Тілсіз қоңырау
Қойшының үйі жыңғыл ортасындағы алаңқайға түсіп қалған қоңырау сияқты.
Айнала — ән салған шеңгел. Тікені зәрлі, өзі тұрпатсыз болса да, осы шеңгелден әуенді, мұңы мол өсімдік жоқ. Әсіресе мына күзде шаршаған желге қосылып, таусылмас сағынышты сазға басады.
Шеңгел шуы бала қолды-аяққа тұрмай жылағанда, соның алыстан талып естілген дыбысындай.
Батыстан бұлдырап Түйетау көлбеңдейді. Шөккен күйі шайқалып, сәби даусына тебіреніп жатқандай. Шұбар көкек жалбаңдап ары-бері ұшып жүр. Ала сауысқан шықылықтап, бұл не сұмдық дегендей жыңғылдан жыңғылға сусиды.
Ұлы құмның босағасындағы жүгірген аң, ұшқан құсқа бұл отардың тіршілік тынысы: қозының маңырағаны, қойдың мекіренгені, иттің үргені, қойшының айқайы, радионың сарыны — бәрі таныс.
Ал жылаған баланың даусы...
— Кет-әй! Мына сорлы кәйтеді, баланы қорқытып үйге кіріп кеткені несі? — Екі жасар нәрестені көтерген қартаң әйел тазыға көсеу сермей тап беріп еді, іші шермиген қаншық қарнын сүйрете-мүйрете, жетімектей жыламсырап, көзі мөлиіп үйден шықты. Табалдырықтан аттай бере кирелең етіп есіктің көзіне көсіле салды.
Шынаркүлдің қолындағы бала бақырғанда бетінен қауынның түйнегіндей түгі шығып, көгеріп қалды.
— Жоғалт! Әрірек қуып жібер, албастыдай ғып есіктің көзіне жатқызып қоймай! — Медеу шал бір уыс боп құрысып, құты кетіп отыр еді. Іргеде жатқан кебісті созылып ала сала қадап ұрды. Тазы қаңқ етті де, бөксесі сүйретіліп барып үйді айналып кетті.
Бала бәрібір бақырғанын қоймады.
— Мә, ұсташы біраз, менің сілем қатты, — деді кемпір.
Шал епелектеп барып баланы алды. Тұла бойы солықтан дip-дip еткен нәрестенің болбыр мойнына мұрны тақалып кетіп еді, әдемі иісі шықты. Медеу мас болды.
«Иә, — деді шал. — Дүниеде бұған тең келер жұпар жоқ».
— Бәу-бәу-бәу! — деді ол кәрі кеңсірігіне жас иіс келген сайын жасара түскендей. Жасара түскенде күші тасығандай, баланы «бәу-бәулеп» қатты-қатты тербетті.
— Әй, байғұс-ау, қолыңдағыны қозы деп тұрсың ба! Сонша жұлқыладың. Адамның баласы ғой, қолын қосақтап қыспа, о несі қозының аяғынан ұстағандай қысып алғаны! — деді Шынаркүл.
— Қайдан білейін, жаман, қоймады ғой жылағанын.
Шал қайтадан бүрісіп бір уыс бола қалды.
Баланың мұнда келгеніне де, безек қағып жылағанына да екі күн болды. Екі күннен бері шал мен кемпір аяғынан тік тұрып көтереді — жұбанбайды. Барын аузына тосады: сүт береді, айран береді, қаймақ береді, құйрық береді — жұбанбайды. Тек бір дорба мәмпәсиден уыстап алып ұсынғанда ғана алданғандай болады да, қайтадан көгереді де қалады. Азап.
Ақыры жылай-жылай, мәмпәсиді жей-жей баланың ыстығы көтерілді. Үні бітіп, қырылдауық болды.
Медеу шал жыңғыл мен шеңгелді аралап қойға кетті. Қойдың басында жәрдемші бала жүрсе де, шыдамады.
— Байғұс шалды қуанта ма десе, қайта одан бетер қартайттың ғой, Серік, — деді Шынаркүл қолындағы балаға.
Серік түсінбесе де солығын баса алмай үлкен адамша күрсініп қойды,
Қайнаға сені асырап ала қойыңдар деп батасын берген соң, біздің шал бетіне шырай кіріп, кәдімгідей құнжындап қалып еді, келгелі бері жатырқап жылай-жылай атаңды азапқа салдың ғой, Серік. Ақымақ болмасаң, бұл атаң кім, ол атаң кім — бәрібір емес пе? Ол атаңпың сенен басқа тағы алты немересі бар, ал Медеу атаңда біреу де жоқ — осы дұрыс па, өзің ойлашы, Серік.
Жетпей желкең қиылғыр, Жексенбі, — деді кемпір кенет кемсеңдеп, — жастайынан жер жастанып, жуадай солған қу жалғыз! Тым құрыса, сендей бір алданыш та қалдырып кетпеді біз сияқты шал-кемпірге.
Жексенбінің сүйегі Сталинград түбінде баяғыда-ақ қурап қалған. Егер бір ғайыптан қайта тіріліп келсе, айтар еді: «Апа-ау, мені неге қарғайсың, мен саған немере сүйдірмейін деді дейсің бе! Дуайпат оқ менімен ақылдасқан жоқ» дер еді.
Бірақ өмірде ондай қызық болмайды.
Шынаркүлдің әлгі арманын мына Серік түсінбейді.
Серіктің өз арманы бар: ол үбірлі-шүбірлі, дүбірлі өз үйін сағынады. Адам, шіркін, туа салысымен арманшыл-ақ.
Серік анда-санда солқ-солқ еткенде, басы қоса қозғалып, ісінген көзін жұмып, Шынаркүлдің бауырына сүйеніп ұйықтап бара жатты. Сонда баланың жас иісі кемпірдің мұрнына да келді. Кеудесі әлденеге шымыр-шымыр етіп, шандырлау емшегі иігендей болды. Саумал шараптан әлі жүзімнің дәмі шығып тұратынындай, сәбидің тамағынан адамның бір асыл шағының иісі аңқып тұрады. Оның қасиеті сөзбен айтылмайды. Оны тек музыка ғана жеткізер. Ертедегілер қобызбен ботасы өлген інгенді идірген. Ал інген ботасын иіскегенде иійді ғой.
Шынаркүлдің әжім торлаған көзінен бұрқ етіп ыстық жас шықты, бір тамшысы талықсып ұйықтап бара жатқан баланың тамағына домалап түсті. Серік селк етті де, ішін тартып ұйықтап қалды.
Кешке торы атқа мініп қайнағасы келді.
Теріскей жақ буалдыр құпия құшағына енді. Ит үріп еді, Медеу жекіп тастады.
— Апыр-ау, Сарыбайсың ба, кештетіп жүргенің жай ма? Ауыл аман ба?
— Шүкір, аман. Өздерің қалай?
Үйдегі бала жылағанын қоя қойды.
— Жылқы қарай шығып едім, әшейін амандықтарыңды білейін деп бұрыла салғаным.
— Келгенің жақсы болды, келгенің жақсы болды. Өзіміз жете алмай отыр едік, жете алмай отыр едік.
— Не боп қалды?
Серік сыртқа қолын шошайтып «әне-әне», «ата-ата» деді.
Шынаркүл:
— Ә, бөтекең түскір, — деді.
— Немерең жатырқап, жаман неме жатырқап... — деді Медеу теріс қарап.
— Немене, «немерең» деп қалыпсың. Балаң ғой сенің, — деді Сарыбай.
Медеу әлденеге абдырап, күйбеңдеп, тілінің ұшымен күбірлеп бірдеңе деген болды. Торы аттың тізгінін ұстап, ағасын қолтығынан сүйеді.
Үйдің ішінде Серік:
— Әне, ата. Әне, ата! — деді.
Баланың көк тамыры көрінген шекесіне қызғылтым қан жүгірді. Жылауық көзінде иненің жасуындай жылтыл пайда болды. Босағадан аттаған атасына кішкентай қолын созды...
Сарыбай аттанарда, Медеу киіз үйдің сыртына сүйеніп отырған. Бір ауық тақиясын алып, ақбурыл шашын сипады. Ақ шаштың аясында күн қақап қарайған жүз тотығып, әрбір әжіміне дейін айқын көрінеді.
— Әй, Медеу! — деді ағасы. — Қойсаңшы осы қойды.
Медеу басын көтерді.
— Көзіңді жыртитып ашқаннан бағып келе жатсың. Жатсаң түсіңе кіретін, тұрсаң көз алдыңа елестейтін ғаламат болды саған бұ қой. Пенсияңды алып, қасымызға көшіп кел, мына балалардың қызығына ортақтасып отырайық. Бұрын күш-қайраттың барында біліне бермеуші еді. Енді қартайғанда, бас ауырып, балтыр сыздағыш болды. Әй, кеңкелес, тыңдап отырсың ба?
— Иә, иә, айта берсеңші!
— Айтсам сол.
Ала қарға талтаң-талтаң басып, жақынырақ келіп тың тыңдады. Сауысқан шыж-быж болып шықылықтап отыр.
— Мейлі-мейлі, кәйтеміз-кәйтеміз, — деп Медеу орнынан тізесін сүйеніп тұрды. Алақанымен шалбарын қаққан болды.
— Болсын-болсын. Бәрекелді, бәрекелді, — деді.
— Ауылға апарып, балаңды доқтырға қаратып, тәуір болғаннан кейін қайтып әкеп тастаймын өзім.
— Бәрекелді, бәрекелді. Мақұл, мақұл, — деді Медеу.
Ағасын қолтықтан демеп атқа мінгізді. Бала қалмаймын деп қолын созды. Медеу жерден көтеріп алып, баланың мойнынан иіскеді.
— Айхай-айхай! — деді.
— Не болды, ей? — деді ағасы.
— Әшейін-әшейін.
Баланы көтерген бойы ағасының алдына қондырды.
— Әй, Медеу, мына медәлің қалай? Мұны балаға тағып қойғаны несі? Алып қал!
— Жо-жо. Тақсын-тақсын! Мен бала дейсің бе, бала дейсің бе?
— Құдая тоба! Бұл сонау Мәскеудің көрмесінің берген Алтын медәлі ғой, жындымысың өзің?! Көрінген дуайпатқа үлестіріп жатыр деп пе ең мұны өкімет! Мә, алып қал.
— Жә-жә. Тиме-тиме. Мырза тағатын нәрсе ғой, мырза тағатын.
— Мейлі, мен алып сандыққа салып қоярмын, — деді ағасы.
Торы ат асықпай аяғын санап басып жүріп кетті.
— Анау фермең келгенде, қойын қолына тапсыр. Өзім телешке жібергізем, — деді артына бұрылып ағасы.
— Болсын-болсын, — деді Медеу.
— Қап, мына ақымақ, есер неме, жатырқағаны несі-ей сендерді, ұдайы бізден жырақта жүресіңдер де, балалар да жатырқап қалады. Е, есер неме, ол көке ғой, көке.
— Е-е, ештеңе етпейді, ештеңе етпейді. Есер болмай ер болмайды.
— Ал, кемпір, оны-мұныны, ұсақ-түйекті буып-түйіп дайындала берейік, дайындала берейік, — деді Медеу, ағасы ұзап кеткенде.
— Қайда, байғұс-ау, әлгі қайнағалардың қасына көшіп баратын болдық па?
— Жоға. Құмға көшпеуші ме едік жылда. Құмға... Әлгі ферме мәшинесін алып келіп қалар, кешікпей келіп қалар... Қап, әлгі жаман немеге үйреніп қалып едік, — деді Медеу жыңғыл арасына сіңіп кеткен салт аттының соңынан қарап.
— Әне, бұл сөйтеді енді, — деп шап ете түсті Шынаркүл. — Әлгінде ғана жылағанынан безер болып еді, енді сағынып шыға келді. Дауа жоқ саған. Онан да мына тенді буыс. Қайнаға аман болса, артымыздан Серікті алып, торы атқа мініп әлі-ақ кеп қалады.
— Иә, иә, кеп қалар, кеп қалар. Серікжан да жатырқамас, — деп Медеу қарт ала арқанмен теңді тарта буғанда, Шынаркүл:
— Ақырын, ей байғұс-ау, арқанды үзесің бе, — деді.
— Осы сен, кемпір, байқадың ба, Серікжан біздің Жексенбіге тартқан ба деймін.
— Бауыры да, тартса несі бар. О да жылауық еді ғой.
— Жылауық еді, ә! Тартқан екен ғой. Сарыбай енді қашан алып келер екен?
Үміт болмыстан да өміршең.