Қазақ ырымдарындағы отбасылық құндылықтар мен табиғатты аялау дәстүрі
Қазақ халқының бүгінгі салт-дәстүрлері, ырымдары мен мәдениеті көшпелі ата-бабамыз өмір сүрген жылдардан бастап қалыптаса бастаған. Осындай наным-сенімдер мен ырымдар, ең алдымен, Көкке, Бөріге, Жерге табыну, Құрбандық шалудан пайда болды деп ойлаймын. Адам баласы шыр етіп дүниеге келген сәттен бастап жер қойнына тапсырылғанға дейін белгілі бір ұстанымдармен өмір сүреді. Солардың бірі де, бірегейі ата ырым-тыйымдар. Адамзат баласы жасаған мәдениет екі түрге бөлінеді. Біріншісі – рухани мәдениет, екіншісі – материалдық мәдениет. Рухани мәдениетке музыка, әдебиет, сәулет өнері, сурет өнері, кескін өнері жатса, адам баласының шаруашылыққа байланысты күн көрісінен туған дүниелері материалдық мәдениетті құрайды. Мәдениет тарихында күні кешеге дейін еуропалықтар Батыс дүниесінің ғана мәдениетін мойындап келді. Оларда мәдениет жасаушы тек еуропалықтар делінген кеудемсоқтық теория белең алды. Бірақ Шығыс өркениетін жасаған мәдени мұралардың ғажайып үлгілері оларды өздерінің менменсіген қисындарынан бас тартуға мәжбүр етті. . Ең алдымен, көшпелілер мәдениетіне тоқталып өтейін.
"Мәдениет" деген ұғымның аясы өте кең. Сондықтан да болар, "мәдениет" ұғымының сан алуан анықтамасы бар. Жалпы, адам ой-санасы мен әрекетінің нәтижесінде туындаған құндылықтарды біз мәдениет дейміз. Жоғарыда атап өткендей мәдениетті шартты түрде материалдық және рухани деп екіге бөледі. Рухани және материалдық мәдениет үлгілерінің арасында тұйық шек жоқ. Кейде материалдық мәдениет үлгілері руханияттың үлгісі болып табылады. . Көшпелілердің рухани және материалдық мәдениетінің өз даму ерекшеліктері бар. Ол көшпелілердің тіршілік қарекетінің, тұрмысының ерекшеліктерінен туындайды. Кейбір батыстық зерттеушілер: "Көшпелілер өз бетінше мәдени құндылықтар жасауға қабілетсіз, олар тек басып алған отырықшы халықтардың мәдениетін қабылдайды. Ал отырықшы халықтардың мәдениеті оларға өгей мәдениет болып қала береді", – дейді. Бұл – мүлде қате пікір деп ойлаймын. Себебі, көшпелілер өз тұрмыс-қарекетіне лайықты мәдениет қалыптастырға білген. Көшпелілердің материалдық мәдениеті көші-қонға ыңғайланып жасалған. Мұндай таза көшпелі мәдениет үлгілеріне біз жиналмалы, жығып-тігуі өте жеңіл киіз үйді, ер-тұрман, ат әбзелдерін, теріден, ағаштан жасалған ыдыс-аяқтарын, бесігін, басқа да тұрмыстық заттарын жатқызамыз. Киіз үй тек баспана емес. Ол халықтың өмірлік салт -дәстүрінің таңбасы қызметін атқарады. Шексіз даланы көк теңізге теңейтін пікірдің жаны бар: көкжиекте, көк аспанның астындағы шексіздікте ақшағала дөңгелек киіз үйлер аралдар тәрізді, олардың арасын дала кемелері — түйелер мен ұшқыр қайық — аттар қосып тұр. Қатал үскірік аяздан, шілденің аптап ыстығынан қорғайтын, тез жинап, тұрғыза қоятын баспанаға киіз үй өте сай келеді. Дөңгеленген сыртқы пішіні қатты желге орнықты болса, туырлықтар жауыннан кейін тез кебеді. Шаңырақ —шеңбер тәрізді шабағынан және күлдіреуіштен тұрады. Оның төбесін түндіктің жартылай ашық тұруы, бір жағынан, тұрмыс қажеттерінен туса (жарық түсетін терезе, түтін шығатын мұржа, таза ауа), екінші жағынан, шаңырақ шексіз аспанның белгісі, мәңгілікке апаратын жол іспеттес. Егер киіз үйге жоғарыдан төмен қарасақ, онда шаңырақ күнге, ал уық, керегелері оның сәулелеріне ұқсас. Халық санасындағы фәни өмірден нұр жауып тұрған аспанға ұмтылу идеясы киіз үй құрылысынан өз көрінісін табады. Тұрғын үй адамның өмір салтымен, оның дүниетанымымен, әлемдегі алатын орнымен тікелей қатысты. Мысалы, орманды мекен ететіндер ағаштардың арасынан аспанды төртбұрышты бітімінде көреді, олардың үйлері де төрт қабырғалы, Кавказдың биік тауларындағы үй көшпелі шаруашылық типінде де әрекет етеді. Жазық дала тек көкжиекпен шеңбер тәрізді шектелген. Сондықтан көшпелілердің тұрағы да дөңгелек. Орталық Азиядағы күмбездік архитектураның бір бастауы — көшпелілердің киіз үйі. Бұл тағы да оазистік және көшпелі шаруашылық-мәдени типтердің түрік өркениетіндегі синхроңдығын көрсетеді. Натуралдық шаруашылық жағдайында қазақ халқы қолөнер шеберлерін жоғары бағалаған. «Ағаштан түйін түйген», «Он саусағынан өнер тамған» сияқты шебер ұсталар, тоқымашылар т.б. іскер адамдар халықтың материалдық мәдениетінің тамаша үлгілерін жасаған. Халық өнері әсіресе киіз үй жиһаздары мен ұлттық киімнен айқын көрініс тапты. Қазақ жерінде XIX ғасырда айдауда болған поляк Бронислав Залесский былай суреттейді: «Бұл бір ғажайып көрініс: олар көш кезінде, мерекедегідей жасана киінеді, ең әдемі киімдерді, әсіресе байлардың алтын зер төгіп тіккен шапандарын осы кезде көруге болады. Ауыл ақсақалы көш бастаса, ер-тоқымына қызыл шұғамен тысталған көпшік немесе кілемше жапқан атқа мінген зайыбы оның соңынан ереді... Атты, атқа салт мініп жүруді жақсы көретін бұл халық ең алдымен көлігінің әбзеліне көбірек көңіл бөледі. Ертұрман олар үшін барлықтың, байлықтың белгісіндей болып безендірілуге тиіс. Ердің алдыңғы қасын көбіне күміс қаптатып өрнектейді, тіпті қолы жеткендерінің асыл тас орнататындары да болады. Жүген, өмілдірік, құйысқан — бәрі де шебер өріліп, Шығыс үлгісіндегі өрнектермен безендіріледі». Көшпелілердің рухани мәдениеті тіптен бай. Мал шаруашылығы — егіншілікке карағанда бұқара халықтың барлығы қамтылмайтын, қамтығанның өзінде көшпелі қауымның бос уақыты көбірек болатын шаруашылық түрі. Сонымен қатар көшпелілер отырықшыларға қарағанда табиғатқа жақынырақ, онымен етене өмір сүрген. Көшпелілерде табиғатқа негізделген дүниетаным, ақынжандылық, қиялшылдық, түптеп келгенде, шығармашылықпен ойлау жүйесі қатты дамыды.
Қазақ ырымдарының халық арасында, тұрмыста, отбасында және әлеуметтік ортада алатын орны ерекше. Ырым халықпен бірге көп жылдардан бері жасап келе жатқан әдет-ғұрып болып есептеледі. Қазақ халқы ырымдарды ұстану арқылы - пәле-жаладан, түрлі қатерлердің алдын алып отырғандығына біраз дәлелдер бер. Қалай айтсақ та, ырымдар біздің әдет-ғұрпымыздың бір бөлігі. Оларды елемей немесе бөліп-жара алмаймыз. Ырымдардың мағынасына тереңірек үңіліп қарасақ, бәрінің астарында үлкен тәрбие мен мән жатыр. Қазақтың ырымдары барлық тақырыптарды қамтыған. Солардың ішінде отбасылық құндылықтарға жете мән берген. Отбасы ол - ошақ қасы, бір кішкентай мемлекет және бала тәрбиесінің дінгегі десем қате болмас. Қазақ халқы есте жоқ ықылым заманнан отбасы, бала, отан тәрбиесіне ден қойған, "Отбасы оңалмай отан оңалмайды", "Бала бақытты болмай ата-ана бақытты болмайды" деп қараған. Баласы мықты болса, болашағы жарқын болады деген. Отбасы - адамзат бесігін тербеткен ұя болса, «Баланың бас ұстазы - ата - анасы». Бұлар балаға отбасылық өмірдің қыры мен сырын, тылсым дүниенің жұмбақтарын танытып, жағымды қасиеттерге баулиды. Себебі, отбасы - таным бесігі, отбасы - үлгі - өнеге бастауы. Ата - ананың үйдегі қарым - қатынасы, киім киісі, мінез - құлқы бәрі - бәрі балаға үлгі. Өйткені, «Қарағайға қарап тал өседі, жанұяға қарап бала өседі», «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Бала отбасында «Әкеден – ақыл, анадан - мейір алады». «Әке - асқар тау болса, ана - бауырындағы бұлақ, ал бала - жағасындағы құрақ». Осы бір үш сөз әке, ана, бала - отбасы ошағының үш тағаны іспеттес. Бала тәрбиесі - бесіктен. Ертеде бір кісі балалы болып, баласы 6 айға толғанда бір данышпаннан баласын тәрбиелеуді қашан, қалай бастайтынын сұрапты. Сонда әлгі данышпан «Егер балаң 6 айлық болса, онда сен тәрбиені бастауға 6 ай кешігіпсің» деген екен. . Дана қазақ бесікті киелі санап , “бос бесікті тербетуге болмайды” деген. Себебі, бос бесікке ібіліс баласын жатқызады немесе жылан салып қояды, сондықтан бос бесікті тербетуге болмайды, оның бетін әрдайым жауып жүру керек дейді. "Тал бесіктен жер бесікке" деген сөз бар. Халқымызда бос бесікті тербетпейді, бейуақытта оны далаға қоймайды, бесікті арша, адыраспанмен аластағаннан кейін ғана баланы салады. Мұның мәні: жын-жыбыр, көрінбейтін қара күштер жоламасын деп ырымдайды.
Қазақтың атақты ғалымы Ш.Уалиханов: "Ырым - әдеп ғұрыптың бір түрі"- дейді. Яғни, халқымыздың салт-санасы, ырым-тыйымы оның рухани құндылығы болып табылады. Мысалы, отбасында қыз баланы ерекше құрметтейді. "Қыз бала - қонақ" - деп төрден орын ұсынады. Қыз баласында қырық бақ пен қырық сайтан болады. Төрге отырса құты, босағада отырса сайтаны қалады деп тұжырымдайды. Отбасының әр мүшесі міндетті түрде жеңі бар киімді толық киюге міндетті. Себебі толық емес жеңді әруақтар киеді, ал бұл жаман ырым болып саналады. Некеге байланысты да ырымдар көптеп кездеседі. Алғашқы некеден қалған бұйымдар мен киімдер, қыздың жүгінен қалған дүниелер жалпы бұрынғы некеге қатысы бар заттарға тиісуге болмайды. Себебі, тату неке бұзылады немесе кісі өлімі болады деп ырымдалады. Мұндай жағдайда махаббат жойылып, адамдар жауласып, соңы үлкен дауға айналады. Сол сияқты некелі төсекке жат адамның жатуына тыйым салынады. Бұл дегеніміз- ерлі - зайыптының көңілі суып, ажырасу қайпі бар деген мағынада. Некеден туған сәбилер таңдай қақса жаманшылық болады. Қазақ ырымдарының, наным-сенімдерінің түп-төркіні тым әріде жатқанына ұлы Шоқан осылайша назар аудартады. Ол өзінің «Тәңірі (Кұдай)» деп аталатын мақаласында да қазақтың ырым-кәделерінің отқа табынған; табиғат пен жаратылыстың барлық тосын қүбылыстарын қасиетті деп санаған, ислам дінімен араласқан тәңірі дінінде жатқанын жақсы аңғартқан. «Ырым, — дейді Шоқан, — әдет-ғұрыптың бір түрі. Шаман «дінінде осы әдетті сактау шамандықтың бетін қайтарады. Ал ырымды бұзу адамга қайғы-қасірет әкеледі. Бір сөзбен айтқанда, европалықтар осындай ырымды діндарлық, соқыр наным дейді, ал осы салт-сана шамандық сенімдегі дәстүрлі әдет-ғұрыптың құрамдас бөлігі. Ырым Халықпен бірге көптеп жасап келе жатқан әдет-ғұрып болып саналады, ал аян, лепес, жақсылық нышаны ретінде де жасалады. Бүгінгі күнге қазақ ырымдарының ғасырлар көшінде әбден сана сүзгісінен өтіп, ешқандай күмән туғызбайтын, наным-сенімге әбден берік ұялаған түрлері ғана жеткенге ұқсайды. Бірақ ғылыми бағасын алып, толық елеп-екшеуден өткізілмегендіктен де бір ізге жүйеге түсірілген жоқ. «Малым — жанымның садағасы, жаным: — арымның садағасы» деп ғұмыр кешкен ата-бабамыздың тіршілікте ұстанған позициясы, көзқарасы арман-аңсары да осы ырымдарында терең жасырынып жатқан тәрізді. Бұған жан-жақты ғылыми талдаулар жасалатынына үміт артамыз.
Көшпелілер табиғатқа жақын болған деп тілге тиек етіп кеткендей, бізде өз кезегімізде табиғатты аялап, қорғауға міндеттіміз. Табиғат - бізді қоршаған үлкен үйіміз іспеттес. Адамдардың осы өмірдегі басты міндеттерінің бірі - табиғатқа зиянын тигізбеу, оны көркейтіп, аялау. Себебі, бізді өз нәрімен қажеттендіріп отыр, табиғатсыз адам күн көре алмайды. Енді, біз өз кезегімізде табиғатты дәстүрін берік ұстануымыз керек. Табиғат аялау дәстүрі дегеніміз - табиғат ресурстарын пайдалану барысында оның тиімді жолдарын іздеу, қайта түлету және ластану, бүліну жолдарының алдын алу. Табиғатты қорғауда ауқымды іс-шаралар мен қозғалыстарды жүзеге асыру керек. Менің ойымша, табиғатты аялауды мектеп кезінен, кішкентайынан бастап үйрету керек. Ұрпақ тәрбиесіне жауапты - отбасы мен ұстаздар. Сол себепті, ата-ана баласына табиғатты қорғау жолдарын, оның маңызын түсіндіру керек. Ал, мектепте табиғатты аялауға байланысты жеке сабақтар мен тренингтер жүргізіліп, ұстаздар оқушыларға осы жөнінде кәсіби тұрғыда жеткізсе табиғатты аялау дәстүрі қарқынды дами түсетін еді. Қазіргі болып жатқан экологиялық мәселелердің шешімі - жалпы адамзаттың экологиялық мәдениетін қалыптастыру деп ойлаймын. Экологиялық мәдениет дегеніміз - табиғатты қорғауға қатысты мәдениет. Бұл мәдениеттің түрі әрбір саналы ұрпақтың бойында болуға тиіс. Сонда адамзаттың дені сау, табиғаты таза болады. Адам өмірі табиғат аясында өтетіндіктен, ол табиғаттың тылсым тынысын, ішкі сырын білуді ғасырлар бойы арман еткен. Тіпті айналадағы ортаның , табиғаттың сұлу да әсем көріністері жас нәрестені де қызықтыратыны , таңдантыратыны бекер ме? Баланың мұндай қызығушылығын байқап , жеткіншектің тұған табиғат әлемінің саналуан сырларын ұғынуына, тереңдеп түсүіне ерте заманның өзінде-ақ ұлағатты тәлімгерлер зер сала көңіл бөлген. Біздің ата - бабаларымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен табиғат тылсыман бақылай отырып, оларды өз өмірлерімен байланыстырып отырды. Олар уақытты айқындап, әр күннің, әр жылдың ерекшеліктерін терең білді. Жан - жануарлардың іс - әрекеттеріне, айға, жұлдыздарға қарап ауа райын болжады. Осылай көптеген ырымдар пайда болды. Отты су құйып өшірмейді, өйткені оны қайта тұтату қиын болады. Түнде үйден күл шығармайды. Себебі күл төгілген жерді басуға тура келеді. Отты шашуға, аттауға және басуға болмайды. Отты шашса, аттаса немесе басса, отбасының берекесі кетеді. Отқа түкірмейді. Жұлдызды қолмен көрсетсе, қолға сүйел шығады деген ырым бар. Күл төгілген жерді басуға болмайды. Барлық жаманшылық күлмен кетеді, оны басу сол жаманшылықты үйіңе әкелгенмен бірдей. Күннің күркірегенін алғаш естіген адам бір темірді алып, ауырған жеріне тигізсе, ауру жазылады немесе арқасын қабырғаға үйкесе, ауру-сырқау жоламайды. Міне табиғаттың кішкене бөлгіндегі ырымдардан біздің ата-бабамыз қандай мағыналы ой түйген десеңізші? Әр іске береке, әр күнге мереке болсын деп, ізгі ниетпен жасалған қарекеттің бір мәнісі болатынына осындай бабалардан қалған асыл мұралар арқылы білуге болады. Қазақ халқы шешендік сөз, қолөнер және салт - дәстұрге өте бай халық. Ырым- тыйымдар осылардың бір кішкентай бөлшегі. Көркем сөздің құдретті күшімен болашақ ұрпаққа тәрбие жолында бағыт-бағдар берген. Ол - бізге үлгі - өнеге, оны сақтау, дәріптеу -міндет. Қазақ халқы ежелден-ақ табиғатты аялай білген. Көшпелі өмір салтын ұстанған ата-бабамыз табиғатпен біте қайнасып, табиғат сырын терең ұғынған. Табиғатты бүлдірмеген, қайта оны қолынан келгенше сақтап, аялауға тырысқан. Қазіргі және келешек ұрпақ, бізде ата-бабаларымыз секілді табиғатымызды аялау дәстүрін жалғастырып, оны әрі қарай дамытуға тиіспіз.
Талбесіктен бастау алған мәдениетіміз бен тәрбиеміз бізбен бірге жербесікке дейін барады.
Бір-бірімізді қадірлейік. Тал бесіктен жер бесікке дейін...