Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Кедеймін деп қорланба...

Камалға хат

Қадірлі Камал дос!

Сен білетін, мен білетін, халық сүйетін ұлы Ғабең, Ғабит Махмұтұлы Мүсірепов қазір тірі болса... «Оянған өлке», «Жат қолында» романдарының үстіне «Тағы да жат қолында» деген эпопея жазуы мүмкін еді-ау деп ойлаймын.

Қайран Қазақстан байлығы. Кімдердің қолында болмаған, кімдерден кейін қалмаған. Жезқазғанның мысы мен Қарағандының көмірі үшін кімдер қырқыспады. Ушаков, Рязанов, фон Штейн, ағылшындар, француздар... Енді бүгін, өзің айтқандай, Жезқазған мысын корейлер, Қарағанды көмірін голландықтар сорып жатыр. Тоқта! Осы жерде бір кінәрат бар-ау, сірә. Осылар тек корейлер ғана ма? Аты-жөні жасырын өзіміздің алпауыттар тұрған жоқ па тасада?!

Бұл енді, егер Қазақстан тәуелсіздігіне, мемлекеттілігіне шын жаны ашыса, тергеу орындарының жұмысы. Бұрынғы КГБ, казіргі КНБ — яғни Ұлттық Қауіпсіздік комитетінін бір шаруасы. Бұрын құмырсқаның жорғалағанын көріп-біліп қоятын КНБ, неге екенін білмеймін, қазір маған манаурап отырғандай болып елестейді де тұрады. Ондағылар біздің міндетіміз жансыздарды, шпиондарды ұстау деген уәж айтуы мүмкін. Ал байлығың тоналып жатса, ол ұлттық кауіпсіздікке жатпай ма екен? Аузыңдағыны жырып алып кетіп жатса, ұлт үшін бұдан қауіпті нәрсе бар ма?! Бірақ сырттан тон пішу де жарамас. КНБ еңбектеніп-ақ жатқан шығар. Ол мақтана бермейтін, үндемейтін мекеме ғой. Олар ірі-ірі қылмыстарды ашуын ашып-ақ жатқан шығар. Әлденелер қолдарын қысқартып отырған болар. Уақыт бәрін де аяусыз ашады.

Камал бауырым, сенің: «Мен жақында бір сұмдықты естідім. Ауылдарда жас отбасылар ауқатты байларға жалданып, соның малын бағып, шаруасын атқаратын бола бастапты. Сол жұмыс үшін өздеріне еңбекақы, балаларына киім, тамақ алады екен. Ең жаманы, сол малай жастар қоршылыққа ұялмай, арланбай, қайта қуанатын, мақтанатын көрінеді. Ендігі көрмегеніміз жалшылық еді», — деп күйзеле, шошына жазған сөйлеміңді оқығанда күлкім келді. Әрине, жылайтын-ақ нәрсе, бірақ күлкім келді.

Шыңнан ақ көңіл, аңқылдақсың, Камал. Сенің анаң, мен білсем, колхоздың қойын бакты. Менің анам колхоздың отымен кіріп, күлімен шықты. Олар сонда жалшы болмағанда, малай болмағанда кім еді? Сен мысалға келтіріп отырған жаңа, жас малайлар тағы да болса «еңбекақы алады екен, балаларына киім, тамақ алады екен». Ал менің анам Айша марқұм, өзім де таңның атысы, күннің батысы, жыл бойы жұмыс істеп, жыл аяғында жарты қап бидай тисе — тиді, тимесе о да жоқ болатын.

Сонда бұл не еді? Құлдықтан да жаман еді. Құл иесі құлды тойдыра тамақтандырады, әйтпесе аш адам жұмыс істеп жарытпайтынын біледі. Сондықтан «жас отбасылар» жалданып жұмыс істейді екен деп шошыма. Ондай жұмыс табылып жатса, тәуба қыл.

Жас мемлекетіміз нарық экономикасын, яғни капитализм жолын таңдаған екен, ендеше біреу бай, біреу орташа, біреу кедей болары айдай анық ақиқат. Бұл Адам-Ата, Хауа-Анадан бері келе жатқан теңсіздік. Қоғамда адамды теңгереміз деген талайлар болған. Ол таусылмас, орындалмас арман. Социализмді көзімізбен көріп, басымыздан кешірдік. Онда да қара қылды қақ жарған әділеттік орнай қойған жоқ. Сондығынан да социализм құлады.

Әр тұстан, алыстан, жақыннан: Ойбай, адамдар ашығып жатыр, кебек жеп жатыр! — деген ызғырық желдей жағымсыз хабарлар азынап тұр.

Ашыққан кімдер? Әрине, алдымен қазақтар. Бір корей, бір дұнған, яки ұйғыр немесе өзбек ашығыпты дегенді естіген кім бар?

Камал! Таяуда біз, бір топ журналистер Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Алматы облыстарының жиырмаға жуық ауданын аралап кайттық.

Оңтүстік Қазақстанның ен қиырында жатқан үш аудан: Жетісай, Мақтаарал Асықата (бұрынғы Киров) аудандары бір кезде сегіз жылдай Өзбекстанның кұрамында болып, сәті түсіп Қазақстанға қайта оралған. Сол сегіз жыл шынықтырған ба, қалай, әйтеуір осы үш ауданның шырайы жаман емес. Мақтаны кәрі демей, жас демей, жер тістелеп теріп жатыр. Есесіне ақысын алады. Бұл тараптан «аштық» деген жаманат естімедік.

Ал енді сол үш ауданнан бері қарай Өзбекстан жері арқылы Қазақстанға, Келес ауданына өтпейміз бе. Өзбек жерінде тоқымдай бос жер көрмедік-ау, көрмедік. Бәрі баптаулы, бәрі көгеріп, масатыдай құлпырып тұр. Сүйем-қарыс жерінен алтын ағып, күміс тамшылап тұрғандай.

Өзбекстан шекарасынан қалай Қазақстанға, Келес ауданына өттік, сол-сол екен, алдымыздан сұп-сұр сұрқай дала көсіліп сала берді. Жол-жөнекей Шыңғысханның жорығы таптап өткендей көрініс: жартылай қираған мал қоралар, қотыраш үйлер, мақтасы терілмеген, мал жайылып жүрген егістіктер...

Жамбыл облысының шеткі бір ауданында бір ауыл дұнғандар бар. Айнала қазақ ауылдары. Күзгі жиын-терімде дұнған ауылынан Алматыға қарай ағылған көліктер күндіз-түні тыным таппайды. Артқаны түрлі жеміс, көкеніс. Сол керуеннің арасынан бір қазақты көрмейсің.

Ал корейлердің еккен әрбір түйір пиязы мен сарымсағынан сыңғыр-сыңғыр теңге сауылдап жатқанын бәріміз де білеміз.

Қазақтың да сондай жері бар. Бірақ қысыр қалған. Пайда тұрмақ, өз үй ішін асырарлық картоп, пияз, сәбіз егуге қазекем селқос. Әрине, бәрі бірдей емес, жер қадірін біліп, соның емшегін еметіндер де бар, бірақ аз-ау.

Сулы, нулы жердегі қазақтардың «ашпын» деуге аузы бармаса керек. Қазекемнің рас, көбі шол, шөлейт жерлерде, олар мал бағады. Олардың шұрайлы жерін баяғыда патша ағзам тартып алып, өздерін тау-тасқа, шөлге, шөлейтке ысырып тастаған. Осыдан жеті-сегіз жыл бұрын сол кездегі үкімет шалғайда жатқан жетпіс ауданға адамгершілік, жанашырлық танытып, оларға баса назар аудару жөнінде қаулы-қарар да қабылдаған. Бірақ адамның айтқаны келмейді, Алланың дегені болады, заман кепиеті өзгеріп сала берді де, әлгі қаулы-қарар орындалмай қалды.

Ауыл ендігі үкімет үшін өгей бала сияқты. Өгей шеше өгей балаға қатыгез, жаны ашымайды, емшегі елжіремейді. Қарыз, кредит, несие беріп жатырмыз деп қояды ауыл шаруашылығының қамқоршылары. Ал елге барсаң, бұйырмасын, ойбай, көк тиын көрген жоқпыз дейді. Сонда кім кімді алдап жүр? Екі ортада ел қыспаққа түседі.

Егер үкімет ауылға шын жаны ашып, оң көзбен қараса, бес-он жылға несие қаржы берсе, оған шаруа адам мәстек трактор, тағы басқа шағын техника сатып алса... Әне, сонда дүние бір ыңғайға келер еді. Әне, сонда, Камал, сен айтқан жұмыс та табылады. Тұрмыс та оңалады.

Жанымыздағы Қытай мәстек трактордың түр-түрін шығарады. Оны сататын рынок іздеп шарқ ұрып жүр. Ал Қазақстаннан сол Қытайға прокат, темір дегеніміз күндіз-түні ағылып жатыр. Ауыл үшін, ел үшін осының қисынын тауып, шаруаны неге жарақтандырмаймыз. Күні кеше «битін сығып, қанын жалап» отырған сол Қытай шаруаға жер беріп, несие беріп, аз ғана жылдың ішінде тоғайып алды ғой. Өзіміз білмесек, өзгеден неге үйренбейміз?! Үкімет ауыл шаруашылығын жекешелендіруде, оның өнімдерінің бағасын босатып, ырықсыздандыруда орны толмас олқылықтар жіберді. Сауатсыз, жүйесіз, жабайы жекешелендіру салдарынан ел әрі-сәрі сарсаңға түсті. Оның үстіне үкімет «гос заказ» деп қақайып, өнімге өз бағасын таңып қиянат жасады.

Осының зардабы енді үлкен кеселге айналды.

Үкімет ауыл адамдары алдындағы осы күнәсін жуып-шаямын, күнәмді кеше гөр десе, иманға келсе, енді ауыл шаруашылығын мейлінше қолдап, көтеремді бағып-қаққандай жағдай жасауға міндетті.

Ал әзірше шалғайдағы шөлде жатқан ауылға саудагерлер үн тасып, малға айырбастап алып жатыр. Құдайға қараған бизнесмен байлар ұнды жарлы-жақыбайларға тегін беріп жүр. Бірақ ондай иманға қарағандар аз. Ал егер «жаңа байлар» табысының 10-15 пайызын бюджетке салып отырса (салықтан тысқары), мұғалімдер, басқа «бюджет қорлар» жүдеп-жадамас еді.

Салық демекші, Президенттің таяуда шыққан өкімі бойынша, лауазымды кісілер, мемлекет қызметкерлері өз табыс көзін айқындап, соны жұртқа жария етуге тиіс. Өркениетті елдерде бұл бұлжымас заң сияқты. Ал бізде тіпті биік мәртебелі мырзалар да табысын жасырып, салықтан қашатын көрінеді. Ендігі жерде жасырса — қылмыс. Тексеру, тергеу, салық жүйесі жұмысты дұрыс жүргізсе, бюджетке біраз қаржы түсіп те қалар. Бірақ... кім біледі, Президент бірде астана төңірегінде жаппай бой көтерген қымбат коттедждер, виллалар, хан сарайлар қандай қаржыға салынды екен— тексеріңдер деп пәрмен беріп еді. Орындаушылар ұмыттырып жіберді, тексерушілер үнсіз қалды, нәтижесін айтқан жоқ.

Солай, Камал дос! Сенің жазған хаттарың мағлұматқа, цифрларға бай. Ғалымдарға, мұғалімдерге, жалпы жұртқа сабақ болатындай. Бірақ жанылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ деген ғой. Сенің де мүлт кететін жерің бар-ау деймін. Маған жазған соңғы хатында («Жұмыс болмай, тұрмыс оңбайды», «ЕҚ», 22-қараша, 1996 ж.): «Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша... Қазақстан 1996 жылы 100-орында тұр екен», — депсің. Бұл енді әр мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық жағдайы тұрғысынан алынған көрсеткіш қой.

Ал «Егемен Қазақстан» газетінде 1996 ж. 27-шілдеде жарияланған ресми материалда Қазақстан 72-орында деп жазылған. Сөйтіп, дүние жүзіндегі 174 елдің орта деңгейінде тұр делінген.

Сонда қай дерекке сүйенеміз? Сен сирек қателесуші едің, бұл қалай болды? Қалай болғанда да, оңып тұрғаны шамалы. Өзің айтқандай, Қазақстан қазба байлығы жөнінен дүние жүзіндегі ең озық он мемлекеттің қатарына жатады да, әлеуметтік-экономикалық деңгейіне келгенде әлде 72-ші, әлде 100-орында тұрады. Мәз емес. Мен заманның бет-шырайын ақшасына қарап шамалаймын. Мүмкін, мұным білімнің шалалығынан шығар. Мысалы, таяуда біздің Ұлттық банкіміз 2000 теңгелік банкнот басып шығарды. Және мұның себебі: ақшаны санауға жеңілдік үшін деп түсіндіреді. Сонда қалай, Ұлттық банк бүкіл халықты бала деп ойлай ма? Алдай салуға болады деп ойлай ма? Алдаймын деп қорлағанын қалай түсінбейді? Ал бәтір-ау, анау АҚШ дейтін елдің банкноты көлемі негізінен 100 доллардан өмірі аспайды ғой. Олар неғып санақтан шатасып қалмай жүр?!

Тұрақтылық, сенімділік деген осы. Біздің ақшада тұрақ әлі мықты емес. Тайғанақтай береді. Ол дейтін қоғамдық, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайдың айнасы.

Камал! Заман түзелер, адам түзелсе. Тұрмысымыз оңалар, ақшамыз да орнығар. Үмітсіз шайтан деген. Тек адамдар имансыз болмаса екен. Әркім атақ-дәреже, мансап дегенді өз бойына, өз ойына, талант-талайына шақтап өлшесе, нысап деген қасиетті ұғымды ұмытпаса деймін ғой. Әйтпесе, қазір көшеде келе жатып, абайламай біреумен қақтығысып қалсаң, академик болып шығады. Анау да академик, мынау да академик. Үлкен де академик, кіші де академик. Мейлі ғой, қызғанбайық. Бірақ бұл ғылымдағы инфляция ғой. Осыны неге түсінбейді «академикті» оңды-солды үлестірушілер? «Академик» деген атаққа шыннан лайықтымын ба деп бір сәт неге ойланбайды атақ-дәреже алушылар? Неге көз алдарына Мұхтар Әуезовті, Қаныш Сәтбаевты елестетпейді бір сәтке? Өз шама-шарқын солардың ұлылығымен, даналығымен неге ойша салыстырмайды? Біле білсе, оңай академиктер қорлады ғой ғылымды да, ұлыларды да.

Түрліше, қоғамдық негіздегі академиялардың қаптап кетуі жөні түзу Ұлттық академиямызды Ғылым министрлігіне қосуға мәжбүр еткен жоқ па екен?

Жаңа Конституцияның кіріспесінде: «Дүниежүзілік қоғамдастықта лайықты орын алуды тілей отырып, қазіргі және болашақ ұрпақтар алдындағы жоғары жауапкершілігімізді сезіне отырып...» — деген сөздер бар.

Ал өзімнің имандай ұғымым бойынша, Конституцияның әрбір сөзі, әрбір сөйлемі мың батпан жүк көтеріп тұрған, жауапкершілігі зілмауыр, қасиетті сөздер. Осы тұрғыдан алғанда, Ата Заң анты қалай орындалып жатыр? Өзің айтқандай, Қазақстан қазір дүниежүзілік қоғамдастықта 100-ші яки 72-орында тұр. Бізге «лайықтысы» осы ма?

Қазіргі ұрпақ арақ дариясында малтығып қалды. Қара: Алматыда арақ сатылмайтын сау жер жоқ. Күндіз-түні самаладай самсап түр. Ау, Камал, дүйім елді мас қылуға өз зауыттарымыздың да арағы жетіп-артылушы еді ғой. Ал мына шетелдіктердікі не шабуыл? Ішінде улысы да бар. Уланып өлгендер қаншама, жүректен, бауырдан, ақылдан айырылып өлгендер қаншама. Медицина мен статистика мұндайдың есебін ала ма екен?

Маскүнемдіктің нашақорлықтан несі кем? Наша десе бәрі жабылып ұстап, тұтқындап, жазалап жатады. Ал маскүнем, алқаш — түк те емес. Сонда бұл арақ теңізіне батып қалған қандай қоғам? Шет елдер арақ-шарабын қаптатып жіберуге кім мүдделі? Осының түбіріне үңілген бар ма? Бәлкім, пара деген дәу пері шығар. Егер салыққа қызықсақ, арақ салығынан түскен табыс — табыс емес, тажал!

Конституция бойынша, казіргі ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезінуіміз осындай мөлшерде.

Ал болашақ ұрпақ алдындағы ше? Қазір арақ мұхитында малтып жүргендерден туған балалар... адам екені белгісіз, албасты екені белгісіз, обалы кімге екені тағы белгісіз, жарымжандар болар.

Қадірлі Камал! Мен саған кілең қасіретті емес, жарқын-жарқын жақсылықтар туралы да жазғым келеді. Алдағы заманда ылайым да құдайым сондай жақсы күндерге кездестірсін.

Шерхан МҰРТАЗА 7 желтоқсан, 1996 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама