Қазақ жолға шығар алдында бата алмай аттанбаған. «Батамен ел көгереді» деген сөз тектен-текке айтылмаған — жол батасы жүргіншіге рухани сүйеніш болған.

Бұл бөлімде жолаушыға, көш көшкенде, әскерге аттанатын жасқа және мал-жанға арналған баталар жинақталған.

Көшке берілген бата

Көштерің көлікті болсын,
Жолдарың көрікті болсын,
Қоныстарың құтты болсын,
Босағасы мықты болсын.
Ауру — сырқаудан аман болыңдар.
Бастарыңа айырылмас бақ қонсын,
Мейірбанды Алла сендерге жақ болсын!
Әумин!

Жолаушыға бата

Иә, Құдайым оңдасын,
Оң жолына бастасын.
Жортқанда жолың болсын,
Жолдасың періштелер болсын.
Жер жүзіндегі қатерден
Жаппар Иеме тапсырдым!
Судан келер қатерден,
Сапардағы қатерден.
Жаратушы жан Ием,
Сақтай гөр, — деп тапсырдым!
Бір Аллаһ өзіңе тапсырдым!
Қайырлы дәулет берсін
Халыққа татулы өмір берсін!
Өткенге иман берсін,
Тіріге – береке берсін.
Жастарға ғұмыр берсін,
Халқымызға бірлік берсін!
Әумин, Аллауакбар!

Әскерге аттанатын жастарға арналған бата

ӘСКЕРГЕ АТТАНАТЫН ЖАСТАРҒА
Оң болсын, балам, сапарың,
Мол болсын дәм — тұз татарың.
Туған елің тапсырған.
Аманат саған Отаның.
Барып келіп жатыр ғой.
Өзіңдей жастар — қатарың.
Сом темірдей білікті,
Батырдай жүректі.
Азамат болсын өренім,
Бере гөр Аллам, тілікті!
Әумин!

Мал-жанға берілетін бата

МАЛ — ЖАНҒА БЕРІЛЕТІН БАТАЛАР
Е, Құдайым, оңдасын,
Мың саулығың қоздасын.
Сегіз түйең боталап,
Сегіз келін қомдасын.
Жүзге жетсін түйеңіз,
Үш жүз болсын биеңіз!
Әлдеріңнің келгенінше
Жығылғанды көтеріп,
Сүйенгенді сүйеңіз!
Тарығып келген адамға,
Бермесек, отқа күйеміз,
Бергенді тым — ақ сүйеміз.
Жомарттық қылып қолдасаң!
Әрбір жерде жар болсын
Бір жасаған — Иеміз!
Аладан алпыс бие құлындап,
Алқалап ұлың байласын.
Желіден жетпіс інген боталап,
Қыз — келіншек қызығымен қомдасын.
... Ораздыны көшіріп,
Шиеліде қонысып,
Отыңның басы
Перзентке толысып.
... Әр елге әр перзентің
Патша болсын!
Батамыз біздің берген
Қабыл болсын!
Әумин!
... Ағайынмен тату бол,
Жаз кигенің құлпы бол!
Қыс кигенің түлкі бол!
Бағаналы таудай бол!
Шағалалы көлдей бол!
... Есігіңнің алдында,
Елу інген боздасын
Қораңда бес жүз саулық қоздасын!
... Жылқың сенің мың болсын!
Жылқы деген жақсы мал.
Бес өлкеге бақтырып,
Бес айдыннан суарып,
Бетегелі тауға жабысып,
Сиырың сенің мың болсын!
Қысың қатты болғанда,
Қамысты жерге айдап сал,
Бісмілла, Аллауакбар!
«Әумин!» деп қолыңды жай,
Қабаттусын Күн мен Ай.
Алғаның болсын сайма — сай
Қапалық болмай кезінде
Ылғи болсын мамыражай.
Қос — қостан тауып үл мен қыз,
Мінгені болсын жорға тай.
Әумин!
Е, Құдайым, жарылқа!
Жарылқасаң малды қыл!
Біткен жұрттың алды қыл!..
Е, Құдайым, бала берсін!
Мал мен басты және берсін!
Саған қас қылған дұшпанды.
Табаныңның астына сала берсін!
Аллауакбар!
Қозыға толсын көгенің,
Уыз болсын жегенің.
Құтты болсын құрығың,
Тартылмасын құдығың.
Қияқты болсын сұңқарың,
Тұяқты болсын тұлпарың.
Өрісті болсын жайлауың,
Ырысты болсын қыстауың.
Арыстандай болсын айбатың,
Жолбарыстай болсын қайратың.
Гүлге толсын өңірің,
Көңілді өтсін өмірің.
Асқа толсын табағың,
Ашық болсын қабағың!
Әумин!

Жиі қойылатын сұрақтар

Жолға шығар алдында қандай бата беріледі?

Жол батасында жүргіншінің аман оралуы, жолының болуы және көздеген мақсатына жетуі тіленеді.

Әскерге аттанғанда бата кім береді?

Әскерге аттанар алдында бата ата-анасы, атасы немесе ауылдың ақсақалы береді.

Мал-жанға бата не үшін беріледі?

Мал — қазақтың негізгі байлығы болған. Мал-жанға берілетін батада төлдің көбеюі, ауру-сырқаудан аман болуы тіленеді.

Ұқсас бөлімдер