Арманын аңсаған жандар. II
Epлiк туралы сага
ЕКІНШІ КІТАП
Орыс тілінен аударған Мыңбай Ілес
АУЫР КЕЗЕҢДЕР
ҮШІНШІ БӨЛІМ
ҚЫРҚЫНШЫ ТАРАУ
ТАБАЛДЫРЫҚ АЛДЫНДА
Егер үйден өлік көктемде шықса, онда бүкіл жаз оның қалай жерленгені жөніндегі көңілсіз естеліктерге толы болады. Ал күзде, қыстың қарсаңында адамның жан дүниесін жайлап алатын ойлар қандай болады?
— Егер биылғы қыс ұзаққа созылса, не болады? — деді балалардың үлкен ағасы, ымырт жабыла бере үйдің сыртқы есігі табалдырығының үстіне отырып алып. — Егер қыс созыла берсе, созыла берсе, құйрығынан жібермей ұстаған ит сияқты айнала берсе, айнала берсе — қалай тоқтатпақ болсаң да, тоқтай алмай, одан сайын айнала берсе ше? Сонда не болмақ?
Ол өз сұрағына өзі жауап қайтарды:
— Енді ештеңе де бола алмайды.
— Ондай ұзақ қыс болмайды, — деп жауап берді кіші інісі. — Ал егер тым ұзаққа... мысалы жүз жылға созылатын қыс болса, онда мен сол мерзім ішінде өзіміздің тау басына өрмелеп шығар едім.
— Сонда не бітірмексің?
— Ондағы биіктен алыстағы бөтен елдерді көрер едім.
— Ол қандай елдер?
— Мамамның тірі кезінде айта беретін ғажайып елдер.
— Ондай ешқандай да бөтен елдер жоқ.
— Бар. Мен айтып отырмын ғой — бар! Мен құтырынған желдің таудағы құлама судың ағысын төменге, егіске қарай емес, қайта таудың биік басына қарай айдайтынын талай рет көрдім.
Балалардың үлкен ағасы Ноннидің айтқан бұл сөзіне, әрине, мән бергісі келген жоқ. Оның сөзіне сене қойғаны соншама! Айтып тұрғанының бәрі өтірік, ойдан шығарылған жалған әңгімелер. Сәлден кейін Ноннидің үлкен ағасы өзінің әлгі бастаған әңгімесіне қайта оралып соқты:
— Ал өлгсн адамның мәйітін жерлеу керек болса ше? Егер жерлеу рәсімі ұзаққа созылып кетсе ше? Пастор сөйлеген сөзін соза берсе, соза берсе, жұртты жалықтырып, көп сөйлесе ше? Айталық, үйдің төбесінен ағатын жаңбыр суы сияқты ешқашан аяқталмай, созыла берсе ше? Егер ол "Әумин!" дегенше жүз елу жыл өтіп кететін болса ше? Онда не болмақ?
— Мәйітті олай жерлеуге болмайды. Бола қалса, адамдар оның аяқталуын күтпей, бет-бетімен тарап кетеді.
— Ал табыт ше, нақұрыс неме-ау? Сеніңше, ол да кетіп қала ма сонда?
— Табытты адамдар өздерімен бірге алып кетеді.
— Сенің есің дұрыс па өзі? Пастор соңғы сөзін айтып болмай тұрып, табытты алып кетуге батылы бара қояды деп қалай ғанаойлайсың?!
— Біздің мамамызды жерлегенде пастор сөзін қанша созбақ болса да кофе ішкісі келген кезде сөзін өзі-ақ тоқтатқан. Мен оның осылай ететінін, әйтеуір бір тоқтайтынын сезіп тұрғанмын.
Үлкен ағасы кіші інісіне тақала түсіп, оның иығына қолын қамқорси салды да былай деді:
— Нонни, сен әлі жассың, кейбір нәрселерді түсіне бермейсің. Сенің оныңа таң қалуға да болмайды.
— Мен бәрін де түсінемін, деп қарсы дау айтты інісі, ағасының қолын өз иығынан ысырып тастап. — Сен түсінген нәрсенің бәрін мен де түсінемін. Керек десең, тіпті тереңірек түсінемін!
— Жарайды, — деді ағасы. Сені ақылды-ақ дейік. Онда айта қойшы: мәйітті жерлеу дегеніміз не өзі?
Кіші інісі бір түрлі ойланып қалды. Өйткені қайткенде де дұрыс жауап табуға тырысты. Ол қанша ұзаққа ойланса да бір тоқтамға келе алмады. Жоқ, ол әлгіндей қарапайым оп-оңай сұраққа қанша ойланса да байсалды да түсінікті дұрыс жауап бере алмайтынына көзін жеткізді.
Сұраққа үлкен ағасының өзі жауап қайтарды:
— Мәйітті жерлеу дегеніміз мәйітті жерлеу деген сөз ғой, ақымақ неме-ау!
Нонни таң қалып, ойланып қалды. Осындай оп-оңай жауап қайтаруға оның ақылының шынымен-ақ жетпегені ме?!
Ал үлкен ағасы сөзін жалғастыра түсті:
— Иә, жерлеу әрекеті ешқашан аяқталмақ емес... Мейлі, адамдар ақырын күтпей, бет-бетімен тарап кетіп қалса да, пастор ең соңғы "Әумин!" деген сөзін айтып бітсе де, былтырғы көктемде таудағы құлама су еңіске емес, өрге қарай атыла ағыпты-мыс десек те — ал олай болыпты-мыс деу шіп-шикі өтірік, құлама судың өрге қарай ағуы мүмкін емес, — бәрі бір мәйітті жерлеу ешқашан, тіпті ешқашан аяқталмақ емес. Ал сен ақымақ неге олай екенін білесің бе?
— Өзің ақымақ! Мен сенің бұл сұрағыңа жауап бермеймін.
— Олай болса, себебі марқұм болған адам ешқашан қайта тірілмейді.
— Сен неге тек өз айтқанынның бәрі де дұрыс бола беруі керек деп ойлайсың? Маған тыныштық берші өзі! — деді кіші інісі, бұртия өкпелеп, шетке қарай жылжыды.
— Сен қорқып отырғаннан саумысың?
— Жоқ...
Іңір қараңғылығы қоюланды, кеш салқындай түсті. Көкжиекте қою қара бұлттар тізбегі пайда бола бастады. Соған қарағанда, шамасы, жаңбыр жауатын болуы керек. Әжесі жаңа айдың тууын әлі күтіп отыр.
— Нонни, саған бір қызық әңгіме айтып берейін, тыңдайсың ба?
— Айтпай-ақ қой, — деді немересі. — Тыңдағым келіп отырған жоқ.
— Егер біз осы жерде ұзақ отырсақ, мысалы жүз немесе жүз елу жыл отыра берсек, соның бәрінде де тап қазіргідей іңір қараңғылығы қоршап тұрса, әкелерің бір ғана саулықты әлгі бір құшақ шөпті бір-бір талдан ғана беріп азықтандырып отырса, сонда...
— Егер әкеміз үйде болғанда, сендердің жұмыс істеу орнына осында емін-еркін жайласып алып, қайдағы жоқ бос әңгіме соғып отырғандарыңды көрсе, онда шеттеріңнен сазайларыңды тартқызар еді. — Мұны айтқан ортаншы ұл Гвендур болатын. Ол бұларға бейне бір кәнігі ұрылар сияқты мысық аяқтанып, жасырынып келіп, бәрін де тыңдап тұрған болатын.
Бір қызығы — бағанадан бәрі әңгіме соғып отырғандар емес, әлі де "кейбір нәрселерді түсіне білмейтін" жас бала Нонни шап ете қалды.
— Жұмысың болмасын — біз сенімен сөйлесіп отырған жоқпыз! — деді інісі.
Үлкен ағасы оған қоса былай деді:
— Сенімен сөйлесе қоятындай біз соншалықты ақымақ емеспіз.
Гвендур адамның жан дүниесі дегеннің не екені туралы ешқашан еш нәрсе де ойланып көрмеген еді. Ал мына екеуі жан дүниесі туралы әңгімені оңашада ұзағынан соғып отыр. Міне, қарай гөр бұларды! Жұмыстан басқаны ойына да алмайтын ортаншы ұлға қарсы бұл екеуінің ауыз біріктіре қалуына да сол жағдай себеп болған сияқты.
— Қалай десеңдер, олай деңдер. Әкем мені сен екеуіңнен әлдеқайда ақылды деп санайды, — деді Гвендур.
— Солай деп санаса, санай берсін. Оның есесіне, бізді шешеміз өте жақсы көретін.
— Шешеміз дей қалуларыңа жол болсын! Оны жерлеген кезде көздеріңе бір тамшы жас та алған жоқ едіңдер ғой сен екеуің! Сен де, сен де! Мирилік Гудни кемпір сонда сендер туралы не айтқанын білесіңдер ме? Сендерге қараудың өзі ұят деген. Шешелерін жерлеп жатқанда бұл екеуі пасторға ақымақ қойлар сияқты көздерін бадырайтып, оны мазақ етті деген!
— Сен бізді әкемізге жағыну үшін еңіреп жылайтын шығар деп шынымен ойладың ба? Жоқ. Тіпті де олай емес. Біз қыңқылдап жылап, дауыс шығармаймыз. Біз Йемеберг викингтері сияқтымыз. Сен еңіреп жылайсың, ал біз одан да қарсыласып, ұрысқа шығуға әзірміз.
Айтыс-татыс осылай қыза түскен кезде Ауста бұларға есіктен басын шығара тіл қатты. Іңір қараңғылығы тұмшалап тұрған жол жол жаққа қарап, жіп-жіңішке нәзік қолдарын белдемше көйлегінің етегіне бір сүртіп былай деп сұрады:
— Балалар, сендер оны көрген жоқсыңдар ма?
— Оны деп тұрғаның кім еді?
— Кім өзі дегендерің қалай? Сендер соншалықты ақымақ емес едіңдер ғой. Менің кім туралы сұрап тұрғанымды білесіңдер ғой!
— Сен, немене, оны өліп қалды деп ойлайсың ба сонша?
— Әкелерің туралы осылай деп айтуға ауыздарың қалай барады?! Ұялмайсындар ма?
— Иә, бұларға әкелерінің тезірек өлгені керек, — деді Гвендур. — Сонда бұлар жұмыс істеуден құтылар еді. Осы жерде табалдырық алдында итше шоқиып отырып алып, бірер күн бойы итше шәуілдей берер еді.
Кішкентай Нонни былай деп қарсылық білдірді:
— Егер біз қаласақ, бұл үйден біржола кетеміз де, дүниені шарлап, сапар шегетін боламыз. Ал сендер осында қала бересіңдер.
— Өте жақсы. Жарайсыңдар! Осы бастан неге кете бермейсіңдер? Неғұрлым ерте кетсеңдер, соғұрлым жақсы емес пе? Мұнда ондай сапарды қызғанатын ешкім жоқ, — деді Ауста, теріс айнала кетіп бара жатып. Өйткені ол сапар шегудің не екенін өз басынан өткен тәжірибесінен жақсы білетін еді.
Балалар табалдырыққа отырған бойы қала берді.
— Бұл да еңіреп жылаған болатын, — деді Хельги үнсіздік орнаған кезде балаларға есіттіре.
— Ол рас, Ауста әлі де жылап жүр. Кеше кешке де, алдыңғы күні де еңіреп жылады.
— Нонни, сен білесің бе, оның жылайтын реті жоқ тіпті. Бұл қыз біздің шешемізден тумаған ғой, біздің ешқайсымызбен бірге тумаған. Туысқан емес.
— Қайдағы туыстықты айтып отырсың?!
— Бөтен екенін көзіне қарап-ақ білуге болады ғой. Бір көзі қитар емес пе?!
— Иә, қитар екені көрініп тұр ғой.
— Ол өзін бойжеткен қыз санайды, осында билік жүргізгісі келеді. Екі емшегі әйелдердің емшегі сияқты өсіп, иттің басындай болғанын да міндетситін сияқты... Ал шындығына келсек, тіпті де бойжеткен қыз емес ол. Бізге бұйрық беретіндей ақысы жоқ. Мен кеше төсекке жатарында бәрін де жақсылап көріп алдым... Ойбай-ау, өзі естіп қойып жүрмесін тағы да! Күтпеген жерден басымызға әңгіртаяқ ойнатып жүрер.
— Ой, мен одан тіпті де қорықпаймын. Білесіңдер ме, біздің шешеміздің өліп қалуына осы қыз кінәлі. Әкеміз пальтоны біздің шешемізге емес, осы қызға сатып әперді ғой. Оның үстіне, бұл қыз күніне екі рет үйге кетіп дем алатын, ал шешеміз тыным көрмей, еңбек еткен үстіне еңбек ете беретін. Ауру екеніне де қарамайтын...
— Нонни, марқұм шешеміздің екі қолын жайып отырған әжеміздің алдына тәлтіректеп барып, қалай құлай кеткені сенің де есіңде болар? Бейшараның қалай қалтырап діріл қаққанын ұмытқан жоқсың ба?
Баланың не деп жауап қатуға батылы жеткен жоқ.
— Ол сұмдық оқиға әкеміз Букодланы бауыздаған күні болып еді ғой, — деп қайта сөзге араласты Хельги.
Тағы да үнсіздік орнады.
— Нонни, сен мынадай жағдайды байқадың ба? Кейбір адамдар тірі кезінің өзінде-ақ өлікке ұқсайды емес пе? Сен олардың көздеріне үңіле қарап көрдің бе? Мен мұны бірден байқаймын. Олардың көздеріне қараған бойда қайсысы тірі, қайсысы өлі жан екенін байқай қоямын. Біздің шешеміз әжеміздің алдына жайған қолына құлап түскен кезінде ол біржола шын өлді, содан қайтып тіріле алған жоқ. Есіңе түсіріп көрші, әр кеш сайын бізге өте ауыр аянышпен мүсіркей қарайтын еді ғой.
— Жағыңды қарыстыршы, Хельги! Сен менің жанымды неге ұдайы қинай бересің осы?
— Қазір Фрида кемпірдің алдыңғы жылы көрегендікпен айтқаны айна қатесіз келгенін көрдің ғой. "Мұның бәрі де еркек адамның қатігез тағылығы! Ол сендердің бәріңнің де түптеріңе жетеді әлі! Деген жоқ па еді?
Балалардың үлкен ағасы, міне, осылай деді. Кейбір адамдардың адамдардың бойында таң қаларлық дарын қабілеті болады. Олар сенің тағдырына жазылған нәрсені оқып біледі, ести де алады. Олардың ақыл-ойы адам түсініп болмайтын алыс қиялдарға бағытталады, тіпті бас айналдыратын кеңістіктерде шарықтап кетеді. Ал олар дүниенің арғы бетіндегі, Құдай өзінің ажалдан қашып құтыла алмайтын жұмыр басты пенделерінің көруіне болмайтындай етіп жаратқан кеңістік. Ондай көріпкелдік дарыны кіші інісінің зәресін ұшырды. Ол өзінің дегбірі қашып, дәрменсіздене бастағанын сезінді. Өйткені өзінің қиялындағы арманынан басқа әлі ештеңені де көрген жоқ болатын.
— Хельги, менің неғұрлым тезірек ер жеткім келетінін білесің ғой сен! — дейтін ол кей-кейде. Ол өзінің арман-мақсатының, марқұм шешесінің дарынының арқасында өзін-өзі тағдырдың қатал соққысынан, оның арғы жағында күтіп тұратын қатыгездік атаулыдан қалай сақтану керектігіне қалай қол жеткізуге болатынын ойлап, басын қатыратын да жүретін. Шіркін-ай, осындайда оған қанат бітіп, әуеде еркін ұша алатын құс сияқты иен даланың үстімнен, Утиресдемиридегі биік қоршаудан асып өтіп, телеграф бағаналарының желісін артқа тастап, самғап ұша алатын болса ғой!.. Алайда ол қаншалықты тәтті қиялға берілсе де өзін қанатсыз қалғандай, бейне бір төрт аяқты жануар сияқты сезінді. Үлкен ағасы бұған қайдағы бір тікенекті сымнан тоқылған қоршау сияқты болды. Өйткені ол іңір қараңғылығын соза түсетіндей, «Әумин!» деген сөзбен ғана аяқталатын мәңгілік кедергі сияқты көрінді. Тіпті бұл, Нонни, одан ақырын жылжып, табалдырықтың бір шетіне алысырақ отырса да әлдебір күштірек, көңіл жабырқатарлық "Әумин!" деген сөз құлағына өлімсіреп естілді де тұрды.
— Сен мені тыңдашы, Хельги, — деді ол ақырында. Оған тамаша бip ой келіпті. — Осы біз үйімізден неге қашып кетпейміз? Есіңде ме, Гилде тәрбиеленіп жүрген асыранды бала бар емес пе еді? Биылғы көктемде ол қашып кетіпті. Иә, шынымен-ақ қашып кетіпті! Қаша, қаша шығысқа жетіпті, Виктің өзіне дейін барыпты.
— Онда әке-шешесі тұрады ғой, — деп түсіндірді үлкен ағасы. — Олар баласын таудан асып түскеннен кейін өздерінің қолына алыпты деседі. Ал бізді кім қолына ала қояды? Сонда біз қайда барып сиыспақпыз? Ешкім қабылдамайды. Барар жеріміз де жоқ.
Олар табалдырықта әлі де отыра берді. Түн қараңғылығы қоюлана түсті. Ол қараңғылық қырсыққанда, әсіресе жарқын болашақты бәрінен де көбірек аңсап, армандайтын кішкентай Нонни үшін өте-мөте қою сияқты болып көрінді. Ол осылай отыра-отыра төзімі таусылған кезде тағы да бір әңгімені бастады:
— Мамам жас кезінде тау үңгірінде тұратын аульвалармен дос болыпты. Бұл оның туып-өскен жері Урдарсельде болған көрінеді. Ол маған бұл әңгімені былтыр, екеуміз тау баурайында Букодланы жайып жүрген кезімізде айтқан. Мамам сонда маған ән де салып берген. Бұдан көп уақыт бұрын, менің әлі кішкентай кезімде, әлгі аульвалар мамама: "Мына балаң болашақта керемет әнші болады" депті...
Ол үлкен ағасына аульвтардың әлі бүкіл дүние жүзіне арнап ән шырқайтын әртіс болады дегенін айтпай, жасырып қалды. Өйткені менің бұл орындалуы алыс әдемі де нәзік арманымды күлкіге айналдырар деп, айтуға батылы бармады. Шынында да асыл арман атаулының бәрі де қайдағы бір қайғы мен мұңға толы келеді емес пе? Сөйтті де ол сыпайы ғана былай деді:
— Мен Редсмиридегі шіркеуде ән айтатын болатын сияқтымын.
— Ой, сен өзің қандай аңғал едің?! Жас балаларға не айтса да бола береді. Соны да білмейсің бе? Білмейсің, әрине! Өйткені әлі жассың. Кезінде мамам маған да тап осындай әңгімелер айтып беретін. Алыс бір жақта перінің қайырымды қыздары өмір сүретін, ол жақтағы жағдайдың бәрі де — бораны да ғажайып, ауа райы да, жарқыраған күні де өзгеше екенін айтып отыратын. Әр күні бір біріне ұқсамайтын қызық көрінеді. Сөйтіп әр түрлі әңгімелер айтып жүргенде бала тапты, онысы өліп қалды. Содан кейін-ақ мамамыз аурудан көз ашпады — ұзақ-ұзақ науқастанатын болды. Ол ауыр күрсініп, демін алған сайын науқасы жанына бататынын сезетінмін. Кейбір түндері ол қатты қиналып жатқанда оған жанымның ашитыны сонша, оның ыңырсып, ыңқылдағанын тыңдаумен мен ұйықтай алмай, көрер таңды көзіммен атыратынмын. Кейде кешке қарай, ұйтқыған боран соғып тұрған кездің өзінде, ешкімге білдірместен үйден кетіп қалатынмын. Ондайда мен кез келген жартасқа барып, олармен сыбырласа сырласатынмын. Менің сыбырымды жақсы естісін деп, жартастың мұз қабыршақтарын сыдырып тастайтынмын. Сонда менің әр жартастан жалбарына өтініп сұранатыным — олардың мамама көмек көрсетуі. Өйткені ертегілерде жартастардың адамдарға көмектесетіні туралы көп айтылады ғой. Бір күні мен он, тіпті отыз жартастан жалбарына көмек сұрадым-ау деймін. Өйткені олардың біреуінде болмаса, басқа біреуінде перінің қайырымды қыздары кездесіп қалатын шығар деп үміттенетінмін. Егер ол жартастардың үңгірлерінде перінің қыздары тұратыны рас болса, олар мамама, бәлкім, біздің бәрімізге де шарапатын тигізетін болар деп ойлап, армандайтынмын. Бірақ ешкімнен де көмек болмады. Мамамыз қайтыс болды. Иә, қайтыс болды. Сен айта қойшы, перінің қыздары мамамызға неге көместеспеді? Сен бәрін де білемін, тіпті менен де көбірек білемін деп ойлаушы едің ғой! Олар көмектеспеді. Көмектеспеген себебі — бұл өмірде ешқандай да періштенің қыздары атымен жоқ! Олар бірде-бір жартастың үңгірінде өмір сүрмейді. Мамамыздың ондай ертегілер айтып беретін себебі — біз әлі жас едік, ал мамамыз өте қайырымды да қасиетті жан болатын.
— Сен өтірік айтып отырсың, — деп, Нонни жылап жібере жаздады. Өйткені ағасының айтқан сөздері жанына батып, жәбірленген болатын.
— Кейін мен өскен кезімде, — деп, сөзін жалғастырды үлкен ағасы, — мамам ауырып жатқан бөлмеге жиі-жиі кіретін болдым. Әлгі өзі айтатын әңгімелерінің бәрі де рас па деп сұрағым келді. Бірақ олай деп сұраудың реті келмей-ақ қойды. "Егер соның бәрі рас болса, — деп ойладым мен, — перінің қайырымды қыздары оған да, біздің бәрімізге де көмектесер еді ғой. Ал егер өтірік болса, менің ер жетіп, өсіп қалғанымды, қазір барлық нәрсені түсінетінімді білуінің оған қаншалықты қажеті бар?" Ондай кезде әкем келіп қалып, мені қуып шығатын.
— Бұл айтып отырғаныңның бәрі өтірік, бәрі жалған! Мені алдағың келеді! — деп, айқайлап жібереді кішкентай Нонни, ағасын қос жұдырығымен төмпештей түсіп. Ол өзінің бұл қылығын өзге, бұдан басқа әлдебір жақсы дүниенің бар екенін іс жүзінде айқын сездіре қоятын нақты дәлел ретінде жасағандай болып.
— Нонни, ауа райының қолайсыздығына қарсы оқылатын псалом-дұға есіңде ме? — деп сұрады үлкен ағасы, Нонни оның өзін төмпештеп болды-ау деген кезде. — Нонни, мен саған бір қызық әңгіме айтып берейін, сен жақсылап тыңдап ал.
— Жоқ, тыңдамаймын. Тыңдағым да келмейді, — деді кіші інісі. Сен маған тыныштық бер! Менің мазамды алмай, жайыма қалдырғың келмейтіні несі? Сөйлеме маған!
— Сен мына қызықты байқап па едің? Әжеміз бір нәрсе бола қалса, "Мен осылай боларын білгенмін!" немесе "Бұл сендерге әлі аз, бұдан да сұмдығын көресіңдер! Мен осының боларын мана таңертеңгісін-ақ сезгенмін. Жаман ырым байқағанмын!" деп, үнемі айтып отырушы еді ғой... Не болып қалса да осы сөздерін қайталаудан танбайтын. Ол ешқашан, еш нәрсеге қуанбайтын, ешқашан еш нәрсеге күйіп-пісіп өкінуді білмейтін. Мамам жан тәсілім етіп, Ауста оның бетін жапқан кезде әжеміздің не дегені есіңде ме? Ол мамамды маңдайынан сүйіп отырып: "Бұл жағдай мені тіпті де таң қалдыра алмайды" деген жоқ па еді?
— Өйткені әжеміздің жасы жүзге жетіп қалған болатын, — деп, өзінше баяу үн қатты кіші інісі.
Алайда үлкен ағасы оның бұл айтқанымен келісе алмайтынын жалма-жан білдірді.
— Жоқ, — деді ол — Сен білмейсің. Олай деген себебі — әжеміз бәрін де түсінетін, аспан асты, жер үстінде не болып жатқанын түгел білетін. Аңдардың жан-тәніне еніп алатын желікпе нақұрысты ұмытқан жоқсың ғой? Ол туралы қолайсыз ауа райына қарсы оқылатын псалом-дұғада айтылатын. Біздің әңгімемізді дұрыс түсінген адам бұл дүниедегінің бәрін де жақсы біледі.
— Мамамыз ешқашан ешқандай псалом — дұға оқымайтын, — деді кішкентай Нонни. — Ал әкеміз "Ешқандай да Иисус болған емес!" деуден танбайды.
— Шынында олардың ешқайсысы болмаған да шығар. Әлгі псалом — дұғада айтылатын желікпе нақұрыс деп жүргеніміз Колумкилли сияқты біреу болуы мүмкін. Менің бұған ешқандай күмәнім жоқ. "Мұны қайдан білесің?" дейсің ғой? Мен оны өз көзіммен көргенмін. "Қашан?" дейсің ғой. Әрқашан. Әрқашан жиі-жиі көретінмін. Бір күні әкеміз қойларды хуторға айдап келе жатқанда бір қойдың құлағы қанжоса болып кесілгенін айтқан жоқ пе еді? Ол күні де жаңбыр құйып тұрған болатын. Ал мен сонда Колумкиллиді өз көзіммен көргенмін. Ол бір қойды ұстап тұрып, басына бір нәрсе жасап жатқанын байқап қалғанмын. Бірақ нақты не жасағанын біле алған жоқпын. Иә, ол Колумкиллидің тап өзі болатын.
— Соның тап өзі ме? — деп сұрады шошына абыржыған жас бала.
— Өткен қыста қойлардың қырылуына да соның сиқырлы дуасы себеп болды. Бәріне кінәлі — Колумкилли! Оны жеті рет өлтірсс де қайта-қайта тіріліп кете береді... Осы аңғардағы хуторды қайыршылыққа душар еткен де тап соның өзі. Бір емес, жеті рет қайыршылыққа ұшыратыпты. Мұны бүкіл приход жақсы біледі. Мен Колумкиллиді күн сайын дерлік көремін.
— Шылғай өтірік! Сен еш нәрсені де көрген жоқсың! — деп тағы да қарсы шықты Нонни. Ол ызалана ағасын тағы да қос жұдырығымен төмпештің астына алды.
— Менің оны неге көре беретінімнің себебін білесің бе сен? — Ағасы кішкентай інісінің екі қолын ұстап тұрып, оның құлағына былай деп сыбырлады: — Оның себебі мен де өлген адаммын. Нонни, сен менің екі көзіме мұқият қарашы. Менің тірі емес екенімді өзің де көресің.
Ағалы-інілі екеуі — бір-біріне табиғатынан қарама-қарсы жандар. Сөйтсе де бірін-бірі толықтыра түсетін сияқты. Олар — адам бейнесіндегі мәңгілік қарама-қарсылықтың айқын көрінісі. Бұл өзі қара күзде-қыстың түсер қарсаңында, үйдің сыртқы есігінің табалдырығында іңір қараңғылығы қоюланып, түн болып, болмыстың барлығы мен жоқтығы бір-бірімен шектесе ұштасып, өзіндік қырлары білінбей кеткен кездегі болған әңгіме еді. Қара бұлттардың арғы жағынан ай көрінді.
ҚЫРЫҚ БІРІНШІ ТАРАУ
АТЖАЛМАНДАР
Рождество оразасы кезі. Бьяртур қой қораны көріп қайтуға шықты. Тыста сықырлаған күшті аяз бар екен. Қойларды өріске шығаруға болмайды. Балалардың әжесі қашанғы әдеті бойынша пештегі шала жанып, бықсыған отпен алысып отыр. Жаны кетіп, ұйып қалған саусақтары епке келе бермейді, әрең қимылдайды. Түтінге тұншыққан балалар мамық көрпенің астында бүк түсіп жатыр — ұйықтап жатқаны не оянып алып, пештегі шөпшектің сырт-сырт етіп, әлсіз жанғанын тыңдап жатқаны белгісіз. Былтыр да, былтырдың алдыңғы жылы да тап осылай болған. Әжесі Аустаны оятпақшы болып, алғашқы рет босқа әуреленемін дегенше дегенше кішкентай Нонни өзінің бүкіл ақыл-ойын қашан, қай жерде, қалай және кімнің басынан не өтетінін болжап білуге шоғырландырып, босқа арамтер болып, әуре-сарсаңға түсетін. Өткен жылы бұлардың бәрі де уақыттың аса ауыр тынысына құлақ түрумен азаптанған болатын. Өлең мәтінінде әнге қоса шертілетін ішектің үзіліп кеткен үні сияқты енді ол ауыр жағдай да бірте-бірте басыла бастады. Қайғы-қасіреттің ауылы алыстай түсті. Мұның да өз қуанышы бар. Өйткені біздің жан дүниеміздегі өліп қалған нәрселерді түгел қайта тірілткендей болады. Әдемі гүлді табақ та әлдеқашан сынып қалған еді.
Ошақтағы от қыза түсіп, плита үстіне қойылған су қайнаймын дегенше кенет Бьяртур келе қалды. Ол аяғын тез-тез басып, ызалы түрде жоғары көтерілді. Әдетте қой сойып жүретін пышағын алды да оны қынынан шығарды.
— Ім, мынау тағы бір сұмдықты бастайын деді-ау, — деді қарт әже ақырын ғана.
Қолында жарқ-жұрқ еткен болат пышағы бар Бьяртур балаларына жақын барды да оларды төсекте жатқан жерінен тұрғызды.
— Жүріңдер менімен! Қой қорада не болғанын көріңдер. Әжелерің кейін біле жатар.
— Мұнда не болып жатқанын айтып, ешкімді таң қалдыра алмайсың? — деді кемпір. — Әсіресе мені...
Биыл қой қора тез босап келеді. Оулавюрдің айтқанындай, мықты қойлар қайтадан қатарға қосылып, әлсіздері шетінен қырылып жатыр. Ол жергілікті және шетелдік газеттердің жарыса жазып жатқан сөздерінен мысалдар келтіріп өзін де, өзгелерді де осылай жұбатуды әдет етіп алған болатын. Шынында да биыл Бьяртурдың қой қорасындағы ақырдың басында қойдың аз болса да саз тамаша тұқымдары тұрған еді. Сөйтіп ол өзінің отарын бұрынғы қай кездегісінен болса да мейлінше жақсы көріп кеткен Сондықтан да ол отарында шығын көп болып жатыр деп зорлана беруді қойған еді. Бьяртурдың пікірі бойынша, қолда аман қалған малдың өзін қанағат тұтып, қуаныш ету қажет. "Ішек құрт — шаруаның душар болатын көп қырсығының ішіндегі ең қауіптісі емес. Бәрінен де жаманы — сиқырлы зұлым күштер. Оларға қарсы қолданатын шара жоқ — еш нәрсе жасай алмайсың! Жем-шөбің қаншалықты мол әрі жақсы болса да малдың басы азая береді, азая береді. Мына кәрі кемпірдің: "Әлі көретін көресілерің алда!" деген сөзі, шамасы, дұрыс болуы керек. Қазір сиқырлы зұлым күштер қайтадан құтырына бастады.
Бүгін таңертең малға шөп салу үшін қораға барғанда Бьяртур не көрді? Текпішекті сатының баспалдақтары арасында қарауыта теңкиіп жатқан не еді өзі? Байқап қараса, бел омыртқасы үзіліп, аяқ астында сұлап түсіп, өліп жатқан қой болып шықты! Сатының жақтауына үлкен имек мүйізі ілініп қалыпты. Бьяртур қызыл тіліне ерік беріп, өзі білетін қарғыс атаулыны былапыт сөздермен молынан араластыра түгел айтты. Мүйізі ілініп өліп жатқан қойды босатып алып күртік қардың үстіне тастады да балаларын шақыруға кетті. Міне, балалары өліп жатқан қойды қақаған суық бұлыңғыр таңның көгілдір тартқан жарығымен қаз-қатар тұрып таңдана қарасты. Бәрі де адам түсініп болмайтын қисынсыз оқиғаларға толы күндер болады. Бәрін де оп-оңай түсінетін қарапайым оқиғаларға толы күндер де кездеседі.
Гвендурдың айтуынша, бұл қой, шамасы, үюлі маяның үстіне шығамын деп жанталаса секіріп жүргенде мүйізіне ілініп қалып, буынып өлген болуы керек.
— Ақымақ! — деді оған Хельги. — Қай ойың айтады солай болды деп?!
Кішкентай Нонни ағасы Гвендурды ұрып жіберер ме екен деп, оның екі қолын бірдей ұстап қалды да, артынша қоя бере салды. Ал, Ауста тісі тісіне тимей сақылдап, тоңып тұрды.
— Сен шешеңе тартып тумағансың, Ауста! — деді Бьяртур. — Ол марқұм қаусаған кәрі кемпір сияқты не болса, содан шошып, үрейлене бермейтін. Ал сен...
Ауста ештеңеден де қорқып тұрмағанын, тек аяз қысып, діріл қақтырып бара жатқанын айтып сендірумен болды.
Бұл жұмбақ оқиға хутор тұрғындарын екі күн бойы ойландырып, толғандырды.
Поселкеден көп адам келді. Араларында ешкімге таныс емес бөгде біреулер де жүрді. Бьяртурдың көңіл күйі болмады. Оларды кофе ішуге шақыруға мүлде ықылассыз еді. Еріккендерінен қаңғып жүрген жұрттың бәріне дәмді кофе қайнатып беріп, дәніктірудің не қажеті бар осы деп ойлады. Жай жуындымен шығарып салса да болмай ма? Кім біледі, осы жүргеннің бәрі бірдей ниеті түзу жандар деймісің? Мүмкін қой ұрлағысы келіп жүргендері де бар шығар. Бұған дейін Жазғы мекенге шұбырынды азғындар келе бермеуші еді ғой...
— "Не болып қалды?" дейсіздер ме? Ештеңе де болған жоқ. Егер басқа біреулердің мұнда не болып қалғанын білгісі келіп, еміне сұраса, оларға: "Біз ештеңе де сұрап біле алмадық!" дей салыңдар. Мұнда шынында да ештеңе болған жоқ!
Арнайы келген меймандардың көңілдері көншімей тарасты. Арада үш күн өткенде Бьяртур қозыларды көруге шыққан еді.
Ол тағы бір тосын оқиғаға тап болды. Үйдің бұғатынан салбырап тұрған бір нәрсеге басын соғып алды. "Бұл не болды екен?" деп қараса, өзінің ең жақын көретін қозысы екен. Біреу мойнына тұзақ салып, іліп кетіпті. Бьяртур өзі білетін қарғысын тағы да үсті-үстіне төгіп, былапыт сөздермен араластыра ақтарды. Бьяртур тұзақтың жібін қиып жіберді. Мұқият қарап шығып еді, бұларда мұндай жіптің өздерінде бұрын-соңды тіпті де болмағанына көз жеткізді. "Жоқ, бұл адамның қолынан келе қоятын қылық емес! — Бьяртур адам баласының мұндай оңбағандыққа қалай ғана баратынын көз алдына елестете алмай қойды. — Қойды тірідей асып кету деген не сұмдық?!" Бьяртур қозы қамайтын төлхананың төңірегіндегі қар үстінен із кесті. Қар қатып қалған, үстіңгі қабаты көкпеңбек мұзға айналыпты, ешқандай із білінбейді. Мұндай таң қаларлық құпия сырға толы оқиғалардың Жазғы мекеннің иесі Бьяртурдың хуторында ғана бола беретіні несі? Бұл ешқандай да жоққа сенушіліктен аулақ емес пе еді? Ешқандай сайтанға да, сиқырлы зұлым күштердің елесіне де сенбеуші еді ғой! Бірақ бұл жолы ол үй ішіне өзінің көңіл күйі бұзылып келгенін білдірген жоқ. Жабағы жүн жұтып, қақалып жатқан бір қозыны бауыздап келгенін жай ғана айтты да қойды. Мұндай мызғымас берік сенімі оған өзгелерде жоқ орасан зор моральдық күш-жігер бергендей болды. Ол өзінің мазасын алып қобалжыта түскен толғанысын ең алдымен өз балаларына сездірмеуге тырысты. Алайда соңғы күндердің оқиғалары оны қатты үрейлердіре бастады. Өзі жеке қалып, қабағын аша алмай, қиналып отыратын кездерінде қойларына қайта-қайта қадала қарап, әлдебір нәрселерді міңгірлейтінді шығарды. "Бәрін де сайтан алсын, жын-пері соғып кетсін түге!" деген сөзді күніне жүз рет дерлік міңгірлеп, қайталай беретін болды. Үйде де, қорада да қолы іске барғанды қойды. Бәрінен де түңілгендей күй кешті
— Маған екі жұп таза шұлық берші, қызым, — деді ол Аустаға. — Поселке жаққа барып қайтамын.
— Поселке жақ?
— Иә, поселке жаққа, — деп қайталады ол. — Қой қорада атжалмандар көбейіп бара жатқан сияқты. — Оның мұндай сылтауы қатерлі ісік ауруынан зардап шегетін науқас адамның кейде тек қана ішім түйнеп ауырады деп сендірмек болған әрекеті сияқты еді.
— Атжалмандар!? — деп таң қала сұрады приходтағылар. — Қайдан пайда болып жүр? Жай тышқандар болса, бір сәрі, атжалмандары несі?!
Бьяртур поселкедегі Оулавюр, Эйнар қарттарға кіріп шықты. Олар алдағы ауа райының қандай болатынын болжаған болып, біраз әңгіме айтты. Бейне бір Рождество мейрамында отырғандай. Насыбай-темекілерін қайта-қайта алып иіскеді. Олармен бірге Бьяртур да насыбай-темекі иіскеп, ауа райы туралы өз болжамын айта отырды. Қарттар атжалмандардың бір жақтан келе қоятын реті жоқ екенін айтты. Ал, Бьяртур оларға қарсы пікір білдірді: "Мен үшін атжалмандар мен жай тышқандардың бір-бірінен айырмашылығы жоқ" деді. Эйнар өзінің қарапайым пікірі өзге жұрттың назарын аудара алмауы әбден мүмкін екені өзінен-өзі түсінікті дегенді айтты. Оның әрқашанғы пікірінше, атжалман дегеніміз атжалман, ал тышқан дегеніміз тышқан болатын. Ол осы екі арада ұмытып кетпей тұрғанда былтырғы күзде, пішен шабығы аяқталған кезде, өзінің жазда салған псалом-дұға тәрізді бір өлеңін Бьяртурға беріп қойғысы келетінін білдірді.
— Meн, — деді Эйнар Бьяртурға, — кезінде сенің бірінші әйелің туралы өлең шығарып едім, кейіннен екінші әйелің туралы да өлең шығардым. Ол марқұмдардың екеуі де тамаша әйелдер еді ғой. Тіпті, баға жетпейтін жақсы жандар болатын. Бірақ жазмыштан озмыш жоқ, бәрі де Құдайдың қалауымен болып жатады...
— Ал екінші жағынан алып қарағанда, — деді Оулавюр, — тышқандар көбейіп бара жатса, онысымен қоймай, қойлардың алқымына жармасып, қанын соратын болса, онда, тәжірибесі мол көнe көз қарттардың айтқанындай-рас бұл жөнінде газеттер әлі жұмған ауыздарын ашпай отыр — ол тышқандарды қойдың алқымындағы жараланған жерге жапсыра қатты езу керек, ішек-қарны шығып кеткенше жаншу керек. Тышқандардан құтылудың ең тиімді де сенімді жолы осы ғана.
— Мынауың еске алу өлеңдері ғой. Псалом-дұға тәрізді екен. Ал мен сол сайтан алғыр псалом-дұғаларды ұнатпаймын. Мейлі тірілер туралы болсын, мейлі өлілер туралы болсын, бәрі бір ешқайсысын да жақсы көрмеймін, — деп салды Бьяртур. — Менің бұл мінезімді сен бұрыннан білесің ғой. Йомсборгтық викингтер туралы ешқандай псалом жазылған емес. Олар кескілескен шайқастарда нағыз адал ерлікпен қаза тапқан болатын. Егер мен жаңылыспасам, Миклагардта Гриттирден* қатыгездікпен кек алғанда да ешқандай псалом-дұға жазылған жоқ болатын. Ал ол Исландиядағы ең бірінші құрметті азамат еді. Егер екі әйел бірдей о дүниеге бір күнде қатарынан аттанғанда да оларға арнап псалом жазып әуре болудың не қажеті бар? Құдайдың сөзі деп айтылатындардың қай-қайсысы болса да, сондай-ақ, жалпы алғанда, барлық рухани нәрселердің бәрі де ұнамайды, ішімді пыстырып жіберді. Ал сен екеуіңнің біреуің маған мысық сатсаңдар, онда мен мұны нағыз достықтың, ізгі қызмет көрсетудің үлгісі деп білер едім. Ол мысықтың мінезі тым жаман болғанында тұрған дәнеңе жоқ. Оған өкінбеймін.
Кешке қарай Бьяртур үйіне қайтып оралды. Қапқа салып ала келген мысықты қораның ішіне босатып қоя берді.
— Бұл не өзі? — деп сұрады балалары.
— Бұл — мысық, — деді Бьяртур.
Бұған бүкіл үй — іші болып кеш бойы қуанысты.
Приходтағы әңгіменің бәрі де бейне бір ауа райы өзгеріп шыға келгендей осы хутордың төңірегінде болды. "Жазғы мекенде атжалмандар қаптап кетіпті" деген сөз ауыздан-ауызға тез тарап жатты. Міне, енді жоғары қабатқа көтерілетін тесіктің жанындағы сатының үстінде мысық отыр. Жолағы бар сұр мысық. Ол әркімге үлкен күдікпен әрі айбат шеге қарайды. Көзінің қарашығы үлкейіп кеткен. Мысық алдыңғы бір аяғын көтеріп, бір түрлі шағынғандай болып мұңаяды. Бірақ қимылы ширақ. Исландияда мысықтар қаншама шағынып мұңайса да өздерін қорқақ сезінбейді. Оларды қорқақ деп ешкім де айта қоймайды.
— Мысықты мұқият бақылаңдар. Итке тиісіп, бір жерін жабыса тістеп алып жүрмесін, — деді Бьяртур, үйден шығып бара жатып. Сөйтті де кенет өзінен — өзі ойланып қалды: "Осы мен есімнен адасып жүрген жоқпын ба? Мысыққа сенгенім қалай болар екен?".
Сонымен бұл хуторда мысық пайда болды. Ол тапа — тал түсте үйдің үстіңгі қабатына шығатын тесіктің жақтауына отырып алып, қорадағы иттің шабалана үрген даусына құлағын тігумен болады. Мысық итке жақындап барса-ақ оның ызасын келтіреді, жүнін тікірейте түсіп баж-баж етеді. Егер ит тұрғын бөлмеге кіріп кетсе, ол да ере кіреді. Терезенің алдындағы текке секіріп шығады. Мұнда мысық үшін орын жеткілікті-ақ. Ол иттің соңынан біразға дейін мұқият қарап отырады да, бір кезде көздерінің қарашығын кішірейтіп, ақырында терең пәлсапалық ойға шомғандай екі көзін жұмады. Ал ит кеткен бойда кемпірдің төсегіне қарғып түсіп, үсті-басын әбден жаланып, тазарған соң емін-еркін жайғасып, бүк түсіп жатып алады. Мысық туралы кемпірдің аузынан "Оңбаған мүттәйім, алдамшы" дегеннен басқа сөз шықпайды. Сөйте тұрса да мысық оған үйір болып алды. Оған кемпірдің айтатын сөзі емес, жылы қабақ танытатын ісі ұнайды. Кемпірдің кеудесінде жаны бар тіршілік иесі атаулыны ренжіткенін ешкім ешқашан көрген емес. Мысықтың, әсіресе, қарт адамдарға неге үйір екеніне таң қалуға болады. Бәлкім, мұның өзі олардың тарапынан ешқандай күтпеген теріс мінез танылмайтындығынан да шығар, олардың жанында өздерін әрқашан қауіпсіз, тыныш сезінетінінен де болар. Мұның өзі — қарттыққа жарасымды жақсы қасиеттер ғой. Мүмкін, оларды қарт адамдарға жақын тарттыра түсетін нәрсе қолға ұстап көруге болмайтын, түр-түсі көзге көрінбейтін әлдебір нәрсенің, христиан діни ілімінде мәңгі жасайтын жан деп аталатын нәрсенің қасиеті болар.
ҚЫРЫҚ ЕКІНШІ ТАРАУ
СОЛ ЖАҚ БЕТ
Аңғардағы алыс хуторда болып жатқан бассыздықтарды жоюға, "оңбаған, мүттәйім, алдамшы" мысықтың көмегі қаншалықты тие қойды екен?
Кешке қарай Бьяртур оны қолтығына қысып ұстаған бойы қой қораға алып барды. Бірақ оның мысыққа деген ерекше сенімі мен ықыласы байқала қойған жоқ. Бьяртур бұл күні кеш жатты және балалар мен кемпір ұйқыға кеткенше әртүрлі нәрселермен айналысып, көпке дейін жүріп алды. Ең соңынан Ауста жатты. Ол да пештің жанында қыбыр-қыбыр етіп жүріп алған болатын — кір жуды, жамау жамады, содан кейін жуынып-шайынып, өзін-өзі тәртіпке келтіре жиналды. Бұл кезде Ауста бойжеткен қыз ретінде өзінің шашын күтіп-баптауға, таранып, сылап-сипауға көп уақыт бөлетін жасқа толған болатын. Кейде ол су жылытып алып, аяғын екі тізесінен асыра, мойнын, екі иығы мен қолтығын және кеудесін мұқият жуатын. "Мейлі, — деп ойлайтын Бьяртур, — барлық қыздар сияқты бұл да жуынып-шайынуға құмар ғой. Бірнеше жылға дейін осылай болады әлі. Жастық шақ — қыздың гүлдей құлпыратын кезі. Бұлар да өсу барысында ылғалды өз бойына көбірек тартуға тырысатын жасыл желек сияқты емес пе? Бала туа бастаған кезде әйелдер мұншалықты жуынып-шайынуын өздері-ақ қояды". Бьяртур шамды өшіріп, төсегіне жатты. Екі қолын желкесіне айқастыра қойды. Көпке дейін ұйықтай алған жоқ. Ал Ауста өлімсірей жанған шырақтың жарығымен әлі де жуынып-шайынып, шашын тарап, сыланып-сипанумен жүрді. Оның үстіне, ішкі белдемше көйлегі ғана бар еді. Айнаның сынық бөлшегіне қайта-қайта қарап қойып, белдемше көйлегінің иық бауларын шешті де, екі иығы мен қолтығын жуа бастады. Бір кездегі кіп-кішкентай сүйкімсіз жап-жас қыз бой жетіпті. Өмірдің заңы солай, оны енді еш нәрсе де тоқтата алмайды. Ауста бұл кезде өзіне әкесінің көз жүгірте қарап жатқанын жақсы білді. Егер ол бәрін де көріп жатпаған болса, бәлкім, әлі де ұзақ жуына берген болар да еді. Бірақ ол қарап жатқанда жуына беру бір түрлі ыңғайсыз. Бір таң қаларлығы — неге екенін қайдам, қыз өзінің ойында ешқандай бөтен жол беруге болмайтын сөкет ниеті жоқ екенін оған түсіндіріп айтпақ болды. Неге олай етпекші? Ол жағы белгісіз. Бәлкім, сонау бір кезде, жас шағында, бөтен қалада болғанда оның қойнына кіріп, жабыса құшақтағанынан ба екен? Бұл сол бір сағатты әлі күнге дейін ұмыта алмайды. Сол түнді есіне алса болды, екі беті ду ете қалып, қызарып кетеді. Әсіресе өгей шешесінің тірі кезінде солай бола беретін. Ал кейінірек сол түн есіне түссе, үрейі ұша қорқып кетеді. Аңғал балалық шақтың қателіктері көпке дейін қалай ұмытылмайды десеңші! Көпке дейін жаныңды қинай беретінін қайтерсің! Бірақ соншалықты ыңғайсызданып, қиналатындай-ақ онда ештеңе де болған жоқ еді ғой! Ол түні ол үлкен өмірдің көріністерінен ғана қатты шошынған. Ал әкесі әлі жасөспірім мұны іргеге қарай итеріп тастап, тысқа шығып кеткен болатын.
Ауста осы бір жағдайға түсіне алмай қойған. Сол бір түсініксіз жағдайдың қорқынышынан өзінен-өзі үрейленетін, жүрегі қысылып қинала беретін болған. Сол қорқыныштың содан бері қыр соңынан қалмайтыны иесі екен? Ауста осы жағдайды ойына ала бастаса-ақ, бойын қорқыныш билеп қоя береді. Әсіресе ондай ойдан біржола арылғысы келген кезде ерекше қатты қиналады. Кейде ондай қорқыныш түсіне де кіреді: қайдағы бір құбыжық жыртқыш аңдар, сиқырлы зұлым күш иелері, жауыз жандар бой көрсетеді. Немесе терең шатқалға түсіп кетіп, жол таба алмай адасып жүреді — не жоғары шыға алмайды, не төмен түсе алмайды. Оның түсіне әсіресе тау-тау болып үйіліп жататын қоқсықтар жиі-жиі кіреді. Бұл оларды қанша жинауға тырысса да қайта-қайта үйіліп қала береді. Сонда мұның іс-әрекетінде ақылға қонымсыз қандай есуастық орын алып жүр? Бұл ешқашан да біреуге жамандық істеуді ойына да алған емес еді ғой. Сөйте-сөйте ол өзін дәрменсіз бейшара әрі бақытсыз біреу ретінде сезінетін. Бар болғаны осы ғана. Әлгіндей ауыр ойлар оның еңсесін кейін де езумен жүрді. Жоқ, енді Ауста ер адам бар жерде, әсіресе әкесі отырған жерде үстіндегі көйлегін ешқашан шешпейтін болды.
Бьяртур оның шырақтың әлсіз жарығы түсіп тұрған бетін ғана көріп жатыр еді. Ол дәл осы кезде Аустаны қандай ауыр ойлар қинағанын, әрине, білген жоқ. Олай болады деп ойламаған да. Бьяртурдың көріп жатқаны — қыздың сол жақ беті еді. Ол енді қыздың жан дүниесін оның сол жағынан айқын көргендей болды. Оны ішкі жағынан қарағанда бір түрлі ескіріп тозған, қайғы мен мұңға батқан, бақытсыз болып көрінетін сияқты. Оның жан дүниесі — қыздың өзінен мың жыл бұрын бар, тозығы жеткен ескі бір нәрсе. Тіпті басқа біреудің жан дүниесі емес пе екен деп те қаласың. Ол әлдебір сенімсіздікке, тұрақсыз құбылмалы үмітке, ерекше құштарлық үстінде берген сертке, уайым-қайғы мен өлердей өшпенділікке толы еді. Томпиған толық төменгі ерні соншалықты сұлу иіліп тұр. Егер оң жағынан қарасаң, ол әдемі бүктетіліп, көз тарта көрінеді. Мына қалпында оны әлі он бес жастағы қыз екен деп сенбеуге де болады. Оның жүзінен әлдебір қымбат нәрсесін жоғалтып алғандай сезім байқалады. Бәлкім, сол бір соқыр сезімі оның ажал атаулыға деген өшпенділікке толы, өзге еш нәрсеге қызықпайтын да ұмтылмайтын ішкі жан дүниесіндегі адам шошынарлық арпалыс сезіміне сай келетін де болар. Бірақ осының өзі, қаншалықты ауыр болса да, барлық сәтсіздіктерге төзе білуге жәрдемдесетін еді.
— Сен менің сөзімді тыңдашы, жаным балам, — деді Бьяртур, "Осы маған не болды өзі-ақылымнан адасып, жынданып кеткеннен саумын ба өзі?" деген ой үстінде.
Қызы белдемше көйлегінің иық бауларын тез көтере қойды да, әкесіне шошына жалт қарады. Тынысын ала алмай, булығып қалды. Көздерінен әлдебір ұшқын атып, абыржығаны байқалады. Бірақ Аустаның бұл жерде не жазығы бар?
Ал Бьяртурдың оған айтайын дегені "Маған оң жағыңмен бұрылып қарашы" деген өтініш қана еді. Өйткені оған адамның оң жағынан қарау қатты ұнайтын. Бьяртур бұл қыздың шешесінің жас кезінде, оның қайтсем көңілін табамын деп әлек болып жүргенде де, тап осындай өтінішті талай рет жасаған. Бірақ одан бері қанша көп уақыт өтті десеңші!
— Сен сол жағыңнан қарағанда тіпті басқаша көрінеді екенсің. Бейне бір зұлым перілер сенің орныңа басқа бір көріксіз біреуді қалдырып кеткен сияқтысың. Міне, енді бәрі де басқаша! Тамаша құлпырып шыға келдің. Абайла, салқын тиіп қалмасын. Суды шалпылдатып көп түсе беруге болмайды. Ол зиянды. Өте қажет кезде ғана жуынып-шайыну керек. Менің өз басым суды шалпылдатып ешқашан ұзақ шомылған емеспін. Таңертең әжеңнің от жағуына жәрдемдес. Ол бейшараның плитаны қыздырып от жағуы барған сайын қиындап барады. Денсаулығы жарамай, әбден қалжырап бітті ғой.
Аздан соң Бьяртур орнынан тұрды да сыртқа шығып кетті. Қой қорада жағдай тыныш па екен — соны біліп қайтпақ.
Қорада бәрі де орын-орнында екен. Мысықтың жасыл көк көздері біресе сонау алыс бұрыштағы ақырдың жанынан, біресе саты баспалдақтарының үстінен көрінеді. Дегенмен бұлардың, мысық пен екеуінің арақатынасы нашар еді. Бір-бірін өлердей жек көретін болып кетті. Өйткені Бьяртур итін жақсы көретін. Ол үйге қайта кіргенде Ауста жатып қалған болатын. Байғұс қыз мықтап қымтанып жатыр ма екен? Мысықтың қарауыл болуына қарамастан, Бьяртур түні бойы алаңдаудан арылмайды: қой қораға кемінде екі-үш рет түсіп шығады. Сөйтеді де жан-жағына жақтырмаған кейіппен түкіреді.
Аспанға жұлдыздар тарыдай шашылды. Ит шәуілдеп үрумен болды. Бәрі де әдеттегідей тып-тыныш сияқты. Адамдар алаңсыз ұйқыда. Әртүрлі түс көріп жатыр. Біреулерінің түсіне не екі крондық, не елу эйрирлік күміс теңгелер кірсе, енді біреулері біресе ұшы-қиыры жоқ теңіз жағасында немесе оймақтай ғана шағын көлдің бойында серуендеп жүреді.
ҚЫРЫҚ ҮШІНШІ ТАРАУ
ТАБИҒАТТАН ТЫС ЗҰЛЫМ КҮШТЕРМЕН ӘҢГІМЕ
Рождество оразасының екінші жартысында ауа райы өзгеріп сала берді — қалың қар жауды. Ол күні-түні бірдей бірнеше тәулік бойы ақырын ғана жайымен жапалақтап, бірақ толассыз жауды. Сол жайымен жапалақтай түсіп жатқан ұлпа қарға қарап тұрсаң, өзге дүниеден түгелдей қол үзіп қалғандайсың — тіпті өзіңнің әлі тірі екеніңе сенгің де келмейді.
— Ешқандай өзгерістің болмағаны қандай жақсы, — деді Бьяртур. — Ал кейбіреулер өміріміз адам жалықтырарлықтай біркелкі деп шағынады. Оларға мектептегі оқушы, жас балаларға үзіліс берілетіні сияқты өзгерістер жасап тұрған ұнайды. Ақыл-есі тоқтаған ересек адамдарға ондай өзгерістердің қажеті қанша!
Екінші жағынан алып қарағанда, өзгеріс атаулының жоқтығына ең болмаса мысық сияқты оп-оңай төзе алмайтын адамдар да болады. Терезенің сыртында көгілдір — сұр көрпе жамылғандай күртік қардың үйінді шоқысы барған сайын биіктеп барады. Ал терезенің ішкі жағында мысық көзін бір ашып, бір жұмып, әлдебір маңғазданған қалпында зұлымдық ойлап отырған сияқты. Ақырында қар басылды. Күннің көзі ашылып, аяз күшейе түсті. Адамның өңменінен өтіп кетерлік суық жел қар үйінділерін биіктете берді. Бұл қыста жем-шөп жеткілікті еді, табиғи апат қауіп төндіре алмайтын. Ал сиқырлы зұлым күштер қайтадан құтырына келіп, тағы қиғылық салмас па екен? Қазір бір түрлі тынышталған сияқты. Бьяртурды поселкеге мысық іздеп баруға мәжбүр еткен кездегі қауіп-қатер жоқ деуге болады. Ол мысықты арқасынан сипап тұрып былай деді: "Сенің итпен тістесе таласып қалатының болмаса, бәрі де жаман емес-ау!". Осылай ойласа да ол бұл ақымақ мысықтың сиқырлы зұлым күштердің бетін қалай қайтарғанын әрі ойлап, бері ойлап, бәрі бір түсіне алмай қойды. Қалай дегенде де өзі түні бойы мазасызданып, қой қораға қайта-қайта шығып, онда не болып жатқанын біліп қалудан құтылғанына риза.
Бірақ сиқырлы зұлым күштер сол бойы зым — зия жоғалып кеткен жоқ. Шамасы, олар аяздың күшейіп, күртік қардың үстінде із қалмайтын кезді күткен болуы керек. Бір күні таңертеңгісін Бьяртур әдеттегісінше ерте тұрып, қой қораға кірді. Кірген бойда қол шамын жағып жіберіп, жан-жағына көз жүгіртіп еді тағы бір сұмдықты көрді: теңкиіп-теңкиіп он қой өліп қалған немесе демі бітіп, өлгелі жатқан халде екен. Олардың әрқайсысы әр жерде, кейбіреуі ақырдың жанында жатқан болатын. Қойларды соншалықты қатыгез айуандықпен қинап өлтіріпті. Кейбіреулерін алқымынан бауыздапты. Енді біреулерінің бас сүйегіне тот басқан шеге қағылыпты. Біразы ауыр шоқпармен ұрған соққыдан бел омыртқалары үзіліп, кирелеңдеп жатыр. Мұндай сұмдық жағдай туралы айтып жатудың өзі өте ауыр. Бәлкім, сондықтан да шығар, әйтеуір Гудбьяртур Иоунсон бұл оқиға туралы сол кезде де, кейін де жұртқа жария ете беруден тартынған болатын. Ол не істерін білмей, қатты састы: құлақшынын жұлып алып, екі қолымен басын қысып ұстады. Әлгі қойлардың бірінен соң бірін көріп шығып, денесінде әлі жаны бар, бірақ әрең тыныс алып жатқандарын өзі бауыздады. Ол өзін-өзі одан әрі ұстай алмады: күрт кері бұрылды да, тістене түсіп, жұдырықтарын түйді, былапыт қарғыс сөздерін қардай боратты. Жерге түкіріп жіберіп, Колумкиллидің сиқырлы зұлым күштерін қандықол Гунверімен қоса жекпе-жек шайқасқа шақырды. Оларға пұтқа табынушылардан бастап, Таураттың талаптарына бас иетіндерге дейінгілердің өзі білетін бүкіл қарғысын үсті-үстіне тасқындата боратты. Оларды басқа еш жерде емес, тап осы қой қораның жанында қанды шайқасқа шығуға шақырумен болды. Бьяртурдың бұдан басқа қолданар амалы да, айтар сөзі де қалмаған еді. Ол сиқырлы зұлым күштердің барлығын да жекпе-жек шайқасқа шақырды, өздерінің ерлігін сол ашық шайқаста көрсетуін талап етті. Егер олар өздерінің ар-намысын қымбат санаса, дақ түсірмей қорғағысы келсе, онда бұдан былай жасырына бермей, ашық шайқасқа шығатын болсын деп жариялады. "Жұрт ұйқыда жатқанда тонап кету, өлтіріп кету ерлікке жатпайды. Ол — барып тұрған пасықтық, қорқақтық!" — деп, сіресе қатып қалған қатыгез табиғат пен аспанға жұдырығын қайта-қайта түйіп, сес көрсетті. Ақырында бұдан басқа айтар қаһарлы қатал сөз таппай, Бьяртур бар даусымен өкіре жылап жіберді. Оған қосымша иті ұлыды. Мұның бәрі не деген қорлық, масқаралық! Одан құтылар күн бар ма, жоқ па? Шығыстан сібірлеп таң атып келе жатты.
Бьяртурға сиқырлы зұлым күштерді қанша қарғап-сілегеннен ештеңе де шықпас, қуып жібере алмаспын деген ой келді. Осындай қарғап-сілеулерді неғұрлым көп естіген сайтанның солғұрлым күшейіп, өшіге түскені туралы ертеректе естіген ескі әңгіме ойына түсті. Енді мұның қолынан келер қандай амал бар? Мүмкін, осы жерге Хальбера кемпірді кирелеңдете ертіп келіп, псалом-дұға оқытқан жөн болар? Әлде пастордың өзін алып келген дұрыс па? Оның Иисус есімін көне еврей тілінде айтып шыққаны жөн болар? Бірақ мұның өзі оның, Жазғы мекен иесінің, әлі де болса қасиетті рухтарға табынып, бас июі болып табылмайды. Өз еркіндігі өзіндегі адамдарға діннің қажеті жоқ. Ол кез келген сиқырлы зұлым күштердің ешқайсысынан да қорықпайды — олардың алдында ешқашан айылын жиып көрген емес. Ал басқа да күштер туралы сөз етудің өзі артық.
Ежелгі әңгімелерде көне тілдердің бірінде аталған Иисус есімі күшінің алдында қандай сиқырлы зұлым күш болса да бағынып, бас иеді деп айтылушы еді. Алайда осы бір басы таз, білімі аз жап-жас пастор Теодоурдың сиқырлы зұлым күштерді жеңіп шығуға шамасы келе қояды деген үміт тым мардымсыз болатын. Ол күштерді тозаққа жөнелту бұл түгілі неше түрлі дуалар жасай білетін бұрынғы пасторлардың да қолдарынан келмей, босқа әуреленгені белгілі еді. Сиқырлы зұлым күштерге өзінің толық билігін жүргізіп, оларды бір шыбықпен айдайтын бірден-бір ғұлама адам бұл дүниеден әлдеқашан өтіп кеткен.
Балалар қардың үстінде тұрып, әкесінің әрбір қимылын жіті қадағалады. Ал ол қойлардың кесіп алынған бастарын қабырғаның бір бұрышына алып барып үйіп қойды. Үнсіздікті ақыры кішкентай Нонни бұзды.
— Әке, — деді ол, — біздің Хельгиге хутор маңында әлдебір елестер жиі-жиі көрінетін болып жүр.
Бьяртур еңсесін көтеріп, тікесінен тік тұрды, қолындағы қанға малынған пышағын қысып ұстап:
— Нақты айтқанда қандай елестер? — деп сұрады.
— Ешқандай да елес көрген жоқпын. Бұл өтірік айтып тұр, — деді Хельги.
— Өтірік айтып тұрғаның қалай? Өткен күзде, әкеміз қалаға кеткен кезде, біз есік алдындағы тастың үстінде отырғанда маған таудағы құлама судың өрге қарай аққанын көргенің туралы айтқаныңды шынымен-ақ ұмытып қалдың ба?
Бьяртур пышағын қолына қысып ұстаған бойы үлкен ұлына таянды. Сөйтіп Хельгиден көрген-білгенінің бәрін де жасырмай, егжей-тегжейлі айтып беруді қатаң талап етті. Бірақ бала ештеңе көрген жоқпын деуден танбады. Бьяртур ұлының иығынан жұлқа тартып ұстады да: "Егер көрген-білгеніңнің бәрін тап қазір айтпайтын болсаң, онда менен жақсылық күтпе!" деп қорқыта ескертті. Баланың зәресі ұшып кетті. Ол әлдебір баланы, жоқ, бала емес, ересек жігітті, дұрысырақ айтқанда ақ шашты кәрі кемпірді, оның өрілген қос бұрымын көргенін асып-сасып, былдырлап зорға баяндады.
— Сен оны қай жерден көрдің?
— Кейде ол қой қорадан үйге қарай жүгіретін. Мен оның соңынан талай рет қудым да...
— Сол кезде маған неге ештеңе айтпадың?
— Бәрі бір менің айтқаныма ешкім сенбейді ғой деп ойладым.
— Сонда ол қалай қарай кетіп еді?
— Білмеймін. Астында аты болатын. қайырылып қарамастан, шаба жөнелген.
Бьяртур әлгі белгісіз қашқынның түрі-түсін, белгілерін есіне түсіріп, егжей-тегжейлі айтып беруді тағы да қатаң талап етті. Бірақ баланың жауабы сөзінен жаңылысып, әртүрлі бола берді. Бірде ол адамның сақалы бар еді десе, енді бірде өрілген қос бұрымы бар еді дейді. Ақырында оның кигені әйелдің белдемше көйлегі болып шықты.
— Әйелдің белдемше көйлегі?! — деп таң қалды Бьяртур. — Сонда ол қандай белдемше көйлек еді?
— Қызыл болатын. Ол адамның мойнына орап алған бір нәрсесі бар еді.
— Мойнына орап алған бір нәрсесі? Орап алғаны не болды екен?
— Білмеймін. Шамасы, ол орап алғаны бөкебай болар. Иә, бөкебайға ұқсайтын.
— Бөкебайға ұқсайтын! Сайтан алсын сені, оңбаған неме! — Мә саған қызыл бөкебай! — деп, шаңқ ете қалды да, баланы шапалақпен аямай тартып жіберді. Байғұс бала тәлтіректеп құлап қала жаздады. — Не болса, соны оттама!
Табиғаттан тыс құбылыстардың бір ұнамсыз жері сол, ол адамзаттың бұрыннан қалыптасқан түсінігін өзгертіп, оларды бір төбешікке үйіп-төгіп, араластырып жібереді. Адамның табан тірер топырағы тербетіле бастайды. Ақыл-ойы өзге бір салаларда шарқ ұрып, ұшып жүргендей болады. Ол дұрыс қорытындылар жасаудан қалады. Тіпті көрер көзге айқын нәрселердің өзін де түсіне алмайды.
Құбылыстардың, тіпті бір-біріне тікелей қарама-қарсы құбылыстардың да, арасындағы өзара жігі жойылып сала береді. Ундерхлидтік Эйнардың "Өлім дегеніміз өлім емес, өмір дегеніміз өмір емес" деген пайымдаулары сияқты түсініксіз бір нәрсеге айналады. Адамдар құбылыстарды рет-ретіне қарай әртүрлі топтарға бөледі. Бейне бір ойын картасын түс-түсіне қарай бөлген сияқты. Ал табиғаттың сыры белгісіз тылсым күштері адамдардың өміріне күтпеген жерден килігеді де, ондағы бар нәрсенің бәрін де жинап алынбай қалған пішенді күзгі нөсер жаңбыр суының тасқыны өзімен бірге ала жөнелетіні сияқты тас-талқан етіп өзгерте бастайды. Көп адамның пікіріне қарағанда, табиғаттан тыс құбылыстарды Құдай өзінің құдіреті қаншалықты күшті әрі өзінің қаншалықты кемеңгер екенін дәлелдеу үшін жіберетін көрінеді. Сонда Жазғы мекен иесі Бьяртурды табиғаттың әдеттегіден тыс тылсым күштеріне шынымен-ақ алдандыртып, мазақ етіп кете беретін болғаны ма? Әлде былайғы жұрттан ақыл сұрауға мәжбүр етпек пе? Әлде бұл сиқырлы зұлым күштер мұның қойларын түгел қырып бітіп, осы хуторды 1750 жылғы сияқты тып-типыл етіп қиратып кеткенше түрлі псалом-дұғалар оқытып, дуа жасатып, дәрменсіз жүре бермек пе?
Тымық кештің бірі еді. Бьяртур қойларды қораға қамауға асықпады. Ол ойы онға бөлініп, жайылымда жайбарақат жүріп алды. Өзімен-өзі сөйлесіп, табиғаттың әдеттегіден тыс тылсым күштерін балағаттап тілдеуден жалыққан жоқ. Тіпті қай бағытта жүріп бара жатқанын да байқамады. Бір кезде ол кенет таудың батыс жақ етегіне дейін жетіп қалғанын көрді. Бәлкім, ол бұл жақтан өзінің досы ундерхлидтік Эйнарды, әлде басқа біреуді кездестірмек ойда болған шығар?
Жаңа айдың жіңішке орағы жарқ ете қалды. Іңір қараңғылығы қоюлана түсті. Көп адам әдетте ымырт жабылар кездегі іңірді сол күнгі уақыттың ең бір жақсы кезі деп біледі. Таудың биік төбесіндегі жайбарақат қысқы көріністің орта шенінен лақтырылған ұсақ тастар қоршап жатқан жерде қабыр төбе асқақ көрінеді. Онда сиқырлы зұлым күштің иесі атақты Колумкилли жерленген. Қабір төбенің төменгі жағы терең құлама құз. Төбенің бір бүйірін ай сәулесі жарықтандырып тұр, екінші бүйірі қара көлеңке тұмшалап алыпты. Бұл уақытты күндіз деуге де, түн деуге де келмейді. Айдың төгіліп түскен жұмсақ жарығы бүкіл көріністі көріктендіріп, тамаша тыныштық құшағына бөлегендей деуге болады. Бірақ Бьяртур бұл таңғажайып көріністің рақатын сезіне алған жоқ. Ол бейне бір өзіне олжа етіп, қоректенуі үшін басқа бір жануарды қыр соңынан қалмай, құтырына қуып келе жатқан аңға, жанталаса ұмтылған қатыгез жыртқышқа қатты ұқсайтын еді. Бьяртур шабуылға бірден шыққан жоқ. Тоңазып қатып қалған жерден бір кішірек тасты алды да қойнына тықты.
— Иә, сендердің екеуіңнің де мәңгілік жатқан жерлерің осы болды ғой! — деді Бьяртур. Ол өлердей өшпенділігін жасыра алмай, молаға қарады.
Төбенің етек жағында тұрып, жер тепкіледі. Бірақ мұнысына олар ешқандай үн қатпады. Бьяртур сонда да болса, сөйлей берді, сөйлей берді. Бейне бір олардың арам ойларын, қылмысты қылықтарын түгел мойындатқысы келгендей. Екі әйелі мен балаларын өлтіргені үшін айыптайтынын ашық айтты. Енді қойларына ауыз сала бастағанын бетке басқысы келгендей.
— Несі бар, қолдарыңнан келсе, аямаңдар! Сендерге бағынып, бас иетін мен жоқпын! Олай деп ойласаңдар, ел-жұртқа күлкі боласыңдар түге! Менің хуторымның үстіне тауды төңкеріп тастасаңдар да бәрібір! Мен бұл жерден ақырғы демім таусылғанша кетпеймін! Кетіре алмайсыңдар! Менің бағындырамын деп есуас болмаңдар! Дәмеленбеңдер!
Тағы да жауап жоқ. Тек ашық аспандағы шашыраған жұлдыздардың нәзік сәулелері жылт-жылт етіп, жердегі адамды және оның қас дұшпандарын мазақ ете жымыңдап күліп тұрған сияқты.
Сонда барып Бьяртур былай деді:
— Сендер байқаңдар, менің қойнымда тасым бар! — Сөйтті де оларға тасты алып көрсетіп, құлаштап сілтегісі келетінін байқатты. — Бірақ сендер бұл тасты мен сендердің бастарыңа тастау үшін алып келді екен деп ойламаңдар! Бәлкім, сендер: "Бұл бізден қорқады, сондықтан да басымызға тас тастау үшін келіп түр" дерсіңдер?! Сендер: "Бұл біздің басымызға ақыры тас тастауға мәжбүр болады. Өйткені ол шынында да өзінің екі әйелінен бірдей көз жазып қалғаны сияқты Ауста Соуллильядан да айырылып қаламын ба деп қорқады" дерсіңдер! Бірақ менің сендерге айтарым: "Жазғы мекеннің иесі Бьяртур — өз еркі өзінде, басында бостандығы бар адам. Ол — Исландия жерін адамдар алғаш қоныстанған кезден бастап, күні бүгінге дейінгі ең ерікті, ең азат адам! Сонда менің басыма тауды төңкере құлатсаңдар да басымызға құрметпен тас тастайды деген үміттеріңді біржола үзіңдер!"
Бьяртур құбыжық зұлым күштерге деген өз өшпенділігінің белгісі ретінде қолындағы тасты төмендегі құлама құзға құлаштап тұрып лақтырып жіберді. Тас шатқалдың жалаңаш тас қабырғасына тиіп, төмендегі терең түбіне жеткенше тарс-тұрс еткен дыбыс шығара домалап бара жатты. Мұның өзі ежелгі ескі аруақтардың мәңгі тыныштығы бұзылып, мазасызданған үні естіліп, оған бейне бір құбыжық алып күш иесі мен оның серіктері таң-тамаша қалып жатқандай әсер етті. Ит құздың жиегіне жетіп келіп, бар даусымен шабалана қатты үрді. Бьяртур құбыжық зұлым күштердің елестерімен есеп айырысып, кек алғандай болған тап осы сәтте адамдардың ешқайсысынан жәрдем сұрап, көмек күтудің қажеті жоқ екенін бұрынғы қай кездегіден де айқын сезінді. Қазір ол тап осы жерден құбыжық зұлым күш иелерінен жекпе-жекке шығып, оларды ешкімнің көмегінсіз-ақ жеңіп шығуға бұрынғы қай кездегіден болса да батыл бел буған еді. Бұл жолда ол өзінің басын өлімге тігуден тіпті де тайынбайтынын көрсетті. Сөйтті де аздан соң кері бұрылып, өзінің кең аңғарына қарай жүріп кетті.
ҚЫРЫҚ ТӨРТІНШІ ТАРАУ
ДІНИ ЖОРАЛҒЫ
Поселкенің қаладан қайтып келе жатқан тұрғындары жолшыбай Жазғы мекенге бұрыла кетуді әдет қылып алды. Балалардан сиқырлы зұлым күштердің елес көрсетулері туралы сұрап-біліп, сол жаңалықтарды поселкеге жеткізгенше асықты. Ондай елестер туралы өңі өзгертіліп, өсе түскен алып қашпа әңгімелер ауыздан-ауызға тез тарап жатты. Адамдардың ақыл-ойы мен жан дүниесінің бір нәрсемен айналысатын іс-әрекеті жоқ, іш пыстырарлық тып-тыныш кезеңде ондай әңгімені кәрі демей, жас демей, жалпы жұрт соншалықты зор ынтамен тыңдайды. Олар сиқырлы зұлым күштердің бой көрсеткен әрекеттеріне барынша оңай сенеді. Ал қырсықтың басы атжалмандарда екеніне шеттерінен күмән келтірумен болды. Өйткені біздің бәріміз де адам сенбейтін нәрсеге тез илануға, ал шындық атаулыға күмәндана қарауға бейім тұрамыз ғой.
Сонымен поселке тұрғындары Бьяртурға барған сайын жиі-жиі соғатын болды. Адамдар қызық өзі. Олар қай-қайдағы өсек-аяңның, алып қашпа әңгімелердің қаншалықты шындық екенін сұрастырып білуден, сиқырлы зұлым күштердің қырсығы қандай болғанын өз көздерімен көріп қайтудан күш-қуатын да, уақытын да аямайды. Естіген әңгімелерін тез қағып ала қояды да көпке дейін естерінен шығармайды. Бьяртур бәрін де егжей-тегжейлі сұрастырып білуге жандары құмарларға қысқа ғана жауап қайтарумен болды: "Егер шынымен-ақ білгілерің келіп бара жатса, сол сиқырлы зұлым күштердің соңынан қалмай, есірік адамдай жүгіре беріңдер, жүгіре беріңдер. Табандарың тозғанша жүгіріңдер. Бұл — сендердің өз жұмыстарың! Ал мен өз басым ондай оттаған сандырақ сөздерге құлақ қоймаймын!" — деді. Мәселенің бүкіл мәні осында еді. Бір күні әлгі сайтан алғыр мысық қорадағы қойларды қасқыр тигендей үркіткен болатын. Сонда естерінен тана шошып кеткен қойлар бірінің үстіне бірі шыға ескіріп қашып, қабырғаларға соғылыпты, ақырдың жиегіне құлап түсіпті, сөйтіп жүріп бастарын жарыпты, мүйіздерін сындырыпты, тот басқан шегелерге ұрылыпты.
Балалар қонақтардың сұрақтарына жауап беріп, олардың көңілдерін тапқанына мәз болысты... Олар үйдің маңында өздерін қоршап тұра қалып, бұлардың сиқырлы зұлым күштердің елестерін көргені туралы әңгімеге құныға құлақ қояды. Ал балалар болса, өздерін өз өмірлерінде бірінші рет мардымсыған маңғаз адамдарша сезінді. Өйткені олардың әңгімелерін жұрт ынтыға тыңдады ғой! Редсмиридегі бас бәйбіше Аустаға Бьяртурдан жасырып азын-аулақ кофе, қант және шетелдік талантты көп жазушылардың біреуінің "Қарапайым өмір салты" деп аталатын кітабын беріп жіберген еді. Балалардың айтуына қарағанда, олар сиқырлы зұлым күштердің иелерін өз көздерімен көрген болып шықты. Тіпті олармен тілдесудің де реті келіпті. Әсіресе үлкен ағасы мен кіші інісінің көргені көп екен. Олардың қой қораға кіруі-ақ мұң екен, сиқырлы зұлым күш иелері көп күттірмей-ақ келе бастайтын көрінеді. Балалар қараңғы түнде жарқ-жұрқ еткен көздерін көріпті, бірақ олардың сөздерін жақсы түсіне алмапты — өйткені мұрындарынан мыңқылдаңқырап сөйлейді екен. Сонда да болса, бұлар айтқандарын едәуір түсініпті. Сиқырлы зұлым күштер өздерін былайғы жұрттың елеп-ескермей, ұмыт қалдырып кеткеніне риза емес сияқты. Өздерінің бар екендігін оқтын-оқтын білдіріп қойғысы келетіні де сондықтан көрінеді. Сиқырлы зұлым күштің иесі өзіне тиісті құрметтің түр — түрі түгел жасалмайынша оны дәріптейтін уағыздар айтылмайынша, псалом-дұғалар, діни дұғалар оқылмайынша, әсіресе өлгендердің аруақтарын еске алып тұрмайынша, тыныштық бермейтінін айтыпты. Кейбір қонақтар қой қораның жанына жақындай түсіп, өздері білетін әлдебір псалом-дұғаны міңгірлете ұзағынан созып оқыды немесе "Біздің әкеміз" дұғасынан үзінділер келтіруге де кірісті. Аустаның қонақтарға кофе әзірлеп беруге үлгере алмай, есі шығып жүрді. "Иә, — депті балаларға әлгі сиқырлы зұлым күштің иесі, — ертең қонақтар бұдан да көп келетін болсын!". Ол пұтқа табынушылардың әдеттегі көп құдайларының біреуі емес, нағыз Құдайдың өзі көрінеді. Сондықтан да адамдардан өзіне құлшылық етіп, табына дұға оқуды талап етіпті. Шамасы, мұның өзі оларға пайдалы болса керек.
Бүкіл приходта сиқырлы зұлым күштер туралы айтылмаған әңгіме қалмады. Олар аңғардағы бірнеше үйді тас-талқанын шығара қиратып кетіпті-міс, тапа-тал түсте үйдің шатырының үстінде секіре сайран салып жүріпті-міс, өзіне кімде-кімнің құрметпен дұға арнағысы келмесе, алдымен соның сазайын тарттырамын, кек аламын депті — міс. Сөйтіп бұрын ешкімнің назарын өзіне аударта қоймайтын осы бір шағын хутор қазір бүкіл округтың және бүкіл өлкенің дерлік мұқият әрі жіті назарында болып тұр. Бұрын бұл жерде болып көрмеген адамдар ғана емес, иттер де қаптап жүр. Олар кей-кейде сумаң қағып, тіпті үйге де кіріп кететін болды. Егер сиқырлы зұлым күштер мен олардың қатыгездік қылықтары туралы аңыздарды, түрлі айтыс-тартысқа, дау-дамайға толы әңгімелерді түгел жинайтын болса, онда Таурат сияқты көлемді бір томдық кітап болар еді. Поселкеде әртүрлі партиялар, тіпті діни секталар дерлік топтар құрыла бастады. Кейбіреулер мұның бәрі де жоғары құдіреттің жіберген аяны деп білді. Екінші біреулер ол ашық аянның мәні неде болды екен деп таңдана сұрастырумен болды. Үшінші біреулердің айтуынша, олардың бәрінің сөзіне қарама-қарсы, қойлар өздерін-өздері аяқ асты етіп, таптап өлтірген болып шықты. Кейбіреулер сиқырлы зұлым күш иесін қайдағы бір епетейсіз ұзын бойлы алып құбыжық етіп көрсетпек болса, енді біреулері орта бойлы, тіпті одан да аласа шағын денелі, мыржиған тіршілік иесі деп дәлелдеуге тырысты. Енді біреу, әлдебір тарихи дерекке сүйене отырып, сиқырлы зұлым күштің иесі еркек жынысты деп дәлелдеп бақты. "Жоқ, олай емес, әйел жынысты" деп қарсы дау айтушылардың дәлелі оларға қарағанда әлдеқайда сенімсіздеу шықты. Ал үшінші біреулер "Онда ешқандай жыныстық белгі жоқ, ол — қызтеке" деп соқты. Осы төңіректе әртүрлі өзіндік ерекше теориялар өріс алды.
Сиқырлы зұлым күш иесі Рождество мейрамы күні Жазғы мекенді қиратады — мыс деген алып қашпа сөз ел арасына тез тарап кетті. Бұл дерек онымен аз ғана уақыт бірге болдық деген балалардан шыққан-ды. Хутор тұрғындарына ниеті түзу адамдардың кейбіреулері пастордың йен далаға шығып, дұға оқуын сұрады. Жаратушы иеміздің атынан сиқырлы зұлым күш иелеріне ықпал етіп, олардан өз рухтарын тыныштандыруды талап етсе, бәлкім, олар да райынан қайтатын болар деп ойлады. Бұған пастор қатты қуанды. Өйткені бұл приходта Құдайға құлшылық етуді мойындай бермейтін адамдардың өздері де қазіргі қалыптасқан жағдайдың салдарынан Оны естеріне ала бастаған еді! Пастор ретінде осы приходты қабылдап алғалы бері Құдай туралы сөзді оның өзі де тек шіркеу кафедрасында тұрғанда ғана амалының жоғынан аузына алатын. Рухани өмір туралы әңгімелер бұл аймақтың адамдары арасында іш пыстыратын немесе күлкі шақыратын.
Бір күні кешке қарай хуторға адамдар көп жиналды. Мұнда әлдебір мереке өткізіліп жатқандай. Ауа райы жұмсақ, жұлдызды аспан ашық. Он төртінен туып, әбден толысқан Ай сәулесі төгіліп тұрды. Жастардың үлкен бір тобы да келіпті. Олар сіресе қатқан қар үйінділерінің үстінде не істерін білмейтін ақымақ жандар сияқты топтанып тұрды. Өздеріне мүлде белгісіз әлдебір нәрсені тағатсыздана күтетін сияқты. Сонымен қатар қорқынышты көңіл күйлерін де жасыра алмайды. Мына көгілдір суық қараңғылық арасынан бейне бір құпия құбыжық шыға келетіндей көрінеді. Қыстыгүні Фьордтан келіп, таудағы хуторлардың бірінде жұмыс істеген жас жігіт ең соңғы шыққан әуейі әндерді бірінен кейін бірін салып, жұрттың көңілін көтеріп жүрді. Бұл әндердің сазына жастар биыл қыс бойы билеп шыққан болатын. Әлдебір қорқыныш сезімін баса түсуге тырысқан жастар ол әндерді қазір де қосыла шырқады. Бұл жерде кездейсоқ шытырман оқиғаны тамашалағысы келген әуесқой жастар ғана емес, көпті көрген көп жасаған ересек адамдар да, қарттар да, бір-бірімен ертеден жұбын жазбай бірге жүрген ескі достар да бар болатын. Тіпті Тау королінің өзі де келіпті. Ол былтыр жергілікті приход кеңесіне мүше болып сайланған Міне, енді бүкіл жауапкершіліктің салмағы соның ғана мойнына түсіп тұрғандай. Әсіресе тап қазіргідей қиын-қыстау кезеңдегі ауыртпалықты айтсаңызшы! Мұнда келуге пасторды да көндіріпті. Оның жап-жас бала бола тұра басы таз, екі қолын қотыр қаптап кеткен екен. Ол ең алдымен осында қойлардың көрмесін өткізу керек, ол үшін оңтүстіктен қой өсіруші маман шақыру қажет деген ойда болатын. Пастор бұл ретте өзінің "Ауылшаруашылық хабаршысы" деген басылымнан оқыған мақалаларына сілтеме жасап тұрып алды. Ол мақалаларды ғылымның ең соңғы жоғары жетістігі деп білетінін айтты. Енді біреулер балаларды оңаша шақырып алып, сиқырлы зұлым күш иелерінің елестері туралы сұрастырумен болды. Олардың түр-түсі қандай екенін, не айтып, не қойғанын білгісі келді. Бьяртурдың қабағынан қар жауып, тым көңілсіз жүрді, қонақтардың берген сәлемін де жөнді ықыласпен алмады. Өйткені ол мұнда ешкімді де арнайы қонақ етіп шақырған жоқ болатын. Сондықтан да сақалын ақырын ғана сипап қойып, әлдебір өлең жолдарын өзінше міңгірлеп оқудан жалықпады.
Адамдар тұрған орындарынан қозғалмай, қар үстінде, түнгі қараңғылықта ерекше бір қызық та қорқынышты құбыжық қашан келетінін күтті. Көптеген адам бізді мұнда күтіп алып жатқан ешкім жоқ, бекер-ақ келген екенбіз деп өкінді. Ақырында Кельдтен келген Хродлагур сөз бастады. Ол босқа қарап тұруға төзе алмайтын әрі іскер, әрі тік мінезді қарт еді.
— Қане, қайырымды жандар, іске кірісетін уақыт болған жоқ па түге? — деді ол.
Бұл оның қой қораны айнала жүріп, дұға оқитын кез келді ғой дегенді еске салғаны еді. Соңғы кезде мұның өзі әдет-ғұрыпқа әбден сіңген, діни жоралғы ретінде қалыптасып кеткен болатын. "Қой қораны айналып жүріп дұға оқу" деген тіркес сөздік құрамға біржола еніп те үлгерген.
Өзгелер бұл ұсынысты салтанатты жағдайда қуана қарсы алды.
— Қане, бастасақ, бастайық! — десті.
Біреулерді балаларды тауып келуге жұмсады. Тау беткейіне өрмелеп, тарап кеткен жастарды жинау керек болды. Өйткені бұлдыраған көгілдір көлеңкесі мол түн сиқырлы зұлым күштердің бой тасалап жасырын келуі үшін ғана емес, махаббатқа бой алдырған жастар үшін де таптырмайтын қолайлы сәт еді.
Балалар жүгіре жетіп келді. "Енді не болар екен?" деген әуесқой құмарлықтан екі көздері бадырайып кетіпті. Сиқырлы зұлым күш иелері туралы сөз етуі керек екендігі тарс есінен шығып кеткен пастор "Ауылшаруашылық хабаршысынан" оқыған әлдебір жаңа теориялар туралы қызу әңгіме соғып тұр екен. Ол ауыр бір күрсініп алды да Хродлогурдың ұсынысына былай деп жауап қайтарды.
— Жақсы. Құдай атымен бастасақ, бастайық!
Тау королі, Эйнар, Оулавюр екі қолдарын арттарына ұстап, бүкшең жүріспен шұбыра алға шықты. Олардың жүзінен адам таң қаларлық әлдебір үрейдің белгісі байқалады. Сақалдарына пішеннің қиқымы жабысып қалыпты. Адамдардың алдыңғы жағында да, артқы жағында да иттер маңғаздана шұбырып жүрді. Мына сәттегі салтанатты шерудің маңыздылығын олар да түсінгендей. Біреулер қыздардың қолтығынан ұстап, ыржың қағып барады. Ал сиқырлы зұлым күш иелерінің келуін ойлап, қорқып келе жатқан қыздардың екі беттері қызара түскен. Ал, Бьяртурдың ойынша, ол қыздарды қызықтыра алып келген нәрсе тіпті де бүгінгі сиқырлы күштердің бой көрсетуі емес болатын.
Жігіттер, қой қораның ішіндегілерден сұраңдаршы, біздің қай бағытпен жүруіміз керек? — деп өтінді Хродлогур. — Алдын ала білгеніміз жақсы ғой. Аруақтардың кейде күннің қозғалысы бағытымен, кейде оған қарама-қарсы бағытпен жүруге мәжбүр ететінi болады.
Хельги інісін қолынан ұстап жетектеген бойы аяқтарының ұшымен басып, қой қораның есігіне дейін жасырынып жетті. Сиқырлы күш иелерімен бұған дейін олардан басқа ешкім де сөйлесіп көрмеген болатын. Олар есіктің ысырма тетігін жылжытып, ақырын ашты да қой қораның ішіне қорқа-қорқа көз жүгіртті.
— Тсс! — деді ағасы, тым әуесқой сабырсыз қонақтарды сақтандыра белгі беріп. — Жақын келмей, тұра тұрыңдар!
Осы кезде қойлар әдеттегіден тыс әлдебір қорқыныштан дүр ете үркіп, жартылай бос қораның ең алыс түпкіріне барып, үйме-жүйме болып тығылды. Балалар қой қораға кіріп, жасырынып қалды. Есіктің ысырма тетігін мықтап іліп, жауып қойды. Поселкеден келген бір жасамыс әйел "Құдай, сені мақтан етеміз!" деген дұғасын әуеніне басты. Өзгелер оған қосыла әндетті. Тек Хродлогур ғана қосылмады. Ол "Діни жоралғы" дұғаны әнге қосып айтудың қажеті жоқ. Әр нәрсенің өзінің бұрыннан белгіленген тәртібі бар. Соны сақтау керек" деді. Кенеттен жұрттың бәрі де әлгі қойлар сияқты дүрліге сапырылысып, қатты әбігерге түсті. Екі бала қой қорадан бейне бір әлдебіреулер желкелеп итеріп шығарғандай ытқып шықты. Сөйтті де күртік қардың үстімен сырғанай жөнелді. Олардың сөзіне қарағанда, сиқырлы зұлым күш иелері сырттағылардың қой қораны тоғыз рет айналып шығып, тоғыз шумақ дұға оқуын талап етіп жатқан көрінеді.
— Тоғыз шумақ па, тоғыз жол ма? — деп, салтанатты үнмен дауыстап, анықтай түсті Эйнар.
Қалай дегенде де діни жолмен жоралғы дұға оқу басталып кетті. Тым қарт шалдар псалом-дұғаны иттердің ұлуы мен үруінің әуеніне қосыла оқыды. Ал псалом-дұға оқудан хабары жоқ жастардың ойында әлі де басқа бір нәрселер бар еді. Олар соны ойлаумен боды. Жұрттың бәрі де үрейлері ұша қорықты. Қар үстіндегі көгілдір көлеңкелер бір-бірімен қосылып, тұтаса бірікті.
Бьяртур жеке өзі бір шетте тұрды. Ол өзінің Титласын шақырып алды. Оны бөтен иттермен таласа тістесіп қалар деп сақтандырды.
Көп ұзамай-ақ жастар қой қораны айналып жүре беруден әбден жалықты. Олардың бір тобы өзгелерден бөлініп, төбенің қия беткейімен төменгі сайға түсіп кетті. Онда барып, өздері Фьордта күнделікті тыңдап жүрген әуейі жаңа әндердің әуеніне құмарлары қанғанша билеп қайтпақшы.
Өздерін ержүрек батырмыз деп санайтын екі жігіт қой қораға баса-көктеп кіріп барды. Сиқырлы зұлым күштердің қандай екенін өз көздерімен көрмекші. Бірақ олардың кіргенінен шыққаны тез болды. Табалдырықтан аттап түскендері сол еді, қой қораның арғы түкпіріндегі пішенханадан оттай жанып, жарқ-жұрқ еткен екі көзді байқап қалды. Кәдімгі Греттир* туралы сага суреттелетін алып құбыжықтың қорқыныш тудыратын көздерінен айнымайды екен. Әйтеуір бір кезде, қартайған шақтарында, бұл ержүрек екі жігіттің өз немерелеріне Исландия сагаларында айтыла беретін құбыжық алып күштердің иелерін, олардың салған ойранын біз де өз көзімізбен көргенбіз деп айтуларына енді толық негіз бар. Бірақ іс мұнымен ғана бітпеді. Енді әлгі көрініске іле-шала баж ете қалған қатты дауыс шықты — ондай дауысты Исландиядағы бар бірде-бір жабайы жануардың шығаруы тіпті де мүмкін емес. Оны тот басып, тозығы жеткен темір есіктің ешқандай мән-мағынасыз, құлақты жарып жіберерлік қатты жаңғырығымен ғана салыстыруға болатын еді. Қой қораға тап сол сәтте жалт қараған пастордың пайымдауынша, бұл сұмдық ащы дауыс алты қабат аспанның арғы жағындағы патшалық пейішінің қақпасы алдында мәңгілік азап шегу үшін қатаң жазаға кесілген әлдебір құбыжық тіршілік иесінің жан даусы болуы тиіс. Жаңағыдай сарғыш-жасыл көздердің аспан патшалығының жарқыраған күшті жарығын бұған дейін де, бұдан кейін де көру ешқашан мүмкін емес. Осы қолайлы сәтті пайдалана қойған пастор аспан патшалығындағы пейіштің қақпасының осында жүрген адамдарға айқара ашылуын, аспан әлеміндегі патшалықтың нұр сәулесін көруін тілеп, дұға оқыды. Осы минөтте көңілі қапа мұңлы Ай қалың бұлттың тасасына тығылды. Сөйтіп аппақ қарға шағылысып тұрған көгілдір сұрғылт сәуленің жарығын бұрынғыдан да тылсым қою қараңғы түнек тез алмастырды. Тау қойнауының көркем көрінісі мүлде бұлдырап, қатты қарауытты. Осы бір мән-мағынасыз түнгі вахтаға келген адамдар бір-біріне мына қою қараңғылық құшағында бір-біріне сиқырлы зұлым күштердің қорқынышты құбыжық иелерінің елестері сияқты болып көрінеді. Адамдар қараңғы қапаста жеке қалып қоямын ба деген үлкен үрейдің салдарынан бір-бірінің қолтығынан еріксіз қабыса ұстады. Одан басқа қолдарынан келетін шаралары қалмады! Олар бір-бірінен айырылмай, дір-дір еткен қорқынышта осылай бір орында тұрып қалысты. Қараңғылық барған сайын қоюлана түсті. Күн суытып, аяз қыса бастады. Осындайда рақаттана ыстық кофе ішіп отырса ғой, шіркін!
ҚЫРЫҚ БЕСІНШІ ТАРАУ
ЖАН ТУРАЛЫ
Біреу кофе ішуді ұсынды. Жұрттың бәрі бірден келісті. Діни рәсім жоралғысы жасалып бітті. Қонақтар ешқандай шақыру күтпей-ақ, топ-тобымен жоғарыдағы шағын бөлмеге көтеріле бастады. Адамдар бүкіл оркугтан жиналған болатын. Үйге сыймай кетті. Тіпті еден сықырлап қоя берді. Енді болмаса ортаға опырылып түсетіндей. Сондықтан жастарды сыртқа шыға тұруға шақырды. Сайтан алғыр соларға осы жаққа келу не үшін қажет бола қалды екен?! Бұл қыздардың у-шу болып шырылдайтын, саз аспаптарымен жаттығу жасап, би билейтін жері де, кезі де емес қой. Ал кофе ішкісі келіп бара жатса, төменде тоса тұрсын! Жасы үлкен кісілер кереуеттердің үстіне зорға дегенде сыйысты. Әйелдер пешке лаулата от жағуға тырысты.
— Иә, осылай да осылай деңіз! — деді қонақтардың біреуі.
— Істің жағдайы осылай болды ғой! — деді екіншісі.
— Дегенмен де біраз іс тындырдық! — деді үшіншісі.
Кельдтен келген Хродлогурдан өзгелерінің бәрі де құпиясы мол әлдебір мистикалық қорқыныштан әлі де арыла алмаған еді. Әдеттегі емін-еркін үйреншікті әңгімеге көше алмады.
Хродлогур сиқырлы зұлым күштердің бар екеніне оншалықты сене қоймайтын. Осы бір алып денелі адам өмірді өз көзімен қалай көрсе, солай ғана қабылдайтын. Оның табиғатқа тән және табиғаттан тыс құбылыстарынан қорықпайтын, әрбір нақты жағдайда қандай шара қолдану керек болатынын ғана ойлайтын.
— Құрметті де қымбатты пастор, — деді ол — Өзіңіз білетіндей, менің екі керемет жақсы тоқтым бар. Өткен күзде оларды сойып алғым келген жоқ. Бәлкім, бұл менің қателігім де болған шығар. Өйткені қазір оларды тектен-тек азықтандырып, асырап отырмын. Егер біз "Ауылшаруашылық хабаршысынан" ебін тауып, біреуді шақырып алғанымызда, сөйтіп ол олқылықтарым туралы жоғарыдағы басшыларға жазып жібергенімізде мен оның екеуін де сатып жіберіп, ақшаның астында қалар едім ғой. Солай емес пе?
— Ойыңыз жақсы-ақ екен, — деді пастор, өзінің қой шаруашылығы саласындағы айтып жүрген біліміне сенетін, қой және оның тұқымын асылдандыру туралы арманын қолдайтын тым құрығанда бір адамның табыла кеткеніне қатты қуанып. Содан соң ол қой көрмесін өткізіп тұрудың халыққа тигізген қыруар пайдасы туралы ұзақ-сонар әңгімені бастап жіберді. Ондай көрмелер туралы, әсіресе ет малының көрмесі туралы газеттер көп жазған көрінеді.
Осы кезде сөзге Тау королі килікті. (Ол приход кеңесінің мүшелігіне өтуін өтіп алғанымен қанша әрекет жасап басқа да одан жоғары дәрежеге көтеріле алмаған еді. Сөйтіп орташалар қатарында қала берген. Былтыр саудагер дүкенші мен тұтыну қоғамының қай жағына шығарын білмей, басын қатырумен жүрді. Өйткені екі күшті арпалысып шайқасқан кезде төзім сақтап, әліптің аяғын күткенді дұрыс деп білген). Қазіргідей қиын-қыстау кезеңде қойдың тұқымын асылдандырудың өте пайдалы болатынын жұрттың бәрінің де түсінгені барынша маңызды болар еді деп санайтын.
— Бірақ, — деді ол, — бір нәрсеге назар аударыңыздар: мен ет малының санын көбейтуге қарсымын. Менің ойымша, қазіргідей қиын-қыстау кезеңде, мысалы былтырғы жылды алайық, ет малы, көптеген мамандардың қорытынды жасағанындай, ауа райының қолайсыздығына төзе алмайтынын көрсетіп берді. Қойдың ең жақсы, ең төзімді тұқымы — Редсмири қойларының тұқымы. Олар онша қоңды бола қоймаса да етін тіпті қас дұшпандарымыздың өздері де бір ауыз наразылық сөз айтпай-ақ жей береді. Ондай қойлар барда қандай кезде де өлмейсің — өмір сүре бересің. Тым құрығанда қойлардың басқа бір тәуір тұқымы табылғанша солай болады.
Истадальдық Оулавюр Тау королінің сөзін тыңдап отырғанда осыдан бірнеше күн бұрын салық салу тәртібінің жарияланғаны есіне түсіп кетті де, кедей шаруаларға салынатын салықтың түр-түрі мен мөлшері қандай болатынын сұрап білгісі келді. Кезінде ол да Тау королі үшін дауыс берген еді. Одан едәуір үміт күтетін. Оулавюрге ол өз жауапкершілігін жақсы сезінетін жан сияқты көрінетін. Берген уәдесін орындай алатын, кедейлердің мүддесін қорғауға жанын сала кірісетін адам болар деп ойлайтын. Оның үстіне, Оулавюр сәті түссе, ит дәрігерінің көмекшісі ретінде аздаған қосымша табыс көзіне ие болатын шығармын деп дәмеленетін. Тау короліне осы мәселе жөнінде де сенім артатын
— Иә, салық деген қиын болап тұр, — деп, аса бір байсалдылықпен ауыр күрсінді Тау королі. — Тап қазіргідей ауыр кезеңде приходқа басшылық жасау өте қиын, қымбатты Оулавюр. Старостаның да, судьяның да, сондай-ақ үкіметтің өзінің де қазіргі айтатыны бір-ақ сөз: "Қазіргідей аумалы-төкпелі ауыр кезеңде салық салудың өзі де оңай емес, қияметтей қиын нәрсе". Қазір бәсеке деген барлық жерде күшейіп барады. Кімнің жеңіп шығатынын ешкім біліп болмайды. Сонда хутор тұрғындарына кім қол ұшын бермек? Қайыршыланған шаруаларға жаны ашыған болып, күндіз-түні күйіп-пісіп жүрген Бруни ме, әлде оларды жарылқап тастамақшы болып жүрген тұтыну одағы ма? Бәлкім, барлық үмітті староста Йоунға артқан жөн бе? Әлде біздің жарылқаушымыз приходтың өзі болар дейін десек, оның кассасында түк жоқ, құралақан отыр.
— Иә, мен де әрқашан осылай деп ойлап жүрмін, — деді Оулавюр сайлауда өзі дауыс берген приход кеңесінің мүшесі көңілін қалдырып, түңілдіргендей болғанын сездіргісі келмей. — Адамның ғұмыры тым қысқа. Менің: "Шіркін-ай, бәрі де әділетті, әрі ғылыми жолмен жүзеге асырылса ғой!.. Шіркін-ай, біз өз еңбегіміздің толық өтеліп, қаладан ең қажет нәрселерімізді қалағанымызша сатып ала алатын болсақ қой... Шіркін-ай, біздің жөні түзу баспаналарымыз болса, онда балаларымыз, мысалы менің балаларым сияқты, жап-жас кезінде өкпе ауруынан өле бермес еді-ау!.." деп әрқашан сарнай жөнелетінім содан емес пе?.. Апыр-ау, мен не деп кеттім? Не айтқым келіп еді өзі?.. Иә, мен әлі үш мың жыл бойы сіңірімді созып, діңкем құрығанша қалжырап титықтасам да қарызымнан құтылып бола алмайтын шығармын, шамасы!?.
Осы кезде әңгімеге ундирхлидтік Эйнар араласты. Ол осы айтып отырған сөздеріміздің қай-қайсысы да хутор тұрғындарының өміріне сиқырлы зұлым күш иелерінің тигізіп жүрген қырсығы сияқты оқиғаларға қарағанда түк те емес деп санайтынын айтты. Өзіміздің тартып жүрген азабымызды, көріп жүрген қорлығымызды, қиналып жүрген аштығымызды, ауру-сырқауымызды ұмыта тұрыңдар деп Құдайымыздың өзі талап етіп отырғанын қалай ғана естен шығарасыңдар түге?
— Бұл әңгімені бастаған мен емеспін, — деп қарсылық білдірді Оулавюр. — Менің үнемі қайталап айтатыным — бір-ақ нәрсе. Оны жұрттың бәрі де біледі. Тілімізді босқа безеп, құр қақсай бергенше, әлдебір маңызды нәрсені байсалды түрде талқылауымыз керек қой! Бірақ мәселе ғылымға келіп тірелгенде біз бейшаралар одан не түсініп жарытамыз?! Сен өзің бүкіл дүниеден қол үзіп, бір қиянда жеке жатқан, тұмсығы мұзға тірелген балықтай болып аласұрған, балалары аурудан көз ашпайтын, әйелі азап тартудан арылмайтын мына заманда ондай ғылымды түсіну қайда?! Менің "Халық достары" одағынан шығып қалғаныма, міне он жыл болды. Нағыз жақсы жандарды мен сонда жолықтырып едім. Бірақ "Оқу үйірмесі" деп аталатын ұйымымыз тез тарап кетті. Қазір ұштығы мен пұштығы да қалған жоқ. Кейбіреулердің пікірінше, бұған атжалмандар кінәлі болған көрінеді. Ал менің білетін бір-ақ нәрсем бар: онда соңғы бес жылда бірде-бір адам кітап шкафтарының есігін ашып та көрген емес. Міне, осындай надандықтың шырмауынан шыға алмай отырған әйелдеріміздің ғылыми мәселелерде не жұмысы болмақ? Түк түсіне алмайды ғой!
Эйнар былай деді:
— Біздің арамызда білімді, мысалы, өзіміздің пасторымыз сияқты азаматтардың бар екенін пайдаланып қалудың мүмкіндігін қолдан шығарып алу өте өкінішті болар еді. Менің пайымдауымша, пастор қатардағы қарапайым адамдарды менсінбей, оларға жеркенішпен қарау дегенді білмейді. Марқұм болып кеткен пастор Гудмундур біздің сауатсыз топастарымызға төзе алмай, дүниеден озды. Ал енді менің сұрайын дегенім мынау: кейбір адамдардың жандары алты қат аспанның арғы жағында да, осы жер бетінде де, тіпті жер астында да тыныш таба алмайтыны несі екен осы?
— Мұның себебі олардың тұла бойын жын-сайтандардың жайлап алғанынан емес пе екен өзі? — деп бірден үн қатты Гильден келген Круси.
Пастор қандай ыңғайлы жауап тауып айтсам екен деп ұзақ ойланып отырды. Бұл мәселе төңірегінде көптеген адам өз пікірлерін айтқанымен еш нәрсе де анықтала қоймады. Оулавюр бір кітаптың парақтары өзінің таныс көршісіне бір досы беріп жіберген кеселерді орауға жұмсалғанын айтып берді. Ол кітаптың әлгі парақтарынан оқып білгені — шетелдік ғалымдар сиқырлы зұлым күш иелері атаулының жоқ екенін батыл мәлімдепті.
— Жоқ, қымбаттым, Оулавюр, тіпті де солай емес! — деді Тау королі. — Олай деп білу менің ойыма да кіріп шықпайды. Әсіресе тап қазіргідей қатерлі кезеңде. Мен өзім әрқашан зұлымдық пен қайырымдылық қатар жүреді деп ойлаумен келемін. Парсылардың діні де осылай деп үйрететін көрінеді. Мұны маған осы округтегі ең сауатты әрі білімді әйел Редсмиридегі бас бәйбішеден естідім. Өздерің де жақсы білесіңдер, ол қайырымдылық пен зұлымдық туралы көп айтады. Тіпті Әйелдер одағында, біздің округте, басқа да жерлерде сөйлеген сөздерінде қайта-қайта айта береді. Ал егер көзге көрінбейтін сиқырлы күштер туралы айтар болсақ, маған мынадай ой келеді: олар, көптеген адамдардың ойлап жүргеніндей, оншалықты қайырымды емес, оншалықты зұлым да болмауы тиіс. Мұндайда, шамасы, шындықты осы екеуінің ортасынан іздеген жөн болар.
Ақырында пастор сөйледі. Оның манадан бері қандай жауап айтуды жан-жақты ойластырып алуына уақыты жеткілікті болып еді.
— Қазіргі ақыл — ойдың деңгейінде болуы үшін, — деді ол, — неғұрлым басқаша көзқарас қажет. Мен өзімнің бұл ойымды мана қой қораның жанында тұрғанымызда айтып бергенмін. Дәл осындай жағдайға, шамасы, әртүрлі дүниелерден өздеріне жай таба алмай, шарқ ұра шырылдап жүрген сорлы жандардың тікелей қатысы болуы тиіс.
Мұны естігенде Эйнардың төзімі таусылды.
— Қымбатты пастор! — деп дауыс көтере айқай салды ол. — Сіз тым асыра сілтеп жібердіңіз. Бұлай деп айтудан қорықпаймын. Өйткені өз сөзіме өзім жауап бере аламын. Рас, марқұм болып кеткен пастор Гудмундур мені онша жақсы көрмейтін, менің жазған жақсылы-жаманды өлеңдеріме назар аудара қоймайтын. Несі бар, солай-ақ болсын. Мен өлеңді атақ-даңқымды шығару үшін немесе құр мақтан үшін емес, өзіме-өзім ермек қылу үшін жазамын. Пастор Гудмундур қатал адам болатын. Сауатсыз топас адамдарға тіпті көңіл бөлмейтін. Бірақ діни мәселелерге келгенде өте күшті еді, көп білетін. Ол әйтеуір осы заманғы ғылымның соңғы жаңалығы екен деп кез келген адамның бос мылжың сөзіне құлақ аспайтын. Оның үстіне, сайтан мен оның түске кіретін елестерінен жандары жай таба алмай, сорлары қайнап жүрген қайдағы біреулер дегенді аузына алмайтын. Оның асыл тұқымды тамаша қошқарлары мен саулықтары бола тұрса да Құдайға сенуге келгенде алдына жан салмайтын. Ал маған қазіргі кейбіреулер, әсіресе жас пасторлар, осы жағына келгенде осалдау, жаңадан шыққан әйтеуір бір әулекі әуендерге әуес сияқты көрінеді де тұрады.
Пастор Теодоур: "Жас пасторлар да көп біледі. Кімге табынып, кімге құлшылық етуді ешкімнен сұрамайды. Бірақ, бәлкім, өздерінің сенімін бұрынғы қарттарға қарағанда бір азырақ өзгеше баяндауы әбден мүмкін" дегенді қайтсем түсіндіре аламын деп, әбден жанталасып бақты.
— Пастор, сізге бір сұрақ қоюға рұқсат етіңіз, — деді батылдана сөйлеген Эйнар. — Сіз Көне өсиет пен Жаңа өсиетке сенесіз бе? Ондағы сөзбе-сөз жазылғандардың бәрі рас па осы?
— Сіз мен үшін алаң болып, уайым жемеңіз. Мен Көне өсиетке де, Жаңа өсиетке де сенемін, — деп жауап қатты пастор.
— Менің тағы бір нәрсені сұрауыма бола ма? Мысалы, мына сіз Иисусты Құдайдың ұлы еді, ол көрде жатқан, мәйіті шіри бастаған Лазарьды* тірілтіп алды дегенге сенесіз бе, әлде сенбейсіз бе? — деп сөзін жалғастырып, өңмендей түсті Эйнар.
Пастор маңдайынан бұрқ ете қалған терін бет орамалымен асығыс-үсігіс сүртті. Ол бұл сұраққа да оның көзін жеткізе дәлелді жауап беруге тырысты:
— Иә, мен Иисусты Құдайдың ұлы дегенге кәміл сенемін. Ол табытта үш күн бойы жатқан Лазарьды тірілтіп алды дегенге де күмәнім жоқ. Өйткені мәйіт үш күнде онша бұзыла қоймайды.
— Сол бір сорлы шалдың мәйіті көрде жатып бұзыла бастады ма, жоқ па, сайтан ала берсін, онда менің жұмысым жоқ, — деп, пастордың сөзін бөлді Оулавюр. — Мен үшін ең бастысы, — деді ол шіңкілдеп тез сөйлейтін әдетімен, — оны Иисустың тірілтіп алғаны. Ал осы жерде пастордың қатысып отырғанын, бәріміздің де кофе ішуді күтіп отырғанымызды пайдаланып, шамасы, бүгін таң сібірлеп атқанша басымыз жастыққа тие қоймайтын шығар деп ойлап, пасторға менің де Эйнар сияқты бір сұрақ қойғым келіп отыр. Атап айтқанда, пастор Теодоур, сіз адамның жаны деген не және оған қалай қарайсыз? Пікіріңізді айтып отырсаңыз.
Пастор басын бір иығына сылқ еткізе төмен түсіріп жіберіп, бір түрлі көңілсіз мырс ете қалды да бұл мәселе жөнінде өзінің қалыптасқан пікірі жоқ екенін айтты. Сондықтан да бұрыннан бар ескі әрі дұрыс көзқарастарды ұстанатынын білдірді. Иә, адамның тәні өлгенімен, әрине, жаны мәңгі жасайды. Ол осылай мәңгі жасамайтын болса, оның несін жан дейміз біз?!
— Ой, мұны өзім де білемін, — деді пастордың қайтарған жауабына қанағаттанбаған Оулавюр. — Иоун Арасонның* басын кесіп алғалы жатқан минөтте ол да осылай деген болатын. Ал енді мен сізге бір нәрсе айтайын. Менің мұны оңтүстік жақта шығатын, байсалды ой айта білетін беделді бір газеттен оқып көргенім бар. Ол газетті былтыр бір танысым: "Оқып болған соң өзіме қайтарарсың" деп, уақытша бере тұрған еді. Сол газеттің жазуына қарағанда, астанадағы атақты адамдар өлгеннен кейін олардың жандары жарқыраған әдемі жиһаздарға жайғасатын көрінеді. Сол рас па өзі?
Оулавюр қарт өзінің пікірінде қалды. Өйткені ол баспа жүзін көрген кез келген бос әңгіменің өзіне құлай сенетін. Отырған жұрттың көбі бастарын шайқасып, рақаттана күліп алды.
— Иә, сендер күлесіңдер, — деді Оулавюр. — Күлсеңдер, күле беріңдер. Ол сендердің өз еріктеріңде. Бірақ менің сендерді босқа иландырған бірде-бір жағдайым болғанын айтып бере аласыңдар ма? Әрине, айтып бере алмайсыңдар. Иә, астанада жоғары мәртебелі адамдардың жандары тамаша жиһазға салып қойылатын көрінеді. Бәрің де қызықсыңдар түге. Сендер ғана емес, осы жақта тұратын бәрің де қызықсыңдар — өздеріңнің қой қораларыңнан жүз ярд жерден сәл-ақ астам алыста болып жататын оқиғаларға сенбейсіңдер. Оған ғана емес, жалпы еш нәрсеге — рухани өмірге де, тән түйсігіне де сенбейсіңдер. Өздеріңнің мал қораларыңда болған, өз көздеріңмен көрген, тіпті әлі көріп те үлгермеген оқиғаларға ғана иланасыңдар.
Осы кезде Оулавюрге пастор көмекке келді. Ол жиһазға қатысты әлгіндей нәрселердің, өкінішке орай, болып тұратынын растады әрі оған өзі кінәлі адамдай сезіммен сөйледі. Астанадағы кейбір жоғары мәртебелі адамдардың соңғы кезде ондай әдеттегіден тыс әрекеттерге барып жүргенін айтты. Бірақ оларды адам таң қаларлық әлгіндей жағдайға не нәрсенің итермелегені белгісіз. Ақыл-ойы күшті адамдардың айтуына қарағанда, ондай жандардың аспан әлеміндегі жарық дүниеден жай таба алмай адасып жүруі әбден мүмкін. Сондықтан да оларды ғажайып жиһазға салып сақтамағанда қайтеді?
Оулавюр сөзін одан сайын қызу жалғастыра жөнелді:
— Менің пасторға қоятын тағы бір сұрағым бар. Жалпы алғанда, жан дегеніміз не өзі? Малды бауыздап, басын кесіп алғаннан кейін оның жаны қайда кетеді? Шамасы, мойын омыртқалары арқылы сыртқа шығып, аспан әлеміне ұшып кететін болар? Кәдімгі шыбын сияқты көзден ғайып бола ма? Немесе жан дегеніміз, суайт Бьярнидің* айта беретініндей, бүктеп-бүктеп ауызға салып, қылғыта жұтып жіберуге болатын жұп-жұқа майлы құймақ сияқты басқа бір нәрсе ме? Жалпы, адамның қанша жаны болады? Өліп тірілген Лазарь тағы да өлген бе өзі? Сонда қалай болғаны? Менің түсінбейтінім мынау: әлгі жан деп аталатын нәрсе шенеунік шекпенін кигендерге жайлы жақсы әдеппен қарайтыны, ал кең-байтақ аңғарларда қаңғыра қоныстанып жүрген мына біз сияқты кедей шаруа бейшараларды шығынға ұшыратып, шырылдата беретіні несі?
Жан туралы әңгіме қыза түскен тап осы кезде жоғары бөлмеге көтеріліп кіретін тесіктен үй иесінің басы шығып келе жатты. Ол тар бөлмеде үйме-жүйме болып, тығылып отырғандарға жақтырмай қарады. Сөйтті де өзінің ескі досы Оулавюр былықтыра шиеленістіріп отырған әңгімені қас қағым сәтте кілт тоқтатты.
— Менің де, отбасымдағы бала-шағаның да жатып ұйықтайтын кезіміз әлдеқашан болды, — деп кесіп айтты ол. — Рождество кешінде сендердің жан туралы мылжыңдарыңды тыңдап отыруға уақыт жоқ, төзіміміз де жетпейді. Егер шынымен-ақ дауыстап псалом-дұға оқығыларың келіп бара жатса, онда басқа жаққа барыңдар. Тек менің үйімнен аулақ кетіңдер! Ал енді менің әділ сотқа айтарым — ол осы сұмдық оқиғаға кім кінәлі екенін тезірек іздеп тауып, тиісті жазасын беретін болсын! Ал тап қазір түн ішінде осы жерден тайып тұрыңдар да, мұнда аяқ басып келдік деген сөзді енді қайтып ауыздарыңа алушы болмаңдар! Ауста плитаның үстіндегі қайнап тұрған суды ары алып қой. Менің бұл адамдарды танығым келмейді. Бұлар да бұл жерге менің көркімді көргелі келген жоқ!
Сөйтіп Бьяртур бұл түні өзінің ең жақсы достарынан да безініп, оларды үйінен қуып шықты. Өз кезегінде олар да өздерінің екі досын тани алмады, дұрыстап айтқанда, оның бұлқан-талқан ызалы ашумен, жүзінен неге қаһарын төгіп жүргеніне түсінбей, аң-таң қалысты. Бьяртур олардың табиғаттан тыс тылсым күштер туралы шым-шытырық әңгіменің қызығына түсіп, оның ит тұмсығы батпайтын ну орманынан жол тауып шыға алмай, тығырыққа тіреліп отырған кезінде кіріп келген еді. Кенеттен бәрін де түсінген және бір ғана нәрсені — әділ соттың жазалауын талап еткен адамның тап өзі екенін айқын сезінгендей болды. Қонақтар бәрі де — ескі достары да, жаңа достары да — үйден қаздай шұбырып шығып бара жатты. Олар өздерін қатты ұялып, қысылған, қылмыс үстінде колға түскен қарақшы ұрылар сияқты кетіп бара жатты. Тіпті қош айтысуға да мұршалары болмады. Күртік қардың үстімен әрқайсысы әр жаққа өз жолдарымен ілбіп басып, барған сайын ұзай түсті.
Ай қалың қара бұлтқа жасырынды. Сиқырлы дұға да оқылмады, кофе де ішілмеді. Ештеңе де бола қойған жоқ.
Бір таң қаларлығы — кейін округта бұл түнді еске алған ешкім де кездеспеді. Ол приходтың тарихынан бір кезде Бьяртур иен далада жайдақ мініп, соңынан Иеркуль өзенін жүзіп өткен бұғы оқиғасы сияқты біржола өшіріліп тасталды. Кейінгі кезде сондағы сақалдары сапсиған салиқалы адамдар үйде болсын, түзде болсын, бір-бірімен кездескен кезде біртүрлі қысылған қабақ танытып жүрді. Бейне бір кешегі кеште кездесіп, едәуір ұят іс жасап қойған, енді қайтып ондай тірлік жасамауға бел буған күнәлі қыз бен жігіт сияқты бір-біріне қысыла ұялып, асығыс көз жүгіртетін болды. Одан да бері көбірек жыл өткен соң поселке тұрғындары бұл түнді әлдебір ұят іс болғандай естеріне алып, бейне бір жүрек ауыртатын елес ретінде жан дүниелерінің құпия қуысында сақтап жүрді. Көгілдір түсті жарымжан көлеңке, аңыз-ертегілерде айтыла беретін әлдебір мақұлықтың лапылдап жанған оттай өткір көздері, псалом-дұғалардың басын жарып, көзін шығарғандай етіп бұзып оқылғаны, сол бойы ұсынылмай, ішілмей қалған кофе, жан туралы шым-шытырық ұзақ әңгіме, Жазғы мекен иесіне оның қас жауы Колумкиллиден кек алып беру үшін жиналған бұрынғы-соңғы достары атаулыдан Бьяртурдың біржола бас тартып, қол үзіп кеткені туралы әңгімелер шынында да айтылмайтын болды.
ҚЫРЫҚ АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ӘДІЛЕТТІК
Гудбьяртур Иоуссонның осы жеңісінен кейін сиқырлы зұлым күштер иесінің елестері біраз уақыт көрінбей кетті. Көктемнің көкөзек шағы көтерем болған әлжуаз арық әрі ауру қойларды қырып салатынындай, сол түні ол дінге сенудің тамырына балта шапты, келіп отырған алыс-жақын көршілерін, дос-жарандарын қуып шығып, үйдегілерге алаңсыз жатып ұйықтаңдар деп әмір берді. Кейбіреулердің пайымдауынша, ол мысықты сол түні асып өлтіріп, көзін жойыпты. Егер сиқырлы зұлым күш иелері Бьяртурды рухы қашып, жігері құм болады, мал-мүлкін түгел сатып, басқа бір жаққа қоныс аударады деген есек дәмемен үміттенетін болса, онда олар қатты қателеседі. Жын-перілер босқа арамтер болады. Бьяртур бейне бір таудағы тұтас жартастай тұрған орнынан мызғымас беріктік танытты. Шығынға қаншалықты көп ұшыраса да мойымады, бұрынғы алған бетінен қайтпады. Кейіннен кездескен бірлі-жарым оқиға осында бұрын болған оқиғалардың баяу естілген жаңғырығы ғана сияқты болды.
Күннің енді-енді ғана ұзара бастаған кезі еді. Аспанды таңертеңгіліктен бастап аласа қою бұлт қаптап, жер бауырлап жатып алды. Айнала төңірек қараңғылық құшағынан арыла алмады. Бьяртурдың жан дүниесіне де жарық сәуле түскен жоқ. Тек түске қарай аздаған жарық болды да артынша қайтадан қара түнек орнады. Түс кезіндегі аз ғана жарық қараңғылық іргесін сөгіп, сейілтіп жібере алған жоқ. Бұл күні уездік судья келмек еді. Бьяртур балаларына бүгін ешқандай жұмыс тапсырған жоқ. Әуелі ең басты мәселені шешіп алуды күтетін сияқты: қалай дегенде де осы хутордың иесі кім — Бьяртур ма әлде сиқырлы зұлым күштердің иесі жын-перілер ме? Әкесі қалған қойларға шөп салуға шыққан кезде Гвендур итті ертіп бірге кетті. Үлкен ұлы терезенің алдында екі тізесін бір-біріне тақап, үстелдің бетіндегі ескі сызықтарды мұқият қарап, тамашалап отырды. Біреу бірдеңе десе де үн шығарып, жауап қататын түрі жоқ. Ұршыққа да қолының ұшын тигізбеді. Қарт әжесінің қасына қатар жайғасып алып, іс тоқып отырған кішкентай Нонни оған анда-санда көзінің астымен бір қарап қояды. Ол ағасының қазіргі көңіл күйін ешқандай сөзбен айтып жеткізуге болмайтын бейне бір нәзік сезімталдықпен толық түсініп отыр еді. Бір кезде оған жақын барды да:
— Хельги, осының бәріне пысқырып та қарама! Сиқырлы зұлым күштердің иесіне қарсы судья не істей алады? Оның қолынан түк те келмейді, — деді.
Бұған ағасы ештеңе деп жауап қатпады. Сәлден соң Нонни әжесінің қасына қайта отырды. Құлаққа ұрған танадай тыныштық орнады. Қарт әженің барынша баяу міңгірлеп, қайта-қайта оқып отырған псалом-дұғасының әуені де естіле бермейді.
Судьяны күтіп алу үшін старостаның тау жақтан, яғни жоғарыдан төмен түсуі, ал судьяның қала жақтан, яғни төменнен жоғары көтерілуі тиіс болатын. Сөйтіп судья бәрін де өз тергеп, өзі анықтамақ еді. Бірақ судья көпке дейін келе қоймады. Осы кезде қар жауа бастады. Старостаның көңіл күйі бірден бұзылды. Ол балағат сөздерін араластыра отырып, өзінің ақылына қонбайтын қайдағы бір сандырақ сөздерге бола әуре болып, босқа жұмсайтын уақыты жоқ екенін айтты. Ол өздерін ғұлама білгір санайтын маңғаз да менмен адамдар қарлы боранның белгісі білінгеннен-ақ мамық көрпенің астына кіріп, көсіліп жатып алады. Апыр-ай, мына сайтан алғыр судья да солар сияқты қара басының қамын ойлап, тәуекелге бармай, жатып алар ма екен?! Староста үй иесінің кереуетіне жайғасты. Аяғында қардан қорғайтын қалың шұлық болатын. Ол Ауста Соуллильяны шақырып алып, аяғындағы шұлығын шешуге жәрдемдесуін өтінді. Бұл күні екеуі де — қонақ та, үй иесі де — бірін-бірі жақтырған жоқ.
— Сен-ақ қашан болса да бір пәлеге ұшырайсың да жүресің, — деді қонақ үй иесіне, өзінің темекі шақшасын іздестіріп жатып. — Бірінен кейін бірі әйелің өледі, қойың қырылады, одан қала бере қайдағы бір жын-перілер мен сиқырлы зұлым күш иелері айналдырады! Саған не болды соншама?!
Бұл сөзге шаруа былай деп жауап қайтарды:
— Өлім-жітім мен жын-перілер туралы мәселеге келетін болсақ, мен бұл жерге ешкімді де шақырып, дауыстары қарлыққанша псалом-дұға оқуды сұраған жоқпын. Жан туралы сандырақ әңгімені сағыздай созып, шиеленістіріңдер деген де емеспін... Мұның бәрі Құдайдың да, адамның да күлкісін келтіретін, бүкіл приходты масқара ететін нәрселер. Солай бола тұрса да, мен, екінші жағынан әділ соттың болуын, әділеттілік орнауын батыл талап етемін. Мұны бостандық орнаған елдегі өз еркі өзінде бар, ешкімге тәуелсіз азат адамның қай-қайсысы да талап ете алады. Мен бір нәрсені өте жақсы білемін: өкімет орындары менен алым-салықты дер кезінде толық төлеп тұруымды жыл сайын талап етеді. Ал мен өкімет орындарынан ешқашан еш нәрсе талап етіп көрген емеспін. Қазір менің оларға төлейтін қарызым жоқ. Менің де оларға тұңғыш рет талап қойғым келіп отыр.
— Сен өзің бері қарап, тыңдашы мені, — деді староста шайнап, сөлін соратын темекі жапырағын тілінің астына салып жатып. — Басыңды қатырып қайтесің, одан да мына мекен-жайың мен жеріңді маған қайта сатып, мені алдап түсіріп, өзіңе қарыздар етіп қойғаның жақсы емес пе? Осыны неге ойланбайсың?!
Соңғы күні басынан кешкен алуан түрлі толғаныстардан кейін Бьяртур не нәрсе болса да барынша салқынқандылықпен қарауға біржола батыл бел буған болатын. Жоқ, староста мұны ол жолынан тайдыра алмайды. Бұл бәріне де төтеп береді!
— Иә, қымбатты Иоун, — деді ол, старостаның жаны ашығандай болған сөзіне еліккендей. — Осы сенің қалжыңың-ақ қалмайды.
— Қалжың емес, бар шыным! Мен сенің бір құтсыз жаман хуторға жармасып, неге айырылмай, өзіңді — өзің азапқа салып жүргеніңді мүлде түсінбеймін?! Мұнда сенің екі әйелің қайтыс болды, қойың қырылып қалды, балаларың да өліп тынуға таяу. Енді қандай рақат табамын деп ойлайсың?.. Әне, байқұс қыздың, Соулбьерт пе еді, аты қандай еді, тұрысы анау. Бойжетіп қалса да әлі сауатсыз, пұтқа табынушы сияқты. Шіркеуге алып барып, Құдайға табынып, жалынып жалбарынуы керек екенін ескертіп, жаны ашитын да ешкімі жоқ, — деді староста.
— Мәссаған ендеше! — деп қарсы жауап қатты Бьяртур. — Сен қашаннан бері христиан дінінің жанашыр жақтаушысы бола қалдың?! Шамасы, ажалыңның жақындап қалғанын сезіп, жаныңның қамын ойластырып, уайымдай бастағансың-ау өзі?!
— Менің қамымды жеп, басыңды қатырмай-ақ қой. Христиан діні — менің қашаннан арқа сүйер сенімді тірегім. Ол дінді басқалардың да өздеріне қамқор көруін қалаймын. Тіпті талап етемін. Олай етпесем, заңның билігіне ешкім де құлақ аспай кетеді. Иисус Христостың бейнесі менің бөлмемнің төрінде үнемі ілулі тұрады. Оны мен марқұм шешемнің көзіндей көріп, алып қалған болатынмын...
— Иә, иә! Орыс патшасының портреті де ілулі тұр ғой, — деп қыстыра қойды Бьяртур.
— Ол рас. Орыс патшасының портреті де ілулі тұр. Мен ол патшаны өте құрметті билеуші болды деп батыл айта аламын. Ол өз қол астындағыларға әрқашан жақсы басшылық етті, жақсы билік жүргізді. Ал оның қол астындағылар, бір жақсысы, сен сияқты қарағайға қарсы біткен бұтақ тәрізді қиқар жандар емес еді. Олар сен сияқты қайдағы жоқ пәлені, қайдағы бір сиқыр құбыжық күштер мен қорқынышты елестерді өз басына қаптатпайтын.
— Ім... — деп ішін тарта үн қатты Бьяртур. — Асмундтың ұлы Греттир тіпті де Құдайға құлшылық етіп, бас иіп көрген емес еді. Солай бола тұрса да Миклагардқа дейін созылып жатқан оңтүстіктің халқы соның жоғын жоқтап, кегін алған емес пе еді?! Греттир Исландиядағы ең ұлы адам аталып еді ғой!
Староста өзі қисынсыз бос сандырақ деп санаған бұл сөздерге жауап қайтаруды қажет деп таппады. Ол аузындағы темекі жапырағын суырып алып тастады да ұйқыға бас қоймақ болды: "Ұйықтап алайын, содан соң сөйлесерміз" дегендей ишарат көрсетті де екі аяқты кереуеттің үстіне көсілте созды. Сөйтті де теріс бұрылып, жатып қалды.
— Соула, қымбаттым, пештегі отқа тағы да бірнеше шымтезек қалай сал, — деді де, Бьяртур сыртқа, аулаға шығып кетті.
Даланы қар басып қалды. Уақыт барған сайын ұзарып, баяу созылды. Тіпті өтпей қойды деуге де болатын еді. Қар толассыз жауап тұрды, ал староста судьяны күтіп, ұйқы соғып жатты.
Әдетте шолтаң ете өте шығатын қысқы күннің ең жағымсыз жаман жері жай қараңғылық емес, қайта, бәлкім, ол қараңғылықтың көзге түртсе, көргісіз қою болмайтындығы да шығар. Символы қысқы күн болып табылатын мұндай қараңғылық шексіздігін, кәдімгі дүниені жайлап алған әрі қатыгездігімен ерекшеленетін әділ сот билігіне ғана ұқсайтын өзара туыс сияқты шексіздікті, тіпті де ұмытып, есіңнен шығара алмайсың. Қыс пен сот әділдігі — апалы-сіңлілі туыс сияқты. Көктемде, күн шұғыласын шашып тұрғанда, оның екеуі де зұлымдық жасайтынын жақсы түсінесің. Бүгін — ең қысқа күн. Мүмкін, осы күннен аман шыққандар ондай зұлымдыққа душар бола да қоймас. Қалай дегенде де осылай деп үміт ету керек. Өйткені, бүгін — әділеттілік күні, әділ сот билігі жүзеге асатын күн. Кішкентай хутордағы кішкентай адамдардың өздері аңсаған әділ сот билігін күтетін күн.
Бүкіл дүниені жайлап алған әділ сот билігін бұлар да көруі қажет қой. Бірақ сол әділ билікті түсінудің өзі қиын, жатқан бір машақат! Әділ сот билігін, әділеттілікті осы отбасының иесі, балалардың әкесі талап етіп отыр. Әрине, әділеттілік әкесінің жағында болуы тиіс. Өйткені ол өз қойлары үшін шөп шабады, пішен дайындайды. Қой дегеніміз әділеттіліктің өзі ғой. Мейлі, балалардың шешесі де, өздері де жер қойнында жатса да Бьяртур үшін бүкіл өмірдің мәні қойларда, тек қана қойларда. Өйткені бұл жатса-тұрса жанның қамын жеп, соны ғана ойлайтын, бүлік шығаруға ғана үміт артатын, сот әділеттігі дегеніміз барып тұрған қас жауымыз деп білетін адам емес. Оның үстіне, бүкіл дүниені жаулап алуға ақылы жетпейтін жан ғой. Ал сот әділеттігі өзінің табиғаты бойынша ақымақтық үлгісі болып табылады. Оның үстіне, барып тұрған зұлым да. Одан асқан зұлым жоқ десе де болады. Мұның бәрін толық түсіну үшін старостаның қалай ұйқтап, жүрегінің не деп соғып жатқанын тыңдау әбден жеткілікті. Оған қоса, әділеттілік абыздары үшін арнайы пісіріліп жатқан құймақтың иісін аузының суы құри отырып сезіну де жеткілікті сияқты.
Бьяртурдың ұлы сыртқа шығып, есікті жауып кетті.
Староста қатты қорылға басып, әлі ұйқыда жатты. Бет-әлпетінің кескіні өте айқын көрінетін осы бір мосқал адам, мына жатысына қарағанда, бұған дейін өмір бойы бірде-бір рет ұйқы көрмеген жанға ұқсайды.
— Соула, айналайын қызым, староста ұйқысынан тұрғаннан кейін жейтіндей бір асым төс еті табыла ма? Бұл қыста Жазғы мекенде ет үнемдеудің қажеті жоқ — барлық бөшкелер мен ағаш кеспектер боршаланған етке аузы-мұрындарынан шыға толып тұр ғой! Оны бәрібір өлексе жемтік деп, ешкім де сатып алмайды. Қайдағы өлексе жемтік, сайтан алғыр! Өлексе жемтікпен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Ақымақтар мен нақұрыстардың айта салған сөзі ғана. Ал барлық істі сот әділдігі шешіп беретін болады. Айтпақшы Хельги қайда кеткен?
Иә, Хельги көрінбейді ғой. Ол қайда жүр? Әлгінде ғана осы бөлмеде емес пе еді? Келетін шығар — атты бағу кезегі бүгін соныкі. Старостаның әлі де оянатын түрі жоқ. Мейлі, бұлардың не жұмысы бар? Қанша ұйықтаса, сонша ұйықтай берсін кәрі қақпас! Ауа райы мынадай бұзылып тұрған кезде судьяның өзі де йен далаға қарай аяқ баса қоймас. Айнала төңірек қарауытып, қар әлі жауып тұр. Таяқ тастам жер анық көрінбейді. Егер үйдің есігі алдындағы қатып қалған күртік қарға қарасаң, бұл дүние түгелдей дерлік көзден ғайып болып жоғалғандай. Еш нәрсенің түрін, түсін, ара-жігін айырып болмайды. Көзің көр, көңілің соқыр сияқтысың. Әлде сен де түк сезбейтін шырт ұйқыда жатқандайсың ба қалай?
— Әлгі бала қайда жоғалып кетті өзі? Гвендур, төменге түсіп, қарап келші. Үйден ұзап кете қоятындай болған жоқ қой.
Бәрі де тоя тамақтанып алды. Баланы іздеуге ақырында Бьяртурдың өзі шықты. Осы кезде староста да оянған еді. Шашы үрпе-түрпе ұйпалақтанып кеткен ол кереуеттің үстінде қайта-қайта ұзақ есінеп, біраз отырды.
— А? Не болды дейсіңдер?
— Біздің Хельги... — деді Ауста Соуллилья. — Қайда жүргенін қайдам, жер жұтып кеткендей жоқ.
— Хельги? — деп сұрады староста.
— Иә, Хельги, — деді қыз. — Менің інім.
— Ә, солай де, Ауста, — деп самарқау үн қатты староста, әлі де ұйқылы көзін аша алмай. Ол енді темекі шақшасын іздей бастады. — Сенің інің Хельги екен ғой... Байғұс балам-ау, саған обал болды ғой. Бьяртурға айтсаңшы, мына хуторды сатып жіберсін. Сен біздің үйімізде-ақ жүре бересің. Қашан келсең де есік ашық. Рұқсат сұраудың да қажеті жоқ. Келе бер. Апыр-ай, сенің еріндерің менің марқұм шешемнің еріндерінен айнымай қалыпты-ау өзі...
— А? Не дейсіз? — деп жалт қарады қыз.
— Сен осы он алты жасқа қарай аяқ бастың-ау деймін?
Иә, ол осыдан бір ай бұрын ғана он беске толған еді.
— Әрине, бұл өзі біз үшін масқара нәрсе болды. Бірақ амал қанша?! Біз сені өз қолымызға бірден-ақ алуға тиіс едік. Иә, менің сенен сұрайын дегенім: анау пісіріп қойғаның балық па?
— Жоқ, ет қой.
— Иә, айтпақшы, бұл Рождествода Жазғы мекендегі қой қора қан сасып еді-ау! Ет мол болар, сірә?
— Мен сізге арнап құймақ пісіріп қойдым.
— Ой, қойшы сол құймақ дегеніңді! Ондай нәрсені көптен бері аузыма алмаймын. Одан да бір түйір ет жегенім әлдеқайда жақсы. Әлгі сайтан алғыр судьяны айтамын-ау, мынадай аласапыран қар түтеген боранда мені мұнда шақыртып алып, өзінің жылы төсекте қорылға басып, тәтті ұйқыда жатқанын қарашы! Байқаймын, бұл үйден, шамасы, бүгін кешке де кете алмайтын шығармын.
Бірақ Ауста Соуллилья оның айтқан сөздерін барынша самарқау, ықылассыз тыңдады. Өйткені оның бар есіл — дерті Хельгиге не болғанын ойлауға ауған еді. Жүрегі әлдебір жамандықты алдын ала сезетін сияқты. Ойына үрейлі қорқыныш сезімі ұялай берді. Ол енді бұл жерде старостаның бары-жоғын да ұмытып кетті. Сөйтті де төменге түсетін тесіктегі сатымен сыртқа шыққан бойы үйдің жанындағы үйінді күртік қардың үстіне жүгіре көтеріліп, жан+жағына көз салды. Староста қарт әжемен және кішкентай Ноннимен бірге үйде қала берді. Ол темекі шақшасын тағы да қолына алып, оған сүйсіне қарады. Керіліп-созылды, тыр-тыр қасынды, қайта-қайта есінеді. Уақыт өте берді. Енді оған ақыр аяғында кемпірмен де әңгімелесуім керек екен-ау деген ой келді.
— Қане, қымбатты Бера, — деді староста. — Сен айтшы, осы бір таусылмастай қарғыс атқан түкке тұрмайтын мылжың әңгімелер туралы пікірің қандай?
— А? — деп, даусын созып отырып алды ол.
— Осы аспан мен жер бір-бірімен тоғысып, астаң-кестең болып кетті ғой. Сен де солай деп ойлайсың ба?
Староста кемпірге жылы шырай білдіре қоймады деуге болмайтын еді. Бірақ оның қайтарар жауабының қандай болатынына тіпті мән берген жоқ, барынша селқос қарады. Өзінің сөзін аяқтамай жатып, кеңірдегін керілдете түсті, ұзақ есінеді.
— О, қазір мен көп ойлаудан да, көп сөйлеуден де қалдым ғой. Бірақ осындай бір сұмдықтың ертелі-кеш әйтеуір бір болмай қоймайтынын білетінмін. Бұдан да масқараның болуы ғажап емес еді. Хуторды қырсыққа шалдырып жүрген біреу бар. Әрине, ол Құдайдың жіберген періштесі емес. Ондайлар ешқашан да періште бола алмайды, болып та көрген жоқ.
— Иә, ешқашан ондай болған емес, ешқашан бола алмайды да, — деді староста. — Ал егер сені басқа бір жақсы хуторға, не поселкеге орналастырса, оған қарсы бола қоймайтын шығарсың?.. Егер судья өзінің қолынан бір нәрсе келе алатынын тым болмаса бір рет көрсетіп, Бьяртурды заңның атынан шығаратын үкімімен осы хутордан қуып тастай алатын болса, әрине...
— О, егер өкімет билігі ондай ұйғарым жасаса, менің қарсы болар шамам қайда?! Бір ауыз да қарсы сөз айта алмаймын. Мейлі, енді маған не көрсем де бәрібір! Староста ретінде өзің де жақсы білесің, біз Урдарсельде марқұм Тоурарин екеуіміз қырық жылдай бірге өмір сүрдік. Сонда мұндай сұмдықтың ешқандай түрін кездестірмеген едік. Онда, тау ішінде, біздің көршілеріміз жақсы адамдар болатын. Ал мұнда қашан болса да бір емес, екі емес, үсті-үстіне қай-қайдағы бәлеге ұшыраймыз да жатамыз әйтеуір. Әрине, мен мұның бәрі де Құдайдың құдіретімен болып жатқан жоқ деуден аулақпын... Мысалы, өз басымды алайын. Тірі қалып, өмір сүріп жүрмін ғой. Әрине, егер мұны өмір сүру деп санауға болса... Мен не көрмедім. Алғашқы құрғақшылық кезіндегі пішен шабу кезінде Құдай менің бейшара жалғыз қызымды да алды. Артында қаңырап үй-жайы, зар жылап шуылдаған балалары қалды... Бұл жерде мен өткен көктемде қойлардың топалаң тигендей қырылғаны туралы айтып та отырған жоқпын. Ал енді жын-перілердің қырсығына душар болып отырғанымыз мынау.
— Иә, жын-перілердің қырсығы бұл, — деді староста.
Кемпір мұрнының астынан әлдебір нәрселерді міңгірледі.
— А? — деп анықтап сұрап білмек болды староста.
— А? — деп қайталады кемпір.
— Иә, менің сұрайын дегенім — әлгі жын-перілердің елестері делінетіндер туралы өзің не ойлайсың?
— Егер старостаның өзі сұрап білгісі келіп отырса, — деді кемпір, — онда мен жасырмай-ақ айтайын, тыңдай бер, қымбатты Йоун. Біздің заманымызда бір әдет-ғұрып болатын — расында да жақсы әдет-ғұрып еді. жын-перілердің сойқан салған жеріне тұрып қалған ескі несебімізді шашатынбыз. Ал зұлым күштер оның иісінен бастарын ала қашатын. Содан қайтып ол жерге екінші рет аяқ баспайтын. Бірақ бұл хутордың — Жазғы мекеннің иесі ондай әдет-ғұрып туралы естігісі де келмейді. Христиан дініне қатысы бар ондай бір нәрсе десең, шоршып түсіп, қасарыса қарсы шыға келеді. Ол — Бьяртурды айтамын — қашан да өзімен-өзі болады да жүреді. Қарап тұрсаң, өзге жұрттан мүлде ерекше. Бұрыннан осындай екен. Қазір ежелгі әдет-ғұрыптарымыз бен дәстүріміз аяқ асты болып, мүлде ұмыт қалып барады. Оларды айта бастасаң, жұрттың бәрі жеркенішпен жерге түкіреді.
— Иә, — деді староста, — Бьяртурмен тіл табысу өте қиын. Ол ежелден-ақ әккі болған өгіздей қиқар мінезімен мәлім. Барлық уақытта да сондай. Қолындағы балаларды тартып алып, дұрыс тәрбие беретін орынға тапсыру керек. Соттың үкімімен солай еткен жөн. Ал, сенің өзіңнің жеке басыңның жағдайына келетін болсақ, менің қымбатты бейшара Бертам, сені Гильдегі Маркус Ионссонның өз қолына алатынына күмәнданбаймын, кәміл сенемін. Ол кәрі-құртаң қарттарға жиырма жыл бойы қамқорлық көрсетіп, асырап бағып келеді. Ол ешкімге қиянат жасап, ренжітпейді. Мен оның қарт адамдарды ұрып-соғып жатқанын ешқашан көрген емеспін.
Мен біреудің үстінен шағым жасау дегенді білмеймін. Біреуді жамандағанымды ешкім де ести қоймайды, — деп күбір-күбір етті кемпір. — Бәрі де Құдайдың құдіретімен, тек Соның еркімен болатын нәрсе ғой. Мен асарымды асап, жасарымды жасап, бір аяғым жерде, бір аяғым көрде отырған жанмын. Өмір сүргім келмейді-ақ. Бірақ өле алмаймын. Сен саған сенесің бе, кей-кейде мен өзімнің кім екенімді де есіме түсіре алмаймын. Бір нәрсеге ғана сүйсініп, шүкіршілік етемін — немерем, кішкентай Нонни, айналсоқтап қасымнан шықпайды әйтеуір. Өйткені ол баланың ақылы бар, басы да, қолы да жақсы істейді. Ол кім көрінгеннің есігінде жүріп, күн көруі үшін тентіретіп жіберуге қимайтын бала. Ол жөргегінен шықпай тұрып-ақ, міне мына бұрышта менің қойнымда жатып келеді.
— Жарайды. Егер судья мына үйді сату туралы үкім шығарып беретін болса, онымен қалған мәселелер жөнінде де сөйлесіп көрермін.
— Иә, әрине, старостаның өзіне қажетті мәселелер жөнінде сөйлесіп көруіне әбден болады. Бұл өзі баяғыдан солай. Егер менің өз қалауыма салсаңдар, менің әрине Ударсельге кеткім келер еді. Бірақ мен ешқашан, тіпті жас кезімде де, бұл өмірден әлдебір ерекше жақсылық күтіп көрген емеспін. Сонымен қатар еш нәрседен де, ешкімнен де, тіпті жын-шайтандардан да қорыққан емеспін. Егер Құдайдың өзі бұл хуторды біржола қаңыратып бос қалдыруды қалайтын болса, — ал мұны жұрттың бәрі баяғыдан бері күтіп жүр, өйткені бұл жердің қандай қауіпті қырсық шалған жер екенін жақсы біледі — қандай қарсылықтың болуы мүмкін?! Ал, менің күнімнің не болары өзге жұрт үшін бәрібір емес пе, қымбатты староста? Менің көзім көруден, құлағым естуден қалды. Саусақтарым да қимылдай алмайды, жаны кетіп, үйи береді. Емшектерім де шандырға айналып, әлдеқашан кеуіп біткен. Енді менің бұл дүниеде болғанымның да, ол дүниеде болғанымның да бәрібір. Бірақ, шіркін-ай, Урдарсельдегі күннің батуы қандай әдемі еді?!
Староста кемпірге таңдана қарады. Адам санатынан әлдеқашан шығып қалған адамға не дей қоярсың? Оның өз сөзіне қарағанда, не өлінің, не тірінің қатарында жоқ. Шынын айтқанда староста онымен бұл әңгімені одан әрі қалай жалғастырудың ретін таба алмады. Ол иегін бір сипап қойды да тағы да есінеді. Аузына темекінің тағы бір үлкен жапырағын тығып жіберді.
— Темекі жапырағынан саған да берейін бе, байғұсым-ау? — деп, мейірлене сұрады староста.
Кемпір оның не дегенін анық ести алмады. Ақырында өзіне темекі жапырағын ұсынғалы отырғанын әрең түсінді.
— Аздап бойыңды да, ойыңды да сергітеді, — деп түсіндірді староста.
Бірақ кемпір темекіден сыпайы ғана бас тартты.
— Жоқ, жоқ, жоқ, рахмет! — деп, міңгір — міңгір етті ол. — Мен темекіні ешқашан қажет еткен жан емеспін. Маған оның не керегі бар? Мен бәрі де Құдайдың құдіретімен әрі қолдауымен болып жатқанына және тек қана жақсылық болатынына кәміл сенетін жанмын ғой.
ҚЫРЫҚ ЖЕТІНШІ ТАРАУ
ОҢ ЖАҚ БЕТ
Баланың басқан ізін үздіксіз жауып тұрған қардың басып қалуы үшін аз ғана уақыт жетіп жатыр. Бұл әсіресе күннің барынша қысқарып, түннің барынша ұзарған кезінде осылай болады. Із ә дегеннен-ақ көміліп қалады. Иен дала теп-тегіс аппақ мамық көрпесін жаңартып жамылады. Ізін әлі қар жасыра қоймаған жапан далада жетімсіреген жалғыз баланың көзіне ешқандай да сиқырлы зұлым күш иелерінің елесі көрінбейді. Тек көңілінде ғана қорқынышты құбыжық бар. Осындай ең ұзақ түннің ертеңіне адам өзін-өзі қалай сезіне алады?
Адамның көңіліне, тіпті кең-байтақ йен даланың өзіне де үрейлі қорқыныштың үймелей түсіп, болашақтан әлдебір бақыт күтудің, ол орындалады екен деп үміт етудің мүмкін емес екендігін сезінуі бірінші рет емес. Оның есесіне хуторда ет жетіп артылады — дөңгеленген ағаш бөшкелерде, күбішектер мен төрт бұрышты терең жәшіктерде толып тұр. Ал поселкедегілер оны "өлексе жемтік" дейді. Қайдағы өлексе, қайдағы жемтік?! Жап-жақсы ет! Солай бола тұрса да оны ешкім сатып ала қойған жоқ. Үй ішінде өздерінің жеуіне тура келді. Расында ол әдетте Рождество мерекесіне арнап соятын қойдың семіз етінен тіпті де кем емес. Бұл хуторда бұрын-соңды биылғыдай молшылық болып көрген емес — жұрттың бәрі де мереке күндері кәрі қойдың көн ұлтарақ сияқты қатып қалған етіне қарық болып жүрді. Балалардың бетіне қан жүгіріп, қызара түсіп, бастары зіл батпан ауырлап, асқазаны бұзылғандықтан денелері босаңсып, қалжырай берді. Таңертең ішілетін кофеден кейін де, таңертеңгі желінетін екінші астан кейін де ет беріледі, шыжғырылған шұжық ботқа орнына, күйдірілген май кәдімгі су орнына жүрді. Етке тойған қомағай иттер орындарынан зорға қозғала алатындай семіріп кетті. Адамға бұдан артық не керек?!
Міне, Рождество мерекесі де келді.
Көптен күткен Рождество кеші. Кемпір ұйқыға жатарынан едәуір бұрын іс тоқитын асай-үсейлерін жинап қойып, Ауста Соуллильяға былай деді: "Ал енді, қызым, емін-еркін жуынып — шайына беруіңе болады". Өйткені ол Рождествоның мейрамы содан кейін ғана басталады деп ойлайтын. Халбераның ойынша, Ауста Соуллилья тек осы кеште ғана және оған жуынып-шайынып ал деп бұйырғаннан кейін ғана жуынатын сияқты болып көрінді. Ал Халбера өзі жуынып-шайынбайды, оған мұршасы жоқ, әбден қартайып, қалжырап біткен. Бұл кештегі бүкіл мереке жуынып-шайынумен ғана біте ме? Жоқ, олай емес. Кемпір жыртылып тозып біткен шәлі орамалын шешіп алып, былай қойды да басын қара орамалмен шарт түйді. Бұл қара жібек орамал болатын. Оның орта шеті әлі бүтін. Қолдан-қолға, бір әжеден екінші әжеге асыл мұра ретінде талай рет өткен бұл орамал кемпірлердің тарамыс қолдарының күс басқан ескі алақандарының май жұқтыра отырып, сүйсіне сипалауымен жып-жылтыр болып кетіпті. Өйткені олардың бәрі де бұл орамалды сирек кездесетін дүниежүзілік байлықтың бір бөлігі немесе ол байлықтың әлі күнге дейін сақталып келе жатқандығының дәлелі ретінде мақтаныш ететін. Бірақ бар болғаны осы ғана емес. Рождество — бүкіл қымбат бағалы асыл заттарды көрсететін мереке. Қара орамалын басына тартып алған кемпір енді сырғасын алып көрсетті. Сырға дегеніміз мына кең-байтақ йен даладағы дамып жетілген өркениеттің белгісі. Ол да ұрпақтан-ұрпаққа мұра ретінде сақталады. Сырға кезінде қымбат бағалы таза, бірақ уақыт табымен қарайып кеткен таза күміспен қапталыпты. Кемпір оны құлағына тағып отырып, осындай операция кезінде бет-аузын құбылта қисаңдататын ескі әдетін де ұмытыпты. Енді, міне осыдан кейін Рождество мерекесі толық келіп жетті дей беруге болады.
Бұл жолы Бьяртур бір қойдың жарты етін түгел асуды тапсырған еді. Астауға сүзіп алынған піскен етті аударыстыра қарап шыққан отағасы оның семіздігі мен бұрқыраған тәтті иісіне сүйсінді! Бьяртур, соңғы күндердегі келеңсіз оқиғаларға қарамай, өзінің қуанышын білдірмей тұра алмады. Ол былай деді:
— Иә, бұл енді нағыз мерекеге айналатын болды. Рождество деп осыны айту керек!
Балалар бұған дейін Бьяртурдың Рождество мерекесіне тап бұлай ерекше мән бергенін естіп-білген емес еді. Енді міне, ол Рождество мерекесінде мақтануға тұратын мұндай тамаша етке қарық қылған қойдың екінің бірінде жоқ екенін айтты. Балалар етті үнсіз отырып жей берді. Бірақ қабақтары жабыңқы әрі барынша селқос көңіл күйде болатын. Енді олардың үшеуі ғана қалды. Олар қарлы боранда із-түзсіз хабарсыз кеткен ағаларын естеріне алып, көз алдарына жиі — жиі елестете берді. Оны бүкіл поселке болып соңғы екі күн бойы қатарынан іздесе де таба алмай қойған еді. Жазғы мекеннің тұрғыны Бьяртур өзінің шеккен шығындары туралы көп ойланып, уайым жеген жоқ. Болған іске болаттай берік болуды ұйғарды. Бәрібір орнына келтіре алмайсың деп ойлады. Ол балаларының бүгінгі Рождество мерекесінде де әдеттегі жай күндердей қабақтары жабылып, көңілсіз бір түрлі жабырқаңқы отырғанына аздап реніш білдірді. Міне, енді жатып ұйықтайтын кез де келді. Бірақ Рождество түнінде Бьяртурдың асқазаны ауырып, мазасын алды, шала ұйықтатты, тіпті ара-арасында ұйқы бермей, ояу жатуға мәжбүр етті.
Жұрттың бәрі ұйқыға кетті-ау деген кеш мезгілде Ауста Соуллилья шашын тарап, су жылытып, май шамның өлімсіреген әлсіз жарығында әлдебір нәрселермен айналысып жүрді. Ал кереуетте жатқан Бьяртур одан көз алмады. Рождество түнінің мүлгіген тыныш түнінде аздап қайнай бастаған судың бұрқылы ғана естіледі. Ауста әкесі жаққа қарамауға тырысады. Бірақ ол мұны өзін жаман қыз екенмін деп ойлағандығынан жасаған жоқ па өзі?.. Апыр-ай, бұл сол бір жағдайды тағы да еріксіз еске алуына не себеп болды екен? Шешесі бейшара ешқандай жамандық жасаған жоқ еді ғой. Бірақ биылғы қыс бойы шешесі туралы сол бір естелік көз алдына қайта-қайта келе береді. Соның бәріне де шешесінің өліміне байланысты еске алатын сияқты болады да тұрады. Бұл, Ауста, өзін шешесіне қарсы жасалған қылмысқа бейне бір өзінің де қатысы бардай сезінеді. Мұның кінәсінен әкесі шешесіне қажетті дәрі-дәрмекті жеткілікті әкеліп бермепті, оның үстіне, пальто да сатып әпермепті... Дегенмен де, бұл әлі жастау кезінде, басқа қалада қонып шыққан сол бір түні бұл ақылға қонымсыз әлдебір ерсі нәрсе жасаған да жоқ еді ғой! Ондай еш нәрсені ойына да алған жоқ болатын. Мұның басқаша еркелеуіне тіпті де еш мүмкін емес-тін.
Жайбарақат жай күндердің өзінде де, тіпті мына Рождество кешінде де, қыстың бел ортасында Аустаға қорқыныш төнеді де тұрады: оны қорқыныш туатын әлдебір белгісіз қорқыныш деп атауға да болады. Бірақ шындығында өмірде ондай қорқыныш бола қоймайды. Дегенмен сол "әлдебір белгісіз" қорқыныш Аустаға бір нәрсенің кешірілмеуі салдарынан төнеді де тұрады. Сол қорқыныш, бұл екеуінің арасындағы, жанды қаншалықты қинай түссе де, айтылмай жүрген әлдебір белгісіз үрей кетпей-ақ қойды.
Ол — Ауста мен әлдебір белгісіз нәрсенің арасындағы үрей. Бәлкім, бұл әкесі мен екеуі — бір-бірімен қоян-қолтық қол ұстаса жүріп, басқа бір қорқынышқа қарсы бірлесе күресіп жүрген де болар? Оны өздерінің сезбеуі де мүмкін! Өйткені бұл екеуі әрқашан өздерін бөлек сезінеді. Бірі — күшті, бірі — әлсіз. Иә, ол екеуінің арасында шетсіз-шексіз шалқар теңіз жатқан сияқты. Бьяртурдың өмірі тым ерте қалыптасып, бірте-бірте өтіп бара жатыр, ал Аустаның үн-түнсіз бұйығы өмірі әлі қалыптасып та үлгерген жоқ. Бұл екі өмірдің өзара үндесуі тіпті де мүмкін емес. Бьяртур — батыл да берік, ал Ауста — нәзік те жас. Тіпті осы үйде бұдан бірнеше күн ғана бұрын ойнап-күліп жүрген бала аяқ астынан жоғалып кеткенде де әкесі ешкімнің үн шығармауын талап етті. Ал Ауста болса, әкесі ұйықтап жатқанда көз жасын тыя алмай жылаумен болды. Ауста үлкен інісінің өліміне мұншалықты қатты қайғырып жыламас та еді. Бірақ Хельги зым-зыя жоқ болып кеткен түнгі қою қараңғылық мүлде саңылаусыз әрі өте-мөте қорқынышты еді. Оны аяғандықтан Ауста үлкен інісінің тірі кезінде өзін ренжіткен қиянат қылықтарын да кешірген болатын. Ал әкесі ше? Бұлар, әкесі мен қызы, бір кезде бірін-бірі қалай түсіне алған десеңізші? Бұл еңіреп отырған кезде оның ұйықтап жатуға қалай дәті шыдай алды екен? Одан да жаманы — бірін-бірі түсіне алмаса да бірінің кінәсін бірі қалай кешіре алған? Мейлі бұл қыз қазір үстіндегі барлық киімін тырдай жалаңаш сыпырып тастап, қаншалықты мұқият жуынып-шайынса да оның алдындағы әлдебір бұлыңғыр, түсініксіз де көмескі кінәсін, өзінің жанын да, тәнін де қинап, қыр соңынан қалмай жүрген көлеңке тәрізді белгісіз кінәсін ешқашан жуып тазарта алмақ емес көрінеді де тұрады. Ал ол, әкесі, қазір де желкесін кереуеттің арқалығына сүйеп қойып, бу мен көлеңкенің қыздың жап-жас тәнімен қалай арпалыса ойнағанына қызыға да таңдана қарап жатыр.
Аустаның оң жақ беті күн ұзаққа ешқашан да бір қалыпты болып көрінбейтін. Біресе қорқыныштан үрейленген, біресе әлдебір нәрсені шыдамсыздана күткен тәрізді құбылып тұратын. Бейне бір алуан түрлі бояудың түсіне еніп, біресе шұғылалы күннің жарығына бөленсе, біресе баяу жылжыған көлеңкеге көмкерілетін Оның оң жақ беті бейне бір жанды тіршілік сияқты: өзінің ішкі және сыртқы жан дүниесінде болып жатқан шиеленісті сезімтал өзгерістердің қай-қайсысына да жауап беруге дәрменсіз көрінетін. Ондайда қыздың бүкіл жаны мен тәні біртұтас жалаңаш жүйке жүйесіне ұқсап кетеді: ол ешқандай зұлымдыққа төзе алмайды. Бірақ, кім біледі, бәлкім, оның өз өмірінде зұлымдықтан өзге күтетін ешқандай жақсылығы да жоқ шығар. Ал ондай жанды жұбатып, құтқара алатын бір-ақ нәрсе бар. Ол — бақыттың өзін болмаса да оның елесін көремін бе деп, құр қиялға берілген үміт қана. Егер бұл қыздың зұлымдыққа қарсы тұрып, онымен күреске түсе алатын күшінің бар екенін әрдайым байқатып тұратын ашу-ызаға толы сол жақ беті болмаса, онда мұның тағдыры не болар еді?
Бьяртур Аустаны қасына шақырып алды да өзінің айтатын сөзін зейін қоя тыңдауды өтінді. Иә, ол әртүрлі ойға шомғанда қателеспеген екен. Қазір ол бәрін де айтып салатын шығар. Бьяртур оған отыр деп кеңес берді. Ауста еріксіз отырды. Иә, оның мұнымен шынымен-ақ ашық сөйлеспек ойы бар екен Өйткені бұл бойжетіп, ақыл-есі толық кірген қыз ғой. Бірақ Ауста ләм-мим деп тіл қатпады. Ал Бьяртур, ешқандай да кіріспе сөз айтпай-ақ, әңгімесін бірден бастап кетті:
— Мен Рождество мейрамынан кейін бұл жерден кетемін. Сендерді осында қалдырамын Пасха мерекесінен бұрын келемін деп айта алмаймын.
Ауста оған үлкен көздерін бадырайтып, таң қалған сұрақ сыңайын танытты. Жүзінде әлдебір үміт отының ұшқыны өшкендей болды.
— Мен мұнда көп қойымнан айырылдым, — деп сөзін жалғастырды Бьяртур. — Одиннің* айтқанындай: қойларым қырылып қалды.
— Иә, рас қой, — деді Ауста.
Аустаның оған айтқысы келгені көп еді. Ол өзінің екі інісімен бірге қойды әлі де көбірек өсіруге көмектесетін ойлары бар екенін білдірмек болған... Бірақ, амал қанша, ол кетіп бара жатса, не дей алады?
— Мен бұған мұңайып, шағынбаймын, — деп, сөзін жалғастыра түсті Бьяртур. — Біздің елімізде қойынан айырылған жалғыз мен емеспін. Халықта мақал бар: "Көктемнің көгі шығып, жетілгенше көтерем көк бие де өліп тынар" дейді. Құдайға шүкір, өзім өлген жоқпын ғой. Сен бұл сөзіме қарап, мені өз әмірін қымбат көреді екен, өлімге қимайды екен деп ойлап қалма. Мен ең ақырғы демім біткенше күресуге бекем бел буған жанмын.
Ауста әкесіне бұрылып қарады. Қыздың жүрегі аттай тулап қоя берді. Ол мұның өте маңызды мәселелер туралы сөз етіп отырғанын сезе қойды. Бірақ, дәлірек айтқанда, не туралы екенін түсіне алмады. Әдетте екі адамның бірін-бірі тез түсіне қоюы қиын ғой тегі. Ал бірін-бірі түсінісе қоямыз деп босқа әуре болған одан да жаман.
— Қызым, құлақ сал. Былтыр ма еді, әлде алдыңғы жылы ма екен, қайдам мен саған келешекте керемет үй салып беремін деп уәде етіп едім ғой. Сол сөзім — сөз. Айтқанымды орындаймын.
— Үй салып беремін дедің бе? — деп сұрады Ауста. Бұл оның ондай сөзін ұмытып та кеткен екен.
— Иә, — деді Бьяртур. — Үй салып беремін. Мен оларға көрсетемін әлі көресіні! Мен... — деп жұдырығы түюлі қолын қыздың иығына жайымен ғана қойды. — Адамның сен сияқты жайнап өсіп келе жатқан гүлі барда оған үй салып бергісі келеді.
Аустаның қою қоңыр шашы бұйраланып тұр. Қастары қарлығаштың қанатындай. Ұзын кірпіктері көзіне үйіріле бастаған ып-ыстық қуаныш жасын көрсетпейді. Бьяртур қызының нәзік те мәнерлі ойлы жүзіне тағы да қарады. Ауста жүрегі аузына тығыла демін алып, басын төмен салды да:
— Ертең шынымен кетесің бе?
— Мен осы үйдегінің, осы үйдің іші-сыртындағының бәрін де өзіңе қалдырып кетсем бе деп отырмын. Ертең саған және Гвендурға қойды қалай азықтандырып, қалай күтуді түсіндіремін.
Ауста жылап қоя берді. Оның тұла бойын қорқыныш сезімі билеп, зіл батпан дерлік салмақпен еңсесін езе түсті. Ол бәрінен де торыққандай болды. Торыққан сайын оның жаны мен тәнін толық үмітсіздік сәтіндегі адам таң қаларлықтай әлдебір ынтықтыра түсетін тәтті сезім билеп алды. Ал, бір нәрсе айтайын десе, аузына сөз түспеді. Немесе өзінің марқұм шешесі сияқты қыстың қақ ортасында, иен даланы сірескен қар басып жатқанда ауруға шалдыққысы, тіпті өліп қалғысы келгенін айтпақшы еді.
— Мен Құдайдан өлім ғана тілеймін. Маған өмірдің де, бақыттың да қажеті жоқ, тіпті қас қағым сәттік бақыт та сұрамаймын... Өйткені өгей шешемнің өліміне мен ғана кінәлімін... Мен оған жеткілікті қамқорлық жасап, күтіп-баға алмадым... Ал бейшара баласы Хельги оны жан-тәнімен жақсы көруші еді, шешесінің жағдайын күні-түні бірдей ойлаушы еді. Мен оның өткен күздің бас кезінде сыртқы есіктің табалдырығында отырып, өзін "Мен өлген баламын ғой" дегенін де естігенмін... Оның орнына сол бір қараңғы түнде мен адасып кетіп, иен далада мен үсіп өлсемші!.. Өлім дегеннің сондай жақсы екеніне кәміл сенемін... Егер сен кетіп қалар болсаң, қымбатты әкем, онда маған ешкім де көмек қолын соза алмайды ғой... — Ауста осылай деп жылағанын қойған жоқ. Бір кезде ол бәрінен де үмітін үзгендей болып, әкесінің кеудесіне жабыса түсті де, басын көтермей, селк-селк етіп жылай берді, жылай берді.
Алғашқыда Бьяртур не дерін білмей қалды. Өйткені ол адамдардың неге жылайтынын ешқашан түсініп көрген емес еді. Ол біреудің көз жасын көруге шыдай алмайтын, кейде тіпті ашу шақыратын... Бірақ қазір өз өмірінің жайнап өсіп келе жатқан гүлі, күнәдан пәк жас балаға ашу шақырудың есебін таба алмады. Су мен жастық — бір-бірінен ажырамас сенімді серіктер ғой... Оның үстіне, мұның өзі Рождество мейрамы түнінде болып отыр емес пе? Сөйтіп Бьяртур оған үй салып беруге уәде еткенін тағы да ескертті. "Сен қалайша ұмытып қалып жүрсің?" деді. Өткен күзде, осы жерден қарт Фрида біржола кеткен кезде берілген уәде еді ғой. Ол кемпірдің бұларға келгенінен келмей-ақ қойғаны жақсы еді.
Бірақ Аустаның жер үйде емес, ағаш үйде тұрғысы келген қалауы тіпті де жоқ болып шықты. Бәлкім, бір кезде, бұдан көп бұрын, ондай қалауы болса, болған да шығар. Бірақ тап қазір емес. Егер әкесі өзінің Соуласымен бірге қалатын болса, егер ол өзінің әлі кішкентай көретін Ауста Соуллильясын қалдырып, кетіп қалмайтын болса, бұл қыз осы хутордың өзінде тұра беруге дән риза!
— Әке, осында болып өткен оқиғалардың бәрінен кейін мен осында қала беретін болсам, онда оның ақыры неге апарып соқпақ?
Әкесі оны "Еш нәрсе де болмайды, оған өзім кепілдік беремін" деп сендіруге тырысты. Ол қызының не туралы айтып отырғанын білетін еді — ол сиқырлы зұлым күштердің иелері туралы айтып отыр. Алайда Бьяртур әдетте итіне айта беретін сөзін қайталады: "Кім не іздесе, соны табады. Кімде-кім сиқырлы зұлым күштерге сенсе, сиқырлы зұлым күштерге кездеседі". Әкесі бәрібір кетуге бел буды. Қалаға барып, жұмысқа жалданбақ, ақша тауып, күзге қарай қой сатып алмақ. Сөйтіп ол өз өмірінде бірінші рет ақша табу үшін жұмыс істемек. Егер Бруни әлі тірі жүрсе, соған барып, жұмыс табуды ойлауы керек. Мұнда балалардың тіпті де жеке өздерінің ғана қалмауы мүмкін. Фьордта сенімді бір адам бар... Бірақ Бьяртур оның кім екені туралы еш нәрсе де айтқан жоқ. Үйіп-төгіп уәде бере беруге де болмайды.
— Уайымдап, қайғыра беретін дәнеңе де жоқ, қызым. Сенің шешең осында, тап осы бөлмеде бұдан көп жыл бұрын жалғыздықты өз басынан жүз рет артық кешіп жатып қайтыс болған. Менің ойымша, сенің Құдайдың жарық дүниесін көргеніңе өкінетін ештеңе де жоқ. Көп болса, пешенеңе жазылған қиындықтарды көрерсің, оны өз күш-қайратыңмен жеңіп шығу сынағын басыңнан кешірерсің. Ол үшін сенен ешкім еш нәрсе талап етпейтін болады. Ал мұңайып, қайғыру, зарлап шағым айту бұл дүниеде емес, о дүниеге барғанда жарасады. Көз жасыңды сүрт те, орныңа барып, ұйықта енді.
Әңгіме осымен бітті. Бьяртур орнында отыра берді. Ауста басын төмен салған бойы плита пештің жанына барды. Жылап-сықтағанын қойса да әлі өксігін баса алмады. Көмейінде бір нәрсе тұрып қалғандай сезінді. Бірақ онда тұрған ештеңе жоқ. Егер бұл тілінен бал тамып тұрған күміс көмей атақты шешен болса да, Бьяртурды үгіттеп айтқанға көндіру бәрібір мүмкін емес. Ол бір алған бетінен қайтпайды.
Әкесі мамық көрпеге бүркеніп жатып қалды. Терезенің арғы жағында көгілдір тартқан қар көрінеді. Бірақ әйнекте қырау басқан әшекей өрнек жоқ. Плита пештен жылы леп келеді. Кәстрөлде су қайнап жатыр. Оның үстінде бу бұрқырайды. Май шам өлімсіреп жанып тұр. Ұзыннан-ұзақ көлеңкелер байқалады. Бұл — Рождество мейрамы алдындағы түн. Әкесінің шешімін өзгерте аларлық қатал күш те, нәзік күш те жоқ. Мұндай әкемен келісімге келіп, мәселе шешу қиын. Солай бола тұрса да Аустаға өзге әкенің тіпті де қажеті жоқ. Қазір қыз өмірден түңіле жылап-сықтағаннан кейінгі пайда болатын соншалықты солғын тартқан көңілсіз күй кешті. Бейне бір жан дүниесіндегінің бәрі де қайнап бітіп, аспанға көтерілген буы жоғарыдан еңсеңді басып, тұманның қалың қабаты сияқты тұмшалай түседі. Ауста демін әлі де ауыр алумен болды. Бірақ кірпігіне үйірілген көз жастары бірте-бірте құрғап, кеуіп кетті. Тіпті көңілінің толқуы да басылды. Ол әуелі шұлықтарын, содан соң белдемше іш көйлегін шешті. Оларды орындықтың үстіне лезде рет-ретімен қойып үлгерді. Оң жағына да, сол жағына да көз салған жоқ. Енді ол қалай әрекет жасаса да бәрі дұрыс болады. Қыз буы шығып жатқан судың үстінде бейне бір иілген тал шыбық сияқты ұзақ тұрды. Оның толыса түскен кеудесінің бейнесі шамның әлсіз жарығында жұп-жұмсақ бейнесімен кескінделді. Будың көлеңкесі көлбең қақты. Жылап-сықтаған қыздың екі ерні ісініп кетіпті. Кірпігіне үйіріліп, сортаң тартқан тұзды жас та құрғап бітіпті.
ҚЫРЫҚ СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ОЙ, ТАП-ТАЗА ЖАЛЫН-ай!
Өмір іріп-шіри бастаған жердің бәрінде де адамның қайғы-қасіреті оның қуаныш-қызығы сияқты алуан түрлі болады. Иен далада ажалдан әлдеқайда кездейсоқ аман қалған балалар бақытсыздық атаулының бәрін де, үлкенін де, кішісін де бастарынан кешірді: мереке күндері де, жай күндері де бақытсыздыққа ұшыраудан көз ашпады. Егер сіздің шешеңіз жаздың алғашқы ашық күндерінің бірінде қиналып жатып өлген болса, егер сіздің әкеңіз үлкен ұлы жоғалып кетіп, суыққа үсіп мерт болғаннан соң көп ұзамай-ақ, тап Рождество мейрамы күні ешкімге қараусыз қалдырып, әлдебір ұзақ сапарға кетіп бара жатса, онда сіз қайғы-қасіреттің қандай жаңа түрлерін болса да үсті-үстіне көре берер едіңіз, біле түсер едіңіз. Шағын қайғының үлкен қайғының қасында қайда кеткені белгісіз болып қала береді. Балалар әкесі кеткеннен кейін жетімдіктің не екенін ерекше ауыр сезінді. Әкенің орнына әке болар адам аз. Ал шешенің орны бір бөлек — ондай адам мәңгі-бақи табылмайды. Қыстың дәл орта шамасында балалар жаздың сол бір тал түсін көздеріне елестетті: ол күні бұлардың шешесі қой қораның дәл ортасында, дымқылдан пайда болып, көгеріп кеткен сасық зеңнің арасында тұрған табытта жатқан еді. Күннің көзі бұрынғы қай кездегіден болса да нұрын мол төгіп тұрған. Күннің ыстық шұғыласына бөленген үлкен қара шыбын терезенің жарық жақтауына соғылып, бір ғана нотаның сазымен ызылдады да жүрді. Ол байғұстың бүгін осы хуторда бір адамның нәзік те сұлу махаббат пен қиын-қыстау қатыгез азапқа толы өмірінің қиылғанымен еш жұмысы болған жоқ. Үйдің шатыры астында жүректің аңсаған тыныштығымен үш қайнаса, сорпасы қосылмайтын әлдебір ауыр ажалға қатысты меңіреу тыныштық орнаған еді.
Ал бүгін терезенің көзін қырбық қар жауып тұрған кезде балалардың көз алдынан сол бір мүлде басқа дүние өтіп жатыр. Ызыңдаған дыбыс өзгеріссіз, бір ғана нота әуені. Жанға жайлы, құлаққа жағымды әсерден жұрдай жат әуен ғана естіледі. Олар бірінің жүзіне бірі қарамастан, ол күнді әрқайсысы өзінше бөлек елестетеді. Көкжиекпен ұштасқан кең аспан мұз басып жатқан тау жоталарына күн шұғыласы молынан төгіледі. Бетті қарып түсетін қатты аязды ашық күнде Блауфьедльдің биік шыңдары ақ жалын атып тұрғандай. Балаларға олардың өмірі бір күннің ішінде-ақ күйреп түскендей — әуелі бұларды жан-жағынан қоршап, қорғап тұрған қабырғалар құлап, қирап қалғандай, одан соң үйдің төбесі ортаға опырылып түскендей болды. Өзендегі ойық суаттың басында жападан-жалғыз тұрған момақан саулық күртік қар басып жатқан йен далаға қарап, анда-санда бір маңырап қояды. Өзінің осы бір төзімді де момақан мінезін адамдарға ауыстырып бере қоюға ешқандай мұршасы жоқ. Қойларға шөп салып, азықтандырып болғаннан кейін екі бала күртік қар үйіндісінің үстіне шығып отырды. Олар санау алысқа соншалықты самарқаулықпен еріне көз жіберді, әрқайсысы өзінше ойға шомды... Мойын бұрмай, тынымсыз жұмыс істеп жүріп өмір сүру қандай қиын! Осындайда енді не істеп, не қоюың керек екендігі туралы жөн сілтеп, ақыл айтатын адамның табылмауы бәрінен ауыр! Кіші інісі әжесін еске алды. Ол бәрін де айтып бере алар еді. Бірақ оның сөйлеген сөзін түсіну қиын. Нонни ағасына мынаны айтты: әжесі алда не болатынын күні бұрын болжап, көріп — біліп отыратын, сөйтіп отырып еш нәрсе де болмайтындай-ақ қолынан іс тоқитын біздерін тастамайтын — әйтеуір бір нәрсені тоқитын да отыратын.
— Иә, — деді Гвендур. — Оны қойшы. Жүз жасқа толатын шағында ол кемпірге бұл түк те қиын емес. Іс тоқымағанда қолынан басқа ме келеді? Одан да мына өзімізді айтсаңшы. Енді біз не істейміз?!
Кішкентай Нонни едәуір ұзақ ойланып барып, ақырында былай деп жауап қатты:
— Бізге енді темекі жапырағын шайнау ғана қалды.
— Темекі жапырағын? — деп таң қалды Гвендур, інісінің айтар түпкі ойын түсінбей.
— Иә, темекінің жапырағы. Кімде-кім жаратушы Құдайын ұмытса немесе оны түсінбесе, темекі жапырағын шайнау керек. Әжемнің старостаға осылай деп айтып отырғанын өз құлағыммен естігенмін.
— Жаратушы Құдай? — деп сұрады Гвендур. — Ол кім тағы да. Шамасы, сен өзің не айтып отырғаныңды білмейсің-ау деймін.
— Менің айтып отырғаным мынау, — деді кішкентай Нонни. — Темекі жапырағын шайнап, сөлін жұтқан адам еш нәрсені де ойлап қамықпайды, қайғы-қасіреттің не екенін білмейді. Бәрі де сенің ойлағаныңдай емес, жаратушы Құдайдың қалауымен болып жатса да, дәл солай сезінетін көрінесің өзіңді.
— Сен де өзіміздің марқұм болған ағамыз Хельги сияқты қайдағы жоқты айта беретін болыпсың ғой тегі. Одан да біз де өсіп-жетілеміз, әкемізге қолғабыс етіп, қойдың санын үш есе көбейтеміз, Редсмиридегі сияқты үлкен шаруашылықтың иесі боламыз дегенді ойласаң нетті? Сиырларымыз да болады. Жаңа үй салып аламыз. Кім біледі, бұдан басқа да жақсылықтар күтіп тұрған шығар. Сен болсаң, осылай деудің орнына қайдағы жоқты сандырақтайсың.
— Иә, мен де солай деп жиі-жиі ойлаушы едім, — деп жауап қатты кішкентай Нонни. — Бірақ соның өзі қашан бола қояр екен? Тіпті белгісіз. Кейде мен былай деп те ойлаймын. Мысалы, егер мұнда әлі жүз жылға дейін ешқандай өзгеріс бола қоймаса қайтеміз? Ондай болса, басқа бір жаққа кетіп қалғанымыз жөн-ау. Біздің марқұм болған ағамыз Хельги мұндай әрекеттен ештеңе де шықпайды деп талай рет айтқан болса да, бәрібір кету керек. Мен қалай кетіп қалудың талай тәсілін ойластырып та қойдым. Ал егер ешқандай өзгеріс бола қоймаса әрі бұдан бес жыл кейін де, он жыл кейін де, тіпті көп жылдар кейін де бұл жерден кетіп қалудың сәті түспесе, онда саған бәрібір болатындай жағдайда жүре беру керек. Өйткені сен есейіп ер жетсең де, қойдың саны көбейсе де, сиырың болса да, бәрібір, қазіргідей ит өмір өзгермей қала береді. Ал сен одан қашып құтыла алмайсың. Сонда темекі жапырағын шайнамағанда не істемексің?
Гвендур Гудбьяртурссон Ноннидің сандырақ әңгімесін тыңдағысы келмей, орнынан тұрды да өз жөніне кетіп қалды.
Ертеңінде қайта шыққан күн қалың қарды да адамдардың шайлығып қалған жұдырықтай ғана кішкентай жүректерін де жылыта бастағандай болды. Ағайынды екі бала тағы да күртік қардың үстінде отырды. Бүгін де тап кешегі сияқты айнала төңіректі тұп-тұтас аппақ қар басып жатыр — қарайған бірде-бір нүкте көзге шалынбайды. Гвендур Гудбьяртурссон ешқандай тұспалдамастан, турасын бір-ақ айтты:
— Бері қара, Нонни. Осы сен былтыр келешек қозыларға деп қалдырған темекі жапырағын ұрлап жүр екенсің ғой! Солай ма? Ол есіктің босағасында тұрған жәшікте әртүрлі ұсақ-түйек қиқыммен аралас сақтаулы болатын.
— Сен кеше маған темекі керек емес адам сияқты көрініп едің ғой, — деді Нонни. — Бүгін неге қажет бола қалды?
— Егер сен ұрлаған темекі жапырақтарын тап қазір қайтарып бермесең, мен сені төмпештің астына алудан тайынбаймын! — деп, ескерте мәлімдеді Гвендур.
Сөйтіп күртік қар үстінде ағайынды екі баланың төбелесі басталды. Ақырында ағасы кішкентай Ноннидің қалтасынан көгеріп, шіри бастаған, ауызға салып шайнайтын темекі жапырағын күштеп тартып алды.
— Сен, немене, осының бәрін бір өзің шайнап, сөлін бір өзің •сөлін бір өзің жұтпақ болдың ба, қомағай неме?
— Ақырында екеуі бейбіт келісімге келді. Темекі жапырағын біресе иіскеп, біресе ауыздарына салып, шайнап көрді, тамсана дәмін алысты. Олар темекіні ағайынды екеуі тең бөліп алуға, қашан таусылғанға дейін күніне бір тақтасын ғана шайнап, дәмін алуға өзара келісті. Бірақ кешке қарай олар өздерін өте нашар сезінді, іштері түйіліп ауырып, екінші қабатқа әрең дегенде көтерілді. Бастары айналып, қайта-қайта құса берді. Ауста Соуллильяның оларды зорға дегенде шешіндіріп, төсегіне жатқызуына тура келді. Бірақ қыз қанша жалынып сұраса да ол екеуі "бәрі де өздерінің қалауымен емес, Құдайдың құдіретімен жандарын жай таптыратын дәрі" туралы бір ауыз да жөн сөз айтқан жоқ.
Өтіп жатқан күндерді таусылмастай ұзарта түсетін ондай кештерді қазір жүн түтіп отырған Ауста Соуллилья қалай есіне алмасын? Ол кеше таңертең әкесі қалаға кетерде шатырдан ақырғы рет төмен түскенде сатының қалай шиқылдағанына дейін, әкесінің кәрі Бәлеиді жүгендеп жүргенде ауыздықтың қалай сыңғырлағанына дейін, оның атқа қалай мініп, оны — мұны салынған шағын шағын екі жәшікті ердің артқы арқасына көлденең салып алып жүріп бара жатқанда ат тұяғының астындағы қатып қалған күртік қардың қалай сықырлағанына дейін есіне түсіруге тырысты. Бьяртурдың бұл сапары саганың бірінші бөлімі сияқты еді. Ауста осындай ұсақ-түйек көріністерінің бәрін көз алдынан тізілтіп өткізумен қатар әкесінің келесі пасха мерекесінде үйге қайтып оралатынын да ойша елестетіп, рақатқа бата қуанады. Бәлкім, алдағы пасха "қызыл"*болатын шығар. Өйткені биыл Рождество "ақ"* болды ғой. Содан кейін, сансыз көп кештер өткен соң Аустаға аулада жүген ауыздығының сыңғыры естіледі, атының жүгенін сыпырғаннан кейін жоғарыға көтерілетін саты оның әр қадам басқан сайынғы салмағымен тағы да сатыр-сұтыр етеді де қас қағым сәтте оның күн қаққан жүзі мен еңгезердей екі иығы көрінеді... Бұл — оның әкесі. Әрине, әкесі қайтып келді ғой. Міне Ауста әлі алда қаншама қисапсыз күштерден кейін ғана болуы мүмкін болашақ көрініске ойша құстай ұшып, ұмтыла түседі. Ең соңғы минөтте ол осындай ұмтылыстың әйтеуір бір болатынын сезінеді. Бірақ оған дейін әлі сансыз көп кештер өтуі керек. Ол кештер адамның жан дүниесін аралап өтетін өлі жандардың тобыры сияқты баяу келіп, баяу кететін болады. Тірі жанды жұбату үшін онша көп нәрсе керек емес. Сонда ол күнін көріп, өмір сүре береді. Ал Ауста ше? Дәл қазір оның өзін-өзі жұбатарлық еш нәрсесі жоқ.
— Ал, бұл мереке біткеннен кейін не болады? Айтыңызшы, әже!
— А? Не дейсің? — деді әжесі. — Тағы да бір нәрсе болуы тиіс пе еді? Меніңше, бәріміздің бақытымызға орай, енді еш нәрсе бола қоймауы тиіс.
— Жаңа жылдан кейін әйтеуір бір нәрсе болуы тиіс емес пе, әже-ау? — деді Ауста. "Пасхаға таяу әлдебір мереке болуы тиіс қой" демекші еді, бірақ батылы барып айта алмады.
— О, менің ойымша, енді қайтып үлкен мерекелер бола қоймайды. Енді бір аптадан кейін шоқындыру рәсімі болады. Бірақ ол үлкен мереке емес қой. Жоқ, енді таяу арада үлкен мереке болмайды.
— Иә, шоқындыру рәсімі. — Аустаның сұрап білмегі де осы еді. Мереке атаулының бәрі де болашаққа бастайтын баспалдақтар тәрізді. Оларды санай берсең, қисапсыз көп көңілсіз өткен кештерді тез ұмытуға болады. — Сонымен шоқындыру рәсімі болсын-ақ. Одан кейін ше?
— Одан кейін көп ұзамай Торри айы туады.
"Торри айы" деп жабырқай еске алды қыз. Өйткені бұл ай оның көз алдына бірін-бірі жиі алмастыратын аязы күшті қарлы боранның суығы мен ашық күндердің жылымық шақтарын елестетеді. Олардан келетін пайда аз. Ғасырдан кейін ғасыр өтіп жататыны сияқты аязды күндер жылымық күндермен, ал жылымық күндер аязды күндермен қайта — кайта алмаса береді.
— Жоқ әже, Торри айы туралы емес, мерекелер туралы сұрап отырмын. Мерекелер...
— Біздің кезімізде қасиетті Павел әулие күні мен Қарсы алу күнінде ауа райының қандай болатынын ғана байқаушы едік. Бірақ ол кезде жұрттың бәрі де ежелгі әдет-ғұрыптарды ұстанатын.
Ауста Соуллилья үлкен оразаның алғашқы аптасындағы сәрсенбіні асыға күтіп жүрді. Бұл күннің есінде қалған себебі бар еді — пасхаға жақын болатын. Бірақ пасхаға дейін әлі қайда, көп уақыт бар. Торри айы, Гоуа айы өтуі керек. Содан кейін барып жеті апта бойы ораза ұсталады. Жеті апта! Оған кім, қалай шыдайды екен? Ауста сонда да болса, өзін көңілі көтеріліп қалғандай сезінді. Сол жеті апталық ораза да бітер, содан соң пасха да тез келіп жетер деген үмітін үзбей, өз ішінен сенімін күшейте түсті.
— Айпақшы, оған дейін қысты шығарып салу үшін майға құмақ пісіретін мереке айы да бар екен ғой.
— Содан кейін үлкен ораза келеді. Оның арғы жағында пасха да алыс емес!
Солай болса, солай шығар, — деп жауап қатты қарт әжесі. Сөйтті де басын иіп, тоқыма біздеріне бір қырынан қарады. — Біздің кезімізде ораза майға құймақ пісіретін айдың сәрсенбісінде басталатын әйтеуір.
— Қай оразаны айтасыз?
— Үлкен оразаны айтамын да, балам. Иә, сен он алты жасқа қадам басқан кезде, меніңше, пасха үлкен оразаның бірінші aптасынан кейін басталуы тиіс сияқты көрінеді... Біздің кезімізде сен үлкен ораза дегеніміздің не екенін, одан кейін келетін мерекелерді мысалы, Қуанышты хабар мерекесін білмейтін болсаң, нағыз алаңғасар ақымақ қыз атанар едің.
— Ал, Құштарлық жұмасы ше? — деді қыз. — Біз кезде ол да келеді емес пе?
— О, менің ойымша, бұлардың бәрінен бұрын Магнустың* май жағу мерекесі келеді, — деді әжесі. Ұлы бейсенбі де бар екен ғой.
Осымен жас қыздың бүгінгі әңгіменің басты тақырыбын пасха етy туралы жасаған әрекеті аяқталды. Ол шынында да жеңілді. Күнтізбенің шытырман мерекелерінің арасында адасып қалғандай болды, бағыт-бағдарын жоғалтып алды. Оның қолындағы шүйке ылғалдана түсті, әр жіп шиеленісіп қала берді, ал олардың түйінін тарқатып шешу қиынға түсті.
"Бәрі де тек жаратушы Құдайдың құдіретімен және ол өзі қалаған кезде ғана болады" деген тұжырым жастарға неге ұнамайды осы?
— Үлкен мерекелер барлық уақытта бірдей жақсы бола бермейді, — деді әжесі, көңілін жадырата түсіп. — Әлі есімде. Марқұм әкем бір күні, ол Үш құдай мерекесі күні болатын, сиырын далаға шығарып қоя берді. Қатпарланған мұздың астынан қылтиып көрінген, бірақ үсік шалған шөпті үзіп жеп, талғажау етсін деген болуы керек. Ондай кезде біз сиырдың үстіне жабу жауып, желініне желінқап кигізіп қоятынбыз. Біздің жастау кезімізде Ивандар күнінде де қарлы боран ұйтқып соға беретін.
ҚЫРЫҚ ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
ЕҢ ЖАҚСЫ КҮНДЕР
Бұл не? Ауыздықтың сыңғыры ма? Әлде келе жатқан ат тұяғының мұз басқандағы дүбірі ме? Қар үстінде пысқырынған Блеси емес пе? Иә, әрине Блеси! Балалар жоғары қабаттан таласып-тармаса тез төмен түскен бойда күртік қар үйіндісінің үстіне жүгірісе шықты.
— Мұнда біреу-міреу бар ма? — деген дауыс естілді. Содан соң бұлардың дәл қасынан қараңғылық құшағындағы әлдебіреудің: — Құдайға мың да бір шүкір! Яғни мына жануар ат қараңғы түнекте үйді өзі тауып келген болды ғой. Мен мұндамын. Бері жақындаңдар.
Балалар жақындап барып еді, қар үстінде тұрған адамды көрді. Ол бұларға өзінің мұздай болып сіресіп қалған қолын ұсынды. Ол да, балалар да бірін-бірі көргендеріне қуанысты.
— Үйге кіретін есік осы ма? — деп сұрады бейтаныс адам.
— Жоқ, — деп жауап берді балалар. — Бұл — күртік қардың астындағы үңгір ғой.
— Қане, тезірек үйге бастаңдаршы, — деді бейтаныс адам. — Мен ауырып қалдым-ау деймін. Иен далада қалай үсіп кетпегеніме таң қаламын. Мынадай сұмдық қарлы боранға тап болармын ба!
Гвендур Блесиді ат қораға жайғастырып байлағанша балалар бейтаныс адамды күртік қардың әлгі үңгірі арқылы үйге ертіп барып, ішке кіруіне көмектесті.
— Тым жылдам жүрмеңдер, — деді ол — Менің таяққа сүйеніп жүруім керек.
Бейтаныс адам сатымен жоғары өрмелеп шықты да онда отырған кемпірмен жылы амандасты. Міне, ол қалтырап-дірілдеп бүкшиген бойы өзі қазір ғана жоғары көтерілген тесіктің жанында тұрып қалды. Тауға сапар шегуге нашар әзірленіпті. Шамасы, қалада тұратын біреу екені көрініп тұр. Ол өзіне суық өтіп кеткенін, бәлкім, өкпесін қабындырып алған болуы да мүмкін екенін айтты. Кейінірек балалар бір нәрсені жиі-жиі еске алып жүрді: бұл жоғары көтерілетін тесіктен алғаш рет көрінгенде әлдебір қарт адам сияқты таңдандыра әсер еткен болатын. Сөйтіп соңынан байқап қараса, жап-жас жігіт екен. Оның бірде-бір қимылы, тіпті үстіне киген киімдерінің түймелеріне дейін балалардың барынша құмарлықпен қараған назарынан тыс қала алмады. Өйткені бұлар былайғы сыртқы дүние атаулыдан біржола қол үзіп, ондағы болып жататын оқиғалардан мүлде хабарсыз қалған еді. шетсіз-шексіз қарлы даладағы үйден басқа еш нәрсені көрмеген болатын. Иә, оның аяғына кигені кәдімгі қалада киетін жұқа бәтіңке екен. Шамасы, оқыған жігіт болуы керек. Ең алдымен ес жиған қарт әже оның қайдан жүрген жан екенін сұрады.
— Төменгі жақтан, теңіздің жағалауынан, — деді ол
— Солай екенін өзім де байқап отырмын, — деді кемпір. — Соула, көгершінім менің, мына жігіттің сыртқы киімдерін, шұлықтарын шешуіне көмектсс. Ыстық тамақ қамдастыру жағын да ойластыр. Сен, жігітім, осында қонып шығатын шығарсың?
— Иә, бақытыма қарай, солай болатын шығар. Менің басқа барар жер, басар тауым жоқ, — деп сыбырлағандай болды бейтаныс адам. — Иә, иә, тап солай, — Деп сыбырлағандай болды ол, бейне бір осының өзін әлдебір терең құпия сыр сияқтандырып. — Оның тұрған орнынан қозғалуға да шамасы келмеді.
Ауста Соуллилья оның өкпесі қабынуы мүмкін емес деп үміттенді. Ол өзі оған лайықты қызмет ете алмаймын-ау деп қауіптенді. Өйткені оған әкесі осы үйдегінің ішіндегі және сыртындағы барлық мәселеге жауапты сенсің деп сеніп тапсырған болатын. Міне бүгін бұл үйге бірінші қонақ келіп отыр. Оның жағдайын қалай жасау керек? Шіркін-ай, бұл оған не істеу керектігін, не ұсыну қажеттігін, қандай сөздер айтуы тиісті екендігін білсе ғой! Ақырында үнсіздікті қонақ жігіттің өзі бұзды. Ол былай деп сыбырлады:
— Жоқ, мен бұл жерден басқа ешқайда кетпеймін. Мені Гудбьяртур Йоунссонның өзі жіберді. Ол бұларға ыстық сәлем жолдады. Бірақ, өкінішке орай, оның жолдаған сәлемін жеткізуді ұмытып кетіппін. Ал мен — оқытушымын. Мен мұнда бүкіл қыс бойы жұмыс істеуге тиістімін. Осылай болатынына өзім де сене алмайтын сияқтымын. Бірақ, амал қанша, көнуге тура келеді.
Ол өзінің қалалық көнетоз киімін және жұқа бәтіңкесін шешті, бірақ екінші бәтіңкесін шешкен жоқ. Шешілмеген бәтіңкесіндегі аяғы тіпті қимылдамайды, жаны жоқ сияқты. Бәлкім, үсіп кеткен шығар. Ауста оған екінші бәтіңкесін неге шешпей отырғанын сұрауға сәл-ақ қалды. Оның бұл аяғына не болғанын білуі керек қой. Бірақ ол ондай сұрақ қойған жоқ. Бәлкім, жас қыздың өзі сияқты жас жігіттің аяғын қалай үсітіп алғанын сұрауға, оған қамқорлық жасауға болмайтын да шығар? Қонақ жігіт кереуетке жайғасып жатты да үстін әлдебір нәрсемен жылырақ жабуды Аустадан ерекше өтінді. Ауста бұған дейін ер адамды ешқашан да қымтап жатқызып көрмеген еді. Бұл жолы оның жүрегі қатты соғып, ыңғайсызданса да мына жігітті иегіне дейін мұқият қымтап жапты. Баяғыда балаларды, кішкентай інілерін қымтап жапқандай қызмет етті. Бірақ қонақ жігіттің оң аяғын жабудың реті келмей-ақ қойды. Қонақ жігіт бұл аяғын мамық көрпенің астына тарта алмады. Оң аяғынан шешілмеген бәтіңкесі кереуеттің төменгі жағында сорайып тұрды да алды. Қыз мұның сыры неде екенін қанша ойласа да біле алмады.
Қонақ жігіттің маңдайы кең, көзіне дейін түскен шашы қалың екен. Бет әлпеті қаншама келісті болса да терең әжімдері айқын байқалады. Аяздың қысымы кеміген сайын беті-жүзі әдемілене түсті. Оның беті-жүзін қымтап жаба жүріп Ауста жігіттің киген көйлегінің қоңыр екенін байқап қалды. Міне, бұларға тағы да қонақ келді. Біртүрлі сенімді адам сияқты. Бұлардың үйіне жайғасып та алды. Бұл туралы енді ешкім де білмеуі керек. Ауста бүкіл қыс бойы бұл хуторға ешкімді де жолатпауы тиіс. Өйткені әртүрлі өсек-аяңның өріс алып, өршіп кетуі мүмкін. Сонда мұның жастау кезіндегі келген бір қонақ жігітті біржола алып кеткені сияқты мұны да көзден ғайып етіп, біржола ертіп кете алмайтын болады.
— Қане, қандай жаңалық бар? — деп сұрады қарт әже.
Қонақ жігіт қазіргі қақаған суық қыстың қақ ортасында онсыз да денсаулығы нашар адамды мұндай қатерлі қиын сапарға шығуға мәжбүр еткен тағдырдың түсініп болмайтын тәлкегі туралы айта бастады. Ол адамның ұзақ жылдар бойы у-шуы мол қаладағы барлық бөлмесі бір орталықтан жағылатын пештің ғажайып қызуынан жылынатын үйде тұрып келген басқа біреу емес, тап өзі екенін баяндап берді.
— Иә, иә, — деді кемпір, — ондай пештердің болатыны туралы талай әңгіме естігенмін. Бірақ оны өз өмірімде бірде-бір рет көрген емеспін. Сонда да ешқашан ауру-сырқау дегенді білген жоқпын. Тек бір рет қана денеме есекжем шыққаны бар. Мен ол кезде он бес жасқа енді аяқ басқан едім. Таңертең ұйқымнан ояна сала жұмысқа кірісіп кететінмін. Бәрі де жаңадан ауланған балықтың етінен болды. Балалар хуторға жақын жердегі қолдан ұстап әкелген балық еді... Ол оқиға сонау ерте кезде, яғни өзім туып-өскен оңтүстік жақта болған.
Соңғы алпыс бес жылдың ішінде бірде-бір рет ауырмаған, қаладағы ғажайып пештің қандай болатынынан мүлде хабары жоқ осы бір кемпірдің ұзақ өмірі туралы әңгімесін қонақ жігіт үн-түнсіз отырып, қызыға тыңдады. Ақырында ол да сөзге араласты. Егер жақсылап тұрып, тереңірек ойлап көрсе, ондай пештің ішіндегі лаулап жанатын жалынды, бәлкім, дүниежүзілік өркениеттің жетістігі қатарына жатқызуға да болар дегенді айтты. Ал ол жалын жүректің азапқа толы өшпес дертін күшейтіп, асқындыра түседі деуге де болады екен. Және бір мәселе бар: адамның тәні үшін өркениеттің жетістігі саналатын ғажайып пештің жылуынан гөрі, тіпті, суықтың өзі пайдалы деседі. Рас, мына кең дүниеге қарап отырсаң, көптеген ғажайып көріністердің куәсі боласың. Мысалы, Колифорнияның шуылы басылмайтын жасыл ормандарын немесе Жерорта теңізінің жағасында күннің алтын сәулесіне малынып тұрған пальма ағаштарының аллеяларын көруге болады. Бірақ табиғат қаншалықты мейірін төге жарқырап тұрса, адамның жүрегі соншалықты қатыгез, соншалықты рақымсыз бола түсетіні несі екен?
— Бірақ, құрметті әже, — деді ол, — мен бәрі бір табиғатты керемет жақсы көремін, одан алуға мүмкін болатын нәрсенің бәрін де жасаймын.
— Иә, — деп үн қатты кемпір. Ол мына мұғалім жігіттің айтқан ғибратты сөздерінің жартысын ести алған жоқ еді. Шала-шарпы естігендерін оңды-солды талқылап, өзінше түсінді. — Сондықтан да мен Бьяртурдың не ойлап жүргенін түсінбеймін. Өзі үйінде жоқ, бір жақта жүріп осындай боранда жап-жақсы жігітті жауратып-жасынатып, мұнда не мақсатпен жұмсады екен?
— Менің жағдайымды ойлап, мазасызданбаңыз, әже. Мен үшін өркениеттің ми батпағындағы от-жалыннан аулақ азырақ дем алуыма тура келді, — деп қысқаша түсіндірді өз жағдайын мұғалім жігіт. — Мен үлкен өмірдің ортасында көп жүрдім, адамзат өмірінің мұхитында мол жүздім. Ондай өмірде қайғы-қасіретті көп шеккен адамның, мысалы мені алыңыз, басқа бір кіп-кішкентай дүниеге — мына сіздердің үйіңіздегі сияқты оңаша, қарапайым да бақытты өмірге кеткісі келеді де тұрады екен. Алайда мұндай жақсы орынға келіп жайғасу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Қатыгез дүние өз қолындағы олжасынан оңайлықпен айырылмайды. Кеше мен таудан асып келе жатқанымда өлді деген осы екен ғой деп ойлаған болатынмын. Кәдімгі кітаптарда жазыла беретініндей жағдай ғой. "Бір жауымнан қашамын деп одан жаман жау қолына тап болдым" дегендей. Оттан құтыламын ба десем, лаулаған өрттің ортасынан бір-ақ шыққандай болдым. "Осымен бәрі де біткен болар: бүгін ауырып, ертең өлетін шығармын" деп ойладым. Енді, міне, өзіңіз қараңызшы, өмірдің жайнаған гүлі дерлік қандай сүйкімді қыз маған өз қолымен ыстық кофе алып келе жатыр! Қарап тұрсам, менің әлі бір азырақ көрер күнім бар сияқты. Жоқ, құрметті әже, адамның біржола көзі жұмылғанша жолы болмай, барлық нәрседен үміт үзерлік торығумен ғана өтетіндей бақытсыз күн кешуі мүмкін емес. — Қонақ жігіт кереуетке отырған орнынан зор ризашылықпен көтерілді де өзіне кофе алып келе жатқан, бейне бір жайнаған өмір гүлі сияқты қызға қарай ұмтыла берді де Аустаның қолындағы кофені алды.
Оның бәтіңкесі шешілмеген аяғы кереуеттің үстінен бейне бір таяқ сияқтанып сорайып тұрды. Балалар "Бұл өзі қандай аяқ?" дегендей әдеттегіден өзгеше аяққа таңдана қараумен болды. Бұл аяқ мына адамның кеңінен танымал атақты біреу екендігінің белгісі сияқты көрінді. Ауста қонақ жігітке треска балықтың майы жағылған бір жапырақ қара бидай нанын ұсына беріп, оның бетіне құмшекер де септі. Ол мұндай құрметті, анда — санда өзіне ғана жасырын жасағаны болмаса, өзге ешкімге ешқашан көрсеткен емес. Ол мұндай дәмді тамақты байлықтың биік шыңы деп санайтын. Мұғалім жігіт бұрын-соңды дәл мұндай дәмді тағам жеп көрмегенін зор ризашылығымен қоса айтты.
— Құдайға шүкір, бізде беті қызаратын қыздар әлі де бар екен ғой, — деді ол, өзі ризашылық білдіріп алғыс айтқан сайын Аустаның ыңғайсыздана ұялып, беті қызара түскенін байқап. Өзі ап-арық, үстіндегі көне көйлегінің шынтағы жыртық қыздың көрсеткен кызметіне ол шынымен-ақ риза болып отыр ма екен? Адамзат өмірі мұхитының айдынында емін-еркін жүзіп көрген адам да осындай бола ма екен?! Ұлы адамдар қандай қайырымды да мейірімді келеді! Ауста қай мәселеде болсын оның көңілін табуға берік бел буды. Өйткені ол сонау алыстағы Калифорнияның шуылы басылмайтын жасыл ормандарын, Жерорта теңізінің жағасында күннің алтын сәулесіне малынып тұрған пальма ағаштарының аллеяларын тастап, мынадай қақаған қыстың ортасындағы қарлы боранда қатерлі иен даланы басып өтіп, бұл үйдің балаларын оқыту үшін келді ғой! Бұрын Ауста таңертеңгілікте ұйқысынан қинала-қинала зорға оянушы еді. Енді таң саз бере бастаған алакөлеңкеде орнынан қуанышты көңіл-күймен тұрып, оған таңертеңгі кофеге қосып беретін құймақ пісіруге құлшына кірісетін болды. Оның жүзінде әрқашан күлкі ойнап тұрады деуге болмайды, әрине. Екі езуінен күлкінің ізі білінбейді. Бұл қонақтың қазіргідей қатал қыс кезінде, ал жарқылдап күліп жүретін жайдары жүзді жігіттің жаз кезінде келгеніне таң қалудың керегі жоқ. Мұның ойлы да байсалды көздерінен көтеріңкі жайдары көңіл-күйдің лебі есіп тұрады және қыздың жан дүниесіне неғұрлым терең бойлайды. Мұндай кезде жан дүниең мен тұла бойыңдағы жұмбақ атаулыны айтқызбай-ақ көріп-біліп тұрғандай әсер аласың. Әлдебір мұңайған шақтарыңда сол бір кездерді еріксіз ойша елестетесің, өзіңнің көңіліңді аулап жұбататындай сезінсең. Жоқ, Аустаның бұл жігітке бойы үйрене бастады, енді ол аздап қызарғанымен онша қысылып ыңғайсызданбайды. Одан өзінің әкесі туралы пікірі қандай екенін сұрап білуге бел буды.
— Иә, қымбатты қалқам, — деді ол, — сенің әкең нағыз викинг қой. Сонымен қатар ол викингтің сен сияқты кіп-кішкентай, сарғылт шашты аққұба сұлу қызы да бар екен. Мен бұлай шығар деп тіпті де ойлаған жоқ едім.
— Мен ол үшін Бруниде қолайлы жұмыс табылған шығар деп үміттенемін, — деп сұрады кемпір.
— 0, жоқ. Өкінішке орай, олай бола қоймады-ау деймін, — деп үн қатты мұғалім жігіт. — Қазір көпестер монополистер емес қой. Бұрынғыдай бәрін өздерінің айтқанына көндіретін күндері әлдеқашан өтіп кеткен. Қазір біз демократияның игілігін пайдалана алатын дәрежеге дейін өсіп жетілдік-ау ақыры.
— Сандырақ сөз, — деді кемпір.
— Қазір бәрін де айтқанына көндіріп, айдауына жүргізетін нағыз шынжыр балақ, шұбар төс шонжар — Ингольв Арнарсон Иоунссон ғой, құрметті әже, — деді мұғалім жігіт. — Бұрын жетім-жесірлердің ақысын жеп, байып кеткендер қазір сазайларын тартып жатыр. Қазір заман өзгерді, өзге ғасыр келді. Ол өткен заманмен жанталаса айтысып-тартысып, оны батыл шайқасқа шақыруда. Жаңа заман кедей-кепшіктер мен езілген бейшаралардың әділдікке қол жеткізе алатындай болуын талап етуде. Ол өзін "Жаңа ғасырға одада" айтылатындай, еркін, ұлы әрі күшті сезінеді. Қазіргі билік сауда-саттықты дамытуға берік негіз қалап жатқандардың қолына көшті. Сондықтан да Тулиниус Йенсен Рождество мерекесі қарсаңында үлкен кемеге мінді де басқа бір жаққа тайып тұрды. Біз сауда-саттықтың Ингольв Арнарсон жүргізген қағидаттарды қызу қолдадық әрі жеңіп шықтық. Ол басқа елдерде жүрген жерінен Исландияға қайтып оралды. Жай ғана оралған жоқ озық ойлы экономистердің адамгершілікке негізделген ізгі мұраттарын ала келді. Ол бұған дейін көпестердің езгісінде болып, қаналып келгендердің жағдайын жақсартты, олардың несие алуын қамтамасыз етті. Жылдар бойы қара бидайдың қос уыс ұнын сұрап ала аламай жүргендер де қарық болып шыға келді Біз олардың жағдайды өз қолдарына алуына жәрдемдестік. Мен шетелдік әдебиетті, шетелдік ғалымдардың жазған кітаптарын бас алмай оқуға құмар, бірақ жоқшылық пен аштықтың азабынан арыла алмай жүрген үлкен бір отбасының иесін білетінмін. Ингольв Арнарсон өткен күзде оған тегіннен-тегін бір бөшке тұздалған қой еті мен толып жатқан әртүрлі бакалея тауарлары салынған жәшік беріп жіберді. Ал, сіз бұған не дейсіз? Ол ол ма, содан кейін оның қасапханада екі апта бойы жұмысқа орналасуына көмектесті. Ал біздің елімізде жұмыс таба алмай, сандалып жүргендер мен көше-көшенің қиылысында сырнайын сарнатып, қайыр сұрап тұрғандар көп. Мұны бәрі де көпестердің бәрін де өздері билеп, өздері төстеуіне төзіп келгендіктің салдары. Бізді қиын-қыстау жағдайдан құтқаратындар бұған дейін қандарын сүліктей сорып келген қатыгез қанаушылардың тап өздері болады деп ойлап, қатты қателесуінің зардабы. Иә, құрметті әже, Ингольв Арнарсон — ұлы адам әрі өте епті, тәсілқой адам. Оған кімді болса да, алдап түсіріп, жерге отырғызып кету түкке тұрмайды. Бұрын ол үкіметтің көз алдында аса маңызды қызмет атқарып жүрді. Ал кейін, реті келген кезде, ол қызметінен көрер көзге бас тартты, өзінің өмірі мен атақ-абыройын езілгендердің жолында құрбан етпек болып, тәуекелге барды. Әдетте қолында билігі бар адамдар қалай әрекет жасаудың тиімді тәсілдерін біле бермейді. Кедейлердің жағына шыққандар туралы газеттер бірімен бірі жарыса шулап, жазып жатады, ауыздарына келгендерін айтудан тартынбайды. Ал біз соның өзінде де оның Брунидің үйіне кіріп алуының ретін таптық. Жазғы мекеннің иесі Гудбьяртур Йоунссон мен оны соңғы рет көргенімде Ингольв Арнарсонның жиһаздарын мұнаралы әдемі үйге тасып жүрген болатын. Менің білуімше, Гудбьяртур тұтынушылар қоғамының қоймасына жұмысқа тұрған болуы керек.
