Нан, махаббат және ерлік
І
Бір жерге бауыр басып кету — адамға тән жағдай.
Мен де өзімнің тұрақ мекенімнен ешқайда ұзап шықпай, отырып қалдым. Қашан, қандай жағдайда екені есімде жоқ біреу келіп:
— Сен осы у-шуы көп, ың-жың үлкен қалада ішің көгеріп қашанғы отырасың. Бір жаққа барып, көңіл көтеріп қайтпайсың ба? — деп ақыл қосты.
— Қолым тимейді, шаруам бастан асады...
— Екі-үш аптаның ішінде сенің шаруаңды жау шаппайды. Ол екі ортада жаның жадырап, көңілің сейіліп қайтады. Балтық бойына баршы өзің.
— Балтық бойында не бар маған?
— Өзің бір қызық адам екенсің. Онда атақты көгілдір көлдер бар... Верескінің орманы қандай!
Бұл әңгіме қашан және кім екеуміздің арамызда болғаны есімде жоқ, бірақ дәл осындай сөз болғаны жадымда. Сол ақыл айтқан адамның үні, дауыс ырғағы, сол көгілдір көлдерді тамсана сөз еткені есімде... Ол адам менің солтүстік жаққа деген құмарлық сезімімді оятты. Тірліктің еш қамына алаң болмай сол сезім күшейіп, арманға айналды, ал арманды ешқандай күш тежей алмақ емес. Қысқасы сол көгілдір көлдер жатсам-тұрсам ойымнан кетпей қойды. Таң арайлап атқанда, күн шапақтап батқанда сол көлге төңкерілген көгілдір аспан тербеліп тұрғандай болады. Сондай шақта көл үстінде үйір-үйір құстар үнсіз баяу қалқып бара жатқандай боп сезіледі...
Москвадан Балтық бойына күн сайын талай поезд кетіп жатады. Солардың ішіндегі ең ыңғайлысы — «Литва», «Латвия», «Эстония» поездары. ГДР-да жасалып, біздің темір жолдарымызда күнде жүйткіп жүрген кәдімгі вагондар. Әрқайсысының маңдайшасында ірі әріптермен жазған жазуы бар вагондар астана перронына келіп тоқтады, «Латвия» деген жазуы бар поезд Латвияның дәл өзіндей, «Литва» деген сөз жазылған состав Литваны елестеткендей, ал «Эстония» деген поезда эстондардың нағыз өз табиғаты жатқандай еді.
Мен сол ғажайып құбылыстың қайдан пайда болғанын ұзақ ойланып тұрып қалдым. Бәлки, осы арнаулы поездар Москваға жаңа ғана жетіп, Балтық теңізінің ауасы мен шағын отанның жылы демін ала келген шығар? Әлде вагон-ресторандардың әсері шығар. Өйткені Эстон поезында Эстонияның, Литва поезында Литваның дәм-тұзы бар еді. Мүмкін сүйкімді жолсерік қыз-келіншектерден ұлттық ерекшелік лебі есіп тұр ма екен, неге десеңіз олар жай ғана жолсерік қана емес, қонақжай үй иесіндей еді. Айтқан әзілдері жарасымды, егер өз өлкелерінің намысын қорғау қажет болса, оны да олар лайықты орындап шығары хақ. Бәлки, әр купеде кішкентай ғана құтыларда тұрған гүлдің бір әсері бар шығар. «Литвадағы» гүл Неман жағалауынан, «Латвиядағы» — Даугава бойынан, ал «Эстониядағы» гүл Балтық теңізінде шашылып жатқан қисапсыз аралдардың бірінің жұпар иісін аңқытады.
Вагондардағы радиолардан сәл мұңды музыка үні естіледі, өйткені туған жерден бір жаққа сапар шегу әрқашан ептеп көңілсіздеу. Диктор болымсыз ғана акцентпен:
— Қадірлі достар! Сапарларыңыз сәтті болсын! — деп игі тілек білдірді.
Поезд мұз үстінде сырғығандай баяу жылжи бастады. Сөйтіп біз солтүстікке бет алдық. Сырт ала көлеңке, купенің іші тыныш, жанға жайлы, радиодан екінші дүние жүзілік соғыс кезінде шыққан ән естіледі. Москва төңірегі ауыр жылдардың белгісін қасиеттеп есте сақтағандай. Тұғырда тұрған танкілер мен зеңбіректер, танкіге қарсы қойылған алып қалқандар қарауытып қалып жатыр. Дәлізде поездың жүру жолы көрсетілген тізім ілулі тұр. Соған қарағанда біздің Ржев арқылы жүретініміз айқын болды, ал Ржев тұтасымен бір ескерткіш қала ғой. Твардовскийдің «Мен Ржев түбінде мерт болдым» деген атақты балладасы естеріңізде ме?
Ржевтің түбінде оққа ұштым,
Белгісіз батпақты алаңда.
Сол қанат ажалға дөп түстім.
Жау қатты шабуылдағанда.
Осы өлеңді мен де іштей оқып отырмын. Ал вагондағы радиодан Эстония еркектер хорының орындауында соғыс жайындағы қатулы «Жауға қарсы көтеріл, алып ел» әнін беріп жатыр.
Арнаулы поездардың бәрі Москвадан кеште шығады да, июньнің ұзақ айлы түнінде дамыл таппай жүріп отырады. Таңертең сіз баратын жеріңізге жетесіз. Кешкісін шығып, таңертең жетудің өзіндік мәні бар. Бұл тіпті даналықтың нышанындай, өйткені адам шындығында өмірде өзен сияқты ағып отырады.
Дөңгелектер тынымсыз тарсылдап, поезд көгорай жазықта жүйткіп келеді. Уақыт өзенінің әлгі толқындары жағаға кеп соғып жатыр, су бірде жал-жал болып жөңкіліп, бірде қайта басылады. Тереңде адам тағдырының тұнбасы қарауытып көрінеді, айдың нұрлы жарығында кенет баянсыз бақыт қарлығашы су бетінде қалықтап өтіп, қанатымен су тамшыларын жалайды. Әлгі тамшылар көкке көтеріліп, содан тірлік біткен жай тапқандай болады. Қарлығаштың өзі де, өзен де, өмірі өзен сияқты деген жолаушы да рақат сезімге бөленеді...
Сүйікті елім — Эстония... Әуелі жер туралы, тіпті қажет десеңіз ырыздық туралы сыр шертсем бе екен, бірақ екеуі бір нәрсе емес пе? Эстония жері туралы жазу оңай емес, өйткені Эстония — нағыз «теңіз» республикасы. Оның теңіз жағалауы қисапсыз аралдарды қосқанда үш мың шақырымнан астам. Тіпті «эстондық өмірге қармақ немесе ескек ала туады» деген мәтел де бар. Сөйтсе де жер туралы сөз қозғайық. Ол ұлт бесігі. Эстондық қайда жүрсе де, немен жүзсе де — бәрібір өзінің кіндік кесіп, кір жуған жеріне қайтып оралады, ол өзі теңізде жүріп армандаған нәрсесінің бәрін осы өз жерінен табады. Бірақ теңіз де оның санасынан мүлдем ғайып болмайды, бәлки, әрбір Эстон үйінің кіре берісінде дөп-дөңгелек терезе болатыны, үйдің іші тек қана кемелердегідей жиналатыны сондықтан да шығар.
Сонымен жер туралы сыр шертейік. Тағдырдың тауқыметіне қарай эстондықтардың осы жанындай жақсы көретін жері — шалқып отырып сөз етпейтін болсақ — өте сараң да қатал. Әр жерде топ-топ болып тұрған шағын ормандардың ашық алаңқайларындағы батпақты жерде тас және қиыршық топырақтан, көбікті лайдан өзге ештеңе де жоқ. Эстон шаруалары сол жерді бұдан жеті-сегіз ғасыр бұрын тазартып баптаған, әлі күнге дейін бейнеттеніп келеді. Қазір де олар өздерінің бағзы бір замандағы ата-бабалары құсап тас арқалап, жер құрғатады. Сондықтан да эстон ұғымында шаруалар жер баптаушылардан гөрі батпақ құрғатып, көбік кептірушілерге жақын жандар.
Сөйткенмен Эстон жері өте әдемі. Орман мұнда оңтүстіктегідей онша қоңырқай түсті емес, бірақ қалың және көрікті. Бұрынғы жұтаң табиғат қазір бай да көрікті. Ол, әрине, адам еңбегінсіз өзінен-өзі өзгере қалған жоқ. Бірақ ол еңбек көзге ұрып көріне бермейді. Табиғатта ақылдылық пен тепе-теңдікті, табиғи үйлесімділікті сақтай білу керек, ал эстондықтар оны жақсы түсінеді. Бидай егілген шағын алаңқайда қос қайың өсіп тұр. Бұл жақсы ма, жаман ба, оны қалай бағалауыңа байланысты. Жақсы болатын себебі — сол қос қайың айнала төңірекке көрік беріп, үйлесіп тұр. Жаман болатын себебі — ортасына қос қайың өскен жерде жұмысты механикаландыру қиын. Эстондықтар тракторды сирек пайдаланып, егінді қолмен жинағанды жөн көреді, бірақ алаңқайдағы қос қайың бес жүз жылдан бері әлі жайқалып өсіп тұр.
Өзен мен көлдер, орман әр жерден-ақ кездеседі. Олардың арасында өңделген алаңқайлар бар. Солардың әрқайсысында үлкен тастардан тау-тау ғып үйіп қажырлы диқандарға арнап жасаған ескерткіштер бар. Кейбір жерде сондай қорғандарды шөп-шалаң басып кеткен, ал енді басқа бір жерде тастар жаңадан үйілген, сылақтары әлі кеппеген. Бірақ тас пен көбік уайымның үлкені емес. Эстон колхозшыларына ең қиын тиетіні — батпақ, жердің мөлшерден тыс ылғалданып кетуі. Эстониядан адам бойламайтын терең жыра жоқ жерді таба алмайсыз. Сол жыралар ерте көктемнен бастап, қоңыр күзге дейін суға толып жатады. Ал тракторлар алаңқайларда шыр айналып күндіз-түні жаңа жыралар қазады, ескілерін тазартумен болады.
Тастар мен батпақты көргенде: «Осы эстондықтар өз жерінен алатын болымсыз ырыздығына тым көп шығын жұмсап жүрген жоқ па?» — деп еріксіз ойға батасыз. Оның дәл кесімін айту қиын. Астықтың орны бөлек, сол адам ырыздығы табылар болса, оның қаншалықты қымбатқа түсетіні маңызды да емес. Адамды оның өзі өмір сүрген жері асырауы керек. Бұл біздің ата-бабаларымыздың жермен жасасқан көне ынтымағы. Сондықтан біз сол ынтымақты қасиет тұтуымыз қажет. Сөйтсе де алды-артын ойлайтын эстондық осы бір қымбат ырыздықтың қаншаға түсетінін еш уақытта ұмытпайды. Көптеген нан магазиндерінде үлкен тасты иығымен көтерген шаруаның бейнесі ағашқа немесе темірге ойып салынып, ілініп қойылған. Осы бейненің қайда жасалып, қай жерге ілінгенінде зор даналық бар. Сондықтан да эстондықтар ешқашан мөлшерден артық нан үзіп алмайды. Мен республиканы қанша рет аралап жүріп, асханаларда желінбей қалған нан көрген емеспін.
Нанды қасиет тұтуда аса бір үлкен кемеңгерлік, өнегелілік бар. Балаларын да өнегелі болуға баулиды. Мен осы өңірде саналы да еңбек сүйгіш жас ұрпақ өсіп келе жатқанын айтқым келеді. Ол ұрпақ үйде де, түзде де қолғанат бола алады. Ең ауқатты деген үйдің балалары да жазда маусымдық жұмысқа аттанады. Әрбір жеткіншек бір жазда қанша табыс табатынын біледі және сол табысын орнымен жұмсайды. Жас өспірімдер өз маңдай терімен тапқан ақшаға сатып алған киімдерімен сүйкімді көрінеді, өз велосипедтерін тебеді, өз табыстарына келген доппен ойнайды. Сондықтан да мен жас ұрпақтың ешкімге кіріптар болмай өз бетімен жұмыс істеу жөніндегі сезімін олардың үлкендермен бірге жазда өткерген күндерінен артық ештеңе өсіре алмайды-ау деген ойға қалам.
Мен Эстон қалаларының көшелерінен өзімізді аса бір ілтипатты сезімге бөлейтін көріністерді талай көрдім. Ол үлкендердің баланы адалдыққа тәрбиелеуі еді. Ай бойы сапар шеккенімде мен біреуді біреудің жұрттың көзінше орынсыз жәбірлегенін көрген емеспін. Эстондықтар тегі өз ұрпағын жаялығынан бастап тәрбиелейтін болу керек. Рас, эстондықтар жаратылысынан сөзге сараң екенін де ұмытуға болмайды. Олар үйде семьясының қасында отырғанда да көп шүйіркелесе бермейді, жұмыста да, жол жүріп бара жатқанда да үндемейді. Бірақ тірі адамның үнемі осылай үнсіз жүруі төзгісіз жағдай болғандықтан олар кешкілікте толып жатқан кафелерде бас қосады. Кеште эстон кафелерінде адам сенбестей у-шу болып жатады. Ал түн ортасында құлаққа ұрған танадай тыныштық орнайды.
Мүмкін олардың көпшілігі хуторларда өскендіктен осылай ететін шығар. Ал Эстония хуторлары деген орман ішінде тыныштыққа бөленген екі-үш-ақ үй. Эстондықтар өте ерте тұрып жұмысқа ұмтылады. Құдды бір олардың қазірге дейін жеке шаруа жайы бар сияқты және де сол үшін өз арының алдында жауап беретіндей. Эстондықтар үнемі аяқ астынан бірдеңе шығарып, бірдеңе жасап жатады. Әрі олар бір істі бітірмей жатып, екіншісін ойластырады, сондықтан олардың жұмысы бастарынан асады десе де болғандай.
О, эстондықтардың ғаламат шебер қолдары! Он саусақтан өнер тамған сол қолдар не жасамайды десеңізші! Мұнда өз ісіне олақ адам, шаруасы біткен жанмен тең. Эстондықтар үшін бұл құбылыс әл-ауқат арттырудан гөрі өнегеліліктің нышанындай. Сондықтан олардың қолдарынан көп іс келеді. Әр эстондық халықтың өз ортасынан шыққан шебер іспетті. Мәселе тек оның өз мүмкіншілігін қаншалықты аша білгенінде. Эстондықтардың қолдарынан келмейтіні жоқ екені кімді де болса қайран қалдырады. Қазіргідей жаппай автоматтандыру заманында, ракеталар мен атом қуаты дәуірінде олар өздерінің өнерін шыңдай түсудің толып жатқан тәсілін табады, әрі сол құмарпаздықты ешқашан тежемек емес. Тіпті өз істері ақылға сыйымсыз болған күннің өзінде де талпына бермек. Тігін, тоқыма комбинаттары толып жатқанда өзіне-өзі киім тоқып, тігудің қажеті қанша? Құрылыс жұмысы дамып, жеке адамдарға қажетті дүниені дайындап беріп жатқанда тас қалаушы мен балташының, сылақшының мамандығын игерудің керегі не? Кілем тоқып алудың, немесе аспаздық шеберлікке үйренудің не қажеті бар, оның бәрін магазиннен сатып алуға болады ғой?! Одан да осы бір ұсақ-түйек жұмыстарға зая болған қайран уақытты маңызды іске жұмсамас па деп ойлайсың.
Бірақ осы орайда эстондықтың өте қызықты, ерекше ой тұжырымын аңғарып қайран қаласың. Әрине, өзіне үй салып алу, оны өз қолынан туған дүние-жиһазбен жабдықтау, алақандай жерді баптап, бағбандық ету — экономикалық тұрғыдан тиімді емес. Бірақ жалғыз ғана сол экономикамен дүние орнына келмейді ғой. Істің тағы өнегелілік жағы бар. Экономикалық тиімсіздіктен кейін осы істің терең мәні шығады. Творчество процесі, талғамды жетілдіру процесі — адамның бүкіл болмысының қалыптасу процесі басталады. Сосын осы шағын еңбек алаңында табылғандар кейін ауқымды алаңға көшіріліп, үлкен мемлекеттік деңгейге көтеріледі. Осындағы колхоз егістігі үй маңындағы бақша сияқты мұнтаздай таза жиналғаны әлгіндей биік сана-сезімнің игі әсері емес пе екен? Сельсоветтің терезелерінде шілтерлі перде ұстаулы тұратыны және Эстонияның ең кейіпсіз шоферының машина кабинасында ең болмаса жасанды гүл тұрмаса машина айдалмайтыны сондықтан емес пе?!
Осының бәріне қарамай, Эстонияда адамның жеке басының іскерлігін сынап көретін егістік үнемі жетіспей келеді. Сол үшін әр адам жан салуда. Ақыры Таллинде еліміздегі ең ірі Уку атты ұйым құрылды. Эстон аңыздарында Уку — ошақ басын қорғайтын құдай делінеді. Сондықтан да ол шынымен эстондықтардың тұрмысын қорғап, көркейте түсу үшін, Таллинде дүниеге келді. Бұл ұйымның мәнісі мынада. Үй тұрмысына қажетті дүниені ұнатып, жақсы жасай алатын әрбір эстондық сол ұйымға барып, суретшінің кеңесін тыңдап, жүн, тері, металл, ағаш ала алады. Сол қажеттіліктер мен суретшінің игі тілегін алған эстондықтың ұзақ сарыла ізденетін кештері басталады. Сосын егер жасалған зат көңілдегідей болса Уку оны тиімді бағаға сатып алады. Одан кейін ол тағы да ақыл-кеңес пен керекті заттарын алады. Шеберлер жұмысты тек үйде істейді. Ұйым жас болғанмен қазірдің өзінде онымен мыңдаған адам байланыс жасап тұрады.
Укудың өнімдері ғаламат шапшаңдықпен бүкіл дүние жүзінің көптеген сауда орындарына жөнелтіледі. Сондықтан қазір оның бұйымдарын Таллиннің өзінен де таба қою қиын.
Әрине, эстондықтардың кәсіпкерлікке бейімділігін сөз еткенде сол бейімділіктің тарихи тамыры бар екенін естен шығаруға болмайды.
Таллин — ірі теңіз порты. Оның кәсіпкерлері оныншы ғасырда-ақ өз шеберліктерімен даңқын шығарған. Жеті жүз жыл бойы шетелдіктерден қанаушылық көрген кәсіпкерлер ерекше ілтипатқа ие болды. Олардың қауымына белгілі дәрежеде еркіндік берілді. Эстондықтар үшін кәсіп деген тек ырыздық көзі ғана емес, шеберлік оларға еркіндік тынысындай. Сөйтіп, бір нәрсені мінсіз етіп жасауға бейімділік ұзақ уақыт бойы ұрпақтан ұрпаққа мұра болып қалып отырды да, ақыр соңында ұлттық характердің нышанына айналды.
Дәулетті ғұмыр кешу онша оңай шаруа емес, бірақ біздің заманымызда оны қол жетпес арман деуге де болмайды. Сол сияқты әркім әдемі өмір сүре бермейді, ол үшін қажетті жағдай да, тәңірдің бойыңа бітірген ерекше дарындылығы да керек.
Егер эстондықтар күн ілгері кесіп-пішіп алған үлгі бойынша үйлесімді өмір сүреді дейтін болсақ, жаңсақ басар едік. Осы ғұмырда кездесетін пендешілік оларға да тән. Қызғаныш пен кекшілдіктен, көңіл жыртысушылықтан олар да ада емес. Олар да өзара бәсекелесуге дайын тұрады, бірақ бәсекелесетін олардың өздері емес, істері. Үй салудың әр алуан мектебі, теннис спортының әр қилы бағыты, халық әндерінің рухын түсіндірудің әр түрлі ұғымы, ою өнерінің әр басқа тәсілдері бар. Олардың өздері өмір бойы іс үстінде болып, бір-бірімен араласып-құраласуға қолдары тимейді, олар тіпті бір-бірлерін байқамайтындай ғұмыр кешеді.
Пярнуден Таллинге барған алғашқы сапарымды ұмыта алмай келем. Жүз қырық шақырымдық жерге екі сағаттай жүресің. Жергілікті жұрт ауыздарынан тастамайтын өте тамаша автоэкспреспен жүйткіп келеміз. Сыртта жер-дүниені тұмшалаған жаңбырлы таң атып келеді. Машина іші жып-жылы. Арқалығы сырғымалы жұмсақ орындық, тамаша шофер, зиялы қауым — бәрі-бәрі де көңіл семіртеді. Желсіз күнгі даладағыдай керемет бір тыныштық орнаған. Тек газеттердің ақырын сылдырлағаны мен талмаурап шыққан мотор гүрілі ғана естіледі. Әлде жолдың айнадай тазалығынан ба, болмаса шофердың машинаны соншалықты шеберлікпен жүргізгендігінен бе, немесе терезеге ұп-ұсақ жаңбыр ұрып тұрғандықтан ба, әйтеуір, жол ортасына жеткенде біз өзімізді ұшып келе жатқандай сезіндік. Төменде Балтық теңізі қалып бара ма, қалай?!
Үнсіз жүріп келеміз. Сол үнсіздік, сол жүріс созыла берді. Жүз қырық шақырым жерге екі сағат төрт минут уақыт жүргенде ләм деген ешкім жоқ және де жол-жөнекей автобустың әлденеше рет тоқтап, біраз жолаушылардың түсіп қалғанын, олардың орнына басқа жүргіншілердің мінгенін тағы ескеру керек. Орман ішіне сұғына кіргенімізде әйел инспектор автобусты тоқтатып билет тексерді, одан кейін бір-екі рет ала кет деп айқайлап туристер қол көтерді. Шофер машинаны тоқтатып, бос орын жоқ екенін көрсетті. Соның бәрінде үнсіз, еш тіл қатыспай жүре бердік.
Абырой болғанда Таллинге аяқ астынан тап болдық, мен оған оп-оңай жете қоюымызға сенбей келе жатыр едім. Үнсіздіктен жарылып кете жаздап келе жатқам. Енді он-он бес шақырым жүрсек, шыдамай ән салып немесе Молдаванның халық балладасы — Мифицуды дауыстап айта жаздағам. Серіктеріме келетін болсақ, олар осынау үнсіздік рақатына енді ғана бөлене бастағандай еді. Олар машинадан қатты бір өкінішпен түсті. Бұл астана, мұнда үнсіздікпен ештеңе өндіре алмайсың. Ал қайтадан тіл шығаруға олардың зауқы жоқтай.
Маужыраған июль күні еді. Эстония астанасын көзге ұратын ашық түсті ұлттық киімдер жарқыратып тұр. Бір күннен кейін стадионда халық билерінің көрмесі ашылмақ. Әр хутордың өз бишілері келген, әр коллективтің өз әшекейімен тігілген киімдері бар. Мың хутордан мың коллектив келген. Солардың ешқайсысының киімдері, әшекейлері бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Эстондықтардың жақсы билейтіні белгілі, бірақ ертеңінде стадионда болған жайды айтып бере алмаймын. Өйткені өкінішке орай билет ала алмай қалдым. «Литературная газетаның» командировкасы да, жазушылық кітапшам да, Эстония Компартиясы Орталық Комитеті қызметкерлерінің өтініш-талабы да көмек болмады. Амал қанша, жергілікті стадионға жиырма-ақ мың адам сыяды екен. Үш күндік өнер сайысына алпыс мың билет сатылған. Ал алпыс мыңнан тыс тағы бір билет сату Эстонияда дағдыға айналмаған.
Халық биін көруге деген жұрт тілегі ғаламат еді — төрт жүз мың билетке өтініш түсіпті. Егер эстондықтардың миллионнан сәл-ақ астам екенін ескерсек, мән-жай өз-өзінен түсінікті болады. Халықтың жартысы бас қосып, қалған екінші жартысының қалай билегенін көруге тілек білдірген. Және де бұл би еді. Ал эстондықтардың ішкен асын жерге қоятыны — ән, күллі әлемге даңқы жайылған атақты хор әні болатын. Ән алаңы тек Эстониядан ғана кездестіруге болатын ең тамаша, ең ғажайып орын. Қаншалықты сөзге сараң, қаншалықты сырт көзге бір-бірін жатырқағыш көрінгенмен рухани туыстықтың ғажайып сиқырлы жібі эстондықтарды қатты табыстырып тұрады. Сөйтіп, дүниедегі ең үндемес халықтардың бірі ән алаңында бас қосып, отыз мың адамдық хор атақты Густав Эрнесактың басшылығымен «Туған жер туралы әнді» шырқайды. Жыл сайын астанада өздерінің әндері мен би өнерлерін көрсетіп хуторларына тарайды. Сосын бұрынғыдай іскерлікпен, жігерлілікпен тағы да жұмыстарына кіріседі.
Эстондықтардың сөзге сараңдығын ақырына дейін айту үшін оның тағы бір қызықты көрінісін баяндамай қоя алмаймын. Расын айтсам, газетке алғаш очеркімді дайындаған кезде құдды бір қызықты ештеңенің куәсі болмағандай-ақ осы оқиғаны жазғым келмеген. Өмірде не болмайды, ал тәрбиелі адам көрген жайының бәрін қағазға түсіре бермеуі керек қой деп ойлаған едім. Арада біраз уақыт өтті. Сол екі ортада Эстонияға тағы бірнеше рет барып қайтып, алғашқы оқиғаның жалпы кездейсоқ жай емес екенін түсіндім. Ал біздің мамандықтың қаталдығы сондай, біз әрқашан әр сөзімізді алтындай салмақтап, бұлтартпас деректерге сүйеніп жазуға тырысамыз. Өз қолтумамыздың уақыт сынынан аман-сау өтуі үшін сөйтеміз. Сол қалаға алғашқы келген жолы менің автовокзалдан темір жол вокзалына тез жетуім керек еді. Жалпы олардың екі арасы алыс емес дейтін. Бірақ алғаш келген адам неге отырып, қалай баратынын білмейді ғой. Сөйтіп жөн сұрауға тура келді. Бұрын мен эстондықтар сырттан келген адамға онша жұғыса қоймайды деп еститінмін. Бірақ оған сенбейтінмін. Енді, міне, сол сөздің ақиқатына жетудің реті келді. Сапырылысып өтіп жатқан кісілердің арасынан денесі тығыршықтай сары шашты эстон қызына көзім түсті де содан сұрауға бекіндім. Ол сөмкесін иығына асып алып, кетіп бара жатыр екен. Мен қасына барып үн қатқанымда, өзге жұрттың жолын бөгемейін дегендей ғып, бұрылып шетке шықты. Сөзімді үнсіз тыңдады, өңіне қарағанда орыс тілін білетін сияқты, тіпті жауап беру үшін аузын аша бергендей де болды. Бірақ сосын қабағын түйді де бір ауыз тіл қатпастан бұрылып алып жүре берді.
Маған жөн сілтеген адам бұрын Петербург гимназиясында оқып, соны өзі қатты мақтан ететін бір шал болды. Сөйтсем баратын жерім тиіп тұр екен, екінші трамвайға отырып, екі аялдама жер жүрсең жетіп барасың. Іші адамға толы трамвайдың ішінен әлгі денесі тығыршықтай, сары шашты, сөмкесін иығына асынған қызды көрдім. Ол да трамваймен сол жаққа кетіп барады екен. Мені көргенде еш қысылып, қымтырылған жоқ. Қайта керісінше, «ақыры бұл кісіге біреу жөн айтқан екен ғой» дегендей таңырқаған түр танытты.
Бір қызығы ол екеуміз бір автобуспен Пярнуға жол жүрдік, орнымыз да қатар болып шықты, барар жерімізге жеткенге дейінгі екі сағат бойы қасымда үнсіз отырды — әуелі газет оқыды, сосын жай ғана пысылдап ұйқыға кірісті. Бірақ осы кісіге жөн айтпағаным ұят болды-ау дегендей ыңғайсыздық нышаны өңінен еш білінбейді. Дегенмен өзі жап-жас, әп-әдемі бойжеткен еді, сырын білмеген адамды сөкпе дегізердей. Ақыры сөз жастар жөнінде ауған екен, онда солар туралы айтарымызды айтып қалайық. Мұнда көңілдері жарасқан жастардан аяқ алып жүргісіз және өздері оңаша жер де іздемейді. Көңілдері жай тауып отыра алмай, әйтеуір бір жаққа жүргілері кеп тұрады, жұрт көзінен жасырынбайды да. Автобустарда да, самолеттерде де қаптап жүрген соларды көресің. Мен Эстониядан қайтқан кешкі поезда да жұптасқан қыз-бозбалалар көп болатын.
Соларға сырттай қарағанның өзі бір ғанибет. Өзара сұқбаттарында ұстамдылықтың, адалдықтың белгісі анық аңғарылады. Әркім өзімен-өзі болып, үнсіз кетіп бара жатады — орындары кездейсоқ қатар болып қалғандай. Ешкімнің ешкімде жұмысы жоқ сияқты. Кейде тіпті олар бір-бірімен таныс еместей де болып көрінеді, дегенмен әйтеуір бір сезім ол екеуінің ұзақ уақыт, тіпті өмір бақи ажырамас жандар екенін аңғартқандай болады.
Ленинградқа жеткенше ақшыл көк аспанда жұқалтаң ақша бұлттар жеңіл қалқып отырады. Топ-топ қарағайлар, төбесі шошақ үйлер, көлдер анда-санда бір көрініп өте шығады. Ортасында қос қайың өскен бидай алаңы, шоп басқан шомбал тастар үйіндісі, айналасына шоқ-шоқ гүл өскен темір жол күркесі көзге түскенде мен бұл дүниедегінің бәрі не деген салыстырмалы еді деп ойладым. Біз ғой эстондарды сөзге сараң дейміз, бірақ олардың шын мәнінде үндеместігінен солай емес, тек өзіміздің шамадан тыс көп сөйлейтіндігімізден солай болып көрінеді. Ал ақиқатына келсек, сөз деген адам болмысының ғажайып құбылысы. Сөзді бет алды шашып төкпей, орнымен пайдалану керек, әйтпесе оның біз біле бермейтін әуелдегі көне мәнінің берекесі кетеді. Оның үстіне адамның дүниемен қарым-қатынас жасауының бірден-бір құралы сөз ғана емес қой. Өз қолымызбен жасап жатқандарымыздың бәрі де адам табиғатын қалыптастырар құралдар болса керек. Сосын тағы ненің ең маңызды, ненің қасиетті, ненің мәңгілік екенін де ойлаған жөн.
Көк жүзінде жарық ай көлбей жүзіп барады. Ол осындай жап-жарық боп тұрғанда бетіндегі ой-шұқыры, кратерлері ап-анық көрінеді. Ай поезбен жарыса жүріп келе жатқандай. Мен одан көз алмай ұзақ қарадым. Кенет бір сәтте жүрегім сыздап кетті. Өйткені мен оның бетіндегі ой-шұқыры мен кратерлер жайындағы пайымдаулардың тағы бірін білуші едім. Баяғы бала кезімізде үй іргесінде толған айға қарап отырып шешеміз бір әңгіме бастады. Жиын-терін кезінде ағайынды екі жігіт керісіп қалыпты. Сонда біреуі екіншісін айырмен шаншып алып аспанға лақтырып жібермек болған. Сол жауыздықтан түршіккен құдай бұл сұмдықты жұрт есінде мәңгілік қалдырмақ боп ағайынды екі жігітті айға жіберген. Егер жақсылап қараса айырмен шаншыған жігіт те, мерт болған байғұс та анық көрінеді екен. Тіпті кейде өлген жігіттен аққан қан да көзге шалынады.
Жиырмасыншы ғасыр толып жатқан аңыз-ертегілерді ұмыттырды. Бірақ адамдар олармен қимай, баяу қоштасады. Қазіргі кезде Айдың бетін адам аяғы басып қайтқанмен әлгі бір көне аңызды мен ұмыта алмай келем. Сондықтан қазір кешкілікте құпия бейнелерге қарап отырғанда анау бір шұңқырдан робот бір килограмм ай жынысын алды деген есіме келмей, егін жинау кезінде керісіп қалған ағайынды жігіттерді ойлай берем.
Жалпы алғанда біздің бәріміз де дала топырағында өскенбіз. Біздің ата-бабаларымыз да, туыс-жақындарымыз да жер жыртып, егін еккен. Кез келген қала тұрғынының санасының бір түкпірінде диқан дағдысы сақтаулы. Мәселе тек әр адам өзінің далалық жаратылысын жан дүниесінің қаншалықты тереңінде сақтай білуінде.
Каунастағы Чюрленис атындағы бейнелеу өнері музейі. Үйдің екінші қабатындағы оң қанатта аса сирек кездесетін шығарма тұр. Суретші үсті-басы дал-дұл болған шаруалардың тұлғаларын керемет бір ыза-кек кернеген кезінде бейнелеген. Шаршап-шалдыққан жүдеу жүздерден байыптылықтың, даналықтың реңі байқалады, ал қимылдарынан неге де болса шыдап бағатындай қайсарлық аңғарылады.
Бұл бейнелер өткен ғасырдың орта кезіндегі Литва шаруаларының көтерілісінен туындаған. Сіздің жан дүниеңізді еріксіз баурап алады. Әлгі буырқанған кекпен қатар сол бейнелерді жасаған зат қайран қалдырады. Ол не ағаш емес, не мәрмәр емес, қола да емес. Суретші қайың қабығын сулап алып, содан бейне жасаған. Кепкен қабықтың түсі көзге оғаштау көрінгенмен көңтеріленген адам денесі туралы қаншалық ғаламат сезім тудырады десеңізші. Сол сурет «өксікпен өткен өмір» дегенді көз алдыңызға келтіреді.
Ол бейнелер тап қасында тірі адамдай тыныстап тұрған сияқты. Ал музейдің қарапайым қызметкері жан тебірентерліктей халық тірлігі болмысының сол бұрынғы күйін сақтағысы келгендей ақырын сөйлейді. Оның айтуынша, суланған қайың қабығынан бейне жасау қазір ешкімге аян емес. Соңғы жылдары қайтыс болған мүсінші әйел өз өнерінің сырын ешкімге айтпай өзімен бірге ала кетіпті.
Бұған мен әуелде қайран қалдым. «Король сарайлары да, аса құпия концерндер де, тастай берік дипломатиялық архивтер де сырды толық жасырып қала алмайтын қазіргі жиырмасыншы ғасырда мүсінші өз өнерінің құпиясын ешкімге білдірмей дүниеден қайтуы мүмкін бе? Иә, олай болуы мүмкін екен. Егер мүсіншіні көзі тірісінде ешкім мүсінші деп білмесе, олай болуы тіпті оп-оңай.
Сол мүсінші әйел Каунастың шет жағында тұрыпты, өз замандастарына әдемі қалпақ пішетін, ешкіммен көп араласа қоймайтын жалғызбасты адам екен. Ол жексенбі күндері Неманның ар жағындағы орманға барып, саңырауқұлақ теріп қайтып жүрген. Ал осы бір нәзік әйелдің өз шеберханасында түні бойы бейнелеу өнерімен айналысатыны жан адамның қаперіне де келмеген. Ол өзі ғаламат еңбек сүйгіш адам болған, ол әлгі бейнелерді ешкіммен шарт жасаспай-ақ, ешкімнің дәріптеуін тілемей-ақ, өз еңбегінің көрмеге қойылатынынан дәметпей-ақ жиырма жыл бойы жасаған. Мүсінші өзінің осы орасан мәні бар еңбегін аяқтап барып дүние салды. Ол қайтыс болғаннан кейін біраз уақыт өткен соң алыс ағайындары шеберхананың ішін жинап жүріп, бүкіл бір бұрышты бүркеп тұрған пердені ашып қалғанда осы бүлікшіл литвалықтарды көрген.
Ең бір ғажабы мүсінші әйел Каунаста туып, ғұмыр бойы осында өмір сүрген және де әлгі оқиғадан соң жарты ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін туған. Ол ешкімге күң болған жоқ, тіпті оның Литва деревняларының тұрғындарыныкіндей арнайы кәсібі де болмаған. Ол арпаны қай уақта сеуіп, одан қашан сыра қайнатуды да білмеген. Сондықтан да қалада үлгіші боп істеген адамның жан дүниесіне оның өзі тумастан жарты ғaсыр бұрын көтеріліске шыққан Литва шаруаларының қасірет-кегі қалай ұялады екен деген табиғи сұрақ көңілге еріксіз оралады.
Сөйтсе осы мүсінші әйелдің бабалары сол көтеріліс кезінде өлген екен. Жексенбі күндері орманда саңырауқұлақ теріп жүріп, бабаларының тағдырын қатты ойлаған болса керек. Неманның қорғасындай ауыр суы мен жап-жасыл қалың шөп, солтүстіктің орманы оған өз туыстарының баяғыдағы жан қиналысын сездірді. Ол осы өсіп тұрған қайыңдардан алғаш рет адам тағдырын көріп, содан соң ғана сол бейнелерді жасады-ау деген де ойға келем мен кейде. Нені де болса өз қолдарымен жасауды қалайтын қарапайым адамдарға тән даналық пен сабырлылық мүсінші әйелге дұрыс жөн сілтеуі, сондықтан ол жиырма жылдан соң бұдан бір ғасыр бұрынғы Литва кекшілдерінің қолынан келмеген қаһармандыққа жетті. Ол бабаларын ізгі күрес сәтінде бейнелеп мәңгілікке есте қалдырды, сондықтан да оларды жеңімпаз етіп шығарды.
Өнердің ең үлкен құпияларының бірі — көркемдік қуаттың шынайы туындыға айналу үшін талпыныс жолы. Көтеріліс құрбандары жөніндегі жан жарасы бір жыл, екі жыл, тіпті жүз жыл еш баян таппай ауада қалқып жүрді, сосын ұлы суреткердің жүрегіне ұялады. Жалпы шынайы таланттың дүниені бейнелі тани білуі, сөйтіп жылдардан соң, ғасырлардан соң, таңғаларлық мерзімдерден соң оның мәнін аша білуі әрқашанда-ақ қайран қалдырады. Сондықтан Каунас музейіне жол түсіп бара қалған соң сол музейге аты берілген суреткер туралы тым болмаса бір-екі ауыз лебіз білдірмеу күнә болар еді.
Чюрленистің шығармалары қойылған шағын екі зал адамның есін алады. Егер өнерге ептеген жұмбақтылық лайық деген сөз рас болса, онда ол литва өнеріне мүлдем тән нәрсе. Ал Чюрленистің өзі болса — oл нағыз атағы шыққан жұмбақ адам. Аса дарынды композитор болған ол бір жарым-екі жылдың ішінде-ақ жүзге тарта картина мен суреттер жасап, Европаның көркемөнер сүйген қауымын таң-тамаша қалдырды. Ол туралы Горький де, Ромен Роллан да сүйсіне лебіз білдірді. Біздің ғасырымыздың басында бүкіл әлем ұлы жаңалықтар ашудан жалығып, күнделікті тірлік қамына кіріскен кезде, Чюрленис космосқа саңылау сала бастады. Ол өз шығармалары арқылы ғаламат алыс қашықтықтан жерді шоқ жұлдыздар арасында тұрған ноқат ретінде көріп, біздің рухымызды басқа планетаға қондыруға мәжбүр етті. Ол атом қуаты да, ракета да жоқ, ешкім космосқа ұшпаған кездің өзінде біздің түйсік-түсінігімізді барған сайын ынтықтыра түсетін отты мекендермен қайран қалдырды.
Литва мәдениетінің ең үлкен жетістіктерінің бірі — оның ауқымдылығы. Меніңше біздің ұлттық музаларымыздың ішінде Литва музасына тең келері жоқ сияқты. Кейде оның шытырмандарына қарап отырып: «Адасып кетер ме екен, ұшқан ұясына қайтып орала алмай қалар ма екен», — деп зәре-құтың кетеді.
Литва суретшілері әр нәрсенің мәнін кең көлемде іздейді. Вильнюс базарына шығару үшін ағаштан құртақандай шайтан бейнесін оятын қарапайым кәсіпкерден бастап, атақты ақын Эдуардас Межелайтиске дейін Литвадағылардың бәрі ауқымдылық «дертіне» шалдыққан. Бәрі адам тірлігінің ең нақты, ең дәл формулаларын іздейді де жатады.
Литва мәдениетіндегі маған етене жақын әрі қымбат нәрсе — оның ауқымдылығы мен көзге оңай шалынатын өміршеңділік негізі. Сол негіз мәдениетке нақтылық пен сенімділік күшін береді. «Таза көркемдік қоспалардан» оқушы жалықты. Оған ол енді сенбейтін болды. Оқушы әрбір шығармадан нақтылықты талап етеді. Литвалықтар мұның бәрін әлдеқашан түсінген, сондықтан олар жаңа стильді емін-еркін меңгерген. Мен осы орайда Межелайтистің «Лирикалық этюдтерінен» үзінді келтіргім келеді.
«Мен осы Крон жағалауында тұңғыш рет сандуғаштың сайрағанын тыңдадым. Осы жерде ақ қайыңдармен, сан алуан құстармен, аңдармен, балықтармен, жәндіктермен таныстым. Адам бұл дүниеде серіксіз екенін осы арада сезіндім. Жер, күн, ай, ағаш, құс — бар табиғат адамға дос екенін ұқтым. Ағаш та мен сияқты тіршілік иесі, менің кесіп алған саусағымнан қызыл қан аққаны сияқты ағаштың да жарақатынан қошқыл жасыл жас ағады. Құстардың ұяларын да құртуға болмайды, өйткені өмір қаршыға құсап біздің ынтымақты семьямызды қаталдықпен тоз-тоз етті. Нанның қара қабығы арқылы, ағаш жемісі мен тамыры арқылы мейрімді жұмсақ бусанған жылы жер менің тұла бойыма қуат берді. Сосын менің тамырыммен қан емес, нан нәрі мен қайыңдардың шырыны жүгірді».
Тағы да сол қайың жыры. О, литвалық ақ қайыңдары-ай! Бұл өлкедегі не ғаламаттың бәрін де олар өз құдіретімен табындырады.
Қайыңдар, нан — ерлік есебінде сипатталады. Өйткені Литва мәдениетінде ерлік көп екені кәміл ғой. Әсіресе бұл құбылыс әйелдердің табиғатынан табылатыны ғажап. Мен тіпті белгілі бір халықтың рухын еркектерге қарап емес, әйелдеріне қарап ажырату керек деп ойлаймын. Өйткені еркектерге рухты болуды құдайдың өзі бұйырған. Межелайтистің кітабын жаппас бұрын осы әңгімеге қатысы бар тағы бір цитат келтіргім келеді. Ақын қырық екінші жылдың қиын-қыстау кезінде Москвада тұрған Литва әдебиетінің классигі Саломея Нериске барғанын еске алады: «Біздің тамаша ақынымыз қабығына тарс бекініп алған ұлу құсап өзінің қарапайым бөлмесінде қамалып жатыр екен. Жұрт көзіне көрінбей, сағыныш пен уайым тауқыметін жалғыз өзі көтеріп алғысы келген сияқты. Қашан, қайтып туындап жатқаны белгісіз, бірақ әйтеуір оның жүрегін жарып шыққан мұңды жырлар апта сайын жарық көріп жататын еді». Содан кейін Межелайтис сол қиын жылдары жазылған өлеңінің бір шумағын келтіреді:
Жырла, жүрек, армандарды ақтарып,
Бір бітпейтін мазасыздық тап, қане?
Толастасаң айналарсың көк тасқа,
Кез келгенге жататұғын тапталып.
Европаны зеңбірек гүрсілі тітіркентіп жатқан кезде өзінің туған жерінен алыста жүрген нәзік әйел осы өлеңді жазды дегенге еріксіз қайран қаласыз...
Айтпақшы, сол әйелдер туралы. Менің ойымша Балтық бойының әйелдері бір-бірімен өте ұқсас. Латыш әйелдерінің фин әйелдеріне келетін көп қырлылығы бар. Кейбіреуге олар бір-бірлеріне табиғаты келмейтін жан сияқты болып та көрінуі мүмкін. Ол жайды әр адам әр түрлі бағалайды ғой. Мен, мәселен, айырмашылықтарын емес, ұқсастықтарын көрем де тұрам. Тарих дүниені ұзақ уақыттан бері жиі-жиі ұсақ бөлшектерге бөліп келді. Мүмкін біз сол ұсақ бөлшектерді бір дүниеге айналдыруға тым аз күш жұмсайтын шығармыз. Ал адамзаттың басы бірікпейінше олар бір планетада өмір сүре алар ма екен...
Қарағайлар, қайыңдар, міне, олардың арасынан тағы да көгілдір сәуле төгілді, біз тағы да көгілдір жазыққа шықтық. Басында тозығы жеткен шүберек бас киімі, үстінде дәл сондай тозығы жеткен кеудешесі бар кәрі латыш жағажаймен баяу жүріп келеді. Бұл маңда оны білмейтін ешкім жоқ. Жаздың ми айналдырар ыстық күндерінде ол РИГА бұғазына келе қалады. Жиналмалы кішкентай алюминий үстел мен дәл сондай жиналмалы орындықты арқалап, көңілсіз жүріп келеді. Жұлығы шыққан ескі бәтеңкесімен құм кешіп, әлденеге қатты ойланып, ештеңеге көңіл аудармай келеді...
Көп адамдар Ригадағы теңіз жағалауының жаздың ыстық күндеріндегі қадірін білетін шығар. Жұрттың айтуынша ауа райының ашық кезінде дүниеде бұл курортқа тең келер ештеңе жоқ көрінеді, сол айтқандары рас сияқты. Сәл доғаланып иіліп, елу-алпыс километр жерге дейін созылған ыстық құмды жағалау. Бір жағын қылқан жапырақты орман көмкерген, екінші жағында көз жетпес алысқа созылып көгілдір Балтық теңізі толқып жатыр. Халықтан аяқ алып жүре алмайсыз. Балалар, үлкендер, жастар. Әсіресе жастар, әсіресе әйелдер көп. Қаптап жатқан жас денелерге сан жетпейді көздерін қара көзілдірікпен, немесе пластмассадан жасалған күнқағармен, кітаппен көлегейлеп алған. Осындай базарлы сәтте, суға түсушілердің у-шу рақатты шағында анау жұлығы шыққан бәтеңке киген кәрі латыштың жүрісінен күлкілі, ерсі көрініс таба алмағандайсыз.
Рас, оның бұл жүрісіне лайықты баға бермеске де болмайды — айналадағының бәрі оған ешқандай әсер етпейтін сияқты. Сірә, мұндайға оның көзі үйреніп кеткен сияқты. Бір жақта көгілдір теңіз, екінші жақта қыздырынып жатқан сансыз жұрт. Екі жақта да толқын ойнайды, мәңгілік шуыл мен философтар құмарлығы. Ал ол өзімен-өзі боп, көне философтар сияқты терең бір ойға батып, жағалаудағы құмды кешіп келеді. Тек өзіне ғана мөлшерлі жер — Маиори мен Дубулды арасынан өткен соң бағытынан бұрылып, өзінің үйреншікті мекенін тауып алды да жайғаса бастады. Қалтасынан бір буда жұқа жылтыр билет, ұсақ ақша салынған қорапша алды. Сосын пенжегін шешіп, алюмин орындықтың арқалығына іліп қойды да майкішең отырып қыздырына бастады. Мүлдем шешінуге болмайды, өйткені алда атқаратын шаруасы бар. Сөйтіп барлық дайындық әрекеттерін істеп болған соң сол бұрынғысынша отырған күйі қарлыққан кәрі даусымен:
— Домск Соборы! Хор мен орган! Модарттың «Реквиемі», — деп хабарлады.
Күн нұрына балбыраған курорт жұрты жымиысып қойды. Мына кісінің мұнысы ненің желігі! Ол билет сатпақшы боп тұрған концерт тіпті таяу арада емес, екі-үш аптадан соң болады ғой. Әрине, ешкім билет ала қояйын деген жоқ. Бәрі жағажай рақатын қимай жатыр. Ақшаға бола әуре боп, қайдағы бір жатын орындарына барып жүрсе ғой. Бұл арада кім қарыз бере қояды. Сөйткенмен шал кете қойған жоқ. Табандылықпен жүйелі түрде әр бес-алты минут өткен сайын «концертке билет алыңдар» деп дауыстай берді. Ақыры ақша әкелуге жүгірген желөкпелер де табылды. Алюминий үстелдің төңірегіне жұрт жиналып қалды. Олар шалмен әлдене туралы сөйлесіп тұр. Осындай ыстықта билет алып жатқандарды көлденең жұрт нақұрыс санай қойған жоқ. Олай деу ағаттық айтқандық болар еді. Бірақ оларға шет аймақтардан келген түк көрмегендер ретінде қарағандарында дау жоқ еді...
Сөйтіп күндер өте берді. Риганың теңіз жағалауында ауа райы тұрақты емес. Оны жұрттың бәрі біледі. Бірақ сонда да оған жұрт түгел сене бермейді. «Мүмкін біз келгенде құдай жарылқап, ауа райы бұзыла қоймас», — деп ойлайтындар да бар. Өкінішке орай ол үміттері ақталмай қалды. Екі-үш күндік рақат демалыстан соң жаңбыр жауды. Екі-үш күн жауын-шашыннан соң тағы да күн ашылды. Бірақ теңіз жақтан қатты жел соғып тұрды. Әрине, суға түсіп, күнге қыздырынуға болады, бірақ бұрынғыдай рақат қайдан болсын...
Осындай әрі-сәрі күйде жүргенде уақыт өтіп бара жатты, ал демалыс мерзімі бітіп қалды. Үй-жайды, бала-шағаны, қайту қамын ойластыратын уақыт жетті. Туыстарға базарлық алу керек, соны ойлаған әйелдер сувенир іздеп магазиндерге жүгірді. Оның үстіне таңғажайып Риганы тым болмаса бір шолып көріп шығу да керек қой, енді қайтып бұл жаққа жыл түсе ме, жоқ па, кім білсін. Сөйтіп, жұрт Риганы аралап зыр қақты. Мұндайда қайтып бара жатқан курортшыға қажетті нәрсе көп қой. Осы бір ай бойындағы рақат самарқаулықты ширықтырар аздаған тер шығару керек. Ойын-күлкімен өткізген көңіл-күйді сабасына түсірер болымсыз тоқтам қажет. Кейін көпке дейін есте сақтайтын ғаламат бір ұмытылмас оқиға, аз ғана өкініш те керек. Жұрт сондай әрі-сәрі күйде жүргенде осы өлкедегінің бәрінің мысын басқандай боп Домск собордың үшкір мұнарасы бар назарды аударды. Жарнамалар барлық дуалдарда көз тартып тұрды. Европадағы ең үлкен орган, тамаша латыш хоры, ГДР-дан келген белгілі дирижер және кемеңгер Моцарттың ұлы шығармасы. Сосын мыңдаған жұрт әлгі жұлығы шыққан бәтеңке киген шалға жүгірісті. Ал жағажайда ешкім жоқ. Жұрт түсетін су үстінде тек шағалалар ғана қалықтап ұшып жүр.
