Қазақтың батасы ислам дінімен астасып, дұғаға жақын үлгіде қалыптасқан. Мұндай баталарда Алладан иман, денсаулық, ризық және ақыреттік игілік тіленіп, соңы «Әумин!» деп аяқталады.
Бұл бөлімде құрбан айтта, ораза айтта берілетін баталар мен дұға түріндегі діни баталардың мәтіні берілген.
Құрбан айтта берілетін бата
Адам жаласынан,
Бұлт аласынан,
Көрінер — көрінбес
Мың да бір пәлесінен
Құдайым Өзі сақтасын!
Мұсылманға дін үйреткен,
Алымдардың саламаттығына!
Халық қамын жеген,
Қарқарадай хандардың
Саламаттығына!
Ел қамын жеген,
Едігедей билердің
Саламаттығына!
Өз еңбегін өзі жеген,
«Құдая шүкір, тәубе», деген
Қара бұқара халықтың саламаттығына!
Ілгері бастырамын деген,
Еңіреген ерлердің саламаттығына!
Қой орнына ат берген,
Атымтайдай жомарттың саламаттығына!
Молдаларға қол берген,
Көрпе салып төр берген,
Уызы арылмаған байлардың
Саламаттығына!
Халқы, халайығы қостаған,
Орнықты саба ұстаған,
Бәйбішелер саламаттығына!
Құрбан айт батасы
А, Құдайым оңдасын,
Оңдағанның белгісі,
Қайырлы етіп басыңа.
Бақ — береке орнасын.
Дұшпаның үстем болмасын,
Маңың үбірлі — шүбірлі болсын.
Келген ырыс кетпесін,
Жамандық келіп жетпесін.
Сапар жүрсең, жолың болсын,
Қалтаң толған пұлың болсын.
Жарылқасын Қорғаушың,
Бейбіт халқымызға заман болсын,
Табиғат таусылмайтын ризық беріп,
Тартылған дастарханға тағам болсын.
Қауіптен ел — жұртымыз аман болып,
Көп қылып үйіңізге бала берсін,
Оларға таудай талап, сана берсін,
Ер жетіп, балаларың батыр болып,
Өмірлері қызықты бола берсін.
Үйіңе жақсы адамдар келе берсін,
Тауфиқты, инабатты келін берсін,
Ақ көңіл, ата — анаға жақын болып,
Қызығын елі — жұрты көре берсін.
«Әумин» — деп үй иесі қол жайғанда,
Жақсылап қариялар бата берсін.
Әуелі Құдай жарылқасын,
Пайғамбардың берекетін берсін,
Ұлықманның жасын берсін.
Сүлейменнің тағын берсін.
Ескендір Зұлқайнардың бақытын берсін.
Атымтай Жомарттың даңқын берсін,
Дәуіт пайғамбардың даңқын берсін,
Ұл берсе, оразды берсін,
Қыз берсе, қылықты берсін.
Шашы ұзын болсын,
Жүзі қызыл болсын.
Хамза қажының батасы
Құдайдың құлы, пайғамбардың үмбетімін!
Адамнан тілегеннің екі көзі шығады,
Алладан тілегеннің екі бүйірі шығады.
Алла Тағаланың берері көп, шын тілейік.
Я, Алла тағалам!
Өмір берсең жайлы ғып бергін.
Дәулет берсең сайлы ғып бергін.
Еңбегіміз өрісті болсын,
Қамбамыз астыққа толсын,
Көсегеміз көгере түсіп,
Мыңғырған мал өріске толсын.
Әйел берсең әдепті,
Жанға тыныш жайлы ғып бергін.
Келін берсең келісті ғып бер,
Ағаш берсең жемісті ғып бер.
Тұлпар берсең шабысты ғып бер...
Жомарт болсаң осы айтқандарымның барлығын
Үйіп — төгіп бір — ақ бер!
Аллауакбар!
Алланың аты ашады,
Көңіліңдегі қараңды.
Нышаны дейді жұмақтың
Жазғы соққан самалы,
Тозағы дейді қыстың соққан аманды.
Шариғаттың түзу жолын үстасаң,
Тайдырмас дейді табанды.
Басыңа бейнет болады,
Жолдас қылсаң жаманды.
Ілтипатты жан болсаң,
Сыйла ата мен анаңды.
Ақыретке барғанда
Сақтайтын қағба панаңды.
Дастарқандарыңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін.
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарыңа амандық берсін.
Әумин!
Тіл қадірін білетін,
Сөз маржанын теретін
Жастар — ай,
Сенсің өренім,
Көп сенің Алла берерің
Ақылды болсаң білімді,
Айналаң да сенеді.
Ел мүддесін қорғасаң
Жұрт соңыңнан ереді!
Дастарқандарыңа береке берсін,
Бастарыңа мереке берсін.
Астарыңа адалдық берсін,
Бастарьіңа амандық берсін.
Әумин!
Разыбек қажының батасы
Дүниеде кем болмайды баталы құл,
Шашайын батаменен жемісті гүл.
Қосылған теңін тауып балалардың
Әуелі жасын үзақ бақытты қыл.
Қаптаған қара ормандай шоғырлы қыл
Әр іске асықпайтын сабырлы қыл.
Алдында ақсақалдың абыройлы
Өзінен кейінгіге қадірлі қыл.
Сөйлесе айтар сөзін жүйелі қыл,
Қалдырмай қатарынан киелі қыл.
Тілегін екі жастың қабыл етіп,
Ат мініп, жүгін артар түйелі қыл.
Діни баталар
Құдайдың құлымын дегейсің,
Мухаммед үмбетімін дегейсің.
Шадияр досым дегейсің,
Имам ағзамның қауымында қыл,
Шайтанның сәрінен сақта,
Патшаның кәрінен сақта,
Намаздың қазасынан сақта.
Пайғамбардың туында қыл,
Аузы кәусардың суында қыл,
Иман байлығын бер,
Деннің саулығын бер!
Әумин!
Е, Құдайым оңдасын,
Оң жолыңа бастасын.
Бір жарылқап тастасын.
Жамандыққа жазбасын,
Жақсылыққа бастасын!
Мал иесі Мухаммед!
Жан иесі хазірет,
Не тілегін әзір ет,
Еткен ниетін қабыл ет!
Әумин!
Тәңірім өзі оңдасын,
Әулиелер қолдасын.
Дүниедегі ізгілік
Алдыңнан шығып қарсы алсын.
Тар қабірің кең болсын,
Күндізгідей күн күлсін,
Шамшырағын жаққандай,
Тас қабірдің ішінде
Тас бүркеніп жатсаң да,
Рахатқа бата гөр,
Күн шығып, таң атқандай.
Жаннатта жаның жай тапсын,
Жаратқан жаппар құдірет,
Көп батасын қабыл ет,
Күнәдан пәк жандардың
Ақ тілегін мақұл ет!
Әумин!
Әуелі Алла оңдасын.
Пайғамбар болсын жолдасың.
Өткендерді ойласаң.
Аруақтар қолдасын.
Сыртыңнан ғайбат айтқан жан
Тап өзіңдей болмасын.
Ризығың, дәулетің қолыңнан кетпесін.
Иманың жерге жетпесін.
Қайырлы ғып дәулет берсін,
Өмірлі ғып перзент берсін.
Анам деп есіне алған жанды
Екі жалғанда қорғаушы боп,
Пайғамбар қасына алсын!
Әумин!
Міне бата, ақ ниет,
Бола берсін берекет.
Қиын дейді қиямет,
Жақын дейді ақырет.
Құлшылық қыл Аллаға,
Қыл көпірден таймай өт!
Кірсін дәулет,
Шықсын бейнет,
Алла атымен ниет ет.
Жоқ — жітікке рақым ет.
Тәңір сені қолдасын,
Уайым — қайғы болмасын.
Қабыл болсын, оразаң,
Әулетіңді оңдасын!
Әумин!
Жиі қойылатын сұрақтар
Құрбан айтта қандай бата беріледі?
Құрбан айтта шалынған малдың қабыл болуы, отбасының амандығы, өткендердің рухына дұға тіленеді. Бата соңы «Әумин!» деп аяқталады.
Бата мен дұғаның айырмашылығы неде?
Дұға — арабша, діни мәтін бойынша оқылатын тілек. Бата — қазақтың өз тілінде, өлең не мақаммен айтылатын халықтық тілек. Екеуі көбіне қатар айтылады.
Батадан кейін неге «Әумин» дейді?
«Әумин» — «тілегімді қабыл ет» деген мағынадағы сөз. Оны бата тыңдаушылардың бәрі бірге айтып, екі қолмен бетті сипайды.
Ұқсас бөлімдер
- Қазақтың бата-тілектері: ақ бата мен тілек сөздердің толық жинағы
- Той батасы: үйлену және ұзату тойына арналған бата-тілектер
- Туған күнге тілектер: 18, 25, 40, 50, 70 жасқа арналған бата-тілек
- Дастархан батасы: ас батасы, оның мәтіні және айтылу реті
- Балаға бата: шілдехана, сүндет тойы, ұл мен қызға арналған тілектер
- Атақты адамдардың баталары: жырау, би, батыр және ақындар батасы
- Наурызға арналған бата-тілектер және мерекелік құттықтаулар
- 8 наурызға арналған құттықтаулар мен тілектер
- Жаңа жылға арналған құттықтаулар мен тілектер
- Мектеп бітірушілер мен Білім күніне арналған тілектер
- Мерекелік құттықтаулар: Астана күні, әріптестерге және 1 маусымға тілек
- Жолаушыға, көшке және мал-жанға берілетін бата


