
- 25 шіл. 2025 20:22
- 45
Перизат Қайрат пен анасына сот үкімі шықты
Перизат Қайрат 10 жылға сотталды: Қайырымдылық қаржысын жымқыру ісі бойынша үкім шықты,-деп жазады Инфохаб тілшісі.
АСТАНА. 25 шілде. Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық арнаулы соты қоғамда кең резонанс тудырған «Biz Birgemiz Qazaqstan» қайырымдылық қорының бұрынғы жетекшісі Перизат Қайрат пен оның анасы Ғайни Алашбаеваға қатысты үкім шығарды.
Перизат Қайрат 10 жылға, ал оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, екеуі 50 жәбірленушіге жалпы 1,5 млрд теңге өтемақы төлеуге міндеттелді.
Сот оларды қайырымдылыққа деп жиналған 3,5 миллиард теңгеден астам қаржыны жымқырды деп таныды. Бұл – ел тарихындағы ең ауқымды қайырымдылық қаржысын теріс мақсатта пайдалану фактілерінің бірі.
Қылмыстық схема қалай жұмыс істеді?
2024 жылдың көктемінде ел аумағында болған тасқыннан кейін Перизат Қайрат бастаған ұйым гуманитарлық көмек жинап, халықтың сеніміне ие болған еді. Бірақ қараша айында Перизат Қайрат қамауға алынып, оған тасқыннан зардап шеккендерге арналған 1,5 млрд теңгені жымқырды деген алғашқы айып тағылды.
Тергеу барысында белгілі болғандай, ол ақшаға Астанадағы элиталық тұрғын үй кешендерінен бірнеше пәтер, қымбат көліктер – Mercedes-Benz S450, Lexus LX-600, Haval H6 GT және Mercedes-EQE 500 4Matic, сондай-ақ сән-салтанатты бұйымдар сатып алынған.
Кейіннен Қайратқа Палестина халқына көмекке деп жиналған 200 миллион теңгені жымқырды деген қосымша айып тағылды. Бұл қаржының бір бөлігі "Rebel Flowers" атты гүл дүкенін сатып алу арқылы заңдастырылғаны анықталды.
Прокурордың сөзінше, айыпталушылар жымқырған ақшаның бір бөлігін үшінші тұлғаларға, туыстарына рәсімдеп, заңдастыру әрекетін де жасаған.
Сот процесі 2025 жылдың 9 шілдесінде басталып, бірнеше аптаға созылды. Айыпкерлер – 34 жастағы Перизат Қайрат пен 62 жастағы анасы өздеріне тағылған айыптарды толықтай мойындаған жоқ.
Перизат Қайрат сотта сөйлеген сөзінде:
"Бұл келтіргендері негізсіз деп есептеймін. Тергеушілердің қиялы үшін мен жауапты емеспін. Болашақта нақты дәлелдермен өзімді қорғаймын," – деді.
Оның адвокаттары істің көптеген тұстарын ашық қарауға қарсы болып, айыпталушылардың сотта жауап берген бөлігі жабық түрде тыңдалды. Судья Сабыржан Кәрімов бұл шешімді жеке тұлғалардың жеке мәліметтері қаралып жатқанымен түсіндірді.
Сондай-ақ үкім жарияланған күні де журналистер сот залына кіргізілмей, бөлек бөлмедегі монитордан бақылауға мәжбүр болды. Ал соңғы сөздерін айтуға арналған отырысқа БАҚ өкілдері мүлде қатыстырылған жоқ.
Қамаудағы қысым туралы шағым және тексеру
Сотқа дейінгі тергеу кезінде Перизат Қайрат өзін тергеу изоляторында қысым көрді деп мәлімдеген. Оның айтуынша, мекеме қызметкері камераның есігін күштеп жауып, оны есікке қысып, жарақат салған.
Бұл шағым прокуратураға жолданып, Астана қаласы полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізді. Дегенмен бейнебақылау жазбаларын қарап, куәгерлерден жауап алған тергеушілер Қайраттың мәлімдемесі расталмағанын мәлімдеді.
Перизат Қайратқа қатысты тергеу мен сот процесі қоғамда үлкен резонанс тудырды. Қайырымдылық атауын жамылып, алаяқтық жасау — жұртшылықтың сеніміне зор соққы болды. Осы оқиға аясында Қазақстан билігі "Қайырымдылық қызмет туралы" заңға өзгерістер енгізуді ұсынды.
Ұсынылып отырған түзетулерге:
- Қайырымдылық қорларын аккредитациядан өткізу;
- Төтенше жағдай кезінде тек әкімдік белгілеген ұйымдарға ғана қаражат жинауға рұқсат беру;
- Рұқсатсыз қаражат жинаған жеке тұлғаларға айыппұл салу сынды нормалар кіреді.
Перизат Қайрат ісі — тек сот процесі ғана емес, мемлекеттік сенім мен қайырымдылық жүйесінің болашағына қатысты маңызды мәселе. Бұл үкіммен бірге билікке де, қоғамға да үлкен сабақ берілді: қайырымдылық желеуімен жүргізілетін кез келген әрекет енді қатаң бақылауға алынбақ.