Көрген-білген
Басқа елге барып, оны бір аптаның ішінде көріп-біліп, түп-түгел танимын деу, әрине, әбестік.Түркияны түгел біліп-тану үшін ең құрығанда бір жыл, тым болмаса Қалтайдікі сияқты бір ай керек.
Түркияның астанасындағы «Анкара» мейманханасында жатқан бөлменің телефоны шар-шар еткенде «бұл кім болды екен?» — десем, кәдімгі Қалекем, Қалтай Мұхамеджанов екен. Жүгіріп далаға шықсам, қасында бұрыннан таныс Халифа Алтай, Қалекем тұр. Шұрқырасып жатырмыз.
Стамбулды көптен мекендеп, Құран кәрімді қазақшалап, ғылым дүниесінде жүрген Халифа Алтай:
— Мұндағы қазақтар бізді: Халифа Алтай, Қожа Қалтай деп ұйқастырып алыпты. Енді екеуіміз Стамбулдан шығып, Анкараға сіздерге сәлемдесейік деп әдейі тоқтап, асығыс Коньяға аттанып бара жатырмыз. Конья — Түркияның ежелгі астанасы, — деді.
Қалекеңнің Стамбулда жатқанына айға жуықтапты. Енді Халифамен қосылып, Конья, одан Измир, қайта айналып Стамбул аттанбақшы.
— Оу, бір айдан бері...
— Е, бір шаруа болып... Қожа Ахмет Йасауи бабаң туралы түріктер кинофильм түсірмек. Соның сценарийіне конкурс болып, мен де кірісіп кетіп едім, қудай абырой бергенде, менікі бірінші болып қабылданды. Енді соның кейбір кедір-бұдырын қырнап, жөндеп дегендей, біраз жұмысы болып тұрғаны.
Бұл екі ортада бүкіл мұсылман дүниесінің өкілдері Стамбулға жиналып, Мұхаммед пайғамбардың туған күніне арналған конгресс өткізген екен, Қалтай Мұхамеджанов сонда сөз сөйлеп, үлкен абыройға ие болыпты. Бұл да болса Қазақстанның биік беделіне қосылған үлес деп бағалапты көпшілік. Өзі айтса, мақтанып тур дер ме едік, жанындағы кісілер осы жайдан хабардар етті.
Міне, Түркияны білгің келсе, осылай таны деген ниет біздікі. Тағы бір айтқандары: қазір Түркияда Қазақстанның абыройы артып тұр. Қазақстан десе елең етпейтін түрік кемде-кем. Неге дегенде: екі ел арасында қарым-қатынас басталды. Бұрынғы темір қақпа ептеп болса да ашылды. Бұрын, мысалы, бізге түріктер қайыршы халіндегі кедей ел деп түсіндіріп келсе, енді оның мүлде жалған екеніне көзіміз жетті. Ал түріктер жағы болатын болса, eң алдымен қазақтардың қандас бауыр екенін таныды. Екіншіден, Қазақстан кереметтей байлық бұлағы екеніне көздері жетті. Сол байлықтың ағыл-тегіл ағылып, өзгелердің өңешіне құйылып келгеніне бәріміз де өкініштіміз. Іші толы зұмрат-гауһар алтын сандықтың үстінде отырып тақыр кедей болыппыз ғой. Бұдан өткен қорлық, бұдан өткен зорлық болар ма. Енді шүкіршілік деп, өз қолымыз өз аузымызға жете бастағанда Мәскеуден шығатын орталық газеттер Қазақстанды әйтеуір бір түйреп қалуға құмарлығы — лақса болған сәурік айғырдың қыржың етіп, артқы аяғын бір көтеріп қалатын әдетін еске түсіреді. Әйтпесе, кеше ғана космосқа қазақ ұшқанын күндеп, күндестің қылығын көрсетер ме еді. Александр Калери дегеннің орнына Тоқтар Әубәкіров кезексіз ұшып кетті деп байбалам салғаны қай көргенділік! («Правда», 2-қазан, 1991 ж.). Отаршылдық, кеудемсоқ, өктемшілдің көкірегі осы.
Жә, пейілі жаманды құдай табады, киімі жаманды ит қабады.
Бір кезде дәуірлерсің, бір заманда ортаясың. Халықтардың, мемлекеттердің, империялардың ғұмыры да мұхиттың тасуы мен кайтуындай. Сонау заманда, Осман империясы кезінде түріктер де айтулы дәурен сүрген-ақ. Ал жиырмасыншы ғасырдың басында отаршылықтан Түркияны құтқаруға ересен еңбек сіңірген ерлердің арқасында 1922 жылы султанат құлап, республика орнады. Түркияның бірінші президенті Мұстафа Кемал Ататүріктің мына сөзі Анкарада да, Стамбулда да, басқа қалалардың да көрнекті жерлерінде бедерленіп жазулы түр:
«Жалғыз құдіретті қуат бар, Ол — ұлттық егеменділік».
Ататүрік дүниеден өтерінде айтты дейді:
— Екі өкінішім бар, — деп, — бірі — астананы Анкараға көшіргенім, екіншісі — әйеліммен ажырасқаным.
Анкара — айнала жатаған тау, қазан шұңқырда қалған қала екен. Көбінесе, біздің Көктөбеден қарағандағы Алматы сияқты, үстін қара түтін қаптап тұрады. Сондықтан өкімет, үкімет мекемелері, хал-қадары жеткендердің мекен-жайы төбе-төбенің басын қуалап кетіпті. Сәл де болса түтіннен қашқан түрі. Әсіресе қыста киын көрінеді.
Туркияның өз көмірі сапасыздау. Сондықтан көмірді Қарағандыдан тасымақ ойлары бар. Бірақ жер шалғай, жол қиын. Әр түрлі жоба сызылған сыңайлы. Бір жол бар: Хазар (Каспийді түріктер Хазар дейді) арқылы Әзірбайжан — Грузия — Түркия. Бір жол бар: Хазар — Иран — Түркия. Енді бір жол бар: Қазақстан — Волга-Дон каналы — Азов теңізі — Қара теңіз — Түркия.
Соңғысы қолайлы деген пікір басым. Бұл тек көмірге ғана байланысты емес, жалпы жүк тасымалдаудың амалы. Президент Нұрсұлтан Назарбаевпен бірге бізден бұл сапарға көптеген іскер адамдар барды. Түркия іскерлерімен арада дәл қазір отыз-қырық миллион доллардың келісімшартына қол қойылды.
Анкарада кеңес елшілігінде болдық. Бізден барған журналистерді, іскерлерді елшіміз Чернышев деген кісі қабылдады. Бір ғажабы осы елшіліктің аппаратында не бір казак, не бір өзбек, жалпы түрік нәсілдес ешкім жоқ екен. Кейінірек Стамбулдан ақ кемеге мініп, Босфор бұғазы арқылы Мәрмәр теңізіне саяхат құрғанда жанында жүрген елшіге президент Нұрсұлтан Назарбаев:
— Көмекшілеріңнің біреуіне казак ал, — деді. Анау:
— Мақұл, мақұл, — деп бас бұлғап қалды. Елшінің айтуынша, Түркияның ересен өрлеп кеткен кезі — соңғы он жыл. Шетел капиталына есікті айқара ашқан. Алғашқы бірер жылда пәлендей болмағанмен, соңынан азық-түлік, дүние-мүлік ағылып-төгіле бастаған.
Соған қарап мұнда бәрі тегін екен деу тағы қате. Біздің әр адамның биік дәрежелі «Мәрмәр» мейманханасында бір түнеп шығып, үш мезгіл тамақтанғанымыз, орташа алғанда, 500 долларға түсіп отырды. Кафеден шала құрсақтау бір тамақтанғаның — 60.000 лир (түрік парасы. Пара — түрікше ақша), яғни 12 доллар. Бірақ орайына қарай, жұмысты жақсы істегеннің табысы да жақсы.
Түркияның қай қаласына барма, қай ауылына барма — махалла (квартал) сайын бір мешіт. Әрине, әлемге әйгілі ірілері де бар, ондай орасандарын түріктер мешіт емес, жәми деп атайды. Сондай жәмилердің бірі — Анкарадағы Қожа төбе мешіті. Біздің жазушы, журналистер сол зор мешітке барып, мұсылманша ниет қылдық. Ортамыздағы жалғыз молда Уақап Қыдырханов («Шалқар» газетінің бас редакторы) құраннан бірнеше аят оқыды.
Екінші маңдай тіреген мешітіміз, әрине, атақты Айя-София. Рас, Айя-София — қазір мұражай ретінде танылады. Ал іргесіндегі алып жәмиге бір мезгілде он мың адамға дейін сиятын көрінеді. Ондағы байлық, алтындаған, жауһарлаған ою-өрнек, әрине, ауызбен айтып жеткізгісіз.
Стамбулдың шет жағын ала казак махалласында Түркиядағы қазақтар қоғамының үйі бар екен. Тағы да сол жазушылар мен журналистер (іскерлердің түрік жағаның іскерлерімен кездесуден қолы тиген жоқ), әнші Алтынбек болып, сол қазақтар қоғамына қонаққа бардық. Қой сойылып, ет асылған. Бәрі қазақша Қоғам үйінің іші мұражай сияқты. Қазақтың қара шапаны, түлкі тымақтар, киім үлгілерінің неше алуан түрі (керей үлгі, найман үлгі т.б.), Қазақстаннан барған ақ қалпақ, домбыраның неше түрі. Абай, Міржақып Дулатов портреттері... Әсіресе мұнда әйелдер, қыздар жағы тек қазақша киінген.
Елден апарған сәлем-сауқатымызды беріп, коғамның төрағасына, қажы Халифа Алтайға шапан жаптық. Олардың бізге тартқан ең құрметті сыйы — бәрімізге бір-бір Құран-кәрім кітабын ұстатты.
Не қазақша мектебі жоқ, қалада шүйіркелесіп жүрген қазағы мыңнан біреу ғана, үркердей болған бір шок қазақтың жап-жас балалары өз тілінде тап-таза сөйлеп тұрғанын көріп сүйсінесің, тәубе дейсің. Ел қадірін, халық қадірін, ұлт қадірін білмеген біздің көптеген бейбақтарды ойлап қамығасың. Өзіңнің ана тілінді, баба тілінді қастерлеп, қадірлеу үшін, тау асып, теңіз кешіп, сыртта жүру керек пе?! Өз елімізде, өз жерімізде жүріп, қолдағы алтынның қадірін неге білмейміз деп күйінесің.
Маған сондағы молда Иса деген бір кісі:
— Сіздің газетті алдырып оқып тұрамын. Бір қуанғаным: сіз фамилияңыздан «ев»-ті алып тастадыңыз. Неге? — деп сұрады.
Сонда мен:
— «ов», «ев» дегендер отаршылдардың бізге салған ноқтасы. Орыстандырудың бісмілласы. Біз отарлаудың езгісін жүз жыл көріп, көнбістікке үйренген халықпыз. Егер бізді орыстар отарламай, айталық, әлдеқалай грузиндер отарласа, немене, сонда Ахметидзе, Сәрсенбайшвили болып кетуіміз керек пе? Бірақ біз осыған бейімделгішпіз. Ұлттық намыс дегенді біздің кеудемізден өшіріп тастауға шақ қалған. Біз қайта тірілуге әрекет жасап жатқан жандармыз. Осыны әлі көпшілік түсінбейді. Түбі түсінер деген үміттеміз, — дедім.
—Әй, бәрекелді! — деп ол кісі риза болды.
Анкара — Стамбул — Алматы.
1991 жыл
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен «Егеменді Қазақстан» газетінің бас редакторы Шерхан Муртазаның сұхбаты
Президенттің жұмыс уақыты әрбір минөтіне дейін өлшеулі, есептеулі. Оның мойнында мың батпан қыруар істің жүгі артулы екен. Уағдалы мерзімде жолыққанымызда жұрт жұмыстан қайтып бара жатқан. Президенттің шаршаған сыңайы байқалды. Десе де жылы қабақпен қарсы алды.
Сұрақ. Нұрсұлтан Әбішұлы, ұмытпасаңыз, Сіз бен біздің алғашқы сұхбатымыз 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде шығып еді. Сонда сол сұхбаттың атын «Қуатты Орталық, қуатты республика» деп атап едік. Содан бері...
Жауап. Иә, содан бері заман күрт өзгерді. Сіз бен біздің «сәуегейлігіміз» түп-түгел келе қойған жоқ. «Қуатты Орталық» күйреді. Енді күйреген Орталықтың қаңқасының астынан әрең-әрең босанып, жеке-жеке тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Соның бірі — Қазақстан.
Сұрақ. Соңғы кезде Сіз конфедерацияны жақтайды деген қауесет шығып жүр. Буған наразылық білдіретіндер де бой көрсетіп қалды. Анығы қалай?
Жауап. Бұл бекер сөз. Қауесет деген де қара күйе сияқты: күйдірмейді, бірақ күйесін жағады. Мысалы, не дейсің, Назарбаев Тегеранға екі рет жасырын барып қайтыпты. Ядролық қаруды сатпақшы көрінеді деген де қауесет тарады. Өтірік пе? Өтірік. Енді конфедерация дегенді шығарыпты. Иә, конфедерация болу керек дегенді мен кезінде, сонау тамыз бүліншілігіне дейін айтқаным, жақтағаным рас. Бірақ уақыт жағдайды күрт өзгертті. Бұрынғы Одақтағы республикалар тәуелсіз мемлекеттер болды. Мен айттым: тәуелсіз мемлекет болдық екен, ендеше бұл мемлекеттер арасында біреу аға, біреу іні, біреу үлкен, біреу кіші деген болмайды. Бәрінін құқығы тең. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы дегеннің мәні осыған келіп саяды. Ал енді келіп Назарбаев конфедерацияны көксеп жүр дегені қисынсыз. «Түркие» газетінің тілшісімен менің сұхбатымды әдейі бұрмалау.
Сұрақ. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген, сірә, сол шығар. Ал енді ол аз болса, сақалы сапсиған «Известия» газеті:
Назарбаев Қазақстандағы орыс тілді жұртшылықтың тұтқыны деп соқты. Бұл қалай?
Жауап. Тағдыр мен тарих солай жаратқан. Ол рас, Қазақстанда тұратын 17 миллион халықтың тек 7 миллиондайы ғана қазақтар, 10 миллионы өзге ұлттың өкілдері. Мұндай жағдай Өзбекстанда да, Қырғызстанда да... Украинада да жоқ. Сонда қалай, әлгі 10 миллионды көзге ілмеу керек пе? Қазақтың жерін «халық достығының лабораториясы» жасаған мен емес... Өткен — өтті, өткеннің, бәріне тас лақтырып, топырақ шашу тағы қиын. Айттым ғой, мұның бәрі тарих пен тағдырдың ісі. Осындай тағдырға тап болған екенбіз, енді не істеу керек? Кейбір «әсіре патриоттар» айтып жүргендей, шоқпар алып, сойыл соғып шошаңдау керек пе? Онда қан төгіледі. Кім қырылады? Осы ма бізге керегі. Ондай қырғынға жол беріп, тарих алдында күнәкар болғым келмейді. Бәрін де айламен, ақылмен шешу керек. Қазақ өз жерінде басым көпшілікке айналып жатса, бұйырса, ондай да күн туар, сонда да: «Өзің өлме, өзгені де өлтірме» деген даналықтан танбау керек. Ал мұның есесіне: орыс тілді халықтардың өкілдерінен күтеріміз — өзара түсіністік, өзара сыйластық, өзің өмір сүріп жатқан жерінді сыйлау, сол жердің байырғы тол халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, тілін, дінін сыйлау. Береке, бірлік осында.
Сұрақ. «Бәрін де айламен, ақылмен шешу керек» дедіңіз. Тарихымызда осылай ойлап, өз халқын сыртқы жаулардан қызғыштай қорыған дарабоз даналар өткен. Соның бірі Абылай хан. Сізді жұрт сол Абылайдың жолын ұстанады деген сөз бар ел аузында. Ал енді «Известия» сияқтылардың әлгі бір әңгімесінен кейін кейбіреулер Сізді осы Әбілқайыр емес пе өзі деп жүр. Бұған қалай қарайсыз?
Жауап. Қай заманда да болсын, ел басқару, мемлекет басқа-ру ешкімге де оңайға түскен емес. «Абылайдың жолын ұстанып», соның саясатын сара басшылыққа алып отырмын деуге аузым бармайды. Аруағынан қорқамын. Әрі десе Абылай заманы бір басқа, қазіргі заман бір басқа. Абылайдың тұсында Қазақстан жерінде 10 миллион өзге ұлттардың өкілдері отырған жоқ еді. Рас, жан-жағынан, қос өкпеден қысып тұрған империялар бар еді. Солармен тіл табысып, қиыннан қиыстырып, қиядан жол табу Абылайдай айбындының ғана қолынан келеді. Біз сияқты отты заманда туған ұрпағын рухы қолдай жүрсін.
Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен «Егеменді Қазақстан» газетінің бас. редакторы Шерхан Муртазаның сұхбаты
Президенттің жұмыс уақыты әрбір минөтіне дейін өлшеулі, есептеулі. Оның мойнында мың батпан қыруар істің жүгі артулы екен. Уағдалы мерзімде жолыққанымызда жұрт жұмыстан қайтып бара жатқан. Президенттің шаршаған сыңайы байқалды. Десе де жылы қабақпен қарсы алды.
Сұрақ. Нұрсұлтан Әбішұлы, ұмытпасаңыз, Сіз бен біздің алғашқы сұхбатымыз 1989 жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде шығып еді. Сонда сол сұхбаттың атын «Қуатты Орталық, қуатты республика» деп атап едік. Содан бері...
Жауап. Иә, содан бері заман күрт өзгерді. Сіз бен біздің «сәуегейлігіміз» түп-түгел келе қойған жоқ. «Қуатты Орталық» күйреді. Енді күйреген Орталықтың қаңқасының астынан әрең-әрең босанып, жеке-жеке тәуелсіз мемлекеттер пайда болды. Соның бірі — Қазақстан.
Сұрақ. Соңғы кезде Сіз конфедерацияны жақтайды деген қауесет шығып жүр. Бұған наразылық білдіретіндер де бой көрсетіп қалды. Анығы қалай?
Жауап. Бұл бекер сөз. Қауесет деген де қара күйе сияқты: күйдірмейді, бірақ күйесін жағады. Мысалы, не дейсің, Назарбаев Тегеранға екі рет жасырын барып қайтыпты. Ядролық қаруды сатпақшы көрінеді деген де қауесет тарады. Өтірік пе? Өтірік. Енді конфедерация дегенді шығарыпты. Иә, конфедерация болу керек дегенді мен кезінде, сонау тамыз бүліншілігіне дейін айтқаным, жақтағаным рас. Бірақ уақыт жағдайды күрт өзгертті. Бұрынғы Одақтағы республикалар тәуелсіз мемлекеттер болды. Мен айттым: тәуелсіз мемлекет болдық екен, ендеше бұл мемлекеттер арасында біреу аға, біреу іні, біреу үлкен, біреу кіші деген болмайды. Бәрінін құқығы тең. Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы дегеннің мәні осыған келіп саяды. Ал енді келіп Назарбаев конфедерацияны көксеп жүр дегені қисынсыз. «Түркие» газетінің тілшісімен менің сұхбатымды әдейі бұрмалау.
Сұрақ. «Өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам» деген, сірә, сол шығар. Ал енді ол аз болса, сақалы сапсиған «Известия» газеті:
Назарбаев Қазақстандағы орыс тілді жұртшылықтың тұтқыны деп соқты. Бұл қалай?
Жауап. Тағдыр мен тарих солай жаратқан. Ол рас, Қазақстанда тұратын 17 миллион халықтың тек 7 миллиондайы ғана қазақтар, 10 миллионы өзге ұлттың өкілдері. Мұндай жағдай Өзбекстанда да, Қырғызстанда да... Украинада да жоқ. Сонда қалай, әлгі 10 миллионды көзге ілмеу керек пе? Қазақтың жерін «халықтар достығының лабораториясы» жасаған мен емес. Өткен—өтті, өткеннің бәріне тас лақтырып, топырақ шашу тағы қиын. Айттым ғой, мұның бәрі тарих пен тағдырдың ісі. Осындай тағдырға тап болған екенбіз, енді не істеу керек? Кейбір «әсіре патриоттар» айтып жүргендей, шоқпар алып, сойыл соғып шошаңдау керек пе? Онда қан төгіледі. Кім қырылады? Осы ма бізге керегі. Ондай қырғынға жол беріп, тарих алдында күнәкар болғым келмейді. Бәрін де айламен, ақылмен шешу керек. Қазақ, өз жерінде басым көпшілікке айналып жатса, бұйырса, ондай да күн туар, сонда да: «Өзің өлме, өзгені де өлтірме» деген даналықтан танбау керек. Ал мұның есесіне: орыс тілді халықтардың өкілдерінен күтеріміз — өзара түсіністік, өзара сыйластық, өзің өмір сүріп жатқан жерінді сыйлау, сол жердің байырғы төл халқының әдет-ғұрпын, салт-санасын, тілін, дінін сыйлау. Береке, бірлік осында.
Сұрақ. «Бәрін де айламен, ақылмен шешу керек» дедіңіз. Тарихымызда осылай ойлап, өз халқын сыртқы жаулардан қызғыштай қорыған дарабоз даналар өткен. Соның бірі Абылай хан. Сізді жұрт сол Абылайдың жолын ұстанады деген сөз бар ел аузында. Ал енді «Известия» сияқтылардың әлгі бір әңгімесінен кейін кейбіреулер Сізді осы Әбілқайыр емес пе езі деп жүр. Бұған қалай қарайсыз?
Жауап. Қай заманда да болсын, ел басқару, мемлекет басқа-ру ешкімге де оңайға түскен емес. «Абылайдың жолын ұстанып», соның саясатын сара басшылыққа алып отырмын деуге аузым бармайды. Аруағынан қорқамын. Әрі десе Абылай заманы бір басқа, қазіргі заман бір басқа. Абылайдың тұсында Қазақстан жерінде 10 миллион өзге ұлттардың өкілдері отырған жоқ еді. Рас, жан-жағынан, қос өкпеден қысып тұрған империялар бар еді. Солармен тіл табысып, қиыннан қиыстырып, қиядан жол табу Абылайдай айбындының ғана қолынан келеді. Біз сияқты отты заманда туған ұрпағын рухы қолдай жүрсін.
Ал Әбілқайыр... Жоқ, мен Әбілқайыр емеспін!
Сұрақ. Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті! Жүрегіңді алып ұштыратын, халыққа қанат бітіретін қайратты, құдіретті сөз. Баяғыда біреу: «О, это сладкое слово — Свобода!» деген екен. Сол азаттыққа жеткен сыңайлымыз. Бірақ осы тәуелсіздік тұрлаулы ма, баянды ма өзі деген бір сұңғыла сұрақ көкейінде сұнқылдап тұрғандай болады. Сізде мұндай күдік болмай ма?
Жауап. Марксті қазір анау деп, мынау деп жүрміз ғой. Бірақ сол кісі өзіне қойылған бір сұраққа: «Бәріне де күмәнмен қараймын» деген екен. Сол айтқандай, әліптің артын бағайық дейсіз, о да дұрыс. Әрине, 300 жылдай отаршылық бағынышты хал кешкен халықтың бір-ақ күнде тәуелсіздік алып шыға келуі — ұзақ жылдар қараңғы қапаста отырған адамды кенет жап-жарық күнге алып шыққанда көзін қарықтырғанмен бірдей шығар.
Сол империялық саясат Қазақстанды ылғи да шикізат қоймасы ретінде ұстап келді. Дәл қазір өзгелердің көмегінсіз өзімізде біз не өндіре аламыз? Бұрын Орталыққа тегіннен-тегін кетіп жататын мысты алайық. Оны біздегі зауыттар бізге қара мыс ретінде дайындайды. Ал таза мыс басқа жақта өңделеді де валютаға шет елге сатылады. Таза мыс дайындайтын зауыт әзірге бізде жоқ. Ендігі күшті осыған салуымыз керек. Ал ол бір күннің шаруасы емес. Тек қана мыс па екен... Халыққа қажет тауарлардың бәрін дерлік сырттан тасимыз. Ал енді бұрынғы республикалар арасындағы қарым-қатынас тиыла бастағалы бері хал мүшкілге айналды. Сондықтан, мүмкін болғанша Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы көлемінде де, бізбен қарым-қатынас жасауға мүдделі басқа елдермен де байланысты нығайту тиімді іс. Ал осыны тереңнен ойламаған кейбір албырт жастар түрлі жиындарда, баспасөз бетінде, теледидарда да Қазақстан жеке-дара, оқшау болсын, тек қазақтардың ғана қамын ойлайық деп қызуланады. Қазіргі әлемде ешбір қарым-қатынассыз, алыс -беріссіз жеке-дара оқшау қалуға мүлде болмайды ғой.
Тәуелсіздік баянды болады сонда ғана: егер біз халықтар арасында дұрыс саясат ұстасақ, егер біз қан-жоса қақтығысқа жол бермесек, егер біз бірлігімізді сақтай білсек, егер біз сөзден гөрі іске көшіп, жұмыла жұмыс істеп, барлық салада өнімді көбейтсек, сол ерен енбек арқылы басқаларға тіленшек болып, алақан жаймасақ...
Сұрақ. Бұл үшін тәртіп болуы керек қой. Жер-жерде, тіпті Президенттің Жарлықтарының өзі орындалмай жатқан жоқ па?
Жауап. Міне, енді менің жарамның аузын тырнап алдыңыз... Бірақ бәрін де бүкпесіз айтқан дұрыс. Шынында да тәртіп нашарлады. Бұған көбінесе үкіметтік жүйе кесірін тигізді. Бұл — ескі мен жаңаның арпалысы. Өтпелі кезен. Бұрынғы ескі жүйені аңсайтындар жаңалыққа жаны қас. Айталық, жекешелендіру дедік. Жарлық жарияланғалы да біршама уақыт өтті. Бірақ іс орнынан қозғалмайды, сірескен мұз сөгілмейді. Жергілікті басшылардың кебі жаңалыққа қарай қадам басқысы келмейді. Үнсіз кедергі. Сірә, биліктен, жайлы орыннан айырылып қаламыз дейтін болар.
Әне, сондықтан да үкіметтік жүйені, яғни Өкіметтің заңын орындаушы, жер-жерде іске асырушы буындарды өзгерту қажет болды. Бұл өмірдің ез талабы. Облыстарға жігерлі, іскер, жаңашыл деген жігіттерді әкім етіп жібердік. Жап-жақсы заңдарымыз бар, оны іс жүзіне асырушы солар. Көреміз. Меніңше, нәтиже жаман болмаса керек. Әкімдер тағайындау тұсында да шашымыз біршама ағарды білем. Қайтсек қателеспейміз деген ой да шаршатады. Баяғыда марқұм Де Голль айтқан екен: «Егер менің аппаратымда бір орын босап қалса, сол орыннан үміткер тоқсан тоғыз адам болса, сол тоқсан тоғыз түгел маған риза болмас еді» деп. Осындай жағдай біздің басымызда да бар. Мұндай-да ұлттық мәселені де ескеру керек. Мәселен, Қостанай облысында марқұм Жанбаевтан басқа бірде-бір қазақ бірінші болмапты. Шығыста да сондай. Осы жағын ескердік. Ал енді аракідік өзге ұлттың өкілдерінен де тағайындадық. Мұны халқымыз дұрыс түсінер деп сенемін. Мен саясаттың адамымын. Жан-жағымды, елдің тыныштығын ойлауым керек.
(Президент қабырғадағы сағатқа қарады. Мен терезеге қарадым. Қараңғылық қоюланып, кар жауып тұрған сияқты).
Сұрақ. Уақыт тығыз. Жұмыс көп шығар. Осы Сіздерде бос уақыт бола ма өзі? Ана бір жылы Жастар театрына Колбинді зорлағандай етіп ертіп барғаныңыз есімде. Соңғы рет театрға қашан бардыңыз?
Жауап. Былтыр желтоқсанның 31-і күні Минскіден ұшып келе жаттық. Ұшқыштардың командирі маған бір қағаз ұсынды. «Сіз 1991 жылы әуеде 382 сағат болдыңыз», — деді. «Соның 185 сағатын түнде ұштыңыз», — деді. Мен айттым: «Бұл көп пе, аз ба?» «Бізге 300 сағат ұшқан ұшқыштарға бір жылғы стажымыз екі жылға саналады». «Неге?» — деймін мен. Сөйтсе, 10000-11000 биіктікте радиация 260 рентген болады екен. Жә, жұмысты көп істейміз бе — халыққа нәтижесі керек. Халықтан аянатын ештеңе жоқ. Ал театр мәселесінен ұяттымыз. Соңғы рет, ұмытпасам, былтыр күзде бардым-ау деймін. Қазақ академиялық драм-театрына. Қазір ғой, міне, сізбен отырмын. Шынымды айтсам, бүгін келініңіздің туған күні еді. Үйге ертерек қайтамын деп қойып едім...
Сұрақ. Сонымен, ертең Минскіге аттанасыз ғой?
Жауап. Иә. Мәселе күрделі. Негізгісі — Қарулы Күштер мәселесі болар. «Егеменді Қазақстанның» бұл мәселеге көзқарасын білемін. Оқып жүрмін. «Үлкен қанжар», тағы басқалары. Әрине, дұрыс. Бірақ біреуді қорқыту, үркіту үшін емес, түптеп келгенде Тәуелсіздік үшін. Сондықтан Қазақстандағы стратегиялық қарулар әзірше тұра тұрғаны жөн. Ал армия... Егер ТМД дегеніміз ғұмырлы болса, ортақ әскер керек шығар. Ал егер бас-қалар бас-басына әскер құрып жатса, біз де қарап қалмаспыз... «Егеменді Қазақстанның» мың-сан оқырмандарына менен көп-көп сәлем айтыңыз.
1992 жыл