Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Рухани өзек үзілмесе...

Шерханға хат

Шерхан, хатыңа жауапты кешіктіруіме бір институттың қабылдау емтиханына қатысуым себеп болды. Сонда өзі кино мен телевизия мамандығына түскісі келетін бір баладан:

Саған қазақ теле арналарының қандай бағдарламалары ұнайды деп сұрағанымда: «Мен ештеңе айта алмаймын, бір жыл болды,ауылымызда жарық жоқ, теледидар көрмейміз», — деді.

Қандай жаңа фильмдерді көрдің? — деген сұраққа: «Бізде кино көрсетілмегелі үш жыл болды, кинотеатр сатылып кеткен, жаңа иесі қоймаға айналдырды», — деді.

— Ең соңғы оқыған кітабың қандай? — деген сұраққа: «Бізде көп болды кітап сатылмайды, жалғыз дүкен жоғалған, кітапхана жабылған», — деп жауап қатты.

— Газет-журналдардан қандай мазмұнды мақалалар есіңде қалды? — дегенде: «Біздің ауылға жылдан асты газет-журнал келмейді, оларды көрмейміз, білмейміз», — дегенді тағы айтты.

Енді еш саңылау қалмағасын: «Ең болмаса радио бар шығар?» — деп едім, «Оныңда үні өшкелі біраз болды», — деген жауап естідім. Міне, Шерхан, ауылдың рухани жағдайы осылай. Ұлттық мемлекет болып, ұлттық рухани-мәдени байлыққа кенелеміз деген кезде бәрінен айырылып, жұтап жатырмыз. «Неге кітап оқымайсың, неге фильм көрмейсің?» — деп бұл баланы кінәлауға ешқандай қақымыз жоқ. Олар оған кінәлі емес...

Сен, Шерхан, мені «Интернет» (әлемдік біртұтас ақпарат жүйесі), «Интелсат» (жер бетін түгел қамтитын телевизиялық спутник) деген қайдағы жоқты жазасың деп жазғырасың. Олар туралы қазақ басылымында алғаш рет айтылып отырғаны осы болар. Біз жазайық-жазбайық, мақтайық-мақтамайық, олар бізсіз де күн көреді, бірақ біз ендігі жерде оларсыз күн көре алмайтын боламыз. Әрине, сенің айтқалы отырғаның — олар қажетсіз деген сөз емес. Ана ауылдағы оқудың халі мынадай нашар боп тұрғанда, аспандағы Айға ұмтылып неміз бар дегенің ғой. Расында, соңғы бір деректерге қарағанда мұндайда нақты дерексіз болмайды бізде 6-дан 16-ға дейінгі балалардың 20 пайызы, яғни бестен бірі мектепке бармайды, оқымайды екен. Демек, 250-300 мыңға жуық қазақ баласы мектептен сырт қалып отыр. Осындай күйге қарамастан біздің үкімет қазір мектептерге компьютер орнатамыз, компьютермен оқытамыз деп жатыр. Оның да орны бар шығар. Шетелдерде компьютер білмеген балалар сауатсыз болып танылады. Ол — ол ма, атақты фантаст жазушы Артур Кларк болашақ бір көріністен елес береді. Ол кезде адам қазіргідей жылдар бойы сарылып-сарғайып оқымайды. Басына бір ерекше қасқа-шлем кигізіп, соған бар қажет білім жазылған аудио-кассетаны қосса, адам бірнеше минут ішінде бес жыл жинайтын білімін бірден «қотарып», «миына жазып» алады екен... Ертегі!..

Менің, өткен хатымда уран туралы жазғаныма бір адамдар қарсылық айтты. Уранды қозғамау керек, әлемдік қордың төрттен бірі бізде болса, мақтанатын ештеңе жоқ, сол қалпында жата берсін дейді. Мәселе миллиард долларда емес (сол руданы байытып сатса, одан да көп қаржы табуға болады, оның тиімді, арзан отын екенінде. Енді бір 20 — 30 жылда көмір мен мұнайды одан қалатын мазутты отқа жағуға таза тыйым салынады. Олардың шипы да көп, қоры да шектеулі. Қазірдің өзінде Жапония бар қуаттың 80 пайызын, Франция 70 пайызын АЭС-тен алады. Бізде де Балқаш көлінің батыс жағалауына атом электр стансасы салынады. Ол Алматы үшін қажет.

Талай жыл таласқан Тіл туралы заң жақында қабылданды. Есіңде ғой, Шер хан, осыдан сегіз жыл бұрын екеуміз республиканың халық депутаттары болып жүргенде Жоғарғы Кеңес тіл туралы заң қабылдап, біраз қиғылықтардан кейін қазақ тіліне мемлекеттік мәртебе берілген еді ғой. Содан бері қанша кеңірдек жыртып, қалам тоздырдық. Бүгінгі нәтиже қандай? Бізде даңғаза айғай-шу көп те, нақтылы іс жоқ. Бүгінде Алматыда мемлекет қаржысымен бар болғаны қазақша жеті газет, алты журнал ғана шығады. Олардың бар таралымы кешегі кездегі бір газеттің, я болмаса бір журналдың таралымына да жетпейді.

Орыс басылымдарынан қазақшаларының саны екі-үш есе аз, телевизия компаниялары уақытының 20 пайызын ғана қазақша хабарға береді. Сатылатын кітаптардың 5-7 пайызы ғана қазақ тілінде.

Бюджеттен қайыр болмаған соң, өзіміз көп айта беретін дамыған елдердегі секілді демеушілер мен меценаттарға үміт артамыз. Олардың ұлт мәдениетіне мойын бұрып, қол ұшын созар шамасы тағы жоқ. Біріншіден, осы қазір бизнесмен аталып, «мерседеске» мініп шауып жүрген, қаланы қоршап үй-сарайлар салып жатқан еркетотайлардың қолына ол байлық қарғаның аузынан түскен ірімшік секілді, кездейсоқ келіп қалған. Олардың кешенді өндіріс жүргізіп, тұрақты табыс түсірер қауқары жоқ. Бүгін болмаса ертең қолдағы олжа байлықтан айырылып, тыр-жалаңаш шыға келуі әбден мүмкін. Ақшаға, дүниеге басы айналатын дүние қор әйелдер мен көрсе қызар Жастар оларды мәңгілік байлар деп ұғады. Екіншіден, олардың ой-өрісі, білім бұлағы «Караван» газетінен аспайды, кітап оқымайды, театрға бармайды. Оны қолы бостардың ермегі деп санайды, мұрындарын шүйіре қарайды. Олар ұлттық мәдениетке жаны ашымақ түгіл, оны таза түсінбейді, білмейді. Демек, олардан қайыр жоқ.

Қазақтардың саны осы 8 жылда миллион адамға өссе де, казак кітаптары мен газет-журналдары бірнеше есе азайып кетті. 1989 жылы қазақ тілінде 10 миллион дана кітап басылса, 1996 жылы 600 мың дана ғана кітап шықты. Оның да 70 пайызы — оқулықтар. Ұлттық кітапханада 5 миллионға жуық кітап бар. Соның 4 пайызы ғана қазақ кітаптары. Кітапханаларға жана кітаптар, газет-журналдар алдыру құрт азайды. Жастар құмартып көп баратын дискотекаларда халық әндері, қазақ композиторларының шығармалары жоқ, жұрт топырлап жиналатын видеосалондарда қазақша, қазақ фильмдері некен-саяқ.

Бізде идеология жоқ, жоспарлау, басқару-бағыттау болмауға тиіс деп, сондай мәдени орталықтарға зер салуды қойдық. Ал олар ойына не келсе, соны істейді. Бұлардың өнерін жастар көреді, сенеді ғой.

Жақында Президент Н. Назарбаев зейнетақыдан берешекті осы жылдың 1-шілдесінен бастап төлей бастаймыз деді, жаппай төлене де бастады. Сосын өзінің зейнеткерлерге арнаған сөзінде: «Сіздер бізге сеніңіздер, басқа жаққа алаңдамаңыздар, басқаларға алданып қалмаңыздар, бар борышты үкімет төлейді, үкіметтен басқа сіздерге ешкім жәрдем жасай алмайды», — деді. Ол дұрыс қой.

Бірақ соншама берешекті кезінде төлемей, іркіп алып отырған сол үкіметтің өзі емес пе? Кезінде бюджеттен бөлінген қаржыны ретімен, құлықсыз, алдаусыз беріп отырғанда, сонша қарыз жиналмас та еді ғой. Зейнетақыға, еңбек ақыға берілген ақшаны жолдан ұстап қалып, «айналдырып», табыс түсіретін шенеуніктердің ешқайсысы жазаланбайды. Әйгілі композиторымыз Нұрғиса Тілендиев жоғары мекемедегілердің адамдарды да қабылдамайтынын, дұрыс қабылдай алмайтынын, қалай қабылдауды да білмейтінін айтып, бір шаруаға көмек сұрасаң, «бұл — сіздің проблемаңыз», — деп бір-ақ кеседі, апарған қағазыңды оқымай қайтарып тастайды деп жазды. Сондай шенеуніктердің кесірінен үкімет пен халықтың аралары алшақтап бара жатқан секілді.

Қадірлі Шерхан, сен тағы ауылдың ауыр жағдайын ауызға алыпсың. Бұрынғы хаттарымызда оны айтқанбыз. Жер мен мал бөлініп берілді, ол қалай бөлінді, кімге жамбасы, кімге қабырғасы тиді, ол бөлек әңгіме. Ауыл өмірін жақсы білетін, зерттеп жүретін журналист М. Жылқайдаров «мың жылаудан бір бұрау артық» деп жазды. Сен де биыл шөп шүйгін, егін бітік деп қуанып жатырсың. Бәрімізге керегі осы ғой. Бұл маусым, бір маусым өтер, ал содан арғы жағдай не болады? Мен осыдан бұрын «Түркістан» газетінде жарияланған «Ауыл қайтсе аман қалады?» деген мақаламда мынандай ұсыныс айтқам: «Ертең бірлескен еңбекке үйреніп қалған адамдар мынау шетсіз, шексіз ен далада жеке-жеке өмір сүруге көндіге алмайды. Ол үшін осы ыдырап кетіп, жеке-жеке бейнет шегіп жатқан фермерлерге қыста жемшөп, жазда су жеткізіп беретін, қойдың жүнін қырқып, астықты орып, бастырып беруге қажет трактор мен комбайнды, автокөлікті жалға беретін, жөндейтін, қосалқы бөлшек, жанар, жағармаймен жабдықтайтын бұрынғы МТС-тер секілді техникалық стансалар ұйымдастыру қажет-ақ».

