Қазақта «Ас — адамның арқауы» дейді. Дастархан жайылып, ас желініп болған соң бата беру — міндетті дәстүр. Батасыз тұрған дастархан ырыссыз саналған.

Бұл бөлімде дастархан басында берілетін ақ баталар, ас батасының қысқа әрі толық нұсқалары, құйрық-бауыр асату салтында айтылатын сөздер және үй иесіне арналған баталар жинақталған.

Құйрық — бауыр асату салты

«Ұлың өссе – ер жеткені, қызың өссе – бой жеткені» деп білген халық ұл
бала ер жетіп, қыз балиғатқа толғаннан соң, әр ата — ана «ұлын ұяға,
қызын қияға қондыруды» өзіне парыз деп білген. Мұндағы «балиғаттық
жас»деп қазақта қыз баланың 13 — ке толғанын атаса, ұл баланы «ер
жетті» деп танып, «он үш жас отау иесі» деген қағиданы ұстанған.

Жасөспірімдік шақтың соңы 16 — 17 жасты белгілеген.

Халық исламдық шариғат ережелерін ұстанғандықтан үш нәрсені басты
қағида: «қызың бой жетсе, тезірек ұзату, намазды уақытынан оздырмау,
сонан соң қайтыс болған адамды арулап, ел — жұртымен қоштастырып,
кешіктірмей жер қойнына тапсыру. Қалған асығыстың бәрі шайтанның ісі»,
— делінеді. Бұдан біз ата — бабаларымыздың ұлды ерте үйлендіріп,
қызды да тезірек ұзатуды мақсат етуінде өзіндік сыр бар екенін ұғынамыз.

Ата — ананың тілегі – ұрпағы өсіп, ел болса екен, шаңырағы биік боп,
үй болса екен деген мақсат — мүддені анық байқаймыз.

Үйлену салтындағы осы дәстүрді XX ғасырдың орта шеніне дейін қазақ
жерінде, сондай — ақ шет елде тұратын қазақтар арасында біраз уақыт
сақталып келді. XX ғасырдың соңғы жылдарында жастар 20 — 25 жас
аралығында үйленіп, тұрмыс құратын болса, соңғы уақытта некелесу 28 —
30 жасқа дейін ұзарып келе жатқандығы етек алып барады. Бұл мәселе өз
алдына бір төбе. Алайда біздің мақаладағы көтеретін мақсатымыз – қазақ
арасында сақталып келе жатқан кейбір салт — дәстүр мен жоралғылар.

«Үйірі басқаны ноқта қосады, атасы басқаны неке қосады» деп білген атам
қазақ «ұлыңды ұрымға, қызыңды қырымға» деген заңдылықты ұстанып,
неғұрлым алыс жерден қыз алып, қыз берісуді жөн деп тапқан. Ондағы
негізгі себеп, қазақ өз арасында кем дегенде жеті ата араламаған ру
ішінде бір — бірінен қыз алысып, қыз беріспеген, қан тазалығын сақтап,
ақыл — есі дұрыс, дені сау ұрпақ өсіру мәселесін ерте баста — ақ
ойластырған. Сондықтан да болар, бабаларымыз дүниеге ұл келсе,
«шаңырағым биіктеді», «қыз туылса, «өрісім өсті» деп қуанған. Елмен елді
жақындастырып, халықтың бірлігі мен татулығын ойлаған қазақ қыздарын да
ерекше бағалап: «астың дәмін кіргізген тұз әулие, елдің сәнін келтірген
қыз әулие» дейтін нақыл сөздің де мәнісі тереңде жатқанын түсіну әр
қазаққа түсінікті — ақ. Үйлену салты негізінен құдалық, үйленуге
дайындықтар, той және тойдан кейінгі әдет — ғұрыптар сияқты түрлі салт
— дәстүр мен жоралғылардан тұрады. Солардың бірі «Құйрық — бауыр
асату» салты. «Құйрық — бауыр жедің бе, құда болдым дедің бе» демекші,
бұл құдалық кезінде көрсетілетін рәсімнің ұлттық салт — дәстүрімізде
орны ерекше. Құйрық — бауыр қазақ дәстүрінде құда болудың заңды
белгісі – құжаты болып бекітілген.

