Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Ақсарбас

Мұндайды Президент Нұрсұлтан Назарбаев та, біз де, тіпті түріктердің өздері де күткен жоқ. Стамбулдың Ататүрік аэропортында ұшақ (самолет — түрікше ұшақ) келіп қонған соң, Стамбул губернаторы және басқа ресми адамдар туыстарша қарсы алған соң, вокзалдың қала жақ бетіне шыға келгенде мыңнан астам адамның иін тіресіп: «Нұрсұлтан Назарбай!» — деп айқайлап тұрғанын көріп, әрі таң қалып, әрі кеудені қуаныш кернеп кеткендей болды. Алдарын кес-кестеп тұрған қалың қатарлы полиция болмаса, алға лап қоятын түрлері бар. Қолдарында плакаттар: «Қош келдіңіз, бауырлар!», «Жасасын қазақ Президенті Нұрсұлтан Назарбай!», «Қазаққа азаттық жарасады!» деген жазулар.

Бұлар Стамбулда тұратын қазақтар еді. Түрік туыстар да қазақ делегациясын қарсылап алудың зор құрметін көрсетіп-ақ жатыр. Анкарада біздің президентіміздің құрметіне аэропорт басына әскери сап тізілді. Екі елдің гимндері ойналды. Қонақасы берудің өзі бір салтанат. Түріктер одақтас республикалардың әйтеуір біреуінен емес, Қазақстан мемлекетінің делегациясын күтіп алып жатқанын баса көрсетті. Сонда біз өзімізді шыннан тәуелсіз, егемен мемлекеттің өкілдеріндей сезініп, еңсеміз көтеріліп, бостандықтың дәмін алғаш татқандай болдық. Түркия президенті Тұрғыт Өзал өзі бастап, айталық, АҚШ президентін қабылдап жатқандай, бәлкім, одан да артық ықылас көрсетсе, қандай сезімде болуың мүмкін. Қазақ еліне, казак елінің басшысына мұндай зор құрмет түңғыш рет көрсетілген шығар. Лайым бұл бастамасы болсын. Басқа елдер де Қазақстанды осылай тани берсін. Кесірінен сақтаса, бәрі де болар. Бірақ дәл мына көрініс қайталана ма, жоқ па, білмеймін.

Туыстық сезім ағыл-тегіл тасқындап, Стамбул қазақтары сағынышты құшақтарын айқара ашып, арындап тұрған шақта, полиция шебінен бір топ қазақ басын үкілеген, құйрықтары теңкиген үш қошқарды Нұрсұлтан Назарбаевтың алдына көлденең тарта беріп, «Әумині» — деп бата сұрады. Мұны керген телерадио журналистер нөпірінің анталағаның көрсең. Біздің президентіміздің ниетінен кейін әлгі қазақтар: «Иә, ақсарбас! Иә, Алла! Қазақ елін бәле-жаладан аман қыла гөр!» — деп үш қошқарды лезде бірден құрбандыққа шалып жіберді.

Дүние жүзінде қанша аэропорт бар, ешбірінде дәл осы Ататүрік әуе алаңындағыдай рәсім болған емес.

Стамбулда және оның маңайында тұратын қазақ баласы жүз жасаған кәрісінен бастап, емшектегі нәрестесіне дейін Қазақстан Президентін және оның қасына ерген жетпістен аса қосшыларын осындай бір кене ата салтымен бауырға басты, Қазақстандағы қазақтар ұмытып кеткен, бәлкім, ұмытыла бастаған дәстүр.

Осылайша жамырасып, мауық басқан соң ертеңіне «Мәрмәр» мейманханасының үлкен залында әлгі казактардың өкілдерімен Нұрсұлтан Назарбаевтың үш сағатқа созылған кездесуі, келіссөзі, келісім шарттары, оған қол қою рәсімі — мұның бәрі бір басқа да, мына кездесу бір басқа.

Президент Қазақстандағы, жалпы КСРО деп аталып келген елдегі жағдайды айтып өткен соң, сұрақ-жауап басталды. Енді сол диалогтан кейбір үзіктер келтірейік. Қазақ түріктері коғамының өкілі Талғат деген кісі бірінші сөз алды.

Талғат: Нұрсұлтан Назарбай — Орта Азия мен Қазақстан, немесе Ресей ғана емес, бүкіл дүние жүзіне белгілі президент. Тұрғыт Өзалдың оны әскери салтанатпен қарсы алуы соның белгісі. Біз Түркияға әр түрлі жағдайлармен қилы-қилы замандарда келген қазақтармыз. Түрік туыстар бауырымызға қазан, басымызға үй берді. Тамақ тоқ, көйлек көк, сонда да қара шаңырақ Қазақстанды аңсаймыз.

Мәжит Жанатай: Абылайдай айбынды, әрі ақылды, құрметті Нұрсұлтан Назарбай! Қазақстанға барып-келу бұрынғыдан гөрі шүкіршілік. Дегенмен әлі де қиыншылық бар.

Президент: Сонда қиыншылық бізден болып тур ма?

Мәжит Жанатай: Иә, руқсат қағаз алу тым киын. Елшілікке барсаң, Қазақстаннан шақыру қағазың бар ма дейді, әлек қылады. Кейбірдің танысы бар, кейбірдікі жоқ. Сонда танысы жоқтар қайтеді? Барыс-келіске бостандық болу үшін Азаматтық туралы заң керек.

Президент: Мұндағы қазақтар қандай кәсіппен айналысады?

Мәжит Жанатай: Негізінен сауда.

Президент: Бізге сол сауда жағы жетіспейді. Біздің қазақтар сауда жасауды намыс кереді.

Мәжит Жанатай: Бізде мақтан көреді.

Президент: Ендеше, үйретіңдер.

Мәжит Жанатай: Бізді ішке тартыңыздар.

Президент: Біз береміз-ау, Түркия жағы келісе ме... Оны Түрік өкіметімен келісу керек. Бұл екі жақты мәселе.

Халифа Алтай: Дін жетпіс жыл бойы қуғын керді. Енді бостандық беріп, жағдай жасау керек. Жастарды оқыту керек. Дінге мемлекет тарапынан қамқорлық қажет. Қара шаңырақтың құрметті Төрағасы, осыны ескерсеңіз.

Президент: Алматыда үлкен мешіт салдырып жатырмыз. Облыстарда да салынып жатыр. Медреселер аштық. Дін саласында, жалпы білім саласында алмасу бар. Жүз бала Қазақстаннан Түркияға келіп оқиды. Жүз бала Түркиядан Қазақстанға барып оқымақ.

Сайран Қыдырұлы (Монғолия): Қазақтар XXI ғасырға қалай барады? Іргелі ел бола аламыз ба? Сыртта жүрген қазақтар Қазақстанға нендей көмек көрсете алады? Мысалы Тайваньда Дәлелхан деген қазақ жиырма бес жылдан бері парламент мүшесі. Сіз Оңтүстік Кореядан, АҚШ-тан, Сингапурден кеңесші шақырттыңыз. Ал Дәлелхан сияқты білімді өз қазағымызды неге ішке тартпасқа?

Президент: Қайда ол? Жіберіңдер Алматыға.

Сайран Қыдырұлы: Ондай білімді қазақтар Пекинде де, Ұлан-Баторда да, Мюнхенде де жүр. Меніңше, біз де Ресей сияқты, шетте жүрген казактардың конгресін, құрылтайын Алматыда өткізсек.

Президент: өткізейік. Ол үшін дайындық керек. Делегация дайындаңыздар.

Ислам (Иран): Иранда жиырма мыңшамасы қазақ бар, Ауған соғысы кезінде көбісі Ауғаннан Иранға ауды. Бірақ оларда еш елдің азаматтығы жоқ. Сондықтан әсіресе жастар жұмыссыз жүр. Қазақ тілінде мектеп жоқ. Алматыда шетел қазақтары үшін мәдениет орталығы ашылса, қазақ тілін үйренер едік.

Президент: Алматыға барып, осы білгендеріңді ұмытып қалып жүрмеңдер. Ал Ирандағы жастарды Қазақстанға алдыру жөнінде әрекет жасап көреміз.

Исмаил (Германия): Мен өзім Алманияда (Германия) тұрамын. Батыс жерде тұратын қазақтардың атынан келдім. Күндіз-түні ойлайтынымыз Қазақстан. Қазақстанда миллионнан аса алмандар (немістер дегені — Ш. М.) тұрады деп естиміз.

Президент: Қазір 800 мыңы қалды.

Исмаил: Қазақстан соншама алмандарға қамқорлық жасағанда, біз сияқты шетте жүрген казактардың қамын неге ойламайды? Бізді неге азаматтыққа алмайды?

Президент: Әрине, ойлаймыз. Бәрін бірден бастау қиын. Бірте-бірте. Қолынан іс келетін мамандар, бизнесмендер, сауда-саттық кісілері келсін. Кәсіп қылсын. Шағын-шағын кәсіпорын ашсын. Дәл қазір сондай мамандарға зәруміз. Осында министріміз Сыздық Әбішев отыр. Байланысып шешу керек. Мұсылманшылық әсте-әсте деген. Бірінші рет біз Мәскеусіз, Орталықтың рұқсатынсыз Түркияға келдік. Бұл да болса жақсылықтың нышаны. Осынша қазақтарды жатырқамай, өгейсітпей бауырына тартып отырған Түркия өкіметіне, президент Тұрғыт Өзалға рақметімізді айтамыз.

Қазақстан дәл қазір қиын-қыстау кезеңмен бетпе-бет келіп тұр. Сіздер ойлайсыздар: Қазақстан деген жер бар, онда қазақ деген ел бар деп. Расында тек казактар ғана емес, көп ұлттың адамдары тұрады. Олармен қарым-қатынас татулықта болмаса, қақтығыс болса қан төгіледі, халық қырылады. Біз оны қаламаймыз.

Бұл сапарда біз Түрік Республикасы басшысымен мынандай келісімге келдік:

— Әуе жолы байланысы. Алдағы уақытта Стамбул-Алматы әуе жолы ашылады.

— Телефон, теледидар байланысы орнайды. Ендігі жерде Қазақстан — Түркия экономикалық Кеңесі құрылады.

— Іскер мамандар болып шығу үшін Түркияға жастар жіберіледі. Міне, негізгі мәселелер осылар. Қалғаны тағы бола жатады.

Қазақстан Президентінің Түркия және басқа елдерде тұратын қазақтардың өкілдерімен кездесуі осылай аяқталды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама