— Бір қыз мені баурап алды. Қара торының әдемісі. Әлде сегізінші, әлде тоғызыншы класта оқитын.
Жанет ойланып қалды.
— Ол кезде о қыздың сізге ұнай қоюы мүмкін емес. Өйткені шашы ұзын, ақылы қысқа кезі болатын.
— Соған қарамастан құлап түстім ғой.
— Ұнатқаныңызға болайын. Қыздың өзі келіп, мейрамға шақырғанша жер қозғалса да қозғалмастай болып отырып алғаның ба ұнатқаның!
— Мен әлдеқашан-ақ емеурін білдірер ем ғой, бірақ... қалай айтсам екен.
— Еркекше айт.
«Түу, соққан!» — деп ойлады ол іштей, сосын:
— Бақталастарым тым көп болды ғой, — деді.
— Егер сол бақталастар болмағанда, сен осы күнге дейін шалбарыңның қыртысын жаза алмай жүрер едің. Жүр енді, келесі станциядан түсеміз.
Түн жып-жылы еді, алыста қарауытып көрінген жоталарға сүттей жарық ай асылып тұр.
Олар Вережены деп аталатын аппақ әдемі станциядан түсін қалды. Бұл Одессадан Черновицыға дейінгі ұзақ жолдың бойындағы әктелген жалғыз ғана станция еді. Ол поездан түскен бетте тіпті:
— Бұл жақта сонша әк көп пе? — деп таңырқай сұрады. Қыз құпия бір сыр аңғартқандай боп:
— Бізде көп емес не бар дейсің, — деп жігіттің құлағына сыбырлады.
Хория күліп жіберді. Қыз қылығынан балаға тән алып ұшпа сотқарлық аңғарылып еді. Әрине, бұл Жанет дегеніңіз өзі бір құдірет десе де боларлықтай ғой. Бүкіл Университет пен Кишиневтің тең жартысы білетін қызығы Вереженыдай станция сөз бе! Түн ортасынан ауған осы беймезгіл шақта оларды сарғая күткен ет жақындарындай бірқауым жұрт қарсы алды. Вокзал жанындағы алаңда адамдарға лықа толған жалғыз жүк машинасынан бұларға да орын табылды. Шофер Жанетке бола бұрыс жолмен жүруге де көнді, ал Жанеттің таныстары болса жандары қалмай: «Баратын жерлерің жол айырығынан онша алыс емес, тиіп тұр», — деп елпектесті. Олар жолда бірге туып, бірге өскен жандардай бірінің құшағына бірі кіріп көңілді келе жатты. Он бес шақырымдай жер жүрген соң оларды айдаладағы бір төбенің үстінен түсіріп кетті. Сол екі ортада ай бұлт арасына жасырынып, айнала тегіс қараңғылық құшағына енді. Тек тізілген бетон бағандар ғана, бірде жүзімдіктің қия беткейлеріне сүңгіп жоқ боп кетіп, бірде терең аңғарлардан қылтия көрініп, ағараңдап тұрды.
Машина кеткеннен кейін олар жотаның үстінде ұзақ тұрып қалды. Өйткені әлгі бір қылдырықтай сезім жібі енді-енді үзіліп кетердей боп тағы да ширықты. Әйтеуір, бір жақсы жері олардың тұла бойларында бағзы бір замандағы қайсар шаруа рухы бар еді.
Денелерін таңғы салқын қамаса да олар әлденені күткендей жұп жазбай тұра берді. Егер дүниедегінің бәрі өтеді, өзгереді деген сөз рас болса, бұлардың да өмірінде өзгеше құбылыс болуы тиіс қой. Тек, әйтеуір, соны тағат сақтап күте білу керек.
Сөйтіп тұрғанда, бұлардың көзі қараңғылыққа үйренді ме, әлде таң ағарып атып қалды ма, әйтеуір, түнгі қараңғылықтан жүзіп шығып жан-жаққа тараған жүзімдіктердің қатары анық көріне бастады. Бұталардың қарауытқан жапырақтары баяу ғана сыбдырлайды. Қараңғыдағы жапырақ сыбдыры қандай сырлы, қаншалықты жанға жайлы еді десеңізші.
Таң арайы алыс жыра-жылғамен, құпиялы бұралаң соқпақтармен таяп келе жатты. Бұл құдды бір мыңдаған жылдар бойы өз қасиетін сақтап атып келген таңның бұл жолы да сол құпиялы қалпында қалуы тиіс екенін аңғартқандай. Ал қыз бен жігіт болса, жан дүниелері толқып, беймәлім болашақтың киелі үйіне кіргендей тырп етпестен қатар тұра берді.
Ата-бабаларымыздың киелі мекені, әкелеріміздің, кейінгі ұрпақтарымыздың қасиетті жері ғой бұл. Өзінің алақандай аялы отаның аяқ басқан сайын адамның жан дүниесін тебірентетін сезімді тағы қалай деп жеткізе аларсың... Тұп-тұнық таңғы салқын ауа, тыныштық, түн баласы қалғып шығатын жоталар, мұң мен қуаныш, мынау шет-шегі жоқ сұлу дүниеге тамсана табынған сезім, сол сұлулыққа табынбаққа талпынған көңіл қалауы, сосын өзіңнің сол пәк сезіміңнің рақатына батып, ұзақ өмір сүрсем деген тәтті арман— бәрі-бәрі астасып жан дүниеңді астан-кестең етеді...
Уақыт өтіп жатты, ал олар сол жотаның үстінде қыбыр етпей әлі тұр. Жан-жақтарынан алынбас қамал сияқты боп жүзімдіктер анталай бастады. Екеуі тырп етпейді — қыз қолында сумка, жігіт қарында плащ, әлдебір ғажайып жайды күткендей тұра берді. Бірақ ешқандай ғажайып оқиға болған жоқ, сөйтіп тұрғандарында күн шықты.
Жоталардың шығыс жақ адыры қызыл арай тарта бастады, сай үстінде буалдыр сағым ойнады. Кенет Жанет естілер-естілместен:
— Неге екенін қайдам, маған әйтеуір бала кезімде онебір жотаның аржағында ғажайып бір село бар, онда менің болашақ күйеуім ештеңеден алаңсыз өсіп жатқандай боп сезілетін... — деді. Сосын дауыс ырғағын өзгертіп, — Солтүстік Буковина сол жақта ма? — деп сұрады.
— Жалпы, сол жақта.
— Онда неғып состиып тұрсың... «Қайырлы таң, Женя» деп сүй мені.
Бұл сөзді айтқанда қыздың үні дірілдеп шықты. Жігіт оның батылдығы мен ашықтығына таңырқай тұрып ақырын ғана:
— Қайырлы таң, Женя, — деді де қызды құшып сүйді.
Айдалада тұрғандықтан ба, әлде мынау мөлдір таңғы шықтың бір әсері болды ма, оның сүйісінде ыңғайсыздану, бірақ өздерін қоршаған тылсым дүниедей таза мөлдірлік бар еді.
— Ал енді кеттік. Бүгін талай қуанышқа кенелеміз, бүгін бізде мейрам болады ғой. Тек әйтеуір енді қайтып әлгі өгіз терісінен жасалған жүн-жұрқаны сөз ете көрме. Ол жайында сөз қозғағандарды біздің ағайындар ұнатпайды.
— Дегенмен өздерің ол жайында сөз етпейсіңдер ме?
Қыз мұндай сұрақты күтпегендей жігітке ұзақ қарады.
Сосын ақырын ғана:
— Жоқ, сөз етпейміз, — деді.
— Ешқашанда ма?
— Әйтеуір менің көзімше ешкім ешқашан сөз еткен емес.
— Онда айтқаның болсын.
Кейін, уақыт өткен сайын ол сол жотаны, сол таңды жиі-жиі есіне алып: «Кейде бір елеусіз жайдың өзі адам өмірін күрт өзгертіп жібереді екен-ау», — деп ойға бататын...
Егер оларға жол-жөнекей бір машина кезігіп, қыздың есігінің алдына дейін апарып салса, сондағы құдіретті рақат тыныштық әлемі құпиялы күйінде қала берер ме еді, кім білсін! Екеуінің одан арғы ғұмыр жолы қай арнамен ағатынын кім білген!
Ол екеуі тек жалғыз Жанетке ғана аян соқпақпен бірде төмен құлдилап, бірде жоғары өрмелеп келе жатты. Қыз алда, жігіт артта. Хория Жанеттің көйлек ішінен тебінген сұлу балғын денесіне көз салуға именіп аяқ астындағы соқпақтан бас көтермей келеді. Ол денеге іші жұрттың у-шуына толы университеттің дәліздерінде емін-еркін ынтыға қарауға болатын. Ал мынау ешкім жоқ иен далада ондай ләззатқа батыл жетер емес.
— Сендердің мына аңғарларың адам даусына жауап қата ма, қалай?
— Бәрі емес. Сен не, жаңғырықты жақсы көресің бе?
— Ол да бір қызық қой... Бала кезде сиыр бағып жүріп жаңғырықты қызықтайтын едік.
— Мен де аңғарларды шамдандыруды ұнатам. Кел, онда сайдың ішімен жүрейік. Жол біраз бұрыс болғанмен ол жақтағы аңғардың жаңғырығы керемет.
Олар бір рақат сезімге бөленіп, жеңіл жүріп келеді. Биік жоталар таң алдында қалғып кеткен көне дәуірдің хайуанаттары сияқты, жан-жақтан анталап көріне бастады, ал мынау аңғардағы әлсіз мұнар солардың демі тәрізді еді. Жан дүниені қобалжытар осы бір рақат шақта қыз бен жігіт даусы жарысып, алысқа, батыс жақтағы бір аңғарларға сіңіп жоғалып кетіп жатты. Сосын олар соқпақ жолға түсіп тағы ілгері жүрді, тағы бір еңіс, тағы бір төскей.
— Сен шаршаған жоқсың ба? — деп сұрады қыз.
Жігіт күліп жіберді.
— Мынау ғажап сұлулықтан қалай ғана шаршарсың!..
Қыз күрсінді.
— Шаршағанда қандай! Осы шаншылған тік жоталарға күнде шығып, қайта түсіп көрші. Бұған аяқтың аяғы ғана шыдар...
— Аяқтың мықты болғанына не жетсін. Далада да, кемеде де, тіпті қалада да шаршап талмайтын аяқ керек. Жалпы жапондардың айтуына қарағанда, адам күн сайын...
Ол сөзін кілт үзді, өйткені ойламаған жерден он жақтағы жотаның үстінен Ұлы Штефанның көне, бірақ әлі де әдемі Даңғырасы бой көрсетіп еді. Жүрегі қобалжып кетті, қанша дегенмен төрт жүз жылды бастан өткерген көне көз дүние ғой бұл. Қыз бен жігіт сол қасиетті ескерткішке таяқ тастамдай ғана таяу жерде тұрған-ды. Бірақ Хория сол жотаның беткейінен деревняны көре алмады да:
— Ал, Каприяна қайда? — деп сұрады.
— Ол әне, төменде жатыр.
Екі жотаның арасында жұқалтаң ақшыл тұман қалқып тұр. Оның астыңғы жағында беткейге өрмелете салынған екі-үш үй үйірінен бөлінгендей боп оқшау көзге түсті. Сондықтан алғашында бұл арада деревня емес, екі-үш-ақ үй тұрғандай боп көрінді. «Мұндай көрініс біздің Буковинада кездесе бермейді», — деп ойлады Хория. Кенет оның жан дүниесін осынау әсемдікті тек өзіне ғана көрсетіп тұрған мынау деревняға деген ыстық сезім билеп кетті. Ол бір қолымен Жанетті ептеп қана құшағына тартты, бірақ қызға анау шеткері тұрған екі үй бұлардың ерсі қылығына айып тағатындай болып көрінді де ол жігіт құшағынан сусып шығып кетті.
Олар соңғы жотадан жүгіре басып түсті. Соқпақ жол тым бұралаң әрі тайғақ еді. Таң алдында сіркіреп жаңбыр жауған, тіпті жаңбыр да емес-ау, мейрам құрметіне жүріп өткен шаңбасар дерсің. Шеткі үйлердің тұсына жеткенде жол тау қабағымен қиялай тартылды да бұлардың бір жағында дуалдар, қақпалар, үйлер жарыса жүрді де, екінші жағында — аяқ астында шатырлар мен мұржалар қалып жатты. Бұталар кезігіп, иттер арсылдай үрді. Бұл жай деревня емес, тұтас бір жұмбақ дүниедей еді. Жаныңда одақтасың болғанмен олар сені қалай қабыл аларын кім білсін. Тіпті Жанеттің өзі де әлденеден қобалжи бастады.
Олар деревняға кіргенде кенет басында умаждалған қалпағы бар бір еңгезердей бозбала бұтаның арасынан шыға кеп:
— Хенде хох! Қолыңды көтер, — деп айқай салды.
Бұл кездесуге қуанғаннан Жанеттің жүзі жайнап сала берді.
— Симионел, көктен түстің бе, қалқам-ау?
Бала күліп жіберді де, құдды бір өзінің ойнақы мінезінен қысылғандай жөткірініп қойды. Сосын күлкісін әрең басып, монтансып тұрып:
— Әлдебір қонақтар келіп, туыстарының үйін таба алмай жүрер деп ем, сендердің алдарыңнан дәл шығыппын, — деді.
Жанет оның арқасынан қақты.
— Оны ойлағаның — жарағаның. Міне, маған да қонақ еріп келеді, ол біздің үйді білмейді, бірақ оны мен өзім ертіп апарам ғой. Сен оған өкпелемейтін шығарсың?
— Неге өкпелейін. Сен, қалай өзі... — Ол тағы да шиқылдай күлді де жөткірініп алды. — Тұрмысқа шыққан жоқсың ба?
— Жоқ әлі. Ал өзің үйлендің бе?
— Үйленгем жоқ, бірақ соған қам жасап жүрмін.
— Құдай өз теңіңе қоса көрсін.
— Сенің де бағың ашылсын.
Балаң жігіт соны айтты да, тез ғайып болды, өйткені оны тағы да күлкі қысып, булықтырып бара жатыр еді.
Бұлар әрі қарай жүріп кетті, Жанет жайлап қана Симионелдің жай-жапсарын айтып келеді. Оның шешесі бір діндәрдың жалшылығында бопты. Әлгі баланы сол жерде тауып, сол жерге тастап, өзі әлдеқайда жоқ боп кеткен. Бала өз бетімен өсіп, қожасына қызмет етеді. Кейін, қырық төртінші жылы әлгі қожайын Румынияға кетуге жиналады да, бар жиған-тергенін балаға қалдырмақ болыпты. Бірақ Симионел ештеңе де алмаған. Сол баяғы шешесі өзін тапқан лашықта тұрып келеді. Діндәрдің үйін әлдеқашан бұзып, орнына кооперация орнатқанмен, мұның лашығын қозғаған жоқ. Симионел әлі күнге дейін сол үйде тұрып, түн баласы кооперацияны күзетіп шығады. Өзі бір жақсы жігіт, бірақ жаратылысындағы бір кемшілігі — өз күлкісіне өзі булығады да жүреді. Жаратылысы сол, жеңілтек, қылжақбас.
Әйтпесе әлдеқашан үйленетін еді.
Біраз жүрген соң жол да, айнала да тегістеліп, жолдың екі жағындағы үйлер бірдей боп қатарлана бастады. Кенет бір дуалдың ішінен әйел даусы естілді:
— Женя, менің үйімді аттап өткенің ұят емес пе? Әпкең емес пе едім, мейрамға мен сенің шешеңнен кем дайындалды дейсің бе?
Деревня халқы музыка ойнай бастады, қисық көшелердің бұрыш-бұрышынан қонақтар мініп келген машиналар көрінді. Жыл бойы тағатсыздана күткен деревня өмірінің дүбірлі мейрамы басталды. Әпкесінің көңілін аулағысы келген Жанет соқпақ жолдан бұрыла беріп Хорияға:
— Ішпеуге тырыс. Мұндағы кез келген үйде шарап дегенің асып төгіліп жатыр, құйғанын іше берсең есіңді жинай алмай қаласың, — деп сыбырлады.
— Сонда қалай, түк татпауым керек пе? — деді жігіт таң қалып.
Қыз сәл үндемей қалды да, тәтесінің қорасына кіре бергенде жігітке жүзін бұрмай:
— Сенің бүгін сау болғаныңды қалаймын, күні бойы саған қарап сүйсінгім келеді, ал мас адам қай сезіміңді оятып жарытпақ, — деді.
— Сен өкінбейсің. Ішіп алғанда мен сау кезімдегіден де сүйкімді болып кетем.
— Тез құбыла қалатындарды суқаным сүймейді.
Олар табалдырықтан аттар-аттамастан-ақ от басының жарастығы, пісірілген тамақтың хош иісі бірден мұрындарына келді. Үй іші жылы, жайлы еді. Сол рақатты сезінгенде, құдай ұрып, жігіттің ұйқысы келді. Ол қыздың туыстарымен танысып, әзілдесіп көңілді отырды, шарап ішті. Бірақ сөйткенмен де оны ұйқы баса берді. Ақыры оңаша бір бөлмедегі диванның үстінен бір-ақ шықты. Жанында «мен мұндалап» жұмсақ құс жастық жатыр. Аяқ киімін шешіп жатты да үстіне ала көрпе жамылды. Көзі ілініп бара жатып, Жанеттің әпкесінің даусын естіді:
— Тиейін деп жүргенің осы ма?
Жанеттің жауабы естілмеді, сірә, ол жай бас шұлғып қана қойса керек. Сәлден кейін қыз тәтесінің:
— Бойшаң, келісті жігіт екен, біздің селодан бұған тең келер ешкім жоқ шығар, — деп үстемелете айтқан сөздері естілді.
Одан кейінгі сөздерін ести алмай ұйқтап кетті. Ол оянғанда түс боп қалған екен, музыканттар өнерге басып, аулада әлдебір жігіттер мен қыздар сықылықтайды. Ол оянған сәтте-ақ Жанет кіріп келді, әлде бұл оның аяқ дыбырынан оянған шығар. Қыз үстіне басқа көйлек киіпті, жұпар иісі аңқып тұр. Сірә, үйіне барып келген сияқты.
— Қалай, жаман түс көрген жоқсың ба?
Жігіт күлімсіреді. Жанет жан дүниені елтітердей керемет сұлу боп көрінді. Ұйқым ашылсын деп жуынды. Қыз оның киімін үтіктеп берді. Ризашылығын білдіріп жігіт оны сүймек болып еді, онысынан еш нәрсе шықпады. Бөлмеге қыздың әпкесі кірді.
— Қарашы, Женя, — деді ол таңырқап, — мына жігіт ұйқтап тұрғанша тағы біраз өскен сияқты.
— Мүмкін, — деді Женя күлімсіреп. — Адам ұйықтаған кезінде де өседі екен ғой.
— Олай болса сен оны енді ұйықтата көрме, әйтпесе кейін оған бойың жетпей жүрер.
Олар тар дәлізден өтті де бұралаң көшелермен жүріп барып үлкен көшеге шықты. Сосын Молдавияда «храм» деп аталатын атышулы сауық-сайран басталды. Оны егжей-тегжейлі сипаттауға тіл жетпейді. Әр үй мұнтаздай таза, қонақжай, әр үйде қонақтар әдемі тостарды ағыл-тегіл ақтара айтып, шарап ішіп думандатып жатыр. Ал егер әлдебір үйде қонақ жоқ бола қалса, олар жаңа ғана осы арадан тараған немесе енді-енді сау етіп кіріп келеді деп ұға бер. Мұндай думаннан қашып құтылу мүмкін емес. Өйткені сен кім болсаң да, қайдан келсең де мейрамдағы үстел басында өзіңді лайықты ұстай білуің — шарап ішіп, ән салуың керек, әйтпесе сенің де, шыққан тегіңнің де құны көк тиын. Сосын тағы көңіліңде не жүргенін сол ортада ақтарып салуға тиіссің, ал егер еш сырың жоқ болса бетіңнен жарылқасын — ештеңе бұйырмаған жаннан еш сұрау жоқ.
V
— Әй, ұзынтұра, былай тұр кәне!
Хория бұрылып қарап еді, осыны қалай құлатсақ екен дегендей боп екі жұмысшы Бессарабия генерал-губернаторының ескерткішін айнала қарап жүр екен. Түстері суық, қатулы. Әуелде ойы он саққа бөлініп тұрып, олардың бұл қылығын түсіне алмай, Хория жұмысшыларға жалтақтап қарағыштай беріп еді. Енді ғана ұғып:
— Дендерің сау ма өзі? Бұл губернатордың зираты ғой, оның үйіне ұлы адамдар да келіп тұрған, — деді.
— Бізге бәрібір, — деді ептеп ішіңкіреп, сөзшең болып алған бір жұмысшы. — Губернатор болмақ түгіл дін басының өзі болсын... Жоспар бойынша зират қиратылады. Жоба бар.
— Сөйтсе де бұл тарихи ескерткіш қой! —деді Хория алған бетінен қайтпай.
— Ол сенің туысың ба еді? — деп кекете сұрады екінші жұмысшы.
— Қайдағы туыс болсын ол маған.
— Онда несіне өңешіңді жыртып тұрсың?
Бұл мыналарға екі күндік жұмыс болар деп ойлап еді Хория, бірақ мәрмәр тастың түбіндегі орасан зор үйінді көтеріліп, ескерткіш шайқала бастағанын көріп таң қалды. Сосын ол ойламаған жерден:
— Жаңғақ ағашын да құртасыздар ма?—деп сұрады.
— Жоқ... Онымен жол салушылар әурелене берсін...
— Олардың бұған не қатысы бар?
— Бұл арамен троллейбус жүреді, сен өзің газет оқымайсың ба, немене? Костюженыға дейінгі жолды түзеп жатыр. Газет оқу керек, түрлеріңе қараса бәрің оқымысты сияқтысыңдар, ал газетті қолға да алмайсыңдар...
Хория оны-мұнысын алды да көңілі құлазып қақпаға қарай бет алды. Міне, Жанет екеуінің өмірін тоғыстырған тағы бір ыстық мекен көңілден ғайып боп артта қалып барады, ал бұл ғұмырда ол екеуінің оңаша сырласып рақат сезімге бөленіп отырған қимас жерлері тым аз еді-ау.
Ол қалай да көңілін орнықтыру үшін вокзалға дейін жаяу баруды жөн көрді. Бір кезде Ботапикадан немесе Раушан аңғарынан өтіп, зираттан вокзалға дейін апаратын жолды білуші еді. Бұл жолы ауыр —тізеден батпақ болса да сонымен жүрді. Сәл тершіп ың-дың болған басын айықтырмақ. Үнемі жүрексініп, кейін шешермін дейтін түйінді мәселені ой елегінен өткізбек болды. Раушан аңғарынан жұпар иіс аңқыды. Ненің иісі дейсіз ғой. Әрине, Раушанның хош иісі емес, оған әлі тым ертелеу болатын, алхоры да емес, ол бұл маңда өсіп көрген жоқ, ол аңқып шыққан көктем лебі еді. Аласапыран, астаң-кестең қала көктемі емес, ойға шомған тұп-тұнық дала көктемінің майда қоңыр лебі есті. Сылдырап, жол жағалап бұлақ ағып жатыр. Бір бұрылыста қағаздан жасалған кеме қайырлап қапты. Дәрмені жоқ жазғанның көрген күні осы да.
Хория оны «тұтқыннан» босатып жіберген соң, ауыр ойдан сәл де болса жеңілдеп қалды. Әлдебір балаға бұл жарқын болашақ нышанындай боп көрінер, бәлки расында солай шығар...
«Әттең сол апрельдің бас кезіндегі жаңбыр болмаса ғой, өмірде еш өкінішім болмас еді-ау...»
Тас үйдің ашық тұрған терезесінен музыка үні естілді. Радиодан халық биі «Батутуды» беріп жатыр екен. Соны естігенде оның есіне баяғы мейрамда да музыканттар дәл осы «Батутуды» ойнағаны түсті. Жалпы сондағы Каприяна музыканттары нағыз өнерпаздар еді. Олар селоның орталығынан өздері жасаған сахнада құйқылжыта әуездеткен. Жүз шамалы бишілер жұбы баяу аққан өзен иіріміндей боп, орасан үлкен шеңбер құрып шыға келгенде, халық жан-жақтан қызыға қарап еді. Сол шақта бишілердің шаңы будақтай көтеріліп бүкіл аңғар үстінде күмістей жарқырап, қалықтап тұрды. Сосын музыканттар әбден шаршап маңдай тері тамған мыс аспаптарын тізелеріне түсірген кезде, каприяндықтар бір-біріне тағзым етіп, сый-құрмет көрсете бастады. «Жүріңіз, жүріңіз, сіз біздің үйден әлі дәм татқан жоқсыз, өтініп сұраймыз, бір стақаннан артық зорламаймыз». Сөйтіп, олар он, он бес жұптан топ-топ боп кете бастады. Кенет бір бұрылыста жер астынан шыққандай көңілді біреу тап бола кетті де, бұлардың бәрін жақсы көретінін айтып, «егер біздің үйге соғып, тұрмысымды көре кетпесеңдер өзіме өзім пышақ салып өлемін» деп жабысты. Түсі игі адам соншалық өтініп тұрған соң көңілді топ бас сұғып шығуға келісті. Бірақ оның үйіне жеткізбей сымбатты бір әйел екі баласымен бірге қақпасын ашып шыға келді де қонақтарды жұп-жұбымен ұстап алып үйіне жетектей жөнелді, дастарқан басына отырғызып, бал татыған шарап құйып берді. Соның бірінде де еш тіл қатқан жоқ, шындығында ол арада сөздің не қажеті болсын.
Жанет екеуі сол жексенбіде қанша үйде сауық-сайран құрғанын дәл айта қою қиын. Тек әйтеуір, ата-анасымен танысу үшін Жанеттің үйіне барғаны есінде қалыпты. Шешесі бас ауруынан азап шегіп, қабағы ашылмайтын шүйкедей әйел де, әкесі ұзын бойлы, көп сөзге жоқ, істеген жұмысын ғана білетін әрі еркек адаммен шүйіркелесуге үнемі үйір тұратын шал екен. Олар тату-тәтті өмір сүрген, кейде тіпті Жанет олардың қызы емес, немересіндей болып көрінетін, өйткені ата-анасы тым көнекөз ескінің адамдары еді де қызы оттай жанған қазіргінің жасы болатын.
Ол қыздың үйіне екінші рет кіргенде көп жастың ортасына түсті. Жанет өз атынан ғана емес, «біз» деп сөйлеп, жұртқа ішіп-жеп отыруды өтінгенде Хория қатты қысылды. «Біз қатты өтінеміз, ішпесеңіз ренжіп қаламыз», — деп еді Жанет. Онысы екеуінің отасып, қоғамның бір ұясы болғанын аңғартқандай болды. Бұл жай Хорияның жанына жаққанымен тұла бойын бір түрлі үрей билеп отырды, өйткені мұның арты оп-оңай ойынға айналып кетуі мүмкін ғой, ал ол болса шынайы сезімін ойыншық етуді тілемейтін.
Сонан соң француз тілінің мұғалімі Харет Васильевич есінде қалыпты. Ол Жанет екеуін әлдебір топтан бөліп алып, үйіне ертіп апарған. Харет Васильевич бір кезде Парижде оқыпты. Қазір жалғыз басты боп тұрып жатса да үйінің ішін мұнтаздай таза ұстайды екен. Шағын жұмыс бөлмесі француз тіліндегі кітаптардан аяқ алып жүргісіз.
Ол Жанетті өте жақсы көруші еді. Бұл қыз оның ең таңдаулы шәкірті, мақтанышы болатын. Мұғалім Жанетке француз тілінде сөйлеп, Жанет Хорияның көңіліне келмес үшін үнемі молдаванша жауап беріп отырды. Бірақ ақыры бұл жай мұғалімнің көңіліне келді.
Кешке таман музыканттар тынығуға кеткенде, Хория бір шолақ көшеде жалғыз қалды. Ол енді не істесем екен деп ойланып тұрғанда Одессаның политехникалық институтында оқитын жергілікті бір жігіт мотоциклмен жетіп келді де, артына мінгестіріп ап, даладағы бақтар мен жүзімдіктерді көрсетуге әкетті. Задында ол екеуі таныс емес еді, бірақ біреуі ауыл адамы, екіншісі қонақ, айнала тегіс мейрам боп жатыр, сондықтан таныстықтың не қажеті бар.
Хория бақтарды да, жүзімдіктерді де таңертең көргем деп айтуға ыңғайсызданып еді, сонысы дұрыс болған екен. Өйткені қазір, түс ауған шақта сол көрген жоталар да, аңғарлар да мүлдем басқаша құлпырыпты. Жемісі жиналып алынған жүзімдіктерде таң шапағындай қызыл сары түсті жапырақтар төгіліп тұр, бақтар бірде ұзыннан ұзақ созылып, бірде көлденең көлбей тартылып көз арбайды. Терең аңғардағы тұман сейіліпті, енді алыстағыны ажыратуға болады. Тіпті бес-алты шақырым жердегі сұрғылт төбеде жайылып жүрген жалғыз-жарым қой да анық көрінеді.
Көрші деревнядағы жұрт жұмыс істеп жүр — шамасы олардың мейрамы не өтіп кеткен, не мерзімі бола қойған жоқ сияқты. Жел бірде сұп-суық ызғарымен тұла бойды тітіркентіп, бірде батып бара жатқан күннің жылуын үйіріп тұр. Мынау кең далаға шыққанда шараптан зыңылдаған бас айналып, жастық көңіл әлдеқайда алып ұшып барады. Жеңіл мотоцикл дала соқпағынан бұрылып, сартап болған жайылыммен жүріп барды да ескі тақтайдан тұрғызылған қой қорасының қасына тоқтай қалды. Бүкіл деревня халқы сауық-сайран құрып жатқанда, өзі қойдан шыға алмай қор болып тұрған жалғызілікті Каприяна қойшысы бұларды туған бауырларындай қарсы алды. Ол да мейрамға әзірленіп, қонақ келер деп күтіп отыр екен — шарабын да, жаңғағын да, жас ірімшігін де дайындап қойыпты. Оның қуанғаны сонша, бұларды көзіне жас ала тұрып шығарып салды. Содан көп уақыт өткенде Хория шалдың сол көз жасында басқадай да мән бар екенін естіп білді. Мотоциклді жігіт сол қойшының немересі екен. Ол атасының үйіне жайдан жай бара салмапты, оның әке-шешесі шалмен қырғи қабақ болғандықтан, бұл сапары татуласудың нышанындай еді.
Кешкісін жастар мәдениет үйінде сауық кешін өткізді. Түнгі сағат екіге дейін Жанеттің әсемдеп түйген шашы билеп жүрген жастарды тамсандырумен болды. Ол осындай ортаны алғаш көрген бозбалаларды түгел титықтатты. Әйелдер вальсі ойналғанда ол биге үйлену тойы ертең-бүрсігүні болайын деп тұрған атастырылулы жігіттерді ғана шақырды. Оны осы мейрамға әлдеқалай тап болған екі теңізші жігіт бірінен-бірі қағып алып, кезек-кезек биледі. Соның бәрін көріп бір бұрышта бұйығып отырған Хория: «Осы жаққа келмей-ақ қойғаным жөн болатын еді ғой», — деп ойлай бастады.
Сауық кеші аяқталуға жақын қалған еді, көңіл бұлты тұтаса түсті. Әр сәт өткен сайын Жанет жағдайды ушықтыра берді.
Жігіттер айналасына оқты көзбен қарап, бірін-бірі сыртқа шығып сөйлесуге шақырыса бастады. Әлдекімдер бірнеше рет шамды өшіріп тастап, үйдің ішін тас қараңғы етті, соның бәріне де Жанеттің көңілі басылған жоқ, оған Варфоломейдің қырғын түні, өрт, зеңбірек гүрсілі керек сияқты. Ақыры біреу сағат түнгі екіге таяғанда әлденені тарс еткізіп, шамды сөндірді. Хорияның самайын жібектей майда шаш тағы да қытықтады. Уылжыған алхорының жұпар иісі мұрнын жарды. Сосын қыз сыбырлап қана:
— Сен жалғыз өзің біздің үйді таба аласың ба? — деп сұрады.
— Қайтеді?
— Сен жалғыз өзің жүре бер, мен соңыңнан қуып жетем. Тек жолдан шығып кетіп жүрме, адасып кетесің.
Жанет, шамасы, қақпадан емес, басқа бір жерден шыққан болу керек, тіпті терезеден түсуі мүмкін. Өйткені Хория үйінің есік алдына жеткенде қыз қарсы алдынан шыға келді. Денесі қалтырап жігіттің иығына сүйене берді де, шаршаған бір мұңды үнмен:
— Әрең құтылдым, бәрі шетінен есуас екен, — деді. Қақпаны ашпас бұрын ол жігіттің жеңінен тартып қалды да, саусағын ерніне тигізді. Онысы «бұдан арғысын ешкімге сездірмейік» дегенді аңғартқандай еді. Олар жалғыз аяқ жолмен жүріп келді де табалдырыққа жетпей тоқтады. Сосын Жанет одан әрі басқа жолға түсіп баққа қарай беттеді. Ауланы бақтан бөліп тұрған тағы бір қақпа кезікті, одан әрі ағаштар, таңқурай бұталары. Содан соң ең түкпірде, жыныс арасында әлде жазғы күрке, әлде сарай, әлде жай ғана жабынды қалқа ма, бір шағын ғана баспана тұр екен. Әйтеуір не де болса есігі бар. Жанет есікті ашып еді, ол ұзақ сықырлады. Қыз әдепкіде шошынғандай болғанмен аса қорыққан жоқ, қайта сол сықырдың өзі оған жігер бітіргендей болды. Ол жігітті еліктіре ертіп қараңғы бөлмеге кірді. Жүзім салынған ыдыстар, ішіндегі езілген жеміс ашып, иісі бұрқырап шыға бастаған бөшке, бір бұрышта алхоры толтырылған екі ыдыс қараңғылықта жылтырап көрінді. Алхоры иісі басқа жемістердің иісінен ерекше аңқып тұр еді.
Қыз ақырын ғана, тіпті сыбырлап та емес, тек демімен ғана сөйлегендей боп:
— Саған бұл жер ұнай ма? — деді.
Қыздың сол лебізі жігітті қамшылап жібергендей болды. Ол да осы бір құпия тәтті сәттен айрылып қалмайын дегендей боп тым ақырын сыбырлап жауап берді.
— Жұмбақ қой.
— Бұл менің ең жақсы көретін бөлмем.
Қыз бұрышқа барып екі ірі алхорыны таңдап алды да біреуін жігітке ұсынды. Олардың қазір алхоры жейтін дәрмендері жоқ, бірақ ауыз тимеуге де болмайтын еді. Олар қолдарына бір-бір алхоры ұстап, уылжып піскен жемістің құпия тәңіріне табынғандай, бір-біріне әлдебір серт беріскендей боп тұрып қалды. Олардың жан дүниесін қоңыр күздің тыныштығы тербеді, айналада жапырағынан жұтаған бақ сыбдырлайды, күздің қара суығы осынау сырлы бөлмеде азынап тұр. Сондықтан да уылжыған алхорының түсі мен иісі бұрынғыдан да ғажайып, баянды боп көрінді.
Жанет аяқ астынан асау мінез танытты. Құшақтайын деген жігітті жолатпай қойды. Ақыры теріс айналды да әлдекімге шағынғандай боп:
— О, құдай-ай, осы алхоры түбі мені ақылымнан айырар, — деді.
Хория темекі тұтатып тұрып бір бұрышта жастық пен былғары қаптама жатқанын көзі шалып қалды — осы арада әлдебіреу ұйықтаған, әлдебіреу енді жатпақ болған сияқты. Жанеттің аяқ астынан бірдеңе шығаруға әуес екенін білетін ол:
— Біз оңаша тұрмыз ба? — деп сұрады.
Қыз әлдеқайда қарап тұрып, шаршаған бір мұңды үнмен:
— Жоқ. Біздің қасымызда алхоры толтырылған екі ыдыс жатыр, — деп жауап берді.
Жігіт осы кеште оны осымен нешінші рет құшақтап аймалағысы келді. Онсыз мейрамның, жастық шақтың жарастығы бола ма? Бұл жолы қыз, ептеп ыңғайға көнейін деді. Жігіт оны құшақтап, сүйді. Қыз оның сүйіciнe еш емеурін білдірген жоқ, тек біраз уақыт өткен соң ғана жаңа ашылған бөшкедегі шараптан ауыз тиіп көрген дәм айырушыға ұқсап:
— Жоқ! — деді.
Жігіттің тұла бойы тітіркеніп қалды.
— Не жоқ?
— Сен сүйісе де білмейсің, мүлдем білмейсің. Қазір мен саған қалай сүйісу керек екенін көрсетейін.
Жігіт қыздан биік еді, сондықтан Жанет аяғының ұшымен көтеріліп, жұмсақ алақанымен жігіттің екі иығын сипай өтіп, ақырын ғана жабыса қалды. Оның жұмсақ та нәзік қолы, төсі, беті жақындасудың тұтас бір ғаламат қимылын сездірген еді. Ол жігітті біресе наздана тілдеп, біресе кешіріп, бірде жоғалтып ап, артынан қайта табысып жатты. Ол оны жабайы аңның өз жемтігін азаптап қуғанындай ақырын ғана ұзақ қуғынға салды. Жігіт оның еркіне біржола мәңгілікке беріліп еді, бірақ оған ол да аз боп көрінді, ол енді жігіттің бүкіл жан сезімін, тыныс-демін арбай бастады. Хория оған жан дүниесімен беріліп сезім дәмін қыз ернінде қалдырды да, селт еткендей болды, өйткені бір азап бітіп, екінші азап басталған еді.
Ағыл-тегіл құйыла салған бақыт шәрбатынан есі кеткен жігіт қызды төсекке көтеріп апарып бауырына басты да ең аяулы асылына ұмсынды. Бірақ Жанет өзімен өзі боп қала берді. Бұл оның жақсы көретін спорттық жаттығуындай еді, сондықтан ол тағы бір рет ойнап ләззат алудан бас тарта қойған жоқ. Ақыры еркінен айрылып бара жатқан сәтте жігіттің құшағынан сусып шығып, есік алдында қатты ентіге тұрып:
— Әне жерде былғары қаптама мен жастық бар. Жатып ұйықта,— деді. Сосын шығып кетті. Ол бұған «жақсы жатып, жайлы тұр» деген жоқ, Кишиневке қашан, қалай қайтатындарын да айтпады, сондықтан бұл оны «таң атқанша тағы бір келер» деп ойлады.
Аяқ киімін шешіп жатып қалды, темекі тартты, деревнядағы түнгі сауық-сайран дүбірін ұзақ тыңдады, жемісі алынған бұтақтардың жел өтіндегі ызыңына құлақ түрді. Ол көз ілмей қызды күтіп жатты, ұзақ күтті. Сосын үйден шыға алмаған ғой деп ойлады. Шамасы ата-анасы бірдеңені сезген болуы керек, ал шешесінің қолына бір түссе одан босап шыға қоюы қиын.
Ол ескі төсекте жайланып, созылыңқырап жатты да қалғып кетті. Көзін ашса, қасында іш көйлегімен ғана иығына орамал жамыла салған Жанет тұр екен.
Жігіт ұшып тұрды да құшағын кең ашып, қызды бауырына тартты. Бірақ Жанет жұдырығымен жігіттің кеудесін тіреп қойып:
— Тоқтай тұршы, менің саған сұрағым бар еді... Сен не, мені сүйесің бе?
— Сүйемін.
Қыз түннің сырлы ызыңына құлақ түріп тына қалды, бәлки, әлгі бір «сүйем» деген сөзді өз жан дүниесінің қай қалтарысына тығып қойсам екен деп ойланып қалған шығар, өйткені ол өзі тым қысқа, бірақ адам өміріндегі тым мәнді сөз еді.
Сол сәтте жігіт одан:
— Ал сен маған ғұмыр бойы жаныңмен де, тәніңмен де пәк, таза боласың ба? — деп сұрады.
— Дәмесінің зорын қара! — деді қыз. Сосын сәл мұңайыңқырап отырып: — Біздің кезімізде жан-тәніммен адал болам деп кім уәде бере алады дейсің?! Бірі болмаса екіншісі бұзылады, — деді де күрсініп, езу тартты.— Мен саған біраз азап шектіремін. Өйткені мен ептеп есуастаумын.
Жігіт қатты тебіреніп кетті, ол осынау уылжыған алхоры иісіне елтіп, есінен айрыла бастап еді. Сосын ол да күлімсіреді.
— Уақа емес, бәріміз де ептеп есерсоқпыз ғой.
— Егер менің шын сырымды ұққан болсаң...
Оның жігіт төсіне тіреген қолы босап кетті, иығын жауып тұрған орамал сусып жерге түсті. Ол жігіттің құшағына жабыса еніп, әлсіз бір нәзік дауыспен:
— Үйде ешкім жоқ, бірақ мен сені үйге шақырмаймын. Іші жайсыз суық. Алхоры иісі мүлдем сезілмейді, алхорысыз махаббаттың не сәні бар... — деді.
Ол жігіт еркіне тартыншақтамай жалған сертсіз, іштей күдіктенбестен оңай берілді. Бірақ ол әлі таза қыз еді, Хория өмірінде алғаш кезіккен қыз болатын. Бұған дейін бұл жігіт әйел жыныстымен жақындасып көрген емес, тек әйтеуір «осылай болатын шығар» деп қана жобалайтын. Мүмкін әлде шаршағандық немесе мынау тосын жағдай әсер еткен шығар. Әйтеуір қалай десе де ол таң алдында қара тер боп жатты. Қасында ұйқтап жатқан Жанет баяу ғана тыныс алады. Сондай сұлу, сондай пәк жан еді. Таң алдында жігіт те ұйқтап кетті. Бірақ қыз тез оянып оны қайта тұрғызды:
— Бүгін сенің емтиханың бар емес пе?
— Бар.
— Онда тез жинал, әйтпесе поездан қалып қоясың. Мен кешкі поезбен барам.
Сосын ол үйіне жүгіріп барды да, ескі бір портфелін тауып алып, оның ішін әр түрлі тағам, бір шиша жүзім шырынын, түндегі екі алхорыны салды. Жігіттен қайтар жолға ақшасының бар-жоғын сұрап біліп алды да үстіне қолына іліккен киімдерін іле салып, жаңа түскен жас келіншектердің әдетінше бақтар мен жүзімдіктердің арасындағы соқпақ жолмен әпкесінің үйіне дейін шығарып салды. Жігіт беткейді өрлеп бара жатқанда ол жарты сағаттай шарбақ дуалдың қасында қол бұлғап тұра берді.
Таңғы тұман бүкіл деревняны да, шеткі үйлерді де, қызды да тұмшалап көрсетпей тұр еді. Тек қатардағы жотада ұлы Штефанның жұмбақ сырлы көне Даңғырасының нобайы қарауытып, асқақ көрініп тұрды.
VI
Хория Кишинев вокзалының баспалдақтарымен" көтеріліп келе жатқанда диктор, «Одесса-Черновцы поезы кешігіп келеді» деп хабарлады. Қанша кешігетінін айтқан жоқ, соның өзіне бұл әжептәуір қуанып қалды. Қазіргі адамдарды әманда арандататын асығу дегеннен ол қорқушы еді. Асығудан жұрт мардымды ештеңе тапқан емес, ал өз өмірінің ең басты дерлік мәселесін шешейін деп жүрген Хория үшін асығыс — апатпен тең болатын.
Оның үстіне ол қатты шаршап, аяғын әрең сүйреп келе жатқан. Ботаника арқылы жүру қашан да қиын еді, ал қазіргідей жердің миы шыққан лайсаң көктемде оның діңкелегені сонша, қол-аяғы шойындай зілбатпан боп кетті. Егер дәл қазір перронда Одесса-Черновцы поезы тұрған болса, мұның оған мініп кете қоюы екіталай еді. Жүргіншіге де белгілі бір дәрежеде көңіл орнықтылығы, алаңсыздық қажет. Егер олардың бірі жоқ болса, қайдан барып ұрынбақ...
Күту залында отыратын бір де бір бос орын қалмапты. Әрқашанғы асығыстық, айғай-шу, абыр-сабыр осы үй ішінде болып жатады.
Ең жаманы көгерген кенере иісі қолқаны атып тұратын. Вокзал ойпаң жерде тұрғандықтан жыл сайын ұзақ жауатын нөсер жаңбырдан соң оның ішіне су қаптап кететін. Сонда да Хория көңілсіздікке салынбады. Қайта ол вокзалдың осы қаракөлеңкелігін, тыныс тарылтар ауасын ұнатушы еді. Студенттік шақтағы қиын кездерде бір түнеп шығатын жер іздегенде осы вокзалға келіп паналайтын.
Ол осы екі қатарлы үйдің ұңғыл-шұңғылын бес саусағындай білетін. Сондықтан әскери адамдарға арналған екінші қабаттағы залдан еш қиналмай-ақ жайлы орын тауып алды.
Оны-мұнысын қойып жайланып отырғанмен жүрегі айни берді. Сосын буфетке барып минералды су алып ішті де, ауыр демалып жан-жағына қарады. Іштей өзіне-өзі: «Жетер. Оны ойлағанды қой енді, өткенді ойлай берме», — деді.
Басқалар оп-оңай есіңнен адастырып жатқанда өз-өзіңнен жынданып қайтесің. Қайта керісінше сабаңа түсіп анталаған оттың жолын бөгеу керек.
Жаңа ғана ауруханадан айығып шыққан адамның басы мең-зең боп, тынысы тарылғаны қайран қаларлық жай ғой. Егер тап қазір вокзалдың дәрігерлік бөлмесіне барып, осыдан екі ай бұрын «жедел жәрдем» шақырып мұны ауруханаға жөнелткен қызға жолықса ол тағыда «жедел жәрдем» шақырар еді-ау деп ойлады Хория. Ол жолы толық келген ақсары орыс қызы кезекші болатын. Ол мұның қан қысымын өлшеп, өкпесін, жүрек соғысын тыңдап «жедел жәрдемге» телефон соққан. Сосын:
— Сіз не, поезда келе жатып қысылып қалдыңыз ба? — деп сұраған.
— Жоқ, үйден шықпай жатып-ақ көңіл хошым бұзылған.
— Сырқаттанып жүріп, жолға неге шықтыңыз?
— Өмірде дегбіріңді алатын жайлар бола береді ғой.
— Иә, болатыны рас, — деді қыз мақұлдағандай, бірақ біраз уақыт өткен соң мұның қасында бар-жоғын елемегендей дауыстап: — Бұл молдавандар неткен қызық халық еді, өз денсаулықтарына қандай немқұрайлылықпен қарайды десеңші, — деді...
«Әттең сол апрельдің бас кезіндегі түнгі дауыл соқпағанда ғой, батырлардыкіндей денсаулықтың да, махаббаттың да, мектептің де еш қажеті болмас еді...»
Сегіз, он минуттай, шамамен мектептегі сабақ арасындағы үзілістің мерзіміндей ғана ол көзін жұмып, жанын жегідей жеген уайымын ойламай отырды да көңілі қайта бұзылды. Ақыл адамның қасиеті ғана емес, қасіреті де. Жігіт көңілінің қайта қобалжуына Кишинев вокзалының айғай-ұйғайы мен қолқаны атқан иісі түрткі болған шығар. Жамбасқа батқан қатты орындықта отыру қайбір қуаныш дейсің. Сол бір өткен студенттік шақта, осы араға көз шырымын алуға келіп жүрген кездерде дәл осынау орындықтарға жантаятын, бірақ онда оның жүрегі қабынбайтын, бар келешегі алда еді. Сондықтан да ол: «Уақа емес, қазір маған бұл қаладан жұмсақ төсеніш пен басқа жастанар құс жастық бұйырмай-ақ қойсын, уақыты келгенде бұл қала мені өз аясына алады. Кишинев қаласа да, қаламаса да оның бір ауласында менің балаларым ойнайды, оның көшелерінде әйелімнің өкшесі тық-тық басып жүреді және мыңдаған терезелер ішінен менің бөлмемнің де шамы жарқырайды», — деп ойлайтын. Сол ой оның тақылдаған қатты орындықта өткерген түндерін қысқартушы еді. Ал қазір сондағы тәтті үмітінен ұшқын да қалған жоқ, өйткені, өкінішке орай, Кишинев оған құшақ жая қоймады, оның өзін де, әйелін де, баласын да қабыл алмады. Ең болмаса бұл қала әуел баста-ақ: «Жоқ, қымбатты достым, сен екеуміз сыйыса алмаймыз, сондықтан жөнсіз үміттен өзіңді-өзің жұбатпа», —деп ашып айтқаны дұрыс еді.
Жоқ, Кишинев оған көпке дейін қайырымдылық көрсетті. Оған алаңдар мен көп қабатты үйлердің ауласы ғана емес, ескі бұралаң жолдар мен қараңғы бұрыштар да сая болды. Сондықтан кейде ол осының бәрімен мәңгілікке біте қайнасып кеткендей сезінуші еді. Тек Жанет қана, тіпті оның өзі де емес, қарақат көздері бар құбылысқа сенімсіздіктен шошына қарайтын. Бәлки ол кезде бұл жас, ақылсыз болған шығар, мүмкін еркектердің сезімталдығы әйелдерге қарағанда төмен болар, өйткені ақыл таразысына салып көрсе сол кездің өзінде-ақ ол екеуінің жарасып жараспайтынын аңғаруға болатын еді.
Сол мейрамнан кейін Каприянадан ол өзін үйленген адам санап оралды. «Дүние қадірін үйленгенде білерсің» деп жастардың құлағына құйып отыратын көптеген көнекөз қариялардың ақылы мұның есіне түсіп, бар зейінін билеп алды, сөйтіп ол некелеспей жатып-ақ от басының қамын ойлай бастаған...
Енді ол алғашқы бір ауыр сыннан өтуі керек еді. Өз өмірінің бағдарын танытар диплом қорғайтын уақыт таяп қалды. Университет негізінен село мектептеріне мұғалім даярлап шығаратын. Сондықтан қалада үй-күйі жоқ студенттердің селолық мектептердің біріне жіберілетіні күмәнсіз болатын. Ал олардың көбі мұғалім болғысы келмейтін. Хория тарихшы ғалым болуды армандап, екінші курстан бастап газеттерге шағын мақалалар жаза бастады.
Жанет болса екеуінің алғаш танысқан күнінен бері ақ қойларды баққысы жоқ екенін айтып келеді. Мұғалімдерді ол ақ қойлардың бақташысы деп атайтын. Олардың селолық мектебінде ескі тақта бар еді, оны қара түске бояп қойғанмен бояу біркелкі түспей, толқынданып, бұжыр-бұжыр боп кепкен. Олардың мұғалімдерінің жазуы маржандай тізілген әдемі болғанмен тақтаның тегіс бетіне түспегендіктен қисайып жазылатын. Сондайда осы бір бұйығы ғана кәрі әйел мыңғырған ақ қойлар отарын бағып жүргендей болып көрінуші еді. Ал ондай іс, Жанеттің пайымдауынша, әйелге қол емес.
Басында Хория құралақан емес еді. Уииверситетте әжептәуір беделі болды. Бір-екі рет тарихшы-студенттердің симпозиумына да барып қайтқан.
Университеттің ғылыми жазбаларында «Молдавия деревняларындағы ағаш мүсіндердің тұлғалары мен жасалу дәстүрлері» деген шағын еңбегі де басылды. Мақаланы аямай турап қысқартқанымен онда әйтеуір бір ой тұжырымдары қалған.
Жыл сайын зерделі студенттердің екі-үшеуі университет аспирантурасында қалдырылатын. Хория содан үміттеніп жүруші еді. Бірінші курсты бітіргеннен кейін аспирантурада қалдырамыз деп тіпті кафедра басшыларының өздері уәде бергендей болды. Кейін күдіктенушілер табылып, әлдекімдердің ықыласына іліккен басқа талаптылар шыға бастады. Қашанғы дағды сол емес пе! Оның екінші курстағы жағдайы аумалы-төкпелі еді, төртінші курстан соң ешкім оның көзінше аспирантура туралы сөз етпейтін болды. Осынау ала көңіл еткен жылдарда оның қолын досжарлық бейілмеп қысып, ұнжырғаңды түсірме деп, ақыл айтқан жалғыз ғана сол баяғы Иларие Семенович Ротару еді.
Ол тек оралымды сөйлеп, талғаммен киім киетіндіктен ғана университет қауымының ілтипатына ілігіп жүрген жоқ-тын. Жаратылысында ешқандай жасандылық жоқ, шынайы жан болатын. Ал сонау қайдағы бір қияндағы Буковинадан келген студент сол жасандылығы жоқ шынайылықтан үміттенбегенде басқа неден үміттенсін. Сондықтан да Каприянадан оралған соң Хорияның «тұрмыстық қам-қарекетімді сол кісіге қалай сездірсем екен» деп ойлана бастағанында таңданарлық ештеңе жоқ еді. Ол екі апта бойы сол ойға алған ісінің орайын таба алмай бас қатырды. Ал ол кезде Иларие Семенович ештеңеге алан болмай, университетте жайраң қағып жүре берді. Орта бойлы, дембелшең келген, әрі күшті, әрі епті ол тек деревня өміріне жаралған жандай еді. Отызға жаңа келгеніне қарамастан ол жер жыртып тұқым себудің, балық аулап, ат тағалаудың, балташы болудың, пеш қалаудың, жеміс қақтаудың бар құпиясын білетін.
Кешкі серуенге шығып қаланың орталық көшесінде маңғазданып жүргенде үстіне киетін тышқан түстес күздік пальтосын көрші әйелден сұрап алған машинамен оның өзі тігіп алыпты деген бұралқы сөз таратқан тілі уыттылар да табылды. Оның әлеуетті қолдары ептілік пен күштілікті қажет ететін жұмысқа сұранып тұратын. Сөйткенмен тағдырдың жазуы басқаша болды. Ол Москвада аспирантураны бітіріп, диссертация қорғап келгеннен кейін орта ғасырлар тарихынан сабақ бере бастады.
Бірақ ол оқытушылық қызметке де өз ұғымын ала келді. Бір кезде Кишиневтің жоғары оқу орындары кезекті қабылдауға талапты жастарды іріктеп алу үшін селоларға өз өкілдерін жіберетін. Ондай сапарға тарих факультетінен көбінесе Ротару шығып жүрді. Екі-үш аптаның ішінде-ақ ол толып жатқан орта мектептерді аралап қайтушы еді. Оның кішкене әрі дөңгелек қара көзі оқушылардың бойында бұғып жатқан қабілетті рентген сияқты тап басатын. Оларды ол өзінің түр-келбетімен, қысқа қойылған кекіл шашымен баурап алатын. Балалар оған салған жерден-ақ құлай сенетіп де кейін өкінбейтін. Айтпақшы, Хорияның өзі де университетке сол кісінің сөзіне елтіп келген еді. Ол ұшқыштар мектебіне түспек болып, медициналық комиссиядан өтіп те қойған. Бірақ дәл сол емтихан басталар кезде Ротару келді де оны оңаша алып шығып: «Өткен ғасырда Буковинада өмір сүрген ақын Холбан ата-бабаң ба, әлде жай фамилиясы ұқсас адам ба?» — деп сұрады. Хория: «Екеуі де емес», — деп жауап берді де өзінің неге олай ойлайтынын түсіндірді. Иларие Семенович оның ой тұжырымын мақұлдаған жоқ, бірақ «сенің логикаң тарихшыға тән екен» деп тарих факультетіне түсуге кеңес берді. Хория ол кезде өзінің болымсыз да болса таланты бар деп ойламайтын, сондықтан Ротарудың осы бір сөзінің өзі-ақ оған демеу болғандай. Сол үшін ғана ол оған ғұмыр бойы қарыздар боп өтерліктей еді.
Рас, кейін Хория университетке түскен соң Иларие Семенович оны ұмытып кетті де, жарты жыл бойы кездескен сайын оған «осыны қай жерде көрдім» дегендей ойлана қарап жүрді. Ротарудың бір қасиеті — студенттермен оңай жұғысып, тез тіл табысып кетуші еді. Оның табиғатына өз жерлестерінен дарыған әлдебір білгірлік сезімі студенттердің қайсысын ішке тарту, қайсысынан бойын аулақ салу керектігін, кімнен сыр бүгіп, кімге бар шынын ақтаруға болатынын сездіріп тұратын-ды.
Жарты жыл өткен соң. Ротару Хорияны есіне түсірді. Ол оны жоқ жерден тауып алды. Осынша уақыт көзге ілмей келгеніне өзін кінәлы санап, енді оның тағдырына белсене араласты. Жатақханадан орын алып берді. Хория ақшаға зәру болып қалған кезде газеттердің біреуі оған әйтеуір бір қайраткер жайлы мақала жазуды тапсыратын және де Хорияның ондай мақаланы энциклопедиядан көшіретіні де ешкімге құпия емес еді. Оқта-текте өзі академияның кітапхана қорынан алған кітаптарды бір-екі күн көз жүгіртіп шығуға беріп жүретін-ді.
Студенттердің ішін күйдіріп қасына Хорияны ертіп алған Ротару Пушкин бағында сейіл құратын. Рас, екеуінің достығы Хория ойлағандай риясыз болған жоқ. Ротару бұл студентті өзгелерде кездесе бермейтін бір ғана қасиеті үшін жақсы көруші еді — Хорияның сөзінен үнемі тың идеялар есіп тұратын. Қалай ғана қайран қалмассың — білімі де онша терең емес, тіпті оқығандарын да көңілдегідей игеріп кете қойған жоқ, соған қарамай оның санасындағы әлдебір механизм тың ойларды тоғытып шығара бастап еді. Ол тумысынан сүрлеу жолмен жүруге жаралмаған жан болатын. Сондықтан орта ғасырлық бір оқиғаны өз сөзімен баяндай отырып, кенет сол оқиғаны өзінің жеке көзқарасымен өрнектеп кететін, содан барып әлдеқайдан ерекше бір таңғажайып ойлар туындап жататын.
Иларие Семенович сол бір соны ойлардан лап етіп тұтанып, ағыл-тегіл ақтарыла жөнелуші еді. Шәкіртінің бірде-бір ойын ешқашан пайдаланбаса да, әйтеуір осы студентпен әр сұқбаттасудан марқайып, көңілі өсіп қалатын. Ондай шақта дереу докторлық диссертациясын қолға алып, оны қашан жазып біткенше отырған орнынан тұрғысы келмейтін.
Хорияның болашағы оған бесенеден белгілі еді, бірақ жігіттің күнделікті сабаққа да уақыт табуын ойлап әрі жөнсіз күдікпен күпті болмасын деп, бір орайы келгенде оған:
— Менің университеттегі беделім жұрт ойлағандай онша мықты емес, сөйткенмен талапты студентті аспирантурада қалдыру қолымнан келеді ғой деп ойлаймын. Сенің аспирантурада қалғың келеді ғой, солай ма? — деді.
— Солай.
— Олай болса іс түйіні соған келіп тірелген кезде, сен мені қиналмай-ақ тауып аларсың деп ойлаймын.
— Тауып алам.
Осы бір қысқа да нақты жауапқа Иларие Семенович ептеп ыңғайсызданып қалды. Өйткені ол өзінің туған деревнясынан мирас етіп ала келген жақсы қасиеттерінің арасында бір лайықсыз жай — сараңдық бар еді. Оқытушының қайсыбір студентке ықыласы ауғаны — белгілі дәрежеде материалдық игілік, оқытушының студентпен дос-жар болғаны — тұтас бір байлық, ал айнымастай боп уәде беру — тұп-тура қазынаның өзі екенін ол жақсы түсінетін. Сондықтан уәде бере салып, сол сәтте-ақ өкінгені оның бар құбылысынан байқалып қалды. Соны аңғарған намысқой Хория ешқашан да, ешбір жағдайда да ондай жарылқауды қажет етпеспін деп ойлады іштей. Бірақ өмірдің өз заңы бар, ол жеке бастың жай-жапсарымен санаса бермейді. Міне, ақыры ол Каприянадан қайтып оралған соң Иларие Семеновичке жалтақтап қарай беретін болды. Бірде ол онымен дәлізде кездесіп қалды, Ротару бір жаққа асығып бара жатыр еді, Хорияның кес-кестеп келе жатқанын көріп, оған «троллейбусқа дейін шығарып сал» деді. Жол-жөнекей Хория оған қысқа ғана қайырып істің мән-жайын айтып берді, тек қыз есімі мен деревня атын ғана атаған жоқ. Ротару мұндай істе қатты ізет сақтаушы еді. Ол тек:
— Мұның жай желік емес пе? — деп қана сұрады.
— Атай көрмеңіз.
— Күте тұруға болмай ма?
— Болмайды.
Неге екені белгісіз, бұл жаңалық доцентті қатты ойлантты. Шамасы, ол осы бір сүйікті шәкіртінің болашағын басқаша жорамалдап жүрсе керек, ол тіпті Хорияны Москваға аспирантураға жібермек боп жүруі де мүмкін. Әлде өзінің университеттегі жағдайы онша емес шығар, бәлки, ол өз өмірін, өзінің қалай үйленгенін ойлады ма екен? Әйтеуір қалай болғанда да үш троллейбусты өткізіп жіберіп, ойланғанмен бір байламға келе алмады.
— Бұл істің ауыр-жеңілін салмақтау үшін біраз күн ойлануым керек. Оған дейін күте аласың ба?
Хория езу тартты.
— Әрине, күтпегенде қайда барам.
— Ал онда сау бол, ештеңеге алаң болма.
Арада бір апта өткен соң ол Хорияны республикалық кітапхананың вестибюлінде кездестірді де оны өзі күнара қайыққа мінуге баратын Комсомол көліне ертіп апарды. Ол әдетте төрт кісілік үлкен қайық алып, бұлшық еттерін ширықтыру үшін екі сағаттай ескек есетін, әйтпесе түн баласы көз іле алмаймын дейтін ол. Бұл оған аса маңызды, салтанатты іс сияқты болып сезілетін, сондықтан екі сағат бойы Хория ескегімді сұрайды-ау деп мазасы кетті. Бірақ ол жайды түсінуге Хорияның ақылы жетерлік еді. Бұл жолы да ескекті әбден құмарынан шыққанша есіп рақаттанып қалған Иларие Семенович шәкіртін көлге түсе берістегі төбешіктің үстіне салынған жаздық ресторанға шақырды. Бір шыны шарап пен екі кәуеп алдырды, сол кезде бір жай есіне түсіп:
— Айтпақшы, мәдени ескерткіштерді қорғау қоғамы құрылайын деп жатыр, — деді.
— Ол баяғыда құрылған жоқ па еді?
— Жоқ, ол құрғақ сөз болатын, енді шешім қабылданды.
— Олай болса, сізді құттықтап қояйын.
— Сен мені емес, мен сені құттықтауым керек.
— Менің не қатысым бар?
— Былай ғой, штат бойынша онда үш адам істеуі керек екен. Оның бастығы жөнінде бас қатырмай-ақ қойсақ та болады. Ол туралы бізбен ешкім ақылдаспайды. Оның хатшысы бекітіліп те қойыпты. Дегенмен онда инспекторлық қызмет бар екен, егер сенің іс-тірлігің түзеліп, жұмыс істеуіңе мүмкіндік туа қалса, одан артық орынды...
— Не деп тұрсыз? Оған мені кім алады?
— Бастық алады.
— Бірақ кім бастық болатыны әлі белгісіз ғой.
— Ол орынға менің тағайындалып қалуым да мүмкін.
Хория қызарып кетті де ұстазына алғысын жаудырмақ боп ұшып тұрды, бірақ Иларие Семенович қабағын түйе қалды.
— Аптықпай тұра-тұр, оңай жатқан ештеңе жоқ. Біріншіден, ол орынға менен басқа екі адам ұсынылған. Екіншіден, орын бөлетін комиссияны көндіру керек. Біз оны іліктірген күнде милиция тағы бар. Сен болсаң қалаға тіркелмегенсің, бірақ мен бір милиция қызметкерінің баласы биыл университетке түскелі жүр деген сөз естідім, демек ол жағын да реттеуге болады. Ал енді пәтер мәселесіне келетін болсақ, одан еш үміт жоқ екенін осы бастан айтып қояйын. Менің өзім де жайсыз пәтерде тұрам, айналаның шуынан-ақ қажып біттім. Сондықтан кейін өзің өкініп жүрмесең дегенім ғой...
Бекер обалы не — ол айтқан сөзінде тұратын адам еді. Қоғамның бастығы болып бекіген соң көп ұзамай-ақ ол Хорияны инспектор етіп тағайындау жөніндегі бұйрыққа қол қойды. Қоғамның орналасуына инкубатордан (толып жатқан мекеме орналасатын екі қабатты қосалқы үйді кишиневтіктер осылай атайтын) бөлінген екі бөлмені Иларие Семенович былай бөлді: біреуіне өзі хатшысы екеуі жайғасты, дәлізге шығатын жеке есігі бар бөлмені (дәл бірінші бөлме сияқты) инспекторға берді. Инспекторға жеке бөлменің қажеті не деп қиқаңдаған хатшыға ол: «Хория отыратын жерде материалдар, әр түрлі үлгілер, іс қағаздары, кітапхана болады, қысқасын айтқанда ол бір тозақ. Ондай аласапыран жерде бастық пен хатшы қайтып отыра алмақ»,— деп жауап берді. Сөйтіп, хатшының көңілін жайландырды да, күзетшіге үш сом беріп, серіппелі матрац пен оның ағаш қорабын таптырып алды. Сөйтіп, әне-міне дегенше-ақ Хория жеке бөлмеге жайғасып алды. Қажет болғанда бұл бөлме оның баспанасы да еді.
Мемлекеттік емтихандарды тапсырғаннан кейін ол Жанетпен некелесті. Екі рет той жасады. Оның бірі Буковинада, екіншісі Каприянада өтті. Жазда Карпатқа барып, әбден діңкелегенше тау кезді, күз түскенде Кишиневке қайтып келді. Олар пәтер жалдамады, өйткені артылып жатқан ақшалары да, үйге деген аса зәруліктері де жоқ еді. Жанет жатақханада тұрып жатты, ал Хория болса сапар шегіп, ел кезіп кететін. Ол өткен жазда фотоаппарат сатып алған, Политехника институтында оқитын жерлес досынан әр алуан көне құрылыстар жобасын жасауды үйренді. Және де қалада көп тұрақтамайтын.
Өкінішке орай, ол өзінің жаза басқанын тым кеш түсінді. Өз мекемесінде сөзжұмбақ шешіп, тып-тыныш қана отырудың немесе қоғам хатшысы Балцату жолдасқа автомашина бөлшектерін тауып беріп тіл табысудың, республика астанасынан өзіне, семьясына біртіндеп жылы орын таба берудің орнына жаяу сабылып, кейде ары өткен, бері өткен машинаға жармасып ауыл-аймақты кезіп аңыз-ертегілер терді, көне дүниеден қалған қоңырауларды суретке түсіріп, нобайын сызды, бұл қоңыраулар ғасырлар бойы қалқиып кеп, енді инспектор Хория өмірден өз орнын тапқанға дейінгі бір-екі жыл шыдай тұрмай күйреп қалатындай көрінді оған.
Ол қоғам хатшысымен әуел бастан-ақ жараса алмады. Екеуінің табиғаты екі бөлек болатын. Хория сөзқұмар, әзіл-оспақшыл жан болса, үнемі түнеріп қабағы жабығыңқы жүретін аласа ойлы Балцату не ұйқысы қанбаған, не артық ұйқтап қойған кейіп танытатын. Хория алғашқы командировкадан келген бетте оның әкелген дүниелерінен көз алмай, қатарынан бірнеше күн ұзақ зерттеген ол:
— И-ә-ә... — деп көңілі толмағандай бір сыңай аңғартты.
Оның сол ықылассыз лебізі үш-ақ адамы бар кішкене мекемеде әлдебір сенімсіздік пен көңіл кірбіңін туғызды. Сондықтан да Хория әкелген дүниелерді бұрын көріп, дұрыс екен деп қойған Иларие Семенович оларды қайта шұқшия қарап шығуға мәжбүр болды. Шамасы, ол дүниеге өз хатшысының көзқарасынан басқаша қарайтын болса керек. Хория ел аралап кеткен кезде ұзақ пікір таластырып, қатты-қатты сөзге келісіп қалған сияқты. Өйткені Иларие Семенович бірте-бірте одан суына бастады, тіпті олар кездескен күннің өзінде де, бір-біріне көздерінің астымен қарайтын болды.
Ал Хория болса соры қайнап, соның бірін де аңғарған жоқ. Ол өзге дүниені ұмытып республиканың шартарабын кезумен жүрді. Жиған-тергенін толтыра салған шамаданын арқалап автобустан вокзалға, вокзалдан қайтадан автобусқа сабылумен болды. Сөйткенмен ол әр жолы келген сайын коллектив ішіндегі шиеленіс үдей түсетін. Ақыры шыдамдары таусылып, енді одан әрі бір жерде жұмыс істеу мүмкін болмай қалған кезде коғам хатшысын әлдеқайда шақыртып, әлдебір жайларды ұғындырса керек, содан соң ол «сен тимесең, мен тименге» көшті. Бір күні таңертең ол Хорияға: «Мен үшін спорт магазиніне барып кезекке тұр», — деп өтінді. Онда «Москвичке» арналған желқағар шыны түскен екен.
Хорияның қолы бос емес еді. Жұмыс бастан асып жатқанын айтты да терезенің алдына келіп, хатшының аулада тұрған машинасына көз жүгіртіп:
— Желқағар шыныны қайтесіз, анау заводтан шыққаны бүп-бүтін тұр ғой, — деді.
Балцату ештеңе деген жоқ, тек кектенгендей боп мырс етті де қойды. Онысы «енді екеуміз бітіспеске кеттік» дегенді аңғартқандай еді. Содан кейінгі жерде Хория қай жақты кезіп, қандайлық дүние әкелсе де, лайықты бағасын ала алмай, зая кеткен еңбектей, сол жиған-тергендері өзіне соққы боп тиіп жататын.
Иларие Семенович өз досын ұзақ уақыт қатты қорғады. Бірақ оның да жүйкесі жұқара бастап еді. Ақыры бастықтың өзі Хорияның жұмысына деген көзқарасын бірте-бірте өзгерте бастады. Егер Иларие Семенович шәкіртінің алғашқы сапарынан кейін қатты риза болғандықтан оны әлдебір тойға ертіп барған болса, кейін инспектордың әкелген дүниелері барған сайын құнды бола бастағанына қарамастан ол мақтау сөзге сараңдана берді. Кейде кейбір өрнектердің шынайылығына күмән келтіретінді шығарды. Содан соң барған сайын тұйықтанып, оң қабағын бермей жүрді.
Кейін тіпті Хорияның соны материалдарын қарауды қойды. Командировкаға шығу жөніндегі бұйрыққа қол қоймас бұрын: «Инспектор ол ауданға неге барады, неге басқа жаққа бармайды, онсыз да жиналған дүниелерді қоятын жер таппай жатқанда тағы да аптығып жолға шығудың не қажеті бар», — деп ұзақ дауласатын болды. Кейбір кезде өз мекемесіне бас сұқпай да қоятын. Хория жайсыздана бастады, ол өзін хатшының жұтып қоятынын сезді де әлдеқайда кеткісі келді. Бірақ қайда бармақ. Бір күні кешкі сағат сегіз шамасында, ой шырмауында отырған кезде Иларие Семенович кіріп келді. Бұрынғы әдетінше айналасына қарап алды да ойланып тұрып 28 июнь көшесімен серуендеп қайтайық деп ұсыныс жасады. Оның денесі ауырлай бастап еді, сондықтан тым ет алып кетпеу үшін күн сайын екі сағаттай жаяу жүріп қайтатын, неге екені белгісіз осы 28 июнь көшесімен бой жазуды ұнататын.
Қоңыр күздің бас кезі еді, аяқ астында жаңа түскен жапырақтардың сыбдыры естіліп, айналадан алма мен жүзімнің сөлінің иісі аңқып тұрды. Олар көше бойлап ұзақ жүрді, сосын Садовая көшесіне жеткен соң бұрылып төмен қарай бет алды. Хория осы ұзақ та үнсіз серуен кезінде Иларие Семеновичтен көп жайды аңғарды.
— Хатшы екеуің неғып келісе алмадыңдар? — деп сұрады ақыры Ротару.
— Мен кезекке тұрып, оған басы артық желқағар шыны әпергім келмеді.
— Неге?
— Дінге күпіршілік болады.
— Сонда сенің дінің не деп уағыздайды.
— Әркім кезекке өзі үшін өзі тұруы керек делінген онда.
— Нақұрыс, — деді Иларие Семенович. — Сен білетін дінді мен де білем. Бірақ мен профессор туған күнін тойлағанда қап та арқалағам, оның ас бөлмесінде отырып тауықтың жүнін де жұлғам.
— Онда біздің табиғатымыздың әр түрлі болғаны... Мен тауықтың жүнін мүлдем жұла алмаймын.
— Мәселе екеуміздің әр түрлі адам екендігімізде емес, бүгін түнде милициядан адам келіп, біздің кеңсеге біреулердің түнейтін-түнемейтінін тексеретінін маған құлаққағыс етті.
Осы бір сәтте Иларие Семенович тым мүсәпір боп көрінді. Хория кенет өз қасынан қарны тоқ, қайғысы жоқ деревня тоғышарын көргендей болды. Тек жақсы тұрмыс құрып үстіне жылтырақ кисе, күн сайын қайықпен серуендеп, тыныш қана лекциясын оқып жүре берсе болғаны — ол тоғышарға басқа дүние күл болмаса бұл болсын. Хория өз ұстазынан әлдеқайда биік тұратын жағдайға кезігем деп ешқашан ойламаған еді. Енді, міне, өзінің сол аянышты да асқақ қалпында езу тартып тұрып:
— Олай болса, амал қанша, ақ қойларды бағуға барамыз да, — деді.
Иларие Семенович мұндай күрт құбылысты күтпеген, сондықтан тұла бойы дір ете қалды.
— Қайдағы қойды айтасың?
Хория бұл сөздің мәнін ұзақ түсіндірді. Бірақ ол көңілге қонымсыз ғып айтты ма, әлде Иларие Семенович басқа бір жайды ойлап келе жатты ма? Әйтеуір үнсіз тоқтады да:
— Енді менің қолымнан бар келетіні — сенің қалаған жеріңе жолдама алып беру. Сен қазір ол жерді атай аласың ба? — деп сыбырлады.
— Ертең айтсам кеш бола ма?
— Кеш болады.
— Онда Каприянаға барсам ба деп ойлаймын.
— Жақсы. Білетін жерім ғой, жазып алмай-ақ қояйын.
Осы арадан бір көше жер жүрсе троллейбустың аялдамасы кездесетін еді және бұрын Хория оны әрдайым соған дейін шығарып салатын. Неге екені белгісіз қазір ол сол әдетті ұмытып биік қараған түбінде тұрып қоштасты. Ротару тез жүріп көшенің арғы бетіне өтіп кетті. Сол сәтте Буковинаның түлегі жетім қозыдай боп жалғызсырап, жан дүниесі құлазып жарты сағаттай уақыт шам ілінген бағанға сүйеніп тұрып қалды. Ары-бері өткен жұрт оны мас екен деп ойлады. Сосын кенет бойын жиып алды. Мекемесіне келіп, қара костюмін киді де сағат түнгі он боп қалғанына қарамай университеттің қыздар жататын жатақханасына тартты.
Сол күнгі кешті Жанет екеуі көңілді өткізді. Бар қалған ақшаларын жинап «Молдова» қонақ үйінің ресторанына барды. Бір шиша «Негру де Пуркарь» ішіп, жақсылап тамақтанды. Түнгі сағат екіге дейін билеп көңіл көтерді, сосын қалғып-мүлгіп отырған кезекші өкімге он сом ұстатып жеке бір бөлменің кілтін алды, таң атқанша екеуі де кірпік ілмей, аймаласумен болды.
Сол ынтығыстан, сол сүйісуден олардың шынайы ерлі-зайыптылық өмірі басталған еді. Жанет сырттан оқитын болды, Хория деревняға жолдама алды. Сөйтіп, екеуі бірнеше күннен соң қаладан шығып жол тартты.
VII
Вокзалдың ішінде ауа жетпей тыныс тарылып бара жатты. Шамасы, күн жауардың алдындағы қапырық сияқты. Сол сәтте ол «Апрельдің бас кезінде де осындай болады екен-ау. Апрельдің басында жаңбыр жаууы жүз жылда бір қайталанатын шығар. Әттең, сонда мезгілсіз жаңбыр жауып, күн күркіреп, таң атқанша аспанда нажағай ойнамағанда еш өкініш болмас еді-ау...» — деп ойлады.
Ол вокзалдың қатты орындығында отырып адам тағдырының қатпарларын ойша шолып шықты. Қалың ой үстінде отырып диктор хабарландыруының «...бес минуттен кейін жүреді» деген соңғы жағын ғана ұстап қалды. Жалма-жан оны-мұнысын жиып алды да, бірінші қабатқа түсті. Терезеден сыртқа қарап еді, перронда Одесса-Черновцы поезы тұр екен. Ол осы поезға мінуі керек, диктордың айтуынша поезд қазір жүруі тиіс. Ол билет алайын деп кассаға ұмтылды, бірақ онда бес-алты адам кезекте тұр екен. Сосын ол поезд жүргелі тұрғандықтан билетті кезексіз алуға болады ғой деп ойлады да кассаға бір бүйірмен жақындап кеп:
— Тезірек бір билет беріңізші, — деп өтінді.
— Қайда? — деп сұраған әйел даусы естілді терезеден.
— Нені қайда дейсіз?
— Билетті қайда алмақ едіңіз?
— Ә, сіз билетті айтасыз ба...
Кезекте тұрғандардың біреуі шыдай алмай, ыза боп кетті.
— Не деген есерсоқ өзі.
Ал шынында ол әлі өзінің қайда баратынын анық білмейтін еді. Буковинаға қайтып бара ма, әлде Вереженыдан түсіп қала ма? Ол жағын шешкен жоқ болатын. Сондықтан қалтасынан ақша іздеген боп кейін шегінді. Мырс етіп езу тартты да: «Шынында сырттан қараған жанға есерсоқ адам сияқты боп көрінетінім рас қой», — деп ойлады. Сосын көңілі құлазып, еңсесі түсті де оны-мұнысын алып перронға қарай тартты.
Емен орманының рақат бір жұпарына талай рет бөлеген, алхоры иісі аңқыған мекенге жеткізетін өзінің қимас досындай үйреншікті көлігі — Одесса-Черновцы поезы пышылдап, алыс жолға шығуға әзір тұр еді. Ал ол болса әлі еш тоқтамға келе алған жоқ. Екі ай бойы ауруханада жатқанда: «Қайда барғаным жөн?» — деп ойланумен болған, сосын тағы бір күн Кишиневта қыдырып жүріп сол оймен бас қатырды, бірақ еш байламға келе алмады. Енді міне, қолына тыңқая толтырылған портфель мен ұсақ апельсинге толы тор ұстап ерсі бір кейіпте тұр. Өңі қашып, тершіп, поезға мініп жатқан жұрттан көз алмай сүлесоқ күйде тұрып қалды. Сөйтiп тұрып ол ақыл тек мидың белгілі бір клеткаларының өзінен-өзі жұмыс істеуі ғана емес, ақыл деген мидың әрі жұмысы, әрі сол жұмыстың талдауы, әрі сол талдаудың негізінде шешім қабылдау екенін ұқты. Басқаша айтқанда, ақылды болу деген — бар жайды жақсы түсініп қою ғана емес, сонымен бірге түсіне тұрып әрекет ету екенін ұқты.
Ақылдың қасиеті жөнінде ой толғаған кезде өкпе тұсында тұрған вагонның жолсерігіне көзі түсті. Өте сымбатты, әдемі өңді әйел екен. Денесі толық, аяғының көкпеңбек күре тамырлары білеуленіп кеткен, бірақ бет пішіні ғажайып сұлу. «Қарапайым шаруа адамының бейнесін жасау үшін итальян киножұлдыздары осы кейіпке енетін шығар», — деп ойлады Хория. Сосын ол фильмді осындай көріністен сәтті бастап кетуге болар еді. деп те ойлады. Поезд тоқтап тұр, перронда портфель, апельсин ұстаған адам көрінеді, сәлден соң поезд жылжи бастайды, ал әлгі адам сол орнында қала береді. Ол сөйтіп әлгі фильмнің сюжетін ойлап тұрғанда вагондардың тіркегіштері сықырлай бастады, дөңгелектер бір орында қозғалып, құдды бір мұз үстінде жылжып бара жатқандай Хорияның екі бірдей шағын отаны орналасқан, алғашқы махаббаты оянған, қайғы-қасіреті қалған солтүстік жаққа қарай бет алды.
Кенет оның құлағына бір дауыс шалынды. Сұлу жолсерік әйел мұның тұсынан өтіп бара жатқанда өз вагонының табалдырығында тұрып, дауыстап бірдеңе дегендей болды. Хория оның кімге айқайлап бара жатқанын білмек болып жан-жағына бұрылып еді, перронда өзге ешкім қалмапты. Соған қарағанда әйел мұның өзіне айқайлаған сияқты.
— Немене?!
Ол тез есін жиып, жүгін қолына алды. Жолсерік әйел оның билетсіз адам екенін дәл аңғарған еді. Мұндай жағдай әр станцияда кездесетін-ді — поезд қозғала бастағанда жолсеріктер не кешіккен, не билет алуға үлгермеген, жолаушыларды немесе билетке ақшалары жетіңкіремей қалған студенттерді отырғызып алып кететін. Вагондар баяу жылжып өтіп жатты. Әлгі хор қызына ұқсас сұлу әйел Хориядан көз айырар емес. Оның көз құбылысынан әрі аналық қамқорлық, әрі «осы жігіт үлгере алмай ма екен» дегендей қорқыныш, әрі «қап, қолға түсейін деп тұрған тиын-тебен бұйырмайтын болды-ау» деген өкініш аңғарылғандай.
— Болсаңшы?! —деп қалды әлгі әйел дем бергендей.
Жігіт енді ойланған жоқ. Әйел тұрған вагонды қуалай жүгіріп барып, тұтқаға жармасты да қарғып шықты. Өз ептілігіне іштей қайран қалды. Сосын тамбурға кіріп әйел есігін жапқанша күтіп тұрды. Ауыр дем алады. Бір сәтте-ақ оп-оңай алқынып қалғанына қысылып теріс айналып кетті.
Жолсерік әйел сол екі ортада есікті жауып үлгерді де тұтқаны сүрткен былғаныш шүберекті бір бұрышқа тыға салып, Хорияның бар-жоғын елемегендей, оның дәл қасынан вагонға қарай өте берді.
Поезд екпін алды. Өзінің жол жүріп бара жатқанын, енді қайта түсіп қала алмайтынын сезгеннен кейін Хория оны-мұнысын көтеріп вагонға кірді де терезенің алдынан бір бос орын тауып алды. Сол жерде отырған әйелдерге өзінің жүгін қарай тұрыңыздар деп тапсырып қалтасынан шыртылдаған үш сомдықты тауып алып сұлу жолсерік әйел отырған купеге келді. Орайлы сәтті күтіп сәл тұрды да айналасында бөгде ешкім қалмаған кезде әйелге ақша ұсынды. Әйел оның үш сомдығына ұзақ үңілді, сосын жігіттің өзіне қарады, ақыры өзінің баяу шығатын әуезді үнін әндеткендей созып:
— Аз ғой, — деді.
Жігіт қысылып қалды. Ақшасын оң қолымен ұстап тұрып, сол қолымен қалталарын шарлады, ол тағы біраз ақша қосып бермек еді, бірақ қанша қосудың орайын таба алмады.
— Мен енді, білмеймін... Қанша керек еді? — деп сұрады.
— Мен ақшалап алмаймын.
— һм... Онда не қажет.
— Махаббат.
Жігіт езу тартты, әйел ренжігендей болды. Оның сұлу жүзіне қызыл таңбалар ойнап шыға келді, бұрынғыдан да нұрландырып жіберді.
— Сіз менің сөзімді теріс түсіндіңіз. Мен төсекке тартайын деп отырғам жоқ. Сіздердің осы қылықтарыңыз-ақ жалықтырып бітті. Қасымда қимас досым, туған бауырым құсап жарасып отыратын еркекпен сыр ақтарысқым келеді. Ол менің ақ-қарамды ажыратып берсе екен деймін. «Оның саған не қажеті бар?» деп сұрасаңыз, мен сізге: «Қажеті болмаса айтар ма ем» деп жауап берем. Мен қатындардың шайпау сөздерінен, өсек-аяңынан, ұрыс-керісінен әбден ығыр болдым. Еркектердің олардан ақылдырақ екенін білем ғой. Менің атам әжемнен зерделірек, ал әкем шешемнен қуырақ болатын. Ұлым да өсіп келеді, ол әлі он жасқа тола қоймаса да ертең болмаса, бүрсігүні тұрмысқа шығайын деп бойжетіп отырған қыздарымнан естілеу.
Хория тағы да езу тартып күлді. Өйткені мына әйелдің жаңағы айтқан тілегін өтеуге өзінен өткен ебедейсіз жанды таба қою қиын еді. Өз өмірін шырғалаңға салған адамның еркіне тағдыр тізгінін ұстата салу кім көрінгеннің қолынан келе бермейді. Мұның тағы да езу тартып күлгеніне әйел бұл жолы ренжіген жоқ. Қайта оның жымия күлгені оған ұнай түсті де:
— Перронда неғып әрі-сәрі боп тұрдың? — деп сұрады.
— Тамағыма кесек кептеліп қалғандай болып отырмын.
— Қысылмай айта беріңіз, сіздердің олай дейтіндеріңіз жай сөз ғой. Ойымыздағыны ашып айта алмайтын, мына біз... Неге жүдеусіз?
— Аурухананың тамағы үйдің дәміне жетуші ме еді.
— Солай екен-ау, мен әлгінде сізді ауруханадан шыққан адам шығар деген ойға да келіп қалғам...
Ол жігітті аяп кетті. Оны вагонның түкпіріне ертіп барды да алақанымен бос орынды сарт еткізіп, жұрт естісін дегендей дауыстап:
— Сіздің орныңыз осы, — деді.
Онысы кейін ол орынға ешкім таласпасын дегені еді. Келесі бір аялдамадан өткеннен кейін ол мұның қасынан өтіп бара жатып:
— Төсек-орынды Унгеныден өткен соң аласыз, — деді тағы да дауыстап.
Жігіт оның қайырымдылығына қатты риза болып:
— Рақмет, — деп алғысын айтты.
Әйел оның алғыс сөзін естімегендей әрі қарай жүре берді, бірақ Хория оның кірпіктері әлденеден дір ете түскенін байқап қалды да: «Бұған да менің сұңғақтығым ұнағаны ма?»—деп ойлады. Сосын іштей: «Құдай-ай, мұның да маған көңілі ауып жүрмесе екен, оған енді төзе алам ба. Осы хикаяның бір шегі болуы керек қой», — деп жалбарынды.
Сыртта жаңбыр сіркіреп тұр. Дала, орман, аңғарларды ылғалды сарғыш тұман тұмшалай бастады. Жігіттің қан қысымы көтеріліп, жүрегі қысыла берді, басы айналып, көзі қарауытып кетті. Терезе әйнегінен тамшы сорғалайды, дәл әлгі апрельдің онынан он біріне қараған түндегі тамшылардай. Оның жан дүниесі тағы да астан-кестең болып, жүрегі лоблыды. Мүмкін Кишинев вокзалының қапас ауасын көп жұтып қойды ма, әлде поезға қарғып мінген кезде қатты толқыды ма, немесе өткен жайлар еске түсіп, оның ауруханада жатқанда азаппен жиған бар дәрменін шарпып өтті ме? Кім білген! Осыдан бірнеше сағат қана бұрын аурухана қақпасынан көңіл күйі көтеріңкі шыққан мұғалімнің енді поезбен солтүстіктегі шағын отанына қан-сөлсіз күйде кетіп бара жатқаны — тағдырдың неткен тәлкегі еді. Оның тіпті жылағысы да кеп кетті. Ауруханадан әрең дегенде жазылып шығып, өзіңді жан азабына салған сол бастапқы жайға қайта оралу — неткен ессіздік, неткен нақұрыстық десеңші.
Солайы солай ғой. Ендеше өз болмысын, өз өмірін қалай пайымдауы керек, өз қарекетінің дұрысы мен бұрысын қайтіп анықтамақ. Өзі барып түсетін зауалды станциядан қалай ғана түршікпес. Соның бәрі де ауыр, азапты жай, солар еске түскенде өзегің өртеніп-ақ кетеді. Бірақ өзіне-өзі берік болуы керек, кібіртіктемей сол тозақтан тұп-тура басып өтуі тиіс, қысқасы ол неғұрлым батылырақ болса оның сырқат жүрегі солғұрлым тез айықпақ. Өйткені ежелгі эллиндер айтқандай, адамды өз басынан өткен бұрынғы жайларды қайта еске түсіру қабілетінен айырса өмірде не қасиет қалмақ.
VIII
Олар сол жолы да Кишиневтен осы поезбен, дәл осындай жаңбырлы, сұрықсыз, суық күні кетіп еді. Екеуі орындарында теңселіп, шамадандары мен буыншақ-түйіншектерін, бар жиған-тергендерін қарай отырып, қайдағы жоқты әңгіме еткен. Мәселен, олар жемістің түсімін сөз қылды, сол жылы шарап қышқыл бола ма, жоқ па деп өзара бал ашысты, күздік eгic жайын қозғады. Сол әңгіменің бәріне терезеден көрінген дүниелер арқау болған-ды. Олар осының бәрін тәптіштей сөз еткенмен жүректерін мысық тырнап жатқандай еді. Себебі олар өз тірліктерін әуел бастан-ақ тым-ақ жақсы жобалаған, бірақ одан ешқандай рақат тапқан жоқ қой!
Тағдырдың о да бір жәбірі еді. Өйткені алғашқы командировкадан кейін-ақ Хорияның диссертация нобайы көріне бастаған, ал Жанетті политехника институтына француз тілінен сабақ беруге шақырған, оған тіпті министрліктен де орын табылып қалған. Соның бәрі аяқасты ойран болды. Ендігі мынау бау-бақша, жүзімдіктер мен егіс жайлы айтылған сөз тек сол өкініш табын аңғартар қысыр әңгіме ғана еді.
Қас қылғандай нөсер жаңбыр басылмай қойды. Жалпы осындай жаңбырдың Хория өміріне әлдебір қатысы бар сияқты, ол оған әрдайым қырсықтың нышанындай боп көрінетін. Сол жолы да күн ашылмай қойған, түн ортасында екеуі Вережены станциясынан түскен кезде де жаңбыр құйып тұрған-ды. Жанеттің әкесі арбамен келіпті, өйткені жол лайсаң батпақ болғандықтан машинамен жүру мүмкін емес еді. Олар су сабанның үстінде жыртық брезентке бүркеніп, жол жүріп келе жатты. Таң атқанша ұзақ жүрді. Әбден титықтаған аттар деревняға арбаны әрең сүйреп жеткен еді. Беткейдегі үйлердің дымқыл шатырынан баяу қалықтап түтін шығып жатыр, жұрттың бәрі жылы үйлерінен шыққылары жоқ. Жүргіншілер өтіп бара жатқанда терезелерде ақырын желбіреп тұрған перделерді ғана көрді. Ақыры олар өз аулаларына да келіп кірді. Ғұмыры басының сақинасы ұстап жүретін қабағы жабық қайын енесі қарсы алды. Жып-жылы үй ішінде жаңа піскен нан иісі шығады. Олар жайғасып отырған соң әйгілі тауық сорпасы — замэ де гэннэ алға тартылды. Мұндай дәмді асты олар көптен бері ішкен жоқ еді. Дастарқан жиналған соң ұйқы қысқан жолаушылар қисая-қисая кетісті. Әбден жолсоқты болып шаршағандықтан олар кешке дейін ұйықтады. Егер француз тілінің мұғалімі Харет Васильевичтің гүрілдеген жуан даусы шықпағанда олар таң атқанша бас көтермей ұйықтай беретін еді.
— Мен ол екеуін қонаққа шақыра келдім, — деді ол Жанеттің әкесіне есік алдында аяғын сүртіп жатып.
Олар мұғалімнің үйінде түн ортасына дейін отырды. Әдетте қабақ ашпай маңғазданып, өзін-өзі жоғары ұстайтын Харет Васильевич күрт өзгеріп, ақжарқын, сезімтал күйге енді. Жас жұбайлардың қандайлық қиын жағдайға тап болғанын жақсы түсініп, асқан бір шынайы сыпайылықпен көмектесуге жан салғаны сонша, мына екеуі тіпті өздерінен өздері ұялып қысылып қалды. Сол кеште қозғаған әңгіменің барысы, қайғырмаңдар, еңселерің түспесін дегендей еді. Оның басты мақсаты — интеллигенттің, нағыз интеллигенттің деревняда да өмір сүре алатындығын және ой дүниесі, идея дүниесі ешбір тоқырамайтынын өмір тәжірибесі арқылы дәлелдеу еді. Жанет өзінің ең сүйікті шәкірті екенін және сондай жақсы көретін ізбасарымен қатар өмір сүруден артық ұстаз үшін бақыт болмайтынын емеурінмен сездіруге тырысты. Ең ақыры ол өзі осындағы мектепте оқу ісінің меңгерушісі болып тұрғанда бұл екеуінің бар мұқтажын орындайтындығын, қанша сағат сабақ бергілері келсе де, мүмкіндік туғызатынын, коллектив арасында беделсіз болмайтынын айтқысы келді.
— Тек құдай үшін, — деп жалбарынды ол, — әйтеуір өз беттеріңмен директорға бара көрмеңдер, келмей жатып, біздің шаруамызға бас сұқпаңдар. Маған бір-екі күн мұрсат берсеңдер болды, бәрін өзім реттеймін.
Олар екі құмыра шарап ішіп, үй иесінің өзі пісірген дәмі ауыздан кетпес үйме табақ сармале (капуста жапырағына оралған ет) жеді. Сөйтіп жарық дүниедегінің бәріне риза болысып үйлеріне қайтпақ болды. Олар кетіп бара жатыр еді, тіпті есік алдына барып та қалған. Дәл сол кезде Жанет кенеттен өзін кішкентай шәкірт сезінді, сол кішкентай шәкірт ұстазына мұңын шақпақ болды. Оның даусы булығып шығып, көзінен жас мөлдіреді:
— Сізге айтуға оңай ғой, Харет Васильевич. Сіз осы деревня мен Парижден басқа жерді көрген жоқсыз, ал біз Кишиневте қанша жыл тұрдық десеңізші...
— Немене? — деп гүр ете түсті Харет Васильевич.— Сен маған Кишиневтың жайын түсіндірмексің бе?
Қорланғандай өңі күреңітіп ашуланған ол жас жұбайларды дастарқанға қайта отырғызды. Тағы бір құмыра шарап пен табақ толы жеміс әкелді. Жазу столының суырмасын, кітап текшелерінің құпия қоймаларын ақтарып жүріп, сарғыш тартқан бір парақ қағаз тауып алды да бұлардың алдына әкеп қойды. Ол — Харет Васильевичті әлдебір алаңның қасындағы үйге орналастыру жөніндегі Кишинев қалалық советінің қаулысы еді. Мұғалім соны көрсетіп отырып:
— Армян көшесіндегі қырық бесінші үй, — деп қысқа қайырды.
Жанет таңқалғаннан аузын ашып қалыпты.
— Сонда қалай?.. Сіз Кишиневте тұрғансыз ба?
— Бір жылдай тұрдым. Өз бөлмем, диван, стол, екі орындығым болды. Жұмысым да жақсы еді. Тарих және тіл-әдебиет институтында кіші ғылыми қызметкер боп істедім. Молдаван тілінің қайдан шыққанына арналған ғылыми конференция ашылғанға дейін бар жағдайым жақсы болды. Екі түрлі тұжырым талқыланды.
Хория жымия күлді де:
— Сіз, шамасы, сорыңызға қарай, жаңсақ тұжырымды жақтағансыз ғой, — деді.
— Мен ешкімді жақтағам жоқ, тіпті аузымды ашпай, бір бұрышта жұрттың сөзін тыңдап, өз жайыммен отыра бердім. Үш күнге созылған конференциядан кейін мен ол арадан жын соққандай болып шықтым. Үйге келдім де пәтерімнің кілтін үй басқармасына тапсырдым. Стол, орындықтарымды аула сыпырушыға тарту еттім, сосын киім-кешегімді жинап алып жөніме кеттім. Міне, содан бергі жиырма жыл бойы бақытты өмір сүріп келемін.
— Сонда сіз мектеп программасының шытырманында адасып жүргеніңізге бақыттысыз ба? — деп сұрады Жанет.
— Мен өз жұмысыма ризамын, — деді Харет Васильевич одан әрі дауласуға жол бергісі келмегендей кесімді үнмен. — Одан мен материалдық жағынан да, моральдық тұрғыдан да қанағат табам. Бірақ мен бақытты басқа істен таптым. Ол жайды бұл деревняда әлі ешкім білмейді, сөйткенмен сендерден жасырмай-ақ қояйын. Meн көп уақыттан бері «шежірешілеріміздің еңбектеріндегі жаңа сөздер» деген кітап жазып жүрмін. Өйткені мен нағыз ғалым өз еңбегі жоспарда бекітіліп, мемлекет оған белгілі бір игіліктер босата бастағанда ғана жұмыс істеп қоймайды деп есептеймін. Ғалымдардың творчестволық еңбегі адам рухының даму қажеттілігі ретінде ғылыми атақтардың пайда болуынан көп бұрын, тіпті ақшаның шығуынан да ерте кезде бастау алған...
Жас жұбайлар түн ортасы ауғаннан соң қайтты. Олардың алдында кәресін шаммен жолға жарық түсіріп Харет Васильевич келе жатты. Жаңбыр басылыпты, бірақ аспанды әлі де тұтасқан бұлт тұмшалап тұр. Рас, кейде қараңғылық сейілгендей боп, қырқалардың жотасы көзге шалынады. Солардың бірінде әлі ешкім жарытып еш дерек жаза қоймаған жұмбақ сырлы көне Даңғыра тұр. Соған көзі түскенде Хория: «Егер жалғыз өзі тау басында төрт жүз жыл тұрған болса, Жанет екеуі аса бір шытырманға тап болмай-ақ адам өмірінің тағы бір қысқа дәуірін өткерер», — деп ойлады.
Келесі күні Хория, неге екені белгісіз, төсектен өзгеше бір көңіл күймен түрегелді. Буфетке барып темекі алам деп (темекісі шынында да таусылған еді) сыртқа шықты. Бірақ қайтып келе жатқанда мектепке соға кеткісі келді. Қайдағы қайырымды біреу жарылқайды деп қол қусырып отыра беру еркекке тіпті келіспейтін жай еді. Оның қалтасында жолдамасы бар болатын, тағдыр оны мектепте көп жыл жұмыс істеуге қосқан екен, ендеше несіне үйкүшік болмақ.
Ол есік алдында аяғын сүртіп жатқанда үлкен үзілістің аяқталғанын аңғартып қоңырау шылдырлады. Дәліздер тез босап, кластардың ішіндегі шу басыла қалды. Ол мұғалімдер бөлмесіне кіріп еді, онда ешкім жоқ екен, тек темекі түтіні ғана қалықтап тұр. Директордың кабинетінен әлдебір аяқ дыбысы естілді. Есігінде ептеп саңылау қалыпты. Хория есікті жайлап қана жартылай ашты. Оның көзіне ен алдымен түскені қымбат костюм киген адамның жалпақ жауырыны болды. Директор аузы ашық кітап шкафының алдында Хорияға сыртын беріп тұр еді. Ол жападан-жалғыз тұрып бір шыны шарапты тартып жіберді де рақаттана тамсанып, әлденемен аузының дәмін алды. Хория ыңғайсызданып қалды. Түк сезбегендей болуы керек пе? Бірақ ол осының бәрін өз көзімен көрді ғой. Ол ақырын жөткірініп, есік қақты. Директор оған сыртын беріп тұрған бойы бір сәт тына қалды. Сосын осы бөлменің иесі екенін аңғартқандай боп, аспай-саспай шкафты жапты, содан кейін ғана барып не боп қалды деген кейіппен артына бұрылып қарады.
— Рұқсат па екен?
— Ә, ескерткіштер қамқоры! Жақсы келдіңіз. Кіріңіз.
Ол екеуі бұрыннан таныс еді, бір сауық кешінде бірге болған. Директор Хорияның ойланып жатуына мұрсат бермеді. Оны өз столының жанына отырғызды да, шкафтың аузын қайта ашты. Энциклопедияның отыз сегізінші томын былай сырғытып қойып, ар жағынан бір шиша коньяк алды. Өзі мен қонақ екеуіне екі рюмка құйды. Тұздалған алмадан аса бір ептілікпен екі тілім кесіп алды. Ол дәл осындай жағдайға арнайы әзірленген дәм еді.
— Сіз тұздалған алманы жақсы көресіз бе? — деп сұрады Хория.
— Коньяктан соң бұл таптырмайтын дәм.
— Жаңа піскен алма ше?
— О не дегенің! Ол мүлдем жарамайды. Жаңа піскен алманы сәл қышқылтым тартқан кезде ғана қуырылған жаңғаққа қосып шараптан соң жеуге болады, онда да қазіргі шақта емес, күзде, ал көктемге салым... Ал сау болайық!
Хория онымен қолындағысын соғыстырды да, ішіп жіберді. Ол, әрине, мұғалімдер мен директордың арасында қақтығыс болып жүргенін және де осы екі майдан арасындағы жалғыз елші — оқу ісінің меңгерушісі Харет Васильевич екенін білетін. Ол сонымен бірге директормен қосылып коньяк ішкен соң соның жағында болатынын да білді. Неліктен ол бұған тәуекел етті? Оның директормен дос болғысы келді ме? Ол әлі таныспаған достарына опасыздық жасамақ болды ма?
«Онымен бірге ішетін себебім — ол маған ұнайды»,— деді ол ақыры өзіне-өзі.
«Сонда саған оның несі ұнайды? — деп сұрады ол тағы да өзінен-өзі. — Жаңа піскен алма мен тұздалған алма жайлы айтқан тұжырымы ма?».
«Несі бар жақсы костюм киген қол-аяғы балғадай жігіт. Коньягі жақсы, ауыз тұшытар дәм жөніндегі талғамын айтсаңшы».
Олар тағы бір-бірден қағып тастады, ауыздарының дәмін алды, сосын сигаретін шығарып, екеуі қосылып темекі тартты. Ал арада бір күн өткен соң директор Хория мен Жанетті оқушыларға таныстырды. Хория өзінің маңдайына біткен жалғыз көк костюмін, ал Жанет жаңа ғана модаға ене бастаған джерси кофтасын киіп келген. Олар балаларға ұнады, бірақ мұғалімдер оларды елемеуге тырысып бақты. Сабақтан кейін директор жаңа педагогтарды коллективке таныстырмақ боп мұғалімдер бөлмесіне келіп еді, бірақ оларды таныстыратын ешкім табылмады. Бірнеше адам шахмат тақтасының қасында үймелесіп қалыпты. Бір бұрышта әйелдер шетелдік жаңа етікті аяқтарына кезек-кезек киіп көруде.
— Мен сіздерге жаңа келген мұғалімдерді... — деді директор, бірақ оның сөзінен кейін де шахмат ойнап отырғандар мойын бұрмай ойындарын жалғастыра берді, аяқтарына етік киіп өлшегендер кезек тәртібін сақтап, одан әрі өлшеп көре берді. Ал бұлар болса үшеуі состиып, бөлменің ортасында әрі-сәрі боп тұрып қалды. Сол бір қолайсыз жайды жуып-шаймақ болған директор сыпайылықпен Жанеттің қолынан сүйді.
Жанет сол арада-ақ жылап жіберді, жол бойы, үйге жеткенше жылады. Ал үйде оларды өңі күреңітіп, қатты абыржыған Харет Васильевич күтіп отыр еді.
— Ой, ақымақтар, бүлдірдіңдер-ау! Олар сендерді түтіп жейді! Олар бес директордың басын жұтқан, ал мұғалім дегендерің бір қаққаннан қалмайды!
Хория аспай-саспай шешінді де столдың қасына барып отырды. Сол сәтте-ақ оның алдындағы столдың үстіне шарап пен дәм қойылды. Сосын ол кенет өзін үй иесі сезінді де жымиып қойды. Сол күлкінің өзімен-ақ оның «ешкімнен де, ештеңеден де қорықпаймын» дегендей.
— Төрлетіңіз, Харет Васильевич, дастарқанға келіңіз. Уақа емес, уақыты жеткенде олардың өздері-ақ бізге қол ұсынар, бірақ біз олардың қолын ала қояр ма екенбіз...
— Ешқашанда!—деп айқайлады Жанет ызаға булығып.
— Оны кейін көре жатармыз, — деді Хория сөзін екі ұшты етіп. Сол сәтте Харет Васильевич «мына жігіт бір көргендегідей анау-мынау емес екен» деп ойлады.
Олар стол басына жиналды, стакандарға ғажайып қызғылт шарап құйылды. Сосын осы бір жүзім шырыны құдіретінің өзі-ақ әңгіме арқауын өзгертуге мәжбүр етті. Бұл дүниеде Каприян орта мектебінен өзге де қызықты орта толып жатқан жоқ па!..
Содан кейін ол күнделікті тірлік қамына кірісіп кетті. Осы бір Буковина жігітінің тұла бойында тұнып жатқан күш-қуат, сүйкімділік пен әдептілік қайран қалдырарлықтай еді. Мектептегі шиеленіс пен талас-тартыс біразға дейін басылып та қалды. Ол жұрттың сөзін ұйып тыңдай да, өз айтқанын өткізе де білетін, дос-жаранды тез тауып, әйелдерге қошемет сөз де айта алатын. Еркектер бас қосып, қандайлық бір құпия әрекет жасаса да оларды қолдай білетін, қажетті жерінде жиылған ортаны ойын-сауыққа бөлейтін қалжыңбас та еді. Оқу жылының аяқ кезінде ол мұғалімдермен айрылмас дос болып алды. Бірақ оның есесіне директордың өзі оған суық қарайтын болды. Бір жолы Хория тағы да ойда жоқта директордың есігін ашып қалғанда Николай Тимофеевичтің жападан-жалғыз рюмканы төңкеріп тастағалы тұрғанын көрді. Бұл жолғы қабылдау мүлдем басқаша болды. Директор әуелі ішетінін ішіп алды, сосын тұздалған алма тілігін асықпай ұзақ шайнап жеді. Одан кейін энциклопедияның отыз сегізінші томын орнына қойды да темекі тартты. Содан соң ғана өзін-өзі зорлағандай болып: — Құлағым сізде, — деді.
Онысы тату-тәтті дәуреніміз өткен, енді арпалыс басталды дегенді аңғартқандай еді. «Олай болса шарап ішіп, қышқылтым тартқан алма жейміз де, — деп ойлады Хория. — Қалай болғанда да жұрттың бәрі коньякпен әуестене алмайды ғой».
ІХ
Әлдебіреу темір сияқты бірдеңемен тақтайды тықылдатып, мұның тап құлағының түбінен айқайлады:
— Азамат, сізге айтып тұрмын!
Хория көзін ұзақ уқалап сүртіп, бұрылып қарады.
— Не боп қалды?
— Билетіңіз.
— Қайдағы билет?
— Сіз менің басымды қатырмаңыз...
Хория қалай құтылсам екен деген оймен маужырап отырған күйі көзін жыпылықтата берді. Сол кезде оған ара түспек болып сұлу енді, толық денелі жолсерік әйел дәлізде жүгіре басып келе жатыр екен.
— Оның билеті поезд бастығында, өзі ауруханадан шығыпты, жайлы вагонға ауыссам дейді. Жаңа оны өзіңізге айтып ем ғой...
Билет тексеруші ренжи сөйледі:
— Ең болмаса жайлы орынға ауыстырғанша шыдай тұруына болатын еді ғой. Билетсіз келе жатқаны ойында жоқ — ұйқтап отыр.
— Сырқат адам деп тұрмын ғой...
Билет тексеруші жөніне кетті, Хория жолсерікке тағы да «рақметін» айтты, бірақ анау бұрылып та қараған жоқ. Бұған сол сырт беріп тұрған күйі қарамай кетті. Бүйткен күні құрсын да, әйтеуір бір қырсыққа тап болады да жүреді. Қалтасында ақшасы бола тұрып, неге билет сатып алмады, неге адам құсап жол жүрмеді? Содан кейін ол ұйықтай алмады. Жолсерік әйелді ренжітіп алдым-ау деген мазасыз ой оның көзін іліндірмеді. Сосын портфелінде жатқан ескі газетке оншақты апельсин орап алды да кезекшілер бөлмесіне қарай беттеді.
— Сіз ақылды балам бар деп едіңіз ғой.
— Иә бар. Оны қайтесіз?
— Мынаны сол балаңыз бен қыздарыңызға апарып беріңізші.
Әйел өңі нұр жайнап кетті. Мәселе апельсинде емес еді, мәселе оның бала-шағасын мына жігіттің есте сақтағанында болатын.
— Бейіліңізге рақмет.
Хория өз орнына қайтып келген соң жантаймай-ақ отырған күйі қалғып алғысы келді. Өйткені Унгены жақын қалып еді, бірақ көзі ілінбеді. Каприян мектебінің директоры көз алдына келіп, қойқаңдап жүріп алса, ұйқтап көрші. Ол су жаңа бәтеңкенің табанға батқан шегесіндей, тамаққа тұрып қалған балық қылтанағындай боп жанын жегідей жеді, оның тілін тауып жұмсарту немесе оған көңіл бөлмей қою мүмкін емес еді. Ол мейлі жақсы болсын, жаман болсын, қайырымды әлде қатыгез болсын — бәрібір, әйтеуір өзімен есептесуге, әйтеуір өзін еріксіз еске алуға мәжбүр ететін. Сондықтан да онымен осы жарық дүниеде бір өмір сүруге тура келетінін ойлау керек еді.
Директордың аты-жөні Николай Трофимович Балта болатын және өзі ерекше бір қызық адам еді. Ол іске баяу, сөзге сараң, айтқанынан қайтпайтын жан ретінде танылған-ды. Жұрт оны аудандағы таңдаулы директорлардың бірі деп есептейтін.
Николай Трофимович Балтаның бар арманы жүрген жерін тап-тұйнақтай ұстау. Ол құрылыс жұмысына қатты құмар болатын. Сондықтан да өзі директор болып тұрған мектептің айналасында тас, ағаш, жаңғақ, цемент салынған қапшықтар жататын. Осы өңірдегі құрылысшылардың бәрін танитын, кімнің қолынан не келетінін жете біліп, олармен оп-оңай табыса білетін. Құрылысшылар да ол тапсырған жұмысты ықыласпен істейтін. Тегінде оның сондай қабілетін ескергендіктен де аудан қайсыбір сегіз жылдық мектепті үлкейтіп орта мектепке айналдыру жөнінде шешім қабылдай қалғанда оған директор етіп ылғи Николай Трофимовичті тағайындайтын болса керек. «Сөз емес, меңгеріп кетеді. Қаржы бөліп ақша мол болса, қисынын тауып, құрылысты жүргізеді»,— деп есептейтін. Сонымен Балта жаңа қызметті қабақ шытпай қабыл алып, жаңа мекеніне көшіп баратын. Сосын көп ұзамай-ақ мектеп ауласына, құдды бір сиқырдың күшімен келгендей болып, тас, цемент, тақтай дегендерің үйіліп қалатын. Оның бәрін қайдан тауып ала қоятынын бір құдайдан басқа жан білмейді. Және ол өзіне қажетті, жарамды деген дүниелерді ғана алатын, жаман тақтай, жарамсыз тас, көңіл толмас жұмыстарды көргісі де, көзіне ілгісі де келмейтін.
Жасыратыны жоқ, ондай шаруа оған оңай соқпайтын еді. Ол еңбекке еттері үйреніп кеткен көп балалы колхозшылармен бірге таң қылаң бере төсектен тұратын. Оның көгілдір «Волгасы» ертеден қара кешке дейін тыным таппайтын. Шеге, ағаш желімін тауып әкеп, жүктің тиеліп, түсірілуін бақылап жүретін. Осындай аласапыран жұмысты атқара жүріп, оқушыларға коллективтендіру ісінің молдаван поэзиясында бейнеленуі туралы айтып беру үшін күніне екі сағат уақытты қайдан табатынына қайран қаласың. Рас ол өзінің тынымсыз тірлігіне ешқашан ренжімейтін. Қайта, керісінше, оған дән риза болатын, өйткені мектеп салып жүріп, ол өзіне де шағындау жап-жақсы үй тұрғызып алушы еді. Ал тағы да жаңа жұмысқа ауысқанда үйін сатып жіберіп, басқа деревнядан алған жеріне мекен-жай сала бастайтын.
Ол өзіне арналған үйлердің бәрін де бір жобамен салғызатын. Төрт бөлме, екі веранда, тас подвал және өзінің «Волгасына» арналған гараж болатын. Әйелі тіс жарып сөйлемейтін бейнетқор, дәл өзі сияқты мығым денелі, етжеңді жан еді. Үй тазалығы мен дәмді ас десе оның есі кететін. Еш жерде жұмыс істемейтіндіктен үйін мұнтаздай ғып ұстап, ертеден кешке дейін тамақ пісірудің әуресімен жүретін. Сондықтан да жергілікті бастықтар мен ауданған келетін дөкейлер «директордың үйіне қашан барсаң да не ішіп, не жеймін демейсің, дастарқаны берекелі» деп ауыздарынан тастамайтын.
Николай Трофимовичтің үй жабдықтары да бір-бірімен үндес, үйлес болатын. Мебелі бүгінгі күн талғамына сәл келіңкіремегенмен талай жылға төтеп берген мықты дүние еді. Оны өзі оқу министрлігінде инспектор болып істеп жүрген кезінде арнайы тапсырып жасаттырып алған. Содан бері қайда барса да тастамай алып жүреді. Үй иелері әсіресе өздерінің екі кісілік кең төсектерін мақтан ететін. Ол соғыстан кейінгі алғашқы жылдардағы Молдавия мебель өнерінің ғажайып дүниесіндей әсер қалдыратын. Оны олар қонақтарына ескінің киелі ескерткіші ретінде көрсететін еді. Жаңа үйге келгеннен кейін махаббатының оянатынын және көлденең кезіккен әйелге емес, өзінің заңды зайыбына деген махаббат отының қайта маздап жанатынын, ондай кезеңді өз өмірінің ең бір рақатты шағы екенін Николай Трофимович жасырмайтын.
Соның бәріне қарамай, жұрт оны ұнатпаушы еді. Мектептің мұғалімдері, оқушылары, балалардың ата-аналары — бәрі де жақтырмайтын. Ол басқарған мектепте талас-тартыс, ұрыс-керіс өмірі бір таусылмайтын дау-дамай жұрттың бәрін ығыр қылатын. Сөйтіп не бұл оларды, не олар мұны түтіп жеуге шақ қалғанда, Николай Трофимович басқа жерге ауыстырыла қоятын. Жақсылық па, әлде жамандық па, әйтеуір аудан басшылары сол қырқысуды бір пәлеге ұрындыруға жеткізбейтін. Кезекті бір сегіз жылдықты орта мектепке айналдырып, Николай Трофимовичті соған ауыстыра қоятын. Сосын аудандық мекемедегілер: «Ол неге осы еш жерге сыймайды, мұның мәнісі не?!», — деп бас қатырып жататын.
Еш ортаға сыймайтын себебі — Николай Трофимович мектептерді сүймейтін. Ол мұғалімдерді де оқушыларды да жақтырмайтын, сабақ беру дегеннің өзін жек көретін. Ештеңеге құлқы соқпайтын себебі ешқандай ештеңенің мәнін жарытып біле алмағандығынан болса керек. Оның ешқандай жүйелі білімі жоқ еді. Керек десеңіз ол өзінің білімділігімен дандайситын адамдарды иттің етінен жек көретін. Ешкім оның қашан, қандай оқу бітіргенін де білмейтін. Әйтеуір соғысқа дейін оның селолық жеті жылдық мектепті бітіргені анық еді. Оны бітірген соң педагогика техникумының сырттан оқитын бөліміне түсті. Содан соң-ақ қысқы, жазғы сессиялар әлегі, емтихандарды күнілгері немесе уақытын өткізіп барып тапсыру қиқыметі Николай Трофимовичті жүнжітіп жіберді. Ол бірде екі жылдық емтиханын жинап бір-ақ тапсыратын, енді бірде оның басқа бір техникумға ауысып кеткенін көресің, сосын оған да тұрақтамай бұрынғы оқуына қайта келіп жүретін. Ақыры ол соғыстан кейін педагогика институтының студенті болып алды, бірақ маңдайына жазып қойғандай, тағы да сырттан оқыды, өйткені жұмысбасты еді — Оқу министрлігінде инспектор боп істейтін. Басқа сөзбен айтқанда республиканы аралап, лайықты білімі жоқ болса да, мектептердегі оқыту ісін тексеріп жүрді.
Оның Кишиневтен не себепті кеткенін ешкім білмейді. Бірақ ол астанаға «Волгасымен» тыным таппай барып тұратын. Оны Кишиневте өткізіліп жататын курс, семинар, жиналыс атаулыдан қалдырмай шақырып тұрушы еді. Астанадағы тиісті уақытын өткеріп, мәжіліс, жиындарда естігендерінің бірін қалдырмай жазып алып қайтатын. Үйіне келген соң қалада түртіп алғандарын қалың кітапшаға көшірген соң ғана арқасы кеңігендей болып рақаттанғанмен көңіл-күй құбылысынан «ендігі өмірімді қаладағы бір жайлы пәтерде өткізсем-ау» дегенді аңғаруға болар еді.
Ол бас қатырып жатпай, өзінен-өзі ойдағыдай орындала салар жұмысты жақсы көретін. Сондықтан да мектептегі оқу деген оның ұғымында Оқу министрлігінің алқасы бекіткен оқулықтарды дауыстап оқып, түгін қалдырмай жаттап алу болатын. Егер мұғалім сабақ үстінде өз ойын көңілге қонымды ете түсу үшін оқулықта жоқ мысалдарға жүгінсе Николай Трофимович қатты күдіктеніп, сол келтірілген мысалдардың қай кітаптың қай тарауынан, қай бетінен алынғанын жазып беруді талап ететін. Ол тіпті егжей-тегжейлі түсінік қағаз алғаннан кейін де мұғалім мен оның сабағын тыңдаған оқушыларға деген өзінің өкініш сезімін жасыра алмайтын еді.
Сорына қарай Хория оқығаны көп адам еді, сондықтан ол өз сабағына Каприяна аймағында жоқ ауқымды деректерді арқау ететін. Директор мектеп мұғалімдерін қайран қалдырып, көпке дейін оған қыңқ деген жоқ. Жаратылысы мұндай мұғаліммен істес болып көрген жоқ болатын, сондықтан ол оның болмысын ұзақ зерттеді. Николай Трофимович екі жақ күшінің ара салмағын өте бір сезімталдықпен аңғара білуші еді. Сол сезімталдығы оған жаңа мұғалімді қалпақпен ұрып алуға болмайтындығын аңғартты.
Екі-үш жылдай ол одан бойын аулақ салып, астыртын бақылаумен жүрді. Балта оны өз үйіне ешқашан шақырмайтын, оның үйіне өзі де бас сұға қоймайтын. Тіпті олардың баласының шілдеханасына да барған жоқ. Бірақ Хория мен оның әйелі шақырылған жиындардан ешқашан қалмаушы еді. Ондайда ол дастарқан басының жарастығын келтіріп көңілді отыратын, басынан асыра ішпей, бидің рақатын көрудей-ақ көретін-ді. Ол әсіресе Жанетпен билеуді ұнатушы еді.
Сабақ үстінде барын салып, директорға өзінің білімдар мұғалім екенін көрсетіп бағатын еді, ал анау болса одан әрі ойланып, артын күтіп жүре беретін-ді. Неге екенін кім білсін? Мүмкін ол әуелі жас мұғалімді әбден шырғалаңға түсіріп алып, сосын тас төбеден ұрғандай еткісі келген шығар. Хорияның жаза басқандарын тізіп бүкіл Республика жұртшылығына масқара еткісі келіп жүруі де ықтимал ғой. Оның осы ойлағаны бола қалса, директордың мұрты майланып шығары хақ еді. «Культура газетінде Хория Холбанның «Молдавия мәдени ескерткіштері» деген кітап жазып жүргендігі жайлы хабар басылған болатын. Осындай тақырыпта кітап жазу жөнінде оған Кишиневтен әлдеқашан ұсыныс түскен еді. Ол бұл іске тым зор маңыз берді, толып жатқан деректер жинап, ұзақ-ұзақ түндер бойы ой шырғалаңына батты, себебі тарихи еңбектер кейде дұрыс, кейде бұрыс тұрғыда жазылатыны белгілі ғой.
Қалай болғанмен де Хорияның басына да ауыр күндер туды. Оның өкінішті жайлары қыстың бас кезінде, өзі жетекшілік ететін сегізінші класта, тарих сабағы болып жатқанда басталды. Декабрь айы туғанмен де ауа райы аса жайсыз болатын. Жаңбырдан көз ашылмай қойды. Таң атқаннан қас қарайғанға дейін нөсер құйып тұратын. Түні бойы да ірі-ірі тамшылар шатырлар мен терезелерді, жүргіншілердің сұлықтарын сырт-сырт ұрып, таң қылаң бере қайта құйын беретін. Жол лайсаң болғандықтан жұрт бастауыш кластарда оқитын балаларын салт атпен әкеліп жүрді. Селоны тұмау жайлады. Ол өзі адамның дене қызуы көтерілмесе де аяғын әрең алып жүретін кәдімгі азиялық тұмау еді.
Колхоздың да жағдайы қиын болатын. Қант қызылшасын түгел жинап ала алмады, оның үстіне жүз гектардай жүгері де түгелдей жиналмай қалды. Күз ылжырап созылып, ал жұмыс деген бастан асып жатты, сондықтан суыққа төзімді жүгеріні қыста жинап аламыз деп кейінге қалдыра берген. Ондағы есеп дұрыс-ақ еді, бірақ қыс түссе де жаңбыр басылмай қойды. Жүгері собығында тұрып шіріп барады, бірақ қолдан келер қайран жоқ. Ал күн болса ашылар емес, құйып тұр. Бір күн жауа ма, әлде апта, ай бойы, немесе тіпті өмір бақи қоймай жауа бере ме? Кім білсін?!
Жиырма төрт оқушы — он алты бала мен сегіз қыз — тарих сабағында қалғып-мүлгіп отырған. Олар кеше де, бұрнағы күні де дәл осындай бей-жай күйде еді, ертең де сөйтеді. Біреулері тұмаудан жаңа ғана айыққан, басқаларын тұмау енді-енді айналдыра бастаған. Шаршап, өңдері қашқан, өйткені олар күзде біресе мектеп болып колхозға көмектесіп, біресе үйдегі ата-аналарына қолқабыс қып, жұмыс ауыртпалығын көтереді. Сабаққа да онша зейін қоймай тымырайып отыратын. Оң мен солын әлі ажырата қоймаған жеткіншек жастар еді. Далада шіріп жатқан жүгері әлі де олардың ойын алаң ететін, ал мұғалім болса оларға қайдағы бір Француз революциясы туралы әлденелерді айтады. Хорияның өз үй іші де тегіс тұмауратқаннан ба, әлде мектеп ішін кезген сыздың салқынынан ба, немесе мынау қат-қабат келген жаңбыр мен тұмау, шіріп жатқан жүз гектар жүгері мезі етті ме, әйтеуір өзінің кей-кейдегі әдетіне басты. Жан дүниесі буырқанып, ұстамдылықты да, жайдарылықты да, өзінің міндеттерін де бір-ақ сәтте сыпырып тастап құдды бір арындаған ат сияқты беті ауған жаққа тіке тартты.
— Балалар, сендер жалпы тарих дегенді қалай түсінесіңдер?
Арт жақта отырған бір бала базардағы саудагерлердің әдетінше:
— Бес қоясыз ба?
— Қоямын.
— Тоқсандық бағам бес бола ма?
Кластағылар қозғалақтап кетті. Балалар сыбырласа бастады. Білім жолы — ауыр жол, тоқсандық бағаң оп-оңай бес бола қалса қандай жақсы болар еді. Оқулықтың беттері сыбдырлап, парталар сықырлай бастады. Олар қысылмасын дегендей мұғалім теріс айналып кетті де екінші қабаттың терезесінен сырттағы бір құбылысқа қараған болып тура берді. Мына қызықты қара — жаңбырдың жауып тұрғаны тіптен байқалмайды. Тек анау мектеп қорасының ашық қалған есігінен көрінетін қараңғы қуысқа қарағанда ғана жаңбырдың майда тамшылары сіркіреп тұрғанын аңғаруға болады.
Ол тамшылар ауада қалқып тұрып алды. Тек көзің талғанша ұзақ тесіле қарағанда жер бетіне бүрке түсіп жатқаны көрінеді.
— Кәне?
Алдын ала топшылағанындай-ақ оның бұл ойынан жақсы ештеңе шықпады. Тарих бізге көмектесетін пән... Жоқ, олай емес. Тарих адамның көңіл көзін ашатын ілім... Жоқ, бұл да дәл емес. Тарих ілімнің адамзатқа аса қажет саласы, оның көмегімен совет адамы... Жоқ, былай деу керек — тарихтың арқасында біз, яғни халық, яғни бүкіл адамзат қоғамы... Содан әріге бара алмай, балалардың қаруы мұқалып, таулары жығылды. Оның сүйікті сегізінші класының бар жеткен жері осы ғана еді. Балалар кінәлі жандардай тына қалды. Олар мұның осыншалық қиын екенін білмепті. Ал мұғалім болса мектеп класының ашық қалған есігінен көрінетін қараңғы қуыстан көз алмай, майда тамшылардың қалай бүркіп тұрғанын тағы да бір көргісі келгендей боп тұра берді. Бірақ оған енді оның көзі үйренген еді, сосын ол бір күрсініп алды да баяу ғана сөз бастады.
— Тарих дегеніміз, сүйкімді менің балаларым мен қыздарым, өмірдің түу бастан осы қазіргі күнге дейін қалай өрбігенінен сыр шертетін ғылым, ұлы ғылым. Ал өмір дегеніміз не? Ол сіздер мен біз, анау сыртта жауып тұрған жаңбыр, далада сусіңді болып қалған жүз гектар жүгері, өзіміздің осынау екі қабатты мектебіміз, тау басындағы көне Даңғыра. Тек ұлы империялардың ғана емес, сонымен бірге әрбір тіршілік иесінің, тіпті жансыз нәрселердін де өз тарихы бар. Мәселен, осы кластағы мына үш терезені алайық—бұлардың ағаш жақтаулары бар, әйнектері де, шегелері де қазіргі материалдық мәдениетімізге жету жолындағы ұлы жаңалық болып еді ғой. Жүздеген ұрпақтар қараңғы қапаста азап шегіп, жылу іздеді. Көптеген ғаламат ақыл иелері күндіз үйге жарық түсетін, бірақ суық кірмейтіндей жайлы жағдай жасау үшін қаншама бас қатырды десеңдерші.
Бәлки, сендердің үйлеріңнің артындағы қоқыста тот басып жатқан ескі балта 1907 жылғы шаруалар көтерілісінің куәгері болған шығар, кім білсін? Мүмкін ол отын жағудан қалып, азат тірлік пен бір үзім нан үшін айқасқа шыққан шаруалар қолында жарқ-жұрқ етіп ойнаған да болар. Бәлки, Мария Москалудың туыстары арасында халықтың атынан сөз сөйлеген қойшы шал да болған шығар. Мүмкін қазір жұрт аяқ сүрту үшін есік алдына төсеп қоятын диірмен таспен әжелерің соғыстан кейінгі қиыншылық жылдарында жүгері дәнін ұнтақтаған шығар. Егер сол диірмен тас, сол жүгері дәні болмаса, сендер осы жарық дүниеге келіп, бүгін осы арада, мына парталарда отырар ма едіңдер, кім білсін!
Мектеп қорасының ашық қалған есігінен қараңғылыққа көз салған Хория баяу үнмен тебірене сөйледі. Өзінің жан дүниесін билеп алған осынау зор шабытқа оның өзі де таң қалды. Ойлаған жерден шығатын көкейге қонымды сөздерді әдемі қиюластырып, одан өзі жан азығын алғандай болып тұрды. Сөзін арагідік үзіп, өз білімінің, өз шабытының қанша жерге жететінін бағдарлайды. Бірақ бейнелі сөз орамдары мен мәнді ой арнасы тұтасып, ағылып келе берді. Ол өз шәкірттерінің жүзін көрген жоқ, бірақ класс ішінде орнаған тыныштық пен бірқыдыру уақытқа дейін ешбір партаның сықырламағанына қарап, олар бұның сөзін қалай тыңдап отырғанын аңғарды.
— Біздің айналамыздағы заттар ой толғай алмайды, сондықтан да олар өз тарихын білмейді, білуге талап та қылмайды. Ал адам ше, адам өз тарихын білу керек пе?
— Керек, — деді балалар бір дауыстан.
Содан кейін ол мектеп қорасының есігін жайына қалдырды да шәкірттеріне жүзін бұрды.
— Иә, адам өз тарихын білуі керек, өйткені ол — таусылмас өмір ағысына арқау болар тұтас тізбектің бір буыны. Ал ол тізбектегі сақиналар жеке-жеке бөліп алып қызықтау үшін емес, қалтқысыз қызмет атқару үшін жасалған. Бүгінгі дәуірде әкеңнің немесе ата-бабаңның айтқан өсиеттерімен ғана өмір сүре алмайсың, сондықтан да адам өз тарихын білуі керек. Кітаптар, мәдени ескерткіштерді, өз халқың мен басқа халықтардың өткенін білген жөн. Тарих сендерге өмірде не қымбат, не арзанқол екенін айыруларыңа мүмкіндік беріп, нені мұрат қылып, нені мансұқ етуді үйретеді. Егер Азия тұмауы жандарыңды қинаса, егер сендер қант қызылшасын жинаудан титықтаған болсаңдар, көңіл күйлерің болмай жүрсе, онда біраз күнге француз буржуазиялық революциясын жылы жауып қоя тұрайық та, өз үй ішіміздің, өз Отанымыздың, туып-өскен жеріміздің тарихын біліп алайық.
Осы кезде арт жақта отырған аласа бойлы Мария Москалу орнынан тұрды. Ол қызды бұл іштей әзілдеп Картошка деп атайтын. Оның сүйкімді көгілдір көздерінен таңырқаған сезім ап-айқын ұшқындап тұр еді.
Мұғалім парталардың арасымен қыздың қасына барып, оның басынан сипады, онысы шәкірттеріне бата берген ертедегі даналардың қылығына ұқсап кетті де оған өзі де қайран қалды. Ыңғайсызданып қалған Мария орнына отырды, ал мұғалім өзінің бастапқы тұрған жеріне қайтып барды да тағы да сырттағы ашық қалған есікке көз жүгіртті — тегі ол есік оған шабыт беріп тұрғандай еді.
— Айналайын, Мария қалқам... Мәселе Каприянаның Молдавиядағы ең көне мемлекеттердің бірі екендігінде ғана емес. Мына таудың басында бір кезде ел-жұртынан жырақ қалған Даниил деген адам күндіз-түні құдайға құлшылық етіп ғұмыр кешкен екен. Ұлы Штефан Валь Альбе түбінде жауынан жеңіліп қайтып келе жатқанда түнеп шығуға одан рұқсат сұрапты. Өйткені түн болып кеткен шақ еді, әрі жарақаты жанына батып келе жатыр екен. Даниил оған есігін ашпай: «Жеңіліс тапқан қолбасшы тыныштықты өз әскері тас-талқан болған ұрыс даласынан іздеуі керек», — депті. Жұрт көзі тірісінде әулие санап аяғына бас ұратын қаһарынан қан тамған әміршіге батылы жетіп осындай сөз айту үшін қандайлық жүректілік керек екенін сендер қазір түсінесіңдер ме, жоқ па, білмеймін. Штефан шайқас даласына қайта барып жеңіп шығыпты. Ал Даниилдің тағдыры не болды дейсіңдер ғой? Бір шапқыншылық кезінде әлде түріктер, әлде қырым татарлары қылыштап кеткен. Сірә, олар да одан жол сұраған болса керек, ал байғұс қаңғыбастың тілі удай ащы екенін жаңа байқадыңдар. Сөйтіп, оның лашығы қаңырап бос қалды... Арада көп жыл өткен соң аң аулап жүрген Штефан сол жерге тағы да соғыпты. Иесіз қалған лашықты көргенде денесі қалтырап кеткен, жұрт оған Даниилдың не сұмдыққа ұшырағанын айтқанда жылап жіберіпті. Сол арада ол таудың басына Даңғыра салып, оған ең ержүрек, сөзге жүйрік солдаттардан қоңырау қағушылар тағайындау туралы бұйрық беріпті. Қоңыраушыларға қазынадан жалақы беріп тұрған. Жүздеген жылдар бойы сол Даңғырада жауынгерлері қызмет етіп келген. Тіпті осы Каприяна селосын да қызметі аяқталған соң үйленіп, осы маңда орнығып қалған сол қоңыраушылар салған деген сөз бар. Сендердің бабаларың бұл тарихты егжей-тегжейлі білмеулері де мүмкін. Бірақ олардың барлық қоңыраушылардың есімдері жазылған, өгіз терісінен жасалған кітапты қасиетті дүние санауы және кемпірлердің әлгі Даңғыраға барып анда-санда шырақ жағып кететіні — өздерінің қаһармандық тарихына, ұзақ сонарлы өмір жолының өн бойында ғұмыр кешкен адамдарға деген шексіз ілтипат сезімі екені ақиқат.
Әрине мұғалімнің айтқандарының көбісін балалар онсыз да білетін, бірақ соның бәрі тарих деп аталатыны олардың ойына да келмеген еді.
Дәл сол күні жиырма төрт оқушы тарих пәні мұғалімінің осы бір ғажайып тартымды әңгімесін үй-үйдің бәріне таратты. Соны естігенде жұрт беймаза жаңбырдың толастамай тұрғанына, өздерінің тұмауратып жүргендеріне, далада жүгерінің сусіңді болып жатқанына қарамай рухтанып, бір көтеріліп қалды. Санадан өшіп, ұмыт болып бара жатқан ескі аңыз кенет қайта жаңғырды. Ендігі кезде көк тиындық құны қалмай бара жатқан көне мұра кенет қазіргі күннің қазынасына айналғандай болды. Өйткені шындығында адам деген өзінің шыққан тегін, бұрынғы өткен-кеткенін білуі керек қой. Сосын жаңбыры түскір жұрттың берекесін алып, тұмау жайлап жатса да әлдебіреу Даңғыраға барып біраз іс тындырыпты. Ол чех сырасы салынған қағаз жәшіктерді сыртқа шығарып тастаған, төменгі қабаттың еденін жуып, қаусап тұрған үстелдің үстіне ескі дастарқан төсеген, ол үстелде бір кезде өгіз терісінен жасалған кітап жататын еді. Енді сол үстелге дәл бұрынғысындай ішіне бидай салынған қыш тостаған қойылды, оның қасында магазиннен сатып алынған шырақ жанып тұрды.
Сол ақ шырақтан мұғалімнің өмірдегі ең ауыр кезеңі басталды. Соның ертеңінде-ақ Николай Трофимович мектептегілердің бәрі естісін дегендей қатты дауыстап Хориядан Даниил жөніндегі шатпақты қайдан тауып алып жүргенін айтып түсінік қағаз жазып беруді талап етті. Директордың надандығына ыза болған Хория түсінік қағаз жазбайтындығын, ал егер директор өз өлкесінің тарихын білгісі келетін болса, оны өзінің келесі сабағына шын ықыласымен кіргізетінін айтты. Директор сол бетте сыртқа шығып, машинасына мінді де ауданға тартты. Бүгін-ертең ауданнан Каприянаға комиссия келіп, осы бір шектен шыққан жайды тексеретіні түске дейін-ақ белгілі болып қалып еді. Директордың көңілі оған да көншіген жоқ. Үйіне қайтып келіп кешкі тамағын ішіп алды да түн ішінде Кишиневке жүріп кетті. Ертеңінде кешке дейін шашы ұйпа-тұйпа болып, өңі бұзылып бармаған жері қалмады. Оның сөзіне қарағанда топан су қаптап келе жатыр, және сол сұмдыққа тосқауыл жасайтын тек директордың өзі ғана екен дегендей әсер туатын еді.
Ол Кишиневтен Оқу министрлігінің комиссиясын ертіп келді. Сөйтіп бірнеше күн бойы сол істі талқылау басталды. Үш адамнан құрылған комиссия директордың кабинетінде тергеу жүргізді. Мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар шақырылды. Хорияны көпке дейін қасақана шақырмай қойды. Несін айтасың, директордың мерейі өсіп-ақ қалды, өйткені бұл іс оны тарихи жеңіске жеткізетіндей еді. Хория да оны одан бетер асқақтата түскісі келгендей, бір түрлі мұңға батып, арылмас бір пәлеге ұшыраған адамдай боп жүрді. Әрине, бұл жайдың әсері болмай қалған жоқ. Мәселенің түйіні шешілуге тиісті болған педсоветте директордың көпіргені сонша, тіпті комиссия мүшелері де тыжырынып қалды. Ол өзінің мұғалімдер бөлмесінен естігендерін түртіп жүрген бір буда қағазын үйінен алып келді. Азаматтық белсенділігі жетімсіз деген мұғалімдердің ісін, ауыл арасының бықсық өсек-аяңын түк қалдырмай жазып отырыпты. Педсоветте соның бәрін оқып берді де ақыр соңында бұлтартпас дәлел ретінде өзі әдейі барып алып келген шырақ тұқылы мен ішіне бидай салынған қыш тостағанды комиссияның алдына қойды.
— Бидайды неге әкелдіңіз? — деп сұрады комиссияның бір мүшесі.
— Бұл іске оның да қатысы бар ғой.
— Сонда қандай қатысы бар?
— Өткенге табынудың айғағы бұл.
Мектеп оқу ісінің меңгерушісі Харет Васильевич күбірлеп қана:
— Сұрқия, — деп еді. Бірақ оның сөзін жұрттың бәрі естіді.
Комиссия одан түсінік беруді талап етті. Харет Васильевич жүзі күреңітіп орнынан түрегелді де, нанның қасиеті жөніндегі өзінің ғаламат толғауын бастап кетті. Шындығында да нан өткеніміз бен болашағымыздың символы екен. Деревня тұрғындары әлі күнге дейін жерге түскен нанды қолына алып, шаңын үрлеп тазалайды, сүйеді, онда тұрған ешқандай діндәрлық жоқ, ол дихан еңбегіне кіршіксіз таза көңілмен табынудың нышаны. Шаруалар жаңа жылда басқа біреудің үйіне келгенде әлі күнге дейін баяғының егіншілерінің әдетіне салып бір уыс бидай шашады. Бұл өлкенің халқы үшін одан артық жаңа жылдық тілек болмақ емес. Сондықтан да балаларды еске түсіру үшін Даңғыраға бидай салынған тостаған апарған кемпір жас ұрпаққа тәлім-тәрбие беруде бүкіл мектеп қауымының қолынан келмей жүрген іс атқарды.
— Ал шырақты қайтпексіз? — деп бедірейді директор.
— Шырақты ол жерге сіз өзіңіз апарғансыз.
— Бұл жала! Мен сізді жауапқа тартам.
— Тарта алмайсыз. Онда магазиннің сатушысына барып сұрап көрелік: шырақ сатып алған жалғыз сіз ғана... Кемпірлер ондай магазиннің шырақтарын қасиет тұтпайды, таза балауыздан өздері жасап алады...
Балта абыржып жан-жағына қарай берді — ол шынында да жиі-жиі шырақ сатып алатын, осыдан бір жұма бұрын тағы да сатып алған. Әңгіменің бұлай бет алуы әрі-сәрі ғып тығырыққа тіреді. Шындығында осының бәрі қисынсыз жай еді, не деп жауап берерін білмеді, өліп кетсе де айтарға түк сөз жоқ.
Келесі күні ашып ештеңе айтпастан комиссия қайтып кетті. Директорға әсіресе қатты батқаны — Хорияны мұғалімдіктен босатпағаны еді. Әуелгі кезде ол екеуінің бір мектепте жұмыс істеуі ақылға сыймас жай сияқты болып көрінетін, бірақ уақыт өте берді. Тағы да сол бұрынғыдай сабақ басталарда жүз көрісіп, тағы да педсоветте бас қосатын болды. Бір жолы ол сәлемдеседі, сен жауап қатпайсың, келесі жолы сен амандасасың— ол да үндемей өте шығады. Сөйтіп уақыт өте берді. Егер апрельдің бас кезіндегі сол бір беймезгіл, сұп-суық сұрқай жаңбыр жаумағанда әлгі ит-ырғылжыңның бәрі басылып, көңіл шіркін жай табар еді-ау!..
X
— Шай ішесіз бе?
— Не, не дейсіз?
Періштенікіндей қара кірпіктер дір ете қалды. «Қасында мен тұрғанда мынаның қайдағы көлденең бірдеңелерді ойлауын қара».
— Шай деймін...
Жігіт жолсерік әйелге жылыұшырап жымия езу тартты. Сосын осы қазір ғана өзі ортасынан әрең арылып шыққан былық дүниенің бар батпағын, сұмдық лайсаңын сүртіп тастағысы келгендей боп бетін сипады. Егер өкінішсіз өмір сүргің келсе, қиындықтан қорықпауың керек. Ал әйелдер бұл жайды түсінбейді. Олар көбінесе қазіргісін ғана ойлайды, өткенді еске түсіруге зауықтары соға бермейді, түсінген күнде де оның терең мәнісіне зер салмай ұсақ-түйек бірдеңелерін «осының не қажеті болды екен» дегендей құлықсыз ойға алады.
— Жоқ, шайыңызға рақмет, одан да жатып ұйықтасам ба деймін.
— Төсек-орын әне, дайын тұр ғой! Әлдеқашан әкеп қойғам, әдейі сізге бола су да қайнатып қойдым...
Қалжырап, шаршап, аурудан басы зеңіп, бұралқы ойлар қажытқан жігіт аяқ киімін шеше бастады. Ол бәтеңкесінің бауын шешіп болғанша қарап тұрған әйел:
— Шайды бекер ішпедіңіз, маңдайыңыз жадырап, көңіліңіз орнығып қалатын еді. Шайды балмен ішкен тіптен жақсы. Кейде мен де бірдеңеге ширығып, көңілім ала құйын болады, содан қайтып сабама түсе алмай қоям. Таң атып қалғандықтан көз іліп алғың келеді. Әйтеуір бірдеңемен көңіл орнықтыру үшін шай қайнатам да, бір қасық балмен...
— Ал жарайды, әкеліңізші.
Бұл олардың қанына ғасырлар бойы сіңіп қалған ғадет еді, еркектің бабын тапқан кездегі әйелдің қуанышында шек болар ма. Жолсерік әйел бір стақан шай әкелді, Хория оны ішіп алды да, босаған стақанның қасына жиырма тиын қойып, жатып қалды. Әйел қайтып келіп, жиырма тиынды алды да, оның орнына он бес тиын тастап:
— Қайырлы түн, — деді.
— Рақмет.
Төсек-орны жайлы еді, шынында да шай оның көңілін орнықтырды, маужыратып ұйқы айналдыра бастады. Жо-жоқ, ұйқыны қоя тұру керек, енді бір ғана ең ауыр, ең азапты тарау қалды. Өз өмірінің мәнін жан дүниесімен сезіну үшін сол күні ол орасан зор іс істеген еді. Шындықтың ащы-тұщысынан тайсалмай, ғаламат бір ұстамдылықпен өткен өмір жолының бұралаң соқпақтарымен алға тарта берген.
Сол күні таң атысымен-ақ оның бас ауруы ұстады. Ол ондай күндері көңіл хошынан мүлдем айрылып қалушы еді, сондықтан да мектепке тұнжырап, ашулы келді. Сабақ үстінде класс журналын парақтап отырғанда екі беттің арасынан ақ және қызыл жіптен тігілген тамаша бір-екі жемістің суретін көрді. Марттың бас кезі еді, бұл кезде қыздар жігіттерге осы ай атымен Мардишор деп аталатын сый тартатын-ды. Бір кезде оған көптеген мардишор сыйлайтұғын, кейін оны қыздар ұмытып кеткен еді. Енді міне, бұл дүниеде әлі де жаны ізгі қыздар бар екенін сезінді. Бірақ басы бар болғыр әлі ауырып отырған. Сосын ол өз мардишорын сол тұрған орнында қалдырып, журнал беттерін әрі қарай аша берді. Сол кезде ол француз буржуазиялық революциясы туралы жаңа деректерді қай оқушыдан сұрасам екен деген ойда отырған еді.
Класс ішінде көпке дейін жым-жырт тыныштық орнады. Сосын әлдебіреудің партасы сықырлады, мұғалім басын көтермей-ақ артқы қатардан Мария Москалудың түрегелгенін сезді. Алғашында ол «Мария сабақ айтқысы келіп тұрған шығар»,— деп ойлады да, артынан оның бағасы онсыз да жақсы екені есіне түсіп қайран қалды. Сосын тағы да «комсомол жасына толғандықтан белсенді бола бастаған шығар» деп ойлады. Олар қазір комсомолға өтетін жасқа жетіп, күн санап емес, сағат сайын есейіп келе жатыр еді.
Класс іші әлі де тым-тырыс. Мұғалім журналдың толтырылған беттерін ақтарып болып, енді бір тұңғиық ойға батып, бос парақтарды аударыстырып отырған, ал Мария бұрышта үнсіз тұр. Хория жауап бергелі тұрған қызға да оңай тимейтін, басқа оқушыларды да қызықтырып баурап алатын қандай сұрақ берсем екен деп ойланып қалды. Ол сөйтіп ойланып отырғанда кенет Марияның өзі сөйлеп кетті. Ол жүрек толқуынан дірілдеген нәзік дауыспен:
— Даңғыраны неге бұзады? — деп сұрады.
Соны айтты да, орнына отыра кетті. Оның сүйкімді дөңгелек жүзінен кіп-кішкентай жас тамшылары сырғып түсе бастады. Басқа балалар әлі қыбыр етпей отыр. Бәрі мұғалімге қадала қарап қалыпты. Соны байқаған Хория қазіргі басты мәселе Даңғыра емес екенін ұқты. Қазіргі ең маңызды нәрсе оның өз жан құбылысы болмақ. Оқушылар мұғалімнің қатты күйзелісін тұңғыш рет көріп отыр, олар мұның бар болмысын жете сезінгілері келеді. Сондықтан да осы балалардың өмірге ер мінезді немесе жасқаншақ, ез болып аттанатыны мұғалімнің тап қазіргі өнегесіне байланысты еді. Ақыры мұғалім Бастиядағы төңкерісті айтып беретін оқушыны тапты. Ол әйел есімді Анастасия деген бойкүйездеу бала еді. Хория оны тақтаға шақырып, тапсырма берді, бала мұрнын тартып ойланып тұрғанда мұғалім орнынан тұрып терезенің алдына барды. Күн ашықта тау тұтас көрініп, ондағы некен-саяқ өскен бұтаға дейінгі бар нәрсе түгел көзге шалынатын. Бірақ ол күні айналаны ылғалды тұман басып тұрған. Таудағы Даңғыраның дәл қасынан адамдардың қарауытқан бейнелері ғана көрінеді, тағы бір машина тұрған сияқты, бірақ онда дәл не боп жатқанын аңғару қиын еді.
Сабақты аяқтап, балаларды таратып жібергеннен кейін, олар ұзаңқырасын деп ол біраз тұрып қалды. Жүрегі сыздағандай. Төменгі қабатқа түсіп, аулаға шықты. Төніп келе жатқан қауіп бұлты жан дүниесіне жай таптырмай қойды. Егер қолбасшы болса дабыл қағып жауынгерлерін сапқа тұрғызар еді. Егер ер жеткен бес-алты ұлы болса, аттарын атап жар салар еді, олар мұның қасынан табылып, әке күйінішіне ортақ болмас па! Егер ол осы ғасырдың бас кезіндегі қараңғы шаруа болса қолына аша алып, анау тау басындағы Даңғыра жаққа жүгірер еді-ау. Бірақ амал қанша, ол қазіргі күннің білімді салауатты азаматы болатын. Сондықтан да амалы құрып, аяғын ілби басып, кездескен кемпір-кешекке ізетпен сәлем бере тауға беттеді. Тауға биіктеп шыққан сайын оның түйсік-түсінігі бар шындықты ашық-айқын сезіне бастады.
Кенет ол өзін ана қулар алдап соғып, ақымақ етті-ау, сайқымазақ болдым-ау деп ойлады. Неге екені белгісіз, оған әлгі келіп кеткен комиссиядан басқа Кишиневте тағы да комиссия құрылғандай боп көрінді. Сол екінші комиссия Каприянаға келіп, мұғалімдермен кездесуді қажет деп таппаған. Оның мүшелері салған жерден директор жаққа шығып, соның сөзін сөйлеген. Бұл жақта бұлар айтыс-тартыс шарпуын басып, көңілдері жай тауып жатқанда ол жақта екі комиссия бас қосып, таласқа түскен. Ол айтыста қаладан шыққысы келмеген комиссия үстем болып, ақыры, міне, директорды асқақтатып қойды.
Хория тауға ақырын шығып келе жатса да деміге берді. Оның өмірде жек көретінінің бәрі қазір бір бейнеге, бір ғана жеке адамның тұла бойына жиналып зығырданын қайнатты, жұдырығына қорғасын құйылғандай әлеуетті болып кетті. Қалай да адам өз намысын өзі қорғауы керек. Егер сенің бетіңе біреу түкіріп жіберсе, сол түкірікті көрсетіп милицияға шағым айтар болсаң, онда сенің өзіңнің де, ата-тегіңнің де қадір-қасиеті болмағаны. Ол сол тұжырымға келген соң, өзіне-өзі риза болып, тіпті керек десеңіз, өзін бақытты санап, тау басына көтеріле берді. Ол ана адамның өмірден не тілейтінін біліп және өз басының өмірден не қалайтынын біржола айқындау үшін келе жатыр еді. Барған сайын асыға түсті, өйткені іште бұғып жатқан әлдебір дауыс мұны кекетіп келе жатқан, мазақ етіп: «Бар болғыр, сенің ашу-ызаң қазір-ақ басылып қалады. Сен тым ақылды, тым көргенді, тым білімді жансың. Сен шайқасуға жоқ адамсың. Сенің қолыңнан бар келетіні — өз жеңілістеріңді ақылға салып айтып беру ғана», — деп тұрғандай еді.
Ойы он саққа жүгіріп, көңілі алақұйын болып, ұзақ жүрді. Ақыры Даңғыраға жеткенде алғаш көрген адамы Жанет болды. Ол жақтау тақтайлардың үстінде суық желден тітіреніп, бүрісіп отыр екен. Хория одан:
— Жанет, сен бұл араға неге келдің? — деп сұрады.
Жанет шаршаңқы кейіппен иығын қомдады.
— Жай, әншейін, ағаш көшеттерін әкетуге көмектесейін деп келдім. Сен үйде жоқ болған соң, әкем мені ертіп келді.
Сәл әріректе, арғы беткейде қайын атасы далада саз балшықта өсіп күтусіз қалған жабайы бұталарды қазып алып жатыр екен. Оның қазып әуре боларлық ештеңесі жоқ еді. Отырғызылған жері тастақ болғандықтан, жас бұталардың тамыры жұқа топыраққа бой жасыра алмай, сыртқа шығып жатқан. Хория атасының әурешілігіне қатты қайран қалып:
— Бұл жабайы бұталарды қайтейін деп жүрсіз? Мектептің ар жағында мына менің бойымдай жас талдар өсіп тұр ғой.
Қайын атасы еңкейген бойын жазды да, ақырын езу тартып жымия күлді. Ол өзінің білімді күйеу баласын қатты сыйлайтындықтан онымен сөз таластырғысы келмеп еді, бірақ қазір өз көңілінде жатқанын айтпасқа шарасы жоқ.
— Ол айтқан көшеттеріңнен жақсы ағаш өспейді, — деді ол жұмсақ үнмен.
— Неге?
— Олар құнарлы жерге ғана өсіп жаман үйреніп кеткен. Ал мыналар тырбиып тұрғанмен тастақ жер мен шөлейтте де өсе береді, егер бұларды құнарлы жерге апарып отырғызса, тамырын тереңге жайып, есіп-өрбіп кетеді, бұлар адамнан ұзақ жасайды, жылда жеміс береді.
«Біздің сорымыз осы ғой, — деп ойлады Хория. — Біз осындайдың бәрін жақсы түсінеміз, ал анау Балта деген ештеңенің мәнісін білмей жүріп-ақ тыным таппай әрекеттеніп бағады. Ол сондай әрекеттеріме көбірек уақыт жетсін дегендіктен де күн сайын ерте тұрады».
Жанет әлі сол тақтайдың үстінде отырған, соған тағы көзі түскенде Хория: «Бұл жаңа тақтайларды таудың басына кім әкеп жүр екен?» — деп ойлады. Сосын әйелінің қасына келіп қатар отырды да жан-жағына көз жүгіртті. Даңғыраның айналасында төрт адам жұмыс істеп жүр екен. Екі жұмысшы тақтай тіліп жатыр екен, ал директордың өзі сол тілінген тақтайларды бір жаққа тасып жүр. Даңғыраның ар жағында балға дыбысы естіледі. Хорияның жан дүниесі зілбатпан құрсаудан арылғандай боп, жеңілдеп сала берді. Өйткені аналар қиратып жатқан жоқ, қайта олар осынау көне ескерткішті жаңа тақтаймен жамап-жасқап, бүтіндеп жатыр еді. Бірақ онда Жанет неге мұңайып отыр, директор неге тақтайларды жанталаса тасып жүр? Ол орнынан тұрып Даңғыраны бір айналып өтті, сонда ғана мән-жайға қанықты. Олар есік-терезені, қоңыраулардың қуыстарын бітеп, бекітіп жатыр екен. Енді бұдан былай таудағы Даңғыра бар қасиетінен айрылып, қалпағы бар орасан үлкен пешке ұқсап қалқиып тұрмақ. Колхоздың құрылыс бригадасынан келген балташылар күні бұрын кесіп-пішілген мөлшерге салып үн-түнсіз тақтай тіліп жатыр, ал Симионел өзіне осыншалық жауапты іс тапсырғанына мәз болып, өз күлкісіне өзі шашалып шеге қағып жүр.
— Сен неменеге жетісіп мәз боласың, Симионел?
— Несі бар,— деді анау аузындағы шегені қолына алып,— ақша тауып жүрмін.
— Сонда саған қанша береді?
— Тап-таза бес сом. Бір сағатта бітсем болды — дереу төлейді. Бір сағатта бес сом!
Симионелдің қуанышы қойнына сыймай тұр еді.
Ал директор сазарып сыр берер емес. Үстіне жұмыс киімін киіп алған ол балташылар тілген тақтайларды Симионелге жеткізіп беріп, оларды қағуға көмектеседі. Соны көргенде оны қаншалықты жек көрсе де Хория: «Құрылыс жұмысын қалай жақсы ұйымдастырады, сұмырай! Мен оның орнында болсам, тақтайды қайдан табарымды, балташыларға, Симионелге қанша сом төлеу керек екенін білмес ем, ал ол біледі, қолынан келмейтіні жоқ»,— деп ойлады да, орнынан тұрып солардың қасына барды.
— Бұл ескерткішті бүлдіруге кім право берді?
Жанет өңі қашып тұрды да күйеуін қуып жетіп қолтықтай алды. Оның ебедейсіз сүйеніп тұрғаны сондай, егер Хория кілт бұрылса, Жанеттің ұшып кетуі де мүмкін еді. Директор ештеме естімегендей болып, жұмысын істей берді. Симионел бес сомның қамын ойлап, қолы-қолына жұқпай шеге қағып жатыр, тек балташылар ғана тақтайды тілуді қоя қойды. Ендігі жұмыс істеу-істемеудің билігі Хорияның қолында тұрғандай-ақ олар оған үнсіз қарап қалыпты. Хория жаңағы айтылған сөздің оларға қатысы жоқ екенін аңғартқысы келіп еді, бірақ оның орайын таба алмады, тіпті болмаған соң қинала тұрып:
— Тәңір жар болсын, — деді.
Меселдері қайтып қалған балташылар еш жауап қатпай бір-біріне қарады да, араларын зыңылдатып қайтадан іске кірісті. Араның сол зыңылы, балғаның дүрс-дүрс қағысы директорды масаттандырып жіберді. Оның қуанышқа кенелгені сонша, тіпті сол сәтте-ақ Хорияның бар айыбын ұмытып, оны жаңа көргендей өте бір достық лебізбен үн қатты:
— Ә, сәлем, сәлем! Міне, бізге нағыз керек адамның өзі де келді, енді сәлден соң Симионелдің бойы жетпей қалайын деп тұр. Ал сен, құдайға шүкір, мына бойыңмен колхоздан өрт сөндіретін саты әкелгенше жұмыс істей аласың. Жарлық кеше кешкісін берілсе де, әлі күйбеңдері бітпейді.
— Менің бойымда шаруаңыз болмасын. Ата-анам мені мұндай іске лайық көрмеген.
— Өмірде ата-ананың ойлағаны бола бермейді... Мәселен, менің әкем полковник болғанымды армандайтын, ал мен болсам, әлі күнге дейін қатардағы жай адам боп жүрмін.
— Жай адаммын деп көлгірсушілердің сыры белгілі ғой, олар заң қорғайтын ескерткіштерді бүлдіреді, сөйте тұрып қатардағы жай адам болғылары келеді... Не істейін деп жатырсыздар?
— Жөндейік деп жатырмыз.
— Осындай да жөндеу бола ма екен? Есік-терезелерін тақтаймен бітеп жатырсыздар ғой. Мұның мәдени ескерткіштерді құртудан не айырмашылығы бар?
Балта қарқылдап күлді.
— Сен өзің өміріңде жөндеу жұмысының қалай жасалатынын көрдің бе? Әрине, есік-терезесін, қуыс-қуыстарын бітемесе болмайды.
— Ал одан соң, одан кейін не істейсіздер?
— Айттым ғой, жөндейміз.
— Сонда оған қашан кірісесіздер?
— Есеп-қисап жасалып қаржы бөлінген соң... Сенің ойыңша жөндеу жұмысы оп-оңай екен ғой. Әуелі есеп-қисап жасалады, одан кейін ол бекітіледі, содан соң сол есеп-қисап бойынша қаржы мен құрылыс материалдары босатылады...
— Ал сіздердің сол есеп-қисаптарыңыз, қаржы, құрылыс материалдары дайын ба?
— Қайдан дайын болсын, біз қазір тек әзірлік жасап жатырмыз.
Амал қанша, оның осы тауға шығып келе жатқанда ойлағандарының бәрі шындыққа айналды, түйілген жұдырығы да еш әрекетсіз қалды. Ізгі ниеттен кернеп шыққан ашу-ыза желге ұшты да жоқ болды. Ұят қысқандықтан анау Жанет отырған тақтайдың үстіне жайғасып, әйелінің қасында ыққа қарап жылынып отырғысы келді. Бәрі зая кетті, соны сезінгенде күл болмаса, бұл болсын дегісі келді. Тіпті директормен де түс шайысуға дәрмені жетпеді.
Сол екі арада күн ұясына таянып, жұрт асыға бастады. Екі балташы бастырмалатып тақтай тіліп жатыр, Симионел шегелерді бірінен соң бірін сүңгітіп тұр. Балғаны әр соққан сайын рақаттанып қалатын сияқты. Директор тілінген тақтайларды аса бір ұқыптылықпен тасып жүр. Қайын атасы жабайы бұталарды қазып болды да, оларды бала бөлегендей ықтияттап екі қапшыққа салып төмен қарай тартты. Ал Хория болса: «Осы мен ақылымнан адасып бара жатқан жоқпын ба?» — деп ойлады. Мына тақтай тіліп жатқандар осы жерде жерленген марқұмдардың ауылдастары емес пе? Тілдері де бар ғой. Симионелдің де ойында ештеңе жоқ, тақтай шегелеп жатыр, қайын атасы еш алаңсыз бұталарын арқалап кетіп барады, ал Жанет, өзінің жан сырын ұғар ақылды Жанеті күйеуінің көзіне мөлие қарап сезімге беріліп отыр. Анау төменде ұлы Штефан қоңыраушыларының ұрпақтары өз шаруаларымен өздері болып жүр. Тек қайдағы бір қиырдан қаңғып келген осы Хорияның өзі ғана қалшылдап отыр.
— Сен маған бірдеңе айтайын деп пе ең, Жанет?
— Мен сені сүйем демек едім.
— Ал енді мен осы ұлы ақиқатты естігеннен кейін не істеуім керек?
— Ештеңе істемейсің. Үйге қайтайықшы, тоңып кеттім.
— Жүр, кеттік!
Олар үнсіз ұзақ жүрді, үйге жеткенше бір-біріне тіл қатқан жоқ. Үйге келген соң Хорияның тамаққа тәбеті шаппай, тез шешінді де теріс қарап жатып қалды. Содан түні бойы қыбыр етпей, сазарып жатты да қойды, тек таң алдында ғана көзі ілінді. Сағат он бірдің кезінде Жанеттің сыңғырлаған даусынан оянып кетті.
— Мына қызықты қара! Түнде біреу Даңғыраның есік-терезелеріне қағылған тақтайларды жұлып алып лақтырып тастапты...
Содан кейін-ақ сол тақтайлардың хикаясы басталды. Күнде таңертең директор мен оның үш көмекшісі тауға шығып, шашылған тақтайларды жинап, орындарына қағып қайтады, ал түнде белгісіз біреу оларды қайта жұлып алып, шашып кетеді. Сосын ертеңінде тағы да төрт адам тау басында бейнеттеніп жатқаны.
Әр түн сайын тақтайлар азая бергендіктен колхоздан бір машина бөрене, бірнеше жәшік шеге, екі үлкен саты әкеп түсірді. Кей күндері директор мен оның көмекшілері Даңғыраның есік-тесігінен түк қалдырмай төбесіне дейін тақтаймен бітеп кететін. Соған қарағанда қараңғы түн ішінде тақтайларды жұлып тастау мүмкін емес сияқты еді. Сөйтсе де таңертең осы бір көне ескерткіш жүздеген жылдан бері жұрттың көзі үйренген қалпында бой түзеп шыға келетін.
Директор бос әурешілікті қойды да машинасына мініп жолға шықты. Оның бармаған жері, ашпаған есігі қалмады. Сосын осы істі тексеру үшін Каприянаға кім келмеді дейсің! Прокурордың өзі де, көмекшісі де келді, аудандық милиция бөлімінің бастығы да, оның орынбасары да келді. Олар мектепте де, колхоз кеңсесінде де мәжіліс құрды, директордың да, балташылардың да және басқа куәлердің де сөздерін ыждағаттылықпен тыңдады. Сосын директордың дені сау емес деген шешімге келіп, ауданға қайтып кетті. Жарайды, сол Даңғыраны бұлар тақтаймен бітей берсін, біреулер түнде сол тақтайларды ұрлап-ақ кетсін, сол үшін осыншалық шу шығара ма екен?!
Содан соң аудандағылар да, республика астанасындағылар да Каприяна орта мектебі директорының «аттанына» мән беруді қойған күн де туды. Бірақ Балта алған бетінен қайтпайтын қайсар жан еді. Оның жүні жығылмады. Ол күн сайын тақтай тіліп, шеге қақты, түн сайын ол тақтайлар жұлынып қала берді, ол оларды қайта қағумен болды. Сосын осы әуре-сарсаң аяқталатын ең соңғы, қараңғы түн келді. Күндіз суық азынап, түнде көзге түртсе көргісіз қараңғылық орнап тұрған кез болатын. Сондай бір түнде тау басынан ысқыра соққан желге ілесіп жан түршіктіре зар еңіреген бір дауыс деревняға жетті. Каприяна халқы аяғынан тік тұрды. Жұрт үйді-үйлерінде шамдарын жақты, бірақ шамасы пәледен аулақ деген болулары керек, көшеге ешкім шықпады. Жан шошырлық дауыс естілген жаққа қарай еш пенде жүгіре қоймады. Әбден таң ағарып атқанда ғана ар-ұжданы бар бес-алты адам тау басына шықты. Жарты сағаттан кейін олардың біреуі келіп арба алып кетті. Сөйтіп олар өлімші болып таяққа жығылған Симионелді әкелген еді.
Соны көргенде Каприяна халқының жаны түршікті. Анау асып-тасқан директор қай қаһарға тап болып, қандай күйге түсетінін әлі білмеп еді. Жұрт Симионелді машинаға салып алып, әуелі аудан орталығына, одан Сорок қалалық ауруханасына апарды. Екі жердегі медициналық экспертизаның қорытындысы бірдей болып шықты. Содан кейін баланы Кишиневке апарып, миына зақым келгендігі туралы қағаз алды да, үйіне қайтып әкелді. Сосын қатын-қалаш Симионелді күтімге алды, ал Каприяна өкілдері самолетпен прокуратураға тартты.
Жан-жақта тамыр-танысы көп директор олардың әурешілігіне миығынан күліп жүре берді. Қараңғыда кім екенін танымай ұрса, ұрған да шығар, тіпті қолы батыңқырап кетсін мейлі, бірақ бұл іске жан ашығандықтан сөйтті ғой! Ол иттің баласы бұдан ғой күн сайын бес сом алып отырды, ал ертеңіне тағы бес сом алу үшін түн жамылып барып, қағылған тақтайларды жұлып тастап жүрген. Жұрт болса Симионелдің ол қылығына мән бергілері келмейді, оны жай бір ойыншық сияқты көреді. Сөйтіп жан-жаққа арызданады келіп. Ақыры анау-мынау емес, Одақтық ішкі істер министрлігінен екі адам келді. Қысқасы, не керек, Жаңа жылдан кейін сот болатын болды. Бұл істі тікелей Одақ Прокуратурасы қадағалайды деген ой директордың өңі түгіл түсіне де кірмеген еді. Енді оның тамыр-таныстары қанша жанталасқанмен, дәрменсіз болып қалды.
Николай Трофимович Балтаға түрмеге түсу қаупі төнді, оның көз алдына кәдімгі есік-терезесіне темір торкөз ұсталған, алдында қиқиып күзетші тұратын түрме елестеді. Молдавандардың ежелгі дағдысына басып, өзі жәбірлеген мүсәпірдің үйіне келді. Ұйқылы-ояу қалпында жатқан Симионелдің зәресі ұшып, тағы да жан шошырлық даусымен деревняны басына көтергісі келгендей аузын аша берді. Таяқтың тауқыметін тағы да тартам ба деп ойлап қалып еді ол. Бірақ бұл жолы Николай Трофимовичтің жауынгерлік рухынан түк қалмаған болатын.
— Қорықпа, мен сені ұрмаймын. Татуласқалы келдім. Қанша берсем риза боласың?
Бұдан бір апта бұрын болса ғой, бұл істі оп-оңай, он-он бес соммен-ақ тындыра салатын еді, Симионел соның өзіне де мәз болып, қуанышы қойнына сыймайтын еді ғой. Ал енді бұл баланың жанашырлары бар, олар әлгі зауалды күні тауға барып, жұрттан бұрын мән-жайды білген бес пысық. Директордың ұсынысын талқылау үшін сол бесеуі бірдей жиылды. Оның төртеуі де: «Дүниесін түгел көшіріп әкеп берсе де келіспейміз, ақиқат жолына ақша жүре алмақ емес»,— деп қасарысып отырып алды. Ал бесіншісі: «Бекер шалқайғаннан не табамыз, бұл Симионел байғұс өмірі бір киер киім, ішер асқа жарып көрген жоқ қой. Тамшы өтіп тұрған баспанасының сиқы болса мынау. Директорды түрмеге отырғызғаннан бұл балаға не пайда? Одан да ақылға келейік», — деді.
Сөйтіп, олар он мың сұрады. Қорланған директор оларға тіпті жауап та берген жоқ. Бірақ артын ойлаған болуы керек, кешкісін үш мың ұсынды. Ақыры саудаласа келіп, алты мыңға келісті. Бес мыңын Симионел алды да, қалған бір мыңы Кишинев пен Москваға шабылғандардың шығынын жапты.
Симионел бақытты еді. Ақшаны алған күні әлгі қамқоршылардың біреуінің әйелі оны дүкенге ертіп барды. Ол өзі бір қайырымды бірақ ештеңенің парқын білмейтін әйел еді. Симионелдің денесіне қонымсыз, қолпиған үлкен костюм, күнқағары туырлықтай ши қалпақ, қара бәтенке, болонья плащ сатып әперді. Басқа қамқоршылардың әйелдері оған дүрсе қойып, Симионелге осынша қымбат жылтырақ киімнің не керегі бар еді десіп, жақтырмай қалды. Бірақ болары болып қойған соң, амал жоқ. Бақытқа кенелген Симионел үстіне жаңа киімдерін сықия киіп алып, «мені көрдіңдер ме» дегендей ертеден қара кешке дейін көшеде ойқастай жүріп алатын болды. Ал оның қамқоршылары ары кеңесіп, бері кеңесіп: «Осы баланың бәрібір бітіріп жатқан шаруасы жоқ, одан да малға қарасын», — деп колхоздан бір бұзау сатып әперді де, қалған ақшасын жинақ кассасына салып қойды.
Директордың сорына Симионел тағы шатақ болып шықты. Ол бұзауын таңертең өріске апарып, кешкісін үйіне жетелеп қайтқанда «мынаны көрдіңдер ме, мұны директордың ақшасына алғам» дегендей қыр көрсетіп өтетін. Николай Трофимович анау-мынау пәле-жаланың бәрін күнілгері ескерген сияқты еді, тек осы Симионелдің ертеңді-кеш қайқаңдауын ескермепті. Ақыры оның түбіне сол жетті.
Әр деревняда, әр колхозда, әр коллективте жауапты қызметтің әйтеуір бір ұшығын ұстаған адам үшін еркіндіктің де белгілі бір шегі болады. Сол шектен шығып, беделіңді түсіре бастасаң, табаныңның бүрі жойылды дей бер, онда бұрынғы атақ-абыройың да, тамыр-таныстарың да, айла-әрекетің де арашалап қала алмайды.
Қысқасы не керек, бір күні Оқу министрлігінен екі адам келіп педсовет өткізді. Күн тәртібіндегі мәселе пәлендей бір мән беретіндей болмағанымен, жұрттың бәрі Балтаның зауалды күні жетіп, оның орнынан алынатынын біле қойды. Оның өзі де дәуренінің өткенін түсініп, соған мойын ұсынғандай еді. Ол өзінің жиналыс басқаратын орнын орталықтан келген жолдастарға беpiп, таланған төбеттей өзіне тас лақтырылатын шақты күтіп, бір бұрышта отырды. Бірақ мәжілістің бағыты басқа бағдарға ойысып, жұрт оған қатысы жоқ мәселелерді сөз етіп кетті. Соған қарап директор қобалжып та отырды. Өзінің сөзі бәлендей ықпалды болмайтынын сезсе де бір қақтығысып барып, тізе бүгейін деп ойлаған. Бірақ «сен барсың ба, жоқсың ба бізге бәрібір» дегендей оны мүлдем елеусіз қалдырғаны батты.
Жұрттың бәрі Хорияның сөйлеуін күтіп отырған-ды. Өйткені өзге ешкім үндемесе де ол директордың атын бір атамай өте алмайтындай еді. Бірақ оған осы іске жанашырлық, ниетпен өткізіліп жатқан мәжіліс ұнады да, ол өз жеке басының ренішін сөз еткісі келмеді. Сөйтіп, ол да директордың атын аузына алмады, тіпті Балта отырған жаққа қараған да жоқ. Ол оқу программасы, шәкірттердің үлгірімі, сабаққа қатысуы туралы сабырлы да салмақты ой қозғады. Бір қызығы директордың көңілін ала құйын еткен дәл осы жігіттің сөзі еді. Бәлки ол Хорияның үнінен болашақ директордың лебізін аңғарған шығар. Мүмкін мәселе онда емес те болар. Бар кілтипан оны өзінің иттің етіндей жек көретіндігінде еді. Сондықтан Хория ешкімді мінеп-шенемей жай ғана шаруа жайын айтып тұрғанның өзінде Балта: «Өлсем де дұшпаныма кегімді жібермеспін», — деп өзіне-өзі ант берді. Өңі сұп-сұр боп, маңдайындағы күре тамырлары білеуленіп, ананың үні қашан өшер екен деп отырды. Хория сөзін аяқтаған сәтте Николай Трофимович ұшып тұрды да, министрліктің өкілдеріне қарап, дірілдеген дауыспен:
— Бұл арада Холбан жолдастың маған өшпенділігі бар екенін ескеру керек, — деді.
Министрліктен келген инспекторлардың біреуі, шамасы, өзі қайырымды, бірақ аңқаулау адам болса керек:
— Ол сіз туралы не айтты? — деп сұрады.
— Рас, ол менің атымды аузына алған жоқ, бірақ оның айтқан сөздері маған бағытталған, соның бәрі екеуміздің жеке басымыздың араздығынан шығып отыр.
Министрліктің екінші инспекторы:
— Сонда жеке бастың араздығы дегеніңіз не? — деп сұрады.
Балта сәл ойланып қалды. Ол өз сөзін қалай ұтымдырақ жеткізудің жөнін таба алмай бөгеліңкіреп барып:
— Былай еді... Мен оның әйелімен көңілдеспін. Бір-бірімізді көрмесек тұра алмаймыз, — деді.
Мәжіліске қатысып отырған адамдар күліп жіберді, Хорияның өзі де жымиып қойды. Көңіл көтеріс пен ойын-сауыққа әсте құмартып тұратын Жанет пен, басқаны былай қойғанда өз анасы да жақтыра қоймайтын, мынау қасқабас топас адамның арасы жер мен көктей еді. Кенет осында отырған мұғалімдердің көңілді күлкісі әлдебір сыр аңғартқандай боп, су сепкендей басыла қалды. Жан-жағына қараған Хория жұрттың бәрі, неге екені белгісіз, жүздері ұялғандай төмен қарап, қатты ыңғайсызданып отырғанын байқады. Ал терезенің қасында, көзге оңай түсетін оңтайлы жерде ұятқа батқандай боп әйелі отыр. Оның өңі бір қызарып, бір қуарып, ауа жетпей тұншығып бара жатқандай құс тұмсығы жиі-жиі қусырыла берді. Өзі жұртқа тіктеп қарай алмай, екі көзі жаутаң-жаутаң етеді, есі ауып бара жатқандай қасын уқалап қояды. Сол сәтте жан дүниесі қалтқысыз таза Харет Васильевич:
— Сұрқия!—деп бар дәрмені жеткенше гүр ете қалды.
Сосын ол тағы бірдеме деп айқайлады, директор бірдеңелерді айтып жауап беріп жатты. Бірақ олардың не деп салғыласқандарын Хория естіген жоқ, ұққан да жоқ. Оның көзі қарауытып кетті, дүние шыр айналып бара жатқандай болды. Сол сәтте ол өзінің бір қасіретке тап болғанын сезді. Мына ортадан тап қазір шығып кетпесе, есі ауып құлап қалатындай еді. Сол жайды сезінген ол: «Әйтеуір, жұртқа күлкі болмай сабыр сақтап, сыртқа өз аяғыммен шықсам екен, басым ауған жаққа кетіп, Каприяна атты деревняның да, мынау екі қабат мектепті де, қара торы сұлу Жанеттің де бұл дүниеде бар екенін мәңгі бақи ұмытсам екен», — деп ойлады.
Ол жұртқа сыртын беріп, ешкімге көз жанарын аудармай төмен қараған бойы шығып кетті. Мұғалімдер бөлмесіне барып, киімін киіп, портфелін қолына алды. Мектептің ауласында да, көшесінде де ешкім жоқ, қараң қалғандай еді. Ол селоның шетіне дейін меңзең болып, діңкелеп ұзақ жүрді. Басы салбырап, құнжиып келе жатты, өйткені көктемге салым есетін ызғырық қазір беймезгіл соғып тұр еді. Ол өзі бір кезде осы Каприянаға келген соқпақ жолмен селодан шығып бара жатты. Бірақ ол келгенде алхоры мен жүзімнің хош иісі аңқып тұрған күз еді, ал қазір табанынан өткен сыз бен дене тітірентіп соғып тұрған ызғырықтан басқа еш серік таба алмады.
Станциядан колхоздарға минеральды тыңайтқыш тасып жүріп жатқан машиналардың біріне мінген ол вокзалға тез жетті. Күту залына кірген соң пешке таяуырақ барып бой жылытып, ештеңені ойламай мең-зең болып отыра берді. Ол жүрегінің дүрс-дүрс соғысынан, көңілінің құлазуынан жан түкпірінде бірдеңенің бүлінгенін сезді, бірақ оның не екенін дәл ажырата алмады. Тезірек поезға мініп жүріп кеткісі келді. Не хикмет көрсем де, әйтеуір, осы жерде, осы адамдардың ортасында көрмесем екен деп ойлады. Сөйтіп, қай жаққа барса да бірінші келген поезбен кетуге бел буды. Егер алдымен келген поезд оңтүстікке қарай жүрсе, бұл онда Кишиневке барады. Бір сағаттан астам уақыттан кейін Кишиневке баратын поезд келді. Хория тез билет алып отырып алды. Бұл қала маңына ғана жүретін, жататын орны жоқ поезд еді. Жайы болмай бара жатқан соң, ол күй талғамай жатып қалды. Аяғын бауырына жиып үш кісінің отыруына жарайтын орындыққа жантайған. Жұрттың көбісі орын таба алмай, дәлізде ұйлығысып тұрса да, «бұл тегін емес, бірдемеге ұшыраған ғой» деп, оны ешкім қозғай қойған жоқ.
Кишиневке жеткен соң поездан өзі түсіп, вокзалдағы дәрігерлік пунктті тауып алды. Ішке кірген соң тіпті медсестраға қарап езу тартып жымиюға да шамасы келді, сірә әзіл айтқысы келген болуы керек. Ол әдетте алғаш танысқан адамымен әзілдесуді ұнатушы еді. Бірақ бұл жолы өйтуге дәрмені жетпей, ақ төсекке қисая берді. Сосын молдавандардың денсаулық қадірін білмейтіндігі жөнінде бірдеңе деген медсестраның әлдеқайдан талмаурап жеткен сөзін еміс-еміс естігендей болды. Сонан ол ертеңінде ғана республикалық ауруханадағы профессор Анестиаденің жүрек ауруын емдейтін клиникасында есін жиды.
Айтқанға оңай-ау, бірақ өзін сол тозақ отына түсіп көрші. Дегенмен не көрсе де, бәрі өтті де кетті. Сөйтіп бұл екі айдан кейін тағы да поезға мініп, тағы да солтүстікке тартып барады. Унгены мен Бельцы аралығында, әйтеуір, көзі ілінді-ау. Ол ештеңеден алаңсыз рақат бір ұйқыға кеткен еді. Жанетке байланысты жанын жегідей жеген бір күйінішін күйзеле отырып, тағы бір рет сезім дүниесінен сыздықтатып өткізіп жай тапқан. Тұла бойын зіл қара тастай боп басып-жаншып, езіп жіберердей боп тұрған ауыр ой әлдеқайда ғайып болды. Содан соң ол бар пәлекеттен арылып жарық дүниеге жаңа келген нәрестедей боп жеңілдеп қалды. Бәлки, мәселе онда да емес шығар, мүмкін ол осы бір тозақты жолдан тағы бір жүріп өтіп өзінің шәт-шәлекей тірлігінен өмір бойы сабақ болар тәжірибе алғысы келген болар, ал тәжірибесі бар адам енді қайтып опық жемейді.
Әйтеуір, қалай болғанда да ол вагондағы жұмсақ төсеніштің үстінде ұйқтап жатып, өзінің осы тәтті ұйқысына қайран қалды. Не деген рақат шақ еді. Екі айдан бері кейде соғуынан жаңылып қалғандай, кейде тіпті мүлде жоғалып кеткендей болған сорлы жүрегі енді уақыт пен қашықтықты санаған мынау поездың дөңгелектері құсап, аптықпай бір қалыпты лүпілдеп тұрды.
XI
Түнгі сағат үш кезінде біреу оның атын атағандай болды. Ол ұшып түрегеліп, бәтеңкесін аяғына киіп алды да, жан-жағына қарады. Ешкім жоқ — жолаушылар тегіс ұйқтап жатса керек, дәліз босап қалыпты. Сөйтсе де оның құлағына бір жас адамның даусы талмаусырап шалынды. Осы бір жағымды үн екі айдан бері оның құлағында күңгірлеп тұрғандай еді:
— Хория Миронович!
Хория ол дауыстан жас баланың шағымын, жан дәрменмен ышқына айқай салып көмек сұрағандай үрейлі үнін аңғарып, бір сәт тіпті Жанетті де, өз күйінішін де ұмытып кетті. Қолына түскен киімдерін үстіне іле салып ұйқылы-ояу сәттегі қырылдаған даусымен:
— Иә! Не боп қалды?— деп үн қатты.
Сөйтті де өз даусынан өзі ыңғайсызданып қалды. Өйткені вагон шынында да бос еді — жолсерік те, жолаушылар да, билет тексеруші де жоқ. Тіпті поезд дөңгелегінің әдеттегі дүрсілі де естілмейді. Поезд бір станцияға келіп тоқтап тұр екен. Хория терезеге жүгіріп барып, сыртқа қарады. Осы жол бойындағы жалғыз ғана әктелген вокзал үйі ай сәулесімен ағараңдап көзге түседі.
Вережены!
Тез қимылдамаса болмайтын еді. Тез арада оны-мұнысын портфеліне жұмарлай салып алды да, екінші қолына апельсин толы торшасын ұстап, поезд орнынан жылжи бергенде секіріп түсті. Тіпті жолсерік әйелмен қоштаса да алмай қалды. Сол бір сұлу да жұмбақ сырлы әйел өз вагонының табалдырығына шыға келді де, поезд қатты жүре бастаған сәтте әлдебір назды үнмен:
— Екеуміз ақыры, жөндеп әңгімелесе алмадық-ау!— деді.
Хория жауап қатуға үлгермей, тек жылы шырай білдіріп қана қала берді. Сосын соңғы вагонның артындағы қызарған жарықтан көз алмай ұзақ тұрды. Поезд да, жолсерік әйел де, әлгі қызарған жарық та — бәрі-бәрі солтүстік жақтағы емен тоғайы мен тау шалғынының иісі аңқыған, өзінің балалық бал дәурені өткен Буковинасына қарай бет алып бара жатты. Ал ол болса, өз өмірін өксіткен өлкеге тағы да тұтқын болып, тағы да өзін еш пенде қарсы алмаған станцияға түсіп қалды.
«Бұл бір ақылсыздың тірлігі болды ғой...»
Онымен бірге жеті-сегіз ғана адам түскен еді. Әлі түн ортасы болатын, бара қоятын жер болмаған соң, ол күту залына» кіре берістегі орындыққа барып отырды.
Вокзалдың ішіне кіргісі келмеді. Тезірек есін жиып, бұдан әрі не істеп, не қоятынын ойластыруы керек еді. Сыртта, таза ауада отырып ойланған жақсы ғой. Букошшадағы туып-өскен деревнясын қимайтын, соны қатты сағынып, сол жаққа тартып кеткісі де келді. Бірақ ол жаққа тағы да жолы түспеді. Әлгі бір жан ұшыра айқайлап, поездан түсіріп алып қалған балаң дауыс алыстан құлағына шалынған жаңғырықтай тағы да талмаурап естілгендей болды. Шынымен-ақ осы дауыс апрельдің онынан он біріне қараған түні күн күркіреп, нажағай ойнағанын мұның есіне салғысы кеп тұр ма екен? Әттең, шіркін, сөйтсе ғой, әттең осы дауыс кімдікі екенін біле алса ғой...
