Өнер өрге сүйрейді
Ерте заманда бір шалдың Артықәлі деген жалғыз ұлы болыпты. Көшпелі тіршілікте кедейшілік өмір кешсе де, ақылды шал баласын талапты етіп тәрбиелепті. Олар күн-көріс үшін құмда өскен сексеуілдерді отындыққа шауып, базарға әкеп сатады екен.
Жасы он екіге толған Артықәлі бір күні әкесіне оқу оқығысы келетінін айтады. Шал біраз ойланып, ақырында, баласын қалаға оқуға жіберуге бекінеді. Сексеуіл сатудан түскен қаржыны ұлының қалтасына салып:
— Балам, талабың оң болсын! «Ізденген жетер мұратқа» деген, алдыңнан жарылқасын! Аман-сау бол, құлыным! – деп маңдайынан сүйіп шығарып салады.
Артықәлі қалаға келіп оқу іздейді. Білім беретін мектепке түсуге дайындығы жетпей, бір күйшіге шәкірт болып жалданады. Табиғаттың берген зейінінің арқасында көп ұзамай-ақ күйдің қыр-сырын жете меңгеріп алады. Әсіресе, қобыз бен домбырада шебер ойнауға қол жеткізеді.
Осылайша кәнігі күйшінің қолында бір жыл тұрады. Бір күні ұстазы күй саласындағы өзінің бар білетінін үйретіп болғанын айтады. Бір жыл бойы қажымай-талмай өнерге баулыған ұлағатты ұстазына Артықәлі шын ниетімен алғысын білдіріп, ауылына қайтады. Үйіне келгенде әкесі баласының күйшілік мамандық алғанына шын көңілімен қуанса да, бірақ ондай білімнің бұл ауылда ешкімнің қажетіне жарамайтындығын түсіндіреді.
Ол қалыпты тұрмысын онан әрі жалғастырып, сол баяғы сексеуілін шауып, оны базарға апарып сатып, тіршілік қарекетімен жүре береді.
Осылайша, арада жыл да жылжып өте шығады. Артықәлі тағы да оқуға барғысы келетінін сездіреді. Әкесі баласының бетін қайтармай, тапқан-таянғанын қалтасына салып, қалаға аттандырады. Артықәлі қалаға келіп оқу іздейді. Бір жерден шатыраш* ойнап топырлаған адамды көреді. Ол осы ойынға құмартып, оны үйретушіге тиісті қаржысын төлеп, шәкірттікке жалданады. Шатыраш ойынының қыры мен сырын меңгеру үшін бар ынта-жігерін салады. Арада бір жыл өте шығады. Өзін осы өнерге үйреткен ұстазына рахметін айтып, Артықәлі тағы да ауылына оралады.
Әкесі дағдылы қалыппен қандай оқу тамамдағанын, нендей білім алғанын сұрайды. Артықәлі өзінің шатыраш ойынын үйренгенін айтады. Әкесі басын шайқап, сәл ренжігендей болады.
— Балам, бұл өнерің де кәдеге жарамайды екен, қазір ешкімге қажеті жоқ. Енді қасымда болып, күнкөріс тіршілікке көмектес, менің де жасым келіп қалды, – дейді сақалын тарамдай отырып.
Артықәлі үн-түнсіз келісім беріп, бұрынғысынша азын-аулақ тұяқтарын бағып, сексеуіл шабу жұмысын қатар атқарып жүріп жатады.
Сонымен, тағы да бір жыл артта қалады. Көктем келіп, жер аяғы кеңіген соң, Артықәлінің оқығысы келіп көңілі алып-ұшады. Қалайда әкесінің көңілінен шығу – оның басты мақсаты еді.
Бір күні әкесінен оқуға баруға, сөйтіп, өз бағын соңғы рет сынап көруге рұқсат сұрайды.
Әкесі әуелі келісім бермегенімен, артынан талабын қайтармай, бар қаржысын баласының қалтасына салып, оны қалаға аттандырып салады.
Артықәлі ұзақ жол жүріп, ақыры бір қалаға келіп жетеді. Бір қожайынның жеке мектебіне бар қаржысын төлеп, үлкен қиындықпен білім беретін оқуға кіреді. Оқу жоспарында белгіленген білімді зеректікпен және асқан табандылықпен жете меңгеріп, оны үздік бітіреді.
Ғылымның бірнеше саласынан тәлім берген ұстазы қабілетті шәкіртіне екі жыл бойы өзінің бар білгенін үйретіп болғанын және бұл орайда оған риза екенін айтады. Артықәлі мұнан әрі бұл жерде тоқтаудың жөні жоқтығын сезіп, ауылына оралады.
