tengrinews.kz
- 05 нау. 2026 03:00
- 27
Шымкентте бір подъезде төрт адамның өлімі табылған соң қылмыстық іс қозғалды
Шымкенттегі студенттер қалашығындағы бір подъезде бір күнде төрт адамның қаза табуы жұртшылықты дүрліктірді. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл жағдай газбен уланудан болған.
Бұл туралы Infohub.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қайғылы оқиға студенттер қалашығындағы көпқабатты үйлердің бірінде болды. Көршілердің айтуынша, бірінші пәтерден 31 жастағы әйел мен 16 жастағы қыздың мәйіті табылған. Екінші қабаттағы пәтерде 23 жастағы жігіт көз жұмған. Ал үшінші қабаттағы жалдамалы пәтерде 20 жастағы студент қыз қайтыс болған. Оның мәйітін пәтер иесі ваннадан тапқан.
Газ иісі туралы шағымдар болған
Көршілер бұған дейін де газ иісі шығып тұрғаны туралы шағымданғандарын айтады. Алайда, әзірге газ мамандарынан ресми түсініктеме берілмеді. Полиция қызмет көрсетуден адам өліміне әкеп соқтыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
«Бірінші қызды тауып алды, шамамен түнгі сағат 12 шамасында. Пәтер иесі келгенде ванна есігінің іштен құлыптаулы екенін көріпті. Ашқан кезде, ішінде пәтерде тұратын қыз суға түсіп жатқан жерінде қайтыс болған. Содан кейін учаскелік полиция шақырылды. Барлық адамдарды көшеге шығара бастады. Құтқарушылар келген соң, басқа есіктерді ашып, тағы да мәйіттерді тапты», - деді куәгер Ислам Файзуллаев.