Поездан онымен бірге көрші деревняда тұратын екі мұғалима да қоса түскен еді. Олар әуелде бірден күту залына кіріп кетті де тез қайта шықты. Бұған көз қиықтарын салды. Оларды Хория жете танымаушы еді, бірақ бұрын университетте, аудандық конференцияларда көріп жүргендіктен, өңдері есінде қалыпты. Сірә, олар да мұны шырамытқан болулары керек, таң алдындағы салқыннан бүрісіп, перронда әрлі-берлі жүріп Хорияға барған сайын мұқият қарағыштай берді. Олар бұған неғұрлым үңіліп қараған сайын, бір түрлі ыңғайсызданғандары аңғарыла түсті. Соны байқаған Хория: «Бұлар менен неге қысылады?» — деп ойлана бастады.
А, иә, солай екен-ау. Әдебиет пәні «адамның бар болмысы әсем болуы тиіс» демеуші ме еді. Бұл талап әсіресе мұғалімдерге көбірек қойылады ғой. Ал мұның киімі мыж-мыж болып, үсті-басынан дәрі аңқып тұр. Сақал-мұрты өсіп кеткен, бәтеңкесінің жұлығында Комсомол көлінің батпағы әлі жабысып жүр. Ана екеуінің алдында абыройын төккісі келмей орнынан тұрып, вокзалдың артындағы алаңға беттеді. Ол жерден барлық жаққа қарай автобус жүретін еді. Сол араға барған соң үйге қалай тезірек жетсем деп ойлады. Әлгі бір жан ұшырған балаң дауыс құлағына бекер шалынды дейсің бе? Бәлки, ол жақта бір пәле болып қалған шығар. Әдетте, шәкірт ұстазын шақырса, ол дауыс барлық оқушының үніндей болып естілетін. Сондықтан оның дегбірі қалмады, өйткені қалай болғанда да қазір оньң бұл дүниеде сол шәкірттерден өзге жан жақыны жоқ еді.
Бірақ баратын көлік жоқ. Алғашқы автобусқа мініп, бұрылыстан түсіп қалса — ар жағы екі-ақ шақырым, бірақ оның өзі де тек бес қырықта жүреді. Рас, вокзалдың жанында жасыл шамы жанып, жап-жаңа екі «Волга» тұрған. Шоферлары руль құшақтап, ұйқтап отыр, тіпті жолаушылар машина терезесін қақса да, дыбыс бермейді. Бұл арада такси дегенің қолға оңай түспейтін көлік еді, олардың шоферлары ақшаға зәру емес-тін. Жолға кезегі келген соң ғана шығады, әйтпесе қанша қарық қылам десең де, таң алдындағы тәтті ұйқыларын қимайды.
Хориядан шыдам кетті, қалай да тезірек жүріп кеткісі келіп, бір таксисті оятты. Еңгезердей шофер ұйқылы-ояу отырған қалпында «неге ентелейсің, машина бос емес» дегендей бірдеңелерді айтып гүр ете қалды. «Онда жасыл шамды неге өшірмейсің, — деп сұрады. — Егер ол жанып тұрса машинаның бос қалғаны». Шофер бір көзін сығырайта ашып, мұғалімге мүсіркей қарады:
— Оның жанғанына сіздің неңіз кетті, қымбаттым...
Сағат төрт кезі еді. Тағы бір сағаттан астам күтуге Хорияның төзімі жетпеді. Сосын ол, «артынан әйтеуір бір машина қуып жетер» деп жаяу ілбіп жүре берді. Вокзал басында аяғынан сарылып тұрғаннан таңғы таза ауаны жұтып жаяу жүргенді артық көрді. Анау Амосов «күніне жеті-сегіз шақырым жер жаяу жүрмеген адамның жүрегі қабынғыш келеді» деп жазыпты ғой. Оның пікірін жапондар да құптайды. Сол жайларды есіне алып, ол қараңғы түн ішінде жолдың бойымен ұзақ жүрді. Құдды оған жол бағдарын көрсетпек болғандай ай бұлт арасынан анда-санда бip сығалайды да, қайта жасырынып қояды, сосын оның қараңғыда тас жолды қуалап тағы да ұзақ жүруіне тура келеді. Бұрылыстан бір жүк машинасы шыға келгенде, ол станциядан бес-алты шақырым ұзап кетіп еді. Машина қатты жүріп келеді. Хория жолдың шетіне шығып, тәртіп бұзбай әдеппен қол көтерді. Оған жақындағанда шофер машинаның жүрісін баяулатты, бірақ тоқтағысы келгендіктен емес, бекер дәмелендіріп, қасынан өтe шығайын деп ақырын жүрді. Хория шоферлардың ондай дағдысын білетін еді, оның үстіне көңілі Каприянаға алып-ұшып, ұшарға қанаты жоқ болып келе жатқан ол дегбірсізденіп, қолын солай көтерген күйі жолдың ортасына шықты да қаққан қазықтай тұра қалды. Шофер оның басып кетсең де тапжылмайтынын ұқты. Сәл оңға бұрыла тежегішті басты. Кенет кілт тоқтаған машинаның шиқылы естілді. Кабинадан орыс тілінің оралымдарын белінен басатын молдаван жігітінің даусы шықты:
— Өлесің бе, тап сол...
Хория ашылған әйнектің тұсына таяп келіп:
— Тілеуіңді берсін, бауырым, бұрылысқа дейін апарып салшы. Каприянаға қатты асығып бара жатыр едім, — деп өтінді.
— Сонда сені қайда отырғызбақпын? Бос орын жоқ екенін көрмейсің бе?
Расында шофердың қатарында етженді бір әйел қалғып отыр екен. Ол енді ғана оянып, не болып қалғанын ұға алмаған күйі мең-зең боп қарай берді.
— Маған кабинаңның керегі жоқ, мен машинаның үстіне отырып-ақ жүре берем...
Шофер жігіт сәл ойланып қалды да:
— Оның үстінде мертігіп қаларсың, — деді.
— Ештеңе етпес, құдай сақтар. Мен жауыз адам емеспін ғой.
— Онда өзің біл, — деді шофер. — Үстіне шық. Тек, әйтеуір, кейін менен көріп жүрме.
Хория оны-мұнысын машинаның үстіне лақтырып тастап сосын өзі де шығып отырды. Шофер бір жаққа асығып бара жатқан, сондықтан Хория машинаның үстіне жайғасып үлгерместен жүріп кетті. Жел азынап тұрғандықтан Хория әуелгі сәтте кабинаның ығына барып отырғысы келді. Сосын маған қастандық жасайтын кім екен, әуелі соны байқап алайыншы дегендей үн-түнсіз қалды. Бір жақсысы ай бұлт арасынан тағы бір рет сығалап, жарық түсірді. Хория сонда ғана мән-жайды түсініп, езу тартты.
Бір әдемі айғыр қарсы беттегі бортқа ұйлығып денесі дір-дір етіп, осқырынып тұр екен. Туған жердің көк шалғынында құрық тимей еркін өскен ол өз сорына қарай сұлу болып жаратылған. Енді оның тұқымы қажет болып, әжеттен қалған кәрі-құртаң биелерге апара жатыр. Байғұстың ақ көбігі шығыпты. Ай жылт еткенде оң жақ бүйірінен, алдыңғы аяғынан қызыл жолақ көрінді — қан болса керек. Жануардың бүкіл денесі дір-дір етіп, осы қараңғы түнге, де, осы машинаның зіркілдеген жүрісіне де қарғыс айтқандай боп тұр еді. Ай тағы бір рет жарық түсіргенде қасымдағы кім екен дегендей Хория жаққа қарады. Мұғалім оны аяп кетті. Бала кезінен-ақ ол жақсы ат мінсем деп армандаушы еді. Кейін өмір ағымы өзгеріп, жұрттың ат ұстайтын әдеті қалды. Сосын велосипед пен мотоциклге деген әуестік басталды. Сөйтсе де Хория тым болмаса бір рет жақсы атқа мініп көрсем деп арман ететін. Өкінішіне орай сол арманы да бос үміт болып қалды. Содан кейін жылқы жарықтықтың жүздеген жылдар бойы халыққа қанат болып келгені үшін тым болмаса атты күтіп-баптасам-ау деп те ойлаған сәттері болды, бірақ оның да сәті түспеді. Оның өмірі мен жылқы тағдыры екі басқа арнамен ағып, өз жөндеріне кете барды. Егер бүгінгідей ойда жоқ жай болмаса, ол өзі сүйген жануармен кездесер ме еді, кім білсін?!
— Қайран ғана тұлпарым-ай!..
Хория қараңғыда сипаланып жүріп айғырдың қасына барды. Жануардың кекілінен, жалынан сипады. Сосын торшасынан апельсин алып, аузына салды. Айғыр бір сәт қорқынышын, өзінің машина үстінде келе жатқанын ұмытқандай болды. Мүмкін ол «өстіп алдаусыратып, машина түгіл самолетпен ұшуыма да мәжбүр етер» деп қауіптенген шығар.
— Пырылдауық пырағым-ай, — деді Хория еміреніп. — Екеуміздің де жолымыз болмады.
Екеуміз де сымбатты болып жаралыппыз. Сол сымбат өзімізге сор болып, бір пәледен екінші пәлеге ұрынумен келеміз. Сені, мінеки, үйлендірейін деп тойға әкетіп барады, ал менің тойым тарқаған, енді міне, ауруханадан шығып келемін. Жұрттың бәрі сен екеуімізге қызығып, бұлардың етегіне кез келген ұрғашы жармасады деп ойлайды. Бірақ сол есерлер екеуміздің қап-қараңғы түн ішінде жүк машинасының үстінде жан дүниеміз, тұла бойымыз, тіпті ойымызға дейін дірдек қағып келе жатқанымызды қайдан білсін.
Жас шофер тегі мұның қай бұрылысты айтқанын ұқпаған болу керек, межелі жер таяп қалса да машинасының жүрісін ақырындатпай тарта берді. Хория кабинаны қақты. Шофер тіпті машинаны тоқтатқан да жоқ, тек баяу жүріп мұның секіріп түсуіне мүмкіндік берді. Сосын жолаушы ұсынған үш сомдықты алған бетте қайта заулата жөнелді. Хория қараңғыда оны-мұнысын жинап жүріп: «Әлгі қу бірдеңені ұрлап бара жатқан сияқты, не машина, не айғыр, не қалғып отырған әйел, әйтеуір, біреуі қолды болған тәрізді, бәрінен бұрын сол әйел тегін емес»,— деп ойлады.
Таң алдында аспанды қап-қара бұлт тұмшалап алды, таң сәрідегі самал жел есе бастағанмен айнала әлі көзге түртсе көргісіз қараңғы еді. Ол әйтеуір шарқ ұрып жүріп Каприянаға қарай құлдилап түсетін төте соқпақ жолды тауып алды. Сөйтіп төмен түсіп келе жатқанда торшасы бір бұтаға ілініп қалып жыртылып кетті.
Апельсиндері шашылып қалды. Жер сипалап жүріп әрең жинап, торшаға қайта салды. Апельсині бар болғыр қайта төгіледі, бұл қайта жинап әуре болады. Сөйтіп ит әлекке түсіп келе жатқан ол кенет күліп жіберді. Оған «тап осындай көріністі бейнелейтін бір фильм түсірсе» деген ой келіп еді. Экранда қап-қараңғы түн, сол қараңғылыққа малтыққан кейіпкер жалп етіп жығылады, жерден бірдеңені жинап алады да, бір ыдысқа салады — соның бәрі төбелеске ұқсайды, бірақ одан ештеңе шықпайды. Тек кейін ғана әлгінің бәрі төбелес емес, жай әншейін түнде қайтып келе жатқан мұғалімнің таудан түсе бергенде жыртық торшасынан төгілген апельсинді теріп жүрген шағы екені белгілі болады.
XII
Ол деревняға кіре бергенде ай тұңғиық қараңғылық құшағынан бұлқына шығып қара қошқыл бұлт жабығынан жымия сығалағандай болды. Каприяна халқы шырт ұйқыда жатқан. Көне даңғырашылардың ұрпақтары бүкіл деревняны бір қырқадан екінші қырқаға көшіріп әкетсе де түк сезбестей қатты ұйқыда еді. Мектеп директоры да, Симионел де, оның қорадағы бұзауы да ұйқы құшағында болатын. Әнебір төменгі жақта баласын бауырына басып Жанет те тәтті ұйқыға кеткен. Осы бір тылсым шақтың өзі де өмірлік, бір хақ ақиқатындай еді. Өйткені қанша пендешілік қып тірлік қамын күйттегенмен де бұл дүниеде біруақ дамылдамас ештеңе жоқ қой. Ол өзіне бұрыннан таныс үйреншікті жолмен жүріп келе жатқан. Көңілінде ала бөтен ештеңе жоқ болатын, бірақ бір кезде жүрегі кенет тулап қоя берді. Жүрегі езіліп еріп бара жатқандай боп көзі қарауытып кетті, саусақтары дір-дір етті. Сол сәтте ол: «Апыр-ай, бұл ненің белгісі екен», — деп ойлады. Иә, солай, ол өзі мекендеген, қазір әйелі мен ұлы маужырап ұйқтап жатқан үйге таяп қалған екен ғой. Ол ұлын көп ойлаған жоқ болатын. Баласы Жанетке аумай тартқан. Ол оны үй ішінің шырқы бұзылмаған қимас шақта жанындай жақсы көруші еді. Бірақ Жанетпен дүрдараз болып қалған кездерде әйелімен қоса баласына да көңілі суыйтын. Ол өзінің сол ғадетінің орынсыз екенін де сезінетін, баласы мен әйелін бір тезге салғысы келмейтін, бірақ ол екеуінің бір-бірінен аумай қалғандығы — бүкіл түр-тұлғаларының, шаштарының, үндерінің үйлестігі оларды жаратылыстың бір болмысындай етіп тұратын.
Сол үйге бұл таяй түсті. Дәл осы сәтке дейін ол өзінің қайда бара жатқанын бағдарлаған жоқ еді, оған бәрібір сияқты болатын. Бірақ оның жазған жаралы жүрегі бұдан әрі бей-жай күйде қала алатын емес, өйткені ол өзінің жан дүниесінде тәтті мен ащыны арпалыстырған осы бір үйге таяп қалған еді. Енді екі жүз, жүз, елу қадамнан кейін бар тағдыры шешіледі, сондықтан да жүрегі қатты тулап дүрс-дүрс етіп соғады.
Жоқ, ол үйіне қайтып оралған жоқ. Таң қылаң бере бастады. Оның көз алдына өзін тағатсыз күтіп отырған шәкірттері елестеді, түн ішінде поездан түсуге мәжбүр еткен де солардың үні еді ғой. Сөйтіп, ол өзі тұрған үйге көз қиығын да тастамай өтіп кетті. Ол енді ештеңені ойламай сол бетімен жүре берді. Қарсы алдынан мектептің үлкен терезелері сәулеленіп көрінгенше ештеңеге көңіл бөлген жоқ. Еден жуатын Арвира апай пеш жағып жатқан. Хория мектептің табалдырығына отырып демін басты. Іште сырғытылған парталардың сықыры, шелектің салдыры, су шүберектің шылпылдағаны естіліп жатты. Солармен қоса қабаттасып апайдың баяу әндеткен үні естілді. «Ғашығымның үйіне апарар жол». Ол әрдайым осы бір әнді ғана айтатын. Оны да әлдебір үрей билегендіктен айтатын болуы керек. Өйткені осы бір екі қабат абажадай үйге түн ортасында келіп, таң атқанша жалғыз өзі мықшыңдайтын. Соғыста күйеуі мен ұлынан айрылған бұйығы әйел мектеп ішін тазалауды өз өмірінің басты мұраты етті. Ол әйнектің сәл шытынағанына да, партаға түскен болымсыз сызатқа да, әр оқушының екі алғанына да қатты қобалжитын. Әр мұғалімнің денсаулығын тілейтін. Табалдырықта отырған Хория осы қартаң әйелдің әуре-сарсаңын сезіп, жақсы бір көңіл күйге бөленді. «Мына кемпір түннің бір уағында келіп, парталарды реттеп қойып, еден жуып, өзінің көне әуенін ыңылдап айтып жүргенде, бұл дүниеден түңілетін ештеңе де жоқ», — деп ойлады ол.
Арвира өз міндетін атқарып жатқан кезде бөгде біреу, әсіресе ер адам келіп қалса ыңғайсызданып қалатын. Сол жайды білетін Хория дыбысын сездірмей дәлізбен мұғалімдер бөлмесіне барды. Өзі отыратын столдың үстінде апталық «Культура» газетінің бірнеше саны, бұдан бір ай бұрын келген әскери комиссариаттың шақыру қағазы жатыр екен. Дәлізден Арвира апайдың аяқ дыбыры естілді. Ән айтуын қойған. Шамасы дәлізден Хорияның ізін байқаса керек. Хория оның кіруін күтіп отырып: «Бұл кісі де көрші деревнядағы екі мұғалім келіншек құсап мені жатырқап жүрер ме екен?» — деп ойлады.
Әйел мұғалімдердің өтініші бойынша есігіне шағын айна орнатылған кітап жәшігінің алдына барған, ол осы соңғы екі айдан бері тұңғыш рет өз келбетіне көз салды. Өкінішке орай бастан өткеннің із таңбасы адамның тұла бойында қалмай қоймайды екен. Соны байқаған ол мұғалімдер мен оқушылар жиналғанша үсті-басын ептеп болса да жөнге келтіріп алғысы келді. Портфелінен сақал алғышын алып, қырынды. Сосын есік алдына шығып жуынды. Одан кейін суланған газетпен бәтеңкесін тазалады, албыраған алхоры иісі бөлме ішінде аңқып шыққанға дейін тазалана берді, осы бір жұпар иіс қанша рет оның есін алды десеңізші.
Бұл иіс оның аттап та, айналып та өте алмас тағдыры іспеттес еді. Ашық қалған есік алдында Жанет тұр. Хория соны сол бір қаралы күннен бері көрген жоқ. Жанеттің әкесі Кишиневтегі бұл жатқан ауруханаға төрт келіп көңілін сұраған. Ол кісі өте қайырымды, көңіл жықпас адам еді, Хориямен сөйлесіп отырғанда әрдайым өзіне тағы біреудің Каприянадан ілесе келгенін, ол адамның таяу маңда отырғанын сездіретін. Соның өзінде екіұшты ғып қаласаң шақырайын, қаламасаң тәңір жарылқасын дегендей тайғақ лебіз білдіретін. Ол кезде Хория шалмен бірге кім келгенін сұрамайтын да еді. Сондықтан Жанет мұнымен кездесе алмай кете баратын. Дегенмен, ол екеуі жүзбе-жүз кездесуі тиіс қой.
Жанет жүдеп кетіпті. Езуіне әжім түсе бастаған. «Өмір өтіп барады аялдамай» деген ән болушы еді, соны еске түсіреді. Ол жылы төсектен апыл-ғұпыл тұрған абдыраңқы күйде тұр. Қандай соққы болса да қыңқ етпей, ризалықпен көтеріп алатын сияқты. Оң қолындағы түйіншегін қайда қоярын білмей тұрған тәрізді. Жо-жоқ, ол екеуінің тағдырын лекерлеген жіп үзілген сияқты. Хория ештеңеге көңіл аудармай бәтеңкесін алаңсыз сүрте берді. Жанет бірдеңе айтқысы келді де мүдіріп қалды. Хория оған көз қиығын тастап еді, иегінің дірдек қағып тұрғанын көрді. Аяп кетті. Тіпті Жанет мұның алдында кешіргісіз күнәһар болса да бұрынғы сыйлас та қимас шақтың жолында оны жер қылмау керек еді.
— Күте-күте тағатым таусылды ғой, — деді Жанет кенеттен.
— Нені күттің?
— Сенің қайтып келіп, мені сабауыңды күттім.
Хория мырс етті.
— Жоқ, Жанет, оның қажеті не. Біздің ата-аналарымыз бен бабаларымыздың ілдаласы енді бізге жұбаныш бола алмайды.
— Сен тіпті менен оның айтқаны шын ба, өтірік пе деп те сұраған жоқсың ғой.
— Мәселе араларыңда бірдеңе болған-болмағанында емес, сен екеуіңнің араларыңда жалпы еш әңгіме болмауға тиіс, дүниедегі жалғыз ғана оңбаған адам сол.
— Амал қанша, мен ол жайды кейін түсіндім.
Жанет табалдырықтан аттап өтіп, келіп қолындағы түйіншегін шешті де, күйеуінің костюмін, таза жейдесін, бәтіңкесін үстелдің үстіне қойды.
— Былғаныш аяқ киімді тазалап әуре болма, үйге апарып өзім жуам. Одан да мына таза киімдеріңді ки.
Хория умаждалған костюмін шешіп жатып:
— Менің келгенімді таң атпастан қайдан білдің? — деп сұрады.
— Әкем айтты.
— Ал ол қайдан біліпті?
— Сен үйдің тұсынан өтіп бара жатқанда көріпті.
— Ол кісі ұйықтамап па еді?
— Жоқ.
— Онысы несі?
— Ол үш аптадан бері Черновцы-Одесса поезы өткен кезде оянып кетіп, таң атқанша ұйықтамайтын болып жүр...
— Ал сен ше?
— Мен де поезд өткен кезде оянамын, бірақ шаршағандықтан ба, артынан ұйқтап кетем...
«Сол кісі үшін-ақ осы жаққа келуім керек екен-ау, — деп ойлады Хория.— Алхоры баптайтын атақты бағбан. Қызынан алхорының иісі ғана шығады, ал оны күтіп-баптайтын темекі иісі сіңген әкесі. Осы бір аурухана белгісінен біржола құтылу үшін киім ауыстырып киейін». Ол шалбарының белдігін ағыта берді де әлденеден именгендей қалшиып тұрып қалды. Ол екеуі сегіз жылдай отасқан, баласы бар. Бұрын бір-бірінен қымсынбайтын, сөйтсе де қазір әйелінің көзінше шешінгісі келмеді. Соны түсінген Жанет есікті жауып, ақырын ғана шығып кетті. Біраз уақыт оның дәлізде әрі-бері жүрген дыбысы, Арвира апаймен ақырын сөйлескені естіліп тұрды. Ол қайтып келгенде Хория галстугін байлап тұр еді. Шешкен киімдері еденде жатқан. Жанет есіктен батылсыздау кіріп, күйеуінің ауруханадан киіп келген ескі киім-кешектерін жинай бастады. Бірақ Хория оның ол қарекетін жақтырмаған рай білдірді, сосын Жанет бойын жазып түрегелді де:
— Мыналарды үйге әкетсем қайтеді? — деп сұрады.
— Жоқ, қажеті не?
— Сонда сен бұларды қайтпексің?
— Осы үстелде жата берсін.
Сосын екеуі ұзақ үнсіз тұрып қалды. Жанеттің иегі асты тағы да дір-дір етті, ол өзінің кетуі керек екенін ұқты. Есікті аша берді де Жанет:
— Сен бүгін сабақ болмайтынын білесің бе? — деп сұрады.
— Неге?
— Сенбілік болады.
— Онда мейлі, сенбілік болса болсын, — деді Хория. — Ана торшада апельсин бар. Балаға апарып бер.
Жанет торшаға ұзақ қарап тұрды да:
— Aпapa алмаймын, — деді.
— Неге?
Жанет күйеуінің киімдерін орап әкелген орамалды ұқыптылықпен бүктеді.
— «Бұл апельсинді кім әкелді?» деп сұрауы мүмкін ғой оның.
— Онда айтарсың.
Жанет орамалды плащының қалтасына салып алды.
— Ол керегі жоқ дей ме деп қорқам.
— Ненің керегі жоқ дейді?
— Апельсиннің.
— Онда өзің жерсін.
— Маған да керегі жоқ.
— Нені айтасың?
— Сенсіз апельсиннің керегі жоқ.
Хория иығын бір қиқаң еткізді де салқын ғана:
— Онда өзің біл, — деді.
Жанет шығып кетті. Сыртта таң ағарып атып қапты. Бірақ мұғалімдер бөлмесіндегі шақырайған шам сәулесі терезеден көз қаратпайды. Хорияның қолы жарық сөндіргішке еріксіз барып қалды. Сөндіргішке қолы тигенде ғана өзінің осынау оқыс қимылды неліктен істегенін ұғынды. Ол өзі мектепте қалып, әйелі мектептен қайтып бара жатқанда дәл осындай терезе алдында тұрып, көзімен ұзатып салуды ұнататын. Жол мектептен төмен құлдырап созылып алысқа кетеді. Жанет ұзаған сайын кішірейіп, көзден ғайып бола беретін. Ондай қимас сәттің уақыты өтті де кетті. Қазір бұл өйте алмайды, өйтуге хақысы да жоқ. Оның қолы жарық сөндіргіштен баяу сырғып төмен түсті.
Арвира бөлме тазалауды аяқтап қалған. Хория «Культура» апталығының бірнеше санын қолына ұстап дәлізге шықты, екінші қабатқа көтеріліп, өзі көп жылдан бері даладағы сарайдың ашық есігінен көрінетін тылсым алагеуімді бақылаған класқа кірді. Еден жуылып, пеш жағылған. Айналайын Арвира апай, неткен алтын адам еді, онсыз, оның жан тербетер әуезді әнінсіз бұл мектептің күйі не болмақ. Хория орындық әкеп, терезенің алдына отырды. Сосын «Осы мектеп сарайының ашық есігі, одан көрінетін алагеуім қараңғылық туралы фильм түсірсе, оның ол күн көзі ашық кезде, жауынды күндері, қыс пен жазда, ертелі-кеште қандай болатынын жұртқа көрсетсе қайтер еді», — деп ойға батты.
Газетте айтарлықтай жаңалықтар жоқ екен. Оқушының пәнді дұрыс меңгеруі үшін үйге қанша тапсырма беру керек деген баяғы мақалалар мен бір жас жазушының киносценарийінен үзінді жарияланған.
Хория киносценарий үзінділерін құмарлана оқып, жаттап алатын, сосын келіп фильм экранға шыққанда, киноны түсірген кезде болған өзгерістерді салыстырып, қайсысының ұтымды, қайсысының нашар екенін ой елегінен өткізетін.
Кенет оның көзі ұсақ хабарлардың ішінен қызықты бір оқиғаны шалып қалды. Әлдебір кеңес жөнінде жазылған хабарда оның сүйікті ұстазы Иларие Семенович Ротарудың аты аталыпты. Оның фамилиясының алдында академияның корреспондент мүшесі деген лауазымды салтанатты түрде жазған. Хория әуелде бұл атақ басқа адамдікі шығар деп ойлап қалды да хабарды тағы бір оқып шықты. Бұл адам сенбес жай сияқты еді. Өйткені Иларие Семенович бар-жоғы ғылым кандидаты болатын, ал академия институттарында толып жатқан докторлар әлгіндей дәрежеге жете алмай жүрген. Хория хабарды бірнеше рет қайталап оқып шықты, — жоқ, атақ шынымен дәл сол И. С. Ротарудікі екен. Ол күндіз-түні тыным таппай жүріп ақыры осындай дәрежеге жетіпті. Енді молдавандар айтатындай тәңірім оны биіктен биікке көтере берсін.
XIII
— Ал, балақайлар, амансыңдар ма?
Олар есік алдында топтасып тұрып қалды. Жүректері алып ұшып, алқына дем алысып тұр. Өйткені олар мектеп ауласының ең арғы шетінен осы араға жеткенше бірін-бірі қуып, жүгіріп келген еді. Хория өзінің қайтып оралғанын шәкірттерінің қалай түсінеріне аса зор мән беріп, соны өз көзімен көргісі келді. Ол шәкірттерін бағанадан бері бақылап тұрған. Әуелі директор оқушыларды класс бойынша сапқа тұрғызын, кімнің не істейтінін айтты, сол екі ортада жаңалықты естіп қалған мұғалімдер Хориямен амандасуға жүгірісті. Сосын олар сыртқа шығып, жұмысқа кіріскен сәтте-ақ күбір-сыбыр көбейіп кетті. Ол тіпті аналардың не айтып жатқанын сезінгендей де болды. Жаналық хабар екпінді толқындай кластап класқа, адамнан адамға тарады, сосын оның ең жақсы көретін шәкірттеріне де жетті. Енді ғана жер қаза бастаған оқушылар қалт тұра қалысып, өзара сөйлесті де, бәрі бірден күректерін тастан салып есік алдында тұрған директордың қайтыңдар деген ишаратпен қол көтергеніне қарамастан апыр-топыр жүгірісіп өте шықты.
— Сәлеметсіз бе, Хория Миронович!!!
Олардың әрқайсысы әр түрлі киім киген, өйткені олар сенбілікке үйде киетін киімдерімен келген еді. Хория олардың денелеріне үйлескен қарапайым киім киген шақтарын қатты ұнатушы еді. Мерекелік әлем-жәлемді ол жақтырмайтын, өйткені тым әдемі нәрсеге әркімнің ақшасы мен талғамы жете бермейді. Мектеп формасын да ол онша құптай қоймайды. Тіпті соның өзі қиянат сияқты: әр түрлі пішін, әр басқа сөз, әр қилы зерде, әр алуан дауыс, соның бәрі бір ғана түсті — балалар сұр, қыздар қоңыр түсті киіммен шектеледі де қалады. Жоқ, одан да осы киімдерінің өзі артық.
— Қалай, Хория, қайтып оралған ба? — деді темекіден сәл қарлыққан дауыспен Василие Донцу. Сосын мұғаліммен жүздескенде ептеп ыңғайсызданғандай болды. Онысы көз қылғаны ғана. — Кешіріңіз, аздап кешігіңкіреп қалдым. Сәлеметсіз бе. Сау-сәлемет келдіңіз бе?
Ол үнемі кешігіп жүретін және сонысына өзі әлдеқандай болатын. Уақтылы келуіне тартылып бітпеген темекісі кедергі болды. Оның темекіні бабымен тартатынын жұрттың бәрі біледі. Бар болғаны он алты жасында өзіне-өзі ие болу кім көрінгеннің қолынан келе береді дейсіз бе?
— Жүдеп кетіпсіз,— деді қыздардың біреуі аянышты сезіммен.
— Жоқ, онша емес, — деп қарсылық айтады басқа біреулер.
— Бәлки, отырып әңгімелескеніміз жөн болар?
— Тек әркім өз орнына отырсын.
Оқушылар орындарына отырып болғанша Хория: «Әрине, сағат түнгі үште дыбыс беріп шақырған осылардың біреуі, поездан түсіп қалғаным дұрыс болды-ау», — деп ойланып тұрды. Тіпті Буковинаға біржолата кетуге бекінген күннің өзінде де ол осында қайтып оралып, әлгі дауыс кімдікі екенін білуге тиісті еді. Адамның қалай да анығына жетуге тиісті жайлары болады. Сол екі арада оның шәкірттері өзара сыбырласып жатты. Шамасы мұғалімнің жүдеу өңін жүрек ауруының әр қилы қиындықтарын сөз етіскен болулары керек. Ал Хория болса шәкірттерінің бозаң өңдеріне қарап: «Бұлар да жүдең екен-ау, жуанның жіңішкеретін көктемгі уақта қуатты тамақ керек, көбірек ет жемесе болмайды», — деп ойлады.
— Халдерің қалай? Не жаңалықтарың бар?
Сегізінші кластан бастап тұрмысқа шығуды қиялдаған, кеудесі шығыңқы, толықша келген Виолета Замфир арт жақта отырған орнынан түрегеп кеп, алдыңғы партаға отырды. Оның көңілі мұғаліміне бұрыннан-ақ ауып жүретін. Ол Хорияға өзінің ынтызарлығын айтып үш рет хат жазған, бірақ еш жауап ала алған жоқ. Қазір қатты сағынышын аңғартқандай көзімен ішіп-жеп барады, ал мұғалім болса қатты қысылып берекесі кете бастады. Бұрын сабақ кезінде осы қыздың сұқтануынан құтылу үшін үнемі соның өзінен үйге берілген тапсырманы сұрап, қосымша сұрақтар беріп, басын қатыратын. Ал қазір болса сенбілік, ірі етіп тоқылған көгілдір кеудеше киіп келіпті, алдыңғы партада қыбыр етпей көзін қадап отыр.
Хория кенет қатайып алды. Балалар оны сезе қойды. Мұғалім жоқта өткен-кеткен жәйді тәптіштеп айтып бермек болып түрегеле берген Виолета іркіліп қалды да қайтадан отыра кетті.
Хория парталардың арасымен жүріп өтті, сосын қайтадан терезенің алдына барды. Орындығын жылжытып қойып, өзінің үйреншікті орнына отырды. Көзі тағы да мектеп сарайының ашық есігіне түсті... Жо-жоқ. Сосын оның көз қиығы көрші үйлердің шатырларын жағалап жоғарылап барып қырат-қырат төбелерге түсті. Одан да биіктеп Каприяна тауының жотасына барып тірелді. Оның мұнысы ессіздікпен тең еді. Қайтып оралғаннан кейін бүкіл шәкірттерінің көзінше өз жанына жара салған жерге қарау қандай азап десеңізші. Бірақ ол көне даңғырашылардың нағыз лайықты ұрпағы, қайсар жан еді. Ақыры оның көзі ешқандай ескерткіш, ешқандай қоңырауы жоқ жалаңаш жотаны көріп тұрып қалды.
Балалардың тілі байланып қалғандай, тым-тырыс. Виолета өзгелерден бұрын есін жиып, бәсең үнмен:
— Біз сізге бұдан өзге не айта аламыз, — деді.
Осы бір сөзге дән риза болған Хория тауды жайына қалдырды да, қыздың жүзіне сүйсіне қарады. Виолета тым көріктеніп кетіпті. Даусы жұмсарған, нәзіктеніп шығатын бопты. Әр лебізі әуезді әндей жан тербейді. Шамасы, ол өз даусынан өзі ләззат алатын болуы керек, осындайда көбірек сөйлеуді ұнатады. Бірақ қазір әлденеден қысылып қалды да сөзін доғара қойды. Ал Хория осы қыздың лебізін ести бергісі келді.
— Ал оқуларың қалай?
— Оқуымыз жақсы, — деді Виолета ештеңеге мән бермей.— Жай күндері үш аламыз, жексенбіде төрттің де шет-шағасы көрініп қалады. Ал Май мен Октябрь сияқты мерекелі күндері кейбіреулер бес те алады.
Балалар жамырай күлді, мұғалім де езу тартты. Ол осындай аяқ астынан туа қалатын әзіл-оспақ, астарлы сөздерді ұнатушы еді. Ақыл-ойды осылай жаттықтырып тұрмаса, құрғақ оқу программасы ешкімге қажетсіз болып қалар еді.
Бірақ қазір оның күлкісі берекесіз болып тұрған. Жанын бірдеңе жегідей жеп, шаншып, ауыртып бара жатты. Ол тағы да терезенің алдына барды. Тағы да көз қиығы сарайдың ашық есігіне түсіп, шатырларды жағалай барып, тау басына өрмелей берді. Өйткені ол жақта оның өмірінің мәні бардай еді, онсыз оған бар тірлік бос нәрседей көрінетін... Ол жайында сөз қозғағысы келмеді. Бірақ үнсіз қалуға да дәрмені жоқ. Сол сәтте оқушылардың біреуі қинала тұрып:
— Даңғыра өртеніп кетті, — деді.
Нeгe екені белгісіз ол мән-жайды оқушылардың өздері айтып беруін қалады. Тілдерінің жеткенінше өз сөздерімен айтуын тіледі. Ол Даңғыраны осыларға сеніп қалдырған, сондықтан оқушылар біртіндеп өздерінің жауапкершілігін сезіне берулері керек. Қазір енді болған жайды олардың өздері бастап сөз еткен соң Хория қинала тұрып, әрең дегенде:
— Қалай өртенгенін айтыңдаршы? — деді.
Әуелде оқушылар түгел жамырап, мән-жайды түсіндіргісі келді, сосын бәрі бірден тым-тырыс бола қалды. Виолета орнынан тұрды да өзінің сүйкімді әуезді үнімен сөйлеп кетті. Бұдан бір апта бұрын, апрельдің онынан он біріне қараған түні ойда жоқта беймезгіл жаңбыр жауды. Шелектеп құйғандай нөсер жүрді, күн күркіреп, нажағай аждаһадай ысқырынып аспанды әлем-тапырақ етті. Терезеден қараудың өзі қорқынышты «еді. Кенет деревняның үстіне жасын түскендей болды. Әркім оны өз үйінің төбесіне түскендей боп сезінді. Күйік иісі жер-дүниені алып кетті. Ал Даңғыра лап етіп жанғанда жаңбыр тіпті күшейе түсті, бірақ Даңғыра лаулап өртене берді. Өз көзіңе өзің сенбейсің. Жаңбыр құйып тұрғанда Даңғыра лапылдап жанып жатты. «Жай отынан өртенген дүниені ештемемен өшіруге болмайды» деген сөздің жаны бар ма қалай?! Мүмкін, біреу сол қалың жаңбырды жамылып әдейі өртеген шығар, ауыл адамдарының арасында ондай да сөз бар. Оны сізден жасырғымыз келмейді...
Хория тағы да, мүмкін осымен жүзінші рет шығар: «Әттең, сол бір беймезгіл сұрапыл нажағай болмағанда ғой», — деп ойлады.
Ол Даңғыраның өртеніп кеткенін естіп келген. Оны оған өзі жатқан ауруханадағы әйеліне келген колхоз бригадирі айтқан. Оның сөзі де дәл мына оқушылардың әңгімесімен дәлме-дәл — нажағай аждаһадай ысқырынып, аспанды әлем-тапырық еткен, әркім өз үйінің төбесіне жай түскендей сезінген. Тегі бұл оқиғаның өзі аңызға айналып кеткен тәрізді.
— Рақмет, Виолета, отыр.
Ол өзін түнгі сағат үште оятқан дауыс әлі санасынан ғайып болмай тұрғанда шәкірттерінің үнін ести бергісі келді. Виолетаның даусы періштенікіндей болса да оны оятқан үн бұл емес еді.
— Сонымен ұзақ өртенді ме?
Осы арада оқушылардың пікірі үйлеспеді: біреулер тез, екі-үш сағаттың ішінде өртеніп кетті десе, басқалар керісінше, лапылдап жанған жоқ, Даңғыра ұзақ уақыт түтін құшағында тұрды да төбедегі қоңырау дүрс етіп құлап, астындағының бәрін жаншып, талқандап кетті дейді. Ал үшінші біреулер оның бәрі де дұрыс емес деген пікір айтады. Әуелі Даңғыра найзағайдың соққысынан күйреді, содан кейін өртенді деп тұжырымдайды. Хория осы бір-бірімен жарысып жан-жаққа тартқан әрқилы пайымдаулардан ештеңе ұға алмады да қолын көтерді.
— Жоқ, бәрің бірден жамырамаңдар. Алдымен сол араға барып, болған жайды өз көзімен көргендер айтсын.
Балалар парталарында отырып, сыбырласа бастады. «Сен айт», «Ал мен неге айтуым керек? Сенің сөйлегің келмейді екен ғой, қарай гөр паңдануын!», «Жоқ, одан да анау айтсын», «Ол да үйдегісі келмейді». Сосын жым-жырт тыныштық орнады. Сол тыныштық мұғалімнің тынысын тағы да тарылта бастады. Оның тұла бойы қалтырап кетті. Денесі дел-сал болды, жүрегі дүрсілдеп әлдеқайда алып ұшып барады. Жан қалтасынан дәрі алмақ болды да, оны оқушылардың көзінше ішіп отыруды ыңғайсыз көрді. Ол ұстаз болғандықтан ешқашан осалдық көрсетпей әрдайым қунақ, қуатты, ер көңілді болып өнеге көрсетуі тиіс еді. Оқушылардың көзінше дәрі ішкеннен гөрі өлген артық деп ойлады.
— Мен,— деді ол өзінің жан сезімін әрең жөнге келтіріп, — бәрін болмасаң да сол күні Каприяна тауына біразың барған шығарсыңдар деп сенем.
— Әрине барды... — деді Ион Скутару класс түкпірінен даусын созыңқырап. — Жауынға қарамай көп адам сол жаққа жүгірді.
— Кімдер?
Класс ішінде тағы да тылсым тыныштық орнады.
— Сен өзің Скутару, бардың ба?
Үн жоқ. Жым-жырт. Ұзақ үнсіздіктен кейін ғана әлгі бала:
— Менің ағайым шелегін ала жүгірген, — деді.
— Сол ғана ма? Бүкіл бір кластан Иен Скутарудың ағасы ғана барған ба?
Мектептің екінші қабаты жым-жырт, бірінші қабатында да еш үн естілмейді, аулада да тыныштық орнаған. Бастауыш кластың оқушылары аулада өткен жылғы түскен жапырақтарды өртеді. Соның иісі Хорияның есіне тағы да өзінің туған Буковинасының көктемін түсірді. Тап-таза қарапайым деревнялар. Дәулетті болмағанмен көрікті, аяулы мекен. Ол жақта өрт өз дегенімен жүрмейді, онда көне ескерткіш түгіл тауық күркені де ешкім өртетіп қоймайды.
Оны тағы да шарасыз сағыныш биледі, көз алдынан кетпей көлбеңдеп тұрып алған өлкеге аңсары ayа берді. Ал оның жиырма төрт шәкірті мұрындарын тартып қойып үнсіз отыр. Шындығын айтқанда енді сөз ететін ештеме қалмап еді. Бірақ ол өзі осы жерге әдейі келген соң түнгі сағат үште үн қатқан адамның кім екенін және оның себебін білгісі келді. Үстелдің суырмасын тартып еді, онда класс журналы жоқ болып шықты.
Сәл ойланды да қабырғада ілулі тұрған класс тазалайтын кезекшілер тізімін алды.
— Кәнеки, қоштасар алдында сендерге тағы да баға қойып кетейін. Бұл бағаны батылдық үшін қоям. Мен сендерді тізім бойынша шақырамын. Әркім қысқаша, бір-екі ауыз сөзбен ғана сол түні не себептен Каприяна тауына бара алмағанын айтып берсін. Ал, кәнеки, бастайық. Анастасия Михаил.
Өңі қуқыл тартқан кішкентай бала терезе жақтағы партадан түрегелді де:
— Менің баспам көтерілгендіктен бүгін де мектепке жібермейміз деген, — деді.
«Жоқ, бұл ештеңе айтпайды, оған мұғалім емес, мойнына орайтын ыстық шүберек керек», — деп ойлады Хория.
— Отыр. Варбие Петру.
Қуақы пішінді бала түрегелді. Екі көзі жан-жағына жылтың-жылтың қарайды. Біреу бірдеңе деп аузына сөз салар ма екен дейтін сияқты.
— Қырсық болғанда мен сол күні, дәлірек айтсам дәл сол түні әлгі... ұйығымды пештің үстіне кептіріп қойып едім.
Хория мырс етті — тапқан ақылын қарай гөр. Бейнелеп, нақтылы дәлел айтты.
— Отыр. Невое Елена.
— Тақтаға шығайын ба, осы жерде тұрып айта берейін бе?
Мұрнын тартып тұр, ал оның қасында отырған қыз ақырын ғана, бірақ жұрт еститіндей ғып:
— Ол сол түні шашын бұйралап жатқан болатын, — деді.
Кезек ол қыздың өзіне жеткенде мұғалім одан ештеңе сұраған жоқ, өйткені өзін поезда оятқан бұл екеуінің ешқайсысы емес екенін сезгендей еді. Ал уақыт болса өтіп барады, тізім аяқталып келеді. Сол сәтте ол: «Шынымен-ақ миымның қозғалғаны ма? Шынымен-ақ үн қатқан адамның жай елес болғаны ма?», — деп үрейлене ойлады. Оны күйініштің буғаны сонша, басын тау мен тасқа ұрғысы келді. Ақыры ол соңғы фамилияны атағанда жым-жырт тыныштық орнай қалды. Мұғалім мен шәкірттердің арасы алшақтап, орталарында құлан жортпас құла дүз жатқандай меңіреу тыныштық басты. Екі дүниенің адамындай болған олардың бір шаңырақтың астында бір ауамен қалай тыныстап отырғанына қайран қаласың. Қоштасар сәтте мұғалім жымия күлімсіреді де, бұрынғы ыстық ықыластары үшін амал жоқ, зорлана жылы шырай білдірді. Соны көргенде оныншы класс оқушыларының жүректері шымырлап кетті.
— Жарайды, балалар, барыңдар. Сендерді сыртта күтіп тұр ғой.
Оқушылар кінәлы адамдардай мойындарынан су кетіп шықты. Есікті ақырын ғана жаба кетті. Егер олардың бұдан алған бар тәлімі — шыққан есіктерін арттарынан жаба кету ғана болса, соның өзіне де мұғалім дән риза еді. Өйткені тез дәрі ішуі керек, ал түрегеп барып есікті жауып келуге оның дәрмені жоқ-тын. Жалма-жан тілінің астына дәріні тастап жіберді де, үстелге шынтақтап сүйене кетті. Маңдайын қос қолымен тіреді, сол сәтте ол келбетті келген келісті мұғалімнен тағдырдың тауқыметіне түскен Буковина сорлысына айналғандай болды. Бұдан кейінгі тірлігі не боларын білмей жаны ышқынып сенделе берді.
Есік сықырлады, бірақ бұл кезде ол дәрі ішіп, көңілі жай таба бастаған еді, есік жаққа қараған да жоқ, келген адамның кім екенін білгісі де келмеді. Кім болса да оның енді ешқандай мәні де жоқ еді. Мүмкін Жанет шығар, әлде Харет Васильевич болар, немесе мектеп директоры, әйтпесе өз әріптестерінің бірі, тіпті тәңірінің өзі шығар. Бәрібір оның енді ешқандай мәні жоқ.
— Хория Миронович...
Ол селк ете қалды. Бұл оған поезда үн қатқан дауыс еді. Соны сезініп, қыбыр етпей сілейіп отырып қалды ол. Тағы не, айтар екен деп күтіп отыр. Бұл дәл сол дауыстың өзі екеніне анық көзін жеткізгісі келеді. Сол лебіз тағы естіліп, ең болмаса бір-екі ауыз тіл қатса екен деп тілейді.
— Хория Миронович, менің қайтып оралған себебім...
Ол өз көзіне өзі сенбей қайран қалып орнынан тұрды. Қарсы алдында Мария Москалу тұр еді. Каприянаның өткені тарих дегенге сенбейтін Мария болатын. Еңбексүйгіш, қарапайым ғана тығыршықтай қызды Хория іштей картошка деп атайтын. Мария өңсіздеу, аласа бойлы, бет-пішіні тартымсыз қыз еді. Табиғат оны жаратқанда сараңдық істеген болса керек, бірақ оның кескін-кейпі жасалып болған кезде аяныш еткен сияқты. Барлық мүшесі мүсінделіп қойған соң амал жоқ енді тым болмаса көзін нұрландыра түспек болғандай. Расында Марияның үнемі күлімсіреп тұратын мөлдіреген тұп-тұнық көгілдір көздері кімнің болса да есін алардай еді. Мұғалім осы Мариядан әлгінде жөн сұрағанда ол: «Мейрамның қарсаңы болған соң күлше пісіріп жатқанмын», — деп қалтқысыз шынын айтқан. Хория оның сөзіне сенген. Марияның қолына қараған жан көп еді. Шешесі темекіден денсаулығын бұзып алып, ауру-сырқаулы болатын. Сондықтан Мария бесінші кластан бастап үй ішінің шаруасын өз қолына алған. Бір таңғаларлық жай — мұғалім оны тізім бойынша шақырғанда қыздың даусы қазіргіден мүлдем басқа болатын. Бір адамның даусы айналасы жарты сағаттың ішінде осылай күрт өзгере қалады деген мұғалімнің қаперіне де келмеп еді.
— Хория Миронович, менің қайтып келген себебім...
Мұғалім рақат бір сезімге бөленді. Оның жүрегі баяу ғана жайымен соғып тұрды, соның өзі де бақыттылықтың нышаны еді.
— Сонымен неге қайтып келдің Марие?
— Әлгінде біздің сізге айтқандарымыздың бәрі өтірік екенін түсіндіргелі келдім. Баспаның да, күлшенің де, шаш бұйралаудың да ол іске еш қатысы жоқ. Біз сол түні Каприяна тауына қорыққаннан бара алмадық.
— Сонда кімнен қорықтыңдар?
— Директордан.
Ол әлдекімнен сүйеніш күткендей жан-жағына көз жүгіртті. Бірақ айналасынан ешкімді көре алмаған соң, не де болса көріп алайын дегендей рухтана түсті.
— Директор сонда сендерді қалай қорқытып жүр?
— Қорықпай көр. Оның бұл арадан кеткісі келмей жүргенін өзіңіз де сезбейсіз бе... Оған жаңа орын да тауып берген: көрші Петреныда орта мектеп ашылады дейді, соған оны директор ғып тағайындаған. Әйелі тіпті жүгін де буып-түйіп қойды, ал ол болса күн құрғатпай мектепке келеді, аяғы басқан жерге шөп шықпайды.
— Әйтеуір кететін адам ғой, келсе келе берсін. Әрі кеткенде оқу жылы аяқталғаннан қалмайды.
— Оған дейін ол бар ызасын бізден алып бітетін болды. Әдебиет сабағында бізді не күйге түсіретінін көрсеңіз ғой. Ол өзінің ауысатынын естіген кезде біздің кластағы оқушылардың бәріне келіп баға қойып шықты. Кеш болса бәріміз бас қосып, өзара кеңесеміз де жатамыз. Сіз болсаңыз хабарсыз кеттіңіз. Бізге қайтып ораласыз ба жоқ па, ол жағын біле алмадық. Ал біз болсақ осы жерден мектеп бітіріп, одан әрі оқу үшін мінездеме алуымыз керек. Директордың кететін түрі жоқ. Біз бітіргенше кетпейтін болса, жаман мінездеме береді ғой, онымен қайда бара аламыз.
Ол құрғақ жұтынып, тап бір ағысқа қарсы жүзіп бара жатқандай басын қайсарлана шайқап қойды. Бірақ жағаға дейін жүзіп жету үшін сәл ғана қайраттана түсу керек еді.
— Сондықтан да көне ескерткіш тау басында өртеніп жатқанда біз көз жасымызды төгіп, дәрменсіз отыра бердік.
Осы бір қоңыраудай сыңғырлаған балғын дауыс мұғалімді мүлдем елітіп әкетті. Ол Мария тағы бірдеңе айтар ма екен дегендей үнсіз күтіп тұрып қалды. Оның көз алдында қыздың азаматтық кемелділігі оянып, нығая берді. Нағыз педагог болғандықтан ол осы марқаю құбылысына тосқауыл болмай, оның өркендей түсуіне мүмкіншілік беру қажет екенін түсінді.
Бірақ қыз одан кейін үн қатқан жоқ. Әлгі бір ауыр әңгімеден кейін ол басылып қалды. Сосын мұғалім оған сергек те мейірімді үнмен:
— Ал сонда сен қазір неге қорықпадың? Директор есік алдында тұр ғой, ол сенің оқушылармен бірге шыққаныңды, сосын қайтып жалғыз оралғаныңды көріп, жадына сақтап қалды ғой. Ол кекшіл адам емес пе, ол сенің мұныңды кешірмейді, — деді.
— Кешірмесе мейлі, — деді қыз ештеңеден қаймықпас сезіммен. — Ол онсыз да маған әдебиет сабағынан көр қазып қойды, сондықтан енді жақсы мінездемемнің өзі де көмектесе алмайды.
— Көр қазғаны қалай?
— Оның сабағынан алатының кілең үштік. Соңғы жолы берген тапсырмасын түгел жаттап алғам. Сөйтсем де ол ойланып отырды-отырды да ештеңеге қарамай үш қоя салды.
Хория ақырын ғана мырс етті. «Қор болған қайран әдебиет-ай, егер сенің атыңнан өзіңнің ең ықыласты оқушыларыңды жер қылып жатса, не болғаның...»
Ол орнынан түрегеп, аяғын баяу басып, есік алдында тұрған шәкіртіне қарай жүрді. Қасына келіп, алақанымен оның тек қыздарға ғана тән нәзік, жұп-жұмсақ бетінен сипады. Марияның көгілдір көздерінде бақыт нұры ойнады, бұл тіпті жай ғана көз емес, көктемнің мөп-мөлдір шуақты аспаны іспеттес тұңғиық дүние еді. Мұғалім бір сәт сол шуақ нұрына елтіп тұрып қалды. Қыз өзінің әйтеуір бір іс істегенін ұғынды, онысы ақылсыздық па, жоқ әлде алғырлық па, кім білсін, қалай болған күнде де өз ісінің ақ-қарасын ажыратпай кете алатын емес. Ал мұғалім соның оң-терісін айтатын жалғыз ғана арқа сүйер адамы еді. Соны аңғарған Хория:
— Рақмет, Марие, енді бара ғой, — деді.
Қыз кетпек болып бұрылып есіктің тұтқасынан ұстады. Сол бір қас қағым сәтте мұғалімді түнгі үште, дәлірек айтқанда таңғы үште оятқан ғажайып дауыс жер астына сіңіп кеткендей ғайып болды. Мария енді табалдырықтан аттай беріп, өзінің қалыпты даусымен:
— Ал біздің селоның тарихы не болмақ, оның шынымен-ақ өшкені ме? — деп сұрады.
Мұғалім күліп жіберді — бұл сұрақтан оның өзі де қорқушы еді.
—О не дегенің, Марие! Тарих деген жер астынан табылған қаңқалар мен құдайлардың суреті немесе тау басындағы көне даңғыралар ғана емес. Бұрнағы күні Марека барып қонған планетааралық станция да, далада жиналмай қалған жүгері де және біздің мектепте бүгін болған оқиға да тарих болып саналады. Тіпті айта берсе сенің бүгін осы араға екінші рет келуің, сен келердің алдында мен ішкен дәрі, анау бастауыш класс оқушылары лаулатып жатқан от — осының бәрі де тарих. Керек десең мына сенің үстіңдегі ақ қалталы қоңыр кеудеше де тарихтың игілігіне айналды.
Қыз ұялып қалып, езу тартты.
— Сіз де айтады екенсіз, Хория Миронович! Бұл шүберек тарихқа қалай енбек, осыдан басқа дүние құрып қалып еді...
Ол есікті еркін ашып, шығып кетті. Мұғалім оның директордың жанынан осымен төртінші рет қалай өтетінін көрмек болып терезенің алдына барды. Ол өзі картошка деп жүрген қыздың бойында қандай батылдылық, сенім мен рух жатқанын енді ұғынғандай болды. Директор Марияның жолын бөгемек болып талтайып тұра қалды. Ол түк байқамағандай болып, ғажайып бір жайбарақат кейіппен қасынан өте шыққанда, директор тіпті біраз сасыңқырап та қалды. Қыз өз жұмысын істемекке бет алды, бірақ ол жай ғана оныншы кластың оқушысы емес еді, оның өмірге деген өз түйсік-түсінігі бар болатын. Сондықтан да оны осыдан бір сағат бұрынғы Мария қалпына келтіретіндей бұл дүниеде ешқандай құдірет жоқ еді.
Ол өзімен бірге оқитын балалардың қасына барып, қолына күрек алды да, соншалық бір ыждағаттылықпен жұмысқа кірісті. Ал терезенің алдында тұрған Хория осы сәттен бастап Мария Москалу өзінің ең сенімді, ең қалтқысыз одақтасы болатынын сезінді. «Уақыты жеткенде ол тұрмысқа шығады, балалы-шағалы болады, сөйткенмен оның өзі де, күйеуі де, балалары да Хорияның одақтасы болып, ол қандай күйге түссе де соның сөзін сөйлейді. Бұл оның отыз жылдан астам ғұмырында жеткен мұратының ең маңыздысы еді. Егер осы жай ақиқат болса, ол сол бақытынан қашып қайда бармақ. Мұғалімнің Отаны — өз шәкірттерінің өскен жері. Одан өзге Отанды ол еш жерден таба алмақ емес».
Сағат он кезінде ол мектептен шығып, қыржиып тұрған директормен амандасты. Қақпадан шығып, үлкен қара жолға түсті. Сонымен тіке тартып отырып тар көшемен бұрылып, ақырын тауға көтерілді. Ол бір күннің ішінде-ақ кемелдене түскендей. Шытырман шиеленістен жалтармай, қайта оған өзі қарсы жүріп, тайсалмай тіке қарау керек екенін ұғынған. Өртенген Даңғыра әлі де мұның жан жарасы еді. Қазір соның қаңқасын, жүрек сыздатар өлексе сорлы күйін көріп қоштасып, өз өмірін қайта бастағысы келді. Ол қисық көшелермен қоса бұралаңдап ұзақ жүрді. Сосын ашық далаға шыққан соң суықтан тітіркеніп пенжегінің жағасын көтеріп алды.
Ескерткіштің түгі қалмай өртеніп кетіпті. Ілдәлда боп қалғаны астыңғы бөлмелер мен даңғырашының үйшігі, оларды да үйінді басып қалған. Мұғалім тау басында төрт жүз жыл тұрған ескерткіштің аруағына тағзым етті де, көңіл айтатын адамдарға ұқсап күйген тастардың үстіне отырды, қайғыға ортақтастығын танытты. Ол көңіл күйі орныққанша ұзақ отырды. Бір кезде ол бір адамның деревнядан шығып осы ескерткіштің орнына қарай бет алғанын көрді. Соған қарап отырып: «Бас киімінің сиқы кеткен, бір түрлі ерсілеу сулық киген, галстук таққан бұл кім өзі, — деп ұзақ ойланды ол... Өкінішке орай әлгі директордың берген ақшасы ұзаққа жетпепті, мүмкін ақша алудың қажеті жоқ деп есептеген қамқоршылардың айтқаны дұрыс келген шығар.
— Немене, — деді Симионел күл-талқан болған ескерткішке жете бере асқақ сөйлеп, — сәлеметсіз бе?
Осы Симионел жаратылысынан жасқаншақ еді. Ол адаммен жүзбе-жүз кездесіп амандасқанда қатты қиналатын. Өзінің ауылдастарымен кездескенде жан дүниесінде бір арпалыс пайда болатын, өз сезімімен өзі арпалысып, осы жасқаншақтықтың ырқынан шығу үшін ол әр кез ызалана өршеленіп: «Немене, қайырлы кеш» әйтпесе «Немене, амансыз ба», — деп сәлемдесетін. Симионелге жақсы қабақ таныту осы деревня тұрғындарының салтына айналып кеткен, сондықтан Хория да солардың ілтипатын ұстануды құп көретін.
— Сау-сәлеметсің бе, Симионел!
— Немене, ескерткіш өртеніп кеткен бе? — деді Симионел мұңды үнмен. Кенет сол сәтте-ақ оны бір күлкі қысты. Ол өз көңіл күйіне ие бола алмай бара жатқан соң тез қос қолымен жүзін жаба қойды, өйткені бұл орынсыз күлкі мұғалімге ерсі болып көрінетінін ұққан еді.
Хория оны ыңғайсыздандыра бермеу үшін басқа жаққа қарап отырып жауап берді.
— Біздің сорымызға өртеніп кетіпті.
— Сіз ылғи ауруханада жатты дейді ғой, — деді Симионел. Құрғақ жұтынып отырып, шашалып қалды да жөтеле бастады. Оны күлкі қысып бара жатты, бірақ бұл арада күле қоятын ештеңе жоқ еді.
— Иә, ауруханада жатып шықтым.
— Жақсылап емдеді ме?
— Жаман емес сияқты.
Бірақ екеуінің әңгімесі жараспады. Қырсық қылғанда Симионелді күлкі буа берді. Ол біраз ойланып қалды да, мұғалімнің қасындағы күйген тасқа келіп отырып ақырын ғана:
— Мен бұл араға бекер келген жоқпын, — деді. — Сіз осы Даңғырадағы үстелдің үстінде жататын кітапты іздеп жүр дейді ғой...
Хорияның жүрегі зу ете түсті.
— Иә, мен ол кітапты бір кезде сұрастырғам. Немене, табылды ма?
— Жоқ, әрине табылған жоқ... — Ол тағы да күлді, өйткені бұл жолы күлудің де жөні бар еді. — Ол табылған жоқ, бірақ ол сізге керек бола қалған кезде маған айтарсыз, мен тауып беремін...
— Рақмет, Симионел. Ол кітап таяуда маған қажет болып қалар.
— Онда сау болыңыз. Мен асығыспын, бұзауымды суғаруым керек.
Ол орнынан тұрып, ерекше бір көңілді күймен аспай-саспай төмен түсіп бара жатты. Мұғалімнің бір әжетіне жарағанына қуанышты еді ол. Оның артынан қарап отырған Хорияның көңіл күйі көтерілді. Енді еш алаңдамай ойлана-толғанып, Молдавияның көне ескерткіштері туралы кітап жазуына болады. Қазір оның қолында бүкіл академиядан табылмайтын деректер бар. Ол енді өзінің бар күшін, бар мүмкіндігін сол игілікті іске жұмсауы керек.
Біраз уақыт өткен соң ол қайтып келе жатып, бір құдықтың қасында өсек айтып тұрған келіншектерді көрді. Деревняда мұндай көрініс дағдылы жай еді. Мұғалім олармен амандасып, өте шықты, ұзай бергенде артынан бір келіншектің:
— Ақыры біздің Женяға қайтып оралыпты ғой. Буковинасымен қоштасып қайтып келіпті, — дегенін құлағы шалып қалды.
Оған тағы бір келіншек қосылды.
— Құдай-ау, келмегенде қайда барады дейсің. Көрікті жігіт пен сұлу әйел бірін-бірі қия алушы ма еді.
Хория қатты күрсінді де езу тартты. Өйткені айналасынан тағы да алхоры иісі аңқыған еді. Ол қазір өткен-кеткенді ой елегінен өткізіп әуре болған жоқ, соқа түренінің дымқыл жерге сүңгігеніндей тәтті қиялдың құшағына ене берді. Өйткені ол осы іс-қарекеттен, осы тірліктен баянды ештеңе жоқ екенін жан дүниесімен сезініп еді.