Үйіне келген соң сүйікті әкесіне оқып білім алғанын, жаза білетінін және ғылымның бірнеше саласынан хабардар екендігін қуана жеткізеді.
Әкесі де бұған шексіз қуанып, баласының арқасынан қағады да:
— Адам болды деген осы, енді өзің де ұстаздық етіп, ауыл балаларына ғылым-білім сырларын үйретерсің, – дейді. Артықәлі осы күзде ауыл балаларын жинап оқытпақ болады.
Осындай игі оймен жүрген Артықәлінің ісін аяғына дейін жеткізуге орта жолда тап болған мына оқиға кедергі келтіреді.
Сол бір жазда оның ауылына Үндістанға бара жатқан керуеншілер келіп, өздеріне жалдануға адам керек екендігін, оған көп қаражат төлейтіндіктерін айтып жар салады. Бұл кезде шал байғұстың да тұрмысы нашарлаған еді. Тұрмысын түзету үшін қаражат та керек-ті.
Артықәлі керуеншілерге жалданып, қаржы тауып, күзге дейін тұрмысты оңғарып алатындығы жайында әкесіне өз ойын сездіреді.
Әкесі оның бұл ойын жөн көріп, керуенбасыдан келісілген қаржыны алады да, баласын соларға қосып жолсапарға аттандырады. Керуен тоқтамай жүріп отырып, Қызылдың құмын кесіп өтетін жолға түседі. Осылайша, бірнеше күн өтіп те кетеді. Бір күні қатты дауыл тұрып, ілгері аяқ бастырмай қояды. Керуен тоқтап, түйелерді шөгеріп, адамдар оның ығын паналайды. Өршелене түскен дауыл жуық арада басылмай, түйелерді құммен көміп кетуге айналады. Сондықтан керуеншілер оларды әлсін-әлсін орнынан тұрғызып, қайта-қайта шөгерумен біраз уақыт өткізеді. Меске құйып алып шыққан ауыз сулары да таусылуға таяйды.
Үш күн бойы соққан дауыл саябырлаған мезгілде барып керуеншілер жиналып ауыз су табу жайын ақылдасады. Ақыры, ойласа келе, су іздеуге төрт адам төрт бағытқа аттануы тиіс деп шешеді.
Су іздеушілердің бірі сол баяғы Артықәлі еді. Ертеңгісін ерте шыққан ол түс әлетінде бір сайда өсіп тұрған шиге кезігеді. «Шилі жердің суы жайдақ болады» деп әкем айтушы еді деп ойлаған ол түйесін шөгеріп, әлгі жерге үңіледі. Топырағын уыстап көріп еді, ылғалды екені бірден байқалды. Ол шидің бірін қолымен қағып қалғанда, қолына бір нәрсе іліккендей болды. Үміттеніп одан әрі қолымен қазып қараса, кеуіп қалған тулақ екен.
Тулақты көтеріп қалып еді, оның астынан құдықтың аузы көрінді. Ішіне үңілсе суы бар екен. Артықәлі әлгі жерге бір сырықты белгі етіп қалдырып, келген ізімен желіп отырып, керуеншілер қосына жетеді. Келсе, басқа су іздеушілер де оралыпты. Бірақ олар су таба алмай, не істерін білмей аңтарылып отыр екен.
Артықәлі керуенбасына су тапқанын, оны белгілеп кеткенін баяндайды. Қуанып кеткен керуеншілер Артықәлінің соңынан көш-көлігімен еріп жөнеп береді. Олар келе құдыққа қауға салады. Бірақ қауға әлденеге ілініп қалып, су шығару қиынға соғады. Терең құдыққа түсетін адамның ыңғайы болмаған соң Артықәлі түсуге бел байлайды. Артықәлі құдық түбіне түсіп, қауғаны әлгі ілінгеннен босатады. Қауғамен су алып, жан да, мал да қарық болып шөлдерін қандырады. Су құятын барлық ыдыстарын да толтырып алды.
Бір кезде Артықәлі аяғына бірдеңе батқандай болған соң қараса, жұдырықтай-жұдырықтай алтын тастар жатыр екен. Сосын жоғарыдан қауғаны түсіруін сұрайды. Артықәлі қауғаға алтын кесектерді толтырып шығара береді, шығара береді. Керуенбасы мұны көріп, қауғаны үсті-үстіне төмен түсіріп алтынды үйіп алады. Артықәлі әлден уақытта шығатындығын білдіріп айқайлады. Бұл кезде алтын талапайының басы-қасында жүрген керуенбасы баланы құдықтың түбіне тастап кетуді ойлайды. Себебі, ол бала құдықтан шыққан соң, бар алтын өзімдікі деуі мүмкін деп қорықты. Артықәлі не де болса қайрат қылайын деп жанындағы пышағымен баспалдақ жасауға құдықтың қабырғасын шұқылай бастайды. Бір кезде пышақ ұшы ағашқа тірелгендей болады. Қалаған кірпіш тастарды құлата келгенде адам сиятындай есік көрінеді. Есікті ашып ішіне кірсе, бір қария мамық төсекте шалқасынан жатыр екен.
Артықәлі кішілікпен сәлем беріп көріп еді, ол орнынан қозғалмай жатқан күйінде қолын сілтеді.
Меңзеген жаққа көз салса, әртүрлі саз аспаптары ілулі тұр екен. Артықәлі қолына қобызды алып көңілді де шаттықты, қайғылы да мұңды күйлерді нақышына келтіріп тарта жөнелді.
Ақсақалды қария бір кезде барып басын көтеріп:
— Рахмет, балам, көңілдің шерін қозғап, бойға қуат бергендей болдың. Не тілегің бар, орындаймын, айт? Бұл жерге қайдан келгеніңді баянда? – дейді.
Артықәлі осы жайға қалай тап болғанын бастан-аяқ баяндап өтті де, өзін қолынан келсе керуенге жеткізуін өтінді. Әлгі жатқан кісі орнынан тұрды да:
— Мен жер асты патшалығының адал адамдарының қызметшісімін. Арамдықты, өтірік пен қараниеттілікті айыптау жолында жүргендердің елгезек те сенімді серігімін. Кәне, арқама мін,көзіңді жұм, мен аш дегенде барып ашасың және мен туралы ешкімге айтушы болмайсың, – дейді.
— Құп болады, – деп Артықәлі қуанып кетеді.
Ауаны тілгілеп зуылдаған дыбыстан басқа ештеңені сезбей келе жатқан сертке берік Артықәлі «көзіңді аш» деген дауыстан көзін ашып қараса, жол жүріп бара жатқан керуеннің оң жақ бүйірінде тұр екен. Бейтаныс адам әп-сәтте көзден ғайып болды.
Ол керуенге аяңдап келеді. Керуеншілер таң-тамаша болып, онан құдықтан қалай шығып, мұнда қалай жеткенін сұрайды.
Бірақ уәдеге берік Артықәлі оларға құдықтан баспалдақ жасап шыққанын, сөйтіп, осы бағытпен тіке салғанын, жаяулап қатты шаршағанын айтады. Олар таңдана-таңдана Артықәліні түйеге мінгізеді. Кеш болып, жолай бір жерге аялдап қонуға тура келеді. Керуенбасы екі көмекшісін шақырып, баланың көзін жою жайында кеңеседі. Ақыры, олар ханға хат жазып, онда осы баланың қырсығынан қарақшыларға дүниелерді алдырғанын және осы баланың қарақшылармен сыбайлас екендігін, ханның өзіне тіл тигізіп, күштілік көрсеткенін айтып, барған бойда баланың басын алуын өтінейік деген пікірге тоқталады.
Ертесіне ертемен керуенбасы Артықәліні шақырып алып:
— Сен ханға барып, біздің аман-сау келе жатқандығымыз жайында хабар бересің және мына хатты өз қолыңмен тапсырасың, – деп қолына хат ұстатады. — Сонда саған хан мен оның уәзірі көптеген сыйлықтар беретін болады. Сондықтан қазір тоқтамастан жеделдете жүріп отырып тура ханға тарт, ал көліктен таңдағаныңды мін, – деп бұйырады.
Керуенде түсі игі бір кісі бар еді. Ол түнде Артықәлінің жанына келіп:
— Балам, бұлар сені жоқ қылудың амалын ойлап, бір жаққа жұмсауы мүмкін. Жұмсай қалса, көлікке деп ана тұрған құла атты сұра, басқасы жүріске жарамайды, – деп ақыл береді.
Артықәлі келісіп, көлікті өзі таңдайтындығын білдіреді. Ол кешегі кісі көрсеткен құла атты қалайтындығын айтады. Аналар амалсыздан көнеді. Құла атпен Артықәлі діттеген бағытты ұстанып жүріп кетеді. Араға қонуға тура келеді. Ен далада жалғыздықтан зерігіп отырған соң, баланың есіне баяғы ханға арналған хат түседі. Ақыры, қалтасындағы хатты ашып оқыса, мазмұны өзін өлтіру жайында екен. Ол өзі аялдаған көлдің жағасын кезіп жүріп, құстың қауырсынын тауып, онан қалам жасайды да, саусағын тіліп жіберіп, хаттың екінші бетіне жаза бастайды.
Онда осы барған баланың шөл кезінде керуенді түгел аман алып қалғанын, керуенде оның көп алтыны бар екенін, сондықтан жақсылап сыйлау қажет екенін өтінетіндігін білдіріп хат жазады да, керуенбасы болып қолын қояды. Ертесіне жүріп отырып, кештете қалаға жетеді. Іздеп жүріп, бас уәзірдің үйін табады. Бірақ бас уәзір хан сарайына кетіпті, себебі, күнде хан сарайында шатыраш ойыны болады екен.
Мұның алдында хан елге:
— Кімде-кім мені үш ойыннан екі рет ұтса, оған өзімнің тағым мен қызымды беремін, ал ұтылса, сол жерде дарға асамын, – деп жарлық берген екен.
Ол кезде шахмат өнерін соғыс өнеріне бағалаған. Ханның мұнысы - өзі қартайған соң, мұрагері болмағандықтан елді сыртқы жаудан қорғай алатындай ақылды да ойшыл жас ел басқарса жаман болмас деген ойы еді. Бірақ осы кезге дейін ханды екі рет ұтқан адам болмапты. Хан тағы мен қызынан үміттенген талай шатыраш ойынының шеберлері дарға тартылыпты.
Артықәлі не де болса бағымды сынап көрейін деген оймен батыл басып хан сарайына келеді. Хан сарайында жақсы мен жайсаңдардан басқа жер-жерден келген үміткерлер де көп екен. Солардың арасымен жүріп отырып, хан отырған тақтаға жақындайды.
Хан жап-жас баланың топты жарып келген батылдығына риза болып:
— Иә, балам, не шаруаң бар, айт! – деп бұйырады. Артықәлі өзінің шатыраш ойнайтындығын білдіреді. Хан баланың бұл ойына басын шайқап:
— Балам, жас екенсің, қыршыныңнан қиыларсың, сенен бұрын да талай үміткерлер келіп, өздерінің тиісті сыбағасын алған. Тілімді алсаң, райыңнан қайт, – деп аяғандай сыңай танытады.
Бірақ Артықәлі алған бағытынан қайтпай қасарысып:
— Солардан менің жаным артық па, ұтылсам, алар сыбағама ризамын, – дейді.
Хан амалсыз келісіп, ойынға отырды. Бірінші ойында хан жеңіске жетті. Өлім мен өмірдің таразысы беттескендей болды. Екінші ойында Артықәлі жеңіске жетіп таразы басы теңесті.
Алдын ала келісілген шарт бойынша үшінші ойын басталды. Бұл ойында да бұрын болып көрмеген өрнекті ойлар, айшықты жүрістер, түрлі әдістер бір-бірімен ұштасып, шиеленіскен қызықты да тартысты, тағылымды ойын Артықәлінің пайдасына шешілді.
Хан шатыраштан жеңілгенін мойындап, өз жарлығын бұза алмай, өнерлі балаға астындағы тағын ұсынады.
Сән-салтанатпен таққа отырған Артықәлі керуеншілерге тойға жететін болсын деген бұйрықпен шабарман жібереді, бірақ одан басқа ештеңе айтпа деп әмір етеді.
Желдей ескен жүйрікке мінген шабармандар керуенге келіп хабар береді. Бұл хабарға қуанған керуенбасы желдіртіп, жеделдетіп, алқына хан сарайына да жетеді. Олар хан сарайына кіріп, кешегі өздері жіберген баланың салтанатты тақта отырғанын көріп, көздері шарасынан шыға қорқып кетеді.
Артықәлі жиналғандарға өз басынан өткен жайды, алдында отырған керуенбасы мен оның жандайшаптарының қылықтарын түгелімен айтып береді. Халық арам ниетті керуенбасы мен оның көмекшілерін дарға асуды бірауыздан талап етеді.
Артықәлі ханның қызына үйленіп, елде қалған қайырымды да ақылды қарт әкесін алдырып, өз өнерімен өмір өріне шығып, мақсат-мұратына жеткен екен.
*Шатыраш - шахмат, дойбы.