Өндірісті өзіміз өрістете аламыз
Шерханға хат
Қадірлі Шерхан!
Біздің хаттарымызды көп адам оқитынын көріп жүрміз ғой. Кездескенде пікірлерін айтады, тілектерін білдіреді. Газет редакциясына келіп түскен пікірлердің топтамасы да жарияланды. «Біздің айтпағымызды айттыңыздар, дұрыс жазып жатырсыздар, жалғастыра беріңіздер», — деп тілек-ұсыныс айтады. Бір хатта: «Талаптарыңыз орынды. Бұл сөздеріңіз елге де, Елбасыға да қолғабыс сөздер деп білеміз», — делінген. Ендеше, сәл кідіріп қалсақ та, хатымызды жалғастырайық.
Өзің білесің, жақында Президент бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесіп, кең сұхбаттасты, баспасөзге жәрдем жасайтын болды. Қазақстан журналистерінің кәсіби мерекесі болып 28-маусым белгіленді. Осы төңіректе біраз әңгіме қозғалған. Қалай болса да, жылына бір күн журналистерге құрмет көрсетіліп, мемлекеттік деңгейде мерекелейтіні дұрыс. Аса көрнекті публицистерге (осы бір жағымды да жалынды халықаралық сөзден бас тартпайықшы жыл сайын Президенттің екі сыйлығы, жас журналистерге (оларды публицистер деп атау ертерек) екі жәрдем стипендия берілмекші. Қаланың дәл ортасында Журналистер аллеясы орнады. Енді осы көңілмен журналистер съезін өткізсек, журналистикаға арналған кітап шығарсақ, белгілі журналистердің есімдерімен аталатын сыйлықтарды жалғастырсақ...
Экономикалық проблемаларды жазуда казак басылымдарының бойына жан кіре, қан жүгіре бастады деп Н. Назарбаев журналистерді шабыттандыратын, міндеттейтін пікір-тілек айтты. Иә, реформа барысы мен бағытын «Егемен Қазақстан» бастаған газет-журналдар талдап, батыл жаза бастады.
Елбасы қазір тәуелсіз және ресми басылымдар (негізінен қазақ тілінде) арасында тереңдік жағынан алшақтық жоқ деп айтты. Оны оқып барып айтып отыр. «Оқып» деген сөзімнің астары бар. Шерхан, екеуміздің «Егемен Қазақстанда» жарияланып жүрген хаттарымызды кей жұртшылық: « Сендер жазып жатырсыңдар, соларыңды басшылар оқи ма, назар сала ма, пікір айта ма?» — деп сұрай беретін. Сол біздің хаттарымыздан кейін ресми орындардан қолма-қол «Мынау не?», «Бұл қалай?» деген кінә-күмән айтылған емес. Бұдан біраз бұрын премьер-министр Ә.Қажыгелдин де «Казправда» журналистерімен кездескенде, «Біздің қызметкерлер кейінгі кезде газетті оқи сала редакцияға ескертпе жасап, телефон соғудан бой тартатын болды», — деді. Демек, журналистердің пікір сөзіне қарсылық білдірмесе, оған қосылғаны, оны қостағаны деп ұғуымыз, санауымыз керек.
Шүкір, қазір елде тыныштық-ынтымақ сақталып отыр, оны сөзбен, ұранмен орната да, сақтай да алмайсың. Енді реформаның оң нәтижесін, игілігін (алтыншы жылға аяқ бастық қой) қалың халық, әрбір отбасы сезінуі тиіс, өндірістің жанданғанын (1500 ірі кәсіпорын жұмыс істемейді), содан барып тұрмыстың түзеле бастағанын құлақпен естіп қоймай, көзбен көруі қажет.
Ол неден басталады дегенде, Шерхан, өзің жақсы білесің, бәрі өндірістен деп айтамыз. Атақты АЗТМ — Алматы ауыр мәшине жасау зауыты біздің екі сүйенер тірегіміз — мұнай өндіру мен түсті металлургияға қажет мәшине-жабдықтың қандайы, қаншасы қажет болса да жасап бере аламыз, тек тапсырыс түсіріп, ақшасын алдын ала төлеңдер деп отыр. Біз кезінде «Жетісуды» сынай беретінбіз. Оның, аяқ киімін менсінбейтінбіз. Енді қарап отырсақ, сонымыз асылық екен. Оның аяқ киімі мынау Қытай мен Түркиядан қара қапшықпен әйелдер әкеліп сататын киімнен еш кем емес. Өзі арзанға түседі. Жұрттың бәрі жақсы екен деп алты мың теңге тұратын «Адидас» кроссовкасы мен костюмін ала бермейді ғой.
Ал сол сияқты өндіріс орындарына бір айналмалы қаржы беріп, демеп жіберсе, жүріп кетейін деп-ақ тұр. Отан қарсылық бар. Өндіріске қаржы берсек, айналымдағы эмиссия ақша көбейіп кетеді, инфляцияға ие бола алмаймыз дейді әсіре реформаторлар. Оның да жаны бар шығар. Инфляцияның өсуі — бағаның өсуi, ақшаның құнсыздануы ғой. Бірақ кейбір көрші елдерде әрі өндірісті шамасынша өркендетіп, әрі инфляцияны ұстап отырған жайт бар екен. Қытайға барып келген Парламент делегациясы ол елде өндіріс өнімі жылына 9,7 — 9,8 пайыз өсіп, онымен қоса инфляция деңгейі 6 пайыз ғана екенін көріп келді.
Қазіргі біздің арманымыз да, мақсатымыз да осыған жету. Оның екінші жолы, басшылар сендіріп айтып жүрген, жұртшылық әлі де болса күдік-күмәнмен қарап отырған — кәсіпорындарды шетелдіктерге сату, кейде тегін беру. Жұрт сол кәсіпорындардың жайын білгісі келеді. Құмкөл мұнай кәсіпорнының аты өзгеріп, енді «Харрикейл-Құмкөл -Мұнай»деп аталады, акциясының 89,5 пайызы Канадалық иесіне, ал 10,9 пайызы өз жүмысшыларына бөлінді. Еңбекақыны уақтылы төлеп тұрамыз, мұнайшыларды тегін тамақтандырамыз деп отыр. Кентау кәсіпорындарын «Ривер-Интернейшнл СА» алғалы жатыр. «Квэрнер Металз» атты канадалық компания жылына 400 мың тонна руда өндіреміз, өңдейміз деп жобалайды. Шымкенттегі «Фосфорда» айлық уақтылы берілмейді. Бірақ басқарушы «Донекс» фирмасы (өкілі Нұрлан Күмісбеков) қоймада жатқан 2,5 миллион тонна дайын өнімге көзін алартады. Атышулы «Қазақстан алюминий» акционерлік қоғамы бір тоқсанда 270 мың тонна глинозем өндірген. Ал «Уайтсвен ЛТД» фирмасының осы мақсатта жұмсағаны 26 миллион доллар. Есептеп көрсек, өндірілген глиноземнің тоннасын кемінде 100 доллардан сатса да(олар 140-150-ден сатпақ болған ғой), бір тоқсандағы түскені 27 миллион доллар , ал жұмсалған шығыны жоғарыдағыдай — 26 миллион доллар. Әзірге шығыс пен кіріс бірдей. Мұның иелері де (бас директоры Алмаз Ибрагимов) жұмысшыларға біраз жеңілдіктер жасаймыз деп отыр.
Иә, Шерхан, мына шетелдік қожалардың біраз шығынға барып, қаржы жұмсап жатқаны рас. Бірақ күні ертең олар мұнай, алтын, фосфор, мыс секілді сапасы да, бағасы да жоғары өнімдерді жанын салып өндіре бастаған соң (оларға жеңілдік мол) шаш-етектен байлыққа батады. Ертең ол кен орындарының қазынасын түгел қопарып, суалған сиыр секілді қаңыратып кетпесе болды. Тағы бір мысал. Жоғары сапалы мыс өндірумен аты шыққан Алтайдағы Ертіс мыс қорыту зауытын ағылшынның «Дайтон Ассойшейт ЛТД» фирмасы сатып алды. Оның президенті Сапаралы Бөбеев былай дейді: «Мынадай тамаша зауытты бар болғаны миллион долларға ғана (!) сатып алдық. Әрине, әлі де көп қаржы жұмсауымыз керек. Мұнда тамаша инженерлер мен жұмысшылар істейді. Бұрын көрші елдермен қалыптасқан қарым-қатынасымызды сақтаймыз. Сөйтіп, істі оңға бурамыз».
Бұл да біраз жайды аңғартады. Қанша дегенмен бұл шетел қаржысымен жұмыс істей бастаған елу кәсіпорын бүкіл елдің тағдырын шеше алмайды. Көп болса өздерінде тікелей істейтін 250 мың жұмысшыны, солардың бала-шағасын қамтамасыз етеді. Ал бізде 5 миллион жүмысшы бар. Қазақстан байлығын, игілігін жасайтын өзіміздің өндірісіміз, өзіміз басқаратын, өзіміз жүргізетін кәсіпорындар. Соған бара жатырмыз. Ол оңай да емес. Оны мынадан көреміз. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында өндіріс өнімі 0,3 пайыз ғана өсті. Өскені дұрыс, бір ақтым мардымсыз.
Қазақ журналистерінің көп айтып, жаны ауыра жазатын жайы — ауылдың қазіргі халі. Осы мәселе сол кездесуде жаңа бір тұрғыдан айтылды. Ауылдағы жекешелендіру процестерін зерттей жазған жон дей келіп, Елбасы «түрі жеке меншік, мазмұны коллективтік ұжымдар күш біріктіре тығырықтан шыға алады», — деді. Біздің баяғыдан айтып, күтіп жүрген сөзіміз осы емес пе? Енді осыны да қадағалау — журналистердің ісі. Бізде енді баяғыдай малды, жерді біріктіру емес, ыдырап кеткен техника-мәшинелерді бірлестіретін, баяғы МТС секілді техниканы жинайтын, жалға беретін, оны жөндейтін, жанар-жағармай жеткізуге жәрдемдесетін мекемелер болса деген ұсыныстар айтылып жүретін. Расында да, ездері жеке меншік иелері болып қала беретін шаруалар осында күш біріктірсе, бір-біріне жәрдем жасаса деген бағыт-бағдар байқалады. Өмірдің өзі ауылдарда іріленген кооператив пе, акционерлік қоғам ба, шаруалар ассоциациясы ма — сондай бір ұйым-ұжымға (басқа жағдай, басқа деңгейде) тізе қосудың қажет екенін көрсетіп, жұрт соған мойын бұра бастады. Қазақтың кең даласында шаруа қожалықтары күш біріктіріп, қосыла қимылдамаса қиын екенін соңғы жылдар көpсеттi ғой. Бір ғана мысал. Бар егінді жинап алу үшін 50 мың комбайн қажет екен, әзірге Америкадан сатып алғанымыз — 632 ғана. Көрші Ресейден неге алмаймыз, Павлодарда комбайншы арамыз деген сөз болып еді, ол не боп кетті? Жеңіл мәшине жасаймыз деген едік. Оның тұсауы кесілді. Бірақ бағасы әлі удай. Кім алдады? Реформаның ендігі кезекті міндеті — нақты өнім шығару, өз мәшине-құралдарымызды жасау. Қазір адамдардың көңілі де, өмірі де елдің экономикалық-әлеуметтік деңгейіне келіп тіреліп отыр.
Енді журналистердің өз еншісіне, меншігіне жататын бір шаруа айтайын. Үкімет кепілдігімен алған қыруар несие қаржыны бермей кеткен, беруге шамасы келмеген бизнесмендердің, фирма бастықтарының тізімі «Деловая неделя» газетінде жарияланды. Олардың қымқырып пайдаланып кеткен қарыз-қаржысының жалпы көлемі 50 миллиард теңге екен. Соның бәрін мемлекет өзі төлеуге мәжбүр болды. Сол тізімді «індетіп», «алған қарыз-қаржы қайда, неге жұмсалды» деп сұрауға болады ғой. Журналистің тергеу сұрағына жауап бермеуге ешкімнің де хақысы жоқ. Егер көшелерде жосылып жүрген иномаркалар мен астана айналасындағы сәнді-салтанатты «особняктарға» айналған қарыз-қаржыны түгел қайтарып, төлейтін болса, онда мемлекеттің еңбекақы жөніндегі бар берешегі түгел өтелер еді деген есеп бар.
Айлықтан басқа күн көрісі жоқ адамдарды зарықтырып, мемлекет бөлген, берген ақшаны иелеріне жеткізбей, жолда «айналдырып», «жоғалтып» жіберетін бастықтардың да аты-жөндерін жарық дүниеге шығарып айғақтау, түсін түстеу қажет-ақ!
Сәлеммен, досың Камал СМАЙЫЛОВ