Саржан төренің құда түсуге баруы
Бұрынғы заманның байларының құдалығы келін түсірген не әкесінің асын бергендігі, дүниенің басы қандай, аяғы қандай, ешкімге опасының жоқтығын танытады.
Қуандық алтай-қарпықтың қарпығының үш баласы — Тінәлі, Мәмбет, Күзей. Күзейден туған — Тоқа. «Тоқаның жылқысын берсін» деп батаға қосылған Тоқа — осы. Бұл — Тоқадан шыққан бай Сағақ. Қоқасағақ, Құрысбай тағы екеуі бар, бес ағайынды болған. Байлықта бірінен-бірі өтеді. Әкелерінің аты — Тәңірберген. Сол Сағақ үш жүзден бай таңдады құда болуға. Кіші жүзде Байсақал деген бай бар деп, байлығын өзіне тең көріп, сол Байсақалға Кенесары — Наурызбайдың ағасы Саржан төрені алып, елу кісімен құда түсе барды.
Сонда Байсақал құдаларының ортасына бір сәукеле жіберді. «Қызымның қараған басы, мінген аты, артқан түйесі, тігілген отау, қылған жасау бәрі сатусыз тегін, бір сәукеленің құнын берсе болады», — деп.
Басы Саржан төре отырған құдалар сәукелені малға ша- малап, өздері пішіп, өздері кесіп, бес жүз байталға тұрады екен десіп: «Мұның қызының қалың малы бес жүз жылқы болсын», — депті. Үш жүз жылқы қара малы, жүз жылқы үйге енгізері, жүз жылқы — сүт ақы, той малы.
Байсақал барған құдаларға: «Өздерің жүз болып келмей, елу болып келгенсіңдер, жүз болып келсең, жүз-жүзден қылар едім, менен көрме, өздеріңнен көр!» — деп, ер басына елуге санын жеткізіп, киіт қылды. Түйеден елу, аттан елу, тайтұяқ жамбыдан елу, қойтұяқ жамбыдан елу не болса, ол болсын елу түрлі қылды. Сиырдан елу, қойдан елу, ешкіден елу, аң терілерінен елу. Сағақ та бес жүз жылқыны бірақ айдатты. Мұнан бұрын қазақта «қырық жетіден» басқа қалың мал ауызға алынып аталмаған.
Байсақалдың қызы Сағақтың ордасына келін болып түскенде, бес отау, бір алтын шатыр, жеті жетіммен түсіпті. Сонда қыздың өзіне арналған отаудың уығын атпен жүріп байлаған екен. Керегенің басын тұтам күміс, аяғын да тұтам күміс, уық қанша болса, уықтың бау өткізер жерінде тұтам күміс, қаламында тұтам күміс, шаңырағының аузында, күлдіреуішінде тұтам күміс, түйе ауғанда, түйе басына екі бұрау, ұзындығы оқтаудай ағаш, оның екі басында да тұтам күмістен, дүниелігін атпен жүріп, уығын шанышқан, үйдің ортасына ап келіп үйе бергенде, күлдіреу ішіне тиді десе, боларлық болды. Сонда Сағақтың бәйбішесі көзі, көңілі тойғандықтан, «дүние шіркін жияйын десе, жинала береді екен-ау!» — депті. Онда Байсақалдың бәйбішесі: «Шіркін деп айтқызбаспын деп», осынша бұттап едім, бекер-ақ бұттаған екенмін, жақсыға да бір шіркін, жаманға да бір шіркін, бәрі бір бас-ақ екен», — депті.
Байсақалдың қызының түйесінің жабуы бүйдас деген жібек екен. Қаракесек қаз дауысты Қазыбек ұрпағынан шыққан Алшынбай тұңғышы Ыбырай деген баласына Сағақтың қызын айттырып, сонда Ыбырай қыс ішінде ұзатып алып қайтқан екен де, Байсақалдың қызының түйесінің жабуымен күйеудің жолдастарына тымақ тыстап берген екен. Бүйдас деген жібектен жасалған бұйымды жұрт көзімен көрген екен. Баласының отауын түсірген соң «байлығымды үш жүзге көрсетемін» — деп Сағақ әкесі Тәңірбергенге ас бермек болды. «Ат жаратсын, асқа қамдансын!» — деп, жұртқа сауын айтып, шақырушы аттандырғанда, жылқыдан он жеті мың біткен.
Алтай Алдажұман байға Сағақ сәлем айтыпты: «Алтай Тоқаның байымын деп тоқа да мен айтушы едім, Алтайда ал- тай тоқаның байымын деп Жұман мақтанушы еді, міне, мен байлығымды үш жүзге көрсеткелі әкеме ас берейін деп жатыр- мын, Жұман менен байлық асырамын десе, осы асқа екі ат мі- ніп келсін, бір атты жалғыз атты кедей де мініп келеді», — деген екен.
Сонда Сағақ асқа Жұманның келуін аңдып тұрыпты. Жұман келгенде, алдынан шыққан даяшылардан сұрайды:
— Жұман қандай ат мініп келген екен? — деп. Сонда алдынан шыққан даяшылар бірі:
— Қояндай боз ат мініп келді, — десе, бірі:
— Былшылдама, көмірдей қара ат мініп келді, — деп күжілдесіп, раһласып қалыпты. Себебі, Жұманның мініп келген атының бір жағы қояндай боз екен де, бір жағы көмірдей қара екен. Боз жағынан көрген боз ат — деп, қара жағынан көрген қара ат — деп, ойлайды екен. Сағақтың екі ат мініп келсін деге- ні осыны ойлап айтқан екен. Сонда Сағақ айтыпты:
— Жылқысынан мұндай мал туғандығы Жұман менен бай екендігін дәлелдепті, қанша тұяқ дегенмен менің жылқымнан мұндай мал туып көрген жоқ», — депті.
Жұманның Тәңірберген асына мініп барған осы атын Сармантай Алшағырұлы Бижан заманасындағы ақ патшаның көрінісіне мініп барған екен. осы екі жындыны да сол замандағы жұрттың көзі түгел көрген екен.
Өзге былшыл не керек? Басқы аттың бәйгесіне Байсақалдың бес асаудың бірден соңғысын тікті дейді. Киіз орнына шұға жапқан, ол шұғасының бір кезі бір атқа алынған екен. Ол отаудың ішіне сірестіріп, текшелеп жасауды жиып, екі босағадан екі қанат керегегенің бойы бос құры тұрды. Ал, шымылдықты құрып, алаша төсекті белден салып, жеті жетімнің ең басы ұрғашы жетім екен, ай десе, аузы, күн дейін десе, көзі бар бір қасық сумен жұтып жібергендей, жасы дәл он бесте сұлу қыз екен. Сонда үш жүзден атақты, даңқты неше түрлі жүйрік келді. Санын Құдай біледі, жұрттың көзі «ат қашан келеді?», «Қандай жандардың маңдайы жарылып тұр екен?» — деп аузында сол сөз болып отырғанда, өзге ат жоқ, бір бес қылаң, бесеуі де ақ-көк құйрық тістесіп, бірінен-бірі тіркеп қойған малдай шұбап қарақшыдан өте шықты дейді.
Сөйтсе, қыпшақ қарабалық Алданазарханның ағайынды екеуінің аттары екен. Сонда ең алдында келген ат ағайынды екеуі енші алысқан күнде інісінің сыбағасына тиген екен де, ағасының қойшысы мініп қой бағып жүрген қолау көк құнан екен. Өзін қойға мініп, өзі қолау, ақсақ болған соң, елеусіз болғандықтан керек қылып сұрап, інісі алмай: «Мынау сенің сыбағаң», — деп еді, — деп ағасы қоса қоймай, осы бәйгеге ағасы жаратып алып келіп қосқан екен. Сол жерде інісі шап ете түсті дейді. «Енші үлескенде өз аузыңнан маған беріп едің, біздің
қойшының астындағы қолау көк сенікі деп едің, жалғыз соған қарап қалмағандықтан, мен алып жылқыма қоспап едім де, сондықтан сенің малыңда жүріп кетіп еді. Енді атымның басын бер не бәйгесін бер? Бірін қимасаң, мен саған бауыр-туысқан болмаймын», — деп, ағайынды бір туысқан араз болғанда, елден бұрын араздықты бастаған осы екеуі болған. Екеуі де бірін-бірі көріспей кеткен екен.
Сол көріспеген бойымен жүріп, ажалы жеткені өліп, ажалсызы тірі қалған күнде, тірі қалғаны арман қылып Шоң биге шағып сөйлеген екен: «Шөп кіндікті малға бола, адам кіндікті бауырымды көре алмай кеттім-ау, обалым заманымдағы атқа мініп, ауызға ілінген жақсылар, сендердің мойныңа!» — деген екен дейді.
Оқуға кеңес береміз:
Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)
Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр