Соңғы жаңарту

(Өзгертілген уақыты 1 ай бұрын)
Жәнібек батыр туралы аңыз

Күндердің бірінде Әкесі Бердаулет ел аралап жолаушылай кеткен бір орайда Жәнібек түйе жаймауға белін бекем байлап, он сегіз атанды шөгеріп, қылтасын қиып тастап үйіне келіпті. Ана баланың сырына қашанда қанық емес пе? Уақытсыз уақта көзі қанталап, өңі қашып, сұрланып келген ожар ұлы туралы кәдік ойлай қалған шешесі:

— Қалқам, бүгін неге ерте келдің, өңің бір түрлі, түйеңнен айрылып қалдың ба, сығыр? — депті. Сонда Жәнібек:

— Жоқ, түйенің барлығын кетпестей етіп тастадым, күнде-күнде шелектердің соңынан ергенше, нағашыларымды іздеп кетемін, — депті.

Сұңғыла, ақылды ана мән-жайын ашалап сұраса, түйелердің қылта тарамысын қиып, тұрмастай етіп тастағандығы аян болыпты.

— Қарағым балам-ай! — деп кейістік білдірген шешесі ойлана келіп:

— Әкеңнің мінезі жаман, келгенде үлкен ойран басталып, бітпес кесел шығады. Мал күйігі жан ашуын қозғап, қатал мінезі ұстап сабайтын болса, бата тимей, қата тиіп, жазым болып қалуың ықтимал. Нағашыларыма кетем десең, кетіп қал, — деп рұқсатын беріп, нағашысына баратын жол-жөнін ұқтырыпты да, жолға шығарында мынадай кеңес айтыпты:

— Балам, нағашы атаңның үйіне барғанда сәлем беріп амандасқаннан кейін, абайласаң, үйдің оң жағында ақ тұқым жатады, тұқымнан әсте төмен отырушы болма, тұқымнан төмен отырып қалсаң, «мынау дүние босағадан бой озбайтын, аттап басып алдыға шыға алмайтын жасық, жаман болады-ау!» деген нағашы атаңның тұжырымы болар. онда өлез болып қаларсың. Ал ақ тұқымнан жоғары шығып кетсең, нағашы атаңның көзі ерекше түсіп, таңданып кетер. Асыра таңданып кетсе, өліп қалуың да мүмкін. Сондықтан нағашы атаңның үйіне барғанда, отыратын да, жататын да орның сол тұқымның үсті болсын! Мұны ұмытпай есіңе сақта! — деп ақыл көрсетіпті.

Жәнібек шешесінің кеңесін ықылас қойып тыңдап, ұғып алыпты да, аялдамастан нағашысын іздеп жолға шығыпты:

«Өжет өскен жас бала,
Он екі жасқа жетеді.
Нағашыма барам деп,
Жәнібек қашып кетеді.
Сырылмалы кепештен,
Бір тұтам түк өтеді,
Ай сегіз күн жол жүріп,
Сары үйсінге жетеді».

Ай сегіз күнді суыт жүріп, ел аралап, жер көріп, нұрлы жүзі күнге тұтығып, аңызғаққа ерні жарылған Жәнібек нағашысын іздеп тауып, сәлем беріп, амандық айтысты.

Шешесінің айтуы бойынша, ақ тұқымның үстін алғашқы таныстықта отырып жатқанда, сонда жатып нағашы атасына жағыпты.

«Нағашы тегін сұрасаң,
Досынбек пен Өмір-ді.
Жау дегенде кигені,
Көкпеңбек ылғи темір-ді.
Жиенім менің келді деп,
Көңілі тасып семірді.
Жиенді көріп сынады,
Жиенге көңілі толады.
«Бір ай жатып, қайтам» деп,
Алыстан келген жиені,
Көк дөненді сұрады.
Нағашы атасы берсе де,
Балалары бермеді.
Әкенің тілін алмады,
Жиенді қабыл көрмеді,
Жәнекең көк дөненді,
«Сірә, алмай кетпен» деп,
Онан ары өрледі».

Бір күні көк дөненді бермедің деп нағашы ағаларына ренжіген Жәнібек, нағашы атасы үйде жоқта аттанып кетіпті. Айшылық жолдан арып-шаршап іздеп келгенде, сырты түк, іші боқ бір шолағын қимады деп ызаланған Жәнекең маңдайын сүйген күн нұрының маужыратуында атын отқа қойып, жол шетінде иін тірескенді жастанып жатып ұйықтап қалыпты. Қанаттас ауылдарда аз аялдап, бұйымтайын бітірген Жәнібектің нағашы атасы үйіне келгенде, бәйбішесі:

— Жиенің көк дөненді бермедіңдер деп ренжіп, нағашы атаң келсін дегеніме қарамай, аттанып кетті, — деген соң, ақсақал балаларына:

— Әй, ақымақтар-ай! — деп кейіп, — жиеннің назары қатты болушы еді, — деп атқа мініп, Жәнібекті артынан қуыпты.

Үлкен бесін ауғанда қалың теріскенді бұйратта, жол шетінде ұйықтап жатқан Жәнібекті анадайдан көзі шалыпты. Екі иығына екі қасқырдың көзі от боп жанып Жәнібекке төніп тұрғанын көріп, нағашы атасы қапелімде сасқалақтап, атын борбайға салып жіберіп ұмтылыпты. Жәнібектің қасына келсе қасқыр жоқ, Жәнібек қаперсіз ұйықтап жатыпты. Қуа келген нағашы атасы Жәнібекті оятып, балалардың ақымақтығына ыза болып:

— Сен де ақымақ болушы ма едің, жүр үйге! — дегенде, Жәнібек:

— Айлық жолдан мені ешкім шақырмады,
Нағашымда қырық серкеш хақым қалды.
Көк дөненді бермесең, асыңа сой,
Не қылсам да әкетем деп жатып алды, —

дейді. Көпті көрген айлалы ақсақал жиенін ақыры ақылына көндіріп, үйіне алып кетіпті. Кетіп қалған Жәнібекті қайта алып келгенін жаратпаған балалары:

— Жарықтық алжыған ба? «Жиен ел болмайды, желке ас болмайды» деген, керейден қаңғып келген балаға жалбарынып, оны несіне қайтадан әкеліп жүр, — деп жаратпапты. Сонда әкесі балаларына:

— Ой, шырағым, балалар,
Жиенді қабыл көріңдер.
Көк дөненді беріңдер,
Аш арыстан тек қайтпас,
Еліңді шауып кетеді,
Тақ түбіңе жетеді.
Он екі жасар жас бала,
Сөйлесе сөзге дап-дана.
Көк дөненді бермесең,
Елді бір қылар масқара.
Біреу болса өзі екен,
Көк шолақтың көзі екен.
Өне бойын  кептеген,
Қызыл желді сөз екен.
Иығында шам-шырақ,
Заулап жанып тұр екен,
Көк бөрі дарып жүр екен, —

деген екен. Көк дөненді беруге көндіре алмаған нағашы атасы Жәнібекке:

— Көк дөненнің інісі көк құнан бар,
Ренжіме, қарағым, сен соны ал.
Келер жылы Абылай хан жауға аттанар,
Тілімді алсаң ер дағы сен соған бар, — депті.

Оқуға кеңес береміз:

Абылай ханның Жәнібекті сынауы

Жәнібектің қартайған кезінде кешірмелерін еске алуы

Жәнібек батырдың Абылайдың оң тізесінен орын алуы


You Might Also Like

Жаңалықтар

Жарнама