«Қонақ аз отырады, көп сынайды» деген қағиданы ұстанып, үй иелері
құдалар алдында сыпайылық танытып, шашу шашып, дастархан жайып, ерекше
құрметпен қарсы алады. Құдаларға «құйрық — бауыр» пісіріп, арнайы сый
әкеледі. Әкелуші әйел «бауырдай жақын, құйрықтар тәтті болыңдар» деп
тілек білдіріп, барлық қонақтар мен құдаларға ауыз тигізеді. Әдетте
қазақ арасында әзіл — қалжыңсыз, ойын — сауықсыз бір де бір той
өтпейтіндігі әркімге белгілі. Сондай — ақ осы «құйрық — бауыр асату»

салтында да қалжың өлеңдер мен қағытпа сөздер айтылмай қалмайды. Сондай
құйрық — бауыр ұсынылғанда айтылатын өлеңдерді дәстүрлі құдалыққа
жиналған кезде айтылатынын естіп жүрміз. Оның мәтіні көбіне былай
айтылады:
Құда, құда дейсің — ау,
Құйрық — бауыр жейсің — ау.

Құйрық — бауыр жемесең,
Несіне құда дейсің — ау.

Үлкен құда, бас құда,
Кіші құда, жас құда.

Құйрық — бауыр әкелдім,
Ауызыңды аш құда.

Үлкен құда ардақты — ай,
Кіші құда салмақты — ай.

Құйрық — бауыр асатам,
Тістеп алма бармақты — ай.

Үлкен құда әнекей,
Кіші құда мінекей.

Құйрық — бауыр асатам,
Кәделерің қанекей!?

«Әр елдің салты басқа, иті қара қасқа» демекші, бұл өлең әр аймақта әр
түрлі айтылып жүр. Ал Жетісу өңірінде айтылатын «құйрық — бауыр»

жырының құлағымда қалғаны бар. Бұл өлең шумақтарын анам Ажар
Нүсіпқызының аузынан жаттап алғаным бар. Анам орынды жерде әзіл айтып,
жұртты күлдіріп жүретін еді.

Сол өлең шумақтарын келтіре кетуді жөн санап отырмын. Мүмкін, тойлар мен
жиындарда айтып отыруға керек болып қалар деген ниетпен көпшілікке
ұсынамын.

Біздер келдік бір үйге домбыра алып,
Домбыраның құлағын оң бұрадық.

Алдыңызға әкелдім құйрық — бауыр
Әзіл — шыны аралас әнге салып.

Құда, құда дегізген,
Құйрық — бауыр жегізем,
«Жей алмаймын» демегін,
Май әкелдім семізден,
Құдағидың жамалы — ай,
Мақтауға сөз табам — ай.

Құйрық — бауыр жеген соң,
Маған шапан жабады — ай.

Үрсін — дүрсін, ендеше, үрсін — дүрсін,
Қуанғанда, құдаша, жүзің күлсін.

Құйрық — бауыр салты ғой қазағымның,
Берем десе кәдесін өзі білсін.

Бұзау — тайлақ айдап па ең,
Құлын — бие байлап ең?

Құйрық — бауыр жеген соң,
Апталап жат, айлап сен.

Құда, құда деген біз,
Бізде бауыр жегенбіз.

Құйрық — бауыр жеген соң,
«Құдам қандай!» — дегенбіз.

Арпа бидай ас екен,
Алтын — күміс тас екен.

Балаларым ер жетті,
Қызық деген осы екен.

Қазіргі кезде өз жанынан қолма — қол сөз шығарып, жыр айтатын адамдар
мүлде жоқтың қасы. Ауыз әдебиетіндегі тұрмыс — салт жырларын көпшілік
қауым ұмытуға айналды. Қазір құйрық — бауыр ұсынғанда бұл өлеңді сол
елдің әйелдері жаттап алып айтып жүр. Кейде арнайы ақын жанды адамды
алдырып, ән айтқызуды да үрдіске айналдырған. Ал кей жерде жай әншейін
сөзбен ғана «ата — дәстүр салтымыз, құйрық бауыр асату» деп хабарлай
салады да, жай халық әндерінің бірін айтады. Бұл үрдіс жалғаса берсе,
біздің керемет дәстүріміз жоғалып қана қоймай, бүкіл бір елдің мәдениеті
де жойылады деген сөз емес пе!

Үйлену тойларында «құдалық жыры», «той бастар», т. б. өлең — жырлар
айтылса, нұр үстіне нұр болар еді. Мұндай өлең — жырлар тойшыл қауымды
бір серпілтіп, ерекше сезімге бөлейді, сондай — ақ ұлы дәстүрімізді
жандандыра түсері де анық. Той өткізіп жүрген бүгінгі асабалар мұндай
өлеңдерді қазіргі заман ыңғайына орайластыра әзірлеп елге таратса,
олардың бұл ісін ұлттық дәстүрді насихаттауға қосылған сүбелі үлес деп
білер едік.

Дастархан басында берілетін бата-тілектер

Қазақтың бата — тілек, өсиеттері
Жарылқа, Алла, қабыл ет,
Жарылқаудың қамын ет!
Ізет — абырой, бақ — дәулет,
Қызыр қарап, бақ қонып,
Не тілесең,
Соның бәрін қабыл ет!
Осы үйдің иесіне
Молайтып мал бер.
Көбейтіп ас бер,
Ұзақ жас бер!
Аттансын келген қонағың
Іштей тойып,
Ырзығы таусылмайтын
Ықылас бер!
Ардақты үй иесі:
Әуелі бердің шай,
Көңілің болсын жай!
Екінші бердің ет,
Таппасын көңілің
Ешбір дерт!
Үшінші бердің сорпа,
Болмасын бағың орта!
Жаз келіп, көңілің жай болсын,
Көргенің шаттың той болсын!
Абзал досың көп болсын,
Берген батам сол болсын!
Бата бердім, бақ тіледік,
Ақ дастарқан басына.
Я, Құдайым, шын тіледім,
Келсін деп менің қасыма!
Көңілің көлдей болып,
Көргенің түстей болып,
Қыдыр қонсын басыңа!
Ай көрдім,
Аман көрдім.
Баяғыдай
Заман көрдім.
Ескі айда есіркедің,
Жаңа айда жарылқа!
Бастарыңа бақ берсін,
Не берсе де нақ берсін!
Қырда жүрген Қызырды
Үйлеріңе ап келсін!
Қарындарың тоқ болсын,
Қайғыларың жоқ болсын!
Шүпірлеген үйіңде
Балаларың көп болсын!
Әумин десең маған,
Құдай берсін саған!
Оң жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын!
Сол жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын!
Еш жамандық болмасын,
Аман болсын мал — басың!
Қызыр болсын жолдасың!
Дастарқан байлығын берсін,
Деніңнің саулығын берсін!

Үй иесіне бата

Шаңырағың шалқи берсін.
Керегең кеңи берсін.
Осы үйге ән — күй келсін,
Дұшпаның кеми берсін.
Дастарқанға береке берсін.
Күнде мереке болсын.
Қастық ойлағандар,
Қабағы ашылмай келеке болсын!
Әумин!
Бастарыңа бақ берсін,
Не берсе де нақ берсін!
Қырда жүрген Қызырды
Үйлеріңе ап келсін!
Қарындарың тоқ болсын,
Қайғыларың жоқ болсын!
Шүпірлеген үйіңде,
Балаларың көп болсын!
Бата бердім, бақ тіледім,
Ақ дастарқан басына.
Я, Құдайым, шын тіледім,
Келсін деп менің қасыма!
Көңілің көлдей болып,
Көргенің түстей болып,
Қыдыр қонсын басыңа!
Әумин!
Әумин десең маған,
Құдай берсін саған!
Оң жағыңа қарасаң,
Алтыннан терек орнасын!
Сол жағыңа қарасаң,
Күмістен терек орнасын!
Еш жамандық болмасын,
Аман болмасын мал — басың!
Әумин!
Ордалы болсын еліңіз,
Құрметті болсын төріңіз.
Ұрпағың өсіп артыңнан,
Қызығын оның көріңіз.
Келінің болсын келісті.
Құрсағы болсын өрісті.
Ұлың болып арқалы,
Болмасын қызың кемісті.
Асың болсын табақты,
Баспасын қайғы қабақты.
Қоныс жерің қонды боп,
Туың болсын барақты.
Асың болсын қазанды,
Иманың болсын азанды.
Тыныш болып айналаң,
Алмасын ешкім мазаңды.
Торқалы болсын тойыңыз,
Отарлы болсын қойыңыз.
Біз келгенде қонаққа,
Семізінен сойыңыз!
Әумин!
Өрістен қайтып жамырасқан,
Шуылдасып маңырасқан.
Қошақанның енесі,
Қоңыр қой толсын қораңа!
Тұяқтары сартылдап,
Мүйіздері жалтылдап.
Бұзаулардың енесі,
Сиыр толсын қораңа!
Шудаларын шаң басқан,
Екі өркешін қом басқан.
Ботақанның енесі,
Інген толсын қораңа!
Құйрық — жалы төгілген,
Шапса көбесі сөгілген.
Құлыншақтың енесі
Бие толсын қораңа!
Әумин!

Дастарқанға ақ бата

Бата бердім, бақ тіледім,
Ақ дастарқан басына,
Я, Құдайым, шын тіледім,
Келсін деп менің қасыма!
Көңілің көлдей болып,
Көргенің түстей болып,
Қыдыр қонсын басыңа!
Әумин!
Я, Тәңірі, құдірет,
Мал — бастарын аман ет,
Басына бер бақыт,
Асына бер берекет,
Өмір жасын ұзақ ет,
Мехнат, зақметтен аман ет,
Дұшпанының күнін жаман ет,
Ұрпақтарын асыл ет,
Дүниедегі жақсылықты,
Дәл осы үйге нәсіп ет!
Әумин!
Ас бергенге бас берсін,
Өмірі ұзақ жас берсін.
Кетпес дәулет, кең пейіл,
Қайырымды дос берсін!
Құдай жарылқасын,
Бақ қарасын.
Қыдыр дарысын!
Айдан аман,
Жылдан есен қылып,
Үйдегі, түздегі
Мал — басты
Аман қылсын!
Шалқар көлдей көп болсын
Қымыз бенен айраның.
Атаның мен атыңнан
Жұртқа түссін қайраның!
Айдағысыз малды бол,
Ағайынның алды бол,
Отыз ұлды орда бол,
Ұман жұрттың басы бол!
Дастарқаның бай болсын.
Қазан — ошағың май болсын.
Төрт түлігің сай болсын.
Көңілің толып жай болсын.
Ұлың қонып үяға,
Қызың қонып қияға,
Келінің бибі атанып,
Ұлың болсын би аға.
Бергеннен Алла танбасын,
Көбейе берсін мал басың,
Өсе берсін жан басың,
Арманың көкке самғасын.
Досыңнан көңілің қалмасын,
Жағаңнан дұшпан алмасын,
Жолың болып жортқанда,
Жолыңды Қызыр жалғасын!
Әумин!
Бата бердім, бақтіледім,
Ақ дастарқан басына,
Я, құдайым, шын тіледім,
Береке бер деп асыңа.
Көңілің көлдей болып,
Дәулетің тасып толып,
Бақыт қонсын басыңа!
Әумин!
Әумин десең маған,
Құдай берсін саған.
Алтыннан болсын жағаң,
Күмістен болсын тағаң.
Оң жағыңнан кетпесін
Күрпілдек қара сабаң.
Жортсаң жолың болсын,
Жолдасың қыдыр болсын.
Тілеуің қабыл,
Мұратың асыл болсын.
Ішкенің қымыз,
Жегенің сырбаз,
Кигеніңтүлкі болсын,
Жүрген жерің ойын — күлкі болсын!
Әумин!
Дастарқаның кең болсын,
Төрт құбылаң тең болсын.
Мерейің тасып асқақтап,
Маңайыңа ел қонсын.
Ғұмыр жасың ұзын болсын,
Түтінің түзу болсын.
Беделіңді өсірер,
Ұлың мен қызың болсын!
Әумин!

Жиі қойылатын сұрақтар

Ас батасын қашан береді?

Ас батасы дастархан жиналар алдында, шай ішіліп болған соң беріледі. Кейде асқа отырар алдында да қысқа бата айтылады.

Дастархан батасын кім береді?

Дастархан басындағы ең үлкен адам немесе үй иесі арнайы сұраған қонақ береді. Бата беруден бас тарту әдепсіздік саналады.

Ең қысқа ас батасы қандай?

«Алла разы болсын! Дастарханыңыздан береке кетпесін, Әумин!» — бұл ең қысқа әрі кең тараған нұсқа.

Ұқсас бөлімдер