- 25 ақп. 2022 00:00
- 217
Мұстафа Шоқайдың шоқтығы биік «Бірлік туы» газеті
Тереңде жатқан төл тарихымызды қанша ақтарып жатсақ та, теңіз түбінде тапжылмай жатқан бағалы тастай, тамыры кеңге жайылып, таныс болмаған дүниеге тағы кезігеміз. Тарих қойнауы құпиялы сыр мен жұмбаққа толы болса керек-ті.
Тарихын білмеген, дәріптемеген ұлттың болашағы бұлыңғыр болары сөзсіз. Тәуелсіздіктің таңы атқалы туған тарихымызды тереңдеп зерттеп, рухани жаңғыру дәуірінде асыл мұрамызға лайықты баға беріп те жүрміз. Тарих беттерінде аумалы-төкпелі заманда ұлттық рухын жоғалтпай, азаттық пен теңдікті ту еткен талай тарландарымызбен қатар, халықтың тұтастығы мен елдің егемендігін қорғаған ұлттық басылымдардың шоқтығы қашан да биік тұрады.
Бірлікті ту еткен қайраткердің елі үшін еткен ерен еңбегінің бірі-«Бірлік туы» газетін шығаруы болатын. Бұл Алашшыл идеологияны жақтаған, кеңес отаршылдарына қарсы бағытталған, тәуелсіздік пен тұтастықтың негізін салған, халықтың жетілу, ояну жолында қызмет еткен, сол замандағы ұлттың ажырамас бөлігіне айналған сапалы басылым болды. Алғашқы санына М.Шоқай жетекшілік жасаған болатын. Басылым әдеби-мәдени, құнды тарихи деректерімен ерекшеленген. Алайда, мерзімді басылым Кеңес үкіметінің әсерінен жабылып қалған.
Азаттық үшін бас тіккен ұлы қайраткер Мұстафа Шоқайдың өмір жолы мұнымен аяқталып қалмайды. Оның түркі жұртын біріктіріп, Түркістан автономиясын құру жолындағы еңбегі мен мақсат – мүддесі кешегі отаршыл саясаттың тұсында жаулық әрекет деп танылды. «Үлкен Түркістанның күйреуін» шығарып, ұлтшыл арысымызды ұлтына қас деп те шығарды.Тұғырлы тәуелсіздіктің таңында Мұстафа Шоқайдың еңбегі қайта бағаланып, түркі болып төбемізге көтеруге жеттік. Ұлттық баспасөз тарихымызды ұлттық мүдде тұрғысынан қарап, төл тарихымызды толықтырып, тың деректермен таныса түстік. Бір дәуірдің көсеміне айналған Мұстафа Шоқайдың есімі қазақ тарихының беттерінде көгіндегі жұлдызындай жарқырай бермек.
Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті Жуанқан Айтолқын