Қазақ баланы «бақыттың басы» санаған. Сондықтан бала дүниеге келгеннен бастап, оның өміріндегі әр белес — шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, сүндет тойы — батасыз өтпейді.
Бұл бөлімде жаңа туған бөбекке, ұл балаға, қыз балаға арналған баталар мен сүндет тойында айтылатын тілектер жинақталған.
Шілдеханада айтылатын тілек
Басталыпты өмірдің көші, міне,
Бөлейікші бөбекті бесігіне.
Салт-дәстүрін ұлтының біліп өссін,
Жігіт болсын лайықты есіміне.
Уілдейді бесікте шіркін, үміт,
Бола алмайды бесіктой бұл күн ұмыт.
Тәлімінен қазақтың өнеге алып,
Әдебі мен өссінші ғұрпын ұғып.
Көзін салсын бесіктен бұл ғаламға,
Биіктер көп қос қанат талмағанға.
Түзу өссін тал бойы, ұйқы қанып,
Шаршамасын ғаламды шарлағанда.
Бабасының бесік бұл тері сіңген,
Қазақ болсын бесікке белі тиген.
Ақ бесікті анасы тербетеді,
Болып өссін азамат елі сүйген.
Оң қолымен бесікті тербет, келін,
Әлдимен сездір өмір өрнектерін.
Дариды екен бесіктен құт — береке,
Тілейін саналы ұлан ер жеткенін.
Жас балаға бата
Балаларға бақ қонсын,
Періштелер жақ болсын!
Кілең бестік сыйлансын,
Имандылыққа илансын!
Биікте қалықтасын,
Оқудан жалықпасын!
Ауырып — сырқамасын,
Үлестен құр қалмасын!
Өнерге құштар болсын,
Талантын ұштар болсын!
Кітапқа құмар болсын,
Халқына ұнар болсын!
Өмірде сыйлас болсын,
Өкпеге қимас болсын!
Құдайым қуат берсін
Көңілге шуақ берсін!
Қаламы жорғаласын,
Бестікті дорбаласын!
Күндей боп күлімдесін,
Сындардан сүрінбесін!
Мұраттас болсын — дағы,
Жарқырап жансын бағы!
Құлашын кеңсермесін,
Бос жүріп теңселмесін!
Алысқа көзін тіксін,
Ақ бата сөзімді ұқсын!
Мақсаты зордан болсын,
Еліне қорған болсын!
Ақ сүтті ақтар болсын,
Отанға мақтан болсын!
Ұстазын ұлықтасын,
Осыны ұмытпасын!
Әумин!
Ұл балаға бата. Фариза Оңғарсынова
[Редакция ескертуі: бұл мәтіннің авторы — Фариза Оңғарсынова. Авторлық құқық күшінде. Жарияламас бұрын дереккөзді көрсетіңіз немесе құқық иесімен келісіңіз.]
Фариза Оңғарсынова
Қарияларға бата
Түндерің тыныш болсын,
Үйлеріңе ырыс толсын!
Келіндерің есті болсын,
Ұлдарың сесті болсын.
Балаларың қуаныш әкелсін,
Немерелер жұбаныш әкелсін.
Орындарың төр болсын,
Дастарқандарың мол болсын.
Қатарларың көп болсын,
Уайым — қайғыларың жоқ болсын.
Жастардың қазасын көрмеңдер,
Зұлымдардың жаласын көрмендер!
Еліңде бірлік болсын,
Жарасты тірлік болсын!
Әумин!
Ұл балаға бата
Жүсіптің дидарын берсін,
Мұхамбеттің иманын берсін,
Жанына даланың кеңдігін берсін,
Әзірет Әлидің ерлігін берсін.
Абылайдың байрағын берсін,
Бауыржан батырдың айбарын берсін!
Еліне ырыс — құт орнасын,
Жеріне тыныштық орнасын!
Өсек — аяңның құрбаны болмасын,
Озбырлардың шұлғауы болмасын!
Алыс жолдарда,
Қалың орманда,
Тайғанақ құздарда,
Шатқалда, мұздарда,
Көлденең келер қазадан,
Жазықсыз төнген жазадан,
Әулие — әнбиелер қорғасын,
Ата — баба рухтары қолдасын!
Әумин!
Қыз балаға бата
Талдай бой берсін,
Сұңғыла ой берсін,
Жаздай жамал берсін,
Қардай жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын,
Нәзік жаны болсын,
Елінің ары болсын,
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
Жас жұбайларға бата
Сезімнің пәктігін берсін,
Көңілдің ақтығын берсін,
Жылулы отбастарыңа
Сәбидің шаттық үнін берсін!
Пейілдерің тарылмасын,
Есіктерің жабылмасын,
Шаршап — шалдыққандар
Төрлеріңде дамылдасын!
Көлденең кеселден сақтасын,
Күңкіл өсектен сақтасын,
Дау — жанжалдан сақтасын,
Достан көңіл қалғаннан сақтасын!
Шайтанның азғыруынан,
Елдің жазғыруынан сақтасын!
Асып — тасқаннан сақтасын,
Алшаң басқаннан сақтасын!
Отауларың елге сән болсын,
Өмірлерің бал болсын,
Бибі Фатима анамыздың
Аруағы өздеріңе жар болсын!
Әумин!
Жақсы адамның белгісі –
Адалдықтан аттамас,
Аңқауларды даттамас,
Қара бастың қамы үшін
Жазықсыздың намысын
Біле тура таптамас,
Білегінен сескеніп
Биліктіні жақтамас.
Жақсы адамдар бір — бірін
Жәбірлемес, жасқамас,
Жау қолына тастамас.
Бақ, билікке таласқан
Өтті талай шақша бас.
Ондайды елі мақтамас.
Көргенді елдің бірлігі
Ошағынан басталар,
Сыйлас, сырбаз тірлігі
Қосағынан басталар.
Тату болса ағайын
Жаулары да жасқанар.
Бірлігі жоқ сарайың –
Қүр әншейін тас қамал.
Ақылдының белгісі –
Жас та болса, бас болар
Ақылсыздың белгісі –
Қарны тойса, мастанар.
Тату — тәтті жүргенге
Қара су да ас болар.
Жақсы азамат — елінің
Көзін ашар күрегі,
Артып үміт сенімін
Сүйенетін тірегі,
Жарқылдаған жігері,
Алтын балақ түлегі.
Қолдар ондай жігітті
Ел — жұртының тілегі.
Сүндетке отырған балаға бата
Қол жайыңдар халайық, сүндетке арнап,
Құдай құлы Мұхаммед Үмбетке арнап.
Қырық парыздың біреуі осы дейді,
Исламда атқарар міндетке арнап.
Айың жарық, күндерің ашық болсын,
Пәле-жала қырық кез қашық болсын.
Жүрегіне ізгілік нұр құйылып,
Өміріне жететін нәсіп болсын!
Ақ бата әрқашанда орындалған,
Ашық қылсын жар болып жолыңды Аллам
Ғайып Ерен, Қырық Шілтен қорғап жүрсін,
Азамат бол Қыдыр ата қолыңды алған.
Әумин!
Ұл балаға бата
Бір үйдің баласы болма,
Бүкіл елдің санасы бол!
Бір елдің баласы болма,
Бар елдің данасы бол!
Бір тонның жағасы болма,
Көп қолдың ағасы бол!
Ақты ақ деп бағала,
Қараны қара деп қарала!
Өзегің талса, ел ішін арала,
Басыңа іс түссе, көпшілікті сағала!
Өзің — өзің кәміл бол,
Халқыңа әділ бол!
Жауыңа қатал бол,
Досыңа адал бол!
Әумин!
Қыз балаға берілетін бата
Талдай бой берсін,
Сұңғыла ой берсін.
Жаздай жамал берсін,
Нәркес жанар берсін!
Анаға шуақ болсын,
Ағаға қуат болсын,
Нәзік жаны болсын,
Елінің ары болсын,
Басына өнердің бағы қонсын,
Ақ орданың шамы болсын!
Әумин!
Жас балаға бата
Ғаріпте әз Жәнібектей паналы бол.
Керейде Дәстем салдай бағалы бол,
Атақты Келден бидей саналы бол.
Ер Дәулендей халқыңның батыры бол,
Махамбеттей жұртыңның ақыны бол.
Дау — жанжал болдырмасқа ат салысқан
Қараменде шешендей мақұлды бол.
Маралдай көпке тисін шарапатың,
Шөңкедей арта берсін салтанатың.
Жетім — жесір жарлыға пана болған,
Жоландай елге тисін шапағатың.
Тобықты Әнет бидей баталы бол,
Кіші жүз Әйтекедей аталы бол.
Бекердей қамқа киген оқалатып,
Еменәлі Жабадай опалы бол.
Балтада Итікедей қарулы бол,
Қанжығалы Жантайдай азулы бол,
Кіші арғын Жәнібектей ер атанып,
Өлеңде, дастанда да жазулы бол.
Қазыбектей халқыңының данасы бол,
Қарабастай жұртыңның баласы бол.
Елің қорғап, дұшпанға соққы берген,
Үш жүздің Бөгенбайдай панасы бол.
Қазақта әз Тәукедей тақты бол,
Керейде Есенейдей бақытты бол.
Топ болсақ қобыз тартып, өлең айтып,
Ән шырқап Салқарадай шабытты бол.
Үш жүздің Абыладай тілегі бол,
Марабайдай ақыны – жүрегі бол,
Төре, биге тізгінін бермей өткен,
Найманда Барлыбайдай салмақты бол.
Сүйіндік Олжабайдай келбетті бол,
Тәттіқара жыраудай зейнетті бол,
Сыбан Шондай елінің сен ұйшысы,
Тәттімбеттей халқыңның күйшісі бол.
Белгібай, Күлекейдей білекті бол,
Беріште Исатайдай жүректі бол.
Халқыңның қамын жеген ертелі — кеш,
Қарауыл Қанай бидей тілекті бол.
Тоқсан бидей көп жаса, жүзге келші,
Зілқарадай мал — басың өсіп — өніп,
Кетпес байлық, таусылмас қаржылы етер,
Түсінде көнек берсін Қыдыр келіп.
Жыраудың Бұқар сынды өрені бол.
Алды — артын ойлап келіп, пішетұғын
Адамның Қарабидей зерегі бол.
Көшебеде Тәбейдей беделді бол,
Сүйіндікте Көшетай өнерлі бол.
Кіші Арғында Жанақтай жауырынды,
Үмбетедей жырға бай, кемелді бол.
Нашандай қан — майданда айбатты бол,
Ер Асхаттай шайқаста қайратты бол.
Қабанбайдай жігіттің берені бол,
Сардардың Ер Тарғындай Ерені бол,
Ер Сары мен Баяндай әулетті бол,
Едіге би бабаңдай сәулетті бол.
Ғаскері ат, түйемен жабдықталған,
Керейде Тұрыпбердідей дәулетті бол.
Орынбайдай еліңнің шешені бол,
Ер Сырымдай халқыңның көсемі бол.
Көшебеде Майлы бидей тым көреген,
Даулы істе сөзге ұста, көшелі бол.
Кіші Арғын Шоқай бидей алымды бол,
Атығай Шал ақындай шалымды бол.
Шектіде Арыстандай биязы бол,
Таузарда Жанкісідей дарынды бол.
Құрсары Әлдибектей шешімді бол,
Ашамайлы Тілешідей кесімді бол.
Құйса толмай, толғанда аспайтұғын,
Жаңбыршы Малдыбайдай есімді бол.
Көрсеткен бұқараға үлгілі жол,
Толыбай сыншыдайын жолбасшы бол.
Жауларға қарсы шығып, бастайтын қол,
Керейде Ақпанбеттей қолбасшы бол.
Ұлы жүз Төлебидей айлалы бол,
Кіші Арғын Бөгенбайдай пайдалы бол.
Қиын — қыстау кезінде қоршау бұзған,
Тарақты Байқозыдай айбарлы бол.
Керейде Тұрлыбектей табанды бол,
Шәукерде Байдалыдай амалды бол.
Қиналғанда ерлерге қайрат берген,
Малайсары батырдай жайдарлы бол.
Төле би бабаңдай зейнетті бол,
Тамада ер Есеттей келбетті бол.
Бикеде манақадай аяулы бол,
Мәуелі бәйтеректей саялы бол.
Тіліне ғазәзілдің ермейтін бол,
Дұшпанға тізгініңді бермейтін бол.
Өнерге өсе келе құштарланып,
Қияға құлашыңды сермейтін бол!
Әумин!
Ел үмітін ақтап өс,
Ата салтын сақтап өс.
Тоқа түскен сәттерде,
Бермейтін бол жатқа дес.
Елдің ұлы бол,
Ортаңның гүлі бол.
Мақтан тұтар ағайын,
Жақсылардың бірі бол.
Әумин!
Жортқанда балам, жолың болсын,
Кеудеңде өшпес сенім болсын.
Қалтаң ділдаға толсын,
Бір толмасын, жылда толсын.
Сөйлегенде шешен бол,
Топқа түссең көсем бол.
Алып жығар алымды бол,
Шалып шығар шалымды бол.
Қатарыңнан озар, ерен бол,
Жас кезінде терең бол!
Сынай қалса, құлақ сал,
Мақтай қалса – керең бол!
Әумин!
Дүниеге сәбидің келуіне құттықтау – тілек
Қазақта «балалы үй – базар, баласыз үй – қу мазар» деген сөз бар.
Дүниеге сәбидің келуі — өмірдің бір ғанибет – ғажабы деуге болады.
Достым, сені әке болуыңмен, ал жарыңды ана болуымен құттықтаймыз.
Сендердің шаңырақтарыңды қуанышқа бөлеген дүниеге келген сәбидің бауы
берік болсын, өмір жасы ұзақ болсын. Тезірек ер жетіп, сендердің
қолқанаттарыңа айналсын. Артынан іні — қарындастарын ерте берсін!
Ендеше осы кішкентай өмірдің жалғасы және оны дүниеге келтірген ата —
анасы үшін!
Ұлы ғұламалар «әрбір адам дүниеге келгенде аспанда жаңа бір жұлдыз
жанады» деп айтқан екен.
Міне, дәл қазір түнгі аспанға нұрын шашып тұратын жұлдыздардың саны
біреуге көбейді. Жарық дүние есігін жаңа ашқан мынау періштеміз де сол
жұлдыздай жарқырап ортамызға қуаныш алып келді.
Өмірге келген сәбиімізге Алла тағалам мықты денсаулық, бақыт, ұзақ өмір
берсін. Аман — есен ер жетіп, елінің айтулы азаматы болсын!
Тілерім енді менің жалғызыма,
Сәлем бермей өсірген хан қызына.
Немеремді иіскеп кетсем, шіркін,
Арманым жоқ дүние базарында.
Қыз болса:
Кішкентай қызымызға өмірдегі бар жақсылықты тілейміз. Әрдайым көз
қуанышымыз болып, аман – есен ортамызда жаздай жадырап, гүлдей құлпырып
жүре берсін. Ең бастысы, қазақтың қызы деп атқа лайық болсын.
«Киімге жамау түссе де, көңілге жамау түспесін» деген. Ендеше, үнемі
көңілі жақсылықтан жадырасын.
Көк аспандағы жұлдыздарға жаңа бір жұлдыз, жердегі адамзат қатарына тағы
бір адам қосылды. Өмірге шекесі торсықтай сәби келді!
Бейбіт елдің ақ көгершіні болып дүние есігін ашқан сәбиіміздің бауы
берік болсын!
Маңдайы жарқыраған ұл болып ер жетіп, ата — анасының ғана емес, бүкіл
елінің мақтаныш етер Азаматына айналсын!
Қуаныш құтты болсын, ұзағынан сүйіндірсін!
Әрбір басқан қадамы оңғарылып, Қыдыр ата қолдап жүрсін.
Бөбекке тілек
Сеніменен атаң — әжең нәрленді,
Әр қылығың ана жүзге әр берді.
Сен арқылы бесік жақтан әкеңнің
Құлағына шырылдаған ән келді.
Әдемі ән еді, бәрі бірге тыңдады,
Қуанысты, жүрек шат боп жырлады.
Сенің әнің ал анаңның талай түн
Тыныштығын төрт бөлгізіп ұрлады.
Анаң әр кез сені жақсы көретін,
Әлдиімен саған ән сап беретін.
Қаз — қаз тұрды сосын оның бөбегі
Бесігінде түн ұйқысын бөлетін.
Барлығы да сені көрді, сені ұқты,
Өйткені олар болашаққа сеніпті.
Міне, сенің шаттығыңның бірі боп
Күнтізбеде туған күнің келіпті.
Қуанып жүр енді соған барлығы,
Жақсы сөзді айтпақ саған ал бірі.
Ал онсыз да саған тілеп жақсылық
Барлығының өтпеуші ме еді әр күні.
Сенің үнің боп естіліп көркем үн,
Таусылмасын солар айтар ертегің.
Болашағың жарық, нұрлы болсын да,
Ертегі боп келсін тағы ертеңің.
Сенің үнің күллі әлемді қаратсын,
Жолыңа әр кез жақсылықты жолатсын.
Келешектің соқпағынан сәулелі
Сенің сәби жаныңдай ақ таң атсын.
Әрбір күнің қуанышпен түрленсін,
Азаматтық күнді тойлар күн келсін.
Соны тілер барлық жүрек, өйткені
Сен соларға шаттық болып сіңгенсің.
Сенің сәби үнің болып тағылым,
Жүрегінде қалып қойған бәрінің.
Ертеңіңе есік қағар әр күнде
Биік болсын талабың мен танымың.
Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Жиі қойылатын сұрақтар
Шілдеханада қандай бата беріледі?
Шілдеханада нәрестенің аман-есен өсуі, ата-анасының қызығын көруі және шаңырақтың берекесі тіленеді.
Сүндет тойында бата кім береді?
Сүндет тойында бата балаға ат қойған кісі, атасы немесе шақырылған ақсақал береді.
Ұл мен қызға берілетін бата бірдей ме?
Мазмұны әртүрлі. Ұлға ерлік, ел қорғау, әке жолын қуу тіленсе, қызға ізеттілік, ақ жол, бақытты шаңырақ тіленеді.
Ұқсас бөлімдер
- Қазақтың бата-тілектері: ақ бата мен тілек сөздердің толық жинағы
- Той батасы: үйлену және ұзату тойына арналған бата-тілектер
- Туған күнге тілектер: 18, 25, 40, 50, 70 жасқа арналған бата-тілек
- Дастархан батасы: ас батасы, оның мәтіні және айтылу реті
- Діни баталар: айт, құрбан айт және дұға түріндегі баталар
- Атақты адамдардың баталары: жырау, би, батыр және ақындар батасы
- Наурызға арналған бата-тілектер және мерекелік құттықтаулар
- 8 наурызға арналған құттықтаулар мен тілектер
- Жаңа жылға арналған құттықтаулар мен тілектер
- Мектеп бітірушілер мен Білім күніне арналған тілектер
- Мерекелік құттықтаулар: Астана күні, әріптестерге және 1 маусымға тілек
- Жолаушыға, көшке және мал-жанға берілетін бата


