Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 2 күн бұрын)
Қорлыбай мен Ердес

Бапай деген кісі отыз бес жасында жаудан өледі. Ердес, Медет, Ақтен деген үш жас бала жетім қалады. Ердес он жеті жасында батыр болып жауға аттандаы. Бұл барғаны қазақ пен қалмақтың соғысы еді. Қалмақтар шеп құрып бекініп алып, бірнеше күн алғызбайды. Батырлар қамалға шауып андаздап тұрған жаудың арасына кіріп, ыдырайтпайынша алғызбайтын болған соң, Қорлыбай батыр қамалға шабуға оңтайланып, басқалар іркіліп қалып, шабамыз деп, іріктеліп шыққан адам сегіз адам екен. Қорлыбай: «Бұлар кім?» деп бөлініп шығып адамдарды тексерсе, біреуі өзі, алтауы өзінің жоғарыда айтылған тұқымдары, бір бала бөтен. Қорлыбай:

— Жаным, сен кімсің? — дегенде,

— Кім екенімді кейін жаудан сұрарсыз, — депті. Қорлыбай:

— Балам, көзің тым үлкен екен, көзі үлкен адам қорқақ болушы еді, қорыққандық сезілсе, жауда қалуға себеп болады, қайтсаң қайтеді, — дегенде, бала:

— Қорыққандықты қашқанда байқарсыз, — деп жауға жөнеп береді. Сол бетімен жауға қойып кетіп, жауды талқандап, қамалды бұзып, қашырады. Басқа топ қолда араласып қашқан жауды қуып кеткенде, бұлар іркіліп кейін қайтып сегізі бөлініп шыққанда, Қорлыбай:

— Балам, өмірде жауға шапқанда алдыма кісі түсіп көрген жоқ еді, сен алдыма үш рет түсіп кеткен екенсің, көзім қан толып жүріп турап тастай жаздадым, Құдай сақтады. Бұдан былай кездессең, алдыма түсе көрме, ерлік үлкендікке қарамайды, жаудың туы сенің қолыңнан жығылды, осы жолғы жүлде сенікі болды, абыройың құтты болсын! Қай елсің? Жөніңді айтшы, — дейді. Бала:

— Жөнім — арғын, оның ішінде қуандық. үлкен әкем Қаратоқтың кенжесі — Құлұмбет. Әкем аты — Бапай, жетім қалған үш бала едік, ең үлкені — мен, он жеті жасқа биыл шықтым. Ең алғашқы атқа мініп шыққаным да осы еді. Атым — Ердес. Туды қалай жығып, жауда қандай қайрат қылғанымды да өзім білгем жоқ, менің тілегім «жүлде баланікі» деп маған ұсына көрмеңіз, менің алған жүлдем тек сіздің батаңыз болсын, — дегенде, Қорлыбай отырып:

— Жүлде сенікі еді, олай болса, Мөрде кенже қарындасым бар еді, ешкімге бермей сақтап отыр едім, жау жүлдесі менікі болса, Мөрде сенікі болсын, сен де ешкімге айтпа, — депті.

Жаудан соң жұрт жөн-жөніне тарап кетеді. Келесі жылы қалмақтар жасанып, абайсыз жатқан кезде біздің арғынды келіп шабады. Жау келіп қалғанда, Ердес те атқа мініп жаумен соғысады. Үстінде сауыт жоқ жалаңаш, қолына түскен қару — өзі мерген екен, тек қана білтелі мылтық. Жаумен соғысып жүргенде Ердестің тобығын қылыш кесіп, тізесінен бөлек түсіреді. Содан кейін жақсылап ұрыса алмай, салбыраған аяғын қанжығамен жоғары көтеріп байлап алып, топтың ішінде тек ерқара болып жүреді. Қалмақтар жеңіп, көп адамды өлтіріп, жылқыны қуып алып, қалған қазақтарды қашырады. Қашқандардың ішінде аяғын қанжығаға асып алған Ердес те қашып келе жатады. Астындағы аты онша болдырмаған болады. Бір қара ала атқа мінген, үлкендігі үйелмендей бір қалмақ ақырғанда дауысы жер жарады. Алдындағы қашқан қазақтарды найзамен түйреп лақтырып, қырып келеді. Ердеспен бірге қашып келе жатқан бір қаракесек жігіт бар екен. Оның аты нашарлап келе жатса керек, Ердес қара ала атты қалмақтың қасындағы жігіттің соңына салып, аты тың, өзі онан арасын аша береді. Қалмақ тақалып келген кезде:

— Ердес-ау, есіңде, ішіңде бар ма? — депті. Ердес:

— Есімде бар-ау, әттең, ебі табылмай келеді, — депті.

Қалмақ жетіп жігітке найза салам деп қолтығын көтере бергенде, қатарында келе жатқан Ердестің қолындағы білтелі мылтық тарс ете түскенде қалмақ мұрыттай ұшады. Бұрын ақсауыт деген сауытты тоқығанда, тап өкпелігіне ажал оқтың орны деп бармақ басындай-ақ орын тастап кетеді екен. Ердес «Ебі табылмай келеді» дегенде сол жерін аңдып келеді екен.

Ердес қашқан жігітке: «Тоқта! Тоқтамасаң, ал енді өзіңді атам», — деп мылтығын кезегенде, жігіт қорқып тоқтай қалғанда, «ана қалмақтың атын мініп, найзасын алып, «Жау- қаштылап!» кейінгі қалмаққа ұмтыл, өзімде түсіп, қайта атқа мінуге әл жоқ. Оны істемесең, сені атып өлтіруден басқа жұмыс менің қолымнан келмейді», — дегенде, жігіт қара ала атқа мініп, найзаны алып «Жауқаштылап» қарсы ұмтылғанда, ұтып келе жатқан қалмақтар қайта қашады. Қара ала аттағы қалмақтардың бастығы да — ең мықты батыры да осы екен. Жылқының көбі қалмақта кетті, адамның көбі өлді, шабылған ел еңсесі түсіп, жүдеп қалады.

Ердес бір жылдай теңге түсіп жүріп аяғы жазылмай қала ма, жоқ, бүгілмей қала ма, әйтеуір балдақпен жүретін ақсақ болып жазылады. Ақсап жүріп киік, құлан атып үй-ішін асырайды. Жаугершілік басылып, ел Қызылжардан Ташкенге кіре салып кәсіп істейді. Ердес өзінде көлік жоқ, бар ағайындардан түйенің майын сұрап алып, кіші інісі Ақтенді кірекешке қосады. Тоқа деген елден жиналған кірекештер барлығы жиырма бес адам болады. Іштерінен керуенбасы сайлап, Қызылжардан Ташкенге жөнеледі. Кірекештер Арқаның Шу жақ бетінде бір құдықта жол үстінде түстеніп отырса, бір адам келіп бұларға:

— Мұнда тоқа деген елден кісі бар ма? — десе, керуенбасы:

— Бәріміз — бөтені жоқ, тоқамыз, — дейді. Керуенбасы сөй-легенде жөндеп сөйлей алмай қалтырап тұрады. Неге десең, келген кісінің түрі солай.

— Олай болса қолұмбеттен адам бар ма? — дегенде:

— Осында Ақтен деген бір бала бар, — дейді.

— Ендеше Ақтенді маған жіберіңдер, — деп өзі анадай жерге барып аттан түсіп отырады. Ақтен қайда деп керуенбасын іздесе, түйе қайыра кеткен екен. Жалма-жан тауып әкеп:

— Сені анау кісі шақырады, соған бар, — деп жібереді. Ақтен өмірінде көрмеген түсі суық бір бөтен адам сәлем берейін десе, иегі дір-дір етіп дауысы шықпай қалады. Басын, арқасын сипап бойын үйретіп, қорықпа деп жүрегін басып:

— Сен Ерденді білемісің? — депті. Ақтан:

— Жоқ, ондай кісіні білмеймін — депті. Қорлыбай:

— Өзің неше ағайындысың? — дегенде,

— Үш ағайынды едік. Қорлыбай:

— Кім-кімсіңдер? Аттарын аташы, — дегенде,

— Үлкеніміз — Ердес, онан кейін Медет, кішісі — мен, — дейді.

— Жаңа білмейім дегенің қайда? Мен сол өзіңнің ағаң Ердесті сұраймын, — дегенде, Ақтен:

— Ендеше білем, — депті.

— Білесең, тірі ме? — дейді. Ақтен:

— Иә, тірі. Қорлыбай:

— Алдыңғы жылы қалмақ өлтіріп кетті деп естіп едім, онан нағып қалды, — дейді. Ақтен:

— Онда бір тізесін қылыш кесіп кетті, тірі қалды. Балдақпен жүретін ақсақ болып жазылды. осы күнде үйренді. Қорлыбай:

— Сен елде Қорлыбай батыр бар деп еститін бе едің? Ақтен:

— Иә.

— Естісең, сол Қорлыбай — мен. Төрт ұлдың ішіндегі кенже қарындасым Мөр деген қыз бар, сол қыз сенің жеңгең. Мен соны ағаң Ердеске бермекпін. Бұл күнге дейін Ердес те сенің еліңнің басқа батырларындай жау қырып кетті деп естіп, ақыр анығын білуге өзім іздемекші болып жүр едім. Сен кез келдің, Ташкенге барғанда Мөрден артық олжа тауып ала алмайсың, сен Мөрді алып осы арадан қайтасың. Бірақ жолдастарыңмен ақылдасып, әруақ қонған шаңырақ еді, босағама екі түйе байлайсыңдар, салған жүгіңді кеуренбасыңа тапсырамын. Бүгін көшпейсіңдер, ертең қос басы бір-бір отағасыңды алып біздің ауылға келіп қонақ боласыңдар, «біз құдамыз» деген бір сөз біздің елдің адамдарына не өзіңнен, не жолдастарыңнан, бір адамның аузынан шықпаған болсын, ұқтың ба? — деп түрегеліп атына мініп, кеуренбасыға келіп:

— Мынау Ақтен біздің ауылда қалады, менен лұқсатсыз көшпейсіңдер, Ақтеннің көліктері Құдай қазасынан өлсе, амал жоқ, басқа қиянат қылып жүрмеңдер. Жүгі — сендерге аман тапсыруға аманат, түбінде мен іздеймін, көліктерін Ердестің қолына аман тапсырыңдар. Мен басқа айтатын сөзімді мына Ақтенге айттым, сонан естисіңдер! — деп жүріп кетеді. Кірекештер:

— Қарағым Ақтен-ау, мынауың кім? Не пәле, саған не деді? Тез айтсаңшы, — деп бәрі үрпиіп Ақтенді қамалады. Ақтен бастан-аяқ бәрін айтады. Сонан кейін кірекештер қуанып:

— Жарайды, қастық емес достық етейін жүр екен ғой, — деп, — көлігіміз бір-екі күн тыныққанда жақсы болар, — деседі.

Ертеңі бұлар жиырма бес адам ауылға келгенде, бұларға оңаша үй тігіп, қонағасыға тай сойып күтеді. «Бұлар кім?» деп ел сұрамайды. «Батырдың бір күтем дегені қонағы ғой» деп ойлайды да қояды. Қонақтар қостарына қайтарда жиырма бес ат, жиырма бес шапан беріп қайтарады. Бұлар қосқа келіп ақылдасып: «Қой, түйе дегенді қояйық, тоқа деген елдің әруағынан ұят қой», — деп жиырма бес үйден жиырма бес түйе шығарып, Ақтеннен айдатып жібереді. Түйелерді малға қосқызған соң батыр: «Бір жақсы үй көтеріңдер, қатындарды жина», — деп әйеліне айтады. Әйелі: «Батыр үй көтерсін ай- тады» дегенді естіген соң, бір ауылдан шаңырақ келеді, әр үйден кереге, бір-бір уық және әркімдер кесек кигізін әкеп тастайды. Батырдың үйінен шыққан суыртпақ та жоқ, Ақтенді «жолдастарыңа барып жүгіңді тапсырып, шығарып салып, амандасып қайт» деп қоя береді.

Ақтен қосқа келсе, жолдастары жиырма бес атты жиырма бес түйеге айырбастап алыпты. Ертең керуенді көшіріп біраз жер жол бойына шығарып салып қоштасып, Қорлыбайдың ауылына қайтып келе жатса, айдалада алдында бір нәрсе жатыр. Келіп көрсе, аузын күмістеген бір нардың мойнағы, ішін ашып көрсе, ылғи алтын мен күміс жамбы, атқа өңгеріп алайын десе, көтере алмайды. Сонан соң ортасынан шылбырға тұзақтап салып, шылбырдың артығын аттың құйрығына байлап, қостың орнына сүйреп әкеп көміп кетеді. Ауылға келсе, аппақ үй көтеріп қойыпты. Ішіне жасау жинап та қойыпты, ыдыс-аяқ, керек сайманның бәрі түгел. Батыр сол отауда жалғыз отыр. Ақтенді қасына шақырып алып қымыз беріп:

— Үйлерің құтты болсын! Жақсы болған екен, — дейді. — Жолдастарың көшті ме? — деп сұрайды. Ақтен:

— Көшті, шығарып салып, амандасып қайттым. Келе жатып бір мойнақ тауып алдым, іші толған алтын-күміс екен, — дегенде, батыр:

— Оның қайда? — дейді. Ақтен:

— Алып жүре алмаған соң қостың орнына апарып көміп кеттім, — дейді. Батыр айқайлап далада жүргендерді шақырып алып, төрт жігітті Ақтенге қосып беріп: «Аузын ашпай алып келіңдер» деп жұмсайды. Ақтенге: «Ішінде не барын мыналарға айтпа», — дейді. Бұлар барып мойнақты алып келсе, елдің алды жатыпты. Батыр бір қойды сойғызып, отауға етін пісіртіп, өзі ет пісірген бір жігіт пен екеуі ғана отыр екен. Крауаттың бас-аяғына тағы бір әбдіре кіргізіп қойыпты. Мойнақты алдына алып аузын ашып көреді де, әбдірені ашып мойнақты өзі апарып салып, кілтін қалтасына салып алады. Етті түсіртіп, бәрі жеп болған соң жігіттер тарап кетеді. Тек Ақтен мен батыр екеуі отауда жатып ұйықтап қалады. Ертең тұрып тамақтарын ішіп болған соң, отауда отырып «Мөр, Мөр» деп дауыстапты. Қатар тіккен отаудан шақырған дауыс өз үйіне естіліп тұрады.

— Немене ағатай? — деп, шақырған соң қыз ойында дәнеме жоқ жетіп келеді. Батыр қарындасына қарап:

— Мөр, сенің менімен туысқаның рас па? — депті. Қыз:

— Ағатай, не себепті айтасыз, әлде мен сізді өкпелеткен жерім бар ма? — депті.

— Жоқ, өкпені артынан айтамыз, туыссың ба, жоқ па? Менің тілімді аласың ба, жоқ па? Өз аузыңнан естиін деп едім, бұдан бұрын сенен туысқандық жайында сөйлесіп көргем жоқ, бүгін білгім келеді. Айтшы қане, құлағымнан естиін, — дегенде, Мөр көзінің жасын төгіп жіберіп:

— Сіздің тіліңізді алмағанда, енді кімнің тілін алады деп білесіз? — деді. Батыр:

— Олай болса, алдымыздағы дүйсенбіге дейін мал-жанның билігі сенде, тай соятын құрбың келсе, қой сойып бер, сені елеген құрбыларың үйден келіп амандассын, басқа қыздар құсап аузыңды ашып ауыл қыдырып айғайлап жүрме, мына үйді саған арнап көтерткем, осы — сенікі. Менің үйіме мен өлгенде бата оқып келерсің, ажалым кейін болса, төркіндеп келгенде кірерсің, одан беріде кірме! Мынау бала сенің кенже қайның, мына кілтті қолыңа ал, анау әбдіренің аузын Ердестен басқа адам ашушы болмасын, Ердес деген — сенің күйуің. Өзінің бірақ бір аяғы жоқ  ақсақ, соған сен таяқ боласың, — дегенде қыз сылқ етіп крауатқа талып түседі. Әйелдер шулап жылап, бетіне су бүркіп, қыздың есін жиғызып, басын көтертеді.

Мөр басын көтерген соң дауысын шығарып жылай бастайды. Қорлыбай:

— Мен өлгенде жоқтап жыларсың, мен тіріде неге жылайсың? Менімен туысқаның рас болса, көзіңнен жас шықпасын! — деп ақырып қалғанда,

— Ағатай, жыламайын, жыламайын, — деп көзінің жасын сүртіп-сүртіп алып, белін белбеумен тартып байлап қалғанда, белбеу етін бунап кетеді. Қорлыбай:

— Қош, қадірлі туысым, жақсылықпен көрісейік! — деп есіктен шығып кетеді. Әйелдер:

— Беліңді қиып кетті ғой, босатайық, — деп белбеуін шешеміз дегенде, бір тартып байлаған белбеуге қолы батпай, сүт пісірімде зорға босатқан екен.

Қорлыбай сол елдегі таңдаулы сегіз батырды шақырып алып:

— Жау жарақтарың мен арнаулы аттарыңа мініп, жолда жауға алғызбай Мөрді апарып салыңдар, апарғанда Нұраның ығындағы құмды аттарыңның тұяғына басқызбауға серт етіңдер, оған серт бере алмасаңдар, өзім апарып саламын, маған ешбір жолдастың керегі жоқ, — дейді. Батырлар:

— Батыр-ау, егер Нұраның ығына өтсек, әйел боп басымызға жаулық салынайық, — дейді.

Батырлар ертіп келіп, Нұраның сыртына қонып, ертең жүктерін артып беріп, Қарауылтөбе деген жердегі Нұраның өткелінде судың ортасында тұрып:

— Мөр қарағым, қош айтысайық, қол әкел, — дейді. Ақтен:

— Ағатайлар-ау, мына қырдың аржағында ауыл бар, тым болмаса бүгін болып қайтыңыздар, — деп жалынады. Мөр де қолқа қылады.

Батырлар:

— Жоқ, біз батырды алдап серт бермеген болатынбыз, — деп қош айтысып судан қайта шығады да, аржақта бұлар қыр асқанша қарап тұрып, қыр асқан соң қайтып кетеді. Мұның себебі — келген батырлар Ердестің жыртық үйі мен жайсыз күйін көрмесін деп ойлағаны екен.
Ақтен көштен озып келіп ауылға айтып, көштің алдынан әйел- дер шығып кеткенде, ауылдың адамдары жиналып Ердеске:

— Бұрын неге айтпадың? өзіңді күйеу салтымен ертіп барып неге ұзатып әкелмедік? — дегенде, Ердес:

— Қорлыбай айтқан сөзін өзі ескермесе, алшынға барып аяғымның ақсағына байғазы сұраймын ба? — деп айтқан жоқ едім, — депті. Сол Мөрден бір қыз, төрт ұл туады. ұлдың аттары: Едіге, Ескене, Тойшақ, Құлыншақ.

Оқуға кеңес береміз:

Жалаңтөс батыр

Елшібек батыр туралы

Ер Жауғаш


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама