Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Қошқарұлы Жәнібек

Қазақта атақты Жәнібек үшеу: ноғайлы жұртының ханы — әз-Жәнібек, Абылайдың қолбасшыларының біреуі — Шақшақ Жәнібек және Ер Жәнібек. Кейінгі Жәнібектің руы — керей. Әкесі Қошқар деген кісі үйіне Шақшақ Жәнібек келіп қонған түні әйелі босанып ұл тапқан соң баланың атын ырымдап Жәнібек қойған.

Осы Жәнібектің бастауымен Керейдің абақ руы ...Зайсан бекінісінің солдаттарымен атысып, Моңғолия жеріне өтіп кеткен. Сондықтан оларды «Бодамсыз Керей» деп атайды. Қазір олардың ұрпағы Моңғолияның үш аймағын алып жатыр.

Жәнібек Абақ руын Моңғолияға апарып қоныстандырған соң, енді қазіргі Семей облысының Шұбартау ауданын мекендейтін Жобалай керейлерін көшіріп әкетпек болып келе жатқанда, жолда ауырып қайтыс болыпты. Зираты Семей облысының Жарма ауданындағы Шар өзені бойында, «орта бұлақ» деген жерде.

Менің айтпағым — осы Жәнібек бастаған керейлердің Моңғолияға шеру тартуына байланысты туған «Ердің құны бір атым насыбай» деген мәтел туралы.

Керейлер Зайсанға бара жатқан жолда Қалба тауына бір жұмадай аялдайды. Шыңғыс тауынан тобықты руы ығыстырып шығарған матай руының да Қалбаға жаңа қоныстанған кезі екен. Матайлар керейлерді «Қалбаға мүлде қоныстанып қалады» деп есептесе керек, үркіту мақсатымен Керейдің бір ауылына соқтығады. Ұрыс кезінде Керей жақтан бір адам өледі. Мұны естіген Жәнібек барлық ауылдарды бір жерге шоқтай иіріп, қарулы қолмен Матай елін шабуға дайындалады. Соқтығуын соқтыққанмен, Матайлар қатты сасады. Керей ауылдарына астыртын жансыз жіберіп, Жәнібек батырдың мінез-құлқы туралы мәлімет жинайды. Жансыздардың әкелген мәліметіне қарағанда, Жәнібек — құралайды көзге ататын мерген адамды ұртынан түйреп түсіретін найзакер. Жалғыз-ақ осалдығы бар. ол — насыбайға аса құмарлығы.

Мұны білген матайлар әдіс қолданады. Бір шеберге күміспен шытырлатып, құны бір бестілік мүйіз шақша жасатады. Ішіне жалбыздың суы себілген қоңыр бұйра насыбай толтырады. Сөйтеді де, Матай ішіндегі Жәнібек есімді жас шешен жігітті батыр Жәнібекке елшілікке жөнелтеді.

Елші жігіт Жәнібекке келіп, Матайлардың ұйғарымын естіртеді. Матайлар: «Кісі құны жүз жылқыны алып тоқтасын», — деген екен. Батыр бұл ұсынысқа міз бақпайды. Сазарып отырып қалады. Сол сәтте елші жігіт қойнынан күміс шақшаны суырып алып батырдың алдына  тастайды. Батыр қызығып кетіп шақшаны алып көреді де, насыбайдан ұртына тастап жібереді. Сәлден соң қабағы ашыла бастайды.

Ақырында:

— Болмас, болмас, еркек тоқты құрбандық. «Судың түбін шым айырар, даудың түбін қыз айырар». Жығынды ауыл құдаласып, қыз беріссін! — дейді. Ал ұрыста өлген жігіттің құнын біржола салауат етіп, кешіріпті.

Оқуға кеңес береміз:

Абылай ханның Жәнібекті сынауы

Жәнібектің қартайған кезінде кешірмелерін еске алуы

Жәнібек батырдың Абылайдың оң тізесінен орын алуы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама