Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 күн бұрын)
Білім министрлігі «мұғалімдер айлығы қысқарады» деген қауесетті жоққа шығарды

Әлеуметтік желілерде жаңа жылдан бастап педагогтердің еңбекақысы қысқаратыны туралы жалған ақпарат тарады. Білім және ғылым министрлігі бұл хабарды жоққа шығарды.

«Әлеуметтік желілерде жаңа жылдан бастап педагогтердің еңбекақысы қысқаратыны туралы жалған ақпарат тарады. Хабарламада еңбекақының 25% өскеніне қарамастан, жаңартылған бағдарлама бойынша сабақ бергені үшін 30% тең қосымша төлемдер алынып тасталатыны айтылған. Демек, мұғалімдердің табысы 5% төмендейді. Бұл - жалған ақпарат. Жаңартылған білім беру мазмұны үшін қосымша ақы бұрынғыдай төленеді. Сонымен қатар, келесі жылдың қаңтар айынан бастап Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасы бойынша педагогтардың еңбекақысы тағы 25% көтерілетінін еске саламыз. Айта кетейін, 2020 жылы педагогтардың еңбекақысы 25%, 2021 жылы тағы 25% өсті. Бұдан бөлек, Президенттің қолдауының арқасында, біліктілік санаты үшін қосымша ақы 30-50% дейін ұлғайтылды» деп жазды Facebook парақшасында ведомствоның баспасөз хатшысы Мөлдір Әбдуалиева.

Оның айтуынша, мұғалімдерге дәптер тексеру және сынып жетекшілігі үшін үстемеақыны екі есеге арттырылғанын, сондай-ақ тәлімгерлік үшін қосымша ақы төлеу сынды жаңа санат пайда болған.

«Ел Президентінің тапсырмасы бойынша Білім және ғылым министрлігі педагогтардың еңбегін ынталандыру мақсатында жүйелі жұмыс жүргізуде. Барлық шаралар білім беру ұйымдарын білікті кадрлармен қамтамасыз етуге бағытталған. Педагогикалық бағыттар бойынша оқытудың тартымдылығын арттыру үшін осы мамандықтар бойынша білім алып жүрген студенттердің шәкіртақысы биыл қыркүйек айынан бастап 42 мың теңгеге дейін көтерілді. Желіде тараған қауесеттерге сеңбеңіздер» деп ескертеді министрлік өкілі.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама