Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 34 минут бұрын)
Ақтөбеде жұмбақ өлім: Ерлі-зайыптылардың қазасының мән-жайы анықталды

Ақтөбе облысында өткен жылдың қараша айында қала сыртынан өлі күйінде табылған ерлі-зайыптылардың өліміне қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Алғашқыда болжанған нұсқа расталды: ер адам әйелін өлтіріп, кейін өзіне қол салған.

Бұл оқиға Ақтөбе тұрғындарын қатты дүрліктірген еді. 2025 жылдың 20 қарашасында таңертең ет сатып алуға шығып, кейін қала сыртынан өлі күйінде табылған жұптың жағдайы сот отырысында анықталды.

Сот отырысындағы мән-жай

Ақтөбе облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2025 жылдың 20 қарашасында А. (ер адам) Ақтөбе қаласының Богословск тас жолында көлігін басқарып бара жатып, әйелі Ш. екеуі ұрысып қалған. Осыдан кейін А. әйелін қасақана өлтіру мақсатында көлігін тоқтатып, ас үй пышағын алып, артқы орындыққа отырған. Ол әйелінің арқасын аяғымен басып тұрып, мойнын бірнеше рет пышақтап, ауыр дене жарақатын салған. Осылайша, ол қасақана кісі өлтіру қылмысын жасаған. Одан кейін А. жол бойынан арқан сатып алып, көлігімен өндірістік цех ғимаратына кіріп, жабдыққа шығып, өзінің арқанымен асылып қайтыс болған.

Ер адамды мұндай қадамға не итермектегені сотта нақтыланбады. Сотталушының адвокаты сотталушының қайтыс болуына байланысты қылмыстық істі тоқтату туралы өтінішхат берді. Прокурор бұл шешімді қолдады.

Сот бұл істі тоқтату туралы қаулы шығарды.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін жұптың бес бала тәрбиелеп отырғаны хабарланған болатын. Туыстарының айтуынша, олар 20 қараша күні таңертең етке шығып, үйге оралмаған. Сол күні кешке жақындары оларды әлеуметтік желі арқылы іздеуге берген. Кейін полиция ерлі-зайыптылардың мәйітін қала сыртынан тапқан.

Жаңалықтар

Жарнама