— Иә, өзім де солай деп білгенмін, — деді кемпір. — Өмірдің өзі солай құрылған ғой — біреу өлмей, біреу күн көрмейді. Біреулер келіп жатады, біреулер кетіп жатады. Көпестерді көп адам жерден алып, жерге салып жамандайды. Әрине, жұрттың бәрі, кім болса сол сұқтана көз тігетін ақшаны аман сақтап қалу оңай емес. Жұрт жаңа сыпырғыны жаңаша сыпырады, жақсы сыпырады деп мақтайды, ал ескі сыпырғыны жамандауға дайын тұрады. Мен де өз өмірімде талай көпесті көріп-білгенмін, қарағым...
Қаусаған кәрі кемпірмен сөйлескенде әр нәрсеге егжей-тегжейлі шұқшия тоқталудың қажеті жоқ екенін мұғалім жігіт кеш байқап қалды да тезірек аяқтау үшін әңгімені басқа арнаға бұрып жіберді: қалай дегенде де әйтеуір бір ертелі-кеш әділет күні шұғыласын шаша туатын болады. Енді бізді алдымызда ең жақсы күндер, тамаша заман күтіп түр.
— Иә, енді біздің бәріміз үшін жақсы күндер жақындап қалды! — Бұл сөздер қақаған қатты қыстың қарауытқан қатыгез сазындағы қайырманың әлдебір әдемі жаңа да жарқын әуеніндей естілді, суық аяздың үскірігімен қатып-семіп қалған, қыстың қатал күнтізбесінің заңдары езгілеп тастаған жаралы жүректерді жылытып өткендей болды.
Міне, енді кез келген мерекені жұрттың бәрі де керек қыла қоймайтын, Жаратушы иеміздің түсініксіз шешімдері мен қайғы-қасіретінен құтылудың бірден-бір тәсілі ретінде темекі жапырағын шайнап, оның сілекейлі сөлін қылғыта жұту деп тануды тоқтататын кез келе жатыр.
Содан кейін мұғалім жігіт әуелі өзінің жеке басына қажетті заттар салынған қапшықтың аузын ашты. Онда адамды өмірге құштар етіп, берік байланыстыратын немесе ең кем дегенде оның қыспағына төзе алатындай ететін біраз дүние бар болып шықты. Сонда ол қандай заттар еді? Олар жамау жапсырылған бірлі-жарым көне көйлек пен тесіліп қалған өкшесі жөргемделіп қайта тоқылған ескі ұйық болатын. Оларды әлдебір терең сиқырлы сыры бар зат сияқты ерекше байсалдылықпен қолына абайлап алып көрді де, бір сөз де айтпастан, жастығының астына тыға салды. Ұлы адамдар өздерін әрбір ұсақ-түйек нәрсенің кезінде де осылай ерекше көрсете білсе керек. Балалар әлгі екі заттың жастықтың астына қалай жым-жылас жасырылғанын көріп отырды. Ең соңында манадан бері көздерін сүзіп отырған мына балаларға тікелей арналған заттарды — оқу құралдарын шығара бастады. Ол мұны өзінің қызметіне қатысты борышын өтеу үшін ала келген еді. Төрт бұрышты орама пакетті сүйсіне сипай түсіп, ол былай деді:
— Иә, менің жақсы жас достарым, қазір сендер мына пакеттің ішінде бүкіл дүниенің ақыл-ойы жатқанын көресіңдер!
Шынында да солай болып шықты. Пакетте әлі бояуының иісі де кетпеген жап-жаңа кітапшалар бар екен. Олардың әрқайсысы жылтыр қағазға оралып, белінен ақ жіппен буылыпты. Кітапшалар кемпірқосақтың барлық түсін түгел қамтитын бояулармен әшекейленіпті, іші-сырты бірдей әсем безендірілген. Әрі небір тамаша әңгімелер болып шықты. Олардың біреуі бұларға белгісіз әлдебір аңдар тұқымы туралы, екіншісі мүлде басқа халықтар мен олардың әлдеқашан сүйектері қурап қалған корольдері туралы, үшіншісі әртүрлі ғажайып елдер туралы, төртіншісі кәдімгі сандарға қатысты түсінуі қиын пән туралы, бесіншісі ұзақ жылдар бойы күткен христиан дінінің Исландияға қалай енгізілгені туралы еді. Бәрі де жанға қажет қасиетті ғажап дүниелер. Дүкеннен қазір ғана сатып алынғандай су жаңа кітаптар. Оқысаң, бәрін де білетін боласың. Тек оқи бер, оқи бер!
— Бұл кітаптардың беретін білімі адамды неғұрлым жоғары рухани сатыға көтереді, оның жан дүниесін жабырқатар қараңғылық пен қайғы-қасіреттен құтқарады. Иә, біздің бәріміз үшін жақсы күндер осылай жақындап келеді!
Балалардың әр кітапты ұстап көруіне рұқсат етілді. Тек саусақтарының ұшымен ғана түртуге болады. Кітапты кір қолмен ұстамайды — тез былғанып, тозып қалады.
— Ең әуелі бұл кітаптардың бәрін де қағазбен қаптап, мұқият орап қою қажет. Мұқабасын былғап, түбіршегін тоздыруға болмайды. Кітап дегеніміз де әр халықтың ең қымбат қазынасы. Ол халықтың өмірін монополия кезіндегі* түрлі-түрлі зорлық-зомбылығынан, жұқпалы аурулардың зардабынан, жанар таулардың атқылаған қауіп-қатерінен талай рет сақтап қалды. Мен бұл жерде бүкіл елімізде тарыдай шашырап жатқан хуторлардың, жеке үйлердің жылдың басым көпшілігінде кісі бойы келетін үрінді қардың астында қалып, қиын-қыстау күн кешетінін айтып та отырған жоқпын. Біз, қарап тұрсақ, қаншама ғасырлар бойы жыл сайын өмір сүріп келе жатыр екенбіз. Сендердің әкелерің мұны жақсы біледі. Бірақ оның өзінше қыңыр мінезі де бар екен. Ешкімнің айтқанымен жүре қоймайды. Алайда, ол сендерге, міне, мынадай кітаптарды арнайы адам жұмсап, беріп жіберді. Сендер бұл кітаптарды барынша мұқият күтіп ұстаңдар.
Балалар әкесін алғыс сезімімен еске алды. Тебіренгендері сонша, тіпті көздеріне жас алды. Ол бұларды өзі қаншалықты алыста жүрсе де ұмытпапты. Бұлардың әкесі, міне, қандай тамаша адам десеңізші! Ал Ауста Соуллилья балаларға: "Көрдіңдер ме, мұндай әке кімде бар? Ешкімде жоқ! Балаларымды оқытып, сауатын ашсын деп арнайы адам жібергенін көрдіңдер ме?" дегендей салиқалы сөздер айтты.
— Бұл кітаптарда алыстағы әр түрлі елдер туралы айтыла ма? — деп сұрады кішкентай Нонни.
— Иә, қалқам, әр түрлі жаңа елдер туралы да, ежелгі елдер туралы да айтылады. Теңіз астынан көтеріліп, өздерінің қымбат бағалы інжу-маржандарын жазғы күннің таңертеңгі алғашқы шуағына жуатын бейне бір су перілері сияқты жаңадан пайда болған елдер туралы да, хош иісті гүлзарлары, жапырақтары баяу желмен ұдайы сыбдыр қағып тұратын жасыл ормандары бар, Италияның көгілдір тауларындағы сияқты айдың жарығына малынып тұратын мың жылдық тарихы бар бекініс-қамалдары, тып-тыныш көкшіл теңіздің құшағына ене созылып, күн шуағына бөленіп жататын, ақшаңқан үйлері көз тартатын көрікті қалалары бар ежелгі елдер туралы да баяндалады.
Иә, мына өздеріңнің әпкелерің айтып отырғанындай, басқа балалардың маңдайына мұндай бақыт жазыла бермейді. Әлгі айтылған ұлы елдердің бәрінде де болып, өз көзімен көріп қайтқан адамның аузынан шыққан тартымды әңгімені олардың барлығы бірдей ести алмайды.
Балалар кітаптан көпке дейін бас көтеріп, мойын бұра алмады. Бірақ мұғалім олардың бір кеште барлық суреттерді қарап шығуына рұқсат етпеді. Әр кітаптан бір-бір суретті жақсылап көріп шығуды ұсынды. Мысалы, осы хутордың жоғарғы жағындағы биік тау сияқты орасан зор алып Римнің көріністерін тамашалауға немесе мойны құрықтай ұзын, егер осы үйдің есігінің алдына тұра қалса, мойны төбедегі түтін шығатын мұржадан да асып түсетін жирафтың суретін көруге болатынын айтты.
Мына қызыққа қараңыз: бүгінгі кеш көзді ашып-жұмғанша дерлік тез өтіп кетті. Кештің бұлай тез өтіп кететінін бұрын ешкім де байқаған емес. Балалар кітаптарын қағазбен мұқият қаптап алды. Олардың мұғалімге әлі де жүздеген сұрақ қоюға құлқы бар еді. Бірақ ол "Бүгінге осы да жетеді" дегендей сыңай танытты. Шынында да ол шаршаған еді, енді ұйқысы келген болатын. Ал балалар білімге құмарта қомағайланғанымен мына ақыл-ойдың қайнар көзінен бәрін де бірден біліп алуға батылдығы жеткен жоқ.
Мұғалім жатуға ыңғайланды, ал балалардың оған риза болғаны сонша, оның қалай шешінетініне дейін қызыға қарады. Тек Ауста Соуллилья ғана әжесі жаққа жақындап, алысырақтан қарап отырды. Мұғалім таяғын кереуеттің үстіне тастап, үстінен мамық көрпемен жауып қойды. Мүмкін таяғы да жаурайтын шығар. Ақырында ол оң аяғындағы бәтіңкесінің бауын ағыта бастады. Оның әр қимылы өзіне қиынға түсіп жатқандай көрінеді. Кейбір қылығы старостаға ұқсап кетсе, енді бір қылығы қаладағы кітап сатушы шалды еске түсіреді. Қай-қайдағы нәрселер қайдан еске түседі осы?.. Бұл қол орамалын аузына тосып, неге қатты жөтеле береді? Иә, бұл қылықтарының бәрі де ерекше. Оның ерекше адам екенін көрсетеді. Ал екінші жағындағы бәтіңкесінің ішінен басқа бір нәрсе шықты. Аяққа ұқсайды. Иә, аяқ. Нағыз аяқтың өзі дерсің. Бірақ кәдімгідей жаны бар аяқ емес. Жаны бар аяқта қалай дегенде де оның ақ немесе қоңырлау түсті терісі, балтырында өскен жүні болса керек еді. Олай емес, ерекше аяқ. Жалт-жұлт еткізіп бояп қойған сияқты, түсі қызғылт-қоңыр, еті де, қан тамырлары да жоқ. Фабрикадан жасап шығарылған бұйым сияқты. Оны көргенде кішкентай Нонни өзінің сезімін тоқтата алмай, айқайлап жіберді.
— Соула, сен мына қызықты қара! Мынау өзі қандай аяқ? Көрші өзің!
Бірақ Ауста Соуллилья, әрине, ер адамның жасанды аяғына қарай қойған жоқ. Олай ету қыздың тарапынан әдепсіздік болар еді.
— Өзіңді-өзің осылай ұстауға ұялсаңшы сен! — деп жауап қатты оған қыз, мойнын бұрып та қарамастан. Алайда бұлар ертесіне қой қорада болғанда Ауста ол аяқтың қандай аяқ екенін, қандай ерекшеліктері бар екенін сұрамай тұра алмады. Қойларды азықтандырып болғаннан кейін "Мұғалім қандай ғажайып адам! Одан дәріс алып, сабақ оқитынымыз қандай жақсы болды! Оқу аяқталатын алдағы көктемге дейін көп нәрсені біліп шығатын шығармыз!" деп қуанысты. Балалар ол туралы өте көп әңгімеледі. Оған қатысты нәрселердің бәрі де, тіпті ақырын сыбырлап сөйлеген үнінен бастап жасанды аяғына дейін немесе төсекте өзімен бірге жатқан, бейне бір жаны бар сияқты таяғына дейін қызық көрінеді де тұрады. Иә, Жазғы мекендегі балаларға Құдай аяқ астынан берді де қалды. Олардың үйіне қандай адам келіп тоқтады десеңші! Неге екенін қайдам, балаларда Брунидің мұнаралы биік үйін Ингольв Арнарсон Ионссонға тартып әперген де, сөйтіп кедей-кепшіктердің тұтыну қоғамында қара бидайдың қос уыс ұнын несиеге алып тұратын еткен де тап осы адам болуы керек деген түсінік пайда болды. Осындай атақты да әдемі адамдардың үлкен қалалардан қоңыр көйлек киіп келетіні не әдеті екен осы?
Міне, ол бұлардың бөлмесінде жатыр. Ол — жаңа елдерді де, ежелгі көне елдерді де көрген, күннің таңғы шапағына, айдың жарық сәулесіне бөленген жерлерде талай болған, көрген — білгені өте-мөте көп адам. Шіркін-ай, оның айтқан әңгімелерін есте сақтап, басқа біреулерге жырдай етіп айтып берер ме еді?! Бірақ дәл соның өзіндей етіп айтып беру қайда?! Басқа ешкімнің де қолынан келмейді! Ол енді осында жатыр, ойлы да салиқалы көздерімен балаларға қарап қояды, үстіндегі мамық көрпені өзіне тарта түсіп жамылады. Ол бұлардың шаңырағында бүгін тау ішіндегі қиын да қатерлі сапардан аман қалғанына қуанып жатыр. Жапырағы жайқалып, сыбдыр қаққан орман арасында өскен ол осыншама қиын-қыстау сәттерді осы балалардың игілігі үшін басынан кешірді ғой. Апырай-ай, біз де ер жетіп, мұның жасаған жақсылығын өзіне қайтара алар ма екенбіз?!. Осы кеште балалар ұйқыға кетер алдында оларға мынадай бір ой келді: біз де темекі жапырағын шайнамай-ақ әжеміз сияқты жүз жасай алсақ-ау шіркін! Мейлі сонда да әр кеш сайын шешініп, әр таң сайын киінуге қазіргідей қинала ерінбес едік. Оларға осының өзі де зор бақыт сияқты еді: өйткені ертеңгі болашағыңды үлкен үмітпен әрі қуана күткенге не жетсін!
— Иә, деп сыбыр етті мұғалім, — бұл бір жандары жайсаң, қарапайым адамдар жайлаған орта екен. Үлкен қалаларда даңғой менмендік жәрмеңкесін аралап жүрген жерімнен мен мұнда қалай келіп қалдым осы?! — Ол бір күрсініп алды да сөзін жалғастыра түсті. Иә, иә, иә, әр қиырдағы алыс өлкелерде мен шарламаған жол қалмаған сияқты. Тіпті құлама тік беткейлермен де жоғары қарай тырмыса өрмеледім. Мен халық өте жиі қоныстанған өлкелерде — өзімшілдік өршіп тұрған жерлерде де болдым. Онда адамның рухы тыпырши қанат қағып, ұшып-қонады сабыр таппай, сергелдеңге түседі. Онда да күнделікті өмірдің шалшықты балшықтағы сияқты жалғыздықтың тастай суық құшағы қадам басқан сайын күтеді те тұрады. Ол өмірде күнәден пәк тазалық та, жанға жайлы демалу да, шынайы мөлдір махаббат та жоқ — бәрі сатулы. Ал мына жерде мен өзімді рақатқа бөленетіндей сезінетін сияқтымын.
— Ауста Соуллилья, қалқам, менің жаныма бір шыны аяқ кофе қоя салшы. Түнде жүрегім ауырып жүрсе дегенім ғой. Бірақ бүгін жүрегім ауыра қоймас, сірә.
Содан кейін балалар шешінді де шамды өшіріп жатып қалды. Қарт әженің тұсындағы сөреде ғана кішкентай май шам өлімсірей жыпылықтап тұрды. Қыздың есіне әкесі кеткелі бері суға шомылмағаны түсті. Сөйтті де жатар алдында жуынып-шайынып алды. Шашын тарап болып, төсегіне жатты. Соңғы кезде ол Гвендурмен екеуі бір кереуетте қатар жататын. Көне көйлегін басынан асыра шешінгенде оның сыбдыры анық естілді. Өйткені көйлек қызға өте тар болып қалған еді. Ауста ішкі белдемше көйлегін шешуге мұғалімнен ұялды. Сөйтті де мамық көрпенің астына кіріп кетті. Қатарында інісі жатыр. Осы кезде әжесі де май шамды өшіре қойды.
— Қайырлы түн болсын! Жайлы жатып, жақсы тұруға жазсын! — деп сыбырлады ол қараңғы түн құшағында жатып.
Оның соншалықты сыпайылықпен білдірген мұндай лебізіне Луста Соуллилья не деп жауап беруді білмеді. Жүрегі алқына соғып, аз ғана үнсіздіктен кейін:
— Иә солай... — деп шала-шарпы жауап қатты.
Қонақ қорылдай бастады, ал балалар "Енді алдағы жаңа өміріміз жақсы болады" деген үмітпен тәтті ұйқыға әлдеқашан кіріскен. Олардың мұрындарын манағы кітаптардың жағымды иісі әлі де жыбыр-жыбыр қытықтаумен болатын.
Ауста бірте-бірте қайдағы бір шым-шытырық ойлардың шырмауында қалды, әлдебір түсініксіз құбылмалы дүниенің құшағына еніп кеткендей болды. Бәлкім, дүние атаулының ең таңдаулы тамашасы да осы болар. Бірақ кейбір нәрселер ақылға қона бермейтін, ерсі көрінетін сияқты. Мысалы, үйдің төбесіндегі мұржадан түтін орнына әлдебір аңның сорайған ұзын мойны көрінеді, ал алыстағы тау ғажайып көркем шіркеуге айналып кеткен сияқты. Оған көтеріліп шығатын қоңыр саты аяқ басқан сайын сықыр-сықыр етеді. Бірақ ол шіркеудің қоңырау қағылатын биік мұнарасына тұп-тура алып баратындай көрінеді. Ауста Соуллильяның сол мұнараға көтерілгісі келеді. Алғашқыда ол үрейі ұшып, өзін өте-мөте сақ ұстаған еді. Бірақ осындай қиын жолға түсуге тәуекел еткеннен кейін батылдана одан әрі жүре беруге, барған сайын жоғары көтеріле беруге тура келеді. Бірақ сатысы құрғыр тым қауіпті, сынып кетердей сықыр-сықыр кетеді... Ол өзінің әкем де соңымнан еріп келе жатыр екен-ау дей ойлайды. Оны ойласа, қорыққанынан жүрегі ұшып кете жаздайтындай сезінеді. Өйткені бұл кейін шегінер болса, одан жақсылық күтудің қажеті жоқ — қолына түссең, сабаудан тайынбайды. Ауста неғұрлым жылдамдата адымдап, ілгері кетуге тырысады — қоңырау қағылатын мұнараға бірінші болып жетпекші! Ақырында ол өзінің тынысы тарылып, қинала қалжырады, бойын қорқыныш биледі. Солай бола тұрса да оның әлгі қоңыр сатымен бір өзінің әлі де болса жеке жүгіріп биік мұнараға көтеріле алатынын ойша елестетсе, балаша қуанады. Сондықтан да басқыштан басқышқа адымдай түсіп, бүкіл жолды ақырына дейін қалай да түгел жүріп өтуі тиіс. Мұны басқа ешкім де білмеуі керек. Бірақ саты кенеттен тарылып сала берді. Ауста қабырғаға сүйенуге мәжбүр болды, ал сатының сынып түсердей сықыры барған сайын күшейіп барады. Қорқыныш әлгі қуаныштан бірнеше есе асып түсті. Ой, бұл өзі қалай болып кетті? Алыстан тып-тыныш қызықтап, ақырын ғана қарап тұра бермей, шіркеуге кіріп, үрейі ұша қорқып несі бар еді сонша?! Егер әкесі енді аздан соң қуып жетіп, "Шіркеудің қоңырау соғылатын биік мұнарасына неге тезірек шығып үлгермедің?" деп, шапалақпен тартып-тартып жіберсе не істемек? Міне, осы кезде оған жоғары жақтан әлдебір тесік көрінді. Ол толық жабылмай қалған есіктің саңылауы екен. Одан әлдебіреудің бұдан көз алмай, қарап тұрғаны байқалады. Оның жүзі бұған қайдан таныс? Ол мұны шынымен-ақ қуантпақ па? Жоқ, Жоқ! Беті аулақ! Бұл баяғы түрі қорқынышты зұлым ойлы шал ғой. Ол кітап сатушы болатын. Ол некесіз туылған өзім сияқты құбыжық көрінетін бірнеше балам бар деп еді-ау! Әне таяғына сүйеніп, сүйретіліп келе жатыр. Оның да кигені қоңыр көйлек... Осы бір ұсқыны жаман шал қоңыр көйлекті қайдан тауып алды екен?.. Қолында кітабы бар. Мұны күтіп түр. "Қазір мен саған бірнеше кітап көрсетемін. Ең жаңа, жұрт іздеп жүріп оқитын өте сирек кездесетін кітап. Өзің қарап шықшы, құрметті фрекен. Соған ұнамауы мүмкін емес! Солай ма?"
Қайдағы бір жаман түстер көріп, адам айтып болмайтын қорқынышты құбыжықтан үрейі ұшқан Ауста ояна кетсе, қара терге малшынып жатыр екен. Екі қолы бірдей су болып кетіпті. Бұл қорқыныштан түні бойы арыла алмады. Ал ертеңіне соның бәрі көз алдына қайта елестеді. Қалжырап қатты шаршағанын бір-ақ білді.
Ауста көзін ашқан бойда өз даусынан өзі шошып кетті. Орнынан атып тұрып, зорға дегенде есін жиды. Жүрегі аттай тулап, аузына тығылды. Сулы алақанымен маңдайының терін сүртті. Жоқ, жоқ, жоқ! Өзіне төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ екен. Тек жаман түс қана көріпті. Өзінен екі — үш қадам жерде құрметті қонақ ұйықтап жатыр. Ол — бұлардың ең жақсы күндерін жақындату үшін, өмірлерінің мәнді де сәнді болуы үшін келген жан, Ауста оған құймақ пісіріп беруге, сөйтіп денсаулығын түзеп алуына жәрдемдескісі келді... Қыздың қорқынышы бірте-бірте толық басылды. Ол мұғалімнің қалай тыныс алып жатқанына құлақ қойды. Оған деген барлық ізгі тілегін іштей айтып білдірген болды. Иә, енді бұлардың бәріне де ең жақсы күндер туады. Ауста осындай оймен төсегіне қайта жатты.
ЕЛУІНШІ ТАРАУ
ПОЭЗИЯ
Сонымен білім шұғыласы жарқырап сала берді.
Сөйтсе дүниежүзілік мәдениеттің хабаршылары дегеніміз балалардың, бәлкім, алғашқы кештегі қабылдағаны сияқты, орасан үлкен Рим қаласы мен мойындары құрықтай жирафтар ғана емес, сонымен қатар алып денелі піл де, шағын ел Дания да екен. Басқа да көптеген дүние болып шықты. Күн өткен сайын жануарлардың жаңа түрлері, жаңа елдер, жаңа корольдер мен жаңа құдайлар таныс бола бастады. Ол ол ма, кіп-кішкентай ұсақ-түйек болып көрінгенімен аса қуатты цифрлар өз алдына бір бөлек. Бір қарағанда жаны жоқ сияқты ол цифрлардың іс жүзінде өз өмірі, өз тіршілігі, олардың әрқайсысының өз мағынасы мен атқаратын міндеттері бар болып шықты. Оларды бір-бірімен өзара қосу не алу арқылы өзің қалаған қажетті басқа бір цифрды табуға да болады екен. Ақырында балалар поэзия әлеміне де енді. Ол ұлы деген елдің өзінен де ұлы көрінеді, ол аспанмен тілдесетін зәулім де ақшаңқан алып сарайлар сияқты әсер етеді. Оны сүйсіне тыңдаған сайын адамға қос қанат пайда болып, оның жан дүниесі бейне бір қыран бүркіт сияқты шарықтап, биікке көтерілгенде, қайта зымырап, төмен самғағанда аспаннан нұр нөсері құйылып, екпінді жел ысқырығы естілгендей болады.
Балалардың күн сайын таңертең қойға шөп салып жүргендегі әңгімелері, міне, осы төңіректе өрбиді. Олар өздерінің көңілсіз күйкі тіршілікпен өтіп жатқан өміріне кенеттен осы бір адамның, жай ғана адам емес, кітапта жазылғандардың бәрін білетін, біліп қана қоймай, ондағы суреттелетін ғажайып дүниені түгел шарлап, өз көзімен көріп-білген адамның келе қалғанын таң қала әрі қуана сөз етеді. Ол алуан түрлі қалаларда болып, олардағы айуанханаларды көріп қана қойған жоқ, сонымен қатар адам жанын қуанышқа кенелтетін, ең аз дегенде рақат тыныштыққа бөлейтін жасыл ормандарды да аралаған. Ол сенің жан жүрегіңді тебірентерлік сөз тауып айта біледі. Егер Гвендур қойдан да гөрі басқа жануарлар түрін өсіруді немесе қозылардың есебінен саулықтардың санын көбейте түсуді, сөйтіп едендегі тақтайлардың санымен салыстыра отырып, үйдің төбесі жабылған арқалық мәткелердің қанша екенін есептеп шығаруды армандаумен ғана шектелсе, кішкентай Нонни алыстағы ғажайып елдер туралы ойлаумен болды. Ол ондай елдердің шынында да бар екенін растайтын нақты дәлелді енді тапқандай. Ондай елдер жас балаларды жұбату үшін ойдан шығарылған жалған нәрсе еместігіне көз жеткізді.
Ал Ауста Соуллилья ше? Ол поэзия қанатына мініп, әлдебір алыс өлкеге зымырап ұшып барады. Бір күні көктемнің тамылжыған тұнық түрінде оған сол өлкеден мұның құлағына жаңғырық сияқты бір нәрсе естілген болатын. Бұл жаңалықты жеті таудан асып, алысқа кеткен бір кішкентай қыз туралы әңгімені оқып отырғанда естіген еді. Қазір бұған сол жаңғырық әлдебір әдемі ән болып тағы да жетті. Ауста әлгі қызды өзім екенмін деп сезінді. Қазір оған бақыт, тағдыр, қайғы-қасірет дегеннің бәрі де түсінікті. Жүздеген мың тастың арасындағы шөлдің ортасында бой көтере өсіп тұрған нәзік те дәрменсіз аянышты гүлді көргенде өзіңе-өзің мынадай сұрақ қоясың: өмірдің алуан түрлі кедергілерді бұзып-жарып, табандылықпен алға басатыны несі екен осы? Осы гүлді сабағымен жұлып алып, онымен өз түтігіңді тазартсаң, қалай болар еді? Жоқ, ол гүлді жұлып ала көрмеңіз! Өйткені бұл өсімдік те сіз бен біз сияқты мына өмірдің әрі шектеулі, әрі шексіз екенін ойлайтын болуы, ізгілікке деген махаббатпен жігерлене түсіп, жүздеген мың тастардың арасындағы шөлдің ортасында тіршілік ететін болуы керек. Қатыгез сұмдыққа барудан сақтана көріңіз. Нәзік гүлді жұла көрмеңіз: бәлкім, ол да біреудің Ауста Соуллильясы болар.
Ауста скальдтардың мәнерлі сөздерін, олардың әсерлі әндерін ерте түсініп үлгерген еді. Сол алдын ала жасаған әзірлігі өте пайдалы болды. Бірақ бір айырмашылығы сол, ескі әндер топырағы құнарсыз, өсімдіктер дүниесі кедей, оның есесіне қатпар-қатпар тасқа бай елдерді көзге елестететін, ал жаңа поэзия, керісінше, гүлдердің ғажайып кең тынысына, мұңға, аңқыған жұпар иісіне толы болатын. Мұғалім өлеңді Аустаның әкесінен мүлде басқаша, әсерлі оқиды екен Екпінді ырғақты ұйқасқа, әсіресе ішкі ырғақты ұйқасқа сала дауыстап оқудың орнына мұғалім өлеңді сыбырлағандай етіп, баяу дауыспен өте мәнерлеп оқығанда скальдтардың құпия сырларының тұңғиық тереңіне сүңгіп кеткендей болады. Ондайда бөлмедегі нәрселердің бәрі де өздеріне жан біткендей әсер етеді. Олардың әрқайсысының өз сыры, өз құпиясы бар сияқты. Егер Ауста кереуеттің суық жақтауын алақанымен сипап қараса, оған енді кәдімгі ағаштың өзі жұп-жұмсақ әрі жылы сияқты сезілетін болды: ішкі жағынан бейне бір жанды жүрек соғып, жылытып тұрғандай. Мұғалім бұл қыздың алғаш рет ғашықтық сезіміне бой алдырып, көшпелі бұлттармен тілдескісі келген кезінде іздеп таба алмай, қатты қиналған сөздерін білетін болып шықты. Ал, бұл ол кезде әлі тым жас еді: әлгі бұлттардың не деп бара жатқанын түсінбейтін. Сондықтан да қыз ол бұлттардың бойынан мүлде жоқ нәрсені іздеген еді. Сол бір күндері бұлардың жеріне аң аулау үшін келген адамның поэзиядан хабары жоқ болатын. Шамасы, ол бұл қыздың жанын тіпті де түсінбеген болуы керек. Ал, дұрыс түсініктің болуы — адамның бойындағы ең қымбат қасиет. Аустаға мынадай ой келді: егер Иоунның қызы Одур шынымен-ақ сол аңшыға күйеуге шығатын болса, мейлі шыға берсін, бірақ оның аузынан ешқашан да ешқандай дастан ести алмайды. Осының өзінен-ақ Аустаның кеудесін мақтаныш сезімі кернеді.
Рас, ол аңшының еріндерінен күлкінің белгісі білінбесе де жүзінен күлкі ойнап тұратын, көздері нұр шашпайтын, жайнап тұрмайтын. Ал үнінде мына мұғалімдегі сияқты адамды өзіне бірден баурап әкететін әлдебір сүйкімді қасиет байқалмайтын.
Бұл мұғалім тұтас дастандарды жатқа біледі және ақырын ғана сыбырлап отырып, мәнерлеп оқығанда бүкіл тұла бойыңды тебіренте дірілдетеді, көзіңнен жан дүниеңді жадырата жас ағызады, қатып-семіп, өліп қалған жүйкелеріңе жан бітіреді.
Бір қиырда жатқан алыс хутордағы жап-жас қызды бәрінен де бұрын ізгі адамгершілік қасиеттер туралы өлеңдер, әсіресе әлдебір таңғажайып әдемі құндылық жолында, мысалы, отан игілігі жолында, өзін-өзі құрбан етуге, теңдесі жоқ ерлік үлгісін көрсете алған жанкешті ұлы адамдар туралы өлеңдер баурап алатын сияқты көрінетін. Былтырғы сол бір көктемгі түнде ондай ерлікті бұл қыздың өзі де жасай алатындай болып сезінгені бар. Ол кезде бұл сыртқы есік алдындағы табалдырықта тұрып, қызық қиялға берілу үстінде болатын. Жо-жоқ, ол қиял бұлай емес, тіпті де бұлай емес еді. Бұл қызды қазір бәрінен де бұрын тебірентетін нәрсе — көкірегіне асқақтата тәтті мұң ұялататын, бүкіл дүниені құшағына тұтасымен ала алатындай асыл арманы орындалмаған шерлі жүрек және сол шерлі жүректің сұлулығы туралы, күзгі қара суықта теңіз төсіндегі алапат дауыл қиратқан жағалауда ескексіз әрі желкенсіз жатқан, енді ешкімге керексіз болып, қараусыз қалған кеме туралы, кенеттен соққан күзгі қатты дауылдан қанатынан қайырылып, қасірет шеккен, енді бәрінен де үміт үзген құс туралы, енді өзін тарта алатын орындаушысы жоқ саз аспабы — мүлде үнсіз тұрған арфа туралы өлеңдер. Өйткені мұның бәрі де жанына жақын әрі түсінікті. Йен даладағы Кельманың* жырында ішкі ырғақтар жоқ бола тұрса да Ауста оны тез жаттап алды. Бұған дейін осы бір иен даладағы қыз бен жігіттің махаббаты туралы жыр Аустаның ең сүйікті жырына айналады деп кім ойлаған? Кешке, төсекте басы жастыққа тие салысымен-ақ оның жан дүниесінде махаббат туралы сұлу жыр сыңғырлай жөнелді де екі бетін көзінен аққан жылы жас жуып кетті. Ол Кельманың басындағы ғана емес, тіпті жеке өзінің басындағы ғана емес, бүкіл дүниеге қатысты махаббаттың лапылдаған қызуынан жылап жатты.
Қара бұлттың арасынан
Шықшы, айым!
Жарқырашы,
Жұлдыздарда жалынды!
Нұрландыршы жолықтырар
Ғашығыма жолымды!
Басыл, дауыл,
Шулай бермей,
Тоқта, тасқын,
Тулай бермей,
Естісін де ғашық жарым
Сүйгенінің мұң мен зарын!
Ауста көзінің жасын көрсетпеу үшін құс жастықты құшақтап жатып қалды. Мұның Оссианды ойлап жылағанын ешкімнің де білмегені мақұл Өйткені оны ойлап жылау Ауста Соуллильядан басқа ешкімнің де ойына келмейді ғой. Бірақ мұның жылай қоятындай не жөні бар? Ондай жөні болатын себебі — бұл махаббаттың және йен даланың не екенін тап Оссиан сияқты түсінеді. Өйткені иен даланы түсінген адам махаббатты да түсінеді, ал махаббатты түсінген адам иен даланы түсінеді.
Ал Миссисипи жағалауынан келдім деген мына аңшы... Ол бүкіл дүниені аралаған. Бір өлеңінде өзінің "таңғажайып тамаша Францияда" туылғаны туралы айтылатын. "Онда менің өте мейірімді, асыл текті ата-анам тұрған..." дейтін. Иә, ол дүние жүзін түгел шарлаған: өмірдегі бар жақсылық, бар ізгілік соның жолына арналғандай. Бала кезінде ол Сена жағасында жұрт гүл тереді екен Парижде өсіп, ер жетіпті. Оның еліктіре қызықтырып әкететін шуына әбден қанығыпты. Мұның бірнеше сүйікті аға-інілері, Ауста Соуллильямен салыстырғанда мың есе сұлу дос қыздары көп болыпты. Әйтпесе:
"Ұмыта алман мен ешқашан сенің күлім көзіңді,
Ұмыта алман бал татыған ерніңді әрі өзіңді!" —
деп жазар ма еді?!
Солай бола тұрса да бұл армандаған өз бақытын таба алмай, дүние кезіп кетіпті. Ауста мұның жағдайын толық түсінген, сол үшін де жақсы көріп қалған. Аустаның жүрек түкпірінде мұның сол жақтан бақыт таппай, қашып келгені үшін де сүйіспеншілік сезімі пайда болған. Ал қазір ол өзінің толқындары жараса ағып жатқан Миссисипи өзенінің жағасындағы биік төбенің басында:
"Қасқыр ұлып, құс сайраған орманда,
Бұғы аулаған сұр мерген бар ол маңда
Тау арыстаны ол да қорек іздейді
Басқан ізін білдірмеуге тырысады әманда",
— деп отырғандай елестейді.
Ауста Соуллилья поэзияны әрқашан өзінше түсінетін Мысалы, ол бір күні кеште шешініп тастап, төсегіне жатып қалды. Сөйтті де әдетте ұйқысы келмейтін кездегі сияқты көзін өтірік жұмып жата берді. Ол әжесінің шамды қашан өшіретін кезін күтумен болды. Уақыт өте берді. Осы кезде Ауста көзінің қиығымен мұғалімге қарады. Ол кереуеттің үстінде бір қолымен шекесін сүйеп отыр екен. Бір уыс шашы маңдайына түсіп кетіпті. Қыз енді оның жүзіне бір қырынан қадала қарады. Қалың қасы, бір нәрсеге қадала қарап отырған көздері айқын көрінді. Ол көздер бұған нағыз поэзияның өзі сияқты: жарыққа шағылысып, жарқ-жұрқ етіп, құлпыра құбылады. Қыздың көзі мұғалімнің жағасынан шыға көрініп тұрған жалаңаш мойнына түсті... Ал ол, көз жанарын бір нүктеден аудармай, әлі қимылсыз қалпында қадала қарап отырды. Мына өлеңде айтылатынындай әлдебір терең ойға шомыпты.
"Жас баланың қиялынан
Кең дүниеге жол тарттым.
бірте-бірте қалды артта
Талай теңіз, талай өлке,
Талай ел, талай жерлер тамаша.
Өмір бойы іздеп едім жалықпай,
Таптым ақыры бір орманнан
Жанға жайлы бір орынды оңаша!"
Үйдің шіріген шатырының арқалық мәткелері шуылдаған қара орманға айналып кеткендей. Онда бұғылар мен барыстар бірін-бірі аңди түсіп жүргендей. Ал, ақпанның ұйтқып соққан қарлы бораны күртік қардың төбешіктерін биіктетіп барады. Оның даусы Миссисипи өзені толқындарының сарылына ұқсайды. Дүние жүзінің көптеген керемет сұлу қалаларынан қашып кеткен ол, әне, биік төбе басында оңаша отырып, өткен өміріне көз тігіп, терең ойға шомған жандай елестейді.
Жалын атқан жастық шақтың
Еркіндікте жайнап өскен гүлі еді,
Сол раушан солып қапты, амал не?
жап-жасыл боп өркен жайған жапырақ
Жатыр әне қар астында шашырап,
Өмірі өтті, армандар да алыстады елес боп.
Сол жылдардың еске түссе қасіреті қат-қабат:
Бәрі өткінші — алдамшы үміт, бос мақтан,
Опасы жоқ жалған достық, баяны жоқ махаббат.
Жоқ, Аустаны қызықтыра баурап әкететін нәрсе кейіпкерлердің бейнесі де, олардың ізгілікті істері де емес, аңсаған арман-тілегінің орындалғаны немесе мүлде орындалмай қалғаны туралы өлеңдер болатын. Ондай өлеңдер мына мұғалім сияқты: өте кеш келген немесе мүлде келмей қалған баянсыз бақыт... Ауста бұл адамды өзінше түсінді, поэзияның жарқыраған шұғыласына бөленген адам ретінде танып білді: әне ол мүлгіген орман тыныштығында, дүние жүзіндегі ең терең әрі мол сулы өзеннің жағасындағы биік төбенің басында терең ойға шомып отырғандай елестейді.
ЕЛУ БІРІНШІ ТАРАУ
ҚҰДАЙ
Енді Құдай туралы әңгіме ету керек шығар.
Ауста мен балаларда соңғы екі жылдан бері Құдайды танып білсек деген ынта-ықылас күшейген болатын. "Ол кім өзі? Не туралы ойлайды? Қайда тұрады? Дүниеде болып жатқан оқиғалардың бәрін де тек өзінің қалауымен қалай басқарады?"
Miнe, олар қолдарына Құдай туралы жазылған екі кітап алды. Біреуі Таурат, екіншісі катехизис (Құдай туралы сұрақ-жауаптар жиынтығы). Балалармен бірге мұғалім де болды. Ол, әрине, барлық тіршілік иелерінен жоғары тұратын ерекше күшті тіршілік иесі Құдай туралы, шамасы, ең маңызды мәселелердің бәрін де білетін болуы керек. Балаларды ең әуелі өте-мөте қызықтырған нәрсе Құдайдың бүкіл әлем кеңістігін қалай жаратқаны туралы әңгіме болды. Бірақ мұның бәрін Құдайдың не үшін жаратқаны туралы сұраққа ешқандай жауап ала алмады. Олардың түсіне алмай қиналған тағы бір нәрсесі болды. Ол "Күнә деген не және ол жер бетінде қалай пайда болды?" деген сұрақ еді. Балалар жұмақта жүрген әйелдің алмаға сонша неге қызыққанын түсіне алмады. Ол ол ма, алма дегеннің не екенін көз алдарына елестете алған жоқ. Алманы картоптың бір түрі деп топшылады. Нөсер жаңбырдан кейін Жер бетін түгел қаптаған топан судың сырын түсіну тіпті қиын болды. Жаңбыр неге қырық күн, қырық түн бойы толассыз жауды екен? Ал осындағы иен далада екі жүз күн, екі жүз түн үздіксіз дерлік жауған жылдардағы жаңбырдан соң неге бірде-бір рет топан су қаптамаған? Балалар мұғалімге осындай сұрақтар қоя бастағанда ол жүйкесі едәуір жұқарған адамша онша жақтырмай жауап қайтарды: "Мен олай болғаны үшін жауапты емеспін ғой!" деген сыңай танытты. Тауратта былай деп аталады: "Құдай бір күні екі періштесін ертіп, шетелдегі бір атақты адамға келіпті. Бірақ бұл әңгімеден Құдайдың түрі-түсі, келбеті қандай екенін біліп болмайды. "Меніңше, Оның сақалы жоқ болуы тиіс" деді мұғалім әлдебір күмәнді сеніммен. Мұғалім кереуеттің үстінде екі қолын желкесіне қойып, шалқасынан жатыр еді. Үйдің төбесіне соншалықты селқостықпен қадала қарап қалыпты. Кішкентай Нонни "Құдайдың үстінде қандай киімі болған әлде ол тыр жалаңаш жүрген бе?" деп, біртүрлі қызыға ынтығып білмек болды.
— Осындай сұрақ қоюға қалай ұялмайсың? — деді Ауста Соуллилья.
Құдай адамдарға өзінің жалғыз ұлын жіберіпті. Ол өте қайырымды жан екен: адамдарға неше түрлі тәмсілдер айтып берген, кісі таң қаларлық саналуан ғажайып оқиғалар жасап көрсеткен болып шықты. Балалар оны, неге екенін қайдам, қашан болса да өзіне түсініксіз, құпия сыры көп нәрселер туралы тынбай сұрастырып жүретін, бірақ бұл әдеті былайғы жұртқа ұнай қоймайтын истадальдық Оулавюрге ұқсатты. Ал тәмсілдер мен ғажайып оқиғалар туралы әңгімелерді олар бейне бір өздерінен онша алыс емес, приходтардың бірінде, бірақ қашан және қай жерде болғаны белгісіз оқиғалар сияқты қалт жібермей тыңдады. Алыс елдерге сапар шегу туралы армандауды жақсы көретін кішкентай Ноннидің өзі де мұндай әңгімелерді естігеннен кейін ешқайда барғысы келмейтін болды. Мұғалім әңгімені азайтып, жинақтай бастаса-ақ, балалар бұл әңгімеде, шамасы, айтуға ұят бір нәрселер туралы сөз болады екен ғой деп еріксіз тұжырым жасайтын. Айқыш ағашқа төрттағандап өлтіруді балалар шектен шыққан қаталдық деп білді. Бірақ олардың айқыш ағаш туралы ешқандай да түсінігі жоқ болатын. Балалар бұл әңгімені осы биылғы қыста Рождество оразасы кезінде болған қорқынышты оқиғалармен еріксіз байланыстырды. Олардың атын атауға да болмайды. Ең жаман, қорқынышты түстерде көретін құбыжықтардың өзі дерсің. Ұйқыңнан шошып оянасың! Ондай түстерді әдетте жайсыз жатқанда немесе жамбасыңа жайсыз бір нәрсе батқанда көресің. Ал оянған кезіңде ертерек жарық болса екен деген үмітпен терезеге қарайсың.
Ауста Соуллилья кітаптың бетін шошына қалтырап, тез жаба қойды. Бұған ондағы суретте бейнеленген әйелдің мейлінше масқара кейпі нағыз оңбағандық көріністі көз алдына айқын елестетті. Ауста өзінің інісі кішкентай Ноннидің бұл кітапты қашан ер жетіп үлкейгенше оқымақ түгілі, қолына ұстағанын да қаламады. Өйткені ол соншалықты әсершіл бала. Қыз кітапты сөренің қол жетпестей биік жағына тығып қойды.
Сөйтіп балалар Христтің қалай қайта тірілгені жөнінде де, қалай көкке көтеріліп, алты қабат аспанның арғы жағына барғанын да біле алған жоқ. Құдай шіркін оларға соншалықты алыс жұмбақ күйінде қала бергендей болды. Ауста Соуллилья өзін Құдайдан қатты көңілі қалғандай сезінді. Сонда да оған деген әлдебір көмескі күңгірт сенімін әлі де болса жоғалта қойған жоқ. Әлі Құдай туралы катехизисті, ондағы сұрақтар мен жауаптарды оқып, әр түрлі ойға кетті. Өлген Христтің қайта тірілгені жөнінде қанша рет қайталап оқыса да, бұл жөнінде мұғалімге қанша рет жайсыз сұрақтар қойса да көкейге қона кетерлік жауап таба алмады. Сұрақтар да, жауаптар да Құдайдың пайдасына шешілмеген күйінде қала берді.
— Сен өзің Құдайға бұрынды — соңды табынып, дұға оқып көріп пе едің? — деп сұрады Ауста мұғалімнен.
Мұғалім, алғашқыда жауап қайтарғысы келмегендей, едәуір ойланып қалды. Ақырында оның да бір кезде Құдайға сиынып, дұға оқығаны мәлім болды.
— Не деп сиындың, қандай тілек тіледің?
Мұғалім қыздың бетіне тік қарай алмай, өзінің сырын бір түрлі қинала отырып ашты. Сөйтсе де бұл ол кезде Құдайға аяғымды аман сақтай гөр деп жалбарынған екен. Ауруханада жатқан кезі көрінеді. Бірақ Құдай мұның ол тілегін қабыл алмапты.
Ауста Соуллилья былай деді:
— Ал маған сенің аяғың өте әдемі сияқты көрінеді.
Міне Ауста сол күннен бастап Құдайдың бар екеніне иланғанды қойды.
Тағы бірде ол былай деді:
— Мына бір жерде "Құдай жұрттың бәріне бірдей қайырымды. Бақытсыз бейшаралардың бәрін де аяйды, мүсіркейді" деп жазылыпты.
— Солай шығар деп ойлаймын, — деп жауап қатты оқытушы.
— Ондай болса, Құдайдың өзі де бақытты бола алмайды ғой.
— Мен мұны бұрыннан білемін, — деді мұғалім. Сөйтті де кенеттен төзімі таусылып, шыдай алмай, шынын айтты. — Бұл кітапта бір ауыз да шындық жоқ! Бастан-аяқ бос сөз. Рухы әлсіз адамдарға ғана арналған.
Ауста Соуллилья былай деп сөз қыстыра қойды:
— Менің әкемнің рухы күшті.
— Ол рас, — деп келісе кетті мұғалім. — Ол — мызғымас жартастай мықты адам.
Бұлар сол күннен бастап Құдай туралы әңгіме қозғағандарын қойды.
Үшінші күні Ауста былай деді:
— Бүгін таңертең ұйқыдан көзімді ашар-ашпаста маған кенеттен мынадай бір ой келді: "Құдай қалай дегенде де бар болуы тиіс. Егер Құдай жоқ болса, онда тіршілік атаулы басқа нәрселер қалай өмір сүре алмақ?"
Мұғалім ұзақ ойланып барып, былай деп сыбырлай үн қатты:
— Иә, ондай тіршілік атаулының өмір сүретіні рас. Бірақ нақты қандай тіршілік екенін біз біле бермейміз ғой.
Осымен сөз тәмам болды.
Төртінші күні Ауста тағы да сұрақ қойды:
— Құдай адамдардың күнә жасауына неге жол берген?
Мұғалім бұл сұрақты естімеген сыңай танытты. Ол ойын бір жерге жинақтай алмай, алдыңғы жағына қадала қараған бойы едәуір отырып қалды. Ол мұндай жағдайға жиі-жиі ұшырайтын болып жүр. Ақырында ол орнынан атып тұрды да үлкен көздерін бадырайта ашып, қызға қарады. Сөйтті де оның сұрағын өзі қайталады:
— Күнә? Осылай дедің бе?
Тап осы кезде әдетте ұзаққа созылатын, шиқ-шиқ еткізіп жанын қинайтын әрі даусын қарлықтыратын ұстамалы жөтелі басталып кетті. Беті-жүзі қарауытып, мойын тамырлары адырайып кетті, көзінен жас шықты. Жөтелі басылған кезде көзінің жасын сүртті де алқына отырып, сыбырлай сөйледі:
— Күнә дегеніміз Құдайдың бізге жасаған ең тамаша сыйы.
Ауста Соуллилья ұстазына тағы да едәуір уақыт көз алмай қарады. Бірақ басқа еш нәрсені сұрауға батылы бармады: Құдай туралы ой-толғанысымнан күтпеген жерден және бір тосын қорытынды жасар деп қауіптенді. Оның үстіне, қазір мұғалімнің тынысы тарылып, өзін өте-мөте ерекше жайсыз сезініп отырды. Ауста орнынан ақырын ғана тұрып, қолындағы катехизисті сөредегі Таураттың жанына білдіртпестен қоя қойды.
— Иә, — деді мұғалім, сыбыр ете түсіп. — Мұның өзі мейлінше болмай қоймайтын нәрсе.
Қыз бұл жерде де "Болмай қоймайтын ол не нәрсе?" деп сұрақ қоюға батылы бармады. Ақыры болмай қоймайтын нәрсе болса, оны алдын ала білмегеннің өзі де жақсы. Кезінде көре жатыр. Ауста үн-түнсіз терең ойға шомумен болды: Ол болмай қоймайтын нәрсе, бәлкім, адамның жан дүниесіндегі қарама-қарсы екі көзқарастың бірін-бірі жеңбей тынбайтын ымырасыз күресіне ұқсас, орман ішінде бірін-бірі аңдыған, бірақ өздеріне қауіпті аңшыны көріп қалып, жаны үшін бой тасалауға мәжбүр болған бұғы мен барыстың тайталасы сияқты бір нәрсе шығар. Кешке қарай мұғалім сұлу әріптермен тізілтіп хат жазды да оны төрт бүктеді, аузын желімдеп сыртына "Доктор Финсенге" деп көрсетті.
— Гвендур қалқам, — деді ол балалар келіп, үйге кірген кезде. — Егер төменге қарай қалаға кетіп бара жатқан біреу-міреуді көре қалсаң, мына хатты Фьордқа ала кетуін өтініп сұрашы. Бұл Финсен қартқа жолданған хат қой. Жөтелдің дәрісі қажет.
Кешке Ауста мұғалімнің қайта-қайта мұңая ауыр күрсініп, есіней түсіп жатқанын байқады. Үнін соза түсіп, әлдебір шағынғандай болады. "Иә, иә" немесе "Аһ-уһ", "Оһ!.." деп қояды. ара-арасында үмітін үзе торыққандай: біресе "Қойшы соны! Не қажеті бар?!" дейді, біресе "Онда тұрған не бар? Бәрі бір емес пе?" дейді.
Ауста шошиын деді. Шамасы, мұғалімнің төбесі аласа аядай үйден ығыры шыққан болуы керек: ол мұнда ешқандай да бақыт таба алмайтынын, күнәдан пәк мөп-мөлдір тазалықты, тіпті басқа жақтан болмаса да, осы жерден табармын деген үмітінің біржола үзілгенін сезіп жатқан шығар. Мұғалімнің бір-бірімен байланысын түсіну қиын үзік-үзік сөздері оның жанын қинаған жөтелінен әлдеқайда қорқынышты естілді. Ауста жөтелге бұрыннан үйреніп кеткен: мұның өгей шешесі де жөтелетін, ал әжесі таңның атысынан күннің батысына дейін жөтелуден жалықпайды. Қыздың жүрегін шаншытып, сыздата ауыртқан нәрсе "Шамасы, мұның жағдайы нашарлай бастады-ау. Мұнда жағдайы жоқ қой — бұлардан кеткісі, біржола тастап кеткісі келіп жатқан болар" деген ой еді.
Ауста өзінің өгей шешесі ауырып жатқанда одан жиі-жиі сұрайтынындай, мұғалімнен де:
— Сенің су ішкің келіп жатқан жоқ па? — деп сұрады. Біреу жағдайын жайсыз сезінсе, мұның су ұсынатын әдеті бұрыннан бар болатын: салқын су адамның бойын едәуір сергітеді.
— Жоқ, — деді мұғалім. Оның бұл сөзі кәдімгі ыңқыл сияқты естілді.
Ауста оған ұрлана қараумен болды. Бірақ мұғалімге дәл қазір ешқандай жәрдем жасай алмады, қолынан келер еш дәрмені жоқ! Осыған өкінді. Егер ол кетіп қалса, не болмақ? Ауста ол үшін қолынан келгенінің бәрін де жасады: кәстрөлден оған әрқашан еттің ең таңдаулы деген семіз жерін беруге тырысты, күніне алты рет не сегіз рет кофе қайнатып беріп жүрді, сондықтан да енді көп ұзамай кофенің таусылып қалуы да мүмкін. Бірақ мұның бәрі де оған көмектесе алмады. Енді мұның оған не істеуі керек? Оның қабағы күннен-күнге жабырқап, көңілсіздене түсті. Өлең оқуын да сиретті. Дүниежүзілік әдебиет туралы әңгімені де тым ықылассыз айтатын болды — шамасы, еңсе басар ауыр ойдың шырмауынан шыға алмайтын болуы керек. Қыздың әлдебір жылы сөз айтқысы келді. Өйткені Ауста әлі өте жас бола тұрса да өзінің басынан өткен жеке тәжірибесінен білетіні: адамның жалғызсырауы оған өте ауыр тиеді, ал бір ауыз жылы сөз жанын жадыратады. Бірақ мұның аузына ондай жылы сөз түсе қоймады. Ол мұғалімнен лажсыз теріс айналды — көзіне жас толғанын байқатпауға тырысты.
Аустаның әжесі аяғын зорға дегенде сүйрете басып, мұғалімнің кереуетіне таяп келді де, "Шамасы, бұл жігіттің денсаулығы нашар болды ғой" деді. Өйткені, оның білуінше, денсаулығы жақсы ер азамат күні бойы жатып алмаса керек еді. Ал бұл екі қолын желкесінің астына қойып, үйдің төбесінен көз алмай, шалқасынан үн-түнсіз жатады да қояды. Кейде ол мына кемпірдің адам шошырлық түріне қарап, таң қалады: бейшараның әжім басқан ескі жүзінде ешқандай үміттің ізі білінбейді, қиыншылық атаулыға шексіз төзе беруге жаралғандай болып көрінеді.
— Темекі шайнап, сөлін сорудан қандайсың? — деп сұрады қарт әже.
Бірақ ол темекіні қаламайтынын білдірді: басын шайқап, қолын сілтей салды.
— Отырыңызшы, әже, — деп сыбырлай үн қатты ол.
Қалаға хат жөнелтілген күннің ертеңіне-ақ ол балаларға:
— Төменгі жақтан келе жатқан ешкім көрінбей ме? Егер біреу-міреудің келе жатқанын көре қалсаңдар, тұра жүгіріп, қарсы алдынан шығыңдар, Финсен маған жөтелдің дәрісін беріп жіберген жоқ па екен — соны сұраңдаршы, — деумен болды.
Ол күн өткен сайын осы сұрақты жиі-жиі, кейбір күндер тіпті бірнеше рет қоятын болды. Кәдімгі кішкентай бала сияқты болып кетеді. Ауста Соуллильяның оған жаны қатты ашиды, күніне биік күртік қардың үстіне бірнеше рет шығып, күннің көзін алақанымен қалқалап, "Келе жатқан ешкім жоқ па екен?" деген үмітпен төменгі жаққа, кең далаға қараумен болады. Өтіп бара жатқан әлдебіреулерді көре қалса, інілерін дереу жүгірте қоятын болды. Бірақ, өкінішке орай, мұғалімге деп беріп жіберген дәрі олардың ешқайсысында да болған жоқ.
Мұғалімнің абыржи үрейленгенін байқағаннан бері Аустаның күн сайын қауіптеніп жүрген жағдайы да белгілі болды. Бірде мұғалімге кофе алып келіп, сыпайы ұсынған кезде ол кофе ішіп болғанша мұның кереуетке өзімен қатар отыруын өтінді. Аздан соң босаған шыны аяқты қайта ұсынды. Ауста бос шыны аяқты тізесінің үстіне қойды, бірақ тұрып кетерін де, отыра берерін де біле алмады. Өйткені ол өзімен қатар отыруды бұдан бірінші рет өтінді ғой. Ауста тұрып кетудің есебін таба алмады. Өзі айтатын шығар деп ойлады. Өйткені ол мұның ұстазы ғой. Ұстазды сыйлау керек. Ақырында ол былай деді:
— Егер Финсеннен ертең де хабар болмаса, онда өзімнің баруыма тура келеді.
Егер бұл әлдебір басқа адам болғанда Ауста оның бетіне үлкен көздерін бадырайта таң қалған сұраулы жүзбен қарар еді. Оның көзінің жанары солғын тартып, реңі қаша бастаған сияқты. Оның жүзіне тіке қарауға қаймыға ыңғайсызданған қыз екі көзін тізесіне қойып отырған бос шыны аяқтан ала алмады. Ауыр үнсіздік орнады Мұғалім қызға, оның келісті балғын тұлғасына қарап отыр. Бірақ ол тұлғаның өңі қашып, көнере түскен көйлегі көрсетпейді, Көйлектің ескіріп қалғанын көрген сайын оның көз алдына мынадай елес береді: Құдай осы бір құлпыра өсіп келе жатқан нәзік гүлді сірескен мұңды өлкенің арғы жағында мүлде ұмыт қалдырған сияқты. шетсіз-шексіз созылып жатқан құнарсыз далада, қалың тастың ортасында өсіп тұрған бұл нәзік гүл ерекше сүйкімді, адамды өзіне шексіз тартып, баурап алады. Ақырында ол сірескен мұзды өлкенің арғы жағында, қалың тастың ортасында жеке дара өсіп тұрған нәзік гүл сияқты оған жақындай жанасты: алақанымен иығынан және арқасынан жайлап сыйпай бастады, бір қас қағым сәтте қыздың жұп-жұмсақ аш беліне қолының қалай барып, аз-кем кідіріп, өзіне қарай қыса түскенін байқап та үлгермеді. Ол қолын тез жұлып ала қойған кезде қыз ақырын ғана оның бетіне тік қарады. Жігіттің жүзінен әуелі таяқ жеген содан бір түйір қантқа алданып жұбанған жас баланың мұңға батқан әрі дәрменсіз кейпін көрді. Бірақ Ауста ештеңе демеді, тек өзін-өзі лажсыз қорғау түйсігімен басын тез-тез шайқады, көзін жұмды да қайтадан ашты. Мұғалім өзінің тершіген ылғал алақанын Аустаның алақанына салды да оның көзіне тік қарауға тырысты. Қыздың көзіне қараған сайын ол өзінің кім екенін түсінуден қалып бара жатты.
Қыздың көмейіне әлдебір түйір нәрсе тұрып қалғандай болды. Ол енді жігіттің қолынан өз алақанын неғұрлым тез босатып алу үшін орнынан тұрып кетті.
Бұл жердің оған қол емес екендігі шынымен-ақ әуел бастан түсінікті болған жоқ па еді? Мына төбесін қар басып, жапырайып жатқан аласа үй көңіліне қонған жоқ қой... Оны осы жаққа қай Құдай айдап әкелді десейші!.. Бұл жаққа келіп несі бар еді?.. Оның үстіне, Ауста бейне бір өз нәрестесін аялап баққан ана сияқты оған күн сайын ертелі-кеш не үшін қамқорлық жасады екен? Жатса да, тұрса да оны есінен шығара алмайтыны несі?.. Соның бәрі де мұғалімнің тез кетіп қалуы үшін жасалғаны ма? Ол кетіп қалғаннан кейін бұл енді кімге қамқор болмақ?
ЕЛУ ЕКІНШІ ТАРАУ
ҚҰШТАРЛЫҚ СӘТІ
Кішкентай Нонни мәз-мейрам болып, мұғалімге арналған дәрі құйылған бөтелкені алып, жоғарыға жүгіре көтеріліп жеткенде Аустаның қуанышы койнына сыймай, жүзі шаттанып сала берді. Ол мұғалімге шаттанған қуанышты жүзімен қарады да еріксіз қол шапалақтап жіберді. Бірақ тез тартына қойды. Өйткені оның жүзіне қараған кезде көзінен қуаныш белгісін көре алмады. Мұғалім жігіт төсегінен ұшып тұрып, баланың қолындағы дәрі құйылған шыны сауытты алды да оған жапсырылған қағаздағы жазуды тезірек оқып шығуға асықты. Содан соң шыны сауытты жастығының астына тығып жатып, "Тағам тезірек әзір бола қояр ма екен?" деп сұрады. Ауста плита пешке құрғақ отын қалай бастады.
Ақырында Ауста: "Дәрігер сенің сұраған дәріңді тауып жібере алып па?" деп абайлап қана сұрады. Өйткені ол енді бұлардың бүкіл болашағы осы дәріге байланысты сияқты болып көрінген еді. Қыздың бұл сұрағына мұғалім бүгін оқу сабағы өткізілмейтінін, бәрінің де ерте жатып, ұйықтауларына болатынын айтып жауап қайтарды.
— Қане бүгін бәріміз де ерте жатайық, — деді Ауста. — Мұғалім дәрінің шипасын жақсы қабылдасын.
Сөйтіп бүгін олар күндегісінен әлдеқайда ерте жатты. Тек кәрі кемпір ғана кішкентай май шамның өлімсіреген күңгірт жарығымен қашан ұйқысы келгенше күбір-күбір етіп, әлдебір нәрселерді айтып, кәдімгідей іс тоқумен айналыса берді. Бірақ оның оңайлықпен ұйқысы келе қоймады. Ақырында ол да шамды өшіріп, орнына барып жатты-ау әйтеуір. Бұл кезде Ауста тәтті ұйқыға кетіп, әдемі түс көріп жатыр еді. Ондай түсті қиып, ұйқыңнан оянып кеткің келмейді. Оның түсіне еш нәрсемен де салыстыруға болмайтын сол баяғы ғажайып көркем көрініс кіріп жатқан: осыдан біраз жыл бұрын қойлардың аяғы астында тапталып қалған ескі күнтізбе қағазындағы ғажайып сұлу орманның ортасы екен-ау дейді. Тап сол бір әдеттегіден тыс жайқалған жасыл желек. Тап сол орманның өзі. Кәдімгі өзі қиялдап, армандай беретін көрініс. Қыз таудағы таста өсетін жабайы таспа шөптің хош иісін құмарта жұтып жүрген сияқты. Кәдімгі кей-кейде, әсіресе жексенбі күні, таңертең күн шұғыласы түнгі шықты тез кептіріп жіберген кездерде таудан есетін хош иістің дәл өзі! Ауста хош иісті ауаның қалың ортасына бірте-бірте баяу сүңгіп кеткендей. Таудың биік шыңдары үстінде бейне бір ешқандай қимылсыз, қанатын бірде-бір рет қақпай-ақ, қалықтап ұшып жүрген еркін құс сияқты сезінеді. Бұл түсте тұрған ешқандай қорқынышты нәрсе жоқ, ешқандай қиыншылық та, қайғы-қасірет те жоқ. Ауста бақыт құшағында. Оның соңынан қуып келе жатқан, қуып жетуге таяп қалған зұлым күштер де көрінбейді. Жастық шақта көретін түстердің кейде тап осылай бақытты болып келетіні бар. Оған аяғының астындағы немесе дұрысында қанатының астындағы жер — ананың өзі әлдебір нәрселерді сыбырлап айтып жатқандай сезіледі. Ал биік-биік жартасты шыңдары құрсап жатқан таудың өзі де әлдебір дастанның тамаша жыр жолдарын оқып жатқандай. Осындай ғажап түс көрген ол ұйқысынан оянып кетті. Өзінің қаншалықты ұзақ ұйықтағанын білген жоқ. Бірақ ғажайып жақсы түс көріпті. Үй іші қап-қараңғы болса да ол өзінің жүрегіне ешқандай қорқыныш сезімі ұяламағанын бірінші рет сезінді. Алайда тап осы кезде Аустаның құлағына әлдебір сыбыр естілді. Жоқ, бұл тіпті де түс емес... Иә, тыңдап қараса, әйтеуір бір дастанның жыр жолдары. Осында... мына қараңғы бөлме ішінде естіліп жатыр. Оны оқып жатқан... тап соның өзі. Оның мына түн жарымында ұйықтамай, жыр жолдарын оқып жатқанына жол болсын. Неге бұлай? Ауста орнынан көтерілді де аз ғана жөтеліп белгі берді. Ол және бір жыр жолын оқыды.
— Бұл мен ғой, — деді ол
— Немене, сенің ұйқың келмей жатыр ма? — деп сұрады қыз.
Мұғалім жыр жолдарымен жауап берді:
О, махаббат!
Қайран ару
Қапталған ақ күміспен,
Масаң жүрек соғады
Өзіңді аңсап,
Шарабына шөліркеп Махаббаттың.
Бойымда қан тулайды,
Қызынады,
Баяғы Адам Ата сияқтанып,
Тапсырдым тағдырымды
Тек өзіңе,
Ал ойым бір нәрсе деп бұзылады...
— Сен өзің қандай өлең оқып жатырсың? — деп сұрады Ауста.
— Ежелгі ескі дастаннан үзінді ғой.
— Енді балаларды тұрғыза берсем де болатын шығар? — деді қыз, мұның оларға сабақ беруіне жағдайы келетін шығар деген үмітпен.
— Иә, уақыт болып қалды, — деді де ол әлгі дастанды жартылай сыбырмен оқи түсті.
Ал онысы бұған бір нәрсе деп сыбырлағандай болып естілді. Иә, басқа біреуге емес, Аустаның тап өзіне арнап айтылғандай. Расында да ескі дастаннан үзінді екен. Бұл бұрын естіп көрмеген үзінді. Бірақ оның мына оқуына қарағанда, мұның өзіне, иә, Ауста Соуллильяның жеке өзіне тікелей қатысы бардай. Қыз қатты қысылғанынан не деп жауап берерін білмеді, аузына сөз түспеді. Мұндайда, әсіресе қазір, әлі түн ішінде не істеуі керек? Оны да білмеді. Өйткені жыр жолдары әдетте күндіз, тапа тал түсте дауыстап оқылушы еді. Дегенмен оның мәні мен мазмұнын мүлгіген түн тыныштығында ғана толық түсуіне де болады екен. Бірақ мына жас қыздың түн ортасында тек өзіне ғана арналғандай жыр жолдарын қалай түсінгені жөн? Оны тапа тал түсте жұрттың бәріне бірдей арналған өлең сияқты қабылдауға бола ма?
Арманым ең
Шын бақытым болатын.
Баурап алдың
Бір көргеннен өзіңе.
Енді міне
Түсімде емес, өңімде
Көріндің-ау көзіме.
Құдай өзі мүсіндеген,
Жүрегімді жаулап алған
Сымбаттым,
Аарондардың
Алтын торпақ байлығы
Мына маған неге керек
Сен тұрғанда, қымбаттым!?
Жо-жоқ, ол мұның бәрін тек өзі үшін ғана оқып жатқан болуы керек. Мені мұндай жұмбақ, әдеттегіден тыс астарлы да көркем жыр жолдарын түсіне қоймайды, әлі жас деп ойлайтын болуы тиіс. Рас, менің оған кофе құйып, құймақ ұсынып жүргенімде жап-жас көрінуім әбден мүмкін. Сондықтан маған, тек қана маған — мұндай жыр жолдарын арнап оқудың ешқандай мән-мағынасы жоқ деп ойлайтын да шығар. Бірақ қыз өзін әлдеқашан бой жеткен ересек деп санайтын. Ауста бұл сырын әлі ешкімге айтып көрген емес. Оның үстіне, әлдебіреулердің бұған арнап оқыған жыр жолдарында қайдағы бір бұзау-торпақты, мейлі олар алтын бола-ақ қойсын, айтады деген ой мұның өңі түгілі, үш ұйықтаса түсіне де кіріп көрмеген еді. Шынында да бұл жерде торпақтың не қатысы бар? Жоқ, бұл ең байсалды жазылған дастан болмауы тиіс. Мұғалім де мені меңземеген болар. Енді оған не деуім керек?
Құдай саған сыйлапты
Ешкімде жоқ
Тұнып тұрған тап-таза
Мінез-құлық,
Жанарыңа жарасқан
Тәкаппарлық.
Мүсініңе
Етпен-ет боп жабысқан
Тар көйлектен тырсиып
Көз тартады
Төсіңдегі қос алма,
Құлпырасың бақ гүліндей
Көктемгі, Дегендейсің,
"Енді менен көз алма!"...
Жо-жоқ, Құдайға шүкір, мұндай түсінуі қиын оғаш ойлы дастанның бұған ешқандай да қатысты бола алмайды. Оның үстіне, "жанарына жарасқан тәкаппарлық" дегені қисынға келмейді. Сондай-ақ ғажайып сұлу қыз деп суреттеуі одан бетер ақылға қонбайды. Шамасы, бұл дастанды осыдан жүз жылдан да астам бұрын белгісіз бір скальд басқа бір қызға арнап жаза салған болуы керек. Ал Ауста басқа қыздардың қауымында ешқашан да болған емес. Бұл қалың тастың ортасында жалғыз өскен бір тал шөп сияқты. Ауста өзінен басқа қыздардың бәрі де әлдеқайда сұлу шығар деп ойлайтын. Оның үстіне, бұл әлі бой жеткен үлкен қыз емес, жап-жас қыз көрінеді. Ал Ауста Соуллильяның шынында да бой жеткен қыз екенін әлі ешкім байқаған емес. Өзі де ешкімге сыр шашып, бұл туралы айтып көрген жоқ. Ішінен ойлап қана қоятын. Егер бұл жағдайды, мысалы, әкесі білсе, не дер еді? Бұл әлі шіркеуге барып, шоқындыру рәсімінен де өткен жоқ. Ауста дастанның әр шумағын естіген сайын күштірек тебірене түсті. Ақырында төзімі таусылып, шыдай алмай кетті.
Сен жарықсың,
Күн нұрысың құйылған.
Қарлы боран түнегінде
Жол көрсеттің,
Алып шықтың
Мені талай қиыннан.
Қырсық шалған
Бәле-жала шырмауынан
Құтқардың сен
Өз қолыңмен, сүйіктім,
Сенің демің от-жалындай
Жылу берген жаныма —
Ауру-сырқау, сұм ажал да
Енді менің Жоламайды маңыма!
Ол осының бәрін басқаша дауыспен айтады? Бейне бір жеке адамға арналған сөздерді басқа біреулердің естуіне болмайтын сияқты сыбырлайды. Өзге жұрт мына кішкентай қыздың есейіп бой жетіп қалғанын біле бермеуі мүмкін. Бірақ мұны мұғалімнің де шынымен-ақ білмегені ме? Бой жеткен қызға түн жарымында мұндай жыр жолдарын оқуға болмайды. Мұны Ауста жақсы біледі. Өйткені бойжеткен қыздың мұндай жыр жолдарын тыңдап жата беруге төзімі жетпейді. Тіпті өліп те кетуі кәдік емес. Ол — мұны бейне бір балауыз сияқты жұмсақ мінезді өте білген адам, ол — поэзия мен тарихты бес саусағындай терең білген адам. Бірақ мына қорғансыз қызды шынымен-ақ аямағаны ма?
Өзің ғана
Еш билікті қолданбай-ақ,
Сөз де айтпастан бір ауыз,
Мені еркіңе
Біржолата көндірдің.
Саған құмар ынтықтықтан
Ақылымнан адастым.
Тек сен үшін тірі жүрмін —
Бұл — имандай сырым шын.
Қыс кетсін де көктем келсін —
Қасиетті ордадағы
Көктем гүлі жайнасын,
Сен өмірлік жарым болшы,
Жақындашы, қайдасың?!
Ауста асып-сасып, абыржыған күй кешті. Ақырында шыдай алмай, төсегінен атып тұрды, Сипап жүріп, сіріңке тапты, шам жақты. Үрей аралас тебіреністе жүріп ішкі белдемше көйлегін кимей тұрып кеткені осы кезде ғана есіне түсті. Сөйтіп белдемше көйлегін енді ғана асығыс-үсігіс киіп үлгерді де екі санының үстінен қайта-қайта сипалап, бүктелген жерлерін жазды. Бөлмеде шам жанып тұр. Құдайым-ау, мұғалім жалаңаш тәнімді көріп қойған болса, оның бетіне қалай қарай алмақпын?!
Ауста маңдайына түскен шашын өршелене кейін қайырып тастап, мұғалімнің бетіне батылдана қарады. Оның жағдайы жақсара түскен сияқты. Өзін сергек сезінетіні сонша, ұйқысы қашып кетіпті. Тіпті төсегінде қимылсыз жата да алмапты. Кереуеттің жиегінде отыр. Екі беті нарттай қызарып, көздері жалт-жұлт етіп, жайраң қағады. Жүзін жырым-жырым етіп тұрған әжімдері де күтпеген жерден жайылып, тегістеле түскендей. жап-жас, жасөспірім жігітке ұқсайды. Оның жүзінен балаша дерлік шаттанған қуаныш лебі еседі. Ол өзінің дәрісін тізесінің үстіне қойып, қыздың бетіне және шамның жарығына қуана қарады. Балалар шамның жарығынан оянып кетті, орындарынан тұрған бойда олар да мұғалімге қарады.
— Реңіңіз өте жақсы. Құлан — таза жазылып кеттіңіз бе? — десті.
— Иә, мүлдем жазылып кеткен сияқтымын. Жақсы деуден де жақсы! Мен енді бақыттымын десем де болады. Тіпті өте-мөте бақыттымын! — деді мұғалім. Содан соң былай деп қосып қойды: — Көңілім хош. Өте хош! Неге екенін білесіңдер ме? — деді ол Сөйтті де ол бүкіл дүние жүзіне жар сала көрсеткісі келгендей болып, қолындағы дәрісін төбесіне көтере ары-бері айналдырып бұлғады. — Неге екені сол — бүгін түнде ешқандай да қайғы-қасірет болмауы тиіс. Мен олардың бәрін жер бетінен жойып жібердім. Енді, міне, ешқандай ауыр азап та, ауру-сырқау да жоқ. Бүгінгі түні менің басыма бақыт құсы қонғандай, бүкіл дүниені басқарып билеу кілті қолыма тигендей болды.
Бұдан былай ғазиз жүректер қалтырап-дірілдеп азап шекпейді, қайғы-қасіреттен қарс айырылып, қиналмайды. Құмға барып, құрдымға кетіп жатқан кішкентай өзеннің жағасындағы қара — көлеңке лашықта жартылай жалаңаш әрі аш балалар да болмайды. Қойлар кең аңғарда емін-еркін жайылатын, ішек құрттан біржола құтылатын, өз билігі өзінде, ешкімге тәуелсіз азаматтың игілікті жалғыз аты да белі бүгіле ауыр жүк көтермейтін болады. Оның есесіне, экватордың құмды шөл даласында жайқала өсіп тұрған орманда өмір сүреміз, Миссисипи өзенінің жағасындағы ормандарда қол мерген аңшы да, бұла өскен бұғы да жыртқыш аң ілбісін де бірін-бірі шын жүректен қуана қарсы алып, тату-тәтті бейбіт тіршілік ететін болады... Шын жүрегімізден аңсаған арман-тілегіміз түгел орындалады! Қане, балалар, келіңдерші, сендерді құшағыма алып, бауырыма басайын. Ал сендер өздерің аңсаған кез келген арман-тілектеріңді ойларыңа алып жасырыңдар — әрқайсысыңның сол аңсаған арман-тілектеріңнің қандай екенін шешіп беретін уақыт келді.
Балалар оның неге қуанып жүргенін көпке дейін түсіне қоймады. Бәлкім, оның бұларға үйреткен жыр жолдары жалғасының қуанышы болды ма екен? Ал мұғалімнің әлгі айтқан сөздерінен кейін балалардың ұйқысы біржола қашып кетті. Олар мамық көрпенің астынан шығып, мұғалімге жақындай түсіп, әлемнің кайта өркендеу дәуіріне белсене қатысқысы келгендей. Мұғалім оларды кереуеттің үстіне отырғызды, бәрін де иығынан құшақтап, өзінің кеудесіне қарай тартты, әлдебір көне өлеңнің жыр жолдарынан үзінді оқыды.
Бұлар ойша жасыруы тиіс арман-тілектерді оның күтпеген жерден тура тауып, шеше алатыны таң-тамаша қаларлық қызық сияқты елестеді. Бірақ балалар алғашқыда өздерінің арман-тілектерін ойша қалай жасырарын білмеді. Бұлардан адамдар өздерінің арман-тілектерін ойша жасыруға келген қас қағым сәтте олардың ауыздарына сөз түспей қалады дегенді естігендері бар еді. Сол рас екен. Оның үстіне, адамдар өздері өмір бойы күтіп жүрген ондай сәттің, бәлкім, дәл сол кезде келіп қалғанын да көп ретте байқай алмайды. Кішкентай Ноннидің өзі де ондай арман-тілекті ойша жасыруға болатынына және оның қалай да орындалатынына бұрыннан сенетін. Өйткені ол арманшыл жас қой. Сонда да болса, жеме-жемге келгенде сол Ноннидің де аузына сөз түспей, едәуір қиналды. Ал Ауста мұның өзі жай қиял ғана болар деп ойлады. Бір таң қаларлық нәрсе, басқа ешкім де емес, Гвендур, кәдімгі парасатты көрінетін Гвендурдың тап өзі, бірінші болып белсенділік танытты және ондай сәтті сағаттың келіп жеткенін өзгелердің бәрінен бұрын түсінді. Ол әр нәрсені сол өзгеріссіз түрінде қабылдап, өзінше тек солай ғана болуы тиіс деп ойлайтын, оның өзгеше табиғаты мен шығу тегі қандай екенін сұрастырып жатуды тіпті де қажет деп санамайтын кельдтік Хродлогур сияқты ой топшылайтын. Сонымен Гвендур бірінші болып арман-тілегін ойша жасырды.
— Менің арман-тілегім, — деді ол, — біздің қойларымыз қыстан аман шықса екен, ал әкеміз қыс бойы жұмыс істеп, көп ақша тапса екен, содан соң күзге қарай тағы да қосымша қойлар сатып алса екен дегенім еді.
— Досым менің, — деді мұғалім оны бетінен сүйіп, — сенің бұл арман-тілегің сөзсіз орындалады. Қойларың емін-еркін жақсы жайылып, қос-қос егіз қозыдан туатын болады. Күзге қарай қораға бүкіл округтегі ең жақсы қозыларды ерте келеді. Хутордағы қой басы көбейеді. Фьордта жүрген әкеңнің несиеге алған ақшасы да еселеп өседі. Бұл жерге тақтайдай тегіс даңғыл жол салынады. Иен дала арқылы өтетін сол жолмен бұл жаққа дүниежүзілік мәдениет іс жетеді. Ал сол мәдениетке ілесе келген қыруар мол күміс теңгелер тасқындап құйылатын болады. Осында, тап осы төбенің үстінде, ертегілерде айтыла беретін салтанатты сәнді сарай сияқты екі қабатты ғажап үй тастан қаланып, бой көтереді. Ол үйдің іші-сыртын ең күшті электр шамдарының жарығы нұрландырып тұратын болады.
Сонымен, алғашқы арман-тілек туралы әңгіме тәмам болды. Ал кішкентай Нонни былай деп шешті: егер мұның бәрі тіпті кәдімгі түстен артық бір нәрсе болмаса да, мұндай қас-қағым сәтті елеусіз қалдыруға да рұқсат етілетін шығар. Алайда мұның өзі кенеттен түсім емес, өңім болып шықса ше?!
Өлім халінде жатқан адамдар, егер Құдай шынымен-ақ бар болып шықса, онда нем кетіп барады дегендей, одан көмек сұрап, тап осылай жалбарынады. Тағдыр мұның кез келген өтінішін орындағалы тұрған осы бір қас қағым сәтте Нонни қандай арман-тілегін ойша жасыруы керек? Кейбір адамдар бір ғана арман-тілектің орындалғанын қанағат етеді. Шын бақытты адамдар солар.
Өйткені бір өмірге бір ғана арман-тілектің орындалуы әбден жетіп жатыр, одан артығын өзіне сыйғыза алмайды. Мұның шешесі өзінің шексіз қайғы-қасіретіне қатысты бір ғана тілек тілеумен өмірден өтті. Ал мұның бірден-бір тілегі — өзге елдерді аралап көру.
— Қандай елдерге барғың келеді? — деп сұрады мұғалім.
— Жасыл орманы көп елді көргім келеді, — деді ол салған жерден. — Миссисипи сияқты алып өзені бар елде, жыр жолдарында айтылатын сияқты бұғылар, ілбісіндер жүретін жерде болғым келеді. Мен сондай елде болуды армандаймын.
Мұғалім былай деді:
— Маған қалам, қағаз, сия бере қойшы.
Ол үстелдің үстіне иіле еңкейіп, ірі-ірі әріптермен көсілте хат жазды. Қаламұшты салмақ сала басып жазғаны сонша, тіпті оның шиқылы естіліп жатты. Ал бала мұғалімнің қолының әрбір қимылын қызыға қадағалаумен болды. Бірақ мұның өзі не өңі, не түсі екенін еш айыра алмады.
Мүмкін, мұның бәрі де жай ойдан шығарылған ойын ғана шығар? Бәлкім, тап осы минөт оның бүкіл өмір жолы анықталатын ең биік шыңдарының бірі болар?
— Міне, — деді мұғалім. Сөйтті де балаға барынша байсалды түрде маңғазданып, әлгі хатты ұсынды. — Мына хатты Фьордқа бірінші кезекте тез жеткізуге тырыс. Бұл анау-мынау хат емес, сиқырлы хат. Сенің арман-тілегің сөзсіз орындалуы тиіс.
Бала асып — сасып абыржыған кейіппен хаттың қайда, кімге жолданғанына қарады. Хат аты-жөні шетелдік әлдебір әйелге жолданған болып шықты. Бәлкім, ол әйел уездік судьяның үйінде шығар. Конверттің сыртында одан арғы егжей-тегжейлі ештеңе көрсетілмепті.
Нонни ұйқыға жатар алдында құпия терең сыры бар әлгі хатты әжесінің сөресіне алып барып қойды. Сөйтті де ол өз құлағын өзі шымшып алды: "Бұл өзі өңім бе әлде түсім бе?" деп, біліп алайын дегендегісі. Бәлкім, ертеңгісін оянғанда мұндай ешқандай да хат болмайтын шығар?
Ал таңертең ұйқысынан оянып, көзін ашқан бойда Нонни әжесінің сөресіне қарай ұмтылды: "Түндегі хат бар ма әлде жоқ па?" деп іздей бастады. Міне қызық — сөреде кешегі хат сол күйінде жатыр. Сыртында ірі-ірі әріптермен жазылған бірнеше сөз бар. Судьяның үйінде тұратын болар деп шамалаған шетелдік әйелдің аты-жөні ғана. Ол конвертті тез ала салып, қалаға кетіп бара жатқан бірінші жолаушыға тапсырды, оны көрсетілген мекен-жайға жеткізіп беруді қатты өтінді.
Сөйтіп жасырылған екінші арман-тілектің шаруасы да шешілді. Ендігі кезек үшінші арман-тілекке келді.
Мұғалім балалардың ұйқыға ерте жатуына болатынын бүгін де ескертті.
Ал олар тәтті ұйқыға кеткен кезде мұғалім қолын созып шамды өшірді де, Аустаны аш белінен құшақтады.
ЕЛУ ҮШІНШІ ТАРАУ
БОЛМАЙ ҚОЙМАЙТЫН НӘРСЕ
Бұл өзі ерекше қорқынышты болды.
Бұдан күшті қорқыныш енді қайтып ешқашан, тіпті ешқашан бола қоймайтын шығар.
О, Құдайым қасиетті!
Ая мені — құтқарушым деп білемін өзіңді,
Жалбарынған бір өзіңе есті менің сөзімді:
Жан — тәнімді билеп алған мына дүлей сезімді
Жеңе алатын күш — қуат бер бір ғажайып төзімді.
Не болмаса, рақым етіп, көп күнәмді кешірші —
Күнәлілер өртенетін тамұқ отын өшірші!..
О, Құдайым қасиетті!
Түсем бе деп мен қорқамын қара түнек тозақтан,
Күнәсі көп пенде қашып құтылмайтын азаптан.
Махаббаттың өзек өртер отынан да жалынды
Тозақ оты өртей ме деп, қинай ма деп жанымды.
О, Құдайым қасиетті!
Мен пендеңмін, — амал қанша, не салсаң да көнемін,
Күнәм үшін азап шегіп, өртенемін, өлемін,
Күнәм бар деп қорыққаннан, өкінгеннен не пайда,
Тағдырыма жазылғанын тәуекел деп көремін!
Ауста плита пештің жанында псаломды тыңдап тұра берді. Қыздың қолы кішкентай көрінгенімен жалпақ алақандары едәуір қатайып, көкшіл тарта бастаған. Буын — буындары аздап толыса түскен. Бірақ сүйріктей саусақтары тігінші шебердің саусақтары сияқты ұзын болып көрінеді. Бас бармағының тарамыс сіңірі ісінген сияқты. Білегі жасамыс әйелдің білегіндей әжептәуір әлеуетті. Ол пештің ішіндегі күлді шығарып, тор көз темір шілтердің үстіне аршаның қарауытқан құрғақ бұтақтарын тамызық етіп салды. Аласа өсетін қайыңның ылғал бұтақтары отқа тиген бойда шытырлап жана бастады. Ауста қызу жанған тамызықтың үстіне қойдың қиынан жабылған жаппа тезекті қалады. Пештің мұржасына жел үйіріліп, үйдің ішін түтін қаптады.
Иә, Ауста — бой жетіп қалған қыз. Ол қазір пешті өзі жаға алады. Балалық шақ қайта оралмастай өтіп кеткен.
Наурыз айының аяқ кезі еді. Таң бозарып, терезеден болмашы жарық түсе бастады. Бүгінгі түннен кейін күн қатты суытты. Тіпті қатты суытып кетті. Қыздың тұла бойы қалтырап-дірілдеп, тісі-тісіне тимей сақылдап қоя берді. Шашы да ұйпалақтанып қалыпты, бір бұрымының өрімі тарқатылып кеткен. Ауста әлі беті — қолын жуып, шашын тарап үлгермеген еді. Көнетоз тар іш көйлегін асығыс-үсігіс кие салыпты. Оның бөксе тұсындағы қыртысын жазуды да ұмытыпты. Ауста еңкейген кезде оның екі аяғы балтырынан санына дейін жарқ-жұрқ ете түседі. Жіп-жіңішке, әлі толысып жетілмеген қос тізесіне қарағанда балтыры мен санының бұлшық еттері тым толық, тұрпайы әрі мықты көрінеді. Ал Ауста, оның үстіне, сырт көйлегін киюді де ұмытыпты. Қырсыққанда қайда екенін де табу қиын. Шұлықтары тарта киілмегендіктен сирағынан төмен, аяғының басына түсуге жақын әрі буылтық-буылтық... Бірақ дәл қазір оның қандай маңызы бар?.. Ауста бұрын шыбықтай жіп-жіңішке еді. Қазір епетейсіз толып кеткен сияқты. Ол өзін өткір пышақпен, иә нағыз пышақпен іші жарылған және әбден кескіленген балық сияқты сезінді. Ауырмаған жері қалмаған — басынан аяғына дейін ауырады. Әр қимылы азапқа салып, қатты қинайды. Бейне бір іші жарылып қана қоймаған, сонымен қатар бөлек-бөлек кескіленгендей сезінеді. Еңсесі езіліп біткендей. Қазір оның өлердей аңсап тұрғаны бір-ақ нәрсе: қалың мамық көрпенің астына кіріп алып, ешкім мазаламайтын тыныштықта өлген адамдай, ештеңені де білмей ұйықтау. Өйткені оның бүгін таң алдында ғана қалғып-мүлгіп, кірпігі зорға ілінген болатын. Соның өзінде зәресі қалмай, қатты қорыққан. Енді қайтып ондай қорқыныш ешқашан, тіпті ешқашан да бола алмайды!
Ауста тіпті әжесінің бетіне қараудан да қашқақтайды — бірақ оның жүзін ойша көріп жүр. Отырған отырысы көз алдына келеді: ол теңселе түсіп, тізесіне қойған ісін тоқтаусыз тоқып отыр. Басы қалт-құлт етеді. Екі беті мен маңдайын ежелгі руна жазулары сияқты қалың әжім қаптаған. Ауыр қимылдайтын көкшіл қабағының астынан екі көзі тынымсыз жылт-жылт етеді. Бірақ ол көздер бәрін де көріп, бәрін де біліп отыр. Ол көздер өмірдің өзі сияқты кең де ауқымды: Құдай да, жын-перілер де, саған төніп келе жатқан қауіп-қатердің бәрі де түгел қамтылған кәдімгі өмір шындығы сияқты. Онда түнде ұйықтап жатқан кездегі түстерді де, ну орманның ортасында қалай адасып жүргеніңді де көре аласың.Шарықтап аспанға ұшқаныңнан, аңсаған арман-тілегің мен тәтті қиялдарыңнан бастап қарт әженің ежелгі псалом-дұғаларына дейін көрініс табады. Таң атып, күн күшіне мінерден көп бұрын, тіпті жаңа ғана тұтанған әлсіз оттың маздап жанатын кезінен көп бұрын псалом-дұғалар оқу басталады. Сол псалом-дұғалардың әсерімен рақатқа бөленген әр минөтің таусылмайтын шетсіз-шексіз азапқа айналып, мыңды миллионға көбейткендей артып шыға келеді. Ондайда бүкіл өмірің бір түннің ішінде өте шыққандай болып көрінеді. Ауста өзін бүгін тап осылай сезінді: бүкіл денесі бөлшек-бөлшек кескіленіп, қанға бөгіп жатқандай. Бұдан былай ешқашан, тіпті ешқашан...
Алдап, арбап, еліктірген сезім бойды биледі,
Махаббаттың құрбаны бол, ғашығыңды сүй деді.
Жаныма да, тәніме де қарғыс айтты аямай,
Кінәлі өзім — Құдай маған "Тозақта отқа күй!" деді.
Өлім тілеп, қасірет уын сіміруге шамам жоқ,
Мен қорқамын — қандай тәтті ед шыбын жан!
О, Құдайым, енді менде қолдан келер қайран жоқ —
Мен күнәнің шырмауына шыға алмастай шырмалғам.
Ауста түтінге шашалған жөтелін қайтсем басамын деп қысылды: ешкімді оятып жібермеуге тырысты. Мейлі ешқайсысы да оянбай-ақ қойсын, ұйықтай берсін, ұйықтай берсін — мұны көрмей-ақ қойғаны, бұған назар аудармағаны, мұнымен тіл қатып сөйлеспегені жақсы. Тіпті ешқашан таң атпай-ақ қойса да болар еді. Пештегі от өшіп қалып, плитада тұрған су қайнамай-ақ қойса екен! Ауста енді өзінің кешегі қыз емес, тіпті басқа біреу екеніне кәміл көз жеткізген еді. Мұны осы күйінде көргендердің бәрі де шошып кетіп, біржола қуып жіберуі де мүмкін. Ал інілері ше? Олар енді бұған тіпті іні емес шығар. Жоқ, дұрысында, бұл оларға әпке бола алмайды. Ауста өзінің ол балалардай бола алмайтынын көптен бері байқайтын; оларға сонау бала кездерінің өзінде-ақ бір түрлі іштей қызғанышпен қарайтын. Олардың әлдебір түсініксіз себеппен өзінен бәрібір жоғары тұрғандарын түсінетін. Аустаға әйтеуір бір нәрсе жетіспей тұратындай көрінетін. Міне, енді соның зардабын тартуда. Олар мұндай азапты бастарынан ешқашан кешірмейтін болады, ал мұның тағдырын түсінулері өте қиынға соғады. Сөйтіп бұлар бір-бірінен мәңгілік дерлік қол үзіп, хабарсыз кетеді. Жо-жоқ, бұл дүниеде Аустаға не болғанын ешкім де түсінбейтін болады. Қыз жападан-жалғыз тұра берді, тіпті ол өзінің бұл дүниеде бар екенін де байқай алмайды. Бұл жағдайды жөндеп, қалпына келтіру мүлде мүмкін емес. Енді ол осы жалғыздықтан құтыла алмаған қалпында дүниеден өтетін болады. Туған-туыстарымен байланыс атаулының бәрі де быт-шыты шыға үзіліп тынады. Енді оның басқаша өмірі басталмақ. Бәрі де бұрынғысынша қалып отыр. Өзгерген тек бұл ғана. Бұдан былай бұған да әр күн, барлық күн көңіліне бөтен, жат болады да тұрады. Бөтен, жат екені өз алдына, ол күндер шешімі табылмайтын қиын жұмбақтарға, тұйыққа тіреле беретін шытырман жолдарға, қисапсыз көп қайғы-қасіреттерге толы болмақ. Шіркін-ай, мына әлі жылып үлгермеген судың үстінен қараған бойда жүз жыл тұра бере ме еді! Анау ұйқыда жатқандар да ояна қоймаса ғой — бәрі бір бұл енді олармен байланысын үзіп, жат болып та үлгерді ғой. Бар болмыс пен жоқ болмыстың белгісіз арасында өмір сүре берсе... Жоқ, дұрысында, өмір сүрмесе, қандай жақсы болар еді! Әлде бүгінгі түнгі оқиғалардың қазіргі қасіретті салдарының себебін іздеп бас қатырмай-ақ, мына бықсып өшіп бара жатқан оттың жанында қайыңның ылғал бұтақтарының шырт-шырт жана бастағанына құлан иектеніп, енді-енді атып келе жатқан таңның бұлыңғыр сұрғылт жарығында қимылсыз қарап тұра бергені дұрыс па? Сонда өзіне таныс емес қорқынышты құбыжық жыртқыш құстың болат пышақтай өткір тұмсығын еміс-еміс қана есіне түсірер ме еді? Ол мұның үстімен канат қағып, бір-ақ рет ұшып өтті, шалшықты балшықты бетке алып, ұзап кетті де, көзден біржола ғайып болды ғой.
Бірақ келесі қас қағым сәтте-ақ Ауста болған оқиғаның себебін қалай түсіну керек деп жауап іздей бастады. Ең бастысы — бұл өзі не істеді? Жоқ, бұл өзі ешнәрсе де жасаған жоқ. Бар болғаны — бұл оның қуанышты болғанына қуанды. Сөйтіп отырғанда мұның тұла бойымен әлдебір әсерлі ток жүгіріп өткенін сезді. Мұғалім түн ортасында өз қолымен шамды өшіріп, мұның аш белінен қапсыра құшақтай алған кезде, тұла бойымен әлгі әсерлі ток жүгіріп өткен қас қағым сәтте, бұл оның мойнынан мүлде еріксіз қалай құшақтай алғанын өзі де байқамай қалған еді. Бұл қыз соған да кінәлі ме? Онда адамның бойымен неге әлдебір әсерлі ток күтпеген жерден жүгіріп өтеді? Шамасы, өмір дегеніміз осы болар? Ондай кезде қолыңнан не келе қояды? Ештеңе де істей алмайсың! Өйткені сен де жаны бар, сезімі бар тірі адамсың ғой. Оның әр қимылына шынымен-ақ тыйым салынатын болғаны ма? Онда оның өмірге келіп несі бар? Өмірге келген кезінде, иттің жанында жатқанда-ақ неге шетінеп кетпеді? Титланың бүргеге толы жып-жылы бауырында, бәлкім, ішек құрты да бар шығар, мұның өмір ұшқынының біржола сөніп қалмай, жылт-жылт тұтануының керегі не еді? Әкем байғұс тау аралап тоқты іздеп кеткенде сол итті неге ерте кетпеді екен? Жоқ. Аустаның ешқандай кінәсі жоқ. Бұл сол иттің бауырында жатып, кездейсоқ тірі қалған минөттен бастап күні бүгінгі атқан таңға дейін ешнәрсе де, ешқандай да жаман нәрсе жасап көрген жоқ. Тек қана оның тұла бойын әлдебір әсерлі ток аралап өтті де қойды...
Дегенмен... Дегенмен бұл оның еркіне жол берді ғой... Неге жол берді екен? Сол бір қас қағым сәтте бұл әкесін неге еске алмады екен? Қайран, жанашыр әкем-ай! Аустаның тұла бойын кескілеген азапты ауру енді жүрегіне дейін жетіп, жанын шыдатпастай қатты сыздатты. Жо-жоқ, әкем бұл жағдайды ешқашан да білмеуі тиіс. Ол кеше ғана бәрін де, үйдің ішіндегіні де, сыртындағыны да түп-түгел бұған сеніп тапсырып еді ғой. Ең алдымен өзіңнің аман-саулығыңды ойла, өзіңе-өзің сақ бол деп, мұны өзінің кеудесіне қас қағым сәт қысып тұрып, ақылын айтып кеткен жоқ па еді? Ал бұл...
Ауста бүкіл денесі діріл қағып, еңіреп жылады. Ол өзін-өзі тоқтата алмады. Сорғалаған көз жасы бетін жапқан саусақтарының ара-арасынан өтіп, плитада тұрған суға тырс-тырс тамды. Ол еңіреп жылағанын естіртпеу үшін екі шынтағын екі бүйіріне басты. Бүгінгі түні мұғалім мұны аш белінен қапсыра құшақтады. Екеуі бірге жатты — енді оларды бір-бірінен ажырата алатын ешқандай да күш жоқ сияқты көрінді. Ауста нағыз қуаныш, нағыз бақыт осы екен ғой деп кәміл сенді. Тіпті әкесін де, бұл дүниеде бар нәрсенің бәрін де ұмытып кетті... Дегенмен бұл оның қойнынан шығып кетпек болды... Бірақ олай ете алмады. Олай етуге мұршасы болмады, ақырында өзінің де олай еткісі келмеді... Бұл жағдайдан бәрібір қашып құтыла алмайсың — өйткені мұның өзі де өмір ғой. Осы жерде өзі тұтатқан мына отқа қадала қарап, тап солай тұра бергені дұрыс сияқты.
Қожасының үйірілген қамшысының астында
Қайқаңдаған, жаутаңдаған аянышты қаншықтай
Мен қорқамын зерем ұшып көптігінен күнәмнің
Тозақ оты қинай ма деп, оңайлықпен жан шықпай!
Жалбарына жалынамын — құтқар жанымды азаптан,
Жын-шайтанның арбауынан, күнәлі істен, мазақтан.
Осы бір тақуалық ой тізбектері мұның соңынан тынымсыз ызың қағып, бейне бір күнәкарлар тобыры қыр соңынан қалмай еріп келе жатқан, ал ежелгі жауы мұны қорғанысы жоқ бір бүйірінен оқыс шабуыл жасаған сияқты. Қаптаған қалың жау бұған Құдайдың атынан қарғыс айтып, қатал үкім шығарып жатқандай сезінді. Үмітсіз торығу деуге боларлық зарыға қамыққанда жанын қайда қоярға білмей, төзімі таусылып, шыдай алмады. Христиандық мораль қағидасында адамды азапқа салудың шегі болмаушы ма еді өзі? Ауста әжесінің жанынан көз ілеспес жылдамдықпен тез өтті де мұғалім жатқан кереуеттің қасына барып тоқтады — оның құшағы бүкіл азап пен қайғы-қасіреттен қалай да аман сақтап қалатын қасиетті қорған сияқты көрініп кетті. Өлердей қорқыныштан қашып құтылғысы келгендей Ауста мұғалімнің бетіне бетін басып, оның көйлегінің ағытулы жағасынан өзінің суық алақанын қойнына сұғып жіберді... Ал ол бұған көмек қолын созудың орнына ұйқысырап, әлдебір мұңды үн шығарды да қабырғаға қарай теріс айналып, жата берді. Оның жамылған мамық көрпесі жерге түсіп кетті де, жартылай жалаңаш қалды. Қыз өзінің іш көйлегінің қайда қалғанын енді ғана көрді — умаждалған қалпында осында, мұғалімнің көрпесінің астында қалыпты. Ауста қорқыныш пен үмітсіз торығудың сезімінен әлі де арыла алмаған қалпында іш көйлегін тез жұлып алды да, мұғалімнің көрпесін оның үстіне қайта жапты. Ол бұған дейін жалаң бұт жатқан еркекті ешқашан көрмеген еді. Өзінің бақытына қарай, қазір де анық көре алған жоқ — терезеден түсіп тұрған қара көлеңкеде еш нәрсені анық байқау мүмкін емес еді. Бұл сонда не істеген? Мына жатқан ер адамның кім болғаны?
Таң атып, жарық түсе бастады. Ауста інілерімен бірге қой қораға кетті. Наурыздың жұмсақ таза ауасы қандай жақсы! Қойға шөп саламын деп жүріп, Ауста көңілін жұбатты, мазасызданғаны басылайын деді. Бірақ сонда да болса, інілерінің бетіне қарауға батылы бармайды. "Бұған не болды өзі?" деп, бір нәрсені сезіп қалар ма екен деп қорқады. Ал мұғалім қабырғаға қарай теріс айналған қалпында әлі ұйықтап жатыр еді. Ауста үйге кірген бойда оның қалай тыныс алып жатқанын тыңдап көрмек болғанда ешқандай демі шыққаны байқалмады. "Бұл өзі өліп қалғаннан сау ма?" дегендей үрейі ұшып кетті.
— Кофе ішкің келе ме? — деп, бірнеше рет сыбырлай үн қатты. — Суып қалмай тұрғанда ішіп ал
Жоқ, ол өлмепті. Тірі екен! Ұйқысынан оянып, көзін ашты. Ауста бұған қатты қуанды. Ал ол бұған ауыр ыңқылмен ғана жауап берді. — Қыз оның бұл қиналысы қазір-ақ қоятын шығар деп үміттенді. Ол ыстық кофе алып келді, мұғалімнің жайланып отыруына көмектесті.
Мұғалімнің өңі сұп-сұр еді. Ауырып отырғаны көрініп тұр. Сақалы өсіп кеткен, шашы ұйпаланып қалыпты. Ол Аустаның бетіне бұрылып қараған жоқ. Ал қыз оның кереуетіне келіп отырды. Оған жақындай түсті. Мұғалім ешқандай ыңғай-ықылас білдіре қоймаса да бұл оның шашын жұмсақ алақанымен сипай түсіп, бір қолындағы сынық тарақпен қайта-қайта тарады.
— Мына кофеңді іше отырсаңшы, — деді ол, мұғалімнің шашын тарай түсіп.
Иә, Ауста оның шашын тарай берді. Бұл өзі әншейінде ақылға сыймайтын ерсі нәрсе сияқты еді. Бірақ Ауста ондай еш нәрсені де ойына алған жоқ — бәрін де кәдімгідей емін-еркін жасай берді: оған жақындай түсіп, сүйемелдеп отырды, қолтығындағы жастығын қайта-қайта түзеумен болды. Мұның бәрі де өзінен-өзі жарасымды табиғи үйреншікті нәрсе сияқтанды. Қыздың ұялшақ қылығынан ешқандай да із қалмағандай. Ол мұғалім жігіттен: "Еш жерің ауырып отырған жоқ па? Не нәрсеге зауқың соғады? Ұялмай айта бер" деп сұраумен әлек. Өйткені бүгін түнде мұның басынан өткен нәрсенің мына бейшара мұғалімнің басына түсуі мүмкін нәрсемен салыстырғанда еш нәрсе емес сияқты көрінді.
— Сірә, мен өлетін шығармын, — деді мұғалім, ыстық кофеден ұрттап отырып. — Маған жаның ашып, әуре болма. Мен ондай құрметке лайық жан емеспін.
Мұғалім шашын сипап, тарағаны, қолындағы бос шыны аяқты ізетпен кері алғаны үшін Аустаға алғыс айтқан жоқ: ыңқылдаған бойы жатып қалды. Ал бұл оның көрпесін қамқор қолдарымен қайта жапты. Қыздың тамағы құрғап, жүрегі аттай тулап, қатты соқты. Мұғалім жігіт оған бір рет те бұрылып қарамады, бір ауыз жылы сөз де айтпады, ең болмаса сыбырлап ишарат білдірмеді.
Ол біраз уақыт осылай жатты. Ал Ауста оның жанына отырып, барынша нәзік әрі шын берілген сезіммен елжірей қараумен болды. Кенет еріндері жыбырлап, әлде бір нәрселерді сыбырлады:
— О, құдіреті күшті Құдай, өзің жәрдем ете гөр. Мен бейбақты кеше гөр! — дегені анық естілді.
Ауста оны мынадай азап үстінде жеке қалдыра алмады. Мұғалімнің кереуетіндегі төсектің шетіне отырған бойы оның әрбір ыңқылы мен ауыр күрсінісіне құлағын түре берді. Дәрісі таусылған болатын — шыны сауыт әлдеқашан босап қалған. Енді бір Құдайдан өзге жәрдем сұрар жан жоқ.
О, Құдайым қасиетті!
Қинай көрме жанымды.
Қайырымдылық — бір өзіңнен тілегім.
Өз еркіңде, кешем десең, түк емес,
Кәміл сенем, білемін!
Күш-жігер бер — ұнжырғамды түсірме,
Рухымды қашырма,
Тамұқтағы жанып жатқан жүрегімді
Су себелеп сақтай гөр,
Күш-жігер бер, махаббаттың өшірме отын,
Оны қолдап, жақтай бер!
Бұл күні Құдай кенеттен осы хутордағы әрекет етуші ең басты кейіпкерге айналды. Оны жұрттың бәрі де — әрине, әрқайсысы өзінің хал — қадарынша — жете түсінгендей болды. Құдай дегенің, міне, осындай болады екен!..
Бұл күні біраз уақыттан кейін мұғалім Құдайға жалбарыну жағынан қарт әженің өзін де жолда қалдырып кететінін көрсетті. Кемпірдің келісті ырғаққа толы, әбден жаттанды болып қалған псалом-дұғалары мұғалімнің қазіргі жан айқайына қарағанда түк те әсерлі болмай қалды. Ол төсектен бойын бірнеше рет көтерді. Бәрінен де түңіле үмітін үзгендей болып, көзін бадырайтып ашты да алдыңғы жағына тік қарады. Сөйтті де маңдайының терін сүртіп, ауыр күрсініп, былай деді:
— Құдайым-ай, мен тап бүгін өлетін шығармын! Құдайым-ай, мен саған не жазып қалдым?!. Егер менің көзімді жойғың келсе, онда мені қинай бермей, неғұрлым тез әрі біржола алсаңшы!
Ауста оған су ұсынды: неге екенін қайдам, оған әйтеуір салқын су адамның тәніне де, жанына да жәрдем етіп, дертін тезірек жазатын сияқты болып көрінетін.
Мұғалім судан бірнеше рет жұтты да тағы да ыңқылын баса алмай, қайта жатты. Ауста енді ол ұйықтайтын шығар деп үміттенді. Бірақ ұйқының ауылы алыс еді. Ол аздан соң қайтадан бойын көтеріп, былай деп сұрады:
— Мен осы не істедім?
Ауста енді оған су ұсынуын қойып, құлағына еңкейе түсті де сыбыр ете қалды:
— Сен ерсі ештеңе де жасаған жоқсың! — деді де, даусын одан сайын бәсеңдете түсіп: — Сен солай етуге тиісті болдың. Егер сол әрекетің жаман болса, оған ең алдымен мына мен кінәлімін.Сен ешқандай да жаман әрекет жасаған жоқсың. Мені қайғы-қасіретке душар еттім деп ойлама. Егер қаласаң, тағы да солай жасауыңа болады. Мұны әкеме білдірмейміз.. Құдай сен ойлап жатқандай мейірімсіз де қатыгез емес.
Ауста оның мойнынан құшақтап, бетіне бетін тақады. Ендігі тағдырын осы жігіттің тағдырымен біржола байланыстыруға, өмірінің соңына дейін онымен бірге болуға бел буды. Мұғалім жігіт өзін неғұрлым ауыр сезінген сайын Ауста өзін-өзі солғұрлым ұмыта бастады.
Мұғалім жігіт төсекке қайта қисайғанда да қыздың қолын жібермеді. Қыздың қолының қызуы қандай жақсы, қандай жағымды еді жанын жай таптырып барады. Ол өзінің жанына араша түсіп, аман алып қалатындай болып көрінген Аустаның жүзіне жартылай жұмулы көздерімен үздіксіз қарады да жатты.
ЕЛУ ТӨРТІНШІ ТАРАУ
ӨМІРДЕ ГҮЛІҢ БОЛҒАНҒА НЕ ЖЕТСІН!
Бьяртур түні бойы жол жүрді. Қаладан түн жарымы ауа шығып таң боз бере йен даланың батыс шетіне ілікті. Құштарлық аптасының қақаған суық таңы болатын. Көп ұзамай, айнала төңірек жарық болып, түн біржола артта қалды. Мыңдаған қадам жол жүрді, мыңдаған тың ойлар келіп-кетіп жатты. Бәрі де тұңғиық қараңғы түннен таң жарығына дейінгі таусылмайтын ұзақ сағаттардағы сияқты бірімен-бірі мидай араласып кетті. Енді көп ұзамай таң жарығының суық шапағы йен даланың қарлы алқабына құйыла бастайды. Таудың сірескен мұз басып жатқан биік жартасты шыңдары да, жол үстінде мұз болып, қатып қалып жатқан іздері де алтындай жарқырап көрінетін болады. Ол өзінің меншгіндегі жерге, осыдан көп жыл бұрын сатып алған, ал қазір ешқандай борышы жоқ жерге, өзінің жекеменшік үйіне сүйсіне қарайды. Олардың бәрі де таң шапағының ақшыл көк бояуына малынып тұр. Күн мен түннің көктемгі тепе-теңдігінің өткеніне екі аптадай уақыт болған. Енді екі аптадан соң жаз келеді. Батпақты дала үстін әлі мұз басып жатыр.Қол мұзының еритін белгісі білінер емес. Иен даланың оңтүстік бөлігі әлі аппақ қар көрпесін мықтап жамылып жатыр. Оның арғы жағында көгілдір таулар көк аспанмен ұласады, бейне бір ұқсас жамылғы жамылып алғандай көрінеді. Мына кеңінен көсіліп, жайылып жатқан жермен, жалпы жер атаулымен ешқандай қатысы жоқ сияқты.
Тау ішіндегі бір жықпылда мұның, Бьяртурдың шағын үйі бой көрсетеді. Айнала төңірегін тапталған қар басып жатыр. Ал қарсы бетіндегі шағын шатқалда сорайған ұзын мұз сүңгілер көрінеді. Осы қарап тұрған жерінен өз үйінің қардың қалың қалпағы жауып тұрған шатырының сұлбасы анық байқалады. Бьяртур көтеріп келе жатқан жүгін жерге қойды да, өзінің шағын отбасы және өткен қыста бейтаныс бір адамның алдында кенеттен "Менің өмірдегі гүлім" деп атаған Ауста тұрып жатқан өз иелігіндегі жерге көз жүгірте ұзақ қарады. Ол бұл жерден өзге бір елдерге, жеңіп қайтармын деген үміті болмаса да тәуекел етіп, жорыққа аттанған, енді жеңіспен әрі олжалы оралған жауынгер сияқты мақтанышпен қарап, біраз тұрды. Расында да ол қаладан едәуір тәуір тауар, ең бастысы әрі таң қаларлығы — тұтынушылар одағынан несие алып келе жатқан болатын.
Бұл дүниеде екі мерекенің арасында әншейінде адамның ойына кіріп-шықпайтын небір алуан түрлі кездейсоқ оқиғалар болып жатады. Ал кездейсоқтық, Редсмиридегі фрудың сөзімен айтқанда, "Құдайдың көмекшісі" болып, шаруаның шаруасын қашан болса да шалқайтып, күйзелтіп кетеді. Өйткені ол оқиғаларды алдын ала болжап білуге олақ, оның үстіне Рождестводан пасхаға дейінгі аралықта жердің ешқандай алдын ала ескертусіз және оның келісімінсіз-ақ теңіз бетіне төңкеріліп түсуі әбден мүмкін екенін білмейді. Жазғы мекен иесі Бьяртурдың тығыз байланыс жасап, ісін ойдағыдай жүзеге асырып жүрген көпес досы мұның сеніміне мықтап кіріп алған болатын. Сондықтан да Бьяртур оның бүкіл байлығына — жарасымды зәулім мұнаралы үлкен үйіне қызғанышпен қарамайтын. Бұл әрқашан былай деуші еді ғой: "Сайтан алсын. Менің біреудің зәулім мұнаралы үлкен үйін қызғанып нем бар?" Жұрт оны ұсақ адамдарды қанағанда қанып ішеді деп жамандайды. Бірақ ол қаншалықты алдамшы, алаяқ шал болса да маған дегенде барынша адал. Маған одан артығының не қажеті бар?" Оның көпес досы туралы пікірі осындай еді. Жұрттың ол туралы айтқан дәлелдері де, қорқытып сақтандырғандары да, әртүрлі уәде беріп, үгіттегендері де бұған еш әсер етпеді. Сонымен ақыры не болды дейсіз ғой? Бір күні сол көпес аяқ астынан жоқ болып кетіпті. Алды-артына қарамай, кетіпті де қалыпты. Өмірде бар-жоғы да белгісіз. Аспанға бу болып ұшып кеткен сияқты. Дүкені қаңырап бос тұр. Сауда істері жөніндегі кітабының қайда екені белгісіз. Зәулім мұнаралы үлкен үй борышын өтеу үшін сатылып кетіпті. Аңғарда шаруа өзінің қалған өмірінің негізін қаламақ болып жүргенде оның іргетасы бір-ақ күнде быт-шыты шығып қирапты. Бір аяғы Исландияда, екінші аяғы үлкен құрлықта тұратын алып алпауыт — коммерсанттар осылай күтпеген жерден ұшты-күйлі жоқ болады да кетеді. Бьяртурдың үлесіне тиесілі нәрсенің бәрі де із-түзсіз жоғалды. Кімнен сұраудың ешқандай қисыны жоқ. Бьяртур қыстыгүні Фьордқа жұмыс іздеп барғандағы жағдай осындай еді. Бруни қарызға белшесінен бата банкротқа ұшырап, жұртқа тиесілі ақшаны алып, белгісіз бір жаққа тайыпты да тұрыпты. Сиқырлы зұлым күштердің қырсығынан қойлары қырылып, қыруар шығынға ұшыраған Бьяртур осылай тақырға отырып қалған болатын.
Осы бір ешкімге тәуелсіз, өз билігі өзіндегі дербес адамды Құдай мен маскүнем күштер қосыла күш-жігер жұмсаса да бұдан артық қайыршы халге душар ете алмаған болар еді. Ең жаманы — ешкімді кінәлай алмайсың, ашу-ызаға толы қаһарыңды кімге тігерің де белгісіз.
Бьяртур тәуекел деп уездік сотқа барды.
— Сендердің жер-көкке сыйғызбай мақтайтын әділ соттарың қайда?! — деп айқай сала кірді. — Бәлкім, сиқырлы зұлым күштердің жабыла тигізген қырсығына ұшырап, онсыз да басы қатып жүрген адамды ең соңғы бір сабақ жібіне дейін тонап кеткен алаяқтың қылмысты әрекетіне қалай жол беріп, қарап отырсыңдар? Маған менің ақшамды сақтап бере алмайтын, оны алып кеткен алаяқтан қайтарып алып бере алмайтын судьяның не қажеті бар? Сен қыстыгүні мен арнайы шақыртқанымда да қарлы бораннан қорқып, келмей қалдың-ауа райы онша қолайлы болмапты-мыс. Ал мен азамат болып қалған үлкен ұлымнан сенің кесіріңнен айырылып қалдым. Сені өліп қалады деп қорқып, қарлы боранда іздеп шыққан ол адасып кетіп, таудың ішінде үсіп өлді. Ол кезде ceн қаладағы жылы үйіңде қалың мамық көрпенің астында рақаттанып жаттың. Ал староста, қанша оңбаған адам болса да, сол суықта, обалы не керек, әдейі келіп, сені күтіп жатып алды. Қане, ендігі кезек сенде қалды. Қолыңнан не келетінін көрсет маған. Сендердің сайтан алғыр киіз кітаптарыңда жазылған әділ заң болса, қане, менің ақшамды тиісті жерінен талап етіп, тауып беріңдер!
Алайда судья Иенсеннің сөзін сөйлеп шыға келді:
— Фирма белшесінен шығынға батып, банкротқа ұшырады. Енді одан ешкім де бірде-бір эйрир ала алмайды. Ең берісі — көптеген жылдар бойы үміттенбей-ақ қоюларына болады. Бұл жерде менің ешқандай қатысым да, кінәм да жоқ. Корольдің жеке өзі арнаулы шенеунік тағайындап, осы істің анық-қанығына жетуді тапсырды. Егер біреу банкрот болып жатса, маған не дейсің? Бұл жерде қолдан келер дәрмен жоқ. Барлық жағдайды жан-жақты ескеру керек. Брунидің зиян шегіп келе жатқанына көп жыл болған. Ақыр аяғында тұтынушылар қоғамы деген келді де, оның алыс-беріс жасайтын клиенттерін түгелдей өзіне қаратып алды. Оған не істей қоясың? Міне, істің бүкіл мәні осында жатыр. Өзің сияқты өзге адамдардың бәрінің де ақшаларын уақтылы қайтарып алуларына толық мүмкіндіктері болған еді. Бірақ, амал қанша, өздерің кінәлісіңдер: дер кезінде тұтынушылар қоғамына мүше болып кіріп алатын адамсыңдар ғой. Солай етудің орнына керіліп-созылып жүріп алдыңдар да бәрінен кеш қалдыңдар.
— Дер кезінде дейсің бе? Ең өкініштісі де сол болып тұр, — деді Бьяртур, — ол оңбаған сайтандарды дер кезінде шетінен бауыздауға менің ақылым жетпеді ғой!
— Онда өзіңнен көр, — деді судья.
— Иә, біздің табиғи жаратылысымыздан ақкөңіл, қайырымды жандар екеніміз өте өкінішті-ақ. Шетінен ұры-қары, баскесер тонаушылардың өсіп-жетілуіне жол бермей, бесігінде тұншықтырып өлтіруіміз керек еді.
— Сенің ұры-қары, баскесер тонаушылар деп отырғаның кімдер өзі?
— Кім дейсің бе? Олар өзге ешкім де емес, мына сен қолтығыңа алып, қорғап отырған оңбағандар. Сен ойлап қалма, мен сендерді, судьялар мен басқа да толып жатқан бастықсымақтарды, солардан соншалықты жақсы көреді екен деп. Сендердің де сол итаршы жебірлерден артып тұрған еш жерлерің жоқ. Сендер алаяқ атаулының бәрін қолдайсыңдар. Оларды көз жұма қорғаудан қорықпайсыңдар, ал қарлы боранда таудан асып барып, істің басы-қасында болуға батылдарың жетпейді. Тіпті сендердің бас көрсетулеріңнің өзі адам өмірін сақтап қалуға септігін тигізетін болса да олай қарай аяқ баспайсыңдар.
— Бьяртур, мүмкін сен орындыққа отырарсың? Сонда біз асықпай отырып, бәрін де ақылға салып, талдап көрер едік. Солай емес пе?
— Мен отырғым келген кезде өзім-ақ отырамын.
— Онда менің саған темекі ұсынып, сыяпат жасауыма бола ма?
— Еркің білсін. Сен бір нәрсе сыйлапсың да оны менің қабыл алғаным қалып па?!
Осыдан кейін Бьяртур дәрігерге, альтинг депутатына барды.
— Тулуниус Иенсенді жұрттың бәрі де адал адам деп ойлаушы еді, — деді бұған доктор Финсен. — Оны өзім де жақсы білуші едім. Меніңше, ол ешкімді да алдамайтын. Қайта оны басқа біреулер алдап кете беретін. Ыңғайсыз жағдайға қалдырмайтын. Бәленің басы шаруалардың тұтынушылар қоғамының майда тілді сөзуар билеп-төстеушілерінің айтқанына сеніп қалуларынан басталды. Брунидің түбіне жеткен де сол жағдай. Шаруалар мұның сенімін аяқасты етіп, сатып кетті.
— Менің өз ақшамды қайтарып алғым келеді, — деді Бьяртур. — Маған керегі — сол ғана. Бруни сені альтингке өткізді. Ал мен сайлау құқығына ие болғалы бері саған ғана дауыс беріп келемін. Мен саған неге дауыс берді деп ойлайсың? Анау әдемі көзілдірігің үшін бе? Егер ақшамды қайтарып ала алмайтын болсам, енді бермеймін саған сайтан ғана дауыс берсін. Әйтеуір мен дауыс бермеймін саған. Егер сен альтинг мүшесі бола тұра адамдарды осылай тонауға түсіруге болады деп ойлайтын болсаң, онда мен үкіметтің өзін де мойындамаймын — оған қарсы шығамын.
— Сен мені тыңда, Бьяртур. Мен асарымды асап, жасарымды жасап, қартайып қалған адаммын. Бұдан былай саясатпен айналысуды біржола қоямын. Бірақ біз сенімен әрқашан жақсы достар болып келіп едік қой. Оның үстіне, екеуіміз бір партияның мүшесі едік. Сондықтан да бұл әңгімені доғарайық. Менің сені сыйлайтынымның белгісі ретінде бір стақан нағыз таза бидай арағын ұсынамын. Кел, соны тартып жіберейік.
— Мен өзіме тиісті заңды нәрсені ғана талап етіп отырмын.
— Қазір заман қиын болып кетті, Бьяртур. Шетелдерде де жаппай банкротқа ұшырауда. Американдықтардың шеккен зиянымен салыстырғанда біздің Исландияда жоғалтқанымыз түкке де тұрмайды.
— Иә, иә. Ол рас. Қазір адамдардың көптеген аса ауыр қиындықтарды бастарынан кешіруіне тура келуде. Сенің де судьядан асып тұрған түрің жоқ екен. Сенің де ұры — қарылар мен баскесер тонаушыларды қолдап шыға келетініңді емеурініңнен танып отырмын.
— Ал мен өзімді қашан болса да, қайда болса да халық үшін пайдалы қызмет етіп жүрмін деп ойлаймын: альтингте де, өзімнің дәрігерлік практикамда да солай екеніме күмәнданбаймын. Мен өзіме дауыс берген адамдарға дәрі-дәрмектерімді ешқашан да қымбатқа сатқан емеспін. Ауру-сырқаулар үшін пайдалы да шипалы дәрі-дәрмектер жасау үшін жыл сайын өз қалтамнан жүздеген крона жұмсаймын. Солай бола тұрса да көптеген адам маған ақша төлеуді ұмытып кете береді — оларды ар-ожданы қинайтын емес, ұялмайды тіпті. Бірақ мен, өзің білесің, ешкімге шағынып, жылап жүрген жоқпын ғой.
— Егер мен ұмытпасам, менің екі әйелім де қайта-қайта ішіп, ақырында өліп тынған анау удай ащы сұйық ішірткі дәрілерің үшін Бруни саған менің есебімнен әрқашан мұқият ақша төлеп тұрған болатын.
— Мен мұндай әңгімені бірінші рет естіп отырмын, Бьяртур, — деді доктор. — Бәлкім, саған ендігі жерде бүкіл елімізді тақымының астында қысып ұстайтын адамдар ұнайтын болар. Өз бақытыңды солардан табатын шығарсың.
— Редсмириліктер қалай дегенде де сендерден, яғни Брунидің құйыршықтарынан, жаман бола қоймас. Рас, мен бұрын да солай ойлап келгенмін. Ал енді қалай деп ойларымды білмей, басым қатып жүр.
Бьяртур кіммен сөйлессе де олар мұны өз айтқанынан басқаға көнбейтін қыңыр да қайсар біреу деп білді. Енді, міне, ол ақымақтың ақымағы сияқты тағы да көшеде қаңғып қалды. Ары ойлап, бері ойлап қараса, бір-ақ жол қалыпты: редсмириліктерге барып, Ингольв Арнарсон Иоунстың қолтығына қалай да кіріп алуы керек. Өзге барар жер, 6acaр тауы қалмапты.
Бьяртур бұған дейін Тулуниус Иенсенді өзімді әрқашан қорғап, қолдап жүретін әулие-періштем деп санайтын, ал Ингольв Арнарсонның атына неше түрлі жаман сөздер айтатын. Бұл редсмирилік қожайыны үшін отыз жыл бойы бел шешпей еңбек етті — алғашқыда батырақ болып жалданады, кейіннен олардан несиеге жер сатып алып, соның қарызын өтеймін деп тыным таппады, ақырында өлдім-талдым деп жүріп, еркін бостандыққа қол жеткізді. Сондағы өзгерістің түрі мынау — тап сондай қансорғыш тонаушыларға тап болды. Ол тонаушының тонаушыдан айырмасы болатын шығар деп ойлаушы еді. Бекер екен. Олардың бәрі де бірінен бірі өтетін болып шықты. Міне, Бруниді алыңыз. Ол қашып кетті. Жай кеткен жоқ. Мұның бүкіл ақшасын алып, тақырға отырғызып кетті. Енді бұл не істерін, қайда барарын білмей, басы қатып жүр! Байқап қараса, тонаушының тонаушыдан айырмасы жоқ екен. Олардың бәрі де, қалада не далада тұратынына қарамай, бір қалыптан құйып шығарылғандай ұқсас. Редсмириліктердің бір жақсы жері — олар Бьяртурдың табан ақы, маңдай терімен тапқан ақшасын алып, алыс өлкеге, шетелге қашып кеткен жоқ қой. Олай болса, шын мәніндегі бостандық пен тәуелсіздікке ұмтылған адамның Тулиниус Йенсен сияқтыларға арқа сүйеп қажеті жоқ екен. Ингольв Арнарсон қалай дегенде де Бруниден асқан жаманшылық жасай қоймайды. Ал, екінші жағынан алғанда, тұтынушылар одағының көмегіне иек артқаннан жеркенішті нәрсе жоқ. Сонда йен аңғардағы кедей шаруаның қолын бостандыққа — шын мәніндегі бостандыққа жеткізіп, тәуелсіз адам ететін шынымен-ақ редсмириліктер болғаны ма?..
— Ә, өз еркі өзіндегі тәуелсіз дербес адам! Келдің бе ақыры? Біздің қоғамға келетін уақытың әлдеқашан болып еді ғой. Осы уақытқа дейін қайда жүрсің? — деді Ингольв Арнарсон.
— Мен сыпайылық сақтап, сәлем беру үшін келген жоқпын, — деп, қысыла жауап қатты Бьяртур.
— Иә, қымбатты Бьяртур, ол жағы маған әбден белгілі. Сен өзіңе өзің зиян істедің. Енді соның зардабын тартып жүрсің. Менің берген кеңесімді құлағыңа ілмедің. Бруниден жата жабысып айырылмай қалдың. Осылай боларын білгенмін, құрметті қартым. Бірақ менің саған деген өкпем жоқ. Ал қазіргі жағдайың қалай?
— Қалай дейтін несі бар? Мен қазір мұндай сұраққа жауап қайтара бермеймін. Менің және отбасымның қалай тұрып жатқанымыздың ешкімге де қажеті жоқ деп ойлаймын. Мені бір қатты қырсық шалды — қойым қырылып қалды. Бірақ онда тұрған ерекше не бар?! Ондай қырсық Исландияда жиі-жиі кездеседі. Бұл елге адамдар алғашқы рет қоныстанғаннан бері солай. Редсмириліктердің шығыны да аз емес. Мұндай жағдай әрбір көктем сайын болып тұрады. Ал менің қойларым редсмириліктердің қойларымен салыстырғанда қысқа жақсы төзеді — тұқымы сондай.
— Жоқ, менің сұрағаным басқа бір жағдайға байланысты еді. Осыдан біраз уақыт бұрын сенің жеріңде адам таң қаларлық түсініксіз оқиғалар болды ғой. Сен үлкен ұлыңнан айырылыпсың...
— Айырылсам несі бар? Ол менің өз балам...
— Жұрттың айтуына қарағанда, ол Колумкиллидің салған ойраны деседі ғой.
— Колумкилли дейсің бе? Ол әлгі парсылардың дініне қатысы бар дию — перінің өзі ме?
— Жарайды. Ол жағын қоя тұрайық... Енді біз саған не көмек жасауға тиістіміз?
— Не көмек жасайсыңдар? Ешқандай көмектеріңнің қажеті жоқ. Meні тақыр жерге отырғызып, тонап кетті. Енді маған жұмыс керек. Мен өзім үшін жақсылық жасап, жәрдем бере гөр деп ешқашан ешкімге де жалынбаймын. Бірақ ақысын төлесе, кімге болса да жұмыс істеуге әрқашан әзірмін.
— Иә, қымбатты Бьяртур, былтыр менің саған айтқаным айна қатесіз келіпті. Бұл жерде менің кінәм жоқ. Тек өзіңнен көр — менің айтқан сөзіме сенбей, құлақ аспай қойған өзің болатынсың. Қазір біздің елімізде екі партия бар: олардың біреуі шаруалардың қанын сүлікше сорып, аяусыз қанайды, ал екіншісі оларды қолтығынан демеп, аяғынан тік тұрғызуға, қолынан келгенше жәрдем жасауға тырысады. Сен сол екеуінің алғашқысына сеніп қалдың. Содан не шықты қане? Сен әуелі бір нәрсені түсінші: бізге өкімет билігі елді халықтың игілігі үшін басқару үшін ғана қажет.
— Иә, айта түс, әлі де айта түс, Инги, менің бір кездегі кіп-кішкентай балам! Мен ешкімге де, ешнәрсеге де, әсіресе сенің сөзіңе сенбеймін. Сондықтан да мен ешкімнен ешқандай жақсылық күтпеймін. Ешкімге шағым жасап бармаймын. Қазір менің бірнеше қойым ғана қалды. Несі бар, бәрін де қайтадан бастайтын боламын! "Бұған тағы да не керек болып жүр өзі?" дейтіндер де табылар. Мейлі дей берсін. Менің өзімнің қойларыма арнап жаңадан қора-қопсы салып алғаныма да біраз жыл болып қалды. Ал енді зәулім мұнарасы бар үлкен үй салып алатын болар деп ойлайтындар қатты қателеседі. Жарқыным Инги, ондай ой менде ешқашан болған емес. Бірақ, — деп сөзін жалғады. Бьяртур, — сенің өмір гүлің бар кезде...
Осы жерге келгенде ол өзінің тым артық кетіп бара жатқанын байқап қалды. Сөйтті де айтайын деген ойын аяқтамай, кілт үзді де, тоқтай қойды.
ЕЛУ БЕСІНШІ ТАРАУ
КӨКТЕМГІ КҮНДЕР
Қар еріп бітісімен қой өріске жайыла бастады. Әкесі мен балалары үйге қайтып оралғанда оларға түскі ас үстел үстінде әзір тұр екен. Ал Аустаның өзі қайда? Өзен жақта шұлық жуып немесе жуған кірлерін кере тартылған жіпке жайып, соны қарап жүрген болар? Әлде ауыз үй жақта қамыр илеп жүр ме екен? Ол соңғы кезде үйдің жоғары жағынан көзге көріне қоймайды. Кешке жұрттың бәрі жатып қалған кезде ғана төсегіне келіп жататынды шығарды. Қыз өзінің әкесі мен інілері үйде болған кезде шамның өлімсіреген жарығында да жуынып-шайынбайтын болды. Бірден төсегіне жатып, мамық көрпесін қымтап жамылып, қимылсыз жатып қалады. Жүзін бөтен жанға көрсеткісі келмей, басын төмен салып жүретін күйге түсті. Ұзын кірпіктері көзін жауып, көлегейлеп жүретін болды. Өзі де ешкімнің бетіне тіке қараудан қаймығатын сияқты. Әкесіне бір сөзбен ғана жауап қататын болды. Көбінесе одан қашқақтап жүруге тырысады.
Бьяртур Аустаның көзін кеңінен ашып, әлдебір нәрсені сұрағандай немесе сенім білдіре тіке қарағанына үйреніп қалған еді. Бірақ ол көпке дейін үндемей жүре берді. Енді міне қызына бір түрлі күдікті көзімен сұрақ қойғандай қарай бастады. Ал Ауста үн қатпауға тырысты.
Мұнда, қиырда жатқан хуторда, адамдар бірінен-бірі сырын жасырып, ештеңе айтпайды — кімнің не ойлап жүргенін біліп болмайды. Мүмкін, осының өзі де жақсы шығар. Кішкентай хутордың аз ғана тұрғыны бір қалыптан құйылып шыққандай болып көрінеді. Бірақ шынтуайтына келгенде тіпті де олай емес. Өзге еш жерде де адамдар бір-бірінен тап осы кішкентай хутордағыдай әр түрлі бола алмайды. Мысалы, Бьяртурдың екі ұлын алып қараңыз: олар бірін-бірі қалай түсіне алады? Біреуі белгілі бір жерден тапжылмай, белгілі бір мақсаттарына қол жеткізуді ғана ойлайды, ал екіншісі қайдағы бір қиырдағы алыс елдерге сапар шегу туралы сағым қиялдың орындалуын аңсайды.
Жылымық күн еді. Қар жіпсіп жатыр. Шатқалдың жоғары жағындағы шаншыла төмен қараған сүңгі мұздар да еріп біткен. Құлама су сарқырап аға бастады. Кішкентай Нонни көктемнің осы бір әрекеттеріне қызыға қараумен болды. Оңтүстік жақтан күшті жел соқты, ол құлама суды кері қарай, таудың өріне қарай итермеледі.
— Неменеге соншама қадалып қарай қалдың? Одан да жұмысыңды істесеңші! — деді ағасы Гвендур.
Бұлар қи күреп, қора тазалап жүр еді. Мына шатқалдағы құлама су да, оңтүстіктен соққан күшті жел де кәдімгі адам жаны сияқты әр нәрседе өзінің ізін қалдыратын табиғатпен бірге ұдайы құбыла өзгеріп тұрады екен-ау. Нонни бұл туралы кезінде анасына айтып берген болатын. Сонда баласының ойын түсінген ол да бұған өзінің арман-мақсатынан сыр шерткен еді. Енді, міне, Нонниді түсінетін ешкім жоқ. Солай бола тұрса да бұл өз арманын аңсап, оның орындалуын қиялдаумен өмір сүріп жүр. Ноннидің өз алдына оңаша жеке болғысы келеді, бір түрлі қамығу мен жабырқау сезіміне беріледі. Қой бағуға кетіп бара жатқанда бұрын өзі ешқашан естімеген әртүрлі зарлы әуендер айтады. Оның кеудесінде әлдебір сиқырлы саз аспабы бар сияқты. Рас, бұл ол аспапты тарта алмайды. Бірақ бір таң қаларлығы — оның ішегіне ойша тиіп кетсе-ақ, әр түрлі дыбыстар шыққандай болады. Ал бұл ол әуендерге іштей тебірене құлақ түреді. Тіпті қалтырап — дірілдеп, кей-кейде көзіне жас келіп, қалай қосылып кеткенін өзі де білмей қалады. Ал мұның көзі тұнық та терең, ойлы да байсалды, бұлақтай тап-таза, сол бұлақтың түбінде жатқан ақ күмістей жарқырайды.
Таудағы шөп енді-енді тебіндеп келе жатқан шақ. Бьяртур ауа райының бұзылатын түрі бар-ау деген қауіппен қойды хутордан алысқа ұзатқан жоқ. Ол қойды әдетте йен даланың оңтүстік немесе шығыс жағына жаятын, ал бұл жолы таудан еңіске қарай айдады. Үйдегі үнсіз тыныштық мұның жанын неғұрлым көбірек жегідей жеген сайын оған көктемнің шипалы салқын ауасы солғұрлым жанына жайлы, жағымды бола түседі, еріп кеткен әлі де еріп жатқан қардың иісі де ұнайды. Ал көктемгі күн көзінің шуағына малынған кең дала мәңгілік түйсігі сияқты сезіледі — өйткені шетсіз-шексіз иен далада мәңгілікті сезінбеу мүмкін емес. Тау беткейіне күннің шуақты көзі түскен сайын қысқы қар кейін шегініп кетіп жатты. Шірінді шөптің, бойына нәр жүре бастаған аршаның, күртік қар астынан қылтиып бой көрсеткен жап-жасыл көктің иісі аңқи бастады. Қойлар көк қуып, бытырай жайылуға көшті. Олар бір кезде кенеттен бір нәрседен үріккендей болып, төменгі шатқалдан шыға өрге қарай дүркірей жөнелді. Бірінің соңынан бірі ұбап-шұбап, желге қарай көкірек тосады. Өйткені олар да шетсіз-шексіз, мәңгілік кеңістікке шығуды қалайды. Бостандыққа ұмтылу — қойларға да тән қасиет.
Бірнеше күн болды, қарғалар шатқалдың үстінде топ-тобымен қалықтап ұшады да жүреді. Бьяртур шатқалды аралап шықпақ болды. Мына қарғалардың үйіріле құлдилап қонып, шұқып жеп жүргені қандай жемтік екенін біліп қайтпақшы. Өзендегі судың тасып аққанына біраз болған. Бірақ оның деңгейі бұдан бірнеше күн бұрынғыдай жоғары емес еді — тайыз болып қалған. Бьяртурдың иті кілт тұра қалды да, су жағаға шығарып тастаған қарайған бір нәрсені көріп, өршелене үрді. Қарқ-қарқ еткен қарғалар шатқалдың үстімен ұшып өтті. Бьяртур бұл жерден өлген малдың жемтігін көре қоймайтын шығармын деген ойда еді. Өйткені биылғы көктемде мал өлім-жітімге ұшыраған жоқ болатын Оның үстіне, анау қарайған нәрсе малға ұқсамайды. Қайта адамның мәйітіне келіңкірейтін сияқты. Ол сымбатты жас жігіттің денесі болып шықты. Шамасы, биылғы өткен қыста жартастың үстінен құзға құлап, қар астында қалып қойған болуы керек. Өзеннің тасқынымен жағаға шығып, су қайтқан кезде құмның бетінде қалыпты. Мәйіттен адам кескінін айырып болар емес. Беті-жүзі бұзылып, жалпайып кетіпті. Кеңсірігінен ештеңе қалмапты, үңірейіп тұр. Еріндері де жоқ. Аузы аспанға қарап ыржия күліп жатқандай. Көздерін қарға шұқып, жеп қойыпты. Үсті-басындағы киімдері іріп-шіріп, бозданып кетіпті. Сүйектері ырсиып жатыр. Құзғын қарғалар білгенін істепті. Қарауға жүрегің ауырады. Бьяртур мәйітті таяғының ұшымен бірнеше рет түртіп көрді.
Итіне: "Тәйт енді, үре берме!" дегендей зекіп, әлдебір нәрселерді міңгірледі:
Тағдырдың ендігі көрсетейін дегені осы шығар... — ол насыбайдың бір шымшымын иіскеді. Ит үргенін әлі қоймады. — Өшір енді үніңді! Шәуілдей бергеніңнің енді түк пайдасы жоқ. Мұның сырын сен бәрібір түсінбейсің! Біреулердің барлық кінәні Колумкиллиге жаба салатыны өзінен-өзі белгілі. Сірә, әркімнің өз тағдыры өз кеудесінде, өз билігінде деген сөз дұрыс та шығар? Бірақ қолдан келер дәрмен қайда?
Ал Бьяртурға бұл сұмдық үшін Колумкилли тіпті де кінәлі емес екенін, жалпы алғанда оның адам тағдырына ешқандай да қатысы жоқ екенін мойындаудың өзі оңайға түскен жоқ. Рас, Колумкилли туралы айтылып жүрген әңгімелердің бәрі де бос сандырақ, шылғи өтірік екенін біле тұрса да Бьяртур ол әңгімелерде шынайы шындықтың өзінен де күшті әлдебір басқа шындықтың бой көрсетпей, жасырын жатуы мүмкін деген ойдан ешқашан арылып көрген емес. Иен далада жын-перілер өмір сүреді-міс. Ол адамдардың етін жейді-міс. Бірақ қалай дегенде де бүгінгі өзі тапқан мәйітке қатысты әлдебір шындықтың болуы, оған белгілі бір құрмет рәсімінің көрсетілуі керек қой. Ондай құрметті мұның неғұрлым тез жасауы тиіс. Өйткені қойлары шатқалдан шығып, жоғары өрлеп барады — оңайлықпен жеткізбей кетуі мүмкін. Вьяртурдың таяуда ғана тоқылған жап-жаңа биялайы бар еді. Өзі қалың, жылы болатын. Ол оң қолындағы биялайын шешіп алды да, мәйіттің үстіне тастай салды. Өйткені өлген адамның мәйітіне әйтеуір бір құрмет көрсетпей кету әділдікке, көргендікке жатпайды. Содан кейінгі минөттің өзінде-ақ Бьяртур шатқалдың жоғары жиегіне көтеріліп үлгерді. Өзінің ойлағанындай, қойлары өрге қарай заулап барады екен. Тек ілгері ұмтылады. Оларды бастап бара жатқан қой ілгері ұмтылған бойы сонау биік жартастың басына дейін шығып кетіпті. Сонымен барлық қой Блауфьедль тауына бет алыпты. Бьяртур оларды қуып жетті. Ол мына қойларының ерте көктемнің өзінде сергектік танытып, бейне бір ешкіммен қатыспай, өз алдына бөлек кеткісі келген тақуалар сияқты таудың шетсіз-шексіз кеңістігінен өздеріне оңаша жайылым іздегісі келгеніне қуанды.
— Халбера, — деді ол кешке қарай үйге келген соң сыңар биялайын оның алдына лақтырып тастап, — оң қолыма тап осындай етіп биялай тоқып бер.
— Бір сыңары қайда? — деп таң қала сұрады кемпір. Өйткені ол Бьяртурдың бұрынды-соңды биялай жоғалтқанын көріп-білген емес еді.
— Ол жағын қазбалап сұрамай-ақ қой, мүсәпір қартым, — деді Бьяртур.
— Қазбалап сұрамай-ақ қой дедің бе? — деп сұрады Халбера кемпір. Ол басы қалт-құлт етіп, аздап теріс айналып отырды. Бұл — оның біреуге назар аударып қараған кездегі ежелгі әдеті. Ол "Қазбалап сұрамай-ақ қой" деген сөздің астарында бір сыр барын сезгендей болды: рас, қазбалап сұраудың қажеті жоқ — адамның жүрегін сыздатып, ауыртудың не керегі бар?
ЕЛУ АЛТЫНШЫ ТАРАУ
ӘПКЕ
Күшті нөсер жауып өтті, бүкіл дүниені су басып кеткендей болды. Көктемгі жүздеген шағын өзен арнасынан асып, еңіске қарай жарыса тасып ақты, тау бетіндегі қарды теңізге қарай айдап, жуып-шайып кетті. Күннің көзі қайта ашылған кезде аңғарда қар қалмаған еді. Тау жасыл желек жамыла түсті. Жасыл шөптің ара-арасынан сарғалдақтар бой көтеріп, мені көрдіңдер ме дей бастады. Жылы жел соқты. Қотанның жанынан ағып өтетін шағын өзен алғашқыда асаусығандай болып еді, соңынан сабасына түсіп, тағы да өз арнасынан аса алмай қалды. Мұны Бьяртурдың кенже ұлы байқап үлгермеді. Арада жыл өтпей жатып, енді оның өзен бойлап, ойнап кетуіне рұқсат етілмеді. Міне, ол қой қорада қи күреп, ара-арасында демін алған кезде ақымақ біреу секілді алысқа көз тігіп, ұзақ қарайды, қиялданады. Аульвалардың бұған "Сен алыстағы ғажайып елдері аралайтын боласың" деп, көріпкелдікпен уәде бергені қайда?! Ол өзінің кітаптарын оқыған сайын ол елдермен қоян-қолтық араласып кеткендей болған еді. Ал енді көктем келгенде ол елдер бұдан көкжиектің арғы жағында бір қиянға тағы да алыстап кеткендей. Ендігі тұрысы мынау. Ол Аустаға қараған сайын ол елдердің қаншалықты қашықтап кеткеніне кәміл көз жеткізгендей болады. Ал олар қыстыгүнгі қиялында қол созым жерде, жап-жақын сияқты еді — шетсіз-шексіз қар басып жатқан кең даланың арғы жағында айқын көрініп тұрғандай болатын. Бірақ үмітсіз — сайтан. Тәтті қиялында көргендерінен күдерін үзгісі келмейді. Мына шуақты көктем баланың үмітін одан сайын күшейте түскендей — алыс өлкелерден ұшып келіп жатқан құстар да, бетінен аймалаған жылы желдер де, шайдай ашық көгілдір аспан да, таусылмайтын, мәңгілік ұзақ уақыт та сол арманға меңзейді. Көктем алыс сапарға шақырып, еліктіре түскендей әсер етеді. Нонни үйдің аласа есігінен еңкейіп сыртқа шыққан бойда оны тағы да көктем шақырып тұрғандай болады: ол кілт тоқтай қалып, әлгі үнге ынтыға құлақ түреді. Оның тұла бойын өмірге деген мұңды құштарлық билеп ала жөнеледі. Нонни көктемнің мұндай үніне әсіресе мұғалім кетіп қалғалы бері ерекше қатты ден қоятын болып алды. Ал ол пасха мейрамының алдындағы аз ғана күн бұрын кеткен еді. Бұған дейін Нонни Аустаның жылап-сықтап жүргенін байқамаған екен. Бір күні жексенбіде кеш болып, қас қарая бастаған кезде ол Аустаны жылғадағы көк шөптің үстінде етбетінен түсіп, жалғыз жатқан жерінен көрді. Бұл оның жанына жақындады. Қыз қимылсыз жата берді, тіпті мұның келіп тұрғанын да сезген жоқ. Өте жақын барғанда байқағаны: қыз екі иығы селк-селк етіп, бетін жерге басып жылап жатыр екен. Нонни мұның өзіне және ағасына қарағанда әлдеқайда осал әрі нәзік жан екенін бұрыннан да жақсы білетін-білген сайын жаны ашып, аяйтын. Қанша дегенмен әпкесі ғой! Мұның ет жүрегі езіліп, қазір де сыздап қоя берді, әпкесіне деген жанашырлық сезімі оянды. Ал Ноннидің өзі сирек, әсіресе былтырдан бері өте сирек жылайтын болған. Өйткені енді көп ұзамай-ақ ер жеткен азамат болады ғой. Ол Аустаға үн қатты. Қыз селк ете қалды. Орнынан атып тұрды да көйлегінің етегімен көзінің жасын сүртті. Бірақ ағыл-тегіл көз жасын тоқтата алмай, жылай берді, жылай берді.
— Неменеге еңіреп жатырсың? — деді ол, таңдана қарап.
— Ештеңеге, — деді Ауста өксігін баса алмай.
— Бір нәрсеңді жоғалтып алған жоқсың ба? — деп сұрады бала.
— Иә, — деп үн қатты Ауста.
— Сонда не жоғалттың?
— Ештеңе.
— Еңіреудің қажеті жоқ, — деді бала.
— Мен тіпті де еңіреп отырған жоқпын, — деп қарсыласты қыз. Бірақ көзінің жасы әлі тыйылған жоқ.
— Әлде әкем ренжітті ме?
— Иә.
— Сонда ол не деді?
— Ештеңе деген жоқ.
— Ол немене, сені сабады ма?
— Иә, бір күні сабағаны рас. Бірақ бұдан көп бұрын еді. Жарайды, оны еске алмай-ақ қояйық. Мен ұмытып кеткенмін. Жо-жоқ, айтпақшы, ол мені тіпті де сабаған жоқ болатын.
— Сонымен сен неге жылап отырсың? Әлде саған бір нәрсе қажет пе?
Ауста өксігін баса алмай, ентіге отырып:
— Иә, — деп, бұрынғысынан бетер өкіріп жіберді.
— Сонда саған не керек? Айтсаңшы, — деп сұрады бала.
— Білмеймін! Не керек екенін өзім де білмеймін! — Ауста одан сайын торыға жылай берді.
— Соула, әпкетайым, айта қойшы. Маған айтуыңа болады ғой. Ертеңгі күні ер жетіп, азамат болғанда мен сенің қай тілегіңді болса да орындаймын. Солай ете алатын шығармын
— Сен әлі ештеңені де түсінбейсің. Сен әлі кіп-кішкентайсың... Менің жағдайымды әлі ешкім де түсінбейді. Менің өзім де! Күндіз-түні бірдей ойлансам да түсінбеймін!
— Түсінбейтін несі бар? Мұның себебі сен мына біз сияқты ұл бала емессің ғой, — деді Нонни, оған толық жаны ашитынын білдіре. Қазір ол адамзаттың тәніне қатысты ең қиын, тіпті тұспалдап айтуға да болмайтын қайдағы бір құпия сырларын сөз етуге тура келетінін сезді. Мүмкін мұның өзі Ноннидің тарапынан жасалған жақсы қылық емес те шығар. Бірақ, амал қанша, абайсызда аузынан шығып кетті.
— Иә, солай да шығар, — деп ойлана әрі торыға жауап қатты Ауста.
— Жарайды, қымбатты Соула, — деді ол, қызды қалай да жұбатқысы келген батыл ниетпен оның бетінен мейірлене сипап қойып, — Болар іс болды. Енді оған өкінбе. Мұны ешкім де білмейтін болады. Мен өлсем де тісімнен шығармаймын. "Ешкімге айтушы болма!" деп Гвендурға да қатаң ескертіп қоямын.
— Яғни, сендер білетін болдыңдар ғой! Солай ма? — деп сұрады Ауста. Ол шетінен көтере ұстап тұрған көйлегінің етегін қолынан түсіріп жіберді де інісінің бетіне тура қарады. — Сен өзің білесің бе?
— Жоқ, аяулы Соула. Мен ештеңе де білмеймін. Мен сендерге қарап жатқан жоқ болатынмын. Бірақ онда тұрған не бар?! Енді өкінгенмен қолдан келер қайран жоқ. Ал мен ертеңгі күні ер жетіп, азамат болған соң басқа бір елге барып, үй салып бітірген соң сені өз қолыма аламын. Бірге тұратын боласың. Картоп та жей аласың.
— Картоп? Картоптың маған қажеті қанша?
— Білмейсің бе, әлгі Тауаратта айтылғандағыдай ғой...
— Тауратта картоп туралы еш нәрсе айтылмайды.
— Менің айтайын дегенім, әлгі бір әйелдің жеп қойған жемісі туралы еді.
Маған Тауратта айтылған әңгімелердің түкке қажеті жоқ, — деді Ауста, жылай-жылай ісіп кеткен көзін кеңістікке тіге қарап. — Құдай... Сол Құдайың — менің жан-тәніммен жек көретін қас жауым...
Бала оған кенеттен тосын сұрақ қойды:
— Соула, өзің айта қойшы, қыстыгүні мұғалім аңсаған армандарыңды ойша жасыруға әмір еткенде сен қандай арман туралы ойлап едің?
Соула інісінің бетіне сынай қарады. Дәл осы қас қағым сәтте оның көзі қатты қылиланды. Бұл — оның жылаған кездегі үйреншікті әдеті. Ол қабағын төмен түсіріп жіберіп, көк шөптің бір тал сабағын умаждап, езгілей берді.
— Сонымен сен ешкімге ештеңе айтпайсың ба?
— Жоқ, ешкімге де айтпаймын. Ал сен сол жолы қандай асыл арманды қалап едің?
— Махаббатты, — деп жауап берді қыз. Сөйтті де тағы еңіреп жылап қоя берді. Көз жасын тыя алмай: — Махаббатты, махаббатты, махаббатты!.. — деп қайталай түсті.
— Махаббат деген не ол?
Ауста көк шөптің үстіне құлап түсті де екі иығы селкілдеп, тағы да еңіреп жылады. Әлгінде осында Нонни келгендегі қалпына қайта енді.
— Менің өлгім келеді! Иә, өлгім келеді, өлгім келеді!..
Нонни мұндай ауыр қасірет кезінде қандай көмек көрсету керек екенін біле алмай, басын қатырды. Ол қыздың қасындағы жап-жасыл көк шөптің үстіне ақырын ғана жайғасып отырды. Енді оның кеудесіндегі саз аспабының ішектеріне бейне бір қол тиіп кеткендей, әлдебір әуен пайда бола бастады.
Бала өз өмірінде бірінші рет адам жанының шым-шытырық қатпарларына еркін үңілді. Бірақ оның тылсым сырларын түсінуіне әлі ерте еді. Дегенмен ең маңыздысы — Аустамен бірге оның қасіретін қосыла сезініп, қосыла бөлісті. Бүкіл дүние белгілі болған бір тамаша әнін де естелік ретінде жырлап берді. Адам жанының соншалықты қорғансыз екенін білу, оның бір-біріне қарама-қарсы күштерінің арасындағы кескілескен күресті түсіну әлі де әннің тууына себеп болатын қайнар көзге айнала алмайды. Әрбір ғажайып әннің тууы үшін біреудің қайғы-қасіретін онымен бірге бөлісу керек. Мысалы, туған елдің тамаша қызы Ауста Соуллильяның қайғы-қасіретін бірге бөліскен сияқты.
ЕЛУ ЖЕТІНШІ ТАРАУ
БАЛА ЖӘНЕ АЛЫС ЕЛДЕР
Арман-қиялдың ең таң қаларлық жақсы қасиеті — оның орындалуы. Мұны өзге ешкімнің мойындағысы келмесе де барлық уақытта да осындай. Ал адамдар өздерінің арман-қиялдары орындала бастағанын өз көздерімен көре бастаса да оған тіпті де таң қалмайды. Бейне бір тек осылай болатынын зор сеніммен асыға күтіп келген сияқты сезінеді. Қалай да қол жеткізсем деген мақсатың мен оған қалай қол жеткізу жөнінде қабылдайтын шешімің бір-біріне өте жақын туыстардай ұқсас және олар бір жүректе ұзақ уақыт қалғып-мүлгіген қалпында сақталады.
Бұл оқиға Құдайға мадақ айту мерекесінен бір күн бұрын болды. Жылдың бұл мезгілінде аңғар арқылы алуан түрлі адамдар ары-бері жиі өтіп жатады. Бірақ бұл хуторға олардың ілуде біреуі ғана қайырылады. Ал бұл күні Жазғы мекенге бір жүргінші арнайы бұрылды. Оның сыртқы көрінісінде ешқандай ерекше белгі болған жоқ. Бұл өмірде атқаратын қызметі мен міндеті жөнінде еш нәрсені байқап білу мүмкін емес. Мұнда бұрылғандағы жалғыз міндеті біреудің аманатын орындау — беріп жіберген хатын тапсыра кету еді. Кейін, арада бірнеше жыл өткенде, Иоун Гудбьяртурссон қанша тырысқанымен ол адамның түр-тұлғасын, бет-бейнесін еш есіне түсіре алмай-ақ қойды. Бір сөзбен айтқанда, ол ең қарапайым адамдардың бірі еді. Сондықтан өзге жұрт оның қарапайым адам екеніне назар аударып, елеп — ескермеді. Ол Жазғы мекен иесі Бьяртурға бір хатты ұстатты да, қош айтысып, өз жөнімен кете берді.
Мұндай хат алу Бьяртур үшін өте сирек кездесетін, тіпті бірінші рет дерлік кездескен оқиға еді. Ол бұрын өз борышын уақтылы өтеу керектігі жөніндегі ескертпе есеп-хаттар ғана алып тұратын. Өйткені ешкімге тәуелсіз, өз еркі өзіндегі дербес адамдар басқадай хат алмайды. Ал мынадай хаттар әдетте біреуге тәуелді, өз еркі өзінде жоқ адамдарға ғана жолданады. Бьяртур хаттың сыртындағы жазудан оның кімге тиесілі екенін екі рет оқып болды да ары-бері аударыстырып, оны асты-үстінен бірдей мұқият қарап шықты. Екі ұлы әкесі конвертті ашып тұрған кезде оның екі жағына жасырына келіп, жақындай түсті, оның мына хатты оқып тұрғандағы беті-жүзінде болып жатқан құбылыстарға қараумен болды. Бьяртур бір жапырақ қағазды көзінен алыстау ұстап, сәл қиғаштана қарады, қастарын тырыстырып, қабағын тыржита, басын шалқайта тұрып, онда не жазылғанын мұқият оқып шықты.
Ол хатты тағы бір рет оқып шығып, ойлана түсіп, желкесін қасыды. Балалар не болып қалғанын білмей, бастарын қатырды. Бьяртур хатты үшінші рет қайталап оқып шықты да, бүктелген қалпы қалтасына салып, кетіп қалды. Бұл хатта қандай құпия, қандай жаңалық бар екенін оның өзінен басқа әлі ешкім де біле алған жоқ.
Көктемнің жарық түні еді. Жасыл түсті шалшықты балшықтың үстінде шарбы бұлттар қалықтайды. Бұл кездің құс атаулыға ұнайтыны сонша, олар тіпті кеш болғанда да тоқтаусыз сайрай береді. Иә, көктем ілгері ентелей түсіп, күн өткен сайын күшіне мініп келеді. Бьяртур өрістегі жайылымның оңтүстігіне тағы да барып қайтуды ұйғарды. Онда бір саулық қоздауы тиіс еді. Соны иіріп қайтпақшы. Мезгіл кеш болса да ол кенже ұлын ерте кетпек болды.
Әке, сенімен бірге мен-ақ барайын. Нонни әлі жас қой. Ерте жатып, ұйықтай берсін, — деді үлкен ұлы Гвендур.
Әкесі келіспеді:
— Мен айттым ғой — менімен бірге кішкентай Йоун барады, — деді. — Сен өзің жатып, дем ала бер. Оның есесіне мен сені ертең бұдан әлдеқайда ерте оятамын.
Әкесі шалшықты балшықты бетке алып, ірі адымдап барады, ал баласы аяғын тапыр-тұпыр тез басып, бір төмпешіктен бір төмпешікке секірумен еріп келеді. Олар осылай еңіске түсті. Бойлап өскен сиыр жоңышқа көкке көтеріле ұмтылады, ал оның жанында аласа сарғалдақтар мен құлмақ өсіп тұр. Судың сұрғылт айдынында емін-еркін жүзіп, серуендеген үйректер өздерінің салып алған ұяларына беттеп барады. Тынымсыз шықылықтаған балшықшы құс Бьяртурға таусылмастай ұзақ ғажайып сага айтып бергісі келгендей-ақ оның қыр соңынан қалмай келеді. Ал құлақ түріп тыңдай қалсаң, ондай ғажайып сага айтып беруге ешқандай мазмұны жоқ сияқты: мың жылға дейін таусылмай созыла беретін хи-хи-хи деген шиқыл ғана.
Әйтеуір бір кезде алыс өлкеде жүргенде осы сага есіне түсе қалса, сен оның керемет жақсы әрі әдемі екеніне, өзге сагаларға қарағанда барынша тартымды естілетініне, бәлкім, жер бетіндегі ең әдемі сага осы екендігіне кенеттен көз жеткізетініңе дау жоқ. Сонда сен: "Бұл саганы о дүниеге барғанда тағы да еститін шығармын. Құдайға мадақ айту мерекесі қарсаңындағы түнде осы шалшықты балшықта серуендеп қайтуыма рұқсат ететін болар" деп үміттенесің. Сонда сен бұл ғажайып саганы, басқа ешқандай саганы емес, тап осы сағаны тағы да еститін боласың.
Олар іздеген саулығын балшықты көгалдан тапты. Ол аман-есен қоздапты. Бұл өте жақсы болды. Бьяртур қозыны ұстап алып, құлағына жалма-жан ен салды. Енесі таяу келіп, ақырын ғана емірене маңырады. Бьяртур оны да ұстап алып, желінін ұстап көрді. Иә, сүті жеткілікті екен Ертең — Құдайға мадақ айтылатын күн. Кішкентай Соула төменге, поселкеге түсіп, онда пастордың қарамағында бір апта бойы болады. Өйткені Аустаның Үш құдай мерекесіне дейін шоқындырылып, христиан дініне қабылдануы керек. Таңға жуық күшті жаңбыр жауатын түрі бар. Бұл көк шөп үшін жақсы-ақ. Бьяртур жағалаудағы арша өсіп тұрған төмпешікке жайғасып отырды да өзеннен көз алмай, ұзақ қарады. Өзен асықпай, баяу ғана ағып жатты. Қарсы беттегі жағалауға суды шалпылдата екі үйрек келіп қонды. Олар бұған тағзым еткендей болып, мойындарын ие түсіп, ерсілі-қарсылы жүзді. Оларға бала да қызыға қарады. Бәрі де барынша баяу, тып-тыныш мүлгіген қалпында. Шамасы, мына шалшықты балшық өзінің бұрынғы кінәлары үшін кешірім сұрап жатқандай. Осы бір шалшықты балшықты жазықта не сұмдықтар болмады дейсіз?! Енді, міне, иен дала өзінің сүйікті ерке перзентімен ақырғы рет қош айтысып жатқандай.
— Иә, кішкентай Иоун, — деді әкесі. Ол мұны күтпеген жерден Иоун деп атады. Ал бала оған емес, қасынан баяу жылжып ағып жатқан өзенге қараумен болды. — Менің саған бір нәрсе айтуым керек. Үйге содан кейін баратын боламыз.
Үнсіздік орнады.
— Төменде, Фьордта, бір әйел тұрады, — деді Бьяртур. — Рас, мен оны танымаймын да, білмеймін де. Бірақ сондай бір әйелдің бар екені күмәнсіз. Шамасы, оның судьямен туыстық қарым-қатынасы болуы керек. Бірақ менің ол жағында жұмысым жоқ. Кім болса, ол болсын, мен үшін бәрібір. Бірақ сол әйел алыстағы, сонау батыс жақтағы үлкен бір елде туып-өсіп, біздің елге сол жақтан келген көрінеді... Біреулер ол елді Америка деп атайды. Шамасы, жер шарының басқа бір бөлігі болуы керек.
— Иә, мен оны білемін, — деді бала.
— Ім... Сен оны қайдан білесің? — деп сұрады әкесі.
— Иә, мен мұны оқып білгенмін.
— Е, солай ма еді? — деді әкесі. — Бірақ оқып білгеннің бәріне бірдей сене беруге болмайды. Бір нәрсенің басы ашық — ол жақта шөбі шүйгін жайылым жетіп артылатын көрінеді. Біздегіден бірнеше есе жақсы, тіпті салыстыруға келмейді деседі. Онда қойлар жыл он екі ай бойы ешкімнің қарауынсыз өз аяғымен жайылады екен деп сандырақтайтындар да бар. Онысы, әрине, қып-қызыл өтірік. Америкада малды қалай азықтандыру керектігі туралы әңгімелер де құлаққа кіре бермейді. Бірақ ол елде, жұрттың айтуына қарағанда, түрлі кәсіп үйренуге болатын көрінеді. Мұның өзі болашағы алдағы жас жігіттер үшін ете пайдалы. Кәсіп үйренсең, ешкімге тәуелсіз, өз еркің өзіңдегі дербес азамат бола аласың.
— Иә, солай екені рас, — деді баласы. — Ал ол елде үлкен өзендер бар ма екен?
— Үлкен өзендер дейсің бе? Иә, бар деседі. Бірақ үлкен өзендер басқа елдерде де бар ғой.
— Ал қалалар ше?
Қой әрмен! Сайтан алсын сол қалаларды!.. Жұрттың қала туралы айтқан көпірме сөзіне құлақ асып, сене берме! Сонымен, жалпы айтқанда, әлгі әйел өзінің үлкен еліне қайтқанда сені бірге ала кетуін өтіндік. Сенің нағашы жағыңнан бір туысың — ол сонда тұрады — сені өз қолына алғысы келетін көрінеді. Пайдалы кәсіп үйренгеніңді қалайды дейді. Менің түсінуімше, ол сенің жол шығыныңды төлеуге ақша салып жіберіпті. Әлгі әйел сенбі күні таңертең жүріп кететін сияқты. Марқұм шешең сенің болашағыңнан үміт күтіп, неше түрлі жоспарлар жасаушы еді. Сол арманы орындалсын. Мен сенің сонда барғаныңды жөн деп санаймын.
Бала ештеңе деп кесімді жауап қатпады.
— Мен сені ертең кешке Фьордқа жеткізіп саламын, — деп, әкесі сөзін жалғастыра түсті. — Әрине, сен өзің осыған келісетін болсаң.
Тағы да үнсіздік.
— Не болды сонымен? Барғың келе ме?
— Иә, барғым келеді, — деп, бала жылап жіберді.
— Е, солай ма?! — деп, үн қатқан әкесі орнынан ақырындап көтеріле берді. — Солай екен ғой. Менің сенен қайта-қайта сұрап отырған себебім, меніңше, адам өзінің көңіліне қонған, өзі дұрыс деп тапқан нәрсені ғана істеуі тиіс. — Ол орнынан тұрды да. — Сен өзіңе айтылған нәрсенің бәріне бірдей сене берме, жартысына сенсең де жетіп жатыр — оған еш өкінбейсің. Басқасының бәрін де ұмыт. Егер өзің дұрыс деп тапқан нәрселеріңді ғана істесең, еш өкінбейсің. Ұтып шығасың.
Әкелі-балалы екеуі үйге қайтып оралған кезде ондағылардың бәрі ұйықтауға жатып қалған еді. Кішкентай Нонни үн-түнсіз шешінді де әжесінің жанына қисая кетті.
Нонни енді жылағанын қойды. Балшықты алқаптан құстардың сайрап салған әні естіледі. Бәлкім, бұл құстардың салған әнінің жаңғырығы болуы да мүмкін. Осы ән оның жан дүниесін тебіренте берді. Ол көктемнің мүлгіген, қып-қысқа түнінде бірде-бір рет үзілмеді. Бұл оның жан дүниесі ешқашан ұмытпайтын — қандай алыс елге кетсе де, қандай салтанатты сарайлардың үлкен залдарындағы қабылдауда болса да есінен бір елі шықпайтын әуезді дыбыстар ғой. Бұл — өзі туып-өскен Исландияның шалшықты балшығындағы құстардың көктемнің тамылжыған қысқа түнінде сайрап салған сүйікті әуендері ғой!
Иә, йен далаға қатал қыстан кейін көктемнің жаймашуақ, нәзік әрі керемет байсалды күндері келіп жетеді. Қазір баланың көз алдына алыстағы жаңа елдердің көркем көрінісі елестейді. Ол елдер бұған теңіздің түбінен көтерілген су перілері сияқты көрінеді. Олардың тұңғиық тереңнен алып шыққан қымбат бағалы ұлу қабыршақтары мен інжу-маржандары жазғы күннің алғашқы шуағына малынып, жарқ-жұрқ етіп тұрғандай. Енді бірде әлгі байырғы елдерден гүлденген бау-бақшалардың жұпар иісі аңқиды. Теңіздің көгілдір айдынына құшақ жая созылып жатқан әдемі ақшаңқан қалалар қызықтыра көз тартады. Содан соң оның көз алдынан Колифорнияның жап-жасыл шулы ормандары, Жер орта теңізінің жағасында күн сәулесіне малынып, алтындай жарқыраған пальма ағаштарының аллеялары тізіліп өтіп жатыр. Әне, Миссисипи өзені. Оның екі жағалауындағы ну орманда бұғы мен барыс қатар жүр. Олар өздері тұрақтайтын қолайлы орын іздейтін сияқты. Міне, осыдан кейін бала бүкіл дүниеге арнап ән шырқауға тиісті емес пе?!
Сығырайған кішкентай терезенің алдында, әжесінің кереуетінде көсіле жатып алып, алыстағы шетсіз-шексіз кеңістікті ойша елестетудің өзі де бақыттың ең шырқау шегі шығар. Өйткені бала сондай ортада өмір сүру үшін жаралған емес пе?! Тап қазір оның жан дүниесі бейне бір байсалды тыныштық тапқандай — көктемгі мақпал түннің мүлгіген тыныштығына ұқсайды. Бірақ ол сонда да ұйықтай алмады. Ол өзін енді тіпті ешқашан ұйықтамайтындай сезінді. Ендігі өмірі осы көктемнің мақпал түтініндей мәңгі-бақи созыла беретіндей болып көрінді. Бұған дейін жап-жас болса да жан түршігерлік қорқынышты оқиғалар дауылын басынан кешірген оған ендігі бүкіл өмірі рақатта өтетін сияқтанды. Анау көрінген таулардың арғы жағында ешқандай да ел жоқ деп түсіндіріп келген күндер қалды. Сөрелер мен шкаптардағы кәстрөлдер мен табаларға тіл біткенін ойша тамашалап жатты. Іш пыстыра зарықтыратын көңілсіз сәттерден зорға дегенде арылатын күндер де келмеске кетті. Әкесінің қатты қорылын естіп жатып, ұшы-қиыры жоқ кеңістік пен таусылмайтын шексіз уақыт арқылы бөтен бір бейтаныс дүниеге сапар шегу туралы қиялдап, көп нәрсені көз алдыңа елестететін кездер де ұмыт бола бастады. Айтпақшы, ол қиялмен сапар шегудің елестері еді-ау. Енді, міне, нақты өмірдегі алыс сапарға шықпақшы.
Нонни бұл түні көз іліндіріп алуды тіпті де ойлаған жоқ. Үйдің төбесіне қарап жатып, ондағы мәтке ағаштың бұтағын, оның жалғыз көзді адам сияқты көрінісін көз алдына елестетіп, есіне түсіргісі келді. Ноннидің қиялы одан әрі шарықтай берді: әлгі жалғыз көзді адам сияқты бұтақ мұның нағашы жағынан туысқаны болып көрінді. Мұның жол шығынына деп ақша жіберген де сол... Яғни қандай қиял болса да әйтеуір бір орындалатын сияқты. Адам көз алдына қиялмен елестететіндерінің бәрі де өмірдегі нақты шындыққа айнала алады екен. Сәті түскен бір тамаша күні сен сол шындықтың билеуші қожасына айналуың да әбден мүмкін. Өйткені сен ол шындықты бұдан бұрын қиялмен жасап қойған болатынсың. Тіпті үйдің төбесіндегі қураған бұтақтың төңірегінде тәтті қиялдан өзге ештеңе де жоқ, мына бүгінгідей өмір шындығы үш ұйықтасаң, түсіңе де кірмейтін күндерді бір түрлі сағынғандай да боласың. Сонымен алғашқы түні Ноннидің көзіне әлдебір мұң ұялады. "Мама" деген сөз оралды оның ойына. Сол сәтте-ақ оның көз алдына марқұм шешесі елестеді. Ол шынында да кімнен болса да жоғары, кімнен болса да жақсы еді-ау! Нонни шешесінің әрбір күрсінісін естіген сайын өзінің жүрегі қатты сыздап ауырған күндерді есіне түсірді. Міне, жүрегін сыздата ауыртатын сол ауру енді мұның өмір бойы есінен шықпайды. Ол шырқап салатын әрбір әнінен айқын сезілетін болады. Бұл енді қандай ну ормандарды араласа да, қандай ғажайып өлкелерді тамашаласа да марқұм шешесін ешқашан есінен шығармайды. Ол шалшықты балшықтағы әрбір кішкентай төбешіктің көкжиекпен ұласқан биік тауларға ұқсап кететін күндерді де ешқашан ұмытпайды. Жоқ, бұл оның ешқайсысын да ұмытуға тиіс емес. Қазір ол өткен күндерге көз жіберіп, оны өмір шындығынан тыс әлдебір биік шыңның басынан шолып тұрғандай сезінді. Екі ортада шалқып жатқан теңіздер, көсіліп жатқан көп елдер, ұзаққа созылған жылдар мен ғасырлар бар сияқты. Соның өзінде де ол мына кіп-кішкентай жылы бөлмені айқын көре алатындай. Өйткені ол бұл бөлмеде марқұм шешесінің ауырып жатқандағы әрбір ыңқылына мұқият құлақ түрумен болған; талай-талай түн ішінде оның ұйықтап жатқанын немесе ояу екенін жанашырлықпен байқап білген. Бұл шағын бөлме алыс елдердегі ну ормандарды аралап жүргенде де көз алдынан кетпейтін болады.
— Иә, балақайым, — деді әжесі таңертеңгісін. Ол әдетте қолынан тастамай, қыбыр-қыбыр тоқып отыратын істі былай ысырып қойды. Мұндай кідіріс онда өте сирек болады. Ол немересі Нонниге жартылай жабылған қабағының астымен қарады. — Мені өз өмірінде не көрмеді десең де болады!
Терезеден күн сәулесі құйылып тұр еді. Оның тозаңданған жолағы тікелей еденге жетіп тіреледі. Ауста терезенің тұсында Ноннидің киімін жамап отыр. Баланың мерекеге киетін кеудешесі тозып, екі жеңінің шынтағы тесіліп қалған болатын. Әжесі оған жаңа шұлық пен биялай тоқып берген. Соула "Америкаға барғанда киесің" деп жаңа байпақ та тіккен. Ноннидің бір күні ерігіп отырып, қарт әжесінің беті-жүзіндегі шым-шытырық әжімді санап шықпақ болып әуреленгені кенеттен есіне түсіп кетті. Енді міне сол әжімдердің саны қанша екенін біліп үлгермеген бойда алыс сапарға жүріп барады. Солай бола тұрса да сол шым-шытырық шимайланған әжім іздерінің мұның есінде сол қалпында түп-түгел сақталып қала беретініне сенімді ол әженің төсегі жанында үн-түнсіз соңғы рет түрегеп тұрып, біресе ана затқа, біресе мына затқа мұқият қараумен болды. Бөлменің төбесін жабуға салынған мәтке ағаштарға да көз жүгіртті. Олар шіри бастаған сияқты. Үйдің төбесі бәсең тартқандай көрінді. Кереуеттің бір шетінде әкесінің шүберекке қалың оралған екі пышағы жатқанына да назар аударды. Көз алдынан боялмаған қой жүні салынған көрпе төселген кереуеттер де, адамдар ондаған жылдар бойы отыра-отыра жылтырап кеткен орындықтар да, аяқтардың ауыр салмағымен ойысыңқыраған, едәуір кір-қожалақ еден тақтайлары да, бір көзі сау, бір көзі шытынап сынған кішкентай терезе де, терезенің арғы жағында шамадан тыс биік шөптің сорайған сабақтары да, шалшықты балшықтың бергі шеті де, оған қарай жарқырай ағып жатқан шағын өзеннің бұрылған иіні де, бөлменің бір шетіндегі жылдар бойы от жағылып, осындағы барша жанды жылытып, шай қайнатып, ас пісіріп ішіп келген плиталы пеш те, әне оның үстінде сыртын ыс басқан, қазір түннен қалған салқын ботқа бар кәстрөл де — бәрі-бәрі де бірінен соң бірі тізіліп өтіп жатты. Әне Ауста жатыр — онымен кеше кеште ғана көк шалғынды жасыл сайдағы көк шөптің үстінде отырып, ұзақ сөйлескен... Содан кейін онымен қайта тілдесуге мұның батылы бармаған. Байғұс болған аяулы әпке-ай! Махаббаттың дәмін ғана тата салып, оның өлім тілеп зарланатын себебі не екен?! Иә, оның себебі — махаббаттан өзге ештеңе де емес. Иә, махаббат қана.. Махаббаттың азабы масқара ауыр! Ол аяулы әпкесі Аустаны осындай халде жалғыз тастап кетемін-ау деген ой келгенде өзінің қалай селк ете қалғанын сезді. Бірақ енді мұның қолынан келер қандай жәрдем бар?! Алыс шетелден хат алып отыр. Мұның ендігі тағдыры осы хатқа тікелей байланысты! Қыз байғұс мұндай хат та алған жоқ: оның үстіне, шешесі, мұның сорына қарай, қызының асыл арманы қандай болуы тиіс екенін қалауын ойша болжап үлгермей жатып, ерте өліп қалды, Ауста қамкөңіл де шерлі қыз болып өсті. Соуланың көзін ашар-ашпастан бұл өмірден көрген жалғыз жақсылығы бар. Ол — бейшара иттің әлі қызылшақа жетімек мұны өзінің жылы бауырына алуы ғана. Оның үстіне, енді келіп аңсаған асыл арманым деп машақаты мол махаббатты таңдағанын қайтерсің?! Аяулы Ауста Соуллилья, енді мен не істемекпін? Амалым жоқ, кетуім керек. Өйткені махаббат мәселесінде саған өзіңнен өзге ешкім де көмектесе алмайды. Енді сен көп ұзамай төменге, поселкеге түсесің, пастордың қарамағында болып, шоқынасың — христиан дінін қабылдау рәсімінен өтесің... Ал мен алыс елдерге ағайымнан хат алып, сонда кетіп барамын...
Кемпір жастығының астына қолын сұғып, әлдебір кішкентай түйіншекті ақырын ғана суырып алды. Онда әртүрлі мата қиындылары, тоқылған бұйымдардың қалдықтары мұқият бүктеліп оралған екен. Ол әлсіз саусақтары дір-дір етіп, әлгі заттарды аударыстыра бастады.
— Сен әлі осында тұрсың ғой, менің тәтті тентегім? — деді әжесі, әлгі түйіншектің арасынан ақыры бір нәрсені іздеп тауып.
— Иә, осындамын, әже, — деді немересі.
Бұл оның бірден-бір қымбат қазынасы, өз меншігіндегі бірден-бір қимас байлығы еді: біреуі — үш бұрышты үшкіл жұқа орамал, екіншісі — құлақ шұқып, тазартатын титтей ғана таяқша. Әжесі жөргегінен өз қолында өскен немересіне онымен қоштасар сәтте осы қымбат қазыналарын сыйламақшы еді. Өйткені басқа берер бір түйір де тәуір нәрсесі жоқ болатын.
— Бұл, әрине, түкке тұрғысыз дүние, — деді ол. — Бірақ мына үшкіл орамалды мереке күндері мойныңа тағуыңа болады. Әрине, ауа райы жақсы күндері. Ал мына құлақ шұқып тазалайтын таяқша — біздің әулеттегі ежелден сақталып келе жатқан қасиетті зат.
Кемпір немересіне ешқандай псалом-дұға оқып, бата тілеген жоқ. Тіпті Иисустың да атын ауызға ала қоймады. Әр түрлі күнәлі істерден сақтанып жүр деп те ескертпеді. Америкада жүрген балаларыма менің атымнан иіліп сәлем бер де деген жоқ. Өйткені ол жарық дүниенің қиыр бір шетінде күнкөріс қамымен ғана жүрген туған балаларын мүлде жат көріп, олардан біржола безінген болатын. Кемпір Нонни Америкаға аттанып кеткеннен кейін де балаларының жағдайы қалай екен деп ешқашан сұрастырған емес.
Кемпірдің немересі Нонниге бар айтқаны мынау болды:
— Осыдан барған жеріңде мен сенің екі нәрсені есіңнен шығармағаныңды тілеймін — Кемпірдің әбден тозығы жетіп, шым-шытырық әжім тілгілеп тастаған беті-жүзі әдеттегісінен әлдеқайда күшті қалтырап дірілдегендей болды. — Менің сенен өтініп сұранарым, біріншіден, өзіңнен дәрежесі төмен қорғансыз жандарға ешқашан дөрекілік жасап, оларды қорлай көрме, екіншіден, тілсіз жануарды қинап, азапқа сала көрме.
— Нонни жаным, әжеңе алғыс білдіріп, рахметіңді айт, — деді Ауста. — Ол кісі саған бар байлығын, ақыл-кеңесін беріп отыр ғой.
Нонни әжесіне қолын ұсынып, оған өз алғысын үнсіз ишарамен білдірді. Өйткені оның жасаған сыйлығы үшін қандай сөздермен алғыс айту қажет екендігін білген жоқ.
Кемпір бейшара немересінің жолына арнап бұл елдегі өте жұпыны атап өтілетін Рождество мейрамымен тығыз байланысты заттарын түгел берді. Ал Нонни оның енді қайтып Рождество мейрамына дейін тірі бола қоймаспын деген ойда екеніне кәміл сенді.
ЕЛУ СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
РЕДСМИРИЛІК БАС БӘЙБІШЕ ЖЕҢІЛІСТІҢ АЩЫ ДӘМІН ТАТТЫ
Үш құдай мейрамы қарсаңында Ауста поселкеден қайтып оралды. Ол христиан дінінің негіздерін үйреніп қайтты деп үміттенуге әбден болады. Ертең ол шоқындырылып, христиан дінін қабылдаудың ресми рәсімінен өтуі тиіс еді. Бірақ үйге бүгін кайтып келуінде жатқан қандай құпия сыр болды екен? Бьяртур поселкедегі бір әйелмен келісіп, Аустаға жаңа көйлек тіктіріп бермек болған. Ол үшін алдын ала ақысын да төлеп қойған Бұлар қыз үйге шіркеуде шоқындырылып, дінге кірудің ресми рәсімінен өткеннен кейін ғана — Үш құдай мерекесі күні кешке қарай келуі жөнінде келісіп қайтқан жоқ па еді? Бірақ, қалай дегенде де, оның бүгін, сенбіде, Үш құдай мерекесінен бір күн бұрын кешке қарай қайтып келуінің себебі не?
Мұның себебі мынадай еді.
Кер атты салт мінген бір әйел шалшықты балшық арқылы келе жатты. Ат аяғын батпаққа терең батырып алмас үшін ерекше сақтықпен абайлап басады. Үстіндегі әйелдің киген көйлегінің кеңдігі сонша, оның етегіне жарты приход сыйып кеткендей. Оның астындағы мінгені — әлдебір көтерем әрі ақсақ ат емес, Редсмиридегі атақты Сорли деген ат еді. Ол — әрі жүйрік, әрі жеңіл жүрісті, мойны құрықтай иілген келісті ат. Салт атты әйелдің соңында асығып, төмпешіктен-төмпешікке секіре басып, кейде аяғын қара лайға тізесіне дейін батырып, Соула еріп келеді. Оның ұнжырғасы төмен түсіп, басы салбырап кетіпті. Жылап келеді.
Бьяртур қашанғы қонақжайлық әдетімен шалшықты балшық жаққа беттеп барып, олардың алдынан шықты. Келген әйелмен жылы шырайлы жарқын жүзбен аман-саулық сұрасты. Ат тізгінінің шылауынан ұстап, жетекке алды. Қотанның құрғақ жерімен үйге қарай жақындап келе жатып, ара-арасында қонақ әйелге әзіл айтып қояды.
— Бұл өңірде ақ қарға сирек көрінуші еді, — деді ол. — Қайдан келе қалдыңыз?
Қораға кірген соң Бьяртур әлгі әйелдің қолтығынан демеп, аттан түсуіне көмектесті.
— Сіз күн өткен сайын Редсмиридің нағыз бәйбішесі болып келе жатырсыз, — деді Бьяртур. Өйткені бұл әйел Рим папасы сияқты әрі толық болатын әрі барынша бәлсініп, маңғаздана түсетін. — Гвендур, балам, Сорлидің ауыздығын алып, қотанның маңындағы отқа жібер, ал фру үйде кофе қайнағанша осында менімен бірге бола тұрсын. Ал сен, Соула, тезірек үйге кір, пештегі от жанып жатыр ма екен, соны байқа. Біз сен кеткелі от жағып онша жарытып жүрген жоқпыз. Өткен жексенбіде бір аптаға жетерлік етіп балық пісіріп қойғанбыз. Саған не болған, балам? Жүзің бір түрлі сыныңқы ғой. Исландияның ұлы ақыны келіп отырғанда қабағыңды ашып, ашық-жарқын жүргенің дұрыс.
Соула әкесіне жауап қатпады. Есіктің маңдайшасына басын соғып алмас үшін сол жабырқаңқы көңілмен еңкейе түсіп, үйге кіріп кетті. Бьяртур мен старостаның әйелі екеуі тыста, қорада қалып қойды. Олар онда Исландия көктемінің поэтикалық және практикалық тұстары туралы қызу әңгімеге кірісті. Аңғардағы керемет көріністерді әрқайсысының өзінше қалай бақылап, қалай әсер алғанын айтысты.
— Қалай, Иоун қарт саулықтарының тезірек төлдеп бітетін түрі бар ма? — деп сұрады Бьяртур.
— Жақындап қалды-ау деймін.
— Әрине, саулықтарының қоңы жақсы болар? Солай ма?
— Иә, жақсы, әрине.
— Рас, онда да біраз шығын болды. Бірақ, бақытына қарай аман қалғаны да аз емес-жетіп артылады ғой. Ал шөптің шығымы қандай? Біршама дұрыс? Иә, мұндағы, йен даладағы шөптің шығымы да жаман емес. Биылғы көктемде қу түлкілер мен басқа да жыртқыш аңдар аз шығар? Бұл жағы жақсы екен. Бізде де солай деп айта аламын. Оларға жемтік қайдан болсын? Биыл мал өлім-жітімге ұшырай қойған жоқ қой. Мен мұнда түлкі түгілі, кәдімгі ақ шағаланы да көре алмай жүрмін. Дегенмен мен бір күні терең шатқалдың үстінде қарқылдап ұшып жүрген қалың қарғаны байқап қалдым. Сіздерде қойды ішек құрты құтырына мазалап жатқан жоқ па? Мұнда олар атымен құрып кетті. Төл алу бұрынғы қай кездегіден болса да өте жақсы өтті. Бүгін-ертең аяқталады. Егер Капа деген саулығымыз биыл да дер кезінде қоздап берсе, солай болады. Мен осы саулығымды ерекше мақтан етемін. Ол дәл бүгін қоздауы тиіс. Мен оның жағдайын біліп қайтайын деп, шалшықты балшықтың оңтүстік жағын аралап қайтуға жиналып отыр едім...
— Немене, сіздің маған басқа бір нәрсе айтқыңыз келіп отыр ма? Е-е! Солай ма? Онсыз да әңгімеміз жарасып отырған жоқ па? — деді Бьяртур сөзін жалғастырып, әзілін араластыра. — Үйдің сыртына таман шығайық? Тауға таман барғаным жақсы дейсіз бе? Мұныңыз жаңалық екен! Бірақ бұл құрметті фрудың мені қалың бұтаның арасына соңғы рет оңаша шақыруы емес шығар деген үміттемін. Бірақ қазір менде бұрынғыдай құштар шабыт қайдан болсын?!
Алайда фрудың әзілдеуге зауқы жоқ еді. Ол өз етегін өзі басып, сүрініп қалмау үшін көйлегінің етегін көтере ұстап, бұрышты айналып өтті де, өзеннің бойымен тура тауға қарай беттеді. Бір кезде аялдап тоқтады да, Бьяртурға өзен жағасындағы бір төбешіктің үстіне отыруды ұсынды.
— Дұрысын айтқанда, асыл текті фру, отырыңыз деп ұсыныс жасау менің ретім еді. Өйткені сіз қазір менің қонағымсыз ғой. Менің жерімдесіз, — деді Бьяртур әлі де әзілдесе түскісі келгендей. Бірақ фру мұның бұл әзілін де әлгіндегідей салқын қабылдады.
Сонымен олар жайғасып отырысты. Фру өзінің күтімі күшті, кіп — кішкентай, бірақ томпиған қолының жұп — жұмсақ алақанымен актерлерге тән айрықша ишара көрсетіп, жасыл көкті қайта-қайта сипай берді. Осы сайтанның не айтқысы келіп отыр өзі? Бір нәрсеге арандатып, алдағысы келіп отырған жоқ па екен? Енді мұның бір тұтам жеріне ауыз салып жүрмесін әлі! Олай болса, мұның үйін бұзып тастауға дейін баруы да мүмкін. Бұлардың ойларында не бар, не жоғын кім біліп болыпты! Бьяртур бір шымшым насыбай алды да мұрнына тарта иіскеді.
— Насыбайдан сізге де ұсынуыма бола ма, құрметтім? — деп сұрады ол — Бұл өзі ойды жинақтап айтуға жәрдемдеседі.
Бірақ фрудың темекі атаулыға бұрыннан құлқы жоқ еді. Тап қазір әзілге де зауқы жоқ.
— Неге екенін білмеймін, — деді фру ақыр аяғында. — Бьяртур, өзіңнің қызыңның бүгін үйге оралған кезінде жүзі жадырап қуана қоймағанын байқаған да боларсың?
— Бәлкім, ол үйге жетіп алуға дейін сіздерден көтерем көп аттың біреуі табыла қоймағанына таң қалып, ренжіген болар? Дегенмен бүл кезде арнайы мініс аттарынан өзге жылқының бәрі де шымтезекті балшықта жүрген болар, бәлкім? Жарайды, оқасы жоқ. Мен де, менің отбасы мүшелерім де жаяу жүруге әбден үйреніп кеткенбіз.
— Шынын айтайын, оған жайлы да жуас ат ұсынылған. Бірақ үзілді-кесілді бас тартты. Өз айтқанынан басқаға көнбейтін оғаш мінезі бар қыз екен! Өзіңнен айнымай қалыпты.
— Бәлкім, ол оңбаған неме, христиандық момақан көнбістіктің мәнісін терең түсіне қоймаған шығар? Әлде әлгі жарымес пастор бірдеңе деп ренжітті ме екен? Ауста өзін біреудің тілдеп, ар-намысын қорлауына төзе алмайды. Біздің хуторда қашан болса да тып-тыныш, ұрыс-керіс деген болмайды. Ал дін мәселесіне келсек, мен оған ешқашан тиісіп, ауыр сөз айтып көрген емеспін Шынымды айтар болсам, менің өз басым дін дегенімізді біздің қоғамымыз үшін адамның ішін пыстырып, ығырын шығаратын, әрі ешқандай пайдасы жоқ нәрсе деп санаймын. Рас, марқұм пастор Гудмундур қой тұқымын жақсартудың қыр-сырына қанық еді. Көп білетін. Ал менің кішкентай Соулам өзге қыздардың ешқайсысынан ақылсыз емес. Ертең шоқындырылады, христиан дінін қабылдаудың ресми рәсімінен өтетін болады. Бірақ ол діннің жықпыл — жықпыл нәзік тұстарын әлі түсіне бермейді. Ал ежелгі сагаларға келетін болсақ, сөз басқа. Бұл тұрғыдан алғанда оның жасындағы қыздардың да немесе ұлдардың да ешқайсысы сага білу жағынан тең түсе алмайды. Мен бұған кәміл сенімдімін. Бірақ олардың бәрі де бір нәрсеге қатысты бірдей болып шыға келеді: біреуден жаман сөз естісе, жылап қоя береді. Ал мұнда тұрған дәнеңе жоқ емес пе?
— Жоқ, бұл жерде діннің ешқандай қатысы жоқ, — деп жауап қатты фру. — Өкінішке орай, мен саған мынадай бір жағдай туралы айтпақшымын. — Ол әлдебір байсалды терең ойға шомғандай болып, әлгіндей актерлік ишаратпен төбешіктің үстіндегі көк шөпті алақанымен сипалай түсті.
Бьяртур оның сөзін бөліп жіберді:
— Мен саған айттым ба, айтпадым ба, ол жағы есімде жоқ, менің бір кәрі саулығым бар. Онымен көп жылдардың ауыртпалығын басымыздан бірге кешірдік. Өзі баяғы марқұм пастор Гудмундур ойлап шығарған асыл тұкымды қойдың ұрпағы. Мен оған Капа деп ат қойғанмын. Ол өзі арқасына плащ жауып қойғандай көрінеді. Байғұстың екі бүйірінің шығып кеткені сонша, тіпті адам аяйды. Бірақ қабырғаларында қырым ет жоқ сияқты. Егіз туа ма деп қауіптенемін. Өйткені екі қозыны жарытпай ма деп қорқамын. Бүгін кешке сол саулығымның жағдайын біліп қайту үшін шалшықты балшықтың оңтүстік шет жағына баруға жиналып отыр едім. Себебі, оның кез келген минөтте туып қалуы әбден мүмкін.
— Бьяртур, жарқыным, сөз тыңдашы, — деді әйел — Мен сені көп ұстамаймын.
Сөйтті де ол істің төтесіне бірден көшті:
— Саған айтайын дегенім мына жағдай: Гудни біздің байырғы экономкамыз, кішкентай Аустаны жөргегінен бастап тәрбиелеуге әрқашан ерекше қамқорлықпен атсалысқанын өзің де жақсы білесің. Мұның өзіндік себебі де жоқ емес, Ауста осы жолы Редсмириде болған кезінде ол әр кештің өзінде-ақ Аустаның әлдебір нәрсеге ренжіп, қайғырған көңіл-күйін байқап қалыпты. Байғұс қыздың жанын жегідей жеген аса ауыр уайымы бар көрінеді. Өзінше оңаша ойланып отырып қалады екен. Еш нәрсеге зауқы соқпай селсоқ жүреді дейді. Бір нәрсе туралы сұрай қалсаң, одан бір ауыз жарытымды жауап естудің өзі қиын болыпты. Кешке жатқан кезде Гудни оның жастықты ққшақтап жылай беретінін де байқапты. Түннің бір уағына дейін жылайтын көрінеді.
Осы жерге келгенде әйел сөзін бөліп, үнсіз қалды да көк шөпті тағы да сипалай бастады. Ол айтайын дегенін әлі де жеткізе алған жоқ еді. Өйткені денесі әбден толып кеткендіктен тез ентігіп қала беретін. Енді аздап демін бөліп, тыныс алуы керек болды.
— Иә, сонымен не болыпты? — деді Бьяртур, оның тыныс алу үшін өтірік үзіліс жасап отырғанын байқамай. — Жастардың, әсіресе әйел баласының жылаңқылығы да жаңалық болып па? Мен өзімнің итім мен әйелдеріме әрқашан қайталап айтып келгенімдей: "Әйел жынысы еркек жынысына қарағанда әлдеқайда нәзік және аянышты".
— Алғашқы түндері қыз өзінің жанын қинап жүрген не нәрсе екенін айтудан үзілді-кесілді бас тартыпты.
— Иә, — деді Бьяртур, — тәуелсіз дербестікке бойы үйренген адамның өз ойындағысын айтып, көп сөйлей беруінің не керегі бар? Оның үстіне, мақалда айтылғанындай: "Жаңбыр бүгін нөсерлі жауса, ертең шелектеп құяды" дегендей емес пе?
— Оның ештеңеге қызықпай, соншалықты селқостыққа салынуын біз алғашқыда бізге, жалпы алғанда адамдарға бойы үйренбеген ұялшақтығынан болар деп ойлап жүрдік. Ол тіпті жастардың жүгіріп жүріп ойнайтын тамашасына қатысудан да тартынумен болды.
— Аяқ киімін тез тоздырып, бостан-босқа секеңдей секіре берудің не қажеті бар? — деп, сөз қыстыра қойды Бьяртур.
— Содан Гудни байғұс қыздың таңертең тұрғанда да мазасы болмайтынын: бір түрлі енжар, көңілсіз жүретінін, кей-кейде, әсіресе киінер кезінде, жүрегі айнып, құсатынын байқап қалады.
— Шамасы, сендер жейтін жылқы етінен ұшынып қалған болар?
— Біз, қымбатты Бьяртур, қонағымызға ешқашан жылқы етін асып беріп көрген емеспіз. Мен ондай әңгіме болғанын естіген де жоқпын. Балалар алғашқы күні тамаша қой етінен пісірілген рагу жепті. "Байғұс қыздың сүйсіне көп жеп қойып, күпті болып қалуы мүмкін-ау" деп ойлапты Гудни. Бірақ ондай қолайсыз жағдай күн сайын қайталана берген соң оның көңіліне басқа бір күдік келіпті. Сөйтіп кәнігі Гудни байғұс қыздың тұлғасына, тұла бойына ол ертелі-кеш киініп, шешініп жатқанда барынша мұқият назар аударумен болыпты. Сонда оның байқағаны — қыздың дене бітімі оның жас мөлшерінен әлдеқайда ерте дамып, өсе түсіпті, кәдімгі ересек әйелдер сияқты көрініпті. Оның үстіне, біздің бәріміздің де бірден байқағанымыздай, қыздың бұрынғы шыбықтай бұралған қыпша белі адам таң қаларлықтай жуандап, толыса түсіпті. Сонымен Гудни бұл қыздың асқазаны ауыратын шығар деген оймен кеше кешке оның ішін сипалап көріпті. Көпті көрген тәжірибелі кемпір, әрине, істің жайы неде екенін түсіне қойыпты. Сөйтіп қыздың шынын айтқызуға тырысып бағыпты.
Әрине, Ауста алғашқыда еш нәрсені мойындағысы келмей, қасарыса қарсыласа беріпті. Гудни содан кейін мені шақыртыпты. Мен, әрине, не болғанын бірден біле қойдым. Сөйтіп, бізден еш нәрсені жасырудың мүлде қажеті жоқ, енді бар шындықты жайып салуы керектігін түсіндірдім. Ауста сонда бәрін де ашық мойындауға мәжбүр болды. Оның бойына бала бітіп, жүкті болып қалғанына төрт айға жуықтапты.
Бьяртур бейне бір соңынан кенеттен әлдебір дүбірлі айқай-шу естіп, құлағын еліре тіге қоятын, мойнын ілгері созып, делебесі қозып, шауып ала жөнелетін жүйрік ат сияқты елең ете қалды, фруға жалт қарады. Ал фру басын тез көтеріп алды да, алғашқы қадамын жасағанын, бірақ одан не шыға қойғанын бірден байқай алған жоқ.
Бьяртур соншалықты дөрекілікпен қарқылдап күліп алды да, былай деп сұрақ қойды:
— Жүкті болып қалыпты?! Менің Соулам ба? Құрметті фру, бұл жолы мені алдап түсіре алмайсың!.
Фру былай деді:
— Сонда мені қайдағы бір өсек-аяң тасып, хутор аралап жүр ғой деп ойлайсың ба? Мен өзімнің шын сөзіме мұншалықты сенімсіздік бола қояды деп тіпті де ойлаған жоқпын. Мен саған, саған ғана емес, жұрттың бәріне де әрқашан жақсылық жасаумен келіп едім ғой. Менің жүрегім де, үйімнің есігі де сендерге, шаруаларға, қашан болса да айқара ашық емес пе еді? Мен өз еліміздегі ең қымбат, ең қасиетті нәрсенің бәрін де қорғап келе жатқан жоқпын ба?! Шаруалардың жұмысын өз жұмысымдай, оларға қамқорлық жасауды өзіме қамқорлық жасағандай, олардың жеңілісін өз жеңілісімдей санап келген адаммын. Соны қалай ұмыттыңдар?! Исландия шаруасының қажырлы еңбегін халықтың әл-ауқат дәрежесін көтерудің мықты тетігі деп зор сеніммен санап келген мына мен емес пе едім? Соны қалай ұмыттыңдар?
— Ол рас, Редсмиридегі Йоунның, тағы да сол сияқтылардың әл-ауқат дәрежесін еселеп арттырғаның бекер емес, — деді Бьяртур, тілінің ащы уын төге сөйлеп. — Бірақ мен халық дегеніміз тіпті де олар емес дер едім. Бірақ олар үшін өзім де отыз жылдан астам уақыт бойы бел шешпей жұмыс істедім. Ал қазір де солардың тұтыну одағына мүше болып кіруге мәжбүр болдым.
— Иә, қымбатты Бьяртур, сенің өз пікіріңде қала беруіңе әбден болады. Бірақ мен саған бір нәрсені ашық айтайын. Біздің приходтық кеңес сенің осындағы ошағыңның шаңырағын ортасына түсіріп, қиратпақ болған сайын мен саған бола араша түсуші едім. "Халық Исландия шаруасының арқасында мың жыл бойы күн көріп, өмір сүріп келеді. Менің Бьяртурыма тиісуші болмаңдар түге!" деуден танған емеспін. Ал қазіргі жағдайдың бет алысы тіпті басқаша сипат алып барады. Енді бір нәрсені еріксіз мойындауыма тура келеді: приходтық кеңестің ұйғарымы өте дұрыс болған екен. Енді он бес жыл бойы шырылдап, сені қорғап келгеніме өкініп отырмын. Приходтық кеңестің қауіптенгені тіпті де бекер емес екен. Шынында да қауіптенетініндей бар болып шықты: әуелі сенің бірінші әйелің адам таң қаларлық жағдайда өліп қалды; одан соң жыл сайын бірінен соң бірі жас нәрестелерің туа салысымен немесе жасына жетпей, шетінен шетіней берді. Сен байғұс оларды арқалап алып барып, біздің шағын зиратымызға жерлеумен жүрдің. Ал былтыр екінші әйелің де өліп қалды — ол марқұмның қалай қайтыс болғанын жұрттың бәрі жақсы біледі. Соның бәрі аздай-ақ, биылғы қыста қойларың қырылып қалды, үлкен ұлыңнан айырылдың. Ал мен болсам, сені қорғап, шырылдап араша түсуден ешқашан танған жоқпын. Енді қайтып саған араша түсе алмаймын — әбден қажып біттім. Қыстыгүні оның үстіне, қайдағы бір күдікті, арам ниетті әрі маскүнем біреуді — ал ондайларды тек дарға асу керек — өзі ғана емес, бала — шағасымен бірге приходтың асырауында жүрген арамтамақ, жұқпалы ауруы бар, өкпесі шіріп кеткен көкжөтел біреуді балаларымның, бой жетіп қалған қыз Ауста Соуллильяның қасы-қабағына қара деп өз үйіңе, айтшы қане, не бетіңмен жібердің?!
— Қане, құрметті ханым, жетеді енді! Естідің бе? Енді қайтып көзіме көрінбестей болып, тез қараңды батыр. Сен мұнда өз жеріңде емес, мына менің жерімде отырсың!.. Егер сен тап бүгін осы жерге Аустаның қамын жеп келген болсаң, мен саған бар шындықты түбінен қозғап, турасын айтайын: сен оған бұл қамқорлығыңды тұп-тура он бес жыл кеш жасап отырсың! Бұл қызды маған әлі шешесінің құрсағында жатқан кезде басқа ешкім де емес, тап сенің өзің арамдықпен тықпалаған болатынсың! Егер ол менің қызым деп саналатын болса, оған да сен кінәлісің. Өйткені сен оны жарық дүниеге келмей жатып өлімге итермеледің. Маған жер сатқанда сол сорлы қыз біздің өз жерімізде емес, өзге біреудің жерінде өлсін деп ойладыңдар! Менің шаңырағымда мезгілінен бұрын дүниеге келген баланың шындығында кімдікі екенін мен шынымен-ақ білмейді деп ойлайсыңдар ма? Мен ол кезде албасты бұғыны салт мініп, өзімнің жаныммен қайғы болып, ажалдан әзер дегенде аман құтылғанмын. Егер сен мені ешқашан алдаған емеспін деп сендірмек болсаң, онда мен мынаны айтайын: сен мен туралы өтірікті Нидуркоттың шатыры астында өткен біздің үйлену тойымызда сөйлеген сөзіңде судай сапырған болатынсың. Сонда сенің айтпаған нәрсең қалмады — әлдебір әлеміш әдемілік туралы сандырақтарды да, қайдағы бір шетелдердің халықтары ұстанатын діндер туралы түсініксіз әңгімелерді де соқтың-ай келіп. Соның бәрін де біздің тағдырымызға, бақытты болашағымызға байланыстыра айтып тұрғандай болып жалған әсер қалдырдың. Бірақ соның бәрі де өз ұлыңның шаранасынан құтылу үшін, оны маған еріксіз таңу үшін айтылған сөздер болатын. Өйткені сен редсмириліктерді, яғни өздеріңді масқара ететін әңгімелердің таралып кетпеуін көздедіңдер. Ал енді бүгін келіп алып, Аустаның жүкті болып қалғаны үшін барлық кінәні маған аударғың келсе, ол әрекетіңнен түк те шықпайды. Бұл іске менің ешқандай да қатысым жоқ. Біріншіден, ол қыз менен жүкті болған жоқ, екіншіден, оның әкесі тіпті де мен емеспін. Олай болса, оның тағдыры үшін мен жауапты бола алмаймын. Оның ең жақын туысы, әжесі сенсің. Қыздың тағдырына ең алдымен жауапты болатын да сенсің! Ауста анасының құрсағына Редсмириде, сендерде пайда болған. Сондықтан ол қыздан өмірге келмей тұрып қалай құтылудың амал-айлаларын жасап бақтыңдар. Бірақ оның бәрінің де маған ешқандай қатысы жоқ. Мен саған нақты әрі тура шындықты үзілді-кесілді етіп бір-ақ айтайын: анау некесіз туған шата немереңді ал да, оған қатысты өзіңнің жасаған күнәлі істерің үшін тозақтың төрінде дайын тұрған орныңа осы бастан жөнеле бер! Енді Аустаны өз аттарыңа көшіріп алыңдар! Ол қазір жүкті ме әлде жүкті емес пе маған бәрібір. Ол жағы мені толғандыратын, мен уайым жейтін іс емес. Өздерің ойланыңдар, өздерің шешіңдер!
— Сен сөз тыңдашы, — деді әйел бұрынғысынан әлдеқайда жұмсақ үнмен. Ол Бьяртур отырған төмпешіктің көк шөбін біртіндеп жұла бастады. — Болған істің бәрін де парасатты адамдар сияқты ақылға салып, асықпай отырып сөз етейікші. Сен білесің бе, біз ол қыз аман-есен босанып, аяқ-қолын жинап алғанша оған басқа бір жақтан қолайлы баспана да тауып бере аламыз.
— Сайтан алсын сендерді! Өздеріңнің балаларыңа қолайлы баспананы қайдан тапсаңдар, одан табыңдар — онда менің шаруам қанша. Тіпті бездіріп, қуып жіберсеңдер де менің көңілім баяғыдай. Бұл ретте менің білетінім бір-ақ нәрсе: мен өз борышымды адал атқардым, ал сендер өз борыштарыңды атқарудан бас тартудың айла-шарғыларын жасап бақтыңдар. Немесе өздеріңнің ұрпақтарың менің итімнің бауырында шалажансар жатқанда қайда қалдыңдар? Өлсе, өле берсін, өлгені жақсы деп, жолаған жоқ едіңдер ғой! Осы рас емес деп айтып көріңдерші қане! Ал мен сендердің ұрпақтарыңды өз қамқорлығыма алдым, оны асырап бақтым, өз өмірімнің гүлі ретінде менің үйімде он бес жыл бойы тұрып келді. Ал енді, тап қазір осының бәрі де мені әбден қажытып, төзімімді тауысып бітті. Енді менде ешқандай ақыларың қалған жоқ. Жетеді енді! Ол ол ма, сендер менің шаңырағымды шайқалтып, ошағымның ортасына түсірмек те болдыңдар емес пе? Сөйтіп мені сендерден сатып алған өз жерімнен қуып шығуды көксеген жоқсыңдар ма? Өтірік деші осыны! Олай дей алмайсың! Егер батылдарың барып, шамаларың келсе, әлдебір құқықтарың бар болса, онда мені аямаңдар, қолдарыңнан келгенін жасай беріңдер. Ал қазір мен сендердің көзіме көрінбей, қараларыңды неғұрлым тез әрі біржола батыруларыңды талап етемін, тіпті бұйырамын да! Өздеріңнің сайтан алғыр балаларыңмен бірге құрыңдар да, мені өз балаларыммен бірге қалдырып, құлағыма тыныштық беріңдер! Біздің арамызда айтылатын басқа сөз қалған жоқ. Мен енді жайылымның оңтүстік жақ шетіне барып, саулығымның қоздаған не қоздамағанын біліп қайтуға кетемін.
Осы сөздерді айтып бола сала кең даланың тәуелсіз шаруасы өзімен сөйлескен қонақ әйелге қош айтыспай-ақ, шағын өзенді кешіп өтті де шалшықты балшықтың оңтүстік жақ шетіне қарай жүріп кетті. Бьяртурдың соңынан иті жүгіріп, еріп бара жатты. Бьяртур фруға бұрылып та қараған жоқ. Ал ақын әйел есінен танғандай болып, не істерін білмей, Бьяртурдың соңынан көз алмай қарады да тұрды. Бьяртур жеңілмейтін, күші жойқын армия сияқты әсер қалдырды. Оңбай жеңілген фру болды.
ЕЛУ ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
БҰЛ МЕН ҒОЙ
Бьяртур үйге қайтып оралғанда әбден кеш болып еді. Ол жолда көп жүріп қалды. Бірі қоздаған, ал екіншісі қоздауға таяу екі саулықты айдап келемін деп ұзақ әуреленді. Біріншісінің жалқы қозысы бар, желіні тырсиып, сыздап тұр. Ал екіншісі, Капа, — тыриған арық, кәрі саулық. Қампиған қарны жер сызады — шамасы егіз туады-ау. Бірақ желінінде сүттің белгісі әлі білінбейді. Егіз қозыны жарытар-жарытпасы күмәнді. Қойды айдап жүру тым қиын болды: екі саулық екі жаққа қарай қашады. Иті оларды қуып жүріп қайтаруға жанталаса жүгіреді. Бірақ Бьяртур итіне жекіре айқайлап, кері шақырып алудан танбады — өйткені көктемде, қойды, әсіресе буаз саулықтарды қууға болмайды. Қозысын ертіп қашып бара жатқан саулықты Бьяртур ақыры ұстап алды. Содан соң Капаны да ұстап, жетекке алуға тура келді. Қозылы саулық қалай қашып кетудің амалын таппай, қайта-қайта жұлқына берді. Екі саулықты үйге жеткізу осылай қиынға түсті. Бьяртурдың тым кеш оралуының себебі де сол болатын. Дегенмен ол өзінің көздеген мақсатына жетті. Өйткені Бьяртурдың қиқарлығы екі саулықтың екеуінің қиқарлығын қоса алғандағыдан әлдеқайда күшті еді. Ол өз өмірінде қойлардың қиқарлығын қалай жеңудің көптеген тәсілдерін үйренген болатын. Ақырында екі саулық та қотанға жеткізілді. Бьяртур қоздаған саулықты қораның ішіне кіргізіп, сауып алуды ойлады.
Үйде тірі жан жоқ сияқты. Шамасы, ұйқыға жатып қалған болуы керек. Бьяртурдың ешкімді оятқысы келмей, саулықты сауып алу үшін өзі әуре-сарсаңға түсті. Саулық қотанға қашумен болды. Бьяртур да соңынан қалмады. Екеуінің қиқарлығы бірінен-бірі өтетін сияқты. Саулық ақырында қорыққанынан қораға кіруге мәжбүр болды. Қозысы көз ілеспес жылдамдықпен жеңіл секіре жүріп, қотанды бірнеше айналып шықты. Ақырында қораның төбесіне шығып кетіп, енесін іздеп маңырап қоя берді. Содан соң қора қоршауының үстіне секіріп түсті де әлі де маңырай жүріп, өзеннің жағасымен тау жақты бетке алып, қаша жөнелді. Бьяртур саулықты екі бұтының арасына мойнынан қыса ұстап тұрып тостағанға сауа бастады. Саулық жер тепсіне тыпыршып, бұлқына түсті. Сонда да болса Бьяртур едәуір уыз сауып алды да, саулықты босатып қоя берді. Ол да маңырап, өзінің қозысының даусы естілген жаққа қарай қаша жөнелді. Кәрі саулық Капа* қотанның бір шетінде көк шөпті жұлып жеп жүрді.
Түн жарық болғанымен онша жылы емес еді. Иен даланың шығыс жақ бөлігі үстінде жаңбыр бұлты үйіріле бастады, ал тау жоталарын мұнарланған тұман бүркей түсті. Құстар да сайрағанын қойды, тек оңтүстік жақтан өзен үстімен ұшып бара жатқан теңіз құсы — гагардың мұңая шағынған үні анда-санда бір естіледі.
Бьяртур үйге кірер кезде ауыз үйдің босағасында тұрған жәшік үстінде бүкшиіп отырған біреуді көрді. Ол Ауста еді. Қыз екі жеңінен екі шынтағы жылт-жылт етіп көрінетін көне көйлегін киіп, екі қолын екі тізесіне қойып отыр екен. Кәдімгі әйелдерге тән жұмыр білектері, сүйріктей саусақтары, өзінше кері иіле қайқайған бас бармақтары айқын көрінеді-тәжірибелі тігіншінің қолына ұқсайды. Оның қос балтыры тым толысып кеткен, ал екі саны өзінің жас мөлшеріне қарағанда өте жуан еді. Оның бой жеткен жас қыз екенін айқын көрсетіп тұр. Бұл енді Редсмиридегі бас бәйбішенің немересі. Бьяртур кіріп келгенде Ауста қабағын көтеріп, көзін ашқан жоқ, қимылсыз отыра берді. Оның басын кеудесіне түсіре бүкшиген бойы ұйықтап отырғаны немесе әкесінің жүзіне тік қарауға батылы жетпей, қорқып отырғаны белгісіз еді. Бьяртур оны шапалақпен аяусыз тартып жіберді. Бейшара қыз теңселіп барып, құлап қала жаздаған бойы бір қолын қабырғаға сүйеді, ал екінші қолының алақанымен көзін басты, және бір шапалақ сарт ете түсер деп қауіптеніп, шынтағымен бетін қалқалай берді. Бірақ Бьяртур оған екінші шапалақ жұмсаған жоқ.
— Бұл — менің сатып алған өз меншігіме айналдырған қасиетті жерімді ел-жұртқа масқара еткеніңнің сыбағасы, — деді ол — Ал, менің бақытыма қарай, сенде менің бір тамшы да қаным жоқ. Ішіңдегі некесіз пайда болған шата шаранаңды неғұрлым жақын туыстарыңның үйіне барып туғаның дұрыс. Қазірден бастап көзіме көрінбе, тез қараңды батыр! Менің ең соңғы тілегім осы!
— Жарайды, әке, — деді Ауста. Сөйтті де зорға дегенде есін жиып, шынтағымен бетін қалқалай жасырған бойы есікке қарай өте берді. — Мен кеттім ендеше.
Бьяртур ауыз үй арқылы текпішекті баспалдақ сатымен жоғары көтерілді де ішкі есікті ысырма ағашымен берік бекітіп қойды.
Ауста үшін оның шапалақпен аямай тартып жібергені де, үйден қуып шыққаны да жақсы болды. Өйткені оның аяусыз соққысы ұдайы үрейлі қорқынышта жүргеннен көп жеңіл еді. Ауста өзінің тап осындай тиісті сыбағасын ертелі-кеш әйтеуір бір алатынын білетін. Енді, міне, сол күтіп жүрген қорқынышты сәті де келіп жетіп, сазайын тартты. Бьяртурдың соққысы мұның еңсесін езе түскен зіл батпан ауыртпалықтан біржола құтқарғандай болды. Осы соққының өзіне бейне бір шіркеуге тартылып, күнәдан пәк тазартылғандай әсер етті. Енді бұл өзін толық бостандық алғандай сезінді. Ауста қорадан шыққаннан кейін аз-кем кідіріп тұрды да, көктемнің мақпал қара түніне — өзінің ендігі өмірінің көктемгі мақпал қара түніне әлдебір үмітпен қадала қарады. Бұл сәтте ол өз өмірін аман сақтап қалу үшін қатерлі құздың басынан тәуекелге бел байлап, еріксіз секіріп кеткелі тұрған жан сияқты еді. Жүрегі аттай тулап, дүрс-дүрс соқты. Бірақ көзіне жас алмады. Түн салқын әрі дымқыл болатын. Иен даланың үстіне бейне бір тұтасқан қабырғадай болып жаңбырлы қою қара бұлттар қаптап келе жатты. Олар минөт сайын бір-бірімен араласа жақындай түсті.
Ал Ауста йен даланың батысына емес, шығысына көз жүгіртумен болды. Иә, оның әкесі оны бойын билеген белгісіз қорқыныштан толық арылтты. Енді оның тәні де, жаны да қорқыныш атаулыдан ада. Олардың екеуіне де бәрі де ап-айқын болды. Өйткені Ауста бәрін де бірден тез түсінді. Егер әкесі еш нәрсе айтпағанда да бұл өзінің бойында оның бір тамшы да қаны жоқ екенін бәрібір түсінген болар еді. Әкесінің мұнымен қоштасу ретінде аяусыз тартып жіберген шапалағы бұл екеуінің өміріндегі қас қағым сәтке ғана созылған шынайы шындық болды. Тап осы қас қағым сәтке дейін бұл екеуінің бір шаңырақ астындағы бірге өткізген өмірі, бір-бірімен өзара қарым-қатынасы түгелдей жалған негізде қалыптасумен келген еді. Ауста оның үйінде, бейне бір зұлым құбыжық алып күш иесінің үйінде, өзі де сондай құбыжық тіршілік иесі сияқты бірге тұрып қана келді. Енді, міне, қорадан шығып, есіктің сыртында тұрғанда ойлап қараса, өзі тіпті де құбыжық тіршілік иесі емес екен. Ал әлгі бір қас қағым сәттің ішінде өзін бұған дейін ұзақ уақыт бойы басын айналдырып алдап-арбап келген сиқырлы күштің шырмауынан босанып, кәдімгі адам қатарына қосылған еді. Бәлкім, ол енді өзін ертегілерде айтыла беретін қар аруы немесе басқа да ғажайып қыздар сияқты сезінген болар. Енді бұл Бьяртурдың алдында еш нәрсеге де міндетті емес. Бұл жерден біржола кету керек!
Шалшықты балшықтың шығыс жақ бөлігіне жете берген кезде Ауста бәтеңкесінің киюге жарамсыз екенін бір-ақ байқады, аяғына су өтіп кетіпті. Үстінде екі жеңінің шынтағы тесік көнетоз көйлегі бар. Жалаң бас келеді. Кең аңғарда өскен, осындай алба-жұлба киінген, кір-қожалақ бейшара қыз ертегілердегі ханшайым қызға қалай айналмақ? Үсті-басы малмандай су болса да мейлі. Онда тұрған ештеңе жоқ. Ол енді соңында қалып бара жатқан үйіне бір рет те қайырылып қараған жоқ. Міне, енді ол емін-еркін бостандықта, бейне бір ханшайым сияқты келеді, өзінің сүйген жігітіне неғұрлым тезірек жету үшін ұзақ жолда сапар шегіп келеді. Аңғарда өскен арманшыл қыз туралы ертегі шындыққа айналып бара жатқандай. Бұл өзінің сүйген жігітін іздеп келеді, ендігі өмірін онымен бірге өткізеді. Ол мұны ешқашан-ешқашан тастап кетпейді. Оның ақшаңқандай сәнді сарайы теңіз жағасындағы жасыл орманның арасындағы көк шалғын алаңқайдың ортасында алыстан көз тартады. Бұл енді ол сарайда тұрып, теңіз арқылы келіп-кетіп жататын кемелерді тамашалайтын болады. Ол ол ма, сол кемелердің бірімен теңіздің арғы жағындағы алыс елдерге сапар шегеді. Ол жақта күн шуағына малынып тұрған пальма ағашының ғажайып сұлу аллеялары бар. Иә, иә, иә! Тап солай болады. Ол үшін бүгін түні бойы таң атқанша тынымсыз жүре беруі керек. Аяғындағы бәтеңкесі жарамай, жыртылып қалса да еш нәрсе етпейді — ол бұған жаңа бәтіңке сатып әпереді. Бұл оның теңіз жағасындағы ақшаңқан сәнді сарайын көп іздеп, әуре болмай-ақ, тез тауып алады. Сөйтіп ол ұйқысынан оянып, тұрмай жатып есігін қағады. Ол есіктің қағылғанын естіп, "Бұл кім болды екен?" деп сұрайды. Ауста "Бұл мен ғой!" деп жауап қатады.
Ауста шалшықты балшықты бойлап оңтүстікке қарай жүріп келе жатқанда көңіл-күйі көтеріліп, кеудесін ән кернегендей шаттықта болды. Ол өзінің аяқ басқан жүрісінің соншалықты жеңіл екенін байқаған жоқ. Ол жаяу жүріп келе жатқан жан сияқты емес, бейне бір ұшып келе жатқан құстай сезінді. Жүрегі де жиі соғып, алып ұшты. Өйткені ол өзінің бақытына, бостандығына және махаббатына жеткенше асығып келеді. Ол өзін нағыз ханшайымға айналған кедей қыздай сезінді. Жоқ, бұл тек соның ғана сүйіктісі болады! Басқа ешкімге де қарамайды. Сөйтіп алып ұшып келе жатқанда Аустаның құлағына оның "Бұл кім болды екен?" деп, ақырын ғана сұраған даусы қайта-қайта естілумен болды. Естіген сайын Ауста: "Бұл мен ғой!" деп жауап қатумен келеді. Иен даладағы мың бұралған жалғыз аяқ соқпақпен жылдамдата жүрген сайын табаны тайып, жығыла жаздайды. Бірақ ілгері басумен болды. Бұл енді баяғы ғажайып Ивандар түніндегі сиқырлы шыққа шомылған бос қиялға берілген арманшыл жас қыз емес, қазір өзінің оңды-солын, қайда баратын бағытын айқындап алған жан. Бұл енді шынайы махаббаттың не екенін біледі. Қазір өзінің сүйіктісіне тезірек жету үшін бәрін құрбан етуге әзір. Бұл — шын мәніндегі өмірдің өзі. Бұл — махаббат пен шетсіз-шексіз иен дала. Бұдан былай басынан кешіретін нәрселерінің бәрі де нағыз өмірдің өзіне айналмақ.
Махаббат пен иен дала. Аңғардың терең сайында әлі қар жатыр. Оның астыңғы жағынан аяқ баса алмастай езіліп жатқан балшық көріне бастапты. Аустаның қарсы алдынан дымқыл, суық жел есті. Көп ұзамай, бәтіңкесінің жыртылып түсіп қалатын түрі бар. Аяғынан суық өтіп, сыздап қатты ауырды. Шөл қысты. Үрінді қардың жанында айнадай жарқырап жатқан шалшық судан ішті. Тым дәмсіз екен. Ауста қарны ашқанын, қатты қалжырап шаршағанын енді ғана сезді. Кенеттен жабысқақ кар жауып, борандата ұйтқып соқты. Қыз қою қараңғылық құшағында қалды. Әне — міне дегенше үсті — басы малмандай су болды. Аустаның бойын қорқыныш билейін деді. Өйткені йен даланың өзі қорқынышты. Бәлкім, өмірдің өзі де тап солай қорқынышты шығар? Ол енді Хельгиді есіне алды. Ол өткен қыста осы иен далада із-түзсіз жоғалып кеткен, ақырында тым болмаса сүйегі де табылмаған інісі болатын. Бұл иен далада талайлар қаза тапты. Бірақ мұның әкесі иен далада қаза болмас еді... Ол кенет Бьяртур өзінің әкесі емес екенін, өзімен үш қайнаса сорпасы да қосылмайтын бөтен біреу, құбыжық зұлым күштің алып иесі ғана екенін есіне түсірді. Сондықтан да ол, Бьяртур, еш нәрседен де қорықпайды. Қорқып келе жатқан — Ауста. Оның осы иен далада өліп қалуы да ғажап емес.Қорқыныштан ол қарнының ашқанын да, ұйқысы келіп, қалжырап шаршағанын да ұмытып кетті. Аустаға мынадай ой келді: Бьяртур мұны шапалақпен тартып жіберген кезде бұл оның мойнынан бекер-ақ құшақтай алмаған екен, мені аяй көр деп бекер-ақ жалынып-жалбарынбаған екен?! Жоқ, жоқ, жоқ! Онда бұл теңіз жағасындағы ақшаңқан сәнді сарайды ойлап тұрып, қорқынышты қалай да жеңіп шығуға тырысқан болатын. Бірақ ол ойлаған үйі қандай үй болып шығар екен? Мүмкін, ол теңіз жағасындағы қарапайым қара лашық шығар? Бәлкім, оның іші тола аш-жалаңаш балаларға толы болар? Ол бір күні бұған осындай бір қара лашық туралы айтып берген жоқ па еді? Жоқ, олай емес. Мұның елестеткені теңіз жағасындағы күн нұрына малынып, жарқырап тұрған ғажайып ақшаңқан сәнді сарай болатын. Тіпті оның жарқыраған сән-салтанатты үйі жерде де, аспанда да бар болар? Енді көп ұзамай, мұның сүйіктісі таңертеңгі күннің шапағына бөленіп, есік алдынан күтіп алатын болады. Бұл теңізде жүзіп бара жатқан үлкен кемелерді көре алады. Ал сүйіктісі есік қаққанда "Бұл кім болды екен?" деп сұрайтын болады.
Бірақ дәл осы кезде иен даладағы сонау алыстан жарқырап жатқан шағын бір көл көрінді. Ұйтқып соққан қарлы боран да басылды. Әлгі көл мұның қорқынышты жаман түс көрген кезіндегі көл болуы керек. Адам жападан-жалғыз жабырқап, көңілсіз келе жатқан кезде оған кеңінен көсіле шетсіз-шексіз шалқып жатқан мұхиттың мол кеңістігі емес, қайдағы бір аянышты шалшық көлдің елес беретіні несі екен осы? Яғни Ауста ұзақ жолдың қысқа ғана бір бөлігін жападан-жалғыз, жараланған жалаң аяғымен жаяу жүріп келе жатқан болды ғой. Бірақ оның жан дүниесіндегі жарқын үміті тіпті де жоғалған жоқ еді. Алда әлі ұзақ жол жатыр. Ауста еріген қардың шалшық суынан тағы да ішті де, орнынан әрең дегенде көтерілді. Ол өзінің сүйіктісінің сәнді сарай есігінің ішкі жағында тұрып "Бұл кім болды екен?" деген даусын тағы да естігендей болды. Оған осымен мыңыншы рет "Бұл мен ғой!" деп жауап қатқандай еді.
Жазғы мекен тұрғыны Бьяртур бұл түні тіпті де шешінбестен, киімшең жата кеткен болатын. Ол әрбір сағат сайын дерлік оқтын-оқтын тысқа шығып, мана кешке қарай қотанда қалдырған екі саулықты қарап келумен болды. Кәрі саулық Капа түн жарымы ауа бере күйіс қайырып, жатып қалды да, екінші саулық қозысын ертіп, тауға қарай кетті. Ұзаңқырап барып, қозысымен бірге ол да жатты.
Дүние құлаққа ұрған танадай тыныштыққа бөленді. Аздан соң таңмен таласа оянған құстар ғана он салып, сайрай бастады. Басқалардың бәрі де әлі үнсіз жатты.
Иә, Бьяртурдың шамасы шама екен. Капаның да қоздайтын сәті келді.
Таң ата бере Капа үшем тапты. Байғұс қозылар әлсіз аяқтарын тіреп, орнынан тұрмақ болады. Сөйтіп енесіне жақындағысы келеді. Ал Капа түрегеп тұрып қозыларының шаранасын жалап, емірене түсті. Кәрі саулық жарады, бәрінен де озып, үшем тапты. Кәрі Капаның да Бьяртурмен бірге басынан кешірмеген ауыртпалығы кемде-кем: бейшара саулық ішек құрттың да азабын тартты, аштыққа да шыдап бақты, сиқырлы зұлым күштердің қырсығына да ұшырады. Енді, міне, соның бәрі де біржола ұмыт болғандай үш қозыны бірден тапты. Бьяртур Капаны қойларының құты санайтын. Өткен күзде оны сойып алуға көзі қимай, аман қалдырған. Қазір сол үшін де риза болып, алғыс ретінде үш бірдей қозы сыйлаған сияқты. Қорадағы қойының саны күрт кеміп кеткен шаруа үшін үшем табу — жақсы нышан, жақсы ырым. Бірақ, өкінішке орай, енесінің желіні қатып-семіп қалған. Сүті жоқ. Бьяртур кеше кешке басқа саулықтан сауып алған уыз сүтті жылытып әкеліп, қозыларды қолтығына қыса-мыса ішке алып кетті. Капа оның соңынан қалмай, еріп отырды және әлдебір үрейлі күдікпен үсті-үстіне үздіксіз маңырай берді. Өйткені қай жануар болса да адамдарға барынша сенімсіздікпен қарайды, тіпті жақсылық жасап жатқан адамдардан сезікті секем алады.
Бьяртур есіктің табалдырығына жайғасып отырып алды да қозыларды екі тізесінің арасына қысып ұстап, бірінен соң бірінің аузына жылы сүтті қауырсын түтікпен емізе бастады. Құдайым-ау, қандай жас, қандай кішкентай, қандай нәзік еді. Егер әр заттың өзінің шама-шарқын пайымдап қарайтын болсақ, тап осы арада мақтаныш ете қоярлық дәнеңе де жоқ. Капа қорада қол созым жерде тұрып әлі әлдебір сезікті күдікпен қауіптене қараумен болды. Өткені ол өте қорқақ болып жаратылған жануар еді. Сондықтан да адамдарға сене бермейтін: шамасы, қойлардың осы бір тұқымын ойлап шығарған пастор Гудмундурдың өзінің мінезіне тартқан болуы да әбден мүмкін. Дегенмен де ол Бьяртурдың қандай қайырымды іспен айналысып отырғанын көріп, оған барған сайын жақындай түсті де, өзінің аналық жанашырлық үрейлі уайымымен оған үлкен де ойлы қоңыр көздерімен қадала қараудан танбады. Жанашырлық жақсы сезімнің өзі өмірде жиі кездесетін ізгілікті әрекеттердің қатарына қосыла бермейді. Бірақ әйтеуір бір алдағы кезде оның бүкіл дүние әлемінде кеңінен салтанат құратыны сөзсіз. Бәлкім, мұның өзі оншалықты тамаша иен дала да емес шығар, иен даладағы оншалықты тамаша қора-қопсы да емес шығар. Бірақ кейде мұнда адам таң қаларлықтай тамаша құбылыстар болып жатады: адам мен жануар арасында бір-бірімен өзара түсіністік орнайды. Мұның өзі Үш құдай күні таңертең болған еді. Саулық Бьяртурға тіпті жақындап барды да, ризашылық сезіммен емірене түсті. Бьяртур үш қозыны бірдей ұстап, алдына алып отыр еді. Капа өзінің тұмсығын оның ұсқынсыздау дөрекі бетіне тақады, оған бейне бір алғыс сезімін білдіргендей болып, сақалын жылы демінің лебімен аймалады әрі ақырын ғана мейірлене маңырады.
Рим — Ницца.
1934 — 35 жылдың қысы.
БЕРЕКЕЛІ ЖЫЛДАР
ТӨРТІНШІ БӨЛІМ
АЛПЫСЫНШЫ ТАРАУ
ФЕРДИНАНДТЫҢ ӨЛІМІ
Дүниежүзілік деп аталған соғыс — бір кездегі Наполеон соғыстарынан кейінгі ең жойқын соғыс — біздің еліміздің бағына Құдай тағаланың өзі жолдаған береке-ырыс ала келді. Құдайдың рақымымен бұрқ ете қалған дүниежүзілік соғыс біздің халқымызды жоқшылықтан, мәдениетімізді жойылып кетуден құтқарып қалды. Өйткені балық пен балық майына деген сұранысты еселеп арттырып жіберді. Мұндай соғыстан қалай айналып кетпессің! Е, Құдай, көп ұзамай және бір осындай соғыс бұрқ ете қалса екен, шіркін! Соғыс Фердинанд деген шетелдік бір бейшараны біреулердің өлтіріп кеткенінен басталған көрінеді. Адамдар содан бері төрт жыл бойы бірін-бірі қырып жоюмен келеді. Оларды кәдімгі кәнігі қасаптың ет шапқанындай турап жатыр.
Таудағы қойларын іздеп шығар алдында Жазғы мекеннің шағын бөлмесінде кофе ішіп отырған шаруалардың әңгімесі осы төңіректе болды. Бұлардың өздері де өмір бойы соғысып келе жатыр еді. Олардың соғысы тіпті дүниежүзілік соғыстан әлдеқайда маңыздырақ болатын Ол соғыстың шығу себебі де қайдағы бір Фердинандтың өлімінен әлдеқайда күштірек сияқты көрінетін.
— Халық сол бір оңбаған немеден құтылғаннан кейін "уһ!" деп демін алған шығар деп ойлаймын, — деді Бьяртур.
— Мен бұл жөнінде еш нәрсе де айта алмаймын, — деп жауап қатты ундерхлидтік Эйнар. — Мына менің, мен сияқты басқа да адамдардың дүниежүзілік соғыс туралы әңгіме етіп не жұмысы бар осы?! Менің естуімше, ол жігіт бір өте кішкентай мемлекеттің королі көрінеді, — аты кім еді өзінің, есімде сақтай алмай-ақ қойдым. Мен оның қаншалықты ақылды жігіт болғанын білмеймін. Өйткені біpге, исландиялықтарға, ондай корольдердің қандай адам болғанына мән беріп жатудың қажеті жоқ. Біздің өз короліміз бар, Тay королі бар. Бізге сол корольге баға берсек те жетеді. Құдай алдында біздің бәріміз де бірдейміз. Өз еркі өзінде, ешкімге қарыз да емес, тәуелді де емес, жалшылықта жоқ шаруа — өзіне-өзі король. Ал, әлгі Фердинанд пе еді, қалай еді өзі, қалай дегенде де адам ғой, жұмыр басты пенде емес пе? Олай болса, христиандардың ол туралы ғайбат сөз айтуы жарамайды. Адам қашан болса да адам ғой.
— Иә, аты кім дедіңдер оның? Байғұс жігіт өз пешенесіне жазылғанын өзі көрді ғой. Сендерге бәрібір емес пе? — деді гилилік Круси. — Бірақ мен бір нәрсеге түсінбеймін: сол оңбаған, қарғыс атқан Фердинандқа бола қанды қырғын төбелес жасаудың не қажеті бар еді?
— Қайтесің сол перілерді сөз етіп? Мейлі, өзді-өзі қырылыса берсін, — деді Бьяртур. — Олар неғұрлым ұзақ соғысса, бізге солғұрлым жақсы. Енді олар қайғы-қасіреттің не екенін сезінген соң бұрынғы өркөкірек менмендігін бәсейтеді. Енді олар тағамды таңдап, талғап жеуді қояды, не ұсынсаң, соны қылғытып жұта беретін болады. Баға да қымбаттай түседі. Көп ұзамай олар біздің тастаған тезегімізге дейін сатып алады әлі. Мейлі, басқа халықтарға пайдалы болып тұрған кезінде бірін-бірі кескілеп қыра берсін. Шетелдерде адам жетіп артылады, өлгендерді жоқтап ешкім жылай қоймайды.
— Кей-кейде белгілі бір мақсат-мұраттар үшін де соғыса береді, — деді ундирхлидтік Эйнар, шетелдіктердің әрекетін ақтай түскендей болып. Ол Бьяртур қашан болса да — өлең жазғанда да, қара сөзбен айтқанда да — өте күшті әрі қатал айтады деп білетін.
— Бьяртур, — деді ол сөзін жалғастырып, — сен тәжірибелі байырғы ақын ретінде қай жерде соғыс болып жатса, сол жерде белгілі бір мақсат-мұрат болатынын білуге тиістісің. Бірақ ол мақсат-мұраттың неғұрлым маңызды мақсат-мұрат туралы ойлайтын адамдар үшін, бәлкім, ештеңеге тұрмайтын елеусіз бір нәрсе болып көрінуі ғажап емес.
— Мақсат-мұрат? — деп таңдана сұрады Бьяртур, бұл сөздің терең мәнін ұқпай.
— Менің айтайын дегенім "мән-мағынасы" деген сөз еді, — деп анықтай түсті Эйнар.
— Бірақ мен біздің заманымызда соғыс атаулының әлдебір мән-мағынасы болады дегенді ешқашан естіп-білген емеспін, — деді Бьяртур.-ақыл-естен жұрдай есуастар ғана соғысады. Ал ежелгі замандағы соғыстың жөні бір бөлек. Онда викингтер бір қиырдағы алыс елдерге барып, өздерінің өмір гүлі болатын сұлулар үшін соғысатын. Ал қазір тіпті де олай емес қой. Қазіргілер әйтеуір бір белгілі мақсатты көздеп соғыспайды, жайдан-жай қып-қызыл ақымақтық немесе қасарысқан қыңырлық салдарынан соғысады. Бірақ мынаны атап айтқым келеді: бізге пайдасы тиіп жатса, олардың ақымақтығы біз үшін жақсы.
— Меніңше, қымбатты Бьяртур, — деді Тау королі, — бұл істің екінші жағына да қарау керек. Қазіргідей дүниежүзілік соғыс — Құдайдың өзі біздің елімізге жібере салған берек-ырыс қана емес, атап айтар болсақ, біздің шаруаларымыздың өндірген азық-түлік өнімдері бағасының қымбаттауы ғана емес, сонымен қатар керемет күйзеліс те болып табылады. Соғысып жатқан елдер аса ауыр апат зардаптарын шегуде. Мысалы, таяуда Францияда ежелден бар орасан зор ғажайып шіркеу қирап қалыпты. Ал ол шіркеу жүз жылдан астам уақыт бойы мызғымай тұрған болатын.
— Маған салса, Франциядағы шіркеуді қалай қиратса, олай қиратсын. Маған бәрібір, — деп, жеркенішті күлкімен мырс ете қалды Бьяртур. — Егер сол даңғой есерсоқтар біздің Редсмиридегі шіркеуді де қиратып кетсе де көңілім баяғыдай болып, ешқандай реніш білдірмес едім.
— Иә, олар, өкінішке орай, тек шіркеулерді ғана емес, тұтас қалаларды да жермен-жексен етіп жатқан көрінеді. Парижде де, Лондонда да, тамаша сарайлар мен кітапханаларды былай қойғанда, қыруар қазына — көптеген алтын, қымбат бағалы асыл тастар жойылып кетіпті деседі.
— Мейлі, ол алтындар да, қымбат бағалы асыл тастар да менікі емес, — деді Бьяртур. — Сәнді сарайлар да солай, бөтен біреулердікі. Ал кітапханаларға келетін болсақ, біздің приходтың кітапханасын он жылдан бері құрт-құмырсқа жайлап, қабырғалары көгеріп, зәктеніп кеткен. Ешқандай соғыссыз-ақ қирағалы тұр.
— Ал қаланы атқылау кезінде быт-шыты шыға қирап жатқан қымбат бағалы тамаша мүсіндер туралы не айтар едің?
— Мүсіндер? Ол не қылған сайтан алғыр нәрселер? Өзің сол мүсіндерді әйтеуір бір кезде өз көзімен көргендей болып, не соғып отырсың?!
Осы кезде Тау королі еріксіз үндей алмай қалды. Өйткені ол шынында да нағыз мүсін дегеннің не екенін көрген емес еді. Ол ғана емес, осында отырғандардың ешқайсысының да мүсін жөнінде түсінігі жоқ болатын Рас, Редсмиридегі фрудың бір кезде мүсін дегеннің не екені туралы айтып бергені бар. Сондай-ақ
Гилтейгалық Тоурирдің қызы осыдан көп жыл бұрын кішкентай ғана фарфор күшік сатып әкелген.
Міне, сол фарфор туралы...
Мен сондай ескі-құсқы қоқыр-соқырды қиратып тастағанда тұрған ешнәрсе де жоқ деп санаймын, — деді Бьяртур. — Шынында да солардың не керегі бар осы? Халықты ақымақ етіп, ызасын келтіргеннен өзге еш пайдасы жоқ. Қазір қарапайым тостағандармен немесе эмальды сапты аяқтармен кофе ішкендерді мүсіркеудің не қажеті бар? Мысалы, менің өз басым өмір бойы осындай ыдысты пайдаланып келемін, одан кеміп қалған еш жерім жоқ.
— Ал, меніңше, — деді гилтейгалық Тоурир, — олардың бәрінің де соғысып жатқан ең бірінші себебі мінез-құлқы бұзылған арам ниетті адамдардың қайткен күнде де шетелдерге басып кіріп, ондағы әйелдерді зорлау болып табылады. Менің шетелде болған бір адамның өз аузынан естуім бойынша, жер бетіндегі ең оңбаған жексұрын жандар әйелдердің соңынан қалмай жүгіре беретін солдаттар мен генералдар көрінеді. Ондай оңбаған шетелдік солдаттар мен генералдар туралы толып жатқан әңгімелерден әбден құлағым сасыды. Тіпті айтуға аузым бармайды. Айтсаң, Исландиядағы бірде-бір адам сенбейді. Менің өзімнің үш қызым бар. Мен олар туралы еш нәрсе айтпаймын. Бірақ біздің елімізге әлдебір француздардың немесе немістердің келмегені үшін соңғы кезде Құдайға мың мәртебе шүкіршілік етемін. Өйткені солдаттар мен алуан түрлі генералдар күнәдан пәк қыздарымыздың бастарын айналдыруы әбден мүмкін еді ғой.
— Жарайды, әйелдер туралы айта берудің қажеті қанша? — деді Бьяртур. — Олар соғыссыз да өз ойларына келгенін істей алады. Мен әйелдердің жағдайын жақсы білемін ғой. Олардың басым көпшілігі ойнап-күліп, көңіл көтеруді жек көрмейді. Рас, әйелдердің бұл қылығы ешкімге де ұнамайды, бірақ оларға бәрібір тыйым сала алмайсың.
Гилтейгалық Тоурир қарсы пікір білдірді, Бьяртурдың тым қатты әрі дөрекі айтқанына тоқталды. Байғұс қыздар-ай! Ол өзінің қыздары туралы ойға шомды. Бірақ, қалай дегенде де шындықтан қашып құтыла алмайсың. Егер қыздар зұлымдық пен зорлыққа батыл қарсы тұра алар болса, мұның өзі олардың өздері үшін қандай жақсы болар еді!
— Мен зұлымдық пен зорлықтың арасында әлдебір айырмашылық бар деп білмеймін. Өйткені ол екеуінің де көздейтін мақсаты бір, — деді Бьяртур.
Эйнар бұл әңгімеге араласпады. Өйткені оның әйелі мен жалғыз қызы өкпе ауруынан қайтыс болған еді. Сондықтан да оның отбасындағы зұлымдық пен зорлық туралы сөз ету мүмкін емес болатын.
— Бірақ, — деді ол өзінің үйреншікті әдетіне басып, — мен Тау королінің пікіріне қосыламын. Егер бір көзімізбен соғыстың мақсат-мұратына, ал екінші көзімізбен қырылып жатқан адамдар мен жаралы болған мүгедектерге қарайтын болсақ, онда не айта алар едік? Бір-ақ нәрсе айта алар едік: қайдағы бір мақсат-мұрат туралы армандағаннан гөрі адамдардың өмірін аман сақтап қалу туралы ойлаған артық дер едік. Егер әлгіндей мақсат-мұрат жер бетіндегі жасайтын адамдардың өмірі мен әл-ауқат жағдайын жақсартуды көздемей, оларды миллиондап қыра беруді көздейтін болса, ондай мақсат-мұраттың кімге керегі бар?! Өйткені мақсат-мұрат дегеніміз өмір болмаса, ал өмір дегеніміз мақсат-мұрат болмаса, онда мақсат-мұратта қандай мән-мағына қалмақ? Сонда өмір дегеніміздің өзі не болмақ?
— Егер олар әлдебір мақсат-мұратты көздеп, жанталаса беретін болса, онда өз обалдары өздеріне, — деді Бьяртур. — Соғыстың болғанын тілеген адамның ажалды өзі іздеп бара беруіне болады. Егер ондай есуас жын-перілерге барып тұрған ақымақтық салдарынан әлдебір мақсат-мұрат жолында бірін-бірі қыра беру қатты ұнайтын болса, онда мен үшін бәрібір. Менің қалай дегенде де ол үшін күйіп-пісетін жағдайым жоқ. Бәрін де сайтан алсың түге! Тағы да қайталап айтамын: олар бір-бірімен барынша ұзақ соғыса берсін. Біз үшін ет пен жүннің бағасы арта түскені жақсы!
— Ал соғыса — соғыса ақыр аяғында ешкім қалмаса, не болады? — деп сөзге араласты Круси.
— Онда біз, жігіттер, кеме жасақтап мінеміз де теңіз арқылы оңтүстіктегі елдерге барамыз, — деді Бьяртур. — Ондағы жайылымдардың жағдайымен танысамыз. Содан соң оңтүстікте қойды қалай көптеп өсіруге болатынын ойластыра бастаймыз. Ал мен гилтейгалық Тоурирдің немерелері Лондонның қарғыс атқан фарфорлары мен мүсіндері тас-талқан болып қирап жатқан үйінділері арасынан сап-сары бақбақ гүлдерін теріп жүргенін көріп, қуанғанымнан рақаттана күлер едім. Кім біледі, мен арғы жағалаудағы Париж жермен-жексен болған орында мәуелі бақ өсіретін шығармын! Ха-ха-ха!
— Мен бұл жерде Эйнардың айтқан сөзіне қосылуға тиістімін, — деді Тау королі. — Өйткені сен, қымбатты Бьяртур, тым асыра сілтеп бара жатырсың. Соғыс деген тек ақымақтық салдарынан ғана болмайды. Қалай дегенде де біз, мына сені мен олай деп, жеңіл-желпі ұшқары пікір айта салмауымыз керек. Рас, осы соғыстың арқасында бізде молшылық, береке-ырыс пайда болды. Күн сайын дерлік байып келеміз. Бірақ, екінші жағынан алып қарасақ, Эйнар да белден басыңқырап жіберді. Соғыс бар жерде мақсат-мұрат бар дейді. Естеріңде болсын, мен бұл сөзімді приход кеңесінің мүшесі ретінде айтып отырған жоқпын. Құдайға шүкір, бұл соғыстың біздің приходқа тікелей қатысы жоқ қой. Бірақ тікелей өз атымнан айтар болсам, соғыстың аты соғыс. Ал соғыс дегеніміз не? Ол бей-берекет ала ауыздық, болмашы түсініксіздіктен өзара келіспей қалушылық. Менің түсінігімше, ең басты күрес Франция және Германия деп аталатын елдердің арасында жүріп жатса керек. Дегенмен бұл соғысқа Англия да белсене араласуда көрінеді. Оның әсіресе теңіздегі соғыста атқаратын рөлі күшті деседі. Англияның тамаша әскери кемелерінің есебі жоқ көп екен Егер әлдебір өзге пайдалы нәрсеге жұмсалатын болса, ондай кемелер кез келген халықтың мақтаныш етуіне әбден лайық. Соғыс басталған жылы көп ұзамай, жаздыгүні менің бірде Фьордтағы уездік дәрігерге бара қалғаным бар. Мен онда едәуір ұзақ отырып, кофе іштім. Барған жұмысым ауру малды емдеу үшін дәрі-дәрмек ала кету еді. Сөйтіп отырғанымызда соғыс туралы әңгімеге кірісіп кеттік. Ол шетелде шыққан бір ғажап кітапты алды да маған ондағы суреттерді көрсете бастады. Сөйтіп мен Франция мен Германияны өз алақанымдағыдай айқын көрсем болар ма! Мен ол суреттерді тігінен де, кесе-көлденеңінен де бірнеше рет аударыстыра көріп шықтым, бір-бірімен мұқият салыстырып қарадым. Сонда не байқадың дейсіңдер ғой? Байқағаным — Франция мен Германия дегендеріңнің бір-бірінен ешқандай айырмашылығы жоқ екен. Шын мәнінде ол екеуін бір ел десе де болады. Араларында фьордтар түгілі, жіп-жіңішке бұғаз да жоқ, тұтасып жатыр. Қай жағына қарасаң да көретінің — қаптаған ормандар, таулар, далалар мен қалалар. Табиғаты да бірдей — тым болмаса титімдей айырмасы болсайшы шіркіннің! Ал суреттегі адамдардың түрі-түсіне келетін болсақ, өзге адамдармен салыстырғанда мен оларды тіпті ақымақ емес, тіпті де зұлым ниетті емес деп батыл мәлімдей аламын. Германиядағы адамдар да Франциядағы адамдардан тіпті де ақымақ сияқты көрінбейді. Өзіміз көріп жүрген кәдімгі адамдардан айырмашылығы жоқ. Суреттеріне қарап отырсаң, немістер шаштарын қысқа алдырады екен. Ал француздардың көпшілігі ежелгі ескі сәнді ұнататын көрінеді. Кәдімгі біздің поселкенің адамдары сияқты сақал қоятын болып шықты. Басқалар сақал қойып жүрсе де кейбіреулерінің иегі тап-тақыр, жап-жалаңаш.
Шындығын айтатын болсам, маған немістер де, француздар да өзіміздің поселкеміздегі адамдар сияқты барынша адал әрі жақсы жандар болып көрінді. Міне, сондықтан да мен былай деп ойлаймын — егер қажет болса, мен мұны тинге мәжілісінде де ашық мәлімдей аламын, — осы екі халықтың арасындағы жанжалды ала ауыздық қайдағы бір болмашы түсініспеушіліктен туындаған болуы керек. Олардың әрқайсысы өздерін бір-бірінен артықпыз деп ойлайды. Ал, шындығына келгенде, олардың шаш алдыруы мен сақал қоюындағыдан өзге айырмашылығы жоқ. Олардың әрқайсысы өздерінің елін, неге екені белгісіз, екіншісінің елінен артық деп санайды. Ал байқап тұрсаң, Германия мен Франция — бір-бірінен ешқандай айырмашылығы да, артықшылығы да жоқ біртүтас ел Ақыл-есі бүтін адамның ол екеуінен айырмашылық таба қоюы тіпті де мүмкін емес. Төбелесіп жатқан екі адамның қайсысын қолдау керек екенін айыру қашан да өте қиын. Ондайда ең дұрысы — екі жағын да "Сенікі дұрыс!" деп, мақтап қою. Ал жеке өзімнің не ойлайтыныма келетін болсақ, олардың қайсысының жеңіп шығатын кезін барынша төзімділікпен күте тұрамын. Қайсысы жеңсе, сонысы жеңсін — маған бәрібір. Ертелі-кеш әйтеуір біреуінің жеңетіні белгілі деген үмітпен күте беремін. Сондай жеңіс болған кезде осы екі ел бір-бірімен қосылып, бір елге айналады деген үмітімді үзбеймін. Өйткені шын мәнінде олар бір ел ғой. Сонда олардың арасында бұдан былай ешқандай ала ауыздық та, ешқандай түсініспеушілік те бола қоймайды. Олар біз екі елміз деп өзеурегенін ұмытатын болады.
АЛПЫС БІРІНШІ ТАРАУ
СЕНІМ МӘСЕЛЕЛЕРІ
Ел мен халықты байыта түскен дүниежүзілік соғыс одан әрі жалғаса берді. Көптеген адамдар — әсіресе аңғал да қайырымды жандар — оны Құдайдың рақымы түсіп жіберіле салған ырыс-береке деп білді. Соғыс төрт жылға созылды. Созылған сайын бүкіл халықтың ризашылығын күшейте түсті. Барлық қайырымды жандар бұл соғыстың ғасыр аяқталғанша тоқтамай, жалғаса беруін тіледі. Шетелдерде Исландия тауарларына деген сұраныс күшейіп, оның бағасы қымбаттай берді. Үлкен құрылықтағы мемлекеттер ол тауарларды өздеріне көптеп алып кету үшін бәсекеге түсіп, өзара күресумен болды. Бұрын исландиялықтардың аштық пен құлдық құрсауынан қысым көріп, көпестер мен әртүрлі қырсық атаулыдан азап шеккендеріне мейлінше немқұрайды қарап келген, ал қазіргі өте қабілетті, бірақ исландиялықтар үшін түсініксіз жұмбақ қалпында қалып келе жатқан есуас даңғой жауынгер — сымақтар бұлардың қолдарындағы тауарларын таласып-тармаса жұлып алу арқылы елдің байлығын көбейтіп, құт-берекесін кіргізе берді. Көптеген исландиялықтар бұрын өздері әзер дегенде жалға алып келген жерлерін енді өз меншіктеріне сатып ала бастады. Өйткені жердің шын мәніндегі бірден-бір құнды қазына екенін түсінді. Соғысқа дейін жер ала алмай, жанталаса күш-жігер жұмсап келгендер енді сатып алған жерлеріне үй-жай салуға кірісті. Бұрынғы қарыздарынан құтыла алмағандар қарызға одан сайын белшелерінен батты. Ал ешкімге ешқандай қарызы жоқтарды песис беретін мекемелер құшақтарын жая, жылы шыраймен қуана қарсы алатын болды. Адамдар бұрынғысына қарағанда егінді көбірек салумен айналысты, қолдарындағы мал басын арттыра түсті, тіпті балаларын мектепке жібере бастады. Кейбір шаруалардың үй-жайларында үлкенді-кішілі фарфор күшіктер, саз аспаптары, тіпті күйсандықтар пайда болды. Әйелдер саусақтарына қос-қостан металл сақиналар салатынды шығарды. Олардың көпшілігі сәнді сырт киімдер мен әдемі етіктер сатып алды. Ал бұрын қатардағы еңбек адамдары мұның ешқайсысына да қол жеткізіп көрген емес еді. Үкімет халықты қоғамдық жұмыстармен қамтамасыз етудің кең көлемді бағдарламасын белгіледі. Альтингке Ингольв Арнарсон Иоунссон сияқты жұртқа жаны ашитын жігерлі адамдарды сайлаған поселкелерде жолдар мен көпірлер салына бастады. Фьордтан үлкен аңғар арқылы Жазғы мекенді жанай өтіп, Утиредсмиридің өзіне дейін созылатын тас жол салынды. Ол жолмен өздігінен жүретін, көз ілеспес жылдамдықпен былайғы жұрттың үрейін ұшыра заулап өте шығатын алғашқы арбалар да пайда болды. Жұрттың жапа-тармағай байлыққа ұмтылуы, бүкіл елдегі тарыдай шашылып жатқан үй-жайлар мен поселкелерге жаңбырдай жауған ақшаның көптігі кейбіреулерді ақылға салып, дұрыс ойлау қабілетінен айырды. Жердің бағасы шектен тыс шарықтап кеткенін жоққа шығаруға болмайтын еді. Жанталаса жарысып, құрылыс салуға құныға түсудің де шектен шығып кетуі жиі кездесті. Мектептегі балаларды жеделдете оқытып, әйтеуір бір мамандық түрлерін неғұрлым тезірек үйреніп шығуына баса көңіл бөлінді. Болып жатқан өзгерістерге аздаған адамдар ғана байсалды байыппен қарап, өмір сүрудің қалыптасқан түрін өзгертуге асыққан жоқ — фарфор күшіктер сатып алуға қызықпады, балаларды оқытуға ақша төлеуге бармады, мал басын бірте-бірте баяу өсіруге тырысты, өздерінің жеке шаруашылығын шамаларына қарай жүргізді, неғұрлым жоғары да биік мақсатқа асықпай жетуді көздеді. Ондай адамдардың қатарында Жазғы мекен иесі Бьяртур да бар еді. Ол сән-салтанат пен асып-төгіліп жататын молшылыққа әлі де болса қызыға қойған жоқ. Алдағы кезде мал сатып алу және батырақ жұмысшылар жалдау үшін бірте-бірте ақша жинай берді. Бұрын ол уақыт өлшемін қарғыс атқан Фриданың пайда болған кезінен бастаушы еді — оны барлық қайғы-қасіреттің жиынтық бейнесі сияқты көретін. Енді ол күндер кайтып келместей алыста қалды. Қазір Бьяртурдың отарында екі жүз елу саулық бар. Оған екі сиыры мен үш жылқысын қосыңыз. Жаздыгүні бұл шөп шабатын жалшылар ұстайды. Қыстыгүні шаруасына қарайтын экономка әйел және бір батырақ жұмыс істейді. Бьяртур тіпті екі қой қораны адамдар тұратын баспана етіп қайта жабдықтады. Қой қораның көң-қоқысын сыртқа лақтыруға арналған тесігіне енді төрт көзді кішкентай терезе орнатылды. "Үлкен өзен бұлақтан басталады" дейді халық мақалы. Мұның өзі салауатты алға жылжу еді, онда ешқандай да күйзелістер мен төңкерістер болған жоқ. Бәрі де бейне бір өзінен-өзі емін-еркін жүріп жатқандай әсер қалдырды. Бьяртурдың өзі де ешқандай өзгеріске ұшыраған жоқ. Ол бәлендей асып-тасып, сән-салтанат құруға ұмтылмады. Зор дегенде өзіне шөмеленің үстіне жатып, бес минөттей дем алуға ғана мүмкіндік берді. Соның өзінде ұйықтап қалмай, шалшық суға құлап түссем жақсы болар еді деп үміттене ойлайтын. Ол өзіне жалданған батырақтардан жазда да, қыста да адал жұмыс істеуді талап етті. Оңаша қалған сәттерінде бұрыннан үйреншікті әдеті бойынша күбір-күбір етіп, ұйқастыра өлең шығарумен айналысты. Кемпір байғұс Құдай тағаланың өзі үрлеп өшіре салуды ұмытып кеткен шалажансар жанған шырақтай болып, әлі де тіршілік етуде. Ол өзінің байырғы псалом-дұғаларын күбір-күбір оқып, іс тоқығаннан бір жаңылмайтын, болып жатқан жаңалықтардан мүлде бейхабар отыра беретін. Тіпті үлкен аңғар арқылы тас жол салынғанын, өздігінен жүретін алғашқы арбалардың Фьордқа дейінгі аралықты қырық бес минөтте, ал Утиредсмириге дейінгі аралықты ширек сағатта жүріп өтетінін айтсаң, тіпті де сенбейтін. Ол Құдайдың өз жолынан өзге әлдебір жолдар бола алады екен дегенге мүлде иланбайтын. Оған адамдар дүниежүзілік соғыс болып жатыр деп қуана хабарлағанда да сендіре алмаған. Ешқандай дүниежүзілік соғыс жоқ, ондай соғыс болмайды, сендердің соғыс деп жүргендерің, менің бұрынғы кездерде естігенімдей, шетелде бола беретін кәдімгі соғыс қана деген жауап қайтаратын. "Дүниежүзілік соғыс деген не өзі? Осы жұрттың ойлап таппайтыны жоқ!" дейтін.
Ол тіпті әлдебір жақта басқа дүниенің бар екендігіне де күмәнданатын. Оның есесіне, бұлардың өздері тұратын хуторының үстін қарғыс атқан зұлым күштердің жайлап алғанына, бұдан былайғы жұрттың ертелі-кеш әйтеуір бір көздері жететініне кәміл сенетін. Өйткені Колумкиллиді осы хутордың қыр-соңынан қалмай, қырсыққа шалдырып жүргендерді тырнағына бір іліккен соң ілуде бір рет қана босатып жібереді деп білетін.
— Ал өзім бұдан қырық жыл тұрған Урдарсельде күн керемет қызарып батушы еді, адамдар рақаттана бақытқа бөленетін, — дейді ол.
Кемпір байғұс өзінің туған үйін ұдайы сағынумен өмір сүріп келе жатқан еді.
Енді біздің кооператив бірлестіктері туралы, шаруалардың тұтыну қоғамдары туралы сөз еткеніміз жөн. Олар пайда болған жерлерде аралық делдалдардың керегі болмай қалды, шаруалар өздерінің өндірген тауарларын өздері жақсы бағамен сата бастады. Саудада, құрылыста, өндірісте және шаруашылықта өзара пайдалы көмек түрлері қалыптасты. Ондай одақтар шаруалар сословиесін қиындықтардан құтқаруға және кедей шаруаларды Даниядағы сияқты ауқатты топқа айналдыруға тиіс болды. Фьордтағы тұтыну қоғамы басқа ел тұтыну қоғамдары сияқты өсіп-өркендеп көркейе түсті. Арам тамақ алып сатар саудагерлер бірінен соң бірі су түбіне кетіп, тұншыға бастады немесе су бетінде әрең дегенде қалқып қана жүрді. Шаруалар ендігі жерде сауда-саттықты да, ауыл шаруашылығын да, құрылысты да, тіпті электрлендіру ісін де өз қолдарына алды. Шаруаларды қолдайтын астаналық газеттер енді Исландияда кең көлемді ірі ауыл шаруашылығының берік негізі қалана бастады, ол қазіргі заман талаптарына толық сай келеді деп, жарыса жазумен болды. Олардың жазуына қарағанда, ендігі жерде ауыл шаруашылығы исландиялықтардың негізгі табыс көзіне, халық бостандығының ең басты іргетасына айналатын көрінеді. Ол сонымен қатар ұлттық ерекшелікті бұлжытпай сақтап қалудың, халықтың рухани байлығы мен қажырлы күш-қайратын да арттыра түсетін болады десті. Кімде-кім шаруалардың мүддесіне қиянат жасап, қарсы келетін болса, ол халықтың барып тұрған қаскүнем зұлым жауы саналуы тиіс екен. Газеттер: "Аралық алып сатар саудагерлердің көзі жойылсын!" деп ұран тастады. Өйткені тұтыну қоғамдары шаруалардың жұмсайтын шығындарын жиырма бес пайыз кемітетін көрінеді. Ол қоғамдар шаруаларды капитализмнің езіп-жаншуына қарсы күрес жүргізу үшін, ұсақ-түйек өндіріс иелерінің мүддесі мен жалпы халықтың құқығын қорғау үшін құрылыпты.
Бірақ мұның өзі де әлі маңызды міндеті емес көрінеді. Тұтыну қоғамдарының алдында бұдан да жоғары мақсат тұр. Ол экономикалық тұрғыдан алғандағы тиімділіктен әлдеқайда асып түседі. Ол қоғамдар адамдардың өздерін тәрбиелеуге күш-жігер жұмсайды, олардың өмірге деген көзқарасын кеңейтіп, тереңдете түседі, әлсіз адамдарға жанашырлықпен жәрдем жасаудың жолдарын үйретеді.
Әлгі астаналық газеттер кенеттен шаруалардың мәдениетін жандарын сала қорғау мақсатымен мәселе көтерді. "Бәрі де шаруалар үшін!", "Шаруалар — ұлттың өмірлік жан жүйкесі, оны құтқарып қалатын бірден-бір күш!" деген ұрандар тастады. "Биік таудағы аңғарлар — Исландиядағы барлық керемет құндылықтардың алтын бесігі" деп жазды. Еліміздің гүлденіп дамып, ілгері басуының салауатты негізі исландиялық шаруалардың өмірі ғана болып табылады деп насихаттады. Таудағы мал жайылымында жүрген шаруалар ауаның тазасын жұтады. Ал ол ауа шаруаның организміне сіңген соң оған жұмбақ сыры терең өмірлік күш-жігер береді, оның тәні мен жанын сауықтырып, жетілдіре түседі. Табиғат — ананың шаруаларға сыйлап отырған ондай ғажайып әлем туралы қала тұрғындарының ең қарапайым түсініктері де жоқ. Ондай ғажайып әлемнің ләззатынан мақұрым қалғандар өздерінің бір минөттік өткінші қыңырлықтан рақат алатындардың бойында қыңыр мінез қалыптасатыны өзінен-өзі түсінікті. Қой баққан шаруаның бүкіл өмірі ерлік істерге толы. Оны тау-тас пен кең аңғардағы қарлы борандар әбден шынықтырады. Деревнялардағы тамаша өмірге жететін ешнәрсе жоқ — ол халыққа ғажайып тәрбие берудің ең жақсы негізгі, ғибратты мектебі. Шаруалар деревнядағы мәдениетті дамытудың бар ауыртпалығын өз иықтарымен көтеріп келеді. Алдын ала көрегендікпен болашақты болжау және барынша байсалдылық таныту — олардың қанына сіңген қасиет. Олар өздерінің бұл қасиетін бәрінен де жоғары қоя біледі, еліміздің және халқымыздың игілігіне жұмсауға әрқашан әзір. Балық майы құйып толтырылған шамның қысқы ұзақ түнде өлімсіреп жанған жарығында олардың бойында осындай асыл қасиеттер дарымағанда біздің еліміздің тарихи тағдыры не болар еді? Біздің халықтың өзге барлық өркениетті халықтардың оқу-ағарту ісінен жоғары тұрған бүгінгі оқу-ағарту саласының тағдыры не болар еді? Егер шаруаның балалары әлі кереуеттің аяғына сүйеніп, енді-енді тәй-тәй басып жүре бастаған кезінен ежелеп оқуды үйренбегенде, қара күйемен ысталған шынының бетіне әріптерді біртіндеп жазып үйренбегенде, қой қораның қаракөлеңке қуысында отырып Інжілге шұқшия түспегенде, егер ол әкесі айтып берген ерлік сагаларды естіп өспегенде немесе қарт әженің ыңырсып отырып салған әсерлі әуендерін құлағына құя бермегенде, егер кеш сайын Хетльгрим Пьетурссонның өлеңдерін мұқият тыңдап әрі жаттап жатып ұйқыға кетпегенде, біздің халқымыздың оқу-ағарту ісінің халі мүшкіл болатыны сөзсіз еді. Ал табиғаттың игі әсерін қайда қоясыз? Иә, Исландияның кең аңғарлы, құлама сулары бар, биік таулары мен сілемді жоталары созылып жатқан ғажайып табиғатының өзі неге тұрады! Ондай таулардың арасында тұратын адамдар — нағыз адамдар, табиғаттың төл перзенттері. Олардың өмірінің мәні Құдайдың өзіне көмек көрсетуде болып табылады.
Бұрын шаруа мәдениетінің артықшылығы мен шаруа сословиесінің құндылықтары туралы қалың көпшілікке арналған уағызбен анда-санда редсмирилік фру ғана айналысушы еді. Бәлкім, өзінің қала өмірінен қол үзіп қалғанынан кейін солай болған да шығар. Ол өзінің ондай уағыздарын негізінен алғанда үйлену тойының салтанатты кештерінде айтатын. Бірақ поселкедегілер оның уағыздарына пастордың уағызына деген деңгейде ғана көңіл бөліп, атүсті назар аударатын. Ал енді келіп оның ойын астанада шығатын әрі бүкіл елге тарайтын байсалды газеттер іліп әкетті де сан алуан тұрғыдан талдап түсіндіре бастады. Газет бетіндегі әр бағанадан бейне бір редсмирилік фру Рим папасының ізгі ниетті беті-жүзін еске салатын кескінді келбетімен өзінше өте-мөте салқын күліп, қадала қарап тұрғандай болады. Былайша қарағанда, ол барлық жағынан толық жеңіске жеткен сияқты әсер қалдырады. Сөйтіп шаруа мәдениетіне деген ынта-ықылас күшейе түсті, жұрт оны бейне бір өзіндік Інжіл сияқты көріп, зор сеніммен қабыл алды. Енді қайтып ешқандай кедейшілік болмайтын, ешқандай сиқырлы зұлым күштер қырсығын тигізбейтін сияқты жағдай қалыптасты. Колумкилли ше? Енді ол жөніндегі сандырақ сөздерді кім тыңдай қояды? Жоқ, исландиялық шаруа ғасырларға созылған ұзақ ұйқысынан енді ғана оянды және бір мәселенің басын ашып алу керек — ол шынында да ондай ұзақ ұйқыда болды ма өзі? Бірақ қалай дегенде қозғалыс бар. Ол жұрттың күтпеген жерінен өз партиясын құрды. Ол партия — ескішіл консерваторларға, қара бастарының ғана қамын жейтін өзімшілдерге, аралық алып сатар делдалдарға және неше түрлі ұры-қарыларға қарсы қажымай-талмай қайрат көрсете күресетін партия. Ол — кооператорлардың, ұсақ-түйек тауар өндірушілердің, шаруалардың, күш-жігері мол, прогресшіл адамдардың партиясы, әділеттілік пен ізгі мақсат-мұрат иелерінің партиясы. Ингольв Арнарсон Иоунссон әділетсіздік атаулыға қарсы, жаңадан туып келе жатқан алтын ғасырдың асыл мұраттары жолында жан аямай күреседі деп, альтинге сайланған алғашқы адамдардың бірі болды. Оған дауыс бергендердің бірі Жазғы мекеннің иесі Бьяртур еді. Енді мұның тұтыну қоғамынан алатын несиелерінің мөлшері жыл санап өсе түсті. Сонда Жазғы мекен иесі Бьяртурдың Ингольв Арнарсонға және басқа да редсмириліктерге шынымен-ақ құлай сеніп қалғаны ма? Олай деп айту қиын еді. Бірақ бір нәрсенің басы ашық болатын: көктемде таудың Редсмири жағындағы терең жылғасына көпір салу мәселесі көтерілгенде тас жол және бірнеше көпір салуға альтинг арқылы қаржы бөлдірген тап осы Ингольв Арнарссон болатын. Бір күні Бьяртур кешке қарай жұмыс күні аяқталардан едәуір бұрын батыс жақтағы асудан асып, әлгі жылғада көпір салып жатқан жұмысшыларға барды да олармен едәуір әңгімелесті. Бьяртурдың неге сеніп, неге сенбейтіні туралы оның осы әңгімесіне қарап отырып ой түюге болатын еді.
Жұмысшылар жартастың жарықтарына темір сына қағып, сынып түскен бөліктерін болат қашаумен тегістеп, үшкірлеп жатқан. Көпір өзеннің жіңішке шатқалы ағып өтетін тұсынан салынып жатыр екен. Оған әлі биік тіреулер мен қыруар көп тас қажеттігі көрініп тұр. Көпір сонда ғана берік болмақ.
— Тас талқандап жатыр екенсіңдер ғой, жігіттер! — деді Бьяртур, өзінің жер учаскесіндегі жартастың мемлекетке пайдалы игі іске жарап жатқанына біртүрлі мақтаныш сезімін білдіргендей болып.
— Тап солай. Бірақ осы бір сайтан алғыр тастарды талқандағаннан гөрі сұлу қызды құшақтаған әлдеқайда жақсы болар еді!
— Мен сендерден ондай әдепсіз әңгіме естігелі келген жоқпын, өңкей жын — перілер түге!
— Сенімен әдепсіз әңгіме айтысудың қажеті жоқ. Ең болмаса, бір-екі бой жеткен қыз өсіріп отырсаң ғой, міне сонда бізге де көңілдірек болар еді. Амал қанша, сенің оған мұршаң келмеген-ау, шамасы?!
— Мұршамды сұрап қайтесің?! Егер менімен күш сынаспақ болсаң, мына жұп-жұмсақ ұсақ тасты майдалағаннан өзге ауырырақ жұмыспен айналысып, шыныға түскенің дұрыс болар еді.
— Саған не керек өзі? — деп сұрады жұмысшылардың біреуі.
— Не керек екенінде жұмысың болмасын! Қайда тұрғаныңды біл. Бұл — менің жерім! — деді Бьяртур. — Сұрақты мен қоямын, жауапты сендер беруге тиістісіңдер.
— Мынауың нағыз король ғой өзі!
— Кімде-кім ешкімге қарыз болмаса, нағыз король сол, — деді Бьяртур. — Егер мен бір жігітті жұмысқа жалдасам, оған мемлекеттен кем ақы төлемеймін. Менің сендерден сұрайын дегенім мынау: сендердің араларыңда моланың басына қоятын құлпытас қашай алатын ешкім жоқ па?
— Моланың басына қоятын құлпытас дейсің бе? — Жұмысшылар енді мысқылдауын қойды — біреудің қайғысын мазақ етуге болмайды ғой. — Ондай жұмыс қолымыздан келмейді. Әдемі де мәзік жұмыс жасап көрген емеспіз.
— Әдемі де нәзік болуы тіпті де міндетті емес. Моланың басына қоятын құлпытасқа аздап ұқсаса, әбден жетіп жатыроқу — ағарту жоғарғы жағын енсіз, төменгі жағын енді етіп қашасаңдар болғаны.
— Олай болса, жасап көреміз, — деді тас қалаушылар. — Бірақ оны негізгі жұмыстан қолымыз бос кезде әрі бағасы дұрыс болса ғана жасаймыз.
Бьяртур өзінің жалпы сараң адам емес екенін, әсіресе мынадай тапсырыс беріп тұрып, сараңдық жасауға болмайтынын айтты. Жұмысшылар оны дұрыс түсінді. Жақын адамның моласы қасиетті саналады, одан ақша аяп қалуға болмайды.
Сонымен саудаласу басталып кетті. Екі жақ та, әсіресе жұмысшылар жағы, әрі сақ, әрі сыпайы сөйлесті. Өйткені мұндай сауданы алғаш рет жасап көруі еді. Ақырында өзара келісімге келді. Бьяртур әдемі әшекей жасаймыз деп әуре болудың қажеті жоқ екенін қайта-қайта ескертті. Ал жазуы қажет пе? Айтпақшы, жазуы болуы керек екен ғой! Осы жағы қиындау соғатын түрі бар. Өйткені жұмысшылардың тасқа жазу түсіру шеберлігі жоқ болатын.
— Бас қатыратын ештеңе де жоқ, — деді Бьяртур. — Марқұм әйелдің және құлпытасты қойған адамның аты ғана жазылады.
— Марқұм сенің зайыбың ба еді?
— Жоқ, — деді Бьяртур. — Олай деуге болыңқырамайды. Бірақ ол қалай дегенде де әйел ғой. Бейшараға кезінде мен де, басқалар да өте-мөте әділетсіз болып едік, көп қиянат жасағанбыз. Біз сірә өз пікірімізді білдіргенде, әсіресе қиын-қыстау кезеңде іс-әрекет жасағанда көбінесе әділетті бола бермейміз. Соның салдарынан қарғысқа ұшырап, басқа біреудің асырап — бағуына душар боламыз ба деп қорқамыз.
— Марқұмның моласы Редсмириде ме?
— Редсмириің не сенің? Онда жерлеп не көрініпті сонша? — деп үстін-үстіне сұрақ қойып, қорына ренжіді Бьяртур. Сөйтті де әлдебір зор мақтанышпен былай деді: — Жоқ, тіпті де олай емес! Марқұм тірі кезінде Редсмириге бас сұққан емес, оның тұрғындарына жолап көрген жоқ. Ондағы зиратқа да аяқ басып көрмеген. Марқұмның мәйіті менің жерімде жерленген болатын. Әне, анау төбенің басындағы жартастың жанында жатыр.
Жұмысшылар не дерін білмей, Бьяртурға таңдана қараумен болды. Ақырында олардың біреуі былай деп сұрақ қойды:
— Сен осы сиқырлы зұлым күштің иесі туралы айтып тұрғаннан саусың ба?
Екінші бір жұмысшы былай деді:
— Сен, жын-пері, бізді мазақ еткелі тұрсың ба?
Бірақ Бьяртурдың ойында оларды мазақ ету мүлде жоқ болатын Ол басқа біреуді мазақ етіп, қорлау дегенді бұрын-соңды білген емес. Қашан болса да барынша байыпты, байсалды сөйлейді. Гунвер кемпірдің басына құлпытас қою көптен бері ойында жүр еді. Өйткені марқұм бірнеше ғасыр бойы осында, Бьяртурдың сатып алған жерінде жатыр. Кезінде оған жын-перілермен байланысты болыпты-мыс деген неше түрлі жала жабылып келіпті. Енді оны сол жабылған жалған айыптаулардан арылтатын, ақтап алатын кез келді. Бьяртур оны бағы ашылмаған кәдімгі бейшара әйел екен, тіпті Исландияның халқынан да бақытсыз сорлы екен деп ойлады. Қиын-қыстау ауыр кезеңдерді Бьяртурдың өзі де басынан аз кешірген жоқ. Бірақ мұның көргендері сонау көне заманда, мысалы, атап айтқанда, ауыр ашаршылық күйзелткен немесе сауда монополиясының азабын шеккен, оның үстіне сиқырлы зұлым күш иесі Колумкилли адамдарға алуан түрлі қорлық көрсеткен, шексіз үстемдік етіп, билеп-төстеген кездегі елдің басына түскен ауыртпалықпен салыстырғанда түк те емес. Бьяртур мұны жақсы біледі. Байғұс әйелдің адамдар алдында жасаған күнәсі де аз емес болуы әбден мүмкін. Бірақ күнәсіз адам қайда бар? Жоқ қой! Бейшараны адам өлтірді деп айыптайды. Адамды кім өлтірмейді? Байқап тұрсаң, жұрттың бәрі де өлтіреді емес пе? Адам деген кім өзі соншама? Ол қиын-қыстау ауыр жылдары кім көрінгеннің аяғы астында жататын күл-топырақ, тіпті одан да құнсыз бір нәрсе. Бьяртур ол әйелді ежелден иен далада жатқан жақын көршісі санайтын. Бірақ осы уақытқа дейін ол бейшараға көмек қолын созып көрмепті. Енді міне құрылықта да, теңізде де жақсы заман орнады — тағдырын ешкім түсінбеген бейшара әйелдің алдындағы айыбымызды жуып-шаятын, моласының басына құлпытас қоятын, өткендегі өсек-аяң, жала атаулыны ұмытатын кез келді деп білді Бьяртур. Ол әлгі әйелдің жоққа сенушілер қойған жалған атын, яғни лақап атын емес, шын атын қайтарып беруге құлықты болды. Сөйтіп тас қашаушылардың құлпытасқа "Гунверге — Бьяртурдан" деп жазуды тапсырды.
АЛПЫС ЕКІНШІ ТАРAУ
БИЛЕТ
Гвендур ер жетті
Ол әкесіне тартқан ұзын бойлы жас жігіт болып өсті. Бірақ оған қарағанда мінезі жұмсақтау. Бір таң қаларлығы — ол поэзиямен, өзінше өлең шығарумен мүлде аз айналысады. Дегенмен оның бұл ерекшелігі тіпті де кемшілік деп саналған жоқ. Өйткені бұған дейін жазылған өлеңдер жетіп артылады. Жер бетіндегі бар нәрсенің бәрі де жырланып болған сияқты. Олардың өте жақсы жазылғандары да аз емес. Оның үстіне, Гвендур ер жетіп келе жатқан кезде жұрт поэзия туралы емес, дүниежүзілік соғыс туралы ғана ойлайтын болған. Өйткені ол Құдайдың теңіз бен құрлыққа жолдаған ырыс-берекесі деп танылған. Гвендур — екі жауырыны қақпақтай, тығыз денелі, аздап епетейсіздеу, өте сирек алынатын және анда-санда бір рет қана таралатын сарғыш шашты жігіт. Жүзі жел қағып, тотыға түскен. Мейірімді көздерінен батылдық пен ерік-жігер ұшқыны атып тұрады. Бірақ сол ерік-жігер дегеніміз не өзі? Оның бойында дүлей күш бар еді.
Ол Жазғы мекендегі шаруаның жалғыз ұлы атанды. Шағын тоқтының өзі отыз, қырық, тіпті одан көп крона тұратын, үй-жайында бір, одан соң тағы бір сиыр пайда болған кезде мұның өзі зор абырой саналатын және ешқандай күмәнді дау-дамай, қарсы пікір туғызбайтын — кәдімгі әдеттегі қалыпты нәрсе болып табылатын. Осыдан біраз уақыт бұрын кедей шаруа қатарында болып келген Бьяртур енді өзі жұмыс күшін жалдайтын — батырақ ұстайтын халге жетті. Олар көктем мен күз кезінде, ауа райының қандай болғанына қарамай, кез келген уақытта табыла кететін. Бірақ, өкіншке орай, жоғары ақы төлеуді талап ететін. Ал тәулігіне он төрт сағаттан жұмыс істейтін Солай бола тұрса да жалдамалы батырақтар қоғамдық даму сатысында бақуат шаруаның баласынан әлдеқайда төмен тұрады деп саналатын. Өйткені әйтеуір бір сәті түскен күні ол бала, яғни Гвендур, осы бір шағын патшалықтың мұрагер иесі болып шыға келетіні сөзсіз. Ол қаршадайынан осы үй-жайдың барлық жұмысын өзі атқарды, былайша айтқанда, отымен кіріп, күлімен шықты, түнде түсінде, күндіз есінде шаруашылықты қайтсе жақсы жүргізуге болады деп ойлаудан жалықпады, жерді жанындай жақсы көрді. Қандай қиыншылық болса да қаймықпады, қарсы тұрып, жеңіп шығуға тырысты, мақсат-мұратына жету жолында кербез сәнқойлық дегенді білмеді. Ол саулықтардың аман-есен және уақтылы қоздағанына, қыстан қоңды шығып, көктемгі жайылымға түгел өргеніне шын пейілімен қуанатын. Онда бұдан өзге қуаныш болмайтын. Бәлкім, шынайы қуаныш дегеніміз осы болар? Ол тұрғын үйдің аздап қисайып, қыңырая бастағанына бола ешқашан ренжіп, уайымдаған емес.
Ал Бьяртур менің ұлым тап осындай болып өсуі тиіс деп санайтын. Бірақ бір өкінетіні — әттең, шаруаға бейім осындай бір топ малсақ балаларының болмағаны. Бірақ, амал қанша! Гвендурдың жасы он жетіден асып барады. Оның қазірдің өзінде алты бірдей бәсіре сүтті саулығы, тәп-тәуір тері байпағы, жексенбі күндері киетін көгілдір түсті костюмі, шынжыр баулы қалта сағаты бар. Он жеті жасында осынша байлыққа ие болған исландиялықты іздеп табудың өзі қиын. Бірақ байлық деген қажырлы еңбекпен келеді. Гвендур өзінің екі бауыры сияқты есік алдына шығып, тас табалдырыққа отырып алып, қайдағы бір қысыр әңгімелерді көбейтіп, бос қиялдарға берілмейтін, сиқырлы зұлым күштермен араласып, достасуды армандамайтын. Мұның ешқайсысы да жақсылыққа алып бармайды деп білетін. Енді міне ол екеуі де жоқ, әрқайсысы өзінше өлген есепті. Ал бұл тірі жүр, алты бәсіре саулығы бар.
Ол кезде поселкеде жұрттың берекесі қашып, ыдырай бастаған еді. Біреулер мұны елеулі күйзеліс деп атады. Осы ыдырау мен күйзеліске төтеп бергендер көп емес, аз ғана адам болды. Мұның өзі ең алдымен ақшаға байланысты еді. Өйткені адамдардың басым көпшілігі өмір сүруді басқара білудің бірден-бір тетігі ақша деп түсінді. Ақша көп пе әлде аз ба, немесе көп те емес, аз да емес пе — міне адамның бүкіл өмірі осыған тікелей байланысты. Қазір адамдардың ашқан бір жаңалығы-ақша олардың ойлағандарынан әлдеқайда көп екен. Бұрын қолына небары екі кронаны ілуде бір ұстап көргендердің өзі қазір тіпті ондаған кронаны уыстай бастады, бұрын он-жиырма крона ұстап көргендердің қалтасында мың-мың крона жүретін болды. Ал қалталары қалыңдаған сайын оған тіпті үй артына айналып барып келе қоятын оңай әрекет сияқты соншалықты немқұрайдылықпен селсоқ қарайтынды шығарды. Ол ол ма, көздерінен жасы сорғалап отырған, бұрын ақшаның не екенің білмейтін қаусаған қарттардың өздері де енді өз еріктерінен тыс коммерциялық операциялар жүргізе бастады. Ол операциялардағы сомалар "Түн"* деп аталатын атақты астрономиялық дастандағы цифрларды еске салатын болды. Гилтейгалық Тоурирдің өзі тамаша үй-жай сатып алыпты. Жұрттың айтуына қарағанда, ақшасын қолма-қол нақты төлепті.
Ал истадальдық көк жөтел Оулавюрдың өзі кіп-кішкентай үй-жайын қырық мың кронаға саудалап, иелік қағазына қол қойдырып алғанын естіді. Енді бұған не деуге болады?! Фьордтағы банкке басқа адамдар да ақша сала бастады. Бұрын ол банкті онда әдетте жүз мың крона ақшасы жататын редсмирилік старостаның есімімен ғана байланыстыра ауызға алатын еді. Бірақ оның сонша ақшасының болғаны екіталай десетін. Өйткені қарызға белшемнен батып қалдым деп ең алдымен зар жылайтын тап осы староста болатын. Бұл банк ең үлкен пайызбен өсімпұл төлейтін. Жұрттың айтуынша, бұл банкке салынған ақша банк кітапшасына жазылып, тіркелген бойда кәдімгі атжалмандарша тез өсіп-өніп, көбейіп кететін көрінеді. Салымшылардың қатарында Жазғы мекеннің несі Бьяртур да бар еді. Банкідегілер оны зор құрметпен қарсы алып, пайыздық өсім төледі. Сонда қалай болғаны? Бьяртур Редсмиридің иелерінен пайыздық өсім ақша алған болып шықпай ма? Жоқ, бәрі де керісінше жүріп жатыр!
Бьяртурдың үй-жайындағы аулаға староста үш бірдей мініс атымен келіпті — екеуі жетекте. Өзі әдемі етік киіп алған. Шамасы, оны қарызын өтеген біреуден түсірген болуы керек — дүние жүзілік соғыс дегенің, адамдардың үлкен не кіші дәрежесіне қарамай, бәрін де сыйлыққа қарық қылып тұр ғой. Староста аттарының біреуі тағасын жоғалтып алғанын айтып, шағына зорлап қоя берді.
— Айтпақшы, — деді ол, — мына қарғыс атқыр жол балшықты даладағы жайылымның рәсуасын шығарыпты ғой — қандай өкінішті!
— Өкінбей-ақ қой, балшықты даладағы жайылым менікі, — деді Бьяртур.
— Сенің енең әлі тірі ме өзі?
— Онда қандай шаруаң бар? Оны асырап отырған сен емес, мына менмін. Ол әлі бөтен біреуге күні түсіп, масыл болып көрген жоқ. Сенің оны бұл жерден алып кетіп, приходтың асырауына тапсырмақ болған әрекетіңнен ешнәрсе шыққан жоқ — мен тұрғанда шықпайды да!
— Ал оның меншігіндегі үй-жайын не қылдыңдар?
— Қандай үй-жайы туралы айтып тұрсың?
— Өзінің жеке меншігіндегі байырғы үй-жайы ше — соны айтып тұрмын.
— Оның Сандгил йен даласындағы ескі үй-жайы сол бұрынғы қалпында тұр. Оны қайтейін деп едің?
— Осы сенің қыңыр мінезің қалмай-ақ қойды-ау, — деді староста. — Әккі болған есектен бетер қыңырсың! Сенен көктемнің жайма шуақ күнінде де бір ауыз жылы сөз ести алмайсың.
— Қылығыңа қарай қыңыр мінезге тап болатын сенің өзің. Бәрін де өзіңнен көр, — деді Бьяртур.
— Жұрт сені осы үй-жайыңды, жеріңмен қоса сатып, енесінің үй-жайына көшеді екен деп жүр. Сол рас па?
— Енемнің ескі үй-жайына көшпек пе екенмін? Оттапты түге!
— Ондай болса, сен мұнда, бәлкім, жөні түзу үй салып алатын шығарсың?
— Салғым келсе, салып аламын. Онда сенің жұмысың қанша?
— Жоқ, сенің жаның шықпасын соншама. Мен әлгі сөздің рас не өтірік екенін білсем деп едім. Егер рас болса, мүмкін, менің бұрынғы өз қыстауымды өзіме қайта сатарсың?
— Қымбатты Иоун, бұл жердің соңғы он сегіз жыл бойы Жазғы мекен деп аталып келе жатқанын ұмытпағаның жөн. Біз сенімен соңғы кезде сирек кездесетін болып кеттік қой — бәлкім, ұмытып қалған шығарсың?! Ал, менің ойымша, Жазғы мекенді Редсмириге қосып аламын деп жүргеніңде Редсмиридің өзін Жазғы мекенге мен қосып алатын шығармын Байқа, қартым!
— Рас, Редсмири сатылатын болды. Жетпіс мың кронаң болса, сал менің қолыма — Редсмири сенің үй-жайыңа айналып шыға келеді!
— Мен оны өзім қалаған кезде ғана сатып алатын боламын.
— Несі бар, олай етуіңе де рұқсат. Ойланып көр. Әлі уақыт бар. Күтемін. Өзің ойланып-толғанып болғанша менің өз қыстауымды өзіме сат. Он мың крона қолма-қол санап беремін.
— Иә, шынында да ойланатын бір нәрсе бар. Ол кроналарың жалған ақша болуы әбден мүмкін ғой.
— Он бес мың крона! — деп, қыза-қыза қойып қалды староста.
Бірақ Бьяртур оған жауап ретінде бұдан бұрын жүздеген рет айтып жүрген тым қатты үйреншікті болатын сөздерін қайталап, мықтап тұрып сазайын берді.
Бұл кезде старостаның аты тағаланып та болып еді. Оған қарғып мінген бойда:
— Мен айтарымды айттым — он бес мың крона! — деп қайталады ол, ер үстіне жайғасып үлгермей. — Осы бағаны тағы да береді екен деп ойлама-айнып қалуым да ғажап емес. Ал егер өзіңнің құрылыс салғың келсе, онда мәселе басқа — еркің білсін! Егер банкіден несиеге қарыз аламын десең, мен саған кедергі жасамауға тырысамын.
Он бес мың крона дейді! Шалбарының бірнеше жамауы бар, барып тұрған аяр әрі қатыгез, алақанындағы екі эйрирлік бақыр ақшаны төрт айналдыра тексеріп қарамай тұрып, қолынан шығармайтын соншалық сараң бүгін аяқ астынан "он бес мың крона" дей қалуын қарашы! Өзінің есі дұрыс па? Әрине, ол он бес мың кронаны өзінің табан ақы, маңдай терімен тапқан жоқ. Олай болса, ол жалған ақша емей немене?! Сонша ақшаны еңбекпен табу мүмкін бе? Әрине, мүмкін емес! Таразы Қоңырауы Эйнарды ежелгі руналық жазуы бар, алтынмен апталып, күміспен қапталған, асыл тастардан көз салынып, әшекейленген қымбат қалқанды Боргте қалдырып кеткені үшін Скаллагрим ұлы Эгиль* оны соңынан қуып барып өлтіргені сияқты әлгі оңбағанды да соңынан қуып барып, өлтіріп келгенім дұрыс шығар, шамасы?! Ал бұл мұның үй-жайына немесе өзі үй-жай салатын орынға ақша ұсынумен болды. Редсмири иелерінің осы аңғардағы шаруаның мазасын алып, тыныштық бермейтін себебі неде болды екен?'Олардың бір қарағанда тиімді сияқты көрінетін ұсыныстар айтудан жалықпай, ұдайы қызықтыра бергісі келетін себебі не? Жоқ, Бьяртур олардың айла-шарғысына көнбейді-ақыр аяғына дейін өз жерін өзі иеленетін болады. Онда өзінің қойларымен бірге және өзінің қойлары үшін бұрынғысынша өмір сүре беретін болады. Бір күні, өзі де дүниеден озып, өзінің қойлары да өлген кезде, мұның жалғыз ұлы осы аңғардағы шаруалардың туын көтеріп шығады, шаруалар мәдениетін ілгері бастырады, болашаққа қарай бастайды. Сөйтіп ол мәдениет әлі мыңдаған жылдар бойы өмір сүре беретін болады. Егер бұл өзі, яғни Бьяртур, құрылыс салатын болса, — ал бұл уақыты келген кезде жаңадан жақсы үй-жай салуды алдын ала шешіп те қойған — оны Редсмири иелерінің айтуымен емес, жеке өзінің қалауымен ғана жүзеге асырады. "Жаным Гвендур, мен өлген соң олардың ақшаға қызықтырмақ болған айла-шарғысына ешқашан алданып қала көрме. Егер сен осы жерде тұра беретін болсаң, — ал мен сенің осы жерде бұдан былай да тұра беретініңе кәміл сенемін, — өзіңді осы жердің нағыз қожасы ретінде ұста!" Бұл жерде қой жақсы өседі, анау-мынау қойлар емес, денсаулығы мықты, суыққа төзімді, жібектей жұмсақ жүні қалың қой өседі. Қой өсіру-шаруаның ең үлкен ерлігі. Иә, қазір ақша да, әртүрлі көзқарастар да тау суындай тасып жатқан кезде, уақыт пен кеңістік арасында адамдар мен дүние — мүлікті бір-бірінен бөліп тұратын аса қуатты қалың қабырғалар қирап жатқан кезде, мүмкін емес нәрсенің бәрі де мүмкін болып жатқан кезде, өздеріне ешқашан ешнәрсе де тілеп көрмеген адамдардың ойында жоқ арманы аяқ астынан өзінен-өзі орындалып жатқан кезде кімнің болса да тағдыры мызғымас жартастай өзгеріссіз қала беруі мүмкін емес. Қазір қойлардың өзі де бейне бір маңғаз шенеуніктер сияқты нан жейтін, тіпті таңдап жейтін болды. Кәдімгі тойымсыз қорен сиырлардың алдында шелек-шелек дәмді майшабақ тұрса, оған ешкім таң қалмайды. Сиырлар ондай әуес тағамды құлақтарын тікірейте түсіп, көздерін тарс жұмған бойда рақаттана жей береді. Исландиялықтар енді Америкаға өздерінің кемелерін жіберетін болды. Бір кезде, осыдан тоғыз жүз жылдан астам бұрын, Жолы болғыш Лейв* ашқан, бірақ соның артынша біржола жоғалтып алған Америкаға кеме қатынасы қайта орнады. Иә, қазір қай салада болса да кең көлемді қуатты құлшыныс бар. Асып-төгіліп жатқан мол бақыт, елдің барлық каналдарымен ағылып келіп жатқан байлық жағдайында адамдар қандай ұлы оқиғалардың өзіне де таң қалмайтын, қандай төтенше алапат апатқа ренжімейтін болды. Міне, осындай күндердің бірінде мистер Гудмундур Гудбьяртурссонға, — яғни кәдімгі Гвендурге — алыстан хат келгені туралы хабар тиді. Оны өзі барып, қол қойып алуы үшін Редсмириге сапар шекті. Хаттың сыртына Американың маркасы жапсырылыпты. Гвендур ол хатты өз хуторының маңындағы биік төбенің басына шыққанша ашқан жоқ. Өйткені Редсмири шонжарлары мұның құпия сырын сезіп қалар деп қауіптенді. Төбенің басындағы бір тасалау жырада былтырғы қураған шөптің ара-арасымен енді ғана бой көтеріп келе жатқан көктің үстіне — уақыт мамыр айының бас кезі еді — отыра қалды да хатты ашты. Конверттің ішінен екі көгілдір қағаз шықты. Олардың бетінде өзіне таныс емес, әлдебір әріптер мен біреудің кісі түсініп болмайтындай иректеп қойылған қолы бар екен. Ал үшінші қағаздан Ноннидің анық әріптермен әдемілеп жазған хатын оқыды. Ол былай деп жазыпты: "Нағашы ағамыз саған екі жүз доллар жіберіп отыр. Оны ала салысымен Америкаға жетуге асық. Қазір соғыс бітті, заман оңалып келеді. Сен мұнда қалаған мамандығыңды алып, адам қатарына қосыласың". Сен туып-өскен жеріңді қаншалықты сүйіп, жақсы көрсең де Америкаға кетіп қалуыңа әбден болады, — деп жалғастырыпты хатын алыстағы інісі Нонни. — Жұрттың бәрі де алып кемелерге мініп, ұшы-қиыры жоқ үлкен теңіз арқылы Америкаға келіп жатыр. Шынында да жерін шексіз сүйетін, одан ешқашан қол үзіп кеткісі келмейтін сияқты көрінетін адамдардың Америкаға қоныс аударуына кедергі болып, қолын байлайтын бірден-бір нәрсе — жер де емес, жерге деген сүйіспеншілік те емес, қолдың қысқалығы, яғни қаржының жоқтығы. Исландияның тау аңғарларын мекендеп келген байырғы тұрғындар — исланд халқының бетке ұстар перзенттері, халықтың негізін қалайтын ұл-қыздары, оның өмірлік маңызы бар жүйке тамырларын құрайтын, болашағын сақтап қалатын шаруалар мәдениетін іс жүзінде нақты жүзеге асыратын жандар соңғы қырық жылдан бері Америкаға ағылуда. Олардың есуастық мүсәпір түріне қарап, Израильдің шөл далада адасып қалған бейшара балаларын көзге елестетуге болады. Өйткені олар сонау Исландиядан ағаш астауларын қолтықтап, теңіз құстарының жүні саситын мамық көрпелері мен төсеніштерін арқалап келеді — Америкада бейне бір ондай заттар мүлде табылмайтын сияқты көрінетін болулары керек. Сондай-ақ Польшаның өмірлік жүйке тамырларын құрайтын адамдар да соңғы елу, тіпті жүз жылдан бері өздеріне мүмкіндік туа қалған бойда құс жастықтары мен сүйікті арбаларының доңғалақтарын арқалап артынып, тартынып, толассыз келіп жатыр. Олар да Америкада құс жастық пен арба доңғалақтары табылмайды деп қауіптенетін сияқты. Ал енді мысал ретінде қазір тапталып сола бастаған көк шөптің үстінде отырған исландиялық жас жігітті, он жеті жастағы Гудмундур Гудбьяртурды, алты бәсіре қойы, теріден тігілген тамаша байпағы және басқа да байлығы бар жігітті алып қарайық. Иен даладағы жер алқабына, өзінің үй-жайының жоғары жағындағы шырқау биікке көтерілген тау жоталарына, шалқып жатқан шалқар теңізге, көктем күніндегі бала қиялының арманына толы болашағы зор әрі әкесінің шексіз мүмкіндіктері мол шаңырағына деген сүйіспеншілігі арқылы берік байланысы бар адамды іздеп табу қиын. Ертегілерде айтылатынындай, тау ханымының төсін аймалаған адамнан асқан бақытты ешкім де бола алмақ емес. Міне енді конверттің ішінен түсініксіз жазулары бар екі көгілдір қағаз шыға келгенде мұның бар арманы іске асқандай болды. Ол Исландия құстарының сайрап салған әндерін соңғы рет естіп отырғандай сезінді, тіпті өзі жарық дүниеге келген мына көсіліп жатқан кең аңғармен ойша қоштаса бастаған сияқты. Ал өзі осы аңғармен біте қайнасып, біртұтас тұлғаға айналып кеткенін де ұмытқандай. Енді бұл "кім болғысы келсе, сол бола алатын" елге кетуге біржола бел байлаған шешім қабылдағандай сезінді. Ол елде мал тек ірі қараның басымен саналатын көрінеді. Қой сауу сияқты болмашы ғана өнімсіз жұмыс туралы сөз ететін ешкім жоқ деседі. Мүмкін, бұл онда барған соң қолынан өнері тамған ағаш ұстасы болатын шығар. Өзінің нағашы ағасы сияқты теңіздің арғы жағындағы Батысқа қоныс аударған мың-мыңдаған исландиялықтар ондай өнерді меңгеріп кетіпті ғой. Олар мыңдаған жылдар бойы жөні түзу бір шеге қаға алмаған адамдар емес пе еді? Енді ағаш ұстасымыз деп көкіректерін қағып жүрген көрінеді. Олар өздері бақыт іздеп барған елде адамдарға шын мәнінде лайықты тұрғын үйлер салатын болып алыпты. Мұны сонау Наполеон соғыстарынан бері ғасырдан ғасырға созылып келе жатқан уақыт бойы шым мен шымтезекті құрылыс материалы ретінде пайдаланған азаптан құтылғанының, бейне бір қанды кек қайтарғандай болғанының қуанышы деп санаса керек.
Гвендур аңғарға түсіп, Жазғы мекенге келген кезде — Құдайдың өзі куә — әкесінің салған үйі қыңырая қисайып, бүкірейіп тұрғандай бір түрлі күлкілі болып көрінді. Ол өзінің Америкаға кетуге ойы бар екенін әкесіне айтпақ болды. Әлгі екі көгілдір қағаз көп ақша... Соғыс бітіпті. Бұл онда барған соң кім болғысы келсе, сол бола алады екен. Бәлкім, мүйізді ірі қара өсірер, мүмкін, шын шебер ағаш ұстасы болар.
Әкесі терең ойға шомып, осынау кең аңғарды шола қарап тұр еді. Бәлкім, ол өзінің көктемгі тәтті қиялында өз ұрпағының болашақта өсіп-өніп жапырақ жая гүлденгенін көріп тұрған да болар. Мүмкін, ондай бақытты болашақты көз алдына елестетпеген де шығар, өйткені ондай мақсат-мұратқа жетуді ойламаған да болар. Олай болса, бұл жөнінде майын тамыза жазудың да қажеті жоқ. Бәлкім, Бьяртур өзінің ауыр еңбегінен ешқандай поэтикалық шабыт ала алмаған да болар. Қалай дегенде де ешқандай себеп-сылтаусыз миллиондаған адамды өзара қырып салған, кейбіреулердің пікіріне қарағанда, олар мұны өздері көңіл көтеріп, рақаттана сүйсіну үшін жасаған француздар мен немістерден артық шабыт шақыра алмаған да шығар. Бірақ бір нәрсенің басы ашық еді. Ол өзінің әйтеуір бір күні өлетінін, ана дүниеге аттанатанын білетін. Сонда мұның қойларына кім ие болады, оларға кім қамқорлық жасап, бағып-қағады? Денсаулығы күшті жап-жас шаруа жігітті өз елінің мыңдаған жылдардан бергі байырғы дәстүрін жалғастырушы болады деген үміт артылған, өзінің отанымен және туған халқымен етене жақын, тіпті біртұтас тұлғаға айналып кеткен адамды екі жапырақ көгілдір жалған қағаздың шынымен-ақ ақыл-есінен адастырғаны ма? Гвендур төбеден хуторға қарай түсіп келе жатып, өзінің еліне, халқына, тіпті жеке өз басына, өзінің өткен өмірі мен қазіргі өміріне, болашақ өміріне осылай опасыздық жасайтын ойда еді.
Бьяртур бір ауыз ғана сөз айтты:
— Америкадан келген хаттарға сенуші болма. Малды қалай азықтандыратыны жөнінде жазғанының бәрі өтірік.
— Онда мен, бәлкім, ағаш ұстасы болармын, — деді Гвендур.
Әкесі жеркенішпен жерге бір түкірді де былай деп жауап қайтарды:
— Мен өз өмірімде талай ағаш ұстасын көрдім. Олар ешқашан есі дұрыс адамның жұмысын істеп жарытқан емес. Бір поселкеден екінші поселкеге сандалып жүріп, басқа біреулердің шегесін қағумен өмірлерін өткізеді. Домалаған тасқа мүк те өспейтінін біліп қой.
Баласы ләм-мим деп тіл қатпады.
Әкесі сәлден соң сөзін қайта жалғастырды:
— Мен өзімнің ұлдарымның бәрінен айырылдым. Бірақ ешқашан өкінген жоқпын, шағынып сөз де айтқан емеспін. Болған іс болды, амалым қанша! Ал сен қойдың жайын білетін малсақ балам едің. Біразырақ жас болғаныңда арқаңда қамшы ойнатар едім...
— Егер адамның қолында мол ақша болып тұрса, — деді баласы, — оны неге пайдаланбасқа, үлкен елге сапар шекпеске?
— Үлкен ел дейсің бе? Бұл — нағыз ақымақтардың оттаған сөзі! Біздің Жазғы мекен ешқандай елден кіші де, кем де емес. Осы Жазғы мекенде нағыз азамат бола алмаған адам ешқандай бөтен елде жүріп нағыз азамат бола алмайды. Қаңғырып жүрген адамнан ешқашан нағыз азамат шықпайды. Ал сенің інің Иоунның жөні бір басқа. Ол қаршадайынан шетелдерге, алыс елдерге сапар шегуді қанына сіңіріп, армандаумен болған еді. Ол қой туралы ешнәрсе де ойламайтын, есіл-дерті басқада — алыс елдерге сапар шегуде болатын. Ал сен ше? Сенің мыңғыртып қой өсіре алатын қабілетің бар. Мен сені ешқайда да жібермеймін. Менің мына жерді, Жазғы мекенді саған қалдырып кетуім керек. Сен оны қасиетті құнарлы жер сияқты етіп жылына екі рет өнім өндіруге қабілетті бола алар едің. Сенің болашағың туралы мен міне осылай ойлап келдім. Сені өзімнің ұлдарымның ішіндегі ең адал, ең сенімді перзентім деп келіп едім. Сен мұртың енді ғана тебіндеп келе жатқан жас жігітсің. Бірақ, кім біледі, келешекте сәтті үйленіп, бай шаруа бола аларсың.
Жас жігіт баяу үнмен жауап қатты:
— Менің жасым он жетіге толды. Өз тағдырымды өзім шеше алармын деп ойлаймын. Рас, мен қойларды әрқашан жақсы көріп келдім. Бірақ өзім туралы үн шығарып, ештеңе айтқан емеспін. Ал менің не туралы ойлап келгенімді сен білесің бе өзің? Мен, сәті түскен жағдай кез бола қалса, ондай мүмкіндіктен айырылып қалмай, қалай да пайдалануым керек деп ұдайы ойланып келдім. Жастардың да, қарттардың да тап осылай ойлайтынына кәміл сенемін. Адамдардың армандауға, әлдебір нәрседен үміт етуге батылы жете бермейді — өле-өлгенше жұмыс істеумен өтеді. Мына хатты ашып, оқып көргенше дәл осындай сәтті жағдайға тап болармын деп менің өзім де сенген жоқ едім. Бірақ, не екенін анық білмесем де, әйтеуір бір сәттілік болатынын күтіп жүргенмін.
Бәлкім, бұл менің бүкіл өмірімде бір-ақ рет кездесетін сәттілік шығар. Тағдыр маған да жылы шырай танытқан болар. Мен ақылы ауысқан есалаң біреу емеспін. Бірақ өз өмірімде кездескен осы бірден-бір сәттілікті пайдалана алмай қалсам, жынданып кетуім ғажап емес. Өйткені өзінің ойындағысын дауыстап айтуға батылы жететін адамдар сияқты үлкен де кең дүниеге шыға алмасам, бүл дүниеде әйтеуір бір пайдалы біреу бола алмай қалсам, онда жынданып кетуім әбден мүмкін.
— Менің ондай ақымақтықты естігім де, білгім де келмейді, — деді Бьяртур. Сол бір жын-перілердің әлемі туралы әңгімені тыңдауға құлқым жоқ! Ондай дүние туралы сен не білесің? Дүние дегеніміз не өзі? Дүние деген осында, Жазғы мекенде, менің хуторымда. Міне, дүние деген осы! Ал егер сен ақылыңнан адасқан болсаң, қайдағы бір американдық көгілдір ақшаны көріп, — ол ақша табан ақы, маңдай теріңмен табылмаған ақша атаулы сияқты жалған ақша екенін ұмытпа, — қызбалыққа салынып, аспандағы Ай мен Күнге қол жеткізем деп, асығып-аптығатын болсаң, Жазғы мекеннің қадірін, нағыз ғажайып дүние екенін, ерте ме әлде кеш пе, әйтеуір бір білетін боласың. Сен менің бұл сөзімді әрқашан есіңде сақтайтын бол.
Суық меңіреу үнсіздік орнады.
АЛПЫС ҮШІНШІ ТАРАУ
ЖАЛҒЫЗ ТҰРҒАН ЖАЛАҢ ЖАРТАС...
Бьяртурдың ұлын өзінің айтқанына үгіттеп көндіргісі келмеді. Өйткені мұның өзі дәрменсіздік белгісі болар еді. Өз еркі өзіндегі тәуелсіз де дербес адамның өзіне тән іс туралы ғана ойлауы, өзгенің ісіне араласпауы тиіс. Ал Бьяртур өз-өзін басқа біреулердің үгіттеп көндіруіне ешқашан жол беріп көрген емес. Өз айтқанымен ғана жүретін. Ұлымен ашық сөйлескен күннен бастап бұл балам бар екен-ау дегенді біржола ұмытты. Гвендурға бір ауыз тіл қатқанды қойды, оған ешқандай тапсырма да бермейтін болды. Шабындық жерде батырақ жұмысшымен бірге терең ор қазды, айдаудағы адамдай күні бойы азапты жұмыс істеді. Әкесіне баласы да тіл қатқан жоқ. Бірақ алдағы аз күнде бөлек кетемін-ау деген ауыр ой еңсесін езе берді, жан дүниесінде әлдебір қорқыныш пен мұң ұялады. Туған жерге деген сүйіспеншілік шынында да оның қанына сіңген қасиет еді. Бірақ соның өзі де бұдан ешқандай сөз айтуды, түсінік беруді талап ете қойған жоқ. Гвендур енді туып-өскен жерінен қол үзіп, қайдағы бір ауаның құшағына еніп, ұшы-қиыры жоқ бос кеңістікке, белгісіз бір жаққа бет алып кетіп бара жатқандай сезінді. Енді оның жағдайды өзгерте алатындай шамасы қалмады. Адам шын мәніндегі нақты дүниеде өмір сүреді, оған бала жасынан бой үйретеді, оған нағыз ер адамша тіктеп қарай алады. Алайда қазір мұны қайдағы бір белгісіз алыс дүние өзінің құлақ естіп, көз көрмеген зор мүмкіндіктерінің бар екендігімен қызықтырып, еліктіре түседі. Мұның қолында оған емін-еркін кіретін билеті бар. Ол — екі көгілдір қағаз ақша. Енді бұл шын мәніндегі үйреншікті нақты дүниеде өмір сүруін тоқтатып үлгерген де сияқты. Оны әлден-ақ жатырқап, қол үзіп қалғандай сезінеді. Оның бетіне тура қарауға батылы жетпейді. Ол әлдебір үміт ұшқынымен қызықтыра түсетін қонақжай алыс елдің билігіне біржола, бәлкім, өмір бойы бас ие бағынғандай. Бәлкім, бұл ендігі жерде адам болудан қалған да шығар.
— Мен ертең кетемін, — деді Гвендур.
Оның сөзіне ешқандай жауап қайтпады.
— Сен менің бәсіре қойларымды сатып алмас па екенсің?
— Жоқ, сатып алмаймын. Оның есесіне, тап сен үшін деп айтайын, оларды шымтезекті батпаққа батырып, тұншықтырып өлтіруге бармын.
— Жарайды. Онда мен ол қойларымды Ауста Соуллильяға сыйға беріп кетемін. Ертең қалада болғанда осылай деп айтамын.
— Сен өзің не оттап тұрсың? — деді әкесі. — Сен жынданған шығарсың! Шынымен-ақ кетпексің бе? Сені онда оп-оңай өлтіріп тастайды ғой.
— Соғысып жатқан ешкім жоқ. Соғыс әлдеқашан біткен Ешкім де өлтірмейді.
Олар бұдан соң бір ауыз да тіл қатысқан жоқ.
— Әже, — деді Гвендур. — Мен ертең кетемін.
— Шамасы, онша алыс кете қоймассың деп ойлаймын, балам, — деді кемпір.
— Америкаға кетіп барамын.
Халбера тоқып отырған ісің тізесінен түсіріп алды. Ол немересіне көзінің қиығымен бір қырынан қарады да қолындағы тоқыма бізін шілтерлі тақиясының астына сұғып жіберіп, басын қасыды.
— Міне енді басымдағы биттер бет-бетімен жан-жаққа жарысып қаша бастады, — деді де, ол іс тоқуға қайтадан кірісіп кетті.
Гвендур таңертең денесі дел-сал болып, әбден қалжырап тұрды. Ол әжесімен қоштаса бастады. Бұл қоштасудан ешқандай да қимастық сезімінің поэтикасы байқалған жоқ. Әжесі тіпті Америкадағы жақын туыстарына сәлем айта бар да демеді. Ал әкесі баласына атын берген жоқ. Сондықтан да ол шығыс жақты бетке алып жаяу тартты. Үстіне көк костюмін киді. Шынжыр бауы бар сағаты мен әшекейлі жылтырақ байпағын бет орамалына орап, қолтығына қыстырды. Қол жүгін күні бұрын жөнелтіп қойған болатын. Шалбарының балағын былғап алмас үшін кең қонышты ұйығының ішіне салып жіберген.
Құстар бір-бірімен жарыса әдемі шықылымен ән салып, сайрай жөнелді. Биік таудың үстін бозғылт тұман тұтаса басып жатыр. Көк шөпке шық түсіпті. Қара қоңыр балшықты алқапта құрғақ жердің ойдым-ойдым көк жасыл сілемдері анда-санда бір көрінеді.
Әкесі бұл кезде шабындықта ор қазуға кірісіп кеткен еді. Гвендур қоштасып кету үшін оған әдейі бұрылды. Ал Бьяртур оны көзіне де ілген жоқ, тіпті басын ордан жоғары көтермеді. "Қош бол!" деген бір-ақ ауыз сөз айтты.
— Әке, — деді баласы, ордың жиегінде бір түрлі ыңғайсызданғандай болып. — Мені сөге жамандай көрмеші.
— Мен сенің жолың болмайды-ау деп қорқамын, балам, — деп жауап қатты Бьяртур. — Онда адал адамдардың күн көруі тым қиын. Ал мұнда жүрсең, сен де мына мен сияқты өз еркі өзіңдегі, ешкімге тәуелсіз дербес адам бола алар едің. Сен өз патшалығыңды өзгеге құл болу үшін тастап бара жатқаныңды сезбейсің. Айта бергеннен не шығады, пайда жоқ. Ал мен осында бір өзім қаламын, қашан көзім жұмылып, о дүниелік болғанша қажымай-талмай жұмыс істеймін. Кішкентай Нонниге де осы сөзімді айта бар. Осымен қош бол, кете бер.
Сөйтіп Бьяртур ең соңғы ұлынан да айырылды. Өз еркі өзіңде, ешкімге тәуелсіз дербес адам болу жолындағы арпалысқан ұзақ күрестің мақсатына енді жеттім-ау деген кезде айырылды. Осы мақсатқа жетсем бе деп, бұл өзге балаларының бәрін де құрбан еткен жоқ па еді?! Енді не болды? Ол сонда да көз алдына молшылық пен тәуелсіз дербестікті елестете берді. Мейлі кеткісі келгендер кете берсін — бәлкім, бір есептен осылай болғаны да дұрыс шығар. Адамның күш-жігері жалғыз қалғанда байқалады. Адам жалғыз болып туады, жалғыз болып өледі. Олай болса, бұл неге жалғыз өмір сүре алмайды?! Байқап тұрсаң, адам өмірінің басты мақсаты да жалғыздықтың қиындығын жеңу болып табылады. Бьяртур күректі қолына қайта алды да жұмысына қызу кірісіп кетті. Кенет оған бір ой сап ете қалды. Жер қазғанын қоя салып, басын ордан жоғары шығарды.
— Әй, сөзіме құлақ сал, — деп айқай салды әкесі. Сөйтті де ұлының соңынан жүгіре басып, оны қуып жетті.-айтпақшы, кеше кешке сен Ауста Соуллилья туралы не деп едің?
Мен былай дегенмін: егер сен менің бәсіре қойларымды сатып алмайтын болсаң, онда ол қойларды соған сыйға тартып кетемін!
— Ә, солай ма еді? — деді әкесі. — Ал онда қош бол. Соғыс бітті деп қаншама даурықса да олардың сені әйтеуір бір ақымақтықпен өлтіріп қоймайтынына ешқандай да сенімім жоқ. Ол есалаң жындылар төрт жыл бойы тоқтаусыз соғысты. Енді олардың аяқ астынан ақылы кіре қалды, қайдағы бейбіт келісім жасалды дегенге бола қайырымды жандарға айналып шыға келді дегенді қай ойың айтады? Жоқ, олай емес, есалаң жындылар қашан да есалаң жындылар болып қала береді.
Баласы әкесінің терең ойға толы бұл ескертпесіне не деп жауап қайтарудың ретін таба алмады.
— Менің саған айтар тағы бір нәрсем бар, — деп, баяу үн қатты әкесі. Сөйтті де тағы да үнсіз қалды. — Егер сен Ауста Соуллильяны көре қалсаң, оған былай деп жеткіз. Биыл ерте көктемде әкем йен даланың оңтүстік жағын кезіп жүріп, ондағы жалғыз тұрған жалаңаш жартасқа жақындап барғанда оның ойына мынадай екі шумақ өлең жолдары орала кетіпті деп айт. Алдымен жақсылап тыңдап ал:
Аппақ қардан жамылғысы,
Қалың қабақ-қатал түсі.
Жалғыз жартас — баяғыдан
Осы аңғарды күзетем деп
Тапжылмастан тұрған кісі.
Жалғыз жартас.
Өспейді онда
Гүл де, шөп те, дақыл да,
Күн сәулесі сейілте алмай
Қараңғылық, қапасты.
Өзің айтшы, қатыгездік осынша
Адамдарға жараса ма; мақұл ма?
— Есіңде сақтай аласың ба?
— Мен өзім түсінген нәрсенің бәрін де есімде сақтай аламын, — деп жауап қатты ұлы. — Бірақ "қараңғылық қапастан" деген сөздер нені білдіреді?
— Оның саған мүлде қатысы жоқ. Бұл — бар болғаны жалғыз жартас туралы өлең ғана. Мен қараңғы қапас тұңғиықтағы сиқырлы зұлым күштердің ешқайсысына сенген де, оларды мойындаған да жан емеспін. Сен мұның дәлелі ретінде Аустаға менің Гунвер кемпірдің моласы басына құлпытас орнатқанымды және оған өз атымды қоса жаздырғанымды айт. Ал мына өлеңге келетін болсақ, мен өзімнің ойымды өзімше еркін айтқым келді.
Гвендур өлеңді бастан — аяқ түгел жаттап алды да енді қайтып ешқандай сұрақ қойған жоқ.
— Ал, жалпы айтар болсам, оған менің сәлемімді жеткіз. Менің жағдайымның бәрі де сол бұрынғы қалпында екенін айт, — деді әкесі. — Тек бір ғана өзгеріс бар — былтыр қыс қатты суық болған жылдан бері үйіміз бір жағына қарай аздап қисайып, қыңырайып тұр. Ал енді жаңа үй салғанда оны біржола бекем, мызғымастай етіп салатын боламын. Ондай жақсылықты күтуге көп қалған жоқ.
Бьяртур осы сөздерді айтып болды да өзінің жұмысына алаңсыз кірісіп кетті.
АЛПЫС ТӨРТІНШІ ТАРАУ
ЕРТЕГІЛЕР ЕЛІ ТУРАЛЫ ӘҢГІМЕ
Америкаға кетіп қалу тіпті де ерсі қылық саналмайтын болды. Осыдан біраз уақыт бұрын алыс жатқан ол елге мұнда шаруасы шалқайып, берекесі қашқан, әбден кедейленіп, қайыршыланып біткен, ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір приходтың асырауына өтуі, тіпті түрмеге түсуі мүмкін адамдар ғана кетеді деген пікір қалыптасқан еді. Ал енді Америкаға кетіп қалу шетелге әдеттегі саяхат шегу сияқты ғана болып көрінеді. Ондай кетіп жатқандарға жұмыссыз сандалып жүргендер, көшедегі қаңғыбастар деп қарамай, олардың атына қыршаңқы қалжың айтылатын болды: кетіп жатқандарды осындағы приходтың іріп-шіріген іске алғысыз тауар ретінде экспортқа шығарылуы деп бағалады. Жоқ, олар шын мәнінде тіпті де тақыр кедей емес, қалталарында едәуір ақшалары бар, Батысқа, теңіздің арғы жағына, өздерінің ондағы бай туған — туыстарына, достарына, мейлінше құрметті саналатын адамдарға барып жатқандар болатын. Теңіздің арғы жағына жетіп қоныстанған исландиялықтар да енді кенеттен құрметті адамдар қатарына қосыла бастады. Өйткені олардың ақшаларының болғанына ешкім де күмәнданбады. Жазғы мекеннен барған Гвендурды Фьордтағылардың ешқайсысы көзге ілмеуші еді. Енді ол қалаға қалтасы тола ақшамен келді — жүздеген, тіпті мыңдаған кронасы болуы мүмкін. Сөйтіп құрметті де сыйлы жігітке айналды. Ол судьяның үйінде отырып кофе ішті. Қажетті құжаттарды толтырып бітуін, пароходтың келуін күтті. Тіпті мұны судьяның әйелінің өзі арнайы келіп, көріп кетті — өйткені бұл Америкаға кетіп бара жатыр ғой.
Бұған мүлде таныс емес, бірақ сауатты бір адам Гвендурды көшеде кетіп бара жатқан жерінен кофе ішуге шақырды. Әңгіме үстінде ол бұл Америкаға барғанда тіл білмегендіктен тосыннан қысылып қалмауы үшін "йесс", "монни" және "ол райт" деген сөздерді қай кезде қалай айту керек екенін үйретті. Ал пароход кеңсесіндегілер мұның Рейкьявикте өзін қалай ұстауы, кімді іздеп табуы, оған не айтуы, пароходқа мінгенде билеттің ақшасын кімге төлеуі тиіс екенін бір сағат бойы ежіктеп, егжей-тегжейлі түсіндірді. Әлдебіреу бұған сигара ұсынды. Бірақ бұл оның дәмі мен иісінен теңіз жағасына құсып жіберді. Көшеде келе жатқанда мұны талай адам арнайы тоқтатып:
— Ей, бұл сенсің бе.? — деп сұрады.
Иә, бұл соның дәл өзі еді.
Әйелдер терезенің пердесін ысырып тастап, бастарын сыртқа шығара әлдебір романтикалық таңданыспен мұның басынан аяғына дейін мұқият қараумен болды. Олар да таныған сияқты — иә, бұл соның тап өзі ғой! Балалар үй-үйдің бұрышына тығылып тұрып: "Америка! Америка ғой!" деп шуылдап айқайласты. Ол осындай даңққа бөленіп, басы айналып жүргенде екі күннің қалай өтіп кеткенін білмей де қалды. Гвендур өзіне пышақ пен арқан сатып алды. Өйткені Америкаға барғанда өте-мөте керек болады. Пароход ертең таңертең келуі тиіс. Жолға әзірліктің бәрі де біткен сияқты. Әлі жарты күн уақыты бар. "Енді Ауста Соуллильяға баруым керек" деп шешті Гвендур. Оны ақыры іздеп тапты. Бір балықшының үй қызметшісі болып істейді екен. Қызы бес жасқа толыпты.
— Мұның аты — Бьорт, — деді Ауста Соуллилья қызын көрсетіп.
— Бұл қыз жарық дүниеге келгенде менің өзім де үлкен нәресте сияқты едім. Басқа ат ойлап таба алмадым. Өзінің жасына қарағанда әлдеқайда ересек көрінеді. Ішіп — жем тағамымыз, Құдайға шүкір, жеткілікті. Бір көзі қылилау, шешесіне — мына маған тартқан.
Ауста қызын құшарланып сүйді. Ол кәдімгідей бойшаң жас келіншек болыпты. Аяқтары өте ұзын сияқты. Бәлкім, екі қара санының шектен тыс жуан, ал екі иығының тым қушиғандығынан да солай көрінетін шығар. Еңсесі аздап еңкіш тартыпты, екі емшегі де баяғы он бес жасындағыдай көйлегінің төсін кере тырситып тұрған жоқ. Көздері күмістей ақшыл, қастары қара, жүзі солыңқы-сұрғылт тартыпты. Бұрын оймақтай ауыз пішіні өте сұлу әрі жұмсақ көрінетін еді, енді Аустаның бет келбетіне біртүрлі қаталдық беріп тұрғандай. Күрек тісінің біреуі қарайыпты, көзінің қылилығы да күшейе түскен сияқты. Бәлкім, мұның бәрі де шаршап-шалдығып, қажып жүргеннен болар. Сүйегі білініп тұрған білезігі мен салалы саусақтары бұрынғы сұлулығын жоғалта қоймапты. Екі иығы қушиған арық болғанымен мойны жұп-жұмыр әрі аппақ. Даусы салқын әрі қатаң шығады-бұрынғы сыңғырлаған нәзіктігі жоқ. Аустаның қос бұрымының біреуі үнемі бір көзіне түсіп тұратын болыпты. Оның бүкіл сыртқы тұлғасынан әлдебір қажырлы күштілік пен осал әлсіздік — өзіне тартушылық пен көкіректен кері итерушілік сезімдері бір мезгілде қатар байқалатын сияқты. Оған назар аудармау тіпті де мүмкін емес еді. Оның беті жүзінен бірде-бір жігерсіздік белгісі байқалмайды, екі көзі жайнап, үн қатып тұрғандай. Аустаның әр қимылында өзінің жеке басына қатысты әлдебір терең сыр жатқандай. Бірақ солардың бәрі де біріне-бірі қарама-қайшы келетіндей: қуаныш пен реніш, қорлық пен мақтаныш қосарлана қатар байқалады. Өйткені оның бүкіл өмірі үздіксіз әрі терең қайғы-қасіретті жағдайда қалыптасты ғой. Бұған Бьяртурдың соншалықты қамқор әрі қайырымды болғысы келген, сөйте тұра кейін біржола безгісі келіп, қуып шыққан. Одан соң оған қайта оралып, жақсылық жасамақ ниеті болған кездері де кездесті. Өйткені ол мұны жете түсінбеді, бәлкім, өзін-өзі түсінбеген де болар. Гвендур Аустаның өзімен салыстыруға болмайтын әлдеқайда жоғары деңгейде екенін бірден сезінді. Қазір мына тау болып үйіліп жатқан кір киімдерден көз алмай қысыла қарап тұрғаны, бейне бір тұтас халықтың мыңдаған жылдар бойы адам төзгісіз қорлық көріп, азап шегіп келген қарғыс атқан масқара кезеңінің белгісіндей болған алба-жұлба жыртық киім кигені Аустаның кемшілігі бола алмайды. Міне ол мұның қасында тікесінен тік түрегеп тұр. Қарайып, бүлінген күрек тісі көрінеді. Некесіз туылған баласының бір қолынан ұстап тұр... Гвендурдың оған таң қалғаны — бір кезде бұлар Жазғы мекендегі бір шаңырақтың астында қалай бірге тұрған, ал Ауста бұларға қалай әпке болған?
— Мен Америкаға кетіп бара жатырмын, — деді Гвендур.
— Әлде, байғұс бала-ай! — деді Ауста, оған селқос жауап қатып, бәлендей жанашырлық та білдіре қоймай.
— Қазір мұнда да заман жақсарып келе жатыр. Бірақ онда барсам, әлдеқайда көп нәрсеге қол жеткізе алуыма болады деген сенімім зор.
— Сені маған жіберген кім? Соны айтшы.
— Ешкім де жіберген жоқ. Менің сенімен қоштасып кеткім ғана келді.
Ауста салқын жымиды да қойды.
— Мен біздің бәріміздің арамызда ешкімді де сағынбайтын тек қана сен болатын шығарсың деп ойлаушы едім. Менің ойымша, сен өз еркі өзіңдегі, ешкімге тәуелсіз, дербес адам болуың, Жазғы мекеннің иесі Бьяртурдың өзінен айнымай қалуың керек еді.
Ауста "Жазғы мекеннің иесі Бьяртур" деген сөзді әлдебір суық күлкілі сезіммен әрі берік сеніммен айтты. Ол бұрынғысынан да қажырлы бола түсті, ешқандай солқылдақ сезімге бой алдырған жоқ.
Гвендур ауыр ойға шомды, Аустаның жүзіне тура қараудан тайсалды. Өйткені айтайын деген ойымның желісін үзіп алармын деп қауіптенді.
— Сен білесің бе, Ауста... Әлдебір сиқырлы күш бар... Сол күш біздің бәрімізді билейді, тіпті уысынан шығармай, өз дегенін істетеді. Бірақ оның не қылған күш екенін анық білмеймін. Мысалға, әкеміздің мінезі қатал, ерік-жігері мықты, бірақ бәрібір өз еркі өзінде емес, бостандығы жоқ деуге де болады. Онымен салыстырғанда әлдеқайда қатал мінезді, ерік-жігері күшті тағы біреу бар. Міне, сол адам әкемізді тырп еткізбейді, өз айтқанына еріксіз көндіріп келеді.
Ауста Гвендурдың жүзіне мұқият қарады. Оның жан дүниесіне терең үңіліп, соншалықты күрделі көп нәрсені қалай түсінетінін байқап көрмек болды.
— Сен, немене, Колумкилли туралы айтып отырсың ба? — деп сұрады ол
— Жоқ, — деп жауап қатты Гвендур, — ол адамдарға ешқашан маза бермейтін, ұдайы жұмыс істеп, тыным көрмеуін талап ететін қозғаушы күш қана ғой.
— Мен сені тани алмай тұрмын Қалай өзгеріп кеткенсің өзің? Тіпті басқа Гвендур сияқты көрінесің менің көзіме.
— Оның себебі — қазір менің мол ақшам бар. Ақшаң барда дүниеге тіпті басқа көзбен қарай бастайды екенсің.
— Сен одан бәрібір ешқашан қашып құтыла алмайсың.
— Кімнен?
— Жазғы мекен иесі Бьяртурдан. Сен оны қаншалықты жек көрсең де сенің бойыңда оның қаны бар. Сөйтіп сен өзіңді-өзің жек көріп кетесің ғой. Оны жамандап сөккен адам — өзін-өзі жамандап сөгетін адам.
Гвендур Аустаның не айтып тұрғанын түсіне алмады
— Егер мен алыс елге кетіп қалсам, — деді ол — Онда барып, мүлде жаңа өмір бастасам, кім біледі, бәлкім, өз еркім өзімдегі тәуелсіз дербес жанға айналармын.
Ауста соншалық салқын дауыстап, қарқылдап күліп жіберді.
— Мен де тап сен сияқты ойлағанмын. Менің сендерден біржола кеткен түнім болатын. Ол мені қуып шыққан еді. Оның мені сол түні қуып шыққаны үшін Құдайға мың мәрте шүкіршілік жасаған болатынмын. кең-байтақ иен даламен жалаң аяқ, жалаң бас таң атқанша жүріп отырып, тіпті басқа елге кеткен едім.
— Сен де ме?
— Иә, мен де өз Америкама сапар шеккен болатынмын. Енді сен өз Америкаңа кетіп барасың. Жолың болсың әйтеуір.
— Сен де тап менің әкем сияқты ойлайсың ба? Ол маған онда барған соң қаңғырып далада қаласың, әрекетіңнен ештеңе шықпайды деген еді.
— Мен саған ондай әңгіме айтып тұрған жоқпын, жарқыным Гвендур. Менің бар білетінім сенің бойыңда Жазғы мекен иесі Бьяртурдың қаны бар. Оның мінезі, мен оның туған қызы болмасам да, менің бойымда да бар.
— Сен өзің білесің бе, мұның өзі жақсы ғой, — деді Гвендур. — Әкеміз — ешқашан ешкімнен айылын жимайтын әрі ешкімнен жеңілмейтін жан. Жақында оған он бес мың крона ұсынып көрді. Бірақ ол үзілді-кесілді бас тартып, алмай қойды. Егер осындай қатал мінезімен теңіздің арғы жағына кетсе, мысалы, малдың саны тек қана мүйізді ірі қарамен ғана саналатын Америкаға барса, нағыз үлкен де маңызды адамға айналып шыға келер еді.
— Сен жаңа ғана өзің айттың емес пе: оны билеп алған, уысында тырп еткізбей ұстайтын әлдебіреу бар дедің ғой.
— Мен жай ғана айта салып едім. Мен Колумкилли бар дегенге тіпті де иланбаймын ғой.
— Иә, ол күштің иесі тіпті де Колумкилли емес, — деді Ауста. — Ол күш — бүкіл дүниені түгел билейтін күш. Оны қалай айтсаң, олай ата, өз еркің білсін, жарқыным Гвендур.
— Сонда ол Құдайдың өзі ме?
— Иә. Адамның өле — өлгенше құл сияқты жұмыс істегенін және оны өмірдің өзінің беретін нәрсесінің бәрінен жұрдай етуді қалайтын Құдай болмағанда басқа кім болушы еді? Құдайдың тап өзі! Ал, жарқыным Гвендур, менің сенімен көп сөйлесіп тұра беретін уақытым жоқ — жұмысым тоқтап қалды.
— Сәл ғана тыңдай тұршы, — деді Гвендур, оның бұл үшін айтқан терең мағыналы ақыл-кеңесін түсіне қоймай. — Қоштасар сәтте саған бір нәрсе айтып кеткім келеді... Менің өзіме тиесілі бәсіре қойларымды саған сый етіп қалдырсам деп едім.
Ауста кетіп қалғысы келіп, қозғала беріп еді, бірақ кілт тоқтады да, оның бетіне бұрылып қарады. Көзқарасынан бұған қалтқысыз шын аяушылық белгісі білінді. Әңгіме барысында аңдамай сөйлеп, өзінің кісі таң қаларлықтай ақымақтығын көрсеткен адамды ғана осылай аяуға болатын еді. Сөйтті де ішек-сілесі қата күлді.
— Рахмет саған, жарқыным Гвендур. Бірақ мен ешқандай сыйлық қабылдамаймын. Тіпті Жазғы мекен иесі Бьяртурдың өзінен де қабылдамас едім. Сенің көңіліңе келмесін, ренжи көрме, менің сыйлық атаулыдан бас тартуым бір бұл ғана емес. Былтырғы қыста бір күні біз кішкентай қызымыз екеуіміз осы Фьордтағы от жағылмаған суық жертөледе жаурап-жасынап отырғанымызда кешке қарай осы өлкедегі ең бай, нағыз шынжыр балақ, шұбар төс адам сырт көзден жасырын келіп маған: "Сен менің туған қызымсың" дегенді айтты. Ол маған қыруар көп ақша ұсынды. Маған және кішкентай қызым Бьортқа қалтқысыз көмек жасап тұратынына сендіргісі келді. Мен оған: "Біздің өліп қалғанымыз әлдеқайда артық. Көмегіңнің қажеті жоқ!" дедім. Сөйтті де Ауста сақылдап тұрып күлді, сөзін одан әрі жалғастырды. — Өйткені мен де, менің Бьортым да, өзің көріп тұрсың, өз еркіміз өзіміздегі, ешкімге тәуелсіз дербес жандармыз ғой. Біз де өзімізше бостандық елі саналамыз. Біз бостандықты Бьяртурдан, айтпақшы, менің қызымның аттас адамынан, тіпті де кем жақсы көрмейміз. Біреудің берген қайыр — садақасына көз сүзіп өмір сүргеннен емін-еркін өле салғанымыз көп жақсы.
Иен дала арқылы жаяу жүріп, ерте көктемнің таңы бозарып, енді атып келе жатқанда осы қалаға келіп жеткен мына әйел қандай қажырлы да төзімді еді. Ол әлі жап-жас қыз кезінде, аяғы ауыр болса да, жалғыз өзі түні бойы жаяу жүріп келе жатқанда ең қасиетті де қымбат арманын аялаумен болған. Таңға қарай аяқ киімі жарамай, жалаң аяқ қалған. Сонда ол да өз Америкасынан үмітін үзген жоқ болатын. Балалық шақты артта қалдырып, біржола ұмыту, енді амал жоқтықтан ересек адам қатарына қосылу — Соуллильяның ашпақ Америкасы осы еді. Енді, міне, ол өзінің ондай атақты ғажаптар еліне әлі де жете алмай, босқа қиялдап қана жүрген бір кездегі інісінің алдында осылай мақтанды. Иә, ол Үш құдай күнінің жаңа атқан таңы болатын. Аустаға теңіздің астынан бейне бір жаңа елдер көтеріліп келе жатқандай, інжу қабыршақтарын, жарқыраған маржан моншақтарын жазғы таңның алғашқы нұр шашқан сәулесіне жуа бастағандай болып көрінген еді. Ал ежелден бар елдерде жаппай жарыса гүлдеген алма ағаштарының жұпар иісі аңқып, өзге тал-теректердің жасыл жапырақтары баяу сыбдырлап қана тұрғандай елестеді. Ал теңіз жағасында жайқалған жасыл орманның ортасындағы ашық алаңда оның сүйікті жігітінің "ақшаңқан ақ ордасы" мен мұндалап, шақырып тұрған сияқты еді. Бірақ сол салтанатты сарай ақырында төбесі қара май сіңірілген алба-жұлба қалың қағазбен жабылған осы қара лашық болып шықты. Теңіз жаққа қараған кішкентай терезенің алдында гүл өсіруге арналған топырақ салынған, сыртын тот басқан екі қаңылтыр құмыра тұр.
Лашықтың төбесіндегі түтін шығатын мұржа бір жағына қарай қисайып кетіпті. Есік сыртында екі сынық тас текпішек көрінеді. Ал жайқалған жасыл орман дегені теңіз толқыны жағаға шығарып тастаған жасыл балдыр ғана екен. Таяу жердегі құмды жағаны теңізге қарай кесіп өтіп, ені бір қадамдай ғана келетін кішкентай өзенше ағып жатыр. Жағасында екі бала ойнап отыр. Олар ағаш таяқшамен өзен түбінен өлі балшықты сыртқа шығарумен әлек. Ауста өзеннің жағасына жақындап барды. Жас шамасы өзімен қатар, бірақ бұған қарағанда әлдеқайда әлжуаз, тыриған арық қыз есік алдында жылап отырған екі жас баланы жұбата алмай жүр екен. Екі баланың да құлақтарынан бұлақ ағып, мазасын алғаны көрініп тұр, түрлері боп-боз болып, тіпті көгере бастапты. Табалдырықтың алдында емізулі баласын көтерген үй иесі әйел тұр. Бейшара тағы да жүкті көрінеді. Іші Аустаның іші сияқты томпайып тұр. Ол бір нәрсеге қапа болып, өзіне-өзі ұрсып қояды. Тек қана ұйқас қуушы ақындардың, адамдарды жан-тәндерімен жек көретін суайт өтірікшілердің Ауста Соуллилья мен мұның сүйікті жігітіне арнап қайдағы жоқ жалған кітаптар жазатыны несі екен осы? Немесе оларда суреттелетін күн нұрына малынып тұратын ғажайып ормандарға қол жеткізуге болатын, алтын сәулемен жарқ-жұрқ етіп, көздің жауын алатын пальма аллеялары қайда? Соның бәрін мына біз сияқты аңқау да адал адамдарды алдап, мазақ қылып масқара күлкі ету үшін жазатын болғаны ма сонда?! Мұның сүйген жігітінің осындай тәтті қиялдардан өзге, ішкілік ішіп алып, мас болу қабілетінен өзге еш қасиеті жоқ қой.
Гвендур өзіне жүктелген бір аманат тапсырманы орындап үлгермегенін айтып, Аустаның және бір минөт кідіре тұруын өтінді.
— Әкем саған сәлем айтты. Жазғы мекен әлі сол қалпында тұрғанын, бірақ ол қалай да жаңа үй салатынын айта кетерсің деп еді.
Ауста жалт бұрылып қарады да, таңдана айқайлап жіберді:
— Әкең саған осылай айт деп шынымен тапсырды ма?
Гвендур "сәлем айт" деген сөздің аузынан абайсызда қалай шығып кеткенін тез түсіне қойды да өз қателігін түзетуге асықты:
— Жоқ, ол саған сәлем айт деп өтініш жасаған жоқ. Бірақ әлгіндей сөз айтқаны рас. Ол менен саған мына бір өлең жолдарын оқып беруімді ғана сұрады.
Гвендур жаттап алған өлеңді оқып берді.
Ауста тағы да күлді.
— Сен оған былай деп сәлем айт, — деді Ауста, Гвендурдың Жазғы мекенге емес, Америкаға кетіп бара жатқанын есінен шығарып. — Мен оның қандай қой қора салатынын қазірдің өзінде алдын ала білемін. Ал оның мән-мағынасыз өлеңдерді қалай күшеніп-тышанып босқа шығаратыны маған бұрыннан мәлім. Мен өзімді шын сүйетін бір жас жігітпен некеге тұрып қойдым. Ол осындағы мектепте оқыды. Нағыз ақын сол. Оның Сандейрда өзінің жекеменшік тамаша шағын үйі бар. Шешесімен бірге тұрады. Осыдан екі жыл бұрын менің өзіне тұрмысқа шығуыма ұсыныс жасады. Біз некемізді қидырдық. Ол мені ешқашан да үйінен қуып шықпайды. Өйткені мені жанындай жақсы көреді... Жазғы мекен иесі Бьяртурға, міне, осылай деп айт.
Бұл оның Гвендурға айтқан ең соңғы сөзі болды. Міне, ол қазір қандай келіншек болған десеңші! Оның сол жақ беті жеңіп шығыпты. Бәлкім, ол өзінің сол бір шілденің сәтсіз бір түнінде Жазғы мекеннің иесі Бьяртуға амалсыз тосқан дәрменсіз оң жақ бетін оның шапалағынан дұрыс құтқарған да болар.
АЛПЫС БЕСІНШІ ТАРАУ
АМЕРИКА
— Бұл сенсің бе?
— Иә, бұл менмін.
Бұл екеуінің таныстығы осылай басталды.
Төрт бұрышты биік қызыл мұнарасы бар үй күн сәулесіне малынып тұр. Оның айнала төңірегі — жайқала өскен жасыл бақ. Күн кешке айналып бара жатқан кез. Бақтағы жасыл желек батар күннің қызғылт сәулесіне шағылысып, жалт-жұлт етеді.
— Сен мұнда келгеніңе қуаныштысың ба? — деп сұрады қыз.
Қыздың аяғына кигені — тізесіне дейін тар, одан жоғары кең қонышты етік. Оның жетегінде қызу қанды, асыл тұқымды, еліре үркіп келе жатқан екі мініс аты бар. Екеуі де қоңды, сыртынан қарағанда жүні бейне бір жібек матадай жалтырап көрінеді. Батуға бет алған күннің қызғылт сәулесі мен баяу соққан самал жел қыздың сары шашын, қос бұрымын алтындай құлпырта түседі. Жұп-жұмсақ жас кеудесі ілгері-кейінді сүйсіне тартылады. Қыпша белі тал шыбықтай бұралады. Екі қолы иығына дейін жалаңаш. Қиғаш қастары емін-еркін бейқам керіледі. Ал өткір көздері көк аспанды және ондағы шырқау биікте самғап ұшып жүрген көк қаршығаны қатар елестетеді. Жүзінен жастық шаққа тән әдемі аппақ ажар байқалады. Ол дүние жүзіндегі ең бір әдемі түске — жаңа сауылған қою сүттің түсіне ұқсайды. Біресе қызғылт, бәлкім, біресе жасыл түске ұқсап құлпыра өзгеріп те тұратын сияқты. Қыздың еркі түгелдей өзінде көрінеді. Оның үстіне, нағыз сұлулықтың өзі дерсің! Гвендур бұдан асқан сұлуды бұрын-соңды көріп — білген емес. Қыз сәл ғана мұрнынан мыңқылдаңқырап сөйлейді екен. Бірақ әр сөйлемін төменгі нотамен бейне бір әндете аяқтағанды ұнататын көрінеді. Ол әзіл айтса да, сабырмен байсалды сөйлесе де күлкі араластыратын әдеті екен. Гвендур әйтеуір абыржып, қысылып қалды.
— Сенің мұнда, бақтың ішіне кіруіңе болады, — деді қыз.
Гвендур шарбақтың есігін ашып, ішке кірді.
— Мен үйге кіріп шыққанша мына аттарды ұстай тұр. — Қыз осылай деді де жым-жылас жоқ болып кетті.
Гвендур аттарды шылбырынан ұстап тұра берді. Аттар ауыздығын шайнап, тағатсыздана ілгері ұмтылып, біріне-бірі сүйкене түсті. Бұл ұзақ күтті. Ал қыз әлі көрінбейді. Гвендур енді ол қыз шынымен-ақ келмейтін шығар деп ойлана бастады. Бірақ ол кенеттен келе қалды.
— Шоколад жейсің бе? — деп сұрады қыз. Сөйтті де оған шоколад ұсынды. — Тағы берейін бе? — Ол және бір шоколад берді. — Менің сенімен бірге кетіп қалуыма да болар еді. Американы көруге қатты құмармын. Сен қалай қарайсың, сенімен бірге кетіп қалсам қайтеді?
Гвендур қысылғаннан қып-қызыл болып кетті. Мынадай керемет қызды, ай-шай жоқ, қалай алып кетпек? Бұл қылығы онша дұрыс бола қоймайтын шығар? Дегенмен оны өзімен бірге Америкаға ала кетуге көніп қалды. Пароход бүгін түнде келеді де, ертең ертемен кетеді. Қыз қарқылдап тұрып күлді. Гвендурдың мұны өзімен бірге Америкаға алып кетпек болған ниеті бар екеніне күлді.
— Сен сондай қайырымды жақсы жігіт екенсің, — деді ол, күлкісін әлі де бас алмай. — Одан да салт атпен серуен құрып қайтайық! Сен мына сары атқа жайдақ мін. Рас, оның басында жүгені жоқ, тек ноқтасы ғана бар. Менің Мириге барып, әжем мен атамды көріп қайтқым келеді. Ер-тоқымы жоқ деме. Мына тұрған жер ғой. Бар-жоғы бір миля ғана.
Иә, иә, бұған бәрібір, жайдақ атпен бір миля емес, елу миля болса да жүре алады. Гвендур сары атқа бірден қарғып мінді. Бұл екеуі мінген бойда тыпыршып тұрған жануарлар ілгері қарай екпіндей заулады. Қыз мінген боз бие шоқырақтап шаба жөнелді. Одан сары аттың да қалғысы келмеді. Шылбырын тартып тоқтату мүмкін емес, басын шұлғып, ноқтаны өзіне қарай тарта түседі. Қыз аттың басын Сауда алаңынан басталып, жоғары қарай тартатын тас жолға қарай бұрды. Сары ат та желе жортып, шауып келеді, ара-арасында пысқырып қойып, басын жұлқып ілгері созады. бұрын-соңды ауыздық салынбаған сияқты. Қыз анда-санда кейін қайырылып, жас жігітке қарап қояды, көңілді күлкісі тыйылмайды. Күннің алтын шұғыласына шағылыса жарқыраған қос бұрымын жел желбіретіп барады. Ал Гудмундур Гудбьяр — турссон мына сары ат сияқты ертегілердегідей ерекше елпілдеп ұшып-қонып тұрған, бірақ басы қатты атты бұрын-соңды мініп көрген жоқ еді! Олар биік төбенің басына оның едәуір тік қия бетімен тегіс жердегідей екпіндете көтерілді. Аттар еті қыза келе бұраңдаған қисық жолдың үстімен желдей ұшып шаба жөнелгенде жас жігіт құлап қалмайын деген қауіппен аттың жалын құшуға мәжбүр болды.
Салт аттылар көп ұзамай арша өскен йен даланың шетіне де келіп жетті. Мына бір жардан төмен түссе, тақтайдай теп-тегіс жасыл жылға басталады. Бұлар жардың жанына жете бергенде боз бие күтпеген жерден жалт бұрылып, жардың үстінен жасыл жылғаға бірақ қарғыды. Қыз жалп ете қалып, ұшып түсті. Ол шалқасынан құлаған екен, екі аяғын жоғары көтеріп ербеңдетумен болды. Боз биеге еліктеген сары ат та артқы екі аяғын қатты тіреп, бар күшімен ілгері қарғыды — аттың жалын құшып келе жатқан Гвендур оның басынан аса ұшып түсіп, омақаса құлады. Ойнақшып бос кеткен аттар жазық жылғада шауып ала жөнелді. Олар бастарын шұлғып, пысқырып біраз жерге барып тоқтады. Отқа бас қойды, көк шөпті жұлып жей бастады. Ал қыз шөптің үстінде әлі де күлкісін тыя алмай жатты.
— Сен мертігіп қалған жоқсың ба? — деп сұрады Гвендур, орнынан тұра бере.
Қыз жауап берудің орнына ішек-сілесі қата күле берді. Аздан соң ол өз өмірінде мұндай оқиға ешқашан кездеспегенін айтты. Гвендур аттарды ұстап, шідерлеп келуге кетті. Аттар оқтын-оқтын пысқырып қойып, көк шөпті сүйсіне жеуге кірісті. Боз биенің ауыздығының сылдыры ғана естілді.
Гвендур қайтып оралған кезде қыз көк шөптің үстіне жайғасып алып, ұйпаланған шашын ретке келтіріп отыр еді. Сонау төменгі жақта құс ұшатын биіктен қарағандағыдай болып Сауда алаңы, оның бақтағы гүл өсірілетін қара қоңыр кофе түстес үйме топырақтары, үйлерінің төбесі жабылып, жаңа ғана сырланған түніке қаңылтырлары айқын көрінеді. Оның бәрі де соғыс жылдары халықтың әл-ауқат дәрежесі арта түскенінің белгісі. Осы жерден теңізді де көруге болатын. Оның айнадай жарқырап жатқан толқынсыз тынық айдыны сонау көкжиекке дейін созылады, бейне бір бейбіт мәңгіліктің өзі сияқты әсер етеді. Осы теңіздің арғы жағында ешқандай дүние жоқ дегенге сенгің келмейді. Онда жаңа дүние, тіпті ең жақсы дүние бар. Бірақ соның бәрі де шын ба екен өзі?
— Сонау алыс елге теңіз арқылы жүзіп баратын қандай бақытты едің!
— Мен сені мертігіп қалды ма деп, шошып кеттім, — деді Гвендур, серілерге тән сыпайы мінез танытып. — Аттар қандай құтырынған қызу қанды еді!
— Сол да сөз бе екен?! Кәдімгідей аттар ғана. Одан да Америкаға теңіз арқылы жүзіп барғанды айтсаңшы. Қандай рақат!..
— Сенің атың кім осы? — деп сұрады Гвендур.
Бірақ қыз атын айтпады. Оның бетіне қадала қарады. Маржандай тізілген әдемі аппақ тістерін көрсете құлаққа жағымды әсем әуенмен күлді.
— Сен өзің Америкаға кетіп бара жатырсың. Менің атымды сұраудың саған не қажеті бар?
— Сонда да болса білгім келді.
— Жоқ, мен атымды айтпаймын. Өзің Америкадан қайтып келгенше айтпаймын. Сен маған айтшы: сен Америкаға барғанда кім боласың өзің?
— Ол жағын әлі біле бермеймін, — деді, бұл да өзінше құпия сырын білдіргісі келмеген адам сияқты.
— Одан да айтқым келмейді десеңші.
— Америкада сен өзің кім болғың келсе, сол бола аласың. Мысалы, менің Америкаға кеткен інімнің кім болғанын әлі ешкім білмейді. Бір-ақ білетініміз — онда ақша дегеніңнің есебі жоқ, өте көп. Бәрі де көгілдір жасыл қағаздар. Ол маған сондай ақшаның тұтас бір бумасын беріп жіберіпті. Оның үстіне, Америкада орасан зор жасыл ормандарға оранып жатқан елдер де бар. Ол ормандарда жабайы аңдар көптеп өседі.
— Жабайы аңдар! — деп, таң қала қайталады қыз. — Сен жабайы аңдарды аулайтын боласың ба?
— Әрине, аулайтын боламын, — деді ол Бұл сөздің аузына сәтті түсе қойғаны қандай жақсы болды. Гвендур шынында да жабайы аңдарды аулауды армандайтын.
— Сен тыңдашы, — деді қыз. — Сенің Америкадағы сол ініңнің фотосуреті жоқ па?
— Гвендурда оның фотосуреті жоқ болатын.
— Ол өзі қандай? Келбетті де сұлу жігіт пе? Ол шынында да сондай... айталық, нағыз ерекше, нағыз шетелдік жігіт сияқты шығар?
— Ол ұзын бойлы, — деді Гвендур. — Менен де ұзын. Оның үстіне, менен әлдеқайда күшті. Ол ән сала алады. Салғанда қандай! Тыңдаушыларын таң қалдырып, бірден баурап әкетеді. Қашан болса да керемет жақсы киінеді. Оның тек мереке күндері киетін екі, тіпті үш жаңа костюмі бар екеніне күмәнім жоқ. Ол өте ақылды. Ақылды екені көзінен көрініп тұрады. Білімі терең, ұшан-теңіз. Өте көп біледі! Ол оқымаған ғылым қалған жоқ! Ол әрқашан сапар шеккенді өте ұнатады.
— Ол да жабайы аңдар аулай ма?
— Иә, орманнан бұғы, ілбісін сияқты аңдар аулайды. Ондағы орманның ұшы-қиыры жоқ. Інім сол орманның ортасында тұрады. Мен оған бір ай дегенде жетемін.
— Шіркін-ай десеңші! Америкаға баруға мен де өте құмартамын.
Жас жігіт өзін нағыз ер адамша ұстай біліп, мынадай сұлу қыздың барлық сұрақтарына оңай әрі жедел жауап қайтарғанына өзіне-өзі қатты риза болды. Онымен сөйлесу сондай ұнамды екен. Бұрын бұл ешкіммен де тап осылай жақсы сөйлесіп, жанға жайлы, жүрекке жылы рақат сезіміне бөленіп көрген емес еді. Сөйлескен сайын айтайын деген ойларын оп-оңай жеткізуге болатын сөздер тіліне үсті-үстіне орала береді. Мұның қызға айтып отырған зәбір сөзі, тіпті жай ғана қарапайым сөзінің өзі де, жұпар иісі аңқыған гүл сияқты сезілді. Бірақ оның ойын бір жағдай кенеттен бөліп жіберді.
— Мен бір нәрсеге түсінбеймін, — деді Гвендур: — Сенің неге Америкаға кеткің келеді? Сенің мұнда мұнаралы әдемі үйің бар, тұтыну қоғамының дүкенінен жаныңа не қаласаң, соның бәрін де қажетіңше сатып ала аласың. Сенің мынадай тамаша екі атың да бар екен...
Қыз аз ғана ойланып, жігіттің пікірімен келісті.
— Иә, әрине, сенің айтқаныңның бәрі де өте дұрыс. Менің қиялым — жан түршіктірерлік бос мылжың ғана, — деді ол — Менің Америкаға барғым келмейді. Біреулер барып қайт десе де бармас едім. Егер бара қалсам, тек әкеммен бірге барамын. Бірақ Америкаға басқа біреулер кетіп бара жатса, көңілім қобалжып, өзімді-өзім ұмытқандай боламын, қызығып кетемін. Өйткені Америка бұл жерден өте алыс. Оған ұшы — қиыры жоқ үлкен теңіз арқылы жүзіп барғанды өте-мөте ұнатамын. Мұның бәрі ғажайып қызық ертегі сияқты ғой... Ал ол жақтан қайтып оралғандардың бәрі де құрметті азаматтар, нағыз еркектер болып келеді. Мен әлі кішкентай кезімде шетелге тек ұлы адамдар, мысалы, менің әкем сияқтылар ғана баратын шығар деп ойлайтынмын. Олай деп ойлағаным ақымақтық екен. Кім біледі, бәлкім, дұрыс та болар? Солай емес пе? Ал сен Америкаға барған соң мені ұмытып кетіп жүрме.
— Жоқ, ұмытпаймын, — деді ол, екі беті қызарып кетіп әрі қыздың бетіне тура қарай алмай. Бірақ қыздың өзіне сұқтана қарап отырғанын сезген еді.
— Сен білдің бе? — деді қыз. — Мен сенің ініңе сыртынан ғашық болып қалдым. Інің туралы көбірек айта түсші. Ол бұл жаққа енді қайтып ешқашан келмей ме?
— Жоқ, ешқашан қайтып оралмайды. Ал менің кайтып келуім ғажап емес. Әбден мүмкін. — Ол едәуір батылдана түсіп, былай деп қосып қойды. — Әрине, сен менің келуімді қалайтын болсаң...
Қыз Гвендурды басынан аяғына дейін түгел шолып шықты. Ол мұның қазіргісі мен болашағына, нақты өмір шындығы мен арман-қиялына ойша көз жіберіп, өзінше баға беріп отырды. Оның бір көзімен жігітке, екінші көзімен ертең ол айдынында жүзіп бара жататын шалқып жатқан теңізге қарады да отырды. Оның бұл жігітті сүйіп қалған себебі — ертең ол мына ұшы-қиыры жоқ үлкен теңіздің төсінде алып кемеде жүзіп бара жатады. Және бір себебі — ертең ол Америкаға барғанда құрметке лайық үлкен адам болады, тағы бір себебі — бұл ол жақтағы жабайы аңдарды аулайтын болады, ең басты себебі — нағыз ер азамат болып, елге қайтып оралады...
— Мен сенің қайтып оралуыңды күтемін, — деді ол ақырында.
Қыз жас еді, әлі өте жас болатын. Бәлкім, он бесте, тіпті он төртте шығар. Әйтеуір одан артық емес. Бірақ оның жасының қаншада екенін тап қазір осы жерде анықтап алуға тырысу — күлкілі жағдай. Өйткені қыздың өзі нағыз жастық шақ болатын. Мұндай жастық шақтың не екенін Жазғы мекен балаларының бірде-біреуі білген емес. Рас, шынын айту керек, Гвендур мұндай сұлу қызды ешқашан кездестіріп көрген жоқ. Шамасы, ол да мұндай көрікті жас жігітті көріп — білмеген болуы керек.
— Сен қайтып оралған кезіңде бұдан да биік болатын шығарсың. Ал мына жерлерің қазіргісіндей кең қалпында қалуы тиіс. — Қыз жігіттің кеудесі мен екі иығын өз құшағын кере көрсетті. — Бәлкім, әлі де кеңейе түскені дұрыс. Әрине, ол кезде сенің үстіңде ақшыл — сұр жазғы костюм, аяғыңда сәнді қоңыр туфли болады. Қалпағың да жарасып тұрады. Жолақ көйлегің болуы керек. Оның үстіне, мыс-мыс мол ақша да болады. Сондай-ақ жаңбыр өтпейтін үлкен макинтош кигенің жөн. Сол кезде сен Америкада жабайы аңдарды қалай аулағаның туралы қызық әңгімелер айтып беретін боласың.
Қыз басын кейін шалқайта түсіп, көгілдір аспаннан көз алмай, әлде бір тәтті қиялға берілді. Ол рақаттана күліп, жас жігітке қарай еңкейе түсті. Жігіт қыздың күн шұғыласына шағылысып, алтындай құлпырған сарғыш шатырының аппақ айырығын көрді. Қыз оның құшағына ене түсіп, бір жамбастап жатты да көңілді күлкісін тоқтатқан жоқ. Гвендур қатты қысылып, қызарып кетті. Мұның бәрі түсінде емес, өңінде болып жатқанына қалай сенерін білмеді. Бұл жағдай неге бұрынырақ емес, мұның дәл Америкаға кетіп бара жатқанында болғаны несі екен? Жоқ, бұл алыс Америкадан бәрібір қайтып оралуым керек деп бекем бел буды.
Қыз үсті-басын қағынып, жинала бастады. Өйткені үйге қайтатын уақыт болып қалды. Қыз көк шөптің үстіне отырып, басын бір иығына қисайта түсіп, шашын тарауға кірісті. Жас жігіт одан көзін ала алмай, сүйсіне қарап тұрып, басын бір жағына қарай қалай қисайтқанын өзі де байқамай қалды.
— Аттарды әкелу керек, — деді қыз.
Аттар әкелінді. Олар пысқыра түсіп, жүгені мен ноқтасын сыпырып тастағысы келгендей. Қыз бен жігіт атқа қонды. Қыз тізгінін, жігіт ноқтаның шылбырын қолына алды. Қыз шалқып жатқан теңізге таңдана қызығып тағы да көз жүгіртті. Мына жігіт сол теңізбен сапар шегеді-ау деген ойдан арыла алмады. Ал жігіттің екі көзі қызда болды — басқа жаққа мойын бұруға мұршасы келмеді.
— Біздің жолымыз айырылысар кез келді, — деді қыз қатты мұңайып. Сөйтті де жігітке боз биенің мойнынан асыра қолын созды — қоштаспақ болды. Қыздың қолы соншалықты жылы, аппақ әрі жап-жас, жұп-жұмсақ еді. Гвендур оның қолын үн-түнсіз алды. Қыз оның әлі де бірге болғысы бар екенін, қимай тұрғанын анық байқады. Әрі көңілденіп, қуанды, әрі мұңайып, жабырқады.
— Елге қайтып оралғаныңда мен сені қарсы алатын боламын — Қыз бұл сөзді қалай айтып қалғанын байқаған жоқ. Шамасы, өзін де, оны да жұбатып, көңілдерін жадыратқысы келген болуы керек.
Гвендур ештеңе деп жауап қатпады. Қыз атының тізгінін тартып, едәуір кідірді. Ол боз биенің жалын құшақтап, жігітке мойнын соза қарай берді.
— Аттарың тамаша екен, — деді Гвендур, боз биенің маңдайынан еркелете сипай түсіп.
Қыз тағы да күлді: еркектердің бәрі бірдей — уақыттан ұтқысы келсе, кез келген нәрсені сылтау ете қояды.
— Сен маған осы аттарыңды сатар ме едің? — деді Гвендур.
— Сат дейсің бе? Сен кетіп бара жатқан адамсың ғой. Олардың саған енді не қажеті бар?
— Мейлі, менің аттарым болып қала берсін дегенім ғой. Менің оларды сатып алуға ақшам жетеді.
— Жоқ, мен саған бұларды сатпаймын. Өзің қайтып оралғанда сыйға тартамын — ат мінгізген боламын.
— Сонымен сенің атың кім болды? .
— Атымның кім екенін өзің қайтып келгенде бір-ақ білесің.
— Сенің атыңның кім екенін білмей кетсем, мен онда қалай өмір сүре алмақпын?
— Сенің ол жақтан маған арнап хат жазғың келер, бәлкім?
— Иә, хат жазып тұратын боламын.
— Тағы да біраз жер ілгері жүрейік, — деді қыз. — Ол жағын сөйлесе жатармыз.
Олар ілгері жүріп кетті. Аттар иен дала арқылы батысты бетке алып, тағы да бас бермей, шаба жөнелді. Алда — боз бие, соңында — сары ат. Құрғақ жолдың шаңы көтеріліп, қаптаған бұлттай артта қалып жатты. Алдарынан жел соққандай сезінді. Олар батуға бет алған күннің соңынан көңілді күлкісін жалғастыра қуып келе жатқан секілді. Басқаша қараған адамға бұлттың арасын жарып өтіп, лаулаған жалынға қарай жарысып бара жатқан әлдебір қиял-ғажайып ертегілерінің кейіпкерлеріне ұқсайды. Мұның өзі дүниедегі ең бір ғажайып көңілді саяхат еді. Олар енді аттың басын еркін жіберді, бір-бірімен сөйлескен де жоқ. Алдағы сонау алыста иен дала төсінде жарқырап жатқан қол көрінді. Оның жағалауында қап-қара биік жартас бой көрсетіп тұр. Сұрғылт мүк, ағарып қуарған ескі шөп пен қызыл балшық байқалады. Оңтүстік жақтағы алыста ақшыл көк түтін тәріздес бұлт таудың төбесін қымтап алыпты, ал одан едәуір арыда қар басып жатқан аппақ мұз қабаттары көрінеді. Теңіз әлдеқашан көзден ғайып болған. Кеш түсіп келе жатты. Үрейі ұшқан дала құстары улап-шулап аспанға көтеріліп, үріккен қойлар бет-бетімен қаша жөнелді.
Олар көлге жете бергенде қыз боз биенің тізгінін босатып, оның қалай қарай жүруіне де толық еркіндік берді. Сары ат оның соңынан ілесіп отырды. Алғашқыда мүк басқан тастақ жермен жүрді, одан соң шалшықты балшықты кешіп, көлдің жағасындағы жерге жетіп тоқтады. Көл бетінде қос аққу жүзіп жүр. Қыз атынан секіріп түсті. Гвендур да солай жасады. Бұл екеуі енді көлдің жағасындағы биік жерге келіп тұрды. Күн йен даланың жиегіне жетіп жығылды. Салқын соға бастады. Қыздың ерінің артқы қасында үлкен жылы плащ байлаулы еді. Қыз оны алып, өз иығына жапты. Қалтасынан тәтті тағамдар алып, Гвендур екеуі бөлісіп жеді. Содан кейін жағалауға жақын барып жайғасты.
— Отыр, — деді қыз. Гвендур да отырды. — Анау қос аққуға қарашы, — деді қыз тағы да. Гвендур аққуларға қарауын қарады. Бірақ үндеген жоқ. — Сен тоңып қалған жоқсың ба? — деді қыз.
— Жоқ, тоңған жоқпын.
— Сен тоңып қалдың, мен көріп отырмын ғой. Кел, жақынырақ отыр. Мына плащты бірге жамылып, жылынып алайық. Сенің үстіңдегі киіміңнен түтіннің, құс жүнінің иісі шығады ғой, — деді қыз, Гвендур жақындап отыра бергенде ішек-сілесі қата күліп.
— Не дедің? Түтін мен құс жүнінің иісі шығадың қалай?
— Иә. Ол ештеңе етпес, — деді қыз. — Оның есесіне шашың қандай әдемі еді! — Сөйтті де қыз оның шашын сүйріктей аппақ жұмсақ саусақтарымен сипай бастады. — Сенің кеудең кең, жауырындарың қақпақтай ғой өзі. Көзің де нағыз еркектің көзіндей сүйкімді екен — ойнап тұр.
Қос аққу көлдің жиегіне жақын жүзіп келіп, бұл екеуін құттықтап, ақырын ғана сыбырлап тіл қатқандай болды.
— Анау аққуларға қарашы. Қандай сұлу, қандай әдемі жүзеді! Олардың әр қимылы әдемі.
— Иә, — деп, жай ғана үн қатты Гвендур. Ол да қос аққуға қарады. Қыз не көріп отырса, соның бәрін де көрді. Алғашқыда аққулар бұған әдеттегі су құстары ғана сияқты еді. Соңынан барып түсінді: бірі еркегі, екіншісі ұрғашысы екен Олар жұбын жазбайтын ғашықтар екен. Қыздың тұспалдап айтқан сөзінде әлдебір терең сыр жатыр екен-ау.
— Бұлар бірін-бірі жақсы көреді. Махаббаттарына берік, — деді сөзін жалғастыра түскен қыз, қос аққудан көз алмай.
Гвендурда үн жоқ, қыздың мына сөзінен кейін оның білегінен өз еркінен тыс шап беріп ұстай алды. Оған бұдан артық не жауап қайтаруды білген жоқ. Қыздың жұп-жұмсақ қолының қызуын сезді. Жүрегінің дүрс-дүрс соғып тұрғанын да байқады. Міне, бұл нағыз өмірдің өзі! Жігіт қыздың қолын жібергісі келмейді, қыз да кет әрі емес, қолын кейін тарта қоймайды. Гвендур бұлардың жандарынан баяу жүзіп бара жатқан аққулардан көз аудармай отыра берді.
— Қарашы, олар ерекше ғажайып сұлу көрінеді емес пе? — деп сұрады қыз. Сөйтті де өзінен-өзі селк ете қалып, жас жігітке жабыса түсті де, оның құшағына кіріп кетті. Қыздың шашы жігіттің бетіне тиіп, жағымды жыбырымен жақсы қытығын келтірді. Жігіт өзінің ыстық еріндерін қыздың бетіне тақады...
— Сен енді Фьордқа қалай жетпексің? — деді қыз, оның жүзіне шалдуар мекерлікпен қулана қарап.
— Мен енді ешқайда да асықпаймын — деп жауап берді Гвендур. — Алдымызда ұзақ түн бар. — Содан соң былай деп сыбырлады: — Мен сені ес-түссіз сүйіп қалдым! "Қайта оралып келгеніңше күтемін" деп уәдеңді бересің бе?
— Тсс... үніңді шығарма, — деді де, қыз жігіттің ернінен сүйіп-сүйіп алды. Әуелі бір рет сүйді де, сықылықтап күлді. Содан соң үсті — үстіне қатарынан екі рет сүйді. Гвендурды бейне бір өзінің жеке меншігі сияқты етіп қызу құштарлықпен қайта-қайта ұзақ сүйе түскен қыз едәуір өксіп жылағандай болды да көзін рақаттана жұмып жата берді.
Уақыттың қалай тез өткені белгісіз. Гвендур ұйқысынан оянып, қыздың жылы плащының ішінен көтеріле беріп қараса, күн әлдеқашан таудан асып кетіпті. Суық түсе бастапты. Көлдегі қос аққу да ғайып болыпты. Мүмкін мұнда ешқашан ешқандай аққу болмаған да шығар? Бәлкім, соның бәрі де алдамшы елес қана болар? Мына түн де көктемнің иен даланы тұмшалай жаба түсетін кәдімгі көп түндерінің бірі емес пе өзі?
Қыз оған аттарды тауып келуге әмір берді. Сөйтті де теріс айналып, жылы плащты қымтана жамылды да умаждалып қалған көйлегінің қыртыс — тырысын жазды, шашын тарап, тәртіпке келтіре бастады. Гвендурдың ойына ештеңе де кіріп-шыққан жоқ. Ол уақыт пен кеңістіктің не екені жөніндегі түсінігінен де айырылып қалыпты. Аттар бұлардан ұзап, көлдің арғы жағына өтіп кетіпті. Сары аттың басындағы ноқтасы түсіп қалыпты. Оны ұстау қиын болды — жанына жолатпай, қаша берді. Сөйтіп жүргенде Гвендур шалшықты батпақтың шұқырына түсіп кетті, тізесіне дейін ұйыққа батып кете жаздады. Аяғындағы жалт-жұлт етіп жарқырап тұратын байпағы әбден былғанды. Ол ақырында аттарды қыздың алдына алып келді. Қыз боз биеге бірден қарғып мінді де, тізгінін қолына алып, шаба жөнелді, оны екі бүйірінен бірдей қамшылады. Бейшара боз бие кедір-бұдырға, тау-тасқа қарамай, оқтай ұшып барады.
Сары аттың бабын табу бұрығысынан да қиын болды. Жігіт оны шылбырмен ауыздықтағаннан кейін ол шеңбер жасап, көпке дейін тынымсыз шапқылаумен болды, мөңки түсіп, алуан түрлі ожар қылықтар көрсетті. Гвендур енді ғана түсінді: ат әлі жөнді бас білдірілмеген екен. Бұл ақырында зорға дегенде жолға шыққан кезде қыздың қарасы әр жерден бір көрініп, тым ұзап кетіпті. Бір төбеден соң бір төбеге шауып шығып, алға қарай зымырап барады. Сары ат бір кісінеп алды да бар күшін сала оның соңынан оқтай ұшты. Бірақ онша төзімді емес екен, ұзаққа шаба алмады. Аздан соң қара терге түсіп, ақ көбікке малшынған соң желе жортуға көшті. Бір еңіске түсе бере сүрініп кетіп, омақаса жығылды. Ұшып кеткен Гвендур беті мен қолын жаралап алды. Құлаған кезімде сағатым сынып қалған жоқ па екен деп, қалтасынан алып көріп еді, — сынбапты. Сағат екі болыпты. Қыз қарасын көрсетпей, ұзап кете барды. Уақыт зымырап өтіп барады. Бұлар қаладан тым ұзап кетіпті. Жұрт ұйқысынан оянғанша бұл Фьордқа әрең дегенде жетуі мүмкін. Ал мына сары атты қалай етеді? Фьордка жаяу тартып кетуден бұрын біреудің атын өзіне тапсыруы керек қой.
— Ей, Ей-Ей! — деп, үсті-үстіне айқай салды.
Бірақ кыз тым ұзап барады. Аздан соң бір төбеден асып, біржола көрінбей кетті. "Қалай да қуып жетіп, атын беруім керек қой" деп ойлады Гвендур. Енді ол қыл шылбырды екі қабаттап, сары атты мықтап ауыздықтады, оған қайтадан қарғып мініп, қызды қуып жетуге әрекет жасады.
— Ей! Ей! — деп, айқайлаумен болды ол. — Мына атыңды ала кет!
Ол иен даланың батыс жақ шетіне жеткен кезде бүкіл аңғар Жазғы мекенге дейін алақандағыдай айқын көрінді. Бұл кезде сағат үш болып, шығыстан таң білініп келе жатқан кез еді. Боз биенің тұяғынан көтерілген шаң будақ-будақ болып, алыстай берді. Қыз сонау төменде, аңғардың батыс бөлігінде қарауытады. Боз бие барған сайын екпіндей шабады. Енді қуып жету мүмкін емес сияқты. Оның үстіне, баптап суытылмаған сары ат болдырып қалды. Бірақ бұл сонда да асыға түсіп, ілгері ұмтылды, ұясындағы ұйқысынан оянған балшықшы құстар оған әр жартастың, әр төбенің түбінен әлдебір нәрселерді айтқандай шиқылдайды. Не істеу керектігін шешіп алуға тура келді. Егер бұл сары атты осында қалдырып, Фьордқа жаяу тартатын болса, пароходтың жүретін уақытына дейін жетіп үлгеруі екіталай. Пароход кешігіп жүрсе ғана үлгеруі мүмкін. Сағат үш болды. Жайдақ аттың ауыздығымен алысып, шаба беруден әбден шаршады. қайта-қайта құлаудан қалжырады. Оның үстіне, қатты қарны ашты. Байқап қараса, кеше таңертең қонақ үйде тамақ ішкеннен кейін азын-аулақ тәттіден өзге нәр татпапты.
Егер қазір ол сары атпен Фьордқа кері кетіп қалса, пароходқа үлгере алар ма еді? Мұндай лажсыз қиын-қыстау жағдайда мұның бұл қылығын қыз кешіретін де шығар, бәлкім? Ол осылай ойлана-ойлана басын қатырды. Ақырында тәуекел етуге бел буды. Мұны арам оймен алдап кетті деп ешкім де ойлай қоймайтын болар? Ол сары аттың басын Фьордқа қарай кері бұрып еді, қырсыққанда аяғын баспады, жүрмей тұрып алды. Гвендур екі алақанымен қанша сартылдата ұрса да, екі бүйірінен тақымымен қысса да, текпілесе де міз бақпады — орнынан тапжылған жоқ. Тек алдыңғы екі аяғын аспанға көтеріп, бір орында айналсоқтап тұрып алды. Өйткені ол өзінің жемдес серігінің батысқа қарай құйғыта шауып кеткенін көрген еді. Енді сары атты шығысқа қарай аяқ бастыру мүмкін емес. Ақырында Гвендур үмітін үзіп, сары аттың басын тартпай, еркіне жіберіп еді, ол боз бие кеткен жаққа жазық аңғармен шаба жөнелді. Аузындағы шылбырдан құтылу үшін оны тістелей шайнап, анда-санда бір кісінеп қойып, осқырына пысқырып ілгері ұмтылды. Жазғы мекеннің тұсына жете бергенде шалшықты балшық жақтағы ойпаңға түскен кезде батыстағы төбелердің бірінен боз биені қамшылап, заулатып бара жатқан қыздың қарасын көріп қалды. Онша ұзап кете қоймапты. Гвендур сары аттың басын хуторға қарай бұрды — күшпен зорға бұрды. Онда барған соң сары аттың ноқтасын сыпырып алып, босатып қоя берді. Ол көгал жерде аздап тыныстаған соң төрт аяғын тік басып, бір сілкініп алды да және бір рет пысқырды. Бейшара ақ көбік терге малынып, әлі де діріл қағып жүр еді. Күн шықты. Хутордың созылыңқы ұзын көлеңкесі орасан зор сарайды көзге елестеткендей болды. Бұл жерде тек таңертеңгілікте, әлі күн шықпай тұрғанда ғана құлаққа ұрған танадай тыныштыққа бейне бір өзіндік сұлулыққа бөленетін салтанатты минөттер орнайды. Қазір тап солай тамылжып тұр. Бір кезде құстардың сайрай бастаған әрі жұмсақ, әрі нәзік үні естілді. Көлдің беті айнадай жарқырады. Өзен күмістей сыңғыр қақты. Көгілдір таулар бұл дүниеге бейне бір ешқандай қатысы жоқтай-ақ аспанға асқақтап, көкке ғана көз тігеді. Енді, міне, бүкіл аңғар өзінің сұлулығы тамылжыған тыныштығы жағынан ақиқат нақты болмыстан қол үзген, онымен бейне бір ешқандай байланыссыз сияқты болып көрінеді. Ол ол ма, кей-кейде сенің өзіңнің де мына дүниеге ешқандай қатысың жоқ сияқты сезінетін кездерің болады. Ондайда адам мына дүниеде тіпті мәңгі өмір сүрсе де өзін-өзі түсіне алмаған болар еді.
Бұл шаруа мекенінде ешкім ұйқысынан оянбаған еді. Оған дейін елі біраз уақыт бар. Жас жігіт бүгін көп нәрсені басынан кешірді. Ол бақшаның қоршауы жанындағы көгалда отырып, ұзақ ойға кетті. Ойында — Америка. Теңіздің арғы жағында жатқан ғажайып ел. Ол елге барсаң, кім боламын десең де қолыңнан келеді! Бірақ мұның сондай керемет мүмкіндіктен шынымен-ақ айырылып қалғаны ма? Жарайды, соншалықты өкіне қоятын дәнеңе жоқ. Махаббат одан әлдеқайда жақсы, әлдеқайда маңызды! Махаббат дегеніміз нағыз ғажайып Американың өзі! Мына қыздың шын сүйетіні рас па екен? Әрине, рас. Шын сүйеді. Осы дүние қызық, өзіне-өзі ұқсамайтын ондай өзге ештеңе жоқ. Соған қарағанда, ол шындыққа ұқсай да бермейді. Бәлкім, ол қыз Редсмиридегі ең жақсы атақты жылқыны мінгендіктен жеткізбей, қара үзіп кеткен болар? Әлде бұрынғы тұрағын аңсаған басы қатты биені тоқтата алмай кетті ме? Осы теңдесі жоқ тәтті таңда оның қиялы шын шарықтаған еді. Енді біраз жылдан соң бай шаруаға, Жазғы мекеннің иесіне айналамын. Ал мына сұлу қыз менің келіншегім болады. Егер біздің алғашқы кездесуіміз осылай басталған болса, әрине, осылай аяқталуы тиіс емес пе? Ол өзінің бақытын тапқандай сезінді. Бірақ ол бақытының өзінен бір түрлі ұзап, озып кеткеніне жол болсын? Гвендур қыздың бұл қылығын қайта-қайта ақтап, оған кір жұқтырмауға тырысты. Қыз шынында да басы қатты боз биені тоқтата алмаған болар? Бұл енді Америкаға баратын ақшасына асыл тұқымды бір жақсы ат сатып алмақ. Сонда бұл келешекте өзінің сүйген қызынан қалып қоймай, онымен қатар құйғыта шабатын болады. Гвендур өз хуторының жанындағы көгалда шалқасынан көсіліп жатып, көк аспанға көз тігумен болды, өзінің махаббатын енді біржола жоғалтып алған Америкамен қайта-қайта салыстыра берді. Американы жолы болып, алғаш рет ашқан бақытты Лейв те жоғалтып алған жоқ па еді? Бәрібір, Америкадан махаббат жақсы! Гвендур иен даладағы бір белестен кейін бір белеске көтеріле зымырап бара жатқан ғашығын көз алдына бейне бір жарық түндегі сұлу сағымдай елестеумен болды. Қыз мұның қолына қонған сұлу қаршығадай болып көрінді. Қыздың алтындай жалт-жұлт жарқыраған шашын қарсы алдынан соққан жел желбірете түседі, ал үстіне жамыла киген плащы боз биенің екі бүйіріне жалбырай соғылады. Қыз бір белестен соң бір белесті басып өтіп, көгілдір кеңістікте көзден ғайып болды. Сөйтіп жатып Гвендурдың өзі де көгілдір кеңістіктің құшағына қалай енгенін байқаған жоқ. Өйткені ол ұйқыға кеткен еді.
АЛПЫС АЛТЫНШЫ ТАРAУ
САЯСАТ
Ингольв Арнарсонның табысқа жетіп, жолы бола кеткенінің сыры неде еді? Ол соншалықты мол күш-қуаттың биік шыңына қандай талантының, қандай ерлігінің арқасында адам таң қаларлықтай жылдамдықпен қалай тез көтерілді? Ол кешегі белгісіз біреуден бүгінгі даңқты адамға, кешегі көзге ілінгісіз біреуден бүгінгі өкімет адамына қалай айналып шыға келді? Ол шынында да сонау жас жігіт кезінің өзінде елдің алдыңғы қатарлы азаматтарының қатарына қосылған болатын, саяси өмірдегі ықпалды тұлғалардың біріне айналып үлгерген еді. Альтингте өз партиясына басшылық етті. Оның портреті газет бетінен түспеді, ал аты-жөні үлкен әріптермен теріліп, бірден көзге ұрып тұрды. Бәлкім, ол бұрынғы заманның ұлы адамдары сияқты қажымай-талмай еңбек етудің арқасында өсіп, беделге бөленген болар? Әлде қай жерден қандай затты болмашы арзанға алып, қай жерге қымбатқа сатып, пайда табудың көздерін көрегендікпен таба білді ме? Мүмкін, ол қиын-қыстау ауыр жылдарда мұнда да, онда да көптеген жер сатып алып, оны бағасы көтерілген кезде қайта сатумен айналысқан шығар? Әлде көктемнің көкөзек шағында шаруаларға қарызға пішен таратып, кепілге қой алып отырған болар? Немесе ашаршылық кезінде жұртқа несие ретінде азық-түлік не ақша беріп, өсімқорлықты, үстеме пайыз алуды кәсіп етті ме екен? Әлде елсіз жерлерде жасырынып жүрген қашқын, қылмыскер сияқты аштан бұралып, ішіп-жемін үнемдеп, байыды ма екен? Немесе тәулігіне он сегіз сағат бойы бел шешпей жұмыс істеп, тырысып басқа да көпеске қашан болса да қарызға белшесінен батудан көз ашпай, енді қайтып несие алмайтын, үнемі түлкіқұрсақ аш жүретін кедей шаруаның есебінен қор жинап алды ма екен? Бәлкім, оның үйінде бір ғана, оның өзі де сынық орындығы бар шығар, немесе тақыр кедей не батырақ сияқты алба-жұлба кір-қожалақ ескі киім-кешек киіп қана жүре беретін өзіне өзі сараң біреу ме екен? Мың-мыңдаған қағаз ақшаны бірінен соң бірін сандықтың түбіне салып, мол жинап, қашан өзі қарыз бере алатын касса ашқанша ешкімге тиісті өсім пайызымен де ақша бермейтін, несие сұрап келген кедей-кепшіктерге "Садағаң кетсін, ақшам жоқ. Ақша тауып, борышымнан құтылу үшін өзім де жанымды сатуға әзірмін!" деп аузын қу шөппен сүртіп, жылап қоя беретін барып тұрған өтірікші сараң ба? Жоқ, Ингольв Арнарсон ондай адамдардың біріне де ұқсамайтын. Ол әрқашан болса да қолы ашық, жаны жомарт жан болатын. Бұл қасиет оның шешесінен дарыған еді. Ал бұлай болса, бәлкім, оның меншігінде кеме де бар шығар? Кедей балықшыларды, олардың өміріне қатерлі жағдайларға қарамай, қалай да балықты мол аулауға мәжбүр етіп келген болар? Ал одан түскен қыруар пайданы қалтасына баса берген шығар? Қымбат бағалы қызыл ағаштан алуан түрлі жиһаздар, майлы бояумен салынған тамаша суреттер сатып алғаны, үйіне электр жарығын жүргізіп алғаны соның нәтижесінде ғана мүмкін болған шығар? Ал балықшылардың тапқаны тамағына жетпейтін азын-аулақ тиын-тебен алатыны да соның салдары болар?
Бәлкім, ол адамдар ашаршылыққа ұшырап, қырылып жатқан Данияға немесе одан да басқа алыс елдерге астық алып барып сатудан қыруар пайда тапқан болар? Мүмкін, оның өз дүкені бар көпес шығар? Сөйтіп өз қойларының бағасын өздері ғана белгілейтін бай шаруалардың алдында құрдай жорғалауға мәжбүр шығар — өйткені олар өз айтқандарына көнбесе, басқа көпеспен сауда жасайтын боламыз деп бопсалап қорқытады ғой! Ал өзі қарыздар кедей шаруаларды көктем кезінде аштан қатырып, олардың адам қатарына қайта қосылуына қасақана мұрша бермейтін қырсық біреу ме екен? Жоқ, Ингольв мұндай да адам емес еді. Ол өзінің атақ-даңқ пен сый-құрметке бөленуге деревнядағы өсімқорлықтың және көпестің қан сасыған соқпағымен де емес, әділ сот пен бүкіл Исландия қоғамы бақыт пен құрметке бөленудің жолдары деп осы уақытқа дейін танып келе жатқан үйреншікті жолдармен де емес, тіпті басқаша тәсілмен жеткен болатын.
Ингольв Арнарсонды ұлы адамдар қатарына қосқан ең алдымен оның озық идеялары — адамзатқа деген мызғымас махаббаты, халыққа өмір сүрудің жақсы жағдайларын тудыру және сауатын ашу қажеттігі туралы берік сенімі, елге басшылық жасау жүйесін жетілдіре түсу, сөйтіп үкіметтің көпестердің қолындағы қатаң өкімет билігінің дәрменсіз қуыршақ көмекшісі ғана болып қалмай, халықтың өнім өндіруші ұсақ топтарының, әсіресе шаруалардың әл-ауқат дәрежесін көтеру жолындағы күресте ең қуатты одақтасы болу туралы идеяларының арқасы еді. Яғни арадағы жемқор делдалдар мен басқа да арамтамақ біреулердің шаруалар есебінен байып шыға келулеріне жол бермеуді жақтады. Ингольв шаруалардың әл-ауқат дәрежесін жаңа сатыға көтере түсуге, олардың еңбегін тек сөз жүзінде ғана емес, нақты іс жүзінде сый-құрметке лайықты етуге тырысты. Осындай ізгі мұраттары үшін шаруалар оны альтингтегі, сондай-ақ өздерінің тағдырын шешуге қатысы бар басқа да органдардағы өз өкілі етіп ұсынды.
Мұндағы сайлау округы көпке дейін мүлде елеп-ескерусіз қалып келген еді. Бірақ Бруниге арқа сүйеген қарт доктор Финсен альтингте үн шығармады, мәселе көтермеді деп айтуға болмайтын. Ол халық "бітпейтін мәселе" деп атап кеткен мәселені ондаған жылдар бойы альтингте қайта-қайта көтерумен болды. Ол "бітпейтін мәселенің" мәні мемлекетті Фьордта айлақтар және оларға кіре беріс жерлерде сауда-саттық жасайтын құрылыстар салуға мәжбүр ету болып табылатын. Ондай құрылыстар салынуын салынды-ақ. Бірақ көктем келген сайын ол құрылыстарды теңіздің тасқын суы шайып кетіп отырды. Мәселе қайта көтерілетін. Осылай бір емес, бірнеше жыл қайталана беретін.
Ингольв альтингке депутат болып сайланғанға дейін бұл мәселе бірде-бір рет қағидатты түрде көтерілмеген болатын. Ингольв оның есесіне сайлау округының халық неғұрлым жиі тұратын елді мекендеріне баратын жолдар мен көпір салуды мықтап қолға алды. Ал бұл игі істің бастамасы ғана еді. Енді ол тың жатқан жаңа жерлерді мол мөлшерде жыртуды және халық үшін жап-жақсы қолайлы тұрғын үйлер салуды ұйымдастыруға кірісті. Ол Рейкьявиктегі халық банкін — балық саудасын жасап, белшелерінен пайдаға батып қалатын арамтамақ алып — сатарлар үшін алуан түрлі береке-байлықтың таусылмас қайнар көзін жоюды, сөйтіп оны мемлекеттік ауылшаруашылық банкі етіп қайта құруды мақсат етті. Оның үстіне, мемлекет халықтық банктің қыруар мол мөлшердегі қарыздарын өтеуге кепіл болып қалған еді. Ал жаңадан құрылатын ауылшаруашылық банкі, Ингольвтің түпкі ойы бойынша, аз ғана өсім пайызын алу арқылы шаруаларға ауыл шаруашылығын қарқынды жүргізу және құрылыс салу үшін ақшалай несие беруі тиіс болатын. Ол ол ма, Ингольв мемлекеттің қаржысы есебінен арнаулы қор ашуды да көздеді. Ондай қор шаруалардың ауыл шаруашылық құрал-жабдықтарын — тракторлар, соқалар, тырмалар, шөп шабатын, егін оратын машиналар, тіпті тоқыма машиналары мен сүттің майын айыратын сепараторлар сатып алуы үшін оларға қарыз ақша беруі тиіс болды. Қоғамдық қаржылар есебінен құрылатын және бір қор шаруалардың аулаларында көң жинайтын цистерналар мен тыңайтқыш қордалар сақтайтын бастырмалар салу үшін ақшалай қарыз беруі керек: өйткені Ингольв көң-қоқыстарды ашық аспан астында үйіп-төгіп, жинап қоюға немесе қазулы орлар мен шұқырларда сақтауға қаны қас, үзілді-кесілді қарсы болатын. Сондай-ақ жанына жақын, жақсы көретін жұмысы деревняны электрлендіру болатын. Бірақ оның бұл жоспары бұлдыр болашаққа ысырылып қалумен келе жатты. Ингольв ең зәру ауыл шаруашылық мәселелерін түнде түсінен, күндіз есінен шығармайтын. Ол әлі де тұтыну қоғамының төрағасы болып табылса да, өзінің тұрақты мекен-жайы Фьордта деп саналса да, мұнда ол бейне бір құрметті қонақ сияқты ғана болып кететін, жыл бойы уақытының көбін астанадағы жұмыстармен айналысып жүріп өткізетін: өз партиясының газетін шығаруға зор көңіл бөлетін, сессиялар арасында комитеттердің жұмысына басшылық ететін, сондай-ақ өзіне шаруалар сеніп тапсырған қызмет түрлерімен айналысатын. Ал тұтынушылар одағында өзінің орынбасары болатын, Арнарсон ешқашан өз қара басының қамын ойлап, оңай олжа табуды көксемейтін. Қысқасы, қазіргі жаңа заманның шын мәніндегі нағыз адал адамы Ингольв Арнарсон еді. Оның бір ғана өзгешелігі енді Иоунссон деп аталуында болатын.
Алдағы көктемде жаңа сайлау өтетін болды. Ингольвтің альтингке тағы да сайланатынына ешқандай күмән жоқ сияқты. Оның орнына басқа біреудің ұсынылып, өтіп кетпеуі туралы сөз етуде қисынсыз нәрсе сияқты еді. Бірақ жағдай аяқ астынан өзгеріп шыға келді. Алыпсатар саудагерлер мен капиталистердің қасарыса көрсеткен күшті қарсылығына тойтарыс беру оңай емес. Ең болмаса олар, кейбір жерлерде жеңіліске ұшырауы тиіс қой.
Соңғы жылдары берекелі заман орнаған кезде, сауда-саттық өріс алған қалаларда әркім өз қара басының қамын ойлаған бағыт тіпті күшейе түскен болатын. Ал бұл сайлау округында ондай екі қала — Фьорд пен Вик бар еді. Оларда кеме иелерінің, ұсақ қолөнершілер мен саудагерлердің, сондай-ақ жаңадан пайда болған қуатты коммерсанттың ықпалы зор болатын. Ол өзінің төңірегіне деревнядағы және қалалардағы өз еріктері өздеріндегі дербес жандарды біріктерген-ді, тіпті шаруаның қызына — Тау королінің қызына үйленген-ді. Бірақ жұрт әлгі коммерсанттың бір кезде барып тұрған кәдімгі алаяқтың өзі болғаны, ол үшін тиісті жазаға да тартылғаны туралы алыпқашпа әңгімені де гулетіп жіберді.
Викте шетелден келген, социализм деп аталатын бір ілімнің ықпалы барған сайын күшейіп келе жатқан кез еді. Оның үстіне, арнайы тапсырмамен жіберілген арандатушылар бірімен-бірі жанталаса жарысып, балықшы лашықтарының шын мәніндегі тұрғындары мен үрерге иті, сығарға биті жоқ қаңғыбас бейшаларды Құдайға да, адамдарға да қарсы қатар айдап салды. Құдайдың да, адамдардың да бұған дейін оларды өлердей өшпенділікпен жек көрмей, бейне бір жарылқап келгені сияқты әңгімелерді судай сапырды.
Ондайда Арнарсон былай дейтін:
— Социализм дегеніміз бастан-аяқ қып-қызыл өтірік. Социалистер адамзатты Құдайдың өзі жарылқап, жетілдірмейінше орындалуы мүмкін емес шексіз уәдені үйіп-төгіп беру арқылы бейшара адамдардың басын айналдырып бітеді. Ал олардың шын мәніндегі түпкі мақсаты — ел байлығын талан-таражға салып тонау мен кісі өлтіру.
Бірақ Ингольв Арнарсонға қауіптісі социалистер емес еді. Қауіп-қатер оған басқа жақтан төніп тұрған болатын. Капитализм Ингольвке қарсы басқа бір балама үміткерді ұсынды. Ал ол үміткердің қуатты қолдаушысы тұтас бір банк еді. Ол банк атақты халықтық банктің тап өзі болатын. Оны Ингольв түп-тамырымен жойып жіберіп, орнына шаруаларға қызмет ететін әрі өзінің жақтастарының ашса алақанында, жұмса жұдырығында болатын мемлекеттік банк құрмақ еді. Ол үшін тиісті өкілдік алуы ғана керек болатын. Рейкьявиктегі алаяқтар өздерінің Інжілін деревняда кеңінен насихаттау үшін сенімді адамын халі қыл үстіндегі қауіпті жағдайда тұрған халықтық банк директорын жіберді. "Сонымен не болды?" деңіз. Капитализмнің ешқандай қағидат ұстанбайтын осы бір ардан безген қарабет өкілі өтірікті қардай боратты: шаруаларға Ингольв Арнарсон ұсынып жүрген ізгілікті нәрселерді ғана емес, одан да артық әрі мол жақсылық жасаймын деген өтірік уәдені үсті-үстіне үйіп-төкті. Ең таяудағы уақытта сайлау округы аумағындағы шаруалардың барлық ауласында, тек бұл сайлау округының аумағында ғана емес, бүкіл еліміз бойынша электр жарығы жарқырап тұратын болады деп бөсті-құрғақ уәдеге қарық қылды.
Бұған Ингольв Арнарсон былай деп жауап қайтарды:
— Бұл ардан безген қарабеттің үйіп-төккен уәделері мен социалистердің берген уәделерінің бір-бірінен айырмасы ақылға қонымсыз суайттығының қайсысы қай дәрежеде күштірек болатындығында ғана. Рас, банк директоры ешкімді көзбе-көз тонауды немесе өлтіріп кетуді ұсына қоймайды. Бірақ ол — біздің елімізге халық қоныстанып, мекендей бастаған сонау ерте заманнан бастап күні бүгінге дейін адамдарды қанын сора аяусыз тонап, қажет болса, қырып-жойып өлтіріп келген ат төбеліндей байлармен байланысын күшейтіп, жемтіктес болып алған жағымсыз сұмырайдың дәл өзі. Бұл ретте оған социализмді уағыздаудың еш қажеті де жоқ.
Банк директоры шаруаларға Ингольв Арнарсон бұған дейін ұсынған игіліктердің және оған қосымша тағы да бірқатар әлдебір жақсылықтар жасаудың бағдарламасы бойынша үйіп-төгіп уәде берген соң, егер альтингке сайлана қалса, мұның бәрін де ең таяу кезде жүзеге асыратын боламын деп ант-су ішкендей болған соң енді саудамен айналысатын қала тұрғындарын үгіттеп, насихат айтуға көшті. Атап айтқанда, ол Вик тұрғындары үшін қалада үлкен банк және кеме жолдары қатынасының кеңсесін салып бермек, ал Фьордта сүйек ұнын тартатын диірмені бар зауыт және көмір шахтасын ашпақ болды. Теңіз жағасында тұратын сайлаушылардың жанына оның бұл уәделері майдай жақты. Банк өкілі олардың қолдауына сөзсіз не болғанына көз жеткізді. Енді сайлау жақындаған сайын әр минөт қымбат бола бастады. Ингольв Арнарсонның жағдайы нашарлай түсті. Енді бұл қандай амал жасауы тиіс? Жоқ, аса құрметті сайлаушылар, Ингольв Арнарсон әлдебір аңқау ақымақ емес, ол өзі ұсынған тартымды саяси уәделерді басқа біреудің пайдаланып кетуіне жол бере алмайды!
Сонда бұл не айтты? Бәлендей жаңалық айтқан жоқ. Өзінен бұрынғы доктор Финсеннің үйреншікті болған сүйікті ісі — қазір ұмыт болған атышулы "мәңгілік мәселені" — айлаққа кіреберіс құрылыстар салуды қайта қолға алатынын айтты. Ол ғана емес. Егер альтингке қайта сайланатын болса, тек айлақ пен оған кіреберіс құрылыстар ғана емес, сонымен қатар Фьордта жалпы құны кемінде жарты миллион крона тұратын өте үлкен айлақ салуға уәде етті. Ондай кең көлемді құрылыс бағдарламасы жүзеге асатын болса, Фьордтың тұрғындарына ғана емес, онымен көршілес Виктің де жұмысшыларына қажетті жұмыс орындары жеткілікті болады. Үлкен айлақ салынып болғаннан кейін мемлекет басқа да көптеген құрылыстар салуға кіріседі. Олардың бәрін тізіп айтып шығудың өзі оңай тимейді — көп уақыт алады. Теңіздегі құрылыс жұмыстарын қолға алу бұдан бұрын дәл қазіргідей өте шұғыл да зәру мәселе ретінде күн тәртібіне қойылып көрген емес. Арнарсон банк директоры салып беруге уәде еткен сүйек ұны зауытын Викке ауыстыратын болды. Ал банк директорының қолындағы күшті көзірінің бірі болып саналатын ірі кеме кеңсесін ашудың орнына Виктегі ұсақ кеме иеленушілердің компаниясына мемлекет есебінен орасан зор мөлшерде қаржы бөлгізуге уәде берді, басқа да артықшылықтар жасай алатынын айтты. Компанияның тез өсіп, гүлденетініне, сөйтіп бүкіл халық ең соңғы кедейге дейін байып шыға келетініне, яғни олардың әл-ауқат дәрежесінің неғұрлым жоғары сатыға көтерілетініне кепілдік берді. Көмір шахтасын екі қалаға тең бөлетін болды. Әрине, ол шахталарда шынында да нағыз сапалы көмір өндіріле қалса. Ал жай ғана қоңыр көмір, құрғақ құм немесе тек топырақ шыққан жағдайда мәселе басқаша болады. Іс әбден шиеленісіп, кімнің көбірек әрі жақсы уәделерді үйіп-төккенін айырып білу мүмкін болмай қалған кезде сайлаудың қандай нәтиже беретіні ондай қыруар көп уәделерге емес, кімнің шешендік өнері қаншалықты күшті шығатынына, сөйтіп сайлаушылардың жүрегіне қалай тура жол тауып, әсер ете алатынына байланысты болып қалды. Тұрақты жұмыс алатын болдық деген үмітке қарық болған көптеген жұмысшылар енді социализмнен үзілді-кесілді бас тартты деген әңгіме гулеп кетті. Олар, шамасы, ауқатты адамдардың қатарына қосылып, әлдебір компаниядан немесе фирмадан пай үлестерін сатып алатын болармыз деп дәмеленді.
— Бұл істің немен тынатынын әлі ешкім білмейді, — деді Тау королі. — Жоқ, бұл істе тым бір жақты кету жақсылыққа алып барып соқтырмайды. Әсіресе, саясат мәселесіне сақ болу керек. Ингольв Арнарсон — әрине, қабілетті жігіт. Оның бүкіл әулеті қабілетті жандар. Шеттерінен шешен. Сөйлер сөзге ағып тұр. Бірақ оның осы жолы көп дауыс жоғалтып алатынын мен былтыр-ақ сезгенмін. Өйткені теңіз жағалауында тұратындардың бәрі де жеке кәсіпкерлік туралы бастама көтеру жөнінде бір ауыздан сөз етуде екен. Сондықтан да мен тұтынушылар қоғамынан шығатынымды былтыр-ақ жариялап қойғанмын. Бұл жерде мәселе менің жекеменшік ісімде емес. Өйткені саясат жекеменшік іске жатпайды. Мен мұны жеке адам ретінде айтып тұрған жоқпын. Ал, екінші жағынан алып қарағанда, менің өз ісімді Виктегі күйеу балама түгелдей тапсырып қойғаныма таң қалудың қандай қажеті бар? Бұл әрекетім арқылы мен Редсмири тұрғындарын кемсітейін деген ойдан мүлде аулақпын. Ингольв Арнарсонның үйіп-төгіп берген уәдесін тыңдасаң, аузыңнан сілекейің шұбырып қоя береді. "Ал егер ол сайланбай қалса не болмақ?" деп сұрақ қоюыма рұхсат па? Егер оның партиясы жеңіліп қалса ше? Көп адамның ауызы осылай деп күні бұрын қисайып отыр. Міне, мұндай жағдайда көң-қоқыс сақтайтын цистерналар мен іс тоқитын машиналарды күте-күте көзіміз талып жүрмесіне кім кепіл?! Сондай-ақ жайлы үйлерді кім салып береді? Сөйтіп Ингольвке дауыс бергендердің жағдайы қалай болар екен, сірә? Өйткені көп нәрсенің шешуі банк директорына байланысты ғой. Астаналық шонжарларды аяғынан шалып сүріндіру оңай іс емес. Ал ондай үлкен адамдардың саған жақсы қатынаста болғанының ешқандай артықтығы да, зияны да жоқ.
Бір нәрсенің басы ашық еді: Тау королі тұтынушылар қоғамында болған кезінде қазіргі өзінің күйеу баласының көмегіне арқа сүйеп, бүгінгі таңда қолға алып отырған шараларына баруға тіпті де батылы жетпес еді. Қазір ол үй салуға бекем бел буды. Оған бірнеше жүк машинасы ағаш және цемент тасыды — маусым айына дейін үй дайын болады.
Бьяртур оған көзінің астымен бір қарап қойды да былай деп жауап қатты:
— І-ім, қызын саудагерге беру екінің бірінің қолынан келе бермейді.
— Ой, жарқыным Бьяртур-ай, сендердің ешқайсысың Редсмиридегі отбасымен құда жекжат бола қойған жоқсыңдар ма? — деді Тау королі. — Олай болса, мен сенің олардан неге айырылмай жүргеніңе тіпті де түсінбеймін!
— Маған олармен туыс болуымның не қажеті бар? Мен өзіммен істес болып жүрген адамға дауыс беремін, — деді едәуір намыстанып, шамданғандай болған Бьяртур. — Мен оған істі адал жүргізген кезінде әрдайым дауыс беремін. Сенің астаналық шонжармен аралас-құралас болуыңа бәлкім, әлдебір себептер болған шығар? Сен соны мақтаныш көресің. Ал менде ондай себеп те, ықылас та жоқ.
— Жұрт сені үй салады дей ме осы?
— Егер үй салғым келген күннің өзінде оған саясаттың не қатысы бар?
— Не қатысы бар дегенің қалай? — деп, сұрақ қоя жауап берді Тау королі. — Меніңше, егер үй салғың келсе, онда банкке арқа сүйеудің ешқандай зияны жоқ.
— Егер маған қажет болып жатса, тұтыну қоғамынан құрылыс материалдарын сатып алу қиын бола қояды деп ойламаймын.
— Бір ғана құрылыс материалдарын алумен ұзаққа бара алмайсың, қымбаттым Бьяртур, — деп қарсы болды Тау королі. — Жұмысшыларға ақы төлеу үшін ақшаны қайдан аласың? Ағаш ұсталары мен тас қалаушылар әлі құдайы несиеге жұмыс істемейді. Үй салар болсаң, қолыңда бірнеше мың крона тұрғаны дұрыс.
— Ой, маған ақша табу оп-оңай, — деді Бьяртур. — Осыдан біраз күн бұрын келген бір үлкен адам маған кассадан кез келген минөтте қажетіңше қарыз алуыңа болады деп уәде беріп кетті.
— Иә, несиеге қарыз беретін касса ғой, — деп, іліп ала жөнелді Тау королі. — Ондай касса туралы мен ешқандай жаман пікір айтпаймын. Өйткені редсмирилік Иоун соғысқа дейінгі көп жылдар бойы приход кеңесінде мына менімен бірге қатар отырды ғой. Не айтары бар — ол өте тамаша адам! Егер қайдағы бір кездейсоқ сенімсіз адамдар әуелі оның жолын тосып, аяғына орала жығылып, ақша сұрап алып, соңынан онымен соттасамын деп қоқан-лоққы жасап келген болса, онда Йоунның ешқандай кінәсі жоқ. Олар не үшін соттаспақ болды? Иоуннан өздерінің келіскен шарттары бойынша қарызға ақша алғаны үшін бе? Өз басым оның банк ашқанына тіпті де таң қалмаймын. Өйткені оның ақшасы үнемі айналымда болады. Ол үшін өзіне тиісті небары алты пайыздық заңды өсім алып отырады. Мұның өзі оның әлдебіреулерден өкімет орындарының назарынан тыс алақан жайып, қарыз сұрап жүргенінен әлдеқайда жақсы ғой. Рас, ол бір кезде он екі пайыздан жиырма пайызға дейін өсім алып келген болатын. Бірақ ондай қылығы үшін түрмеден бір-ақ шығуы әбден мүмкін еді. Ал несие беретін банк — сенімді әрі салмақты іс. Қажет бола қалатын азын-аулақ соманы қарызға бере қоятын ондай несие кассасының өз приходында болғаны қандай жақсы! Бірақ азын-аулақ соманы, соның өзін өте қажет болып, қысылған жандарға ғана берген дұрыс. Оның үстіне, несие кассасы қоятын шартқа сәйкес ешкім де мол мөлшерде қарыз ала алмайды. Кімде-кім құрылыс салатын болса, қырық жылға дейінгі ұзақ мерзімге берілетін қарызды ең үлкен банкіден ғана алуды дұрыс көреді.
— Маған ондай ұзақ мерзімге қарыз алудың қажеті не? Бір-екі жылдың өзінде-ақ қайтарып беремін. Соғыс тоқтап, бейбіт заман орнаған бойда бағаның бәрі төмендеп кетеді деп бөскендер аз болған жоқ еді. Бірақ жүннің бағасы тап биылғы көктемдегідей ешқашан жоғары болған емес. Менің сенімді біреулерден естігенімдей, алдағы күзде қойдың бағасы да қымбаттай түсетін көрінеді.
Тау королі ойланып қалды, әлдебір күдікпен сақалын сипай берді. Ол өзінің ойын атпай тұрып, әдетте сақалын олай да, былай да сипаумен болатын. Оның көзіне әрбір ой шын жазбаша түрде қағаз бетіне түскеннен кейін ғана, яғни ресми құжатқа айналғаннан кейін ғана күшіне енетіндей көрінетін. Өйткені ол тым ұзақ жылдар бойы шенеунік болып келген еді. Оның қамқорлығында жануарлар да, адамдар да, тіпті дін қызметкерлерінің өздері де болған-ды. Сондықтан да ол тым атүсті асығыс қорытындылардың жасалуына жол бермейтін.
— Иә, иә, — деді ол едәуір уақыттан соң, — жарқыным Бьяртур, менің саған, өзіме тікелей қатысы болмаса да, бір достық кеңес бергім келеді. Бірақ сен мұны ресми тұлға ретінде айту үшін келді екен деп ойлап қалма. Екіншіден, мен сені сендіріп, көзіңді жеткізу үшін жай ғана жеке тұлға ретінде де сөйлеспеуге тырысамын. Жоқ, мені ондай да, ондай емес те деп таны. Сенің өзің жақсы білесің, мен кооперативтік қозғалысқа дұрыс нәрсе екен деп ешқашан толық қолдау көрсеткен жан емеспін. Дегенмен де оның көптеген пайдалы жақсы жақтары бар екенін білемін. Мен оның жақсы тұстарын редсмириліктердің, атап айтқанда, ең алдымен фрудың жеке өзінің іс-әрекеттерінен айқын көріп, әрқашан бірінші болып танып, қызу қолдау көрсетіп келдім. Рас, мен қашан болса да істің алтын аралығын қолдауға тырыстым. Сондықтан да мәселенің екі жағын да дұрыс деп табуыма мүмкіндігім мол болды. Қалай дегенде де істің қай жағының дұрыс екені толық дәлелденіп, жеңіп шыққанға дейін сондай ұстаным жасаймын. Ал тап қазір мен жоғары дәрежелі адамдар сенім білдірген өкіл ретінде, — рас ол жөнінде қолымда әлі жазбаша құжатым жоқ, — саған өте тиімді шарттармен несие қарыз ұсынам ба деп тұрмын. Егер сенің шынымен құрылыс салу ниетің бар болса, астаналық банктен қырық жылдық ұзақ мерзімге ипотекалық қарыз ретінде қаржы алып бере аламын. Бір ғана шарт қоямын Ол түсінікті де. Сен өз еркі өзіңдегі, өзге ешкімге тәуелді емес дербес адамсың, — мен сенің қаңына сіңген ондай қасиеттің бар екенін жақсы білемін. — Қазіргі заманның бізден нені талап ететінін түсінетін болуың керек. Бір сөзбен айтқанда, сенің қазір қай жаққа қарай бағыт ұстауға ақылың жететін болуы тиіс.
АЛПЫС ЖЕТІНШІ ТАРАУ
CAЛT MIHETIH AT
Бұл көктемде Жазғы мекен тұрғыны Гвендурдың есімі жұрттың бәрінің аузынан түспеді. Оның себебі: біріншіден, Америкаға кетпек болғаны, екіншіден, тіпті бәйгеге қосатын ат сатып алуы! Ол мұндай атты әлдебір алыс приходтан келген адамнан қымбат бағаға сатып алды. Жұрт Гвендурды күлкіге айналдырды. Бұл ақымақ жігіт Ингольв Арнарсонның жалғыз қызының соңынан қалмай, түні бойы салпақтап жүріп, пароходтан қалып қойыпты. Бұған ішек-сілең қата күлмегенде қайтерсің?! Біреулер бұл жігіт ақылынан адасқан болуы керек десті. Екінші біреулер сатып алған аты түкке тұрғысыз нашар, кәрі-құртаң бірдеңе дегенді айтты. Осындай да ақымақ болады екен-ау! Енді ол барша жұртқа, барлық жерге ақылынан адасқан есуас біреу ретінде белгілі болды. Әлдебір шет аймақтардың бірінде жиналыс бар екен дегенді естісе, атына міне салып, сонда тартып отыратынды шығарды.
Шаруалар оны бейне бір өшпенділікпен мазақ етіп, мәз болысты. Ал қала тұрғындары оны деревняның қолапайсыз жігіті ретінде күлкі етті. Қымбатқа сатып алған атынан түспей, барлық базарды аралап жүретінін, альтинг депутатының жалғыз қызының соңынан қалмай, түні бойы әуре-сарсаңға түскенін мазақ етісті. Пайдакүнем саудагерлер оны жол бойында тоқтатып, атының тісін ашып көріп, келемеж етті. Бұл атты өздері сатып алып, иесіне бұдан да нашар атты алдап тықпалауға тырысты.
Жаздың орта шеніндегі жексенбінің бірі еді. Приход тұрғындары сайлау алдындағы жиналысқа Утиредсмириге шақырылды. Пастор бұл жағдайды пайдаланып қалуға — жиналыс алдында түскі намаз оқу рәсімін өткізуге тырысып бақты. Әлдебіреу тым ерте келген екен — Құдайға құлшылық ету намазына қатысып үлгерді. Алайда саясатқа ынта қоюдың күшейіп кеткені сонша, тіпті жай қарапайым адамдардың өздері де ескі нанымдарынан бас тарта безініп, өздеріне күшті басшылықтың алыстағы аспаннан емес, жақындағы жерден жасалып отырғанын түсіне бастады.
Гвендур өзінің атын салт міне салып, Құдайға құлшылық ету намазына екпіндете шауып жеткен еді. Ат байланатын орынның жанында деревняның бір топ жастары тұрған болатын. Олар Гвендурды әдеттегідей мазақ еткен күлкімен қарсы алды: Америкаға неге кетіп қалмағанын айтып, наразы екендіктерін білдірді, ал кейбіреулері оның атын айналдыра қарап шығып, соншалықты салқын әрі қолдамаған пікір білдірді. Гвендур аз-кем кідірді де екі қабатты үлкен үйге жасырын түрде тез көз жүгіртті. Әсіресе оның екінші қабатының төбесіне салынған шағын үйшікке қайта-қайта қарай берді. Өзінің жекеменшік атын салт мініп, шауып келгенін байқаған ешкім бар ма екен деген үмітпен қарайды. Бірақ бұл атақты үйдің терезесінен әр жақтан жиналған қағылған-соғылған тобырға көз сала қоятын ешкім жоқ еді. Ақын әйелдің қыш құмыраларда мәпелеп өсірген сәнді өсімдіктерінің күн сәулесіне ұмтылған гүл жапырақтары ғана көрінеді. Жас жігіт старостаның отбасы мүшелері шіркеуге кетіп қалған болар деп ойлады. Сөйтіп өзі де солай қарай бет алды. Ол шіркеудің есігі алдына жайғасып алып, іште отырғандарға айнала көз жүгіртумен болды. Қыз алдыңғы қатардағы скамейкада, амвонның жанында отыр екен. Ол қызыл қалпақ киіпті. Гвендур мен қыздың екі арасын бірнеше қатар отырған адамдар бөліп тұр. Сондықтан да ол осынша көп бастың арасынан қызыл қалпақты қайта-қайта іздестіреді. Гвендур тұла бойымен электр тогы жүріп өткендей сезінді — өкпесі алқынып, үлкейе түскендей, ал жұдырықтай жүрегі тым кішірейіп кеткендей болды. Саз үніне ерекше сезімталдық танытты. Псалом-дұғаның үнінен құлағы бітіп қала жаздады, екі көзінің алды тұманданып сала берді. Уақыт созыла түсті, ал псалом-дұға оқудың сәнін келтіретін дауыстап жылап-сықтаудың әлі аяқталар түрі жоқ. Мұндайда қызға қалай жақын бара аларсың? Оңаша шығып кет деп қалай айта аларсың? Шамасы, дұға оқу аяқталып, қыз өзінің жанынан өтіп бара жатқан кезде оны шынтағымен түртіп қалып, құлағына "Көшеге шыққан соң бұрыштың арғы шетінде күте тұр" деп сыбырлағаны жөн шығар? Жоқ, мұнысы дұрыс болмайды. Қызды шіркеу ішінде кідірту — әдепсіздік. Оның үстіне, қандай қызды десеңші! Бұрыштың арғы шетінде күте тұр, оңаша кездесейік демек болғаны не деген масқара!? Егер оны ат қора жаққа барып, өзінің сатып алған байталын тамашалауға шақырса, бір жөн болар еді. Бірақ Гвендурға тағы бір ой сап ете түсті. Шіркеудің ішінде жылқы туралы сөз ету ерсі болмас па екен? Өйткені Киелі кітаптың қайсысын алып қарасаң да жылқы туралы бір ауыз сөз кездеспейді, тек есектер туралы айтылады. Гвендур көзі бұлдырап, бозғылт тұманның арасынан пастордың алтарьдан шыққан, мехрапта тұрып тағы бір ұзақ псалом-дұғаны даусын соза бастап жібергенін көрді. Жұрттың бәрі де отырған орындарынан тұрды. Қыз да түрегелді. Гвендур оның үстінде көгілдір пальтосы бар екенін байқады. Бұл дүниеде оның екі иығындай сұлу иық ешкімде жоқ шығар сірә? Иә ол иыққа салмақ салуға тіпті де болмайды. Қызыл қалпағының астынан алтындай сары қос бұрымы көрінді. Қыздың кигені өте қымбат қалпақ еді. Ол бұлардың бүгінгі салтанатты кездесуінің сәтті минөтіне өте-мөте жарасатын сияқты. Бірақ бүгін қыз бұған соншалықты қатал әрі тым менмен болып көрінді. Мұның жағына ең болмаса бір рет мойын бұрып қараса, несі кетеді? Сонда мұның толқын ата тасқындаған махаббат сезімі оған қалай да жетер еді. Бірақ, амал қанша, ол қыздың басқа біреудің байталын қызықтайтын құлқы бар дейсің бе? Ал егер бұл өзінің осы байталын қызға сыйлық ретінде беріп кете салса, қайтер еді? Өйткені бұл байтал да қымбат тұрады — мың кронаға жақын. Дегенмен де ол қыз мұның сыйлығын қабыл ала қояр ма екен? Егер қабылдаса, бұл үйіне қуана-қуана жаяу қайтар еді. Егер қыз қалауын білдіріп, үйіңе дейін жер бауырлап, еңбектеп бар деп бұйырса, солай етуге де әзір. Гвендур да осының бәрін тап бүгін ашық айтуға деген құштарлық күшейе түсті. Өйткені бұл қызды бірінші көрген қас-қағым сәттің өзінде-ақ оның құлақ кесті адал құлындай сезінген еді. Сондықтан ол қыз бұған не бұйырса да — салт атқа мініп жүр десе де, жаяу кете бер десе де, тіпті үйіңе дейін жер бауырлап, еңбектеп жет десе де сөзсіз орындалатын еді. Гвендур бұл қыздың жолына ең ұлы орасан зор мемлекеттің өзін құрбандық етті емес пе?! Ал ол елде адамның кім боламын десе де өз еркінде болатын, адам өмір бақи тынымсыз әрі мән-мағынасыз жұмыс істей беруге тіпті де тиіс емес еді... Иә, бұлар да қол жағасында емін-еркін оңаша ойнап-күліп жатқан болатын. Сонда қол бетінде махаббаттың символындай қос аққу жүзіп жүрген. Қазір олар қайда екен? Бәлкім, біржола ұшып кеткен болар? Әлде олар бұлардың көзіне көрінген бос елес қана ма еді? Жо-жоқ, бос елес емес! Ол қыз мұны шын сүйген болатын. Содан соң өзінің боз биесіне мініп, бұған жеткізбей, көгілдір кеңістіктің алыс түкпіріне еніп, көрінбей кеткен...
— Христ қауымындағы қымбатты аға-інілерім мен апа-қарындастарым, менің сендерді аға-інілерім мен апа-қарындастарым деп батыл айтуыма толық негізім бар. Сендер сонау биік аспанға шарықтап шыға алатын үш әріпті, кішкентай ғана үш әріпті білесіңдер ме?
Пастор ақырында амвонға көтерілді. Енді ол ұзақ — сонар тағы бір псалом-дұға оқуға кіріссе екен. Сонда бұл жас жігіт жігерленген шабыты келіп, әлдебір батыл шешім қабылдап та қалар еді...
— Қане, қымбатты аға-інілерім мен апа-қарындастарым, біздің бәрімізден жоғары тұратын сол үш әріп, небары үш кішкентай әріп туралы терең ойланып көріңдерші...
Иә, бұл сүйген қызына астындағы атын сыйлауға біржола бел буды. Бірақ ол мұның сыйлығын қабыл ала ма әлде қабыл алмай ма — ол жағы әлі белгісіз. Егер қабылдай қойса, бұл оған өле-өлгенше риза болар еді, тіпті өмір бойы қарыздар болып қалар еді. Қыздың былай деуі де мүмкін-ау: "Немене мені аты жоқ деп ойлайсың ба? Менде ат дегенің жетіп артылады. Ат қорада толып тұр!" Бірақ Гвендур әлі үмітін үзген жоқ. Бәлкім, қыз мынадай сөздер айтып қалар: "Мынау бір керемет жақсы ат екен. бұрын-соңды өзім көрмеген сұлу жылқы! Мен мұны зор ризашылықпен қабыл аламын Өйткені өз қолыңмен сен сыйлап тұрсың ғой! Сен өзің де сұлу жігітсің, күштісің, кеудең құшақ жетпестей кең, жауырының қақпақтай жалпақ... Бірақ сен өзің атсыз қаласың ғой. Үйіңе жаяу қайтасың ба?" Сонда бұл оған: "Ештеңе етпейді. Маған жаяу кету былай тұрсын, тіпті төрт аяқтап, жер бауырлап, еңбектеп кетуге де бармын! Ол ол ма, ит болып үр десең де әзірмін. Тек сенің қалауың білсін. Мен көп ұзамай, Жазғы мекеннің иесі боламын. Жақында құрылыс салуға кірісеміз. Редсмиридегі сияқты үлкен, екі қабатты, екінші қабатының үстінде үйшігі бар әдемі үй тұрғызатын боламыз. Бірақ біз оны сендер сияқты ағаш пен темірден ғана емес, тамаша тастан салатын боламыз..." деп жауап қайтарар еді. Е, Құдай, өзің кеше гөр: шіркеуде жылқы туралы емес, тек есектер туралы сөз айту керек еді-ау!
— Қане, кімді кім шығарып жіберді? — деп, пастор даусын салтанатпен соза түсіп, сұрақ қойды. Жазғы мекеннен келген жігіт адамды емес, әлдебір атты шығарып жіберген болар деп ойлады және солай болып шықса екен деп бүкіл жан-жүрегімен қалады. Пастор амвонның үстінен төменге еңкейе иіліп қарады
— Сөйтіп оны шығарып жіберді, — деді пастор бар екпінді "оны" деген сөзге түсіріп.
Өкінішке орай, жас жігіт әңгіме кім туралы екенін өз ойымен өзі болып отырып ести алған жоқ еді.
— Қане айтыңдаршы кімді кім шығарып жіберді? — деп сұрады пастор. Бұл жолы ол едәуір ұзақ үзіліс жасап, шіркеуде ғибадат етіп отырғандарды түгел шолып шықты.
"Бәлкім, бұл сұраққа менің жауап беруіме тура келсе, қайтемін?" деген ой келген кезде Гвендурдың зәре-құты қалмай, қатты дегбірсізденді. Құдай жарылқап, пастор өз сұрақтарына өзі жауап бере бастады:
— Оны Пилаттың жауынгерлері шығарып жіберді. Олар оны қашан шығарып жіберді? Олар оны сағат бестің кезінде шығарып жіберді. Қайда шығарып жіберді? Ашық аспан астына шығарып жіберді. Оны неге шығарып жіберді? Өйткені ол жерде қалдыруға рұқсат етілмеді.
Жас жігіт уһ деп енді ғана еркін дем алды.
Егер қазір бұл Құдайға құлшылық ету уағызының аяқталуын күтпей-ақ, ақырын-ақырын сытылып, шіркеуден шығып кетсе қайтер еді. Бұл ең соңғы қатардағы скамейканың шет жағында отыр ғой — кім байқай қояр дейсің? Тізесін бүге еңкейіп, есікке жақын барса, сыртқа шығып кету қиын емес. Сөйтіп ат байлайтын аула жаққа барып, өзінің атын жетектеп алып келеді. Құдайға ғибадат ету рәсімі аяқталғанша шіркеудің есігі алдында атын тізгінінен ұстап, күте тұрады. Ал қыз шіркеуден шыққан бойда тізгінді оның қолына бере қояды да: "Міне, бұл енді сенің атың болады!" дейді. Осылай ойлаған кезде оның есіне мына қаптаған халық түсе кетті. Сонда бүкіл поселке халқы бұл туралы не айтпақ?
Кедей шаруа ұлының Утиредсмиридегі бай Йоунның немересіне ат сыйлағаны ерсі болмас па екен? Мұны масқара етіп, мазақ етсе, не істемек? Осыншалық өрескел батылдығы үшін бұған қыздың өзі де ренжіп жүрмей ме? "Сөйтіп жалпы жұрттың күлкісіне қалмаймын ба?" деген ой келгенде жігіттің маңдайынан сұп-суық қара тер бұрқ ете түсті. Ол ойланған сайын енді не істеу керектігін білмей, шатаса берді, шатаса берді.
— Христ қауымындағы қымбатты аға інілерім мен апа-қарындастарым, — деді пастор. — Уақыт зулап өтіп барады. — Осы бір терең мағыналы сөзді айтқаннан соң ол едәуір ұзақ үн-түнсіз тұрып алды. Алға қарай ұмтыла еңкейіп, Құдайға құлшылық етіп отырғандарды түгел шолып шықты да, олардың жан дүниесіне барынша жіті үңіле түскендей болды. Әсіресе Жазғы мекеннен келген Гвендурға ерекше шұқшия қадалған сияқты. — Иә, уақыт зулап өтіп барады, — деп қайталады ол әлгі сөзін. — Ойлап қараңдаршы. Кеше сенбі еді. Бүгін жексенбі келді. Ертең дүйсенбі болады. Содан соң сейсенбі келіп жетеді. Осыдан аз ғана бұрын сағат бір еді. Қазір екі болыпты. Енді бір сағаттан соң үш болады. Одан соң төрт...
Осы бір терең ойланып айтылған, мән-мағынаға толы сөздерді Гвендур ең алдымен өзіне арналғандай қабылдады. Ойлап қараса, шынында да уақыт зулап өтіп барады екен. Ал бұл әлі бір шешімге тоқталған жоқ. Жүрегі қысылып, дүрс-дүрс соққан сайын маңдайынан суық тер тамшылайды. Құдайға құлшылық ету рәсімі де аяқталып келеді. Бірақ қызыл қалпақты қыз өзінің тұрған орнынан қозғалар емес. Басын сәл ғана кейін шалқайтты. Өйткені пастордың аузынан шыққан әрбір сөзді жан дүниесіне терең сіңіру үшін оған қадала қарап тұрып тыңдауға тырысқан еді. Ал Гвендур бейшараға пастордың кейбір сөз тіркестері шала-шарпы естілуден аспады. Оның үстіне, жас жігіттің басы өзіндік шым-шытырық ойларға толы болатын.
— Осы кезде тау екі жарылды, Христ қауымындағы қымбатты аға-інілерім мен апа-қарындастарым. Шіркеудегі қасиетті перде жоғарыдан төменге дейін қақ айырылып түсті. Дүние қапас қараңғылық құшағында қалды, барлық жерде қараңғы түнек орнады.
Иә, шын мәнінде қараңғы түнек орнағандай болды. Құдайға құлшылық ету рәсімі аяқталып келеді. Міне, аяқталып та қалды. Соңғы псалом-дұға оқылды. Гвендурдың көзі бұлдырап, ешнәрсені жөнді көре алмады, құлағы да нашар естігендей боды. Жұрттың бәрі орындарынан тұрды. Бұл да көтерілді. Қызыл қалпақ мұның жанына жетіп, қабаттаса бергенше осы орында тапжылмай тұра бергені дұрыс па әлде жұртпен бірге сыртқа қарай жылжи бергені жөн бе? Бәрібір күтіп тұрды. Ол мұның жанына жете бергенде бетіне қарап, өзінің бүкіл махаббат сезімін білдіруге тырысып көрмек. Жоқ, тұнжыраған көздерін үн-түнсіз қадап, мөлиген мүсәпір кейіп танытады. Шамасы, осылай еткені дұрыс болар? Міне бұл оған алыстан қадала қарады. Махаббат жалынын қалай жеткізсем екен деген оймен басын қатырды... Міне енді ғана айқын көрді — қызыл қалпақ тіпті де бұл қиялдаған қыз емес, осы поселкедегі жасамыс әйелдің бірі болып шықты. Ол осындағы біреуден некесіз бала тауып алған әйел еді. Атап айтқанда, гителгалық Тоурирдің ортаншы қызы болатын. Енді бұл өзі ынтыға күтіп тұрған қызыл қалпақтан қатты жерінді. Гвендур ақырында есін зорға дегенде жиды. Бірақ бұған дейін аттай тулап, тыным таппай тұрған жүрегі енді су сепкендей басылып, тым-тырыс бола қалды. Бәрі де бос әурешілік екен. Айнала төңірегі де қаңырап бос қалғандай сезілді. Гвендур манадан бері псалом-дұғалар әндете оқылып, Құдайға құлшылық ету уағызы ұзақ айтылып жатқанда шіркеудің ішінде текке отырып, өзінің жан дүниесін босқа қинаған болып шықты.
Құдайға құлшылық ету рәсімі аяқталғаннан кейін жұрт шіркеуден ағыла шығып, жиналыс өтетін орынға қарай беттеді. Аулада, старостаның терезесі алдында, айнадай жарқыраған су жаңа автомобиль тұр. Жұрт оған қызыға таң қалып, айнала қарап өтуде. Біреулер оның терезесін бүгілген саусағының сүйегімен қағып көріп, әлдебіреулер дөңгелегінің резинасы қаншалықты қатты, төзімді екенін байқауда. Гвендур да машинаның терезесін тықылдатып, дөңгелегінің сыртқы резинасын күшпен басып көрді. Альтинг депутаты мұнда Құдайға құлшылық ету рәсімі өтіп жатқан кезде келіп, әке-шешесінің қонақ күтетін бөлмесінде отырған болатын. Бұл үйге машина мінген банк директоры да келіп жетті. Ол өзінің жақтастарын бірге ала келіпті. Көлігі есік алдындағы көгалды алаңның бір шетіне жетіп тоқтапты. Староста оны қарсы алуға арнайы шықты. Үстіне кигені — дал-далы шыққан ескі кеудеше. Ит қорада бір жыл бойы жатқан жыртық төсеніш пе деп ойлап қалуға болады. Старостаның бүгінгі салтанатты жағдайда арнайы киіп шыққан киімінің түрі осы. Оның ырсиған түймесіз жағасын ағылшын түйреуішімен ілгектеп қойыпты. Шалбарының балағын ұзын қонышты тоқыма шұлығының ішіне салыпты. Шұлығын қайта-қайта жоғары түріп қояды. Келісті пальто киген, ақ жағалы құрметті қонақтар өздерін құттықтап қарсы алып тұрған оны қайыршы ма деп қалып, қалталарына еріксіз қол жүгіртуде. Сөйтіп оның қолына әрқайсысы бес эйрир ұстатып жатты. Жиналысқа келгендерге залға кіріп, жайғасып отыру, аз ғана күте тұру ұсынылды. Өйткені кандидаттар жиналысқа кофе ішіп, көңілдерін жайлап болмай, бара қоймайды. Гвендур бір бұрыштағы скамейкаға жайғасты, бас киімін екі тізесінің үстіне қойды. Әлдебір жігіт насыбай иіскетіп, сыпайыгершілік жасап еді, бұл шыдай алмай, қатты түшкіріп жіберді. Міне кандидаттар да келді. Ингольв Арнарсон Иоунссон. Мұндай жақсы адамды бұл дүниеден іздеп таба алмайсың. Құдай ұмыт қалдырған мына кең аңғарға кедей шаруаларға арнап тамаша жолдар салдырған осы адам. Оның беті-жүзі, көзілдірігінің астынан жарқыраған өмірлі, өктем көзқарасы қандай! Күйкі тіршіліктен арып-ашып, қалжырап біткен кедей шаруаларға бейне бір төбелерінен құйылып тұрған күн сәулесіндей ғой. Ол сыңғырлаған сұлу үнімен емін-еркін, ешқандай қысылып-қымтырылмай сөйледі. Оның аппақ қардай жең ұшы ерекше сән беріп тұрған кішкентай қолдарының соншалықты жатық та жарасымды қимылы қандай тамаша! Оған қызыға қараймын деп отырғанда сөзінің мән-мағынасына назар аударудың өзі қажет болмай қалады. Оның қолының сиқырлы қимылынан көз алмай, қарап отырудың өзі әбден жеткілікті. Жазғы мекеннен келген жас жігіт оның айтқан сөздерімен жұрттың бәрінің неге бірден келісе кетпейтініне түсіне алмай-ақ қойды. Бірақ өзінің жүрегі тағы да аттай тулап, оның қызын сүйетіні қайтадан есіне түсіп кеткенде осы бір құдіретті адам, сыртта, терезе алдында жарқырап тұрған ғажайып автомобильдің иесі, шынында да өзінің туған қайын атасы сияқты көрінген еді.
Жиналыс қызу жүріп жатты. Халық мүддесі үшін ең зәру, ең қажетті, маңызды мәселелер көтерілумен болды. Олардың шегі жоқ көп сияқты: тұтыну қоғамдары және шаруалар туралы: көпестердің және алыпсатар саудагерлердің озбырлығы, банктердің күйреуі және кеме қозғалысы компанияларының шеккен зияны туралы: шаруаларға берілетін несиелер туралы, аграрлық реформа жобалары туралы, құрал-саймандар салуға көмектесіп, қол ұшын беретін қорлар туралы, күл-қоқыс сақтайтын цистерна ыдыстар туралы, телефон желілері туралы, экспорт мәселелері туралы, жол және көпір құрылыстары туралы, жаңа жерлерді жыртып, кеңінен игеру туралы, халыққа білім беру туралы, тұрғын үй құрылысы туралы, деревняларды электрлендіру туралы сияқты болып жалғаса береді. Ингольв Арнарсон орнынан қайта-қайта тұрып, кеудесін ілгері қарай ұмтыла керіп, кәнігі әртістер сияқты екі қолын кезекпе-кезек сілтеп, өзінің бәсекелес қарсыласын бас изеп көрсетіп қойып, алуан түрлі мәселелердің шешімі қалай етсе дұрыс болатынына бұлтартпас дәлелдер келтіруден жалыққан жоқ. Ол елдегі банктердің орасан зор мөлшерде ойсырай зиян шегіп отырғанына, халықтың ақшасын сұрқия саудагерлердің талан-таражға салып жібергеніне, қаржы төңірегіндегі дау-дамайдың өрши түсіп келе жатқандығына, мұның өзі кеме қозғалысы компанияларының шаш етектен пайда тауып, оңай олжаға кенелуіне, халықтың арасында қу тақыр кедейлердің ежелден әлеуметтік еншісі болып келе жатқан өкпе ауруының етек алуына, олардың шұрық тесік лашықтарда барынша тығыз тұрып, ауыр өмір сүрулеріне, крона бағамының құлдырап төмен түсіп кетуіне, қарапайым еңбек адамдарын ар-ұяттан безе тонап, күйзелтіп келе жатқанына, халыққа білім беру саласындағы қазіргі саясаттың оңбай отырғанына, сөйтіп, исландиялықтардың қайдағы бір мешеу даму сатысындағы қара зәңгірлердің (негрлердің) деңгейінде қалуына өзімен бәсекелес осы үміткер әріптесі ғана кінәлі деген айыптауларды қардай боратып, оның бір басына үйіп-төкті. Шаруалар енді-енді бастарын біріктіріп, өздерінің құқықтарын және тұрмыс жағдайларын жақсарту саласындағы азын-аулақ қол жеткен табыстарын баянды етіп, сақтап қалайын десе, тағы да тап осы адам — менің бәсекелес үміткер әріптесім — олардың жолына кесе-көлденең тұрып алып, кедергі келтіріп отыр дегенді айтты. Сөйтіп бұл адам еліміздің басына түскен зіл-батпан аурытпалықты мың жыл бойы өз иығымен көтеріп келе жатқан және ұлттық мәдениетімізді толып жатқан дұшпандарымыздың тарапынан жасалған қастандықтардан қызғыштай қорғап, сақтап келе жатқан шаруалар сословиесін масқаралап, сұмдық қорлыққа душар етпек.
Гвендур Ингольв Арнарсонның бұл айтқандарымен түгел келісті. Өйткені өзін әлі де оның туған күйеу баласымын деп білді. Оның жол және көпір салумен айналысып қана қоймай, енді әркімнің өздерінің қалауынша қолайлы жақсы үйлерде тұруы үшін күш салғысы келетін керемет кемеңгерлігін өзіне зор мақтаныш тұтты. Ал, солай бола тұрса да, кейбіреулердің Ингольвтің қарсыласы — тым семіз, оның үстіне сөз сөйлеуге де онша шебер емес, өзін шашынан көп қылмыстары бола тұра ар-ұяттан безіп, соншалықты міз бақпай, салмақты ұстайтын адамның айтқандарына сонша неге құмарта құлақ қоятынын тіпті де түсінбеді. Ингольв оған бетің бар, жүзің бар демей, әрбір кінә таққан сайын қысылып, ыңғайсыздану орнына бейне бір мәз болып, ыржың-ыржың күлетінін қайтерсің?! Ол осы уақытқа дейін неге түрменің түбінде шіріп кетпеген? Таң қалуға болады! Ақырында альтинг депутаттығынан үміткер екі кандидат та елді және халықты қиын-қыстау жағдайлардан қалай алып шығатыны туралы егжей-тегжейлі баяндап болғаннан кейін енді айтатын ештеңе де қалмады. Жиналыс жабық деп жарияланды. Әлгі бір-бірімен бітіспес қас дұшпандар сияқты көрінген бәсекелес екі балама кандидат әлдебір нәрселер туралы шүйіркелесе әңгімелесіп, бақтың ішімен қол ұстаса қатар кетіп бара жатты. Бірімен бірі сырлас әрі қимас достар сияқты қарқ-қарқ күліп қояды. Жиналыс кезінде көп адамның көңілі көтеріліп, мәз болып қалған еді. Бірақ мына екеуі сияқты қатты қуанған өзге ешкім болған жоқ. Ал оларға алғашқыда сыртынан қараған адамдар енді бұл екеуі көздеріне қан толған ашу-ызамен бірімен бірі жағаласа кетер, қызыл ала қанды төбелес болар деп күткен еді. Сөйтсе бәрі де бекер екен. Олар қақпа алдына жете бере бірінің қолын бірі қайта-қайта шын жүректен құшырлана қысып, ұзақ қоштасты, бейне бір құпия кездесіп, енді қоштасуға қимай тұрған көңілдес ашына еркек пен әйел сияқты бірінің көзіне бірі ұзақ қарап, телміріп тұрып алды. Бір кезде банк директоры жүріп кетті. Жұрт желкелерін қасып қала берді. Аздан соң әлгі жиналысқа қатысқандар да тарқай бастады. Олар ат қорадан аттарын алып шығып, топ-тобымен шауып ала жөнелді. Гвендур әр нәрсені бір сылтау етіп, старостаның үйін төңіректеп көпке дейін жүріп алды. Терезеге ұрлана көз тастап қояды. Ол тіпті әр түрлі ойға кетті. Үйдің сырт жағына барып, артқы есікті қақса қайтер еді? Атымды тағалап алайын деп, балға мен қалып сұрасам қайтеді? Әлде бір стақан су сұрағаны дұрыс па? Бірақ бұдан не шығады? Қағылған есікке үй қызметшісі шығады ғой. Ал ол барлық істі бүлдіреді. Ақырында аяқ астынан бір ой сап ете қалса болар ма?! Бұл енді өзінің қамшысын ат қораның бір қуысына тығып қояды да оны түсіріп алған болып, осынау төбенің басына жеткен жерінен мұнда қайтып келеді. Сөйтіп есік қағады да егер осындағы біреулер оның жоғалған қамшысын тауып қалған жағдайда оны өзі тағы бірде оралғанша тығып қоя салуын өтінетін болады. Сонда старостаның үйінде болатын әңгімелердің бірінде, кім біледі, мұның аты аталып, осында болып кеткені айтылып та қалар. Бәлкім, әлдебіреулер мұның қамшысын іздеуге жасырынып шығатын болар. Сәті түссе қыздың өзі тауып алуы да ғажап емес. Гвендур қамшыны қабырғаға қаланған тастардың терең бір қуысына тықты да өз жөнімен кете берді. Жаңа өзі ойлаған төбенің басына көтерілген кезде атының басын кейін бұрады да, төмен түсіп, Редсмириге жол тартты. Гвендур аулаға келіп жеткенде ат байлайтын қора әлдеқашан қаңырап бос тұр екен — жұрттың бәрі бет-бетімен тарап кетіпті. Ол атынан түсті де тұп-тура үйге беттеді. Көше жақтағы үлкен есік бірден ашылды. Кең пальто киген Ингольв Арнарсон шешесімен бірге есік алдына шығып келе жатты. Ол шешесімен сүйісіп қоштасты да автомобильге отырды. Соңынан іле-шала қызы да шықты. Үстінде көгілдір көйлегі бар, пальтосын білегіне іле салыпты. Сары шашы жалт-жұлт етеді. Ол атасының мойнына оралып, сүйісіп қоштасты. Сөйтті де текпішекті баспалдақпен жүгіре түсіп, автомобильдегі әкесінің жанына барып отырды. Қыз өзінің ақ орамалын бұлғап, әжесімен және атасымен қимай қоштасқандай болды. Гвендур автомобильдің терезесінен оның мәз-мейрам болып шаттанған күлкісін ғана көріп қалды. Осының өзі де ғажайып сиқырлы көрініс болды. Мотор зыр ете қалды да әуелі тық-тық еткен қатаң, соңынан жұмсақ үн шығарды. Автомобиль орнынан қозғала бергенде қыз әкесіне қарап күліп қойды. Олар Гвендурдың жанынан зулап өте шыққанда күн сәулесі автомобильдің терезелеріне, лак жағылған бояуларына жарқырай шағылысты. Жас жігіттің мұрнына бензиннің жағымды жақсы иісі сезілді. Ал автомобильде отырғандар мұны көздеріне де ілген жоқ, көрмей өте шықты. Гвендур лакты бояуы жалт-жұлт еткен машина қашан ұзап кеткенше одан көз алмай қарап, шіркеу алдындағы бос алаңда жападан жалғыз қала берді. Ол бұған дейін ешқашан тап мұндай жалғызсырап, көңілі құлазып көрген емес еді. Ол қораға тыққан қамшысын тауып алды да, атына мініп, шауып ала жөнелді. Автомобиль төбеден асып көрінбей кетіпті. Бір минөттен соң биік асудан өтіп бара жатты... Қызға ат сыйлаймын дегенім қандай есуастық еді! Оның астындағы атына қатты қамшы басқаны сонша, бейшара шыдай алмай, шыңғыра кісінеп жіберді. Иә, бұл шынында да кәрі-құртаң нашар ат болып шықты. Еш нәрсеге жарайтын түрі жоқ. Енді мұны сатып алатын ақымақ біреу табыла қалса, тезірек құтылғаным жөн екен деп берік байлам жасады.
* * *
— Қызым, сен азырақ күте түр, — деді альтинг депутаты. — Мен ана бір лашыққа кіріп шығайын. Ондағы бір қарт адаммен сөйлесуім керек. — Сөйтті де автомобильді жолдың шетіне шығара беріп тоқтатты да, моторды өшірді. — Әлде сен де бірге барасың ба?
— Жоқ, — деді қызы. — Бармаймын. Туфлиім былғанады.
Қыз әкесінің соңынан қарап отыра берді. Ол хуторға барып кірді. Әкесі тым сымбатты, екі жауырыны қақпақтай кең екен. Енді байқады.
Бьяртур қотанда жүр еді, мұның алдынан шығып қарсы алды. Ол мұны "Жарқыным, Инге" деп атады. Үйге кіруге шақырды. Бірақ Ингольв Арнарсон өте асығыс екенін өзінің ескі досына және өкіл ағасына бір минөтке ғана қайырыла кетуді жөн көргенін айтты. Сөйтіп оны иығынан қағып қойды. Жиналысқа неге бармағанын сұрап еді, Бьяртур өзінің жиналыс іздеп барып, кім-көрінгеннің судай сапырған неше түрлі жалған сөздерін тыңдауға зауқым соқпайды деп жауап қатты.
— Қайдам, мен сені түсінбедім, — деді альтинг мүшесі. — Меніңше, қазіргі аса маңызды әрі қажетті мәселелер туралы пікір таласын тыңдау кімге болса да пайдалы. Адамның санасы сергиді, ойы тазарады.
— Ал мен айдың аманындағы тап бүгінгідей тамаша жексенбі күні адамдардың біріне-бірі: "Сайтан алсын сені!" деп, қайта бет көріспестей салғыласып жатқанын аса маңызды әрі қажетті мәселе пікір таласы деп білмеймін. Бұрынғы замандарда мұндай дау-дамай пікір таласы деп саналмайтын. Ол кезде тек ерлік жасау ғана болатын. Халық арасында неше түрлі нағыз батыр, ұлы адамдар бірін-бірі жекпе-жек сайысқа шақыратын немесе жер қайысқан қол жиып, қаптаған қалың жауға қарсы қанды шайқасқа шығатын.
Ал альтинг депутатының ежелгі ескі дастандарда жырланатын көзсіз батырлық көрсету саясаты туралы әңгіме тыңдап тұруға уақыты жоқ еді. Ол тікелей іске көшті. Өзінің біреулерден Жазғы мекендегі Бьяртурдың құрылыс салумен айналысатын ниеті бар екен дегенін естігенін айтты. Егер осы сөз рас болса, онда құрылысты қашан бастамақшы — соны білмек екен.
— Бастағым келген кезде бастаймын. Оның саған қажеті қанша? — деді Бьяртур.
— Егер құрылысты осы жазда бастар болсаң, онда осы бастан қам жеп, алдын-ала келісіп алуымыз керек. Өйткені осы аптаның ортасында мен іс-сапарға кетіп қаламын. Одан, шамасы, сайлаудан кейін ғана оралатын шығармын.
— Ал сен, сүйікті Инге, маған басқа біреулердің сенен гөрі анағұрлым тиімді шартпен ұсыныс жасап қоймағанына кәміл сенімдісің бе? — деп сұрады Бьяртур.
— Мен саған ешқандай шарт ұсынайын деп келген жоқпын. Олай деп ойласаң, қателесесің, — деп жауап қайтарды альтинг депутаты. — Тұтынушылар қоғамы ұсақ-түйек сататын шағын ғана дүкен емес. Бізді әлдебір көпестің: "Бізден мынадай тауарлар сатып алыңдар!" деп зар қағып тұратын саудагер әйелдері сияқты екен деп ойлап қалма. Тұтынушылар қоғамы — сенің ең басты мүддеңді көздейтін ұйым. Сен онда өз шарттарыңды өзің ұсынатын боласың. Бөгде біреулер тіпті де араласпайды. Цементтің де, басқа құрылыс материалдарының да бағасын басқа ешкім емес, тек өзің анықтайсың. Қандай төлем жасауды да өзіңнен-өзің талап ететін боласың. Менің сенен сұрап білейін деп тұрғаным — маған беретін қандай бұйрықтарың бар? Мені өзімнің қызметшім деп біл Қандай құрылыс материалдарын қай кезде алғың келеді? Кассадан қанша несие алуың керек екенін мен есептеп берейін бе әлде оны өзің-ақ есептеп шығара аласың ба?
— Несие беретін кассадан қарызға ақша алу тиімсіз. Одан кәдімгі үйреншікті банкіден сұрағаным әлдеқайда жақсы.
— Иә, құрметті Бьяртур, кәдімгі үйреншікті банктің әлдеқайда тиімді екені сонша, енді сен қара да тұр, егер біздің Тау короліміз алдағы Рождество мерекесіне дейін өзінің хуторынан және бүкіл мал-мүлкінен айырылып шыға келсе, мен оған тіпті таң қалмас едім. Сөйтіп ол өз күйеу баласының батырағына айналады әлі. Ал мен оның күйеу баласын қай күні түрмеге тығып жібергім келсе, ол тап сол күні түрменің түбінен табылатынына күмәнданба. Маған сене бер, осы жаз аяқталмай жатып, халықтық банктің бүкіл тағдыры тек менің ашсам алақанымда, жұмсам жұдырығымда болады. Сонда мына алдамшы алаяқтардың жемқор тобы түгелдей белшелерінен батқан қарыздарын өтей алмастай зиян шегіп, банкротқа ұшырамаса, онда менің атымды Ингольв Арнарсон емес, басқаша қойыңдар! Міне, сонда менің осы сөзімді естеріңе түсіресіңдер. Алдамшы алаяқтарға сеніп қалып, өздерінің тағдырын солардың қолына тапсырғандар әлі-ақ бармақтарын шайнап, өлердей өкінетін болады. Ал біздің несие беретін кассамыз, жарқыным Бьяртур, ұзақ мерзімді несие бере алмайтын болғанымен, өте сенімді. Ұзақ мерзімді несиеден не пайда бар? Егер хутор ұзақ мерзімді ипотекалық қарызынан қашан құтыламын дегенше ол өз иесінің тек қағаз жүзіндегі ғана меншігі болып қала береді. Қолыңнан келер шараң жоқ!
Бұл өзі қарызға қатысты өте күрделі мәселе еді. Бьяртур екі ойлы болып, қобалжи бастады. Ол қарапайым ғана шаруа болатын.
Бұған дейін табиғаттың қатал күштерімен де, сиқырлы зұлым күш иелерімен де құр қолымен күресіп келді. Бүкіл білімін ежелгі ескі жырлар мен сагалардан ғана сарқып алған болатын. Ал оларда адамдардың босқа артық сөзді шығын етпей-ақ бір-бірімен кескілескен ашық шайқасқа шығатыны, қанды қырғыннан соң адамдардың тау-тау болып үйілген мәйіттері ғана қалатыны айтылатын.
— Біздегі құрылыс материалдары Виктегі бағамен салыстырғанда үштен бір есе арзан, — деп сөзін жалғастыра түсті төраға. — Біздің қоғам жаздыгүні цементті шетелдерден тікелей сатып әкелді. Мұндай қолайлы жағдай барлық уақытта бірдей қайталана бермейді. Оның үстіне, алдағы күзге қарай қойдың бағасы елу кронаға дейін көтерілетін сияқты.
— Сендердің, соның ішінде әсіресе сенің, қашан өтірік сөйлейтіндеріңді, қашан шын сөйлейтіндеріңді адам біліп болмайды, — деді Бьяртур. — Ал, меніңше, сендер барлық уақытта да өтірік айтасыңдар. Мен солай деп ойлаймын.
Альтинг депутаты оны иығынан қақты да қарқ-қарқ күлді. Содан соң кетуге айналды.
— Сонымен мен саған цементтің алғашқы бөлігін күні ертең жіберетін боламын, — деді ол — Қалған іс өзінен-өзі жүріп кетеді. Сен сызба жоспармен менің орынбасарыма барып таныса аласың. Тас қалаушылар мен ағаш ұсталары бізде жетіп артылады. Қалағаныңша шақыруыңа болады. Ал саған қанша мөлшерде несие керек екенін біз шамалап біліп отырмыз. Бізге ертең немесе бүрсігүні келіп, жолығып кет, қалған егжей-тегжейлі әңгімені сонда жалғастырамыз.
Автомобиль Жазғы мекеннің алдынан өтетін жолдың үстінде тұр еді. Астындағы мінген аты одан үркіп, қос құлағын тікірейтіп, ойнақши бастаған соң Гвендур тақымын барынша қатты қыса түсті. Ақырында жаяу түсіп, атын шылауынан ұстап, жетекке алды. Батып бара жатқан күннің сәулесімен жарқырай көрінген машина бейне бір қиял-ғажайып ертегілеріндегі адам таң қаларлық кереметтің дәл өзі сияқты. Ол өзінің ерекше ғажайып бейнесімен қоршаған табиғатты сұлулық салыстыруға шақырып тұрғандай. Гвендур атын жетектеген бойы оған тым жақын барды. Ашық терезеден көгілдір түтін будақтайды. Алдыңғы орында — жалғыз қыз. Ол темекі шегіп отыр екен. Жас жігіттің көзі әуелі оның екі иығына, алмадай жұмыр аппақ мойнына, алтындай сап-сары қос бұрымына, оң жақ бетіне түсті. Гвендур тым таяу келіп қалса да қыз оған мойын бұрып қараған жоқ. Ашық терезеден бұрынғысынша сақина тәрізденіп дөңгелене шығып жатқан көгілдір түтін жоғарыға баяу көтеріледі. Гвендур машинаға өте жақын келіп:
— Қайырлы кеш, бикеш! — деді.
Қыз селк ете қалды да қолындағы папиросын жасыра қойды. Бірақ оны іле-шала аузына қайта жақындатты.
— Мені сонша қорқытқаның қалай? — деді ол, аздап мұрнынан міңгірлеген әуезді үнімен.
— Саған өзімнің атымды көрсетейін деп едім, — деді ыржия күліп.
— Аты несі? — деп, соншалықты немкеттілікпен самарқау сұрақ қойды қыз, ондай жануар туралы бейне бір бұрын-соңды естіп-білмегендей-ақ.
— Иә, — деді жігіт өзінің атын көрсетіп. Қаншаға сатып алғанын да айтты. Өйткені бұл округтағы ең қымбат аттың бірі екенін ескертті.
— Солай де, — деді қыз, атқа көз қиығын да салмастан. — Ал менің онда қандай жұмысым бар деп ойлайсың?
— Сен мені шынымен-ақ танымай отырғаннан саумысың? — деп сұрады жігіт.
— Қайда көргенім есімде жоқ, — деп жауап қатты қыз, алдағы созылып жатқан жолға қараған бойы. Ал Гвендур екі көзін қыздан сонда да айырар емес.
Ақырында қыз мойын бұрып, бұған соншалықты өктем менмендікпен жеркенішті қарады. Гвендур бейне бір оның жеке басын қорлаған адам сияқты көрінді. Сөйтіп тым салқын сарынмен үн қатты:
— Сен неге Америкаға кетпей қалғансың?
— Мен сол түні пароходқа жетіп үлгере алмадым, кешігіп қалдым.
— Ал содан кейінгі пароходпен неге кетпедің?
— Менің мынадай ат сатып алғым келді.
— Ат сатып алғым келді?..
Жігіт батылдана түсті де былай деді:
— Мен сенімен кез болып, табысқаннан кейін осында жүріп те тәуір адам бола алатын шығармын деп ойладым.
— Қаңғыбас неме! — деді қыз.
Жігіттің бойын ашу — ыза кернегендей сезім пайда болып, қызарып кетті. Әлгіндегі күлкісінің ізі де қалмады. Тек үстіңгі ерні зорлана қалтырап, дірілдей берді.
— Мен қаңғыбас емеспін! — деп айқайлап жіберді ол — Мен саған мұны дәлелдеймін! Сен әлі менің кім екенімді білетін боласың!
— Егер сен ойыңа алған арманыңды жарты жолда қалдырып кеткен болсаң, онда нағыз қаңғыбас жансың. Қаңғыбастың тап өзісің! Шөп басын сындырмайтын жалқаусың! Қоян жүрек қорқақсың! Иә, су жүрексің! Менің саған көз қиығын салғаным ұят-ақ. Ал сөйлесіп тұрғаным одан сайын масқара!
Гвендур бір адым кейін шегінді. Оның көзінен от шашырады. Қыздың қылығына қарай бұл да қалыспай мінез көрсетті:
— Осыдан қара да тұр. Біз де тап Редсмиридегі сияқты, бәлкім, тіпті одан да жақсы, одан да көркем үй салып алатын боламыз.
Қыз бұған мұрнынан міңгірлеген жеркенішпен күлді де қойды.
— Сендер, Редсмиридегілер, — деп, тағы да айқайлап жіберді Гвендур, — біздің бәрімізді де аяқтарыңның астында таптап тастамақ боласыңдар! Иә, солай деп санап келдіңдер, солай деп әлі де ойлайсыңдар! — Жігіт қайтадан жақын келіп, жұдырығын түйе қыздың тұмсығына тақап, ызалы сес көрсетті. — Мен сендерге көресіні көрсетемін!
— Менің сенімен сөйлескім де келмейді, — деді қыз. Мазамды алмай, жоғал әрі!
— Бірнеше жылдан соң мен Жазғы мекеннің нағыз иесі боламын. Бай шаруаға айналамын. Сенің атаң сияқты дүрілдеймін. Бәлкім, одан асып кеткен бай болармын! Міне, сонда көресің мені!
Қыз аузындағы түтінді дөңгеленген сақина тәрізді етіп сыртқа шығарды. Көзін сығырайта түсіп, жігітті басынан аяғына дейін жүгірте шолып шықты.
— Менің әкем көп ұзамай бүкіл елді билеп-төстейтін болады. — Ол енді көзін бадырайта ашып, еңкейе түсті де, бейне бір қауіп-қатерге толы қоқан-лоққы жасап қорқытқандай түр танытты. — Білдің бе, бүкіл Исландияға билік жүргізеді, бүкіл елге билік жүргізеді!
Гвендур бір түрлі үрпие қалғандай көзін төмен түсірді.
— Сен маған бүгін неге осынша қатыгез бола қалдың? Менің Америкаға саған бола бармай қалғанымды өзің де жақсы білесің ғой. Сен мені шынымен сүйетін шығарсың деп ойлап қалып едім.
— Сен ақымақ есексің! — деді қыз. — Егер сен Америкаға кетіп қалғаныңда онда, бәлкім, аздап сүйген де болар едім. — Дәл осы кезде қыздың ойына бір тапқыр жауап сап ете қалды. — Әсіресе сен мұнда қайтып оралмайтын болғаныңда! Ой, әкем келе жатыр. Қараңды батыр енді! — Қыз папиросының түбіртегін жол бойындағы шұқырға лақтырып жіберді.
— Сен біреумен әңгімелестің-ау деймін, қызым? — деді Ингольв Арнарсон. — Жұғымдылық — жақсы қасиет.
Әкесі машинаға отырған бойда сигаретін тұтатты.
— Мына жігіт осы хутордың тұрғыны, — деді қыз. — Бұл Америкаға кетпек болған екен, бірақ...
— Ә, бұл сол жігіт екен ғой, — деді альтинг депутаты, стартерді баса беріп. — Бала, Америкаға кетіп қалмай, өте дұрыс істеген екенсің. Бізге осында, өз отанымызда күресетін қиыншылықтар да жетіп артылады. Бізге қажымай-талмай күресу керек, қалай да жеңіп шығу қажет. Өзіңнің туып-өскен жеріңе деген сенімің болсын — еткен еңбегің сонда ғана жанады. Бәрі Исландия үшін! Айтпақшы, сенің жасың қаншада?
Гвендурдың жасы әлі он жетіде ғана еді — сайлауда дауыс беруге әлі құқығы жоқ болатын.
Альтинг депутаты мұны білген бойда бұл жігітке деген ынта-ықыласын бірден тоқтата қойды да, машинаны жүргізетін тетікті тезірек басуға тырысты. Бұл онымен қоштасқан белгі бергендей бір саусағын абайсызда қалпағының бір шетіне тигізіп үлгерді, бәлкім, қалпағын жай ғана аздап түзетіп кигісі келген де болар.
Олар жүріп кетті. Жолдың шаңы бұрқырай көтеріліп, бірте-бірте шұбатыла артта қалып жатты.
АЛПЫС СЕГІЗІНШІ ТАРАУ
ОСЫ ЗАМАНҒЫ ПОЭЗИЯ
Қандай шиеленісіп, былыққан іс болса да әйтеуір бір реттеліп, өзінен-өзі жүйеге келеді. Дегенмен де бұған көптеген адам қашан кезі келіп, көзі жеткенше сене бермейді. Сөйтіп жүріп, аңсаған армандарымыздың қалай орындалғанын білмей де қаламыз. Әсіресе ондай арманға жету үшін өзіміз ешнәрсе жасай қоймаған кезімізде жиі-жиі солай болады. Бьяртур әлі ойланып-толғанып, белгілі бір шешім қабылдаймын дегенше цементтің бірнеше тонна алғашқы партиясы аулаға түсіріліп жатты. Адам өзіне лайық ең жақсы үйде тұратын кезім келіп жетті-ау деген кезде ондай үй жер астынан өзі өсіп шыға келгендей немесе аспаннан түсе қалғандай болады екен Өзіміз не нәрсеге лайық болсақ, өмір соның бәрін де оп-оңай бере салады. Мұның тек жеке адамдарға ғана емес, тұтас бір халыққа да қатысы бар. Мысалы, кешегі соғысты алып қарайық. Ол кейбір адамдар мен кейбір халықтарды, олардың өздері ешқандай күш-жігер жұмсап, қиналмаса да, шырқау биікке көтеріп әкетті. Исланд халқына ең күшті деген кемеңгер саяси қайраткерлердің өздері жасай алуы екіталай өте-мөте күмәнді жақсылық атаулының бәрін де біздің жерімізден жырақ әлдебір жақта аяқ астынан бұрқ ете қалған бір ғана алапат соғыс үйіп-төгіп артығымен бере салды. Қадірлі адамдар қатарына қосылған Бьяртур өзінің Жазғы мекенінде неше түрлі қиын-қыстау жағдайлар болып өткенін мойындауға бейімделе бастады. Несі бар, жамандық көрмей, жақсылыққа жете алмайсың. Бірақ ең жақсысы — бүл алақан жайып, басқа біреудің несібесі есебінен тамақ асырап көрген жоқ. Басқа біреудің несібесі — өз еркі өзіндегі, ешкімге тәуелсіз дербес адам үшін барып тұрған қатерлі у. Басқа біреудің несібесіне қарап, алақан жаю — өз еркі өзіндегі, ешкімге тәуелсіз дербес жанды шын мәніндегі қымбат бостандығынан біржола жұрдай ететін бірден-бір сұмдық нәрсе. Бір кезде біреулер Бьяртурға сауулы сиыр сыйламақ болған. Бірақ ол өз дұшпандарынан сыйлық ала салатын адам емес. Егер Бьяртур сол сиырды бір жылдан кейін-ақ сойып тастаған болса, оның себебі мұның алдында неғұрлым жоғары, неғұрлым абзал міндеттердің тұрғандығында ғана еді. Бүл сол кездің өзінде-ақ айтқан болатын: болмашы нәрсеге бола, сиырдың жем-суы үшін ақша шаша беретін ниеті жоқ екенін, ондай ақша болашақта қажет болатынын жасырған жоқ. Бәлкім, салтанатты сарай салып алуды ойлаған шығар. Енді міне ол тұтыну қоғамының дүкенінде тұрып та сол ойын айтты: үй салған соң оны салған сияқты етіп салу керек: ол екі қабатты, еңселі, екінші қабатының үстінде және бір үйшігі бар ғажайып үй болуы тиіс. Алайда Бьяртурды бұл ойынан қайтуға әзер көндірді — үйді кәдімгідей бір қабат етіп салу да жаман емес, оның да үстінде шатыры, астында жер төлесі болады. Сонда ол да үш қабат үйге айналып шыға келеді. Бьяртур несие беретін кассадан ақша алды. Құрылыс салынбаған жер ұзақ мерзімді несие алуға кепіл бола алмайды деп саналады екен. Сондықтан да әзірше несие бір жылға ғана берілетін болыпты. Сондай-ақ салынатын құрылыс үшін жұмсалатын несие мөлшерінің алғашқыда отыз пайызы кепіл ретінде ұстап қалынатыны да айтылады. Соның өзінде тұтыну одағы тарапынан кепілдік тапсырылуы шарт көрінеді. Ал тұтыну қоғамы салынатын құрылыс үшін жұмсалатын несиенің екінші кезегін аларда тағы да кепіл ақша қалдыруды талап етеді екен Сонымен касса Бьяртурға несиенің екінші бөлігін алдағы күзде беруге келісті. Ол кезге дейін үй толық салынып бітуі шарт. Үй салынып біткеннен кейін кездегі жұмсалатын екінші несие міне, сонда ғана беріледі. Бүл несиенің есебінен құрылыс материалдарын алғаны үшін тұтыну қоғамына қайтарылуы тиіс қарыздар өтелуі керек. Жоғары деңгейдегі қаржыгерлердің ойлап тапқан бас қатырарлық күрделі механизмі, міне, осындай еді. Осындай қызмет гүрлерін көрсетпек болғаны үшін хутор тұрғыны Бьяртур сайлауда Ингольв Арнарсон Йоунссон үшін дауыс берді. Өйткені ол халық үшін аса маңызды мәселелерді альтингте талқылап шешу кезінде бұлардың сенімді өкілі ретінде қатысуы керек. Тұтыну қоғамының өкілі альтингке тағы мүше болып өтті. Сөйтіп көпестер қауымына есеңгірете ауыр соққы берілді.
Енді тұтыну қоғамының өкілі үшін дауыс бергендер мәз-мейрам болып, шаттыққа бөленді, ал банк директоры үшін дауыс бергендердің ұнжырғалары темен түсіп, өлердей өкінумен болды. Өйткені, біріншіден, банктің іргетасы қатты шайқалып, жағдайы нашарлады, енді оның кез-келген уақытта банкротқа ұшырауы әбден мүмкін: ал, екіншіден, банк директорын жақтаушылар Редемири қожайындарына ашықтан-ашық жау болып шыға келді. Өйткені өздерінің бастарына өздері тілеп алған қиын-қыстау қатерлі жағдай туа қалған кезде бұлар ендігі жерде кімнен көмек күте алмақ? Осының бәрінің үстіне, шетелдіктердің бір-бірімен одан әрі соғыса беруге мұршалары қалмаған болып шықты. Сондықтан да ендігі жерде ауылшаруашылық өнімдерінің бағасы кез келген минөтте күрт төмендеп кеткелі түр.
Үйдің іргетасы қаланатын қазан шұңқыр тебенің дәл үстінен қазылды. Бұрынғы ескі жер үйдің оңтүстік жағына таман жап-жақын. Тас қалаушылар, ағаш ұсталары келіп, жертөленің құрылысын бірден бастап жіберді. Жертөле ете тамаша болып шықты. Жұмыс бір апта бойы тоқтатылғаннан кейін тұрғын үй қабатының қабырғалары шұғыл түрде қалана бастады. Онда торт бөлме және ас үй болады деп жоспарланған. Ендігі жетпей тұрғаны жас балалар ғана. Аулада асыр салып, тыным таппай, секіріп ойнап жүретін кіп-кішкентай, әр нәрсені білуге құмар балалар-ауланың сәні ғой. Бір кезде, осында қой қораның қабырғалары қалана бастаған кезде асыр сала улап-шулап, ойнап жүрген жас балалар қандай сүйкімді еді. Қазір мұнда сол кездегіден де қызық болар еді. Өйткені қызықты нәрсе өте көп — ағаш пен бетонның иісі бұрқырайды, тарс-тұрс соғылған балғалардың үні мен бетон араластырғыш қондырғылардың у — шуы құлақ тұндырады. Жүмысшылар да, машиналар да, аттар да коп. Құм мен киыршық тас тау-тау болып үйіліп жатыр. Бұрынғы кезде терезенің көздері екі қабат етіп салынбаушы еді, темір — бетон дегенің де қолданылмайтын. Үйдің қабырғалары қарапайым тәсілмен қалана салатын, бірақ өте қалың болатын. Пішен шабылатын кез келгенде үйдің шатырын қалау мен төбесін жабу ғана қалды. Бұған дейін ақша да таусылып біткен еді. Бьяртурдың қалаға баруына тура келді — несие беретін кассадан тағы да қарыз алу керек болды. Бірақ бүл кезде Ингольв Арнарсон астанада жүр еді. Касса Бьяртурға несие беруден үзілді-кесілді бас тартты — қалған несиеңді тек күзге қарай ғана ала аласың дегенді айтты. Көктемде тұтынушылар қоғамында үйдің төбесін жабатын шифер мен терезелерге көз салатын әйнектер жоқ болатын. Өйткені үй салушылар өте көбейіп кеткендіктен ондай материалдар тіпті де жетіспейтін. Дүкен енді терезеге көз салатын әйнектердің кезекті партиясын алдағы жылдың жазында, ал шиферді содан соң, күзде күтіп отырғандарын айтты. Ондағылар "Күзде қойдың бағасы қандай болатынын білуді күтетіндерін де жасырмады. Сөйтіп Бьяртур бастап жіберген үйдің құрылысы жаз бойы тоқтап қалды. Қара жолмен ары-бері өткен-кеткен жолаушыларға бүл үйдің құрылысы бейне бір көзге шыққан сүйелдей өте сиықсыз көрінді. Олар бүл жерде жарасымды жайлы үй жасыл желекке бөленіп тұратын шығар деп ойлайтын. Енді міне әлдебір дүлей дауылдан кейін қирап қалған үйінділердің жиынтығына ұқсас жұпыны үйдің сүлдері ғана тұрған қораш көріністің куәсі болуда. Алайда Бьяртур енді бүл үйдің құрылысын бітіре алмай, осылай қалдыратын шығар деп ойлағандар қатты қателескен еді. Осыдан бір жыл бұрын аяқталған соғыс күзге қарай бағаны бұрынғыдан да шарықтата қымбаттатып жіберді. Мұндай бағаны Исландияда бұрын-соңды ешкім көрмек түгілі, естіген де емес. Күздігүні Әйелдер одағының астанада өткен бір жиналысында Редемириден барған фрудың дуалы аузынан шыққан "Исландия шарықтап көкке көтерілген ел" деген қанатты сөзі бүкіл елге тарап кетті.
Бір қойдың бағасы елу кронаға дейін жетті. Астаналық газеттер шаруалардың бұрынғы және қазіргі мәдениетінің артықшылығын тілдері жеткенше асыра мадақтаумен болды. Шаруалардың оған тікелей өздері қосқан үлесіне үлкен мән берілді. Бьяртур кассадан тағы да ақша алды. Ағаш материалдары, терезеге көз салынатын әйнек, үйдің төбесін жабатын шифер жеткізілді. Жүмысшылар да келтірілді. Күзге қарай жаңа үйдің төбесі жабылды. Сырттан қарағанда үй дайын болып қалған сияқты көрінді. Алайда шатырды енді жауып бола бергенде және бір қырсық кез болды: десятник жертөленің қабырғалары бірнеше жерінен жарылып тұрғанын мәлімдеді. Бүл, оның ойынша, жер асты дүмпуінің салдары көрінеді. Бірақ Бьяртур биылғы жазда ешқандай да жер сілкінісі болмағанын айтып, оның пікірімен келіспеді.
— Кореяда жер сілкінісі болды ғой, — деді десятник. — Жалпы алғанда ондай жарылған жерлерден келетін қауіп-қатер жоқ — оларды жай сылақтың өзімен-ақ оп-оңай бітей саламыз.
Ондай жарықтары бола тұрса да үй иесі бүл ғимараттың келешектегі ғажайып көріністерін көз алдында мақтанышпен сүйсіне елестетуден рақат сезіміне бөленіп жүрді. Оған қайта-қайта сүйсіне қараудан жалықпайды, өзіне-өзі әлдебір нәрселерді айтып күбір-күбір етумен болды.
Таудағы қойларды жинап, айдап қайтқан сапардан кейін Бьяртур баласы мен екеуі екі салт атқа мініп, Фьордқа барып қайтпақ. Үйдің құрылысы үшін әлі де толып жатқан ұсақ-түйек нәрселер керек екен. Бьяртур жол бойы үн-түнсіз келе жатты. Ал иен даланың шығыс жақ шетіне жете бергенде Гвендурға мынадай сұрақ қойды:
— Көктемде сен Ауста менің өлеңдерімді әншейін сүйкей салған нашар нәрселер деп айтты деген жоқ па едің?
— Иә, оның осы тәрізді бір нәрсе айтқаны рас болатын, — деп жауап берді Гвендур.
— Сонда қалай, оның достары қазіргі жаңаша поэзияны жақсы көре ме екен?
— Солай-ау деймін, — деді баласы. — Ол әлдебір жас ақынмен некелескен көрінеді.
— Жарайды. Өлеңді қазіргі ақындар сияқты жазудың түк те қиындығы жоқ, — деді Бьяртур. — Лақылдаған құсық сияқты ақтара береді. Ішкі ырғақтан жұрдай. Тек соңғы сөздері ұйқасса болды.
Гвендур өзі өлең жаза алмайтын. Сондықтан да ештеңе деп жауап қатпады.
Аз ғана үнсіздіктен соң әкесі былай деді:
— Егер сен қалада Ауста Соуллильяны тағы да кездестіре қалсаң, менің қазіргі жаңа поэзия тәсілімен жазылған үш шумақ өлеңімді оқып бер. Ол ойлап жүрген шығар: мен жаңаша өлең жаза алмайды деп. Тыңдап көрсін қане!
— Мен ол өлеңді жаттап ала алсам, — деді Гвендур.
— Жаттап алмай, несі бар?! Небары үш шумақ өлеңді жаттай алмаймын деген сөзіңді бұдан былай ешкімге есіттіре көрме! — Бьяртур өз ішінен әлдебір нәрселерді күбір-күбір етті. — Бұл соғыс туралы үш шумақ өлең еді:
Бұл дүние ажал төкті
Он миллион адамға —
Өлім дәмін татты бәрі.
Онда менің ісім қанша —
Жолы болсын, кетсін әрі!
Таудағы алып жартастардың
Жанындағы жекпе-жек
Сұмдық еді сұрапыл,
Көктемгі гүл тапталғанда
Табылмады қайырымды тірі жан,
"Қой!" деп айта алатын тек бір ақыл.
Содан бері жырларымның нәрі жоқ,
Еңбегім — еш, тұзым — сор,
Үміт еткен қуанышым әрі жоқ!
Ақша, мүлік, дүние — байлық
Енді маған қажет емес, өзің біл,
Өз үйімде өспеген соң лала гүл!
— Оған өзің барып, оқып бергенің жақсы болмас па еді? — деп сұрады Гвендур.
— Менің өзім? — деп таң қалды әкесі. — Жоқ! Менің ондай адамдарды көргім де келмейді.
— Қандай адамдарды?
— Менің сенімімнен шықпай, алдап кеткен адамдарды! Ондай адамдардың өздері келіп, аяғыма жығыла кешірім сұрасын Ал менің олардың алдында бас ұрып, кешірім сұрайтын жайым жоқ. Оның үстіне, — деп, қосып қойды Бьяртур, — менің Аустаға ешқандай да туыстығым жоқ. Үш қайнасақ, сорпамыз қосылмайды.
— Бәрібір оған сенің барып шыққаның дұрыс болар еді, — деді жас жігіт, оз айтқанынан қайтпай. — Әрине, Аустаға қиын тиетініне күмәнданбаймын. Оны екіқабат болып қалдың деп, үйден қуып жіберген өзің едің ғой.
— Менің кімді қуып жібергенімде сенің жұмысың болмасын! Өзіңді қуып жібермегеніме тағдырыңа риза болып, шүкіршілік ет. Егер сен әдепсіз қылық көрсете беретін болсаң, сені де қуып жіберуден тайынбаймын.
— Ал сен Аустаға кіріп шығатын болсаң, ол бейшараның қуанып қалатыны сөзсіз.
Бьяртур атының тізгінін тез жұлқып сілкіді де, былай деп жауап қатты:
— Жоқ, мен көзімнің тірісінде оған ешқашан да бармаймын, тіпті аяқ баспаймын. — Содан соң аздап үнсіз қалды да ұлына оның иығының үстінен мойын бұра қарап, былай деді: — Егер мен өле қалсам, сен оған сәлем айт: мені жерлеуге келіп қайтсын — топырақ салсын.
Ауста Соуллилья таяуда ғана Сандейрдегі күйеуінің үйіне көшіп барған еді. Ол шағын ғана үй болатын. Оны үй деп айтудан гөрі төбесі гофрирленген қаңылтыр темірмен жабылған жертөле деуге көбірек келетін. Ол Орталық Африкада тұратын зәңгілердің лашықтарына ұқсайтын. Терезе алдындағы табанша тақтада құмыра ретінде қойылған тот басқан екі қаңылтыр ыдыстың біреуінде әлдебір гүл өсімдігінің сабағы жоғары ұмтыла түсіп, өмір сүру үшін жанталаса күресетін тәрізді. Бөлмеде екі кереует түр: біреуі — Ауста мен күйеуінің, ал екіншісі қарт енесінің кереуеті. Үй иесі осы кемпір екен Баласы жұмыссыз жүрген көрінеді. Ауста Соуллилья інісін кәдімгідей жылы жүзбен қарсы алды. Бірақ оның сол көзі оң көзіне қарағанда едәуір бадырайып кеткендей көрінді. Өңі боп-боз, жүдеп кетіпті. Бұрынғысына қарағанда мұны едәуір жатырқап қалғандай ма қалай? Ауырып бүлінген тісін жұлдырып тастапты, орны үңірейіп түр. Ол інісімен шүйіркелесіп сөйлесе қоймады. Оның Америкаға неге бармай қалғанын да сұраған жоқ. Шамасы, ондай алыс сапардан бас тартуда тұрған таң қаларлық ештеңе жоқ деп ойласа керек. Өйткені Америка кімді болса да жарылқай қояды дегенге онша иланбайтын. Гвендур оның екіқабат екенін бірден байқады. Аустаның сүйріктей ұзын саусақтарының, ондағы өмірлік күштің молдығына сүйсіне қарады. Бірақ сонымен қатар екі иығы қушиып, арықтап кеткенін, құрғақ жөтелден қиналып жүргенін де байқады.
— Сен, немене, суық тигізіп алғансың ба? — деп сұрады Гвендур.
Ауста суық тигізіп алмағанын айтты. Бірақ осы бір қу жөтелден құтыла алмай жүр екен. Таңертең қақырғанда қан түкіретінін де жасырған жоқ. Гвендур енді оның некесі ресми түрде қашан қиылатынын сұрады. Бірақ Ауста бүл жолы алдағы болатын үйлену тойы туралы көктемде Бьяртурдың ұлына айтқанындағыдай, бір жас ақынға тұрмысқа шығатын болдым деп хабарлаған кезіндегідей мақтаныш сездіре қойған жоқ.
— Менің қалай тұрып жатқанымды білудің кімге керегі бар? — деді ол
— Бүгін таңертең әкем өзінің саған арнаған үш шумақ өлеңін оқып бер деп әмір берген еді. Соны оқып берсем, қайтеді?
— Қажеті жоқ, — деді Ауста. — Мен үшін түк те қызық емес.
— Менің ойымша, оқып бергенім артық бола қоймас, — деді де, Гвендур үш шумақ өлеңді түгел оқыды.
Ауста тыңдап шықты. Тыңдаған сайын жүзі жылып сала берді, өңі де жұмсара түсті. Енді болмаса еңіреп жылап жіберуге сәл-ақ қалды. Әлде ыза болып, бұлқан-талқан ашу шақырар ма екен? Бірақ ештеңе демеді. Ойында не болса да жүрегіне тас түйін етіп түйіп алды да, теріс бұрылып кетті.
— Жаңадан салып жатқан үйіміздің төбесін жауып үлгердік, — деді Гвендур. — Күзге қарай кіріп аламыз.
— Солай ма еді? — деді Ауста. — Ал менің оған қатысым қанша?
— Әкемнің осы үйге байланысты өз жоспарының болуы тіпті де ғажап емес, Егер сен қайтып баратын болсаң, үлкен бір бөлмені саған беретініне кәміл сенімдімін.
— Мен бе? — деп сұрақ қоя жауап қатты. Ауста басын кеудесінен тез көтеріп алды да, мақтанышпен былай деді: — Мен өзімді жан-тәнімен сүйетін талантты жас ақынмен некелесіп қойған адаммын!
— Дегенмен де сенің бізге келгенің дұрыс болар еді, — деді Гвендур.
— Сен сонда мені өзімді жан-тәнімен сүйетін адамды біржола ұмытып, тастап кете алады деп шынымен-ақ ойлайсың ба?
Пештің жанында манадан бері тұрған кемпір осы кезде сөзге араласпай қала алмады:
— Олай болса, сен менің бейшара балама неге аз да болса қайырымдылық жасамайсың? Сен үйде болған кезіңде сорлы балаға күн көрсеткенді қойдың ғой!..
— Өтірік айтасың! — деді ашу — ызаға булыққан Ауста, кемпірге жалт қарап. — Мен оны өте жақсы көремін, сүйемін. Бүл дүниеде одан артық сүйетін ешкімім жоқ. Басқа біреулердің көзінше сенің мұндай сөздер айтуға қандай құқығың бар? Мені оған қаталсың, күн көрсетпейсің дегенің қай сасқаның? Ұят қайда?! Мен оған шамадан тыс артық қамқорлық жасап жүрмін! Менің құрсағымдағы нәресте оныкі емес деп айтып көрші қане! Тіліңді кесіп алайын сенің! Ал егер Жазғы мекеннің иесі Бьяртур менен кешірім сұрау үшін жер бауырлап, еңбектеп келіп, аяғыма бас ұрса да оған ішім жылымайды. Оның маған жасаған зұлымдығында шек жоқ. Жарық дүниеге шыр етіп келген алғашқы минөтте-ақ душар болғанмын ол зұлымдыққа! Мен оның атын да естігім келмейді, үйін де көрмеуге ант етемін. Ондай ой миыма кіріп те шықпайды. Мен енді ол жаққа қарай бір қадам да жасамаймын! Көрмегенім Бьяртур мен Жазғы мекен болсын! Сен оған осыны айтып бар, Гвендур. Мен тірі жүргенде оны тіпті де көргім келмейді. Ал өле кетсем, менің мәйітімді жерлеуге келемін десе, оны өзі білсін.
АЛПЫС ТОҒЫЗЫНШЫ ТАРАУ
АДАМНЫҢ БОЙДАҚ КЕЗІНДЕ
Жаңа үйді салып болғанша діңкәлеп шаршайсың. Бір қызығы — езің армандаған құтты мекенге сүйсініп, оны рақаттана тамашалау орнына оған қашан кіріп алғанша асығасың. Бьяртурдың жаңадан салып алған үйі туралы әлі не айтуға болады? Ол туралы тым жеткілікті айтылды. Жоғарыда атап көрсеткеніміздей, Кореяда жер сілкініп, мұндағы қабырғаларда жарықтар пайда болғанына қарамай, үй салынып бітті. Терезе жақтаулары да, оған көз салатын әйнектер де, үйдің төбесін жабатын түніке темірлер де, түтін шығатын мұржаның құбырлары да, ас үйге қойылатын едәуір арзан бағаға түскен үш камфоралы газ плитасы да бірінен соң бірі тоқтаусыз келіп жатты. Ең соңында үйге кіріп-шығу үшін есік алдына орнатылатын бес аяқ басқыш сатысы бар едәуір биік қондырғы да жеткізілді. Енді ауыз үй салуға кірісті. Өйткені, әрине, әр үйдің ауыз үйі болуы тиіс. Жаңа ғимаратқа күзге қарай кіріп аламыз деп шешті. Ең үлкен бөлменің қабырғалары әшекейлеп ойылған жұқа тақтайлармен жабылды. Біреулер оны бояп қоюды, ал енді біреулер, қаладағы үйлерде жасалынатыны сияқты етіп, оған шетелдік газеттерде жарияланған суреттерді көптеп жапсырып, желімдеп тастауды ұсынды. Бірақ Бьяртур олардың айтқандарының біреуін де істегісі келмеді — үйдің ішін текке ыбырсыта беруді ұнатпады. Күз түсісімен-ақ шығыстан дауылды жел соқты, қар да жауып кетті. Үйдің ішінде жел гуледі. Оның күші сырттағы желден тіпті де кем емес дерлік. Неге бұлай болды екен? Сөйтсе есіктерге күні бұрын топса салуды, ілгек орнатуды, қалқа жасауды ұмытып кетіпті. Енді кеш — өйткені ағаш ұсталары Фьордқа кетіп қалған. Олардың алдағы қысқа шұғыл әзірлік жасауға байланысты жұмыстары бастарынан асады, яғни енді қолдары тимейді.
— Бірнеше тақтадан қалқа жасап көрші, — деді Бьяртур ағаш ұстасына.
Бұған ол: "Тастан салынған үйдің саңылауы бар есіктерінен келер пайда жоқ — суық жел барлық бөлмеге бәрібір өтіп кетеді" деп, көне қоймады. Оның есесіне, өзі кеткенше олардың табалдырықтарын тамаша етіп биіктетіп беруге келісті.
— Бірақ саған қояр бір шартым бар — деді ол, — ондай тамаша биік табалдырық үшін ең жоғары сапалы, ерекше қымбат бағалы ағаштан жасалған есіктер керек. Олардың топсалары да берік болуы тиіс.
— Темір ұстасына ілгек жасай салу түк те емес, — деді Бьяртур.
— Жоқ, — деді оған ағаш ұстасы. — Есікке ілгек жасауға болмайды. Ол қол сандық емес қой! Есікке ең тамаша топса қажет. Заман жақсарған кезде бәрі де берік топсамен бекітілетін болуы тиіс.
— Сайтан алсын машақаты көп мұндай үйді! Тозақ отына неге өртеніп кетпейді десеңші! — деп, дауыстап жіберді күйіп кеткен Бьяртур. Ол осы бір тастан қаланған құрылыс ақшаға тоймайтын құбыжық болғанына ызыланды.
Есік дегеніміз әлі ештеңе емес. Рас, үйдің төбесі жабылып бітті. Бірақ үйге үйдей мол нәрсенің өзі де жетпейді. Сол жабдықтардың бәрі бірдей болмаса, ол үйді үй деу қиын! Ал бүл шаруаның әлі тіпті кереуеті де жоқ. Ескі лашығында қабырғаға қоса қағып орнатылған сәкі-төсектер ғана болатын. Оларды мұнда алып келу мүмкін емес. Тіпті үстелдердің өзі де жөнді жонылып тегістелмеген бірнеше тақтайдан құрастырыла салған әрі терезенің табан ағашына мықты шегелермен берік бекітіліп тасталған еді. Оны уақыттың өзі жонып, тегістеген-ді-көпке дейін іске асып келді. Тақтайлары ескіріп, қарайып кеткен болатын. Оны үстел деуге де келмейтін. Жай ғана тақтайлар еді. Шкаф та жоқ. Ac үйдегі ескі сөрелер де қабырғаға қоса қағылған-ды. Сол қабырғамен қоса шіріп біткен. Ал орындықтар ше? Жазғы мекенде ешқашан жеке орындық немесе ұзынша отырғыш болып көрген емес. Ал терезе перделері немесе Құтқарушының, Хатльгрим Пьетурссоның немесе орыс патшасының бейнелері салынған портреттер сияқты сән-салтанатты заттар туралы соз етудің де қажеті жоқ еді. Фарфор күшіктер де жоқ болатын. Қысқасын айтқанда, күнделікті тұрмыста қолданылатын немесе нағыз тұрғын үйдің сән-салтанатын кіргізетін заттар Жазғы мекенде мүлде жоқ еді. Сөйтіп адам өркениеттің биік сатысына енді көтерілдім-ау, тәуір үй салып аламын-ау деген кезде оның алдында қыруар қиындықтар пайда болады. Жетпейтін нәрсе тек есік қана емес екен. Сонымен Бьяртур тағы бір қысты ескі жертөледе өткізбек болды. Оның үстіне, биыл суық та ерте түсетін сияқты. Сөйтіп есік орнатылатын тесіктерді тақтаймен жауып, шегелеп тастады. Төбенің басында бой көтеріп тұрған үй бүкіл дүниеге өзінің қас бетін қасқайта көрсетіп, әлдебір ғажайып заманның елесіндей көрініп, босқа қаңырап тұрды да қойды.
Енді үй шаруасымен айналысатын қызметші әйелдер туралы азын-аулақ сөз етуіміз ғана қалды. Ондай әйел табу өте қиын еді. Олар күйеуі бар үй иесі әйелден мүлде өзгеше: күйеуі бар әйелдер келісе кетуге міндетті мәселеге келгенде олар қисық мінезді, қыңыр келеді. Ұдайы әлдебір нәрселерді талап етумен болады. Ал күйеуі бар әйелдер тіпті ешнәрсе алмаған күннің өзінде де алғысын айтады. Үй шаруасымен айналысатын қызметші әйелдерге қашан да бір нәрсе жетіспейді әйтеуір, ал күйеуі бар әйелдер қанағатшыл келеді. Қызметші әйелдер өз міндетінен тыс кейбір жұмыс түрлерін атқарудан күңк-күңк ұрса жүріп, бас тартса, бүл әжептәуір әңгіме болады. Ал күйеуіне бақырып-шақырып, күн бермейтін әйелдің қылығына ешкім де мән бермейді. Қайта ол күйеуі бар әйелдің өзіне жаман. Көңіл-күйі бұзылып, өзін-өзі жаман сезінетіні туралы айтып жатудың өзі артық. Ал қызметші әйел өзіне бір нәрсе ұнамай қалса, үй иесіне маза бермейді, оның құлағының құрт етін жейді. Мұндайда ондай әйелдің үнін өшіру үшін оған үйленіп алғанның өзі артық сияқты көрінеді. "Бір қызметші әйел болғанынан өзіңнің заңды некеде тұратын үш әйелдің болғаны жақсы" дейтін кей-кейде Бьяртур. Бірақ бүл сөзінің үдесінен шыға алмайтын болған соң әйтеуір бір қызметші әйел ұстауды дұрыс көрді. Ол енді қызметші әйел қаншалықты ұрысқақ, бейауыз біреу болса да шыдап бақты. Бір-біріне жаман сөздерді қардай боратып, балағат сөздер айтысып жүре беретін де болды.
Алғашқы үш жылда ол бірінен соң бірі үш қызметші әйел ұстады. Жыл сайын ауысып тұрды. Біріншісі жас еді, екіншісі орта жастағы әйел, ал үшіншісі кемпір болатын. Жас әйелмен тіл табысу қиын еді. Орта жастағы әйелмен түсінісу одан әлдеқайда қиын тиді. Ал кемпірмен жұмыс істеу бәрінен де ауыр азапқа айналды. Ақырында Бьяртур жас мөлшері белгісіздеу бір қызметші әйелді тапты. Онымен тіл табысу онша қиын болмады. Оның аты Брунгильда екен. Бірақ, неге екенін қайдам, оны жұрттың бәрі Брунья деп атап кетіпті. Бруньяның жұмыс істегеніне екі жыл болып қалды. Өзгелермен салыстырғанда мұның бір артықшылығы — үй иелерімен түсінісіп, шын ықыласпен жұмыс істейтіндігінде. Бүл бұрынғы жас қызметші әйел сияқты дәмді тағамның жылы-жұмсағын жұрттан жасырып батырақ жігіттердің аузына тоспайды, түні бойы олармен көңіл көтеріп, күліп-ойнамайды. Бьяртурды батырақ жігіттердің ертеңіне денелерін ауырсынып, жұмысқа қолдары бармай, зауықсыз жүруінен құтқарды. Бүл сондай-ақ бұған дейінгі орта жастағы қызметші әйел сияқты ұстамалы қояншық ауруы бар адамдай-ақ аузынан ақ көбігі ағып, өзінің тағдыры осылай қалыптасқаны үшін Құдайды да, адамдарды да айыптамайды, балағаттап тілдемейді. Бүл бұрынғы қызметші кемпір сияқты Бьяртурдың арына тиіп, қорламайды. Жазғы мекеннің тамшы ағып тұратын төбесін пастордың тамаша үйінің бүтін төбесімен салыстырмайды, "Онда тұрғанда буын-буынымның сарып ауруы қинайды-ау деп қауіптенбеуші едім, өзімді Христостың қамқор қолтығындағыдай сезінуші едім" дегенді айта бермейді. Жоқ, жаңа қызметші әйел Бьяртурды құрмет тұтады, өз қожайыны туралы ешқашан артық сөз, өсек-өтірік айтуды білмейді. Бірақ бүл да жалпы әйел жыныстыларға тән ұсақ-түйек күдіктенушіліктен құралақан емес. Барлық әйелдер сияқты Брунья да: "Құдай мені әуел бастан-ақ жарылқап жарытпады. Жұрт қатарлы менің де одан біраз нәрсені талап ететін құқығым бар емес пе?" деп санайтын. Оның үстіне, бүл өзін ешкім түсінбейтіндей көретін. Өзгелер мұны ұрлық жасайды деп ойлайды-ау деп, өзінен-өзі ұдайы күдіктенетін де жүретін. Жұрт маған әділетті қарамайды деп білетін. Сондықтан да әрқашан мейлінше сақ жүретін, шабуылға алдымен өзі шығуға әзір болатын.
Бьяртур таңертең кофе ысытып бере қоюды сұраған кезде Брунья:
— Түнгі кофенің тұнбасы бұзауларға жақсы жем болып кеткен, — деп жауап қатты.
Ал Бьяртур түнде жеген балықтың таңертеңге қалдырған құйрығын сыпайы түрде сұраған кезде ол:
— Енді түсінікті болды. Шамасы, оны мен ұрлап алған шығар деп отырған шығарсың? — деді ол.
Ал егер Бьяртур таңертеңгі сиырларды ертерек сауып алу керек деп ескерту жасай қалса, ол:
— Немене, осы жұрт мені әлдебір тәкаппар бәйбіше сияқты маңғазданып төсекте керіліп жатыр деп ойлай ма екен?! — дейтін
Брунья ешқашан күйеуге тиіп көрмеген әйел еді. Жұрттың алыпқашпа әңгімесіне қарағанда, бұның қыз кезінде әлдебір еркекпен әмпей — жәмпей қарым-қатынасы болған көрінеді. Бірақ оның әйелі, бала-шағасы бар болып шығыпты. Ал бүл сонда да оны осы уақытқа дейін ұмыта алмайтын көрінеді. Қыз байғұс содан бері бүкіл өмір бойы жұмыс істеп, жинап-терген ақшасын банкке сала беріпті. Жұрт мұны бай қалыңдық деп атап кетіпті. Мұның әлі бас білдіріп мінілмеген сары биесі бар екенін, ал оны мұның жанындай жақсы көретінін білетін. Осы округтағы басқа да еңбек адамдарынан тағы бір артықшылығы болатын — мұның бүктелетін, жазылатын және бір орнынан екінші орынға оп-оңай жылжытылатын кереуеті, бір созбен айтқанда керемет қолайлы жиһазы бар еді. Оның үстіне, жұмсақ матрац-төсеніші де бар болатын. Оны жыл сайын жаздың алғашқы күні далаға жайып, иіс-қоңысын кетіріп алатын. Сондай-ақ матрац-төсенішінің үстіне төселетін екі пар ақ жаймасы мен жұмсақ құс жүні салынған жұқа жамылғысы бар еді. Ал тамаша құс жастығынан "Қайырлы түн!" деген жазуды оқуға болатын. Жалпы алғанда, бүл өте сенімді, алып денелі және ер азаматқа тән күш-жігері бар әйел еді. Ол өзін мысық сияқты соншалықты таза ұстауға бейім болғанына және өз айтқанының әрқашан дұрыс екендігін дәлелдеп, не нәрсені болса да талап ете алатындығына қарамай, ешқандай жұмыстан жеркеніп, бас тартпайтын — қандай көң-қоқысты болса да күндіз демей, түн демей таси беретін. Қолдары қашан болса да сойылған қойдың суыққа үсіген қызыл-көк ұшасындай домбығып кеткендей көрінетін де жүретін. Кеудеше көйлегі әрқашан тырсиып, тартылып тұратын. Белді қысып тұратын белбеу тақпайтын. Сондықтан да әрқашан өте толық денелі, бейне бір күшті жұмыс аты сияқты еді. Жел қаққан беттерінде бір түрлі сүйкімді қызыл шырайлы өң байқалатын, ал егер денесін суық алып, жаурай бастаса, бірте-бірте аздап көгілдір түске енетін. Көздері тұнық, айқын да ашық болатын. Екі езуінде еңбексүйгіш жан екенін байқататын елеулі сызықтар бар еді. Бруньяның ой-пікірі мен сезімі осы заманға тән сыншылдықтан мүлде ада сияқтанатын. Ол әдетте әлдебіреудің жала жабуымен сотқа тартылып тұрған адамдай барынша батыл әрі салқынқандылықпен сөйлейтін, ал жан дүниесінде өзін әрқашан соншалықты жәбір көріп, қорланған жан сияқты сезінетін.
Аязды күндердің аяғы кенет жаңбыр мен жылымыққа ұласты. Жаздыгүні жаңа ғимаратқа кіріп аламыз деумен жүргенде жер үй жөндеусіз қалған еді. Бөлменің төбесінен сорғалап тамшы ақты. Шамасы келгенше шыдап баққан Бьяртур ақырында төменгі бөлмеге түсуге мәжбүр болды. Ал Халбера кемпір қасарысқан бойы төменге түспей қойды. Өйткені ол қандай да болсын өзгеріс атаулыны ұнатпайтын. Қашан ауа райы қалпына келіп, күннің көзі ашылғанша қапшық жамылған бойы қимылдамастан жатып алды. Бір күні кешке қарай Бьяртур төменгі бөлмеде отыр еді. Қызметші әйел оған ботқа пісіріп әкелді. Үй иесі кешкі асын ішіп болғанша ол тікесінен тік тұрып, одан көзін алмай, қайта-қайта қарай берді. Бьяртур ботқа салынған тостағанды тізесіне қойып отырған. Ол тамағын жеп бола берген кезде Брунья әдеттегісінше оған арқасын бере тез теріс айналды да, бейне бір қабырғаға үн қатқандай болып әлдебір нәрсе деп күңк ете қалды.
— Үлкен сәулетті үй салғаныңды қайтейін?! Өзі ескі, өзі тар үйшікте жүреңнен отырысың мынау. Төбеңнен сорғалап тұрған тамшы анау! Осының бәрі менің кінәмнан болса, қаншама күшті айқай-шу туар еді, — деді ол
— Меніңше, төбеден тамған тамшының анау айтқан зияны жоқ — бұл деген тап-таза су ғой. Егер есіктер әзір болмаса, қолдан келер қайран жоқ. Жалпы мұндайда не істей қоярсың!?
— Егер маған күнілгері бұрын ескертіп, өтініш жасағанда мен өзіме тиісті аядай бөлмеме арналған есікке әлдеқашан ақша төлеп қойған болар едім.
— Иә, мен сенің айтып тұрғаныңды түсінемін. Бірақ үй менікі болған соң оның есіктерінің бәрі де менің есебімнен жасалуы тиіс қой, — деді Бьяртур. — Оның үстіне, жетпей тұрғаны тек есіктер ғана емес, мен әлі үлкен үйге лайық жиһаздар сатып алуға да кіріскен жоқпын. Енді, міне, қыс та келіп қалды.
— Осы уақытқа дейін жиһазсыз да жаман тұрып келген жоқпыз ғой, — деп жауап қатты Брунья. — Ал егер қажет болса, мен өз ақшама-ақ екі орындық сатып алған болар едім. Ал кереуетті біреуден уақытша ала түру да қиын емес. Немесе осы үйде өзіммен бір кереуетте жата кетуге келісетін тірі жан табылса, оған да келісуден қашпас едім.
— І-ім, — деді Бьяртур. Сөйтті де қызметші әйелге ойлана қарап қалды.
Мұндай тұлғасы келісті, істі жапырып жіберетін епті, ақыл-есі бүтін, даңғой мінезі мен мансапқорлығы жоқ, қыңырлық қылық танытпайтын әмбебап әйелге үйленіп алудан қандай еркек бас тартушы еді? Осылай деп ойлаған Бьяртурдың оған үйленіп алғысы да келді немесе, оның өзі едәуір ерсі әрі қолайсыз түрде ұсыныс жасап тұрғанындай, төсек қызығын бірге бөлісіп жүре берсе, қайтеді? Мұның мызғымас берік жартас сияқты мықты, көптеген ауыр жылдар жігерін мұқалта алмаған бүл әйелге ренжіп көрген емес, оған айқайлап сөйлеудің де реті болған емес — ешқандай кемшілігі жоқ еді. Бьяртур өзінен-өзі мынадай ойға келді: осы менің бүл әйелдің еңбегіне ақы төлеп жүргенім әрі тиімсіз, әрі ақымақтық нәрсе екен-ау. Одан да оның осы округтағы тамаша кереуеттің бірі болып табылатын төсегіне кіріп алғаным артық емес пе? Бүл өзі ондай кереуетке күні бүгінге дейін жатып көрген емес қой! Оның үстіне, Бруньяның банкіде ақшасы бар.
— Сен бері қарашы, қымбатты Брунья, — деді Бьяртур. — Егер мен осы күзде жаңа үйге көшіп кіре алмаған болсам, бүл жерде оған ақшаның ешқандай да қатысы жоқ. Менің есікті де, кереуетті де, орындықтарды да жеткілікті етіп сатып алуға шамам келеді.
Тіпті, қажет болса, Құдайдың өзінің және орыс патшасының бейнелері салынған, қабырғаға іліп қоятын суреттерін де сатып ала аламын.
— Мен неге екенін сұрамай-ақ қояйын, — деді қызметші әйел теріс қарап тұрып қабырғаға сөйлегендей болып. — Кейбір еркектер өзін түсінбейтін, тіпті түсінгісі де келмейтін біреулерге өлең арнап әуре болады. Бірақ олардан бір ауыз жылы лебіз ести алмайтыны қызық. Ал басқа бір әйелдердің маңдайына олардың бүл өмірден алатын сыбағасы сол ғана сияқты төбеден сорғалаған тамшылар ғана жазылады.
— Төбеден аққан тамшының ешкімге де зияны жоқ, — деп қайталады Бьяртур өз ойын. — Құдай адамның ішкі жан дүниесіндегі жүйкені жұқартар тамшыдан сақтасын — дүниеде сол жаман!
Адамның бойдақ кезінде кейде оның қызметші әйелдің үнсіз келісімін алу үшін неше түрлі тұспалдап соз айтуына тура келеді екен.
ЖЕТПІСІНШІ ТАРАУ
ПАЙЫЗДАР ПРОБЛЕМАСЫ
Жазғы мекен иесі Бьяртур жаңа үйді бекер салды деп қалыптасқан пікірге таң қалудың қандай реті бар?
Ал сіз Тау королінің жағдайын сұрап көрдіңіз бе? Мүмкін оның жолы болған шығар? Жоқ, тіпті де олай емес. Шынын айтқанда, Бьяртур Тау королімен салыстырғанда әлдеқайда бақытты болып шықты.
Өйткені Бьяртурдың салған үйі кассадан алған несиесінің, оның өсім пайызын өтеуге кетіп жатқан қойлардың арқасында қалқайып тұр. Рас, қаңырап бос тұр. Іші жиһаз, жабдықтан жұрдай, есік-терезе орнатылмаған. Ал Тау королі үйінің іргетастары опырылып, құлап түсті. Ол үй барынша мұқият әрлендірілген, жақсы жиһаздармен толық жабдықталған еді, Редсмиридегі үйден тіпті де кем емес-ті. Ондай үйде кез келген өркениетті жандардың ұялмай тұруына әбден болатын Бірақ Тау королінің ол үйді тастап шығуына тура келді. Сөйтсе бай шаруаның да тіпті ел аман, жұрт тыныш жақсы заманның өзінде адамдарға лайықты тұруы үшін қаржысы жетіспейтін кездері болады екен. Бұл өзі бұрын да осылай болған, бұдан былай да осылай бола береді. Қатардағы қарапайым адамдардың шағын лашықтарда тұруға ғана шамасы келеді және олар Орталық Африкадағы зәңгілерден артық тұра алмайды.
Соның өзі де көпестер оның өмірінің өшіп бара жатқан шоғын аман алып қалуға көмектескен жағдайда мүмкін болмақ. Исландияның халқы мың жыл бойы осылай өмір сүріп келе жатыр. Өз басыннан өзің жоғары секіре алмайсың. Бұрынғы кезде көпестен көтере қарыз алу әдеттегі үйреншікті іс болатын. Ал егер қарызың тым көбейіп бара жатса, несие алу құқығынан айырылатынсың. Адамдар аштан өліп жатса да ешкім ешқандай шу шығармайтын. Қайта мұның өзі бейшаралар қиындықтан тез құтылған, сәті түскен іс болды деп саналатын. Қалай дегенде де оның өзі, қазір жиі-жиі кездесетініндей, банкінің шырмауына түсуден жақсы еді. Ол кезде шаруалар ешкімге тәуелсіз, өз еркі өзіндегі дербес жандар болатын. Олар аштан өліп жатса да бас бостандықтары бар адамдар деп есептелетін. Алайда олардың қатесі мынау еді: банктердің айқара ашқан қайырымды құшағы қауіп-қатерсіз әрі тып-тыныш болатын шығар деп ойлады. Ал, шын мәніне келгенде, ол банк қарызы бастарынан асып жататын — кемінде бір миллионнан бес миллион кронаға дейін қарызы бар адамдар үшін ғана қауіпсіз болатын. Бьяртур жұмысшыларға ақша төлеу үшін өзінің ең жақсы сүтті сиырын сатқан, қарызын өтеу үшін мың крона ақшаны кассаға құйған, ал несиенің өсім пайызынан құтылу үшін қой сатып, алты жүз крона төлеген кезде Тау королі өзінің хуторын оның өзі кепілге қойылған сомаға зорға дегенде сатып жіберіп, қалаға көшіп кетті. Ол тіпті осылай оп-оңай құтылғанына қуанды. Халық банкі Ингольв Арнарсонның қолына өтіп, үкіметтің Англиядан алған орасан зор мөлшердегі қарызының арқасында мемлекеттік банкке айналды. Тек миллиондаған крона мөлшеріндегі сомалар туралы сөз болмаса, қарыздарды төлеудің мерзімін ұзарту немесе қарыздарға кешірім жасау жөнінде сөз болуы да мүмкін емес еді.
Ал ауыл шаруашылық өнімдерінің бағасы тез әрі тым төмендеп кетті. Иә, Жазғы мекен иесі Бьяртурдың үйі салынғанына бір жыл толған күзде баға осылай кенеттен арзандап шыға келді. Дүниежүзілік соғыс сауда-саттық пен өнеркәсіпке берекелі игі ықпалын тигізуден қалды. Енді шетелдіктер бірін-бірі қырып-жоюды қоя салып, қой асыраумен өздері де айналыса бастады. Өкінішке орай, Исландиядан жеткізілетін ет енді дүниежүзілік рынокта ешкімге керек болмай қалды. Исландиядағы қойдың жүніне де ешкім көңіл аудара қойған жоқ. Шетелдердегі қойлардың өз жүні де жеткілікті еді. Бьяртур жүз-жүздеген исландиялық бейшара қойлардың өсім пайыздары жөніндегі қарыздар мен алынған несиелерді өтеу жолында жойылып кетіп бара жатқанын бақылаумен жүрді. Бірақ ол мұндай "қан алдыру" шараларына бұрынғысынша, сонау ашаршылық жылдарындағыдай табанды төзімділікпен шыдап бақты. Ол ешкімге шағым жасаған жоқ Оның қарыздарынан қаланған түрменің қабырғалары барған сайын қалыңдай түсті, ал өндіретін өнімдерінің бағасы ұдайы төмендей берді. Бірақ Бьяртур басын тауға да, тасқа да соғып, барлық қиыншылыққа ақырына дейін қарсы тұруға бекем бел буды. Оның бостандық жолындағы таусылмас күресінің жаңа кезеңі — "қалыпты" экономика жағдайындағы күрес кезеңі туды. Соғыстың табиғаттан тыс бақыты аяқталған кездегі жағдайлардың қайталанбауы мүмкін емес сияқты көрінді. Алайда кедей шаруаны, шамасына қаратпай, жақсы үйлерде тұруға құлшындыра түскен, ақылға қона бермейтін, тәтті қиялға толы шектен тыс оптимизмнің ендігі жерде ізі де қалған жоқ.
Абыр-сабыр, айқай-шу аяқталған кезде Бьяртур сонау ауыр жылдардың өзінде айналып өтіп, талай рет аман кетіп жүрген тартпалы ми батпаққа енді тап болды. Ол ашаршылық жылдары өзінің ешкімге тәуелсіз бостандығын сақтап қала білген еді, енді міне жақсы жылдардың өзінде өсім пайызының тұтқынындағы құлға айналды. Сайып келгенде, ауыр деген жылдардың өзінде балалары бірінен кейін бірі өліп, өздері шымтезекпен жабылған жертөле үйде тұрды, әрі ашаршылықтан көз ашпады демесең, ешкімге қарыздар болып көрген жоқ болатын. Ол кезде жалпы өмір сүру қазіргі несие бергіш ұшқалақ тойымсыз мекемелері бар, жанталаса жаппай құрылыс салу етек алған берекелі замандағыдан әлдеқайда жеңіл еді.
Ингольв Арнарсон Исландия мемлекетінен — яғни Лондон банктерінің бірінен — алынған бірнеше миллион крона мөлшеріндегі акционерлік капиталдың көмегімен халық банкін мемлекеттік банк етіп қайта құрғаннан кейін Фьордқа тұтынушылар қоғамының төрағасы ретінде келді. "Бастан-аяқ былыққан, шешуін табу мүмкін емес шым-шытырық шиеленісіп жатқан, астан-кестеңі шыққан дүние! деп ашу-ызамен сөз сөйледі ол Істің жайымен көбірек танысқан сайын оның ызасы күшейіп, қаһарлана түсті. Қарыз мөлшері шектен тыс көбейіп кетіпті. — Бұл не қылған бассыздық! Шұғыл түрде мейлінше қатаң шаралар қабылдау керек!". Алған қарыздары өзінің мүлкінің құнынан асып кеткендер бірден банкрот деп жарияланды — өйткені олар қарыздарын өтей алмайды деп табылды. Ал олар осылай оңай құтылып кете алатыны үшін құдайларына мың мәртебе шүкіршілік етуі тиіс. Әлі де болса әйтеуір бір нәрсесін өндіріп алуға болатындарды берешек қарызының тұзағында ұстап, барған сайын қылғындыра түсті. Өйткені бұлардан өсім пайызымен қоса қанын да сора айыз қандыруға болатын еді, Ал мұндай жағдайға душар болу банкротқа ұшырап, бар мал-мүлкінен айырылып, екі қолын төбесіне қойып, қаңғып кеткеннен де жаман сияқты. Тұтынушылар қоғамындағы билеп-төстеушілер ондай қарызы барларды өлмес тамақ беріп, өз қамқорлығына алды — себебі олар тиісті өсім пайызын өтеп кетуі керек. Оларға өмір сүру үшін аса қажет азық-түлікті шым-шымдап беріп отырды. Сонда олар өсім пайызын төлеп құтылу үшін қайыршылық жағдайда жарып тамақ та іше алмай, әйтеуір өмір сүре береді. Кейде оларға ең қажетті деген азық-түліктің аз ғана мөлшерінің өзін беру үшін басқа бір бай шаруаның кепілдігін әкелу талап етілетін болды. Кофе мен қант көзден бұлбұл ұшты. Олар байлардың ғана ішіп-жеуіне арналған сияқты. Бидай мысықтың тұмсығы көтере алатындай аз мөлшерде босатылды, ал кейбіреулерге тіпті ештеңе тимеді, құр алақан қала берді. Ұсақ-түйек тауарлар мүлде сатылмайтын болды. киім-кешек сатуға, әсіресе оған өте мұқтаж адамдарға сатуға қатаң тыйым салынды. Алайда темекі өнімдерін сатуға келгенде үкімет ерекше жомарттық танытты: шаруаларға темекіні мемлекет есебінен тегін тарату жөнінде заң қабылданды — өйткені қойды қотыр мен ішек құрт ауруларынан аман сақтау үшін алдын ала шаралар қабылдау қажет еді. Әрине, бұл ғажайып шипалы дәріні ауызға салып, езіп шайнап, сөлін жұту арқылы да, сырттай қолдану арқылы да пайдалана беруге болады. Темекінің бұлай тегін таратылуы жұртшылық тарапынан қатты ризашылықпен қолдау тапты. Оны "халық қазынасы" немесе "ішек құрттың шипалы емі" деп атап кетті. Темекіні старостаның өзі де шегетін болды: қазіргідей қиын-қыстау ауыр кезеңде үнем жасау үшін не жасасаң да жараса береді-міс!
— Меніңше, бұл тым артық талап! — деді Бьяртур, өзіне берілетін азық-түлік мөлшерін білгеннен кейін Бұл оған жаңа үй салғаннан кейін қыстың екінші жартысында өлмес тамақ болсын деп белгіленген азық-түлік үлесі болатын. — Менің өз еркім өзіндегі тәуелсіз жан ретінде дүкеннен не сатып алуым керек екенін шынымен-ақ өзім шеше алмайтын болғаным ба? Егер мен өзіме қажетті нәрсені бұл дүкеннен таба алмасам, басқа бір жақтан-ақ сатып аламын ғой.
— Ол — сенің өз еркіңдегі жұмысың! — деп жауап қатты дүкендегі сатушылар. — Онда біз сенің мал-мүлкіңді сатуыңа заң арқылы тыйым саламыз.
— Сонда менің кім болғаным — бұралқы итпін бе әлде құлақ кесті құлмын ба? — деп сұрады Бьяртур.
— Кім екеніңде жұмысымыз жоқ, — деп жауап қайтарды олар. — Біз заң бойынша әрекет ететін боламыз.
Бьяртур жарты қап қара бидай ұнын, сонша сұлы ұнын, тұтынушылар қоғамының қоймаларында қоқсып жатқан балық қалдықтарының едәуір мол бөлігін, "халық қазынасы" темекісінің үлкен бір бумасын алды. Бьяртур өз еркі өзіндегі ешкімге тәуелсіз адам болғалы бері оның қонақ келіп қалғанда бәліш пісіру үшін керек болатын қос уыс ақ ұн сатып алуына бірінші рет рұқсат етілмеді. Кофе мен қант туралы сөз болуы да мүмкін емес еді — оларды қолма-қол нақты ақшаға ғана сатып алуға болады. Бұрын Бьяртур кедей шаруаны кемсітіп, қыспаққа алғысы келетіндердің жанына бататын қатты сөздерді таңдап айтуға көп ойланып жатпайтын. Бірақ тап қазір кімді балағаттауға болады? Заңды балағаттай ма?
Дегенмен де күздігүні ол, ешнәрсенің де, ешкімнің де кедергісіне қарамай, жаңа үйге кіріп алды. Рас, бұл үйге әлі де көп нәрсе жетіспейтін. Екінші қабаттағы ең үлкен бөлме мен ас үйді ғана едәуір тәртіпке келтірген болды. Үш есік — бір сыртқы, екі ішкі есік — орнатылды. Бәрінің де қымбат бағалы тәуір топсасы және тұтқасы бар. Бьяртур Фьордқа барып, өзіне және Гвендурға арнап, бір ұсталған көне кереует сатып алды. Енесіне ескі тақтайдан құрастырып кереует жасап берді. Сондай-ақ ол өз қолымен тақтайдан үстелге ұқсас бір зат пен ұзынша орындық та жасады. Оның ағаш ұстасы ретінде қолының тәп-тәуір ебі бар екеніне бұған дейін де ешкім күмән келтірмейтін. Міне енді жаңа үйге жайғасты. Бәрі бір бөлмеде. Қырсыққанда және бір кемшілік табыла кетті — пеш дұрыс салынбапты, түтін тартпайды. Үйдің ішін түтін мен ыс қаптайды да кетеді. Әртүрлі білгір шеберлер шақырылды. Олар өзара кеңесе келе адам таң қаларлық саналуан теориялар туралы сөз қозғады. Бәрінің айтатыны бір-ақ нәрсе — пештің мұржасы дұрыс емес: біреулері оны әлі де биіктете түсу керек деп санаса, екінші біреулері, оларға керісінше, мұржаны қысқарту қажет деп соқты, және біреулер мұржаның түтін шығатын қуысы тым кең десе, бұларға қарсы болғандар да табылды — мұржаның қуысы тар, түтін сондықтан шықпайды деп дәлелдеп бақты. Ал тағы біреулер газеттерде жазылған ғылыми теорияларға сілтеме жасады: егер пештің мұржасы теңіздің суы көтеріліп, жағаға соғып жатқан кезде қаланатын болса, онда түтіннің тауқыметін тартудан құтыла алмайтын көрінесің. Мұржаның мына түріне қарағанда, ол тап сондай сәтсіз кезде қаланса керек. Осындай әртүрлі пәлсапалық айтыс-тартыс қызған сайын бөлменің іші көз аштырмай ашытатын будақ-будақ көк түтінге бұрынғысынан да көбірек тола түсті. Ақыр аяғында мынадай тиянақты берік болжам жасалды: пештің мұржасын жөндеу үшін үйге тым қымбатқа түсетін жөндеу жұмыстарын жүргізу керек. Бірақ ондай көп шығынға барудың тіпті де мән-мағынасы жоқ. Оның үстіне, пешке жағатын отынның өзіне де құлақ естіп, көз көрмеген мол қаржы жұмсалатын түрі бар екен.
Сонымен Бьяртур тамақ пісіріп ішу үшін біреудің тозығы жеткен ескі примусын сатып алды. Ал үш жерінде қақпақты қазандық ойығы бар темір пеш ас үйде сәнге қойылған әшекейлі зат ретінде бостан-бос тұра берді.
ЖЕТПІС БІРІНШІ ТАРАУ
КҮЗДІГҮНГІ АЛЫПТАР
Үй қызметшісі Бруньяның әр күз сайын өзінің биесін мініп, қалаға баратын, онда оны — мұны қажетті заттар сатып алатын әдеті бар болатын. Бір апта бойы жоқ болып кететін. Өйткені өзінің тиісті демалысын алатын еді. Жұрт сияқты оның да таныстары бар болатын. Әдетте бетіне қан жүгіріп, қызара түсетін, тұлғасы келісті ол өзінің сары биесін желдірте түсіп, үйге көңілді оралатын. Ердің үстіне асыра салынған бірнеше түйіншек заттары болатын. Олары: кәдімгі ұсақ-түйек тауарлар, шыт кездеме, ине-жіп, салтанатты сәттерде тіске талғажау ететін, құрметті адамдарына сыйлайтын азын-аулақ печенье, кофе, қант сияқты азық-түлік түрлері. Бұл жолы Брунья сары биеге салт мінбей, оны жетегіне алып, жаяу келді. Өйткені ердің үстіне үйіп-төгіп артқан заттары тым көп екен. Үй қызметшісі бұрынғы қай кездегісінен де көңілді оралды. Бьяртурды шақырып, аттың үстіндегі жүктерді түсіріп, үйге кіргізуге көмектесуді өтінді.
— Осынша көп затты сатып ала беруіңе жол болсын? — деп сұрады Бьяртур.
— Ой, ұсақ-түйек қажетті нәрселер ғой! Не заттар екенін айтып жатудың қажеті жоқ, — деп жауап қайтарды Брунья.
Бруньяның мұның бәрі қандай заттар екенін бірден айтқысы келген жоқ. Ол едәуір маңғаздануды қалады. Өзін аздап болса да бақытты әрі мақтанышты сезінді. Бәлкім, ол иен даламен жаяулатып келе жатқанда шын ниетімен үміт арта қуанған да болар? Өйткені Бьяртур мына үйіп-төгіп алып келе жатқан заттарымның не екенін егжей-тегжейлі қызыға сұрастыратын шығар деп ойлаған еді. Бірақ Бьяртур ешқандай да қызығушылық нышанын танытпады — оның не сатып ала бергенін сұрастырған жоқ. Ал Брунья оның түрлі сұрақтар беріп, біреудің мазасын алуды ұнатпайтын әдеті бар деп ойлады да қойды. Ол мұның сатып әкелген заттарын ауыз үйге жиыстырып қойды да, сары биені шалшықты балшық жаққа жұдырығымен бір итеріп, босатып жіберді. Күзгі кештің қараңғылығы қоюлана түсті.
Бьяртур аулада өзіне бір жұмыс тауып алды да, үйге жұрт ұйқыға жатар алдында ғана кірді. Оның үстіне, үйге ертерек кірсем, қызметші әйел маған печенье ұсынып бәле болар деп ойлаған еді. Өйткені Брунья әр демалысында қалада болып қайтқаннан кейін бұған печенье сыйлап, дәм татқызатын. Бірақ Бьяртурдың тап бұл жолы печенье жеуге бұрынғы қай кездегіден болса да зауқы жоқ еді. Мұның аяғы әлдебір айтыс-тартыс әңгімеге ұласып кетер деп қауіптенген де болатын. Бірақ үйге кірген бойда өзін-өзі тоқтата алмай, балық майымен жанатын шамды жағып, Бруньяның сатып алып келген заттарын қарай бастады. Олардың арасында жарты қап ақ ұн, қағаз қапшыққа салынған жарма, шақпақ көк қанттың үлкен бір бөлігі, кофе, мейіз сияқты басқа да бакалея тауарларының иісі аңқып тұрған жәшік бар еді. Бұл тауарлардың қай-қайсысын да қарызға белшесінен батқан өз еріктері өзіндегі, тәуелсіз дербес адамдардың қазіргі бостандығы бар елде сатып алуына тыйым салынған болатын. Бьяртур жәшіктің аузы жабылған қақпақ тақтайшаның біреуін жұлып алып, ішіне қарап еді, өз көзіне өзі сенбеді... Мынау не болды екен? Сөйтсе шайнап-шайнап, сөлін соратын хош иісті темекі жапырағы екен!? "Халық қазынасы" аталып кеткен темекіден басқа бір ай бойы ештеңе татып көрмеген адамның ашу-ызасы келді. Енді бұл жәшіктің ішінде тағы не бар екенін білгісі де келген жоқ! Бьяртур шамды тез өшірді де бөлмеге кірді.
Кемпір байғұс ұйқыға кетіпті. Гвендур да жатып қалған екен, енді іргеге қарай бір аунап түсіп, теріс айналды. Брунья өз кереуетінде бір өзі отыр еді. Үстінде мерекеде киетін сәнді көйлегі бар. Әлдебір түйіншектің аузын шешіп, ондағы әртүрлі заттарды өзі ғана қызыға қарап отыр. Бірақ бір нәрседен көңілі қалып, түңілгендей кейіппен оларды кейін ысырып қояды. Ол Бьяртурға бұрылып қараған жоқ. Осыдан бір минөт қана бұрын бір түрлі мақтанышпен маңғаздана түсіп, көңілді отыр еді, енді ұнжырғасы түсіп кеткендей түнере қалды — манадан күтіп отырған қуанышы су сепкендей басылды.
— Шамның майын сонша шығындаудың не керегі бар осы?! — деді де, Бьяртур оның білігін жарықты екі рет кем беретіндей етіп бұрап қойды.
Брунья, өзінің үйреншікті әдетіне қарамай, еш нәрсе деп үн қатпады. Тек біраз уақыт өткенде барып, оның ақырын ғана өксіп-өксіп жылағаны естіліп жатты. Бьяртур бәтіңкесінің бауын ағыта бастады. Брунья печенье сыйлаймын дегенше тез шешініп, мамық көрпені басынан асыра жамылған бойда үн-түнсіз жатып үлгерермін деп ойлады. Ол Брунья жаққа көз салудан қашқақтады. Бірақ оның мына қылығы туралы сан түрлі ойға кетті. "Мынау өзі есінен адасқаннан сау ма?" деп ойлады. Қашан көрсең де ақыл-есі бүтін әйел сияқты емес пе еді?! Қарап тұрсаң, желігі басылмаған жас әйел емес. Бірақ сөйте тұра оған осынша ысырапшылдық пен жеңілтектікке барудың не қажеті бар еді? Өмір бойы тірнектеп жиған-терген қаржысын орынсыз шашып-төгіп жұмсаудан барынша тартынып, сараң мінез танытып келген, жеке басының мұқтажына жылына бір рет бір фунт печенье сатып алудан өзге артық шығын жасай қоймайтын әйелдің мұнысын қалай түсінуге болады? Енді, міне, Бьяртурдың үйіне, ескі үйіне де емес, жаңа үйіне неше түрлі тауар түрлерін үйіп-төгіп, артынып-тартынып алып келгеніне сүйсіне қуанып, мәз-мейрам болу орнына түсініксіз таң қалған сезімде қалғаны үшін көңілі қабыржып, бір түрлі бұртиып отыр. Әрине, ол өз ісіне шын берілген, мейлінше адал әйел, тіпті де мақтаншақ бөспе емес. Оны ешқандай жамандыққа қимайсың, оған бір ауыз артық сөз айтудың өзі де ретсіз. Тек өткен жылы оның өзіне қатысы жоқ іске бір рет орынсыз киліккені ғана бар. Өзі дене бітімі келісті, тұлғасы жарасымды, бойында күш-жігері жеткілікті, қызыл шырайлы жүзі де сүйкімді, тәні де көз тартарлық әйел Егер көзіне сәнді қара көзілдірік кигізе қойсаңыз, Редсмириде осыдан бірнеше жыл бұрын күш-жігері толысып, нағыз кемеліне келген фрудың тап өзі сияқты болып шыға келетіні күмәнсіз. Түр-тұлғасы көрнекті де келісті. Бас бәйбішенің өзіне ұқсайды. Оның үстіне, Брунья үсті-басына кір жуытпайтын. Тазалықты өте-мөте жақсы көреді. Оның жыртығы бар киім киіп жүргенін де көре алмайсыз. Үй жинағанда сыпырынды қоқыр-соқырды бір бұрышқа үйіп, қалдыра салмайды. Тағамды да дәмді пісіреді. Жұмыс істеуден жалықпайды, көң-қоқырды күн демей, түн демей таси беруге бар. Оның төсекте жатып алып, нәуетектенетін, әлдебір маңызды бәйбіше сияқты қылық көрсететін әдеті жоқ. Оның үстіне, едәуір дәулетті — банкке салып қойған ақшасы, капиталы бар. Рас, сары биесі тым ойнақшып тұратын сергек жылқы емес. Биенің аты қашан да бие ғой. Ал Бруньяның кереуетінің өзі неге тұрады десеңші! Ондай келісті кереует көздің жауын алады. Бьяртурдың жаңа үйіндегі ең тамаша зат сол ғана. Бәлкім, ондай жұмсақ төсекке Редсмиридегі бас бәйбішенің өзі де жатып көрмеген шығар, сірә?..
Жоқ, шамасы, Бруньяның бұл жолы Бьяртурға печенье ұсынғысы келген ниеті болмаған-ау. Бірақ ол екі қолын екі тізесінің үстіне салып, кереуетінің үстінде ұзақ отырды. Істейтін жұмысы жоқ кезде бұл екі қолдың да дәрменсіз көрінуі кісі таң қаларлық нәрсе еді. Бьяртур жартылай жарықта оған қайта-қайта көз жүгіртіп жатты.
Бруньяның жүзінде әлдебір қара көлеңке жүгіріп өткендей болды. Ақырында ол өзінің сатып әкелген базарлығының бәрін де бір жерге үйіп қойды да оларды енді ешқандай қажеті жоқ нәрселер сияқты бір-бірімен араластыра сандыққа сала бастады. Сөйтті де ақырын ғана бір күрсініп алды. Төсектің үстіндегі жамылғыны алып, үйреншікті әдетімен мұқият бүктеп былай қойды. Қызыл шаршылы әдемі тыспен қапталған мамық көрпе мен аппақ қардай ақжайманың бір шетін ысыра көтеріп ашты да, кереуетің шетіне отырып, шешіне бастады. Әне ол көкірекше лыпасының, кеудеше көйлегінің түймелерін ағытып, белдемше көйлегін шешті. Оларды мұқият жинастырып, бүктеген қалпында сандыққа салды. Енді оның үстінде өзі қолдан жүннен тоқып киген қалың іш көйлегі ғана қалды. Денесіне қонымды киімдерін шешіп тастағаннан кейін оның тұлғасы толыса түсіп, жайылып сала бергендей болып көрінді. Ерекше мықты, қайратты бөксесі бұлт-бұлт етіп, икемді қимылдайды, шамасы, оның бала туу қабілеті әлі де сақталған сияқты. Қуатты қос тізесі мен екі саны жалт-жұлт етеді, мойны жұп-жұмыр әрі мықты. Төсі әлі де бой жеткен қыздың төсіндей — қос алмасы кеудесін серіппедей керіп, дір-дір етеді. Ол енді іш көйлегін де шешті. Иә, бұл нағыз алып әйелдің тап өзі екен. Бірақ Бьяртурдың өзі де ешкімнен кем емес, алып азаматтың бірі емес пе? Екі иығына екі жігіт мінгендей, кең жауырынды. Оның алып кеудесі зіл батпан салмақты көтеріп кете беретіндей. Брунья түнде төсекте жатқанда киетін іш көйлегін киіп болғаннан кейін ғана шамды өшірді. Ол жата бере кереует сықырлап қоя берді.
Бьяртур көпке дейін ұйықтай алмады. Бір бүйірінен екінші бүйіріне қайта-қайта аударылып, дөңбекши берді. Манадан бері қорылдап жатқан ұлының ұйқысына қызықты. Өзіне ұйқы бермей, мазалаумен болған қайдағы бір пайдасыз тәтті қиялдарға берілгеніне өзіне-өзі ызаланып, кейбір балағат сөздерді де ақырын ғана бірнеше рет қайталады. Енді оның нағыз таза темекі шеккісі келді! Бірақ ондай темекені дәл қазір қайдан таба қоясың! "Қарғыс атқыр" "халықтық қазына", — деп ойға шомды ол. — Қарғыс атқыр несие беретін касса, қарғыс атқыр жаңа үй!" Бұл жаңа үйде әлдебір жеркенішті жаман иіс бар — Бьяртур өзін содан тұншығып өліп қалатындай сезінді. Егер тап қазір мына сайтан алғыр "халық қазынасының" орнына аздаған нағыз темекі болса ғой! Енді не істеу керек? Бұрынғының адамдары "Ұйқың қашса, өлең оқы!" деп кеңес береді екен Бұл да әлдебір өлеңді міңгірлеп оқуға кірісті:
Қасірет емі — улы ішкілік.
Ұзақ таңға жан қиналып,
Азап шектіміштім оны!
Ұлылардың улы балын
Сіміреді сондықтан да
Шерге толы менің жаным.
Осыдан кейін Бьяртурдың ойына қайдағы бір әдепсіз ұят сөздерге толы өлең жолдары бірінен соң бірі орала берді, орала берді. Олар аса күрделі келісті ырғақтармен жазылған жақсы өлеңдердің өздерін де есінен шығарып, аузына түсірмей қойды.
Бөлмеде жатқандардың бәрі де әлдеқашан ұйықтап қалды. Ал Бьяртурдың көзі ілінбей-ақ қойды, төсекте дөңбекши берді. Ол махаббат мұңына беріліп, қатты қажығандықтан біраз былапыт сөздерді де айтып жіберді. Тағы да нағыз темекіге аңсары ауып, шыдамы таусылайын деді. "Сайтан алғыр түге! Ауыз үйге шығып, темекі тақтасының бір бөлігін сындырып алып, шайнап-шайнап, сілекей сөлін жұтқаннан басқа амалым жоқ. Жаным сонда ғана жай табатын шығар!"
Ол дамбалын тарта киіп, дыбыс шығармауға тырысып, төсектен ақырын ғана түсті де, аяғын көн кебісінің басына сұқты. Бірақ күзгі түнде бөлменің іші көзге түртсе көргісіз тас қараңғы. Ал мұның тезірек есікке жетуі керек. Есікке бара жатқан жолында оның қолына домаланған әлдебір кіші шар тәрізді бір нәрсе ілікті. Апыр-ай, бұл не болды екен? Қолын одан әрі соза беріп еді, Бруньяның бет-жүзіне ілікті. Шамасы, әлгі шар тәрізді нәрсе мұның кереуетінің бас жағындағы әшекейлі оюдың бірі болуы керек.
— Бұл кім? — деген сыбыр қараңғыдан анық естілді.
— Мен сені ұйқыңнан оятып жібердім бе? — деді Бьяртур, оны әлдеқашан ұйықтап қалған болар деген ойынан қайтпай.
— Бұл сенің өзің бе? — деп сыбырлады Брунья.
Осы кезде оның кереуеті сықыр ете қалды. Шамасы, Брунья бұған қарай аунап түсіп, бұрылған болуы керек. Енді ол орнынан көтерілмек те еді.
— І-ім, — деді Бьяртур. — Жо-жоқ. Әуре болма!
Бьяртур қараңғыда кереуеттің бойымен қармалай сипап жүріп, ақырында есікке жетті-ау әйтеуір. Оның мұрнына қымбат бағалы әрі дәмді бакалея тауарларының хош иісі келді. Өзінің темекі іздеп шыққанын ұмытып та кетті. Енді ойынан шықпай қойған бір-ақ нәрсе болды. Ол — мұның үйіне бөтен бір әйелдің осыншама тауар сатып әкелгені. Сонда Бьяртурдың кім болғаны: ит пе, құл ма? Масқара! Мұның үйіне, бөтен біреудің несібесі бірінші рет әкелінді.
Бьяртур аулаға шықты. Жаяу бұрқасын соғып тұр екен. Күн өте суық. Бірақ ол мұны сезетін емес. Учаскенің бір бұрышында жеңіл-желпі шаруасын бітіріп алып, көн кебістің басын қоңылтаяқ кие салған бойы жұқа дамбалмен тұра берді. Үйдің ішін қаптаған зәк пен кірпіштің қолқа қабар ауыр иісінен кейін даладағы таза ауаны құшырлана рақаттанып жұтты. Жаңа үйдің ауасы шын мәнінде өте ауыр, денсаулыққа жағымсыз еді. Өзіне де обал жоқ — осы үйді салып несі бар еді?!
Міне ол таза ауа жұтып, біраз тұрған соң денесі тоңазып сала берді. Енді ұйықтау керек. Ол үйге қайтып оралды, бес текпішекті қараңғыда қабырғаны қармалап сипай жүріп, ауыз үйге кірді. Мұрнына бакалея тауарларының иісі тағы да келді — қолма-қол нақты ақшаға үйіп-төгіп молынан алып келген тауарлардың аңқыған хош иісі. Жоқ, мұның үйіне бөгде біреудің несібесін кіргізудің алды да, арты да осы болуы тиіс.
Таңертең Бьяртур әдеттегісінен де ерте тұрды. Сыртқа шығып, едәуір жұмыс істеп, қайнаған ыстық су ішу үшін үйге кірді. Брунья бұған үлкен ыдыспен кофе ұсынбақ. Дәмді сусынның бұрқыраған хош иісі мұрын жара бастады. Шынын айтқанда, Бьяртурдың бұрынғы әйелдерінің бірде-біреуі кофені Брунья сияқты өте дәмді қайната алмайтын. Бьяртурдың пікірінше, бұл өңірде кофені ең жақсы әзірлей алатын әйел — тек Брунья ғана. Мұның пісірген тағамдарының бәрі де өте-мөте ерекше дәмді, аузыңнан сілекейіңді шұбыртады. Қазір ол Бьяртурға сыртын беріп, теріс қарап тұр еді. Тек кофе ұсынған кезде ғана қас-қағым сәтке бұрылып қарады. Айтпақшы, бұл өзі Бьяртурдың "Қайырлы таң!" деген сөзіне жауап қатты ма? Мүмкін, бұл бүгін "Қайырлы таң!" деген сөзді айтпаған да болар? Бьяртур кофе құйылған ыдыстан көз алмай, едәуір үнсіз тұрды... Иә, ол кофені өте жақсы көретін. Бірақ кофенің дәмін де татпастан, ыдысымен қоя салды да, ешқандай тұспалдап сөйлемей-ақ, сөзінің турасын бірден айтты:
— Брунгильда, мен сенің бұл үйден біржола кеткеніңді қалаймын.
Брунья оған жалт қарады. "Біржола кеткеніңді қалаймын" деді ме? Оның өңі әлі жас көрінетін, онша көріксіз де емес еді. Кәдімгі жас келіншектің беті-жүзі сияқты болатын. Ол әлгі сөзден шошып кетіп, Бьяртурға қадала қарап қалды.
— Сен менің байқауымша, ойлайтын болуың керек... — деп, әлдебір нәрсені баяу былдырлап айтпақ болды да, кенет ол ойынан қайтып, ештеңе демей қоя салды...
Алып — әйел бейне бір ауыр соққыдан жасқанғандай болып, бүрісе түсті, өңі бұзылып сала берді. Ол беті-жүзін қос алақанымен жауып, кішкентай қыз сияқты барынша дауыстап, өкіре жылап жіберді. Бьяртур есікті тарс жауып, сыртқа өз жұмысына кетті.
Бұл күні Брунья күні бойы жылап, көлдеген көз жасын тыя алмады. Беті ісіп кетті. Ақырында үн-түнсіз жүрді. Келесі күні ол біржола кетіп тынды.
ЖЕТПІС ЕКІНШІ ТАРАУ
МҰРАТТАР ЖҮЗЕГЕ АСҚАНДА
Ингольв Арнарсонның мұраттары шынымен-ақ ешқашан жүзеге асып көрген жоқ па? Қалай жүзеге асқан жоқ! Оның мұраттары әрқашан және барлық салада жүзеге асып келеді. Ауыл шаруашылығы туралы заң жүзеге асты. Адамдар eгic көлемін арттырып, оны өңдегені үшін мол мөлшерде сыйлықтар алып жатты. Тіпті аядай аз ғана жерді жыртқаны үшін де бірнеше крона алды. Бетоннан салынған тамаша мал қоралары мен пішен сақтайтын сарайлар үшін де сыйлық берілді. Қымбат бағалы ауылшаруашылық машиналарын — тракторлар, соқалар, тырмалар, егін оратын, шөп шабатын, тіпті іс тоқитын машиналар сатып алушыларға ақшалай жәрдем көрсетілді. Көң сақтайтын цистерналар туралы мәселе де оп-оңай шешілді — шаруаларға ондай тамаша цестерналар салып алуы, тыңайтқыш қордалар құятын шұңқырлар қазып алуы үшін қаржы бөлінді. Халық банкінде арнайы бөлім ашылып, ол деревняда тұрғын үйлердің құрылысын саламыз деушілерге несие берумен болды. Альтингтің көптеген депутаты құрылыс салуға несие беруді қамтамасыз ететін боламыз деп берген уәделері үшін ғана сайланған-ды. Шаруаларға шынында да шамалы ғана өсім пайызымен ұзақ мерзімді несиелер беріле бастады. Бірақ оларға мынадай шарт қойылды: олар өздерінің жер учаскелерінде осы заманғы ғажайып тұрғын үйлер салуға тиіс болды. Ол үйлердің қабырғалары беріктігі күшейтілген бетоннан екі қабатты етіп қаланатын болуы керек. Ол қабырғалардың беттері фанер тақталармен жабылуы шарт. Едендерге линолеум төселуі тиіс. Су құбырлары тартылып, канализация, бір орталықтан жылыту жүйелерінің іске қосылуы, тіпті электр жарығы желісінің жүргізілуі міндетті түрде орындалуы қажет болды. Сапасы өте жоғары үйлер ғана салу ұсынылды. Өйткені, тәжірибенің көрсетіп бергеніндей, арзанға түсетін, нашар жабдықталған тұрғын үйлер мүлде тиімсіз болады-мыс. Ақырында шаруалардың мол мөлшерде қарызға алған несиелерінің төлем мөлшерін жүйелі түрде ұдайы кемітіп отыру туралы заң да қабылданды. Иелігінде жері мол шаруалардың көктен іздегені жерден табылғандай еді. Олар өздерін бақытқа бөленгендей сезінді — орасан мол мөлшерде несие-қарыз ала алатын болдық деп қуанды. Тұтынушылар қоғамының ісі оңға басып, барған сайын күшейе түсті. Олар бауырластық негізде құрылған сауда кәсіпорындары болғандықтан бұрын өнім өндірушілердің есебінен арамтамақтықпен күн көріп, олардың қанын сора қанап келген алыпсатар саудагерлер мен делдалдарды маңайына да жолатпады. Ал шаруалардың өздеріне олардың тапсырған өнімдерінің мөлшеріне қарай бірнеше кронадан мың кронаға дейін сыйлықтар берілді. Мысалы, Утиредемиридегі староста бірнеше мың крона мөлшерінде мол сыйлық алды. Оған ауыл шаруашылығындағы науқанды жұмыстарды үлгілі жүргізгені үшін де қыруар сыйлық төленіп тұрды. Ол жыртылған жер көлемін көбейтіп, егістік алқапты ұлғайта түсті. Оның үстіне, тамаша үлгі бойынша мал қора да салып алды. Оған ауылшаруашылық қорынан жәрдем көрсетіліп, жаңа тракторлар, соқалар, тырмалар, егін оратын, шөп шабатын машиналар, тағы басқа да қымбат бағалы құрал-жабдықтар, тіпті іс тоқитын машиналар сатып алуына мол мүмкіндік туғызылды. Оған көң-қоқыс сақтайтын цистерналар құрылысы қорынан да жәрдем беріліп, бүкіл приходта теңдесі жоқ тамаша цистерналар салып алды. Содан кейін оның отырған үйі іріп-шіріп бұзыла бастаған болып шықты. Сөйтіп староста "құрылыс қорынан" да несие алып, орасан зор әрі мықты үлкен үй салды. Оның жер төлесінің өзі де тамаша болып шықты. Үй екі қабатты, ал екінші қабатында қосымша тағы шағын бөлмесі бар еді. Үйдің қабырғалары беріктігі күшейтілген бетоннан екі қабатты етіп қаланды, олардың беттері фанер тақтайлармен жабылды, еденге линолеум төселді. Бұл үйде фрудың жеке өзіне арналған ванна бөлмесі де болды. Үй орталық жылу жүйесіне қосылды. Оған ыстық және суық су үздіксіз келіп тұрды. Электр жарығы да жеткілікті. Тап осы староста немесе Тау королін түрмеден құтқарып қалған әлгі бір алаяқ сияқты адамдар — ұлтымыздың нағыз мақтанышы! Оны алаяқ деуге бола ма? Жоқ, тіпті де алаяқ емес. Ол өзіне енді тек ауыл шаруашылығымен айналысу керек деген ой дер кезінде сап ете қалған нағыз осы заманғы қабілетті қаржыгер ғана! Ал анау Тау королі қолынан ештеңе келе қоймайтын, ешнәрсенің шегін білмейтін қырсыз біреу болатын. Ол "Әр нәрсенің алтын ортасы бар" деп ұдайы қайталай беруді сүйгенімен өзі ешқашан қаржыгер болып көрген емес еді. Енді жасы жетіп, қартайған шағында қалаға барып, күйеу баласының қолында тұрып, әр жерде бір күндік жұмыс істеумен айналысады. Зорға дегенде тамағын тауып жүр. Жо-жоқ, Тау королі үйінің қазіргі иесі тіпті де алаяқ жан емес. Ол приход кеңсесіне бірден барып, осы заманғы ауылшаруашылық машиналарын сатып алу үшін жәрдем ақша сұрады. Оны алып болғаннан кейін осы заманға лайық тамаша мал қорасын салып, үлкен сыйлыққа ие болды. Көң-қоқыс сақтайтын цистерна салу үшін жәрдем ақша, өзі өндіріп, тапсырған өнімдері үшін сыйлық алды. Сөйтіп Тау королінің бұрынғы үйіне электр жарығын кіргізді. Ондай адамдар туралы ойлай қалсаң-ақ, дүние жүзілік соғыс тектен-тек болған жоқ екен-ау деген қорытындыға сөзсіз келесің.
Ал Бьяртурдың және оның достарының жағдайы не болды?
Әңгімені әуелі гилтейгалық Тоурирден, кезінде биттің қабығындай жұқа, сала құлаш ұзын шұлықтарға құмар болған көңілді қыздардың әкесі кәдімгі Тоурирден бастайық. Оның жағдайы қай жағынан болса да жұрт күткендегіден әлдеқайда жақсы болып шықты. Кенже қызы бір ауқатты адамға тұрмысқа шықты да қалада тұрды. Ал Тоурир өзіне үлкен адамдардың қатарына қосатын тым үлкен несие қарыз ала қойған жоқ болатын. Бірақ жиған-терген мал-мүлкін кепілге қойып, акуциондағы бәсеке саудаға салып, балғаның бір соққанынан-ақ айырылып шыға келетіндей мөлшердегі несие — қарыздан кем де емес еді. Соғыс аяқталған кезде ол орта шаруа дәрежесіне жеткен-ді. Поселке тұрғындары оны Тау королі етіп сайлады. Ол тау аралап жүргенде қойлар мен иттерді ұстап емдеумен айналысты. Өйткені мұның өзі оған жүктелген үлкен жауапкершілік еді әрі қосымша табыс көзі болатын. Тоурир шіркеудегі кіші дін қызметкері болып та сайланды. Ол өз міндеттерін мұқият әрі жақсы атқарды. Әйелдердің жеңілтек мінезін жақтырмайтын әдетін қойды, тіпті ондай әйелдерді приход кеңесінің мүшелігіне өткізуді де ойлап жүрді. Бір таң қаларлық нәрсе — кешегі қиын-қыстау ауыр жылдарда оған үлкен көмек көрсетіп, қауіп-қатерден құтқарып қалған жандар оның теріс жолға түсіп кеткен қыздары болды. Олар әртүрлі сылтау-себептермен әкесінің үйінде қалып келген еді. Соғыс жылдарында аянбай еңбек етіп, Тоурирге қолғабысын тигізді, тіпті өздерінің жас балаларын да жұмыс істеуге мәжбүр етті. Әкесі өзінің бала-шағасына арнап салтанатты сарай салған жоқ — оған тәуекелі жетпеді. Оның бар салған құрылысы қой қора ғана болды. Онысы дұрыс та еді. Өйткені жұрттың басынан кешірген азапты ауыр тәжірибесінің көрсетіп бергеніндей, ең дұрыс нәрсе өзіңе ең жақын жандарға жақсылықты барынша аз жасау керек екен.
Ал Бьяртурдың басқа достары ше? Олардың мойындарынан баяғы ескі қамыты түспей-ақ қойды. Салық төлеуден. Жемшөп сатып алуға жұмсалатын шығындардан, қарызға алынған азық-түлік өнімдері үшін төленетін төлемдерден көз ашпады. Жер жыртып, егін салғаны, әртүрлі жұқпалы аурулардан қолдарындағы малының қырылып қалғаны, адамдардың да ауру-сырқауға душар болып, өлім-жітімге ұшырағаны салдарынан — қысқасы, — Ингольв Арнарсон идеяларының жүзеге асуының салдарынан азап шегіп, қиналудан құтыла алмады. Мүмкін болған барлық игілік пен жеңілдік атаулы тек бай шаруалардың төбелерінен аяғына дейін таусылмас қазына ретінде құйылып жатты.
Истадальдық Оулавюр өзінің хуторын басқа біреудің иелігіне өткізу туралы құжатқа қол қойған болатын. Сондықтан да сол баяғы ескі, төбесі шымтезекпен жабылған шұрық тесік лашығында тұрып жатты. Мұның өзі әйелі мен балаларының өліміне душар етті. Кедей шаруаның өмірі оның ауқатты шаруаға айналуы үшін тым қысқалық жасайды. Мұның өзі кейбіреулердің айтуынша, шетелдік бір ғалымның жазған кітабында да баяндалған көрінеді.
Кельдтегі Хродлогур старостадан жалға алған хуторда ұзақ уақыт тұрды. Ақырында, халыққа игілікті болған соғыс аяқталған кезде, тіпті оны сатып алып тынды. Енді оның да, өсім пайызын төлеп құтыла алмай, басы қатып жүр. Тіпті құрылысын бастап та үлгерген жоқ. Ол үшін тағы бір игілікті соғыстың болуын күтуіне тура келді. Бәлкім, оған дейін староста оның хуторын төлеп үлгере алмаған өсім пайыздарының өтемі ретінде тартып алып қоюы да ғажап емес. Дегенмен бәрі де өз кезегімен жүре бергені дұрыс. Хродлогур табиғи нәрсені табиғаттан тыс құбылыстардан айыра білуді үйрене алмай-ақ қойды, өзінің маңдайына не жазылса, соның бәрін де қарсылықсыз қабылдай береді — тіпті қайыршылық халге түсетін жағдайдан да бас тартпайды.
Ундирхлидтағы Эйнар соңғы бір-екі жылдың беделінде қарызының мөлшерін едәуір кеміткен болды. Бірақ бір хуторға ие бола алған жоқ — үй салып ала алмады. Сөйтіп жүргенде қарыздары қайтадан өсе түсті. Егер ендігі жерде қой сатудан түскен қаржысы салығын төлеуге және жемшөп сатып алуға жететін болса, соның өзіне бөркін аспанға ата қуанар еді. Дәрі-дәрмек алғандағы қарыздарын әзірше төлемей қойса да болады — шыдай тұрады. Балықтың қалған-құтқан қалдықтарын сатып алудан тартына тұрса да болады — оншалықты қажеті жоқ. Адам өмірі дегеніміз адам өмірі ғой. Оны бағалау керек. Әйтеуір біреу өлген сайын Эйнар, өзінің дағдылы ескі әдеті бойынша, оған арнап тамаша еске алу өлеңін шығарады. Онда ол Жаратқан иеміз шаруаларға бұл дүниедегімен салыстырғанда о дүниеде соғұрлым мейірімді болады, сонда бұлар барлық игіліктің рақатына бөленеді деген кәміл сенім білдіреді. Адамдардың тәні өлгенімен жаны өлмейді, мәңгі тіршілік етіп, ғажайып өмір сүреді деп білетін.
Ингольв Арнарсон мұраттарының жүзеге асып, орындалғанынан қатардағы қарапайым адамдардың үлесіне тиер қайырымдылықтың шынымен-ақ жоқ болғаны ма? Бұған не дерсің? Шынын айтқанда, барлық мәселе мынада болатын: қандай да болсын кедей-шаруаға оның трактор немесе егін оратын осы заманғы машина сатып алуы үшін мемлекеттік кассадан жәрдем ақша алуды ұсыну ешқандай да мән-мағынасы жоқ, ақылға қонымсыз бос әурешілік еді; оларға қабырғалары екі қабат қаланатын, оның беті фанер тақталармен жабылатын тас үйлер салуға, олардың еденіне линолеумдер төсеуге, электр жарығын кіргізуге деп ұзақ мерзімді несие-қарыз берудің де қажеті жоқ болатын; шаруалардың өздері өндіріп өткізген өнімі үшін, жаңадан жер учаскелерін жыртып, егіс көлемін арттырғаны үшін, немесе қорасындағы жалғыз-жарым сиырының көң-қоқырын сақтайтын тамаша цистерна орнатқаны үшін сыйлық беру де қажеті жоқ нәрсе еді. Яғни, бай адамдардан өзге кім-көрінгенге жеңілдіктер жасап, артықшылықтар берудің керегі жоқ-тын. Ондай жеңілдіктер мен артықшылықтар бай адамдарға ғана жарасады. Оны солар ғана алуы тиіс. Кедейліктің өзіне тән бір белгісі — бай адамдардың төбесінен аяғына дейін жомарттықпен құйылып жатқан қазынаны қабыл алуға қабілетсіз. Кедей шаруа болу дегеніміз саяси қайраткерлер ұсынатын немесе үйіп-төгіп уәде ететін игіліктер мен жеңілдіктерді пайдалану мүмкіндіктеріне ешқашан қол жеткізе алмау болып табылады. Ал мұның түпкі мәні байларды байыған үстіне байыта түсетін, ал кедейлерді одан сайын қайыршылық халге душар ететін "мұраттар" билігіне бас ие берілуде жатыр.
Бьяртур қыста да, жазда да өзінің жаңа үйінде тұрып жатты. Бірақ ол үй дүние жүзіндегі ең нашар және адам айтса нанғысыз ең суық үй еді. Рождество мерекесі қарсаңында Халбера орнынан тұра алмайтын халге душар болды. Бьяртур оны кереуетімен қоса қаңырап бос тұрған қой қораға жайғастырды. Өйткені байғұс үйдегі суыққа үсіп, өліп қалмасын дегендегісі еді. Азынаған суық Бьяртурдың өзін де қатты қинап жүрген. Ол қартайып қалғанымның белгісі осы болды ғой деп шошынған-ды. Бірақ күш-қуаты тасып, нағыз кемеліне келген ұлы Гвендурдың да тап өзіндей болып қатты қиналып жүргенін көргенде барып, өзін-өзі жұбатып, шүкіршілік етіп қоятын болды. Бөлменің іші ешқашан құрғақ болып көрген емес. Сақылдаған сары аязды күндері үйдің ішін түгелдей мұз құрсайтын. Ал оның еруінен үміт етудің өзі қиын. Өйткені үйдің ішінде суық жел ұдайы гулеп тұрады. Бөлмеге тіпті үрінді қар да кіріп кететін. Биылғы қыста әкелі-балалы екеуі тамақты өздері әзірлеп ішетін болды. Бұл жағдай оларды онша қуанта қойған жоқ. Оның есесіне, хуторда күңкілдеген сөз естілуден қалды. Ешкім де өз ісінің дұрыстығын дәлелдеп, қызыл кеңірдек болған жоқ.
Жаз шыға Бьяртур өзінің қойларына арнап шөп шаптыру үшін тағы да бірнеше адам жалдады. Бірақ соңғы кезде дүние жүзінде исландиялық тұқымдас қойдың етіне деген сұраныс мүлде қалған жоқ еді. Оны тек тау түлкілері мен ішек құрт қана қорек ететін болған. Күзге қарай қой өнімдерінің бағасы барған сайын төмендеп, күрт түсіп кетті. Исландия қойлары ендігі жерде ешкімге керек болмай қалды. Иә, олар бұрын да керек болып жарытпаған. Үкімет халықтың қалың тобының негізгі қорек көзі болып табылатын балық шаруашылығына едәуір басым, артықшылық құқық беруден бас тартты. Оның есесіне шетелдіктер тұздалған балықтың қыруар мол бөлігін бөшке-бөшкесімен сатып алған еді. Бірақ олар борсып, иістене бастаған болып шықты. Жеуге жарамсыз болып, шіри бастаған соң оларды теңізге тастап, зорға дегенде құтылды. Бьяртурдың қой өсіруден тапқан бүкіл табысы жалданған қызметкерлердің ақысы мен муниципальды кеңестің салған салығына әзер жетті. Несие-қарызды қайталауға, оның өсім пайызын өтеуге ешнәрсе қалмады. Егер ол қолындағы қойларын түгел сатып жіберген күннің өзінде де алатын ақшаларының мөлшері қарызымен салыстырғанда теңіздегі тамшыдай ғана болар еді. Ол несие беретін кассаға барып, қарызын өтеу мерзімін кейінге қалдыра тұру туралы өтініш жасап көрмек болды. Бірақ онда сөйлесетін адам табылмады. Созылмалы құрт ауруынан әбден қажып, қалжырап біткен, саудыраған құр сүйегі ғана қалған біреу бухгалтерияның қалың киіз кітабын парақтап отыр екен. Ол ешкімнің де қарызын өтеу мерзімін кейінге қалдыруға өзінің рұқсат бере алатын құқығының жоқ екенін айтты. Сонымен мәселе мынаған тірелді: халық банкі келесі күзге қарай Викте өз филиалын ашатын көрінеді, Фьордтағы несие беретін касса соған қосылатын сияқты. Сондықтан да қарызды өтеу мерзімін кейінге қалдыруды банк директоры Ингольв Арнарсонның өзі ғана шеше алады екен. Әлгі қызметкер Бьяртурға барынша самарқау кеңес берді: "Рейкьявикке барып, директорды іздеп тауып, сонымен ғана сөйлесіп көру керек. Басқа ешқандай жол жоқ". Бьяртур "ойланып көру" үшін үйіне қайтып кетті. Мүмкін, ойланып көрудің қажеті жоқ та шығар. Қалай ойлансаң, олай ойлан, халықтың қанын сүліктей соратын кәззаптар бәрібір алдамай тұрмайды. Бьяртур осылай ойланып-толғанып жүргенде бүкіл елге маңызды хабар тез тарады: Ингольв Арнарсон халық банкі директоры қызметін тастап, елдің премьер-министрі болыпты.
ЖЕТПІС ҮШІНШІ ТАРАУ
ИТТЕР, АДАМ ЖАНЫ ЖӘНЕ БАСҚАЛАР
"Аукцион. Осы арқылы мынаны хабарлаймыз: халық банкінің Виктегі филиалының талап етуі бойынша Редсмири приходындағы Жазғы мекен хуторы қарыздарды төлеу, сондай-ақ несиенің өсім пайызы мен сауда шығындарын өтеу мақсатымен аукционда сатылатын болды. Аукцион 29 мамыр күні түскі сағат үште басталады.
Уездік соттың төрағасы ".
Бұл хабарландыру көктемнің бас кезінде-ақ Викте де, Фьордта да жер-жерге жаппай ілінген болатын. "Заң хабаршысында" да басылды. Жазғы мекеннің алдағы кезде аукционда сатылатыны туралы содан едәуір кейін барып Бьяртурға бірнеше рет хабар берілді. Әдетте айырылып қалған нәрсесіне ешқашан өкінбейтін ол ешқандай қарсы сөз айтпады — ондай әдеті жоқ болатын. "Егер өзіңде бар нәрсеңнің біразын жоғалтып алған болсаң, қолыңда қалғанын қанағат тұт" дейтін де жүре беретін. Бьяртур қойдан айырылмай, оны неғұрлым ұзақ уақыт ұстаудың тәсілін жақсы білді. Оның әлі де жүз қойы, екі сиыры, үш жұмыс аты, сондай-ақ өзінің алғашқы қаншығы жағынан есептегенде оның төртінші ұрпағы болып табылатын сары қаншығы бар еді.
Бұл кеште ескі қой қораға кірген Бьяртур Халбера кемпір жатқан кереуеттің жанына барып тоқтады да оған былай деді:
— Құрметті Бера, сонау солтүстіктегі Сандгил иен даласында бір кезде хуторың болғаны есіңде ме?
— Хутор дейсің бе? — Кемпір бұл сұраққа тиянақты анық жауап бере алмады. Ол көп нәрсені әлдеқашан ұмытып қалған болатын.
— Қалай дегенде де ол хутор әлі күнге дейін сол орнында тұр ғой, әйтеуір? — деді Бьяртур.
— Иә, иә, ол өзі жап-жақсы-ақ хутор болатын. Мен онда қырық жыл бойы тұрғанмын, — деді Халбера. — Онда ешқандай төтенше оқиға бола қоймайтын. Ал мұнда неше түрлі бәледен көз аша алмайсың — әйтеуір бір нәрсе болады да жатады.
— Енді біздің Жазғы мекенмен біржола қоштасатын кезіміз келді, — деді Бьяртур.
— Өзім де осылай болатын шығар деп ойлап едім, — деді Халбера.
— Әлгі қарғыс атқан жын-шайтан бұл жерді баяғыдан бері жайлап алған, әлі де солай қала береді. Бұл хутордың иесін атышулы Колумкилли өзінің қанды шеңгелінен шығарып көрген емес. Ал мен болсам, Жазғы мекенді өз үйім екен деп ешқашан есептеген емеспін.
Бірақ Бьяртур сиқырлы зұлым күш елестері туралы әңгімені қолдай қойған жоқ. Өйткені оның өз басы ешқандай сиқырлы зұлым күштерге де, табиғаттан тыс құбыжықтарға да сенбейтін. Ол тек поэзиядағы құбыжық күштердің болғанына ғана иланатын. Сөйтті де ол дереу сөзден іске көшті:
— Қымбатты Бера, сен маған Ударсельді биылғы көктемде тұра тұруымыз үшін жалға бере алар ма едің? Бұған қалай қарайсың? Ойланып көрші.
— Ударсельде күннің батуы қандай әдемі еді десейші! — деп, кемпір өз алдына сөйлеп кетті. — Жарқын жүзіңнің елесінен айналайын Тоурарин мерекеде киетін сәнді көйлегін киіп алып, атқа мініп ала сала иен даламен құйғыта шауып жүріп, қашаған қойларды көзді ашып-жұмғанша ұстап алып, тап сол жерде жүнін қырқа қоятын. Рас, оның жақсы әрі жүйрік иттері де болатын.
— Иә, қымбатты Бера, оның — марқұм Тоурариннің жақсы иттері бар еді, — деді Бьяртур. — Мен оның қоңыр төбетін әлі күнге дейін ұмытқан жоқпын. Нағыз төбет деп соны айт, шіркін! Басқа иттер күндіз ғана көре алатын нәрсені ол тас қараңғы түнде де жақсы көре беретін. Сирек кездесетін қымбат қазына еді. Менің де жақсы иттерім болған, қымбатты Бера. Олар маған шын берілген иттер еді, өзіме опасыздық жасап көрген жері жоқ. Бірде менің сары қаншығым болды. Қазіргі қаншығымның үш ұрпағының арғы өлекшіні еді. Ондай итті қазір тапа-тал түсте қолыңа шам алып іздесең де табу қиын. Ол маған кей кездері өмірге де, өлімге де бас имейтін тәуелсіз ит сияқты болып көрінетін.
Қалай дегенде де адам жақсы итті ұмыта алмайды, ол әрқашан есіңде қалады. Оны ешкім де ұмыттыра алмайды. Тіпті кешегі дүние жүзілік соғыс та, бір ұлы адамның оның аяғын ала іле-шала құйындай бұрқырата жалғастырып әкеткен, бейшара шаруаның көз жетер көкжиегін бұлдырата тұмшалай түскен "ізгілік мұраттары" да көзден таса, көңілден шет ете алған жоқ.
— Иә, қымбатты Бьяртур, заман осылай өзгеріп шыға келеді ғой, — деді бірде гилтейгалық Тоурир. Оның үнінен әлдебір өкініштің сарыны байқалды.
Ерте көктем еді. Бірнеше шаруа қотанның қоршауы жанында отырған болатын. Олар өздерінің қойларына ен салуды енді ғана аяқтаған-ды. Қолдарына қан жұғып қалған. Қойлар олардың аяқтары арасында өжеттікпен ашына маңыраумен болған.
— Келесі кезек сенікі, — деді Бьяртур. — Бірақ біз сенің иттерді емдеуші болғаныңнан біреуге тигізген көмегіңді көре алмай-ақ қойдық қой осы.
— Қайдам, қымбатты Бьяртур, — деді Тоурир, едәуір ашулы кейіп таныта. — Мен иттер үшін жауап бере алмаймын. Бірақ маған мынадай ой келеді: ең бастысы — қандай қиын жағдай туса да өз балаларыңа өзіңнің сенуің керек. Мен өзім оларға әрқашан кәміл сеніп келдім. Менің балаларымның басына қандай қиын жағдай туса да оларды үйімнен қуып жіберіп көрген емеспін. Олар менің пайдама да, өз пайдаларына да жұмыс істеді. Өз балаларыңа сену — өз отаныңа сенумен пара-пар іс.
Иә, ол орта шаруаға айналып үлгерген еді. Мұнысы қазіргі сөз саптауынан да сезіліп тұрды. Оның ел қатарына қосылғанына ең алдымен қыздары көмектесті. Олар некесіз балалар тауып, әкесінің үйінде тұра берді. Сөйтіп оны ата атандырды. Соғыс жылдарында Тоурирде тегін жұмыс қолы жеткілікті болды. Ол табысы молайған сайын ел арасында сый-құрметке бөлене бастады. Оның отанға деген сенімі осылай қалыптасып, "Бәрі де Исландия үшін!" деген ұранға қосылды.
— Сен өзің не оттап тұрсың? Менің балаларым мені ешқашан ұятқа қалдырған емес, — деді Бьяртур. — Олар менің балаларым, ез еріктері өзіндегі, ешкімге тәуелсіз жандар.
Отырған шаруалар әңгіменің қалай-қалай бет алып бара жатқанын тез түсіне қойды. Енді сәл шыдаса, жағдай ушығып, істің насырға шабатын түрі бар. Ақыры жақсылыққа алып бармайды. Ауыр үнсіздік орын алды. Осы кезді шебер пайдалана білген истадальдық Оулавюр бір сөзді қыстыра қойды. Ол мұндай қолайлы сәттен айырылып қалса, қайтадан қолына түсе қоймайтынын өз тәжірибесінен жақсы білетін.
— Жалпы алғанда мен былай деп санаймын, — деді ол — Қазіргі аумалы-төкпелі заманда, бұл ғана емес, бұрынғы қай кезде болса да, өзіңе жақсы үй салып алу дегеніміз сенің ез еркің өзіңде, ешкімге тәуелсіз дербес жанға айналдың дегенді тіпті де білдірмейді. Исландияға ел алғашқы қоныстана бастаған кезден бастап күні бүгінге дейін қатардағы қарапайым еңбек адамдарының өздеріне арнап үй деп атарлық баспана салып алғанын көрген ешкім жоқ. Қазір де тап солай. Ондай әрекеттен түк те шықпайды! Бізге жертөле де жетіп артылады. Иә, жалпы алғанда, онда тұрған не бар, — өмір бойы жертөледе тұра беруге әбден болады. Өйткені өмір дегеніміз, егер оны шын мәнінде өмір деп айтуға болса, өте қысқа. Көзді ашып-жұмғанша-ақ өте шығады. Егер біз өлмейтін, мәңгі жасайтын жандар болсақ, іс басқа — онда әлдебір тәуір үй салудың мән-мағынасы болар еді.
Ундирхлидтік Эйнар былай деді:
— Әрине, мен Оулавюр емеспін. Егер ілуде бір рет өз ойымды айта қалсам, оны ғылыми дәлелге негіздеп баяндай алмаймын. Мен өзім туралы не ойлай алсам, соны ғана айтамын. Менің білетінім — әркімнің жаны бар. Ол мәңгі өмір сүреді. Тап сондықтан да жанымыз жер бетінде қиналып, жапа шегетін аз ғана уақытта жертөледе тұра беруімізге де болады. Маған бәрібір — өзім солай да тұра беремін. Егер өміріміз кедей, үйіміз тар, қарызымыз шашымыздан көп әрі ауыр, қалтамыз жұқа, тоя тамақ ішуге қаржымыз жеткіліксіз болса да, түрлі ауру — сырқауға душар болудан құтыла алмасақ та, жанның аты жан емес пе, ол бәрі бір өлмейді, мәңгі жасайды. Оған лайықты орын жер бетінде емес, жоғарыда — ең жақсы жұмақта, жаннатты жайда болуы тиіс.
— Жан туралы оттаған былшылыңмен қоса сені сайтан алсын! Көзіме көрінбей, жоғалшы әрі! — деп, мейлінше жек көрген өшпенді үн қатқан Бьяртур қоршаудың арғы жағына секіріп өтті.
Кельдтен келген Хродлогур ендігі әңгімені қойдың ішек құртына қарай бұрды.
ЖЕТПІС ТӨРТІНШІ ТАРАУ
САГАНЫҢ СОҢЫ
ҰРЛАНҒАН НАН
Бьяртур Ударсельдегі жер үйді бір күні ойына Құдай өзі сала қойған үлгімен қайта жөндеп бітірген көктемде Утиредсмиридегі староста өзінің бұрынғы Қыстауына ол хутор кепілге қойылған сомаға сатып ала қойды. Мұны жұрттың бәрі де сәті түскен сауда болды деп санады. Староста оны түлкі өсіретін пайдалы ірі орынға айналдыруды ойлады. Өйткені қазір адам үшін ең зұлым қаскүнем жау түлкі емес, қой екені белгілі болды. Бьяртур өзінің қойларын солтүстіктегі иен дала Сандгилге айдады, дүние-мүлкін де тасып әкетті. Қираған ескі жұртта Халбера кемпір ғана қалды. Бьятур оны қалаға барып қайтқаннан кейін солтүстікке алып кетпек болды. Сөйтіп ол "Урдарсельдегі Бьяртур" деген атпен қалаға тұңғыш рет жол тартты. Қасында ұлы да болды. Бьяртурдың тұтынушылар қоғамына қарызының көбейіп кеткені сонша, енді бұл одан өз атына қос уыс қара бидай ұнын да ала алмады. Өйткені бұған бұдан былай азық-түлік өнімдерін марқұм Иоунның қызы, қазір қолындағы енесі, жесір кемпір Халбераның атына ғана, соның өзінде оның берген сенім хатын куәландыру арқылы алуға рұқсат етілетін. Ашуын басып, іштегі шерін тарқату үшін доқ көрсетіп, қоқан-лоққы жасаудың, былапыт сөздермен балағаттаудың ешқандай мән-мағынасы қалмаған болатын. Өйткені, бәрібір, оны тыңдап жатқан ешкім жоқ. Ешкімнің де тыңдайтын, оған жауап қайтаратын уақыттары жоқ. Еститін ең жақсы жауабы — қоймадағы жас баланың: "Өшір үніңді. Қарыстыр жағыңды!" деген сөздері ғана. Біреуге жұдырық жұмсаудан да қайран қалмады. Оның үстіне, жұдырығың жаңылыс тиіп жүрсе, кайтып құтыла алмас бәлеге қаласың. Бьяртур қазір екі жақсы атын Ударсельдегі ескі бөлмені жөндеуге қажетті материалдар алу үшін сатып жіберді. Енді оның қолында жалғыз аты — жиырма алты жастағы жасамыс, көтерем Блеси ғана қалды. Біз бұл жануарды сонау бір жылы Жазғы мекендегі жерлеу рәсіміне қатысқан кездегіден бері білеміз. Содан бері қаншама көп уақыт етті десеңізші! Бірақ күні кешегідей көз алдымызда. Қыстың қытымыр суық күні еді. Есіктің босаға жақтауына байлаулы тұрған Блеси қой қора жақтан кез алмайды — қайта-қайта мойнын созып, қарай береді. Ал нидуркоттық Тоурдур псалом-дұға оқып тұрды. Жылқы жарықтық төзімді түлік қой. Осы Блеси не көрмеді — өзінің иесі, Жазғы мекендегі шаруа Бьяртурдың басынан кешкен қиын-қыстау ауыр күндерінің бәрін де бірге көрді. Ауыр жылдардағы бірден-бір сенімді серігі, ал жақсы кезеңдегі көп жылқының бірі ғана болды. Енді, міне, тағы да жалғыз ат қана болып қалды. Қазіргі Блеси — әбден қартайған, қажып біткен, көтерем халге жеткен, қотыр болған бір көзіне ақ түсіп, көрмей қалған соқыр ат. Жасамыс жануарға жаның ашиды! Бірақ бір қарағанда оның кеудесі де Бьяртурдың өзінің кеудесіндей кең әрі төзімді көрінеді.
Бұлар Фьордқа жеткен еді. Бьяртур тезірек жолға шығып, кері кайтып кетуге тәуекел ете алмады — атты зорықтырып алармыз деп қорықты. Сөйтті де Блесиді отқа қоя берді. Бейшараның тісі де нашарлап біткен еді. Енді оның тойынып жайылуына көп уақыт керек. Ол емін-еркін оттасын деп, таң атқанша күтуге тура келеді. Әбден кеш болған кез еді. Тұтынушылар қоғамының дүкені әлдеқашан жабылып қалған. Әкелі — балалы екеуі оны — мұны шаруаларын бітіріп алғаннан кейін енді таңның атуын күтуден басқа ешнәрсе қалмады. Олар далаға шықты. Екеуі де аш еді — бүгін күні бойы нәр татқан жоқ болатын. Қалталарында көк тиын ақшасы тағы жоқ. Ешқайда бара алмайды. Кофе ішуге аңсарлары ауып, қатты қиналып келеді. Бірақ өздерінің бұл жағдайлары туралы ләм-мим деп тіл қатпайды. Тұман түсті. Бір кезде теңіз жақтан суық жел соқты. Әйтеуір жаңбыр жауа қойған жоқ.
— Бүгін түнде жаңбыр жауа қоймайды, — деді Бьяртур, аспанды айнала шолып шығып. — Бір қоршаудың түбіндегі ық жерде бірер сағат көз іліндіріп алайық.
Қалада әлдебір қобалжыған тәртіпсіздік бар сияқты, дабырлаған дауыстар естіледі. Урдарсельден келген Бьяртур алғашқыда мұны басқаша қабылдады, — әлдеқайда маңызды шараға байланысты даурығу болар деп ойлап қалды. Өйткені Ингольв Арнарсонның "мұраттары" Фьордта да жүзеге асырыла бастаған болатын. Осыдан екі апта бұрын мұнда үлкен айлақтың құрылысы қолға алынған еді. Бұл құрылыстың бағдарламасын бір кездегі сайлау науқаны барысында қазіргі премьер-министр ұсынған. Кейін ол альтингте қаралып, заң ретінде қабылданған. О, Ингольв Арнарсон — өз айтқанынан қайтып көрмеген адам. Мына үлкен құрылысқа жергілікті халықпен катар Виктегі көптеген тұрғындар да жұмысқа жайғасты. Олар өздерінің бала-шағасын үйлерінде қалдырып, соқа бастары осында келген. Мұнда бұрын балық тазаланатын, кейін жұмысшыларға арналған барақтарға айналған ескі сарайларда тұрып жатқан еді. Бұларға төленетін еңбекақы мөлшері әдетте шалғай аудандарда істейтін жүмысшылардың табысына тең болады деп уәде етілген. Айлаққа кіре берісте салынады деп белгіленген атақты құрылыс қайтадан қолға алынды. Ол үшін қыруар мол тас пен бетон қажет, жүмысшылар бір апта бойы тау қопарып, тас тасып, жанқиярлықпен еңбек етті. Алғашқы жалақы беретін күн де келіп жетті. Шалғай аудандарда істейтін жұмысшылардың жалақы мөлшері туралы мәлімет тым асыра көрсетілген болып шықты. Бұлардың алатын жалақысы өздерінің қара бастары мен бала-шағасын асырауына жетпейді екен. "Біз де ел қатарына қосылатын болдық!" деген үміт үзіліп, көзден бұлбұл ұшты. Бұлар мұндай жарытымсыз жалақыны, мұндай сатқын саясатты жұмысшыларды езіп-жаншуға жасалған қатыгез шабуыл деп білді және өздерін қазіргі қоғамдық тәртіптің қас жауларымыз деп санады. Өйткені еңбекші халықтың тапқан табысы тамағын асырауға жетпейді. Олар қоғамдық тәртіп өзгерген шығар, енді жарылқайтын болар деп ойлап қалғандарын мәлімдеді. Жұмысшылар еңбекақы мөлшерінің неғұрлым арттырылуын талап етті. Бірақ қазіргідей қиын-қыстау ауыр кезеңде неғұрлым жоғары еңбекақы мөлшерін тағайындауға да, төлеуге де ешкімнің құқығы жоқ еді. Олардың бала — шағасының ішер ас, киер киімге жарымай отырғанында кімнің қандай жұмысы бар?! Исландиядағы қасиетті қоғамдық тәртіпке қол сұғуға, оны өзгертуге болмайды! Мәселе осыған келіп тірелген соң жұмысшылар жұмысты тоқтатып, ереуілге шыққан болатын. Бұрын бұл қалада, Фьордта, мұндай ереуіл ешқашан болып көрмеген еді. Қозғалыстың басы — қасында Виктің тұрғындары жүрді. Өйткені олар бір кезде Виктегі жұмысты тоқтатып, ереуілге шыққан, сөйтіп ойдағыдай табысқа жеткен болатын: олардың бала-шағасы ереуілден кейін біраз уақытқа дейін қара бидайдың наны мен балықтың қалған-құтқан қоқтығына жарып қалған еді. Бірақ Фьорд тұрғындарының пікірі екіге бөлінді: көпшілігі жұмысқа шықпай, ереуіл жасай беруге бел буды, ал екінші бір үлкен тобы ойыннан шығып қалды — осылай болатыны бесенеден белгілі нәрсе — өзімізді Исландияның тәуелсіздігі жолына құрбан етеміз деп соқты! Жұмыс жүргізуші топ басшылары мынадай наразылық тудырған мардымсыз жалақыға жаңадан жұмысшылар қабылдай бастады. Кеме иеленуші шағын топ пен ұсақ буржуазия өкілдері өздерінің қызметін аямайтынын, тіпті тегін көрсететінін мәлімдеді. Өйткені олар өздерін халықтың тәуелсіздігі мен Исландиядағы қоғамдық тәртіпті сақтап қалушылармыз деп жариялады. Бірақ ереуілшілер жұмыс орындарын тастап кетуден үзілді-кесілді бас тартты. Ол ол ма, жұмыс орнына келетін жолдарға тосқауыл қойып, өз еріктерімен жұмысқа шыққысы келгендерді жібермеді. Жеткілікті мөлшерде бай, Исландияның тәуелсіз дербестігін сақтап қаламыз деп құлшынғандар мен бала-шағасын аштықтан құтқарып қаламыз деп ереуілде жүргендердің арасында қанды қырғын төбелестер де болды. Адамдар бірін-бірі бейне бір кепкен тресканы тасқа ұрып жұмсартқандай аяусыз соққыға алды. Кейбіреулердің басы жарылып, көзі шығып, аяқ-қолдары сынды. Осы өңірде бұрыннан мәлім сөздер қайталанып, таныс ойлар айтыла бастады — бұл жерге ар-ұяттан безген қайдағы бір жат біреулер осындағы халықтың бейбіт өмірі мен тыныштығын бұзу үшін әдейі келіпті-міс деген әңгіме гулеп кетті. Олар былай деп те соқты: ереуілшілер елімізде жаңа қоғамдық тәртіп орнатпақшы, сөйтіп өздерін — еңбекшілерді аш-жалаңаш тұрмыстан құтқармақшы. Бұл қалада олардың ойларын мұндай есуастықтан арылта алатын полиция жоқ болатын. Сондықтан да ескі қоғамдық тәртіптің басына, сонымен қатар халықтың жеңіп алған тәуелсіздігіне қатер төнген еді. Ақырында уездік соттың төрағасы өкімет орындарының қолына билік берді де жұмыс істегісі келетіндерді қорғау үшін және бүлік ұйымдастырушы қайдағы жат біреулерді, жұмыс істейміз деушілерге заңсыз кедергі келтірушілерді қатаң жазалау үшін полиция күштерін шақыртуды өтінді. Үкімет бұл өтінішке қуана құлақ асты. Фьордқа полиция отряды арнайы қатермен шұғыл түрде жіберіледі екен Ереуілшілер берік қорғанысқа көшіп жатты, қанды қырғынның көкесін енді көретін боламыз деген әңгіме тарап кетті. Шағын қаланы қорқыныш билеп, адамдар асып-сасып, абыржи түсті.
Міне мұндай жағдайда бір кездегі Жазғы мекеннің тұрғыны Бьяртурмен ешкімнің де ісі болмағанына қалай таң қаларсың? Жұрттың бәрінің ойында бір-ақ нәрсе — ертең не болар екен?!
Уақыт тым кешкіріп кетті. Жұмысшылардың ырду-дырду дабырлаған дауыстары да басылды. Тек теңіз қарлығаштарының ащы шаңқылы ғана естіледі. Қаланы таңғы мөлдір ауа бөлеп алды. Аңғардан келген шаруа мен оның ұлы жол бойында қарауытқан, әлі ұйқы құшағында жатқан үйдің тұсына жете бере отыра кетті де, көк шөпті жұлып жей бастады, бір-біріне көпке дейін тіл қатқан жоқ.
Үнсіздікті бірінші болып ұлы бұзды.
— Ауста Соуллильяның үйіне соқсақ қайтеді? — деп сұрады Гвендур. — Мен оны ауырып қалыпты деп естідім.
Әкесі жауап қата қойған жоқ.
— Сонда біз Ауста Соуллильяға соқпай кете береміз бе? — деп тағы да сұрады ұлы. — Бейшараны күйеуі тастап кетіпті деседі.
Тағы да үнсіздік орнады.
— Әке, біз барсақ, Ауста Соуллильяның қатты қуанып қалатынына мен кәміл сенімдімін. Оның бізге кофе қайнатып беріп, сыйлайтынына да күмәнім жоқ.
Ақырында әкесінің төзімі таусылды. Ол ұлына ашулы ызамен қарап, жауап берді:
— Қоясың ба, жоқ па? Өшір үніңді! Әлде менен таяқ жегің келіп отыр ма, қарғыс атқан қаңғыбас неме? Сен өзің ешқашан нағыз еркек бола алмайтын шығарсың, сірә!
Осымен әңгіме бітті.
Олар осылай ұзақ отырды. Бір кезде жол үстінде бұларға қарай бір адамның баяу ілбіп келе жатқанын байқады. Ұзын бойлы, сидиған арық. Үстінде сарғылт түсті қалың кездеме — нанкадан тігілген көйлегі мен шалбары бар. Телпегін желкесіне қарай қайыра киіпті. Оқтын-оқтын кідіріп, әлі қарауытып тұрған үй жаққа қарап қояды. Кенет оның көзі жол жиегінде отырған Бьяртур мен оның ұлына түсті. Енді үй жаққа қарағанын қоя салып, бұларға қарай ақырын жүрді. Бірнеше қадам жақын келіп, кілт тоқтады. Ол қалтасынан шала тартылған шылымның тұқылын алып, біресе қолындағы тұқылға, біресе мына екеуіне қарай берді. Содан соң ыржаң етіп бір күлді де, шылымның тұқылын тұтатып, бұларға жақын келді.
— Қайырлы кеш, бауырлар! — деді ол.
Бұлар оның сәлеміне самарқау еріншектікпен немкетті жауап қатты әрі тапжылмай қимылсыз отыра берді. Ауыздарынан шайнап бітіп, сөлін тауысқан көк шөпті түкіріп тастаған да жоқ. Жол бойындағы созылып жатқан тайыз ордан көз алмады. Келген адам аспанға бір қарап қойды да:
— Кешке қарай бұлт үйірілген сияқты еді, — деді.
Бұлар тағы да үн қатқан жоқ.
— Қарғыс атқан қиыр шет! — деді әлгі адам. Үйге қайтқым-ақ келеді. Бірақ шыным айтсам, жағдай онда да оңып тұрған жоқ.
— Сен қайдан келіп едің? — деп сұрады Бьяртур.
— Виктен келдім. Мұндағы жағдай дұрыстау ма деп едім, дұрыс ештеңесі де жоқ екен. Жарылқаймыз деп даурыға жар салып еді, сөйтсек бәрі өтірік, бәрі жалған сөз болып шықты. Сіз мені тыңдаңызшы, — деді ол кенеттен бір ой сап ете түскендей, Бьяртурға жалт қарап. — Маған аз ғана нан сатпайсыз ба?
— "Нан сатпайсыз ба?" дейсің бе? Өзіңнің есің дұрыс па? Қайдағы нанды айтып тұрсың?! Сатпақ түгілі жейтін де нанымыз жоқ.
— Е, солай екен ғой, — деді әлгі адам, күле сөйлеп. — Оқасы жоқ... Нан сатып ала қоятын ақшам бәрібір менен де табылмайтын еді.
Аз-кем үнсіздік орнады. Содан соң әлгі адам тағы да былай деді:
— Мұның бәрі де қып-қызыл өтірік, қарғыс атқырдың! Сайтан алсын түге сайтан алғырды!.. Осы сөз қай кітапта жазылған еді?
— Киелі кітапта жазылған ғой деймін, шамасы, — деп жауап қайтарды Бьяртур.
— Иә, маған не болған өзі? — деді әлгі адам. — Әрине, Киелі кітапта жазылған!
— Сен ереуілшісің бе? — деп сұрады Бьяртур. — Сендер қалай ұялмайсыңдар осы?! Одан да жұмыс істемейсіңдер ме? Сол жақсы ғой.
— Жұмыс істегеннен не пайда? Бізді ақымақ етіп, алдап отырса, қалай жұмыс істейсің?! Мен сізді жұмысты жалғастыруды қалайтындардың бірі емес шығар деп үміттенемін.
— Солардың бірімін, — деді Бьяртур. — Мен өмір бойы еңбек етіп келемін. Бірақ ешкімге батырақ болып жалданғаным жоқ. Мен әлі күнге дейін өз еркім өзімдегі, ешкімге тәуелсіз дербес адаммын.
— Ертең мұнда полиция келеді деседі, — деді әлгі адам. Сіз әлгі қанішер қабаған төбет Ингольв Иоунссонға дауыс берген жоқ шығарсыз? Мен солай шығар деп үміттенемін.
Бірақ Бьяртурдың бұл сұраққа жауап бергісі келген жоқ еді.
— Сайтан алсын түге! Бір жапырақ нан сатып алу қандай қиын!
— деді әлгі адам. — Жігіттер мені нан тауып кел деп жіберіп еді. Кофе қайнатып ішуге жиналып отыр олар.
— Сен жаңа ғана көк тиын ақшам жоқ деп едің ғой, — деді Бьяртур.
Әлгі адам Бьяртурға тағы да жалт қарады, тілін таңдайына шырт еткізіп, тамсанып қойды да тағы күлімсіреді.
— Менің ойымда нан сатып алу емес, нан дүкенін байқап көру ғана болған.
— Нан дүкенінің жабылып қалғаны қашан! — деді Бьяртур.
— Жабылса, жабыла берсін. Онда тұрған ештеңе жоқ. Тек нанды басқа жаққа тығып кетпесе болғаны.
— Тығып кеткені қалай?
— Иә, иә, тығып кеткен болуы керек. Сағат жетілер шамасында мен мұнда ғажайып бөлкелер түсіріліп жатқанын көргенмін — нағыз қара бидай наны болатын!
Әлгі адам аузындағы шылым тұқылын тартып болды.
— Сіз қалай деп ойлайсыз — бүгін жаңбыр жауа ма? — деп сұрады ол, аспанды тағы да бір шолып шығып.
— Жауа қоймас, — деді Бьяртур.
— Мейлі маған бәрібір — жауса, жауа берсін, — деді әлгі адам. — Осыны да өмір дейміз-ау! Менің әйел затымен болмағаныма қанша уақыт өтті десеңізші!
— Е, солай ма еді? — дей салды Бьяртур.
— Бірақ, бір жағынан, солай болғаны да жақсы, — деді әлгі адам.
— Күшімізді бойымызда сақтауымыз керек. Мына жексұрын жауыздардың шақыруымен ертең шынымен-ақ полиция келе қалса... Бері қараңызшы, бәлкім, бізбен бірге ереуіл жасауға сіздер де баратын шығарсыздар?
— Сонда кімге қарсы ереуіл жасаймыз?
— Әрине, әлгі сұмырай сайтан Ингольв Иоунссонға қарсы. Бьяртур ойланып қалды. Бірақ былай деді:
— Менің төбелеске түсер дәрменім қалған жоқ қой.
— Біздің бар қаруымыз — кетпеннің саптары мен сойыл-таяқтар ғана...
— Е, солай ма еді? — деді Бьяртур оған жауап ретінде.
— Егер әлгі жексұрын жын-перілер мылтықпен қаруланып келетін болса, онда біздің қол көтеріп, берілгеннен басқа амалымыз қалмайды, — деді әлгі адам. — Біз осылай деп шешіп те қойдық. Өйткені көбіміздің бала-шағамыз бар ғой. Егер менің балаларым болмаса, ешнәрседен тайсалмас едім. "Сырдың суы сирағымнан келмес еді!". Қырып-жойып атқанына да қарамас едім. Тыңдаңызшы мені — сіздер мұнда нені күтіп отырсыздар? Әлдебір ерекше жақсылықты күтіп отырған жоқсыздар ма?
— Жоқ, ондай ешнәрсені де күтіп отырған жоқпыз. Анау көтерем кәрі атымызды отқа қойып, азырақ әлденіп алсын деп отырмыз. Бейшара жасы жиырма бестен асып кетті. Біздің йен дала арқылы үйімізге қайтуымыз керек. Біз енді ертелеп жүріп кетеміз.
— Мұнда қызыл шеке төбелес аяқталып, бір жақты болмай тұрып, сіздер ешқайда кетпейтін шығарсыздар, бауырларым?! Бұл жерде не бітіріп отырсыздар? Одан да бізбен бірге болып, кофе ішіп, нан жеп алыңыздар.
— Сонда сенде нан болғаны ма?
— "Нан болғаны ма?" дегеніңіз не? — деп таңдана сұрады әлгі адам. — Бар болғанда қандай! Иә, иә, бар. Бәрімізге де жетіп артылады. Қане, жүріңіздер.
Ол соншалықты сөзшең әрі жарқын жүзді, ақкөңіл, жолдастыққа адал адам болып шықты. Енді екі шаруа да орындарынан тұрып, оның соңынан еріп жүре берді. Бірақ ол тура жолмен тіке тартудың орнына, кісі таң қаларлықтай қайдағы бір бұралаң-бұралаң қисық жолдармен бастап келеді. Оқтын-оқтын кідіріп, жан-жағына кезек-кезек көз тігеді. Осылай келе жатып, бұларды екі жерде тоқтатып, азырақ күте тұруды өтінді, өзі бір үйдің сырт жағына жүгіріп барып қайтты.
— Сайтан алсын түге! Адамның күлкісі келеді екен, — деді ол — Жұрттың бәрінің үрейленгені сонша, әйел біткен ас үйлердің есігін тас қылып бекітіп тастапты.
Ол осы әрекетті әлдебір қызық нәрсе сияқты көргендей, қарқылдап тұрып күлді. Бірақ Бьяртур мен оның ұлы мұның несі күлкілі екенін түсінбеді — күлген жоқ. Әлгі бейтаныс адам полиция туралы, ауа райы туралы, әйелдер туралы әңгімесін жалғастыра берді. Ойына келгенін жасырмай айтудан жалықпады.
— Меніңше, — деді ол, — біздің мына заманымызда әйел алу, үйлену — барып тұрған ақымақтық!
— Неге? — деп сұрады Бьяртур.
— Иә, қып-қызыл ақымақтық! — деді әлгі бейтаныс адам, өзінің сөзін өзі қостап. Сөйтті де үйреншікті әдетімен тілін таңдайына шырт еткізді.
— Ондай болғанда үйленбей-ақ қойғаның керек еді ғой, — деді Бьяртур.
— Сіз тыңдай беріңізші. Мен осында бір ержүрек батыл жігітпен сөйлесіп қалып едім, ол былай деп, ашына шынын айтты: "Өкімет орындары еңбек адамдарын мұндай қайыршылық қыспағында қинап, тірі ұстағанша қырып тастаса, әлдеқайда жақсы болар еді!"
— Қайдағы жоқ бос сөзді айтып тұрсың, — деді Бьяртур.
— Жо-жоқ, бос сөз емес, — деп жалма — жан жауап қатты ол — Бұл — барып тұрған ащы шындық. Мен де солай деп ойлаймын. Қатардағы қарапайым адамдар қазіргі тәртіпке бейім емес. Олардың қылмыс жасау қолдарынан келмейді. Алаяқ адамдар ғана жақсы өмір сүре алады бұл заманда.
Бьяртурге бұл сөздердің астарын, мән — мағынасын түсіну қиын еді. Сондықтан да ештеңе деп жауап қатқан жоқ.
— Әттең, қолымызда қару жоқ! — деп, сөзін өкінішпен жалғастырды әлгі бейтаныс адам. — Егер қаруымыз болса, біз олармен тіпті басқаша сөйлесер едік. Ал әзірше күрек пен кетпеннің саптарын ұрлап, сойыл сайлап жатырмыз. Сонымен-ақ сұлатып саламыз. Ал егер олар қаруланып келетін болса, онда, әрине, соз басқа... Осы жерде сәл ғана тоса тұрыңыздар. Мынау үйде бір әйел тұрушы еді...
Ол көзді ашып-жұмғанша аласа үйдің арт жағын айнала беріп, жоқ болып кетті. Үйдің терезесі алдында гүл өсіп тұр екен. Оның жанында — тауық қамайтын кетекхана. Арада аз ғана уақыт өткенде әлгі бейтаныс бір жақтан секіріп түсті. Қолында дәу қара бөлке наны бар.
— Шегеге жырғызып алғанымды қараңыздаршы, — деді ол қолындағы жараның қанын бір жалап қойып. — Бірақ түк те етпейді. Қане, енді жүріңіздер.
— Мен сені бұл нанды ұрлап алған жоқ шығар деп ойлаймын. Солай ма?
— Айтатын әңгіме толып жатыр! — деді әлгі адам тілін таңдайына тағы да шырт еткізіп. Сөйтті де нанды шалбарының ішіне тығып жіберіп, сыртынан көйлегінің етегімен жаба қойды. — Ештеңе етпейді, бұл әйелдің бірнеше хуторы бар. Оның үстіне, пастордың жесірі.
Бьяртур кілт тоқтады да былай деді:
— Мен бармаймын.
— Жоқ, барасыз, — деді әлгі адам. Барасыз да ыстық кофе ішесіз. Мына ғажайып бөлкені бөлісіп жейміз. Бұл нанның мен айтқан жесір қатынға мүлде қажеті жоқ екен.
— Мен өз өмірімде ұрлық жасап көрген емеспін, — деді Бьяртур.
— Ұрлық жасаған адамды жасырып та көрген жоқпын.
— Мен де солаймын, — деді әлгі адам. — Егер сені жан-жағыңнан тонап, қанап жатса, онымен де қоймай, атып, асып, қырып салатын болса, басқа қандай амалың бар? Капитализм кешегі соғыста өз қара басының қамын жеп, мүддесін көздеп, он миллион адамды қырып салған жоқ па? Оған қарағанда бір бөлке нанда тұрған не бар тәйірі!? Капитализм қолынан ұрлық келмейтіндерді барынша аяусыз жазалайды. Олай болса, ұрлық істегеннің несі айып? Түрмеде отырып шыққандардың айтуынша, ең рақат өмір сонда көрінеді. Ал мына мен айтқан қатын өз хуторларында тұратындардың қаққанда қанын, соққанда сөлін алады — жалақы салығын ең ақырғы эйриріне дейін түгел жинап біткенше жаны жай таппайды. Сіз сияқты хутор иесі болғанша, онда түрмеде отырғанның өзі артық. Менің кәміл сенімім бойынша, адам өзін неғұрлым еркін сезінеді — нағыз өз еркі өзіндегі, ешкімге тәуелді де, қарыз да емес, дербес адам деп соны айту керек! Қане, бауырларым, қозғалайық. Кофе де қайнап тұрған шығар, тезірек барайық. Бұл өмірде капитализмнен басқа ешқандай ұры жоқ. Соны түсініңіздер.
Баракта он ба, он екі ме жұмысшы отыр екен. Қоңырсып, бықсып жанған кішкентай керосин пештің үстінде кофе қайнап тұр. Қайнаған ыстық су да дайын. Ішке кіріп келгендер кофенің мұрын жарар хош иісін бірден сезді.
— Бұлар қай жігіттер?
— Қай жігіттер екенін қайдам, — деп жауап қатты әлгі бейтаныс адам. — Әйтеуір жол бойында темекі шайнап отыр екен. Оның мұнысы соншалық дәл жауап болмады. Өйткені бұлар темекі емес, көк шөп шайнап, тістеріне талғажау етіп отырған болатын. — Содан мен бұларды кофе ішуге шақырып келдім.
— Сен өзің нан әкелдің бе?
— Иә, иә, нан жетеді. Қане, бауырларым, кіре беріңіздер!.. Ал, сендер, бұларды қауіптенбей қабыл алыңдар. Өйткені бұлар да капитализмге қарсы екен.
Үй ішіндегілер қонақтарды төрге шақырып, сәкі-төсекке шығып отыруды ұсынды. "Бұлар кім өзі?" дегендей, шеттерінен қадала қарай бастады. Олардың біреуі Жазғы мекен иесі Бьяртур туралы естіген болып шықты. Оның құрылыс салғанын да, осыдан бірнеше күн бұрын ол хутордың қарызынан құтылу үшін өткізілген бәсеке — сауда кезінде пышақ үстінен сатылып кеткенін де біледі екен. Отырғандардың бұл жөнінде егжей-тегжейлі сұрап білгісі-ақ келіп еді, бірақ Бьяртур жарытып ешнәрсе айтқан жоқ. Оған бір шыны аяқ кофе құйып еді, оны алғыс білдіре қабыл алды. Ал мәселе нанға келіп тірелгенде ол енді іштей ашу-ызаға тағы кенелді. Өйткені бұл ұрланған нан, басқа біреудің несібесі болатын. Егер ақшасы болса, қымбат бағасын-ақ сатып алар еді. Бірақ оған ақшасы жоқ. Гвендур нанның үлкен бір бөлігін қолына ала беріп, әкесіне бұрылып қарады.
— Бұл үшін мен емес, өзің кінәлісің, өзің жауап бересің! Өз обалың — өзіңе, — деді Бьяртур.
— Бьяртур, сіз өзіңіз-ақ айта қойыңызшы, — деді бір жас жігіт. Оның адам таң қаларлық ашық көз қарасы мен шырайлы жүзі әсерлі көрінді. — Сіз орыс шаруаларының мұндайда не істегенін білесіз бе?
Бьяртур жауап қатпады. Үнсіз отыра берді. Жас жігіт сөзін жалғастыра түсті:
— Олар есте жоқ ерте заманнан бері йен даладағы жабайы мысықтар сияқты немесе, дәлірек айтар болсақ, мына сіз тәрізді, өзге де Исландия хуторының иелері сияқты өз еріктері өздерінде, емін-еркін еңбек етіп келген дербес жандар еді. Капитализм оларды аяусыз тонаудың астына алды, ұрып-соқты, атып-асып өлтірумен болды. Осыдан сегіз жыл бұрын капитализм өзінің мүддесі үшін соғыс өртін бұрқ еткізіп, оларды көшедегі бұралқы иттер сияқты қырып-жоя бастады. Сөйтіп үш жыл бойы кескілескен қанды қырғынға душар етті, тіпті кейбір күндері екі жүз мың адамға дейін опат болды. Ақырында орыс шаруаларының төзімі таусылып, шыдай алмады. Олар өздерінің сенімді одақтас жолдастары — қаладағы жүмысшылармен тізе қоса бірігіп, капитализмнің күлін көкке ұшырды, орыс патшасын тағынан тайдырып, өлтіріп жіберді. Олар капитализмнің өздерінен тонап алған дүние-мүлкін кері қайтарып алды. Жаңа қоғам құрды. Енді ол қоғамда біреудің еңбегін біреу қанап, ешкім де белшесінен байлыққа бата алмайтын болады. Ол ұжымдық қоғам деп аталады.
— Мәссаған! — Бьяртур кенеттен күліп жіберді. — Яғни орыс патшасының саудасы бітті десеңші! Солай ма?
Сөйтті де Бьяртур енді мына отырғандарға өз өмірі туралы, тіпті өмір бойы тірнектеп жиған-терген дүние-мүлкінен қалай айырылып қалғанына дейін айтып берді.
— Қане, жігіттер, маған да бір жапырақ нан беріңдерші, — деді ол ақырында, айнала төңірегіндегілердің бәрінің де ауыздарын қимылдатып, рақаттана нан жеп отырғанын көріп. Бұл кезде үлкен бөлкенің жартысы ғана қалған еді. Бұған қалыңдау етіп нан кесіп берді. Нан ғажайып дәмді екен.
— Иә, олар, бәлкім, мен үшін де кек алар, — деді Бьяртур, аузына бұралақтата нан асап отырып. — Сонда бір кезде сонау бір қияндағы шығыста, Миклагардта, Алып Греттир үшін кек алғаны сияқты болып шығар еді. Сөйтіп ол бәрібір Исландия тарихындағы ең үлкен ұлы адам саналып келеді ғой. Сол сияқты мен де...
— Қоя тұр. Сен әлі өлген жоқсың ғой, — деді егде жұмысшылардың біреуі. — Ертең сен бізбен бірге жаумен шайқасатын боласың.
— Жоқ, — деп үн қатты Бьяртур. — Мен басқа учаскеге жетуге тырысамын. Менің мұнда теңіздің жырым-жырым жағалауында жүріп жаумен жағаласатын уақытым жоқ.
— Сәті келген бір күні еңбекшілер ұрылар мен жендеттерді өз желкелерінен лақтырып тастайтын болады, — деді отырғандардың біреуі. — Сол кезде сен бізге көмек қолын созбай, кетіп қалғаның үшін өкініп жүрмейсің бе?
— Мен әрқашан өз еркім өзімдегі, ешкімге тәуелсіз дербес адам болып келдім, — деді Бьяртур. — Менің өз жеріме өзімнің ие болғым келеді. Осыдан таң ата бере, кәрі бием Блеси отта жүріп тойынған бойда, Урдарсельге шұғыл түрде жүріп кетемін. Бұл — менің берік шешімім. Ал Гвендурдың сендермен бірге қалуына болады. Егер сендер қарғыс атқан редсмириліктерді таяққа жығып, жеңіп жатсаңдар, оған мен титтей де өкінбеймін. Гвендур, сен менің сөзімді тыңда. Сенің мына жігіттермен бірге қалуыңа болады. Кім біледі, жыл бойы армандап, сарыла сағынған Америкаңа, бәлкім, осы жігіттердің арқасында қол жеткізетін боларсың.
Кофе ішіліп болғаннан кейін біреулер ән салды, өзгелері жатып, дем алуға жинала бастады. Олар киімдерін шешінбестен, ағаш кереуетттердің үстіне екеу-үшеуден жата-жата кетісті. Кереуеттердің үстіндегі бірнеше алба-жұлба жамылғы олардың бәрінің бірдей жамылуына жетпейтін еді. Бірақ Гвендурға да жата кетуді ұсынды.
— Егер біз жеңіп шықсақ, бұған да жұмыс табылады, — деді жұмысшылар. — Біз мұны өзіміздің одағымызға мүшелікке қабылдаймыз.
Көп ұзамай бәрі де тынышталды, жата — жата кетісті. Бьяртур да жатты. Бірақ оның жүрегі айныды құсып жіберемін бе деп қорықты. Жүрегін айнытқан, әрине, ұрланған нан еді. бірте-бірте басылды-ау, әйтеуір. Алайда кірпігінің ілінетін түрі жоқ. "Қайдағы бір қағынған ұры-қарылардың қамауына тап болған жоқпын ба осы?" деген ой маза бермеді. Бұлар — нағыз күш қолданушылар, қанды қол қарақшылар. Ертең өкімет билігін құлатып, елдің бүкіл байлығын тонайтындар болып жүрмесе, не қылсың?! Ол өз ұлын осындай қарақшылардың ортасында қалдырып кетуге шешім қабылдаған кезде тым асығыстық жасаған жоқ па өзі? Басында бостандығы бар адам мен мынадай қарақшылардың немесе олардың балаларының арасында қандай ортақ қарым-қатынастың болуы мүмкін? Бұл қандай сайтан азғырып, осыларға тап болды екен? Жаңа хуторға кеше ғана ие болған, өз еркі өзіндегі, ешкімге тәуелсіз дербес адамның мұнысы қалай?! Бірақ екінші жағынан, бәлкім, нағыз әділ адамдар осылар шығар? Егер осылай болып шықса, онда бұлар — мұның өз өмірінде көрген бірден-бір әділ жандар. Қалай дегенде де екінің бірі: не өкімет орындарында әділдік бар — онда мыналар нағыз Құдай атқан қылмыскерлер, не бұл адамдарда әділдік бар — онда өкімет орындары барып тұрған қылмыскерлер. Мұндай аса күрделі мәселені бір ғана қысқа түнде шешіп тастау тым қиын еді. Бьяртур мына ортаға қалай душар болғанына тағы да қатты өкінді. Ұрланған нан жегеннен енді оның іші бүріп ауыра бастады. Ол өз өмірінде ең бір ауыр соққы жеп, оңбай жеңілгендей сезінді. Өзінен-өзі ұялып, қиналғаны сонша, тіпті қаны басына теуіп, беті қызарып кетті. Міне, енді ол ақырын ғана тысқа шығып, қазір өзін соншалықты қорынтып жатқан әлгі нанды құсып тастауды да ойлады. Бірақ, неге екенін қайдам, олай еткен жоқ. Қимылсыз жата берді. Айнала төңірегіндегілер әлдеқашан қорылдап, ұйқы соғып жатқан болатын.
ЖЕТПІС БЕСІНШІ ТАРАУ
ОРЫС ПАТШАСЫ ТАҒЫНАН ТАЙДЫ
Сөйтіп жатып, ақырында Бьяртур да ұйқыға кетті. Ол оянып, көзін ашқан кезде барактың іші жап-жарық екен. Таңертеңгі күн сәулесі ашық қалған есіктен сығалап тұр. Ол орнынан көтеріліп, күнге қарады. Қазір, шамасы, сағат алтының кезі болуы керек. Тапжылмай үш сағат ұйықтапты. Ал жұмысшылар әлі қорылдаған ұйқы құшағында жатыр. Кеше кешке жеген ұрланған нан да, кофе ішіп отырғанда болған әңгіме де Бьяртурға әлдебір елес сияқты. Бейне бір өзіне мүлде лайықсыз түс көргендей болды. Бір таң қаларлық нәрсе — осының бәрі де бір өзінің басында болған сияқты. Бьяртурдың арқасы ауырып, бүкіл сай-сүйегі сырқырайды, тұла бойынан жаны кетіп, ұйып қалғандай. Әңгімені қойшы, ондай әңгімелерді кім естімейді, бәрі де естиді... Бірақ мәселе мына қарғыс атқырлардың жегізген нанында болып тұр ғой. Кенет мұның есіне өзінің ұлын осыларға қалдырып кетуге уәде еткені түсті. Сонда мұның басы не жұмыс істеген? Әлде мұның ішкен кофесіне сиқырлы дуасы бар бір нәрсе қосып берді ме екен? Ол барақтың табалдырығын аттай бере біресе сыртқа, күнге қарады, біресе әлі ұйықтап жатқандарға қарады. Ұлымды өзіммен бірге қалай алып кетсем екен деп ойлады. Содан соң аяғының ұшымен басып, бір бөлмеден өтіп барып, ұлын өзгелерге сездірмей оятпақ болды. Жас жігіт Гвендур екі жұмысшының ортасында емін-еркін ұйықтап жатыр екен. Екі жұмысшының екеуі де шомбал, ірі денелі, жауырындары қақпақтай, әбжіл қимылдай алатын, бұғақтары білеудей, әлеуетті қолдарын күс басқан қарулы жігіттер көрінді. Қабырғаға кетпен мен күректің бірнеше сабы сүйеулі тұр. Бьяртур өз ұлының мына екі қарулы жігіттің ортасында рақаттана ұйықтап жатқанын көріп, оның ұйқысын бұзғысы келмеді. Тіпті оны осы жерден алып кетудің де қажеті жоқ шығар деген ойға қалды. Ол ұйқысынан оянғанда өзінің мынадай жігіттердің ортасында жатқанына қуанатын болады деп білді. Өйткені күні ертең бүкіл елдің иелері де, оны басқаратындар да тап осылардың өздері болмай ма?! Ал егер Ингольв Арнарсон шақыртқан жан алғыш қарулы жендеттер жетіп келіп, бұлардың бәрін де, соның ішінде мұның ұлын да, атып өлтіріп кетсе ше? Сонда не болмақ? Сондықтан да өзінің ұлын оятып, тып-тыныш таудың ішіне алып кеткені жақсы емес пе? Әйтпесе ертең оны көшенің қақ ортасында қаңғыбас бұралқы ит сияқты атып өлтіріп кетеді ғой. Бьяртур бұл ұлын әрқашан жақсы көретін. Бірақ онысын баласына тіпті білдірмейтін. Рас, Гвендур Америкаға енді болмаса кетіп қала жаздаған еді. Бірақ оның санасында өз еркі өзіндегі, ешкімге тәуелсіз дербес адам болуға деген асыл арман берік орнықты да, өз отанында әкесімен бірге қалып, барлық қиындықты жеңіп шығуға бекем бел буды. "Несі бар, — деп ойлады Бьяртур, — мен бұдан бұрын да талай ұлымнан айырылған едім ғой". Сөйтті де ол Редсмиридегі зиратқа жерлеу үшін жәшікке салып, өзі арқалап алып барған жас нәрестелерді де, өз еркі өзіндегі, ешкімге тәуелсіз дербес жан болу жолындағы күрестің барысында айырылып қалған ұлдарын да есіне алды. Мұның соңғы ұлының да өмірден солай өткені әлдеқайда жақсы! Егер менің жалғыздықтан қорқып күресуге батылдығым жетпесе, онда менің өз еркім өзімдегі, ешкімге тәуелсіз дербес адам болғаным қайсы! Асмундтың ұлы Греттир үлкен жолдың бойындағы үйсіз-жайсыз жүрген қарақшы емес пе еді?! Ол өзін Дрангей деген жерде өлтіргенше он тоғыз жыл бойы Исландия тауларын кезіп жүріп-ақ күн кешті ғой! Оның кегі дүние жүзіндегі ең үлкен қала саналатын Миклагардта алынғаны белгілі. "Мүмкін уақыт өте келе менің де кегімді алушылар табылып қалар, — деп ойлады Бьяртур. — Бәлкім, менің кегім де үлкен бір қалада алынатын болар". Ол орыс патшасының тағынан тайғанын кенеттен есіне алды және бұл жағдай оны қуантты. Мұны естісе, Утиредсмиридегі Иоун шал не дер екен енді?
Бьяртур ұйқыдағы ұлын оятпауға бел буды да барактан, аяғын ақырын басып, шығып кетті.
Бьяртурдың отқа қойған биесін тауып алып, жолға шығатын уақыты әлдеқашан өтіп кеткен еді. Бірақ ол әлі қыбыр етіп, ерсілі-қарсылы жүріп жатқан жан жоқ балықшылар кентін аралап келе жатты. Анда-санда бір кездескен карт балықшының берген сәлеміне самарқау жауап қатады. Олар ұйқыларынан енді ғана тұрып, алақандай ғана бақшаларында оны — мұны шаруаларымен айналысып жүрген еді — бірі балық аулайтын ауларын көгалға жайып тастап, не таңертеңгі күннің көзіне кептіріп, не сетінеген жерлерін жамап-жасқап әуре болуда. Бьяртур кенеттен Фьордқа кіре беріс бір шеттегі ығы — жығы сығылысқан ұсқынсыз лашықтарға қарай бұрылды. Қаланың бұл бөлігі Сандейр деп аталады екен. Бьяртур бұл жерде бұрын-соңды болып көрмесе де кейбір тұрғындарды білетін еді. Бірқатар әйел ерте тұрып, қапшықтарын үйдің қабырғаларына қаққылап жүр. Ол бір лашықтың жанында жиналып тұрған бір топ жұмысшыны көрді. Бірақ олардың ешқайсысы да Бьяртурға назар аударған жоқ. Бұл оларды, шамасы, жиналысқа келген біреулер шығар деп ойлады.
Жолдың жиегінде тыриған арық жап-жас қыз балшықтан бәліш пісірген болып, ойнап отыр екен. Бьяртур оның жанынан өтіп бара жатқан кезде әлгі қыз орнынан тұрып, қолын көйлегінің етегіне сүрте бастады. Жас шамасына қарағанда аяғы тым ұзындау екен, қолдары да сондай. Жас балаға тән емес беті-жүзінен әжептәуір есейіп, біраз нәрсені біліп қалғаны байқалады. Ол Бьяртурға қарап еді, бұл оның біреуі тіп-тіке, екіншісі, сәл қитарлана қараған көздерін танығандай әсер алды. Сөйтті де тоқтай қалып, оған қадала қарады. Ойбай-ау, мынау жас кезіндегі Ауста Соуллильяның дәл өзі ғой!
— Не дейсің? — деп сұрады Бьяртур. Өйткені қыз бұған бір нәрсе дегендей, әлдебір дауыс естілгендей болған еді.
— Мен сізге ешнәрсе деген жоқпын, — деп жауап қатты қыз.
— Байғұс балам-ау, сонша неге ерте тұрғансың? Сағат енді ғана алты болды ғой.
— Мен ұйықтай алмадым — көкжөтел ауруым бар. Шешем маған далада, таза ауада болғаның жақсы дейді.
— Мәссаған, көкжөтел ауруың бар екен ғой. Қалай ауру болмайсың, қалай көкжөтел қысып қиналмайсың?! Үстіңдегі көйлегің де жұп-жұқа.
Қыз ешнәрсе деп жауап қатпады. Балшық бәлішін жасаумен қайта айналыса бастады. Бьяртур не дерін білмей, желкесін қасыды.
— Солай де, менің сүйікті Соулам, — деді ол — Қандай аянышты едің!
— Менің атым Соула емес, — деп қарсылық білдірді қыз.
— Ал сонда сенің атың кім болғаны?
— Менің атым Бьорт, — деп біртүрлі мақтанышпен жауап қайтарды ол
— Солай-ақ болсын, сүйікті Бьорт, — деді Бьяртур. — Онша айырмашылығы жоқ.
Бьяртур жолдың жиегінде отырып, қыздан көзін алмай қарай берді.
Бьорт ескі эмаль тостағанға салынған құмды тастың үстіне қойды да оның пісуін күтті.
— Бұл — Рождество бәліші, — деді ол күліп қойып, әлгі әңгіменің жалғасуын қалағандай.
Бірақ Бьяртур ештеңе деген жоқ. Қыздан көз алмай, оған қарады да отырды.
Ақырында қыз орнынан тұрды да, одан былай деп сұрады:
— Сіз мұнда неге отырсыз? Маған неге қадалып қарай бересіз?
— Екеуіміздің енді шешеңе барып, кофе ішетін уақытымыз болған жоқ па?
— Біздің үйде кофе жоқ, — деп жауап қатты қыз. — Тек су ғана бар.
— Жарайды, қазір көп адам суды да қанағат етеді.
Қызды жөтел қыса бастады. Оның түсі қашып, көгеріп сала берді. Қашан жөтелі басылғанша жер бауырлап жатып алды.
— Сіз неге әлі осында отырсыз? — деді ол, ұстамалы жөтелі басылғаннан кейін. — Неге кетіп қалмайсыз?
— Менің сендермен бірге су ішкім келіп отыр, — деді Бьяртур, тұспалдамай, турасын айтып.
Қыз оның бетіне таңдана сынап қарады да:
— Онда жүріңіз. Үйге барайық, — деді.
Егер бұл бүгінгі өткен түні басқа біреудің несібесін, оның үстіне, ұрланған нан жеген болса, енді мына кішкентай қыздың қолынан неге су ішпеске? Ол қоршаудан аттап өтті де қызбен бірге жұпыны лашыққа қарай беттеді.
Бьяртурдың бүгінгі ұзаққа созылып, әрең дегенде аяқталған түндегідей және бүгінгі шуағы мол таңдағыдай ешқашан рухы қашып, абыржып көрген емес еді. Бұған қарағанда, өзін әлі өз еркі өзіндегі, ешкімге тәуелсіз дербес адам деп атаудың өзі күмәнді сияқты.
Шағын ғана төрт шаршы көзі бар терезе айқара ашық тұр екен Оның төрт көзінің біреуінде ғана бүтін әйнек бар, екеуіне қапшық тұтылыпты, төртіншісіне тақтай қағылыпты. Бьорт жол бастап, алда келе жатты. Бөлмеге бір кезде кәдімгі қаладағыдай етіп, түсқағаз желімдеп жапсырылған екен. Қазір оның әлдеқашан зең басып, әбден қарайып кеткені, жұлым-жұлымы шыға жыртылғаны көрініп тұр. Бір кереуетте осы үйдің иесі, егде тартқан жасамыс әйел, ал екінші кереуетте Ауста Соуллилья кішкентай бөбегін құшақтап жатыр екен. Терезесінің алдында бір жәшік, аяғы сынық орындық және үстел тұр. Үстел үстінде керосинмен жанатын шам.
— Сен қайтып келіп қалдың ба? — деп сұрады Ауста Соуллилья, есіктен кіріп келе жатқан қызын көрген бойда. Сөйтті де төсегінен тұра бастады. Жүннен тоқылған көйлегінің омырауындағы ойығынан солып, салбырап қалған қос емшегі көрінді. Шашы ұйпалақтаныпты. Өзі әбден жүдеп, боп-боз болып, өңі қашып кетіпті. Ол Бьяртурды көргенде көзі бадырайып, шарасынан шығып кете жаздады. Ол мына көріністі көз алдынан ысырып тастағысы келгендей басын қайта-қайта кері сілки берді. Өз көзіне өзі сенбеді. Бірақ бұл қайдағы бір елес емес, нақты көріністің тап өзі еді. Бөлмеде Бьяртур тұр. Иә, бұл — соның дәл өзі!
— Әке! — деп айқайлап жіберді Ауста. Сөйтті де ауаны қомағайлана қайта-қайта жұтты. Ол Бьяртурға қарап, аузын ашып қалды. Көздері үлкейіп, дөңгелене түсті, қарашығы ұлғайып сала берді. Беті-жүзі жұмсарғандай болып көрінді. Ол осы бір ғана минөттің ішінде едәуір толығып, қайта жасара түскендей еді.
Ауста өзін-өзі ұмытып:
— Әке! — деп шыңғырып жіберді.
Ауста белдемше көйлегін асығыс көтеріп, жоғары тарта түсті, екі жамбасының етегін сипап тегістеді. Төсегінен атып тұрған бойы жалаң аяқ, жалаң бас әкесінің құшағына қарай тұра ұмтылды. Оның мойнынан құшақтай түсіп, өзінің бетін Бьяртурдың көкірегіне басып, сақалының астына тыға берді.
Иә, бұл — соның тап өзі. Ауста бетін өзінің сүйікті де үйреншікті жеріне баса түсті. Иә, әкесі Бьяртур келді! Ақырында Ауста басын көтеріп, оның беті-жүзіне қарады да ауыр күрсініп, демін алды.
— Мен сені енді қайтып ешқашан келмейтін шығар деп ойлап едім, — деді ол
— Сен менің сөзіме құлақ сал, байғұс балам, — деді Бьяртур. — Тез қимылда. Суыңды қайнат, балаларыңды киіндір. Мен сені өзіммен бірге алып кетемін!
— Әке! — деп дауыстап жіберді ол тағы да. Ол бейне бір еденге қаққан қазықтай болып тікесінен тік тұрған бойы Бьяртурдан көз алмады. — Жо-жоқ, бұл сенің өзің екеніңе мен әлі сене алмай тұрмын!
Бьяртур оның кереуетіне тақап барды. Ал Ауста оған бұрылып қарап, әлдебір есінен айырылған адамша қадала қараумен болды. Бьяртур ұйықтап жатқан нәрестеге үңіле көз салды. Ол емшектегі нәрестені көрген сайын оған соншалықты аяныш білдіргендіктен жүрегі сыздап қоя беретін.
— Бұл нәресте қандай кішкентай, қандай нәзік! — деді ол — Иә, жалпы алғанда, адам тым әлсіз, тым осал ғой. Міне, мына нәрестеге қарап тұрып, қаншалықты нәзік екенін көрген кезде ғана оның өте осал екенін толық түсіне аласың.
— Мен өз көзіме өзім әлі сене алмай жүрмін, — деді де, Ауста Соуллилья әкесіне тағы да жақындап, оның қойнына тығыла түсті.
— Балам, көйлегіңді киіп ал, — деді Бьяртур. — Біздің жүрер жолымыз ұзақ.
Ауста киіне бастады. Оның өзі де жөтеледі екен
— Сенің қашан кеудең қушиып, сілең қатып, қалжырап бітпей тұрып, қайтып келмегенің қандай өкінішті болды! — деді Бьяртур. — Мен, өзіңе уәде еткендей, саған арнап жаңа үй салып едім. Бірақ оның ешқандай қызығын көре алмадық — бар еңбегіміз босқа кетті. Қазір мен Халбера кемпірден жалға алған Урдарсельде тұрамын.
— Әке! — деді Ауста тағы да. Бірақ бұл жолы осыдан басқа ешнәрсе айта алмады.
— Мен тірі адам өзінің жиған — терген мүлкінен түгел айырылып қалса да ешқашан жеңіліп, берілмеуі керек деп ұдайы ойлап келген едім. Өйткені оның жұтатын ауасын ешкім тартып ала алмайды ғой! Иә, қызым, өмір солай! Ал мен бүгінгі өткен түні өз өмірімде бірінші рет ұрланған нанның дәмін таттым. Онымен қоймай, өз ұлымды мына өкімет билігін құлатуды көксейтін адамдардың арасына қалдырып кеттім. Содан кейін бүгін таңертең қалай да саған келейін деп берік шешім жасадым.
ЖЕТПІС АЛТЫНШЫ ТАРАУ
КӨК ШӨП ҮСТІНДЕГІ ҚЫЗЫЛ ҚАН
— Сенің мұнда көптен бері көрінбей кеткенің қалай, қызым? — деді Халбера кемпір кешке қарай Ауста Соуллилья онымен бірге оңаша қалған кезде. Бұл олардың Жазғы мекендегі ең соңғы қонған түні болатын. Бьяртур азық-түлікті Урдарсельге жеткізуге алып кеткен. — Мен сені әлдеқашан өліп қалған шығар деп ойлап едім.
— Иә, менің өліп қалғаным рас, әжетай, — деп жауап қатты Ауста.
— Қандай тамаша! Менен басқалардың бәрі де өле алады.
— Иә, мен де өлдім, әжетай. Бірақ бір ғажабы — қайта тірілдім.
— Не дейсің? — деп сұрады Халбера.
— Мен өліп, қайта тірілдім.
— Жо-жоқ, қызым. Өлген адам ешқашан қайта тірілмейді.
Халбера теріс айналды да іс тоқып отырған біздерінің басындағы ілмектерді бір қарап қойды. Содан соң өлген адамның қайта тірілуі жөніндегі псалом-дұғаны өз ішінен күбірлеп, шұбырта оқи бастады.
Кешке қарай Ауста балаларын ертіп, шағын өзенге барды. Ол тік бұрышты, көзге қораш сиықсыз үйге таңдана қарады. Оның терезелерінен цементтің жұғындылары байқалады. Терезелердің кейбір көздері сынып, қирап қалыпты. Үйдің айнала төңірегі қазып тасталған. Бұл жаңа үйдің құрылысы болатын. Ол жаңа үйден гөрі соғыстың салдарынан қирап қалған ғимараттың қалдығына көбірек ұқсайтын еді. Мұның, Аустаның, қайтып оралуын күткен үмітпен салынған салтанатты сарайдың бүгінгі сиқы шынымен-ақ осындай болғаны ма? Бір кезде Аустаның өзі де алыстағы теңіз жағасындағы жасыл орман арасында тұрған сәулетті сарай туралы талай рет армандаған. Енді, міне, ол Жазғы мекендегі дөңгелек пішінді, үйлесімді пропорциясы бар аядай тар лашықтың өзіне де зар болып отыр. Осындай лашықпен оның ең қасиетті қасірет шеккен кездері де, ең қымбат тәтті үміттері те тығыз байланысты еді. Бірақ, қалай дегенде де, өзіне таныс сол баяғы орындарында міз бақпастан әлі тұр. Ал Аустаның оларды қайтадан көрмегеніне жүздеген жылдар өтіп кеткен сияқты.
Көл де ез орнында жатыр. Шалшықты балшық та сол баяғы қалпында. Балшықты аралап, баяу ағатын өзен де өзгермеген. Жаздың бір ғажайып кешінде, Иван Купала күнінің қарсаңында, Аустаның ие далаға шығып, кең дүниені көрмек болғаны әлі көз алдында. Бұл күні бейтаныс бөтен біреудің бұған қадала қарағанын, ал мұның нәзік жан дүниесі сол көзқарасты өмір бойы қызыға аңсап тұратындай болып көрінген. Қыздың өмірі Бьяртур Иоунссоның мына үйі мен өз еркі өзінде, ешкімге тәуелсіз дербес адам жөніндегі арманы сияқты әлі басталмай жатып-ақ мерзімінен бұрын быт-шыт болған еді. Қазір бұл — екі баланың анасы. Үшіншісінің де болып қалуы ғажап емес. Бірақ оның бұл жағдайымен ешкімнің де жұмысы жоқ.
Ауста бұл жерге балаларын ертіп келді де: "Менің бұрынғы кішкентай өзенімді көріңдер" деп, олардың беттерінен кезек-кезек сүйді. Ауста қорғаусыз жатқан тау жыныстарына ұқсайтын еді. Оларды жел бұзумен болатын. Ал мұны қорғайтын ешкім де, ешнәрсе де жоқ — Құдай да, адамдар да қорғамайды. Адамдар — олар тіпті бірін-бірі қорғамайды. Ал Құдай ше? Оны кейін, өкпе ауруынан азап шегіп өлгеннен кейін білесің. Бәлкім, құдіреті шексіз Жаратушымыз Аустаның басынан кешкен қайғы-қасіреттерінің бәрін де ұмытпас? Қалай дегенде де ол бүгінгі кеште өзін әлі қартая қоймағандай сезінді. Ол әлі өзінің болашағы, жаңа болашағы туралы армандай алады. Үміт ету — әлі де өмір сүру деген сөз!
Ертеңіне Бьяртур өзінің үй-ішін Урдарсельге алып жүрді. Ол кәрі Блесиге ерінен асыра екі кәрзеңкені айқастыра артты да, оның біреуіне тоқсанға келген Халбера кемпірді, ал екіншісіне әлі жас екі баланы орналастырды. Атты жетегіне алды. Ауста Соуллилья Бьяртурдың өзінің қатарында жаяу жүріп отырды. Олар бірнеше төбеден асып, батысқа қарай бет алды. Соңынан иті жүгіре еріп келеді. Ол көктемнің хош иісі аңқыған әдемі күнінде әрбір итке әрқашан тән әдетпен жол бойында көзіне түскен нәрсенің бәрін де барынша бейқамдықпен түгел иіскелеумен келе жатты. Ал жолаушыларда үн жоқ. Олар иен далада кездейсоқ түнеп, қонып шыққан әлдебір түсініксіз жандарға ұқсайтын еді. Шынында да мұның өзі өмірдің өз иен даласы болатын. Мына жол оның бұдан да меңіреу терең түкпіріндегі бір қиянға тартып бара жатқандай. Бұған өкпелеуге де, шағымдануға да болмайды! Өзіңнің қайғы-қасіретіңе құлай берме, жоғалтқан нәрсеңе бола жылана берме! Бьяртур осы маңдағы ең биік төбенің басына көтерілген кезде өзінің артта қалып бара жатқан аңғарына тіпті бір рет те қайырылып қарамады. Бірақ Гунвердің төбешігі жанынан өтіп бара жатқанда ол тоқтай қалды да, жолдан бұрылып кетті. Бьяртур осыдан бірнеше жыл бұрын Гунвердің құрметіне өзі орнатқан тас ескерткішті қос қолымен қапсыра құшақтап құлатты да, терең шатқалға қарай домалатып жіберді.
Бьяртур енді, шамасы, Гунверді Колумкиллиден бөліп қараудың ешқандай қажеті жоқ екенін түсінген болуы керек. Гунвер онымен қиын-қыстау ауыр жылдарда да, жақсы заман орнағанда да, бірге болды, тіпті қазір де солай. Олар кедей шаруаның үйін тағы да қиратып кетті. Олар ғасырлар бойы қандай болып келсе, қазір де тап сондай. Оның себебін білу оп-оңай. Кедей шаруа да ғасырлар бойы қандай болып келсе, қазір де тап сондай. Шетелдерде болып жататын соғыстар шаруалардың жағдайын бірнеше жыл ғана жеңілдете алды. Бірақ мұның өзі жеңілдік сияқты болып көрінетін жай елес, бұлдыр сағым ғана еді. Кедей шаруа өзінің қайыршылық, жоқшылық азабынан ғасырлар бойы ешқашан құтыла алмақ емес. Адам адамға қамқор қорғаушы бола алмай, бір-біріне қатыгез зұлым жау қалпында қалып келе жатқанда кедей шаруа жоқшылық азабынан көз ашпай, бұрынғысынша тіршілік ете береді. Кедей шаруаның өмірі де, өз билігі өзіндегі, ешкімге тәуелсіз дербес адамның өмірі де, өзінің табиғи сипаты жағынан алып қарағанда, оларды өлтіруді ғана көксейтін өзге адамдардан іргесін аулақ салып, ұдайы қашып жүру ғана болып табылады. Олар бір түнеп шығатын орыннан екінші бір түнеп шығатын орынға, біріншісінен екіншісі өте нашар орынға үздіксіз қашып жүруге мәжбүр. Міне сондай бір кедей шаруаның үй-іші қоныс аударып келе жатыр. Бұлар — осы елдегі өмірді мың жыл бойы жалғастырған отыз ұрпақтың соңғы төрт ұрпағының өкілдері. Олар бұл өмірді кім үшін жалғастырып келеді? Қалай дегенде де өз бастары үшін ғана емес, өздерінің туыстары үшін ғана емес. Кедей шаруалар қатыгез жау шауып, олардың өте ұзаққа созылған қаһарына ұшыраған, дұшпан аяусыз қырып-жойып, біржола жұтатып кеткен елді кезіп жүрген бейшара босқындар тәрізді. Олар заңнан тыс деп жарияланған адамдарға ұқсайды. Сонда олар мұндай халге қай елде душар болған? Қалай дегенде де олардың өз елінде деп айта алмайсың. Шетелдік кітаптарда орасан зор күш-қуатқа ие болған, өйткені күндіз демей, түн демей, өзінің қас жауының егіс даласында дән сеуіп, егін егуге мәжбүр болған адам туралы аңыз айтылады. Жазғы мекеннің иесі болған Бьяртур туралы сага — бүкіл өмірінде бастан-аяқ күндіз демей, түн демей, өз қас дұшпанының егіс даласында қой өсірген адам туралы сага. Міне, өз еркі өзіндегі, ешкімге тәуелсіз дербес адам туралы сага осындай.
Иен дала. Шалшықты балшық. Әлдебір қорқынышты сұмдық дүбір естіледі. Бұл — шатқалға қарай құлап домалап бара жатқан тас ескерткіштің дүбірі.
Енді біраз жүріп асудың үстіне шыққаннан кейін алдыңғы жақтан Утиредсмириді көруге болатын еді. Бірақ жолаушылар олай жүрмей, үлкен жолдан солтүстікке қарай тік бұрылып кетті де, Сандгил иен даласына алып баратын жолсыз соқпаққа түсті. Блесиге артылған жүк сықыр-сықыр етеді. Жас нәресте ұйықтап келеді. Кемпір байғұс көкпеңбек болып қатып-семіп қалған екі қолымен ердің басынан жабыса ұстап отыр. Ол иен даладан, өзінің кездейсоқ бір кезекті түнеп шығар жерінен, араға ұзақ уақыт салып, өз үйіне қайтып келе жатыр.
Олар солтүстікке қарай ұзаған сайын жүру бұрынғыдан да қиын бола түсті: құлама жар көшкінінің үйінділері, жықпыл-жықпыл жылғалар, батпақты жерлер, қирап жатқан тастар жиі кездесті. Ауста Соуллилья аяқ басуға әлі келмей, көк шөптің үстіне құлап түсті. Оның үстіне, жөтелі қатты қысып, әбден қиналды. Ал жөтелі басылған кезде ыңырсып, ыңқылдай бастады. Оның орнынан көтерілуіне әл-дәрмені жетпеді. Бьяртур Блесидің арқасындағы жүгін түсіріп, оны жайылсын деп, отқа қоя берді. Ол балаларды кәрзіңкеден шығарып алды, Халбера кемпірді қолтығынан сүйеп, жер басуына жәрдемдесті. Ал кішкентай Бьорт аяғынан тік тұрып, сұқ саусағын аузына салып алыпты. Шешесіне жаны ашып, қинала қарайды. Ауста Соуллильяға жақын жайғасқан Халбера кемпір әлі емшектегі жас нәрестені екі тізесінің ортасына алып, былай деп әлдилеп отырды:
Гунвер жүріп өткен жерде
Қан сасиды әрқашан.
Ұйықта, қане, балақайым,
Ұйықтай түсші сен тағы —
Азын-аулақ тыныстайын мен дағы.
Бұларды тап осы бесік жырындағы сияқты көк шөптің қызыл қанға боялғаны таң қалдырды. Бәрі де Ауста Соуллильяны күш жинап, орнынан көтерілер деп күтті. Есі шығып абыржыған Бьяртур бір шетке шығыңқырап кетті. Қыз шешесінен "Ауру жаныңды әлі қинап жатыр ма?" деп сұрады. Ол: "Жоқ, ауру қинап жатқан жоқ, тек орнымнан тұруға әл — дәрменім қалмады" деді. Енді Ауста мүлде жүре алатын емес. Ол көк шөптің үстінде жата берді. Бір кезде оның аузынан қан кете бастады. Ол ақырын ғана ауыр ыңқылдап, дем шығарды. Содан соң көзін жұмды. Халбера кемпір оған еңкейе түсіп, көзінің бір қиығымен үңіле қарады.
— Иә, өзім де осылай болатын шығар деп ойлап едім, — деп күбірледі ол — Енді менің тағы бір марқұмның маңдайынан сүюіме тура келетін болды-ау!
Бьяртур бұл жас әйелдің енді ілгері жүре алмайтынын сезген еді. Ол екі бала мен Халбера кемпірді ердің үстінен асыра артылған кәрзіңкелерге қайта отырғызды, ал Ауста Соуллильяны екі қолына көлденең жатқыза көтерді де, Блесиді жетегіне алып, ілгері жүріп кетті. Бұлар және бір биік төбенің басына көтерілген кезде Ауста Соуллилья әлсірей тіл қатып:
— Мен сенімен тағы да біргемін, — деді.
Бьяртур оған былай деп жауап қатты:
— Мойнымнан мықтап ұсташы, менің жайнаған жақсы гүлім.
— Иә, — деп, әзер күбірледі Ауста Соуллилья. — Тірі болсам, әрқашан мықтап ұстаймын. Мен сенің бірден-бір гүліңмін ғой. Сенің өміріңнің гүлімін. Жо-жоқ, мен әлі өле қоймаймын. Жо-жоқ, көпке дейін өлмеймін — өмір сүретін боламын.
Олар ілгері қарай тағы да жолға шықты.
Рейкьяхлид — Лауарватн.
1935 жылдың көктемі.