Ливныдағы жауынды күндер
Арада талай заман өтті, бірақ құба шөл тағы да өзін еске түсірді.
1931 жылы жазда мен Орлов облысындағы Ливны қаласына бардым. Мен ол кезде ілгеріде жазылған бірінші романымды баспаға әзірлемек болдым, сондықтан да менің ешбір тамыр-танысым жоқ бір шағын қалаға барғым келді де тұрды, сөйтіп алаңсыз отырып жұмыс істеуге ешкім де, ештеңе де кедергі жасамайтын жер керек болды.
Ливныда мен ешқашан да болмаған едім. Қала маған тазалығымен, гүл жарған күнбағыстарының көптігімен, тұтас тас плиталардан салған көшелерімен, сарғыш девон дәуірінің қалың оқтасын жарып, шатқал жасап алған Быстрая Сосна өзенімен қатты ұнады.
Мен қала шетіндегі ескі ағаш үйден бір бөлме жалдап алдым. Ол өзеннің жарқабағында тұр екен. Үйдің артыңда созылып барып, жағалаудағы тоғаймен ұласып жатқан, ағаштары жартылай қурап қалған бау бар екен.
Үйдің жасы егде тартқан және ұяң мінезді қожайынының — станция дүңгіршегінде газет сататын кісінің — тұнжырап жүретін арық әйелі және екі қызы бар еді: үлкенін Анфиса, кішісін — Полина деп атайтын.
Әлжуаз да аппақ шөлмектей Полина менімен сөйлескен кезде ұялғанынан ұдайы ақсары бұрымын өріп-тарқатып, өріп-тарқатып тұратын. Ол он жеті жаста еді.
Анфиса ақ жүзді, суық сұрқай көзді, қоңыр дауысты он тоғыздар шамасындағы сымбатты қыз болатын. Тақуа әйел тәрізді қара киініп жүретін және үй шаруасымен айналыспайтын — тек сағаттар бойы бауда жатып алып, кітаптар оқитын.
Қожайын үйінің шатырында тышқандар кемірген кітаптар үйіліп жататын, олар негізінде Сойкин басып шығарған шетел классиктерінің шығармалары еді. Осынау кітаптарды шатырдан мен де алатынмын.
Мен бірнеше рет биіктен, бау ішінен Анфисаның Быстрая Соснаның жағасында отырған жерінен көргенім бар. Ол тек жарқабақ астыңда, долана бұтасының жанында он алты жас шамасындағы сары шашты, кісіге үн-түнсіз байыптай қарайтын, жуас, аялы шара көзді ілмиген бозыммен бірге отыр екен.
Анфиса оған жұрттан жасырып, жейтін бірдеңені апарады. Бала оны жейді, ал Анфиса оған іші-бауыры елжірей қарап отырады, кейде оны шашынан сипайды.
Бірде мен оның кенет бетін қолымен басып, тұла бойы қалтырап, жылап жібергенін көрдім. Бала асты жеуін қойып, оған үрпиіп қарай берді. Мен елеусіз кетіп қалдым да ұзақ уақыт Анфиса мен бала туралы ойламауға тырыстым.
Ал мен аңқаулықпен тым-тырыс Ливныда мені тірі жан романымда жазған адамдар мен оқиғалардың ауқымынан шығара алмайтын шығар деп есептеген едім! Бірақ өмір табанда менің сенімімді күл-талқан етті. Әлбетте, енді мен Анфисаға не болғанын білмей тұрып, алаңсыз отырып, жайбарақат жұмыс істеу туралы сөз қозғаудың өзі мүмкін емес еді.
Мен ол қызды баламен бірге отырғанын көргенге дейін, оның азапты көзінен-ақ, осынау бикештің ащы күйікті бір сыры бар шығар деп ойлағанмын.
Дәп солай болып шықты да.
Арада бірнеше күн өткеннен кейін, мен түн ортасында күннің күркірегенінен оянып кеттім. Ливныда күннің күркіреуі жиі болып тұратын. Байырғы тұрғындар бұны Ливны темір кені қорының үстінен қоныс тепкен, сол кен қоры күннің күркіреуін "сорып алады" деп түсіндіретін.
Терезелер сыртыңдағы түн бірде жалт еткен аппақ отпен шалқая ашылса, енді бірде Тас қараңғылық қойнына бүрісіп жоқ болып кетеді. Қабырға сыртынан қобалжыған дауыстар естіледі. Сосын мен Анфисаның ызалы айқайын есіттім.
— Мұны ойлап тапқан кім? Оны сүюіме болмайды деп қандай заңда жазылыпты. Со заңды маған көрсетіңдерші. Маған ғұмыр берген екенсіңдер, енді оны тартып алмаңдар. Ол күн санап шырағдан сияқты семіп барады. Шырағдан сияқты! — деп шаңқ етті де құмығып қалды.
— Анна, шаптықпа! — деп дауыстап жіберді қожайын әйеліне сенімсіздеу үнмен. — Мейлі, ақымақ неме, жүрегінің қалауымен жүрсін. Енді оның қыбын таба алмайсың. Ал, саған, Анфиса, мен бәрібір қара бақыр да бермеймін.
— Маған сендердің қарғыс атқан ақшаларыңның түкке де керегі жоқ. — Мен өзім-ақ табамын тиын-тебенді, сосын оны Қырымға әкетемін. Мүмкін, ол онда тағы бір жыл өмір сүрер. Мен сендерден бәрібір кетемін. Масқара болғандарың — болған. Біліп қойыңдар! — деді Анфиса долданып.
Мен не болып жатқанын енді ғана болжап біле бастадым. Есік сыртыңда аядай дәлізде тағы біреу жылап, сіңбірініп тұр.
Мен есікті ашып, найзағайдың ұрлана жалт еткен жарығынан Полинаны көрдім. Ол ұзын шәліге оранып, қабырғаға маңдайын басып тұр екен.
Мен оған жай ғана дыбыс бердім. Күннің аспанды қақ жарғандай етіп қаһарлана күркіреп жібергені сондай, осынау үйшікті қайқайта соғып, шатырына дейін жерге жытырып жібергендей болды. Полина селк етіп шошып, менің қолымды шап беріп ұстай қойды.
— О, жаратқан! Не сұмдық болар екен? Бұған қоса күннің аласұруын қарашы! — деді ол сыбырлап.
Ол маған Анфиса бүткіл жан жүрегімен Коляны, жесір әйел Карповнаның баласын жақсы көреді деп сыбырлап айта бастады. Карповна үй-үйді адақтап, жұрттың кірін жуып жүреді. Ол өте жуас, үндеместің өзі. Ал Коля дімкәс, құрт ауруымен ауырады. Анфиса ұрт мінезді, қызулы жан, ешкімге бой бермейді. Ол не діттеген ісін істейді, не өзіне-өзі қол салып тынады.
Қабырға ішіндегі дабырласқан дауыстар оқыс өшіп қалды. Полина өз бөлмесіне жүгіріп кетіп қалды. Мен де жаттым, бірақ ұзақ уақыт елеңдеп, тың тыңдап, ұйықтай алмадым. Қожайындар жағы тым-тырыс. Сосын мен қалғып кеттім. Ұйқылы-ояу жатып, күннің керіле-еріне күркірегенін, иттердің үргенін есіттім. Сөйтім жатып, ұйықтап кетіппін.
Мен, тегі, тым аз ұйықтасам керек. Есікті қатты соққан дыбыстан оянып кеттім. Қожайынның өзі қағып тұр екен.
— Біз бір бәлеге ұрындық. Мазалағанымды кешіріңіз, — деді қожайын сүлесоқ үнімен.
— Не болды?
— Анфиса қашып кетті. Үстіндегі киімімен. Мен қыстаққа, Карповнаға барамын. Бәлкім, ол со жаққа зытқан шығар. Ал сіз, рақым етіп, менің үй-жайыммен бірге болыңыз. Әйелім ес-түсін білмей жатыр.
Мен асығыс киініп, қожайымға валерьянка апарып бердім. Полина менің атымды атады, сосын мен онымен бірге басқышқа шықтым. Соны қалай түсіндіруді өзім де білмеймін, бірақ мен қазір бір бақытсыздықтың болатынын сезген едім.
— Жағалауға барайық, — деді бәсең үнмен Полина.
— Сіздерде панар бар ма?
— Бар.
— Тезірек әкеліңіз.
Полина күңгірт жарықты панарды әкелді де біз тайғанақ жарлауыт жағамен түсіп, өзен жиегіне келдік.
Мен Анфисаның осы маңның бір жерінде, қасымызда екеніне сенімім мол болатын.
— Анфиса-а-а! - деп кенет айқай салды Полина жан даусымен, неге екенін қайдам, осы айқай мені қатты шошытты. "Ол бекер айқайлады! Бекер!" — деп ойладым мен.
Әл-дәрмені кетіп, бәсеңсіген найзағайлар өзеннің ар жағында үнсіз жалтылдап жатты. Күннің күркірегені де еміс-еміс естіледі. Жар басындағы бұталардан тамшылар шылп-шылп түсіп жатыр.
Біз өзен ағысының ыңғайымен төмен қарай жүрдік. Панар жарығы әлсіз, сосын дәл төбеміздегі аспан кешеуілдеп жеткен найзағай отынан алаулай жөнелді, мен оның жарығынан алдымыздағы жағалауда бірдеңенің ағарып жатқанын көрдім.
Мен сол ағарған нәрсенің қасына келіп, оған еңкейіп қарадым. Анфисаның көйлегі мен кеудешесін байқадым. Оның ылғал туфлиі де сол арада жатыр екен.
Полина шыңғырып жіберді де жалт бұрылып, кейін, үйге қарай жүгіре жөнелді. Мен өкпем өшіп, паромға дейін барып, қайықшыны ояттым. Біз тақта қайыққа отырып, жүзе жөнелдік, өзенді бір жағалауынан екінші жағалауына қарай кесіп өтіп, ұдайы судан көз алмай, қараумен болдық.
— Жеті түнде және мынадай жауында не таппақпыз! — деді өткізуші қатты есінеп, — оның ұйқысы әлі де ашыла қоймаған тәрізді. — Мәйіт қалқып шыққанша, бәрібір таба алмаймыз. Біле білгенге, ажал ажарлыны да аямайды екен-дағы. Мәселенің мәнісі қайда жатыр, сүйіктім. Өлсем де оңай лейін дегендей, шешініпті өзі. Поле, бикеш деп осыны айт!
Анфисаны келесі күні бөгеттің қасынан тауып алды.
Табытта ол саф алтын тәрізді қалың бұрымы жалтырап, кезерген ернінен кінәлі күлкі табы білініп жатты.
Бейтаныс бір кемпір маған сол арада:
— Сен оған тесіле қарама, сүйіктім. Болмайды. Әйтпесе мұндай сұлулықтан жүрегің жарылып кеткенін өзің де байқамай қаласың! — деді.
Мен бірақ Анфисаға қарамай тұра алмадым. Міне өз ғұмырымда тұңғыш рет өлшеуге тіпті де келмейтін, ажалдан да күшті әйел махаббатының куәсі болып қалдым. Осы уақытқа дейін мен оны кітаптан оқитынмын, ол туралы елден еститінмін. Heгe екенін қайдам, осындай махаббат бұ пәниде бәрінен де молырақ орыс әйелінің таланына тарту етілген ғой деп ойладым.
Оны қоюға халық көп жиналды. Коля жұрттың ең артыңда, алыста келе жатты — Анфисаның тумаларынан қорықты. Мен оған жақын бармақ болып, ыңғайлана бергеннен-ақ, ол менен тұра қашып, бір иір көшеге түсіп, жоқ болды.
Жүрегімнің астан-кестеңі шыққаны сондай, мен кайтып бір жол да жаза алмай қойдым. Шет жақтан мен енді қалаға, дұрысы — қалаға емес, станцияға, темір жол дәрігері Мария Дмитриевна Шаңкаяның аласалау, алакөлеңке-күңгірт үйіне көшуіме тура келді.
Анфисаның ажалынан біраз бұрын мен қала бауы арқылы өтіп бара жатыр едім. Жазғы киноның жанында тура қара жерде шоғырланып, көп-көп балалар отыр екен. Олар, шамасы, бірдеңені күтіп, торғайлар тәрізді шырылдаса сөйлесіп жатты.
Сол сәтте кинодан бір ақшашты кісі шығып, балаларға билеттер әкеліп үлестірді, олар сосын дереу бір-бірімен қысыла-қымтырыла жапырласып, өзара ұрысып-керісіп залға қарай жүгіре жөнелді.
Жасаңдау түр-пішініне қарағанда, ақшашты кісінің жасы қырықтар шамасында болса керек. Ол мейірімді жүзбен маған сығырая бір қарап, қолын бұлғап кетіп қалды.
Мен балалардан әлгі әпендінің кім екенін білгім келді. Киноға кіріп, "Қызыл перінің жүгермектері" атты көне картинаны көріп, балалардың ысқырғанын, табандарымен тарсылдатып жер тепкенін, мәз-мейрам бола, үрейлене дыбыстағанын, мұрындарын пысылдатқанын бір жарым сағат бойы тыңдап отырдым.
Сеанс аяқталғаннан соң, олармен бірге шықтым да өздеріне билет сатып әперген ақшашты кісі кім болады деп сұрадым.
Со мезетте менің айналама у да шу балалар митингісі жиналды да қалды, сосын бәрі азды-көпті анықталғандай болды.
Ақ шашты адам — теміржол дәрігері Мария Дмитриевна Шацкаяның інісі болып шықты. Ол "миы шайқалған" ауру. Совет үкіметінен мол зейнетақы алып тұрады. Ал, не үшін алатыны бей-мәлім. Айына бір рет, оған зейнетақыны әкелетін күні, ол станция балаларын түгел жинап, оларды киноға апарады.
Балалар зейнетақының қай күні келетінін дәлме-дәл білетін. Сол күні олар таңертеңнен бастап Шацкийдің үйі маңында топырлап жүреді, вокзал жанындағы шағын бауда отырып алып, сол араға кездейсоқ келе салған сыңай білдіретін.
Менің балалардан білген жайтымның бәрі осы. Әрине, іске заредей де қатысы жоқ егжей-тегжейін есептемегенде. Мәселен, Ямская қыстағының балалары да Шацкийге жұғысқысы келгенде, станцияның балалары оларға ойран салып, бетін қайтарып тастайды.
Менің қожайыным да Анфисаның ажалынан кейін, төсектен тұра алмай қалды, жүрегінің қабынғанын айтып, шағына беретін болды. Бір күні оған Мария Дмитриевна Шацкая деген дәрігер келді, сонда мен онымен таныстым да. Ол көзіне пенсне киіп жүретін, өте батыл әйел болатын. Қанша кексе тартса да курсант қыздың кескін-кейпін сақтап қалған еді.
Мен одан інісінің геолог екенін және ұстамалы ауруы бар, расында да өзімізде де және Еуропада да кеңінен мәлім ғылыми еңбектері үшін дербес зейнетақы алатынын білдім.
— Сіз мұнда тұрмай-ақ қойыңыз, — деді Мария Дмитриевна қарсы сөз естіп әдеттенбеген үнмен маған. — Тез арада күз де келеді, сылпылдап жаңбыр жауады, бұл араның батпағынан аяқ алып жүргісіз. Және бұл үйдің өзінің қабағы бір ашылмайды, жұмыс жасау қайда! Бізге көшіп келіңіз. Менің кемпір шешем мен інімнен өзге ешкім жоқ, бес бөлмелі пәтерім станция жанында. Інім биязы және сізге бөгет болмайды.
Мен келісе кеттім де Мария Дмитриевнаның үйіне кіріп алдым. Сөйтіп мен өзімнің "Қарабұғаз" хикаятымның болашақ кейіпкерлерінің бірі, геолог Василий Дмитриевич Шацкиймен таныстым.
Шыныда да үйі тыныш екен, тіпті кісіні бір түрлі ұйқы баса ма, қалай. Мария Дмитриевна күні бойы амбулаториядан, аурулардан қолы босамайды, кемиір-шешесі картаны жайып тастап, бал ашады да отырады, геолог бөлмесінен тым сирек шығады. Таң атысымен ол газеттердің түгін қалдырмай, сыпырып-сиырып, оқып шығады, сосын түн түскенше бірдеңені жеделдетіп жаза бастайды және күн сайын қалың дәптерді жазып бітіреді.
Құлазып жатқан станциядан оқта-текте бірден-бір маневр паровозының гудогі естіледі.
Шацкий әуелде менен жабайыша жатырқап жүрді, сосын дағдыланып, сөйлейтін болды. Сол әңгіме-сөзден оның науқасының сипаты анықтала түсті. Ертеңгі шақта Шацкий әлі шаршамай тұрған кездері, ол мүлде дені сау, әңгімелесуге таптырмайтын қызық адам. Өзі көп біледі. Бірақ сәл шаршаса болғаны, сандырақтай жөнеледі. Сандырақтың түп-тамырында бір қиялы идея жатады, бірақ соның кісіні бұлтартпас қисыны болады.
Шацкий науқасының тарихы "Қарабұғазда" жазылған. Орта Азияға геологиялық экспедиция жасаған кезде, ол ақтардың тұтқыны болып қалады. Оны басқа да тұтқындармен бірге күн сайын атуға айдап апарады. Бірақ Шацкийдің жолы болады. Есеп бойынша, әрбір бесінші адамды атқан кезде ол — үшінші, әрбір екінші адамды атқанда — бірінші болып шығады. Ол аман қалады, бірақ ақыл-есінен айырылады. Апайы оны Красноводскіден, бұзылған тауарный вагонда тұрып жатқан жерінен әзер дегенде тауып алады.
Күн сайын кешке салым Шацкий Ливныдың поштасына барып, Халық Комиссарлары советіне заказды хат тапсыратын. Мария Дмитриевнаның өтінішімен пошта бастығы со хаттарды Мәскеуге жібермей әйелге қайтаратын, ол оны дереу отқа тастайтын.
Шацкийдің со хабарламаларында нені жазатыны мені қатты қызықтырды. Ұзамай мен оны білдім де.
Бірде кешкілік төсегімде, оқып жатқан едім, ол менің бөлмеме келіп кірді. Менің туфлиім, тұмсығы бөлменің ортасына қарап, төсек жанында жатқан.
— Ендігәрі туфлилеріңізді дәл осылай етіп қоймаңыз. Бұл өте қауіпті, — деді ол кейістігін білдіріп.
— Неге? Неліктен?
— Қазір білесіз.
Ол шығып кетті де бір минуттан кейін маған бір парақ қағазды әкеліп берді.
— Оқыңыз! — деді ол — Оқып болғасын, маған бөлмемнің қабырғасын тықылдатыңыз. Егер сіз бірдеңесіне түсінбей қалсаңыз, келіп түсіндірейін.
Ол кетіп қалды. Мен қағазды оқи бастадым.
Халық Комиссарлары Кеңесіне. Мен біздің елімізге ажал қатерін төндіретін қаһарлы қауіп жағдай туралы талай рет Халық Комиссарлар Кеңесіне ескерткен едім.
Жердің геологиялық қабаттарында аса қуатты материалдық энергияның (мәселен, тас көмірдегі, мұнай мен сланецтағы сияқты) қамалып жатқаны бәрімізге белгілі. Адам сол энергияны босатып алып, оны пайдалану жолын үйренген.
Бірақ сол қабаттарда осынау қабаттар құралып жатқан дәуірлердің психикалық энергиясы да қатталып жатқанын білетін кісілер өте аз.
Ливны қаласы Еуропадағы ең қалың-қуатты девон әктасының үстінде тұр. Девон дәуірі кезеңінде адамзаттың, адамгершілік атаулының зәредей де белгісі жоқ, ең қатыгез апақ-сапақтағы ала-гүлік санасының туа бастаған кезі болатын. Сауытты балықтардың күңгірт миы ол кезде басым түсіп жататын.
Осынау ұрық түріндегі психикалық энергия аммонит-моллюскілерінде жинақталып, шоғырланған еді. Девон дәуірінің әктасты жынысы тас-метін болып қатып қалған аммониттерден түзілген десе де болады.
Әрбір аммонит — сол кезеңнің кішкентай ғана миы және өз бойына орасан мол жауыздық энергияны сіңіріп алған.
Жолы болғанда, адамзат геологиялық қабаттар жынысындағы психикалық энергияны босату жолын үйрене алмай-ақ қояды. Менің "жолы болғанда" деп отырған себебім, егер оны жайбарақат қалпынан шығарып жібере алған болса, бүкіл өркениетті жойып жіберер еді. Онымен уланған адамдар безбүйрек хайуандарға айналып кетер еді де, оларды тек көр-өзі, опасыз, соқыр сезімі ғана билеген болар еді. Ендеше ол мәдениеттің жойылып кетуі деген сөз ғой.
Бірақ менің бұрын да Халық Комиссарлар кеңесіне сан рет хабарлап қойғаиымдайын, фашистер девонның психикалық энергиясын босату және аммониттерді тірілту тәсілін тапқан.
Девонның ең қалың қабаттары біздің Ливнының астыңда жатқаны себепті, олар сол энергияны дәп осы арада босатып жібермекші. Егер олар осыны жасаған күнде, онда күллі адамзат тегінің моральдық жағынан, содан кейін тәндік жағынан қаза табуының алдын алып, болдырмай тастау мүмкін емес.
Ливны маңындағы девон энергиясын босатып жіберу жоспарының егжей-тегжейіне дейін фашистер оны мұқияттап жасап қойған. Күллі аса күрделі жоспарлар сияқты, ол да осал Жай ғана уақ бірдеңені күні бұрын көріп, ескермесең болғаны — жоспар жүзеге аспай қалады.
Сол себепті де Ливныны тез арада ірі әскери құрамалармен қоршап тастаумен бірге, қаланың тұрғындарына олардың үйреншікті әдет-қылықтарынан бастартуы жөнінде аса қатаң жарлық берілуге тиіс (өйткені фашистердің жоспары әлбетте Ливныдағы өмірдің дағдылы ағымына лайықты есептеліп жасалынған) және олар фашистердің бұлардан күтетініне мүлде кереғар әдет-қылықтар жасауға тиіс болатын. Мұны мысалмен түсіндірейін. Ливнының барлық азаматтары ұйқыға бас қоярда аяқ киімдерін төсектің қасына тұмсықтарын бөлменің ортасына қарай қаратып қояды. Бұдан былай олардың тұмсығын қабырғаға қаратып қою керек. Бәлкім, мәселенің осы бір бөлшегі жоспарда көрсетілмеген шығар, сөйтіп осындай бір болмашы нәрседен жоспары зая кетеді.
Тағы бір қосайын дегенім, девон қабаттарынан психикалық жұқпалы дерттің табиғи түрде сыздықтап шығуы (рас, болмашы ғана) бұл қаланың мінез-құлқы, мөлшері мен тұрпаты дәп осындай басқа қалаларға Қарағанда, әлдеқайда дөрекі болатынына апарып соғады. Девон әктасының қалың қатпары үстінде үш қала: Кромы, Ливны мен Елең тұр. Олар туралы: "Кромы — күллі ұры-қарылардың ордасы, Ливны ұрыларымен ажарлы, ал Елең-ұры атаулының атасы", — дейтін көне мәтелдің туғаны тектен-тек болмаған тәрізді.
Фашистік үкіметтің Ливныдағы өкілі жергілікті дәріханашы болып табылады".
Шацкийдің менің туфлиімнің тұмсығын неліктен қабырғаға қаратқаны енді ғана маған анықтала түскендей болды. Бұнымен бірге менің де үрейім ұшты. Мен Шацкийлердің отбасындағы жайбарақат тыныштықтың дәйексіздігін бірден түсіне қойдым. Мұнан әрбір минут сайын жарылысты күтуге болатын еді.
Көп ұзамай мен сондай жарылыстардың онша сирек болмайтынын білдім, бірақ Шацкийдің анасы мен Мария Дмитриевна оларды бөтен кісілерден жасыра біледі екен.
Келесі күні кешқұрым, бәріміз жайымен шай ішіп, гомеопатия туралы жайбарақат әңгімелесіп отырған кезде Шацкий бір кіреңке сүтті алып, самаурын керней ішіне лақылдатып құя салды. Кемпір-шешей қышқырып қалды. Мария Дмитриевна Шацкийге қатулана қарап:
— Сен неге еліресің? — деді.
Шацкий, кінәлі кісідей күлімсірей отырып, тап осы самаурын мен сүт секілді әнтек қылықты фашистер өз жоспарында күні бұрын ескермегені анық, әрине, сол себепті де бұл со жоспарды тас-талқан етіп, адамзатты құтқарды, деп жаймашуақ күйде түсіндіре бастады.
— Өз бөлмеңе бар! — деді тағы Мария Дмитриевна ызғарды үнмен, сосын орнынан тұрып, күйген сүттің иісін бөлмеден сейілту үшін, кіжініп барып, терезені шалқайтып аша салды.
Шацкий еңсесі түсіп, көнбіс кейіппен өз бөлмесіне кетті.
Алайда "ашық-жарқын" сәттерінде, Шацкий шын ықыласымен көп сөйлеп те қоятын. Содан кейін барып мен оның Орта Азияда бәрінен де ұзағырақ жұмыс істегенін және Қарабұғаз шығанағын алғашқы зерттеушілердің бірі болғанын білдім.
Ол оның шығыс жағалауын айналып шығыпты. Со заманда бұл өліммен тең іс деп есептелген көрінеді. Ол соны сипаттап жазып, картаға түсіріпті және шығанақ маңайындағы шақа таулар арасынан тас көмірдің бар екенін анықтап ашыпты.
Мен Каспий теңізінің аса қорқынышты да жұмбақ шығанағы Қарабұғаз туралы, оның суындағы мирабилиттің сарқылмайтын қоры туралы, шөлді жойып жіберудің мүмкіндіктері туралы тұңғыш рет Шацкийден білдім.
Адам бір жанды мақұлықты қалай жек көрсе, Шацкий де қуан шөлді тап солай — айрықша құштарлықпен, тасбауыр қаталдықпен — жек көретін. Ол оны жерді жеміріп жеп жатқан құрғақ мерез, қабыршақ, рак, табиғаттың түсініксіз залымдығы деп атайтын.
— Шөл тек қана өлтіруді біледі. Ол — ажал Адамзат соны жете түсінуі керек. Әлбетте, егер ол біржолата есуас болып кетпесе, — дейтін ол
Есалаң кісіден осыны естудің өзі біртүрлі түсініксіз нәрсе еді.
— Оны меңдете бұрап, тынысын тарылту керек, рақымсыз қатыгездікпен өлгенше үздіксіз соққылау қажет. Қашан жанын тапсырғанша, қажымай-талмай ұра берген жөн. Сосын оның өлексесі үстіне ылғалды қоңыржай жәннатты орнату керек.
Ол менің кеудемде қалғып жатқан өшпенділікті оятты — балалық шақтағы қайғы-мұңымның жаңғырығы ғой.
Егер адамдар, — дейтін Шацкий — бірін-бірі өлтіруге жұмсап жатқан қаржылары мен күш-жігерінің тек жартысын ғана шөл-баябанның көзін құртуға жұмсайтын болса, қуаң шөл баяғыда кұрып бітетін еді. Халықтың бүкіл байлығы мен миллиондаған адам ғұмырын соғысқа ғана бағыштап жатыр. Ғылымды да, мәдениетті де. Тіпті поэзияның өзін ебін тауып қырық пышақ қырғынның сыбайласына айналдырып жіберді.
— Вася! Сабыр айла. Соғыс енді болмайды. Ешқашанда, — деп айқайлады Мария Дмитриевна бөлмесінен.
— Ешқашанда — бұл бос сөз! — деді Шацкий апайына күтпеген жерден. — Бүгінгі түннен қалмай амониттер тіріліп кетеді. Және қайдан тірілетінін білесіз бе? Адам диірменіңің жанынан тіріледі. Жүріңіз кәне, серуендеп, соны тексеріп қайтайық.
Оның сандырағы басталды. Мария Дмитриевна інісін алып кетті де оған "бехтеревканы" беріп, төсегіне жатқызды.
Шөл-баябанның көзін құрту жөніндегі жаңа кітапты бастау үшін, мен романымды тезірек аяқтауға ынтызар болдым. "Қарабғаздың" көмескі ойжобасы дәп осылай пайда болған еді.
Ливныдан мен күздің соңына таман жүріп кеттім. Кетпей тұрып, бұрынғы қожайындарыма барып, қоштасқым келді.
Кемпір әлі де жатыр екен. Шал үйінде болмай шықты. Полина мені қалаға дейін шығарып салмақ болды.
Қызыл іңірдің кезі болатын. Жол сорабына қатқан мұз сытырлап жатты. Баулардағы жапырақтар саудырап түсіп бітуге қалған. Мелшиген аспанда суық шапақтың жарығы түскен ең соңғы бұлт сөніп барады.
Полина менімен қатар жүріп, жатсынбай, қолымнан ұстап келе жатты. Содан да болар, әйтеуір ол маған кішкене қыз болып көрінді де осынау ұялшақ та жалғыз-жарым қызға жаным ашып, іші-бауырым елжіреп сала берді.
Қалалық кииодан музыка әуезі талып естіледі. Үй-үйдің шамдары жана бастады. Самауыр түтіні тарамдалып бау үстінде ілініп қалғандай. Ағаштардың жалаңаш бұтақтары арасынан жұлдыздар жылтырайды.
Түсініксіз бір толқын жүрегімді қысқандай болды, со мезетте мен осынау таңғажайып жер үшін тіпті мына Полина сияқты бір ғана қыз үшін, адамдарды қуанышты да шын мәнінде саналы өмір сүру жолындагы күреске шақыру керек қой деп ойладым. Адамдарды езіп-жаншып, қамықтыратын нәрсенің бәрі түп-тамырымен жұлынып тасталуға тиіс. Шөл де, соғыс та, әділетсіздік те, өтірік-өсек те, адам жүрегіне салғырт қараушылық та...
Полина менімен бірге қаланың бірінші үйлеріне дейін келді. Сол арада мен онымен қоштастым. Ол мөлиіп темен қарап, ақсары бұрымын өріп-тарқатып тұрып, кенеттен:
— Мен, енді кітапты көп оқитын боламын, Константин Георгиевич, — деді.
Ол ұялшақ жанарын жоғары көтеріп, маған қолын берді де жедел басып үйіне қайтып кетті.
Мен Мәскеуге кісілерге толы қасаң вагонда зулап келе жаттым.
Түнде тамбурға шығып, темекі тартпақ болдым, терезені түсіріп, сұғынып сыртқа қарадым.
Поезд бекет үстімен жапырақсыз жалаңаш орманды қақ жарып, зымырап келеді. Олар тіпті көрінбейтін тәрізді. Олардың бар екені әуенді дыбыстан — дөңгелектер тарсылының қалың жыныс арасында туғызған жедел жаңғырығынан сезуге болатын еді. Қасат қар ызғарынан тыныс алған ауа кісі бетіне үсік шалған жапырақ иісін жеткізіп жатқан тәрізді.
Ал орман-тоғайлар үстінен қарағанда көзді қарып түсетін жарқын жұлдыздары бұлдырап, күздің тұнжарымдағы аспаны пойыздан әсте қалғысы келмегендейін қосарлана жарысып келеді. Сәл ғана гуілдеп көпірлер де қалып жатыр. Пойыздың жедел жүрісіне қарамастан, оның астыңдағы қарауытып жатқан балшықтың ба, әлде өзеннің бе — суына жалт етіп түскен жұлдыздар шұғыласын көруге болатын еді.
Пойыз бусанып, түтіндетіп, тарсылдап-гүрсілдеп тартып барады. Дірілдеген панарлар шырақтарының оттары лапылдап жанып тұр. Терезе сыртыңда күреңіткен ұшқындар шоғыры садақ тәрізді иіле ұшып қалып жатыр. Өзінің пәрменді жүрісіне мас бола шаттанған паровоз көмейін жырта қышқырып жіберді.
Мен пойыздың өзімді бақытқа қарай зулатып алып бара жатқанына кәміл сенетін едім. Жаңа кітаптың көкейкесті ойы басымда үйіріле бастаған болатын. Мен оны жазып шығатыныма кәміл сенетін едім.
Мен терезеден үңіле қарап, түн туралы, бұ жалғанда Ресейден сүйкімді өлке жоқ деген мағынада қисынсыз бір сөздерді айтып, әндетіп келе жаттым. Жел менің бетімді қыздың тарқатылған бұрымы сияқты, сипап қытықтайды. Менің осынау қолаң бұрымды, желді, қайнар бұлақты, суық жерді сүйе бергім келді. Бірақ мен оны қалай жасайын, әйтеуір қосырей кісідей жөнді-жөнсіз әндете түсемін, шығыс беттегі аспанның әсемдігіне таңғаламын, о жақта тым әлсіз, тым нәзік көгіс рең сыздықтап туып келе жатыр еді.
Мен шығыстағы аспанның ажарына, оның мұнтаздай таза, әлсіз шапағына таңырқаймын деп, оның жарқырап атып келе жатқан жаңа таң екенін сосын барып білдім.
Мен терезе сыртынан көрген дүниелердің бәрі, кеудемде аласұрып ойнап жатқан қуаныштың бәрі, өзім де түсініксіз әлде бір есептермен енді жазу керек, жазу керек, жазу керек! — деген бір берік шешімге барып біріккен болатын.
Бірақ не туралы жазу керек? Менің жердің әсем көркі туралы, соны азып-тозудан, солып-семуден, ажалдан аман сақтап қалу жөніндегі ойларым ненің төңірегіне барып топтасады, магнит сияқты, қандай тақырыпқа тартылады деген мәселе тап сол сәтте мен үшін мүлде немқұрайлы қарайтын нәрселер еді.
Біраз уақыттан кейін со бір ойлар "Қарабұғаздың" ойжобасына келіп құйды. Мүмкін, ол басқа кітаптың әй өзегіне барып құюы да ғажап емес еді, бірақ ол со кезде мені билеп алған тақырыптың басты мән-мазмұнымен, сезім-түйсіктерімен міндетті түрде шүпілдеп толып тұруы керек-ті.
Содан бері қарай ғұмырымның жаңа бір кезі — ойжобаны "көтеріп жүру" деп аталатын кезі, дұрысырағы — оны шынайы мазмұнмен толтыру кезі басталып та кетті.
Аударған Әбілміжін Жұмабаев