Жәнібек батырдың Абылайдың оң тізесінен орын алуы
Жоңғар шапқыншыларының қазақ даласын жаулауға мол дайындықпен, басым күшпен келген қолына қарсы аттанған Абылай бастаған қазақ қолы да қатты шайқасады. Сан шегініп, сан жеңіп, ілгерілеудің бірінде қазақ қолы тағы да шайлағып, қаша соғысады.
Өкшелей қуған жауды тосқауылдап, төтеп беріп келе жатқан қолдың ішінде Абылай да бар еді. Алды жөңкіле қашқан сарбаздың артын соғысқа бастап кіру қиынға соғады, оның үстіне неше күндік шабыстан қаржалған тұлпарының да аяқ алысы шабандай түседі. Осыны байқаған Жәнібек бір бүйірден ұшыртып келіп, Абылайдың алдын кес-кестеп тұра қалады да:
— Алдияр тақсыр! Атыңыз қаржалған екен. Менің атыма мініп сарбаздардың алдын тоқтатыңыз. Өйтпегенде қуған дұшпан құтқармайды. Жалғыз соғысып жау алған кісіні атам қазақтан көрген емеспін, — дейді.
Бала жігіттің сөзін лайықты көргенімен, ат ауыстыруды намыс санаған Абылай:
— Атың шалымды көрінеді менің атымнан, сен барып тоқтат, — дейді.
— Тақсыр-ай, — дейді оның қатарына келген бала жігіт, — мен сен бола алмаймын. Ақыратын айбатым, көпке жүретін салауатым жоқ, жаудың алдын бөгеп, соғысуға қайратым ғана бар!
Қарулы қолды, жалынды сөзді жас жігітке жалт бұрылған Абылай оның сөзіне иланса да, намысын жібермей жаумен жалғыз алысуға тағы да дайындалып:
— Жас екенсің шырағым, жау басым, жазым боларсың, — дей бергенде ашуына мінген Жәнібек қылышын суырып алып:
— Басыңды жауға кестіртіп қанжығасына байлатқанша, өзім кесіп әкетейін, — деп тап береді. Көзінен от ұшқындап, сөзінен ерліктің ұшқыны атып тұрған жас жігіттен жасқанғанын, әлде жау-жаламда жанжалды жәйсіз көргенін, немесе қашқан қолды тоқтат деген кеңесін орынды санағанын кім білсін, әйтеуір Абылай тұлпарын Жәнібекке беріп, бала жігіттің көк дөненін мініп, шегінген қолдың алдын тосуға бет дүзейді.
Абылай кетісімен тосқауылдап соғысқан сарбаздардың бәрі де ат басын бұрады. Тек Жәнібек ғана бірер жолдасымен кежігулеп, қаша соғысып жаудың қара үзіп шыққан екі батырымен алма-кезек жекпе-жекке шығады, екеуінің басын кесіп қанжығасына байлағанда, қуған жау қолының беті де қайтады. Жеңіс тапқан Жәнібек жолдастарын ертіп қалың қолдың соңынан келсе, арт жағынан хабар тапқан ел абылайшаларын тігісіп, жатып қалған екен. Жәнібек Абылайдың қасқа тұлпарын хан шатырының маңына байлап, өз қосын іздеп табады да, дем алады.
Ерте оянған Абылайға тұтқауыл-тосқауылдары қанжығасында айдарынан айқастырып матаған екі батырдың басы бар қасқа тұлпардың байлаулы тұрғанын айтады. Арғымақты алдына әкелдірген Абылай:
— Жарайды, жарайды! Бекер адамның басы емес! Жаудың да тауы құлап, еңсесі түсіп тоқтаған екен ғой! Мына көк дөненнің иесін тауып келіңдер, — деп бұйырады. Абылайдың тұтқауылдары ат иесін іздеп жүріп абақ керейдің қосынан тапқанымен, керейдің қос басылары:
— Ханға сәлем айт, батыр ұйықтап жатыр, әлі оянған жоқ, — деп жауап беріп қайтарады.
Екіншірет Жәнібекті шақыра барған тұтқауылдар Абылайға: «Батырдың үш түрлі тілегі бар екен, соны орындаса барады» деген қос басыларының жауабын апарады. Мұны естіген Абылай:
— Бәсе, солай болар, жау жағадан алған күн, ерлерден ұйқы қалған күн емес пе! — деп, қасындағы ақылшы санаттары мен бас батырларына «Сендер не дейсіңдер?» дегендей сұрау сала қарайды. Жаңа уақиғаға құлақ түріп, жүрген жұрты ерлікті аңыз етісіп, жас батырды көргісі келген топ: «Жарлық сізден тақсыр, бірлікті қорғап, батырды қолдаймыз! — деседі. Камшат бөркін алшита киген Абылай:
— Келсін мұнда, айтсын тілегін, — дейді.
Тұтқауылдардан бұл сөзді естіген Жәнібек керейдің қос басыларын ертіп Абылайдың алдына келіп:
— Алдияр тақсыр! — деп тағызым етеді.
Санаты мен сардарларын қасына алып, алтын тонын желбе- гей жамылған Абылай:
— Жаужаламда ер қанаты атыңды көлденең тартып ең, мен жасақтың алдына кеткенде жауды тосатыныңды қабағыңдағы қара бұлттай ашудан танып ем. Жауымның сағын сындырып, сол ойымнан шықтың. «Хан алдының әділдігі — ұйытқысы» деуші еді бұрынғылар. Арман-тілегіңді айт, айтсаң, арылтып айт! — дейді.
Абылай Жәнібектің жанкешті ерлігіне ерекше сүйсінеді. Екінің бірінде бола бермейтін бұндай ерлікті көргенде тамам қолды жинап, топ алдында жар салып, батырды мадақтау хандардың ежелгі салты ғой. Әрі ержүрек қолбасы, әрі өз заманының зерделі саясатшысы Абылайдың батырларды жұрт алдында дәріптеуі тікелей өз жан дүниесінің сүйініші болса, тағы бір жақтан тұрақты жасағы жоқ көшпенді елдің хандары қажетті жасақты әр рудан жинатып алып, жәйшылықта таратып жіберіп отыратын. Бұл жұмысты Қабанбай, Бөгенбай, Малайсары, Өтеген секілді батырларға сүйеніп істейтін. Саны аз, салауаты үлкен осы азаматтар әр рудың алтын діңгегі ғана емес, ел билеген Абылай хан ордасының да алтын діңгегі еді.
Бұланай мен Балқанның арасында кіндік кесіп, кір жуып, қай жерінің жазы шықса, сол жерді мекендеп келе жатқан халықты біріктіріп отыру тарихтың сабағы, жаугершілік заманның қысымы еді. Халықтың ішкі ала ауыздығы мен даушары да осы адамдардың кеңесімен бітетін. Сондықтан Абылай хан өз хандығын бекемдеу үшін Жәнібек секілді адамдарды іздеп тауып, қолға ұстайтын. Олардың ерлігін асырып, төрт құбылаға шашатын. Мынау ретте де бар санаты мен қолбасы сардарының алдында жас батыр Жәнібектің аз ісін көптей көріп, мадақтап шығады.
Жас жігіттің ерлігі, Абылайдың оған көрсеткен сый-құрметі ертең-ақ жалпақ қазақ елінің түкпір-түкпіріне тарайды, мынау ерлік талай жастың ой-қиялын жебеп, жігерін ұштайды. Абылай хан сол үшін де азаматтың майдандағы абыройын асырып, барлық қолдың алдында жариялап, оның ата-мекенін қорғап көрсеткен ерлігін дәріптейді.
— Батырым, — дейді Абылай Жәнібектің аты-жөнін сұрап болғаннан кейін арқасына қағып, — үш тілегім бар дейсің, енді сол тілегіңді айт!
— Тақсыр, — дейді Жәнібек, — біз абақ керей деген ел едік, Ер Қосайдың елінде, Сарыарқаның белінде, өр Алтайдың төрінде, қазаққа қорған боламын деп хан Шыңғыстың жолын кескен, сауытын жыртқан ел едік. Аман-айласы асқан Шыңғыс қапияда ханымызды қырып, иесіз қалған елімізді торғайдай тоздырып, шаңырағымызды шағып, ошағымызды сындырып, күл төккен топырағымыздан қуған. Сол тозғаннан қазірге дейін еңсе көтере алмай келеміз. Енді Сіздің заманыңызда ел қатарына кеп, оң тізеңізден орын алсақ дейміз.
Сонда зерделі жігітті байымдаған Абылай хан:
— Сендей ер туған елге оң тізесінен орын бермеген ханда әділдік бола ма? Тағы бір тілегінді айт! — дейді.
— Абақ деген елім деп оң тізеңізден орын бергеніңіз рас болса, сарбазымызды жиып, сардарымызды сайласам деймін. Найзамды өткір қайрап, жау алдында ойнатсам деймін.
Абылай Жәнібекті арқаға қағып, ел бастайтын ер азаматтың сөзіне сүйініш білдіріп:
— Тілегің Алла алдында қабыл болсын! үшінші тілегіңді айт! — дейді.
— Еліміз абақ ежелден желбіретіп ту сайлап, желіктіріп қол сайлаған қордалы ел едік. Енді өз құзырыңызда сардар сайлап, жасақ жабдағанда түсер төбемізге, шығар тауымызға қадайтын туымды белгілеп беріңіз, — дейді Жәнібек. Қалың қолдың алдында Абылай үш құлаш қаратамақ найзаға сапталған ені төс жара, қызыл сары жібек шашақты қытайы ақ торғыннан жасалған үлкен туды ұсынады.
Ақ боз атқа мініп, сауытының сыртынан ақ жамылып тұрған Жәнібек туды қолына алады. Абақ керей: «Тар жол, тайғақ кешуде жанымызды құрбандыққа берсек те Жәнібектің алды- нан кесе өтпейміз!» — деп ант береді.
Оқуға кеңес береміз: