Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Әкімдер ойланар ма екен?

Камалға хат

Қадірлі Камал!

Осы тамыз айынын ішінде мен бір «оқыс оқиғаның» куәсі болдым. Жамбыл облысының әкімі Амалбек Тшанов аудан, қала әкімдерімен селекторлық жиналыс өткізді. «Оқыс оқиға» деп отырғаным: жиналыс бастан-аяқ казак тілінде жүргізілді! Орысшалап ойқастай бастаған біреулерге облыс әкімі:

Мүмкіндігінше қазақша сөйле, — деп ескертіп қойды.

Мұны неге жазып отырмын?

Маған жазған соңғы хатында («Рухани өзек үзілмесе...» «Егемен Қазақстан», 1-тамыз, 1997 ж.) сен тағы да тіл мәселесін көтеріпсің. Тіл туралы жаңа Заң қабылданды. Тағы да қағаз жүзінде қала ма дегендей қобалжу бар хатында. «Бізде даңғаза айқай-шу көп те, нақтылы іс жоқ», — деп реніш білдіресің.

Нақты іс деп жоғарыда мен келтірген мысалды айтады, Камал. Егер ел тағдырының тізгінін қолына ұстап отырған әрбір әкім әлгіндей батыл әрекет жасай алса, қазақ тіліне қасқа жол ашылады. қазақ тілі — мемлекеттік тіл — шын мәнінде мемлекет қайраткерлерінің тікелей үлгісінсіз, қолдауынсыз қанша айқайласаң да дәрменсіз боп қала береді.

Сондықтан Тәңір барлық әкімдерімізге биік рух, айқын сана, таза пейіл берсін дей бер. Одан басқа ұлттар ұтылып жатқан жоқ.

Ана тіліміздің мәртебесін көтеру — басқа тілдердің жолын кесіп, багын байлау емес. Өзің өлме, өзгені де өлтірме деген сөз. Зорақылықпен тұншықтырылған қазақ тілін тірілту әрекеті. Осы да ұлтшылдық па?! Жоқ, әлдекімдердің көңіліне қарап өле беру керек пе?

Тағы бір «оқыс оқиға».

Таяуда Білім министрлігі үйінде бірінші сыныпқа арналған жана оқулықтардың түсаукесері болды. «Әліппе», «Ана тілі», «Қазақ тілі», «Дүниетану», «Бейнелеу өнері», «Енбекке баулу», тағы басқа оқулықтар бұрынғы жылдардағыдан мүлде жаңаша, жас баланың жанына, ұғымына, ұлттық рухына жақын жақсы еңбектер екен.

Бұл игі іске мұрындық болған вице-премьер — Білім және мәдениет министрі Иманғали Тасмағамбетов, ал тікелей іске асырушы «Атамұра» корпорациясының президенті Мұхтар Құл-Мухаммед.

Мұхтар Құл-Мұхаммед — мына нарық заманындағы шаруашылық басқарудың, ұйымдастырудың, іскерліктің жаңа ұлттық үлгісі. Жастар арасында мұндай сауатты іскерлер бар, әрине. Бірақ олар көбінесе өз қарақан басының жеке мүддесінен аса алмайтындар. «Дайын асқа — тік қасық» бола қалғандар. Пәрменді, лауазымды қолдаушылар арқасында банктерден мол несие алып байығандар. Ол, әрине, халық қаржысы, қарапайым көпшіліктің табан ақы, маңдай терімен табылған ақшалар.

Ал Мұхтар Құл-Мұхаммед о басында шағын ғана кәсіптен бастады. «Атамұра» атты баспа ашты. Істің көзін, тетігін таба алады екен, енді ірі корпорацияға айналды. Кітап басып шығаруда қазір мемлекеттік баспалар «батпақтап» қалғанда, бұл қанат жайып есіп келеді.

Басқа «нувориштер» байлығын бауырына басып, көп болғанда Мәскеуден әртістер шақыртып, долларды соларға шашып жатқанда, Мұхтар Құл-Мұхаммед өз тапқан-таянғанын ұлттың игілігіне, оның білімі мен мәдениетіне жұмсап отыр. Мысалы, әлгі айтылған оқулықтарды миллиондап шығарып, мектептерге таратуы. Мұның атын өркениетті елдерде Меценат дейді.

Егер ел игілігі арқасында тез байыған біздің барлық. дәулеттілер, байлар республика мәдениетіне осылай қол ұшып беріп, меценаттық жасар болса, онда біз аса парасатты, иманды елге айналар едік.

Таяуда сонау Қаратаудағы Қос Тура бауырында, Бала Бөген, Үлкен Бөген суларының аралығында бүкіл халық анасы — Домалақ Анаға аса бір келісті кесене ашылмақшы. Оны алыстағы Маңғыстаудан әйгілі сәулетші алдырып, сұлу күмбез салдырған орта қолды кәсіпкерлер Алтынбек және Атымтай дейтін жігіттер.

Бұл енді тек ұлы ананың моласы тана емес, ұлттық мәдениеттің, сәулет өнерінің бір салтанаты. «Біздерде мынадай бар, мынадай бар» деп ұялмай көрсететін бір жәдігер ғимарат.

Ол Түркістанға баратын жолдын бойында тұр. Ал Түркістан болса 1998 жылдың күзінде өзінің 1500 жылдық мерейтойын өткізбекші. Республика Президентінің ұсынысы бойынша ЮНЕСКО осындай шешім қабылдаған. Бұл тек Қазақстан ғана емес, бүкіл түркі тілдестер әлемі үшін, күллі мұсылман қауымы үшін мән-мағынасы зор оқиға болмақ.

Түркістан — Ер Түріктің бесігі ғой.

Түркістан — екі дүние есігі ғой, —

деп ұлы Мағжан жырлаған киелі шаһар — біздің рухани астанамыз. Ресми астана Алматы болар, Ақмола болар, мейлі. Ал мәңгілік өзгермейтін Рух астанасы — Түркістан.

Ал юбилейлік мерекеге дейін бір-ақ жыл қалды. Үкімет шешімімен бөлінген қаржыдан әлі бір тиын түспеген. Сонда дайындық қайда?

Президент қолдады. ЮНЕСКО шешім қабылдады. Үкімет қаулы шығарды. Ендігісі не жорық. Әлдекімдер бұл тойды қаламайды Кедергі жасағысы келеді. Кейінге қалдырайық дейді. Тойдың негізгі мақсаты — ішіп-жеу емес қой, негізгі мақсат — халықтың рухын көтеру. Колонизатор генерал-губернатор и Перовский Түркістандағы Қожа Ахмет Йасауи кесенесін кезінде зеңбірекпен атқылаған. Бұл халықтың рухын күйрету еді. Рухы сынған халық ел болып жарытпайды.

Күйреген рухты қайта көтеру — міне, қазіргі тандағы басты мақсат.Рас,кезең киын. Экономика күйзеліп тұр. Ал бірақ дүниежүзі аң-таң: осыншама бай Қазақстанның негізгі халқы неге кедей деп жағаларын ұстайды.

Бәpi де ұқсата алмаудан, Камал.

Тоймайтынға берме, толмайтынға құйма» деген ежелгі сөз бар.Біздің жемқор шенеуніктер осыны ұмытқан. Байлық жетеді, бірақ қазанның қақпағы жоқ, көрінген көлденең көк атты қолын салып жатыр, алып жатыр...

Қазір eci бар әрбір отбасы, әрине, ауқаттылар, үйін темір болат есікпен мықтап бекітетін болды. Отбасы — кішігірім мемлекет. Ал Үлкен Мемлекет неге сондай темір болат есік салдырмайды?Қойымызды алдырып, қорамызды соңынан бекітетін ежелгі әдет пе?

Сөздің тоқетері: Түркістанның 1500 жылдығы жарияланған мерзімде өткізілгені абзал. Әлем құлақтанып қалды. Мерзімінде өткізсек — мемлекеттігімізге, елдігімізге сын.

Ал енді, Камал, мен тұратын үйдің іргесінде Республикалық Кітап палатасы бар еді. Екі-үш күн болды, Палата басқа жаққа көшіп кетті. Жаңа қоныс, жақсы үй шығар деп қаларсың. Олай емес күнкөрістің қасіретіне ұшырап, қаланың белгісіздеу бір

түкпіріне кетті.Ежелден бері жиналған барлық газеттер мен журналдардың тігінділерін жүк мәшинесімен үш-төрт күн бойы тасыды. Палатаның бастығы, белгілі жазушы Софы Сматаев:

Есіл дүние қор болды. Қолайлы жайдың жоқтығынан іріп-шіріп барады. Жаны ашитын жан табылмайды, — деп қапаланды.

Ал еш жерде табылмайтын ежелгі басылымдардың бір-бір данасы тек осы Палатада ғана болар еді. Одан ажырасаң — тарихың сонымен қоса жоғалады.

Кітапхана, Кітап палатасы — мәдениеттің қаймағы ғой. Қаймақ кетсе-көк шалап қалады. Қайда барма — жаппай жабылып жатқан кітапханалар.

Кітап басып шығару қияметке айналды. Рас, демеуші-спонсор тапқандар, яки қалталылар шөпті де, шөпшекті де, көди-сөдиді де бастырып жатыр.

Жақында «Жалын» баспасы менің «Ай мен Айша» атты романымның бірінші кітабын басып шығарды. Рақмет. Бірақ қалам-ақы төлейтін сыңайы жоқ. Өйткені қарызға батып, қаржысыз отыр. Таралымның біраз бөлігін өзім сатып ақша табуым керек көрінеді. Бар шығарғаны 2000-ақ дана.

Камал! Енді егер Көк базарда «самопал» арақ сатып, бөтелкесін өткенге де, кеткенге де ұсынып, зарлап тұрған кемпірлердің қатарынан мені көрсең — таң қалма. Әрине, күлерсің. Күле бер. Кітабымды сатып тұрамын, атасына нәлет! Бірақ менікі «самопал» емес. Арым таза. Тек бір қаупім бар: сатып алушылар менің кітабымның мұқабасын сипалап көріп тұрып, қасымдағы «самопал» сатқан көршіме бұрылып кете ме деп қорқамын.

Солай, бауырым. Кітап дүкендері толған Мәскеу баспаларының неше алуан «өнімдері». Ішінде бірен-саран құндылары да бар. Ал негізінен секс туралы бейәдеп кітаптар.

Қазір Қазақстан имансыз идеология құралдарының еркін аймағына айналды. Кейбір бұзық газеттер, «КТК», «ТАҢ», «31 канал» сияқты телеарналар адамды мәңгүртке айналдыратын айла-амалдың нешеме түрін туындатып жатыр. Адамды өлтірудің, аздырудың, қатыгез қанішерліктің, жәлептіктің алуан түрін карта боратып тұр.

Тіл туралы жаңа Заңның иісі бұлардың мұрнына бармаған сыңайлы. Сенбесең, теледидарыңның тілін басып көр. Газеттердің бәрі жабыла басатын телебағдарламаларға көз сал. Бұларда қазақ тілінде байсалды, парасатты әңгіме атымен жоқ. Көз алдау қылып қазақша бір елтең-селтең би, татымсыз ән сымақтар беріп қояды. Баланы алдағандай. Халықты қалай алдарсың...

Заңның іс жүзінде жұмыс істеуін қадағалайтын белгілі бір топ, бақылау тобы бар ма, жоқ па, білмеймін. Бар болса, қол қусырып отыр, жоқ болса, сондай бір пәрменді орган керек-ақ. Әрине, цензура емес. Тек Заңды іске асырушы.

Камал! Республикамыздағы казак газеттерінің бірі: XXI ғасыр — Қазақстан ғасыры деп жазды. Аузына май, әрине. Бірақ менің күмәнім бар. Өткенде бір хатымда жазып едім, амал жоқ, қайталаймын: халқымыздың негізі әлі де болса ауылда. XXI ғасырда өмір сүретін болашақ азаматтардың көбі сол ауылда.

Ал ауыл мектебі өте сапасыз. Басшылар мектептерді компьютерге көшіреміз дейді. Ал мен сөйлескен мектептің директоры мемлекеттік ту сатып алуға ақшамыз жоқ деп жылады.Оның мемлекеттік ту сатып алтысы келгенін мен құптаймын. Мемлекеттік ту тек үкімет, әкімият үйлерінде тана емес, әрбір мектепте ілулі тұрғаны — үлкен тәрбиелік мәні бар іс. Туды, елдің, мемлекеттің рәмізін әр азамат кішкентай бала күнінен құрметтеп, сүйіп өссін. Отансүйер қасиет осындайдан қалыптасады.

Ауыл мектептерінде казак тілі, орыс тілі оқытылады. Кей жерлерде неміс тілі де бар. Ал қазір дүние жүзінде ағылшын тілі үстем. Қаласаң да, қаламасаң да солай. Оны білсең — үлкен байлық.

Жоғарыда айтылғандай, XXI тасыр — Қазақстан ғасыры болуы үшін сол ғасырға лайықты озық ойлы, аса білімді азаматтар тәрбиеленуі — өмірлік парыз. Қазіргі мектеп оны орындауға қабілетсіз. Ол үшін мұғалімдердің өресі, білімі биік болуы керек. Қазіргі мұғалімдердің дені шала сауатты (жоғары оқу орындарының «жемісі»). Әрі десе әлеуметтік тұрғыдан ең кедей топқа »жатады. Ашқұрсақ мұғалімнің қадірі жоқ, беделсіз бейшара.

Болашақты ойлайтын мемлекет — мұғалім білімінің сапасын артырып, беделін көтергені абзал.

Әлемдегі әлеуметтік, саяси, экономикалық, демографиялық жағдайларға байыппен көз салған адам — XXI ғасыр Қытайдікі екеніне көп дауласа қоймайды.

Ал сол Қытай бізбен көрші. Қудай солай жаратқан. Ендеше, алдымен түрлі қарым-қатынас объективті шындық. Олай болса ағылшынмен катар қытай тілін білген ұтады. Мектептерге осы қажет. Ондай мүмкіндік дәл қазір жоқ. Жоқ, жоқ деп қол қусырып отыра бермей әрекетке көшкен жөн. Жоғары білім, орта білім н департаменттерінде ақылды адамдар бар деп сенемін. Менікі тек иске салу.

Камал! Біздің көршіміз тек Қытай тана емес қой. Ресеймен не, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстанмен де құдайы көршіміз. Ауылымыз аралас, қойымыз қоралас дегендей. Демек, олармен саяси, экономикалық, мәдени қатынас ауадай қажет. Қуанышты да, қапалықты да бөлісе білсек күшейеміз. Таяуда орыстың ірі әртісі қайтыс болып еді, бүкіл газет, радио, теледидар шулады. Ал осы заманның аса ірі әртісі, Шаляпині — дүние жүзі қол соғып құрметтеген қырғыз Болот Мыңжылқиев дүниеден өтті — біздің газет, радио, теледидар ләм деп аузын ашпады, іргемізде тұрған бауыр қырғыздың бір асқары құлағанда, құлағымызды мақтамен тығындап алғандай тас керең болғанымыз ұят-ақ. Бұл біздің журналистиканың орашолақ, икемсіз, жайбасарлығы.

Кеш те болса қырғыз бауырларға әлемдік мәдениет бәйтерегінің мықты бір бұтағы сынғанына қайтарып, көңіл айтайық. Рухани әлем — баршаға ортақ.

Ал енді, Камал, ат басын амалсыз таты да ауылға қарай бұрамын. Саналы өмірімнің көбін қаланың асфальтінде өткізіп келе жатсам да, менің жанымның ұясы ауылда жатыр. Сондықтан жиі барамын. Көремін. Көртендерімді айтайын.

«Бұл маусым, бір маусым өтер, ал содан арғы жағдай не болады?» — депсің соңғы хатында. Мен айтайын: жағдай қиындай түседі. Неге?

Өзің білесің, колхоз, совхоз жекешеге кетті. Ал жекеше дегеніміз «өз күніңді өзің көр» деген сөз. Адам баласы сонау бозала таңнан бастап, жабайы шақтан бастап ұйымдасуға ұмтылған. Жеке-дара жан сақтай алмасын түйсіктеген. Ал біз жеке-жеке кет дейміз. Олай болмайды. Біздің ауылда бес-алты отбасы жер алып, көпшіліктен бөлініп шығып еді, солардың біреуі-ақ туған-туыстың сүйемелдеуімен қалқайып аман қалды. Басқасының бәрі «құлады».

Бұрынғы колхоз төртке бөлініп, әрқайсысы «өндірістік кооператив» атанды. Бір кооперативте тоқсан үй. Бәлкім, ірілеу шығар. Қарызданып, қауғаланып, малын сатып, егін салды. Обалы не керек, егін жақсы шықты.

Орақ келді. Май жоқ, техника жоқ. Ал егін ырғалып тұр. Тағы да қарызданды. Сасық солярка асыл бидайдан екі-үш есе қымбат. Не керек, түскен өнім түгел қарызды өтеуге кетті.

Енді не болады? Егінді жинап ала салысымен пар жырту керек. Күздік үшін. Жаздық бидай алмағайыптың ісі. Күздікке сенім мол. Жер жыртайын десе тағы да май жоқ. Тағы да несие ала ма? Тұқым салу үшін тағы да несие... Пардан соң зябь-сүдігер жырту қажет. Жаздық бидай үшін. Тағы да май, тағы да қарыз... Шаруа ойланып отыр. «Тапқан-таянғаным, жыл бойы төккен терім қарызға кетті. Тағы да қарызға батсам, келер жылы жиған-тергенімді тағы да сыпырып алады. Екі ортада текке арам тер боламын. Осынын бәрі неге керек?!»

«Арғы жағдай не болады?» — дейсің. Арғы жағдай осылай. «Байғұс-ай, қиналдың-ау. Азырақ әлденіп ал. Мен алқымыннан алмай, қарызды дәл қазір талап етпей, шыдай тұрайын» деген бір кредитор жоқ. Ал жергілікті үкіметтен, әкімияттан қайран болмайды. Олардың неге керегі бар екенін де түсіну киын.

Жергілікті үкімет, яғни әкімият сонау Чикаго немесе Техас штатындағы сияқты фермерлер, Серіктес шаруа қожалықтары Кеңсесіне айналса, үкіметтігімен қоса сол кеңес шаруаға техника, май, тұқым, рынок тауып берумен айналысса... әне онда жөн басқа. Әйтпесе құр «давай, давай» кұртып барады.

Жақында Президенттің аузынан: «Малды көбейтіңдер. Соя бермеңдер», — деген сөз шығып қалды. Бұл енді премьер-министрдің бір кезде бізге мал өсіру тиімсіз, мал өнімдерін шетелден сатып алған тиімді деген сөзінен гөрі әлдеқайда иманды. Малды көбейтіп қана коймай, оның тұқымын жақсартып, өнімін өндей білуді мықтап ойлау керек. Ал әзір мал сол баяғы бартерге, жан бағуға кетіп жатыр. Жекешеде ептеп бірдеңе болмаса, қоғамдық малдан тамтық қана қалды.

Мал ұрлаушылардың араны ашылып тұр. Милиция дәрменсіз, я бәлкім, әлгі екі аяқты қасқырлармен әмпей-жәмпей.

Ұрлық-қарлық адам баласын аздырады. Арты жақсы болмайды. Лағнеті бала-шағасына, үрім-бұтағына жетеді.

Ұрлық-қарлық жайлаған ел рухынан, адамгершілік қасиеттен айрылады. Ондай елді басқалар сыйламайды. Қасиетсіз деп қарғайды.

Камал! Көне Египет папирусына жазылып бізге жеткен асылдарға көз сал. Не жазылған? Бұл дүниеден өткен адам о дүниеде Құдірет алдында жауап беріп тұр:

— Мен адамдарға арамдық, қиянат жасамадым.

— Мен малды қыра берген жоқпын.

— Мен қаріп-қатерді қорлаған жоқпын.

— Мен ешкімді өлтірген жоқпын.

— Мен зинақорлық жасаған жоқпын.

— Мен таразыдан жеген жоқпын.

— Мен сәбилердің тамағын тартып алған жоқпын.

— Мен ағын суға бөгет салған жоқпын.

— Шындықты бұрмалап күнәкар болған жоқпын...

Бұл дүние — бәріміздің уақытша мейманханамыз. Сағаты соққан сәтте біз екеуміз не деп жауап берер екенбіз, Камал?

Біздің шондарымыз не деп жауап берер екен?

Халықтың үлесін, кәрі-құртаңның зейнетақысын, еңбекқорлардың еңбек ақысын жеп жатқандар не дер екен?

«Табиғаттың қатесін түзейміз» деп өзендерді тоқсан тоғыз жерінен буып тастағандар не демек?

Таразыдан жеп жатқан тасбақалар аз ба?

Қу дүниеге бола бірін-бірі өлтіріп жатқандар аз ба?

Сәбилердің несібесін тартып алып жатқандар ше?

Отыз алты миллион малды қырып салып, тамтығын ғана қалдырғандар ше?

Шындықты бұрмалаушылар көдеден де көп.

Қып-қызыл өтірікті көтере беретін осы дүние ғана. О дүние-де ондай құлық өтпейді.

Құдіреттен күшті ешкім жоқ.

Қазақтың Батыр Бауыржаны: «Өтіріктің балын жалап өмір сүргенше, шындықтың уын ішіп өлген артық», — деді.

Сен не дер едің, Камал?

Тірілер ойлансын.

Шерхан МҰРТАЗА 28-тамыз, 1997 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама