Иллюстративное фото ©️ Tengrinews.kz / Турар Казангапов
- 09 жел. 2025 11:30
- 21
Акерке Мырзагалиева
Алматы маңындағы жол апаты: 4 адам оқиға орнында көз жұмды
Алматы облысының жолдарында тағы да қаралы жағдай. 5 желтоқсан күні болған ірі жол апатынан бір мезетте төрт адамның өмірі қиылды. Қайғылы оқиға Алматы – Көкпек – Көктал – Шонжы тас жолының 80-ші шақырымында орын алды.
Алдын ала мәлімет бойынша, апатқа жылдамдықты немесе рөлді басқара алмау себеп болуы мүмкін. Audi A6 маркалы көлігінің жүргізушісі күтпеген жерден қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен.
Салдарынан қарсы бетте келе жатқан Nissan Cefiro көлігімен бетпе-бет соқтығысқан. Соққының қатты болғаны сонша, екі көліктің де жүргізушілері мен екі жолаушы оқиға орнында алған жарақаттарынан көз жұмды.
Зардап шеккендер бар ма?
Өкінішке қарай, қаза тапқандардан бөлек, жараланғандар да бар. Түрлі дене жарақатын алған тағы үш жолаушы шұғыл түрде жақын маңдағы ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлер олардың өмірі үшін күресіп жатыр.
Қазіргі таңда полиция департаменті сотқа дейінгі тергеу амалдарына кірісті. Тәртіп сақшылары оқиғаның нақты себептерін анықтап жатыр. Тергеу барысы облыстық полиция басшылығының қатаң бақылауына алынды.
Қаралы апта: Спортшылардың қазасы естен кетпей тұрып...
Бұл — соңғы аптадағы Алматы өңірінде болған жалғыз қайғылы оқиға емес. Естеріңізде болса, 2 желтоқсанға қараған түні Алматы – Бішкек тас жолында да (129-шы шақырым) сұмдық апат болған еді.
Ол кезде Honda Odyssey көлігі жүк көлігінің тіркемесіне соғылып, салондағы 7 адам түгелдей қаза тапқан болатын. Кейін белгілі болғандай, марқұмдардың арасында елімізге белгілі ардагер спортшылар, соның ішінде шахматтан сурдлимпиада және Еуропа чемпионы Дмитрий Мочальский де болған.