Демалған курортшылар ниеттерінен қайтпайды. Олар барлық театрлардың кассаларын тінтіп шыққанмен билет таба алған жоқ. Олар таныстары арқылы билет алмақ боп жанталасты, өйткені Ригаға барып тұрып, Домск Соборына кірмей кету деген ақылға сыймайтын нәрсе ғой. Бірақ, сөйтсе де түк өндіре алмады. Ақыры әлгі жағалжайда ақшаға жүгіргендердің үстеріне барларын киіп электр поезына мініп, бақытты кейіппен Домск Соборындағы концертке баратын күні де туды.
Кірпіш қабырғаларының қалыңдығы екі метр, биіктігі жиырма бес метрлік күмбезде хор мен орган даусы әлдебір биіктіктен күмбірлеп естіледі. Терезелері готикалық үлгімен салынған орасан үлкен, оның алуан әйнек шынылары қайталанбас өрнектермен әшекейленген. Жалпы көрінісі сұсты да салтанатты Домск Соборы осындай еді.
Лондондағы қасиетті Павел соборына оны салған сексен жастағы архитекторды жыл сайын әкелетін. Өзінің өтініші бойынша оны туған күнінде әкелген. Бойынан қуаты кеткені сонша түрегеп те тұра алмайтын, мойнын да бұра алмайтын. Сондықтан ол собордың дәл ортасына, бас күмбездің астына орындық қойып беріңдер деп өтінген. «Өйткені, — деп түсіндірген ол, — осы арада отырып теңселе тербетіліп тұрған күмбездің бас айналдырар рақатын жан дүниенмен сезінесің».
Домский соборында да күмбез теңселе тербеліп тұрғандай боп адамды рақатқа бөлейді.
Ғаламат тыныштық, тіпті кешігіп келгендердің аяқ дыбысы таудағы көшкіннің гүріліндей боп, жоғарыдан жаңғырығып естіледі. Болымсыз қағаз сыбдырының өзі дауылды күнгі орман шуылындай, тіпті орындықтың жай ғана сықырлағаны кемелердің соңынан ерген шағалалардың шаңқылдағаны сияқты... Міне, биік балкондарға хор орындаушылар шықты. Олар қол шапалақтаған көрермендерге иіліп тағзым етті. Сосын өздері біреуге қол шапалақтады, дирижер шықты. Ең соңынан балкон қанатының жиегінен құпия органшының басы көрінді. Сосын дирижердің таяқшасы түсірілген кезде ғажайып үйлесімді дыбыстар залдың ішін майда бір әуезді үнге бөледі.
Сосын тыныштық орнай қалды да, сол сәтте Моцарттың реквиемі өз қақпасын ашты. Әлдебір құйын жұртты отырған орындарынан ұшырып әкетіп, ұлы ақиқаттар дүниесіне енгізгендей болды. Еркектер даусы өмір тірегі тәрізді дүниеге өктемдікпен билік жасайды. Жо-жоқ, тура қалыңыз, өмір тірегі еріп, жоқ болып кетті де еңіреген жалғызілікті әйелдің зарлы үні күмбез астын күңірентіп жіберді. Олардың күңіренісі күйініштілігімен дүниені жойып, жоғалып жатқандай, жоқ, әлі күдер үзбей тұра тұрыңыз. Қасірет өз бойынан рух күшіне қайта енерліктей қуат табады. Еркектер даусы көмекке асыға ұмтылып келеді. Олар жасампаздықты жаңғыртып таяп келіп қалды, олар қайғы жасын қуаныш жасына айналдырады. Енді Домск соборының биік күмбезін зар емес, гимн күмбірлетіп жіберді. Амал қанша, өмір өтеді, өмірдегінің бәрі өзгереді, сөйтіп тағы да сол жарықшақтар, тағы да сол күйреген дүние мен жалғызілікті әйелдің зар еңіреген үні...
Енді дәулетті бейтаныс Моцартқа емес, сізге аза тұтқызады. Ал сіз өз еркіңізден тыс өзіңізге беймәлім адамның өмірі мен өлімі туралы жан тітіркентерлік күйік күңіренісін шығарып, дүниені зар еңіретесіз. Сіз суреткерсіз, мүсіншісіз, бірақ мүсін жасайтын саз балшық — ол сіздің өзіңіздің жаныңыз, сіздің өміріңіз, басқа құрал жоқ. Сіз күндіз-түні еңбектенесіз. Сөйтіп жүргенде өз өміріңіз бен өнер заңының мәңгі ажырамас бірлігінде кенет сіз бейтаныс адамның тағдыры туралы дүние жасау арқылы өзіңізді өзіңіз жоқтап жылайтыныңызды, ал өзіңізді өзіңіз жоқтау арқылы бүкіл дүниеге өмір беретініңізді түсіне бастайсыз.
Адамның күші мен ерлігін мақтаныш тұта отырып, сіңірген еңбегі мен қаһармандығына лайықты баға беpiп, оны ең болмаса жылына бір рет көру, мынау күмбірлеген күмбез астындағы оның елеусіз кішкентай бейнесін ең болмаса көз қиығыңмен шалып қалу қандай қасиетті іс. Дәулетті бейтанысқа азалы ән шығарған адам өзінің сол азасы арқылы өзін соңғы сапарға шығарып сала алатынын түсінгені қандай ғажап...
О, артына өшпес із қалдырған он сегізінші ғасырдың шеберлері, неғып сіздер өздеріңіздің әсемдік мазарларыңыздың бар есігін жан адам аша алмастай етіп бітеп тастадыңыздар. Көп ұрпақ айналасында адасып жүрді, енді олар сіздердің өздеріңізді де, өшпес өнерлеріңізді де жатсына бастады. Өйткені бәрі жабық, жұмбақ, қол жетпес дүниедей. Әлде сіздер онда тағы адамдар кіріп, бар асылды күйретеді деп қауіптендіңіздер ме? Әлде сіздер қолда бар дүниеден белгісіз жұмбақ нәрсе әрдайым қасиетті болады деп есептедіңіздер ме? Әлде сіздер барлық дәуірдің кемеңгерлері әрдайым өз туындыларының қадірін біліп, қасиетті етіп жасасын деп өнер даңқы үшін солай істедіңіздер ме?
Әрине, дүниеде құпия жайлар көп, бірақ ол өмірді жұтаңдандырмайды, қайта керісінше, қызықты ете түседі. Мәселен, біз үнемі сырын ұғуға құмартып, қолдан түсірмей оқитын кітаптар болады ғой. Бір кезде біз оларды оқыдық, бірақ тереңіне бойлап ене алмадық. Одан кейін де әлденеше рет оқыдық, сөйтіп ол біздің құмар кітабымыз болып кетті, оның құпиясына қанбайтын болдық, ақыры оның құдіретіне таң-тамаша қалып үнемі жұмбақ сырына үңілу біздің табиғи талғамымыздың баюына әсер етті.
Жұмбақ сырлы адамдар да болады. Бір көргеннен-ақ есінде қалады да өзіңнің еркіңнен тыс көңіліңде жүреді де қояды. Оны бірде кездестіресің, бірде кездестірмейсің. Тіпті онымен танысып, ұзақ жылдар бойы бірге тұрып, дәмдес-тұздас болғанның өзінде де әлгі адамның жан сырын әрең-әрең ұға бастайсың.
Тіпті кейде жұмбақ сырлы жер, құпия өлкелер де болады. Ол жақты сен әбден шарлап, бәрін біліп, бар сырына қаныққан-ақ сияқтысың. Ол өлкенің қай жерінде не өсетіні, егінді қашан егіп, қашан жинайтынын да білесің. Сосын өмірдің басқа ағысына түсіп, басқа жаққа кетесің. Сонда әлгі өлке өзінің саған ашпай қалған құпиясы бардай артыңнан қалмай қояды. Сен соның мен білмеген несі қалып еді деп тағы да ойға батып, сырын ұғуға тырысасың. Сөйтіп, сәті түскен бір күні тағы да жолға шығасың...
Латвияға тағы да сапар шектім, бұл жолы республиканың алыс түкпіріне бет алдым. Күн бұлыңғыр еді, жол онша жақсы емес, автобус бір түрлі селкілдеп қатты зулап келеді, ішек-қарнымызды солқылдатып зықымызды шығарды. Терезеден күз белгісі білінген Балтық бойы сұлу көрінеді. Бәрі көз тартарлықтай көрікті. Жайылым, көлшік, тоғай. Тағы да тоғай. Тағы да жайылым. Тағы да көлшік. Жауынның көп жауғанынан дала шөбі көктемдегідей балауса. Тоғайларда сымбатты тіп-тік шырша бой түзеп тұр, ал көлшіктердің көркіне көз тояр емес. Айналасы тік жарқабақ, суы мөп-мөлдір, сұп-суық.
Егістік жер өте аз. Арпа егілген үш-төрт гектарлық танаптар мен жақсы бапталған картоп егістіктері сирек кездеседі. Оның есесіне жайылымдық жер мол, әр бұрылыс сайын бір табын сиыр кездеседі. Европалық қара ала асыл тұқымды мал. Емін-еркін жайылып жүр. Жүз қаралы сиырдың ішінен жалғыз бір жас бұзау ғана бізге назар аударған сияқты, жерден басын көтеpiп алды да бұлар кім, қайда барады дегендей біздің автобусқа аңырып қарап қалды.
Айналаны жым-жырт көңілсіздік басқан. Алдымыздан да, артымыздан да еш транспорт кездеспейді. Бақташы да, сауыншы да, сүт өткізуші де, қабылдаушы да көрінбейді. Үш сағат бойы жүргенде жайылымдық пен сиырдан өзге ештеңе көргеміз жоқ. Рас, әр бұрылыс сайын дерлік төбешіктердің төменгі жағында ағаштан тұрғызған жаппалар кездесіп отырды. Онда бір немесе екі сүт құтысы тұрады. Таңертең олар сүтке толып тұрады, ал кешкісін машина оны босатып әкеп қояды. Жолдың ұзақтығы, ауа райының бұлыңғырлығы, машинаның шайқалғаны көңіл күйімді бейжай ғып, қай-қайдағыны ойлағандығымнан ба, әйтеуір маған мына сиырлар өздерін өздері бағып, өздерін өздері сауып, өткізілген сүттің есебін өздері жүргізетін сияқты болып көрінді. Бұрын Рига жағалауында болып, Балтық бойының сүтін ішіп көргендіктен әлгіндей жағдай тіпті де көңілге сыймайтындай еді. Москвада қаймақ деп есептелетін дүние Латвияда жай ғана сүт деп аталады және ол бөтелкесі он үш тиыннан кез келген магазинде сатылады. Оның үстіне Латвиядағыдай кішіпейіл сүйкімді сатушы әйелдер сирек кездеседі. Солардың әрқайсысы сауда жүйесіне кездейсоқ тап болған сияқты әсер аласың, әрқайсысын әлдебір кинорежиссерға ұсынғың келеді. Бірақ амал қанша, барлық жердегі сияқты Латвияда да жақсы идея шығарып, соны жеріне дейін жеткізетін кинорежиссер аз.
Кино демекші, біз мініп келе жатқан кішкентай автобус Рига киностудиясынікі еді. Оның шоферы ақсары сұлу жігіт біздің жүйкеміздің мықтылығын сынап-ақ бақты. Машинаның іші селкілдеп кетті. Орындықтың жақтау темірлеріне жармасып ұстап алдық та жағдайымыздың мүшкіл екенін білдірмеуге тырысып бақтық. Қасымдағы төрт әйел — Латыш журналистері өздерінің бар білген орысшасын біріктіріп, ағайынды Клаудзиттер творчествосының Латыш әдебиетіндегі маңызын түсіндірді. Біз сол ағайынды Клаудзиттер музейіне бара жатқандықтан олар айтқан әңгіменің маған пайдасы бар еді. Мен сол ағайынды екі кісінің «Жер өлшеушілер дәуірі» деп аталатын жалғыз романының жарық көруі жайлы әр қилы алып қашпа сөз естідім. Сосын өзімнің жөн білместігіме күйіп-пістім. Тамаша ескерткіштері мол, қисапсыз әдеби және басқа да музейлері бар Риганың қасында тұрып, жалғыз ғана роман жазған ағайындылардың музейін көру үшін жаман жолмен үш жүз километр жерге ішек-қарныңды солқылдатып бару деген ақымақтық емес пе.
Біраз уақыт өткен соң әлгі журналист әйелдер де жалықты. Әдебиетті жайына қалдырды да, «енді әйелдердің оны-мұнысын сөз етеміз» деп маған ескертіп латыш тілінде сөйлесіп кетті. Біздің басқа республикамыздағы сияқты, Латвиядағы село магазиндерінде де қолға түсе бермейтін әдемі дүниелер кездесіп қалады. Сондықтан жұрт арасындағы өсекке құлақ түре жүріп, қандай затты қайдан алуға болатынын білгеннің артықшылығы жоқ. Өзіммен өзім болып қалғаннан кейін терезеден сыртқа үңіліп, көзіме түскеннің бәріне қарап отырдым да, ойға шомдым. Тегінде сапар шегудің мәні де осында болса керек. Осындайдағы адам сезімін Гоголь қалай сипаттағаны есіңізде ме? Өзіңмен өзің болып келе жатып шіркеуді көресің, сонда әлдебір жайды білуге әуестенесің: бұл шіркеудің иесі қандай адам екен, кемпірінің мінез-құлқы қандай, сұлу жас қызы бар ма екен?
Рас, бізге шіркеу кездескен жоқ, бірақ бүкіл жол бойында, әр бұрылыс сайын түсініксіз бір тас құрылыстар көзге шалынып отырды. Жолға қараған маңдай алды, қойманың орны, ат қораның төбесі — осының бәрі «бұрынғы кезде бұл ат шалдырып, тамақ жібітіп, демалып аттануға арналған жер болған екен-ау» деген ойға қалдырады. Қазір дәуір басқа, көлік те басқа. Біз зымыраған автобуспен жүреміз, ал бір кезде тірлік қызып жататын жол бойындағы мейманханалар қараң қалып, төбесіне дейін шөп-шалаң басып кеткен. Осыдан жүз, екі жүз жыл бұрынғыдай біз де сапар шегіп келеміз.
Мен терезенің алдында отырып алып: «Бұрын осы үйлердің иелері қандай болды екен, шаруа жайлары, тұрмыс-күйлері қалай болған, сұлу жас қыздары болды ма екен», — деп ойға шомдым.
Біздің Ригадан шыққанымызға екі сағат өткен соң сапарымыз бірте-бірте мәнді бола бастады. Қалай дегенмен де өмір дегеннің өзі қозғалыс қой. Оның үстіне бүгінгі тірлігіміздің мәні алғаш кездескен жол белгісіне кейін ерекше айқын көрініс бере бастады. Бағытыңның қай жақ екенін ажыратып болмастай, айналаның бәрі бірдей жазық далада келе жатқанда аяқ астынан ағайынды Клаудзиттер музейіне дейін тоғыз километр қалғанын білдіретін белгі тап болды. Бір қарағанда жол белгісінің онша қажеті жоқ та сияқты — жол қиылысы да, шұғыл бұрылыс та жоқ, бірақ әлдекім алыстан шаршап келе жатқанымызды сезгендей көңілімізді сергіткісі кеп, жақын қалғанын хабарлаған сияқты.
Басқаны қайдам, сақтандыруға келгенде латыштар өте ұқыпты. Әлгі бәрімізді бір серпілтіп тастаған алғашқы белгіден кейін олар біздің автобустан көз айырған жоқ. Олар шоферға енді машинаны жын қаққандай айдама, бұрылыстарда абай бол деп кеңес беріп, енді қанша километр қалғанын есептеп берді де отырды. Алғашқы белгіден кейін журналист әйелдер кенет тына қалды. Өңдерінде бір ұстамдылық, керек десеңіз діни адамдарға тән бір түрлі рең пайда болды. Олар кенет Латыш қыздарына айналды, өйткені олар ұлттық киелі орынға таяп қалған еді. Алдағы салтанаттың осындайлық құдіретті сезімі айналадағының бәрінен көрініс тапқандай.
Бір төбенің үстінде бір кезде жақсылап салған жалғыз үй тұр. Тозығы жеткен биік шатырдың астынан үйдің екінші қабатының терезелері сығалайды. Үйдің маңдай алды он тоғызыншы ғасырда салынған құрылыстарға тән қарапайым жасалған — төрт терезе, есігі дәл ортада, есіктің қасында жалғыз ғана сөз жазылған тақта тұр. Көше аты ма, әлде осы үйді салған шебердің фамилиясы ма деп ойлап, жөн сұрап едім, ол осы үйдің аты деп жауап берді. Аты болғаны қалай? Кәдімгі аты. Өйткені, егер осы арада хутор немесе деревня болса, оның аталуы болмас па еді? Бұл жерде хутор болған-болмағанын біз қайдан білеміз? Латвияда орман ішінде тұрған жалғыз үй не бұрынғы, не болашақтағы Хутор. Дұрысында біз көрген ескі хутордан қалған белгі еді. Жалғыз өзі қалған соң бұл үй сол бұрынғы Хутордың атын сақтаған. Ол ат үй аман тұрғанда сақтала бермек. Сол үйдің атын есіме сақтамағаныма қатты өкінемін. Жазып алмай-ақ жай оқып алып, есте тұту керек еді, осы тозып бара жатқан хутор ондай ұқыптылыққа лайық-ақ қой.
Үйдің жанында автомашиналарға арналған асфальт алаң бар. Оған отыз-қырық машина қоюға болады. Бірақ ол жер қазір бос тұр. Сол жерде жолаушыларға арналған орындықтары бар қалқа да тұр. Оның қасында «аптасына бір күн — дүйсенбіде музей жабық болады» деген жазуы бар тақта қадалған. Ал біз барған күн, әрине, дүйсенбі еді.
Жол бойы бір тіл қатпаған біздің шоферымыз ғаламат бір саққұлақтықпен бақтың алыс түкпірінде біреудің шөп шауып жүргенін естіді. Соған біз ептеп қуанып қалдық, өйткені үш жүз шақырым жерден әдейі келгенде музейді көрмей кету өкінішті ғой. Біз соқпақ жолмен шофердың артынан шұбырып бақтың түкпіріне барғанымызда ұзын бойлы арық латышты көрдік. Ол құдды бір бөтен біреудің жерін шауып жатқандай қысылып қалды. Біз ұйлығып тұрып қалдық та теріс бұрылдық, тек шофердың жалғыз өзі ғана әлгі адамның қасына барды. Олар бір-екі ауыз, қысқа ғана тіл қатысты. Сосын шалғышы кетіп қалды, біз жаңа шабылған шөптің үстіне отырып, рақатқа бөлендік. Асығып-аптықпай осылай тып-тыныш отыру үшін тым болмаса бір күн болса да өткен он тоғызыншы ғасырдың адамы болғымыз келді.
Жиырма минуттан кейін велосипедпен экскурсовод келді. Үстіне қара костюм, аппақ көйлек киіп, галстук таққан, тек жұмыс ауыртпалығынан әлі суынып үлгермеген қолы ғана оның жаңағы шалғышы екенін аңғартқандай. Енді оның өзі бізге келіп амандасты да жөнін айтты. Сосын үйге қарай бет алдық. Кіре берісте ол маған бір қарап алды да латыш тілінде әңгімесін бастап кетті. Содан кейін бір сағат бойы тек латыш тілінде сөйлей жүріп, маған қараумен болды. Шамасы маған қызықты бөтен тілдің өрнегін аудармашыдан гөрі өзі түсінгені жақсы деп ойлайтын сияқты. Бір ғажабы, қазір сол музейге барған шағымды еске түсірген кезде оның даусы құлағыма анық естіліп тұрғандай. Сондағы айтылған сөздердің мағынасы әлі күнге дейін маған жұмбақ болса да ол айтқан бірсыпыра сөз тіркестері есімде сияқты. Оларды музейде көргендеріммен толықтырсам шынайы документ болып шығады.
Кіре берісте бізге аяқ киімнің сыртынан киетін жұмсақ мәсілер берді. Өз өмірімде мен тек екі музейде ғана — Ясная Поляна мен Шереметьев сарайында осындай аяқ киімдер киіп көргем. Ясная Полянадағы үйге қалай болса солай кіру — көргенсіздік. Шереметьев сарайының едені айнадай, ал мынау Ригадан үш жүз шақырым жердегі сүт құйған құтыдан өзге түгі жоқ айдалада!..
Адам тұрмайтын үйдің іші суық екен, бірақ ертедегі тәртіп пен жинақылық әлі де сақталған. Бірінші бөлме кәдімгі деревнядағылардікіндей кең, екі пеш салынған, парталар қойылған. Сол ағайынды екеуі, әрине, ғажап адамдар болған.
Өткен ғасырдың аяғында екеуі осы өлкеге келген — біреуі мұғалім болу үшін, екіншісі оған жан-тәнімен көмектесіп, ақыр соңында өзі де мұғалім болуды мұрат етіп келіпті. Үйді өздері салып алған, парталарды ағаштан сүргілеп өздері жасаған, ал көрші бөлмеде төсектер тұр, өйткені ауа райы бұзылып кеткенде шәкірттер осында қонады екен. Олар шәкірттерін өздері асыраған, ал күнкөрістік ештеңелері болмай қалғанда балташы боп, оны-мұны жасап, жәрмеңкеге апарып сатқан.
Олар нағыз халықшыл қасиетті жазушы болыпты. Өз қызметтерінде шәкірттерге әріп танытудан бастап, ұлттық әдеби тілді қалыптастыруға дейінгі ізгіліктің бәрін қатыстыра білген. Олар саяси шайқастарға қатысты. Өздерінің солтүстік аймағына оңтүстіктің алма ағашын әкеп отырғызды. Талмай ізденді, өнер мен өнеге қуып Европа елдерін шарлады. Өздері көрген адал, ізгі адамдарға тән тәлімді жайларды қалтқысыз қабылдап, кәделеріне жаратты. Олар әлемдік мәдениетті жан-тәндерімен сүйді, өздері де мәдени мұра жасауға талпынды. Өздері өнерді әліппеден бастаған. Бұрынғы беделділерге мойын ұсынған жоқ, бәрін де жаңа түйсік дүниесінен өткізуге тырысты. Бұл музейдегі ең есте қаларлық нәрсе — барлық дәуірлер мен халықтардан шыққан аса көрнекті адамдар суреттерінің көрмесі. Ағайынды Клаудзиттер суреттерді журналдардан ойып алып, оларды өздері дұрыс деп тапқан тәртіп бойынша рет-ретімен қойды. Сосын түндер бойы сарылып отырып ағаштан әшекейлеп рама жасады. Екінші қабаттағы өздері жататын бөлменің ұзын қабырғасында төрт жүздей сурет, төрт жүз сарғыш тартқан бейне, бір-біріне ұқсамайтын төрт жүз әдемі рама тұр. Олардың жалғыз ғана ұқсастығы — көлемдері. Тек, дәл ортада, өзгелерден сәл үлкендеу рамада мәңгі ашушаң, күдікшіл Ясная Поляна шалы тесіле қарап тұр.
Төменгі, бірінші қабатта мәрмәр зал бар, оны үй иелері ақ зал деп атаған. Осы үлкен бөлмеде пианино тұр, бөлменің едені паркет. Дұрысында ол паркет те емес. Европаны аралап жүргенде ағайынды жігіттер паркет көрген, бірақ оны қалай жасауды білмеген. Сосын тақтай еденге жұқалап балауыз жаққан да оған өрнек салған. Сол, міне, жарты ғасырдан бері сақталып келеді. Мамандар әлі күнге дейін оның қандай тәсілмен жасалғанын біле алмай келеді. Ағайынды Клаудзиттер бәрін де өз қолымен жасауды мұрат еткен адамдар нәсіліне жатады. Ондай адамдарға сүйсіне таң-тамаша қалам, олардың қайтпас қажыры мен білгірлігіне қызыға табынам.
Үйдің қасында тағы екі бөлек бөлме бар. Оның біреуі — іші сан алуан аспаптарға толы шеберхана да, екіншісі қоймаға ұқсас үйшік. Сол қоймадан үйге қайтып келе жатып соқпақ жолға жете бере бұрылыстан үлкен қызыл мәрмәрді көрдім. Ағайынды кісілер екі километр жердегі жотаға жерленген, ескерткіштері сол арада. Ал мынау соқпақ жолдың қасындағы мәрмәр не болды екен деп ойладым. Менің таңқалысымды байқаған жолбастаушы тоқтады да, мұңды үнмен орыс тілінде сөйледі:
— Бұл ағайындылардың соңғысының жығылған жері.
— Жығылғаны қалай?
— Ол сарайдан ыдысқа салып алма әкеле жатқан. Күздің күні болатын. Алма жиналып жатқан шақ. Алма әкеле жатып дәл осы жерде құлады. Жүрегі нашар еді.
— Осы жерде өлді ме?
— Жоқ, о не дегеніңіз. Ол келесі жылдың көктемінде қайтыс болды, бірақ осы мәрмәр тұрған жерде құлаған.
Кешке таман жаңбыр жауды, сосын ептеп күн жылынайын деді. Біз Цесис арқылы жақсы жолмен қайттық. Машина қанша қатты жүргенмен бұл жолы селкілдеткен жоқ, сондықтан біз үнсіз шаттанып отырдық. Тегінде бізді не толғандырса да адамның негізгі проблемасы, көкейтесті істің ең өзектісі — бұдан әрі қалай өмір сүру мәселесі болса керек. Біз соны ойлап, күндіз-түні шарқ ұрамыз, бүкіл адамзат алдында тұрған орасан зор проблемадан өзіміздің шама-шарқымыз жететінін үзіп аламыз, сосын оны бір ретке келтіреміз. Одан кейін тағы да ізденеміз, тыным таппаймыз. Сондай мазасыз күйге таңертең бұдан бірнеше сағат қана бұрын түсіп едік, енді, міне, тыншығып қалдық. Біз тым құрығанда біраз уақыт болса да, бұдан ары қалай өмір сүру керек екенін білдік.
Ал мен жаңбыр тамшылары сорғалаған терезенің алдында отырып: «Латыш жазушысы болып туу қандай бақыт, өз суреткерлерін шынайы құрмет тұтатын, олардың бар болмысын жете біліп, ескерткіш қоятын және ол ескерткішті алаңдар мен зират бастарында ғана емес, суреткерлердің мерт болуына тағдыр жазған қатерлі жерлерге де қоятын халыққа қызмет ету қандай бақыт», — деп ойладым.
Адамның есте сақтау қабілеті деген өзі бір ғажайып құбылыс қой. Егер бұл дүниеде көңілге қонбайтындай өз-өзінен еркін бірдеңе болатын болса, ол — біздің есте сақтау қабілетіміз. Мыңдаған шақырым жол жүресің, мыңдаған адам есінде қалады. Солардың арасында жақын достарың да болды, ұмытылмас кездесулерді де басыңнан кешірдің, үнсіз ұғысуларың, яғни өмірде бір-ақ рет кездесетін жан толқуы да болды. Енді саған тағы не керек деп ойлайсың, осы байлығыңды есіңнен шығармай қуанып жүре бер дейсің. Бірақ мерзім өткен сайын уақыттың таусылмас толқыны сенің ең қымбат, ең қасиетті жиған-тергендеріңді шая бастайды. Таныс жүздер, есімдер, бұрынғы өмірден алған әсерлерің жоқ боп құрдымға кетеді. Сөйтіп бір күні ойда жоқта ұйқыдан шошынып оянасың. Құдды бір бұрын ештеңе көрмегендей, жадында ештеңе жоқ боп шығады. Тынымсыз көңілге түйгендеріңнен бар қалғаны сол өлкеден көрген дала жолының қайдағы бір бұрылыстары мен жай ғана көз қиығың түскен кәрі әйелдің бет-жүзі, сенің селқос сұрағың мен оған әлгі әйелдің қайтарған жауабы.
Бастапқыда сен: «Уақа емес, уақытша нәрсе ғой, уақыт толқыны көңілдегінің бәрін шайып кеткен жоқ қой», — деп ойлайсың. Арада біраз уақыт өтеді, сонда әлгі дала жолының саз балшықты бұрылысы есіңнен шығуы былай тұрсын, қайта керісінше айқынырақ көрініс береді, кәрі әйелдің пішіні әйтеуір бір қасиетімен өзіңе жақын, етене бола бастайды, ал оның жай әншейін айта салған сөзінде бір мән бар болып шығады.
Жағалауда не бары төрт-ақ үй тұр. Төбесінде қосалқы жылы бөлмесі бар шеткі үй жабық екен. Құм төгілген таза жол, үй айналасында егілген гүл шоқтары бар, босағада күн шуағында мүлгіп тоқ мысық жатыр, адамнан тірі жан жоқ. Жексенбі күн еді. Соны байқап мен: «Мұндай алыс жерде тұратындар жексенбі күні таңертең бір жаққа кетсе жуық арада келе қоймас», — деп ойладым.
Бақтың ішіндегі екінші үйде тіршілік иесі бар сияқты болып көрінді. Оның тең жартысы жөке ағашының астынан көрінбейді. Мен қақпаны ашып, үйдің көзге көрініп тұрған жағын шолып тұрғанымда басқа бір жақтағы табалдырықтан село мұғаліміне ұқсас көзілдірік киген келіншек түсіп келе жатты. Мен езу тартып, жылы шырай білдірдім де, автобус станциясында ойлап алған сұрақтарымды әр қырынан қойдым, Көзілдірікті әйел де жымия күлді де, тәптіштеп түсіндіре бастады. Бірақ ол орысша, мен эстонша білмегендіктен, біздің әңгімеміздің көк тиындық құны болған жоқ. Қоштасарда мен оған бір езу тарттым, ол да жымиып жауап берді. Сонымен екінші үймен де шаруам бітті.
Әлі салынып бітпегендіктен ішінде ешкім тұрмайтын үшінші үйдің ауласында екі жас өспірім әдемі семіз атқа қамыт салып жатыр екен. Сірә, бұл балалық әуестік болар. Қайда туып-өссе де, қандай өмір көрсе де белгілі бір жасқа кегенде балалар ат ерттеуге немесе жегуге құмартады. Ал сол армандарына жеткенде бақыттан естері кетеді. Сол үшінші үйдің қақпасының алдында біраз тұрдым да одан әрі жүріп кеттім, өйткені бұл әлі салынып бітпеген еді.
Соңғы төртінші үй екі қатарлы үлкен екен. Үйдің сыртқы сылағы мен табан ағашы қарая бастағанмен қабырғасы әлі берік көрінді. Ал екінші қабаттағы құйтақандай балконсымақ мүлдем мүжіліп біткен. Шамасы ең бері дегенде он бес жылдай күтім көрмеген болу керек. Үлкен алма бағының күтімі кетіп, иесіз қалуға айналыпты. Жалғыз аяқ жол мен гүл егетін жердің айналасын түгел қурай басып кеткендіктен қайсысының қай жерде екенін білмейсің. Дуалдың сау тамтығы жоқ, құлайын деп тұр.
Бұл үйдің әбден тозығы жеткендігі байқалады. Дәм-тұзы таусылмай көз жұмған адамның тағдырына ұқсас. Үйдің маңында айналсоқтаудың қажеті жоқ екенін түсіндім, бірақ аты-жөні жоқ кете беруге де болмайды. Әдеп сақтап, ең болмаса біраз тұруым керек. Сондықтан жан-жағыма көз жүгіртіп тұрып қалдым, төңіректің әдемілігіне таң-тамаша қалдым.
Бірсыпыра уақыт өтті, ал мен сол әлгі төртінші үйдің жанында айналсоқтап жүрмін. Әлденеден көңілім жабырқау тартты. Ол өлкеге мені әсемдікке, әдемілікке деген құмарлық жетелеп барып еді. Соның алдында Таллинде болғанымда қапырық ыстықтан тынысым тарылып, шыдай алмаған соң соны ашық айтып аңғалдық істегем. Сөйтсем таллиндіктердің өздері де менен кем азап көріп жүрген жоқ екен. Бірақ оларын жұртқа білдіргісі келмейді. Ал енді ақыры ондай әңгіме басталып қойған соң олар қайда барсақ жақсы демалар едік десіп пікірлесе бастаған. Өз өлкесін кім біледі деген сауал менің таныстарымның санасын билеп алған еді.
«Орақ пен балға» апталығының редакциясында сол аптап ыстық жайлы сөз болғанда өте сүйкімді, сөйлесуге іш тартып тұратын аудармашы қыз маған Хяядемээстеге барып демалуға кеңес берді. Оның сөзіне қарағанда бүкіл Эстонияда одан өткен жер жоқ, ал әлгі аталған жердің атын есте сақтау қиын болғандықтан, ол маған әйтеуір бір жеңілдік келтіргісі келіп Хяядемээсте орысша «Келбетті жігіттер» деген сөз деді. Дұрысырақ айтқанда тіпті «Келбетті» емес, «Жақсы жігіттер» деп түзетті ол.
Мен қысқа, дәл тауып қойылған атауларды өте жақсы көрем. Мен үшін әңгіменің атын дәл тауып қою — істің жартысымен тең. Сондықтан әлгі атау маған ұнап кетті. Аң торға өзі кеп түскелі тұр, тек қапы қалмасаң болғаны. Менің санама Рига шығанағының жағасындағы ғажайып поселке ұялай қалды. Дереу сол жаққа қарай жүріп кетпек болдым. Аудармашы қыз тегі мұндай шешімге тез келе қояр деп ойламаса керек, сыпайылықпен сөзін қайтып алуға әрекет жасады: «Әрине, ол жақтың табиғаты тамаша, бірақ тамақ жағы қиындау, автостанцияның қасында жалғыз ғана буфет бар, ал автостанциядан поселкеге дейін екі километр, тіпті үшеу болады. Жақсы үйлер автостанцияның қасында жаңа поселкеде, ал шығанақтың жағасында үй аз, онда көбінесе шатыр тігіп тұрады, ал шатыр деген әуесқойларға ғана қол ғой», — деді.
Бірақ онысына мен енді құлақ қойғам жоқ, Хяядемээсте менің жан дүниемді билеп алды. Аптаптан тынысым тарыла отырып, қайтар жолымда міндетті түрде Хяядемээстеге соға кетуге нық бекіндім. Егер мүмкіндік болса сол арада бір-екі апта дем алып, жұмыс істемек болғам.
Енді міне, келіп тұрмын, өкінішті-ақ, қиял мен шындықтың арасы жер мен көктей деп өзіме-өзім қанша рет тоқтам салдым, сөйткенмен тағы бір аяғым онда, екінші аяғым мұнда болып тұрмын.
Мен өстіп өз-өзімнен пәлсәпа соғып тұрғанда бақшада бір тосын жағдай болып қалды. Әлде ат аяғы оралып қалды ма, немесе соқа бірдеңеге тіреліп жүрмей тұр ма, әйтеуір кенет жұмыс тоқтап қалды да, балалар не істерін білмей жан-жақтарына алақтай бастады: Қанға сіңген шаруажайлығым балаларға көмектесуіме түрткі болды. Қолқабысым біткеннен кейін балалар маған қалай алғыс айтудың жөнін білмей, бір аяқтарынан екінші аяқтарына ауыса берді. Сосын мен оларға өзімнің жай-күйімді түсіндірдім. Менің бақытыма қарай екеуі де орыс тілін жақсы біледі екен. Сөзім бітер-бітпестен екеуі қосарлана әлгі мен кіруге батылым бармаған төртінші үйді көрсетті:
— Анау Густавсонда бөлме көп, ол сізге біреуін береді, — деді.
— Ғафу етіңіз,— деді Густавсон таза орыс тілінде,— аяғым ауырады. Дәрігерлер Ленинградқа жолдама берген, бірақ қорқам. Жарамсыз болса да, өз аяғым ғой, ағаштан гөрі жақсы.
Ол кісіден зерделілік, адамгершілік сезімі анық аңғарылып тұрды. Сонымен қатар ол кісінің табиғатында бейтаныс адамды үйіне кіргізбей тұрып жөн сұраспайтын халыққа біткен тәрбиелілік те бар еді. Ол мені басын бұра белгі беріп үйіне шақырды да, балдағымен кейін бұрылды. Үйдің іші де ауладағыдай бей-берекет екен. Эстондықтардың тазалыққа деген ықтияттылығын білетін мен мына кемпірдің үй ішінің берекесіздігіне қаншалықты қабырғасы қайысатынын сездім. Ол менің ойымды түсінгендей алға түсіп жүрді, сірә өзінің мүгедек екенін көрсін деген ойға келген сияқты. Табаны жансыз, ештеңені сезуден қалғандай, шикі қамыр сияқты еденге шылп-шылп тиіп барады. Тек тізесі, бәлки, тіпті одан да жоғары — белі ғана табан астында жер бар екенін, салмақ теңдігін сезетіндей.
— Бөлме дейсіз бе? — деп қайталап сұрады ол, үлкен ауызғы үйге жайғасқанымызда.
— Менде бөлме көп, төменде төрт бөлме, жоғарыда екі бөлме. Бірақ сіздің жайыңыз болмайды ғой. Мен жалғызілікті ауру адаммын. Үй ішін жинай алмаймын. Ал бөлмелер жаман емес, көруіңізге болады.
Демін алғаннан кейін Густавсон кемпір балдағына сүйеніп орнынан тұрды. Мен үйді аралап көру үшін соңынан ердім. Кейін анықталғанындай әлгінде балалардың кемпірді еркек ретінде атағаны онша қате емес екен. Эстон тілінде еркек пен әйелді сөздің құбыла айтылуына қарап ажыратуға болмайды. Оларда тек бір ғана ол деген бар. Жоғарғы бөлмелерді біз көріп әуре болғанымыз жоқ. Ал төмендегі төрт бөлмені аралауға бірсыпыра уақытымыз кетті. Сырқат кемпірдің бір бөлмеден екінші бөлмеге жетуі керемет ауыр іс болды. Ол өзінің осындай мүшкіл халінен менің назарымды басқа жаққа аудару үшін өзінің бұрынғы тұрғындары жайлы әңгіме айтумен болды. Мұнда ленинградтық профессор, Москвадан келген суретші және таллиндік Тамм дегеннің семьясы тұрған.
— Сіздің масинаңыз бар ма?
– Жоқ.
— Өкінішті. Бұл жерде масинасыз жүру қиын. Жаңағы айтқан кісілердің масинасы болған.
Эстон тілінде «ш» деген әріп жоқ, мен олардың өздеріне тән орысша оралымдарына үйреніңкіреп қалғам. Кемпір өзінің бұрынғы тұрғындарымен қалай ынтымақтасып кеткендігі жайлы айтты. Жыл сайын ол Ленинградтан, Таллин мен Москвадан құттықтаулар алып тұрады екен. Осы бір жер түкпірінде тұратын жалғызілікті ауру кемпірге сол құттықтаулар үлкен демеу, қуаныш болған. Ол менімен бірге дәлізде келе жатып: «Сол құттықтауларды жіберген кісілерде осы жерге биыл тағы кеп демаламыз деген ой болды ма екен, жоқ әлде құттықтаулардан ондай ниет сезілмей ме?» — деп болжам жасады. Ол жаратылысында дос-жарлық көңілге берік адам болса керек, сәл ойланды да, профессордың бөлмесін және де суретшінің бөлмесін, сосын әрине, Таммдардың бөлмесін бере алмаймын дегенді айтты.
Шаң басқан дәліздегі қабырғада скрипка ілулі тұр екен. Мен осы бір оңтүстіктің отты құсының солтүстік өлкеге ұшып келгеніне таң қалдым да оны кім тартқанын сұрадым.
— Күйеуім. Ол менен жас болатын, бұдан бес жыл бұрын қайтыс болды, ал мен жетпіс алтыдамын, әлі тірі жүрмін.
Ол бұл сөзді әдетте осындайда сезілетіндей мұңды үнмен емес, бір түрлі егестікпен, мақтанышпен, масаттану сезімімен айтты. Жетпіс алтысында тірі жүр!
Сол дәлізде қола тұтқалы тағы бір биік есік бар екен. Ол менің назарымды сол есіктен басқа жаққа аударғысы келгендей болды. Сондықтанда мен:
— Ал мына есік ше? — деп сұрадым.
Кемпір осы сұрақты күткен болу керек, көңілі көтеріліп, жайнап сала берді.
— О, онда біздің ең үлкен бөлмеміз бар. Ол — зал.
Ол жақындап келді де қола тұтқаны қолымен сипады, сосын есікті ашпастан бұрын:
— Бұл бөлме... Орысша қалай айтушы еді... Ертең емес, содан кейін, әлгі одан кейінгі күні босайды.
— Бүрсігүні ме?
— О!
— Сіз мұны біреуге беріп қойдыңыз ба?
— Жоқ, мұнда ешкім тұрмайды, бірақ ертең менің туған күнім. Маған Таллиннен қонақ келеді.
Әрі ертерек, әрі бұл жер лайықты орын болмаса да мен оны туған күнімен құттықтадым. Ол қылымсымай құттықтауымды қабыл алды да, ақырын есікті ашты. Бөлме іші өте ұқыптылықпен таза жиналған екен. Кішкене үстелдің үстінде үлкен бір шоқ қалампыр гүлі жайнап тұр. Көне тұғырдың үстінде екі үлкен ақ шырағдан бар екен — мен Эстониядан басқа жерден мұндай шырағданды көрген емеспін. Биіктігі жарты метрге жуық, балауызбен және бояулармен әлдебір құпия бейнелер, өрнектер салынған. Сондықтан да осындай әрбір шырағданды өнер шығармасы деп атауға болады. Біз жайғасып отырдық. Кемпір үстелде жатқан бір қорап сіріңкені қолына алды: Сосын жақсам ба екен, жақпасам ба екен дегендей қинала ұзақ ойланып отырып қалды. Шырағдан білтесіне әлі дақ түспеген жап-жаңа еді. Шамасы оларды ұзақ түндер сарыла отырып, кемпірдің өзі әзірлеген сияқты. Ақыры ол біраз ойланып отырды да, сіріңкені тастай салды. Графиннен екі стакан қызғылт түсті ішімдік құйып алды да:
— Ашуын басатын ештеңе жоқ. Бүгін дайындаймын. Мен өте жақсы тәтті нан пісіре біледі. Ертең келіңіз. Мен сізді сыйлайды, — деді.
Неге екенін білмеймін, мені бір әуестік билеп кетті де:
— Егер құпия болмаса, Таллиннен келетін қонағыңыз кім еді? — деп сұрадым.
Кемпір төмен қарап отырды да, тек ең жақын адамдарына ғана айтатын сырын жасырмай:
— Еркек адам келеді. Жас кезімнен жақын досым. Мен оны көрмегелі бір жыл болды, — деді.
— Ол сонда сіздің туған күніңізге жыл сайын келе ме?
— Таңырқап отырсыз ба?
— Жоқ, шынымды айтсам, қазіргі уақытта...
Кемпір мақтанышты сезіммен басын жоғары көтерді.
— Мен он алты жасқа келгеннен биылға дейін ол тек төрт рет қана менің туған күніме қатыса алған жоқ. Үш ретінде соғыс болды, төртіншісінде ол қамауда отырды. Әділетсіздік. Оны кешікпей босатты.
Мен оның өмірінен әр қилы әңгіме тыңдадым, бірақ үнемі жан-жағыма қарағыштай бердім. Өйткені мына бөлме, яғни кемпір атағандай зал маған бір түрлі ішіне құпия сыр бүккендей болып көрінді. Еден бір жағына қарай ептеп қисайып тұр. Түкпірде әлдебір түсініксіз дүниелер көрінеді — әлде киім салғыш жәшік, әлде сандықтар сияқты бірдеңелер. Бірақ соның екеуіне де ұқсамайды. Олардың екі жағында үйдің төбесіне дейін жететін биік перделер құрылған, олар жоғарғы жағынан керілген сыммен жалғасып тұр. Үй сахнасы емес пе? өзі?
— Сіз театрды ұнатасыз ба?
«Театр» деген сөзді естігенде ол селт ете қалғандай болды, сосын артынша-ақ өңі жайнап сала берді.
— О, мен сахнаны қандай сағынды дейсіз. Он жастан бастап, осыдан бес жыл бұрынға дейін, аяғымның аманында әр кеш сайын сахнаға шығатын едім. Төрт жүз... Орысша қалай деуші еді соны...
— Рөль ме?
— О! Төрт жүз рөль және мен жүз рет режиссер болды.
—Ал, күйеуіңіз ше?
— Күйеуім сахнаға шыққан жоқ.
— Профессионал актрисасыз ба?
— Қалай дедіңіз — професси...ональ? Жоқ, мен далада жұмыс істедім, сиыр бақты, киім тікті. Ал кешкісін біз осы поселкедегі кішкентай клубымызға келетінбіз. Мен рөль ойнап, әр кеш сайын үйге гүл әкелетінмін. О, менің өмірімде гүл сондай көп болды.
— Бәрі өтіп кеткен жай ғой. Өткеннен кейін өкінетін не бар енді. Ештеңеге қайғырғам жоқ. Достарымнан, жерімнен, жастығымнан айрылғаныма уайымдаған емеспін, ал театр еске түскенде түн баласы жылап та алатынмын. Анау жаңа поселкеде үйірме бар, бірақ кәрі актрисаға рөль де, режиссерлік орын да жоқ. Күн сайын жан дүнием сол жаққа тартады да тұрады, бірақ оған барар аяғым жоқ.
Ол кенет сіріңке шақты да екі шырағданның екеуін де жақты, жанған балауыздың иісін ішіне терең тарта жұтты. Оның кәрі, күңгірт көздерінде екі от ұшқындады, сол оттың сәулесі оған әлдебір жеңілдік әкелгендей болды. Ол өзінің бір сәт күйрек күйге түскеніне кешірім сұрағандай езу тартты. Желке шашын жөндеп ретке келтірді де шырағдандарды өшірді. Менің тілімнің ұшында әдептілікке жатпайтын бір сұрақ үйіріліп тұрған. Мүмкін сол сұрақты бермегенім дұрыс болатын ба еді, кім білсін? Бірақ мен де суреткермін ғой, менің де сахнаға құралақан шықпауым керек емес пе?
— Анау, әлгі, Таллиннен келетін жас кезіңізден жақын досыңыз болған адам — ол да сахнаға шығушы ма еді?
— Шығушы ма еді дейсіз! Ол қазір де шығып жүр. Қырық жылдан бері ол ашына кейіпкердің рөлін ойнап келеді. О, оның қандай ашына кейіпкер болғанын білсеңіз ғой. Қазір ол басқа рөльге бейімделді... Ол қазір...
Кемпір пьесаның атын аудара алмады да, сол шығарманың мазмұнын ұзақ баяндады, соған қарап мен ақыры әңгіме Гаупманның «Күн батарда» пьесасы туралы екенін ұқтым.
— Сіз бөлмені поселкеден іздеңіз — онда жайлы орын көп. Егер таба алмасаңыз қайтып келіңіз, мен жатын орын тауып беремін. Профессордың бөлмесіне орналасарсыз, егер ол келіп қалса, оны суретшінің орнына жіберемін. Ал егер суретші де келетін болса, ол Таммның бөлмесіне, Тамм да келсе осы залды беремін.
Біз сыртқа шығатын есікке жеткенше ұзақ жүрдік, кемпір өзінің телевизоры өте жақсы көрсететінін, оны жергілікті бір шебер қайта жөндеп бергенін айтты. Ол соны айтып, ауыз жиғанша қақпа алдына біздің елімізде кең тараған бригадирлер мінетін атақты қос адамдық арба келіп тоқтады. Қайратты жас эстон әйелі орнынан жеңіл секіріп түсті де үлкен кенеп сөмкесін қолына ұстап, аяғын еркектерше салмақтай басып бізге қарай беттеді.
— Тере.
Әлгі әйел кемпірге эстон тілінде бірдеңе деді. Сөйлей тұрып, сөмкесінен нан, май, әлдебір ораулы заттар, қант алып берді, тегі бұл кемпірдің түнде пісірем деген ғаламат тағамына қажетті заттар болса керек. Бригадир сөмкесіндегілерді алып бергеннен кейін ол жан қалтасынан қалың блокнот шығарып, не әкелгенін, ертең тағы не әкелетінін анықтай бастады.
Мен өмірімде колхоз бригадирлерінің талайын көргем. Іскері мен қабілетсізін де, қарапайымы мен даңғойын да, күйгелегі мен ұстамдысын да, арығы мен май қарындысын да кездестіргем. Бірақ өзінің міндетті қызметін атқара жүріп, ауру кәрі адамға оны-мұны сатып әкеп беріп тұратынын көрген емеспін.
Бригадир арбасына барып мінді де, жүріп кетті. Мен кемпірмен қайта-қайта қоштасып, енді кеткелі тұрғанымда кенет есіктің жанында, жерден бір метрдей биіктеу тұста қабырғаға қағылған қадада ілулі тұрған темір шығыршыққа көзім түсті. Мен эстон селоларында есік алдына қағып қойған осындай темір шығыршықтарды талай көргем. Бірақ соның мәнісін сұраудың бір жөні келмей жүрген. Енді міне, орайы келіп тұр.
Кемпір жымиып қойды. Сосын бір балдағына сүйеніп тұрып, екінші қолымен шығыршықты алды да құдды бір жаны бар нәрседей алақанымен аялап сипады.
— Біздің келісті еркектерден қалған жалғыз белгі осы. Хяядемээсте дәстүрі еді.
— Сонда қалай?
— Олар осы шығырға аттарын байлайтын.
Маған мұның әсер еткені сонша, тап қазір, мына кемпірдің жауабын ести салып, кете бергім келмеді, сондықтан қалай да уақытты соза түсу үшін:
— Ал егер сіздің Таллиндегі танысыңыз атқа мініп келсе ол да осыған байлар ма еді? — деп сұрадым.
Ол еш жауап берген жоқ. Бірақ оның әжімді өңі дәл бір шұғылалы сәуле нұрландырғандай жайнап кетті. Ол баяу ғана жұмбақты кейіппен төмен қарады, кірпіктері жабылып, бақытқа бөленгендей болып сәл тұрып қалды.
— Сау-сәлемет болыңыз.
— Сау болыңыз.
Есік алдынан екі соқпақ жол тарайды — біреуі қақпаға қарай, екіншісі күтімі кеткен бақ арқылы теңізге бет алады. Мен теңізге беттедім.