Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Екі күн

1

Қарны қабақтай, бұты таяқтай, жілігінің жігін, қабырғасының қатарын сыртынан санап алатын топырыш торы, оған белден жеккен екі доңғалақты — «қазақ арба». Аттың арқасындағы жалба-жұлба желқомда жапырайып біреу отыр, арбаның арысын бойлай біреу көсіліп жатыр. Аспанды қоршаған қою қара бұйра бұлт. Бұлттың демін ішіне тарта қоюына қарағанда, не сұрапыл дауыл, не нөсер жауын болатын сияқты.

Артқы аяқтары мен алдыңғы аяқтары шалысқан топырыш торы, екі аттап, бір сүрінеді; оның сүйегі негізінде пысық жылқы. Сондықтан сүріне бере, «бұным не?» деп намыстанғандай, оңалуға аяқтарының әлі келмеген кезде, тұмсығын да аяқ орнына жұмсап, күшті мойнына сала, басымен жерді тірей созыла түрегеледі.

Өз денесін өзі көтерумен арпалысқан топырыш торы сүріну-қабынумен әбден қалжырады. Құлағының ұшынан қара бақайына шейін құйылған тер — оның бойдағы аз ғана әлін одан жаман тауысты. Оның жүрегі желді күнгі жапырақтай дірілдеп, өкпесі көріктей көмпиіп, танауы делдең-делдең етті. Сол күйі топырыш торы жамбастай сылқ етіп құлап еді, сереңдеген төрт аяғын қайтып бауырына жинай алмады.

— Далабай! — деді аттың арқасына жапырайып мінген бала жігіт, қазақ арбада қисайып жатқанға — мына жамандатқыр, қолқа-құрт болып, қасқыр жеп арам өлгір, тұра алмауға айналды, албасты басты итті!

— Мен не шара істейін, — деген сөзді Далабай ыңырсып зорға айтты.

— Азырақ оттатып, демін алдырып, содан кейін жылжимыз ба, қайтеміз?

— Сөйтпегенде амал қанша.

Бала жігіт топырыш торының белін шешіп, арбадан босатып «шу-шу!» деп еді, талықсыған ат тырп етпеді. Жігіт күйгелектеу еді:

— Мына қара басқыр енді өз денесін өзі көтере алмағаны ма? Қап, құлағыңды... ай, сені біржолата талдырайын!

— Байтас! — деді бала жігітке Далабай, оның аяғы резеңке топты тепкендей топырыш торының қампайған қарнына томп-томп тигенде, — обал ғой, теппе малды! Күші сарқылған ғой, әйтпесе аянып жатыр деймісің, еті барда пысық-ақ жылқы еді ғой...

Атты тұрғыза алмайтынына көзі жеткен Байтас, тізгінін басына түріп, Далабайдың қасына келді. Ат жолдан шыға жығылған еді, мезгіл көктем, жердің көдесі көктеп көтеріліп қалған. Аз уақыт тыныстаған аттың мұрнын иек астындағы жасыл көденің жұпар иісі қытықтап, ат денесін қозғамастан, көдені түбінен өткір күрек тісімен қырқып ап көпіршіте шайнай бастады.

— Далабай, қалайсың? Бойың қалай? — деді Байтас.

— Сол қалпы. Қайта денемнің қызуы үдей түскен сияқты, — деді Далабай демін ентіге алып, — қаталап шөлдеп барам, әттең бір сусын!..

— Арба да соғып тастады білем өзіңді; жол жайсыз екен, тілеуі кесілгір, тым болмаса бос тұрған тарантас арбасын да бермеді ғой, ол жайлырақ болар ма еді, қайтер еді? Мына қазақ арба құрғырдың қиқулаған даусы да құлағыңды керең қылған шығар.

Далабай жауап бере қоймады. Онда көп кеңесер дәрмен де жоқ еді.

Далабай кедей жігіт. Етінің тірлігімен ол кедей болса да ерте үйленген. Оның үйінде әйелі, үйелмелі-сүйелмелі арасы жасқа толмайтын үш ұлы бар. Оның отауындағы аяқты мал: бір ат, бір лақты ешкі. Осындай шаруасы шағын болғасын сол жылғы көктемде қазақтың бір байына егін салысуға жалданды. Соқа соңына он шақты күн түскеннен кейін ол кенеттен қалпақтай түсіп ауырды да жұмысқа жарамады. Далабайды үйіне апарып тастауға байдың «қолы тимеді». Байдың асқа тіккен құрым үйінің босағасында ол ыңырсып екі-үш күн жатты. Байтастың әкесі Далабаймен бөле еді. Байдың жаны ашымайтынын көрген ол:

— Шырағым, — деді Байтасқа, — атыңмен мені үйіме апарып сал.

Байтас «атым көтерем» деп күңкілдеп еді, әкесі ұрысты:

— Не оттап отырсың, ат адамнан қымбат па? Болдырса жолшыбай шалдырып, амалдап жетерсіңдер, сөзді қой, апар!..

Далабайдың қасында арбаға сүйеніп тұрып Байтас әкесін ішінен кінәлады, «мен осылай боларын біліп едім — деді ол өзіне-өзі — айтқаным келді!»

Арбаға сүйеніп тым-тырыс тұрған Байтастың да, арба үстінде ыңқылдаған Далабайдың да көңілін шаң-шұң дауыс бөлді:

— Қос тігілді, неде болса көріп алдық.

— Бар көлікті, бар адамды жинап тез бару керек.

— Қарамызды көрсе өзі де жолай қояр ма екен?

— Жолап көрсін,... бәрібір өлім!..

Шулағандар шоғырланып келіп қалды.

— Мынау жолда жатқан кім? — деді шулағанның біреуі, Далабай жатқан арбаның қасына жақындағанда.

— Біз, — деді Байтас — өздерің кім?

— «Бізің» кім? — деді екі-үш дауыс.

— Немене, кісің жоғалып па еді, сонша шұқшиып, — деді ызалы Байтас.

— Мынау қалай-қалай сөйлейді? Қисық неме ғой өзі, кері басқан.

— Қисық болсам, тезге сап түзетейін деп пе едіңдер?

— Түзетсек түзетеміз.

— Оңай болмас!..

Сөз жанжалға айналып бара жатқан соң Далабай дыбыс берді, шулағандар өз аулының кісісі екенін ол таныды. Шулағандар да Далабайды тани кетті.

— Қабанбайдан егіндік жерді сұрай-сұрай жағымыз талғансын, бүгін тіршілік қып келеміз, тобыр кедей боп, — деді шулағанның біреуі — қосты құйқасы қалың жердің біреуіне апарып тіктік, басында кісі қалды, өзіміз ауылдағы қалған күшті жинап әкелгелі бара жатырмыз.

Далабайдың түнделетіп келе жатқан мәнісін олар естіген соң, Байтастың аты болдырғанын білген соң:

— Пар өгізге жеккен ридуан бар, — деді олар Далабайға, — үстінде қорабы бар, ішіне шөп салған — жұмсақ, соған мін.

Байтастан рұқсат ап, алғыс айтып Далабай өгізге жеккен ридуанға мінді.

— Екі егіз кімдікі? — деп сұрады ол жолда, өз аулында үлкен өгіз жоғын ойлап.

— Жай, дұспан көзі ғып, серпе сөйлеп жатқанымыз емес пе, — деді ауылдасы, — екі өгіз қайдан келсін, жаңадан үйреткен екі құнаншықпа!..

— Біздің кер ат көтеремнен торалды ма? — деп сұрады Далабай.

— Қайдан торала қойсын, көкке аузы жаңа тиді, оның үстіне, «жығылғанға жұдырық» деп, төккен тезек арасына үйелеп қалып, өлгелі жатқан жерінен зорға аман алып қалдық. Талпына-талпына сілесі қатып соқтығып қапты. Содан бері үйіңнің қасында жатады, әйелің көк шөпті алдына жұлып тастайды.

— Қап, ептеп-септеп егінге жарай ма деп ем, ол болмаған екен ғой, — деп кейіді Далабай.

— Біз де ренжідік, — деді ауылдастары — үй саны көп, көлігі құрғыр жоқ. Қабанбайдың жеріне көзді жұмып қол салып отырмыз, бірақ сол жерді аздап болса да, үй басы бір десетинадан болса да жыртып шығуға жарайтын көлік барлық ауылда жоқ. Бір-бір сауын сиырды жекпесек.

Таң бозара бастады. Екі құнаншықпа өгізге жеккен ридуанды жаяулы-жалпылы қоршаған бір топ адам Далабай үйінің алдына келіп тоқтады. Далабайдың әйелі Күнімжан ол кезде үй қасындағы көтерем аттың маңында еді.

— Ат бүгін оттамай жатыр, өліп қала ма деп күзетіп отырмын, — деді ол.

Сырқат қорғасындай ауырлатқан Далабайдың денесі, «ат өлер білем» деген сөзге сергіп кетті.

— Не дейсің?! — деді ол тұра кеп. Біреулер Күнімжанға Далабайдың сырқаттанып келгенін айтты.

— Жасаған-ай сақтай көр, үйге ұшықтап кіргізе көріңдер, — деді шошынған Күнімжан.

Әркімдердің сүйемелдеуімен арбадан түскен Далабай атының қасына барса, төрт аяғы серейіп сұлап жатыр екен. «Мұнысы қалай!» деп ол сезіктеніп, аттың танауына саусағын салып көріп еді — сұп-суық.

— Өліп қапты, — деді Далабай ауыр күрсініп, қара құрым үйіне арқасын сүйей отыра кетіп.

Осы кезде оның тұла бойына жайылған уайым уытын еліктегендей, көктегі қара бұйра бұлт сапырыла жөнеліп, тымық ауаны желдетіп кеп кетті.

— Дауыл!.. Үй бастырыңдар!.. — десті жұрт шулап.

Лезде сұрапыл дауыл ышқына кеп соқты. Арқа сүйенген Далабайдың құрым үйінің уығы мен керегесі солқ-солқ етті. Далабай жалма-жан тұра кеп, әйелі үйінің сыртқы бауларын байлағанда, үйге кіріп, шаңырақтың, екі желбауын шешіп ап, безгек болған кісідей дірілдеген үйді мықшия төмен басты.

...Екпіндей соққан дауыл үйшіктей үйді шыдатпады. Сыртқы жақ кереге қаңылтырдай майысып ішке сұғылыңқырап келді де, үй Далабайдың басынан аса төңкеріліп кеп түсті.

— Ойбай, қу шұнақ құдай-ай, енді қайда барайын?! — деген жан даусы шықты Күнімжанның.

— Мен мұнда, — деді отыра кеткен Далабай әлсіз дауыспен. Оның қасынан ұяларын дауыл бұзған балапандай шулаған екі-үш баласының даусы шықты. Ол жалма-жан құрақ көрпемен балаларын қоршап қойды. Бұл, 1917 жылдың бірінші май күні еді.

2

Далада дабырлаған дауыстан Күнімжан оянып кетті. Олар жатқан күймелі арбаның есігі жабық еді. Есіктің жақтауынан түскен болмашы сәулеге күйме іші күңгірттеу жарық. Күнімжан көрпесінің бір жақ бұрышын ақырын түріп, сытылып шықты да, тұра кеп есіктің күршегін ағытып, ептеп сығырайтып ашты. Ол далаға қараса, таң бозамықтанып келеді екен. Далада ерсілі-қарсылы сапырылысқан кісі.

— Уоу, Зылиқа мен Жүсіптер, сонша көп ұйықтағандарың не? — деді Далабайға құрдас бір колхозшы күйме алдынан өте беріп, Күнімжанды көзі шалып қап. — Пай-пай қызуларың сөнбейді-ау сендердің!.. Кәрі мұндар, өзің де бүгін хордың қызы секілдене қалған екесің...

Құрдасының арғы айтар сөзін жобалаған Күнімжан, сыр мінез болған дағдылы қалжыңына тізгін беріп, ұттырмайын деп еді, аржағынан екінші ұлы — Тайқошқар кеп қалды; ол — жиырма бірге шыққан алпамсадай жігіт, ударник. Баласынан ұялған Күнімжан есікті жаба қойды.

Күнімжан Далабайды «ұйықтап жатырға» жорып қасына келді де, кіршіксіз ақ зонтпен астарлаған көк сәтен тысты көрпемен қымтады. Далабай Күнімжаннан бұрын оянған еді. Күнде құлқын сәріден қылқылдап, егіншілерге маза бермейтін оның бұлай бейқам жатуы — бүгін бірінші май мейрамы, мейрамды тойлайтын комиссияда ол жоқ, сондықтан бүгін емін-еркін бір ұйықтамақ та. Осы ниетпен ол қалғып та, шуға елегізіп те селсоқ жатыр.

Далабай бастық болған колхоздың аты Ленин. Оған іргелес колхоз «Октябрь». Бұлар бірін-бірі бірінші майға қонаққа шақырған. Ленинде құлынды бие 95, құлынын байлағаны — 40; «Октябрьде» — 68, байланғаны — 40. Майдың көкмайса шөбін жеп, сүмесі дерткен биелердің сүтіне инеген қара сабалар аузы-мұрынынан шығып, шүпілдеп, ірк-ірк етеді. Комиссиядан Күнімжанға тиген сыбаға осы қымызды тойшыларға қандыра үлестіру.

Қалғыған Далабайды Күнімжан аздап кейін оятты. Олар бірін бірі еркелетіп, жастары елу, елу бесте болса да «кемпір» «шал» деп атайтын еді.

— Шал, ә, шал, — деді Күнімжан.

— Уә, не болды, кемпір, — деді Далабай.

— Кісі келді.

— Кім?

— «Октябрь» колхозының бастығы — Байтас.

Далабай киініп далаға шықса, көктің күншығыс жақ жиегі тотының қанатындай құлпырып күн шығуға жақындап қалған екен.

— Иә, егін-жайларың қалай? — деп сұрады Далабай Байтастан.

— Планымыз — 800, орындағанымыз — 564. Сендер ше?

— 900 ден 585.

— Былтыр бәйгені сендер алып көшпелі қызыл ту мен «М — 1» ге не болып едіңіздер, биыл аманшылық болса бәйге біздікі шығар.

— «Сүт көп, көмір аз», асықпайық.

— Ойын ғой, — деді Байтас — әйткенмен былтыр егінді кеш сеуіп, кеш соқты демесе, еңбеккүніне Ленин де 4 килодан алды, біз де 5 тен алдық.

— Биыл да жауын көп. Партияның XVIII съезі тапсырмасын орындауға сенім мол.

Байтас Далабайға той туралы сөзін айта бергенде, көздеріне ауылдан келе жатқан «М — 1» шалына кетті. «Парторг — Баянов» деді Далабай.

Машина келгенше Байтас — Амантайды сұрады. Амантай — Далабайдың тұла бойы тұңғышы. Жасы биыл 23 те. 17 жасында ол орта мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы ВУЗ дың біреуіне түсті. Сонда оқып жүргенде 1938 жылдың басында әскерлікке алынып, Қиыршығысқа кетті. Өткен жазда болған Хасан көлінің оқиғасынан кейін оның бір жолдасы «Амантай ауыр жараланды, лазаретте екі ай жатып, тәуірлеу боп, түгел айығуға Кавказдағы курортқа кетті» деп жазды. Содан Амантай әлі оралған жоқ, тек «аманмын, сауығып келем» деген ара-тұра хаттар ғана бар.

Осы кеңесті Далабай Байтасқа айтып тұрғанда, автомобиль қастарына келіп, әскерше киінген денелі, бір көркем жігіт көтеріле берді. Ол жігіт автомобильдің есігін ашып жерге түскенде Күнімжан да, Далабай да құшағын жая ұмтылды.

Күнімжан жігітті Далабайдан бұрын құшақтады. Сол кезде жерді жиектеп алтын нұрын айнала бүркіп күн де шығып келе жатыр еді. Далабайға жігіттің Күнімжанның иығынан асқан маңдайы сол шыққан күндей жарқырап кетті, ол кең маңдайдан құшырлана сүйді.

«Амантай жараланды» деген сөзді естігенде, жамандық шақырмайыншы деп Күнімжан көзіне жас алмауға ант еткен еді. Қазір баласын бауырына басқанда оның денесі қорғасындай балқып, көз жасы тасқындап-ақ тұр, бірақ түскен ант толқыған жасты жарқабақ тастай бетке қағып, кейін ытқытып шегеріп жатыр.

Далабай өзіне ондай антты айтып көрген емес. Сондықтан шыққан күннің алтын сәулесіне себелеген бұйра бұлттың маржан тамшысындай оның көз жасы күн нұрына шағылып домалап-домалап кетеді.

— Уоу қойсаңдаршы, бала жалғыз сендердікі ме? Болмаса дүйім жұрттікі ме? Егер жұрт баласы болса, мына бізге де амандасуға босатсаңдаршы! — деген сөзді сол араға түгел жиналған тойшылардың әрқайсысы-ақ айтты.

Хасан көлінің оқиғасы — ел арасында ертегі. Елдің естуінше бұрын-соңды болған соғыста мұндай әдіс-айла, қайрат-жігер жұмсалып көрген емес. Бұл соғыс Советтер Союзын да, оның батыр ұлдарын да жер жүзіне тегіс әйгілеген. Сондықтан Амантаймен қысқа амандасқан жұрттың ынтасы соғыс кеңесін естуге кетті.

— Шырағым. — деді әркімдер Амантайға, — аман көру арманымыз еді, көрдік, шүкіршілік! Ал, енді сен кешегі ішінде өзің болған, жер жүзіне еліміздің батырлық атын жайған оқиғаны бізге баяндашы!

Амантай күлімсіреп кеңеске кірісті... Бұл 1939 жылдың бірінші майы еді.

Май, 1939 ж.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама