Сайлаушының сауалдары
Парламенттің регламенті бойынша, әр айдың соңғы аптасында депутаттар өз сайлаушыларымен кездесуге тиісті.
Сол тәртіпті ұстанып, өз округіме жөнелдім. № 1995 Меркі сайлау округіне Меркі жөне Құлан (Луговой) аудандары жатады.
Меркі, Құлан — егіз ұлан, Аспара Алатауын баурайлап жатқан қалың қазақ. Арасында, әрине, орысы да, немісі де, түрігі де аралас.
Бұл ел маған етене жақын, ерекше ыстық. Жасырақ кезімде баяғы Тұрар Рысқұловтың ізімен осы өлкені көп шарладым. Болашақ кітабыма нәр іздедім.
Сірә, содан да шығар, сол елге жиірек барғым келіп, асқар тауларын, сарқырама суларын, жасыл нуларын, әсіресе бауырмал адамдарын сағынатын едім.
Әлі де солай. Бірақ әлдеқандай бір именшек ауру пайда болды. Барғым-ақ келеді, жасқанамын
Неге екенін енді түсінесіздер.
Он адаммен, жүз адаммен, мың адаммен кездесесің, бәрінің сұрағы бір қалыптан шыққандай. Сондықтан бұл жазбада кейіпкер екеу-ақ болады. Бірі — сайлаушы, бірі — депутат. Ол — мен.
Сайлаушы. А, депутат мырза амансың ба. Алматыда, әлгі Парламентінде не жаңалық бар?
Депутат. Не жаңалық болушы еді, Алматы әзір орнында. Парламенттің жұмысын газет жазып, радио сөйлеп, теледидар көрсетіп жатыр.
Сайлаушы (қанағаттанбай). Е, оны сенсіз де білеміз. Құдайға шүкір, сауатымыз бар. Сен маған мынаны айт: осы біз қайда бара жатырмыз?
Депутат (күмілжіп). Оны білсем, пайғамбар болып кетпеймін бе. Қайда бара жатқанымызды өзім де біліңкіремеймін. (Ширап.) Әйтеуір жақсылық жақын сияқты.
Сайлаушы (мүсіркегендей). Аузыңа май. Ал бірақ мынау сұмдық болды ғой. Алты ай бойы арқа етіміз арша, борбай етіміз борша болып жұмыс істедік. Әлі айлы қалмаймыз, бұл қалай? Қыс болса мынау, ана қырдың астында тұр. Отын жоқ, киім жоқ. Өзімізді қойшы, ана мектепке баратын бала тұттай жалаңаш. Киім алып берейін десем, ақша жоқ. Амалсыз, бетіне қарап отырған малымды сатам ба? Ол итің арзан. Киім-кешек удай. Бір баланың бір бәтеңкесі — бір қой. Ал менде, құдайға шүкір, алты бала бар. Сонда не болады? Осыны Парламент біле ме өзі?
Депутат. Біледі. Неге білмесін. Осы таяуда ғана Парламент ауыл шаруашылығының мәселелерін қарады. Үкімет басшысы Терещенко мырзаның өзі баяндама жасады. Ауыл шаруашылығына көңіл бөлеміз, кредит-несие береміз, жеңілдік жасаймыз деді.
Сайлаушы (ызғарланып). Ондай кредитіңнің енесін ұрайын. Көктем ғой биыл кеш шықты. Қыстан көтерем болып құтылдық. Енді егін салайық десек, май жоқ, бензин жоқ, саудыраған техника тоқтап тұр. Аудан басшылары, шаруа басшылары дуана болып, қайыр сұрап кетті. Әлгі үкіметтің беретін кредиті әлі жоқ, әлі жоқ, көктем өтіп, ай-жай болғанда барып соқырдың көз жасындай тиын-сиын бірдеңе берген болыпты. Өліп қалған кісіге дәрінің керегі не? Дәрі берсең, өлмей тұрғанда бермейсің бе?!
Депутат (маңдайын сүртіп). Иә, киын боп тур ғой...
Сайлаушы. Мейлі, көктем өтті. Жаз өтті. Енді жиын-терін, құдайдың бергенін, елдің маңдай тері, табан ақысын жинап алу керек қой. Жинайын десең, тағы май жоқ, бензин жоқ. Жүрші өзің, көрсетейін. Тура мына ұзын жолдың бойына «Алға-бас» ұжымшарының жемге деген жүгерісі ой бір шықты дейсің. Мал тұрмақ, адам жегісі келгендей, әрі бітік, әрі биік. Ал енді көрші: құра-а-ап тұр. Неге? Ора алмайды.
Депутат қипақтап). Бензин... тапшы. Өзімізде жоқ, шеттен келеді...
Сайлаушы (ежірейіп). Ал сол бензин коммерсанта неге ағыл-тегіл? Әкесінің құнына сатады. Бір канистр бензин — бір қой. Мынаны айтшы: бензин мемлекетте неге жоқ, коммерсантта неге бар?
Депутат туфлиінің тұмсығымен жер шұқылап). Бұл енді... «рыночная экономика» деген осы болады.
Сайлаушы (түтігіп). Ұрдым мен ондай «р-р-рыночнай экономыңды!» Коммерсант байып, жаппай халық күйзелетін сайқал саясатыңды да ұрдым! (Сықсия қар aп, сыбырлап.) Осыны ана жоғарыдағылар, Назарбаев біле ме?
Депутат сасып). Білетін шығар...
Сайлаушы. Неге «шығар?» Сен не, онымен күнде кездесіп тұрмайсың ба?
Депутат. Жоға. Анда-санда жиналыстарда көріп қалғаным болмаса...
Сайлаушы (үміт үзгендей екі санын алақанымен сарт еткізіп). Ойбай-ау, айтпайсың ба оған: бензин мемлекеттікі ме, мемлекеттік! А, неге оның қожайыны коммерсант? Сол жоғарыда бензин бөлетін министр ме, немене, сол мына шөлдеп отырған шаруаға бергізбей, коммерсантқа беріп отыр ғой. Арзан бензинді әдейі қолдан қымбаттатып, үстінен түскен пайданы әлгі бүйтіп, ы-ы... Сол ғой, ойбай, сорымызды сорпадай қайнатып отырған!
Депутат. Мен мұны сессияда айтып жүрген сияқтымын.
Сайлаушы (жібігендей). Білемін, білемін, айтасың. Ал бірақ қайтқаныңнан не пайда?! Баяғы жартас — сол жартас. (Амалы таусылғандай басын шайқап, санын сарт еткізеді.)
Сайлаушы f өршеленіп). Ал енді ең сұмдығы: мына бидайды, қызылшаны, жүгеріні итшілеп жүріп жиып жатырмыз ғой. Осыны үкімет мемлекетке өткіз дейді... Жарайды. Арзанға дейді. Мейлі. Сүт өткіз дейді. Жарайды. Арзанға дейді. Мейлі. (Көзін жұмып, басын шайқап.) О, құдайдың құдіреті, сол өткізген өніміңнің тиын-сиынын төлемейді ғой. Төлесе, еңбекші байғұс айлық алар еді ғой. Міне, көтен зорлық! Ал не істейсің?
Депутат. Сессияда бұл айтылып жатыр.
Сайлаушы тыжырынып, қолын бір сілтеп). Сөзі көп, мәні жоқ...
Депутат. Заң шығарып жатырмыз.
Сайлаушы. Заң шығардың ба — орындалсын. Орындалмаған заң қаңғып қалған аң. Үкімет қаулы соңынан қаулы қабылдап жатады. Оқимыз ғой. Орындалмайды. Өзін-өзі құрметтесін. Әйтпесе қадір-қасиеті бола ма. Іске аспаса, нәтижесі болмаса, ондай қағазға мен де қол қоя беремін.
Депутат. Ал сол орынға сізді апарып отырғызса — орындатар ма едіңіз?
Сайлаушы (нық). Орындатам! Ол маған серт. Орындата алмасам — орнымды босатам.
Депутат аспанға қарап). Құстар қайтып барады.
Сайлаушы. А, құс биыл ерте қайтты. Қарлығаш кеткелі қашан. Ненің нышаны? Қыс қатты болатын шығар. Қазір жұрт талдарағын, бау-бақшасын қынадай қырқып жүр. Неге? Отын жоқ. Көмір удай. Ағаш біткенді сұлатып жатыр. Ендігі келгенінде тіс шұқитын бұта таппай қалмасаң жарар еді.
Депутат. Сондай сұмдықты соғыс жылдары көріп едім. Кішкентай бала едім...
Сайлаушы еліріп). А, ол соғыс жылдары. Қазір не? Соғыс жоқ қой! (Жұмсарып.) Бетін аулақ қылсын. Айтпақшы, осы әлгі казачество деген не бәле? Соғысамыз дей ме. Тіл керек дей ме. Жер керек дей ме... Ол не өзі? Әлгі Әділет министрлігі соларды тайраңдатып, рұқсат беріп қойған дей ме? Онысы несі?
Депутат. Казачество тобын, иә, ұйымын құруға рұқсат берді.
Сайлаушы. Онысы несі?
Депутат. Демократия.
Сайлаушы (жерге бір түкіріп). Ұрдым ондай демократияңды. Белшесінен қанға батқан казачествоға рұқсат беріп қойып, қасқырды қораға қоймен бірге қамағандай неме ғой ол.
Депутат. Е, ол баяғыда ғой.
Сайлаушы. Қазір оңып тур ма? Көріп жүрміз ғой, телевизордан: қораздай қоқырайып, қылышын сүйретіп жүрген жоқ па. Ал оның жасырып қойған зеңбірегі, мылтығы жоғын кім біліпті... Әлгі «Мемлекеттік екі тіл керек. Қос азаматтық керек!» — деп зіркілдеп жатқан солар емес пе? О жағы не болды өзі?
Депутат. Жақында Президент «Егемен Қазақстан» газетінің бас редакторымен сұхбаттасты. Сонда тілге тиіспейміз деген сияқты ғой.
Сайлаушы. Е, онда жеңге келген екен.
Депутат. Бірақ Конституцияға толықтау, өзгеріс енгізу жобасын жасайтын комиссия кұрды. Сол жобада: «Мемлекеттік тіл — қазақ тілі. Орыс тілі — ұлтаралық қатынас тілі. Ол мемлекеттік тілмен катар, наравне жүргізіледі» деп жазылған.
Сайлаушы. Сонда қалай? Мысалы, сен әкімсің. Сен тақта отырсың. Дәл сондай тақта сенімен катар «наравне» мен отырмын. Сонда не болды? Қайсымыз әкімбіз?
Депутат. Әрине, сіз әкімсіз.
Сайлаушы. Неге?
Депутат. Өйткені мен әлжуаз, әлсізбін. Сіз сыйлы, күштісіз. Додагерсіз. Мен де сорлы емес, Қажымұқан — көкемдей-ақ едім. Бірақ баяғы- баяғыдан қапасқа қамап қойды. Күн түспей шінжау болып, жарыққа енді шыға беріп едім, жүндес білек тағы жармасты.
Сайлаушы (ойланып). Сонда мұны Парламент шеше ме?
Депутат. Егер әлгі комиссиядан өтіп кетсе, Парламент талқылап, дауысқа салады.
Сайлаушы. Ал, «наравне»-ге көп дауыс беріліп кетсе ше? Депутат. Онда «наравне» таққа отырады. Сайлаушы. Ұялмай-қызармай депутаттар да отыра бере ме?
Депутат. Басқаларды білмеймін, өзім ол жерден кетемін. Сайлаушы. Неге?
Депутат. Тілімді кесіп тастаған жерде қалай отырамын. Сайлаушы біртүрлі құлазып). Қылдай қиянатымыз жоқ еді, бұл Құдайға не жаздық. Бай бола тұрып, кедейміз. Шешен бола тұрып, мылқаумыз. Бастан шіріп, іштен іритіндей не күнәміз бар. (Жан-жаққа қарайлап.) Әлде улы аруақтар адасып қалды ма...
* * *
Сайлаушы мен депутаттың сұрақ-жауабы танды таңға ұрды. Оның бәрін тізбелей берсе, газет бетіне сыймайды. Бәрі де белгілі жай. Қара суды сапыра бергеннен май түспейді. Құлан өңірін біраз аралап, енді Меркіге өтейін деп тұрғанымда, суық хабар жай түскендей шарт етті: дүниеден Тахауи Ахтанов өтіпті. Бір уыс топырақ үшін түнделетіп жеттім. Есіл Тахаң. Баяғы Көтібар, Есет батырдан қалған асыл тұяқ. Бауыржан Момышұлы қайтыс болғанда: «Мына ноқталы дүниеде басы ноқтаға сыймай кеткен есіл ер», — дегені әлі есімде. Өзі де Бауыржан сияқты еді... Жақында ғана әңгімелескенде: «Германияда жүрекке демеу беретін аппарат бар екен. Баруға қаржы жоқ. Үкіметке арыз айтып едім, нәтиже болмайыңқырап тұр», — деп жымиып қана күлді-ау.
Майданда қанын төккен, әдебиетте терін төккен, сөйтіп жүрегін жүдеткен Үлкен жазушыны, аса ірі тұлғаны елемеген үкімет кімді елейді.
Осы біз кімге керекпіз?
Жамбыл облысы.