Сол мақаланы оқи салысымен әйгілі ауыл кайраткері Бошай Кітапбаев телефон соғып, мақала дұрыс екен, соған басшылар көз салса, құлақ асса дұрыс болар еді деген. Енді фермерлер ассоциацияларға, ірі кооперативтерге (жекеменшік жер мен мал өздерінде қалады) бірлесіп, күш жұмылдырып әрекет жасап жатыр.Жоқ, бұл — бұрынғы колхоз-совхоз емес, бірақ солардың әдіс-үлгілерін пайдаланады. Осылай ауыл қайта құрылса,ауыл адамдары еңсесін көтерер еді. Шынын айтсақ, дамыған капиталистік елдердің өзінде көп жер мемлекет қарамағында, мемлекет фермерлерге жәрдем береді, көмек көрсетеді. Ауылға білімгер басшылық, нақтылы іс қажет.

Бір ой мені тынышсыздандырады. Ата ұрпақтың есімдері мен істері ертең ешкімге керек болмай қала ма?Келер ұрпаққа кешегі тарих қаншалық қажет болар екен? Қазірдің өзінде арада үзіліс басталады дейді.

Қазақстанның шетелдерге сатып, қаражат тауып отырғаны қазба байлықтардың арқасы. Экспорттың 70 — 80пайызы — мұнай, мыс, руда, көмір. Басқа елдерге ешқандай өзіміз жасаған мәшине жабдық сатып жатқан жоқпыз. Егер сол сататын, жан сақтайтын қазына, байлық болмаса, Қазақстан қалай күн көреді деп те ойлайсың,зәрең ұшады. Ал соларды сақтап, қорғап, кейінгі » ұрпақтарға қалдырған бабаларымыз бен аталарымыз емес пе? Осы үшін да оларға бас ию керек емес пе?

Біз қазір реформа жүргізудің кейбір жолдары мен түрлерінен шапшаң жүріп, басқа елдердің алдына шықтық дейміз. Оның жаны бар.Жан басына шаққанда келетін шетел инвестициясынан орташа айлық мөлшерінен біраз алдамыз. Ал реформаның өзегі, мақсаты — адам тұрмысы, халықтың хал-жайы емес пе?

Осы жағынан алғанда Қазақстан жақында жарияланған Халықаралық банктің (қазір бар дүниенің кілтін де,тізгінін де ұстайтын банктер болды ғой) мағлұматы бойынша, әлем елдері арасында 93-орында тұр екен. Ана жолы мен 100-орында, сен 74-орында деп едің той. Енді қарасақ, 93-орында екен. Бұл да шеке қыздыратын деңгей емес.

Жыл сайын Біріккен Ұлттар Ұйымы әр елдің коғам-адам дамуын көрсететін есеп-жинақ шығарады. Жақында Қазақстанға арналған 1997 жылты жинақ жарық көрді. Алты сөзін Ә.Қажыгелдин жазған. Осындағы ойлар мен деректер жанға жайсыз тиеді. Ол бойынша Қазақстан қазір өзінін экономикалық дамуы жағынан 1974 — 1975-жылдардың деңгейінде екен. Демек 20 — 25 жылға дейін шегініп кеткенбіз. Бұл тоқырау дағдарыс жағдай 1998 жылға да, одан әрі екі-үш жылға созылатын көрінеді.

Содан кейін экономика жандана бастайды. Ол кезең 2005 жылға дейін барады. Одан әрі 2010 жылға қарай шынайы өркендеу дәуірі басталады. Бұл болжамның қаншалық шындық боларын болашақ көрсетеді. Әзірге осылай дейді.

«Біз жасқаншақ-жалтақпыз. Бұл қазақтың қанына тән қасиет», — дейді білгіштер. Орыс тілді басылымдар мен телекомпанияларда істейтін казак қыздары мен жігіттері неге батыл да еркін жазады? Осында бір сыр бар. Мәселе — ортада.

Өткір тілмен шатып, шымшып жазамыз, бірақ терең зерттелген, қомақты мәселені қопара қозғаған мақалалар көрінбейді.

Қазір біздің журналистер мен жазушыларымыз мына шапшаң өзгеріп жатқан өмірді түсіне алмай дағдарып, есеңгіреп қалған сияқты. Бәрі үнсіз отырып қалды той. Демек, Шерхан, біздің қаламгерлердің бойлары тіп-тік, бүкірі жоқ болатыны осыдан-ау!

Сәлеммен, досың Камал СМАЙЫЛОВ


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама