- 15 нау. 2018 00:00
- 322
Приваттау немесе жекешелендіру - Сағадиев терминология туралы айтты
Приваттау немесе жекешелендіру... Басқа мемлекеттерден енген сөздерді келешекте қазақ тіліне бейімдеу жұмысы қалай жүргізіледі? «Егемен Қазақстан» газетіне сұхбат берген ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев осы жайлы пайымымен бөлісті.
«Терминологиялық комиссия белсенді жүргізіп жатыр. Бірінші міндет - барлық сөзді бір базаға жинау. Бізде терминнің 4 санаты бар. Бірінші - қазақтың өзінің тарихтан келе жатқан сөздері. Екінші - қазақ тіліне аударылғанына көп уақыт өте қоймаған сөздер. Мәселен, әуежай, ғаламтор, жекешелендіру, т.б. деген сияқты. Үшінші топқа басқа тілден аударылмаған, тікелей қолданылатын сөздер: мысалы математика, химия, сенат іспетті сөздер жатады. Төртінші санат - бізде немесе халықаралық қолданыста бар және келешекте де қолданыла беретін сөздер. Бұлар ғылыми және техникалық терминдердің ауқымды көлемін құрайды: асбест, наркоз, сондай-ақ жүйелі сөздер: платформа, аргумент, реакция және тағы басқалар», - дейді сұхбатында министр.
Ерлан Сағадиевтың айтуынша, Шаяхметов және Байтұрсынұлы атындағы тілдер институты бір базаға 390 мың термин жинаған.
«Енді айналымға енгізген сөздер біркелкі қағидамен аударыла ма, аударылмай ма, параллельді түрде пайдаланыла ма, соны анықтау керек. Мысалы, Ахмет Байтұрсынұлының 9 қағидасы, Құдайберген Жұбановтың 11 қағидасы, академик Әбдуәли Қайдардың арнайы ережесі, сонымен қатар бірқатар жас ғалымдар ұсынған кейбір жаңа қағидалар бар. Кейбір сөздер «изм», «огия» деп аяқталады. Мәселен, коммунизм, неологизм, геология, биология сөздері. Мұның барлығын тікелей қолдануға болады. Тағы бір қағида: егер латын, орыс және түрік тілдеріндегі сөздің түптамыры бірдей болса, ол сөз аударылмай-ақ қолданылады. Мәселен, система, платформа, категория, реакция, тағы-тағылар. Жалпы, бүгінгі таңда комиссия мүшелері аударманы барлығына ортақ және түсінікті қағидамен жасау мәселесін талқылауда», - дейді ол.
Ерлан Сағадиевтың айтуына қарағанда, осының нәтижесінде, аудармада немесе сөйлемдерді қолдануда арқа сүйейтін қағидалар пайда болады.
«Осыдан кейінгі жұмыс қарапайым. Сөздің түбірі мен жалғауы анықталады; егер приваттау мен жекешелендіру сөздері қатар қолданылса, онда жекешелендіру деп айтқан дұрыс па, әлде приваттау, әлде жекелеуден өткізу деген дұрыс па? Бұл жұмыстың барлығы латын қарпінде жүргізіліп жатқандықтан, сөйлемді қабылдау мүмкіндігі өзгеруі ықтимал. Мұндай мәселелерде қазақ тілінің мамандары, әсіресе жетекші ғалымдар өздері ғылыми ортада талдауы керек. Осыдан олар ғылыми қағидаларды қоғамда талқылау және әрі қарай апробациядан өткізу кезеңдері басталады», - дейді Ерлан Сағадиев.