Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Кім қорқынышты?

Камалға хат

Қадірлі Камал!

Біздің хат жазысуымыз өткен жылдың орта шамасында басылып еді. Құдай сәтін салып, үзіліп қалмай, жаңа жылға да жеттік.Бұған жеткен де бар, жетпеген де бар, тәубе дейік.

Камал, сен соңғы хатында («Өз кінәмізді өзгеден көрмейік», «Егемен Қазақстан», 18-қаңтар, 1997 ж.) ұлттық намыс, ұлттық сана деген ұғымдарға қол созыпсың. Мұныңды мен құптадым.

Баяғыда бір мұңлық: «Қарнымның ашқанына жыламаймын, қадірімнің қашқанына жылаймын», — деген екен. Қарынның ашқанын жаза-жаза жұртты жалықтырып алуымыз да мүмкін. «Ашынған қарын тойынар, ашылған етек жабылар».

Ал қадірің қашса қалыбына келе ме, келмей ме — беймәлім. «Қадір» дегенді мен де бұл жерде ұлттық сана, ұлттық намыс деп түсінемін. «Намысқа тиер тағы бір мысал — қазақ тілінің мәртебесін көтереміз деп көп айтамыз. Ресми құжаттардың орыс тіліндегі нұсқасын оқымай тұрып, қазақшасына түсіне алмайтын пәлеге ұшырадық», — дейсің сен соңғы хатында.

Қайран Камал! Американы енді ашқандай боласың. Біз бұл «пәлеге ұшырағалы» қашан. Біздің қазақ коғамындағы басты кесел осы. Ол кеселмен ауырғандар әрі десе сонау биікте, биіктерде отыр.

Осы таяуда ғана «Новое поколение» газетінде (№ 3, 1997 ж.) Қазақстан Президентінің кеңесшісі Ермұхамет Ертісбаев пен газет тілшісінің сұхбаты жарияланды. Сол сұхбаттан меңің білгенім: Е. Ертісбаевқа Президент саяси партиялармен, қоғамдық ұйымдармен ұдайы байланыс жасап тұруды және ішкі жағдайларға талдау жасап отыруды тапсырған екен. 1992 жылы ең жоғары дәрежелі қонақ ретінде Шығыс Қытайды аралап шығып, Шанхайда Мао Цзедунның резиденциясында жатқан екен. Кезінде Қарағанды университетінің тарих факультетін үздік дипломмен бітіріп шыққан екен.

Бәрі дұрыс.

Содан соң Е.Ертісбаев былай дейді: «Рабочий день начинаю с основательного просмотра «Казахстанской правды». С нетер-пением жду пятницы, чтобы прочитать «Новое поколение», «Де-ловую неделю», «Панораму». Постоянно покупаю «Караван» и «Аиф-Қазақстан». Көңіл үшін болса да, сыпайылық сақтап, қазақ тіліндегі бірер газетті қосты ма екен деп ары-бері қарап едім — Жоқ!

Міне, Камал, өзің айтқан «ресми құжаттарды» дайындайтындар осындай шенеуніктер.

Тіл туралы жаңа Заңның жобасындағы жанды-жанды екі-үш бапқа жанталаса қарсы болып жатқандар да осы шамалас қызметкерлер. Ол баптар бойынша мемлекет қызметкерлері мемлекеттік тілді білуге міндетті екен, радио, теледидардың барлық каналдары өз материалдарының елу пайызын қазақ тілінде беруге тиіс екен.

Ал осыған жаңағы айтқан шенеуніктер оп-оңай көне қояды деп ойлайсың ба? Ондай атты күн қайда – а-а...

«Караван» (20-желтоқсан, 1996 ж.) газетінде Халық конгресі партиясы төрағасының орынбасары Хамит Тұрсынов мемлекеттік тіл мәртебесін қозғамаңдар, онда славян тектестерді ренжітесіңдер деп байбалам салды.

Ал енді бұлар кит етсе «ұлтаралық наразылық» дегенді ту етіп көтеріп, тулап шыға келеді. Егер олар әділ болса: ау, қазақ тілі кешегі империялар тұсында тұралап қалып еді, енді бүгін Қазақстан деген тәуелсіз мемлекет өмір сүріп жатқанда осы мемлекетке өз атын беріп отырған қазақ халқының өлгенін тірілтіп, жоғалғанын тауып беруге жәрдемдесейік деген бір жылы сөз неге шықпайды ауыздарынан?!

Жоқ, олар кешегі отаршыл империялар зорлап таңып кеткен жүйені бұзбаңдар деп жанталасады. Және олардың көбі орыстар емес, өзіміздің ұлттық нигилистер — Масановтар, Тұрсыновтар. Бұлар орыстарға жаны ашып, бүйрегі бұрып, бауыры езіліп бара жатқан жоқ. Өздерінің қарақан басының қамын ойлап, ертеңгі күнінен күдіктенгендер. Өздері казак бола тұра қазақ тілін білмейді, ең қиыны — білгісі де келмейді.

Егер Тіл туралы Заң жобасы өзгеріссіз қабылданса, жылы орындарынан, биік мансапты қызметтерінен айырылып қалуы мүмкін. Ал қазір осы Алматының жоғары оқу орындарында шет елдерден: АҚШ-тан, Жапониядан, Қытайдан, Кореядан, Түркиядан т. б. елдерден келіп оқып жатқандар бар. Солардың қазақ тілін үйренуге деген талабы таудай. Қызығасың. Сенесің бе, Камал, осы қаңтардың он сегізі күні радио сол студенттердің қазақ тілі туралы ой-пікірлерін берді. Бәрі қазақша сөйледі. Бәрі қосылып Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін айтты. Сонда менің көзіме жас келді. Неге? Қазақ тілінің қадірін өзіміздің жетесіздер білмей, мүлде бөтен жат жұрттық — жапон қызы осы тілде сайрап тұрып сөйлеп, ән салғанда қалай тебіренбессің!

Төс айылдың батқанын,

Иесі білмес, ат білер.

Ер жігіттің қадірін,

Ағайын емес, жат білер, —

деген асыл сөздерді: «Ата тілдің қадірін Қара Иван білмес, жат білер», — деп өзгерткім келді.

Қазақ тілінің қанат жаюына қарсы қазақтарды мен түсінемін. О баста оқуы, тәрбиесі сондай болды. Ондайлар, сәбилерін орысшамен ауыздандыратындар әлі де толып жатыр. Олардың қазақша білмегендігі қайғы емес, қазақша білгісі келмейтіндігі қайғы, қазақ тілінің өркендеуіне кедергі болатыны қасірет. Ал қазақ тілі — отбасындағы бірер ауыз сөзден басқаға жарамайды деген Масанов «теориясын» таяуда біздің Президент Индонезияға барған сапарында жоққа шығарды. Мемлекетаралық келісімшарт индонезиялық мемлекет тілінде және қазақ тілінде жазылды. Мұны өзінің жолсапар очеркінде Уәлихан Қалижан жариялады.

Қазақстанда қазақ тілінің қауқарсыздығынан әсіресе алыстан келген ағайын қатты жапа шекті. «Елім, жерім, ата-жұртым, Отаным» деп, Моңғолстаннан, Қытайдан. Ираннан, Түркиядан жеткен, бір кезде отаршылық зорлық-зомбылығынан кеткен, енді-енді есін жиып туған елге қайта оралған қазақтар әуелі қайда келгенін білмей аң-таң болды. Айналаның бәрі орысша. Ал олар орысша білмейді. Балаларын оқытатын мектеп таппай қиналғандары да бар.

Камал дос! Несін айтарсың, осы туыстарды көргенде мен өзімді солардың алдында, алмай-бермей, кінәлідей сезінемін. «Келіндер! Келіндер!» — деп шақырып, келтіріп алып, алдап кеткен сияқтымыз. Алыстан, басқа мемлекеттен артынып-тартынып, арып-ашып жеткенде, айтақырға отырасыздар деп о басында ескертпедік қой.

Көші-қон туралы, оның ішінде оралман қазақтар туралы Заң қабылданды. Заң толығынан орындалмады. Көшіп келген қазақтарға деп бюджеттен бөлінген азын-аулақ қаржының тамтығы ғана колға тиді. Кейбір жерлерде бұл келіске тікелей қарсы болғандар да табылады. Өмірі талпақ танауды көрмеген қазаққа «шошқа бақ» деген бастықтар да кездесті.

Міне, осындай-осындай келеңсіз көріністерден кейін, таяуда Президент Нұрсұлтан Назарбаев шет елдерде тұратын қазақтарға көмек көрсетіп, қолдау туралы Жарлық жариялады. Егер осы Жарлық сәті түсіп іске асар болса, онда ол Президенттің бұл мәселеде саяси көрегендігінің біріне айналар еді.

Неге десеңіз, шет елдерде төрт миллионнан астам казактар тұрады. Солардың жарым-жартылайын көшіріп алғанның өзінде республикада байырғы халықтың демографиялық жағдайы күрт өзгереді. Өз елінде, өз жерінде тарихи әділетсіздіктер салдарынан азшылыққа айналу неткен қорлық. Мұны біздің халық бастан талай кешірді. Енді азаптар мен мазақтар дәуірін артқа салып, ел қатарлы, жұрт қатарлы өмір сүретін халге жетсек керек.

Ол үшін демографиялық үрдіс керек еді. Сор болғанда, мына қысыр жылан кезеңде демографиялық өсім кемшін тартты. Әне, сондықтан да шетте шашырап жүрген туысқаныңды түгенде. Төгілгенді түгендеп, шашылғанды қайта жинайтын кез келді. Шыннан ел боламын, іргелі мемлекет боламын деген республика осы істі жаны ашымас, без бүйректеу уәзірлерге тапсырмай, шын пәруана, адал, іскер азаматтарға жүктегені абзал болар еді. Өткеннен сабақ алмаған ақылдың ісі емес. Көші-қон ісін жүрдім-бардым кім болса соған тапсыра салмай, тағдыр шеш мәселе ретінде мемлекеттік деңгейде, алдыңғы қатарлы міндет етіп қоюға керек.

Біз «балшықтан бала жасап ала алмай» жүрген елміз. Тарихи зобалаңдар соқпағанда қазақтар қазір қырық-елу миллион шамасында жүрер еді. Өткенге — салауат, тіріге — береке тілейік. Береке берсін, лайым. Ақтамберді ақын:

Атадан ал тау туғанның, Жүрегінің бастары Алтынменен бұ болар. Атадан жалғыз туғанның. Жүрегінің бастары Сары да жалқын су болар, — деген. Ақын ғой, шіркін. Айтқан ғой сабазың.

Ал енді Атадан алтау деген не?

Ойландың ба, Камал? Неге үшеу емес, неге бесеу емес, неге он емес?

Әріден, әріден қалған Алты Алаш деген ұғым бар. Оны бізге ұмыттырған «бөліп таста да, билей бер» деген. Алты Алаш — түркі тектес алты ағайынды дегені, сірә.

«Алтау ала болса — ауыздағы кетер» деген нақыл сөз де сол заманнан қалған. Ажырама, алакөз болма дегені ғой.

«Алты бақан — алауыз» — бұ да бірлікті аңсағандықтан қалған сөз.

Бір-бірінен бөлініп, жеке-жеке әркімге жем болған түркі нәсілдерін біріктіру идеясы жиырмасыншы ғасырдың басында белең, алды. Бұл идеяның қайнар бұлағында қырымшақ Смайылбек Гаспиринский, татар Мир-Саид Сұлтан-Ғалиев, башқұрт Зәки Уәлиди, қазақ Мұстафа Шоқай тұрды. Солардың ішінде «Түркі тілдес — түгел бол!» идеясын нақты іске асырып, өлермен әрекет жасаушы — Тұрар Рысқұлов еді.

1920 жылдың басында Тұрар Рысқұлов Түркістан Президенті болып сайлана салысымен Түркістанды «Түрік республикасы» деп жариялады.

Әрине, бұл әңгіме ұзақ. Бұған Ленин бастап, Сталин қостап, күллі қызыл комиссарлар жабыла қарсы шыққанын, Түрік дүниесін біріктіремін деп Тұрар Рысқұлұлы жалан төсін оққа тосқанын көзі ашық азаматтардың бәрі біледі. Сонда Сұлтанғалиевтің Сталинге жазған мына бір хатын қара:

«Рысқұловты Түркістаннан бекер кетірдіңдер. Ол Түркістанды тәуелсіз етпек болғанда, бүкіл Шығыстың қамын ойлады. Түркістан құлдықтан азат болса, бүкіл Шығыс соның үлгісіне еліктейді деп ойлады. Ал сіздер «пантюркизм», Тұран орнайды деп қорықтыңыздар...»

Ал енді, Камал, сол Түрік республикасын дүниеге келмей жатып тұншықтырған, Тұрар Рысқұловты Түркістаннан қуғындаған кеңес өкіметі жетпіс жылдан кейін құлады да, тәуелсіз республикалар дүниеге келді.

Орталық Азиядағы үш мемлекет: Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан Президенттері жиі-жиі бас қосатын болды. Әсіресе Бішкектегі соңғы кездесу аса әсерлі. Түпкі идеяда үшеуіміз бір болайық. Бөлінгенді бөрі жеп болды ғой. Енді бөлінбейік. Сонда бізге аюдың да, айдаһардың да тісі оңай бата қоймас. Ал түптің түбінде әзірше қырын қарап отырған түрікмен туысқан да алысқа кете қоймас. Түркістан — біздің ортақ шаңырағымыз. Бір шаңырақтың астында алты тармақты алып шынар ағаш жапырақ жайып, жайқала береді. Баяғы сол: «Түркі тілдес, түгел бол!» деген ұғым жатыр.

Әзірше ағайынды үшеу (қарақалпақпен төртеу) біріксе, алдағы кезде алтау түгел болатын заман да келер. Сонда Орталық Азия түркі халықтарының мұртын балта шаппайды. Марқұм Тұрғыт Өзал: «XXI ғасыр — түркілер ғасыры болады» деп еді, бәлкім айтқаны келер.

Әзірше үш республика бірлесіп, бір батальон құрса, кейін бірлескен қарулы күштер, бірлескен банктер, бір ақша болар...

Оның ешқандай ерсілігі жоқ. Қазір әркім өз тамырын тауып жатқан заман. Еуропа сондай, дүние жүзінен құралып жатқан Израиль сондай. Марқұм Микоян жер жүзіне тарап кеткен армяндарды баяғы кеңес дәуірінің өзінде-ақ Арменияға жинауға талпынған.

Сондықтан үш Президент: Нұрсұлтан Назарбай, Асқар Ақай, Ислам Каримнің қадамдары құтты болып, бірлікке, шын туыстыққа бастасын деп тілейік.

Ал мәдениет, рухани әлемнің адамдары бұл салада не істей алар еді? Өте көп нәрсе істей алады.

Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматов бастап осыдан біраз жыл бұрын Ташкентте Орталық Азия мемлекеттерінің жазушылар өкілдері бас қосып, «Түркістан — ортақ үйіміз» атты рухани әлем ассамблеясын құрды. Сол жиынның ниеті жақсы еді. Түркістан әлемін бір шаңырақ деп танып, ел мен елді, туысқан мемлекеттерді руханият дүниесінің қайраткерлері бірлестіре алады. Көркемсөз бен өнер осы бағытта зор жұмыстар жүргізеді деп бәтуажасады да... содан бері үнсіз қалды. Үнсіз қалғаны өкінішті, әрине. Бірақ Президенттер мәмілесінен кейін руханият әлемінде де әрекет басталса керекті.

Елдестірмек — елшіден, жауластырмақ — жаушыдан. Осы ретте біздің Қырғызстандағы төтенше және өкілетті елшіміз ақын Мұхтар Шахановтың еңбегі елеулі. Қазақ-қырғыз әдебиет, өнер қайраткерлерінің бір-біріне барыс-келісі тәп-тәуір. Қырғыздың әнін казак әншісі Бағдат Сәмединова шырқағанда, қазақтың «Қараторғайын» өзбектің «Ялласы» мың құлпыртып, абыройын асқақтатып жатса — мәртебең көкке көтерілмей ме?!

Қарым-қатынас өмірдің барлық саласында осылайша өркендеуі керек.

Спорттың өзі — дәнекер. Баяғы «Қайрат», «Пахтакор», «Алға» ойындары қайда? Ол ғана ма. Бұл үш республикада да ежелден ат спорты дамыған. Айталық, бір кезде республикалық теледидар ұйымдастырған «Тайбурыл» неге мемлекетаралық жарысқа ай -налмайды? Көкпаршылар неге бір сілкінбейді?

Ал тағы да жазушылар ауылына оралсақ, қазақ қырғыз жазушысын, қырғыз өзбек жазушысын, немесе керісінше, бірін-бірі аударғанды қойды. Ал мұның рухани жүдеушілікке апарып соғатыны өзінен өзі түсінікті.

«Түрік тілдес, түгел бол!» идеясын біздің үш президентіміз қайта жандандырып, игі іс бастаған екен, қаны бір, тілі бір, діні бір барлық бауырлар сол идеяны іспен қолдауымыз қажет.

Камал дос! Соңғы хатында сен өнер, кино, теледидар ауылына ат басын бұрыпсың. Оныңды орынды екен дедім.

Сұмдық қой, «Алматыдағы 11 телеарнамен тәулігіне 120 сағаттай хабар беріледі, соның 12 — 14 сағаты ғана қазақша. Елдегі 240 телеарнаның 3-еуі ғана таза қазақша», — деп жазыпсың. Ал енді осы сойқан саясат арқылы жас мемлекетіміздің жан дүниесін рухани аурумен улап жатқаны адамға да, Аллаға да аян. Мейлі, тәуелсіз коммерциялық арналар өмір сүре берсін, өркендей берсін. Бірақ Республика халқын, әсіресе жас буынды иман, адамгершілік, парасат жолынан тайдыратын, адамдарды қатыгездікке, қайырымсыздыққа, жауыздыққа, сайқалдыққа баулитын жымысқы әрекеттер жасамау керек қой. Мысалы, АҚШ- тын өзінде әлдеқашан тыйым салынған неше түрлі құбыжық, имансыз, арсыз фильмдер біздің әлгі тәуелсіз арналардан ағыл-тегіл көрсетіліп жатады. Цензура керек емес. Бірақ иман таразысы қажет қой. Рух тәрбиесін бетімен жіберіп, бала-шағамыз бәдікпен ауызданып өскен соң болашақтан не күтеміз?

Камал, осыны саясат басында отыр таңдар білмей ме, білсе де үндемей ме? Әлде біз әлденені түсінбейтін, өмірден мүлде артта қалған адамдармыз ба? Мен өзім туралы әзірше олай ойлаудан аулақпын. Бұл заманда тіпті адамдарды қырып-жоюда әбден жетілдірілген қарумен де бір елді бір елдің жаулап ала қоюы екіталай. Қазіргі соғыста жеңілген де, жеңімпаз да болмайды. Жаппай қырғын болады.

Қазір сана-сезім, идеялар майданы басталды. Біз сияқты тәуелсіз болдық деп тақиясын аспанға лақтырған балаң мінез елдерді ұрмай-соқпай, бір оқ шығармай, радио, баспасөз, әсіресе теледидар арқылы жаулап алу оп-оңай.

Камал дос! Сен соңғы хатында бәрібір экономика мәселесін мүлде аттап кете алмапсың. Ол заңды да. Қанша десе де «оразанамаз тоқтықта». Сен сонымен тағы да сол Қазақстан өндіріс алыптарының тұралап қалғанына, әлдекімдердің жемі болғанына қынжыласың. Қоғамдағы әділетсіздік көзге ұрып тұр. Бір бөлке нан ұрласаң, түрмеде шірисің. Тұтас бір кенішті ұрласаң, холдинг президенті болып кетуің мүмкін. Мысалы, Сосковецтер сондай. Қазақстан байлығын солқылдатып сорды да, Ресейге барып, патша емес, патшадан кем емес мансапқа ие болды. Қазір Ресей журналистері оның орасан жемқорлығын әшкерелеп жатыр.

Сол Олег Сосковец жалғыз емес қой. Бүгін болмаса ертең қойқаптағы қоясы шығады.

Соңғы хатта Қ.Тұрысов пен А.Есеңтүгел екеуінің экономикалық реформа туралы жазған енбегін дұрыс бағалапсың. Ал енді сондай ақылды, құнды енбекке Үкімет көзі түсті ме екен?!

Сенің хатыңа бұл жолғы жауабым созылыңқырап кетті білем, доғарайын. Ішке сыймай бара жатыр ғой, бәрін айтып, леп шығарғың келеді. Оның бәрін бірақ газет беті көтере бермейді.

Сонымен қазір кім қорқынышты?

Өз ішіміздегі ұлттық нигилистер қорқынышты.

Еншісі бөлінбеген қазақты ру-руға тартқылаушылар қорқынышты.

Ұлттық несібені ұрлаушылар қорқынышты.

Бір оқ шығармай, ұлт санасын улап, иман ұрлаушылар қорқынышты.

Тіршілікте сәлеміміз таусылмасын. Сау бол, Камал!

Шерхан МҰРТАЗА 1-ақпан, 1997 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама