Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ахмет. Ұлт ұстазы

"Бүкіл қазақтың баласы қалайда оқу керек!" деп, ертең өзінің сотталатынын біліп отырып талай кітап жазған – Ахмет Байтұрсынұлы. "Қазақ әліпбиінің" алғашқы авторы, қазақ тілі мен қазақ әдебиетін оқытуға арналған оқу құралдарын, қаншама өлеңдер, мысалдар жазып қалдырған. Ахаң жаза берген, жаза берген, жазудан еш талмаған. Сондай-ақ, жазып аяқтаған "Мәдениет тарихы" атты соңғы еңбегі тінту кезінде қолды болыпты.

Мұрат Есжан есімді режиссер Ахмет Байтұрсыновқа арнап «Ахмет. Ұлт ұстазы» атты деректі фильм түсіріпті. Фильмде Байтұрсынов бастаған қазақ зиялыларының бірігіп жиналыс жасап, қазақ "газетасын" шығарып, қазақтың еркін өмір сүруіне ұмтылыс жағдай жасаса да, оларға жасалған сатқындық пен қастандық та аз болмады. Фильмнен тарихтың сол бір зұлматты кезеңдерін көріп, алашордашыларды нақақтан-нақақ тергеп, түрмеге тоғытқанын, "халық жауы" деп айыптап және ең ауыр жаза берілгенін көргенде жүрегің езіліп, көзден жас ақпау мүмкін емес. Еңіреп жылап, тіпті, 2 сағат өтсе де, сол сезімнен шыға алмауың әсте мүмкін.

Қазақ зиялыларының сол бір қараңғы заманда да қазіргі біздерден бетер білімді болғаны маған өшпейтін мотивация. Ахметтің бүтін ғұмыры абақтыда өткендей. Сонда да жігері құм болмай біз үшін теңдесіз еңбектер жазып қалдырды. Өз терминдерімізді ойлап тапты. Қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салып кетті. Ахметтердің жағып кеткен білім шырағын  сөндірмеу ендігі біздердің қолымызда. Ахаң қандай есіл ер болған, «төрем» дейтін жұбайы қандай көркем, қандай асыл жар?! Міржақыптың тұлғасы қатты ұнады. Кербез, тартымды, сұңғақ бойлы, мінезі қандай еді?! Мир-Якубтың киім киісі,жүріс-тұрысының өзінде өр мінезі анық  көрінеді.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан Ахмет Байтұрсынұлы мен Міржақып Дулатұлына түрмеде жазған хатында былай деген еді: 
"Алда әлі күнді көретін ұрпақ келеді. Сол ұрпақ сендерді үлкен ризашылықпен, үлкен құрметпен еске алатын болады. Күрес жолына түскендеріңе өкінбеңдер..."

Расында, аталған азаматтардың қазақ үшін жасағандары өте бағалы.   Алаш зиялыларының әрбірінің пейіште нұры шалқысын! Қарыздармыз! Мың алғыс! Тағзым! Олардың әрбір еңбегі өміршең туындылар. Баукең батыр бабамен мақтанбай оларға лайық болу керектігін айтушы еді ғой. Біздің міндет, міне, осы.

Демесбаева Гулзат


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама