Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Өз кінәмізді өзгеден көрмейік

Шерханға хат

Қадірменді Шерхан!

Алдымен сенің Қазақстан әлем елдері арасында 72-ші ме, әлде 100-орынды ала ма? — деп дүдәмал келтіргеніңе түсінік бере кетейін. Ол, біріншіден, жалпы елдің күш-қуаты жағынан айтылған орын емес, бұл сол елдегі адамның жеке даму, тіршілік ету, білім алу, денсаулығын сақтау, қабілетін ұштау сияқты жағдайлардың жасалу жағын өлшеп айтылған баға. Шынында, біз сол БҰҰ деректері бойынша 1995 жылы 100-орынға келгенбіз, ал 72-орын соның алдындағы жылдары болған меже. Демек екеуміздікі де дұрыс.

Ал академиктердің саны туралы айтқаныңның жаны бар. Үлкен Ұлттық академия қожырап, әлсіреген соң, оның орнына басқа академиялар қаулай бастамай қайтеді. Олардың ғылымға қаншалық пайдасы тиіп жатқанын өздері білер, бірақ басқаларға зияны жоқ, өз қаражаттарын өздері табады, өз күндерін өздері көреді. Түптің түбінде бір мәрте іс тындырдым деп өмір бойы соның жемісін жеп жүретін академик аты да жоғалар. Одан гөрі жоғары білім жөніндегі дипломдарды ақша төлеп жаздырып, не сатып алатындардың зияны әлдеқайда көп. Олар сол жалған диплом-аттестаттармен соған сай қызмет талап етеді, айлық алады ғой.

Менің өткен жолғы екінші келтірген мысалым — біреуге уақытша жалданып малай болуы, адамдардың басыбайлы болып, біреуге сатылуы той. Топырақ жесек те тәуелсіз болайық деп өзің жазатын өмір ғой. Білімі бар, денсаулығы дұрыс жастардың басқаға жалшы болуына қалай шыдаймыз? Қанша сынасақта, біздің адамдар социализмнің шетін болса да көріп, тендік дегеннің, коғамдық қамқорлық дегеннің біраз дәмін татып қалды ғой. Оларға қайтіп бұғалық саласың.

Тағы бір сөз. Анау шетелдіктердің тасасында өзіміздің алпауыттар тұрған жоқ па екен деген күдік-күмәніңнің жаны бар. Жезқазғанда кім тұрғанын білмеймін (әйтеуір мен емеспін), анау Ақтөбе хром байлығын түгел алған жапондық компанияға байланысты күдіктер көп. Қарағанды комбинатының да қолдан-қолға көше бергені тегін емес. Жұмысы жүріп тұрған Ақбақайды саудаға салу тіптен түсініксіз. Амалсыздан атқарылып жатыр деген бұл істе қандай да бір алдамшы арамдық бар сияқты.

Шетелдіктер колға алғалы анау Баженовтен (Соколов-Сарыбай комбинаты) басқа жарылқанып, қолың шапалақтаған жан көрінбейді. Депутаттар ол туралы ашық айтты. Қарашығанақта бізге бердік деген қаржының жартысын шетелдіктер өз адамдарының игіліктеріне жұмсайды екен. Кеше бір кәсіпорыннан 19 миллион доллар қазынаға түсті деп естідік. Сол қайтарымның басы, қарлығашы болғай.

Нарықтың сырты жып-жылтыр бейнесін көріп жатырмыз. Алматыда 200 мыңнан астам женіл мәшине бар және оның жартысына жуығы шетелдің сұлу, сәнді автомобильдері дейді. Және сондай қымбат авто мәшинелер саны дәл біздегідей көршілерде жоқ дейді. Міне, бұл жатынан біз жұрттың алдына шығып отырмыз. Солардың ішінен еңбегі сіңген ғалымды, не аты шыққан жазушыны, жұрт жақсы көретін актерді көп көре алмайсың! Сондай-ақ сенің соңғы хатында айтылатын қала сыртындағы зәулім сарайлар иелерінің арасынан бір жазушыны, композиторды, суретшіні, кино қайраткерін таба аласың ба?

Өйткені біз басқа заманға бұрылып барамыз, адамның қасиетін ақыл-білімімен емес, еңбегі-тәжірибесімен емес, қалтасындағы ақшасымен бағалайтын заманға кетіп барамыз. Жол өзгерді, жақында экономист-ғалымдар Қаратай Тұрысов пен Есентүгел біз ешқандай Американың даңғылымен, не Жапонияның жемісті жолымен, Азия «жолбарыстарының» да ізімен жүріп бара жатқан жоқпыз, біз Латын Америкасының бұралаң соқпағымен кетіп бара жатырмыз деді ғой. Солай екен!..

Карл Маркстің, Лев Толстойдың, Джордж Соростың ойлары мен толғаулары әділ қоғам, адал адамдар туралы келеді. Марксті ғалым ретінде мойындап (рас, ол дүние жүзінде көп оқылатын ғалым), ғылымына енді қырын қараймыз дейді әркім. Оның ғылымы жазықты ма? Ол әуел басында-ақ коммунизм өте жоғары дамыған елдерде бір кезде, бір деңгейде орнайтын болады деген жоқ па еді?

Ал Маркс пен Энгельстің ойларын Ленин асықтырып, бір елде (азат, дамыған емес, кайта артта қалған әлсіз елде) орнатуға болады деді ғой. Оны Сталин тіпті асығыс жасады, айналдырған жеті жылда (1929 жылы бастап, 1936 жылы орнаттық деп жариялады ғой) «орнатып» шыққан.

Осыдан бәрі бұрмаланған, бұзылған. Ал социализм идеясы — адамзаттың алыс мақсаты, болашақ арманы.

Ұлттың рухани халін оның мәдениетінен байқауға болады. Намыс деген ызалану, кіжіну ғана емес. Сонда да... Кейінгі кезде Алматы шетелдік «жұлдыздарының» ерігіп, серігіп, ақша тауып кайтатын қаласы болды. Өз халқын әлемге танытатын ұлттық өнер иелері аз ба бізде? Сонау Әміре салған соқпақ жалғасып барады. Танылған тарлан шеберлердің аттарын қайталамай-ақ соңғы кезде суырылып шығып, басқа дүниеге белгілі болған бірегей дарындарымыз баршылық. Тек ұлттық-экзотикалық ерекшелігі емес, шынайы шеберлік үшін оларға танданады, тамсанады. Жырақта жүрген биші қызымыз Алтынай Асылмұратова, ерекше әнші Ерік Құрманғалиев, Англияда тұратын апалы-сіңлілі Нақыпбековалар, Монреальдағы жазушы қазақ Бақыт Кенжеев кімнен кем?! Нұрғисаның ғажайып «Отырар сазын», Аюхановтың балет ансамблін, Роза Рымбаеваның сезімге толы әндерін, Айман Мұсақожаеваның скрипка үнін, Секен Тұрысбековтің күйлерін, Раушан Әлпиеваның биін, Алмас Алматовтың термелерін, Марат Бейсенғалиевтің сазын кез келген биік сахнада мақтана көрсетуге болады.

Салихидцин Айтбаев, Жанай Шәрденов, Әбдірәшит Садыхановтың табиғи ұлттық бояуы қанық, қайталанбас, Сәкен Ғұмаровтың ойды бейнеге айналдырған суреттерін қай көрменің болса да төріне қоюға болар еді!

«Жаңа толқын» ұлттық кинода да танылып үлгерді. Сатыбалды Нарымбетов, Дәріжан Өмірбеков, Әмір Қарағұлов, Абай Қарпыков фильмдеріне талай фестивальдар жүлделерін мактай да мақтана отырып тапсырған. Ұлттық-экзотикалық ерекшеліктері үшін ғана емес, осы заман деңгейінде орындалғаны үшін. Бірақ бұлар санаулылар ғана.

Шерхан-ау, сонау жетпіс жылда қазақтың театры, бейнелеу өнері, киносы жаңадан туып, қанатын жайған жоқ па еді?! Бірде Димекеңнің (Қонаев) Орталық Комитеттің бөлім меңгерушілерін жинап алып, соңғы 30 жылдың ішінде әр салада болған жаңалық-жақсылықтарды жазып беріңдер дегені, сонда мен өнер мен мәдениет саласынан тек цифр-деректер мен атаулардың өзін тізіп шыққанда торт беттік материал бергенім есімде. Осы күнгі мәдениетіміздің, мақтанып, алға тартып отырған рухани қазынаның 90 пайызы сол кезде жасалған, жасақталған жоқ па?

Рас, мол атқарылған бір іс бар, ол — мәдени ошақтарды қысқарту, жою, құрту жағынан бес жылда одан бұрынғы 70 жылдан бірнеше есе артық жұмыс атқарылды. Бұрын мәдениет мекемелері жаңадан ашылатын, салынатын, енді сатылып, жабылып жатыр. Кинотеатрлар сатылуда. 1600 кітап дүкенінен 160-ы ғана қалды. Әйтеуір Мәдениет туралы заң қабылданды. Оған да шүкір.

Қызық жағдай кинода болып жатыр. Бұрын талантты, маман кино режиссерлері жетпейді деп қиналатынбыз. Енді елуге жуық режиссер бар, ал қоятынымыз — жылына бір фильм. Бір кездегі ең таңдаулы кино қалашығы қаңырап тұр. Ол да шетелдіктерге жалға істеп жатыр. Қазақ тілін көтереміз деген заманда қазақшаға фильм аударуды тоқтататын оқиғалар болып жатыр, бүгінгі күн шежіресін ұрпақтарға жеткізетін деректі киноны жаптық.

Ол — ол ма, енді киноны тұқыртып әкеп Мәдениет министрлігіне қостық. Бұрын Мәдениет министрлігі жоқ кезде Кинематография министрлігі болған. Енді кино басқармасы да жоқ. Ең қуатты деген өнер осылай өгейсіп, жетімсіреп отыр. Кезінде 10—12 фильм түсірген «Казақфильм» қалашығы енді жылына екі-ақ фильм қояды. Екінші бір құдіретті күш — телевизия да бұтарланып, жіліктеніп құруға айналды. Тәуелсіз мемлекеттің бір ұлттық каналы тәулік бойы хабар беруге қаражат таппады дегеніне сену қиын. Бірақ, солай. Міне, өзгерістер туралы айтамыз деп тағы жабырқауға көшіп кеттік.

Кино мен телевизия маған өте жақын салалар ғой, содан да бүйрегім бұрып, жаным ауырып тұрады. Кеше өткен «Алтын жұлдыз» бәйгесіне қазақ хабарлары катыса алмады. Бар хабарлар кезінде жеткізілмеді. Енді телеарналарда хабарлардың кем дегенде жартысы қазақ тілінде дайындалып берілуге тиіс. Соған әзірлене бастау керек. Қазір жағдай қиын.

Алматыдағы 11 телеарнамен тәулігіне 120 сағаттай хабар беріледі, соның 12—14 сағаты ғана қазақша. Елдегі 240 телеарнаның 3-еуі ғана таза қазақша. Сондай-ақ 1200 атаулы газет-журналдың 200-дейі ғана қазақ тілінде. Бүгін өнер, рухани дүниенің түрі осы заманға сай әдістер мен әлемдік деңгейде жасалып, мазмұны, рухы нағыз ұлттық болуға тиіс. Соған жете алмай келеміз. Өзіміздің кінәмізді өзгеден көреміз.

Намысқа тиер тағы бір мысал. Қазақ тілінін мәртебесін көтереміз деп көп айтамыз. Ресми құжаттардың орыс тіліндегі мұсқасын оқымай тұрып, қазақшасына түсіне алмайтын пәлеге ұшырадық. Баяғы кездегідей қате кетпесін деп қорқып, орысшадан сөйлемді сөзбе -сөз аударып, сірестіріп қояды. Сөздерді бір-бірімен сығылыстырмай, сөйлемдерді бөліп, бұтарлап қазақшаға айналдырып барып, қазақ сөйлемінің құрылым-құрылысына салып, еркін, түсінікті аударуды меңгере алмай-ақ келеміз. Енді кімнен жасқанамыз? Осыдан құтылмай, біз қазақ тілінің мерейін өсіріп, мәртебесін көтере алмаймыз. Ал ең дұрысы, ресми құжаттар қазақ тілінде әзірленіп, содан кейін орысшалануы керек.

Тіл туралы таласқан бес жылдың ішінде қазақша-ағылшынша бірден ілеспе аударатын (синхрон) бір топ адам дайындай алмағанымызды не дейміз? Халықаралық жиындарда, кездесулерде ағылшынша аудармасы болса, қай тілде сөйлесең бәрібір емес пе? Бірақ соған жете алмай жүрміз ғой...

Ұлттық намыс, ұлттық мақтаныш деген тәуелсіз халыққа дем берер рух, нығайтар күш. Осыған сүйенуіміз жөн. Жақында, Шерхан, сенің ұлт намысы бар жандар ұлт басылымдарын алдырсын деп ашына айтқан сөзің ел құлағына жетті. Сенің жанды жанып айтқаның, Президенттің оны қолдауы, бас редактордың өзі бастап белсенді үгіті арқасында «Егемен Қазақстан» 80 мыңға жетіп, өзінің әріптесі «Казправдадан» екі еседей асып түсті, Намыс деген осы. Бірақ басқа қазақ газет-журналдары мәз емес. Қолдамаса, жоғалып кетуі мүмкін. Иә, бізге бүгін намысты қамшылау, жігерді қайрау қажет! Бұрынғыдай кінәлайтын бөтен ешкім жоқ. Бәрі өз қолымызда, бәрі өзімізден, өз кінәмізді өзгеден көрмейік!

Салеммен, досың Камал СМАЙЫЛОВ


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама