Жұмыс болмай, тұрмыс оңбайды
Шерханға хат
Қымбатты Шерхан! Халықаралық зерттеу-талдау ісінде адамның даму деңгей-дәрежесі деген көрсеткіш (индекс) болады. Біріккен Ұлттар Ұйымының дерегі бойынша осы көрсеткіште Қазақстан 1996 жылы 100-орында тұр екен (175 елдің ішінде). Біздің қатарымызда өзіміз аяп, мүсіркей қарайтын Африка — Азия елдері.
Қазақстанның жер көлемі жағынан 6-орында тұрғаны менің «Қазақстан. XXI ғасыр» деген («Егемен Қазақстан», 25 маусым, 1996 жыл) мақаламда толық келтірілген. Қазба байлық жағынан Қазақстан ең бай деген он елдің қатарында. Енді сол табиғи жағдайларға сәйкес экономикалық хал, ал оған қарай халықтың әлеуметтік-тұрмыстық халі қандай? Иә, бізде көрші елдермен салыстырғанда орташа еңбекақы жоғары. Бізде жұмыс істейтіндердің (!) орташа жалақысы 105 долларға жетеді дейді. Әрине, ол бәрінде бірдей емес, біреуі 250 доллар, екіншісі — 50 доллар алады. Рас, көрші елдердегіден көп екен: Түрікменстанда 9 доллар, Әзірбайжанда 12 доллар екен. Өзбекстан мен Қырғызстаннан көп, бірақ Ресейден әлдеқайда төмен. Мұның өзі бәріне бірдей емес, «орташа» деңгей ғой. Оның үстіне бізде ең қажет тағам мен бұйымдардың бағасы да олардан қымбат.
Сондықтан сан жүзінде қанша болса да нақтылы салмағы қандай екенін өлшеу, есептеу керек. Қарапайым есептің өзі-ақ жұмыс істеп, орташа айлығын алып тұрған адамның өзіне бір айда жан сақтап тамақтану үшін күніне 100 теңге, айына 3000 теңге керек. Оның сыртында коммуналдық-пәтерақы шығындарына (жылу, жарық, газ, ыстық су — олар болсын-болмасын) кемі 2000 теңге қажет. Қалалық көлікке 100-150 теңге, екі-үш газет алуға 300 теңге, бір-екі кітапқа 500 теңге, ал қарапайым, арзан киім алмай ма? Оған кемі 2000-3000 теңге қажет. Сонымен, бір адамның қалыпты қалт-қүлттіршілігіне7000 теңге қажет болады екен.
Адамға күнкөріс үшін бір тәулікте 1520 килокалория беретін тамақ жеу керек екен, ол бізде қазір орташа 1830 килокалориядан шығып тұр. Бұрын дүкендерде ештеңе жоқ болатын, жұрттың үйіндегі тоңазытқыштары толып тұратын. Енді дүкендерде бәрі бар, бірақ үйдегі тоңазытқыштар қаңырап бос тұр. Бағаның өсіп, ақшаның құнсыздануы салдарынан адамдардың тамақ етуі күрт азайды. Әр адамға шаққанда жылына орта есеппен 30 кг ет (бұрын 68 кг), 200 кг сүт (бұрын 340 кг), 70-80 жұмыртқа (бұрын 240 дана) келеді екен. Көкөніс-картоп та, нан да біраз азайған.
Тұрғын-үй коммуналдық қызмет бағасының қымбаттауы кедей адамдарды таза титықтатады. Оған төленетін ақы кейде айлықтан асып кетеді. Ақмолада болған жиында бір студент біздің айлық стипендиямыз бір аптаға ғана жетеді, ал қалған үш аптада қалай күн көреміз деді ғой. Одан бері онымен қоса баға да өсіп барады ғой. Бюджеттік айлықпен немесе пенсиямен ғана күн көретін адамдар (олар орташа 1800 теңге алады) қалай, қайтіп күн көреді?
Осы 1800 теңгені адамның күн көруіне «жететін» мөлшер деп алсақ, яғни, кедейліктің ең төменгі шегі деп санасақ, онда біздің халқымыздың 64 пайызы (ауылдағылардың 84 пайызы) бұл деңгейден төмен қалады екен. Яғни, 16,5 миллион адамның 11 миллионы жарлы-жақыбай.
Белгілі қайраткер (Ресейде, бізде) А.Вольскийдің деректері бойынша, халықтың тұрмыс-дәрежесі төмендеп, осыдан 30-40 жыл бұрынғы қалпына қайтып барды. Ақша-айлықтың құны түсіп, бағаның шарықтап-шырқауынан қазір халық етті 1960 жылғы мөлшерде, сүтті 50-жылдар көлемінде пайдаланып, тұтынатын, ал матаны 40-жылдар, аяқ киімді 50-жылдар көлемінде сатып алады екен.
Америкалық қызметкер айына 2-2,5 мың доллар табатын болса, бізде 80-100 долларға әрең жетеді. Сөйте тұра біздегі бағаны әлі де аз, арзан деп сендірмек болады кейбір ақыл ғой теоретик-экономистер. Шынында, бізде негізгі тағамдардың орташа бағасы Америкадағыдан он есе арзан екен. Салыстырып көріңіз: АҚШ-та бір кило сиыр еті — 6-7 доллар тұрады, бізде 200-250 теңге, яғни 3-4 доллар, айырма екі-үш еседен артпайды.
Шын бағаны айқындайтын — айлық. Ол бізде 20-30 есе аз. Оның себебі, біздің табатын ұлттық табысқа, өндіретін өнімге байланысты. Бізде жан басына бір жылда 2900 доллардың ұлттық өнімі шығарылады (1991 жылы —13 мың доллардан келетін). Ал Швейцарияда әр адамға — 36 мың, Жапонияда — 25 мың, АҚШ-та — 21 мың доллардың өнімі шығарылады. Тұрмыстың бар айырмасы осыдан!
Ал шынын айтсақ, Қазақстанда айналдырған 16 миллион адамның дұрыс тұрмыс құрып, алансыз тіршілік етуіне мүмкіндік молынан бар. Біздегі қазына-байлық кұны 11 триллион долларға тең. Әр адамға бір миллион долларға жуық келеді екен. Қаншама қазынамыз барына таң қаламын. Соның қаншасы талауға кетіп жатқанына қайранмын.
Үкімет мүшесі С. Қалмырзаев хабарлағандай, мұнай сатудан 500 миллион доллардың жоғалуын, ол жөнінде ешкім ештеңе түсіндіре алмауын не дейміз?
Бұл — 35 миллиард теңге, ал біздің бюджеттегі ғылымға, оқуға, денсаулық сақтауға, мәдениетке, ақпарат құралдарына бөлінген қаржы 25 миллиард теңге. Салыстырыңыз. Демек, бар болғаны 5 млн тонна мұнай бүкіл еліміздің мәдени-рухани қажетін өтеп отыр екен. Сонда қалған мұнайдың ақшасы қайда? Сен анада біз алтын сандықтың үстінде жалаңбұт-жалаңаяқ отырмыз деп қалып едің. Енді, Шерхан, сол сандықтан сені ысырып, итеріп тастамаса неғылсың. Қазір сол сандықтан отыздан астам жұмыс істеп, өнім беріп (және қандай өнім!) пайда түсіріп тұрған кәсіпорындарды шетелдіктерге беріп жібердік. Олардың өзі анау-мынау емес, алтын, мыс, мұнай, хром, марганец, алюминий, фосфор, болат секілді аса қажет, ең қымбат өнім беретіндер.
Шетелдіктер біздің кәсіпорындардың мойнындағы қарызын өтеп, жұмысшыларға айлық беріп жатыр дейді. Мен саған мына бір көкейімнен кетпей жүрген сұрақты айтайын. Жезқазғанның мысын иемденген корейліктер барлығы 380 миллион доллар шығын жұмсапты. Көп қаржы, біз соған қызықтық. Ал енді бір жылда 250 мың тонна таза мыс өндірсе, оның бір тоннасын 2000 долларға (әлемдік бағасы солай) сатса, сонда олар бір жылдың өзінде ғана 500 миллион доллар алмай ма? Ал анау Ақтөбедегі жапондықтардың алғашқы ретте жұмсаған қаржы-шығыны 38 миллион доллар болғанда, одан қайырып алғаны 143 миллион доллар.
Қарағандының 15 шахтасын голландықтар сатып алған, соларды сақтап қалды деп қуанып жүрміз. Екібастұзды да сатып жібердік. Ал олардың бір жылда өндіретін 50 миллион тонна көмірің әр тоннасын 10 доллардан сатса, бір жылдың өзінде 500 миллион доллар түсірмей ме? Олар осыны көре жылына 100 миллион доллар бөліп отыр. Бүкіл Қызылорданың үміті болған Құмкөлді де сатып жібердік. Ол қазір екі миллион тонна мұнай береді. Соны 100 доллардан ғана сатсақ, бір жылда 200 миллион доллар келмес пе еді? Ал олардың бір жолы жасаған шығыны 40 миллион доллар болса, қаншама пайда табады?
Бәрі бірігіп 100 тонна алтын өндіретін Бақыршық, Васильков, Ақбақай секілді кеніштерді сатуы да тіптен түсініксіз. Алтынның бір килосы 100 мың доллар (унциясы 380 доллар). Осылардың бәрін ешкімге сатпай-ақ өзіміз ұстап тұруға, уақытша қаржы тауып, кейін пайда алуға неге болмайды? Осыған жауап бересің бе?
Шерхан деймін-ау, ауыл халі ауыр дейміз. Бірақ ауылда жер бар, көкөніс-картоп егетіндер көбейіп келеді. Одан басқа да тіршілік жолдары бар екен.
Жақында өзіміздің «Егемен Қазақстанда» Торғай облысы Амангелді ауданының әкімі Жақсылық Ғайсинмен әңгіме жарияланды. Алыс аудан тіршілігіндегі жаңа бір көріністерді айтады. Олар өзеннен балық аулайды, екі мың тонна тұз дайындап, тері мен жүн өңдеп, пима, кілем-текеметтер жасайды, ағаш түйіп ер-тұрман, арба-шана, киіз үйлер жасап сатады. Сол шағын кәсіпорындары бір жылда 10 миллион теңге тауыпты.
Осындай тіршілікті, Шерхан, сен кеше Жамбыл жерінде көріп келдім дедің ғой. Әрине, бұрын кең көлемді, техника күшімен атқарылатын жұмысқа үйренген адамдарға бұл ұсақ кәсіптерге көндігу оңай емес. Басқа амал жоқ. Ауылдағыларға енді келіп түсе бастаған шетел қарыздарына еттен, сүттен, ұннан түрлі тағамдар жасайтын шағын кәсіпорындар сатып алып, соларды көбейтсе, тіршілік жандана түсер еді-ау.
Ауылдарда осындай шаруалардың қажет екенін, қолға алу қажеттігін, Шерхан, есінде ме, 1989-90 жылдары жазған, жариялаған едік қой. Міне, қазір фермерлер бізде бар өнімнің 6 пайызын ғана береді екен. 6 жылда 6 пайызға жеткен. Олар бүйтіп бізді қашан асырамақ?
Егін, мал. құрал-сайман алған шаруашылықтар өздерінің ұпай-үлестерін қалдырып, ірі кооператив-бірлестіктерге қауымдасса ғана шаруа бірте-бірте оңалады, оңады. Онсыз ауыл халі түзелмейді.
Ал енді қаладағы жұмыссыздар қалай күн көреді, не кәсіп қылады? Кәсіпорындар өз адамдарына жұмыс тауып бере алмай қаңырап тұр. Мына бір шаруа миыма қонбайды, Шерхан! Айналымдағы ақша көбейіп, инфляция бой бермей кетеді деп жұртқа қажет (сапасы шетелдіктердікінен төмендеу болса да, бағасы арзандау келеді, оның да өз алушылары бар ғой) өнім-бұйымдар шығаруға дайын отырған кәсіпорындарға жұмысты қайта бастап кету үшін қажет несие бермеу, жәрдем жасамау — тіптен түсініксіз. Бізде қазір 450 кәсіпорын тоқтаған.
Ресейдің басшылары қаржы шығарсақ та өндірісті тірілту керек деп отыр.
Біз де соған баруымыз керек.
Жақында Президент тұрғын үй құрылысын шындап қолға алу керек деді. Шынында, бізде соңғы жылдары үй салу азайып кетті. Бұрын жылына 8 миллион шаршы метр тұрғын үй салынатын еді, енді бір-ақ миллион болып қалды. Бұл іске мемлекет несие бөлмек. Баяғы «жабайы бригада» емес, ұйымдасқан, техникамен, құрылыс материалдарымен жабдықталған ұйымдар құрып, кіріссе, бұл дұрыс іс болар еді.
Ал енді көп айтып жүрген шағын және орта бизнес бастапқы қаржы мен салық жеңілдегенсіз жанданбайды. Олар бар өнімнің 3-ақ пайызын береді. Оның үстіне кей жерде шағын кәсіпорындар ашу, тіркеу жергілікті әкімдердің уысынан шыға алмай, күштеу-тежеушілік көрсететін қаупі бар.
Сонымен, біз енді қандай қоғам, қандай құрылым құрып жатқанымызды барған сайын тереңірек сезініп жатырмыз. Психология бұрынғыдай, ал өмір ағымы басқаша. Өмір өз ырқына көндірмей қоймас.
Мен жақында бір сұмдықты естідім. Ауылдарда жас отбасылар ауқатты байларға жалданып, соның малын бағып, шаруасын атқаратын бола бастапты. Сол жұмыс үшін өздеріне еңбекақы, балаларына киім, тамақ алады екен! Ең жаманы, сол малай жастар қоршылыққа ұялмай, арланбай, кайта қуанатын, мақтанатын көрінеді.
Ендігі көрмегеніміз жалшылық еді — соған да келдік, Шерхан ! Бұрын тарихтан оқып мүсіркейтін жарлылар мен жиіркенетін байлар бөлініп шыға бастады. Етіміз де оған үйрене бастаған ба?
Отан соғысынан кейін біздің елде халықтың саны үнемі өсумен, көбеюмен келген еді. Мына екі~үш жыл ішінде бұрын-соңды болып көрмеген оқиға байқалды — халықтың саны азая бастады. 1989 жылы 306 мың бала туса, 1994 жылы 231 мың бала, яғни 75 мың сәби аз туған. Оның есесіне 1989 жылғы 126 мың орнына 1994 жылы 160 мың адам өлген де, олардың саны 34,2 мыңға өскен. Сөйтіп, бізде адамдардың табиғи өсімі соңғы алты жылда 43 пайызға кеміген.
Реформаның дұрыс я бұрыс кетіп жатқанын адамдардың тұрмыс жағдайының жақсаруына не нашарлауына қарап білуге, бағалауға болады. Табыс табу үшін адам жұмыс істеу керек. Жұмыс табу үшін жұмыс орны керек. Ауылда ешқандай жұмыс орны қазір табылмайды. Оларды мемлекеттің құратын түрі жоқ, оны ауыл адамдары, аудан әкімдері ездері қолға алмаса ештеңе шықпайды.
Белгілі миллионер, филантроп Джордж Сорос Алматыда болған кезінде бір сұхбатта: мемлекет экономикаға араласпасын деген қағиданы қостамайтынын білдірді. Экономикаға араласпаған мемлекет өз халқының әлеуметтік тұрмыс халін жақсартуға жәрдемдесе алмайды (оған қажет қаржы сол өндірістен ғана келеді), демек өзін өз халқынан алыстатады деді ол.
Әркім өз күнің өзі көрсін, әркім өзіне ғана сенсін деген мына қатыгез заманның ураны да, талабы да шықты. Өмір бойы мен барымды коғамға берем, ал коғам мені барынша қорғайды деп алаңсыз күн кешкен адамдарға бірден өзгеріп шыға келу қиын. Міне, осындай қинайтын өтпелі заманда мемлекет қол ұшын бермесе болмайды-ақ!
Әрине, халықтың осындай қиындап бара жатқан ауыр халін үкімет басшылары көрмейді деуге болмайды. Олар біледі, жақсарғанын тілейді. Бірақ қазір ол қолдан келмей отыр, өйткені нарықтық экономика ырыққа көнбей кетті. Бар мәселе осыған ғой.
Досың Камал СМАЙЫЛОВ