Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 3 күн бұрын)
Қызыл жолбарыстың іздері

Жамбыл жәкеміз қайтыс болардан сәл бұрын өзінің бел баласы Тезекбайды шақыртып алып:

— Тезекбай, дайындала бер. Қызыл жолбарысым үйдің сыртын айналып, тау жаққа қарай кетіп қалды. Енді мен көп ұзамайтын шығармын, — депті.

Қызыл жолбарыс Жамбылдың киесі екен ғой. Ақындық рух. Жүз жасаған ұзақ жасында Жамбылды Жамбыл етіп, көмейінен жыр төккізіп қойған сол рух.

Өнер адамында, әсіресе ақында ондай рух болмаса, ол шамалы ғана, шала ақын. Қатты ауырып жатқанда көңілін сұрай барған Әсетке Кемпірбайдың не айтқанын білеміз ғой.

Әсетжан, бұл аурудан өлем білем,

Алланың аманатын берем білем.

Кеудемнен көкала үйрек «қош» деп ұшты,

Сол шіркін кері жолдас өлең білем, —

демей ме Кемпірбай. Демек, Кемпекеңнің киесі Көкала үйрек.

Жамбылдың ұлылығы — Қызыл жолбарыста.

Жамбылдың өз аяғы жетпеген жерге сол Қызыл жолбарысы жеткен.

Соның бірі — Ленинград. Қазіргі Санкт-Петербург.

Қасиетті Петрдің қаласы. Көп адамдар Петр Біріншінің құрметіне қойылған деп ойлайды. Шындығында қаланың атын Санкт-Петербург деп қойып жүрген сол Петр Біріншінің өзі. Өзінің атын емес, апостол Петрдің атын қойғаны. Иисус Христостың шадиярларының біреуі.

Осы сәуір айының он үші күні сол Санкт-Петербургтің Таврия сарайында Жамбылдың 150 жылдығына арналған салтанатты жиынменен Санкт-Петербург және Ленинград облысындағы Жамбыл күндері басталды.

Таврия сарайы. Тоқсан жыл бұрын 1906 жылы Ресейдің I Думасы өз жұмысын осы Таврия сарайында бастаған.

Заман-ай десеңізші. Сонда Ресей мемлекеттік Думасының мінбесінен Бақытжан Қаратаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Бірімжанов сияқты азаматтар езілген қазақ халқының жоғын жоқтап, арман-тілегін айтып, қазаққа жеңілдік бер деп күресіп еді. Сонда Марков деген шовинист депутат: «Қазақтардың талабын орындап керегі жоқ. Олар баяғы Шыңғыс хан мен Ақсақ Темірдің ұрпақтары. Сондықтан Америкада «қызыл терілі» үндістерді қалай қырса, казактарды да солай қыру керек», — деп еді.

Ал біздің елін сүйген ерлеріміз осындай күйдіргілермен арпалыста шыңдалды.

Енді бүгін сол мінбеден Жамбыл туралы небір жақсы сөздер айтылды. Санкт-Петербург мэрі Собчак, Ленинград облысының губернаторы Беляков сөйледі.

Бізден академик Зәки Ахметов Жамбыл туралы баяндама жасады. Республика мәдениет министрі Талғат Мамашов, ақын Фариза Оңғарсынова сөз сөйлеп, өлең оқыды.

Ленинградтың 900 күндік блокадасын көрген көзі тірі шал-кемпірлер Жамбылды еске алғанда, оларды енжар тыңдау мүмкін емес. Жамбылдың «Ленинградтық өрендерім» өлеңін әртіс Михаил Токарев оқығанда залда еңіреп жылап отырғандардың, талайын көрдік.

Сойқан соғыс кезінде Жамбылдың бір өлеңі тұтас бір армияның күшінен артық эсер берген. Қалжыраған аш-жалаңаш адамдар сол Жамбылдың жалынды сөздерінен теңдессіз күш-қуат алып, рухы бекіген. Ал рухы күштілер ешқандай жаудан жеңілмейді.

Әне, әрбір ленинградтық Жамбылды сол үшін сүйеді, сол үшін қастерлейді. Ел болған соң ішінде ақылдысы да, ара-тұра әумесерлері де кездеседі. Ленинградтық Розенбаум деген біреу кезінде «Біз Жамбылдың баласы емеспіз»,-деп алжып жүрді. Қазір ондай үндер өшті. Өйткені Жамбылдың аруағы бәрінен де күшті. Розенбаумдар казакта да болған. Бірлі-жарымы қазір де бар. «Жамбыл ақын емес», — деген имансыздардың талайының аузы-басы қисайып қалған.

Санкт-Петербургтің қақ ортасындағы Жамбыл көшесінің бойына мемориалдық тақта қойылып, осы құрметке көп адам жиналды. Қала тұрғындарының өзі осы жиында бірінен кейін бірі шығып сөйлеп, Жамбылға арнап оның көшесінің бойына мемориалдық тақта қою аз, сонымен катар ұлы ақынның бедерлі бейнесі қойылсын деп талап етіп жатты. Ал халықтың үнін қадірлеу лазым.

Жамбыл күндері тек Санкт-Петербургпен шектеліп қалған жоқ. Облыс көлеміне тарады. Выборг қаласы Жамбыл аруағын жаңғыртса, Волхов ұлы ақынның құрметіне деп үлкен мереке өткізді.

Волхов десе біздің құлақ елең ете қалады. Өйткені бұл майданда қазақстандық 310-дивизия жаумен шайқасқан. Ол шайқасты ардақты ақын Сырбай Мәуленов өз өлеңдерінде тебірене жырлаған. Менің бір ағам осы Волхов майданында он қолынан айырылып қайтқан. Ол туралы мен «Шолақ Сияқұл» атты әңгіме-эссе жаздым.

Ленинград дегенде Әлияны айтпаса, аруақ аттап кеткендей кешірілмес күнәға батар едік.

Әлия Молдағұлова оқыған мектеп қазір сол Әлия есімімен аталады, мектеп орналасқан көше де Әлия атында. Мұндағы кездесу де әсерлі болды.

Ал енді осы көптеген кездесулерде Қазақстан Республикасының, азат Қазақстанның айбынын асқақтатқан тек сөз сөйлеген шешендер ғана емес, көбінесе біздің әнші-күйшілеріміз, өнер жұлдыздары болды. Бұл жолы әсіресе жас таланттар жарқырап көрінді. Абай атындағы опера және балет театрының әншілері Жәмила Баспақова, Инесса Тарасова, Қайыржан Жолдыбаевтар атақты әншілерге кенде емес Петербург жұртшылығын риза етті. «Адырна» ансамблі, белгілі әншілер Хафиз Есімов, Кенжеғали Мыржықбаевтар Жамбыл елін, оның өнерін өзге өңірге лайықты таныта білді.

Жоқ, ленинградтықтар Жамбылды ұмытпапты. Жамбылдың жалынды сөздерінен медет алып, рухтанғандар әлі көп екен. Мәселе — енді келер ұрпаққа ұлы ақынды ұмытпайтындай тәрбие беру — біздің парыз.

Ленинградқа Қазақстаннан барған делегация мен өнер шеберлері сол үдеден шыққандай.


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама