Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Зейнет күреспен келеді

Қазақстан Мемлекеттік телерадио компаниясының төрағасы Шерхан Мұртазамен сұхбат

— Сіз бас редактор болып қызмет атқарған басылымдар қалың оқырманның ынта-ықыласын аударып отыратынына куәміз. Соның бір соны мысалы — «Егеменді Қазақстан». Жұртшылық Қазақ телерадио компаниясының төрағасы болуыңызды да үлкен үмітпен, қуанышпен қабылдады. Жаңа қызметіңіздегі алғашқы ұйымдастырушылық іс-шараларыңызды неден бастаудасыз ?

— Келесі сұрағыңа көш, — деді Шер-ағаң темекісін тұтатып жатып.

— Мемлекеттік тілді насихаттауда, іс жүзінде жолға қоюда теледидар мен радионың орны бір бөлек. Аталған құралдарда Мәскеудің ықпалы әлі күнге дейін басым. Оның үстіне өзімізде ашылған жаңа коммерциялық каналдарда да орыс тіліндегі хабарлар жетекші орын алуда. Бұл жайлы айтылып та, жазылып та жүр. Осы тұрғыда жаңа басшылық нендей шаралар ойластыруда?

— Мемлекеттік тілді заңдастыру мәселесі әлі жүріп жатыр. Негізгі заң жобасы туралы айтыс-тартыс көп. Түрлі пікірлер бар. Мен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына кіретін бірсыпыра елдердің Конституция жобаларын қарап шықтым. Міне, қазір де алдымда Қырғызстан Республикасы Негізгі заңының жобасы жатыр. Қырғыздар мемлекеттік тіл — қырғыз тілі дейді. Осымен бітті. Басқа ешқандай тіркеме сөз жоқ. Жаңа жолдан бастап республикадағы басқа да тілдердің дамуына жағдай жасалатынын қысқаша айтып өткен. Бізде қалай? Мемлекеттік тіл — қазақ тілі, ал ұлт аралық тіл — орыс тілі дейміз. Және ұлт аралық тіл мемлекеттік тілмен қатар жүреді, тең құқылы дейміз тағы бір жерінде. Ұлт аралық тіл дегеніміз не? Мұндай сөз неден шықты? Осыны бір екшеп, таразылап алайықшы. Мәселен, қазақ тілін білген адам кез келген түркі тілдес халықтармен ұғысып, түсінісе алады екен. Не себепті казак тілі ұлтаралық тіл бола алмайды? Орыс тілінің тарихи отаны бар. Ол және кемелденіп, көркейген тіл екені белгілі ғой. Қазақ тілі болса, әлі күнге тұрмыста қолданудан әрі аса алмай отыр. Біздің айтысып жүргеніміз де түрлі тосқауыл, қақпандардың қоршауында қалған қазақ тіліне еркіндік берудің жолы, амалы. Басқаша айтсақ, отарлық саясат тұсында жоғалтқанымызды табу, өшкенімізді жандыру. Әрі-беріден соң, қазірдің өзінде мемлекеттік тіл туралы заң бар емес пе? Соны іс жүзіне асыру қалай? Бізде барды ұқсата білу жағы жетіспейді. Жалқаулық, өзін-өзі сыйламаушылық ресми орындарда ғана емес, қарапайым халықтың арасында да бар. Үйдегі, көшедегі шүлдірлеген әңгімемізді айтпай-ақ қояйын. Теледидардан, радиодан берілетін хабарлардың өзінде тілші де, оған жауап беріп отырған жұмысшы, қызметкер, тіпті шаруа адамы да ана тілінде таза сөйлеуге ұмтылмайтыны байқалады. Бәріне бірдей топырақ шашуға болмас. Бірақ тілшілеріміз қазақ тілінің мүмкіндігін пайдалануға шорқақ. Жүргізілген сұхбаты орысша сөздермен араласып, қойыртпақ болып шығып жатады. Мұндай дәрменсіз, шалажансар дүниелер ел-жұртқа қандай тәрбие бере алады? Бір мезгілде миллиондаған адам зер салатын теледидар" мен радионың тәлім-тәрбиелік мәні орасан зор дер едім. Сондықтан біз өз жұмысымызды тілдің берекесін алатын сойқан хабарлармен күресуден бастап отырмыз. Ал болашақтағы іс-қимылымызды, Алла жазса, өмір, уақыт көрсетер...

— Телерадио компанияның техникалық құрал-жабдықтары осы заманғы талапқа сай болмағандықтан, тележурналист ағайындар өз мүмкіндіктерін көрсете алмай жүр деп те айтады...

— Телерадио компанияның техникалық құрал-жабдықтармен жабдықталуы сын көтермейді, әрине. Тас ғасырындамыз біз. Өркениетті елдер әлдеқашан компьютерлерге, жасанды жер серіктерінің көмегіне, т.б. осы заманғы хабар тарату мен байланыс тәсілдеріне көшті.

Дегенмен қолда бар техниканы меңгеруіміз де мәз емес. Әсіресе ұлттық кадрлар жоққа тән. Күні кешеге дейін Ұлттық кадрлар даярлайық деген пікір болмағанға да ұқсайды. Оның бір айғағы — оператор т.б. зәру мамандық иелері арасында қазақ жастары ілуде бір кездеседі. Оларды дайындайтын оқу орындары да жоқ. Ендігі жерде істің көзін осыдан бастау керек.

Қара шаңырағымыз деп жүрген ҚазМУ-дің мүйізі қарағайдай ұстаздары өздерінің түлектері қайда жүргенін біле ме екен? Әсіресе журналист қыздары бір-бір дипломы болса да машинистка, корректор, әрі кетсе қабылдау бөлмесінде хатшы болып күнін көріп жүр. Солар бес жыл бойы мемлекет қаржысы есебінен оқыған-тоқығанын немен ақтады? Факультет басшыларынан мамандарының аты бар да, заты жоқ деп кім сұрап жатыр? Ұлдарымызға да өкпе артамыз. Әрине, журналист деген атына лайық қызмет істеп, тіпті іс басында отырғандары бар. Бұл пікірді қыздарымыз туралы да айтуға болар. Бірақ сан мен сапаның айырмасы жер мен көктей.

Бірыңғай талап қою оңай. Көрпемізге қарай көсіліп, журналистерге бірсыдырғы болса да жағдай жасағың келеді. Осы тұрғыдан келсек, ұяттымыз. Теледидар мен радио қызметкерлерінің еңбекақысы өте төмен. Қалам ақысы да жартымсыз. Тиісті орындарға талап қойып отырмыз. Мақсат — қызметкерлеріміз өз мамандықтарын мақтаныш тұтатындай жағдайға (жалақы, пәтер т.б. тұрғыда) жету.

— Сіз басқаруға келіп отырған ұжымда (телерадио компанияда) консерваторлық, жікшілдік көңіл күй басым деп естиміз. Осы ұжыммен тіл табысып, қызмет істеу кезінде бұрынғы басшыларға да қиын болғаны белгілі. Істі алға апару үшін білікті кадрлар қажет. Кадрлар іріктеуде өзгерістер бар ма? Жалпы, осы мәселе төңірегіндегі сіздің көзқарасыңыз қандай ?

— Консерватордың табиғатын әркім әрқалай түсініп жүр. Ал консерватор-журналист дегеніміз қосақ арасында жүретін, таптаурын жолынан айнымайтын, айлар, жылдар өткізіп эфирге бір шығатын жандар деп түсінемін. Шын дарынды журналист консерватор бола алмайды. Өйткені ол ұдайы жаңалыққа ұмтылып отырады.

Иә, аттың жемін жеп, тай-құлындай ойнақ салып жүргісі келетіндер де жоқ емес. Өз талабын басқа жерде, басқа бір кәсіпте сынап көрсін, олардан арылу керек. Қазақтың баласы ғой, жүре берсін дегендей ымырашылдыққа қарсымын. Біз оған барсақ, іс өледі, халықтың мүддесі өледі. Осы екі таңдаудың қайсысы тиімді?..

Келесі сөз жікшілдік туралы. Оны бар, немесе жоқ деп айта алмаймын. Дегенмен үзілді-кесілді мәлімдегім келеді. Ондай жымысқы іс-әрекет болып жатса, аяусыз түрде күресеміз. Өйткені жік болған жерде үлкен мақсатқа жете алмайсың. Жолда қала-тынымыз анық.

Қазір зымыран заман. Бір сәттік шабандық қымбатқа түсуі мүмкін. Телерадионың кадрларына оралымдылық, иненің көзінен өтетін іскерлік керек. Кейде бұрынғы Одақ, әлем хабарларын былай қойғанда, төл республикамыздағы жаңалықтарды дер кезінде қамти алмай жатамыз. Оның себебі ізденіс жоқ.

Жауапкершілік сезіне білу кемшін. Мен кез келген замандасым сияқты, телерадиода, ғасырымыздың осы жетекші ақпарат құралдарында халықтың мүддесін ойлайтын жанашыр азаматтар жұмыс істегенін қалаймын.

— Сізді Қазақстан журналистикасы тарихындағы пайғамбарлардың бірі деп айтып жүр. Тұңғыш жазған мақалаңыз есіңізде ме?

— Пайғамбар деген сөзбен ойнау күнә болар. Өзімді қолынан қаламы түспей келе жатқан журналистердің бірімін деп есептеймін. Жалпы оқырманға түсінікті болуы үшін өмірбаянымды азды-көпті айта кетейін. Әкем Мұртаза 1937 жылғы сталиндік репрессияның құрбаны болып кетті. Интернат қабырғасында жүріп 1950 жылы Жамбыл қаласындағы Жамбыл атындағы қазақ орта мектебін бітірген соң, әуелі Мәскеу полиграфия институтында, үшінші курстан бастап Мәскеудің мемлекеттік Ломоносов атындағы университетінде оқып, журналистика факультетін 1955 жылы бітіріп шықтым. Сол жылдардың өзінде-ақ башқұрт жазушысы Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» атты повесін, Л.Лаганнің «Хоттабыч карт» атты көркем шығармасын қазақшаға аудардым. Жекелеген әңгімелерім мерзімді баспасөзде жарияланып жүрді. Ал тұңғыш мақалам өзім әдеби қызметкері болған «Лениншіл жас» (казіргі «Жас Алаш») газетінде жарық көрді.

— Ой қуған адамға бірқалыпты көңіл күйде болу қиын. Кейде жүдеп-жадайтын уақытыңыз болмауы мүмкін емес қой. Сондай сәттерде нені ойлап қамығасыз?

— Менде қамығу деген болмайды. Жүдеп-жадай беретін болсақ, әлдеқашан су түбіне кетіп қалған болар едік. Менде түрлі қиыншылықтармен күресе білу деген ұғым бар. Боркемік болу — кісі сүйер қылық па?

— Ұзақ мерзімді сипатымен ерекшеленетін « Ұлт және сана» атты жаңа телехабар ашылып, оның алғашқы қанат қақтығысына қатысты жұртшылық жылы пікір білдіруде. Авторы әрі жүргізушісі ретінде осы хабардың дүниеге келуіне қандай ой түрткі болғанын айта кетсеңіз ?

— Орталық езгі тұрмысымызды ғана емес, белгілі ойды қайталап айтып жатқан да шығармын, санамызды да туралатып кетті. Сөз болып отырған хабардың мақсаты — сананы ояту. Кешегі Міржақып т.б. зиялыларымыз «Оян, қазақ!» — деп бекер шырылдаған жоқ. Олардың жанайқайын сол заманның ұрда-жық, арзан ұрандары тұншықтырып тастады. Елу жылда ел жаңа. Қазір заман басқа болғанымен, темірқазық іспетті талап-тілек сол күйінде тұр. Еліміз тәуелсіздік алса да, құлдық, мәңгүрттік психологиядан арыла алмай келеміз. Еркін ойлап, еркін әрекет жасау әлі де қат. Ең әуелі сырттан таңылған кесір-кесапаттан тазарған жөн. Соның бірі — жүзге бөліну. Абай айтқан ғой: «Біріңді, қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос» деп. Біз демография тұрғысынан орасан апатқа ұшыраған халықпыз. Сондықтан көп балалы ата-ананы насихаттап, оларға нақты көмек-қолғабыс жасау керек. Тіл, дін, салт-дәстүр, бала тәрбиесі, т.б. бірінші кезекте қолға алатын мәселелер аз ба? Міне, осындай көкейкесті тақырыптарды қозғап, «Ұлт және сана» айдары аясында жүйелі жұмыс жасау ойда бар. Халықпен дидарласып, сол халықтың тегеурінді ой-пікірінен қуат алып, көшімізді түзегенге не жетсін?!

Айналып келгенде, өзін Қазақстан азаматымын деп санайтын әрбір ұл-қызымыз, мемлекетіміздің өркениетті елдер қатарына қосылуына септессін. Сол күнді жақындатуға кызмет жасасын. Өзім дағы осы талап үдесінен табылғым келеді. Соның бір жолы — «Ұлт және сана» телехабары деп түсінемін.

— Кезінде жас журналист, жас жазушы болдыңыз. Қолына қалам ұстап жүрген жастарға ғибрат болатындай әңгіме естігіміз келеді...

— Көретін көз болса, ғибрат алатын адамдар арамызда, әсіресе ауылда мол деп ойлаймын. Ал өзімді үлгі тұтып, көрнекті құрал есебінде ұсынғым келмейді. Отанды сүйіп, бір керегіне жарап жатсақ, қанеки! «Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан», — депті ұлы ақын. Абайдан өткізіп айту мүмкін емес.

— Сіз балықшысыз ба, аңшысысыз ба ?

— Әңгіме демалыс туралы болар. Ілгеріде суретші Әубәкір Смайылов ағам бір-екі рет Іленің бойына ертіп апарғаны бар. Ол бір жақсы күндер, әрине. Мен жалпы тауға шыққанды ұнатамын. Таңмен таласа тұрып, атқа мініп даланы тамашалаған да бір ғанибет!.. Бірақ қу тіршілік бас бұрғыза бермейді. Оның бер жағында көңіл көтеруден басқа да маңыздырақ істер мен мұндалап күтіп тұрады.

— Ойды ой қозғайды ғой. Халық жазушысы, драматург, публицист, Қазақстан халық депутаты Шерхан Муртаза ағамызды астанада үйсіз-күйсіз жүрген қазақ жастарының тағдыры да алаңдатады екен. Соның бір мысалы — қазан айында Жасөспірімдер театрында тұсаукесері болған «Жетім бұрыш» атты пьесасы. «АН-тар ауызға ұят, — деді ол. — Алматыдағы қазақ халқының үлес салмағы 20 пайыздың сәл үстінде. Қазір шетелден қонақтар ағылып келуде. Солар астанаға қарап Қазақстан жайлы пікір түйеді. Алды/5-20 жыл бойы кезегін күтіп, бала-шағасымен әлі де көшіп-қонып жүрген қазақ жастарына неге артықша жеңілдік жасай алмаймыз? Артықшылық жастарымыздың тұрмысын басқа ұлт өкілдерін құрайтын қатар-құрбыларымен біршама теңгеру үшін қажет.

Үкіметті айыптай беру қиын. Үкімет кедей. Толып жатқан тесіктері бар. Қазына қалтасы тоғайыңқыраса, жақсы күндерге де жетерміз. Бірақ тұрғынжайға айрықша мұқтаж жастарға ұлтарақтай жер бөліп беруді дау-дамайсыз-ақ шешуге болар еді деп ойлаймын».

— Қазір ештеңе де жазып жүргенім жоқ, — деді Шерхан ағамыз әңгімесін одан әрі жалғастырып. — Күндердің күнінде кезекті демалыс алармын. Сол кезде қалам-қағазымды сайлап, «Қызыл жебе» романының «Тамұқ» атты соңғы кітабын аяқтағым келеді.

— Тағы бір сұрақ. Жақсыға еліктеу салтымыз ғой. Сіз сияқты ел-халық құрметіне бөленудің, жастар айтатындай, Шер-аға болудың құпиясы бар ма ?

— «Боламын десеңіз болыңыз» деген екен бір ойшыл. Дегенмен мен де пендемін. Мендей жазушылар бар. Менен де өткен жазушылар, үлкен қайраткерлер бар. Ырыс алды — ынтымақ. Мәселе бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, аспанкөк туымыздың мәртебесі биік бола беруіне атсалысуда деп түсінейік.

Мақаланы осымен аяқтаса да болар еді.

Шер-аға өзі ұсыныс жасап, есік пен төрдей көлігімен редакцияға жеткізіп тастамақ болды. Шаһардың сол тұсында шаруасы да бар екен. Жол-жөнекей Шәкеңнің шығармашылық өмірбаяны мен коғамдық қызметі халқының көз алдында етіп жатқанын бағамдап, сірә, Шер-аға болудың бір құпиясы — жасы үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсете білетін адамгершілігінде болса керек деген ой келді. Бұрынғылар «Ұлық болсаң — кішік бол!» — деп біліп-ақ айтқан ғой.

Әңгімелескен Азат Әкімұлы,

Сұхбаттық» арнаулы тілшісі.

1992 жыл


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама