Пандемияның онлайн саудаға әсері
Қазіргі таңда онлайн сауда үлкен сұранысқа ие. Әлемді жаулаған пандемия, карантин талаптары көптеген дүкендердің жабылуына, онлайнға көшуіне тікелей әсер етті. Ғаламтор арқылы сауда жасау елдің экономикасының дамуына да ықпал етуде. Сондай-ақ, цифрлық дамуға да өз үлесін тигізгені сөзсіз.
Сарапшылар онлайн-шопингке қатысты елеулі "өзгерісті" экономикасы дамып келе жатқан елдерде тіркеді. Әсіресе, электронды сауда пандемия кезінде Қытай мен Түркияда өсті. Ал Германия мен Швейцарияда бұл өсім онша байқалмады, өйткені жергілікті халық covid-19-ға дейін де онлайн-шопингті өте белсенді пайдаланды. Сарапшылардың зерттеуі бойынша, пандемия жағдайында онлайн саудаға әйелдер мен жоғары білімі бар адамдар белсенділік танытты. Зерттеу нәтижесінде ғаламтор арқылы сауда жасайтындарың жасы 25 - тен 44 жасқа дейінгі аралық.
Онлайн сауда арқылы ең көп пайда көрген өндірушілер қатарында: электроника, бау-бақша құралдары, үйге арналған құралдар, фармацевтика өнімдері, жиһаз, косметика, білім беру материалдары жатады.
Пандемия және одан кейінгі локдаун көптеген қазақстандық компанияларға онлайн-сатылымдарды қолға алу керек екендігін көрсетті. Шұғыл түрде өзгеріс керек екенін түсінді. Яғни, интернет-дүкендерді іске қосып, жеткізу мүмкіндіктерін қарастырып, онлайнға көше бастады. Бірақ бұл процесс оңай шаруа емес. Себебі тек бизнес тарапынан ғана емес, жалпы қоғам тарапынан да өзгерістер талап етілді. Нақтылап айтқанда, халық та әлеуметтік желілері арқылы тапсырыс беріп, үйден шықпай сауда жасауға бейімделуі керек.
PwC Kazakhstan деректері бойынша 2020 жылдың алғашқы тоғыз айында қазақстандықтар интернетте жалпы сомасы 382 млрд теңгеге сауда жасаған. Ал 2019 жылы сондай уақыт аралығында бұл көрсеткіш 198 млрд теңге болған еді. Сондай – ақ, қаңтардан қыркүйекке дейін сатып алудың жалпы саны 18% - ға, ал орташа чек 63% - ға өсті.
Сарапшылардың пікірінше, бұл көрсеткіштердің өсуіне тікелей карантин әсер етті. Шынында да, 2020 жылдың II тоқсанында онлайн-сатудың жалпы сомасы I тоқсанмен салыстырғанда 32% - ға өсті.
Интернет-дүкендердің өздері де онлайн-сауданың осындай қарқынды түрде өсуіне пандемия түрткі болғанын растайды. Олар бұндай өсуді бірнеше жылға жоспарлаған болатын. Алайда карантиннің арқасында бірнеше айдың ішінде осындай нәтиже жасай алды.
Қазпоштаның мәліметі бойынша, 2020 жылы шетелден Қазақстанға жөнелтілетін тауарлар саны 37% - ға төмендеді. Есесіне, ел ішіндегі тауарларды жөнелту бойынша саны артты.
Сондай-ақ, қазақстандықтар пандемия уақытында интернет арқылы сатып алуға 382 миллиард теңге жұмсады. ҚазАқпарат тілшісінің айтуы бойынша, бұл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көп.
БҰҰ Сауда және онлайн-сауданы дамыту жөніндегі Конференциясының баяндамасында 2020 жылдағы онлайн сауданың қорытындысы бойынша статистика жарияланған еді. 152 елдің ішінен Қазақстан онлайн-сауданы дамыту бойынша 60-шы орынға ие.
Жалпы Қазақстанның онлайн-саудасы тез қарқынмен өсе бастады. Бұны статистикалық зерттеулер дәлелдейді.
Еліміздегі бизнестердің жай-күйі жайындағы статистикалық сауалнамаларға коммерциялық нарықтағы ұйымдар қатысуға келісті. Олардың қатарында Mechta.kz, Kaspi.kz, Леруа Мерлен, Қазпошта және басқа да компаниялар бар. Нарықтағы өзгерістер статистикасы төмендегідей:
● Қазақстанның e-commerce нарығындағы 2020 жылдың тоғыз ай бойынша көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 94% - ға өсті;
● Оқшаулау кезінде интернеттегі сатып алудың орташа чегі 63%-ды, өткен жылы 18%-ды құрады;
● сатылымның өсуі доллармен 42% және теңгемен 47%. Яғни, шамамен бірдей болды;
● орташа чектің өсуі американдық валютада 57%, қазақстандық валютада: 62% құрады.
Бүгінгі күні Қазақстанда екі мыңнан астам интернет-дүкен жұмыс істейді. Алайда, табыс салығын төлеуден босату түріндегі салықтық жеңілдіктерді алу үшін барлығы 601 интернет-дүкен тіркелген. "Қазпошта" АҚ деректері бойынша, биыл бірінші жартыжылдықта электрондық сауда нарығының көлемі 435 млрд.теңгені құрады.
Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуы бойынша, бұл бөлшек сауданың жалпы көлемінің 9,4% - ын құрайды. Жыл соңына дейін 900 млрд теңге болады деп күтілуде. 2022 жылға қарай бұл көрсеткіш бөлшек сауданың жалпы көлемінің шамамен 13% - ын құрап, 1,9 трлн теңгеге жетеді.
Тлектес Айым