Наурыз — жыл басы, табиғаттың жаңаруы. Бұл мерекеде айтылатын бата ерекше: онда жаңа жылдың берекелі, жаңбырлы, шөбі шүйгін келуі тіленеді.

Бұл бөлімде Наурыз мейрамына арналған баталар, ұлыс күніне қатысты халық өлеңдері мен дайын құттықтау сөздер берілген.

Наурыз-тілек

Табиғаттың гүл еркесі Көктем күнін өткерсін,
Сол гүл ерке атырапқа жақсылығын ап келсін!
Көктеміне ілесе анық Наурыз кірсе есіктен,
Сол Наурызбен айналаға нұрға толы бақ келсін!
Табиғаттың гүл еркесі көктем жетті дегейсің,
Сол көктеммен көңілдердің пейілі ақ боп кеңейсін!
Сол пейілмен астасқандай Наурыз кірсе есіктен,
Ұлыс күнмен тіршіліктің несібесі көбейсін!
Табиғаттың гүл еркесі Көктем келіп жар салсын,
Сол қыз-Көктем адамдарға бақыт жайлы ән салсын!
Сол әнменен ілесе егер Наурыз енсе есіктен,
Жаңа күнін үлкен-кіші шаттықпенен қарсы алсын!
Көктем келіп күллі Дала әсемдікке боялсын,
Сол әсемдік атырапқа өрнегін шын жая алсын!
Сол бояумен түрленгендей Наурыз жетсе есіктен,
Күллі әлем жасарғандай осы күнмен оянсын!
Наурыз тойдың әні талай жүректерді сендірсін,
Сол әнменен Ару жайнап, шаттықпенен ел күлсін!
Сол әуенмен тербелсін де ғашықтардың жүрегі,
Жастық жігер әнін естіп табиғат та серпілсін!
Десін елі Наурыз жайлы осы бізге ерек күн,
Десін халық Наурыз жайлы бұл Жаңа күн бөлек тым.
Ұлы күннің ырысты үні пәк күлкіге үн қосып,
Нұрландырсын бесіктегі сәби жүзін бөбектің!
Көктем-қыздың інжуімен бар табиғат жасансын,
Елжіресін, жаны күліп, жанарына жас алсын.
Қарт тарихы бастау болған Қазақ Елі тағы бір
Жаңа жылдың Жаңа күні Наурызымен жасарсын!
Авторы:
Ғабиден ҚОЖАХМЕТ,
Қызылорда қаласы
Наурызға арналған өлең шумағы наурызға тілек наурыз бата

Наурыз мейрамы құтты болсын!

Құрметті әріптестер, достар мен серіктестер!
Баршаңызды Ұлыстың Ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен
құттықтаймын! Наурыз – іргесі сөгілмес бірліктің берекесі, ырысы
төгілмес тірліктің мерекесі.
Жақсылықтың жаршысы, жаңа жылдың бастауы – Наурыз мейрамы туған жер
топырағына құт — береке әкелсін!
Еліміз тыныш, туған жеріміз аман болып, әрбір жаңа күн әр отбасына шат
көңіл, бақыт және береке сыйласын!
Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Ізгі ниетпен,
Ақтың молаятын, Жарықтың ұзаратын, Нұрдың молаятын, Тіршіліктің
жаңаратын, Өмірдің жаңғыратын, Пейілдің түзелетін, Көңілдің кеңейетін
кезеңі – Наурыз мейрамы құтты болсын!
Наурыз мейрамы құтты болсын!
Ұлтымыздың мерейін өсіріп, бар болмысымызды айшықтайтын қасиетті –
Наурыз мерекесі елімізге, әрбір отбасына бірлік пен қуаныш, құт —
береке, бақыт пен молшылық әкелсін!
Ұлыс оң болсын, ақ бол болсын!
Наурыз мейрамы құтты болсын!
Наурыз келсе, құт келгені, халайық!
Шашу шашып, ел болып қарсы алайық!
Ұлыс оң болсын, Қазақ елі!
Жаңа күннің нұрланып шықты ерек,
Жаңа жылың шығыстан берді дерек.
Жер — Ананың өңірі аққа иіп,
Жер жаһанның етегін жапты желек.
Жеткенде наурызкөк жылы жақтан,
Наурызшешек көз ашар әлмисақтан.
Таңдайыңда бал татып ұлыс дәмі,
Белкөтерер берілер бауырсақпен.
Ұйқыашарға асығып қыз — жігіттер,
Үй аралап үлкендер жүз жібітер.
Алқа топқа берілген ақ баталар,
Самарқанның тасын да бір үгітер.
Бәйшешекпен көктесе көңіл көгі,
Жаңа бақыт жеткізер жылдың лебі.
Жаңа күнің бұл сенің, жаңа жылың –
Наурыз құтты болсын, Қазақ елі!
Наурыз Сіздің шаңырағыңызға бақыт, береке мен құт әкелсін!
Көктем лебімен бірге келген мерекеңіз құтты болсын!
Наурыз мейрамы құтты болсын!
Әз Наурыз келіп, әлемге табиғат жылы шуағын жайыпты.
Күн күліп, адамдар әдемі мейірімге бөленді.
Түркі тілдес халықтардың ортақ жаңа жылы – Ұлыстың ұлы күні – Наурыз
мейрамы құтты болсын!
Айдай аялап, күндей күліп келген, үлкен мерекемен құттықтай отырып,
Сіздерге адами бақыт, шығармашылық табыс, істеріңізге береке, елімізге
құт — мереке әкелсін деген ізгі ниетімізді білдіреміз!

Наурызға арналған бата — тілектер

Ұлыс күні қазан толcа,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда әрқашан жол болар.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Ұлың оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын,
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаның басылсын.
Менің берген бұл батам —
Ұлыс күнге сақтап жүрген сүр батам
Көже істеген келіндер,
Көпке жаққан елшіл бол.
Бозторғайдай төлшіл бол!
Ор қояндай көзді бол,
Адам таппас сөзді бол!
Қыстан қысырамадық,
Жаз күніндей жадырамадық,
Өткен ай өзімен кетіп,
Туған ай жарылқасын!
Аяз әлін біліп,
Күнекей күн жарылқасын,
Аллаху әкпар!!!
Наурыз келіп қар кетті,
Ақ қар, көк мұз жұтатқан
Шаруа елінен зар кетті.
Наурыз келіп жаз кірді,
Жаз періште «Әз» кірді
Күнеске тосып арқасын,
Жан біткенге наз кірді.
Арық — тұрақ төрт түлік,
Көк жеп жапа — тармағай
Қабырға жаппай қалмағай.
Көтеремнің төрт бұты,
Ербегей де сербегей
Енді шығын бермегей.
Бізге келген бәлекет –
Қармен бірге қаңғырып,
Таудан ары өрлегей,
Мұсылман бетін көрмегей.
Ұлысың оң болсын,
Ақ мол болсын.
Қайда барса жол болсын!
Ұлыс бақты болсын,
Төрт түлік ақты болсын!
Ұлыс береке берсін,
Бәле — жала жерге енсін!
Жаңа жыл бақыт жылы болсын,
Малың тоқ,
Уайым — қайғың жоқ болсын.
Көген толы қозы,
Желі толы құлын болсын.
Малың базарлы,
Ұлың назарлы,
Қызың ажарлы болсын!...
Жарылқа, тәңірім, қабыл ет.
Қарық қып құтты Наурыз
Құрдасыңа – қуаныш бол
Уа, жаратқан, жарылқа
Құдайдың өзі сөйтіп оңдасын
Мұзафар Әлімбаев
Қарық қып құтты Наурыз,
Қазанға толсын сары уыз.
Қайнасын Наурыз көже де,
Толтырып ішкей кезеңе.
Ұлыстың ұлы күнінде,
Көппенен бірге күлімде.
Көбейсін жаңа достарың,
Молайсын елге қосқаның.
Жарасып көңіл хоштығы,
Бекісін халық достығы.
Ішінде жүрсе азғана,
Шайылсын өкпе, наз — нала.
Алдыға сыймай сәбилер,
Құшағын жайсын жаңа үйлер.
Жастардың самсап отауы,
Мейірім төксін Отаны.
Әспеттеп ата дәстүрін,
Әсем боп өссін жас буын.
Кірбің тартпасын кәрілер,
Барыңның дәмді нәрін бер!
Дүрлеген Қазақстанға
Таңғалсын дос та, дұшпан да!
Оразақын Асқар
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай.
Бастарыңа бақ қонсын,
Шашыңның барлық талындай.
Санасы өсіп адамның,
Көңілде кір қалмасын.
Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын.
Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз.
Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз.
Қатыгездік жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.
Кірісіміз көп болсын,
Бүгінгі Наурыз көжедей.
Аллаһу акпар!

Ұлыс күніне арналған халық өлеңдері

Самалық, самалық!

Қазақ халқы Жаңа жылды 22 наурыз күні қарсы алады. Сол күні даланы Қызыр
баба аралап, Самарқанның көк тасын ерітсе керек. Сондықтан осы күнді
асыға күткен үлкендер, ел ішіне төмендегідей самалық айтуды дәстүрге
айналдырған.

Самалық – самал деген мағынаны білдіреді.

Самалық, самалық,
Қан тауының көк құсы
Ұйқыдан көзін ашты ма?

Самалық, самалық,
Самарқанның көк тасы
Жібіді ме, көрдің бе!

Самалық, самалық,
Жаңа келген жақсылықты
Көрдік пе, көрмедік пе?

Самалық, самалық,
Ескі жыл шығып, жаңа жыл кірді.

Самалық, самалық,
Сүт көп, көмір аз.

Жаңа жыл жарылқа
Ескі жыл есірке, —
деп, үйдегі ескі ыдысты (қабақты) сындырып, «қабақ сынды, қайғы кетті»

деп ырым жасаған.

Күннің аты – Ұлыс
Наурыз парсы тілінде – Жаңа күн деген сөз.

Наурыз күні қуанышқа кенеліп, масайраған жұрт аппақ көйлек пен жаңа
киімдерін киеді.

Наурыз күннің бір ерекшелігі – бұл күн көрісуден басталады. Ұлыс
күнінде сәлемдесудің қалыптасқан дәстүрі бар, кісілер бір — бірімен
кездескенде:
Жасың құтты болсын!

Өмір жасың ұзақ болсын!

Ұлыс бақты болсын!

Төрт түлік ақты болсын!

Ұлыс береке берсін!

Пәле — жала жерге енсін?! –
деп құттықтап, ер адамдар қос қолдасып, төс түйістіреді; ал әйелдер
болса құшақтасады, ерлер мен әйелдер кездессе, құшақ айқастырады. Қос
қолдап амандасып, төс қағыстыру – «өмір тірегім, тіршілік көзім – екі
қолым аман — сау болсын!» дегенді білдіреді. Рәсім бойынша, жылына бір
— ақ рет, жыл басына:
Наурыз жырында:
«Жаңа ағытқан қозыдай»

Жамырасып өрістен.

Ұлыс күні кәрі – жас
Жамырасып көріскен.

«Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.

Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар», —
деп айтылмақшы. Ұлыс күні жеті түрлі дәннен – бидай, тары, күріш,
жүгері, арпа, сұлы және тұз бен етті қосып қазан толы наурыз көже
пісіріледі. (Осы тағамдармен ғана шектеліп қалады деуге болмайды. Әр
отбасы «барымен базар» жасайтынын да есте ұстаған абзал). Оның ішіне
соғымнан қалған кәделі мүше (жамбас, жалпақ, ұзын, омыртқалар, жал, жая,
қазы, қарта), әсіресе бас аман болсын деп, кәрілікке жеткізсін деп
сақтаған кәрі жілік қосылады. Бұл үлкендердің алдына тартылады. Жастар
жағы «жақсы ас қалғанша, жаман қарын жарылсын» десіп, наурыз көжені тоя
ішеді. Көже ішіліп болған соң төрде отырған ауыл қариясы қолын жайып:
«Бақытты ас берсін,
Ұлыстың ұлы күнінде,
Ұлың оңға қонсын,
Қызың қырға қонсын,
Қыруар малың өріске толсын,
Дәулетіңді асырсын,
Дұшпаның басылсын,
Менің берген бұл батам –
Ұлыс күніне сақтап жүрген сүр батам!» —
деп үй иесіне батасын береді.

Наурыз көжені тоя ішу «жыл бойына тоқшылық болсын» деген ұғымға саяды.

Әдетте Наурыз күнгі қасиетті дәмнен алыс сапарда жүрген адамдарға,
қадірменді ақсақалдарға сыбаға сақталады.

Жастан — ізет, үлкеннен – ақыл
Жастардың сәлемі!

Ассалаумағалейкум!

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Азаматта әл болсын!

Атымызда жал болсын!

Түйеде қом болсын,
Қара малда қоң болсын,
Ұсақ малда шел болсын!

Сапар шексең жол болсын!

Көпті көрген көне көз қарттың Ұлыстың ұлы күніне ақ батасы
Ескі асымен есіркеп,
Жылқы жылы жылысса,
Жаңа асымен жарылқап,
Қой кіреді ұлысқа.

Әумин, бата берейін,
Жақсылықты терейін.

Жаңа жылда жараңдар,
Үстем болсын мерейің!

Жақсылыққа бас болып,
Алдымызға ас болып,
Келген наурыз құт болсын!

Берері тағы жұп болсын!

Бұлақ болсын сылдырап,
Төрт түлік мал қанатың!

Сәби болсын былдырап,
Құшаққа ана алатын!

Төл болсын да мол болсын
Өріс малға толатын!

Айдын шалқар көл болсын,
Жағалай ел қонатын!

Ізгілікке қол беріп,
Жүгінейік ақылға.

Араздыққа жол беріп,
Отырмайық тақырға!

Наурыз жыры
Қаһарлы қыспен мызыстан
Тайталасып жұлысқан,
Наурыз күні күлімдеп,
Шықты бүгін шығыстан.

Қарға қалған тұншығып,
Жанданады тіршілік.

Әр өткен соң тоқтау жоқ,
Аспаннан әуез үн шығып,
Наурыз үні көктемнің.

Қар ұйықтамай, білдірер
Жақсылықтың жеткенін.

Күн ұзарып, күн кеміп
Ағаш түлер бүрленіп.

Күн — түн сайын жасарар,
Ұлы дүние түрленіп.

Құшақтасып, көрістік,
Қуанышты бөлістік.

Еміренген ел ыстық.

Еміренсін күн нұры,
Бусандырып жер бетін!

Жермен елдің тірлігі,
Ел де өзгертсін келбетін
Жермен бірге жаңарып,
Көңілде кір қалмасын!

Сырттағы жау жаланып,
Жағаға қол салмасын!

Есіктен кірген емініп,
Төр менікі демесін!

Еңістен келген тебініп,
Өр менікі демесін!

Көктен жаңбыр себелеп,
Көк орай шалғын жетілсін!

Наурыз нұры жебелеп.

Жамандықты кетірсін!

Наурызбенен жаңарсын,
Тәніміз бен жанымыз!

Жақсы негіз қалансын,
Жарасып ән, сәніміз!

Әумин, аллауакбар!

Наурыз бата

Бата — адал ниет, шынайы тілек білдіру дәстүрі. Сондай — ақ бата —
қазақ халқының дінімен біте қайнасқан дәстүрінің көрінісі. Қасиетті
дінімізде Жаратушыдан дұға арқылы медет тілесе, дәстүрімізде бата арқылы
жақсы ниет, ықылас білдіріледі, тілек айтылады. Оны көпті көрген,
ортасына сыйлы, аузы дуалы, батагөй қариялар береді. Халқымыз батаны
берілетін жағдайына қарай бірнеше түрге бөлген. Олар: нәрестеге бата,
асқа бата, ұлға бата, қызға бата, келінге бата, сапар бата, жастарға
бата, сүндет той батасы, Наурыз батасы, Ораза айт батасы, жарапазан
батасы, дастархан батасы және тағы да басқалары. Осы баталардың ішінде
Наурыз батасының орны ерекше.

Бұл күні әдетте жасы үлкен кемеңгерлер кішіге бата береді. Жастар таң
шапағын күтіп, сол кезеңде ауыл ақсақалдарының, ақылгөй басшылардың
батасын алуға асыққан. Наурызда жастар ақсақалдардан, беделді кісіден
«Наурыз — батасын беріңіз» деп бата сұрайды. Наурыз батасы негізінен
таң шапағы атқанда, жұрт жиналып ақсақалдан бата сұрағанда берілген.

Ақсақалдарымыздың Наурыз батасы әдетте «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын»

деп елге, жерге де беріліп жатады.

Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ақын Оразақын Асқар Наурыз
тақырыбына бір топ цикл өлеңдер арнаған. Сонымен қатар, ақынның ел
аузынан жинап құрастырған Наурызға байланысты бата — тілегі де бар.

Соның бірі мынандай:
Наурыз бата
Ниеттерің ақ болсын,
Наурыздың ақша қарындай!

Бастарыңа бақ қонсын,
Шашыңның барлық талындай!

Санасы өсіп адамның,
Көңілде кір қалмасын.

Құты қашып жаманның,
Жақсы тапсын жалғасын!

Тыныш болсын даламыз,
Түгел болсын нуымыз!

Таза болсын ауамыз,
Тұнық болсын суымыз!

Қатыгездік жоқ болсын,
Оралмасын кез өгей.

Кірісіміз көп болсын,
Бүгінгі Наурыз көжедей!

Аллаһу акпар!

Жиі қойылатын сұрақтар

Наурыз көже алдында қандай бата беріледі?

Наурыз көже ішер алдында «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!» деп басталатын дәстүрлі бата айтылады.

«Ұлыс күні» дегеніміз не?

Ұлыс күні — Наурыздың халықтық атауы, жыл басы. Бұл күні ел бір-біріне «Ұлыс оң болсын!» деп тілек айтады.

Наурызда бата кім береді?

Наурыз дастарханында батаны ауылдың немесе шараның ең үлкені береді.

Ұқсас бөлімдер