Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Ұмытшақ

Айдар биыл екінші сыныпта оқиды. Мектебі жақын, іргеде тиіп тұр. Үйлерінен шығып түзу көшені бойлап, екі қиылыстан өткен соң, оңға бұрылса — қақпадан енеді. Бірақ, сонған қарамай, өткен жылы әжесі әлденеден алаңдап, өзі апарып, өзі әкеліп жүрді. Өз бетімен баратын болғаны тек биыл ғана.

— Сен биыл сегізге толдың. Мені салпақтатпай енді өзің барып-кел. Бірақ, есіңнен шығарушы болма, сен ұмытшақсың. Керекті заттарыңа ықтиятты бол! — деді әжесі қырқүйектің бірі күні мектепке әкеле жатып. — Ана арқаңдағы боқшаңды бір жерге қойып, сол күйі тастап кетіп жүрме.

Бұл сөздерден Айдар әжесінің өзіне неге сонша шаршамай еріп жүретінінің сырын ғана емес, өз бойындағы бұрын аңғармаған бір кемістігін де білгендей болды. Бірақ, мойындағысы келмеді.

— Жоқ, әже, мен ұмытшақ емеспін. Осы күнге дейін ештеңемді жоғалтып көрген жоқпын ғой. Мен қалай ұмытшақ болам...

Немересінің бетіне барлай қараған әже оның өзі білмейтін кемшілігін мойындағысы келейтінін әрі жасаған ескертуіне кәдімгідей намыстанып қалғанын сезіп, одан ары құтқуырлағысы келмеді.

— Жақсы. Сен — ұмытшақ емессің. Дегенмен, қаперіңде жүрсін дегенім ғой, — деді сөзінің соңын жайбарақатқа салып.

Сол күннен бастап мектепке өзі барып, өзі келіп жүр. Барғанда да, келгенде де заттарына барынша ықтият. Түгендеп алып кетіп, түгендеп алып келеді. Әзірше еш нәрседен шашау шығарған жоқ. Байқамай мүлт кетірсе, әжесінің қадалып, желкелейтінін біледі. Сондықтан, сақ.

Бірақ, бір жолғы оқыс жағдайдан кейін өзінің соншама жинақы, мұқият екеніне ептеп күдіктене бастады. Бірақ, ұмытшақ екенін, бәрі бір, мойындаған жоқ. Бір реткі кездейсоқ жәйтке жорыды.

Ол осы жылғы оқу маусымының жаңа басталған кезі болатын. Бір күні балалармен бірге мектептен шықты да, жолай асық ойнап жатқан таныс балаларға кездесті. Асық десе ішкен асын жерге қоятын ол тағат қыла алмады. Арқасындағы ауыр боқшасын алып, андай жердегі аласа ағашқа ілді де, жанқалтасынан тастамай алып жүретін сақасы мен шүкімайттарын шығарды. Соның арасынша болған жоқ, былайғы дүние мүлде есінен шығып, ойынның иіріміне ене бойлап кете берді. Біреуді ұтты, біреуден ұтылды, қызыққа әбден батты. Тек күн ұясына еңкейгенін байқаған сәтте ғана басын көтерді.

Қайтар жолда, неге екенін, ұтқанын емес, ылғи ұтылғанын ойлаумен болды. Әтеген-ай жіберген тұстары есіне түскенде, іші удай ашыды. Сол өкінішпен келіп табалдырықтан аттады. Өз бөлмесіне кіріп, киімін ауыстырды. Асүйге бас сұғып, әжесі әзірлеген қаймақты шайын ішті. Басқалардың келуіне әлі біраз уақыт бар екен. Бөлмесіне қайтып барып, төсегіне қисайды. Осының бәрінде ол әлгіндегі қым-қиғаш ойын жайын үздіксіз ойлаумен болды. Өте-мөте ұтылған, оңсыз сәттерін.

Жата-жата бір кезде кеш батқанын аңдады. Тапсырма орындау керек екені есіне түсіп, жан-жағын шолып, сөмкесін іздеді. Сол кезде барып сақ етті... боқшасын бағана ілген жеріне тастап кеткені жадына ұрылды. Маңдайының тері бұрқ ете түсті. Ештеңеге қараған жоқ, есікке қарай тұра ұмтылды. Табалдырықтан аттаған беті асық ойнаған жеріне жетіп бірақ тоқтады. Жоқ. Сөмкесі қойған жерінен көрінбеді. Онсызда жүрегі аузына тығылып тұрған Айдар өзін тежей алмай жылап жіберді.

Кешікпей сүлкіні түсіп артына қайтты. Сүйретіліп келіп есіктен кіріп, дыбысын білдірмей өз бөлмесіне өтті. Бір қуанғаны, қашан табалдырықтан аттап кеткенше, қашан болсын алдынан шығып, жігі-жапар боп, дүниелерін түгендеп жүретін әжесі көрінбеді.

Аяңдаған күйі төсегіне қарай беттеген. Басын салбыратып сонда азкем отырды. Бір кезде жайлап басын көтерді. Еш мақсатсыз есікке қараған. Сол сәт жабулы есіктің артындағы киімілгіште ілулі тұрған өзінің сөмкесін көргенде, жанары жарқ етті. Сенгісі келмей, көзін уақалап жіберіп қайта қарады. Өз боқшасы екеніне әбден көзі жеткенде, қуанғанын атама. Ащы даусы шыға айғайлап жіберуге шақ қалды. Әжесінің естіп қалуынан қорықты ғой. Әйітпесе, айғайлар еді.

Барып, салмағын сала салбырап тұрған сөмкесін ұстап көрді. Шаттығында шек жоқ еді. Бірақ, артынша оның әжесі айтқан әлгі бір жәйтке айғақ болып, қарсы алдында тұрғаны есіне түскенде, онша ұнатпай қалды. Дегенмен, оның осы жолы апшы қуырар қатты ұрыстан аман алып қалғанын ойлағанда, амалсыз езу тартып, сипап қойды.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама