Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Шындықтағы ертегі

1

Сирек, түлкі қара мұрты бар, адырақ көз, еңгезердей жігіттің комбайн кебежесінен ағытылған бидайды қапшықтарға құйып ап, арқалауы сол арадағы колхозшылардың көзін сүріндірді.

— Нешеуі керек, — дейді өлшеуші.

— Мейлің, өзің біл! — дейді адырақ көз, белдеме тұсынан айқыра айқастырған жұдырықтарының жұбын жазбай, арқасын еңкейе, тоса беріп.

— Он пұтты әкеттің. Он бес пұт салсам қайтесің?

— Қорған купецтерінің жиырма пұтын арқалап та көргем, бұл өзіміздің бидай ғой, салсаң, сал!

— Көтерсе көтерер, — дейді көлденең біреулер, — бұрын да жанын сала қимылдайтын еді, енді, Мәскеуге баратын болғасын не күшін аясын.

Тоқтаған комбайнның кебежесіндегі бидай босатылып боп, қапшықтар автомобильге тиелгесін, бригадир демалыс жариялады.

Ол кезде күлімдеген күн, бұлтсыз аспанның кеудесіне мінген шаңқай түс еді. Шыжытқан күннің қызуынан шыпшыған тер төмен қарай шұбырғанда, бетті бүркеген кілегей шаңды шайып, колхозшылардың кескіні жолбарыстың жотасындай жолақтана қалды. Айғыз бетті, әсіресе, манағы адырақ көз.

— «Дегесін құдуғара, құдуғара...» деп Қабамбайдың қулықшы Қасені адырақ көз алая қараған соң, өлеңнің кейінгі жағын «шорнаглазай, шорнеңкей, раскудрявай милеңкейге» бұрып, әзілге айналдырды.

Сол кезде «Бүркеу» жақтан «көк мылтықтың» күмістей кекілін күнге шағылыстыра кербез аяңмен біреу келе жатты.

— Бұл кім?

— Парторг, — Мырзатайдың Әнәпиясы.

— Ендеше күте тұрайық.

«Көк мылтықты» келгенше колхозшылар көр-жерді сөз ғып, күлкімен көңіл көтерді. Олардан ойы оғаш адырақ көз.

Комбайнның тоқтаған жері «Егін шоқ» дөңінің қырқа жоны. Жонның жотасы да, жайылымы да жалы жалбыраған жаппай жалпақ егін. Жылмаңдаған жел жалбыр жалды егінді жұмсақ қана желпісе, алтын теңгелер таққан желектей соқтығысқан сабақтар сыбдыр-сыбдыр етеді.

«Егін шоқ» еңсесі биік дөң. Оның қырқа жотасынан Қырым мен Қытай көрінгендей. Жотада тұрған адырақ көз, жан-жаққа қимылдаған қарашығын қадап еді, телегей теңіз егін,... кемеріне көз жетер емес!

Бригаданың егін шабуға шығуы бүгін ғана еді. Қиыр Шығысты тұтас шолған құлпырмалы қанатын тоты таң қаққан кезде, басындағы жал дәнін билей алмай, белі бүкірейіп, бұйыққан бұйра егінді бүлкілдете комбайн күзей бастаған. Міне, енді, күн түске тармаса қырқа жол қасқаланып, етегі түріліп қалды.

«Егін шоқтың» шоқтығына шұбала үйездей өскен жасыл желектей қайың бар. Жиегі жиналған «Қайың шоқ» дөңінің жотасындағы егін, камшат-құндыз бөріктей дөңгеленді, егін ортасындағы шұбалған шоқ қайың, құндыз бөрікке қадаған үкідей, желпіген желден ырғаң-ырғаң етті. Толқыған телегей теңіз егінге адырақ көз қарайды да тояды, тояды да толғанады.

— Күні кеше ғана сияқты еді, — дейді ол ішінен, — бұдан жиырма жылдар бұрын бұл маңда егін ектіретін жалғыз Торсан үйі болды. Одан басқа егін екті деген қазақты естігем жоқ. Торсанның соқа салдырған жері осы «Егін шоқ». Бірақ ол осынша..., бізше егетін бе еді?.. Жоқ... Қарашұнақ, Қошпан, Жаназар сияқты Торсанның құлдары бір тілді соқамен жылында бес-алты десәтина жерді тырмалап, күз көр-жер, кәкір-шүкір бірдеңе жинаған болатын. Ал, біз?..

Адырақ көз аз кідіріп, колхозы «Жаңа жолдың» жай-күйін елестетті.

Байлардың жерін алатын жиырма жетінші жылы: «Жең ұшынан жалғасайық, жарлылар боп жабдығымызды біріктірейік» деген сөзге қосылып, «Жаңа жол» атты артель ашқандардың ішінде осы адырақ көз де бар еді. Содан бері колхоздың үй саны көбейді де, байыды да. Қазір ол Пресногорьков ауданындағы басты колхоздың біреуі. Адырақ көз колхоздың «билік, ерлік» деген сияқты атқамінерлігіне араласқан жоқ. Оның жан-тәні жұмыста. Жұмыста оның алдына түскен жігіт «Жаңа жолда» жоқ. Сондықтан да ол туралы жұрт «Дайыр, Дайырға бер айыр!» деп мақал шығарып алған.

Адырақ көз тағы да бір ойлардың соңына түсіп, дүркіретіп қуып бара жатыр еді, оны қайырған:

— Дайыр! — деген дауыс.

Адырақ көз жалт қараса, «Көк мылтықтың» үстінде тұрған парторг — Мырзатайдың Әнәпиясы.

— Дайыр, жолдас, Тасыбеков! — деді Әнәпия адырақ көзге — Дайынбысың Мәскеуге?

— Дайыр дайын!

2

Құйындай құлдыраған шаң жұлындай жіп-жіңішке боп шаншылып аспанға көтерілді. «Қызыл ағаштың» етегіндегі егінді жинаушылар шаншылған шаңға қарады.

— Құйын, — деді біреулер.

— Тымықта түтін осылай көтерілуші еді, тұтанған өрт боп жүрмесін, — деді біреулер.

— Мен білсем, бұл құйын да емес, өрт те емес, Тасыбектің Дайыры, кеше соған машина кетті деген.

— Ол болса құйын мен өрттен екпіні кем соға да қояр ма екен? Мәскеуге мен барсам, жермен емес, көкпен келер ем. Әнеугүні «Айымжан» колхозындағы Ғабдолланың қызы Қостанайдан аулына аэропланмен ұшып келіп, түстеніп қайтты ғой.

— Машина тақияңа тар кеп отыр ма? Бұрын ара қонып жететін Қорған қаласына күніне екі барып қайтамыз, оған көзің тоймаса, су қараңғы боларсың.

Байсақал аулын басып, Бүркеумен «Қызыл-ағаштың» арасынан түсетін «Кір-көйлектің» (Пресноредут) жіңішке жолы егінді жанап өтеді.

— Бізге бөгелмесе, «Көк мылтық» пен көлденең қосылып көріңдер, осыдан жүйрік жылқы бұл заманда жоқ, неғып бір шалмас екен.

Төсеген тақтайдай жолмен жүйткіген машина «Көк мылтыққа» қайдан шалдырсын, зымырап ағып өте шықты.

— Бәсе айтам ғой, — деді бір жігіт, — көже де ашығанда көпіреді, Дайырда көжедей қызу жоқ деймісің, көрдің, бе, елең қылмай өте шыққанын?!

— Қолын бұлғап өтті ғой, тегі шофер тоқтамаған болу керек.

Осы сөз рас еді. Бірақ тоқтамаған шофер емес, кабинада шофермен қатар отырған саңырау Райс. Ол жасамыс болса да жел көңілді еді. Әкесі Алдаберген өгізге мініп көрмеген оның тақымына тұлпар машина тигесін, қайтіп шыдасын.

— Толайым айда, — деді ол орыс шоферға, — «Көк мылтық» машина бәйге пайдот... наше перот пайдот!..

3

«Жаңа жол» — «Аққусақ» ағашының құшағында, «Ақбасты» келінің ығында. Дайырдың үйі жарқабақтың жағасында.

Оның екі бөлмелі жер үйіне жиналған жұрт симады.

— Жарғабақ жібектей есілген бетеге. Кеңестің дәмі тәттілене бастады, соған шығып еркін тыңдайық — десті әркімдер.

— Мақұл.

Он төрт жаңасын жасаған ай сол кеште көкті сығалап, биікке барып қалған еді. Аспан ашық. Қара мақпал түннің тоны жарқыраған жиі жұлдыздарды зорға көтеріп тұрған сияқты.

Дайыр соншалық сөзуар жігіт емес еді. Содан ба? Әлде көргені көп болғасын неден бастарын білмеді ме? Аз күмілжіп отырды.

— Сөйле! Сөз тыңдағалы келдік. «Мәскеу даңқы жер жарады. Не көрдің?»

Дайыр айнала қарап еді, ер-азамат, ұлы-кіші, қатын-қалаш, бала-шаға — қоршаған адамдардың көздері жұлдыздай жайнап, бұған қадалып барады.

— Мәскеу бар ғой, — деп бастады ол, — түнде осы айлы түннен жарық. Анау табақтай айдан көлемі үлкен, онда кем болса мың шам бар шығар. Ұсақ шамдарымен салыстырғанда көктің жұлдызының жиілігі сөз емес.

— Япырай, не дейді?

— Ал, енді үйлерінің, биіктігі бар ғой, Бүркеудің биік бес қарағайын біріне бірін жалғаса, содан асып түсер.

— Міне, саған, керемет!

— Машина дегенің бар ғой, дәл, таңертең ауылдан қаптап өріске жөнелген малдай.

— Сөйлес сен!..

— Тіпті, оның қай қызығын айтып тауысайын. Жер астынан жүргізіп қойған пойызын көргенде, ертегіде айтылатын жер астының алтын сарайлары есіме түспесі бар ма?

— Е, енді қайтуші еді, сөйтпей!..

— Мен сендерге көрмедегі тамашаларды айтайын: 1463 кило салмағы бар бұқа көрдім. 1225 кило шығатын жылқы көрдім. Биіктігі екі жарым метр кендірдің сабағын көрдім, 49 кило шығатын асқабақ көрдім, бір сепкені он бес жыл ұдайымен өсетін бидай көрдім, тебінгіден жалпақ темекі көрдім, күректен жалпақ күнбағыс көрдім, саласы сала қарыс жүн көрдім, тағы не көрдім...

Дайырдың басында көрмеде көргендері сапырылысып кетті. Ойы солардың арасынан малтығып шыға алмағасын, ол кеудесін кере дем алып, басын көтеріп жоғары қарады.

— Ал тағы, бәсе, бол айт! — десті кеңеске құмары қанбағандар.

— Өзім шаршаңқырап та тұрмын, — деді Дайыр, — және соншалық сөзге шешен де кісі емеспін қиыстырып айта беретін, қалғанын ертең айтсам қайтеді? Бүгін айтарым: жиырма екі жылда біздің өкіметтің, біздің халықтың істеген ісі адамның аузы айтып жетерліктей емес. Жай, таң-тамаша қаласын да тұрасын. Қуанышың қойныңа симайды.

Жиналған жұрт Дайырды жібере қоймады. «Сөзден сөз туып» дегендей, түн ортасы жақындап, үркер төбеге келгенде бір-ақ босатты. Онда да, — «бұл кеңестің аяғын ертең айтам» деген соң.

Таңға жақын тараған халыққа Дайырдың сөзі шындықтағы ертегі көрінді.

Ноябрь, 1939 ж.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама