Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 сағат бұрын)
Шымкентте әкімге тиесілі деп болжанған бейнежазбаға байланысты тексеру басталады

Әлеуметтік желіде Шымкенттегі аудан әкіміне тиесілі болуы мүмкін деген күдікпен тараған бейнежазбаға қатысты тексеру жұмыстары басталады. Видеода ер адамның белгісіз азаматты бірнеше рет итеріп, ұрып жатқаны байқалады.

Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеода не көрінеді?

Желіде тараған кадрларда спорттық киім киген, қала аудандарының бірінің басшысына ұқсайтын ер адамның екінші бір азаматты бірнеше рет итеріп тұрғаны байқалады. Зардап шеккен адам қарсылық көрсетпеген. Жазбаға қарағанда, оқиға спорт алаңында болған.

Әкімдіктен мәлімдеме

Қала әкімдігінің баспасөз қызметі бұл видеоға қатысты пікір білдірді.

«Әлеуметтік желіде қала аудандарының бірінің әкімі қатысқан болуы мүмкін деген күдікпен видеожазба таралуда. Осы факті бойынша, оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты және объективті анықтау мақсатында қызметтік тексеру басталатынын хабарлаймыз. Қала әкімдігі заңдылық, қызметтік этика қағидаттарын ұстанады және кез келген заңсыз әрекеттерге жол бермейді», - деп хабарлады әкімдік.

Баспасөз қызметінің хабарлауынша, егер таратылған видеода көрсетілген фактілер расталса, ел заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады.

«Тексеру аяқталғанша, алдын ала қорытындылардан аулақ болуды сұраймыз», - деді әкімдік өкілдері.

Әкімдік тексеру нәтижелері туралы қосымша хабарлайтынын мәлімдеді.

Жаңалықтар

Жарнама